Мұрағат: 12.11.2018


Қазақстан мен Ресей туризмді бірлесе дамытпақ

Күні: , 33 рет оқылды

Ежелден тағдыр тоғыстырып, тарих табыстырған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясын 7000 шақырымға созылған әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара мен көршілес орналасқан кең аумақпен қатар, достық-туыстық қатынастар біріктіреді. Ресей – Қазақстан үшін ең сенімді және ең басты серіктес мемлекет. Сондықтан екі елдің саясат, қауіпсіздік, экономика, сауда саласындағы сан қырлы ынтымақтастығының ауқымы кең, мақсаты айқын. Бұл ықпалдастықтың кемел көкжиегі жыл санап кеңейіп келеді. Ендігі мақсат – етене аралас елмен туристік байланысты нығайту, екі елдің саяхатшылары үшін жаңа туристік бағыттарды дамыту.

Қазақстан – Ресей арасындағы барыс-келіс пен алыс-берісті еселей түсуге бағытталған дәстүрлі шараның бірі – 2003 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан өңіраралық ынтымақтастық форумы.

Қос мемлекет басшысының қатысуымен күрделі мәселелер шешімін тауып, ауқымды міндеттер нақтыланатын аталмыш ақылдасу алаңын жыл санап өткізудің өзектілігі орасан.  Өткен жылы Ресейдің Челябинск қаласында өткен мұндай форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир  Путинге келесі жылы форумды Қазақстанның солтүстік қақпасы саналатын Петропавл қаласында ұйымдастыруды және басты назарды қос елдің туристік әлеуетін арттыруға аударуды ұсынған болатын. Өйткені Қазақстан мен Ресей арасындағы туристер ағыны жыл санап артып келеді. Жыл сайын Қазақстанға 3 млн. ресейлік, ал көрші елге 3,6 млн. қазақстандық сапарлайды екен. Оған қоса еліміздің батысы мен шығысында және солтүстігінде біздің жеті өңірдің көрші елдің 12 облысымен шекаралас екендігін ескерсек, қоңсы қонған қос елдің әу бастан «ауылы аралас, қойы қоралас» екені талас тудырмайды. Демек, биылғы 8-9 қараша күндері Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумының қос ел үшін туризм саласындағы ортақ мәселелерді айшықтап, өзара тәжірибе алмасуда, түрлі түйткілдің түйінін тарқатып, жеткен жетістіктерді ба-ғалауда  маңызы  орасан  зор.

Екі ел арасындағы әлеуметтік-мәдени, этнографиялық, медициналық, спорттық, мәдени-танымдық және туризмнің басқа да салаларын дамытуды мақсат еткен өңіраралық форум аясында «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа жолдары мен үрдістері» атты көрме жұртшылық назарына ұсынылды. Жаңадан бой көтерген заманауи Теннис орталығында ашылған көрмеде ине шаншар орын болмады. Қазақстанның барлық өңірі мен Ресейдің шекаралас 10 облысынан арнайы ат арытып келген ресми делегациялармен қатар, танымал туристiк компаниялар да қатысқан көрмеде туризм саласындағы соңғы технологиялар мен жаңалықтар паш етiлетін 40-тан астам павильон жасақталып, әр өңір, әр облыс отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын оятатын табиғи ерекшеліктері мен тарихи-мәдени құндылықтарын ортаға жайып салды. Ауқымды шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бастаған өңір делегациясы  да  қатысты.

Қызылжарға келген шетелдік қонақтар назарына Алматының апорты, Солтүстік Қазақстан облысының Шалқар-Имантау демалыс аумағы, Павлодар облысының Баянауыл ұлттық саябағы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы сынды жобалар ұсынылды. Қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары да ойып тұрып орын алды. Халықаралық масштабтағы көрмеде Жайықтың жауһарларын ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, жерлесіміз Елена Тарасенко мен облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бақдәулет Ибраимов таныстырды.

Көрікті көрмені Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XV форумына арнайы келген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ Президенті Владимир Путин де тамашалады.

Қашанда қонақжайлығынан танбаған қазақ халқының атынан Ресей Президентіне алтын жалатылып, бағалы тастармен зерленген қамшы табысталды. Ал ақмолалық балуан екі ел достығының символы ретінде өз қолымен қалың  шегеден  түйін  жасап  берді.

– Біздің халқымызда «Алыстағы ағайыннан жақындағы жақсы көршің артық» деген сөз бар. Біз көршіміз, ағайынбыз. Форум  тиімді мемлекетаралық алаңқайға айналды. Ынтымақтастықтың маңызды институты болып отыр. Бұған дейінгі форумдарда жалпы саны 200-ден астам келісімге қол қойылды. Олардың жүзеге асырылуы өңірлерге ғана емес, қос ел экономикасының жекелеген салаларына да септігін тигізуде, – деп атап өткен Елбасы Өзбекстан да осындай өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Елбасы туризм саласының жаһандық экономикадағы маңыздылығын айтып, екі елдің туристік әлеуетін тиімді пайдаланып, оны одан әрі дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

– Туризм жаһандық экономикалық дағдарыстар кезінде де  экономика өсімінің тетігі болып саналады. Қазақстан мен Ресей  бұл үдерістерден тыс қалып қоймауы керек. Бізге жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда туристердің легін арттыруға және 60 мыңнан астам  жаңа жұмыс орнын ашуға бағытталған туризмді дамытудың бес жылдық мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді.

– Ынтымақтастықтың екі жақты туризмді дамыту сияқты маңызды бағытына арнайы тоқталғым келеді. Ресейдегідей Қазақстанда да туристер үшін демалысты жақсы өткізіп, тамашалауға болатын көптеген көрікті  жер бар. Мысалы, ресейліктер, әсіресе, елдің батыс Сібір бөлігіндегі тұрғындар демалу үшін жазда біздің елдегі Бурабайға, Балқаш пен Алакөлге, қыста Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортына және басқа да жерлерге келеді, – деген Мемлекет басшысы өкілетті құрылымдар тарапынан шешуді талап ететін екі жақты туризмді дамыту саласына қатысты бірқатар жәйттерді, соның ішінде туристердің өтуіне қолайлы болу үшін шекарадан өткізу тәртібін жаңғырту, туристік және көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды жетілдіру, Каспий теңізіндегі туризмді бірлесе дамыту, ғарыштық туризмді қалыптастыруға ықпал ету және басқа  да  мәселелерді  атап  өтті.

– Қазақстан мен Ресей аумағында туристердің қызығушылығын тудыратын керемет жерлер баршылық. Осындай ғажайып жерлер тұрғанда, алыс елдерге сапарлау керек пе? Әрине, әлемде тартымды бағыт-бағдарлар аз емес, дүниежүзіне танылған туристік орталықтар бар. Алайда Қазақстан мен Ресей жеріндегі табиғи әр алуандықты басқа елдерден таппайсыздар, – деді Ресей Президенті Владимир Путин. Осы орайда ол бірегей әрі экологиялық таза демалыс орындарына адам көптеп тартылатынын сөз етті. «Бұл тұрғыда, әсемдігі көзді арбайтын керемет жерлер бойынша біз әлемдегі ең бай адамдармыз. Жалпы, осы бағыттағы жұмыстардың қарқынын үдете түсу керек. Бұл салада біздің әлеуетіміз жоғары», – деп түйді Владимир  Путин.

Форум барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, РФ Экономикалық даму министрі Максим Орешкин, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Астрахань облысы губернаторының міндетін атқарушы Сергей Морозов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, РФ Алтай Республикасының басшысы Александр Бердников сөз алды. Баяндамашылар ғарыштық, экстремалды, пассивті, медициналық,  археологиялық, экологиялық және аңшылық туризмнің мүмкіндіктері туралы айтып, бұл бағыттарды  дамытудың келешегі мен  кедергілерді жан-жақты талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушылардың баяндамалары мен ой-пікірлерін қорытындылай келе, ресейлік әріптесіне қос елдің үкіметтеріне туристер легін көбейту үшін шекаралық аймақтарда аутомобиль, теміржол және әуе қатынастарын дамыту жөнінде бірлескен іс-қимыл жоспарын   әзірлеуді   ұсынды.

– Шекараларымыздағы бақылау бекетінен туристердің өтуіне барынша қолайлы жағдай жасау керек. Қазақстан мен Ресей шекараларындағы өткізу бекеттерінің инфрақұрылымы және техникалық тұрғыдан жабдықталуы адамдар мен көліктерді молынан жіберуге сай келмейді.

Осыған байланысты қос мемлекеттің үкіметтері бұл мәселелерді бірлесе отырып шешуге тиіс, – деді  Нұрсұлтан   Әбішұлы.

Елбасы көршілес елдермен визалық және көші-қон режімін жеңілдете отырып, Каспий теңізінде туризм жөніндегі ынтымақтастық жүйесін құруды, сондай-ақ медицина және білім саласындағы туризмді дамыту жөнінде  шаралар  қабылдауды  ұсынды.

Форум аясында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары, ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мен перспективті өңірлік бастамалар тізбесі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасындағы «Қазақстан – Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын дайындау және іске асыру ниеті туралы меморандум, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі  мен РФ Экономикалық даму министрлігі арасындағы Туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум, ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгерістер енгізу туралы хаттама, 2006 жылғы 3 қазандағы ҚР және РФ шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан – Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама сияқты маңызды құжаттарға қол қойды. Ақтау, Петропавл және Қостанайдан Ресейге тікелей әуе рейстерін ашу жөнінде бастама көтеріліп, бірлескен сақтандыру жүйесін енгізу де күн тәртібіне енді. Сонымен қатар Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекет арасында емін-еркін саяхаттауға жағдай жасайтын круиздік тур іске қосылатын болды.

РФ басшысы Қазақстан мен Ресейдің келесі өңіраралық форумы Омбыда өтетінін мәлімдеді. Жалпы, форум аясында қос елдегі туризмнің түрлі салаларын қамтитын 30-ға жуық өңіраралық әрі коммерциялық келісімге қол қойылды. Қос тарап Қазақстан мен Ресей шекаралық өңірлерінде жүзден астам туристік маршрутты бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласып  тарқасты.

Ендігі кезекте жауапкершіліктің негізгі жүгі шекаралық өңірлерге жүктеледі. Олардың алдында өңіраралық сан-салалы байланыстың сапасын арттыру, келісті келісім көкжиегін кеңейту, соның ішінде тауар айналымын жақсарту, қызмет түрлерін молайту, іс-керлік байланыстарды жаңа сатыға көтеру, бірлескен кәсіпорындар қатарын көбейту мәселелері тұр.

Орынбор облысының вице-губернаторы Павел Самсоновтың (суретте) айтуынша, Батыс Қазақстан облысымен әуелден тату, көршілік, достық қарым-қатынас орнаған. Арадағы шекаралық сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жыл өткен сайын беки түспесе, бәсеңдеген емес.

– Жылына 200 мың батысқазақстандық Орынборға табан тірейді, олардың басым бөлігі тұзды емдік суға шомылу үшін келеді. Орынбор және Батыс Қазақстан облыстарының шекарасында орналасқан екі халықаралық аутокөлік өткізу бекеті мен екі жақты аутокөлік өткізу бекеті бар. Олар арқылы тәулігіне 1,5-3 мың ауыр жүк көлігі өтеді. Барыс-келіс ұлғаятын жаз-күз маусымында шекара арқылы өтетін аутокөлік ағыны бірнеше есеге дейін  артуы  мүмкін.

Екі облыс тұрғындарының, бизнес өкілдерінің, басқа да салалардың өзара байланысын дамыту бағытында біраз жұмыс атқарылды. Алайда ол әлі де өз деңгейінде емес. Өңіраралық ынтымақтастық форумы біздің байланысымызға тың серпін береріне сенімім мол, – дейді Павел Самсонов.

Саратов облысының губернаторы Валерий Радаевтың (суретте) айтуынша, Батыс Қазақстан облысымен арадағы өңіраралық келісім негізінде Орал – Саратов бағытындағы тасжолдың құрылысы аяқталғанда өңірлер арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан да жандана түспек.

– Биылғы жылдың тоғыз айындағы Саратов облысы мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 150 млн. АҚШ долларын құрады. Басты назарды экспортқа аударып отырмыз. Осы орайда халықаралық талаптарға сай келетін көлік-логистикалық кластерді  дамытудың  маңызы  зор.

Осыдан екі жыл бұрын Орал – Саратов тасжолының құрылысы туралы екі жақты келісімге қол қойылды. Батыс Қазақстан облысы уағдаласқан межені мерзімінде орындады, желтоқсан айында жаңа жолды ашқалы жатырсыздар. Біз де өз тарапымыздан жолды федералды деңгейге өткізіп, биыл 100 шақырымын жөндедік, қалған 200 шақырымды бір жылдың ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Туризмді дамыту бағытында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Саратов облысына, Еділ өзенін тамашалауға қазақстандықтардың, әсіресе, жастардың көп келетіні қуантады, – дейді Валерий Радаев.

Екі ел арасындағы ықтимал әріптестіктің соны саласы – балалар мен жасөспірімдер туризмі. Батыс Қазақстан облысы бұл бағытта Ресейдің көршілес облыстарымен орнатылған екі жақты әріптестікті мейлінше нығайтуға, сонымен қатар салаға тың серпін беретін жаңа тәсіл-үрдістерді батыл енгізуге баса назар аударып келеді.

Форум аясында Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы мен Татарстан Республикасының туризмді дамыту мемлекеттік комитеті арасында екі жақты әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Қазандық делегация біздің облыстағы балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып, бұл салада екі жақты іскерлік байланыс орнатуға ықылас білдіріп отыр.

Осы орайда Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының ТМД елдері арасында үздік үштікке еніп, «ЮНЕСКО клубы» мәртебесіне ие болғанын да айта кеткен жөн, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшы-сының орынбасары Бақдәулет Ибраимов (суретте).

– Орал мен Қазан қалаларының арасында өзара достық, бауырластық байланыс орнаған. Екі жақты әріптестік туралы келісім  аясында қос шаһардағы туристік ресурстарды тиімді пайдалану, маркетингтік белсенділікті арттыру, туроператорлардың байланысын нығайту бағытындағы нақты іс-шаралар жүзеге асады.

Әзірге Татарстан мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы туристік түсімдер аса көп емес, жылына 50 млн. рубль шамасында. Дейтұрғанмен, екі өңірдің де туристік әлеуеті мықты. Мәселен, Қазан тұрғындарын Ақ Жайық атырабының әсем, бай табиғаты қызықтырса, қазақ бауырлар үшін Татарстанның мәдени-тарихи орталықтары мен Қазан қаласының инфрақұрылымын және былтырғы футболдан әлем чемпионаты өткен нысандарды тамашалау әсерлі болады деген сенімдемін, – дейді Татарстан Республикасының туризм жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы  Сергей  Иванов.

Еліміздің батыс қақпасы саналатын Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес облысымен шектесетін ең ұзын (1,532 км) шекараға ие. Жылына біздің шекара арқылы 4 миллионға жуық жолаушы мен 1,2 миллионнан астам аутокөлік қатынайды. Өңіраралық экономикалық, мәдени және туристік байланыстар жыл санап нығайып келе жатқандықтан, жақын арада туристер ағыны 1,5-2 есеге артуы ықтимал. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіруге баса көңіл бөлінуде. Орал – Саратов аутожолының құрылысы аяқтала келді, шекарадағы тұсы бұрынғы қос жолақтың орнына 8 жолақты жолға алмастырылды. Астрахань мен Волгоград облыстарына дейінгі жол салынуда, келер жылдың басында Самара және Орынбор бағытындағы аутокөлік жолдарының құрылысы басталмақ. Орал қаласында туристер аялдайтын заманауи және ыңғайлы қонақүйлердің жоқтығы да саланың дамуына кедергі болып келген еді. Қазіргі таңда Хилтон, Holiday Inn және Novotel қонақүйлерінің құрылысы қарқынды жүруде. Ал көктемде әуежай терминалын қайта жаңарту жұмыстары басталмақ.

Ресейдің барлық көршілес облыстарымен қоса, Киров, Ульянов облыстарымен, Татарстан және Башқұртстан Республикаларымен бірлескен іс-шаралар кешені жүзеге асуда. Көршілерімізбен арадағы ынтымақтастық жыл санап кеңейіп келеді.

Мысалы, Наурыз мейрамы мен Бірлік күні Саратов және Самара облыстарындағы қандастарымызбен бірге тойланса, Волгоград облысымен бірлескен әскери-патриоттық шаралар ұйымдастырылады. Орынбор облысымен Жайық өзені арқылы жорық өткізу дәстүрге айналған. Биыл Астраханьда күй атасы Құрманғазының 200 жылдығы кең көлемде  аталып  өтті.

Бүгінде өңіраралық барыс-келісті жеңілдету мақсатында пойыздардағы кедендік тексерулер алынып тасталды. Нәтижесінде Астана мен Орал арасындағы жол жүру уақыты 10 сағатқа қысқарды, бір жарым жылда 200 мыңға жуық жолаушы тасымалданды.

Ақ Жайық атырабында туристердің қызығушылығын тудыратын бірінен-бірі асып түсетін тарихи орындар мен туристік бағыттар жетерлік. Жайықты жағалай жайғасқан жұртшылық үшін, әсіресе, су туризмін, өлке туризмін және балалар туризмін дамытудың  болашағы  зор.

Екі күнге жалғасқан көрмеде өңірдегі туристік нысандар туралы мол мағлұмат беріліп, сыртқы және ішкі туризмді ілгерілету бағытында келіссөздер  жүргізілді.

Динара    ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»,

Орал – Петропавл – Орал


«Кублей» Қытайға ет шығарады

Күні: , 70 рет оқылды

ҚР Сыртқы сауда палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, батысқазақстандық «Кублей» ЖШС  Қытайға ет экспорттайтын болды.

Шанхайда импорт тауарлар мен қызмет түрлерінің «China International Import Expo» халықаралық көрмесі өтуде. Оған 130 мемлекеттен 2800 компания қатысып, өз өнімдерін ұсынып отыр. Көрмеге Қазақстаннан 302 компания қатысып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, машина жасау, туризм және тағы басқа салалар бойынша тауарлар мен қызметтерін жарнамалауда.

Аталмыш халықаралық көрме аясында қазақстандық «Кублей» ЖШС мен «Karamay Yuguanfu Foreign Trade Co Ltd» (Қытай) арасында Қытайға 20 мың тонна сиыр мен қой етін экспорттау бойынша келісімшартқа қол қойылды. Мамандардың айтуынша, бұл серіктестіктің Қытайға ет шығару жөніндегі алғашқы келісімі.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


Қыз жасауы дегенде, қыз жасауы…

Күні: , 65 рет оқылды

«Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген атам қазақ ұзатылатын қызының жасауына көп көңіл бөлген. Кеңес заманынан бұрын ата-бабаларымыз төрт түлік малды еншілеп, ағаш үй тігіп, қыздың жасауын әдемілеп дайындап берген. Заман ағынымен бірге ілесіп, ұлттық салт-дәстүріміз де жаңарып, жаңғырып келеді. Қазіргі уақытта ата-ана ұзатылатын қызына қал-қадерінше, әл-ауқатына қарай жасау дайындап береді. Әрине, әке-шеше «жетім қыздың жүгіндей» болмасын деп, қажетті дүниенің барлығын сатып әперуге дайын тұрады. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дегенді ұстанатын қазағым қалтасы жұқа болса, банктерден қымбат несие алып, қыз жасауын ырғап-жырғап беруді сәнге айналдырды.

Бүгінде төрт қызын өсіріп, құтты орнына қондырған зейнеткер Қансұлу Ерғожина әжеміз қыз жасауын жасауда әркім «өз көрпесіне қарай көсілгені» дұрыс дегенді ұстанады. «Өзім ауылда кітапханашы болып жұмыс істедім. Жинаған ақшама алынған заттар мен үшін әрдайым ыстық. Қыздарымды ұзатқанда қолымнан келгенінше жасауларын жасап бердім. Басы артық шығынға бармадым. Меніңше, өзгелерден қалмаймын деп қыздың жасауын сонша шығынданып, тоңазытқыш, шаңсорғыш, тіптен газ плитаға дейін апаруды жөн көрмеймін. Тек алты көрпесі мен көпшіктерін, керекті төсеніштерін, ыдыс-аяғын апарса болғаны емес пе?

Аста-төк заттарды алудың қажеті жоқ. Жастар өздері еңбек етіп, отбасына қажетті заттарды бірте-бірте сатып алса болады ғой.

Сонда олар «әзір асқа тік қасық» болмай, өздері еңбектеніп алған дүниенің қадірін білетін болады», – деді Қансұлу әже.

Расында, қыз ұзатқандар бүгінде қызға берілетін дүниенің саны артқан деседі. Мысалға, жаңа өмірге қадам басқан аруларымызға берілетін жасауды тізімдеп көрелік: алты қонақ және бір шай көрпе, алты жастық, жастардың екі кісілік төсеніш және жамылғы көрпесі, оны «махаббат көрпесі» деп атайды. Одан басқа екі кісілік төсек- орын жиһазы (спальный гарнитур), сандық, ыдыс-аяқ жиынтығы, оның ішінде қасық, кесе, шәйнек, пышақ, көстрөл-қазан, ет табақ, хрусталь ыдыстар және өзгелері бар. Сонымен қатар жас жұбайлардың бөлмесіне төсейтін және қонақ бөлмесіне деп екі қалы кілем, терезе және төсек жабындар, дастарқан, оқтау, нан илейтін тақтайға шейін береді. Соңғы жылдары заманның жақсарғаны шығар, тұрмыстық техника түрлерін, теледидар қоса апарады.

Енді инстаграмдағы дайын қыз жасауының бағасына назар аударсақ:

6 қонақ көрпе = 84 000 тг

6 көпшік = 24 000 тг

1 шай көрпе = 5000 тг

екі кісілік жамылғы көрпе = 20 000 тг

«Махаббат көрпесі» (қос көпшігімен) = 40 000 тг

Тақта көрпесі= 27 000 тг

Сандық жапқыш (сыйлыққа).

Сонда қой жүнінен қалың етіп жасалған әрі әдемі материалмен тысталған төсек жабдығы орташа есеппен 200 мың теңгеге шығады. Соңғы кездері орыстың  матрешкасы секілді ұлтық нақыштағы сандықтарды жасауға қосып беруде. Сандық жиынтығының бағасы дизайнына және сыртқы қаптама материалының сапасына байланысты 100 000-250 000 теңге аралығында сатылуда. Оған көлемі әр түрлі үш сандық кіреді және сыйлық ретінде қобдиша беріледі. Төсек-орын жиһазының бағасы сауда орындарында түрліше, 180 мың теңгеден бастап 1 миллионнан асып кете барады. Ал ыдыс-аяқ жиынтығы 75 мың теңгеден басталады. Сонда бір қыз баланың жасауы тізімде көрсетілмеген ұсақ-түйек заттарды қоса алғанда, 600 мыңнан 1 миллионға дейін барады.

Әрине, жұрттың барлығы ұзатылатын қызға тап осындай дүние береді деуден аулақпыз. Бүгінгі нарықтық заманда Елбасы: «Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көрегенділікті көрсетеді» – деп айтқандай, әрқайсымыз прагаматик болуға ұмтылғанымыз жөн. Қыз жасауын әркім қал-қадерінше жасап береді, бірақ пәленбай жылға қымбат несие алып қарыз қа-мытын киюдің жөні жоқ сықылды. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

Гүлнұр ИСАТАЙ,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің  3-курс студенті:

– Тұрмысқа шығатын қыз өз жасауын дайындауға ата-анасына көмектескені дұрыс деп санаймын.  Сондықтан да өз жасауымды қазірден бастап жинағым келеді. Сөйтсем, әке-шешеме күш салмаймын, бір жағынан өзіме ұнайтын заттарды ғана аламын. Несие алып, жасау жинақтауды құптамаймын. Өзгелер құс сүтінен басқаның бәрін бере берсін, ал мен отбасымның жағдайымен санасамын. Қажетті дүние-мүлікті екі жас өз еңбектерімен табуы тиіс.

Мария ИСАТАЙ,  Бөкей ордасы ауданындағы Сайқын ауылының  жас келіні:

– Анам жасауымды төсек жаймаларын жинақтаудан  бастады. Кейін ыдыс-аяқ, сандық, перде, қажетті жабдықтар сатып алынды. Ал көрпе-көпшігімді әжем өз қолымен жасап берді. Үйге ауылдағы ақ жаулықты үлкендер жиналып, көрпеге қажетті жүнді түтіп, көрпе-төсеніштерімді тігуге көмектесті. Жасауымның басым көпшілігін Оралдағы дүкендерден сатып алдық. Ыдыс-аяқ жиынтығы 600 мың теңгеге шықты. Қалған майда-шүйде заттарға туған-туыстарым көмектесті. Ұзатылар алдында ауылымда «сандық салу» ырымы жасалды. Ауыл әйелдері жиналып, жасауыма көрімдік берді. Жасауым жинақталып жатқанда қобалжу үстінде болдым. Қатарымнан кем қылмай, жасауымды жинақтап, жарқыратып берген  ата-әжеме, ата-анама және бауырларыма, ауылдастарыма үлкен алғысымды айтамын.

Эльвира РАГЛАКОВА, Сырым ауданындағы Қазақстан негізгі мектебінің мұғалімі:

– «Қызы бар үйдің назы бар» демекші, анасы қызының кішкентай кезінен бастап жасауын жинақтай беруі қажет. Қыз бала анасының жинаған жасауына риза болуы тиіс. Өйткені анасының тәжірибесі мол болғандықтан, отбасылық тірлікте бірінші кезекте не керек екенін жақсы біледі. Жасаудың аса қымбатқа шықпағаны жөн. Қазіргі кезде интернет желісінде таралған қыз жасауы жөніндегі бейнематериалды  көріп, жағамды ұстадым. Оңтүстік өңірде қалыптасқан төрт мезгіл киімін алып баруды асыра сілтеушілік деп ойлаймын. Киім әкелу – қыз жасауына жатпайтын дүние. Қызға тұрмысқа қажетті заттарын ғана береді. Кейін жұбайы екеуі жұмыс істеп, адал еңбек етіп, өз қалағандарын бірге алады.

Біржан ҚОЖАҚОВ, Орал қаласы, кәсіпкер:

– Мүмкіндігі шектеулі жандар еңбек ететін жиһаз цехымда қыз жасауына қажетті сандықтардың 54 түрі жасалады. Одан басқа ас үй және төсек-орын жиһазын тапсырыспен жасаймыз. Ондай тапсырыстар көбіне Астана, Алматы, Атырау, Ақтау жағынан түседі. Қарапайым сандықтың ең төменгі бағасы 24 мың теңгеден басталып, 47 мың теңгеге дейін барады. «Алтын» сандық 250 мың теңге тұрады, оны дайындауға 10-15 күн кетеді. Жалпы, қыз жасауына қажетті жиһазды сатып алушылар аз емес.

Бибігүл МҮТӘЛИЕВА, Бөрлі ауданының тұрғыны, жас ана:

– Қайын  сіңлім  ұзатылар  алдында  ауыл  әжелері мен апалары жиналып, асар жасадық. Жүн түтіп, көрпе, төсеніш жабдықтарын дайындадық. Екі жақ келісім жасап, керек заттарын ғана сатып алып бердік. Ағайын, тума-туыстар  да қыз жасауын жабдықтауға көмек қолдарын созды. Қыздың жасауын, соның ішінде бірінші кезекте төсек-орнын дұрыстап беру – ұзатылатын қыз баланың анасы мен әкесіне, туғандарына үлкен сын.

Зейнұр   НЫҒМЕТЖАН,

Аяжан   АЙДЫНҒАЛИ,

Ж.  Досмұхамедов  атындағы  педагогикалық колледжінің  3-курс  студенттері,

Орал  қаласы


Бухарестегі қос алтын

Күні: , 131 рет оқылды

Батысқазақстандық  қос  самбошы Румыния астанасы Бухаресте  ересектер  арасында мәреге жеткен  әлем  чемпионатында алтыннан  алқа тақты.

Дүниежүзілік доданың алғашқы күні Нұрбол Серіков 68 келі салмақта қарсылас шыдатпады.

Нұрбол финалда  Әзербайжан елінің өкілі Эмиль Гасановпен кілемге шықты. Аса тартысты белдесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Дегенмен, соңғы ұпайды қазақстандық палуан алғандықтан, жеңіс Нұрболға берілді.

«Мен бірте-бірте қарқынды үдете түстім. Бұдан бір жыл бұрын  әлем чемпионатының жартылай финалында осы балуанға есе жіберіп едім. Соның қарымтасын қайырдым», – деді Нұрбол жарыстан кейін.

Нұрбол Серіков 1993 жылы Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген. Алғашқы бапкері – Жеңіс Стамғазиев. Шағын ғана ауылдан дарынды да алымды шәкірттер тәрбиелеп келе жатқан Жеңістің үлесі мол. Орал қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернаты мен М. Өтемісов атындағы БҚМУдың түлегі Н. Серіков қазіргі кезде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Райбек Меңдіғалиевтің қол астында дайындалып жүр.

Жарыстың екінші күні тағы бір батысқазақстандық балуан Темірлан Ихсанғалиев әскери самбодан әлем чемпионы атанды.

Кіл мықтылар жиналған додада 82 кг салмақта кілемге шыққан Темірлан француз, қырғыз палуандарын мерзімінен бұрын ұтты. Сондай-ақ қазақстандық әскери самбо шеберіне түркімен спортшысы қарсы тұра алмады.

Бұдан бұрын да талай додаға қатысып, олжа салып, тәжірибесі әбден толысқан 32 жасар Т. Ихсанғалиев финалда ресейлік әлем чемпионы, өзінен екі жас үлкен Дмитрий Самойловпен белдесті.

Қазақстандық палуан белсенді күресіп, қарсыласын ықтырумен болды. Есеп 1:0 болғанымен, Темірлан ресейлік самбошыға еш мүмкіндік берген жоқ.

«Бұдан бұрынғы әлем чемпионаттарында үш қола, бір күміс алып едім, енді, міне, алтынға қол жетті. Қуанышта шек жоқ. Белдесу барысында ұстанған тактикам өз жемісін берді. Тізгінді уысымнан шығармай, үнемі шабуылдаумен болдым», – деді БҚО полиция департаментінің қызметкері  Т.  Ихсанғалиев.

1986 жылы Теректі ауданы Аңқаты ауылында дүниеге келген Темірлан спорттағы жолын еркін күрестен бастады. Алғашқы бапкері әкесі Мердан Ихсанғалиев болды. Кейін әскери самбоға ауысқан Т. Ихсанғалиев (ол да – БҚМУдың түлегі) бұған дейін төрт мәрте әлем чемпионатына қатысып, соның үшеуінде қола жүлдегер атанды. Ал 2015 жылы Марокконың Касабланка қаласында 74 кг салмақта күміс жүлдеге қол жеткізді.

Сонымен қатар қоян-қолтық күрестен әлем біріншілігінде қола, аралас жекпе-жектен осындай жарыста күміс  медальға ие болды.

Темірлан Ихсанғалиевті әскери самбоға марқұм Қазбек Ибрашев баулыды. Қазір Темірлан Нұфтолла Түменовтің қол астында жаттығады. Н. Түменов ересектер арасындағы осы әлем чемпионатында қазақ төрешілерінен алғаш рет бас хатшы міндетін атқарып шықты.

Бір айта кететін жайт, әлем чемпионаты жүлдегерлеріне (жеңімпаздарға – 3 мың доллар) ақшалай сыйақы берілді.

Батыс Қазақстаннан осыған дейін бірнеше әлем чемпионы шыққанымен, бір дүниежүзілік додада қос бірдей балуанымыздың алтыннан алқа тағуы тұңғыш рет

болып отыр. Биыл самбо күресінің өмірге келгеніне 80 жыл толғандықтан, осындай мерекелі жылы бұл – батысқазақстандық спортшылар үшін үлкен табыс.

Алтын медаль жұғысты болсын, ағайын!

Ғайса  БӘЙМЕН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика