Мұрағат: 23.11.2018


«Алимент өндіріп, күн көреміз» немесе масыл жастардың саны неге көбеюде?..

Күні: , 56 рет оқылды

Заман  дамып, өзгерген сайын адамдардың, жалпы қоғамның көзқарасы мен құндылықтарға деген қарым-қатынасы өзгереді. Бұл – бұлтартпас шындық. «Адам өзгермейді дегеннің тілін кесем» деген емес пе еді хәкім Абай?!

Осындай «өзгерістер» бір отбасының ажырасуына әкеп соқты. Дәлірек айтатын болсақ, Т. мен А. есімді азамат пен азаматшаның тағдырына тоқталайық. Олар әу баста бір-бірін шын жақсы көріп отау құрған. Отау құрмастан бұрын да бірнеше жыл таныс-біліс, дос-сырлас болып жүрді. Қос ғашықтың шешімін екі жақтың ата-аналары да қуана құптап, ақ тілектерін жаудырды. Сырттай бәрі жақсы көрінгенмен, отағасы жұмыссыз, сондай-ақ ішімдік пен есірткіге әуес болды. Ата-енеге қараған күн болды. Ақыры, жанұяның шырқы бұзылды. Он жыл отасқан отбасының шаңырағы бір мезетте шайқалды. Араларында некеде дүниеге келген ұлы мен қызы отбасы жылуын толықтай сезінбей, анасының қолында қалды. Ал әкесі болса, балаларын оқта-текте ғана көреді. Жанұясының толықтай қуанышынан айырылып, жартыкеш күн кешетін балдырғандардың болашағы қалай болады, бұл жағы бізге беймәлім… Бұл жайт бүгінгі қоғамдағы ащы шындықтың бір ғана көрінісі. Осыған ұқсас тағдырларды ай, жыл, тіпті күн сайын көреміз, естиміз десек, артық  айтпағанымыз.

Отбасын бұзу дәстүрі қазақ арасында күнә саналған. Мұндайға жол берілмеуіне некесін қидыртқандардың өздері де, ауыл ақсақалдары да мүдделі болған. Бүгін ше?.. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, қазіргі кезде елімізде ажырасу деректері жылдан-жылға өсіп келе жатқаны ешкімге де құпия емес. Отбасы – шағын мемлекет деп жатамыз. Ерлізайыптылардың некелік одағы неғұрлым берік, мықты болса, жүздеген, мыңдаған «шағын мемлекеттерден» құралатын мемлекетіміздің де мерейі соғұрлым биік, асқақ болмас па?! Рас, өмірдің аты – өмір. Келісу де, керісу де, татулық та, ажырасу да, көздің жасы да, жақсы көрудің жалғандығы мен махаббаттың баянсыздығы да кездесіп тұратындығы өмірдің жазылмаған заңы іспеттес.

Жәнібек аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Ержан Әліпқалиевтің бізге берген мәліметіне сүйенсек, тек биылғы жылдың он айы ішінде ажырасу жөнінде аудандық сотқа 28 арыз түскен. Сотта қаралған істердің 17-сі қанағаттандырылған. Соның ішінде алты іс медиация арқылы татуласуына байланысты қысқартылса, талапкерлердің арызына сәйкес бір іс қараусыз қалдырылып, төртеуі қаралу үстінде. Түскен арыздардың барлығына дерлік алимент өндіріп алу арызы да бірге жалғанады.

– Неке бұзу бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгінгі жастардың арасында отбасын құру жөніндегі жауапкершілік төмен. Адамның ғұмыры оның дүниеге келуі, отбасын құруы және өмірден өтуі делінетін ең басты үш кезеңнен тұрады. Соның алдыңғысы мен соңғысы адамның өз еркінен тыс, Құдайдың құдіретінен болатын үрдіс. Тек бір жағдайда ғана жас адам еркін таңдау алады. Бұл – оның жар таңдап, отбасын құру мәселесі. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар көп жағдайда осы жалғыз мүмкіндіктің өзін жіберіп алады. Тіпті мұның өзі де ештеңе емес-ау, бірқатар жұптардың түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола ажырасып кеткенін көргенде жүрегің қанжылайды. Мысалы, алысқа бармай-ақ қояйын, осы ауылдың ішінде жас отбасы ажырасып, араларында сәби қалды. Сот шешімімен әкесі баласын ара-тұра көруге рұқсат берілді. Оны көруге келген әкесі тасадан барар-бармасын білмей тұрған баласына қарап қынжылды. Әкесін де, шешесін де қимай тұрған балақайды көру жүрекке ауыр тиеді екен. Осындай кезде ойға: «Неге бала үшін шыдамады екен, неге қайта қосылмады екен?» деген сауалдар келеді. Сонда олар үшін ажыраса салу ойыншық болғаны ма, шаңырақтың шайқалмауы үшін күресу әрі оны сақтап қалу, ортада қалған сәбиді ойлау керек емес пе? – дейді аудандық аналар кеңесінің төрайымы Дина Сапашева.

Бүгінде қоғамда өмір сүріп жатқан әйел адамдардың арасында эгоцентристік, яғни қазақы түсінікке салғанда менмендік көзқарас басым түсіп бара жатқанын байқаймыз. Мұндай көрініс ер адамдардың басында да болады. Бірақ көбіне әйел адамдарда басым. Мәселен, арам пиғылмен бе, әлде есеппен бе, әйтеуір, күйеуге тиеді. Әрине, сәби дүниеге келеді. Ол балақай жасқа толғаннан кейін: «Осылай болды, көңіліміз жараспады, мінезіміз келіспеді, әрі қарай бірге тұрып өмір сүре алмаймыз» деген себеп-сылтаумен ажырасып, алимент өндіру мәселесіне көшеді. Қазіргі таңда алимент өндіру жұмыстары заң бойынша жеке сот орындаушыға жүктелген және алимент төлемеген азаматқа қатаң жаза қолданылады. Заңды біліп алған әйел алиментті өндіріп алып, сонымен күн көремін деп ойлайды.

Барлығына бірдей топырақ шашқымыз келмейді, бірақ «алимент өндіріп те, күн көремін» дейтін жастар көбейіп бара жатқандығы ақиқат.

Ерлі-зайыптылар белгілі бір уақыт өте келе, бір-бірімен түсінісе алмау себептерін басқаша бір қырынан алып қарасақ, олардың ажырасуы – көзқарастары бір-бірімен сәйкес келмейтін, бір-бірімен тоғыспайтын екі адамға еркіндік беру, жандарына тыныштық сыйлау болып шықпай ма? Бірқатар ажырасқан жұптардың сөздеріне сүйенсек, олар ажырасқаннан кейін өкпе-реніш пен айқай-шудан құтылғандарын айтады. Сыныққа сылтау табылады демекші, ажырасудың да себебі көп. Мәселен, маскүнемдік, басқа адамға көз салу, өзара сенімсіздік, қатыгездік, ұзақ уақыт бір-бірінен бөлек тұру, ата-аналардың және басқа туысқандардың араласуы, жұмыс, баспана, ортақ балаларының болмауы және басқа да факторлар ажырасуға бірден бір себеп болып отыр.

– Басқасын айтпаса да, көбіне мінезіміз жараспады, бұдан әрі отбасын сақтау мүмкін емес деген тәрізді сылтаулармен шектеледі, – дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлмира Дүйсенбаева. – Мысалы, былтыр неке бұзу туралы шешімнің 13-і қанағаттандырылса, биыл тек он айдың ішінде 17 отбасының шаңырағы шайқалып, ерлі-зайыптылардың ақ некесі бұзылды. Ал неке қию (үйлену) былтырғы он айдың ішінде 66 болса, биыл 59 болып отыр. Бұрынғы жылдары неке қию үшін тіркелетін жас жұбайлардың жанарларынан қуаныш, бақыт нұры байқалатын. Отбасын құрамыз, өміріміз жарқын, болашағымыздың бекемдігіне сенеміз деп келетін. Ал қазіргі кезде, менің ойымша, жастардың көбі есеппен  некелерін  заңдастырады.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді халқымыз. Жаңылысу да, қателесу де, кей кезде аяқты шалыс басу да адамзат баласының бәріне тән нәрсе болса керек. Бүгінгі жастардың отбасын құруға әзір болуы өте қажетті мәселе. Олар үйленіп немесе тұрмысқа шықпас бұрын жақсылап ойлануы қажет. Ерлі-зайыпты атанғандардың үштен бірі айырылысып кетіп жатса, оған қарсы қоятын қандай амал, қандай тосқауыл бар?

Біз оны таба аламыз ба? Отбасын ұстау  мен сақтау – ерлі-зайыптыларға қатар жүктелетін міндет. Үйленіп, үй болу үшін де  сөз жоқ, ең алдымен асқан  жауапкершілік  қажет.

Гүлзара  ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ,

Жәнібек   ауданы


«Улы дәрі сатылуда деп алаңдауға еш негіз жоқ»

Күні: , 47 рет оқылды

Өткен  демалыс  күндері  «Whats-App»  әлеуметтік  желісінде «Өлімге  әкелетін  парацетамол» туралы  ақпарат  желдей  есті.  Израильде  өндірілген  улы  парацетамолдың  Ресей  арқылы Қазақстанға  жеткенін  мәлімдейтін  ер адам  оны  қабылдаған  науқастың  бір аптаның  ішінде  қайтыс  болатынын айтады.  Тіпті  «Р-500»  жазуы  бар  ақ  және сарғыш  түсті  парацетамолдың  суретін де  қоса  жүктейді.  Ет  жақындарының  өмірі мен  денсаулығына  алаңдаған  жандар  бұл  хабарламаны  бір-біріне  жолдап,  «қауіпті  парацетамол»  туралы  ақпарат  қала  тұрмақ,  аудан-ауылды  шарлап кетті.  Талайдың  көңілін  күпті  қылған  сауалдың  жауабын білмекке  өңірдегі  дәрі-дәрмек  сапасына  тікелей  жауапты мекеме  ҚР  Денсаулық  сақтау  министрлігі  жанындағы  Фармация комитеті  Батыс  Қазақстан  облысы  бойынша  департаментінің  басшысы  Сәбит  Ескендіровке  (суретте) жолыққан  едік.

– Сәбит Әмзебекұлы, Израильде шығарылған «Парацетамол» дәрілік препараты хақында әлеуметтік желі арқылы таратылып жатқан ақпарат қаншалықты рас?

– Облыс аумағында 268 дәріхана бар. Оның 202-сі Орал қаласында, қалған 54-і аудан-ауылдарда орналасқан. Фармация комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары фармация саласында лицензиясы бар барлық мекемелердің қызметіне жүйелі түрде мониторинг жасап отырады. Сатылымдағы және кепілдік берілген көлемдегі дәрі-дәрмектің сапасы күмән тудырған жағдайда айналымнан дереу жинап алынады. Биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында дәрілік заттардың серияларын (партияларын) медициналық қолдануға, сатуға тыйым салу және айналыстан алып қою туралы 62 бұйрық шығарылып, 96 түрлі дәрі-дәрмектің айналымы тоқтатылды. Соның ішінде 3300 орам дәрі-дәрмек кері қайтарылып алынды. Алайда бұл дәрілердің ішінде Израильде өндірілген «Р-500» таңбалы «Парацетамол» дәрісі жоқ.

Жалпы, әлеуметтік желілер арқылы аталмыш дәрі туралы хабар тарай бастағанда, департамент мамандары облыс аумағындағы барлық медмекемелер мен дәріха-наларға мониторинг жасап шықты. Біздің өңірде мұндай парацетамол бұған дейін болған емес, қазір де айналыста жоқ. ҚР Мемлекеттік дәрілік заттар Реестрінде тіркелген Қазақстанда, Ресей Федерациясында және Үндістанда өндірілген «Парацетамол Вива Фарм», «Парацетамол Роутек» және «Парацетамол» дәрілік препараттары ғана бар. Демек, жерлестерімізге улы дәрі сатылып жатыр деп алаңдауға еш негіз жоқ.

Биыл көктем айларында еліміз бойынша құрамында Валсартан атты химиялық қоспасы бар «Вазар», «Вазар Н» және «Нортиван» препараттары кері қайтарылғаны белгілі. «Қауіпті» дәрілер аз уақыт ішінде нарықтан түгел алынып, құрамында аталған субстанциясы жоқ басқа дәріге ауыстырылды.

Қайталап айтамын, біздің дәріханаларда тіркелмеген, тексеруден өтпеген, яғни адам ден-саулығына қауіпті дәрі-дәрмек сатылмайды. Жалпы, облыста осы уақытқа дейін бірде-бір дәріден улану фактісі тіркелген жоқ. Алайда соңғы уақытта лицензиясы жоқ, күдікті, тіпті «қауіпті» деп айтуға болатын дәрілерді ғаламтор арқылы сатып алудың көбейіп бара жатқаны алаңдаушылық туғызып отыр. Өйткені онлайн сауданы қадағалау өте қиын. Негізі, тіркелмеген препараттарды дәрігердің нұсқауынсыз қабылдауға әуес болмау керек.

– Жергілікті дәріханаларда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме және отандық дәрі-дәрмектің үлесі қандай?

– Халықтың басты байлығы – денсаулық дейтін болсақ, бұл сала қай елде болмасын қуатты саланың бірі болуға тиіс. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық фар-мацевтиканың өндірісін қуатты ету, ішкі сұранысты өзімізде өндірілген өнімдермен қамтамасыз ету мәселесіне басымдық беріп, нақты міндеттер жүктеді. Соңғы жылдардағы көрсеткіштер бойынша отандық дәрі-дәрмек өндірісі қарқынды дамып келеді. Ендігі кезекте өндіріс көлемінен бөлек, ассортиментті  көбейтуге  мән берілуде.

Елімізде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміндегі дәрілік заттар бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы орталықтандырылған түрде сатылып алынады. Қазіргі таңда облыстағы медициналық мекемелер мен дәріханалардағы дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Дәрі жетіспеушілігі туралы тұрғындар тарапынан шағымдар түскен жоқ. Өкінішке орай, отандық дәрі-дәрмектің үлесі 10-13 пайызды ғана құрайды. Дәрілік заттардың қалған 87 пайызы шетелден, атап айтсақ, Ресей мен еуропалық мемлекеттерден, сондай-ақ Үндістан мен Қытайдан әкелінеді.

– «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, дәрінің басым бөлігі сырттан әкелінетіндіктен, баға-сының тұтынушы қалтасын қағатыны жасырын емес. Оның үстіне бақылаудың жоқтығынан дәріханалардағы баға да алуан түрлі. Жалпы, отандық дәрі-дәрмек нарығындағы бағаны кім реттейді?

– Қазіргі таңда елімізде дәрі-дәрмек нарығы дәріхана арқылы дәрілік заттарды коммерциялық сату және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету болып екіге бөлінетінін атап өткен жөн. Бүгінде нарықтағы бағаны билік емес, бәсекелестік орта реттейді. Баға нарығын реттеу, тұрақтандыру мәселелері Фармация комитетінің құзырына кірмейді.

ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы барлық дәрілік заттардың бағасына мемлекеттік реттеуді енгізу туралы тапсырмасын орындау бағытында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасын әзірледі. Жаңа заң қабылданған жағдайда келер жылдан бастап дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасы уәкілетті құрылымдар, соның ішінде Фармация комитетінің облыстардағы департаменттері арқылы да реттелетін болады.

Яғни бұдан былай дәрілерге шекті баға қойылады. Енді өтініш берушінің франко-зауыт бағасы референтті елдердің франко-зауыт бағасымен салыстыру сараптамасы негізінде жүргізіледі. Жекелеген өндірушілерге, көтерме сауда мен бөлшек саудаға жеке-жеке шекті баға мөлшері қойылады. Шекті мөлшердің ең жоғарғысы, яғни 50 пайыз үстеме арзан дәрілерге ғана қолданылмақ. Демек, дәрілердің бағасы өскен сайын, оған қосылатын пайыз да азаюы тиіс. Бұл өз кезегінде баға өсімін тежеп, бір межеде ұстап тұруға септігін тигізеді деп күтілуде.

– Сәбит Әмзебекұлы, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ұлғая ма? Тегін дәрі кімдерге беріледі?

– Осы тұста Денсаулық сақтау министрлігі биыл тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қаржыландыру көлемін 38% арттырғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ 2017 жылдың шілде айында Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық қызметтің сапасы бойынша бірлескен комиссияның шешімімен 2018 жылға арналған тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмек тізімі қайта қаралып, қосымша дәрідәрмектермен толықты. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, диспансерлік есепте тұрған науқастар 46 ауру тобы бойынша 1060 түрлі дәрі-дәрмекті тегін ала алады. Бұл тізімге жүрек-қан тамырлары аурулары, вирустық гепатит, қантты және қантсыз диабет, туберкулез, АИТВ, онкология және т. б. ауру түрлері кіреді. Тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету үшін сатып алынатын барлық препараттар ҚР-да тіркелген, олардың сапасы, тиімділігі және қауіпсіздігі туралы қорытындылар алынған.

– Биыл жыл басында облыста онкологиялық, қант диабеті, эпилепсия және басқа да ауыр дерттерге шалдыққан науқастарға тегін берілетін өмірлік маңызды препараттар тапшылығы бірнеше айға созылғаны белгілі. Бұл жағдай тағы да қайталанбай ма?

– Бұл мәселе науқастың тұрғылықты жеріндегі емханадан бастап, барлық емдеу мекемелерінде жоспарлаудың сауатты әрі тыңғылықты жүргізілмегендігінен туындап отыр. Бірақ халық оны басқаша түсінеді. Кінәні дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен мерзімінде жеткізілуіне жауапты мекемеден, яғни Фармация комитетінен іздейді. Көктем-жаз айларында орын алған дәрі-дәрмек тапшылығына қатысты тексерулер жүргізілді, кінәлілер анықталып, оларға әкімшілік айыппұл салынды. Қазіргі таңда Фармация комитеті 2019 жылы тегін медициналық қызметтерді көрсетуге қажет болатын дәрі-дәрмектерге өтініштерді қабылдап, «СҚ-Фармация» ЖШС-на ұсынды. Дәрілік заттар бірыңғай дистрибьютор арқылы орталықтандырылған түрде сатылып алынады.

Сұхбаттасқан   Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Сала үздіктері марапатталды

Күні: , 46 рет оқылды

Кеше Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.

Мерекелік жиынға ардагерлер, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері қатысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов сала мамандарын кәсіби мейраммен құттықтап, түрлі марапаттарды табыс етті.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске қосу керек» деп агроөнеркәсіп кешені саласының алдына нақты міндеттер қойды. Атап айтқанда, еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуіміз керек. Облысымызда «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басты мақсаты – нарықта сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді қамтамасыз ету. Аталған бағдарлама аясында 2018 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 13 млрд. теңгеден астам қаржы бөлініп, 2017 жылғы көлемнен 30 пайызға артты. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 1,6 есеге артып, бүгінгі таңда 6736 ауыл шаруашылығы құрылымдарында 77 мыңға жуық адам қызмет етуде. Облысымыз қазақтың ақбас сиыры, көшім жылқысы және еділбай қойы тұқымдарының отаны болып табылады. Өңірімізде өндірілген ірі қара және қой еті, балық өнімдері, ұн және ұннан жасалатын өнімдер, майлы дақылдар, макарон өнімдері және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері Ресей, Испания, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Украина, Иран және Қытай елдеріне экспортталуда. Сонымен қатар жыл басынан бері 27 мың тонна дәнді және 39 мың тонна майлы дақылдар, 43 мың тонна бидай ұны экспортқа шығарылды. Біздің аймақтың климаттық жағдайын ескере отырып, күзгі дәнді және майлы дақылдар, мал азықтық дақылдар, картоп, көкөніс пен бақша дақылдары алқаптарының көлемін арттыру көзделуде. Жоғарыда айтылған барлық көрсеткішке жетуіміз – біздің ауыл еңбеккерлерінің, соның ішінде құрметті әріптестер, осы залда отырған сіздердің еңбектеріңіз! Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесiздер, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов құттықтау  сөзінде.

Игорь Валерьевич үлгілі шаруашылық иелеріне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін, сондай-ақ «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін тапсырды. Бұдан бөлек ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрмет грамотасы, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіптік одағының екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісі аталмыш саланың бірқатар қызметкерлері мен шаруашылық басшыларына табыс етілді. Сонымен қатар БҚО әкімінің аталымдары да өз иелерін тапты. Марапатталғандардың қатарында сала қызметкерлері, ірі шаруашылық иелерімен қатар сан салада жұмыс істейтін қарапайым еңбек адамдары да болды. Мысалы, ауыл тұрғындарының ірі қара малдарын келісімшартпен бағып жүрген «Шыңғырлау» ауыл шаруашылығы өндірістік коопе-ративінің мүшесі Бақытқали Дошев «Үздік бақташы» аталымымен, Қазталов ауданы Көктерек ауылдық округіндегі «Төлеген» шаруа қожалығының басшысы Анарбек Жаулаубаев «Үздік шопан» аталымымен, ал Ақжайық ауданындағы «Адай Бекет» шаруа қожалығының жылқышысы Аман Имашев «Үздік жылқышы» аталымымен марапатталды. Бұлардан бөлек «Цифрландыру әдісін үздік меңгерген шаруашылық», «Үздік агроном», «Үздік механизатор», «Үздік ветеринар», «Үздік орманшы», «Үздік құс шаруашылығы», «Үздік бау-бақша шаруашылығы», «Үздік қайта өңдеуші кәсіпорын» секілді аталымдар да болды.

Салтанатты жиында ардагерлер атынан сөз алған БҚО ауыл шаруашылығы саласы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Ізтілеуов шаруашылықтарды дамытуда суландыру жүйелерін жолға қойып, дамытудың маңызы зор екеніне және бұл бағытта өңірімізде көптеген істер оң шешімін тауып келе жатқанына тоқталды. Ол сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен зейнеткерлерге «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер»  төсбелгісін  тапсырды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға  ұласты.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»


JAS.QZ үздіктерді анықтады

Күні: , 33 рет оқылды

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма  театрында Қазақстан жастарын әлеуметтендіруге бағытталған Jas.QZ жобасы қорытындыланды.

Аталмыш шараны «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» мен ҚР Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі жүзеге асырып отыр. Жоба аясында өткен «Менің таңдауым» облыстық байқауына мектеп оқушылары мен жоғары оқу орны және колледж студенттері қатысты. Үміткерлер алты бағыт бойынша бақ сынады. Ұлттық құндылықтар бөлімінде сайысқа қатысушылар салт-дәстүр бойынша сұрақтарға жауап берсе, әскери-патриоттық бағытта «Мемлекеттің қорғаныс қабілеті қайтсе бекем болады?» тақырыбында эссе жазды. Зияткерлік бөлімінің үздіктері математикадан сынақ тапсыру арқылы анықталды. Сондай-ақ бүлдіршіндер ұлттық аспаптарда өнер көрсету арқылы шығармашылық бағытта сыналып, спорттық бөлімде қашықтыққа жүгіріп, кермеге тартылудан жарысты.

– Құрметті жастар, алдағы Жастар жылында жас отандастарымыз әлем халқын таңғалдыратын жетістіктерге жетсін. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған бұл байқаудың мақсатына саятын әлеуметтендіру деген сөзге тоқталғым келеді. Бұл  жастарды қазіргі заманға бейімдеу дегенді білдіреді. Бүгінгі жиынға қатысушыларға айтарым, жетістікке жетудің формуласын меңгеріңіздер. Біріншісі – білім, екіншісі – біліктілік және белсенділік. Қазір оқимын, үйренемін  деген адамға барлық жағдай жасалған. Білімді ұрпақ болып өсіңіздер. Өздеріңнің жүрек қалауларыңыз бойынша таңдаған мамандықтарыңыздың кәсіби маманы болыңыз. Махамбет, Сырым, Қадырдай ұлы азаматтар дүниеге келген елдің балалары белсенді болатынына сенімдімін. Болашақ Нобель сыйлығының иегерлері араларыңыздан шықсын. Жетістіктен-жетістікке жете беріңіздер! – деді  шараның арнайы қонағы, қоғам қайраткері, саясаткер Әміржан Қосанов.

Байқау қорытындысы бойынша «Үздік жасұлан» аталымын Р. Сансызбаев пен Д. Махуетова иеленсе, «Үздік ерікті» аталымын  А. Ғұбашев пен Г. Сәрсенғазиева жеңіп алды.

«Үздік өнерпаз аталымы» А. Жұмағалиева мен М. Қадырғалиеваға, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Жас этнограф»  аталымы Б. Шәріпова мен Г. Ғаділжановаға, «Үздік спортшы» Н. Өтепқалиев пен Б. Нұрлыханға, «Жас зияткер» аталымы С. Жұмасейітов пен С. Латиповке бұйырды.  Сондай-ақ аталмыш шараны ұйымдастырған бірқатар әдіскер мамандар арнайы алғысхаттарға ие болды.

Шара соңында журналистерге сұхбат берген театртанушы, журналист Сәуле Әбединова жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жобаның тиімділігіне тоқталды.

– Қазіргі қоғамда біз әлеуметтік мәселелердің салдарымен күресіп, түпкі себебін анықтап, келеңсіздіктің алдын алуды ескере бермейміз. Тастанды бала мен көкек ананың, алимент төлемейтін безбүйрек әкенің пайда болуы ең бірінші әлеуметтік факторларға байланысты. Ер-азаматтың қоғамдағы, отбасындағы рөлін жоғалтып алуы, негізінен, жұмыссыздық мәселесінен туындайды. Жұмыс іздеп жүріп жарнама бойынша хабарлассаңыз, міндетті түрде жасыңызды сұрайды. Ол үшін 30-35 жастан аспауыңыз керек. Қазір жас отбасылардың ажырасуы да жиілеп кетті. Оған себеп, материалдық жағдай мен ішкі рухани үйлесімсіздік деп ойлаймын. Әр адам ұрпақ алдында, отбасы алдында жауапкершілікті сезіне білуі керек. Ата-ана перзенттерінің болашағын ойлап, рухани түрғыдан жетілген тұлға болып қалыптасуын қадағалаған жөн. Әсіресе, мектепте оқитын ұл-қыздарын кіап оқытуға ынталандыру керек.

Жастардың қоғамдағы рөлін арттырып, әлеуметтендіруде осындай жобалардың пайдасы мол, – деді журналист Сәуле Әбединова.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


«Өнерге де, мінезге де бай еді…»

Күні: , 83 рет оқылды

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын-ұстаз, «Жайық ұстазы» газетінің тұңғыш редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ақмаржан Таубаеваны еске алуға арналған «Мен – Жайықтың перзенті» атты  кеш өтті.

«Мен – Жайықтың перзентімін» деп ақынның өзі жырлағандай, Ақмаржан Таубаева Ақ Жайықтың жағасында туып-өсті. Ұзақ жылдар баспасөз саласында жемісті еңбек еткен ол кейінгі жылдары «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Жайық ұстазы» газетін шығарды. Журналистикамен қатар қара сөзді қаузап, өлең жазған Ақмаржанның «Жайықтың ақ самалы», «Құлын дауысты жыр әлем» атты кітаптары жарық көрген болатын. Сондай-ақ оның бір топ өлеңдері кезінде «Сорос – Қазақстан» қоры жариялаған республикалық байқаудың қорытындысы бойынша таңдаулылар қатарында арнайы жинаққа енгізілген еді. Осыдан екі жыл бұрын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында Ақмаржан Таубаева атындағы дәрісхана ашылды.

Ақынның шығармашылығын насихаттап, есімін ұлықтау мақсатында өткен кеште оның өнердегі және қызметтегі әріптестері ғибратқа толы естеліктерімен бөлісті.

София  ІЗМҰХАМБЕТОВА,

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалының директоры:

– Бүгін біз тарихта есімі қалған үлкен жүректі ақын апамызды еске алып отырмыз. Бала кезімнен ақын десе, көз алдыма кесек мінезді, ірі сөйлейтін ерекше адам елестейтін. Ақмаржан Бақытқызы – өнерге де, мінезге де бай Ақ Жайықтың ақын қыздарының бірі. Ол қиянатты кешіре білетін кең жүректі және  өзгеден ерекшеленуді ұнатпайтын жан еді. «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалына қызметке тұрғанда әріптес болып, ақыл-кеңесіне жүгінген сәттердегі апамыздың бейнесі көз алдымызда. Және ол бейне жыл өткен сайын асқақтай түсуде. Бізге «60 жасқа толғанда дүркіретіп той жасаймын» деп жиі айтатын. Бірақ тағдыр оған бұл қуанышты көруді жазбады. Ғұмыры ұзақ болса, дүркін-дүркін өлең жазып, игілікті істердің басы-қасында жүрер еді.

Шалқыма  ҚҰРМАНАЛИНА,

педагогика  ғылымдарының докторы, профессор:

– Ақмаржан 1976-1979 жылдары педагогикалық училищеде оқыды. Ол кезде мен оған сабақ бермеген екенмін. Екінші рет 1996 жылы кездестік. Ақмаржан Алматыдан Оралға біржола көшіп келгенде, ең бірінші педагогикалық колледжге келді. Жалпы, мен түлектерімді жақсы көретін адаммын. Жымиып келіп, «Апа-ау, сәлем бердік. Мен сізге келдім», «Апа-ау, менің сізге өтінішім бар» деп апалап тұратын. Сондай жайсаң мінезі, сыпайылығы, мәдениеттілігі арқылы туған сіңілімдей жақсы көріп кеттім. Ішкі сырымен бөлісті. Балаларының әкесі Қалдыбек Құрманәліні алғаш рет маған таныстырғаны да есімде. Екеуінің сүйіспеншілігін  көзіммен көрдім. Өміріндегі  қиындықтары мен қуанышты сәттерінен хабардар болдым. Үй алғанда, балалары мектепке барғанда төбеміз көкке жетердей қуандық. Одан кейін бауырлары Қайыржан мен Мәриямды алып келіп таныстырды. Менің әр туған күніме өлең арнайтын.

Үзілдік  ЕЛЕУБАЙҚЫЗЫ,

ҚР білім беру ісінің үздігі, ақын-ұстаз:

– Ақмаржан екеумізді жақындастырған ақындық қабілет еді. Сырлас болдық. Ол ерекше сабырлы жан. Кез келген мәселені байыппен шешетін. «Үзеке, екіүш айдан кейін зейнет жасына толамын. Сонда екеуміз қол ұстасып, Теректі мен Ақжайық аудандарын аралайықшы», – дейтін. Жазда ел жаққа барып демалғанды ұнататын. Әттең, ғұмыры қысқа болды. Шаңырағының шырағын сөндірмей отырған ұлы Әнасыл мен келінге, қызы Әнаруға аналық алғысымды айтамын.

Шарада  Ақмаржан Бақытқызының  сөзіне  жазылған  әндер шырқалды. Кеш соңында сахна төріне көтерілген ақынның  інісі Қайыржан Таубаев еске алу кешін ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ақ жарма тілегін арнады.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика