«Жасыл ел» кезеңі жабылды

Күні , 110 рет оқылды

pri_9604


Достық үйінде  «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қызметін жүзеге асырудағы жаңа жолдар» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Оған «Жасыл ел» ЖЕЖ республикалық штабының жетекшісі Рахат Хамидуллин, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі жастар саясаты департаменті ведомствоаралық үйлестіру басқармасының басшысы Мақсат Мәжитов және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының жетекшісі  Аян Сакошев қатысты.


Елбасының бастамасымен 2005 жылы негізі қаланған «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары биыл  ХІІ еңбек маусымын аяқтады. «Жасыл ел» жасақтары елімізде көгалдандыру жұмыстарын жүргізетін жетекші ұйым ретінде танылып, игі істер атқарып келеді.

– Осы күнге дейін «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары еліміздің барлық аймағының 242  жағырапиялық нысандарында қызмет етті. Ауқымды  аумақты қамтудың нәтижесінде қалалық, аудандық, ауылдық жастарды жұмысқа тартуға мүмкіндік туды. Еңбек етуші жастардың дені – студенттер, жұмыссыз жастар, балалар үйінің және интернат тәрбиеленушілері. «Жасылелдіктер» облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шараларға қатысып, белсенділік танытып жүр, – дейді Аян Қажимерұлы.

Брифингке қатысушылардың айтуынша,  11 жыл ішінде республиканың барлық аймағында «жасылелдіктер» көмегімен 1784 іс-шара өткізілген. Сонымен қатар осы уақыт ішінде 48 534 462  талтерек отырғызылып, 147 797 гектар жерде жұмыс жүргізілген. Барлығы 253 195 жас жұмысқа тартылған. Ал 2016 жылғы ХІІ жазғы еңбек маусымында республика бойынша 700-ден астам жасақтар құрылып, 18 008 жас жұмысқа  тартылған. 99 383 терек егіліп, 13 700 гектар жерде жұмыс жүргізілген.

– «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысы 2016 жылы «Нұрлы жол» мембағдарламасының нысандарын  және «ЭКСПО» қалашығын салуда үлкен сұранысқа ие болды. Сондай-ақ олар «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрменің аясында «Біз қуат үнемдеу үшін» республикалық акциясын, еліміздің арықтарын, табиғи су қорын тазарту мақсатында «Ақ бұлақ» республикалық акциясын, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап 25 000 тал отырғызған «Отан ағаш» республикалық акциясын өткізді, – дейді Рахат Мұхамедсәлімұлы.

Өз кезегінде сөз алған Мақсат Бекболатұлы алдағы жоспарлармен бөлісті.

– Биыл облыс бойынша 1 200 адам жұмыспен қамтылды. Енді алдымызға келесі кезеңге қатысты бірнеше мақсат қойдық. Алдымен 16-29 жас аралығындағы ҚР азаматтарын уақытша, маусымдық және тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар қосымша ақыны екі есеге арттыру мәселесі қарастырылып, келесі жылы еңбек жасақтарына қатынасушылардың әрқайсысына 35 394 теңге төленбек. Жастардың өтініші бойынша жұмыс кезеңі екі айға ұзартылды. Бұл шаралардың барлығы демалыс кезінде жастарды жұмыспен қамтуға зор мүмкіндік береді, – деді Мақсат Мәжитов.

Баспасөз мәслихаты аяқталған соң, мамандар дөңгелек үстелде бас қосты. Оған «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» ЖҚ жетекшілігі, Астана, Алматы қалаларының және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармалары мен аймақтық жастар ресурстық орталықтарының өкілдері, «Жасыл ел» жастар жасақтары филиалдарының жетекшілері қатысты. Дөңгелек үстелге жиналғандар аталмыш тақырыпқа қатысты кемшіліктерді айқындап, келесі кезеңге жоспарларымен бөлісті.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Тегтер: , ,


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика