«Алтын жүректің» иесі

%d1%80%d0%b0%d0%b4%d0%b0-%d1%85%d0%b0%d0%b9%d1%80%d1%83%d1%88%d0%b5%d0%b2%d0%b0


Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында өткен  «Алтын жүрек» сыйлығының 10-шы мерейтойлы салтанатты марапаттау рәсімінде жерлесіміз Рада Хайрушева «Ата-анасыз қалған балаларға көрсеткен көмегі үшін» аталымы бойынша «Алтын жүрек» иегері атанды.


2007 жылдан бері «Бауыржан» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен қолға алынған бұл жоба еліміздің барлық аймағын қамтиды.

— Бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Жетімдердің басынан сипап, қайырымдылық жасап жүргелі мен қаламызда мейірімді адамдардың өте көп екенін сезіндім. Ал «Алтын жүрек» иегері атану бізді тек алға жетелейді. Мен Алматыдан өте жақсы әсермен оралдым.  Марапаттау рәсімі өте жоғары деңгейде өтті. Залда ине шаншар орын болған жоқ. Еліміздің танымал жұлдыздары өнер көрсетті. Мен «Алтын жүрек» сыйлығын өзіміздің жерлесіміз, белгілі продюсер Баян Мақсатқызының қолынан алдым.

Бұл шарада жеңген де, жеңілген де жоқ.  Өйткені айналасын мейірімге бөлеп жүрген жандардың бәрі – алтын жүректі жандар. Біз алдағы күндері жетімдер үйі, мүгедектер үйі, қарттар үйі болмаса екен деп армандаймыз. Осындай игілікті, қайырымды істер жалғаса берсе, ол күннің де алыс емес екеніне  сенеміз. Ең бастысы, сәбилерімізде бақытты, мұңсыз балалық болса екен. «Бірлік болмай, тірлік болмайды» демекші, біз біріксек, еліміздің әлеуеті артып, балаларымыздың бақытты болуы үшін бәрін жасай аламыз, — дейді Рада Хайрушева.

14591823_616355531881371_7862592409796460694_nҚайырымдылықпен 2012 жылдан бері айналысып жүрген Рада өзінің қайырымдылық ісін  перзентханадағы жағдайы нашар ата-аналарға киім-кешек жинап беруден бастады. Кейіннен мейірімді жандардың бірігуімен «Көмек қолын созу» атты топ құрды. Сол уақыттан бері олар ата-анасыз қалған балаларға қуаныш сыйлау үшін бағытталған 250-ге тарта әр түрлі шаралар өткізді.

— Қазіргі күнде әр саладан жиналған мейірімді жандардың қолдауымен біз табысы аз жанұялардың балаларына көмек беру мақсатында ағылшын тілінен дәріс беретін тегін курс аштық. Ағылшын тілінің мұғалімдері Ирина Шакурова мен шотландық Кенни Скеа балаларды тегін оқытуды бастап кетті. Ал осы игі іске жастар ресурстық орталығы өз ғимаратынан балаларды тегін  оқытатын бөлме тауып берді. Сондай-ақ балалардың жолақысын төлеп отырған Руслан Ихсанов пен тәтті тағамдар мен шайды қамтамасыз етіп жүрген Динара Боранғалиева, Евгения Гулицкаяға айтар алғысым шексіз.

Сонымен қатар көп балалы ананы сән саласында маман болуға оқытудамыз. Табысы аз отбасының бір қызын жұмысқа орналастырдық. Алда жоспарларымыз  өте көп, — дейді «Алтын жүрек» иегері.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”