7.11.2016, 20:55
Қараулар: 59
Мойылды неге менсінбейміз?

Мойылды неге менсінбейміз?

%d0%bc%d0%be%d0%b9%d1%8b%d0%bb


Мойыл менің туған ауылым Қызылжардың іргесіндегі Жезбұға көлінің арғы бетіне шықсаң болды, біздің ауылдың аумағын алыстан орағытып, бұралаңдай ағып жатқан ерке сылқым Ақ Жайыққа дейінгі аралықта шоқ-шоқ болып өседі. Кейде ну орманға кіреберісте мойыл ағаштары ұшырасады. Бірақ бұл – өте сирек жағдай. Негізінен мойыл шоқтанып, өзге ағаш атаулыдан оқшау, өз алдына дербес өскенді қалайды. Құдды, өзгелерден бөлектеніп, өзара құпия сырларымен бөлісіп тұрған балауса бойжеткендер тәрізді. Бала кезімізде біздің ауылдың қыз-келіншектері иінағашқа екі шелекті іліп, тоғай жақтан мойыл теріп келе жатар еді. Сосын оны отқа ұстап, тосап қайнатады немесе уыстай езіп, күздің кемпіршуағына кептіріп, желге қақтырып, қақ жасайды. Сондай-ақ қыста жеу үшін шыны ыдысқа салып, үстіне аз-кем құмшекер сеуіп, бетін жауып, салқын жерге қоя салуға да болады. Маған өзінің қышқыл-тәтті табиғи дәмін жоймайтын мойылқақ көбірек ұнайды.


Әлқисса, өзіме бала кезден мәлім болғасын ба, маған, әйтеуір, бұтақтары тікенді келіп, жемісін теруді қиындататын биіктігі 1,5-3 метр шамасындағы мойыл ағашы Жайық жұртына бірсыдырғы таныстай көрінеді. Сәуірдің соңын ала, мамыр айының алғашқы күндері мойыл ағашы жапырақ жаймай жатып, оның бұтақтарын уақ аппақ гүлдер жабады. Бұл көрініс сырт қарағанда мың-сан ұсақ ақ көбелек қонып тұрғандай әдемі әсер қалдырады. Мойыл ағашы екі-үш жылдығынан бастап жыл сайын жеміс береді. Тамыздың соңын ала, қыркүйектен бастап жеуге жарап қалатын сыртында бозғылт қылаңы бар, негізі, түсі қара мойылды алғаш аяз ұрғаннан кейін жесеңіз, жүдә керім!

Мойылдың құрамы

Біз мойылдың құрамын білмек болып, ғаламтордағы дерек-дәйектерге үңілгенбіз. https://vkusnoblog.net сайтындағы «Терн» атты материалға сенсек, біздің бүгінгі «кейіпкеріміз» қантқа бай болып шықты. Мәселен, мойылдың 5,5,-8,8 пайызын қант, дәлірек айтқанда, фруктоза мен глюкоза құрайды екен. Сондай-ақ ғаламторлық дереккөзінде мойылдың құрамында алма қышқылы, пектин, стероидтер мен көмірсулар, азоттық түзілістер, Е, С дәрумендері (витаминдері), флавоноидтер мен катехиндер, кумариндер мен каротиндер, сапасы жоғары спирт пен минералдық тұздар, пальмитин, олеин, линол, стеарин және элеостеарин секілді майлар бар екендігі жазылған. Мойыл жемісінің құнарлылығы 100 грамға 54 килокалорияны құрайды. Тіпті мойылдың жапырағының өзінде Е, С дәрумендері, флавоноидтер, фенолкарбондық қышқылдар мен антоциандар бар деседі. Ал мойыл ағашының тамыры тері илеуге және бояуға қажетті заттарға бай көрінеді.

Емдік қасиеттері

Ендігі кезекте мойылдың емдік қасиеттеріне зер салайық. Ғаламторлық мәліметтер жаңа терілген мойылға қоса, мойылдан қайнатылған кисель мен компот, тосап пен тұнба ішек-асқазан жүйесінің жұмысы бұзылғанда, асқазанның ойық жарасы (язва желудка) мазалағанда, тамақтан уланғанда, ұшынғанда дертке дауа екендігін алға тартады. Сонымен қатар мойылды бүйрек пен бауырды емдеуге де пайдалануға болады екен. Мойылдың үр жаңа шырыны сары аурудан (гепатит) айығуға жәрдемдеседі. Ал мойыл шарабы ішек жұқпасы (кишечная инфекция) кезінде керім шипалы көрінеді. Мойылды тәбетті арттыру үшін, сондай-ақ микроб-бактерияларды жоятын антисептикалық дәрі-дәрмек ретінде және зәр айдау үшін де жейді. Құрамында мойыл бар дәрі-дәрмектер суық тигеннен жазылуға, қақырық түсіруге, іш жүргізуге, несеп айдауға оң ықпал етуге қоса, біздің ішкі ағзаларымызға қатысты бірыңғай салалы бұлшық еттерді босаңсытатындықтан, тамырлардың ішкі ағзаларға қан құрамындағы плазма мен түйіршіктерді өткізуін бәсеңдетеді. Ал бұл жайт ағзаны ісінуден сақтандырады. Денсаулығын нығайту үшін ара-тұра Қытайға барып, сол елдің медицинасына арқа сүйеп қайтатын Мұрат есімді бір танысым бірде әңгіме барысында қытай халық медицинасы мойылдың қан сұйылтар қасиеті бар деп есептейтіндігін айтқан-ды. Алайда өз басым осы материалға дайындық барысында ғаламтор мен менің қолыма түскен ғылыми әдебиеттерден аталмыш мәліметті не растар, не теріске шығарар ешқандай мәлімет ұшыратпадым. Әгәрки әлгі ақпарат ақиқат болса, яғни мойылдың қан сұйылтар қасиеті барлығы рас болса, қазақстандықтардың арасында қазіргідей жүрек-қан тамырлары аурулары өршіп тұрған заманда тіпті керім емес пе?!

Мойылдың гүлі де пайдалы. Оны суға қайнатып, тер шығару, іш жүргізу және зәр айдау үшін ішеді. Мұндай сусын жүрек айнуы мен құсуды тоқтатып, ағзадағы зат айналу үдерісін жақсартып, жүйкені тыныштандырады. Мойыл гүлі тұнбасының гипертониялық дерт пен қуық асты безі қабынғанда, бауыр дертіне, сонымен қатар тері ауруларының іріңді жарасы мен сыздауық-шиқан атаулыға да дауасы бар. Ал мойылдың жас жапырағын шай ретінде қайнатып ішуге болады. Мұндай шай іш жүргізу мен несеп айдауға қоса, денедегі жараның жазылуын тездетеді. Жалпы қайнатылған мойыл жапырағы тұнбасының тері аурулары өршігенде, жиі-жиі іш қатқанда, нефрит пен циститке шалдыққанда, қуық асты безі қабынғанда да (аденома простаты) шипасы бар. Үшбу тұнбаны ауыз қуысы қабынған кезде ауыз қуысын шаю үшін де пайдаланады. Оның үстіне мойыл жапырағының шайы қимыл-қозғалысы аз адамдарға, мәселен, көбіне-көп бір орында отырып жұмыс істейтіндерге пайдалы. Ал енді мойыл ағашының қабығы мен тамырын қызу түсіретін дәрі-дәрмек ретінде де тұтынады. Сонымен қатар мойыл ағашының сыртқы қабығының астарын жаңа сыдырылған күйінде немесе оның қайнатылған тұнбасын компресс ретінде терінің тілімденген тұстарына басса, кеселге керім ем көрінеді.

Көрдіңіз бе, бір мойылдың өзі мың-сан дертке дауа екен. Есесіне мойылдың шемекісінің ішіндегі дәнінде (тұқымының құрамында) улы гликозид бар. Сол себепті мойылдан жасалған өнімдерді бір жылдан асырмай тұтынған жөн. Егер мойыл өнімдері бір жылдан ұзақ сақталған жағдайда тұқымның сыртқы қатты қабығы жарылып, дәннің құрамындағы жаңағы улы гликозид мойылдан жасалған компот, тосап сияқты өнімдерге жайылуы кәдік.

Жалпы, Жайық бойының қазағы тегін теріп алатындықтан, мойылға менсініңкіремей қарайтыны жасырын емес. Бірақ осы мақаланы оқығаннан кейін мың-сан дертке дауа мойылға деген сіздің көзқарасыңыз өзгерді деген сенімдемін.

Ендеше, тоғайда мойыл әлі бар, демек, тоғайға мойыл теруге беттеңіз немесе базарға жүгіріңіз!

Бақытжан ҒАБДУЛЛИН,

Теректі ауданы