7.11.2016, 19:51
Қараулар: 64
Қаңғыбас иттер қажытты

Қаңғыбас иттер қажытты

img_0466


Соңғы кезде ауданда «үйірімен» жүретін иттерден бала тұрмақ, үлкендердің өзі қорқатын болды. Әсіресе, таңертеңгі мезгілде балаңды сабаққа апарайын деп мектепке бара қалсаңыз, мектеп аулаларында қаптап жүрген иттерді көріп, бала түгілі, өзің мектепке әзер кіресің. Сол мектеп аулаларында жүрген төрт аяқтылар – бір-бір үйдің асыранды иттері. Оқушы балаларға еріп келген иттер, кішкентай қожайыны мектепке кіріп кеткендіктен, оны күтіп, аула ішінде қалып, басқа балаларға қауіп төндіруде.


Мұндай қараусыз жүрген асыранды иттерді айтпағанда, қоқыс жәшігін аралап қаңғып жүрген иесіз қаңғыбас иттер қаншама?! Жылына екі рет кемінде 8-9-дан күшіктейтін қаңғыбас иттер жыл сайын жүздеп ұсталып, атылып жатса да, азаятын түрі жоқ. Ауыл тұрғындары тамақ іздеп, әбден ашынып, ызаланған иттер шабуыл жасай ма деп, балаларын мектепке жалғыз жіберуден қалды. Тіпті мұндай оқиғалар ауданымызда жиілеп барады. Жақында Анель есімді бүлдіршінді Ж. есімді ауыл тұрғынының асыранды иті қауып алған. Анельдің анасы Әсемгүл Сүлейменова:

— Анель және Жанель есімді егіз қыздарым мектепалды даярлыққа барады. Әкесі екеуміз жұмыста болғандықтан, қыздарымды сабақтан әжесі алып келеді. 18 қазан күні сағат түскі 12-нің шамасында әжесі әдеттегідей немерелерін алып үйге келеді. Жанель әжетханаға барғысы келіп қысылғандықтан, әжесі оны алып үйге кіріп кетеді де, ал Анель көрші балалармен аулада ойнай тұрайыншы деп сыртта қалады. Осы қас қағым сәтте сыртта қалған Анельдің қатты жылаған дауысы естіледі. Бір жамандықтың болғанын сезген әжесі жүгіріп сыртқа шықса, бет-аузы қанға боялып, бір нәрседен қатты қорқып тұрған Анельді көреді. Не болғанын түсіне алмай абдырап тұрған әжесінің қасына келген көршісі Анельді сары түсті иттің қауып алғанын, оны иттен әзер арашалап алғанын айтады. Дер кезінде «Жедел жәрдемге» қоңырау шалып, итке қабылған қызыма алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ендігі жерде қызымның алдағы уақытта ем-домын дұрыс алуы үшін қапқан итті анықтау керек болды. Осы мақсатта есік алдындағы қоқыс жәшігінде тамақ іздеп толып жүретін иттерді аңдыдым. Іздеген сары итім көп күттірмеді. Қызымды қапқан сары ит қоқыс жәшігін айналып өтіп, көпқабатты үйлердің бірінің жанында әңгімеле-сіп тұрған бір топ адамның арасына барды. Сол жерде велосипед ұстап тұрған бір жас жігітке барып еркелеп, иіскелеп, соның қасынан шықпай қойды. Сол жерге барып «Мына ит кімдікі?» деген сұрағыма велосипед ұстаған қараторы жас жігіт «Менікі, жай ма?» деп қарсы сұрақ қойды. Мен «Кімнің баласысыз?» деп едім, бір нәрседен сезіктенді ме «Неге, жайшылық па?» деп қатқылдау сөйледі. «Итіңіз қызымды қауып алды, сол себептен иттің иесін іздеп жүрмін» деп едім, «Бұл ит қабаған емес, қызыңыздың өзі ойнап жабысқан шығар» деп велосипедіне мініп алып кетіп қалды. Артынан қасында тұрған адамдардан иттің қожайынының аты-жөнін сұрастырып біліп, полиция қызметкерлеріне хабарладым. Қазір иттің құтыру ауруына қарсы егілгендігі анықталуда, — деді қызының денсаулығына алаңдаған ана.

img_0443Бұл – тек бір ғана оқиға, аудандық орталықтандырылған аурухананың мәліметіне сүйенсек, соңғы тоғыз айда аудан бойынша үй жануарларына тістеліп немесе таланап қалған адамдар саны 50-ге жеткен.

— Биыл итке қабылып түскен 50 адамның 24-і Жаңақала ауылынан. Адам қапқан 24 иттің 18-інің иесі анықталған болса, алты ит иесіз болып табылды. Бұл дегеніміз – алты адам ит қапқан дене жарақатынан бөлек, түрлі ауру жұқтыру қаупіне ұрынды деген сөз. Тұрғындар үй жануарларына қабылып, «Жедел жәрдем» бөліміне түскен кезде біз дереу тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына және аудандық ІІБ-ға жедел хабарлама түсіреміз. Ал олар ит иесін анықтап, иесі анықталған жағдайда адамға жұғатын аса қауіпті, жұқпалы және вирусты аурулардың барлығына зерттеу жүргізу үшін жануарды 10 күн қамауда ұстайды. Егер жануар клиникалық сау болып танылған жағдайда, ол иесіне қайтарылады. Одан әрі біз қабылған адамды толық тексерістен өткізіп, құтыруға қарсы вакцинаны егуді тоқтатамыз, — дейді аурухананың хирург дәрігері Арман Жоламанов.

Енді аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының соңғы үш жылдағы мәліметіне жүгінсек, үй жануарларына қабылып немесе талану оқиғалары Жаңақала, Пятимар, Бірлік, Көпжасар және Жаңақазан ауылдық округтерінде көптеп кездеседі екен. Бір қуантарлығы, ауыл тұрғындарын қапқан сол иттердің ешбіреуінен құтыру белгісі табылмаған.

Жаңақала ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жаңақала аудандық ветеринариялық станция» МКК директорының міндетін атқарушы Берік Шорманов:

— Ит ату ережесінің сақталмауынан ауыл тұрғындары жарақаттанған оқиғалар болғандығы рас. Сол себептен де биыл біз ұйықтататын дәрі жағылған инемен ататын пневматикалық мылтық сатып алдық. Бұл қару мылтыққа қарағанда қауіпсіз. Пневматикалық мылтықпен атып ұйықтату тәсілі арқылы биыл аудан бойынша 437 ит ауланып жойылды.

Ал Еуропа елдеріндегідей итті аулап, арнайы жерде ұстау тәсіліне келсек, ол – өте дұрыс әдіс. Бірақ ол үшін көп қаражат керек. Бізге қаңғыбас иттерді жою үшін жергілікті бюджеттен жылына 600 мың теңгеге жуық қаражат қана бөлінеді. Ал жаңағы иненің басына жағатын дәрінің өзі 100 мың теңге тұрады. Қаңғыбас иттерді қамап ұстау үшін оларға арнайы орын, тамақ және оларды қадағалап қарау үшін арнайы қызметші қажет. Оның барлығына қанша қаражат қажет екенін өзіңіз ойлап көріңіз, — дейді.

Жауапты мамандармен сұхбаттаса отырып, жалпы осы салада әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бар екендігіне көз жеткіздік. Бөлінген қаражаттың аздығы қаңғыбас иттермен күрес жүргізуге біршама кедергі келтіріп отыр. «Жылына мұнша қаржы бөлінді, оған мынадай көлемде ит өлтірілді» деген жалаң цифр мен статистикаға сүйене берсек, ертең мұның бетін қайтару қиын болып қалуы бек мүмкін. Сол себепті қаңғыбас иттермен күресті жүйелі жолға қойған дұрыс. Өйткені оның артында адам өмірі тұр…

Н. ҒАББАСОВ,

Жаңақала ауданы