«Көгеріс» ауылдың көсегесін көгертпек

Күні , 90 рет оқылды

img-20161108-wa0028


Елбасы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы жиі айтып, кәсіпкерлерді қарапайым халыққа қарай бет бұруға шақырып келеді. Осы бағытта Сырым ауданындағы «Көгеріс» ауылдық тұтыну кооперативі өзгелерге үлгі боларлықтай істерді қолға алды.


Аталмыш кооператив Бұлдырты ауылдық округіндегі Көгеріс елді мекенінде құрылды. Бұлдыртыдан 22 шақырым қашықтықта орналасқан бұл ауылда 300-ден аса тұрғын бар. Кеңес заманында салынған мұндағы клуб ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары өртеніп кетіпті. Содан бері бұл ауылдағы түрлі шара атаулысы мектепте өтіп жүр. Ал білім ұясының шағын ғимараты мектепішілік шараларды өз деңгейінде өткізуге қолбайлау туғызып жатқанда, өзге іс-шаралар туралы не айтасыз?! Ауылға мәдениет үйін салу туралы мәселенің күн тәртібіне қойылғанына біраз болды. Оның жуық арада шешілетініне көпшілік сенімсіздік танытқаны рас. Сөйтіп жүргенде көгерістіктердің аспаннан іздегені жерден табылды. Былтыр құрылған ауылдық тұтыну кооперативі биыл осы істі қолға алды.

– Ауылымыздан біраз өнер адамдары шықты. Олардың ішінде Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің директоры, «Мәдениет саласының үздігі» Нұрғиса Дәуешев, елімізге танымал журналист Құбаш Меңдіғалиев бар. Қазіргі жастарымыз да өнерден құралақан емес. Мәселен, ауылымыздан көңілді тапқыштар клубы құрылып, олар аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, жақсы өнер көрсетіп жүр. Бірақ олардың дайындалуына сахна жоқ. Сол себепті КТК-ның жастары да мектепті жағалайды. Міне, осының бәрін бұрыннан білеміз ғой. Алайда ол кездері көмектесуге мүмкіндігіміз болмады. Үкіметтің ауылдық тұтыну кооперативтерін құру туралы жақсы бастаманы қолға алғанына ризамыз. Соның нәтижесінде тұрғындардың ауызбірлігі нығайып, мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржыға және өзге де қаржы көздерін тауып, ауылымыздағы өзекті мәселелерді шешудеміз. Осылайша мәдениет үйін салуды қолға алдық. Құрылысқа қомақты қаржы керек қой. Қызметімізді енді бастап жатқан бізде ондай қаржы қайдан болсын. Дегенмен де жоқтан бар жасап, қимылдап жатқан жайымыз бар. Жалпы, бұл ісімізге ауылымыздан түлеп ұшқан, қазір аудан, облыс көлемінде, тіпті республикамыздың өзге өңірлерінде тұратын жандар барынша жәрдемдесіп жатқанын да айта кеткім келеді. Оларға ауыл тұрғындары атынан өз ризашылығымды білдіремін, — дейді «Көгеріс» ауылдық тұтыну кооперативінің төрағасы Боранбай Сарбөпеев.

Көпшіліктің жәрдемдесуіне «В контакте» әлеуметтік желісінен ашылған «Көгеріс» деген парақша да септігін тигізуде. Жергілікті жастар желінің әкімгерлері болып белгіленген жігіттерге ауылдағы, мектептегі жаңалықтарды жазып, фотоға түсіріп жібереді. Олар бәрін жинақтап, реттеп, парақшаға салып отырады. Мәселен, мәдениет үйінің құрылысы басталды деп желіге хабар шығарғанда, Көгерісте дүниеге келген, оқыған, жұмыс істеген жандар хабарласып, сәттілік тілеген, кейбіреулері көмектерін беруге әзір екендерін айтқан. Ауыл жігіттерін асарға да осы әлеуметтік желі арқылы шақыру дәстүрге айналған.

img-20161108-wa0010Көгеріс негізгі мектебі директорының міндетін атқарушы Ізбасар Амангелдиннің айтуынша, ауылдық тұтыну кооперативі білім ұясын да өз қамқорлығына алған. Қажет құрал-жабдықтарды, мектептегі шағын орталыққа ойыншықтар алуға, өзге де мәселелерді шешуге қолұшын созып келеді. Бала саны азайып, білім ұясы негізгі мектеп мәртебесінен айырылып қалмауы үшін кооператив басшылығы көп балалы отбасыларды ауылға көшіріп әкеліп, бүлдіршіндерді мектепке, отағасыларын осы мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына орналастырған. Бұйыртса, бұл мәдениет үйі салынып болғасын оны мемлекет меншігіне өткізу көзделіп отыр. Осында жұмыс істеп жүрген жандарды сол мекеменің техникалық бағыттағы қызметтеріне орналастыру жоспары жергілікті атқарушы билік құрылымдары тарапынан қолдау табуда.

Айта кетейік, Сырым ауданында бірінші болып құрылған аталмыш кооператив бүгінде ауыл тұрғындарының қолындағы 300 бас аналық ірі қара малын біріктіріп отыр. Оларды асылдандыру мақсатында 10 бас асыл тұқымды бұқа алынды. Кооперативтің штатындағы бақташылар малдың күтіміне, амандығына тікелей жауапты. Соның арқасында ауылда мал ұрлығы тыйылыпты. Бұрын жыл сайын осы ауылдан 20 шақты мал жоғалатын болса, былтырдан бері мұндай қылмыс орын алған жоқ. Мемлекет тарапынан берілген демеуқаржыға өткен жылы ауылдағы құдық, су жүйелері жөндеуден өткен. «Көгерістіктер арнайы су сору құрылғысы арқылы жер асты суын пайдаланып отыр, — дейді Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Ерлан Мақашев. — Құны орта есеппен 200 мың теңгедей тұратын аталмыш сорғы істен шығып қиналып жүргенде, осы кооператив өз қаржысына жаңасын алып берді. Кооператив әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінетін, түрлі шараларға демеушілік танытып келеді. Содан болса керек, таяуда «Көгеріс» Сырым ауданының ең үздік ауыл шаруашылығы кооперативі деген атақ алды. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш».

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Сырым  ауданы


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика