Ауылдың абыройлы азаматы

Күні , 84 рет оқылды

img_0786


Күйгенкөлдік азамат  Мақсот Досжановтың шаңырағында  отағасымен  дидарласып отырмыз. Ғұмыр бойы ауыл кітапханасынан қазақ  және орыс тілдерінде жазылған шығармаларды іздеп жүріп оқитын Мақсот аға «Көп сөйлеген білімді емес, дөп сөйлеген білімді»  дегенді қуаттағандай, сырбаз қалпында сабырмен әңгіме тиегін ағытқаны.


Ақоба ауылының тумасы, әкем  Өтеп Досжанов Ұлы Отан соғысының ардагері болатын.  Анам Шынғаным екеуі Аққаным, Ғабит, Хамит, Жеңіс бесеумізді тәрбиелеп өсірді. Әкемнің қарындасы Шәку Ворошилов атындағы жетіжылдық   мектепте, Азғырда, Жігер ауылындағы мектептерде директор болып қызмет атқарғанда отбасымыз апамызбен бірге көшіп жүретін. Көлтабан елді мекеніндегі мектеп табалдырығын аттағаныммен, аудан орталығындағы қазақ орта мектебін тәмамдадым. Колхозаралық интернатта тәрбиелендік. Ол мезгілдегі балалардың киімдері жұпыны, қоңторғай тірлік кешсе де, пейілдері кең, мәдениеттері биік, білімге құштар болатын. Ұстаздарымыздың алдына именіп кіріп, иіліп шығатынбыз. Қатарластарымыздың өзін ағалап-апалап, құрметтеуші едік. Мектепті бітірген жылы  «Қарағұл» қыстауында сиыр бағатын Темірғали Есенғалиевке көмекші болып еңбек жолымды бастадым. Мектептен орта білім туралы аттестатпен қоса тракторшы куәлігі де берілетін. Соны кәдеге асырып,  партияның XIX сиезі атындағы ұжымшарда трактор жүргіздім, — дейді кейіпкеріміз.

Сол жылдардағы басқарма төрағасы  Өтепқали Сақыпов  Еңбек Қызыл Ту орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған, КОКП Орталық комитетінің 1959 жылғы желтоқсан  пленумына қатынасқан аса білікті маман болыпты.  Оның білгір ұйымдастыруы мен колхозшылардың  қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1953 жылдан 1963 жылға дейін ұжымшарда қой саны  40 мың басқа, сиыр 2500 басқа жетіп, еңбекшілерге  әр еңбек күнге төленетін еңбекақы 13 тиыннан 1 сом 20 тиынға дейін өскен екен. Ұжымшарда сонымен бірге тауық, үй қояны, шошқа өсіріліпті.

1957 жылы Жәнібектегі КСРО Ғылым академиясының  қарауындағы орман шаруашылығы зерттеу мекемесінің мамандарының көмегімен, Ө. Сақыповтың басқаруымен ауылда аумағы екі гектарлық жеміс бағы отырғызылған. Онда  жергілікті ауа райына бейімделген алма, алмұрт  жеміс ағаштары өсірілген екен.

– Осындай тың бастамалардың дәнекері Өтепқали аға  таңғы  сағат 4-5-терден бастап шаруашылықты аралауға шығатын. Уақытпен санаспайтын, қарауындағылардан адал еңбек етуді талап ететін. Айбыны жүзінде тұратын осынау тұлғалы азаматтан ел үшін еңбек етудің үлгісін бойымызға сіңірдік.  Үкіметтің шаруашылықтарды ірілендіру жөніндегі саясатына сай, 1963 жылғы қаңтарда ХІХ партия сиезі атындағы ұжымшар кеңшар болып қайта құрылып, «Күйгенкөл» қой кеңшары деп аталды. Кеңшар құрылған кезде төрт бөлімшесі болды да, алғашқы директоры Нұрлау Құсайыновтың қарауында жүргізуші болдым. 1965-1968 жылдары  Германияның Принслава қаласында Кеңес қарулы күштерінің қатарында әскери борышымды атқардым. Азаматтық парызымды өтеп келген соң кеңшарда автокөлік жүргіздім.  1989-1996 жылдары кеңшар директорының  орынбасары, гараж меңгерушісі болдым. Бұл жылдарда ауылда жұмыс күші жетіспейтін. Егін науқаны кезінде Ресей, Эстония, Молдова республикаларынан жұмысшылар мен кеңес армиясы қатарында  борышын өтеп жүрген әскерлер көмекке келетін. Нағыз қайнаған еңбектің көрігі қызып жататын. Үзеңгілестерім Қадеш Қошетов,  Өтеміс Хайрушев, Бақыт Әсетов, Ғарифолла Әбдірешев, Болат Ғұмаровтармен  жылдың аптап ыстығы мен қара суығында   жолсапарларда жүрдік, салқын гаражда жұмыс істедік.  Үскірік аязда, қарлы боран мен  нөсер жаңбырда  далада қалған кездеріміз  де болды.

Осы жылдар ішінде Т. Жароков  атындағы кеңшарды  18 жыл басқарған Меңдібай Мырзабаев, Тасболат Шөкеев, Сағынғали Шүкіров, Салауат Нұрғалиев, Марат Каримуллин  сынды басшылармен жұмыстас болдық.  Шүкір, абыройдан кенде болмадық, — деді кейіпкеріміз әңгімесін сабақтай түсіп.

«Тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады» демекші, кеңес үкіметі кезінде адал еңбек етіп, ашкөздіктен ада болып, біртоға мінезімен ортасына сыйы артқан, сыпсың әңгіме, қақ-соқтан бойын алшақ ұстаған Мақсот Өтепұлы 1969 жылы ауылдасы Райхан Меңдіғалиевамен отау көтерді.  Райхан апа – мектеп жанындағы интернатта тәрбиеші, кеңшарда есепші болып абыройлы қызмет атқарған жан. Ерлі-зайыптылардың  кіндігінен өрбіген алты ұл мен бір қыздың бүгінде төртеуі дүниеден озған.

«Көз адамды молаға, түйені қазанға» түсіреді деген, балаларының үшеуі кішкене кезінде сұқ көз тиіп, шетінеп кетсе керек. Бейімбет Майлиннің өз кейіпкері туралы «Әй, Шұға десе, Шұға еді-ау!» деп тамсанатыны бар емес пе? Мақсот аға мен Райхан апаға орда бұзар отыз жасында қапияда мерт болған, «Берік десе, Берік еді-ау!»  дегізіп, болашағынан зор үміт күттірген ұлдарының қайғысы  қатты батты.  Қатарластарынан білім-білігімен дараланған, адамгершілік ізгі қасиеттерімен сараланған, жоғары білімді инженер мамандығын алып, Меңдібикедей ақылды қызды жар қылған, Рауль мен Берікболдай қылығы балдай немере сүйгізген асыл ұлдың шолақ ғұмыры ата-анасының өзегіне өрт, көкірегіне дерт  толтырып, шерлі жүректі  шерменге салды.  Алайда кешуі терең  судан қол ұстасып,  өткелсіз қиын жерден  жіп ұстасып 47 жыл бойы жұптары үзілмей келе жатқан ерлі-зайыптылардың  бүгінде Берік,  Дидарбек, Руслан, Алмастан тараған Рауль, Берікбол, Айдарбек, Қамар сұлу, Нұрберген, Жанайым, Нұржас есімді немерелерінің жетістігіне марқайып отырған жайлары бар. Бір қаннан жаралған, бір ананың сүтінен нәр алған Дидарбек, Руслан, Алмас  әр салада еңбек етіп, ата-аналарының қас-қабағына қарап, тату-тәтті өмір сүруде. Келіндері Меңдібике, Меңсұлу, Динара да ибалы жандар. Меңдібике Ө. Сақыпов атындағы жалпы білім беретін орта мектепте психолог болса, Динара – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Райхан апа: «Отағасымен 47 жылдан бері өмірдің ыстығы мен суығын, жайдары жазы мен күрең күзін бірге өткіздік. Осынша жылдар ішінде мүлдем сөзге келмедік дегеніміз жараспас.  Ең бастысы, жұбайлық өмірде сенімге сызат түсірмей, сүйіспеншілікке көлеңке салмай, көңілде дақ қалдыратын ауыр сөзден  аулақ болу керек деп есептеймін», – десе, Мақсот ағаның да аяулы жарына, балаларының сүйікті анасына деген алғаусыз пейіліне разы болдық.

Меңдігүл  ФАЗЫЛОВА,

Жәнібек  ауданы


Тегтер: ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика