Мұрағат: 14.11.2018


1 теңге ұсақ бақыр болғанымен, ол – ұлттық валютамыз!

Күні: , 50 рет оқылды

… Кеңестер заманында Оңтүстік Қазақстан облысынан Алматыға оқуға келген жастарынан өзбек акаларымның қазақтың «құрысыншы» деген сөзінен байыдым дейтін мысалын талай рет естігенбіз. Ой жіберіп қарасаңыз, расында солай. Сөйтсек, Өзбекстан астанасы Ташкенттегі көп қабатты ірі сауда орындарының бірінде сіріңке жоғары қабатта сатылады екен. Ал өзағаңдар оны сатып алып, сол сауда орнының есік алдында отырып, бір тиын тұратын сіріңкені екі тиынға, яғни бағасына баға үстеп сатып, пайда табатын көрінеді. Сіріңке үшін жоғары қабатқа көтерілуге ерінген біздің ағайындар «Құрысыншы, бір тиынға бола жүрем бе?» деп қолдарын бір-ақ сілтеп, бір тиын тұратын затты екі тиынға ала салады екен.  Сол ғадеттен әлі арыла алмай жүргеніміз жоқ па осы?!

Әрине, бүгінгі заман басқа, еліміз тәуелсіздік алып, мемлекетіміздің өз ақшасы, төл теңгеміз айналымға шыққанына биыл 25 жыл толып отыр.  Бірақ қазіргі уақытта да бір теңгеге көзқарас сол салғырттық, немкетті күйде қалғандай көрінеді. Күнделікті тірлікте «Ақша тиыннан құралады» деп сайрағанымызбен, көзге ұсақ көрінетін тиын-тебенді үнемдеп, ұқыптап ұстауға мойнымыз жар бермейтіні шындық. Бірақ айналаңыздағы толған сауда орындарынан бір тиыныңыз жетпей жатса, алайын деп тұрған тауарыңызды кейбір сатушының қолыңызға ұстата салуы неғайбыл.

Өйткені «ақша тиыннан құралатынын» басқа білмесе де, сауда айналасындағылар жақсы біледі. Осыны ескерген ҚР Ұлттық банкі жақында мерейтойлық «Теңгеге 25 жыл» деген номиналы 5000 және 500 теңгелік күмістен және номиналы 100 теңгелік мельхиор қоспасынан жасалған мәнеттерді айналымға шығарды. Бірінің салмағы 1 келі, екінші түрінің салмағы 62,2 грамм болатын  коллекциялық күміс мәнеттер небары 200 және 1000 данамен шығарылып, жылдам сатылып кеткен. Аз таралым-мен шығарылатын мәнеттерге коллекция жасаушылардың, яғни нумизматтардың құштарлығы сондай күшті, сондықтан ондай мәнеттер ән сағатта өтіп кетеді. Банк мамандарының айтуынша, мәнеттердің  дизайны да көп жағдайда олардың өтімділігін арттыруда рөл атқарады.

Теңгенің мерейтойына арналып шығарылған мерейтойлық мәнеттер номиналы ең төмен  1 теңгеге арналған. Еліміздің басты белгілерінің бірі болғанымен, бұл  1 теңгені көпшілік бағалай бермейді, бала екеш балаға дейін оны ақша деп менсінбей, сәлсінетінін қайтерсіз. «Бір тиын туралы бір түйін» деген өлеңінде жерлес ақын Айбатыр Сейтақ замандасымыз жерден бір тиынды көтеріп алған жігітіне ренжіген қызына:

– Қалқам, бұдан тудырмағын кері ұғым,

Бұл бақырдан неге сонша жерідің?

Баю үшін алған жоқпын мен оны, Көтердім мен Отанымның Гербін! – деп бір тиынның мемлекеттік маңызын көрсетуші еді.

Шын мәнісінде қомақты ақшаның өзі осы бір теңгеден басталатыны көп жағдайда ескеріле бермейді. Жаңадан шыққан коллекциялық күміс мәнеттердің бет жағындағы (аверсінде) жылтыр бетінде 1997 жылғы үлгідегі номиналы 1 теңгелік мәнеттің алтындатылған бейнесі жарқырайды. Ал сырт жағында (реверсінде) 1993 жылғы үлгідегі қазақстандық мәнеттердің аясында номиналы 1 теңгелік банкнот бейнеленген. Осылайша Ұлттық банк 1 теңгенің ақша айналымындағы мән-маңызына тереңірек үңілткендей болды. Бұл, әрине, қуанышты жағдай.

Банк мамандарының айтуынша, 1997 жылы алғаш шығарылған 1 теңге бүгінде ең қымбат мәнетке айналған. Өте жақсы сақталған сол теңгені бүгінде коллекция жасаушылар 1-2 мың теңгеге сатып алады. Жалпы, қазақ-стандық дизайнерлердің шебер қолынан шыққан коллекциялық мәнеттер әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие. Тек мәнеттердің ғана емес, сонымен қатар теңге банкнотасының дизайны айрықша көркем. Содан да теңге банкнотасы үш мәрте 2011, 2012 және 2013 жылдары дүниежүзіндегі ең  үздік қағаз ақша ретінде танылды. Әлемнің ақша жасау технологиясының соны жетістіктері бойынша жасалған теңгенің  16 құпия қорғаныс белгісі бар. Сондықтан америкалықтар теңгенің технологиясына сүйене отырып, доллардың қауіпсіздігі шараларын күшейткен деседі. Сондай-ақ теңге әлемдегі жалғыз екі тілді валюта саналады.

Қалай болғанда да, еліміздің төл теңгесі тәуелсіздігіміздің символы, ұлттық экономиканың темірқазығы, өзге елге «жем» болмаудың, байлығымызды сақтаудың басты құралы екені сөзсіз. Сондықтан теңге, ұлттық валюта күні  –  еліміздегі барша халықтың ортақ мерекесі. Әрі бүгін – қаржыгерлердің төл мерекесі. Мереке құтты  болсын!

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА


«Мұсылман марқұмды пәктеу де – сауап»

Күні: , 223 рет оқылды

… Бірер жыл  турасында  ауылдағы  жамағайын  апайымыз  қайтыс  болып, сүйекті  жуатын ақ  жаулықты  табылмады. Марқұмның  ет  жақын туыстары  өзі  сүйретіліп  әрең  жүрген  кейуананы білгеніңізді  айтып  тұрсаңыз  болды  деп,  екі-үш жас келінмен  бірге  ішке  кіргізді.  Бұл тек  бір ауылға тән  жағдай емес, өткенде  Сырым  ауданындағы оқырмандармен  кездесуде  де  осы  мәселе  көтерілді. Бір  ауылда  сүйекті  жууға  кіретін  жалғыз  қартаң  әйел  қалыпты. «Қара  жерге  жылан  кірсін»  демекші, бірақ  ертең  сол  кісі  олай-бұлай  болып  кетсе,  басқасын айтпағанда  ол  кісіге кім  кіреді?  Жасы-жасамысы бар  нәзік  жандылар  түрлі  себептерді  алға  тартып, қайтыс  болған  кісіні  арулау рәсімдерінен  ат-тондарын  ала  қашатын  бопты. Сонда  бара-бара  не  боламыз, неге  бұлай деген  сұрақтар,  жалпы жаназаны дұрыс  атқару  жөнінде  ҚМДБ-ның  БҚО  бойынша өкіл  имамы Еркебұлан  Қарақұловпен  әңгімелестік.

Өкіл имамның айтуынша, имандылық, теологиялық немесе  шариғат қағидалары тұрғысынан бақилық болған кісіні жуындырып, пәктеп, жаназасын шығарып, содан кейін жер қойнына тапсыру – иісі мұсылманның қастерлі міндеті.

– Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше істерге, яғни мұсылман бауырыңның қал-жағдайын сұрауға, сонымен қатар жаназаға асығыңдар деген. Сүйекке марқұмның ет жақын туыстары, жанашырлары, жақын-жұрағаты кіреді. Қазақ халқы ежелден  осыны ұстанған, шариғатымыз да, асыл дініміз де мұны құптайды. Әрине, ешкімге сен кіресің деп міндеттей алмаймыз. Ер адамға ерлер, әйелдерге әйел заты кіру керек. Ал егер де марқұмның жақын туысы болмай жатса, жуындыруды білетін бір мұсылман адам кірсе, жарап жатыр. Кейде мәйітті жуындыруға топырлатып 5-6 адам кіргізеді. Алайда олар сүйекті көтеруге көмектеспесе, жуындыруға 2-3 адам жеткілікті. Сүйекке кіруге жаназаға келгендердің көпшілігі сасқалақтап, суырылып шыға қоймайды.  «Әлі өлгім келмейді», «сүйекке кірсем, ажалды асықтырып жіберемін» деп ырымдап, бас тартатындар бар. Әсілі, мұндай сауапты істен сырт қалуға болмайды. Біз – мұсылманбыз, өзекті жанға өлім хақ, өлімнен ешкім қашып құтылмақ емес. Ол – ақиқат. Ешбір пенде өзінің қашан және қай жерде қайтыс болатынын біле алмайды. Сондықтан халық бұл – менің дінім, болмысым, дәстүрім деп қабылдап, қалыптасқан әлгіндей психологиялық кедергіні бұзу керек. Сүйекті жууға қатысу арқылы сауапқа ие болуға ұмтылған жөн.   Яғни, мұсылман марқұмды пәктеу де – сауап.

Ата-бабамыздың жолымен Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып келе жатқан халықтың ұрпағымыз. Садақа-жиындарды өткізгенде Құран оқытамыз.  Ендеше, түбіміз – мұсылман, яғни ислам діні бізге өгей емес, сол себепті өгейлік қарым-қатынасты тоқтатуымыз керек. Сонда ғана психологиялық кедергілерден өте аламыз. Кей жағдайларда дененің бір жерде ұзақ уақыт жатып қалуына, жол апатынан ауыр жарақат алып, дене мүшелері түгел болмаған жағдайда, түсіністікпен қарауға болады. Ондайда психологиялық тұрғыдан мықты адамдар ғана кіреді немесе үлкен қалаларда марқұмды жуындыруға адамдарды жалдауға болады, – деді өкіл имам.

Жаназа   намазына   ерлер   тұрады

Жаназа және жерлеу рәсімдері жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен жарық көрген «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітабында жан-жақты айтылған. Өңірімізде өкіл имамның бастамасымен, ардагерлер кеңестерінің қолдауымен бірнеше ауданда жаназа пәтуасын ысырапсыз, шариғатқа сай өткізу қолға алынды.  Сондықтан молдаға жаназаны шариғат тұрғысынан өткізуге қолдау көрсету – әрқайсымыздың парызымыз.

«Жаназаға 200-300 адам келеді, соның 7-8-і ғана жаназа намазына шығады, өзгелері митингке келгендей қарап тұрады. Жаназаның негізгі мағынасы төбеңізді көрсетіп, көңіл айту, маңыздысы, қайтыс болған кісіге сауап мол болсын, сұрағы жеңіл болсын деп дәрет алып, жаназа намазына тұру. Әйелдер жаназа намазына тұрмайды, тек төбе көрсетіп, көңіл айтады. Сондықтан ер-азаматтар жаназаға келгенде үйден дәрет алып, жаназа намазына тұрамын деп келу керек. Пайғамбарымыз  40 адам жаназаға тұрса, марқұмның күнәсі кешіріледі деген. Барлығы шетінен Құран оқысын, намазға жығылсын, діндар болсын демейміз. Жаназаға ғана осындай қарым-қатынасқа ие болсақ, сонда ғана сүйекке кіру мәселесіндегі түйткілді тарқатамыз», – деп түсіндірді  облыстың  бас  имамы.

Шеге  қағу  шариғатта   жоқ

Өкіл имамның айтуынша, алдымен қайтыс болған адамның барлық киімін шешіп, оң бүйіріне жатқызып, жүзін құбылаға қаратып, ақ матамен жауып қояды. Қайтыс болған адамның жинақы жатуына байланысты атқарылатын амалдарды білгеннің зияны жоқ. Мысалға, марқұмның аяқтарының үлкен башпайларын жіппен байлау, білектерін және жағын байлау. Бұл медициналық тұрғыдан құпталады, өйткені өлі дене жайылып кетпейді.  Ал марқұмның «мойны қатпай кетті» деп шеге  қағу – шариғатта  жоқ  нәрсе.

«Әдетте садақаларда сөйлеушілер «Өмір бар жерде өлім бар» деп мойындай отырып, «мұндай жағдай орын алмасын» немесе «жаман жағдай болмасын» деп Алланың әміріне қарсы келіп жатады, оның орнына «Қайғыңызға ортақпыз, Алла сабыр берсін» деген жөн. Кейде мәйітті есіктен басымен немесе аяғымен шығару керек деп дауласады. Қалай ыңғайы келеді, солай шығарасыз», – деді   Еркебұлан Ибрайымұлы.

Бас имамның айтуынша, жаназа оқыған имам-молдаларға ақы берілмейді. Ал үй иесінің садақа деп ниет етіп атағаны болса, алуға рұқсат етіледі. Қабір қазу физикалық күшті талап етеді, олардың қызмет ақысы төленуі керек. Қабір қазушы еңбекақысын сұрап жатса, ол күнә емес. Сүйекке кіргендерге көбінесе қайтыс болған адамның заттары таратылады. Марқұмның киім-кешегін таратқанда, оны жаман ырымға балап алмау әбестік саналады. Ал сүйекті жууға пайдаланған шелек, бақырашты кейін тұрмыста пайдалануға болады.

Қабір қандай тереңдікте қазылуы тиіс деген сұрақ та көпшілікті мазалайды.  «Қабір жер қыртысының жағдайына қарай қазылады. Егер тік түсірілетін болса, онда тақтайлар қабірдің бетіне жабылады. Сондай-ақ топырағы құлап кетпейтіндей етіп жанама қазуға болады. Қабірдің тереңдігі денені көтеріп, отырған деңгейде болуы керек. Бастысы, оның терең не кеңдігінде емес, бөлек үй іспеттес болуында», – деді өкіл имам.

«Шариғат бойынша марқұмның жаназасы үшін жетісін, қырқын, жүзін, бір жылдығын беру талап етілмейді. Бұл –  біздің ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан әдет-ғұрпымыздың көрінісі.

Ағайынның басын қосып, садақа дастарқанын жаю сауапты іс болмақ. Ең бастысы, онда ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Имамға, молдаға көбірек уақыт беріліп, сол жерде уағыз айтылса дейміз», – деді  өкіл имам Еркебұлан  Қарақұлов.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


«ТЕЗ, ТЕЗ ТҮСІҢІЗ!» немесе аутобустар неге жарысады?..

Күні: , 79 рет оқылды

Оқырман   ойы

Мені қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы қатты ойлантады. Өйткені қоғамдық көліктердің күн сайын қонағы боламыз. Сол кезде әр түрлі келеңсіз көріністердің куәсі болып жатамыз.

Бұл тақырып баспасөз беттерінде жиі-жиі көтеріліп, әбден мезі етсе де, облыстық «Орал өңірі» газетінің оқырманы ретінде өз ойымды білдіргім келеді. Өзім жиі мінетін №33, 43, 30 «Д» маршруттарындағы аутобустардың әбден түсі кетіп, тысы  жыртылып жатқан орындықтарына отырғанымда, қырық жамау линолеумға еріксіз көзім түседі. Кейде аутобусқа ертемен мінген кезде де кейбір көліктердің шаң-шаң болып тұрғанын көріп, еріксіз бас шайқауға тура келеді. Тағы бір ойлантатыны, кондукторлар мәдениетінің төмендігі. Кейбірі мініп-түсіп жатқан жолаушымен ісі  жоқ, айналасына түкірігін шашыратып, шемішке шағып отырады. Кондукторлардың басым бөлігі өзін сол жерде отырған «Ақша жинаушымын» деп есептейді. Көлікке мінген балалы әйелдер мен үлкен кісілерді жайғастырып, жастарды орнынан тұрғызып, бағыт беріп, көліктегі жайлылыққа жауап беретін адам екендігін ескере бермейді. Кейде бағыт сұраған жолаушыға да дұрыс жауап бермей, әкіреңдеп  жатқан кондукторларды да жиі көреміз.

Бірде базар маңында тоқтаған  қоғамдық көлікке аяғын ілбіп басқан қария қолындағы азық-түлік салынған сөмкесін көтере алмай, кіреберіске етпеттеп, көтеріле алмай  жатты. Жап-жас кондуктор жігіт әлгі қарияға көмектесіп, демеп жіберудің  орнына «Тездетсеңізші» деп тосын мінез танытты. Өйткені кондуктор үшін қарияның артында үймелеп тұрған көп жолаушының артынан тоқтап жатқан аутобусқа кетіп қалмауы маңызды еді. Бұл көрініске басқа қаладан келген құрбымның танысы: «Оралдықтардың бәрі осындай дөрекі ме?», – деп таңданды. Кейде сырт жақтан келген адамдар бір адамға қарап, бүкіл қалаға осылай баға беріп жатады. Осы жайтпен салыстырмалы  түрде қарасақ, «Кондуктор да қоғамның айнасы» іспетті. Ендеше, кондукторлар да өздерінің қоғам алдында жүргендерін, өз жұмыстарының жауапкершілікке толы екендіктерін  сезінгендері жөн.

Жалпы, қоғамдық көлікке қатысты айтылар сын көп. Кейде есігі жабылмайтын аутобустарға тап боламыз. «Біреу құлап кетсе, не істейсіз? Неге сынық көлікпен жолға шығасыз?» десек, кондукторлар: «Әзірге ешкім құлаған жоқ, қорықпаңыз!», –  деп жауап  береді. Кейбір аутобустар аялдамаға толық тоқтамай тұрып, кондукторлары «Тез, тез түсіңіз!» деп жатады. Бұл да жолаушы үшін қауіпті. Өзім көбіне кішкентай баламен жүретіндіктен, әбден тоқтағанын күтіп түсемін. Бірақ секіріп түсіп жатқан жолаушыларды жиі байқаймын. Кейде аутобустар бір-бірімен жарысады. Әсіресе, №43, №39 маршруттағы аутобустардың  жолаушыға таласып, бір-бірінен озып кетуге ұмтылып, жарысқанының бірнеше рет куәсі болдым. Қалай болғанда да, қоғамдық көліктердің қоғам үшін маңызы зор. Сондықтан оның жайлы, жылы, таза болғаны жолаушы үшін маңызды.

Қазір №39 маршруттағы жаңа аутобустарды жолаушылардың көбі мақтайды. «Аяқпен тұрып келсек те, ыңғайлы, жайлы, ең бастысы, таза» деп риза болып жатады. Өзге аутобустар да кезегімен жаңарып, жолаушыларға қуаныш сыйлар деген сенімдеміз.

Гүлфайруз   ҒАЛЫМ,

Орал   қаласы


Ұлымды Qnet-тің құрығынан құтқарғым келеді

Күні: , 484 рет оқылды

Оқырман   сауалы

Жасы 30-дағы ұлым банктен 600 мың теңге несие алып, Qnet деген қаржылық  пирамидаға  кіріп  кетіпті. Бізге, ата-анасына, бірауыз ескертпеді, ақылдаспады да.

Жұмыстан келе сала, «Кеңсеге барамын» деп кетеді де, түннің бір уағына дейін сол жақта жүреді. Артық сұрақ қойсаң, ренжіп, бұлқан-талқан болады. Ай сайынғы жалақысының жартысы несиеге кетіп жатыр, ал Qnet-тен көк тиын пайда көріп жатқан жоқ. Кірген кезде «Артыңнан кісі тіркесең болды, жұма сайын 200 доллар, ай сайын бәлен доллар есепшотыңа түсіп тұрады» деген жалған үгіттің жетегінде кетіп, сегіз ай бойына сергелдеңге түсіп, пайда көрмек түгілі, салған ақшасын қайтара алмай жүрген балама жаным ашиды.

Жалғыз менің ұлым емес, қаншама адамның осы шырғалаңға шырмалып жүргенін естіп те, көріп-біліп те жүрміз. Талайды зар қақсатып, сан соқтырып жатқан Qnet-ке тыйым салатын, қызметін заңдық тұрғыдан тексеретін мекеме бар ма өзі? Ұлымды құтқарғым келеді, кімге және қайда жолығу керек?

МӘНШҮК,

Орал   қаласының  тұрғыны


Облыс тұрғындары диктант жазды

Күні: , 45 рет оқылды

Кеше  еліміз  бойынша тұңғыш рет латын графикасына негізделген  жалпыхалықтық диктант  жазу  шарасы  өткен  болатын. Батыс  Қазақстан инновациялық-технологиялық  университетінде  өңіріміздегі  мемлекеттік  қызметшілер  де  диктант  жазды.

Шара латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін насихаттау және оны меңгеруді практикалық тұрғыда дағдыландыру  мақсатында өтті.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйытқы болуымен өткен диктанттың  тақырыбы  – «Рухани  жаңғыру»  болды.

– Жалпыхалықтық  диктант жазу шарасы – Елбасының биылғы жылдың 19 ақпанында жариялаған №627 Жарлығына сәйкес «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отыр. Шара аясында 15 жасқа толған оқушылар, студенттер, мемлекеттік қызметшілер, халыққа қызмет көрсету орталығының және облыстық басқармалардың  қызметкерлері диктант жазды. Өңіріміз  бойынша диктант жазған  тұрғындардың ұзын саны  100  мыңнан асады. Келесі жылдан бастап мектепалды даярлықта  оқитын оқушылар латын графикасына негізделген әліпбимен оқиды. Сол сыныптарға сабақ беретін мұғалімдер латын графикасы негізінде  сабақ беруге дайындалады, – деді облыстық тілдерді дамыту басқармасының  басшысы Айгүл Мыңбаева.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»


177 пәтер иесін күтеді

Күні: , 110 рет оқылды

Орал қаласындағы үй кезегінде тұрғандар кредиттік үй бағытында берілетін баспанаға қол жеткізе алады. Бұл жайында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің тұрғын үй және жекешелендіру секторының меңгерушісі Ерлан Шайхиев хабарлады. Оның айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ жергілікті атқарушы құрылымдардың кезегінде тұрғандарға сатып алу құқығымен Зашаған кенті, «Арман» шағынауданы, М. Мөңкеұлы көшесі, 108/5 мекенжайы бойынша құрылысы жүргізіліп жатқан 9 қабатты үйден 177 пәтерді жалға береді. Бұл үйде үш бөлмелі пәтер саны 33 (бір пәтердің алаңы 76,29-дан 83,82 шаршы метр), екі бөлмелісі (62,1-ден 65,88 шаршы метр) мен бір бөлмелісі 72-ден (40,04-тен 44,11 шаршы метр) болмақ.

«Тұрғын үй қатынастары» ҚР заңының 67-бабының 1-тармағының 1, 2 және 3-тармақшасында көрсетілген санаттарға жататын азаматтар пәтер алу үшін өтініштері мен құжаттарын биылғы қараша айының 19-ы мен 26-сы күндері «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы тапсырады. Сондықтан отбасының кәмелетке толған әр мүшесіне ХҚКО арқылы электронды сандық қолтаңба алу қажет. Құжат тапсырушыларды іріктеу екі бағытта жүргізіледі. Бірінші кіші топқа (өтініш берушінің жасы 35-ке толмаған болуы керек) ЖАО кезегінде тұрған, неке құрғандарына үш жыл болған жұбайлар, сондай-ақ балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған (ажырасқан, жесір немесе тұл қалған) толық емес отбасылар  кіреді. Екіншісіне, 1-кіші топқа жатпайтын, ЖАО арқылы үй кезегінде тұрғандар енгізіледі.

Бағдарлама талабына сәйкес баспананың бір шаршы метрінің құны 836 теңге болады. Пәтер 20 жылға жалға беріледі. Мәселен, үш бөлмелі пәтердің алаңы 83,82 шаршы метр болса, айлық төлемі 70 074 теңгеге есептеледі. Сонда 20 жылға жалға алу құны 16 817 645 теңге болмақ. Бүгінге дейін Орал қаласында 19 мыңнан астам адам баспана кезегіне тіркелген.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»


Жаңақала ауруханасы жапондық грантқа үміткер

Күні: , 36 рет оқылды

Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірімізге  жұмыс  сапарымен  келген Қазақстан Республикасындағы  Жапон елшілігінің  атташесі Юма Танакамен  және «Корни  травы» қайтарымсыз  гранттық  бағдарламасының үйлестірушісі Жанар Амантаймен кездесті. Жиынға сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Бибігүл  Қонысбаева, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, облыстық денсаулық сақтау  басқармасы басшысының  міндетін атқарушы  Нұрданат Беркінғали,  облыстық білім басқармасының  басшысы  Шолпан Қадырова  қатысты.

Бұл – Жапония үкіметінің түрлі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға арналған «Корни травы» бағдарламасы өкілдерінің Батыс Қазақстан облысына екінші ресми сапары. Осыдан төрт жыл бұрын ең шалғай орналасқан Бөкей ордасы ауданында болып, аудандық орталық ауруханаға қажетті, құны 97 мың АҚШ долларынан асатын заманауи рентген-аппарат, ашық реанимация жүйесі, қос бірдей электрокардиограф сияқты 11 түрлі медициналық құрал-жабдықты сатып алуға қайтарымсыз грант бөлген еді.

Биылғы мамыр айында «Жаңақала аудандық орталық ауруханасы «Корни травы» бағдарламасына өз құжаттарын жолдаған екен. Ауданда онкологиялық ауруларға, ас қорыту жолдары ауруларына шалдыққандар саны азаймай отырғанын алға тартқан жаңақалалық ақ желеңділер жапондық бағдарламаның мүмкіндігіне сүйеніп, науқастарды емдеуде аса қажетті бейнегастроскоп қондырғысы мен эндоскопиялық жүйені сатып алуға үміттеніп отыр.

Кездесу барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов екі ел арасындағы  әріптестікті еселей түсуге ықылас танытқаны және облыстың ең шалғай аудандарының бірін заманауи әрі қымбат медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуде зор мүмкіндікті ұсынғаны үшін Жапон елшілігінің Қазақстандағы атташесі Юма Танакаға алғыс айтты. Озық технологияның  отаны саналатын Жапония мен Батыс Қазақстан облысы арасында цифрландыру, білім-ғылым, денсаулық сақтау салаларында екі жақты тиімді әріптестікті жандандыруға мүдделі екенін  атап  өтті.

– Елбасы Н. Ә. Назарбаев мемлекеттік қызмет көрсету саласынан бастап, барлық саланы цифрландыруға баса мән береді. Технологиялық жаңғыртуды жедел қамтамасыз ету, цифрлық трансформациялау мақсатында арнайы қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты –  мемлекеттік қызмет сапасын арттырып, тұрғындардың уақыты мен шығынын азайту және қажеттіліктеріне кедергісіз қол жеткізуіне жағдай жасау.

Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруда. Барлық медициналық мекеме-ұйымда электронды денсаулық паспорты, емханаларда электронды кезек жүйесі, «k vrachu» мобильді қосымшасы енгізіліп, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында қымбат құрал-жабдықтар сатып алынды. «Денсаулық» бағдарламасын өңірімізде жемісті жүзеге асыру мақсатында Орал қаласындағы кардиологиялық орталыққа қосымша жаңа ғимарат салу, қалалық көпбейінді ауруханаға ангиограф қондырғысын сатып алу бағытында жұмыстанудамыз, деген өңір басшысы жапондық қонақтарға мемлекеттік қызмет, білім беру, халыққа қызмет көрсету, жер қатынастары салаларында цифрландыру аясында қолға алынған жобалар туралы кеңінен әңгімелеп берді. Цифрландыру аясында алдағы жылдың қаңтарынан бастап пилоттық режімде іске қосылатын «311» – Бірыңғай көмек қызметі» және «911» – Шұғыл көмек қызметі» жобалары туралы жоспарларымен бөлісті. Экономикалық әріптестік және даму халықаралық ұйымының (ЭӘДҰ) тәжірибесіне сүйене отырып, блокчейн технологиясын енгізуде жапондық инвесторлармен әріптестік орнатып, бірлесе жұмыстануға дайын екенін мәлімдеді.

– Жаңақала аудандық орталық ауруханасынан алған әсерім күткендегімнен де асып түсті. Шалғайда орналасқанымен, сапалы құрал-жабдықтармен, білікті мамандармен, цифрландыру үрдістерімен қамтылған медициналық мекеме екен. Әсіресе, саланы цифрландыру бағытындағы жобалар менің қызығушылығымды тудырды. Байқауымша, бұл тұрғыда сіздер Жапониядан көш ілгерісіздер. Бізде жаңа технология кең дамығанымен, цифрландыру игіліктерін күнделікті өмірде қолдану жағы кемшін түсіп жатады, – деді Юма Танака.

– «Kusanone-Корни травы» – қарапайым адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әр түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін үкіметтік емес ұйымдарға, мектептерге, медициналық және басқа мекемелерге тегін қаржылық көмек көрсетуге арналған Жапония Үкіметінің бағдарламасы. 1997 жылдан бастап Қазақстан Республикасында жалпы құны 6,035 млн. АҚШ долларына жуық  92 әлеуметтік жобаны қолдаған. Аталмыш бағдарламаға жеке тұлғалар мен коммерциялық ұйымдар қатыса алмайды, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық ұйымдарға, сондай-ақ жергілікті билік пен медициналық мекемелерге басымдық беріледі. Жаңақала аудандық орталық ауруханасының материалдық-техникалық мүмкіндігімен, тыныс-тіршілігімен жете таныстық. Қажетті құжаттарды Токиодағы кеңсемізге жолдаймыз, гранттық қаржыландыруға қатысты оң шешім қабылданады деген үміттеміз, – дейді «Корни травы» қайтарымсыз гранттық бағдарламасының үйлестірушісі Жанар Амантай.

Жиын соңында Алтай Көлгінов жапондық қонақтарға Орал қаласындағы «Арба» және «Бәйтерек БҚО» қоғамдық бірлестіктерімен, қалалық жедел медициналық жәрдем станциясымен тиімді әріптестік орнату мүмкіндіктері туралы айтып, 29 қарашада Орал қаласында өтетін Цифрландыру форумына қатысуға шақырды.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Бірінші жүлдемен оралды

Күні: , 27 рет оқылды

Кеше «Текті сөздің  төресі – терме» атты жыршы-термешілердің республикалық байқауынан бірінші жүлдемен оралған Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Күләш Қуанышқалиеваны әріптестері құшақ гүлмен поездан күтіп алды.

Күләш Қуанышқалиева ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысының орталығы – Тараз шаһарында өткен байқауда «Дала рухы» атты термесімен бақ сынапты. Терменің сөзін жазған белгілі ақын – Дариға Мұштанова. Біз поездан ерекше көңіл күймен түскен  әншіні әңгімеге тарттық.

–  «Текті сөздің төресі – терме» атты байқау осымен төртінші рет ұйымдастырылды. Бұдан бұрын өзімнің әріптес інілерім Армат Исламғалиев, Фархат Оразов та осы байқаудан жүлделі оралып еді. Бұл байқауда еліміздің әр қиырынан келген 18 үміткер бақ сынадық. Мықты жыршылардың ортасына түскендіктен, бірінші орын алам деп ойламаған едім. Өте қуаныштымын! Маған тілеулес боп жүретін Жайық жұртшылығына ризашылығым шексіз, – деді әнші бізбен қысқа әңгімесінде.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Адам неге өз-өзімен сөйлеседі?

Күні: , 127 рет оқылды

Соңғы кездері көшеде, қоғамдық көлікте өзімен-өзі сөйлесіп отыратын адамдарды жиі ұшырататын болдық. Бірде қоғамдық көліктегі жап-жас қыздың жай дауыспен өз-өзімен сөйлесіп тұрғанын көрдім. Құлағында  құлаққап та жоқ. Кәдімгідей өз-өзімен  «Ертең шашымды рыжий түске боямасам, кешке үйге уборка жасау керек. Үйдің жұмысы бітпейді, жасаған сайын шыға береді» деп әңгіме  айтып келді, межелі жерге жеткенше. Тағы бірде №2 автобустан кеңестік кездегі әңгімелерді өз-өзімен айқайлап, айтып келе жатқан қарт адамды көрдім. Бір қызығы, адамдар өз-өзімен сөйлесетін жандарға сабырлы, қалыпты қарайды екен. Осындай жәйттерді жиі кездестірген соң,  мені «Адамдар неге өз-өзімен сөйлеседі?» деген сұрақ қызықтырды.

Психолог Райса Байдәлиева адамдардың өз-өзімен сөйлесуі қалыпты жағдай деп есептейді.

— Бұл психикалық ауытқу емес. Әр адамның өз ерекшелігі болады. Кейбір адамдар әлдебір істі бастамас бұрын әуелі дауыстап айтып, өзін сол жұмысқа бағыттап алады. Кей адамдарда ішкі сөйлесу бала кезінен қалыптасуы мүмкін. Көбіне жалғыз адамдар өз-өзімен сөйлеседі. Бұл қорқынышты емес. Жұмыс тәжірибемде «Неге өз-өзіммен сөйлесемін?» деп алаңдап, жауап іздеп, келген адамдар болды. Олармен сөйлесе келе, әр түрлі себептерін анықтадық. Мысалы, шулы жерде жұмыс істейтін немесе құлағы дұрыс естімейтін адамдар  өз-өзімен сөйлесуге бейім болады. Көбіне жасы ұлғайған, ұзақ жыл сабақ берген адамдар өз-өзімен сөйлеседі. Бірақ бұл патология емес.

Егер адамға дауыстар естілсе, көзіне әлдебір нәрсе елестеп сөйлесе бастаса, бұл түрлі психикалық немесе неврологиялық аурулардың алды болуы мүмкін. Мұндай жағдайда арнайы мамандарға қаралған дұрыс, — дейді психолог.

Өз-өзіме  ұрсып  аламын…

Кейіпкеріміз Айгүл апайдың өз-өзімен күбірлеп, сөйлеп жүретініне үйіндегілер әбден үйренген. Тек сырттан келген адамдар ғана «Мына апайдың есі дұрыс па?» деп іш жиып қалады екен. Өзі болса, әр істі бастамас бұрын «Кір жуып тастап, нан ашытайын» деп, кір жуып болғасын «Кірлерімінің бәрін аппақ қылып жуып тастадым, енді қызыл шелектен ұнды әкеліп, нанды ашытып тастайын. Сосын шәйнекті толтырып, шай қоямын» деп күбірлеп сөйлеп жүреді. Сырттай қараған адамға біртүрлі көрінгенімен, кейіпкеріміз «Әр қадамымды солай айтып жүріп істесем, жұмысым өнімді болады» – дейді. Кейде ол өз-өзіне айқайлап, ұрсып та алатын көрінеді. «Салдырлаған ақкөңіл адаммын, көбіне адамдарды аяп қолдан келгенінше көмектесіп жүрмін. Бірақ соны түсінбейтін адамдарға қатты ренжимін. Оны олардың бетіне айтып, көңілдерін қалдырғым келмейді. Сосын өз-өзіме ұрсамын. Сонда кәдімгідей жеңілдеп қаламын» – дейді ол. Біз қызық көріп, «Сонда өзіңізге қалай ұрсасыз?» – деп сұрадық. «Тып-тыныш жайыңа қарап жүрсең болмай ма? Ең бірінші, өзіңнің бес балаңды ойлаймайсың ба? Ай, өзің де бір. Жә, құрсыншы, Алланың көзі түзу болсын» – деп қоя қоямын.  Айгүл апай кешкілік ұйқыға жатарда «Ертең сағат нешеде тұратынын, қандай шаруа жасайтындығын» дауыстап айтып алмаса, ұйықтай алмайды екен.

Ал кішкентай кейіпкеріміз Саягүл үнемі ойыншықтарымен сөйлесіп ойнайды. Өйткені ол  бір үйдің жалғыз қызы. Үлкен аюды «ата», қуыршақтарын «мама» қылып, солармен сөйлесіп ойнайды. Киім таңдаған кезде «Мынаны алайын ба, әлде ана көйлекті алсам ба екен?» деп үйде қалған ойыншықтарымен ойша  сөйлесіп жүреді.

Өзіне-өзі  сөйлеу – мазасыздықтан  арылудың  бір  әдісі

Германияның психолог мамандары  зерттеу жүргізу нәтижесінде  өзіне-өзі сөйлеу мазасыздықтан арылудың тиімді әдісі деген байламға келген. Бір адамның жападан-жалғыз өзіне-өзі сөйлеп отырғанын көргенде, сөзсіз оны рухани жағынан қалыпсыз адам деп қабылдайсыз. Бірақ, шын мәнінде, өзімен-өзі сөйлесу арқылы адам көңілдегі кірбіңнен арылады. Іштегі қуаныш-күйінішті сыртқа шығарады. Сол арқылы психологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіреді. Бір іске шешім жасай алмаған кезде, өзіңізбен-өзіңіз шүйіркелесіп, өзіңізге бірнеше сұрақ қойғанда, мәселеге біржақты қарау немесе түкке тұрғысыз нәрсені ойлап, әуреленудің мүмкіндігі азаяды екен. Психологтардың айтуынша, өзінің дауыс ырғағы адамның жан дүниесіне тыныштық, жайлылық сыйлайды. Өзіне-өзі сөйлеу – адамның өзіне ғана тән жеке мәселелерін шешуге пайдалы. Досқа мәміле жасағандай, мәмілені ортаға қойып, өз пікіріңізді де, кері тартып тұрған пікірді де айтып, сарапқа саласыз. Өзіне-өзі дауыстап сөйлеу мидағы қалыпсыздықты, шұғыл қарбаласты ретке келтіреді.  Алаңдайтын жай мен әрі-сәрі болатын жайтты дауыстап айтып, көңілсіздік пен ауыр сезімнен айығып, адам пси-хологиялық тұрғыда  жеңілдеп қалады екен.

Түйін

Психологтардың айтуынша, әр адам өзімен-өзі іштей диалог жүргізеді. Кей адамдар кешкілік өз-өзіне есеп береді. Өзімен-өзі тілдесу арқылы адам өз жан дүниесіне тереңірек үңіле бастайды. Өзін толғандыратын сұрақтарға жауап іздейді. Ғалымдардың зеттеуінше, өзіменөзі сөйлесу – адамның даму деңгейінің бір бөлігі. Психолог Жан Пиаже кішкентай балалар тілі шыққан кезде өз істерін оңай басқаратындығын аңғарған. 2008 жылы Джордж Мейсон университеті  жүргізген зерттеу нәтижесінде бұл гипотеза дәлелденген. Қалай болғанда да, өзімен-өзі сөйлесудің де өз шегі бар екен. Егер адам шектен шығып, жан-жағына бұрылып, елестермен сөйлесе бастаса, тезірек мамандар кеңесіне жүгінген жөн. Жалпы, өзімен-өзі сөйлесуді кей ғалымдар адамның дауыстап ойлануы, зияткерлік көрсеткіші деп те бағалаған. Ал сіз, өз-өзіңізбен сөйлесесіз бе?..

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Шайтанқара

Күні: , 157 рет оқылды

Мәжит Қайырғалиұлы Қайырғалиевтің есімі облыс оқырмандарына жақсы таныс. Ол сонау 1962 жылы Оралдағы Пушкин атындағы педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен-ақ өлең, түрлі тақырыптарға мақалалар  жазып, олар аудандық, облыстық газеттерде жарияланып тұрыпты. Институтты тәмамдағаннан кейін Тайпақ ауданындағы туған ауылы «Котельников» совхозындағы мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1965-1971 жылдар аралығында Тайпақ аудандық мәдениет бөлімін басқарған. Оның журналистикадағы еңбек жолы 1972 жылдан облыстық «Орал өңірі» газетінде кіші әдеби қызметкерліктен басталған. Кейін тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды.

Мәжит Қайырғалиұлы «Орал өңірі» газетінің тізгінін он бір жыл бойы ұстап, бас редактор ретінде талай жас журналистерді тәрбиеледі, олардың  қаламының төселіп, нағыз журналист болып қалыптасуына айтарлықтай еңбек сіңірді. Оның бас редактор болған жылдары нарықтық қатынастың қиын кездеріне тұспа-тұс келгеніне қарамастан, газеттің оқырмандарын жоғалтпай, үнқағаздың үзіліссіз шығуына ұжымды жұмылдыра білді.

Музыканы жанындай сүйетін Мәжақаң сол музыкалық аспаптардың сан түрінде ойнайды, сурет салады, ағаштан мүсін ояды. Сонымен қатар поэзия, проза саласында үзбей қалам тербеп келеді. Ол талай мемлекеттік марапаттарға ие болған.

Біз қаламдас інілері, шәкірттері Мәжит Қайырғалиұлын жақындап қалған 80 жасымен қызу құттықтай отырып, төменде «Шайтанқара» атты  әңгімесін жариялап отырмыз.  Қадірлі ағамызға бақуатты денсаулықпен қатар, қалам қайратын тілейміз. Жазар көбейсін, жақсы Аға!!!

– Әке, машина қайда, атарбамен келгенің не? – деді Мәлік тұнжыраған күйі арбаға отырып жатып. – Мынаумен ауылға жеткенше кеш болады ғой.

– Әй…и… балам-ай, бензин жоқ болғасын тағы… әйтпесе, атарбамен еріккеннен келіп жүр дейсің бе? – деді баласының сөзіне қынжыла жауап беріп Отар. – Өзің оныншы кластың оқушысысың, күнде газет пен радиодан елдегі жағдайды оқып, естіп жүрсің…

Мәлік үн қатпастан қалды. Ауыл шетіне шыға сар желіске салған торы бесті жер апшысын қуырып, жеңіл тарантас арбаны қаңбақ құрлым көрмей, дедектетіп келе жатты. Жылқышы ауылы отыратын Бесшығыр мекені кеңшар орталығынан отыз шақырымдай болатын. Ә дегенше, арттағы ауылдың қарасы үзіліп қала берді.

Отар баласының манағы сөзін есіне алып, «Әй, балам-ай, мына желқайық сенің тырқылдаған мәсквищіңнен кем деп отырсың ба?», – деп күбірледі. Сосын мынау күзгі жаңбырмен бөртіп тұрған бөрте жусаны мен қызыл изеннің исі бұрқыраған кең даланың самал желімен көкірек кере бір дем алды да, делбесін қаға түсіп:

Шал құйрық, шалқақ төсті шайтанқара,

Шабысын жануардың айта алған ба?

Көңілім көтеріліп кетуші еді,

Қонғанда жеңіл ер сап майталманға… – деп әсем қоңыр дауысымен баяу ғана әндетіп, арасында «шу» деп делбесін қағып-қағып қояды.

«Машина қайда деп, отыз шақырым жерден ат сабылтып келіп тұрған әкемді ренжітіп алдым ба?» деп іштей өз қылығына қынжылып отырған Мәлік әкесінің әндеткенін көріп, көңілі орнына түскендей болды. Күздің шуақты күнімен көкжиекте бүлкілдеген сағымға қызыға қарап отырған ол:

– Әке, анада үйге келген қонақтарға Шайтанқара деген ат туралы әңгіме айтып едің ғой… Өзің мені сыртқа жұмсап жіберіп, ести алмай қалдым, соны айтшы, – деді ол әкесіне қарап. – Сол рас па?

– Әрине, рас, – деді Отар үзіп алғандай. Немене, қызық па?

– Шынында да қызық қой. Достарыма айтып, ауыздарын аштырайын.

Отар ойын жинақтағандай біраз үнсіз отырып қалды. Сосын төс қалтасынан шылым алып тұтатып, құшырлана бірер сорды да ұлына көз қиығын тастады. Ол баласының әңгімеге қызығып отырғанына іштей қуанды.

– Сонау Киіккөл, Шашбаулы деген жайылысы кең, шөбі шүйгін, шеген құдықтарының суы зәмзәм суындай мөлдір кең өңірде осыдан талай жылдар бұрын Қали деген жылқышы жаз жайлап, қыс қыстап жүрген. Жылқы деген малың қысты тебіндеп өткізетінін өзің де көріп жүрсің. Бірақ бір қоян жылы қараша айының басында қатты боран соғып, бір үйір жылқысынан айырылып қалады. Теріскейден соққан бораннан ықтаған жылқы құмды өңірге кеткенін сезеді де, өзі төлаты ретінде тақымына басып жүрген Тұйғын деген өмірі құлындамаған бесті биеге мініп, «Құмжиек, қайдасың?» деп тартып кетеді. Ықтаған мал бір ықтасынға жетпей тоқтамайды ғой, әлгі жылқы үйірі ауылдан қатты ұзап кеткен болады.

Екі күн, екі түн ат үстінде елсізде әбден қажыған Қали кешқұрым бір ескі қыстаудың маңына келеді. Қазақта «айдалада адасып қалғанда ескі қыстауды емес, моланы паналау керек» деген сөз бар. Өйткені иесіз қалған қыстауды жын-перілер мекендейтін көрінеді.

– Әке, жын-пері дегендердің болатыны рас па? – деді манадан үнсіз отырған Мәлік.

– Әрине, рас, бірақ өзім көрген жоқпын… Содан Қали ел аузындағы әлгі сөзді біле тұрса да, маңда өзге қарасын көрінбеген соң сол иесіз үйді паналап, демалуды жөн көреді. Есік-терезесі үңірейген жапандағы жалғыз үйдің ішіне кіріп, астындағы биесін сенеге байлап, өзі төргі бөлмеге кіріп, ошақтың құлаған орнына төбе жабынынан шөп-шалам жұлып алып жағып, жылынады да тоқымын төсеп, ерін жастанып жатып қалады. Әбден шаршаған Қали тез ұйықтап кетсе керек. Бір мезгілде үйдің сенесіне байлаған биенің ышқына осқырынып жер тарпып, тықыршыған дыбысынан оянып, «Ит-құс келіп жүр ме?» деп кекіліне қорғасын құйған дойырын қолына алып жүгіре шықса, қараңғы жерде биенің қасында тұрған жылқы сияқты бірдеңені көзі шалады. «Ой, сайтан, бұл қайдан келген мақұлық!», – деп Қали қамшысын сілтегенде, бірнәрсеге тигендей болады да, әлгі қараңдаған мақұлық шыға жөнеледі. Ілесе сыртқа шыққан жылқышының көзіне ештеңе көрінбейді. Ұйтқып соққан боран басылып, көкте жұлдыздар көрініп қалыпты. Қали жүректі, алпамсадай жігіт болса да, әлгіден кәдімгідей бойы тітіркеніп биенің қасына келсе, ол қара терге малшынып, солқылдап тұр екен. Содан жылқышы көрер таңды көзінен атырып, ертелетіп құмды өңірді бетке алып, оншақты шақырым жүрген соң бір малшы ауылға кездесіп, тамақтанып, болған оқиғаны әлгі үйдің иесіне айтады ғой.

– Алла, алла! – деп үй иесі шошып кетеді. Ол иесіз үй кезінде мыңғырған жылқысы болған Бармақ дегеннің қыстауы ғой. Онда Бармақтың жылқысының иесі бар деп айтады. Ішіне кірген мал тірі шықпай, қарны жарылып қалатын көрінеді. Құдай бір сақтаған екен.  Қали осы маңнан жоғалған жылқы үйірін тауып, еліне қайтады.

Сол жылы жазда манағы өмірі құлындап көрмеген бие құлындап, мойылдай қара, еркек құлын туады.

Құлынның өзге құлындардан айырмашылығы жоқ. Бірақ бір керімі, әлгіні енесі тебініп маңына жолатпай қояды. Өзге жылқы әлгі құлын маңына жуып кетсе, осқырынып, қаша жөнеледі. Құлынды шешесі бауырына алмаған соң биені сауып, сүтімен қолдан асырап мал етіп жібереді. Аузы шөпке іліккесін өзімен-өзі болып, ауыл маңында жүреді. Түнге қарай кісінеген сияқты әлдебір үн шығарып, ауыл сыртына лағып шығып, шауып-шауып оралады. Осының бәрін бақылап жүрген жылқышы мынау періден жаралған болды ғой деп, «шайтан қара» деп атап кетті. Құлын өсе берді, тай болды, құнан шықты. Бірақ баяғыша жылқы біткен оған жуымай, жақындап кетсе, осқырынып қашады.

Шайтан қара десе, шайтан қара, сүліктей суырылған, көздері ұясынан шығып шатынаған, аяқтары сидиған ұзын, құйрық-жалы ұйысқан қалың-әйдік жылқы болады. Құнан шыққан жазында Қали «тәуекел» деп ер салып үстіне мінсе, әлгі қолда өскен соң болар, тулап бүлінбей айдаған бағытына жүре береді. «Әу, мынау керім болды ғой» деп жылқышы тақымдап тебініп көрсе, желдей есіп шаба жөнеледі. Шабысы тым жайлы, қанатты құстай шапшаң көрінеді. Әсіресе, қолыңа құрық алып, жылқы қуғанда аттатпай жетіп барады. Өмір терлемейді. Сөйтіп Шайтанқара дөнен, бесті… шығып, жылқышының төл аты болады. Өзге жылқыдай оты қанып, су ішкенде қарны қампиып тұрмайды. Сүйріктей сұлу қолтығы кең, ашқұрсақ ат болды.

Содан не керек, бар сырын өзі ғана білетін жылқышы қазанатын тақымынан тастамай, небір ұзақ та ауыр жолдарға мінетін болады. О бір жылдары қатты қуаңшылық болып, шөп нашар өсіп, мал жұтқа ұшырауға қалды. Қали бағып отырған жылқысын құмға айдап аман сақтап қалады. Бір күні кешқұрым Шайтан- қарамен желе жортып келе жатса, бір топ қасқыр шағылдың астынан шыға келіп, жылқышыны қоршап алмақ болып, тұс-тұстан қаумалап қуа жөнеледі. Жылқышы қарындағы құрықты қолына алып, жөні келсе, бір-екеуін ұрып жығайын деп желе жортып жүре береді. Бірақ қасқырлар қаумалап алдын орай бастаса керек. Жылқышы сасайын дейді. Бір кезде ойына осы Шайтан қараның шабысы бөтен еді ғой, мүмкін қашып құтылармын» деген ой келеді де, «Ә, шайтан, шауып құтқар!» деп тебініп жібереді. Сол кезде аттың ала жөнелген шабысынан оның тынысы тарылып, аттың жалын құшақтап етбеттеп жата кетеді. Тек құлағына күздің тоң болып қатқан топырағына аттың тасырлап тиген тұяғының ғана дыбысы келеді. Көп пе, аз ба, әйтеуір, бір мезгілде көзін ашса, өзінің үйіне келіп қалыпты. Қасқыр түгіл шайтан да жоқ. Үйіне келіп аттан түсіп риза болған иесі атының мойнын сипаса, денесінде тердің исі де білінбейді.

Осыдан кейін жылқышы Шайтанқарасын сүтпен суарып, шүйгін шөппен асырайды.

Келесі жылы күзде, Қазан төңкерісінің мерекесінде үлкен бәйге болатын болып, Шайтанқарасын бәйгеге қоспақ болады. Бірақ бәйгеде атқа кімді отырғызу керек? Еңгезердей болып өзі шапса, ұят қой. Ұлы кішкентай. Дегенмен, баласын отырғызып, бәйгеге қосып кеп жібереді. Ә дегеннен-ақ, Шайтанқара мәренің о шетінен бір, бұл шетінен бір көрініп, өзге жылқы екі айналғанда бұл бес айналып, алдына қара салмады. Содан көп ұзамай бір күні колхоз басқармасы жылқышыны шақыртып алады да: «Шайтанқараны маған бересің!», – дейді. Басқармамен таласатын дәурен бе, сөз айтпастан келіседі. Бірақ жеккі білмейтінін, тек мініс аты екенін айтады.

– Тфу, сен Қали, не айтып тұрсың?.. Шайтанқара болмақтан, шайтанның өзі болса да мен оны үйретемін,

түс, қане! – дейді әлгі бастық.

Қали аттан түсіп, ерін, жүгенін сыпырып алады да, бұрылып жүре береді. Әрине, Шайтанқараның бастыққа көлік болып жарытпасына жылқышының көзі жетіп барады.

Шынында да басқарма айтқанын істеп, Шайтанқараны жылқышыдан аударып алып, колхоздың көлік ауласында бірер күн ұстайды да, үшінші күні әкеліп, жеңіл тарантасқа жегіп көрсе, әлгі «қың» деместен жорта жөнеледі. «Е, бәсе, менен жылқы баласы құтылып көрген бе?», – деп өз-өзінен мәз болған бастық Шайтанқараны жегіп, қырдағы малшыларды аралап шығады. Сол сапарда қырдағы бір малшының үйінен шай ішіп бола бергенде, сыртқа шығып кеткен делбеші бала ішке ентігіп кіреді.

– Басеке, басеке… – дейді ол сөйлей алмай.

– Ой әкеңнің… не болып қалды, айт енді! – деп жекіреді басқарма.

– Шайтанқара жоқ!

– Әй, сен не деп оттап тұрсың, жегулі тұрған жоқ па еді, арбасымен жоқ па?

– Арба да, қамыт та дәл сол жегулі күйі жатыр, бірақ ат жоқ. Жын көтеріп кетті ме… қамыт доға тәртеге жегілген күйі қалыпты. Ой, алла, ой, алла! – деп делбеші бала жағасын ұстайды.

Сол жоқтан Шайтанқара зым-зия жоқ болды да кетті. Қали жылқышының ауылына кетіп қалған болар деп онда да барды, бірақ таптырмады. Басқарманың жегулі атының жоғалып кеткені елге аңыз болды. Осыдан кейін Қали жылқышы талай мәрте түнде түзге шыққанда сонадай жерде тұрған Шайтанқараны көреді, бірақ маңына жақындаса, зым-зия жоғалып кететін көрінеді.

– Бірер жылдан кейін Қали да дүние салады. Сол кісі отырған ескі қыстау маңында біраз жылға дейін сүліктей қара аттың жүргенін талай кісі көрген дейді. Бірақ мен өзім көрген жоқпын, мүмкін әлдебір елес шығар…

1992  жыл


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика