7.11.2016, 19:25
Қараулар: 24
Жаңа бапкер мен ойыншылар келді

Жаңа бапкер мен ойыншылар келді

%d0%b0%d0%ba%d0%b6%d0%b0%d0%b9%d1%8b%d0%ba-%d0%b4%d0%be%d0%bf%d1%82%d1%8b-%d1%85%d0%be%d0%ba%d0%ba%d0%b5%d0%b94


Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығына» жаңа бапкер мен ойыншылар келді.


«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, бас бапкерлікке Саратовтан келген Владимир Кожевников тағайындалды. Ол осыған дейін «Ақжайықпен» бір топта ойнап жүрген Саратовтың «Универсалын» жаттықтырып, біраз табысқа қол жеткізген. Команданы күшейту мақсатында жаңа бапкермен бірге Ресейден жеті бірдей ойыншы алынды. Олар: жартылай қорғаушылар Сергей Гаврилов (Қазан), Евгений Суковин (Омбы), Артем Недоступов (Саратов), Максим Никишов (Краснотурьинск), қорғаушылар Сергей Пантеев (Навашино, Нижегород облысы) және Александр Подметалин (Саратов). Оған қоса өткен жылғы маусымда «Ақжайық» құрамында мергендігімен көзге түскен тағы бір ресейлік, шабуылшы Сергей Башаев (Ишеевка, Ульянов облысы) өнер көрсетуін жалғастырады. Сонымен қатар «Ақжайықтан» біраз ойыншының кеткендігі белгілі болды. Соның ішінде жастайынан жарқырап көрініп келе жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, екі мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері Ескендір Нұғманов енді Норвегияда бағын сынап көрмек. Оның орнына капитандық тізгінді Орал допты хоккейінің тағы бір түлегі Максим Өтебалиев алды.

Биыл өзінің құрылғанына 40 жыл толуын атап өтетін «Ақжайық» жаңа маусымда бұрынғыдай «Маяк» (Краснотурьинск), «СКА-Свердловск» (Екатеринбург), «ДинамоҚазан-2» (Қазан), «Универсал» (Саратов), «Никельщик» (Верхний Уфалей), «Знамя-Удмуртия» (Воткинск), «Локомотив» (Орынбор) командаларымен бір топта өнер көрсетпек. Бұл топтағы ойындар 30 қарашада басталып, алдағы жылы 26 ақпанда мәреге жетеді.

«Басты мақсат – өз тобымызда табысты ойын өрнегін көрсетіп, финалдық сайыстарға жолдама алып, жоғары топ командалары арасында жүлдегерлер қатарынан көріну», – деді Азамат Шайхы.

Айта кетейік, қазіргі кезде «ҚПО б.в» компаниясының қаржысына «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны салынуда. Сондықтан «Ақжайық» жаңа маусымда өз айдынындағы кездесулерін Оралға қарасты Зачаган кентіндегі «Стеновик» стадионында өткізеді.

Ғайса  БӘЙМЕН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар