Мұрағат: 28.11.2018


«Басты мақсатымыз – дамыған қоғам құру»

Күні: , 41 рет оқылды

27-28 қараша күндері Астанадағы  Тәуелсіздік сарайында «Азаматтық қоғам  және  мемлекет: Диалог. Серіктестік. Сенім» атауымен VIII азаматтық форум өтті. Форум жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Жиында ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев баяндама жасады. Оның сөзіне қарағанда, Елбасының осынау форумға арнайы қатысуы – республикамыздағы азаматтық қоғамның жете дамып келе жатқанының бір көрінісі.

– Бүгінгі форумымызды Елбасының саясатын қолдайтын, еліміздің жарқын болашағына сенетін азаматтардың форумы десек те болады. Мұндай кездесулер халықты, азаматтарды қанаттандырып, олардың қызметіндегі жоба-жоспарларын сәтті жүзеге асыруға зор септігін тигізеді деп ойлаймын. Президенттің бастамаларын лайықты іске асыруда Қазақстанның азаматтық секторының рөлі өте зор.

Қазіргі таңда «Азаматтық қоғамды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспары» жүзеге асуда. Осының арқасында ҮЕҰ-ның сапалы түрдегі өсімінің кезеңі басталып кетті. 2003 жылы Қазақстанда ҮЕҰ-ның саны 5 мың болса, қазір 22 мың болды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қаржыландыру көлемі биыл 22 млрд. теңгеге жетті. Бүгінгі таңда ҮЕҰ-ларды қаржыландыру 14 бағыт бойынша жүргізілуде. Қаржыландырудың үштен бір бөлігі әлеуметтік жобаларға жұмсалса, одан кейінгісі білім, жастар саясатын қолдауға, азаматтық қоғамды дамытуға, азаматтардың құқығын қорғауға бөлінуде.

Осы форум алдында өңірлерге жасаған сапарларымыз үкіметтік емес ұйымдарды еліміздегі процестерге көбірек қатыстыру керектігін көрсетіп отыр. ҮЕҰ қазіргі таңда гранттарды алатын ғана ұйым емес, үлкен процестердің қатысушысына айналды, –  деген министр алдағы уақытта нормативтік-құқықтық құжатты қабылдар кезде осы форум кезінде айтылған азаматтық қоғам мүшелерінің ой-пікірлері ескерілетінін де айтып өтті.

Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметовтың айтуынша, бұл форум нағыз азаматтардың форумы болды. Себебі аталмыш жиынға келген «үшінші сектор» өкілдерінің арасында өздерін сөзбен емес, іспен көрсетіп жүрген жандар аз емес. Яғни азаматтық қоғам өкілдері қолдарынан іс келетінін дәлелдеп келе жатыр. Соған орай жыл өткен сайын ҮЕҰ-ларға беріліп жатқан мемлекеттік функциялар қатары артып келеді.

Форум барысында азаматтық қоғам өкілдері, әлеуметтік кәсіпкерлер қолға алған жобалары, жетістіктері, орын алған мәселелер туралы айтып, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Форумға қатысушылар алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі.

– Біз жақында тәуелсіздігіміздің 27 жылдық мерекесін өткізгелі отырмыз. Тарих үшін бұл түк емес. Осынау қас қағым уақыттың ішінде қыруар қиыншылықтан өтіп, тәуелсіздігімізді, елімізді сақтап қалдық. Соның барлығы – халықтың бірлігінің арқасы. Қоғамның әр саласында жүрген азаматтар тәуелсіздікті құрметтеп, оны сақтап қалу үшін біріге жұмыс істегенінің арқасында біз дүние жүзіне белгілі ел болдық. Бізді ешкім танымайтын қазақ едік. Дүние жүзінің картасында жоқ Қазақстан едік. Қазір біраз дәрежеге жеттік. Бірақ атқарылар жұмыс көп. Осы форумға шын жүрегіммен табыс тілеймін.

Мен мемлекет пен қоғам арасында диалог орнатудың қажеттігін әр Жолдауымда айтып келе жатырмын. Біздің басты мақсатымыз – саналы азаматтары бар, мәртебесі жоғары, дамыған қоғам құру. Еліміздің бірлігі мен тұрақтылығы үшін жұмыла еңбек етсек, барлық міндеттерді жүзеге асырамыз. Өркендеген, гүлденген отыз елдің қатарына ену – бәрімізге бірдей мақсат. Ол – үлкен мақсат. Сол елдердегі секілді өмір болады деген сөз, сол елдердегі сияқты сауатты боламыз деген сөз. Бұл форум үкіметтік емес секторға серпін беріп, азаматтық қоғамның ары қарай дамуына үлкен жол сілтейді деп сенемін. Бүгінгі басқосуда нақты ұсыныстар айтылып жатыр. Көтерілген проблемалардың бәрі мұқият сарапталып, Үкіметпен бірге, ҮЕҰ өкілдерімен бірге тиісті бағдарлама қабылдау қажет.

Үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қаржыландыруды ашық және түсінікті жасау қажет. Жемқорлықтың болмауы, бағытталып отырған мемлекет қаражатының орындалуы үшін барлық жерде қаржыландыру ашық болуы тиіс. Ол үшін Үкіметке  қазіргі уақытта жүргізіп жатқан цифрландыру аясында үкіметтік емес ұйымдардың бірыңғай электрондық тексеру тізілімін әзірлеуді тапсырамын. Ол тексеру тізіліміне ҮЕҰ-лар ерікті негізде тіркелетін болады. Сонымен қатар ол алдағы уақытта мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ол үшін ҮЕҰ-ның аталған тізілімге орналастырған материалдары негізінде рейтинг әзірленуі керек.

Үкіметтік емес ұйымдар өмір сапасының жоғары стандарттарын ілгерілетуде негізгі драйверге айналуы тиіс. Мен бес әлеуметтік бастаманы жария еттім. Жолдаудың осы негізгі мақсаттары үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста жүзеге асырылуы қажет. Мен мұны барлықтарыңыздан өтінемін. Ең алдымен бұл – мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын бағалау, қоғамдық бақылау, сонымен қатар сапа, халықпен кері байланыс. ҮЕҰ-лар конституциялық қызметтермен қатар халықты жұмыспен қамту жұмыстарына да араласқандары жөн. Осыны ескере келе, Үкіметке сіздермен бірлесіп, 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырамын.

ҮЕҰ-лардың дауысы естілуі үшін азаматтық бақылаудың тиімді тетігін әзірлеу маңызды. Олардан басты ала қашпай, тыңдай білу қажет. Аталған дауыс шоғырландырылуы керек. Бұл жерде негізгі рөлге Қазақстанның азаматтық альянсы ие болуы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді үкіметтік емес секторға беру жұмыстарын жалғастыру қажет. Бұл бір қарағанда тосын дүниедей көрінеді. Мемлекеттік қызметтерді үкіметтік емес секторға беру қалай болмақ? Мемлекет өз ісі үшін халық алдында есеп береді, ал

ҮЕҰ-лар кімнің алдында жауап береді? Дегенмен бұл бағытта, мәселен, экология, әлеуметтік жұмыстар, балалардың құқықтарын қорғау және басқа да салалардағы жобаларды жүзеге асыруға болады», –  деді Елбасы.

Айта кетейік, бұл алқалы басқосуға 1000-нан астам адам қатысты. Олар екі күн бойы 100-ден астам кәсіби сарапшымен, 30-ға жуық министрлік пен ведомство басшыларымен, Парламент депутаттарымен, қоғам белсенділерімен кездесіп, бүгінгі таңда елдегі түрлі саладағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Форум барысында «Мен сенемін» азаматтық бастамалар конференциясы, «Азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл» тақырыбында мемқұрылым өкілдеріне арналған семинар, «Қазақстанның азаматтық қоғамын тұрақты дамыту үшін мемлекет пен халықаралық донорлардың әріптестігі» жиыны өтті. Сондай-ақ тақырыптық секциялар, салалық сессиялар, әлеуметтік иннова-циялар зертханасы, шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Осы

басқосуларда ҮЕҰ-ларды қаржыландырудың құн жағынан ыңғайлы қағидатпен емес, жоғары сапалы қызмет үшін беру мәселесі қаралып, салықтық және қаржылық тұрғыда ынталандыру бастамалары көтерілді. Халықаралық донорлық ұйымдармен серіктесу мәселесі талқыланды. Сонымен бірге ҮЕҰ өкілдері әлеуметтік ҮЕҰ-ларға микронесиелерді бөлуді ұсынады. Стартап-жобаларды қолдау үшін инновациялық гранттар мен венчурлық капиталды бөлу идеялары көтерілді.

Екі күндік алқалы жиынға еліміздің барлық өңірінен, соның ішінде Батыс Қазақстан облысынан да делегаттар қатысты. Мемлекеттік құрылым, ҮЕҰ, БАҚ, саяси партия, қоғамдық кеңес, жастар ұйымдарының жетекшілері мен өкілдері болып табылатын жерлестеріміз пленарлық сессияларда сөз алып, белсенділік танытқандарын да айта кеткен жөн.

– Мұндай форумның мақсаты – мемлекеттік құрылым мен азаматтық қоғамның арасында терезесі тең диалог ұйымдастыру. Біз жиында сондай диалогты анық көрдік. Көп кешікпей оның жемісін бәріміз де көреміз деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің біраз бөлігі «үшінші секторға» берілетіні туралы Елбасы, министрлер, өзге де мемқұрылым өкілдері мәлімдеді. Жалпы алғанда, азаматтық қоғам мұндай функцияларды орындай алатынын іс жүзінде дәлелдеп келе жатыр, – дейді БҚО Азаматтық альянсының президенті, «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мерует Санкаева.

Форум соңында БҚО Азаматтық альянсының президенті, «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мерует Санкаева мен ғылыми зерттеулерді қолдау орталығының төрағасы Айболат Құрымбаев ҚР ҮЕҰ-ларға арналған мемлекеттік сыйақының иегерлері  атанды.

Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Астана   қаласы

Тілек ҒАБДУШЕВ, Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары, аудандағы

ҮЕҰ-лармен  байланыс бойынша  уәкіл:

– Бұрындары «Қызыл Ай» сынды бір-екілі қоғамдық ұйым болса, қазір олар әр сала бойынша құрылуда. Мұның бәрі қоғам дамуы үшін жасалуда. Ауданымызда қазір 11 қоғамдық бірлестік жұмыс жасайды. Ақжайықтық азаматтық қоғам өкілдері де халық пен билік арасындағы көпір бола алатындықтарын дәлелдеді. Олардың жақсы, белсенді жұмыс жасауы үшін мемлекет тарапынан қаржыландыру шаралары қарастырылуда. Қаржыландыру демекші, ҮЕҰ-лардың белсенділігі қаржыға емес, жетекшілерінің іскерлігіне, ұйымдастыру қабілеттеріне, онда топтасқан азаматтардың белсенділігіне байланысты деп ойлаймын. Форумда азаматтық қоғамды дамытудағы мәселелер, оларды шешудегі жергілікті атқарушы билік құрылымдарының рөлі туралы жан-жақты айтылды. Енді мемлекет пен ҮЕҰ-лардың бірлескен жұмыс механизмдері барынша жанданатынына сенім мол.

Гүлмира БАТПАҚҰЛОВА, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Соңғы бес жыл ішінде мемлекет азаматтық қоғамға жақсы бет бұра бастады. Бұрындары мекеме-кәсіпорын басшылары «үшінші сектордың» мән-маңызын түсінсе, адамгершілігі жоғары болса, солар ғана ҮЕҰ-лармен жақсы байланыс ұстайтын. Ал қазір олай емес, мемлекеттің нақты бағдары бар. Сол себепті біраз мемлекеттік, бизнес құрылымдарының «беттері бері қарады». Екі күндік форум  барысында айтылғандай, алдағы уақытта мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланыс бұрынғыдан да нығая түсетіні қуантады.

Біздің бірлестік он жылдан бері әлеуметтік бағытта жұмыс істеп келеді. Жергілікті атқарушы билік, құзырлы мекеме-кәсіпорындар біздің қолымыздан іс келетінін біледі. Соған байланысты осы бағыттағы мемлекеттік функцияларды алуға біз дайынбыз деп айта аламын.


Қақпанға түсіп қалмаңыз…

Күні: , 567 рет оқылды

Көшедегі кез келген аялдамаларда, көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберісіндегі есіктерінде «Вам еще 25 лет?», «Подработка», «Нужны молодые специалисты, доход до 90000-200000» , «Работа пенсионерам» деген мәтіндегі  жалбырай жабысқан хабарландыруларды талай көрген шығарсыз. Мұндай жұмыстар «желілік маркетинг»  деп аталады. Жұмыс берушілердің сөзіне сенсек, бұл кәсіп атқарып жүрген  жұмысыңызға немесе оқуыңызға мүлдем кедергі келтірмейді. Яғни бос уақытыңызда айналыса беруіңізге болады. Тек  біраз қаржы салуыңыз қажет. Сосын компания өнімін саудалайсыз, жаныңызға жақын туыстарыңызды, достарыңызды жинайсыз. Сөйтіп, көл-көсір ақшаға кенеліп,  байып кетесіз-мыс.

Аңқауға  арамза

Жұмыссыз жүрген адамдар  немесе студенттер ақшаның астында қалу үшін мұны таптырмас мүмкіндік деп ойлайтыны анық. «Екі қолға бір күрек» таппай жүргендер білек сыбана кірісіп, мол пайдаға кенелу мақсатында неге болса да дайын тұрады. Ал қармақтарын тастап қойып, қарап отырған желілік компаниялар жұмыс іздеп келген адамдарды күліп қарсы алып, компания жөнінде аздаған мағлұмат береді. Аз уақыттың ішінде пәленбай миллион табуға болатындығын айтып,  психологиялық тұрғыдан тез сындырып бағуға тырысады. Сананы тұрмыс билеген заманда жылдам байып кетуді кім қаламайды дейсіз енді… Қалтасының жұқалығынан әбден мезі болып, болмаса айлығы шайлығынан ауыспай жүрген жандар «құлақтан тепкен»  әдемі сөздерді естігесін, қармаққа бірден ілігері хақ. Желілік маркетингпен айналысып отырғандардың  күткені де осы… Әрі қарай жасы болсын, жасамысы болсын өз мүдделеріне пайдаланады.

«Ажырасып кеткендер өте көп»

Желілік маркетингті желеу етіп, адамдарды алдап соғып, алаяқтықпен ақша жасап жүрген қаржы пирамидалары туралы көпшілігіңіз хабардар боларсыз. Қаржы пирамидаларының қайдан шыққанын, еліміздің аумағына қашан келгенін білмек болып, интернетті ақтардық. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында қаржылық пирамидалардың  жұмысына бірқатар шетелдерде тыйым салынғандығы жазылған. Кейбір мәліметтерде Индонезия, Иран, Әзірбайжан сынды елдерде оның қызметіне мүлде тыйым салынғандығы келтірілген. Сондайақ 2008 жылы АҚШ, Канада елдерінде де қаржылық пирамида алаяқтық деп танылып, филиалдары жабылған. Өзбекстанда да бұл компанияның үні өшіпті. Ал біздің елімізде қаржылық пирамида ойына келгенін істеп, біраз адамның етегін жасқа толтыруда.

«Бәлен жерде алтын бар, барсам бақыр да жоқ» демекші, бүгінде желілік маркетингке жұмыс іздеп барып, жапа шеккендердің  қатары күн санап көбейіп келеді. Солардың бірі – Орал қаласының тұрғыны Алена  Шляпина.

– 2017 жылы «Жайықжылуқуат» ЖШС-да жұмыс істеп жүрген едім. Бір күні үнемі жылудың ақшасын төлеуге келіп жүрген Мира есімді келіншек менің телефон нөмірімді сұрап алды. Содан уатсап желісі арқылы менің отбасылық өмірімді, қалай тұрып жатқанымды сұрай бастады. Мен жұбайыммен ажырасып кеткенімді, екі баламды асырап отырғанымды, айлығымның аз екенін айттым. Ол болса жаны ашыған болып, «Екі баланы асырау оңай емес қой, оның үстіне айлығың да мәз емес. Бір жерде жұмыс бар, ақшасы өте жақсы, жағдайыңды жасап алуға болады. Мен саған көмектесе аламын» – деді. Мен  қандай жұмыс екенін сұрадым. «Келгесін көресің, Жүнісова 144 мекенжайына кел» дегеннен басқа ештеңе айтпады.

Содан айтылған мекенжайға бардым. Мені біреумен кездестіріп, сөйлестірді. Әлгі адамның айтқандарын мұқият тыңдадым. Түсінгенім, жақсы ақша табуға болады екен. Айлықтан айлыққа әрең жетіп жүрген мен үшін бұл түс сияқты болып көрінді. Жағдайымды жасап алатын болдым ғой деп іштей қуандым. Сосын ол  үш күн қатарынан семинар-тренингке қатысуым керек екенін айтты. Мүмкіндікті құр жібермейін деп қатыстым. Олар өткізген семинар-тренингте үлкен жетістікке жетуге болатындығын, ол адамның өз қолында екенін, былайша айтқанда, адамның арманына қанат бітіретін сөздерді құлағымызға құюмен болды. Үшінші күнгі кездесуде психологиялық тұрғыдан шабуыл жасады. Семинарды жүргізген әйел апта сайын менің есепшотыма 1800 АҚШ доллары түсіп тұратындығын, шетелге демалуға жіберетіндерін, тек ол үшін компанияның өнімдерін сатып алу қажет екенін айтты. Бірақ қандай өнім екені жөнінде жақ ашпады. Семинар біткесін маған келіп, компанияның өнімін сатып алу үшін 700 мың теңге қаржы керек деді. Менде ондай қаржы жоқ еді. «Ақшаң болмаса, қысылма, банктен несие ала сал» – деді. Айтқан сөздеріне басым айналып қалғаны соншалық, бірден келісе кеттім, – деген Алена пирамидаға кіргеніне қатты өкінетінін айтып, әрі қарай әңгімесін  жалғады.

– Тренингтен кейін «Каспий банкіне» бардық. Қара тізімде тұрғандықтан, банк маған несие берген жоқ. Банк бермегесін  менен қалай да ақша алу үшін шағын несие қаржы ұйымына алып барды. Олар 700 мың емес, 380 мың теңге санап берді. Сол жерде «қамқоршым» ақшаны қалтасына салып алды. Артымнан кісі жинау керек дегесін, анамды тарта бастадым. Алғашында анам қарсы болған, артынан көнді. Депозитке жинап жүрген ақшасын салып жіберді. Күндер өтіп жатты, апта сайын осынша ақша табасың  дегендері  жалған екенін түсіне бастадым. Сосын кетіп қалдым.  Шынымды айтсам, қалай алданып қалғанымды өзім де білмеймін. Білетінім, олар семинар-тренингті бекер ұйымдастырмайды екен, миыңды улап, сені зомби қылып шығарады. Жалғыз мен емес, бірталай адам сан соғып қалды. Оның ішінде зейнеткерлер де бар. Білесіз бе, осы пирамиданың кесірінен ажырасып кеткендер өте көп. Тіпті өз-өзін өлтірмек болғандар да болды. Бұларға заңмен тыйым салып, жауып тастаса,  жақсы болар еді, әйтпесе, әлі талай адам алданады. Қазіргі таңда БҚО полиция департаментіне арыз түсіріп қойдым. Мені алдаған алаяқтардан ақшамды қайтарып аламын деген үміттемін. Не де болса,  соңына дейін  барамын. Менің жоғалтатын ештеңем жоқ. Адамдарға айтарым, қаржы пирамидаларына алданбаңыздар, олардың айтатындарының барлығы өтірік, – дейді опық жеген Алена Шляпина.

– Зардап шегушілерді үгіттеп, қаржылық пирамидаға кіргізген адамдардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатқандықтан, дәл қазір ештеңе айта алмаймын, – дейді  өзін Аленаның адвокатымын деп таныстырған Асхат Бекенов.

Қаржы пирамидасына оңбай алданған тек Алена ғана емес, Саламат Ералин де қыруар қаржының астында қаламын деп ойлап, несие атты «қораға» қалай кіргенін білмей қалған.

– Бір күні келінім: «Мама, Саламат банктен несие алыпты, телефонына келген хабарламадан көрдім» – дейді. Қайдағы несие деп шошып кеттім. Артынан білгеніміздей, қаржы пирамидасына кіру үшін «Евразия» банкінен 950 мың теңге несие алған. Ұлымды алдап пирамидаға кіргізген Рүстем деген асаба  жігіт. Үнемі соның қасында жүретін. «Осында кірсең,   ақшаның астында қаласың» деп алдаса керек. Ұлым айтқанына сеніп, дегенін істеген. Содан Рүстемді шақырып, неліктен бұлай еткенін сұрасақ, «Мен ешкімді қинап кіргізген жоқпын» деп бар кінәні ұлыма жауып қарап тұр.

Сосын ұлым оның үстінен арыз жазды. Қылмыстық істің қозғалған, қозғалмағанын нақты білмеймін. Бірақ тергеуші өзара келісімге келуді ұсынған. Рүстем ортаға Бекзат есімді жігітті салып, ұлымның банктен алған 950 мың теңгесін сол өтейді деді. Басында Бекзат үш ай қатарынан 11 мың теңгеден төлеп тұрған, одан кейін мүлдем төлеген жоқ. Хабарлассақ, әр түрлі сылтауларды айтады. Қазір өзіміз ай сайын несиеге 20 мың теңгеден төлеуге мәжбүрміз. Қаржылық пирамидалардың банкпен байланысы бар-ау деймін негізі. Неге десеңіз, әншейінде несие алайын деп барсаң, толған құжат сұрап, бере қоймайды ғой. Ал менің ұлыма алғызғанда ешқандай құжат сұрамаған. Мұндайларды түп-тамырымен құрту керек, – дейді Саламаттың анасы Тілектес Байқадам.

Педагог-психолог Әсел Мәмбеталиеваның айтуынша, адамдардың қаржылық пирамидаға тез алдануының бірден-бір себебі – материалдық жағдайын оңай шешіп аламын деп ойлағаннан туын-дайды екен.

— Адам қартайғанда бала сияқты болады ғой, әр нәрсеге сенгіш келеді. Зейнеткерлердің алдануының себебі осында деп ойлаймын. Ал албырт жастар өздерінің қиялдарындағы «байлыққа» тез жеткісі келеді. Сондықтан қаржылық пирамида құрған тұзаққа бірден күмп етеді. Желілік маркетингпен айналысатындардың барлығы адам санасының ой-шұңқырын әбден зерттеген кәнігі психолог екені анық, – дейді  Ә. Мәмбеталиева.

«Ешкімнің  айтқанын  тыңдамаңыз!»

Адамдарға үш күн бойы семинар-тренинг өткізіп, санасын «сөндіріп» тастайтындай соншалықты не айтатындарын өз құлағымызбен тыңдау үшін, аялдамадан «Работа» деген бірнеше тілімдей қағазды алып,  онда көрсетілген ұялы телефонға қоңырау шалдық. Қоңырауға жауап берген  әйелге жұмыс іздеп жүргенімді айттым. «21-і күні Сарайшық 28Б мекенжайына келіңіз, төртінші қабатта отырамыз. Басшылық таңертеңгі сағат 10.00-мен 11.00-дің арасында, сосын түстен кейін сағат 16.00-мен 18.00-де қабылдайды. Сізге қай уақыт ыңғайлы, жазып қояйын. Келгенде хабарласуды ұмытпаңыз» – деп қадап айтты тұтқаның арғы жағындағы дауыс. Таңертең баратынымды байыппен жеткіздім.

Сонымен не керек, жазылып қойған күні әлгі мекенжайға бардым. Диктофонымды қосып, қалтама салып, төртінші қабатқа ақырын көтерілдім. «Хабарласуды ұмытпаңыз» дегесін, келгенімді ескерттім. Бір әйел қарсы алып, қаз-қатар тізілген орындықтардан басқа дәнеңе жоқ бөлмеге ертіп барып, отырғызып қойды. Мұнда жүргендердің барлығы шыттай болып киініп алған. Үстерінде костюм-шалбар. Кішкенеден соң келіп, қолыма анкета ұсынып, «мынаны толтырыңыз» – деді. Анкетаға аты-жөніңді, қай жылы туғаныңды, қайда тұрып жатқаныңды, қайдан білім алғаныңды, қандай жұмыс іздеп жүргеніңді, айлығы қанша болу керек, ұялы телефон нөміріңді көрсетуің қажет екен. Он минуттан соң жас шамасы 50-55-тегі  әйел келіп, өзімен бірге жүруімді өтінді. Соңынан бардым. Бөлмеге кірген бойда аузы-аузына жұқпай сөйлей жөнелген әйел әлемде теңдесі жоқ компанияның өкілі екенін, халық тұтынатын тауарларды сатумен айналысып отырғандарын айтты.

– Бұл компанияның Оралда жұмыс істеп жатқанына бес жылдай уақыт болды. Бізде қарапайым кеңесшіден бастап, басшының кө-мекшісіне дейін бос орындар бар. Адамдармен жұмыс істеп, өзіңізді көрсете алсаңыз, жоғары көтеріле аласыз. Мұнда студенттерге, зейнеткерлерге де жұмыс істеуге болады. Ол үшін біз арнайы жұмыс кестесін жасап қойдық. Негізгі жұмыстарына кедергі жасамайды. Тек күніге бір-екі сағат бөлсе болғаны. Сіз мұнда жұмыс істейтін болсаңыз, анда-мында жүрмейсіз, осы жерде отырып, туыстарыңызға, достарыңызға компанияның өнімдерін  жарнамалайсыз. Сіз әлі жассыз, көптеген жетістікке жете аласыз. Шетелдерге шығып көрдіңіз бе? Паспортыңыз бар ма? Біздің компания арқылы шетелдерге де шыға аласыз. Ай сайын 200 мыңнан 500 мыңға дейін табыс табуға болады, – деп бірнеше айда қалталы азаматтардың қатарына қосылатыныма  кепілдік  берді.

Айтып отырған әңгімесінің ертегі екенін білсем де, түк білмеген адамша «Шынымен, осыншама ақша табуға бола ма?» деп «таңданып» қойдым. Осылайша бір сағатқа созылған әңгімеден соң «Сіз толтырған анкетаны әлі басшылар қарайды, егер конкурстан өтіп жатсаңыз, үш күндік семинар-тренингке қатысасыз, содан кейін барып, жұмысқа қабылдаймыз. Кешке  хабарласып, нақты жауабын айтамын» деп шығарып салды.

Арада екі-үш сағат өткен соң жаңағы әйел хабарласып, мені конкурстан өтуіммен құттықтап, кешкі сағат 17.30-да баяғы мекенжайға өзіммен бірге дәптер мен қаламсап алып келуімді, семинар-тренинг бүгіннен басталатынын баяндады. Маған да керегі осы еді… Қалам мен дәптерімді алып, бір сағат бұрын ерте бардым. Барсам, басқа бөлмеде 15-20 адамға «уағыз» айтып жатыр екен. Көбі – жастар. Тыңдайын деп есікке жақындай бергенім сол еді, артымнан бір әйел жетіп келіп, «Сіздерге сағат алтыда басталады. Ерте келгенсіз, шеткі бөлмеге барып күтіңіз» деп таңертеңгісін кірген бөлмені нұсқады.

Жалғыз өзім бөлмеде жапан далада қалып қойғандай сезініп отырғанымда, жаныма жас қыз келіп жайғасты. Оны да семинарға шақырыпты. Өзінің айтуынша, жұмыс іздеп, газет ақтарып отырғанда, кеңсеге көмекші керек деген хабарландыруды көріп келген екен. Мұнан соң қатарымыз тағы бір жас студентпен, сосын зейнет жасындағы орыс әжеймен толықты. Кішкенеден соң Әсем есімді қыз келіп, сарыла күткен семинарды бастап кеп жіберді. Өзінің осы компанияның өкілі екенін айтқан ол бізге сөзін бөлмей, соңына дейін мұқият тыңдауымыз керек екенін, сұрақтарды соңында ғана қоятынымызды қадап айтты. Әуелі компанияның халықаралық деңгейде жұмыс істейтінін, бүгінде әлемнің 23 елінде филиалдары бар екенінен хабардар етті. Сосын  бизнесті қалай бастау керек екенін түсіндіріп, тақтаға бірдеңені шимайлай жөнелді. Алғашында түк түсінбедім. Сөйтсем, сызғаны бизнес жоспар екен. Шамалы кәсіпкерді жолда  қалдырады  дерсің…

– Бизнес бастау үшін алдымен идея, қаржы және өз командаң болуы керек екенін жақсы білесіздер. Сосын ниет, шыдам, мақсат ауадай қажет. Бұлар болмаса, жетістікке жету қиын. Біздің компанияда өсуге өте үлкен мүмкіндік бар. Мәселен, сіз осы компанияға кеңесші болып жұмысқа тұрсаңыз, бір күнде 200300 доллар қалтаңызға түсіп тұрады. Кейін ақырын жоғары көтеріліп, айына 1000-2000 долларға дейін  табыс табатын боласыздар. Жақсы емес пе? – деп бізді «жігерлендіріп» қойған қыз көңілдерінде күмән болмасын деді ме қайдам, әйтеуір ешкімді тыңдамауға кеңес берді.

«Мен де сіздер сияқты осы компанияға жұмысқа тұруға келіп, үш күндік семинар-тренингтен өттім. Сосын үйге барып, анама жақсы жұмысқа тұрғанымды айттым. Анам қандай жұмыс екенін сұрады. Мен айына осынша ақша табатынымды айтқанымда, анам қатты қуанды. Компания турасында сіздерге туыстарыңыз немесе таныстарыңыз жағымсыз пікірлер айтуы мүмкін, бірақ адам өмірде қандай да бір белесті бағындырамын десе, өзінің қалауымен ғана жүруі керек. Сондықтан сіздер кім не айтса да, семинар-тренингтен қалмай қатысыңыздар. Ертең басқа «оқытушылар» бұдан жақсы нәрселер айтады. Сонда өздеріңіздің көздеріңіз жетеді. Бүгінге осы», –  деп  бөлмеден  шығып  кетті.

Мынадай сөздерден кейін қақпанға түспей көріңіз енді, бұлар шетінен психолог па дерсің, адамдарды өздеріне тартудың небір айла-тәсілін үйреніп алған. Семинар-тренинг біткен соң сыртқа шығып келе жатып, қасымда отырған қыздан алған әсерін сұрадым. Айтқандары бұған қатты әсер етсе керек, «Өте керемет, кез келген нәрсеге тәуекел ету керек қой, маған ұнады» – деп жауап берді. Негізі, үш күндік семинарларына толық қатысып, эксперимент жасаймын деп ой-лағанмын. Бірақ бірінші күнгі семинардан соң айнып қалдым. Өйткені қалағаныңды әп-сәтте көз алдыңа әкеліп беретін мұндай алаяқтарға қалай алданғаныңды өзің де білмей қаласың  ғой. Сондықтан іргемді аулақ салғаным жөн дедім.

«10 күнге Египетке барамын»

Желілік маркетингпен айналысып жүрген  Орал қаласының тұрғыны Ақмарал Қадырова материалдық жағдайды жақсартуға болатындығын  айтады.

– Өзімнің тұрақты жұмысымды тастап, мұнда осы жылдың сәуір айында келдім. Келгеніме өкінбеймін. Ай сайын 200 мың теңге  тауып жүрмін. Бұл жерге бір-ақ рет қана қаржы саласың, әрі қарай артыңа екі-үш адам жинап, жұмысыңды істей бересің. Біз ештеңе сатпаймыз, тек қол жуатын сабынды жарнамалаумен айналысамыз. Бұйырса, жақында компанияның атынан 10 күнге Египетке барамын,  – дейді Ақмарал Қадырова.

Олар салық төлей ме?

Бұл сұрақтың жауабын білу үшін  Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасына барған едік.

– Желілік маркетингпен айналысатындар салық төлеуге міндетті. Бірақ олар қандай да бір адамның атына жеке кәсіпкерлік ашатыны анық. Енді олардың салық төлеп отырған, отырмағанын білу үшін, ең алдымен, жеке кәсіпкерлік кімнің атында, соны анықтау керек. Егер осындай адам жеке кәсіп ашып, салық төлемей отыр деп арыз түсетін болса, біз прокуратурадан рұқсат алып тексереміз, – дейді Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы  басшысының орынбасары Есенжол  Бердіғалиев.

Желілік маркетингтерді жаппай жамандаудан аулақпыз. Мақсатымыз – соңғы уақытта алаяқтықпен айналысып, талай адамды тақырға отырғызып жүрген ұйымдардың көбейіп бара жатқаны жөнінде дабыл қағу еді. Бір өкініштісі, мұндай ұйымдарға адамдар саналы түрде жем болып жүр. Сондықтан құрметті оқырман, «тегін ірімшіктің тек тышқанның қақпанында ғана болатынын»  ескергейсіздер.

Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»

P.S.:

Бұл мақаланы дайындау барысында біз БҚО полиция департаментіне 16 қараша күні қаржылық пирамидаға байланысты бүгінгі күнге дейін қанша адамнан арыз-шағым түскенін, күдіктілер ұсталған ұсталмағанын, күдіктілерге қандай шара қолданылып жатқанын, зардап шегушілердің ақшалары қайтарылды ма? деген бірнеше сауал (ресми хат) жолдаған болатынбыз. Жолдаған хатымызға жауап берер түрлері болмағасын департаменттің баспасөз қызметіне қайта-қайта телефон шалумен болдық. «Әне жібереміз, міне жібереміз» деп 10 күннен кейін ғана берген жауаптары төмендегідей:


«Қазақтың ұлттық коды – төл жазу»

Күні: , 41 рет оқылды

Қарашаның 28-і күні Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Қазақтың ұлттық коды – төл жазу» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған еліміздің, түркі әлемінің және шетелдік тілші-ғалымдар қатысты. Конференцияны облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.

Пленарлық мәжілісті ашқан облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов конференцияның Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде қазақ тілінің әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттау, жаңа әліпби негізінде қалыптасатын емле ережесін түсіндіру, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғалымдардың уәжін тыңдау және олардың ғылыми ізденістері жайында қанық болу, мемлекеттік тілді дамыту жайы және алдағы мақсат-міндеттерді талқылау мақсатында ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. «Латын графикасына көшу –еліміздегі тіл саясатына ғана емес, экономика, халықаралық байланыс, ұлтаралық қатынас секілді өзге де маңызды факторларға ерекше әсер етер құбылыс» деген Миржан Сатқанов алқалы жиынға арнайы келген қазақ тілі ғылымының бәйтерегі, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі инс-титутының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбекке 80 жылдық мерейтойына байланысты облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан шапан сыйлады. Пленарлық мәжілісте профессор өз ойымен бөлісті.

– Латын әліпбиіне көшудің ең басты себебін айтпай келеміз. Біз қазақ тілінің емлесіне іргелі де күрделі реформа жасап алуымыз қажет. Ғалымдардың айтуынша, қазақ және орыс тілдерінің бір-бірімен ұқсастығы 0,056 пайыз ғана. Бұл айғақ – екі тілдің фонетикалық, грамматикалық тұрғыдан бір-бірінен өте алшақ екеніне дәлел. Сондықтан қазақтар үшін орыс тілін үйрену, ал орыстар үшін қазақ тілін үйрену қиын. Қазіргі әліпбиімізді қазақтың төл әліпбиі деп айту артық. Себебі әліпбиіміздегі таңбалардың жартысына жуығы қазақ тілінің төл дыбыстарына сәйкес келмейді. Алдағы басты міндет – төл дыбыстарымыз нақты таңбаланған жаңа әліпби жасау. Дұрысы, қазақ тілінде 28 дыбыс бар, оның ішінде тоғызы – дауысты. 1957 жылы қазақ тілінің емле ережесіне жүргізілген реформа тіліміздің дыбыстық құрамын, үндестік әуезіне нұқсан келтіріп, морфологиялық, грамматикалық және фонетикалық құрылымын бұзып кетті. Елбасымыз латын графикасына көшіру туралы Жарлық шығарды. Ешқандай халықта кемеліне келіскен әліпби жоқ. Әліпбиден кемшілік табылса, ол арнайы емле ережемен реттеліп отырады. Сондықтан жаңа әліпбимен жүйелі жұмыстану қажет, – деді А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Хабиева әліпби реформасы аясында «Жаңа емле, құрылымы, ұстанымы және жаңалықтары» жөнінде баяндады.

– Елбасымыздың 2018 жылдың 19 ақпанындағы №637 Жарлығымен латын графикалы әліпбиі бекітілді. ҚР Үкіметі Алматы қаласындағы А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына жаңа әліпби негізінде емле ережелерін дайындауды тапсырды. Институт ғалымдары шілде айында жаңа емле ережелері жобасын дайындап, оны орфографикалық жұмыс тобына тапсырды. Бұл жоба бірнеше мәрте талқыланып, тәуелсіз сараптама жасалды. Мектептерде апробациялық сабақтар жүргізілді. Желтоқсанның 6-сы күні өтетін Ұлттық комиссия отырысына дейін жобаға әлі де өзгерістер енгізіледі. Емле ережелерінің жобасы тоғыз тараудан, 108 тараушадан тұрады, – деді  Алмагүл Хабиева. Оның айтуынша, қазіргі жазу дәстүрін сақтау ұстанымы басшылыққа алынып, жаңа емле ережесінің жинақы да ықшам болуы ескерілді.

– Кейбір ғалымдар ұсынғандай, «шай», «жай» сөздері фонетикалық ұстаным бойынша («шәй», «жәй») жазылса, түбірге жіңішке дауысты дыбысы бар жалғау жалғануы («шәйге») тиіс. Сондықтан фонетикалық принципті басшылыққа ала алмаймыз.  Жаңа емле ережесі бойынша мерзім атауларын реттік сан есіммен келген сөз тіркесі секілді дефис белгісі арқылы жазамыз: 1940-жыл, 22-қыркүйек. Орыс тілінен енген, э, ю, я, ц әріптері бар сөздер әзірше мынадай нұсқалармен ұсынылып отыр. Мысалы, «элемент» сөзін «element», циркті «sirk», режиссерді «rejiser», «юпитер, полюс» сөздерін «Iypiter, polus» нұсқасында жазамыз, – деді Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Хабиева.

– Қазақ емлесінің негізгі ережелері дайындалып, халық талқысына ұсынылды. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біріншіден, ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншіден, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Яғни қазақ әліпбиіне реформа жасап, жаңа емле ереже қалыптастыруда басты ұстаным осы болмақ. Орфография ережелерін түзуде А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының орфограф-мамандары А. Байтұрсынұлының «халықтың сөйлеу тілімен санасу керек», Қ. Жұбановтың «емле негізіне қожа сол тілдің жаратылыс заңы болуға керек» деген ұлағатты тұжырымдарды басшылыққа алдық деп жар салады. Емле ережелерін қарап отырсақ, өкінішке орай, сөз бен істің арасы тым алшақ жатқанын байқаймыз. Бұрынғы кирилл әріпті әліпбиіміздегі күрделі, орыс тілінің ықпалына жығылған қосамжар ережелер еш өзгеріссіз қайталанып тұр. Мәселен, у́ (у) әріптері төл сөздерде дара дауыссыз дыбыс ретінде таңбаланады: aı, úı, oıshyl, aý. Біздің ойымызша, төл ұлттық әліпбидің төл ұлттық емле ережесі болу керек. Кірме сөз де, термин сөздер де қазақ тіліне қызмет жасау үшін енді. Олар толық қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бағынып, жазылуы қажет, – деді халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға модератор болған Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр. «Жаңа әліпби мен емле туралы айтқанда ең қиын, күрделісі – кірме, жат  әріптерді, тиісінше, шет тіл сөздерін қолдану мәселесі. Өз тарихымызда өзге тілдің  дыбыстық-әріптік құрамы мен жазу ережесін түгел алған тәжірибеміз бар және оның арты неге әкелгені де белгілі. Орыс тілінен, орыс тілі арқылы басқа шет тілдерден енген сөздерді орыс тілі ережелерімен айту, жазу тәсілінің ана тілімізге ықпалы қандай болғанын бүгінде қазақ ғалымдары ашық айтып отыр. «Орыс тілінен енген сөздердің тұлғасы сақталып, орыс орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады» деген ережемен бірге қазақ тіліне орыс тілінің орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтары қоса келіп, бұл нормалар кірме сөздердің ғана емес, төл сөздеріміздің де айтылуы мен жазылуына ықпал етіп отыр», – деді ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев.

Конференцияда Германияның Франкфурт қаласынан келген Phd докторы Ханс-Якоб Шмитц «Адамзат тарихындағы әріп дамуының тарихы» туралы баяндама жасады. Ал Стамбул университетінің әдебиет факультеті, түрік және әдебиет бөлімінің оқытушысы, доктор, профессор Өзтүрік Гөксал, Баку мемлекеттік университетінің Phd, қауымдастырылған профессоры Шәміл Садигов, Өзбек мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Досмамат Кулмаматов түрік, әзербайжан, өзбек тілдерінің латын әліпбиіне көшу  тарихы  жөнінде  айтты.

– Әліпби халықтың әлеуметтік, саяси және қоғамдық өміріне ықпал етеді. Әр тілдің өзіндік ерекшелігі бар. Жаңа қабылданған әріптер жаңа мәселелерді тудырады. Әзербайжан алфавиті төрт мәрте өзгеріске ұшырады. Бірақ латын графикасы елдің заман талабына сай дамуына негіз болатыны анық. Біз Қазақстанның латын әліпбиін қолдана бастағанын қуана қабылдадық. Әзербайжан жазуы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін араб графикасына негізделді. Кеңестік кезеңде 1920 жылдардан бастап әзербайжан және армян халықтарын Түркиядан бөлек ұстау үшін латын графикасына көшіруді бастады. 1929 жылы бұл үдеріс толық аяқталды. Түркия Республикасы латын әліпбиін қолданысқа енгізе бастағанда, біз кириллицаға көшуге мәжбүр болдық. Кейін 1991-2001 жылдары латын графикасына оралып, оған өзгеріс енгізу кезең-кезеңімен жүргізілді. Жаңа әліпбиге көшкенде орфография және орфоэпия ережелерін мұқият пысықтау қажет. Әзербайжан елінде бірқатар сөздердің жазылуына қатысты әлі күнге даулы пікірлер бар, – деді Шәміл Садигов.

Пленарлық мәжілістен кейін тілші-ғалымдар Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде өткен секциялық отырыстарға қатысты. Айта кетейік, конференция өткен күні  облыстық қазақ драма театрында «Latyn kórmesі» ашылды.  Кітап көрмесінде 1929-1940 жылдары аралығында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының сирек қорынан латын графикасымен шығарылған қазақ тіліндегі 100-ден астам кітап назарға ұсынылды. Облыстық тілдерді дамыту басқар-масының қолдауымен көрмені «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қоры ұйымдастырды. «Latyn kórmesinde» мектеп оқулықтары, көркем, салалық және балалар әдебиеті мен мерзімді басылымдар бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылдығына байланысты ұйымдастырылған «Латын» жылжымалы экспедициялық көрмесі облыстық тарихи-өлкетану мұражайы базасында бір ай бойы болады.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика