7.11.2016, 19:44
Қараулар: 61
Балықты бекерге зерттемейді

Балықты бекерге зерттемейді

002-%d0%b8%d0%b7%d0%bc%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%bd%d0%b8%d0%b5-%d1%83%d1%80%d0%be%d0%b2%d0%bd%d1%8f-%d0%ba%d0%b8%d1%81%d0%bb%d0%be%d1%80%d0%be%d0%b4%d0%b0-%d0%b2-%d0%b2%d0%be%d0%b4%d0%b5-dscf3127


Биылғы қыркүйек айында «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның Батыс Қазақстан және Атырау филиалдарының, Мәскеудің Бүкілресейлік балық шаруашылығы және океанография институтының қызметкерлері Жайық өзенінде бірлескен экспедициялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстары Жайық өзеніндегі бекіре балықтарының уылдырық шашу орындарын паспортизациялауды, олардың жағдайын зерттеуді, морфометриялық көрсеткіштерін (көлемін, ауданын зерттеу) анықтауды, сол уылдырық шашу орындарының тиімділігін сараптауды, картасын жасауды көздейді.


— Облыс аумағында Жайық өзенінің ортаңғы ағысының төменгі бөлігі және төменгі ағыстың жоғарғы бөлігі орналасқан. Сондықтан біздің өңір аумағындағы өзен бөлігінде бекіре тұқымдас балықтардың ең тиімді уылдырық шашу орындары орналасқан, — деді «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның БҚ филиалының директоры Төреш Мырзашев. Оның айтуынша, 2003 жылы жүргізілген паспортизациялық зерттеулердің нәтижесінде БҚО мен Атырау облысы аумақтарындағы өзен бөлігінен бағалы балықтың 68 уылдырық шашу орны анықталған. Соның ең тиімді, ең табиғи қолайлы уылдырық шашу орнының 55-і біздің өңірге тиесілі. Каспий теңізі — тұзды су, теңізді бекіре балықтары жайылым ретінде пайдаланғанмен, олар жыныстық жағынан жетілгеннен кейін табиғи инстинктпен уылдырық шашуға Жайыққа, тұщы суға көтеріледі. «Бекіре уылдырық шашуға Жайыққа екі рет шығады. Көктемгі анадромдық бағытта уылдырық шашуға шығатын балықтармен (оларды «яровые» дейді) қатар күзге таман келіп, Жайықтағы шұңқырларда қыстап шығып (олары «озимые») көбейетіндері бар. Бекіре балықтары негізінен Жайық өзенінің арнасында және өзен жағалауында орналасып, суы көтерілгенде судың астында қалатын қүмды-қиыршық тасты орындарды уылдырық шашуға тиімді пайдаланады. Жалпы, уылдырық шашу орындары 2003 жылдан бері мүлдем зерттелмеген. Соны қайтадан тексеріп, қандай жағдайлар орын алды, уылдырық шашу орындары өзгеріске үшырады ма, соны зерттеп картасын жасадық, — деді Төреш Қайыржанұлы.

Зерттеу нені көрсетті?

20-09-201%d1%85%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba%d0%b0%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba-%d1%8d%d0%ba%d1%81%d0%bf%d0%b5%d0%b4%d0%b8%d1%86%d0%b8%d1%8f5%d0%b0-0%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%81%d1%83%d1%88%d1%8b%d0%bb%d0%b0%d1%80Жайық өзенінде бекіре балықтарын кәсіби аулауға ешуақытта рұқсат етілмегені белгілі. Өйткені Ақ Жайықтың облыс аумағындағы бөлігі КСРО заманында ерекше қорғалатын аймақ болды. Өзен тек бекіре балықтары емес, басқа да кәсіби балықтардың уылдырық шашатын өрісі болып есептеледі. Ал Каспий теңізінде кәсіби балық ауланып келгенмен, 2010 жылы оған да тыйым салынды. Одан кейін тек ғылыми мақсатта Атырау қаласында орналасқан екі бекіре өсіру зауыттарына (балықтың аналығы мен аталығы) өндірушілер қажет болғандықтан, оларға белгілі балық аулауға квота бөлініп келді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің №177 бұйрығы бойынша 2016 жылдың 30 маусымынан бастап бекіре балығын аулауға тыйым салды. Мәскеу ғалымдары бекіре тұқымдас балықтың уылдырық шашып, табиғи көбеюі тек Жайықта сақталғанын айтады. Рас, Еділде бекіре тек Вольжск қаласына дейін көтеріле алады. Одан әрі Вольжск бөгеті, су қоймалары мен ГРЭС-тер тұр. Ал Орск қаласынан бастап Жайық өзенінде бірде-бір су қоймасы салынбаған. Сондықтан бекіренің емін-еркін көбеюіне толық жағдай жасалған.

— Зерттеулердің нәтижелері бойынша ғылыми тұрғыдан ұсыныстар дайындалып, беріледі. Бекіре балықтарының уылдырық шашу орындарын қорғау, бекіре балықтарының табиғи көбеюіне қолдау жасау маңызға ие. Экспедицияның мақсаты да — сол. БҚО филиалы ғалымдарының зерттеулері бойынша 2013-2015 жылдары аралығында Жайық өзенінде шоқыр балығының шабақтары бар екені анықталды. Облыс аумағындағы бекіре балықтарының көбею орындарында осы шоқыр балығының әлі де болса, табиғи жолмен өсе алатындығын көрсеттік. Сүйрікке келетін болсақ, ол көп миграция жасамайтын көлемі кішірек (40-50 см) балық, оның популяциясы Жайықта сақталып отыр, — деді Т. Мырзашев.

Бағалы емес балықтар популяциясы күш алуда

Мамандардың айтуынша, бекіре — құнды, эволюциялық жағынан ең көне балық. Бүгінде олардың түр ретінде жойылып кетпеуі табиғат қорғаушылардың, ғалымдардың, экологтардың басын ауыртатын жайт. Өткен ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысына дейін Каспий теңізінен бекіре балықтары өзенге көтеріліп отырса, сол жылдардың екінші жартысынан бастап олардың популяциясы күрт төмендеп кетті. Қазір қорытпа, бекіре, пілмай сықылды балық түрлері өңірімізге жете алмай жатыр, яғни популяциялық саны бірнеше есе қысқарып кеткен. Жайықты 47 балық түрі мекендесе, соның 40 пайызын тұқы тұқымдас кәсіби балықтар, 11 пайызын бекіре тұқымдас балықтар құрайды, ал қалғандары басқа тұқымдастарға жатады. Ғылыми-зерттеу мақсатындағы суға салынатын ауларға тек қана тұқы кәсіби балықтары түсетіні соны айғақтайды. Облыста балық шаруашылығы маңызы бар 238 су айдынының 163-і (Жайықты және оның сол және оң жақ жағалауларындағы су жайылымдарын қоса алғанда) халықаралық маңызға ие. Қалған 75 су айдыны жергілікті маңызы бар саналады және оған Жайық-Көшім, Қамыс-Самар суландыру жүйесінің су айдындары, Шалқар көлі, Өлеңті, Шолақаңқаты, Қалдығайты, Ембулатовка, Быковка, Шыңғырлау және өзгелері жатады.

2006-2016 жылдар аралығында өңірдегі 74 су айдыны балық шаруашылығына маңызы бар болып есептеледі. Су айдындарындағы ең көп тараған балық түрлері табан -14, балпан — 15, торта және қызылқанат -16, мөңке — 19, алабұға 20 су айдынында жиі кездеседі. Олар да салмағына, ұзындығына қарамастан кәсіби балықтар болып есептеледі. Кәсіби құнды балықтарды сазан, жайын, шортан, көксерке, аққайраң балығын кәсіптік, спорттық-әуесқойлықпен аулаушылар жеткілікті. Сондықтан таңдап аулаудың кесірінен су айдындарында осындай балықтар азайып кеткен. Оның орнын құны жағынан бағалы емес балықтар басып, олардың популяциясы көбейіп барады. Әзірге балықтың бір түрі мүлдем жоғалып барады деген факті жоқ. Кері-сінше Орал төңірегіндегі су қоймаларында бұрын ихтиофаунамызда кездеспеген ротан-головешка деген балық тірлік етуде. Денесінен басы үлкен, ұзындығы 12-14 см болатын бұл жыртқыш балық өзгелердің қорегіне бәсекелес әрі өзге балықтардың шабақтарымен қоректеніп, экологиялық орыннан басқа балықтарды ығыстыратын мүмкіндігі бар. Ғалымдар балықтың бұл түрін Ресей жағынан түрлі жағдайлармен (балықтандыру кезінде немесе су жайылымдарынан) келіп, таралған деп есептейді. Әдетте табиғи су айдындарында мұндай балықпен күресу тек мелиоративтік аулау әдісімен жүргізіледі. Мысалға, дөңмаңдай да — жерсіндірілген балық, Тайпақ жағында жайылма суларда көп кездеседі. Білетіндер оны әуелде Рыбцехтағы тоғанда өсірілгенін, тоған бұзылған жағдайда шығып кетіп, Шағанға, одан әрі Жайыққа өтіп кеткенін айтады. Негізі оларды Қиыр Шығыстың өсімдік қоректік балықтары деп атайды. Жаз айларында су келмеген жылдары су асты шөптері қаулап өседі. Сонда ғалымдар ақ амур, шұбар дөңмаңдай, ақ дөңмаңдай балықтарын өсіруге кеңес береді. Алайда ақ амурға ағыс керек. Мұндай балықтардың мелиоративтік-биологиялық маңызы бар.

Балықты молайтуға ықыласты

Облысымызда жыл санап табиғат пайдаланушылар қатары өсіп келеді. Аталмыш ҒЗИ-мен 2007 жылы балық шаруашылығы қолданылуында 17 су айдынынан 378 тонна балық аулауға лимит берілген. 2008 жылы 14 су айдынынан — 256,8 тонна, 2009 жылы 15 шақты су айдынынан — 775,5 тонна, 2010 жылы 27 су айдынынан — 1185 тонна, 2011 жылы 17 су айдынынан — 1132,6 тонна, 2012 жылы 14 су айдынынан — 605,5 тонна, 2013 жылы 8 су айдынынан — 288 тонна, 2014 жылы 10 су айдынынан — 273,4 тонна, 2015 жылы 8 су айдынынан — 257,6 тонна, 2016 жылы 12 су айдынынан 355,7 тонна балық ұстау лимиті бекітілді. Ең көп балық аулау көлемі 2010-2011 жылдарға сәйкес келеді. Өйткені бұл жылдары әкімдіктің шешімі бойынша су айдындары табиғат пайдаланушыларға көбірек бекітілген.

Соңғы кезде табиғат пайдаланушылар балық аулаудың экстенсивті түрінен интенсивті түріне көшірілуде. «Бұл үшін кейбір су айдындары көлдік тауарлық балық шаруашылығына көшіріледі. Осы жағдайда табиғи ихтиофаунаны құнды кәсіби балық түрлерімен алмастыра отырып, су айдындарына құнды балықтар жіберіп, толықтырады. Осының арқасында балық көбейіп, балық аулау өнімділігі артады. Биыл үш су айдыны көлдік тауарлық балық шаруашылығын жүргізуге ұсынылды. Олар — Жаман Бөрлі (Федоровка жағында), Улекта (Орал-Ақсай күре жолы жағында), Гремячий (Белес ауылы маңында). Осы шаралардың барлығы өзен-көлдердегі балық түрін молайтуға, облыс тұрғындарын балық түрлерімен молынан қамтуға жол ашады», — деді «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның БҚФ-ның директоры Төреш Мырзашев.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар