7.11.2016, 20:48
Қараулар: 77
60 адамды жұмыспен қамтыған қос нысан

60 адамды жұмыспен қамтыған қос нысан


Зашаған кентінің «СХИ» деп аталып кеткен аймағында су жаңа бөбекжай мен моншаның бар екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Соңғы кездерде осы екеуінің  атына байланысты жылы лебіздерді  жиі естіп жүргендіктен, «Жақсыны көрмекке» деп,  қос нысанды аралап көрдік. Енді сол көрген-білгендеріміз бен алған әсерімізді газет оқырмандарымен бөлісуді жөн санадық.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бизнес өкілдерімен өтетін үлкенді-кішілі басқосулардың бәрінде дерлік «Біз сіздердің бай-қуатты болуларыңызға барынша жағдай жасадық, жылдар бойы сіздердің компанияларыңыздың көтерілуіне жан-жақты көмек көрсеттік. Енді сіздер халыққа қарай бет бұруларыңыз керек. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарса, бизнестің болашағы да кемелдене бермек», — деген пікірді үнемі кәсіпкерлердің санасына сіңіріп келеді.

Өңіріміздегі көптеген кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінен жалтарған емес. Айталық, аулаларды абаттандыру, балабақшалар салу немесе оларға құрал-жабдықтар алып беру, мектеп салу немесе кірісі аз отбасылардың ұл-қыздарын жаңа оқу жылына даярлау секілді игі істердің басы-қасында үнемі үлкен жүректі кәсіпкерлер жүреді.

Міне, осылардың қатарына жоғарыда айтқан қос нысанның иесі «Өрлеу жолы» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікті де қосуға болады. Ол 200 орындық «Жәңгір хан» бөбекжайы мен «Хан-Арасан» атты қоғамдық монша салып, 60 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, “Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін” дамытуға сүбелі үлес қосуда.

img_6862Кәсіпкерлік иелігіндегі «Жәңгір хан» балабақшасы 2015 жылы ашылған. Ілкіде 150 балдырғанды қамтыған бөбекжайда бүгін 205 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша 40 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жас ерекшеліктеріне қарай сегіз топқа бөлінген бүлдіршіндерге бастапқы сапалы білім, саналы тәрбие алуға барлық жағдай жасалған.

— Балабақшадағы әр топта 25 балдырғаннан бар. Әрқайсысына екі тәрбиеші мен бір көмекші тәрбиеші бекітілген. Барлығы да тәжірибелі, білікті мамандар. Өткен жылы бөбекжайға арнайы білімі бар үш жас маман қызметке тұрса, биылғы оқу жылында да үш жас маманды жұмысқа алдық. Балабақшада бүлдіршіндердің оқып, алғашқы білім алуларына, уақтылы демалуларына, ойнауларына барлық жағдай бар. Мектепалды даярлық топтарына қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеру, компьютер мен бейнелеу өнеріне баулу кабинеттері заманауи құрылғылармен жабдықталып, арнайы мамандармен қамтылған. Мемлекет тарапынан да зор қолдау көріп отырмыз. Әр балдырғанға мемлекеттік тапсырыс арқылы 19 мың теңге шамасында демеуқаржы төленеді. Балабақшада қызмет ететін адамдардың еңбекақылары сол қаржы есебінен төленеді. Бұл — біздер үшін үлкен қолдау. Балабақшаға келуші балалар да, олардың ата-аналары да дән риза. Бүлдіршіндерін біздің бөбекжайға әкелгісі келетіндер саны да көп. Оларды кезекке тіркеп отырамыз, — дейді бөбекжай меңгерушісі Жангүлім Қадемова.

img_6834Таяуда ашылған «Хан-Арасан» деп аталатын үш қабатты көпшілік монша ғимараты заман талабына сай салынған. Астыңғы қабатында адам кірсе-шыққысыз екі сауна, екінші қабатында әйел адамдар, үшінші қабатында ер-азаматтарға арналған монша орналасқан. Әр қабатта шаштараз, сұлулық салоны, шайхана бар.

Моншаға соңғы үлгідегі жылу қазандықтары қойылған. Дүйсенбіден басқа күні қала тұрғындарына қызмет көрсететін моншаға келушілердің қарасы көп. Он шақты адамға есептелген, ішінде бильярд, караокесі бар саунаның құны сағатына 10 мың теңге болса, шағындау сауна сағатына 5 мың теңге. Ерлер және әйелдерге арналған көпшілік моншаға бір мезетте жүздеген адам жуына алады. Моншаның бағасы ересектерге 600 теңге болса, балаларға — 400 теңге.

img_6878— 2013 жылы «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы аясында қалалық әкімдіктен құрылыс салуға жер телімін алып, балабақша мен моншаның құрылысын бастадық. 2015 жылдың қыркүйегінде бөбекжайды пайдалануға бердік. Ал осыдан бір ай турасында моншаның құрылысы аяқталды. Тек ғимараттардың құрылысы ғана емес, барлық инфрақұрылым желілерін өз күшімізбен, жеке қаржымызбен жүргіздік. Әрине, құрылыс жұмыстары қомақты қаржыны, уақыт пен шыдамдылықты талап етті. Бірақ екі нысанның да игілігін көріп, алғыстарын жаудырған халықтың бата-тілегін естігенде, қиындығымыз ұмытылғандай, — дейді «Өрлеу жолы» ЖШС директоры Ақмарал Бахаева.

Міне, заман талабына сай кәсібінен нәсіп тапқан «Өрлеу жолы» ЖШС-ның бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Тек өз қара басын ойлап, пайда табуды ғана мақсат тұтпай, ел игілігі, халықтың мүддесі үшін қызмет атқарып жүрген кәсіпкер атаулы табысқа кенеле бергей делік.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Бәтима РАЗАКОВА,

балабақшада тәрбиеленуші төрт жасар Арайдың әжесі:

— Бұл балабақшаға немерем ашылғалы бері келіп жүр. Ішінде балаға қажеттінің бәрі бар. Мамандар да білікті. Бір жылдың ішінде немерем өлең, тақпақ пен би өнерін игеріп үлгерді. Қолына қалам ұстап, алғашқы білім де алып жүр. Халық тығыз қоныстанған Зашаған кентіне балабақша салып, жергілікті халыққа қолайлы жағдай жасаған жеке кәсіпкерлерге айтар алғысым шексіз.

Азия МҰСАҒАЛИЕВА,

балабақша тәрбиешісі:

— Мен қаладағы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжін бітіргенмін. Осы балабақша ашылған уақытта өз мамандығым бойынша қызметке орналастым. Балабақшада балдырғандардың өсіп-дамуы, сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін барлық жағдай жасалған. Екі жасар Исламхан Жақсығали есімді ұлым да осы балабақшада тәрбиеленуде. Тәрбиешілік жұмыс өзіме ұнайды. Еңбекақыны да уақтылы алып тұрамыз.

Ермек БЕКТЕНОВ,

зейнеткер:

— Өзім қала орталығында тұрсам да, осы “Хан-Арасан” моншасына келемін. Орталықта да моншалар аз емес. Бірақ маған осы монша ұнайды. Ауасы таза, жарық, жылы, бір сөзбен айтқанда, адам жанына қажет жағдайдың бәрі жасалған.

Біз секілді зейнеткерлер үшін бағасы да қымбат емес. Сенбі, жексенбі күні келушілер өте көп болады. Кезек күткен адамдар үшін  шайхана да жұмыс жасайды. Төменгі қабатта моншаға қажетті заттарды сататын дүкен де бар.

Гүлжиян ШЫНТЕМІРОВА,

Зашаған кентінің тұрғыны:

— Бұл моншаның іші мұнтаздай таза, қызметкерлері сыпайы, бір сөзбен айтқанда, бәрі-бәрі тамаша. Барлық жақсы нәрсені қолдарымен жасайтын да, оны бүлдіретін де адам баласы. Сондықтан келушілерге айтарым, осы моншаны ұқыпты пайдаланып, қадірін білсе екен деймін. Тұрғындарға осындай тазалық орнын салып берген кәсіпкерлердің еңбегі жана берсін!

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар