7.11.2016, 20:10
Қараулар: 32
Алматыдан жеткен аманат

Алматыдан жеткен аманат

img_3484


Таяуда Алатаудың баурайындағы ару қала Алматыдан  Шыңғырлауға сәлемдеме келіп жетті. Біреуінің өзі, біреуінің әкесі шыңғырлаулық болып келетін қос апамыз сәлемдеме сый жолдапты. Екі қорап ағаш көшеттері.


Сәлемдемені жолдағандар – жерлес апамыз Толқын Қазмағанбетова мен академик Лұқпан Қылышевтың қызы Алма Қылышева.

Ойхой, Толқын апай?! Тағы да жақсы ісіңмен қуанттың-ау бізді. Осыдан біраз күн бұрын апай телефон шалды. «Біздер, Алма апаң екеуміз туған жерге ағаш көшеттерін жібергелі жатырмыз. Тұқымды немерелеріммен бірге теріп, әзірлеп қойдым. Қорапшаға салып беретін кісі іздестірудеміз. Өзің күтіп ал». Айтты, бітті. Елжанды апайдың еркін сөзі қанат бітіргендей болды. Дереу аудан басшысына, орман шаруашылығы мекемесіне телефонмен хабарласып, жұмысты бастап жібердік. Тұқымдарды қайда егеміз, үлгеруіміз керек. Жоспар жасап, қай жердің ыңғайлы болатынын ойлап дегендей.

Сөйтіп, күткен күн де жетті-ау. «Алматы-Орал» жолаушылар пойызының 10-вагонына жіберілген сәлемдемені күтіп алдық. Бәрі ойдағыдай.

Жолсерік жігіт суретке түсуден бас тартып еді: «Бұл – тарихи оқиға, ертең емен, қарағайлар жайнап тұратын болады жерімізде, ал оның тұқымдарын сен әкелдің, азамат», — деп көндірдік, әйтеуір.

Екі қорапты алып, аудан әкімі Альберт Есәлиевтің кабинетіне келдім. Жауапты адамдар жинала қалдық. Альберт Темірболатұлы жасы сексеннен асқан апайдың ауданды абаттандыруға қатысты үлесіне риза болды. Біз де қуандық. Айтпақшы, хаты қораптармен  бірге  келіпті.

Хат «Туған елге сәлем!» – деп басталыпты. Алыстан елді аңсап жүрген апамыз алғашқы кезекте өзін оқытқан ұстаздарын еске алып, аты-жөндерін жазыпты.

Ш. Сағындықов, М. Жанәлиев, Хайрушев, оқу ісінің меңгерушісі Лукерия Кириллқызы, Хасен Ергемұлын еске түсіре отырып, соғыс кезіндегі мектеп үйі, ондағы оқу үдерісіндегі қиындықтарды  баяндайды.

img_3507«1943 жылдың күзінде ауылға вагонмен кісілер келді. Мектепке Украинадан келген адамдарды орналастырды. Біз оларға отын, су әкеліп беріп тұрдық. Ішінде кәрі адамдар болды. Оларды Цхай, Жамал Аманжолова және басқа да  дәрігерлер емдеді. Солардың арасынан бір апай ұлты орыс әлде еврей ме екен, географиядан сабақ берді. Бізге орысша ән үйрететін. «Впереди страна Болгария, поза-ди река Дунай» – деген жолдар есімде қалыпты». Жады қандай жақсы апайдың. Жеті параққа жазған хатының ішінде өлеңдер  де бар екен.

Ұстаздар асыл жан боп жаралған,

Сан  мың  ұрпақ құштарлықпен  нәр  алған.

Талайлардың  көкірегін оятып,

Есімдері күллі әлемге таралған, – деген өлең жолдарын жаза отырып, «Қайдасыңдар, достарым», – деп тебіренеді алматылық апамыз. Достары Ұштап, Мақпал Айтжанова, Сәуле Шотаева, Шабақ, Қалима Иманғалиеваларды сағынышпен еске алады.

Хатты оқи отырып, Толқын Рақымжанқызының ерік-жігеріне, елге деген сарқылмас сағынышы мен перзенттік махаббатына таңғалдық, кең жүректілігіне риза болдық.

Енді сәлемдемеге келейік. Ағаш тұқымдарын егу жөнінде аудан басшысымен ақылдасып, ішкі саясат бөлімінің басшысы Анар Аманкелдіқызы және орман шаруашылығының басшысы Нұрлан Ықсанұлының ұйымдастыруымен игі іс атқарылды. Емен, каштан ағаш тұқымдары орталық саябаққа егілді. Бір қуаныштысы – дәрігер апаларының беріп жіберген аманатын жас дәрігерлер мен орманшылар өз қолдарымен отырғызды. Аманат орындалды деуге болады. Ал қалған тұқымдар аудандық орман шаруашылығы мекемесінің көшеттер өсіретін арнайы  орындарына  егілді.

Қазанның соңғы күндерін ала келген қар аппақ болып жер бетін басып қалды. Ақ ниетпен сәлемін жолдаған апамыздың аманатын орындау сәтінде аспаннан жапалақтап жауған ақ қарды жақсылыққа жорыдық. Лайым, солай болсын.

Айтпақшы, апамыз хатының соңында: «Мен сендерді сағындым, елдегі істеліп жатқан жақсылықтарға риза болып қайттым (жазда келіп кеткен еді). Жеңістің 70 жылдығына шыққан шағын кітапшаға ризамын, оны жалғастырып, батырлардың ұрпақтары туралы көрсетіп жазсаңдар, жақсы болар еді», – депті.

Елім деп жүрегі елжіреп жүрген алматылық апамызға: «Ел сіздермен бірге. Жерлестік қатынасымызды үзбейік. Алматы мен Шыңғырлау арасындағы тілектер жалғасады. Сіздер жіберген тұқымдардан болашақта дәу емен  бой түзеп, өздеріңіздей берік, төңірегіне түгел саялы болғай», дейміз.

Адақ   ШОТПАНОВ,

Шыңғырлау   ауданы