2.11.2016, 20:33
Қараулар: 38
Көтерілісті зерттеу – уақыт талабы

Көтерілісті зерттеу – уақыт талабы

dscf8566


М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған «Батыс Қазақстандағы 1916  жылғы  ұлт-азаттық  көтеріліс:  тарихы  мен  тағылымы» деген  тақырыпта  дөңгелек  үстел  отырысы  болып, онда тарихшы-ғалымдар  мен  зиялы  қауым өкілдері  пікір  алысты.


Тарих ғылымдарының кандидаты, университет доценті Жаңабек Жақсығалиев жүргізген шарада ғалымдар еліміздегі, соның ішінде Батыс Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс бабаларымыздың азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күресінің заңды жалғасы екендігі, сол себепті оны әлі де терең зерттеу қажеттігі жөнінде ортақ тоқтамға келді. Әсіресе, 1916 жылға байланысты Жетісу мен Торғай өңіріндегі көтерілістер жөнінде көп айтылады да, Батыс Қазақстандағы осындай толқулар ауызға іліге бермейді.  «1916 жылғы көтерілістің ел тарихындағы орны ерекше. Өйткені ол Ресей империясының құлауына соқтырса, Бекболат сынды ұлт батырларынан көкірегінде оты бар ұрпақ үлгі алды. Мысалы, сталиндік зұлмат кезінде қазақ еліне азаттық әперемін деп, Батыс Қазақстан облысындағы Жалпақталда жасырын жастар ұйымын құрып, өзі 1941 жылғы желтоқсанда атылып кеткен Ғұбайдолла Әнесовтің аңсар-арманы босқа кеткен жоқ. Оны 1986 жылы Алматыда қазақ жастары жалғастырып, бұл толқу бүкіл кеңес империясының ыдырауына әкелді. Міне, ұлт-азаттық қозғалыстардың арасында осындай байланыс бар», – деді  Ж. Жақсығалиев.

Жиында сондай-ақ университеттің бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әсет Тасмағамбетов, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, тарих ғылымдарының кандидаттары Есқайрат Хайдаров, Альфия Байболсынова, филолог Азамат Мамыров, журналистер Мұнайдар Балмолда, Қазбек Қабжанов және басқалар ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті. Мысалы, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин: «Ел тарихында 300-дей, кейбір деректерде 400-дей ұлт-азаттық қозғалыс болған деп айтылса, соның ішінде ең елеулілерінің бірі – 1916 жылғы көтеріліс», – десе, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин мұның бәрін бір жүйеге түсіру үшін өлке тарихын зерттейтін арнайы орталық құрып, оған университет ғалымдарын тартып, Ресей мұрағаттарында жатқан құнды деректерді алдырып, ғылыми айналымға қосу қажеттігін жеткізді.

«1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығын мемлекеттік деңгейде атап өту керек еді. Әзірге шағын жиын, конференциялар түрінде өтуде. Екіншіден, Батыс Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс тарихы толық зерттелген жоқ. 1926 жылы сол кездегі ел үкіметі арнайы қаулымен аталмыш көтеріліске қатысқандардың естеліктерін жинастырған екен. Бұл жазбалар облыстық «Қызыл ту» газетінде (қазіргі «Орал өңірі») жарық көрген. Кейін осындай мақалалар 1936 жылы облыстық газет «Екпінді құрылыс» деп аталған кезде де басылған. Міне, көтерілістің ізі суымай тұрып, қағазға түскен осы жарияланымдарда әлі ғылыми айналымға қосылмаған тың деректер бар. Бұл газет тігінділері Алматыда сақталған. Мұндай естеліктер өзге өңірлерде де қалған болуы керек. Соның бәрін қайта ретке келтіріп, тұжырымдап, жарыққа шығарсақ, бұл бабалар алдындағы парызымыздың орындалғаны болар еді», – деді тарих ғылымдарының кандидаты, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы Жәнібек  Исмурзин.

Ғайса  БӘЙМЕН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар