Мұрағат: 27.11.2018


Тұншықтырғыш газбен улану

Күні: , 37 рет оқылды

2018 жылдың 16 қарашасы мен 28 желтоқсаны аралығында облыс аумағында өтіп жатқан «Қауіпсіз қыс» айлығы кезінде БҚО ТЖД Жаңақала ауданының ТЖБ қызметкерлері тұншықтырғыш (иісті) газбен уланудың алдын алуға рейдтік шаралар өткізуде. Бөлім қызметкерлері тұрғындар арасында жылыту пештерді дұрыс қолдану туралы түсінік жұмыстарын жүргізуде.

Ауа-райының салқындауына байланысты пештерді дұрыс пайдаланбау салдарынан жазатайым оқиғалар саны артып және адам қазасы орын алады.

Осы оқиғалар көбінесе аяздар басталысымен, сұйық және қатты отынмен пеш жағу көбейгенде және халық қарапайым қауіпсіздік ережелерін ескермегенде орын алады.

Ауада отынның әр түрлері толық жанбаған кезде тұншықтырғыш газ пайда болады. Пештің түтін шығатын орнын (жапқышты) отын толық жанып болмай ерте жабу кезінде улану жиі болады. Жанбаған көмір көмірқышқылмен әрекеттеседі және тұншықтырғыш газды түзеді.

Сонымен бірге, тұншықтырғыш газбен уланудың өзге себептері болу мүмкін: пешпен жылыту ережелерін бұзу (пеш қалқанын уақытынан бұрын жабу, отын салу жеріне ауаның жеткіліксіз келуі, түтіннің жеткіліксіз тартымы), пеш және түтін шығатын орынның жарамсыздығы (пештің құрылысында жарықшалар бар, түтін шығу орны жабық).

Тұншықтырғыш газдың түсі мен иісінің жоқтығы оны аса қауіпті етеді. Уланудың симптомдарын анықтау қиын, сондықтан дімкәстіктің себебі улы газ болып табылатынын білмеуге де болады. Бір ғимаратта болған барлық адамдарда бірдей симптомдардың пайда болуы тұншықтырғыш газбен улану уақытын белгілеуге мүмкіндік береді.

Көміртек тотығының көп емес шоғырлану кезінде уыттылық әрекет ету мен уланудың алғашқы белгілері көріну мүмкін: жас ағу, бас ауруы және бас айналу, әлсіздік және жүрек айну, құрғақ жөтел, шатасқан сана, көру және есту елестері болу мүмкін. Улану симптомдарын сезгеннен кейін үйден жедел сыртқа шығу керек.

Тұншықтырғыш газбен улану, қозғалтқышы істейтін автомобильде ұзақ уақыт болған кезде (шығару газдың жиналуынан), өрт ошағында ұзақ уақыт болған кезде болуы мүмкін.

Тұншықтырғыш газбен улану симптомдары әртүрлі – бас ауру, самайда соққылар, жүрек айну, ұйқышылдық, аз уақытқа талып қалудан бастап сәл ауруларға, естен тану, тыныс алу мен ми қанайналымның бұзылуымен бірге коматозды күйге дейін болады. Ауыр жағдайлар жүректің қызметін тоқтату мүмкін. Зардап шеккен адамды дереу ауруханаға жатқызу қажет.

Дәрігер келгенше науқасты таза ауаға шығару керек – бұл ауруханадан тыс барлық көмек көрсету. Кейін стационарда оттегін ұзақ деммен қабылдау, аппаратпен жасанды  тыныс алу өткізіледі; ағзаның зардап шеккен жүйелерінің тіршілік әрекетін қалпына келтіретін құралдары қолданылады.

Адам өлімінің алдын алу мақсатында барлық азаматтарды жылыту пештерді қолданған кезде тиісті шараларды сақтауға шақырамыз.

БҚО ТЖД Жаңақала ауданының ТЖБ бастығы

азаматтық қорғау подполковнигі

Б. Калимулдин


«Жыл үздігі-2018» облыстық жастар премиясы» байқауы жарияланды

Күні: , 49 рет оқылды

 2018 жылдың 23 қараша күні «Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» Қауымдастығы дәстүрлі түрде өтетін«Жыл үздігі– 2018» облыстық жастар премиясы»  байқауын жариялады.

2008 жылдан беріоблысымыздағы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда, жыл бойына жастар қозғалысының дамуына белсене араласқан, әр сала бойынша  өз кәсіби шеберлігін көрсеткен жастарды анықтау мақсатында жыл сайын өтіп келеді.  10 жыл қатарынан ұйымдастырылатын «Жыл үздігі – 2018 облыстық жастар сыйлығы» 10 негізгі, 2 арнайы аталымдарынан тұрады.

            «Жыл үздігі — 2018» жастар сыйлығы келесі аталымдар бойынша өткізіледі:

  • «Үздік жас көшбасшы»;
  • «Үздік студент»;
  • «Үздік жас ұстаз»;
  • «Үздік жас ғалым»;
  • «Үздік жас өнерпаз»;
  • «Үздік жас дәрігер»;
  • «Үздік жас спортшы»;
  • «Үздік жас журналист»;
  • «Үздік жас маман»;*
  • «Үздік жаскәсіпкер».

Арнайы атылымдар:

  • «Қайсарлығы мен батылдылығы үшін»;**
  • «Жыл жаңалығы» (комиссия шешімімен анықталады).

            Құжаттар 2018 жылдың желтоқсан айының 7-не дейін Ж.Молдағалиев көш. 19, 108-кабинет мекен-жайында қабылданады.

Толық ақпарат:

«Батыс Қазақстан облысы бойынша «Болашақ» Қауымдастығы:

93-35-49, 8775 252 10 02 Ахметова Гүлзия

 

*Бұл аталым бойынша  құжаттар тек қана жұмысшы мамандықтарының өкілдерінен қабылданады;

**Бұл аталым бойынша құжаттар БҚО Ішкі істер департаменті, БҚО Прокуратурасы, БҚО Төтенше жағдайлар департаменті,  әскери бөлім  өкілдерінен қабылданады.


«Орыстар» аздай, енді «армяндар» шықты…

Күні: , 217 рет оқылды

Бірден мәселенің басын ашып алайық, әңгіме әсте ұлтаралық қарым-қатынас жөнінде емес. Мәселе Ресей Федерациясынан тіркеуден шығарылғанымен, ресейлік нөмірмен Батыс Қазақстан облысының аумағында тайраңдап жүрген темір тұлпарларда болып тұр. Дәлірек айтқанда, әңгіменің бәрі әлгіндей көлікті тақымына басқан батысқазақстандықтардың өздеріне барып тіреледі. Өйткені олар өздері тізгіндеген көлік еш жерде тіркелмегендіктен, жол жүру ережесін бұзуға тым үйір көрінеді. Облыс аумағындағы көптеген жол-көлік оқиғаларына түрткі болған ресейлік нөмірлі көліктердің лаңы аздай, енді оларға Армениядан әкелінген аутоарғымақтардың тізгінін ұстағандар қосылды…

Биылғы жылы күні бүгінге дейін облыс аумағында 308 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның 187-сі ресейлік нөмірлі аутокөліктердің қатысуымен орын алған. Жаңағы 308 жол-көлік оқиғасының кесірінен өкінішке орай, 341 адам жарақат алып, 96 адам қаза тапқан. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларынан жарақат алғандардың саны төмендегенімен, қаза тапқандардың саны артып отыр.

Жергілікті полиция басқармасы берген деректер осылай дейді. Заңды тіркеуге тұрмайтын, жергілікті жерге салық төлемейтін, басқаша айтқанда, «ауадағы» көліктерден келетін кесірлердің көп екендігі жоғарыдағы цифрлардан анық байқалады.

Арзан бағаға көршілес Ресейден қарша жауған, осы жердің жолын таптап, ауасын ластап жүрсе де, «пропискаға» тұрмайтын, қазынаға көк тиын пайда әкелмейтін «келімсек» көліктердің көбейіп кеткендігі туралы дабыл қаққандығымыз күні кеше секілді еді. Іргелес мемлекеттен келген көліктерді жергілікті жердің заңына қайтсек бағындырамыз деп бас қатырып жүргенімізде, батысқазақстандықтар Армения асып, арзан аутоарғымақты сол жақтан таси бастады.

Бүгінде қала көшелерінде Армениядан әкелінген, сол мемлекеттің нөмірін таққан көліктер қаптап жүр. Ебін тауып, екі асайтын «пысақайлар» бұны бизнес көзіне де айналдырып алыпты. Олар туралы деректі сол елдің көлігін тізгіндеген кісіден немесе ғаламтордағы деректерден оп-оңай табуға болады.

– Осы кезге дейін мініп келген көлігімнің әбден тозығы жетті. Аутосалоннан жаңасын сатып алуға қалта көтермейді. Отбасылы болған соң бірнеше жылға несие алғанды да жөн көрмедім. Қазір жұрттың бәрі арзан аутоны Армениядан әкеліп жатыр ғой. Содан біреулерден ақысын төлесең, сол елге ертіп барып, көлік алып беруге жәрдемдесетін «делдалдардың» телефон нөмірлерін сұрап алдым. Алғашында «Армения қайда, біз қайдамыз?» деп қорыққам, соңынан тәуекелге бел будым. Әлгі адаммен хабарласып, қанша қаражатымның бар екендігін, қандай көлік алғым келетінін айттым. Ол да өз еңбегінің бағасын жасырмады. Сөйтіп, 40-50 мың теңгені «көшбасшыға» беретін болып келістік. Өзім секілді арманындағы көлігін арзан бағаға алғысы келетін бауырларыммен бірге минивенге мініп, Арменияға аттанып кеттік. Жолшыбай кімге қанша сомаға қандай көлік керек екендігін біліп алған жолсерігіміз сол жақтағы әріптестерімен байланыс ұстап отырды. Барған бойда әркімнің көздеген көліктерінің бірнеше нұсқасын дайындап қойыпты. Таңдағанымызды алып, есептесіп, елге қайттық. Бұрын қайда,  қанша жыл жүргенін білмеймін, әйтеуір, сырты бүтін көлік алғанымызға біз де риза, діттеген жұмысымызды бітіріп, олжалы оралған делдал да разы. Енді қанша жыл кәдеме жарарын уақыт көрсетер, – дейді Бақберген есімді кейіпкеріміз.

Шынымен де, қазіргі таңда еліміздегі аутокөліктердің бағасы айтарлықтай қымбат. Қазақстанда құрастырылған отандық өнім тиімді пайызбен несиеге  берілсе де, оны бірнеше жыл бойы өтеуге халықтың аса ықылас танытпайтыны ақиқат. Сол себептен, жұртшылық Еуразиялық одақтың мүмкіндігін пайдаланып, Ресей, Қырғызстан, Армения секілді елдерден ескі көліктерді әкелуде.

Өткен жылдың қазан айынан бастап Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттерде көлік құралдарына жеңілдетілген тәртіп енгізілгені мәлім. Яғни бұрын одақтас елдерде тіркелген көліктер алты айдан соң шекарадан кері шығуы немесе уақытша тіркелуі тиіс болса, бұдан былай бұл шектеудің күші жойылды.

– Бүгінгі таңда облыс көлемінде 140 мыңнан астам көлік құралы заңды түрде тіркелген. Ал Еуразиялық одаққа мүше елдерден әкелінген көліктердің нақты саны белгісіз. Шет мемлекеттерден келген аутокөліктерді тіркеуге алу заңмен белгіленбеген. Біздің өңір Ресей Федерациясының бес бірдей облысымен шекаралас болғандықтан, сол елден әкелінген көлік саны күрт артып отыр. Оның басты себебі, ол жақтағы аутокөлік бағасының арзандығында. Батысқазақстандықтар Ресейден қалтасындағы қаражатына ыңғайлы келетін көлікті емін-еркін шекарадан өткізіп, осы жақта пайдалана береді. Оған ешқандай тыйым жоқ. Жергілікті полиция қызметіндегі іздеу бөлімі шетелдік нөмірлі көліктердің есебін жүргізуге тырысып-ақ бағуда. Ұйымдастырылған шаралар барысында ресейлік нөмірлі аутокөліктерді тоқтатып, құжаттарын тексеріп, тізімге енгізуде. Бүгінде біздің тарапымыздан тіркеуге алынған ресейлік нөмірлі аутокөліктердің саны мыңнан асты. Сол тізімге тіркелген көліктер туралы ресейлік әріптестерімізге көліктің заңдылығы, есепте тіркелуі туралы сұраныс жолдаймыз. Бұл тек іс-шаралар барысында анықталғаны ғана. Негізі олардың саны едәуір көп екендігі белгілі. Осы уақытқа дейін мемлекеттік тіркеу нөмірлері арқылы ресейлік әріптестерімізге жолданған 400-ге жуық  сұраныстың 100  шақтысына жауап келді. Нәтижесінде 20-дан астам көліктің жоғарыда аталған Ресей облыстарының есебінен шығарылғандығы, үш көліктің іздеуде екендігі  анықталды. Бізде тіркеуде бар, бірақ бұрынғы жүрген өңірінде есепте жоқ аутокөлік иелерін жолдан тоқтатып немесе тұрғылықты жерлеріне барып, мемлекеттік нөмірлерін тәркілеп, көліктерін айыппұл тұрағына қойғызу шаралары жүргізілуде. Былтыр шекаралас облыстармен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылған болатын. Сондықтан бұл бағытта жұмыс жақсы жолға қойылды, – дейді БҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Кенжебек Құспаев.

Егер шет мемлекеттерден әкелінген аутокөлік «ЕУРО-4» стандартына сәйкес болса, онда біздің мемлекетке заңды түрде кіргізе алады. Бірақ көлік иелері біздің мемлекетке тіркеуге қойып, нөмір алу үшін қыруар қаражат жұмсауы керек. Ол шығындар көліктің өзіндік құнынан 2-3 есе асып кететіні анық.

Армениядан әкелінген көліктерді сатып, пайда табушылардың саны да артқан. Ғаламтордағы көлік сатуға арналған парақшаларды қарасаңыздар да, темір тұлпар базарына бара қалсаңыз да, сол елдерден әкелінген аутодан көзіңіз сүрінеді. Сырты жылтырап тұрған көліктердің бағасы да әжептәуір арзан.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы ұсынған деректерге сүйенсек, Армениядан әкелінген аутокөліктер жаңа әрі сапалы болғандықтан шығар, бұл көліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы әзірге орын алмаған. Тіркеуге қойылмағандықтан, бүгінгі таңда олардың нақты саны да белгісіз. Полицейлер тұрғылықты  жерін таппай, тайраңдаған темір тұлпар иелеріне көшедегі жол белгілері, жылдамдықты сақтау тәртібі, бейнебақылау камералары секілді шектеулер тіптен соқпайды екен. Шетел нөмірлі көліктердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының көбеюіне де осы жүгенсіздік ең басты себеп көрінеді.

Шыны керек, осыдан 15-20 жыл бұрын көлік байлық пен барлықты байқатса, бүгінде қарапайым күнделікті қозғалыс құралына айналған. Құп делік, қаракөз ағайынның жағдайы жақсарып, заманына лайық тірлік кешкеніне, әрине, қуанамыз. Алайда, қалтаға қолайлы болғанмен, өзіміздің емес, өзгенің экономикасын өркендетуге үлес қосып жатқанымыз, ел ішіндегі көлік «қоқысын» тазартамыз деп жүргенде, жанымыздан келіп «біреудің тамтығы» кіріп жатқандығы өкінішті-ақ.

Жергілікті жердің жолымен жүгенсіз жүріп, қоршаған ортаға зиян келтіретін, салық пен полициядан бой тасалайтын «келімсек» көліктерге белгілі бір заңдылықтың, тәртіптің керегі айдан анық. Бұл мәселе, әсіресе, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары мен біздің өңірде өршіп тұр. Орын алған түйткілдің түйінін шешіп, белгілі бір заң немесе ортақ ереже қабылданбаса, күні ертең кең байтақ даламыздың темір қоқысына айналмасына кім кепіл?

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


«Жақсы кітап іздегендей, жақсы адамды әлі іздеп жүремін»

Күні: , 63 рет оқылды

Дарынды адам – дархан дала секілді. Оның құшағына бар әлем сыйып кететіндей көрінеді. Қазақтың «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөзіне куәлік боп жүрген сондай жандардың бірі – Әкім ЫСҚАҚ. Ол – елімізге белгілі қайраткер, мамандығы физик, шетелдегі қазақтың тастанды балаларының іздеушісі, ақын, композитор, сатирик, журналист, заңгер, Қазақстан педагогика академиясының профессоры, туындылары мектеп оқулықтарына енген, ең бастысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің сеніміне ие болған халық қалаулысы. Міне, сырлы сұхбатымыздың кезекті кейіпкері болған оның өнері, тіпті  жетеуден де асып кетті…

– Әкім Әбдіқайымұлы, бір сұхбатыңызда бала күнгі арманыңызды: «Атам мұғалім, әкем де мұғалім, мен де өмірбақи мұғалім боламын» деп суреттеген екенсіз. «Ауылдан жырақ кетіп қалада немесе Астанада тұрамын» деген ой үш ұйықтаса да түсіне кірмеген жан бүгінгі күнге қалай жетті?

– Расымен де, біз мұғалімдер әулетіненбіз. Атамыз Сұлтан «Ұрпаққа аманат» атты кітабында «Дүниеде тек жақсы атану үшін ғана өмір сүрме. Адамдық парызыңды ұмытпай, аманатқа адалдық таныта біл» деген өсиет қалдырыпты. Осынау 700 жыл өтілі бар әулетіміздің бүгінгі басшысы 84 жастағы әкем жақында ғана Астанаға келіп отбасылық байқауға қатысып, «Үздік еңбек әулеті» аталымы бойынша марапатталды. Атам мен әкем секілді менің де мұғалім болуым заңдылық еді. Ал, шындығында, ешуақытта ауылдан алыста өмір сүремін деген ой болған емес. Бәрі де сол ізденіс пен ішкі демеудің арқасы шығар, бәлкім. «Ең үлкен жеңіс – өзіңді өзің жеңу»  дейді. Әйтеуір, өмірдің ағымымен кетпей, ізденгенді жаным сүйеді.

Айтпақшы, өзім күнделік жазамын. Жастарға арнаған қанатты сөздерімнің бірінде: «Өзін-өзі тәрбиелеуді тоқтатқан адам – өмір сүруін де тоқтатқанмен бірдей» дегенге тоқталыппын. Ал өмір сүру дегеніміз – таңның атуы, күннің батуы емес, бұл адамның өзін түсінуі, талдауы, алға ұмтылуы, айналаға жарық пен жылу бөліп, соны өзгелерге ұғындыра білу деп ойлаймын. Мүмкін, бүгінгі күнге жеткізген де сол бір ізгілікті ниет шығар. Шүкір, қай уақытта да әр басқан қадамымды қанағат деп қабылдап келемін. Бір жағынан, атамыздың қалдырған аманаты, өсиет-өнегесінің көп әсері болды деп топшылаймын.

– Сізді жерлестеріңіз «Бір тиынсыз депутат болып сайланған» деп айтады. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде 1997 жылы өзіңіз бастамашы болып қазақ тілінде тұңғыш рет жазған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның Парламентте қабылданып, оған Елбасының қол қоюы – ел есіндегі ерекше оқиға. «Депутат бастамашы болып, ол заңның қабылдануы Парламент тәжірибесінде өте сирек болатын ерекше оқиға. Ол да кез келген депутаттың үлесіне тие бермейтін ерекше саяси жетістік, табыс. Оның орны бөлек»  дейді бұл туралы әріптесіңіз Қуаныш Сұлтанов. Жалпы, егемендіктің елең-алаңында тұңғыш рет қазақ тілінде заң қабылдау қаншалықты  қиынға  соқты?

– Естеріңізде шығар, бірінші шақырылымда жергілікті жерден әркім өзінің кандидатурасын ұсынып, үміткерлер қатарынан табылуға толық мүмкіндігі болды. Біз Ордабасы сайлау округінен үш адам түстік. Халықтың алдында жүргендіктен бе, баспасөз бетіне жарияланған дүниелердің әсерінен бе, өз ойымды бүкпесіз ашық айта  білдім. Сол көптің көңілінен шықты ма, шешуші дауыс беру кезінде депутат болып сайланғанымды бір-ақ білдім.

Ал заңның қабылдануына келсек, ол шынында оңайға соққан жоқ. Үкіметтен «Көші-қон туралы» заң жобасы Мәжіліске түскенде мен жұмыс тобының жетекшісі болып бекідім. Сол топқа басшылық  жасап, жұмыс жүргізейін десем, ұсынылған  жобаның халыққа қыз-мет етпейтінін бірден түсіндім. Онда Отанға оралушылардың мәртебесі босқындармен біріктірілген. Екіншіден, Қазақстанға көшіп келетіндер емес, көшіп кететіндер үшін мүмкіндік қарастырылған. Осындай толып жатқан олқылықтарды көріп, жүрегім ауырды.

Мұның бәрін жөндеу оңайға соқпады. Сол себепті мен аталған жұмыс тобына жетекші болудан бас тарттым да, өзімнің баламалы түрде қазақ тіліндегі заң жобасын ұсындым. Ондағы негізгі мақсат – өзімді көрсету емес, ұсыныстарымның қабылдануына негіз жасау еді. Сөйтіп, шеттен келген ағайындардың басын құрап, жаңа жұмыс тобын құрдым. Оның нәтижесі еселі еңбек пен қайтпас қайсарлыққа тікелей байланысты болды. Өзің ниет еткен тірлігіңнің табандылығы маңызды еді. Бастысы, халықтың қолдауымен жеңіске жеттік.

– Сонымен, Қазақстан парламентаризмінің тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде заң жазған депутат ретінде қалдыңыз. Бұдан бөлек, халық  қалаулысы ретінде қандай мәселелердің шешілуіне себепші болдыңыз?

– Ол әрбір халық қалаулысының парызы, міндеті ғой. Білмеймін, жұмысқа беріліп кеткеннің арқасы ма, адамдар алдыма күндіз-түні көп келетін. Өзің сайланған округтен бөлек, еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінен, батысы мен шығысынан адам арылған емес.

Бәрін бірдей қабылдауға, мәселесіне терең мән беруге тырыстым. Иә, ерекше есте қалған оқиғалар аз емес. Санкт-Петербург-те «Халықтың көші-қон туралы» заңының Парламентаралық Ассамблеяда ТМД елдері арасында модульдік заң ретінде талқылануы еліміздің абыройын асқақтата түсті.

Жекелей адамдардың өтініштеріне келсек, жүздеген оралмандардың азаматтықпен қатар пәтер, білім алуына да атсалыстым. Әсіресе, Ауғанстандағы соғыс өртінен қашып, Пәкістандағы шиеленісті жерде бастарына қауіп төнген, аш-жалаңаш қалған 700 қазақтың аман-есен Қазақстанға оралуына қолұшын бердім. Дәлірек айтқанда, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдау арқылы сол жақтағы қандастарымызды арнайы ұшақпен алдыруға мұрындық болдым. Бұл «мен мынаны жасадым, ананы атқардым» деген әңгіме емес, алдыма адам келсе, тыңдауға тырыстым. Ал  арыз келсе, мәселесін мезгілінде шешуге жұмыстандым. Есесіне, бүгінде көп адамның көзіне қысылмай, тура қарай аламын.

– «Адам іздеп жүрмін», «Жүректегі жазулар» атты кітаптарыңыз жастардың сүйікті дүниесіне айналған. «Өмір болғаннан кейін кейбір адам, тіпті  дарияның арғы бетінде қалып кетуі де мүмкін. Өмір үздіксіз ізденісте болған соң бәрібір жақсы кітап іздегендей, жақсы адамды іздейсің, сағынасың» деп жазыпсыз…

– Бұл рас, жақсы адамды әлі де іздеймін. Жай ғана іздеп қою да аздық етеді. Өмірдің байлығы, ол – адам екені анық. Одан артық, асқан байлық жоқ. Біздің әр күніміз іздеуден тұрады. Іздемеуден, адам-дардың қадірін сезінбеуден ең бір аяулы сәттерді жоғалтып алатынымыз жасырын емес.

– Ендеше, іздегеніңізді таптыңыз ба?

– Әрине, таптым. Соның арқасы шығар, мынау өмірге, айналама ризамын. Себебі, бізді қоршаған – адамдар. Ал олардың жаманы болмайды. Бірақ кейде біз бір-бірімізді түсіне бермейміз. Адамдық тұлғасы бар, жан дүниесі бай, ізгілігі мол жандар – менің жақыным, туысым, ағайыным. Ал керісінше, туыс бола тұрып, көңілі кедей болса, оны жақын адамым деп қабылдауым қиын.

– Сөзіңіз аузыңызда, «Көңіл қымбат» дейтін жансыз. Осы аттас әніңізді барша жұрт жатқа біледі. Кезінде өзіңіз жақсылық жасаған жақын адамдарыңыздан көңіліңіз жиі қалатын секілді…

– Қандай  жағдайда  да атамның мына өсиетін бағдаршам еттім: «Біреу жылар, біреу күлер. Бұл жалғанның қадірін біреу білмес, біреу білер. Күн ашықта ағайын да, дос та табылар. Нағыз жақының дауыл тұрғанда танылар».

Турасын айтсам, адам баласынан көңілім қалатын жан емеспін. Тіпті біреу көңіліме тиіп, ренжіткен болса да, оны кешіремін. Әйтсе де оңай емес. Осындайда ақын Қадыр Мырзалиевтің «Тіршіліктің тыңдап көр қоңыр күйін: Адам түгіл, тозады темір бұйым. Тұрмыс пенен өмірді шатастырма, Тұрмыс жеңіл болғанмен, Өмір қиын!» деген өлең жолдары еске түседі.

Ал «Көңіл қымбат» атты әнімнің тарихы тереңде жатыр. Өмірімде өзіме ең жақын екі анам болды. Олар бес-алты ай аралығында бірінен соң бірі өмірден өтіп кеткен кезде көңілім өте жетімсіреп қалғаны рас. Баланың үлкені болғандықтан, атам мен әжемнің бауырында өстім. Әжем Тынтай анамның жүзінен шуақ төгіліп тұрса, мені дүниеге әкелген Ләйла анам жеңгем болып есептелінетін. Бірінші рет жаныма жақын, ең мейірімді жандарды мәңгіге жоғалтудың өте қиын екенін сонда сезіндім. Сол екі адамның құрметіне Астанадағы «Конгресс-холл» сарайында 4-5 мың адам жиналған үлкен залда «Жүректегі жазулар» деген шығармашылық кешімді бердім. Сонда тұңғыш рет «Көңіл қымбат» деген әнім орындалды. Кейін халық арасына кеңінен тарап кетті. Бұл ән Қырғызстан, Өзбекстанда да өз тілдерінде айтылып жүргенінен хабарым бар. «Біз балалар үйіненбіз» деген фильмде саундтрек ретінде де қолданылды.

Сондықтан бұл біреуге өкпелегеннен емес, өмірдің өзі оңай емес екенін, кейде адамның көңілінен артық ештеңе жоғын сезіндіруге бағыттайтын ән. Мұның астарында зор мән жатыр. Өйткені, «кіп-кішкентай көңілді қалдырмауға тырысайықшы, адамдар, қолдан келгенше жақсылық жасаңдар, бүгінгі жақының ертең жоқ болуы мүмкін, бұл өмір келеді-кетеді, ал ең қымбат нәрсе – көңілді жоғалтпайықшы» деген ниет.

– Оқырмандарыңызға өмірбаяныңыз «тосындау». Оңтүстік Қазақстан облысында физика мен еңбек пәнінің мұғалімі, Алматыда заңгер мамандығын бітірген екенсіз. Ал  шығармашылыққа қалайша бет бұрып жүрсіз?

– Бұл адамның мамандығына байланысты емес. Мен физика, астрономия, еңбек пәндерінен сабақ бердім. Сондықтан мұғалім болсаң да, шығармашылығыңды шыңдамай, жұмыс істей алмайсың. Адамдық сандығың маржан мен гауһардай асыл ойларға толса ғана нағыз байлыққа кенелгенің. Бірдеңе жазсам деген талпынуды оқушы кезден қолға алдым. Республкиалық газет-журналдарға мақала, өлең, сықақтарым шығып тұрды. Бұл істі студент кезде физика факультетінде оқысам да жалғастыра түстім. Әсіресе «Бір физиктің махаббаты» атты өлеңім физика терминдерімен жазылғандықтан ба, студенттер арасында жиі оқылатын. Атамыздың нөмере-шөберелеріне арнап жазғандарына жиі үңілетінмін, соның да әсері болса керек, түптің түбінде шығармашылыққа түбегейлі  бет  бұрдым.

– Сіз жайлы сөз болғанда, еңбектеріңізді түгендеп шығу мүмкін емес. Халыққа түрлі қырыңыздан танылған жансыз. Ақын, жазушы, журналист-публицист, сазгерлікті былай қойғанда, заңгер, тіпті саяси тұлға ретінде де жақсы білеміз. Бірақ жаныңызға  қайсысы   жақын?!

– Ең жақыны – адамды адам деп бағалаудан артық ештеңе жоқ. Ақын, жазушы, есепші, мұғалім, прокурор, әкім болсаң да, адамдық қалыптан ауытқымаған жөн. Сен жұртты бағаласаң ғана жұрт сені мойындайды. Елден артық биіктік жоқ, оның алдында бәріміз де кішіміз. Кішіпейілділік пен кісілік – менің негізгі ұстанымдарым.

– Отызға тарта кітаптан бөлек, жүзге жуық ән, бірнеше ондаған әнге сөз жаздыңыз. «Көңіл қымбат», «Соңғы вальс», «Әдемі-ай», «Көк тудың желбірегені» секілді әндеріңізді көп-шілік сүйіп тыңдайды. Жалпы, әніңізді «танымал» ету үшін атақты әншілерді іздеген кезіңіз болды ма?

– Жалпы, ән әуеніне сәйкес келетін әнші болғаны жақсы. Себебі, ән ең алдымен тыңдарманның жүрегінен орын табуы қажет. Шәмшінің әндері неге халық санасына тез сіңісіп кетті? Себебі, мәтіні мен әуені өзара үйлесім тапқан. Ал мендегі мақсат көңілдегі жан дауасын, ішкі дүние байлығын, жүректегі жазуларды жеткізу.

– Бүгінде жастар сізді жиі іздейді. Кездесулерге көп шақырады. Жастарға жақындығыңыздың сыры неде?

– Өзіміз де жас болдық. Үлкендерге жаутаңдап қарайтынбыз. Біреу жақсы сөз айтса, бағыт-бағдар

берсе, қуанып қаласың. Әйтеуір, адамның адаспағанын қалайсың. Мен әлеуметтік желіде он жылдан бері «Алтыным» деп қаратпа сөздерімді қолдану арқылы кейінгі буынға ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Сондықтан шығар, жастар жиі шақырады, солардың ортасынан көбірек табыламын.

Жастардың әлемінде ізденіс, жаңалық, ертеңге деген үлкен үміт пен сенім бар. Оларға үйретеріміз де, үйренеріміз де аз емес. Оның үстіне, өнер бар жерде қайнаған өмір, нағыз сұлулық бар. Ал сұлулықтың басты қағидасы – ізгілік, адамгершілік, адалдық.

– «Кейінгі жастар батыр бабаларымыздың есімдерін ғана емес, ерліктерін де қайталап өссе…» деп армандайсыз. Бірақ кейбір жастарымыз батыр бабаларының есімдері түгілі, өзі-нің жеті атасын жатқа білмейді ғой…

– Иә, өз тілінде сөйлемейтін, ұлттық сана-сезіміне, ұлтжандылыққа немқұрайлы қарайтын жастарға қарным ашады. Жақында ғана Елбасы өз мақаласын «Ұлы даланың жеті қыры» деп бекерге атаған жоқ. Кешегісіз бүгін жоқ, бәрі де біздің өткенімізге байланысты. Сол секілді «Рухани жаңғыру» ұғымы тектен-тек туған жоқ. Өткенімізді білсек, өзімізді тани түсеміз, «Мәңгілік ел» болуға қадам басамыз. Ұлы даланың ұлы перзенті екенімізді көрсету – әрқайсымыздың парызымыз.

– Орал қаласында шығармашылық кешіңіз өткелі жатыр екен. Бұл өңір сізге несімен қымбат?

– Қазақтың әрбір жері қасиетті. Еліміздің шетінде, желдің өтінде тұрған, намыс пен ардың өлшеміндей Ақ Жайық өңірінің орны бөлек. Еуропа мен Азияның алтын көпірі атанған бұл – Сырымның, Құрманғазының, Динаның, Дәулеткерейдің, Ғарифолланың, Мәншүктің, Жұбанның, Тайырдың, Қадырдың, Ақұштаптың атамекені. Осынау жерді қалай сүймейсің, қалай құрметтемейсің?! Өмірімдегі бір арманыма айналған асыл жерге табанымның тигеніне бақыттымын! Киелі өлкеге басымды иемін!

Әңгімелескен Нұрсұлтан  МЫҚТЫБАЙ,

журналист

ӘКІМ  ЫСҚАҚТЫҢ  ҚАНАТТЫ  СӨЗДЕРІ

Алтыным! Адамдарды қуантуға асығайықшы. Жақсы сөз – жанның азығы. Ол көңіл сыйлайды, біле білсең, өмір сыйлайды. Шындығында, әрбіріміз бір жылы сөз естігіміз келетіні жасырын емес. Ізгілігіңді ұқтырып, бір жанды болса да қуандыра білуің – сенің адам екеніңнің белгісі.

Алтыным! Әлемдегі ең әдемі сөз не екенін білесің бе? Меніңше, бірінші анаңның «айналайын» дегені, екінші адал жүректен шыққан шынайы сөз! Ол да тек ең жақын деген адамыңа ғана айтылады.

Алтыным! Шаршадым дейсің! Шаршама, жаным! Қайта жарқырай, жадырай түс! Мұңайма, қиналма! Өйткені қасыңда досың да, жауың да қатар жүр! Өйткені, бірі сынайды, бірі сүрінгеніңді қалайды. Оларға осалдығыңды көрсетсең, шаршағаныңды сездірсең, сыйлағысы келмей қалады. Себебі, мына заман тек мықтыны ғана мойындайды, ал әлсізді таптап кетеді…

Алтыным! Сен маған «Суретке бәрі күліп, жарқырап түседі, ол сурет мәңгі дәл сол күйі күлімсіреп қалады, ал өзіміз мәңгі олай болмайтынымыз өкінішті» дейсің. Ал мен «Өкінішті емес, қуанышты, көлеңкені емес, күн сәулені, ызғарды емес, шапағатты, жаманды емес, жақсыны, өткенді емес, асыл арманыңды ойлағанда ғана биікке, жеңіске жетесің» деймін.

Алтыным! Өмір адамға – жақсыны табу үшін, ғұмырлық ғибрат алу үшін, оттай жану үшін, ізгілікпен жүректерде қалу үшін, жақсылардың қатарында болу үшін берілген!

Алтыным! Өзіңді қайра, жігерлендір. Елдің ұлы, намыстың құлы екендігіңді көрсетсейші.

Өміріңді сүйетін болсаң, Өзіңді сүйетін болсаң, қалғыма, қайыспа, қайғырма! Қайта қадамыңның қарыштылығымен, қанаттың талмайтындығымен достарыңды сүйіндір, дұшпаныңды күйіндір! Алмас қылыштай жарқырай білсең, күнге құштар гүлдей жайнай білсең ғана адаммын деп есепте өзіңді.

Ештеңені білмейтін, ештеңені білгісі келмейтін, өз ұлтына немқұрайлы қарайтын адамнан қорқу керек! Себебі, оған мына дүние өртеніп кетсе де бәрібір. Меніңше, адамның адамдығы – ізгілікті ұғып, намысты таптатпай, рухыңды қорғай білуінде, жақсыны тануында емес пе? Бір рет берілетін өмірде онсыз да аз нәрсе жоғалтпаймыз ғой. Бұл дүниенің бір қызығы – аталар аманатына адал болу, қасиеттің сырын ұғу, қазағыңның туын асқақ ұстай білу!


Алтай КӨЛГІНОВ, облыс әкімі: «Атқарылған істерге тоқмейілсімейміз»

Күні: , 55 рет оқылды

Кеше Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз конференциясына қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және мемлекеттік бағдарламалардың  жүзеге асырылуы туралы баяндады.

– Биыл алғашқы жартыжылдықта ішкі жалпы өнім 0,6% өсіп, 1,2 трлн. теңгені құрады. Өткен сегіз айда өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 26% өсіп, 150 млн. долларға жетті. Өңірдегі өнім өндіру көлемі 2,5 трлн. теңгені құрады. Негізгі капиталдағы инвестиция көлемі 0,5% ұлғайып, 316 млрд. теңгеге жетті. Сыртқы инвестиция көлемі 197 млрд. теңгені құраса, оның негізгі ка-питалдағы үлесі 62%. Батыс Қазақстан облысы 2,5 мың тонна ет және ет өнімдерін экспорттап, қой етін сыртқа сату бойынша жоспарымыз үш есе артығымен орындалды. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізуге Елбасы тапсырмаларын орындауға бағытталған жүйелі және кешенді іс-шаралар тікелей әсер етті, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Мұнан соң өңір басшысы облыс экономикасы мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында маңызды рөл атқаратын әр салаға  жеке-жеке  тоқталды.

 

Ауыл  шаруашылығына 2,5  миллиард  теңге  инвестиция

Биыл облыста ауыл шаруашылығын қолдау шараларына 12 млрд. теңге бөлінген. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 104 млрд. теңгені құрап, өңірде дәнді дақылдардың жалпы егістік көлемі 513 мың гектарға жетті. Сонымен қатар өңірге 2,5 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, агроөнеркәсіптік кешенде бірқатар жобалар  жүзеге  асуда.

Облыста индустрияландыру картасына сәйкес құны 22 млрд. теңгені құрайтын 10 жобаны іске қосу арқылы 362 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы өңірде 61 жоба жүзеге асып, 3300 жұмыс орны ашылды. Бұл жобалардың құны 346 млрд. теңгені  құрайды.

Өңірдегі шағын және орта бизнес сектордың үлесі 40%-ды құрайды. Бұл көр-сеткіш бойынша біздің облыс республикада үшінші орында. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жалпы құны 100 млрд. теңгені құрайтын 831 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ құры-лыс саласында 2,7 млрд. теңгені құрайтын 57 жобаға инфрақұрылым тартылған. Облыс әкімінің баяндауынша, шағын және орта бизнеспен айналысатындар саны алты пайызға артып, 40 мың субъектіні құраған. Облыста бұл салада еңбек ететіндердің саны 10 пайызға  немесе 115 мың адамға өскен.

Көп  қабатты  26  тұрғын  үй  салынуда

Елбасының Жолдауында еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдерді енгізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын 2025 жылға дейін ұзарту туралы айтылған болатын. Биылғы жылы осы бағдарламаларға сәйкес Батыс Қазақстан облысына 36,3 млрд. теңге бөлінді. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 19,1 млрд. теңге, «Нұрлы жер» бағдарламасына 17,2 млрд. теңге қарастырылған.

– «Нұрлы жер» бағдарламасымен өңірімізде 3134 пәтерді құрайтын көп қабатты 26 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар аудан-ауылдарда 104 тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін облыс орталығында 688 пәтерді құрайтын 6 көп қабатты тұрғын үй, аудан-ауылдарда 139 пәтерді құрайтын 83 тұрғын үй пайдаланылуға берілмек, – деді Алтай Көлгінов.

Өңірде жеке инвесторлардың есебінен 1400 пәтерлі үй салынған болса, солардың ішінен 100 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілген. Ал 280 пәтер аталған бағдарлама бойынша берілуге дайын тұр.

Бүгінде Орал қаласында апатты жағдайдағы 44 тұрғын үй тіркелген. Сол үйлерді бұзып, орнына жаңа көп қабатты үйлер салу мақсатына жеке инвесторлардан 13,5 млрд. теңге қаржы тартылып, бүгінде 17 үй қайта салынуда. Бұл үйлер бірінші кезекте бұрынғы тұрғындарға тегін берілетін болады. Ал қалған пәтерлер «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен берілмек. Құрылысы жүріп жатқан бес көп қабатты үйдің екеуінің құрылысы аяқталып, жақын күндері пайдаланылуға берілетін болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің аясында 1800 студенттерге арналған бес жатақхана салу жұмыстары  жүргізілуде.

Жол   салу   жүйелі

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жыл сайын облыс аумағындағы 500 шақырымдай жолдарға жөндеу жүргізілуде. Тек биылғы жылдың өзінде 450 шақырым жол салу үшін 32 млрд. теңге бөлінді. Республикалық маңызы бар жолдардың 285 шақырымында жөндеу жұмыстары жүргізілді.

– Жыл сайын біздің өңір арқылы 1 миллион 200 мыңдай аутокөлік, 4 миллиондай жолаушы өтеді. Жақын жылдары бұл көрсеткіштің өсе түсері анық. Сондықтан болашақта Саратов, Самара және Атырау бағытындағы күре жолдарды байланыстыратын жол құрылысы жобасын бастау жоспарда бар. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда ауыр жүк көліктері уақыт пен қашықтықты үнемдейді және облыс орталығына кіріп, көлік ағынына кедергі келтірмейтін болады, – деді А. Көлгінов.

Облыс әкімі келтірілген мәліметтерге сүйенсек, биыл облыс орталығында 8,8 млрд. теңге қаражатқа ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 50 көше жолдары жөнделген. Сонымен қатар шаһардағы Депо ауданы маңындағы төрт жолақты көпір күрделі жөндеуден өтіп,  пайдаланылуға  берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келесі жылдан бастап Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына қатынайтын тас жолдың құрылысы басталады.

Орал  қаласы  мен   үш  аудан  100%  газбен  қамтылған

БҚО-да биыл 44 елді мекендегі 16 мың халықты көгілдір отынмен қамту мақсатында 8 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 1,6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда Ақжайық, Бөкей ордасы, Зеленов, Жәнібек аудандары аумағындағы 24 елді мекенге газ тарту жұмыстары аяқталып, тоғыз мыңнан астам ауыл тұрғыны көгілдір отынның рахатын көруде. Қалған 20 ауылға газ тарту жұмыстары келер жылы аяқталатын болады. Осы жұмыстар мәреге жеткенде өңірдің көгілдір отынмен қамтылуы 95 пайызға жететін болады.

Халықты таза ауыз сумен қамту жыл басында 40,5 пайызды құрады. Жалпы ұзындығы 1000 шақырымды құрайтын ауыз су құбырларын тарту және жаңарту жұмыстарына 4,5 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бүгінде 56 мың тұрғыны бар 50 елді мекенді таза ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Ол елді мекендердің 17-сі таза ауыз суға қол жеткізген болса, жыл соңына дейін 23 ауыл таза суға қосылатын болады.

Сонымен қатар құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын Жаңақала ауданындағы топтық су құбырын салу нәтижесінде 8 елді мекен таза суға қол жеткізді.  Алдағы екі жыл ішінде өңірдегі тағы 50 елді мекенге су құбырын тарту арқылы 2020 жылы облыстағы таза сумен қамту деңгейі 50%-дан асатын болады.

Облыс орталығында жылу және сумен қамту жүйесін жаңғырту мақсатында құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асты. Ақсай қаласында сыртқы жылу желілері қайта жөнделді. Атқарылған жұмыс нәтижесінде Ақсай қаласындағы жылу және су желілерінің тозуы 43%-дан 7%-ға төмендеді.

Айта кету керек, бұл жобаларды жүзеге асыру барысында 176 адам  жұмыспен  қамтылды.

Балабақшалар 500-ге   жетті

Елбасы Н. Ә. Назарбаев 5 жыл ішінде білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражатты жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттігін атап өтті. Осыған орай, өңірдегі білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін биыл 3 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген.

– Күні кешеге дейін балабақшаларда орын жетіспеу мәселесі өткір болып келді. Мемлекеттің қолдауы мен жеке кәсіпкерлердің белсенділігінің нәтижесінде балабақшалар саны 500-ге жетті, оның 52-сі – жеке балабақшалар. Балаларды кезекке қою Орал қаласында электронды жүйеге көшірілді. Облыста 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету 70%-ды, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ды құрайды, – деді Алтай Көлгінов.

Сонымен қатар облыста «Bilim Land» білім беру порталының жоғары сапалы мазмұнын қамтамасыз ету, қалалық және ауылдық мектептердің білім беру ресурстарына тең қолжетімділігін арттыру мақсатында барлық 225 (100%) шағын жинақты мектепке жалпы құны 312 млн. теңгені құрайтын 567 бірлік «Білім кітапшасы» компьютер-трансформерлер сатып алынған. «Нұр Отан» партиясымен бірге 15 IT-сынып ашылып, IT-лицей жұмыс істей бастады. Келесі жылы партиялық жоба бойынша тағы 50 IT-сынып ашылмақ.

Айта кетейік, биылғы жылы Орал қаласының Деркөл кентіндегі 600 орындық, Ақжайық ауданының Шабдаржап ауылындағы 200 орындық мектеп, Ақсай қаласындағы 240 орындық балабақша, Зеленов ауданының Дариян ауылында 100 орындық интернаты бар 300 орындық мектеп, Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылындағы мектептің 70 орындық интернат пайдалануға берілді.

Жоғары оқу орындарында мамандарды даярлау үшін соңғы екі жылда облыста сұранысқа ие мамандықтар бойынша жергілікті бюджеттен 300 грант бөлінген.

Кардиоорталыққа  жаңа  ғимарат

– Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында екі жоба жүзеге асты. Аталған жоба аясында облыстық ауруханаға құны 550 миллион тұратын магнитті-резонансты томограф алынса, Шыңғырлау ауданының Лубен ауылында жобалық құны 117 млн. теңгені құрайтын, ауысымына 35 адамды қамтитын дәрігерлік амбулатория салынды. Сонымен қатар Орал қаласында заманауи құрал-жабдықпен қамтылған кардиоорталыққа жаңа ғимарат салу жоспарлануда, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы облыстағы қағазсыз құжат айналымы, медицина саласында цифрлық технологияларды пайдалану  туралы  сөз  етті.

Айта кету керек, Батыс Қазақстан облысында өлім бойынша ісік аурулары 7,3%-ға, қан айналымы жүйесі аурулары 10%-ға, ал туберкулез 21%-ға төмендеді.

100  спорт алаңы  салынбақ

– Бұқаралық спортты дамыту, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында облыс көлемінде 50 спорт алаңдары салынып, пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры үлкен қолдау білдіруде. Жергілікті бюджет есебінен Ақжайық, Қазталов, Жаңақала, Тасқала аудандарынан 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жасалған жол картасы аясында 100 спорт алаңдарын салу жоспарланып отыр, – деді А. Көлгінов.

Соның нәтижесінде жыл соңында бұқаралық спортпен шұғылданатын өңір тұрғындарының 30%-ын  құрайтын  болады.

40-тан   астам   жоба   жүзеге   асырылуда

Батыс Қазақстан облысында цифрландыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қызмет түрлері жаппай электронды форматқа көшірілуде. Бүгінгі таңда өңірде «Smart City» тұжырымдамасына сәйкес «Қолжетімді әкімдік», «Smart Uralsk» орталығы, «Мамандандырылған ХҚКО», «Көші-қон ХҚКО» ашылып, қалыпты жұмыс жасауда.

Сондай-ақ жер қатынастары саласында жер ресурстарының бірыңғай порталы ашылып, «Жер  учаскесін таңдау актісін бекіту» қызметі автоматтандырылды. Бұрын азаматтар таңдау актісін алу үшін 3 ай күту керек болса, қазір бұл қызмет 5-12 күн аралығында көрсетілетін болды. Облыс орталығының және аудандардың ауруханалары интернетті 100% қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аталған сала министрлігінің қолдауымен келер жылы 60, ал 2020 жылы 33 елді мекен сапалы интернет қызметімен қамтылатын болады.

– Адам көп шоғырланған жерлерге бейнебақылау камераларымен жабдықтау жұмыстары қарқын алуда. Облыс аумағында орнатылған 6000 бейнебақылау камералары көше қылмысын 20 пайызға төмендетуге септігін тигізді. Сонымен қатар Орал қаласында қосымша 20 жылдамдықты өлшеуіш құрылғы мен көлік ағыны көп 50 көшеге бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда, –  деді  Алтай  Көлгінов.

«Қызғалдақ»  фестивалі   өтеді

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық маңызға ие «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің өңірде де белсенді жүзеге асырылуда. Бұл жұмыста депутаттық корпус үлкен қолдау көрсетіп келеді. Бағдарлама аясында биыл 175 мыңға жуық адамды қамтыған 350-ден астам маңызды шара өткізілді. Демеушілер мен меценаттар көмегімен 166 жоба жасалды. Облыс орталығында меценаттар арқылы ерекше мұқтаж адамдарға арналған құны 200 млн. теңгені құрайтын үй құрылысы жүргізілуде. Жоспарымызда тағы 43 жоба бар.

Республикалық қасиетті орындар тізіміне енген облыстағы 7 нысанға жолдар тарту мен инфрақұрылым жасау бойынша жұмыстар қолға алынуда. Аталған жұмыстардың нәтижесінде ішкі туризм дамып, облысқа келетін туристердің саны артады деп күтілуде.

«Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірге «Crowdsourcing.kz.» жобасы іске асуда. Бүгінгі күні 150-ден астам жоба ұсынылып, дауыс берілді. Іріктелген жобаларды Орал қаласы әкімдігі жүзеге  асыратын  болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Жаһандық құбылыстар қарқынды жүріп жатқан кезеңде мемлекетіміздің дамуына жаңа рухани дем берген мақаланы Ақжайық өңірі толықтай қолдайды. Атқа міну мәдениеті туралы өз мақаласында Елбасы кеңінен тоқталды. Жылқыны қолға үйреткен Ұлы даланың ұрпақтары болғаннан кейін бұл дәстүр біздің өміріміздің ажырамас бөлігі. Жақында Орал қаласында жеке кәсіпкердің 300 млн. теңге қаражатына «Саят» атты этно-туристік орталық ашылып, ат спортының дамуына үлес қоса бастады.

Біздің археологтардың мазмұнды жұмыстарының нәтижесінде Орал қаласының жанынан орта ғасырлық Жайық қалашығының орны табылды. Бұл қалашық «Қасиетті орындар» тізіміне енгізілді. Орта ғасырдың өзінде биік қорғандар, металл бұйымдарын жасаған ұстаханалар, моншаның орны анықталып отыр. Болашақта бұл орынды ашық аспан музейі жасап, туристер тартуды жоспарлап отырмыз.

Президент өз мақаласында «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деп атап өтті. Алдағы көктемде Батыс Қазақстан облысында халықаралық «Қызғалдақ» фестивалі ұйымдастырылмақ. Бұл жобаның мақсаты, патриотизмнің басты ерекшелігі – туған өлкеге, оның мәдениетіне, салт-дәстүріне ерекше көзқарас қалыптастыру. Жер бетінде қызғалдақтың 120-дан астам түрі бар. Батыс Қазақстан облысындағы Қараөзеннің жағасында, 400 гектарды  алып жатқан алқапта 12 түрлі-түсті қызғалдақ өседі. «Қызғалдақ» фестивалі 2019 жылдың 1-10 мамыр аралығында ұйымдастырылады.

Президентіміз өз мақаласында атап өткен Түркі әлемі мәдениеті мен славян мәдениетінің тоғысқан тұсы – Ақжайық өңірінде туристік орындар жеткілікті. Біздің өңірге қош келесіздер! – деп қорытындылады баяндамасын облыс әкімі.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Ақжайықта» бапкер өзгерді

Күні: , 37 рет оқылды

Допты хоккейден Оралдың «Ақжайығы» жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста кезекті маусымын бастағалы отыр.

«Ақжайық» спорт клубының директоры міндетін атқарушы Армат Меңдешевтің айтуынша, 1976 жылы құрылған оралдық команданың бай тарихы бар.

Кезінде КСРО чемпионы атанып, атағы алысқа кеткен Алматының «Динамосы» тарағаннан кейін «Ақжайық» Қазақстандағы допты хоккейден бірден-бір кәсіби клуб болып қалды.

«Ақжайық» биыл да екінші топта «Маяк» (Краснотурьинск), «СКСО «СКА-Свердловск» (Екатеринбург), «Динамо-Қазан-2» (Қазан), «Никельщик» (Верхний Уфалей), «Знамя-Удмуртия» (Воткинск), «Локомотив» (Орынбор) командаларымен бірге өнер көрсетеді.

Биылғы бір жаңалық, команданы жергілікті бапкер Николай Шавалдин жаттықтырады. Тәжірибелі хоккейшілердің бірі, 1990 жылғы Еламан Әліпқалиев әрі ойнайды әрі аға бапкер ретінде өз бағын сынап көрмек. Құрамда басқалай көп өзгеріс жоқ. Негізінен команда капитаны Максим Өтебалиев бастаған жергілікті хоккейшілер ойнайды. Ресейліктер Алексей Подметалин, Сергей Пантеев, Александр Чкаловқа қоса Хромтау допты хоккейінің түлектері Азат Бектұрған мен Қуаныш Темірәлин «Ақжайыққа» көмектеспекші.

«Биыл команда ойнайтын «Жастар» стадионында жасанды мұз айдыны пайдалануға берілгені белгілі. Сондықтан хоккейшілер маусымға дайындығын жылдағыдан ерте  бастады. Бұл да олардың шеберлігін арттыруға септесетіні анық. Алдағы мақсат – жақсы ойын өрнегін көрсете біліп, екінші топта үздіктер қатарынан көрініп, финалдық сайыстарға жолдама алу», – дейді Армат Меңдешев.

Н. Шавалдиннің шәкірттері алғашқы кездесулерін 29-30 қараша күндері Краснотурьинск қаласында «Маяк» командасымен өткізеді.

«Біздің басты мақсатымыз – әрине, алдағы жылы 2-12 наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында өтетін ХХІХ Дүниежүзілік қысқы универсиадада жүлделі орынға ілігу. Онда айдын иелері чемпиондық атақты ешкімге бере қоймас. Дегенмен қалған жүлделі орындар үшін таласуға толық мүмкіндік бар. Универсиадада ел намысын жасы 25-тен аспаған «Ақжайық» хоккейшілері қорғайтын болады», – деді Армат Ермекұлы.

Айта кетейік, допты хоккейден 2019 жылғы әлем чемпионаты 26 қаңтар – 2 ақпан аралығында Швецияның Венерсборг қаласында өтеді. Өткен жылы «Ақжайықтан» ел құрамасына команда капитаны Максим Өтебалиев бастаған үш ойыншы шақырылған болатын.

2011 жылы допты хоккейден Алматыда өткен қысқы Азия ойындарында негізін «Ақжайық» хоккейшілері құраған Қазақстан құрамасының чемпион атанғаны мәлім.

Ғайса  БӘЙМЕН


Көңілден шыққан «Құдалар»

Күні: , 69 рет оқылды

Өткен аптада Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері М. Байджиевтің  «Құдалар» атты драмасын сахналады.

Қойылым сюжеті қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және заң шеңберінде ғана емес, моральды тұрғыдан жемқорлықтың шынайы келбетін ашуға бағытталған.

Қойылым барысында қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Күрішбекке жеңгесі Бәтес ұлының сабағын жақсарту үшін 100 доллар бермек болады. Алайда ар-намысына дақ түсірмеуді көздеген ұстаз: «Пара алғанша өлгенім жақсы, ұстаздың ар-намысын неге ойламайсың?», – деп шорт кеседі. Бұған қатты ашуланған жеңгесі көрместей боп кетеді.

Күрішбек пен Сайранның ұлы Есен Мәскеуде білім алып жүріп, аяқ астынан Әсел есімді аруды алып қашып келгенде, ата-ананың қуанышында шек болмады. Дереу ата-баба дәстүрімен қыздың ата-анасының алдынан өтуге барады. Әселдің әкесі Бөпіш пен анасы Кәкіштің құдаларын қарсы алуға дайындалған түрлері көрерменді күлкіге қарық қылды. Басында «қызымызды бермейміз» деп тайдай тулағанымен, артынан көнеді. Құдаларына тойды жақсылап өткізулерін талап етіп, дастарқан басына қойылатын тағамдар жазылған тілімдей қағазды қолдарына ұстатқанда, Күрішбек пен Сайранның екі көзі шарасынан шығып кете жаздайды.

Бір күлдіріп, бір мұңайтқан қойылымда Күрішбек пен Сайран жалғыз ұлының тойына екі миллион теңге қаржы таппай, бастары әбден қатады. Ал ұлы болса, әкесінің көлігін сатуға, қала берді Бәтес апасына хабарласып, «Әкем ұлыңыздың сабағына бес қойып берем дейді, тек ол үшін 100 доллар берсеңіз болды», – деп әкесі үшін шешім шығарады. Бұған қатты назалы болған әке үйден кетіп тынады. «Өмірлік серігімді таптым-ау!» деп ойлаған Әсел Есенді жолықтырғанына қатты өкінеді.

Есенжол   САНСЫЗБАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика