7.11.2016, 20:28
Қараулар: 28
Қазақстан 21-орында!

Қазақстан 21-орында!


Елбасымыз «Қазақстан-2050» Стратегиясы:  қалыптасқан  мемлекеттің  жаңа саяси бағыты» Жолдауында Қазақстан Республикасы үшін 2050 жылға дейінгі жаңа бағыттың экономикалық саясатын ұсынған болатын. Елдің экономикасын дамытуда жеке кәсіпкерлік субъектілерінің алатын орны ерекше.


Елбасы Жолдауының ең негізгі мақсаты – 2050 жылы Қазақстан Республикасын әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу және ұлттық экономикамыздың  жетекші  күші кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау. Аталған мәселелерді жүзеге асыру үшін жергілікті бизнес-бастамаларды  көтермелеу және мейлінше аз, бірақ қатаң реттеу есебінен ішкі нарықты дамыту, кәсіпкерлік жолындағы қолдан жасалатын кедергілерді болдырмау, жаңа жағдайларды, соның ішінде біздің Дүниежүзілік сауда ұйымына  кіргенімізді ескере отырып, отандық кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру және олардың мүдделерін қорғау мен ілгерілету үшін қажетті барлық шараны қабылдау да маңызды.

Бүгінгі таңда елімізде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаның тіркелу жүйесін жеңілдету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, кәсіпорынды ашу саласында бүгінгі таңда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін «электронды үкімет» веб-порталында тіркеу мерзімін өтінішті берген кезден бастап жұмыс күнінің бір сағаты ішінде жүзеге асырылады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және қызметінің тоқтатуын тіркеу кезінде тіркеу алымын төлеу жойылып, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін 100 теңге жарғылық капиталын талап ету алынып тасталды. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалар үшін мөрдің болу талабы  жойылды және аталған санаттағы заңды тұлғалар үшін (акционерлік қоғам мен коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда) тіркелу органына құрылтай құжаты ретінде жарғы талап етілмейді. Өз кезегінде кәсіпкерлік субъектілері тиісті мемлекеттік немесе өзге де ұйымдарға ұсынуы мүмкін өздеріне қажетті ақпараттық анықтамалар түрлерін халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы немесе «электронды үкімет» веб-порталы арқылы жылдам ала алады. Аталған өзгерістердің барлығы жоғарыда аталған құжаттарды орындау аясында кәсіпкерлік субъектілеріне жасалған жеңілдіктер болып табылады.

«Алдымен экономика, содан соң саясат» деген қазақстандық  даму формуласы өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Тәуелсіздік алған жылдары басталған экономикалық модернизация бүгінде жанжақты орындалуда. Заңды тұлғаларды тіркеу саласында енгізілген бұл өзгерістер еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына себебін тигізері сөзсіз.

Қазіргі таңда ел экономикасы әлемге әйгілі халықаралық бедел көрсеткішімен бағаланады. Соның бірі – «Doing Business» Дүниежүзілік банкінің рейтингі. «Doing Business» Дүниежүзілік банкінің есеп беруі бойынша 2015 жылы Қазақстан Республикасы әлем елдері арасында 41-орынды алып, «Кәсіпорынды ашу» көрсеткіші бойынша 21-орынға  көтерілген.

А. БҰСҰРМАНОВА,

БҚО  әділет  департаментінің заңды  тұлғаларды  тіркеу жұмысын  ұйымдастыру бөлімінің  бас  маманы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар