7.11.2016, 19:27
Қараулар: 69
Күн тәртібінде: үш тілде білім беру

Күн тәртібінде: үш тілде білім беру

dsc_1557


Білім саласына қатысты жаңа реформаға сәйкес биыл еліміздегі педагог мамандардың тілдік біліктілігін көтеруге байланысты дайындық курстары жүргізілуде.


2019 жылы барлық мектепте жоғары сынып оқушылары үшін жаратылыстану бағытындағы төрт пән – физика, информатика, биология, химия ағылшын тілінде жүргізілетіні белгілі. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тілдер және менеджмент факультетінің мамандары мұғалімдерді ағылшын тілінде оқытуды қазан айында бастапты. Қазіргі уақытта тілашар курсына қатысушылардың екінші легінде курстың алғышарттарын меңгеруге кіріскен Орал қаласының өзінен және Бөрлі, Теректі, Қазталов, Тасқала аудандарынан келген 230 мұғалім бар.

Облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің қолдауымен курс қатысушыларына Назарбаев зияткерлік мектебі мен облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты ұжымдары өз тәжірибесімен бөліседі. Үштілділікке байланысты алғашқы дайындық курсының ұйымдастырушысы, Еуразия индустриалдықэкономикалық колледжінің директоры Роман Бисенғалиев қалалық және аудандық білім беру бөлімдерінен ағылшын тілі курсына бекітілген педагогикалық құрамды өзгертпеуді, яғни тұрақты қатысып отыруын талап еткенін айтады. Екіншіден, курсқа жасы 45-ке дейінгі мұғалімдер қабылдануда. Курс алдында тестілеу арқылы мұғалімдердің тілдік деңгейін анықтап, сол арқылы топқа бөліп, деңгейлеп оқыту қолға алынған. Келесі кезеңге дейінгі аралық мерзімде тілдік курс онлайн режимде жалғасатын болады. Екі ай сайын мұғалімдер облыс орталығына келіп, сынақ тапсырып отырады. Ауданнан келетіндердің іссапар шығындарын білім беру бөлімдері түгелімен қамтамасыз етеді.

«Оқыту курсы әр топқа 144 сағатқа есептелінген. Жыл соңына дейін үш лекпен 38 топқа бөлінген 563 мұғалім қамтылады. Қазіргі уақытта салалық терминологиялық сөздіктер мен оқу-әдістемелік құралдарын дайындап,  пайдалануға беріп жатырмыз. Келесі жылғы маусым айына жоспарланған тілдік курстың екінші кезеңінде әр пәннің мұғалімдеріне ағылшын тілі бөлек оқытылады. 2018 жылы жоспар бойынша үшінші кезеңнің оқу-әдістемелік жұмыстары ұйымдастырылады. Оқыту курсын тендер рәсімі негізінде облыстық бюджеттен бөлінген 80 миллион теңге қаражатқа жүзеге асырамыз. Мұғалімдерге әзірше 15 тіл маманы дәріс беруде. Өткен айда 118 мұғалім ағылшын курсының алғашқы легінде оқыды», – дейді Роман Масалимұлы.

Жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқытудың нәтижесіне байланысты еліміздегі сарапшылар әрқилы пікір білдіріп жатқаны тұрғындарға мәлім. ҚР Білім және ғылым министрлігі заман талабына сай үш тілде оқыту ұрпақтың жаһандық бәсекеде мығым болуын қамтамасыз етеді деп сендіреді. Ал бірқатар қоғам қайраткері мен ұлт зиялылары жаңа реформаны іске қосу қазақ тілінің ғылымдағы рөлін төмендетіп, оқу үдерісінде балалардың психологиясына кері әсерін тигізетінін айтып, дабыл қағуда. Роман Бисенғалиев те бұл жоба аяқсыз қалмаса екен деп алаңдайды. Себебі еліміздегі білім саласына жаңа министр тағайындалса, жаңа реформаның басы қылтиятыны белгілі.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, химия ғылымдарының докторы Дина Меңдәлиева: «Негізінде, нақты ғылымдарға қатысты қазақ тілінде жазылған сапалы оқулықтар және әдістемелік құралдар жеткіліксіз. Кейбір ағайындарым оқу жүйесіне жаңа реформа енгізілетінін естігенде, балаларын қазақ мектебіне беру жайын ойлануға мәжбүр болды. Негізінен түпкі салдарын жете зерделеп қолға алу керек еді», — деді біздің қойған сауалымызға.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың уәжінше, министрлік мемлекеттік тілді дамытуға баса көңіл бөлуге тапсырма берген. «Он екі жылдық оқыту жүйесіне көшу – заман талабы. Болашақ мамандығы жаратылыстану-математика бағытындағы  пәндерімен тығыз байланысты болса, оқушы жоғарғы сыныпқа өтерде өз еркімен таңдаған екі пәнді ағылшын тілінде оқиды. Ал гуманитарлық салаға бет бұратын түлектер үшін аталған пәндер қазақ тілінде жүргізіледі», – деді ол. Оның айтуынша, 1992 жылы облыста балалардың 52,3 пайызы қазақ мектебіне барса, араға он төрт жыл салып бұл көрсеткіш 67,4 пайызға дейін артқан. Соңғы жылдары бірыңғай қазақ тілінде оқытатын мектептер ашылуда. Қазіргі кезде облыстағы 384 күндізгі мектептің 259-ында – қазақ, 33-інде  орыс тілінде сабақ берілсе,  92-сі  аралас мектеп екен. Білім ошақтарын қазақ тілді мектепке айналдыру мәселесі де күн тәртібінен түспейді.

Реформаның жемісін алдағы жылдар айқындайды. Ең бастысы, мемлекеттік тілдің болашағы – ұрпақ болашағымен тығыз байланысты екенін ұмытпайық!

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар