Мұрағат: Декабрь, 2018


Түйетізелік пайдалы екен!

Күні: , 32 рет оқылды

Өз  басым  «Орал өңірі»  газетінің «Басты байлық» бетін  мұқият  оқимын. Себебі,  бұл  бетте  әр  түрлі ауру-сырқаудан  емделу жолдары,  дерт  атаулының алдын  алуды  көздеген дәрігерлік  кеңестер,  сауатты  тамақтану,  саламатты өмір  салтын  қалыптастыру  сықылды көкейкесті  мәселелерді арқау  еткен  үлкен-кішіге  бірдей  өте  пайдалы мақалалар  жарық  көреді.

Мысалы, «Орал өңірінің» биылғы 18 қазан күнгі санында газет тілшісі Гүлсезім Бияшеваның «Буын неге сырқырайды?» атты мақаласы жарық көрді. Буын дертіне шалдыққан науқастар үшін таптырмас дүние. Мені де соңғы бірер жылдан бері қос тізем қатарынан сырқырап мазалап жүр.

Дәрігерлер қояр диагнозын қойғасын тиісті ем-домды алып тұрамын ғой. Бірақ кейде қос жіліктің арасынан салынатын бағасы удай қымбат укол-екпелердің өзіне күдік-күмәнмен қарайтын болдым. Мәселен, биыл көктем шыға әр тіземе үш-үштен «Беларто» деген дәріден алты укол алдым. Әр екпе үшін алынатын бір дәрінің құны 15 мың теңге. Сонда алты уколыңыздың жалпы құны – 90 000 теңге деген сөз. Алайда осыншама қарайған ақшаға ем-дом қабылдағаныммен, соның тап бір керім әсерін сезіне қойғаным жоқ. Енді айтайын дегенім, биыл Алматыда оқитын студент немерем жазғы каникулға келе жатып, Қызылорда облысының аумағындағы теміржол стансаларының бірінен маған арнап екі түйетізелік сатып алған екен. Қазір соның рахатын көріп жүрмін. Күн суықта жаңағы қос түйетізелікті киіп аламын. Содан екі тіземнің тұсы қыз-қыз қайнап, суықты сезінбеймін. Үйге кіргесін де, тізелікті біраз уақыт шешпей, қос тіземе қасиетті түйе түлігінің түбітінің қызуын сіңіремін. Бастапқыда сәл жүргеннен кейін тізеліктер сырғып кетіп, ыңғайсыздық туғызатын. Оның амалын бәйбішем тапты. Ол мына суреттен көріп отырғаныңыздай, тізеліктердің асты-үстін тым қыспайтындай, бірақ түсіп те кетпейтіндей қылып, резеңке өткізіп берді. Брежнев жарықтықтың заманында газеттерде «Озат тәжірибе – көпке ортақ» деген айдар болды ғой, сол сияқты шипасын сезініп жүрген түйетізеліктің пайдасын көпке таратқанды қош көрдім.

Жәдігер   АҚҚАЙЫРОВ,

Теректі   ауданы


Желі желіктірді ме екен? (болған оқиға)

Күні: , 191 рет оқылды

Әсемгүл  орта  мектепті  былтыр  ғана  бітірді.  Әуелден-ақ  онша  жақсы  оқымағасын, ол өзін  Ұлттық  бірыңғай тестілеуге  қатысамын  деп  қинамады.  Анасымен ақылдасты  да,  мектептен  емтихан  тапсыратын  болып  шешті.  Әсемгүлдің  бұл  шешімін  мұғалімдері  де  құптады.

Ол бала кезінен тұйық еді. Сосын да шығар, оның мектеп кезінде көп құрбысы болған жоқ. Айна есімді бір құрбысы болған. Кішкентай кезінде бірін-бірі ертпей мектепке бармайтын екі құрбының достығы есейе келе екіге жарылды. Себебі, Айна үзіліс сайын мектептегі буфетке баратын, сабақ үстінде айфоннан ән тыңдап отыратын байдың қыздарына үйірсек болып, қарабайырлау жанұядан шыққан Әсемгүлді ұмытып кетті.

Айфоны да, құрбысы да жоқ болғанымен, Әсемгүлдің арманы бар еді. Ол әдемі киімдер тігіп, соны сатсам, өзімнің жеке дүкенім болса деп армандайтын. Тұйық қыздың ішінде осындай әдемі арман бар деп кім ойласын? Ешкім ойлаған жоқ. Балалық қой, мүмкін арманға деген адалдық па, мектеп бітірушілердің салтанатты кешінде сыныптастарымен бірге орта мектепті бітіргендігін растайтын аттестатты алған кезде, Әсемгүл қолына аттестат емес, сол армандарына алып баратын жолдаманы ұстап тұрғандай қатты қуанды. Қуанса қуанғандай, осы аттестатпен барып, Орал қаласындағы  кәсіптік колледждердің бірінен тігінші мамандығын оқып алса болды емес пе? Сосын көйлек тіге бастайды. Әсемгүл арманымен бірге жатып, бірге тұрып, оқуға құжаттар қабылдай бастайтын тамыз айын тағатсыздана күтіп жүрді.

Әсемгүл сол жазда Вконтакте әлеуметтік желісі арқылы Дархан есімді жігітпен танысты. Дархан оған жиі жазып, хал-жағдайын сұрайтын. «Не істеп жатырсың? Әңгіме айт» деген хабарламалар күніне төрт-бес рет қайталанып келетін. Әсемгүл оған жауап беруден жалықпады. Сөйтіп өзі тұйық, замандастарымен де көп араласпай, қоғамнан оңашаланып қалған ауылдың қызы үшін желідегі жігіт ең  жақын  адамына  айналып  бара  жатты.

«Қыз   балаға   білім   алудың,   жұмыс  істеудің   қажеті  жоқ!»

Сөйлесіп жүрген екі аптаның ішінде Әсемгүл Дарханның Орал қаласында тұратынын, бұрын үйленбегенін, өзінен 13 жас үлкен екенін және намаз оқитынын білді. Кейін жігіттің әңгімелері де діни уағыздарға ұқсай бастады.

«Қыз балаға білім алудың, жұмыс істеудің керегі жоқ. Жұмысты ер-азаматтар істеп, жанұяны солар асырайды. Қыздар ана болуға, ер-азаматтың ұрпағын көбейтуге міндетті. Әйел адам күйеуінің разылығын алуы тиіс». Осы әңгімелер күніге қайталанатын болды. Дархан өзінің сөзін «О дүниеге барғанда ерін және ерінің ата-анасын сыйлаған әйел жәннатқа қалаған есігінен кіреді» деп келетін Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистермен толықтырып қоюға және шебер еді.

Вконтакте желісі арқылы бірер айдай сұхбаттас болған Дархан бір күні Әсемгүлге «Маған тұрмысқа шық, сені алып кетейін!» – дейді.

Әсемгүл ойланып қалды. Былай қарасаң, жаман әдеттері жоқ, ақыл тоқтатқан, бастысы, намаз оқитын иманды жігіт. Оның үстіне, Дарханның ер мен әйел туралы екі апталық «насихаты» да қыздың ойына ой қосты. Содан не керек, көп кешікпей Дархан Жымпитыға келіп, Әсемгүлді Орал қаласына алып кетті. Әсемгүл де өмірінде көрмеген адамға ілесіп, өзіне беймәлім бір әлемге бара жатты.

«Менің   істегенімді  істе!»

Дарханның Орал қаласына іргелес Асан ауылында үйі бар екен. Сол үйде анасымен бірге тұрады. Өзі Атырау қаласында вахталық әдіспен жұмыс істейтін болып шықты.

Әсемгүлдің күйеуге қашып кеткені ата-анасын әбігерге салды.

Бұрын танитын, сөйлескен ауылдың баласына кетсе жақсы ғой, жан баласымен жанасып көрмеген жалғыз қыздарының бейтаныс әрі өзінен 13 жас үлкен адамға ілесіп кетіп қалуы әке мен ананы мазаламай қойсын ба? Оның үстіне жігіттің елінен елдігін көрсетіп, кешірімге де бір адамның келмеуін қарашы! Шыдамады. Өздері іздеп барды. Бата шайға ұқсайтын шағын дастарқан жігіттің үйінде болды. Екі жастың шаңырақ болуы

қуанышының дүбірі сол дастар-қанмен шектелді. Әсемгүл бұл үйге өз қалауымен келгенін, Дарханның жары болып қалатынын айтты. Кететін қыз кетті. Әке мен ананың бақыт тілеуден басқа амалы қал-мады.

Бақыт қайдан оңай бола қойсын? Өмір де, Дархан да Әсемгүл ой-лағандай жақсы болмай шықты. Дархан осыған дейін ер мен әйелдің жанұя құруы, олардың міндеттері туралы уағызды көп айтқанымен, Әсемгүлмен неке қимады.

– Дархан, мешітке барып, имамға некемізді қидырмаймыз ба? – деп сұрады ол бір күні.

– Имамы несі? Біздің некемізді қиятындай ол кім? Ертең жұмыстан Абдолла бауырымыз келеді. Некемізді соған қидырамыз! – деп жауап берді Дархан оған.

Дарханның дінді ұстанғанымен, имамдарға қырын қарауы, шыны ке-рек, Әсемгүлге түсініксіздеу көрінді. Бірақ өзі Әсемгүлден бірден иманды жар «бола қалуын» талап етті. Ең бірінші, намаз оқып үйрен деп бұйырды. Сосын етек-жеңі ұзын киім кигізді, жүзін тұмшалап тұратын орамал тартқызды. Бұл киімдердің бәрі қара түсті еді. Киімді кие салу оңай ғой, ал бірден намаз оқу Әсемгүлге оңай болмады.

– Менің діннен ешқандай хабарым жоқ, намазды қалай оқимын? – деп сұрады Әсемгүл Дарханнан.

– Оқы дегеннен кейін оқуға міндеттісің! Сылтау іздеме! Қалай оқитынын білмесең, мен намаз оқығанда менің артыма тұр да, менің істегенімді істе! Үйрен! – деді Дархан оған.

Дарханның «ұстаздығы» мұны-мен шектелмеді. Ол күн сайын Әсемгүлге ғаламтордағы You Tube әлеуметтік желісінен Дарын  Муба-ровтың адамның жан тәпсіру сәті, о дүниедегі азап туралы уағыздарын тыңдатты. Әсіресе, өлген адамның қабірдегі жағдайы жайлы бір бейнероликті көрген Әсемгүл қатты қорқып қалды.

Күйеуінің тарапынан осындай рухани қысымға ұшырағаны аздай, Әсемгүлге қайын енесімен тіл табысу да қиынға соқты. Жасы он сегізден енді асқан бойжеткеннің үй шаруасына епсіздігі, олақтығы, алаңғасарлығы бәрі-бәрі енесінің ашуын туғызды, ол ашу кейін Дархан екеуінің арасындағы жанжалға себеп болды.

«Маған   намаз   оқымайтын   әйел   керек  емес!»

Дарханның екі апасы бар еді. Бір апасы намаз оқиды екен. Сол намазхан апасы да Әсемгүлге жиі насихат айтатын. Дархан Атырауға жұмысқа кеткен уақыттарда үйге арнайы келіп, «Намазыңды оқып жүрсің бе? Қаза болып жатқан жоқ па?» деп тексеретін.

– Мен намаз оқу білмеймін. Күйеуім жұмыстан келгеннен кейін соған ұйып оқимын. Өз бетімше оқи алмаймын, – деді Әсемгүл ол кісіге.

Апасы Әсемгүлдің осы сөзін жұмыстан келгеннен кейін Дарханға айтты. Дархан болса, бірден әйеліне дүрсе қоя берді.

– Мен жоқ кезде намаз оқымай-ды екенсің ғой! – деп жынданған ол сол күні Әсемгүлге қол көтерді. Қол көтерді деген нәзіктеу болатын шығар, аямай сабады.

Оқу оқимын деген арманынан бас тартып, бір азаматтың етегінен ұстадым дегенде, Әсемгүлдің қалаған бақыты бұл емес еді. Ол сол үшін өкінді. «Мен кетемін!» – деді. «Кетсең кете бер, намаз оқы-майтын әйел керек емес маған!» – деді оған Дархан.

Әсемгүл қазір үйіне қайтып кел-ді. Қайтып келді деген ауыр сөз, әрине! Бірақ жағдай солай болды. Дархан кейін «Алып кетейін бе?» деп хабарласқан, ал оған Әсемгүл «Бәрі бітті!» деп жауап беріпті.

*  *  *

Біз оқырманға Сырым ауданында бір-екі жыл бұрын болған оқиғаны баян қылдық. Кейіп-керлердің есімдерін өзгерттік, бірақ болған жағдайдың желісін ешқандай боямасыз, сол күйінде қалдыруға тырыстық. Егер кейіп-керлердің есімдері шынайы өмірдегі адамдардың атына ұқсас болып кетсе, кездейсоқ сәйкестік деп қабылдаңыздар.

Әрине, бір оқыған адамға бұл жерде дәм-тұзы жараспаған екі жастың тағдыры ғана айтылады. Бірақ тереңірек үңілсек, көптеген мәселелерге тап боламыз.

Бірінші мәселе – әлеуметтік желі.

Ақын Мейірбек Сұлтанхан бір айтыста «Әлеуметтік желі деп кіргеніміз, Әлеуметтік желім боп бара жатыр!» деп еді. Мейірбек ақын айтса айтқандай, әлеуметтік желі бізді телефонға желімдеп, уақытымызды өлтіргені аздай, тағдырларды бүлдіріп жатыр.

Әсемгүлді Дарханмен таныстырған, кейін өмірін басқа арнаға бұрып жіберген де – осы әлеуметтік желі. Көрмеген, танымаған, тек Вконтакте желісі арқылы бір айдай сөйлескен адамға күйеуге шыға салған Әсемгүлдің қылығын жастық деп ақтағанымызбен, дұрыс дей алмаймыз. Ал өмірлік жарын интернеттен іздеген Дарханға тіпті айтарымыз жоқ. Ол шынымен де әйел іздеді ме, әлде жас қызды ермек қылғысы келді ме деген де сұрақ туады?

Сырым аудандық «Сырым» деструктивті секталардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығының басшысы, теолог Ержан Жұмағожиев Әсемгүлдің жағдайымен таныс екен. Қарындастың өзімен де, анасымен де сөйлесіпті. Оқиға туралы ол былай деп пікір білдірді.

– Дарханды танымаймын, тілдесіп де көрмедім. Бірақ оның кейбір іс-әрекеттері теріс діни ағымның өкіліне тән екен. Дарханның Дарын Мубаровтың уағыздарын насихаттағанынан-ақ, маған осы ой келді. Себебі, Дарын Мубаровтың уағызын тыңдауға, оны насихаттауға Қазақстан мұсылмандары-ның діни басқармасы ресми түрде тыйым салған.

Әлеуметтік желі – бүгінгі күні теріс діни бағытты ұстанатын адамдардың басты білім құралына айналды. Олар You Tube желісінен уағыз тыңдайды, WhatsApp желісіндегі топтарға қосылып, қосымша уағыздарды сол жерден алады. Білімдерін солай күшейтеді. Біздерді әлеуметтік желі арқылы қарын-дастарымыздың діни ұстанымы теріс адамдармен танысып, жанұя болу жағдайларының жиілегені алаңдатып отыр. Әсемгүлдің тағ-дыры – сөзіміздің дәлелі.

Теолог бауырымыздың сөзінің жаны бар. Қазір жастар қоғамды, адамдарды әлеуметтік желіде көзбен «өлшейтін болды». Сосын да ғой, парақшасына мешіттің суретін немесе Құран аяттары мен хадистер жазылған суреттерді қойған адамдар тақуа,  ал суретке орамал тартып түскен қыздар мен сақалы бар жігіттер бірден иманды адамға айналып шыға келді. Ал орамал тартқан қыз бен сақал қойған жігіттің бәрі иманды ма, онымен ешкімнің шаруасы жоқ.

– Иманды сақалмен өлшейтін үрдіс белең алып келеді, – дейді сөзімізге сөз қосқан Сырым ауданындағы әйелдер жамағатымен жұмыс жүргізетін теолог Әсел Әб-дубәли.

Әсел Әбдубәлидің айтуынша, замандастарымыз сақал мен орамалды дін деп түсінеді екен. Ал дінді сыртқы қалпымен ғана қабылдаудың арғы жағында адасу тұр. Әсемгүл Дарханға дін ұстанғаны үшін қызықты ма, әлде араларында шынымен махаббат болды ма, Әсел ханым оны анық айта алмады. Өйтке-ні, Әсемгүлдің анасы қызының теологпен сөйлесуіне қарсы болған. Осы жерде атааналардың бойжетіп келе жатқан қыздарының теолог, психолог секілді мамандармен кеңесуіне, пікірлесуіне түбегейлі қарсы болып, ал сол қыздардың ғаламтор арқылы жігітпен сөйлесуіне неге қарсы болмайтындықтары, сол мәселеге неге алаңдаушылық танытпайтындықтары түсініксіз.

Әсел Әбдубәли әкелер мен аналар балаларына, әсіресе, қыздарға көбірек көңіл бөлсе деген ниетте. Қазір ата-аналар баланың материалдық жағдайын жасауды, балаға көңіл бөлу деп ойлайтын болды. Балаға көңіл бөлу деген – оған айфон алып беру не болмаса, жұрттан қалмай киіндіру емес, керісінше, жанұялық жылуды сездіру, тәрбие беру ғой. Жылуды сырттан іздеген қызды алдау оңай. Бұл – екінші мәселе.

Сырым ауданының орталық ме-шітінің бас имамы Әлішер Ералиев  Әсемгүл мен Дарханның арасында орын алған жағдайдан діни астар іздеуді негізсіз деп санайды.

– Иә, Дархан намаз оқыған, әйеліне ашық-шашық киінбеуді бұйыр-ған әрі өзіне бағынуды және анасын сыйлауды талап еткен. Дені дұрыс ер адамның барлығы әйеліне осы талапты қояды. Ал Дарханның Әсемгүлмен некеде болмауы, мешіт имамдарының қызметін қабылдамауы, Әсемгүлді намаз оқымағаны үшін ұрып-соғуы  оның жеткілікті деңгейде діни сауаты болмағанын, былай айтқанда, мінезінде шынайы мұсылманға тән қасиеттердің әлі қалыптасып үлгермегенін көрсетеді. Осы жерде діни радикализмнің ұшқыны бай-қалады, бірақ бір адамның бір адамға жасаған жақсы немесе жаман қарым-қатынасын дінмен байланыстыра бермеуіміз керек.

Дарханның Әсемгүлді намаз оқымағаны үшін ұрып-соғуы – қай жағынан қарасаңыз да, дұрыс емес.

Себебі, дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде «Дінді ауырлатпаңдар, жеңілдетіңдер, қорқытпаңдар, сүйіншілеңдер!» деп айтқан, – дейді ауданның бас имамы.

Қорыта айтқанда, адамның тағдыры ойыншық емес. Оны басқалардан бұрын сол тағдырдың иесі түсінуі керек. Сондықтан өмірімізге телефонның экраны арқылы емес, өзіміздің көзімізбен қарайықшы! Әсіресе, жастардан сұрарымыз, ғаламтордан ән іздеңіздер, клип іздеңіздер, бірақ өмірлік жар іздемеңіздерші!

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


Елдің жарқын болашағы – жалынды жастар

Күні: , 43 рет оқылды

Кеше  облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Жастардың қуаты: Көшбасшылық. Жаңа бастамалар. Даму» атты  облыстық жастар форумы өтті. Талантты жастарды қолдау, өңірдің дамуына жаңа идеямен атсалысуға үндеуді мақсат  тұтқан шараға облыс  әкімі Алтай  Көлгінов қатысты.

Форумда түрлі салада еңбегімен жарқырай көрініп, табысқа ерте қол жеткізген жастар ойларын ортаға салды. Франциядағы Эколь Супериор биотехнология университетінің магистрі, Назарбаев университетінің инновация және даму департаментінің маманы, «Onai» компаниясының құрылтайшысы Дамель Мектепбаева әлемде биотехнологияның қарқынды дамып жатқаны және гендік өзгерістер, Мур заңының ерекшелігі жөнінде әңгімеледі. «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі, «Дарын» жастар сыйлығының иегері, «Gentr Azia Group» ЖШС-ның директоры Олжас Сүлейменов бизнесте бастаған алғашқы жобалары, кәсіпкерлікке шыңдалу, өрлеу жолы жайында айтты.

– Қазталов ауданындағы Қараоба ауылында туып-өстім. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың машина-жасау факультетін тәмамдадым. Айтар кеңесім, студенттік шақта өте белсенді болыңдар. Көшбас-шы болуға ұмтыла отырып, тәжірибе жинақтайсыңдар, бойларыңда жақсы дағдылар қалыптасады. Ешқандай тамыр-таныссыз жұмысқа орналасуға, игі қасиеттеріңмен айрықша көрінуге болады. Қазіргі уақытта «Яндекс Такси» компаниясының Оралдағы филиалын басқарамын. Компанияға қабыл-данар алдында тәуекелге бел буып,  әңгімелесуден сәтті өткенім есімде,  – деді форумда сөйлеген «Business Power» жобасының ұйымдастырушысы Айнаш  Бижанова.

Одан әрмен Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Азиз Талап энергия өндіруге қатысты жаңа жобаларымен таныстырды. «EMA – 2018» еуразиялық музыкалық сыйлықақы мен «Жыл таңдауы – 2018» жүлдесінің иегері, әнші Райымбек Бақтыгереев, «Назар аудар» комедия театрының әртісі Ақболат Өтебаев сөйледі. Форумда жастарды кәсіпкерлікке баулу үшін грант қаржысы берілетін «Jas Pro-ject» жобасы таныстырылды.

– Мемлекет жастардың білім алып, еңбек етіп, зор жетістіктерге ие болуына жағдай жасауда. Жастар жылының жариялануы – еліміздің жас ұрпақты қамқорлай алатынының айқын белгісі. Елбасының бес әлеуметтік бастамасына сәйкес өңірімізде студенттерге арналған бес жатақхана салынады. «Болашақ» халықаралық бағдарламасына биыл – 25 жыл. Мемлекет басшысы білімді жастарымыздың көбеюіне, зияткер ұлт болып қалыптасуымызға баса көңіл бөліп отыр. Ақ Жайық өңірі – Ұлы дала елінің батыс қақпасы. Сондықтан Оралда жастар еуропалық білім алып жатыр деп сеніммен айта аламын және ұдайы айтып жүремін. Форумда жастарға өз жетістіктері жөнінде айтуға, тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік бердік. Олардың ой-толғамдары, форум қатысушыларына бағыт-бағдар сілтеуі көңілімізден шықты. Жастарымыз ғылымға терең бет бұруда. Өз салаңда көшбасшы болу оңай емес. Ол үшін тынымсыз еңбектену қажет. Әр қадамын өлшеп басып, ақылмен таразылап, мақсатына тынымсыз ұмтылатын адам зор нәтижеге жетеді. Қазіргі уақытта еңбек еткенге мемлекетіміз жағдай жасайды. Еңбек нарығында бәсекелестікке шыдаудың маңызы зор. Бұл бағытта мемлекеттік құрылымдар мен жастар ұйымдарының арақатынасын нығайту бағытында іс-шаралар атқарылуда. Биыл Орал қаласын дамыту мақсатында «Жастарға арналған 101 идея» науқаны басталды. Соған сәйкес www.crowd.kz.2050.kz краудсорсинг тұғырнамасы ашылды. Тұғырнамаға жастар тарапынан жолданған ұсыныспікірлер «Жастарды дамытудың жол картасына» енгізіледі. Өңірі-мізде мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарға қолдау көрсетудеміз. Облыста биыл 10 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы 500-ге жуық маман жолдама алды. Бүгінгі форум қатысушыларының 60 пайызы – ауыл жастары. Алдағы уақытта аудан-ауылдарда жаңа мектептер, спорт алаңдары салынады. Келесі жылы 60 елді мекенге сапалы интернет желісі тартылады. Жас кәсіпкерлерге шағын несие берілуде. Болашақ бастауы – ауылда. Жалпы, жастар жылына көптеген жоба мен іс-шара жоспарладық,  – деген облыс әкімі Алтай Көлгінов жиында түрлі бағытта белсенділік танытып,  тың жобалармен көзге түскен жастарды алғысхатпен марапаттады. Айта кетейік, форумға дейін «Ұлы даланың жеті қыры», «Цифрлық Қазақстан», «Жаңа идеялар және жастардың жобалары» атты секциялық отырыстар өткізілді.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Саратовқа жол ашық

Күні: , 42 рет оқылды

Елбасының  қатысуымен  өткен  жалпыұлттық  телекөпірде «Орал – Тасқала – Ресей шекарасы» 104 шақырымдық аутожолы пайдалануға берілді.

Күрежолдың бойынан телекөпірге қосылған «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ермек Қизатов Елбасына аталмыш бағыттағы аутожолды  жаңғырту жұмыстарының аяқталғанын мәлімдеді.

– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша «Орал – Тасқала» аутомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Екі жылдың ішінде өзге салалардан 1,5 мыңнан аса маман жұмысқа тартылып, 100 шақырым жол жаңартылды. Сонымен қатар Қазақстан – Ресей шекаралық бекетінің көліктерді өткізу қабілеті екі есеге артады. Осы жол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіндегі транзиттің өсуіне мүмкіндік береді. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Орал – Тасқала тасжолы іске қосылуға дайын. Қозғалысты бастауға рұқсат сұраймыз, – деді  Е. Қизатов.

Мемлекет  басшысы рұқсат бергеннен кейін аутокөлік жолдары құрылысына алдағы уақытта  да  ерекше  мән  берілетінін  атап  өтті.

Аталмыш шара кезінде дәстүрлі «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздары анықталды. Теректі ауданы еліміздегі 200-ден аса ауданның ішінен бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік аудан ретінде танылды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Теректі ауданының әкімі Әділ Жоламановқа арнайы  марапатты  табыс  етті.

Телекөпір  аяқталысымен, Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай  Көлгінов  БАҚ  өкілдеріне сұхбат  берді.

– «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстарын жылма-жыл қарқынды атқарып келеміз. Биылдың өзінде 500 шақырым жолды жөндеуді бастадық. Соның 450 шақырымын жылдың соңына дейін тәмамдадық. Қазір Президенттің «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес аяқталған 104 шақырымдық  күре жолды аштық. Бұл жолдың республикалық, халықаралық маңызы бар. Мұндай жолдардың жақсарғаны тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, бизнесті дамытуға зор мүмкіндік береді. Біз инвестициялар және даму министрлігі, «ҚазАвто-Жол» ұлттық компаниясымен бірге 285 шақырым республикалық маңызы бар жолды жаңғырттық. Облыс орталығында да жол жөндеу жұмыстарының қарқынын күшейтіп келеміз. Бұл мақсатта жыл сайын 7-8 миллиард теңге бөлінуде. Алдағы он жылдың ішінде Орал шаһарының тұрғындары 500 мыңға жетпек. Соған инфрақұрылым дайын болуы керек. Сонымен бірге экономикамызды дамыту үшін транзиттік әлеуетті күшейту керек. Алдағы уақытта Саратов және Самара тасжолдарын қайта жаңғыртудан өткіземіз. Сонда, әсіресе, үлкен жүк тасымалдаушы көліктер айналма жолдармен өтетін болады. Сонымен бірге көлік-логистикалық орталықтарды салу жұмыстары басталды. Шағын және орта бизнесті дамыту – Президенттің біздің алдымызға қойған үлкен міндеті. Біздің облыс қазір республикада шағын және орта бизнестің қолайлы жағдайын жасау рейтингінде төртінші орынға ие болып отыр. Бұл – Президент бағдарламаларының  іске асырылуы, сондай-ақ біздің ашықтықты қамтамасыз ету және әкімшілік кедергілерді алып тастау, қызметтерді цифрландыру бағытындағы жұмыстарымыздың нәтижесі. Республикамызда 220-дан астам аудан болса, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызу бойынша біздің Теректі ауданы бірінші орын алып отыр. Ол – біздің кәсіпкерлердің белсенділігі, мемлекеттің жасаған қолайлы жағдайының арқасы, – деді  Алтай Сейдірұлы.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Елбасы жалпыұлттық телекөпір барысында ел әлеуетін еселейтін жобаларды іске қосты

Күні: , 26 рет оқылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен индустрияландыру күні аясында «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірі өтті. Аталған шарада еліміздің әр өңірімен тікелей байланыс орнап, онлайн режімде бірқатар индустриялық, инфрақұрылымдық, аграрлық және цифрлы жобалар іске қосылды.

Индустрияландыру күніне арналған телекөпір барысында Мемлекет басшысына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 жаңа жоба таныстырылды.

– Бүгін біз индустрияландырудың биылғы қорытындысын жасадық. Баршаңызды жаңа жоба-лардың іске қосылуымен, жаңа мамандықтардың пайда болуымен және ел тұрғындарының жаңа табысымен құттықтаймын! – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі қалыптасқан жағдайларға қарамастан, елімізде құрылымдық өзгерістер мен институционалдық реформалардың іске асырылып жатқанына тоқталды.

– Біз ел экономикасын әртараптандыру жөнінде шаралар қабылдап жатырмыз. Бизнес жүргізуге қолайлы жағдай қалыптас-тыру, инвестициялық ахуал мен сот жүйесін жақсарту жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Былтыр еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық. Биыл Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру жөнінде жария еттім. Қазіргі Жолдаудың негізгі мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру, – деді Мемлекет  басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінде еліміздің алдында экономиканы одан әрі әртараптандыру, инфрақұрылымды жақсарту және өнімділікті арттыру жөніндегі ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев индустрияландыру бағдарламасы еліміздің орнықты және әртараптанған экономикасын құру үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айтып, оны іске асыру барысындағы нақты нәтижелерге тоқталды.

– Біз индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрдық, соның ішінде 100 кәсіпорынды биыл іске қостық. 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлемнің 110 елі Қазақстанда шығарылған өнімді тұтынуда. Соңғы жылдары біз бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрін шығарып, 50-ге жуық жаңа тауар түрін экспорттап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті шетелден келген инвестицияның төрттен бір бөлігі өңдеу секторына тиесілі екенін айтты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев металлургия, машина жасау, инфрақұрылымдық даму және көлік-логистика салаларында жүзеге асырылған жобалар жөнінде  әңгімеледі.

– Біз азаматтардың жоғары тұрмыс сапасын қамтамасыз ету үшін мейлінше қолайлы жағдай жасап келеміз. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы біз рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Елімізде 11,2 миллионнан астам шаршы метрді қамтитын тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл 12 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 100 мыңнан астам баспана салу жоспарланып отыр, – деді  Мемлекет  басшысы.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті экономиканың түрлі салаларын цифрландыру және бірқатар кәсіпорынның өндіріс үдерісіне инновациялық шешімдерді енгізу барысына тоқталды. – Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін қамти отырып, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру индустрияландыру бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі саналады. Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін дамудың түбегейлі жаңа моделіне көшуге тиіс. Еуразия экономикалық одағы және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасы аясындағы қазіргі экономикалық әлеуетті мейлінше тиімді пайдаланып, оны арттыру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы индустрияландырудың үшінші бағдарламасының стратегиясын нақты нәтижелерге бағыттай отырып, жан-жақты пысықтау керек екенін атап өтті.

– 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма бердім. Бұл қаражат экспортқа бағытталған кәсіпорындарға қаржылай және қаржылай емес кешенді қолдау көрсетудің құралдарын көбейтуге жұмсалатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы өңдеу өнеркәсібінің барлық буынында салалық басым-дықтардан тиімді өндірушілерге қолдау көрсетуге көшу үдерісі жүргізілетінін  айтты.

– «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды ынталандыру қажет. Технологиялық тұрғыдан күрделі емес тұтыну заттарының импортын алмастыруға күш жұмылдыруымыз керек. Менің тапсырмам бойынша екінші деңгейлі банктердің басымдыққа ие жобаларын несиелендіру үшін қосымша 600 миллиард теңге бөлінетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырудың және жеке секторды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

– Экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық қызметтер нәтижесін енгізу жөніндегі жұмыстарды жандандырған жөн. Мысалы, қазірдің өзінде Назарбаев университетінде 120 ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Ғылыми әзірлемелер өндірістік міндеттерді шешуді көздейтін нақты кәсіпорындардың тапсырыстарына, соның ішінде жеке инвестициялар есебінен берілетін тапсырыстарға бағытталуға тиіс, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті индустриялық даму үдерісіне «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен IТ-стартаптардың халықара-лық технопаркін тарту қажеттігін айтты. Бұл ретте, Үкіметке әртараптандыру және индустрияландыру мәселелерін кешенді түрде шешуге күш жұмылдыру жүктелді.

Телекөпір барысында Қазақстан Президенті «Бақыршық таукен өндіру кәсіпорны» мен Қарағанды облысының катодты мыс өндіретін «Алмалы» кен орнындағы құрылысы аяқталған «SaryArka Copper Processing» кәсіпорнын іске қосуға пәрмен берді. Сонымен қатар машина жасау және құрылыс индустриясы саласында Павлодар облысындағы «Проммашкомплект» теміржол доңғалақтарын өндіретін кәсіпорын онлайн-режімде іске қосылды. Бұл кәсіпорын теміржол доңғалақтары өндірісін жылына 75 мыңнан 200 мыңға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ал «Alageum Electric» АҚ Бақылау кеңесінің төрағасы Сайдулла Қожабаев Қазақстан тарихында бірінші болып кернеуі 220 кв трансформаторлар өндірісі жолға қойылғанын атап өтті. Сондай-ақ телекөпір барысында Шымкенттегі қуаты 110-220 кв трансформатор шығаратын «Asia Trafo» зауыты, Қызылорда облысындағы қуаты жылына 1 млн. тонна болатын «Гежуба Шиелі Цемент» Қазақстан – Қытай инвестициялық жобасы, Алматыдағы қуаты жылына 550 мың тонна қоқыс өңдейтін «Green Recycle» ЖШС кешені және Петропавлдағы қажетті халық тұтынатын тауарлар мен полимерлерді толық циклда қайта өңдейтін «Радуга» ЖШС металл-пластикалық бұйымдар зауыты да жұмысын бастады. Бұған қоса «KEGOC» АҚ 500 кв «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» желісі  іске  қосылды.

Сондай-ақ бұл күні Ақтөбе облысында қуаты 300 млн. м3 болатын Қожсай кен орнында «Gas Processing Company» ЖШС ілеспе мұнай газын қайта өңдеу жобасы жұмыс істей бастады. «Баламалы энергетика» саласында «Samruk Kazyna – United Green» ЖШС Жамбыл облысында қуаты 100 МВт болатын Қазақстан-Британ бірлескен жобасы – «Бурное» күн электр стансасын пайдалануға берді. Бұған қоса Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы «KТ Редкометальная компания» ЖШС бірлескен кәсіпорны жел энергетикасының бірінші кезеңі іске қосылды. Телекөпір барысында Атырау облысындағы аграрлық сектор бойынша заманауи қондырғылармен жабдықталған «Карат» ЖШС автоматтандырылған диірмені, Ақмола облысындағы соңғы жылдары аграрлық саладағы ірі жобалардың бірі саналатын қуаты жылына 50 000 тонна ет өндіретін Макинск құс фабрикасының бірінші кезеңі, сондай-ақ Арқалық қаласындағы ет өңдейтін «Торғай Ет» ЖШС кешені пайдалануға берілді. Бұдан бөлек тамақ өнеркәсібі саласында Mareven Food Holdings трансұлттық холдингінің Алматы облысындағы ұнды терең өңдейтін және тамақ өнімдерін дайындайтын зауыты да өз жұмысын бастады. Индустрияландыру күні аясында Түркістан облысында түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» ЖШС кәсіпорны іске қосылды. Онда құрғақ сүт, балалар тағамы және энергетикалық сусындар әзірленеді. Телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес әлеуметтік бастаманың бірі ретінде Астананы газдандыру жобасындағы Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша ұзақтығы 1061 км болатын және жылына 2,2 мил-лиард текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар «Сарыарқа» газ магистралінің 1-кезеңін іске қосуға пәрмен берді. Сондай-ақ Президент онлайн-режімде республика тарихындағы алғашқы концессиялық жоба – Үлкен Алматы айналма аутомобиль жолы құрылысының барысын бақылады. Онда 3 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар Президент Батыс Қазақстан облысындағы елімізді Ресеймен және Шығыс Еуропамен байланыстыратын Орал – Тасқала аутожолы учаскесінде аутокөлік қозғалысын ашты.

Ал «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының Озерка ауылы мен Жамбыл облысына қарасты Өрнек ауылының тұрғындары кең жолақты интернетке қол жеткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев цифрландыру мүмкіндігінің арқа-сында еңбек өнімділігі артып, бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түр-де  жалғасатынын  жеткізді.

Цифрландыру аясында Екібастұзда Орталық Азиядағы ең ірі датаорталық, Қостанайда еліміздегі ең цифрлы диірмен кешені – «Бест Костанай» ЖШС іске қосылды. Астанада модем, коммутатор және автоматты цифрлы телефон стансасын өндіретін «DigitalSystemServis» ЖШС зауыты құрылды. Алматыда прибор жасау және радиоэлектроника инновациялық «Kaz Tech Innovations» ЖШС зауыты іске қосылды. Бұдан бөлек Мемлекет басшысы әуе жүк тасымалы саласында e-Freight және «Қазпошта» компаниясының фул-филмент-орталық – қағазсыз құжат айналымы ақпараттық жүйесінің жұмысын, «ҚазТрансОйлдың» мұнай тасымалдауды басқару digital-жүйесін  іске  қосты.

Индустрияландыру бағдарламасы іске асырылған жылдары барлығы 6,6 трлн. теңгеден астам соманың 1148 жобасы іске қосылып,  107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Соның ішінде индустрияландырудың бірінші бесжылдығында (2010-2014 жылдар) индустрияландыру картасы аясында 3 трлн. теңгенің 770 жобасы іске қосылып, 76 мың тұрақты жұмыс орны ашыл-ды. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталғалы (2015-2017 жылдар) 3,1 трлн. теңгенің 378 жобасы іске қосылып, 31 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2018 жылы жалпы сомасы шамамен 1,2 трлн. теңге болатын 100 нысан қатарға қосылып, 13 мың адамға жұмыс берілді.

  Кәсіпкерлердің   еңбегі   еленді Жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыс етті. Биыл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіндегі республикалық «Парыз» сыйлығының бас жүлдесі, Президенттің Гран-приі «Қазцинк» компаниясына табысталды. Бұдан бөлек, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының «Ең үз-дік индустриялық жоба» аталымында «AZALA Textile» ЖШС лайықты деп танылса, «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша «KazTechInnovations» ЖШС топ жарып, Елбасының қолынан «Алтын сапа» сыйлығын алды. Айта кетерлігі, «AZALA Textile» ЖШС мақта-мата өнімін халықаралық өндіруші ретінде танылған. Компания экспортының үлесі 65 пайызды құрайды. Ал «KazTechInnovations» ЖШС бірегей көзілдіріктер шығарады. Бұл құрылғылар 360 градус режімде бейнетүсірілім жасауға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса рейтинг қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы үздік деп танылды. Сондай-ақ Қызылорда облысы бизнес жүргізуге жағдай жасаған үздік өңір ретінде алға шықты. Индустрияландыру күні шеңберіндегі жиында Премьер Министр Бақытжан Сағынтаев бизнестің үздік өкілдеріне тиісті сыйсияпатын табыстады. Биыл Қазақстан Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары тізімінде «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы «СемАз» ЖШС, Алматы облысындағы «ALUGAL» ЖШС,  Батыс Қазақстан облысындағы «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС марапатталса, «Халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының «Радуга» ЖШС, Түркістан облысының «Бал Текстиль» ЖШС, Жамбыл облысының «Novacom Technology» ЖШС үздіктер қатарында көрінді. Ал «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» номинациясында үздік үштікке Астана қаласындағы «МЫРЗАХАН» ЖШС және «Теміржол  көлігіндегі қазақстандық сертифи-каттау орталығы» ЖШС, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы «БиКаДа» ЖШС енді. Бұған қоса «Азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнім-дерін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымы бойынша Алматы облысындағы «Рыбпром» ЖШС, Алматы қаласындағы «БИЖАН» ет өңдеу кешені» ЖШС, Ақмола облысындағы «Гормолзавод» ЖШС марапатқа ие болды. Биыл Елбасының «Алтын сапа» сыйлығын алуға үміткер ретінде 182 кәсіпорын қатысса, оның ішінде 78-і шағын кәсіпкерлік бойынша, 76-сы орта, ал 28-і ірі кәсіпкерлік бойынша өтініш берген. Жыл соңындағы айтулы марапаттардың бірі – «Қазақстанның үздік тауары» атағы. Биыл бұл байқауға қатысу үшін еліміздің барлық өңірлерінен 1163 шағын, орта және ірі кәсіпорындардан өтініш түскен. Олардың ішінде 153-і республикалық кезеңге іріктелініп алынған. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымына Алматы облысындағы «DOLCE» ЖШС және Шымкент қаласындағы «Зерде – Керамика» ЖШС, Қостанай облысындағы «Медидез» ҮЕҰ» ЖШС ие болса, «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша Ақтөбе облысындағы «West Line doors» ЖШС, Атырау облысындағы «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС және Қызылорда облысындағы «Dalatex» ЖШС үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясына Алматы облысындағы «Шин Лайн» ЖШС, Солтүстік Қазақстан облысындағы «ViZaVi Company» ЖШС және де Алматы облысындағы «Danone  Berkut»  ЖШС  ие  болды.

 «Егемен   Қазақстан»   газетінен   ықшамдалып  алынды


Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айгүл ҚОСАНОВА: «Шетелде қазақтың дәстүрлі ән өнеріне ықылас ерекше»

Күні: , 31 рет оқылды

ҚР-ның  еңбек  сіңірген  қайраткері,  Әміре  Қашаубаев атындағы  республикалық  конкурстың,  мемлекеттік  «Дарын»  сыйлығының  лауреаты,  мәдениет саласындағы  ҚР  Президенттік  стипендия  иегері,  әнші-жыршы  Айгүл  Қосанова  желтоқсанның  14  жұлдызында Орал  қаласында  «Ағады Жайық, ағады…»  атты  жеке  концертін  өткізбек.  Осыған  орай  дәстүрлі  әндер  мен  термені нақышына  келтіріп  орындайтын,  эстрадалық  әндерді  де шебер  шырқайтын  әншімен  сұхбаттасудың  сәті  түскен  еді.

Айгүл апай, ең алдымен  Ақ Жайықта өтетін ән кешіңіз туралы және шығармашылығыңыздағы ерекше жаңалықтар туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Негізі, Орал қаласында жеке  ән кешімді өткізу әуелден жоспарымда бар болатын. «Сабақты  ине сәтімен»  демекші, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның басшылығы «Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жеке концертіңізді өткізсеңіз» деп ұсыныс айтқанда, жоспарымның тез орындалатынына өзім де қуанып кеттім. Бұл концерттің ерекшелігі – Орал қаласында жеке ән кешімді алғаш рет өткізгелі тұрмын. Бұрындары әріптес әншілердің концерттеріне келіп, ән орындап  жүрдім. Концертте менімен бірге жергілікті филармонияның әншілері де өнер көрсетеді.

– Көрермендер сізді дәстүрлі әнші ретінде таниды, соңғы кездері эстрада жанрында да әдемі әндеріңізбен көрермендеріңізді баурап жүрсіз. Жаныңызға қайсысы жақын?

– Мен – дәстүрлі әншімін.  Көпшілік көрерменге де дәстүрлі ән жанрында танылдым. Соңғы кездері заманға қарай, уақыт талабына сай эстрада жанрында ән салып жүрмін. Адам қай кезде де  өзін-өзі жаңа қырынан сынап көргісі келеді ғой. Менде де «Эстрадалық бағыттағы әндерді айта аламын ба?» деген сұрақ туындады. Бұл бағытта ең алғаш рет сахнаға Саят Медеуов пен Нұрғиса Тілендиевтің «Келе жатыр құс қайтып» әнімен шықтым. Эстрада жанрында тұсауымды кескен осы әнді өзім де ерекше жақсы көремін. Сол әніміз сәтті шыққан болуы керек, маған кәсіби, әуесқой сазгерлер өз әндерін ұсына бастады. Әнші қорықпай, қай кезде де өзін сынап көруі керек деп ойлаймын. Қолдан келгенінше жан-жақты болған жақсы ғой. Бұл да ізденістің бір түрі деп есептеймін. Қазіргі күнде оркестрдің сүйемелдеуімен, дәстүрлі әнді де, эстрада жанрындағы әндерді де шынайы ынта-ықыласыммен орындаймын. Бүкіл жан-дүниеңмен беріле шырқаған ән жүректерге жететіндігіне күмәнім жоқ.

– Әншілік өнерге деген талпыныс қалай басталды? Кішкентай кезіңізде қандай бүлдіршін болдыңыз?

– Кез келген қазақ баласы, әсіресе, ауылдың баласы ән салып өседі. Ата-аналар да «сахнада ән саламын» деген баласының тауын қайтармайды. Мен де кішкентайымнан ән айтқанды мәртебе көріп өскен ауылдың қызымын. Ес білгелі ән айтып келемін. Үшінші сыныптан бастап ән сала бастадым. Отбасында көптен күткен ұлдан кейін жарық дүниеге көрінген қызбын. Жеңгелерімнің айтуына қарағанда, жылауық бала болыппын. Алдымдағы ағамның алдында төрт апам бар. Яғни жаңа ғана айтқандай, көп күттіріп, сағындырып келген ұлдан кейінгі көрінген қызбын. Әке-шеше үшін әр баланың өз орны болғанымен, өзім көп еленбей, көп баланың бірі болып өстім-ау деп ойлаймын. Бүгіндері жеңгелерім «Кішкентай кезіңде көп жылағаныңнан әнші болатыныңды сезіп едік» деп әзілдейді.

– Бір сұхбатыңызда халық әндеріне шетелдерде ықылас ерекше екендігін, ал өз елімізде онша елене бермейтіні туралы айтыпсыз. Жалпы, дәстүрлі әнді насихаттауда не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Өз елімізде төл өнеріміз төрге шығып, барлық жерде  насихатталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ өкініштісі, дәстүрлі өнерімізге әлі күнге дейін өз деңгейінде қолдау көрсетілмей келеді. Былтыр ұлттық арнада өткен «Мен қазақпын!» мегажобасы дәстүрлі өнер иелерінің додаға түсіп, өз-өзін дәлелдеулеріне мүмкіндік берді. Дәл сондай бағдарлама биыл да өтті. Бірақ «әттеген-айы», былтырғы жобадан шыққан жыршы-термешілерді насихаттау жағы жетіспей тұр. Ал шет мемлекеттерге барғанда ол жақтың халқы домбырамен шырқайтын әндерімізге үлкен қызығушылық танытып, ерекше құрмет көрсетеді. Бұл – олар үшін таңсық дүние. Өз елімізде төл өнерімізге мән бере бермейтініміз қынжылтады.

– Қазір танымал әншілердің біразы желілік маркетингтің саудасын қыздырып жүр. Өз атағын малданып, қарапайым халықтың сеніміне кіріп жүргендер туралы сіздің пікіріңіз қандай?

– Желілік маркетинг – мен үшін жат дүние. Өзім әлеуметтік желіде күнделікті не ішіп, не кигенімді салып отыратындардың қатарынан емеспін. Ал желіні пайдаланып, сауда жасау деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бұл жайттың қыр-сырын да білмеймін. Кейбір әншілер өздеріне пайдалы тұсын көргесін, солай жасайтын шығар. Бірақ өзім желілік сауданы меңгермегендіктен, ешкімге ақыл айтқым келмейді. Бұл тұрғыда әркімнің өз өмірі өз қолында. Мүмкін, бұл да заман талабына сай қажет дүние шығар. Мүмкін, мен соны меңгере алмай, заман ағысынан қалып қойған шығармын…

– Өнердегі бақталастық пен бәсекелестіктің ара-жігін ажыратып айтып берсеңіз?

– Өнер саласында бәсеке керек. Өйткені, сен біреумен жарыспасаң, өзіңнің мықтылығыңды көрсете алмасаң, өнерде жайдан-жай жүре берудің қажеті жоқ. Бұл бір жағынан адамға тың серпін, күш-жігер береді. Өйткені, сен өзіңнен мықтыны көріп, сол сияқты мықты болуға, өзіңнен биікті көріп, сол биікке жетуге ұмтыласың. Бәсекелестік өнер жолындағы өнер адамына өз-өзін қамшылап, алға жылжуы үшін аса қажет. Бақталастық – адамның бағы біреуге көп, біреуге аз нәрсе берілуі мүмкін. Әр адамның өзіне бұйырған несібесі ретімен орнын табады деп ойлаймын. Бұйырмаған нәрсеге ұмтылудың, текке ренжудің, өзіңді де, өзгені де босқа қинаудың қажеті жоқ. Сондықтан бақталастықтан гөрі, өнерде кім-кімнің де қарым-қабілетін шыңдап бәсекелестікпен алға ұмтылған жөн.

– Өнер адамына әншілігімен қоса отбасын қатар алып жүру оңай емес. Өз отбасыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Қыз балаға, жалпы әйел затына өзінің кәсібінен бөлек отбасын құру керек. Бұл – өмірдің заңдылығы. Құдай көпсінбесін, үш перзентім бар. Жұбайым – өнер  адамы емес.

Бірақ соған қарамастан, отағасы осы уақытқа дейін «Қайда бардың, қайда кеттің?» демей, әр сапарыма, әр концертіме қолдау көрсетіп, үлкен сахнада алаңсыз ән шырқап жүруіме ықпал етіп келеді. Сол үшін әр кез жұбайыма алғыс айтамын.  Бұл өмірде оңай нәрсе жоқ. Кез келген нәрсе өзінің қиындығымен, қуанышымен бола береді.

– Әйел бақыты дегенді қалай түсінесіз?

– Әйел бақыты деген – төрт құбыласы тең, отбасыңның, бала-шағаңның, ағайын-туыс пен досжаранның аман, денінің сау болуы деп ойлаймын. Мен үшін бір нәрсені сатып алу бақыт емес. Бақыт деген – отбасыңның бүтіндігі, айналаңның аман болуы. Бұдан асқан бақыт жоқ әйел адамға.

– Балаларыңызға қандай сөзді жиі айтасыз?

– Балаларға «жаным» деген сөзді көп айтамын. Арасында «ботақаным», «қошақаным» деп айналып-толғанамын. Жалпы, перзенттерімді кішкентайынан мейірімге, жан жылуына қанып өссін деп балаларымды көп еркелетемін.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Өмірлік ұстанымым – отбасыма, бауырларыма, өнеріме, менің өнерімді бағалайтын халқыма адал болу.

– Ақ Жайық жұртшылығына қандай тілек айтасыз?

– Ақ Жайық жұртшылығын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын! Өнерімді сыйлайтын патша көңілді көрерменге шынайы ризашылығымды білдіремін. Мереке қарсаңында болатын концертіміз сәтті өтетіндігіне сенгім келеді. Әндерім арқылы халыққа шат-шадыман көңіл күй сыйлай алсам, жабырқаған жандарды ән-әуеніммен жұбата алсам, мен шынайы бақыттымын! Жайық жұртын Орал қаласында өтетін ән кешімде күтемін!

– Шынайы   әңгімеңіз  үшін  рақмет!

Әйгілі  әншімен  әңгіме-дүкен  құрған Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


«TALANT. SHABYT. TALAP»

Күні: , 28 рет оқылды

Еліміздегі қосымша білім беру ұйымдарына 100  жыл толуына орай және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының міндеттерін жүзеге асыру мақсатында 10-13 желтоқсан аралығында «Батыс ÓSÝ VEKTORY» мектебі аясында «TALANT. SHABYT. TALAP» атты облыстық форум өтті. Төрт күндік форум жұмысына  Орал  қаласы  мен  барлық  аудандардағы  қосымша  білім  беру  ұйымдарының басшылық  құрамы  мен  педагогтары  қатысты.

– Форумның басты мақсаты – қосымша білім беру ұйымдарының рөлін арттырып, бұл жауапты қызметтің бала тәрбиесіндегі маңызын кеңірек түсіндіре отырып, қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына, кәсіби мамандардың көмегімен өз білімдерін жетілдіруіне жағдай жасау. Педагогтардың бүгінгі заманғы сын-тегеуріндерге сай бейімделуіне, білім саласындағы өзгерістерді шынайы түрде қабылдауға және оны қоғамға, ата-аналар мен оқушыларға жеткізуге жәрдемдесу. Бүгінде Орал қаласы мен барлық аудан орталықтарында алпысқа жуық қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді, – деді облыстық әдістемелік кабинеттің  директоры  Аягөз  Хамзина.

Оқушылар және жастар сарайында өткен форумның ашылу салтанатында сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың айтуынша, педагогтардың шеберлігін арттырып, біліктілігін шыңдауда «Батыс ÓSÝ VEKTORY» аясында ұйымдастырылған аталмыш  шараның  маңызы зор.

–  Ұстаздар жақсы жалақы төленетін жерге жиі кетіп жатады. Ал саз, өнер, қолөнер, техникалық-шығармашылық мектептер сияқты қосымша білім беру ұйымдарына кез келген адам келе бермейді. Бұл салада өз мамандығына адал, өз ісін жан-тәнімен сүйетін педагогтар ғана аянбай тер төгеді. Өйткені талантты, дарынды, ерекше балалармен жұмыс істеу – өте жауапты әрі күрделі міндет. Баланың бойындағы өнері мен қабілетін қайтсем ашамын, қалай өнер-ғылымға баулимын деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген қосымша білім беру ұйымдарының педагогтары алдында басымды иемін, – деді Шолпан  Маратқызы.

Педагогтарға «Психологиялық жайлылық аймағы» тақырыбында психологиялық тренинг өткізген Гүлнәр Кабулованың пайымдауынша, «Батыс ÓSÝ VEKTORY» жобасының берері көп. «Ұстаздар өздерінің күнделікті жұмысында жаңашылдықты, инновацияны көбірек енгізгендері жөн. Эмоционалдық көңіл күй қалыптастыру, ұжыммен жұмыс істеуге үйрету, ортақ нәтиже жолында  біріктіру және күйбең тірліктен сананы сергіту бағытында ойын және сұрақ-жауап түріндегі тренинг өткіздім. Енді олар үйренген жаңашыл әдіс-тәсілдерді аудан-ауылдардағы өзге әріптестеріне үйретіп, тәжірибе алмасатын болады», – деді психология саласында ширек ғасырлық еңбек өтілі бар кәсіби  психолог.

Заманауи ақпарат құралдарының, әсіресе, әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұрған заманда жастарды толассыз ақпарат ағынынан қорғау, ғаламторды игілікке жарата білуге тәрбиелеу де қосымша білім беру ұйымдарына жүктелер ауқымды әрі маңызды міндет. Форумның екінші күні «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитұлы ақпарат туралы жалпы түсінік беріп, дәстүрлі медиа мен жаңа медианың қақтығысы, ақпаратты сауатты жазу және газеттің болашағы қандай деген мәселелер төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісті.

– Кім қажет ақпаратқа қол жеткізеді, сол әлемді билейді.  Сондықтан біздің өмірімізде ақпарат зор маңызға ие. Қазір бір тетікті бассаңыз, ақпарат әлемнің бір түкпірінен екінші түкпіріне сол мезетте-ақ жетеді. Яғни, біздің әлем қазір өте тарылып қалды. Бір ауылдың, бір көшенің тұрғындары сияқтымыз. Осы тұста ғаламтор дәстүрлі медианы жойып жібереді деген пікірмен қатар, дәстүрлі БАҚ өміршеңдігін сақтап қалады деген қарама-қайшы пікірлер қақтығысы бар. Екі жақтың да сөзінің астарында негіз бар. Әлеуметтік желілер мен веб-сайттардың ақпаратты лезде таратуда бәсі басымдау болғанымен, газет-журналдарға жүктелер міндет одан да ауқымдырақ. Қазір біз оқырманға сараптамалық-талдамалық және танымдық мақалаларды көбірек ұсынуға ден қойып жүрміз. Барлық мемлекет үшін ақпараттық қауіпсіздік мәселесі өте маңызды. Балаларды ғаламтордан да шектемеу керек, дегенмен бала жастан газет пен кітап оқу мәдениетін қалыптастыруды да ұмытпағанымыз жөн, – деді Рауан Сәбитұлы.

Форум барысында ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев, ардагер-ұстаз, айтыскерақын Шолпан Қыдырниязова және Орал педагогикалық колледждің директоры Светлана Бахишева дәріс оқып, «Шебердің қолы ортақ», «Шеберлік әлемі: балалар мен ересектер шығармашылығы» атты шеберлік сағаттары өтті. Жаңашылдығымен және белсенділігімен көзге түскен бір топ педагог алғысхатпен марапатталды.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Жайық жұрты «Тарлан талантын» еске алды

Күні: , 29 рет оқылды

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар көрнекті ақын Тайыр Жароковтың туғанына 110 жыл толып  отыр.  Соған орай Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Тарлан талант» атты поэзия кеші өтті.

Кешке ақынның ұлдары  Марат пен Бекет те қатысты. Шараның шымылдығын қарымды қалам иелері Ғайсағали Сейтақ, Дариға Мұштанова, Талап Таймасұлы, Мұнайдар Балмолда Тайыр ақынның өлеңдерімен ашты.

– Қайырлы кеш, таланттарын төрге оздырған Ақ Жайық жұрты. Бүгінде ұлтының мақтаны болған Тайыр ақынды еске алып отырмыз. Ол – өлеңді үлкен рухпен оқитын жан. Оған студент кезімде бірнеше рет куә болған едім. Залды жарып жіберердей жарқын дауысы адамның бойына патриоттық сезім ұялататын. Содан да болар, оны заманының дауылпаз ақыны деп атады. Талант уақытты таңдап тумайтыны белгілі. Ақын өмір сүрген  дәуіріне бағынышты. Жалпақ жұрт Тайыр ақынды «Қазақтың Маяковскийі» деп мақтайтын. Себебі орыс ұлтының патриот ақыны Владимир Маяковский секілді Тайыр Жароков та өмір сүрген заманының  жаңалығын жазды. Көзі тірісінде құрметмарапатқа ие болды. Жамбылдай жыр алыбының қасында жүріп, оған қызмет атқарды. Бақытты ақын дейтін себебім, Алматы қаласында тұрғындардың ең көп жүретін көшесі Тайыр Жароков атындағы көше. Ал елінде көп ақын-жазушылардан бұрын оның ескерткіші бой көтерген болатын, – деді мемлекеттік  сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Тайыр ақын – атақты шешен Малтақан бидің немересі. Нарын құмның етегіндегі Жетібай ауылында дүниеге келген. Кеш барысында Тайыр Жароковтың тектілігі туралы сөз қозғаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен оның поэзияға қосқан еңбегіне де тоқталып өтті.

– Бүгінгі кеште туған жерінің мақтанышына айналған Тайыр  ақынның ұрпақтарын көргеніме қуаныштымын. Ақ Жайыққа қош келдіңіздер! Елбасы жуырда жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақтың ұлы-ларын ұлықтап, тарихымызды жандандыру, оны болашақ ұрпаққа аманаттау мәселесіне ерекше тоқталды. Ақ Жайық өңіріндегі  поэзия биігінің алдыңғы легінде Тайыр ағаның тұрғаны мәлім.

Оның қазақ поэзиясына қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Ұрпаққа өшпейтіндей асыл мұрасын, яғни өлеңдері мен поэмаларын қалдырды.   Облыс бойынша бес миллионнан астам кітап қоры болса, оның 3500-ден астамы цифрландырылды. Соған орай электронды жүйе арқылы Нарыннан шыққан дауыл-паз ақынның өлеңдерін оқуға мүмкіндік тууда. Ұлы тұлғаларын ұлықтайтын ұрпақ өсе берсін, – деді Серік Кенжебекұлы.

Жыр кешінде өңір өнерпаздары Тайыр ақынның сөзіне жазыл-ған әндерді шырқап, кештің шырайын келтірді.

Жиын соңында сөз алған ағалы-інілі Жароковтар шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, Жайық жұртына ақжарма тілегін арнады.

*  *  *

Тайыр  Жароковтың 110 жылдығына арналған шаралар легі «Тамаша талант туралы толғаныс» атауымен Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жалғасты.

Қазақ поэзиясын дамытуға ауқымды үлес қосқан ақынның отыздан астам жыр жинағы бар.

Дөңгелек үстел барысында оның кітаптары мен мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары қойылған «Тасқын талант – тарлан жыр» атты көрме ұйымдастырылды. Әдебиетші-ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы кең қаузалды.

– Хамза Есенжановтың 110 жылдығына орай «Тағдырлары тоғысқан тарихи тұлғалар» атты мақала жазған едім. Яғни оқырманға Қажым Жұмалиев, Тайыр Жароков, Хамза Есенжановты бір-бірімен тоғыстыра отырып жеткіздім. Тайыр Жароков пен Хамза Есенжанов  дос болған. Тайыр аға мен Мүнира апа шаңырақ көтергенде тойларында  араласатын төрт отбасы ғана болған. Тайыр аға Ленинградқа оқуға түскенде жұбайын бірге алып кеткен. Қаланың шет жағында орналасқан орыстың жадаулау үйін жалдап тұрыпты. Сонда оқып жүрген Мұхамеджан Қаратаев, Белгібай Шалабаев, Мәу-лен Балақаевтар үшін ол үй хан сарайындай болған. Өйткені, ауылдың дәмін сағынса, Мүнира анамыздың қолынан қазақы асты, бауырсақты жеуге келетін көрінеді. Шәкіртақы алса, бірігіп ақша жинап, сол үйде кішігірім той тойлап, мейрам жасайды екен. Хамза Есенжанов 1938 жылы істі болып сот-талғанда да, ешкімнен қорықпай қолдау білдірген Тайыр ағаның отбасы болатын. Тайыр ақын туралы ғибратты әңгімелер көп. Халқын сүйген ақынның артында мәңгі өлмейтін  мол мұрасы қалды, – деді  Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық академиясының аға оқытушысы, тарихшы Сайлау Сүлейменов.

Сондай-ақ басқосуда ардагер-журналист Тихон Әліпқали, өлкетанушы Сара Танабаева, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіндегі филология ғылымдарының кандидаты Азамат Мамыров, Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің  кафедра меңгерушісі Қырымжан  Жақыпова ақынның өмірі мен өнегесі, шығармашылығы хақында естеліктерімен бөлісті.

– Қадірлі жерлестер, әкемді еске алу кешін  ұйымдастырғандарыңызға алғысымды айтамын. 1958 жылы әкем 50 жасқа толғанда Ақ Жайыққа келіп, ұлан-асыр тойдың куәсі болған едік. Жайық жұрты бізді өте жақсы қарсы алып келеді. Әкеміз Оралды ерекше жақсы көретін. «Көрдің бе Орал қырларын? Жері қандай жап-жазық! Бір жағында құм Нарын, Бір жағында Ақ Жайық» деп мақтанатын. Ақ Жайықтан поэзияға құштар өрендер өсіп-өркендей берсін, – деді ақынның ұлы Марат  Жароков.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Алимент төлемей, қоғамдық жұмысқа жегілді

Күні: , 27 рет оқылды

Батыс Қазақстан облысында 1 мың кәмелетке толмағандар алдындағы алимент бережағы 76 млн. теңгеге жетіп отыр.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жыл басынан бері сот орындаушыларында 9,5 мың баланың пайдасына алимент өндіру туралы 7,5 мың құжат болды.

Прокурорлық қадағалау актілерімен 3,5 мың проблемалық құжат 634-ке дейін қысқарды.

Тексеріс кезінде уәкілетті органдардың борышкерлерге қатысты шектеу қою шараларын қолданбағаны анықталды. Атап айтқанда, 367 борышкер шетелге еш кедергісіз шыққан. 600 борышкердің көлік жүргізу құқығы шектелмеген. 931 адамның мүлкіне тыйым салынбаған. 1,5 мың борышкердің еңбекақысы мен басқа да табысынан алимент ұсталмаған.

Борышкерлерді жұмысқа орналастырумен қатар оларды алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қолданылуда. Мысалы, Д. деген азамат 2016-2018 жылдары кәмелетке толмаған баласын күтіп-бағуға алимент төлемей, берешегі 800 мың теңгеден асқан. Орал қаласы прокуратурасының ықпал етуімен ол ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 669-бабына сәйкес екі мәрте жауапкершілікке тартылды. Бірақ сонда да алиментін төлемеген әрі қалалық жұмыспен қамту орталығы ұсынған қызметтен бас тартқан. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен баланы күтіп-бағу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін Д. ҚР ҚК 139-бабына сәйкес 300 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланды.

Айта кетейік, алимент төлеуден жалтару қылмыстық құқықбұзушылық болып табылады, оған барған адамға 2 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Елжан  ЕРАЛЫ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика