16.11.2016, 20:22
Қараулар: 73
Ұлттық валюта ұлықталды

Ұлттық валюта ұлықталды

photo_31516


Елдің экономикалық тәуелсіздігін көрсететін басты белгілердің бірі – төл валютасы. Бұл бұлжымайтын қағида деуге болады. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойының қарсаңында елордада төл теңгеміз айналымға енгізілген күннің мән-мағынасын ашып, ұлттық валютамызды ұлықтаған алқалы жиын өтті.


«Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» деген тақырыппен өткен конференцияға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Парламент депутаттары, теңгенің дүниеге келуіне атсалысқан белгілі экономист ғалымдар, қаржыгерлер қатысты. Жиын басында сөз алған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова теңгенің ел тағдырында алатын маңызды орны туралы баяндады.

– Мемлекеттік туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамызбен қатар, Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің бірі – мемлекеттің төл валютасының болуы. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның өз валютасы – теңге айналымға енгізіліп, үлкен тарихи қадам жасалды. Ол экономика тоқырап, өндірістер жабылған, тіпті қарапайым адамдардың жалақысына дейін сыртқы факторларға тәуелді болған аса күрделі кезең еді.

Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз уақыт сынынан сүрінбей өтті. Ал төл теңгеміз тәуелсіздіктің айшықты символдарының біріне айналды. Халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Әлемдік дағдарысқа лайықты төтеп беріп, мызғымас қуатын дәлелдеді,– деді Мемлекеттік хатшы.

era_1028-1Гүлшара Әбдіқалықова «Елбасы Н.Назарбаевтың жалпыұлттық бірлік пен келісім үлгісі Қазақстанның жарқын жетістіктерінің шешуші факторы екенін, сондай-ақ, оған Қазақстан халқы Ассамблеясы да ықпал еткенін жеткізді. Мемлекеттік хатшы атап өткендей, бүгінде теңге экономикамыздың тірегіне, берекелі де мерекелі тіршілігіміздің күретамырына айналған. Ол алдағы уақытта да Қазақстанның жарқын жеңістері мен толағай табыстарының тұғыры бола беретініне сенім зор.

Осы конференцияда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық кәдесыйлық банкнотты және монетаны жұрт назарына ұсынды.

– Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясының мызғымас негіздерінің бірі – ұлттық бірлік, бейбітшілік және келісім. Баршамыздың Отанымыз бір, тағдырымыз бір. Бүгін сіздердің назарларыңызға ұсынатын естелік монетаға осы идея негіз болды. Тәуелсіздік тарихы – Мемлекет басшысының тарихымен тығыз байланысты. Сол себепті, Ұлттық банк Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған, еліміздің дамуына Президенттің қосқан үлесін бейнелейтін мерейтойлық банкнотты назарларыңызға ұсынады,– деді Данияр Ақышев.

Банкнотты таныстыру салтанатында айтылғандай, он мыңдық купюрада сақтар дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тарих жинақталған. Қазақстанның картасы ел халқының ортақ үйі ретінде көрсетілген. Қазақ елі монументіндегі Самұрық құс өткен күн мен бүгіннің сабақтастығын бейнелейді. Мерейтойлық купюра Президентіміздің ел дамуына сіңірген ерен еңбегінің көрінісін бейнелеуге бағытталған.

5 мың номиналдағы монетаға тоқталар болсақ, ол 925 сынамалы күмістен жасалыпты. Беткі жағында Қазақ елі монументі, ұлттық киімдегі әр түрлі ұлт өкілдері бейнеленген. Күн шапақтарының көрінісімен көмкерілген монетаның салмағы 777,5 грамға тең.

Данияр Ақышев айтқандай, Ұлттық банк кәдесыйлық банкнот пен монетаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – 1 желтоқсанда жарыққа шығарады. Осылайша, Тәуелсіздік тойының қарсаңында халқымыз үшін үлкен сый жасалмақ.

4ac61fd92373ba79453972bf4a176e15Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Мағжан Әуезовтің пікірінше, жаңа банкнот пен монета халық үшін айрықша бағалы зат болады.

– Ұлттық валютамыздың айналымға енуі – Қазақстанның тарихындағы айрықша оқиғалардың бірі. 1993 жылдың қараша айында Қазақстан Президентінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық валю-тасын енгізу туралы» Жарлығы шыққан болатын. Содан бергі аралықта мемлекетіміздің экономикалық құрылымы қалыптасты. Ал Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Ұлттық банктің Мемлекет басшысы бейнеленген купюра мен монетаны таныстырғаны өте орынды қадам деп ойлаймын. Купюраға Елба-сының суреті бейнеленуі Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуындағы Президенттің айрықша рөлін білдіреді. Бұл купюра үлкен құндылыққа айналады, оны адамдар бағалы дүние ретінде сақтайды деп сенемін, – деді Мағжан Әуезов.

Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім Ұлттық банк таныстырған жаңа банкнотты сонау 1993 жылы шыққан алғашқы 1 теңгелікпен салыстырды. Ғалымның пайымына салсақ, теңгеде әл-Фарабиден бастап, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі аралықтағы еліміздің тарихы көрініс тауып отыр.

– Бір теңгелік банкнотқа әл-Фараби бейнеленген еді. Міне, сол оқиғаға да 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгін Данияр Ақышев мырза 10 мың теңгелікте Елбасы бейнеленгенін айтты. Демек, теңге арқылы әл-Фарабиден бастап, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі тарих көрініс тауып отыр. Төл теңгеміздің төрге озған күні құтты болсын! Теңгеміз теңселе бермей, тұғырлы болсын! – деді Ғ.Есім.

Осы жиында айтылғандай, теңгені жасау, айналымға енгізу өте күрделі жағдайда жүргізілген. Ол кезеңде мамандардың тәжірибесі аз, ресурс жеткіліксіз, біліктілік төмен еді, ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық қатынастар күйреген уақыт болатын. Теңгені дүниеге әкелу жұмыстарын Қазақстан Республикасының Президенті тікелей қадағалап, атсалысты.

Конференцияда есімі елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, экономист ғалымдар сөз сөйлеп, төл валютамыз еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы екенін айрықша атап өтті. Олар өзінің ұлттық ақшасы бар ел ғана дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, нарықтық экономиканың құрылымын қалыптастыра алатынын тілге тиек етті.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

No220, 16 қараша, 2016 жыл

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар