Мұрағат: 09.11.2018


Оңалту орталығы оңалмай тұр…

Күні: , 64 рет оқылды

2009  жылы  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «100  мектеп,  100  аурухана»  бағдарламасы  негізінде  және  халықтың сұрауымен,  Парламенттегі  жергілікті  депутаттардың  мәселе  етіп  көтеруімен  «Капустин  Яр», «Азғыр»  полигондарынан зардап  шеккен  батысқазақстандықтарды  сауықтыру  бағытында  Жаңақала  ауданы  орталығында  100 орындық  «Ауданаралық сауықтыру  ауруханасы»  оңалту  орталығы»  салынған  болатын.

Аталмыш орталықтан сол жылдан бастап бүгінгі таңға дейін 14 мың адам ем-дом алып, денсаулығын нығайтқан екен. Оңалту орталығында қазір бес  дәрігер, 28 медбике, екі  емдік дене шынықтыру маманымен қоса 71 техникалық қызметкер, барлығы 106 қызметкер қызмет  істейді. Орталықтың негізгі емінің көзі емдік дене шынықтыру жаттығулары болып табылады. Сонымен қоса тұзды шахтамен емдеу, оттекті коктейль, балшықпен, парафинмен емдеу, қауыз, бальнеологиялық тұзды ванна, уқалау-ысу (массаж) және тағы да басқа емдеу  түрлері  бар.

Облысымыздың әр аудандарымен қоса еліміздің біраз облыстарынан, тіпті көршілес Ресей елінен ем іздеп келген науқас жандар осы оңалту орталығынан дерттеріне шипа тауып, бірнеше мәрте келіп жүргендіктері де орталықтың беретін емінің нәтижесі деп білеміз. Оның нақты дәлелі ретінде газетімізге үнемі оңалту орталығының ұжымына алғыс айтып жазған ем алушылардың хаттары мен мекемедегі төрт  томға айналған алғыс дәптерін айтар едік. Бұл орталыққа балдақпен келіп, орталықтың көрсеткен ем-домының арқасында өздігінен жүріп кеткен науқастар да баршылық. Солардың бірі – республикалық ерекше тәуекелді сарбаздар қоғамының төрағасы Есім Бектілеуов ағамыз.

Ядролық зымырандардың жарылысынан жапа шегіп немесе басқалай да ауруларына ем тап-паған жандарға үміт сыйлап, тән жарасымен бірге жан жараларына да шипа болып келген орталықтың бүгінгі жағдайы мәз емес.

Олай дейтін себебіміз, аталмыш орталықта ем алып жатқан науқастар оңалту орталығының бүгіні мен ертеңіне алаңдаушылық танытып, редакциямызға әлсін-әлсін қоңырау шалуда. Кеше ғана науқастардың алғысына бөленіп, шипалы ем-домымен көршілес елдерге дейін таныла бастаған Ақ Жайық атырабындағы жалғыз оңалту орталығының қаржысын неге қысқартып тастағанын және оның салдары неге соқтыратынын анықтау мақсатында аталмыш мекеменің директоры Қобылан  Бекеновті  әңгімеге тарттық.

– Біздің орталық 2009 жылдан 2016 жылға дейін әр адамды 20 күннен,  жылына 1500 адамды емдеуге жоспарлап, сол үдеден шығып келді. 2016 жылы бұл көрсеткішті емдеу күнін 14 күнге қысқарту арқылы, қабылданатын адам санын 2250-ге жеткізді. Сөйтіп, қаржымыз да жылдан-жылға өсе бастаған еді. Бұрын бізді медициналық қызметтерді қаржыландыру комитеті қаржыландырушы еді. Олар 2016 жылы 144 млн. теңге бөлсе, 2017 жылы бұл қаржыны 169 млн. теңгеге өсірді. Ал биыл, яғни 2018 жылдың қаңтар айынан бастап медициналық сақтандыру қорына ауысып, қаржымыз республикалық бюджеттен бөлінетін болды. Осыған орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылдың 5 қыркүйегіндегі №10 қаулысы негізінде жаңа стандарттар бекітілді. Осы стандартқа сәйкес қазір бізге бір күндік жатын орынға  4264,89 теңге қаржы тиесілі. Осы қаржыға ем алушының жататын орны, тамағы, емі және мекеменің газы, жарығы, суы секілді коммуналдық қызметімен қоса, қызметкерлердің жалақысы да кіреді.

Бұл қаражат, әрине, аздық етеді. Осы жағдай біздің қызметімізге кері әсерін тигізуде. Бұл мәселені біз Парламент депутаттарына да, облыс басшыларына да жеткізген едік. Қазіргі таңда мәселені шешу жолы ретінде жылына қабылданатын адам санын көбейтуді ғана тапсырып отыр. Қазір жылына қабылданатын адам санын тағы да 211 адамға көбейттік. Бұл әдістің де кемшін тұстарын көріп отырмыз. Жылына қабылданатын адам саны артқандықтан, кезек көбейіп, ем алушыларды қабылдай алмай, қолайсыз жағдай орын алып жатады. Қаржы мәселесіне байланысты бүгін орталықта оңтайландыру жүргізіп жатырмыз. Тиісті 123,5 штат болса, оңтайландыруға байланысты қазір өз еркімен жұмыстан шыққан қызметкерлердің орнына қызметкер алмай отырмыз. Сонымен қоса дәрі-дәрмекпен емдеу үдерісін тоқтатып, физиотерапияны күшейтудеміз. Қауыз арқылы емдеуді де қазір тоқтатып қойдық. Себебі, қауызды ұстап тұру үшін айына 100 мың теңге қаржы керек. Сондай-ақ ем алушыларға берілетін азық-түліктің айран, жеміс-жидек секілді түрлері де  кей кездері кешеуілдеп келеді. Өйткені, азық-түлікті тендер арқылы  жеңіп алған ауданның кәсіпкерлеріне дер кезінде ақша аудара алмай отырмыз. Ал олар айналымға түсетін қаржылары уақытында  аумағандықтан,  азық-түліктің кейбір түрлерін кешіктіріп жеткізеді. Оған науқастарымыз түсіністікпен қарап, сабырлық танытуда. Міне, бүгінгі қаржылық  жағдайымыз осындай. Елбасымыз Қазақстан халқына жолдаған жаңа Жолдауында медицина саласына көңіл бөлу қажет екендігін атап айтқаны үміт отын жаққандай болды, – деген орталық директоры оңалту орталығына Денсаулық сақтау министрлігі оң көзқарас танытпаса, оның оңалуы екіталай екенін жасырмады.

Осы мәселеге орай ем алушылардан пікір алмақ ниетпен оңалту орталығын аралап жүрген кезімізде ескіріп, тозығы жеткен жиһаздарды да көзіміз шалды. Сұрастыра келе, бұл жиһаздар орталық құрылғаннан бері еш жаңартылмағанын білдік. Жиһаздар түгілі, емдеу аппараттарының өзі де сол ашылған кезден бері ауыстырылмаған екен. Жиһаздар тек ұжымның ұқыптылығының арқасында қирап қалудан аман тұрса, емдеу аппараттары жыл сайын облыс орталығынан келген арнайы мамандардың жөндеуінің нәтижесінде жұмыс істеп  тұр. Заман бір орында тұрған жоқ.

Соның ішінде қазіргі заманда техникалар ай санап жетіліп, жыл санап жаңарып жатқаны бәрімізге аян. Ендеше, көштен қалып қойған оңалту орталығының да емдеу аппараттарын жаңарту қажет  екені  айтпасақ  та  түсінікті…

Нұрғали   ҒАББАС,

Жаңақала   ауданы

Есенболат  ИХСАНОВ,

зейнеткер:

– Ауданаралық оңалту орталығына биыл алтыншы рет келуім. Бұл орталықтың емімен  қатар,  медбикелер мен дәрігерлердің мейірімділігіне біз, науқастар дән ризамыз.

«Жақсы сөз жанға дауа» дегендей, келгеннен бастап жылы қабақ танытып, үлкенге, науқасқа деген құрметтері бізге ерекше ем болып табылады. Мұнда келген әрбір науқас өздерінің ауруларына шипа тауып, тек қана алғыс айтып  кетіп жатады. Дегенмен, біз  оңалту орталығының ертеңі үшін алаңдаймыз. Медбикелерден  естіп те, күндегі алатын емдеріміздің кейбіреулерінің қысқарып жатқандығынан да біз орталықтың қаржысының кеміп кеткенін байқап  жүрміз.  Біз секілді буындары сырқырап, белдері қақсаған үлкен кісілер үшін бұл орталық – таптырмас оңалту орны. Осы орталыққа жатып, ем алып шыққаннан кейін жанымыз сауығып, тәніміз  тынығып қалады. Енді бұл орталықтың қаржы мәселесі тез арада шешілмейтін  болса, үкіметтің қыруар қаржы жұмсап ашқан мекеменің ертеңі  бұлыңғыр  болары  сөзсіз.

Амангелді  УӘЛИЕВ,

ем  алушы, Жәнібек  ауданы  ардагерлер  кеңесінің төрағасы:

–  Жәнібек ауданынан келіп, ем алып жатырмын. Оңалту орталығына бесінші  рет келуім. Бұл жердің ауасының өзі бір керемет шипа ғой. Таңертең тұрып алып ғимаратты айналып, таза ауасын жұтып, жүріп келемін. Соның өзіне керемет бір тынығып қаламын. Ал мекеме ұжымына айтар алғысымнан басқа еш уәжім жоқ. Жылда келгенде бойыма үлкен күш жинап, бір серпіліп қайтамын. Облысымызда осындай орталықтың барына біз қуаныштымыз. Ауылдас қарияларға да  үнемі келіп демалуға кеңес беріп жүремін. Шынын айту керек, кейбіреуіміз тіпті үйімізде мұндағыдай тамақтанбаймыз. Бес мезгіл тамақтанамыз, уақтылы емімізді аламыз, содан басқа біздей үлкендерге не қамқорлық керек?! Алайда көп науқастардың ауруына ем таба білген орталықтың жағдайы осы күнде  нашар екенін, жыл сайынғы бөлінетін қаржы-қаражаттың  кеміп кеткенін естідік. Әрине, бұл қуантарлық жаңалық емес. Елбасымыздың мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне жағдай туғызу керектігін айтып, жыл сайын  Жолдау жолдап жатқанын  бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп отырмыз. Осыған орай Жаңақаланың оңалту орталығына да тиісті деңгейде көңіл бөлінетініне мен өз басым  сенімдімін.


Жарық пен жылу арзандады

Күні: , 212 рет оқылды

Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының тексерісі нәтижесінде коммуналдық қызметтің, атап айтқанда, электр қуаты және жылумен қамтамасыз етудің тарифтері төмендетілді.

«Батыс Қазақстан электр тарату желісі компаниясы» АҚ-ның қызметінде өткен жылы 71,9 млн. теңгеге тариф сметасының орындалмау  фактілері  анықталған. Осы соманы өтеу үшін бұрын электр қуатының құны 5,47 теңге болса, 2018 жылдың 1 тамызы мен 31 желтоқсаны аралығында 1 киловат үшін 5,37 теңге болды. Сонымен қатар 2019 жылдың  1 қаңтарынан бастап әр киловат құны  5,01  теңгеге  жоспарланды.

«Жайықжылуқуат» АҚ жеткізетін жылумен қамтамасыз ету тарифі 78,28 теңгеге төмендеді. Монополист міндетті төлемге жататын 49,2 млн. теңгені шығындамай, оны жылу қуатының бағасына қосқан. Сондықтан тұтынушыларға аталған соманы қайтару мақсатында 1 Гкал үшін тариф 5289,77 теңгеден 5211,49 теңгеге төмендетілген. Бұл тариф 2019 жылғы 31 тамызға  дейін  сақталады.

Тексерістің нәтижелері «Ақсайжылуқуат» МКК-мен бекітілген Ақсай қаласының тұрғындары үшін жылу қуатын пайдалану құнын 5452,95 теңгеден 5335,97 теңгеге төмендетті. Бұл жерде «Ақсайжылуқуат» кәсіпорны тарифке жеке ұйымның 11,3 млн. теңгеге есептегіш құрылғыларды қондыру қызметін қосқан. Алайда дәл осы жұмысты өздері жасай алады. Артық сома 1 Гкал үшін тарифті 116,98 теңгеге төмендету арқылы тұрғындарға қайтарылатын болады.

Батыс   Қазақстан   облысының   прокуратурасы


Тамақтану дағдыңыз қандай?

Күні: , 42 рет оқылды

Газет-журнал, теледидар секілді БАҚ көздерінде сауатты тамақтанудың маңыздылығы туралы жиі айтылады. Дүниежүзілік денсаулық  сақтау ұйымдарының мәліметінше, «65 жасқа дейінгі өлім-жітімнің 50 пайызы сауатты тамақтанбаудың салдарынан туындайтын ауру-сырқауға байланысты» екен. Көбіміз сауатты тамақтану мәдениетін білмейміз. Сондықтан «Орал өңірі» газетінің алдағы нөмірлеріне сала мамандарының осы  тақырыптағы  пікірлерін  жарияласаңыздар екен.

Асан  АҚАПОВ,

Орал   газ, мұнай  және  салалық  технологиялар колледжінің  студенті

Ләззат  ҚОЖАГЕЛДИНА,

облыстық  салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы:

– Адам бір реттік тамақтану кезінде 300-500 грамм тамақ ішсе жеткілікті. Ал бір күндік тағамның құнарлылығы 1600-1800 калорияны құрауы керек. Ауыр жұмыс істейтіндер үшін 2400-2800 калория тұтыну маңызды.

Көкөністер мен жемістерді тәулігіне 400 грамнан бірнеше рет тұтынған жөн. Өйткені олар антиоксиданттардың, дәрумендер мен минералдардың көзі болғандықтан, жоғарғы қан қысымының алдын алып, атеросклероздың, жүрек-қан тамыр ауруларының асқыну, өршу қаупін төмендетеді. Аш қарынға желінген көкөністер мен жеміс-жидектер ас қорыту бездерінің, асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартады, ішек микрофлорасының қалпына келуіне ықпал етеді. Әсіресе алма, әр түрлі (ақ, түрлі-түсті, брокколи) қырыққабат түрлері, сәбіз, қияр, қызанақ, тәтті бұрыш өте  пайдалы. Балық өнімдерін аптасына екі рет қолдану жеткілікті. Балық құра-мында жүрек-қан тамыр жүйесіне пайдалы қанықпаған май қышқылдары мен дәрумендер бар. Бір  күнгі тамақтану мөлшеріне тоқталсақ, әр тамақтанған сайын  дән өнімдерін міндетті түрде тұтыну қажет. Яғни  таңғы асқа бір тілім нан, 100 грамм пісірілген ботқа, түстікте екі тілім нан, 100 грамм пісірілген картоп және 250 мл сорпа ішу керек. Тағамның түрін өзгерткенде сол мөлшерде қарақұмық, күрiш, сұлы, макаронды жесе болады. Аптасына екі рет  80-100 грамм майлы емес балық еті мен  сорпасын, 100-150 грамм жаңғақ өнімдерін тұтынудың пайдасы мол. Күніне 45 грамм қатты ірімшік немесе 100 грамм сүзбе және бір стақан сүт немесе айран (майлылығы 2%) ішіңіз. Сүт  – барлық жастағы адамдар үшін жұғымдылығы жоғары оңай сіңетін өнім. 100 грамм сүтте 3 грамға жуық ақуыз, 3,2 грамм эмульгацияланған оңай сіңетін май, көптеген мөлшерде кальций мен фосфор қосындылары, сондай-ақ белгілі мөлшерде А1, В2, Д дәрумендері бар. 100 грамм сүт ағзаға 60-қа жуық килокалорий береді. Қырыққабат, саумалдық, көк пияз, аскөк, желкек секілді көк шөпті көкөністер  қатерлі дерттің алдын алады.

*  *  *

Тамақ ішкенде тағамды мұқият шайнаңыз. Неғұрлым ұзақ шайналған ас, соғұрлым  асқазанда жеңіл қорытылады. Екіншіден, қарныңыз әбден ашқан кезде ауқаттаныңыз. Даладан шаршап, қамы-ғып немесе күйзеліп келсеңіз, бірден тағамға ден қоймаңыз. Алдымен 15-20 минут демалып, ентігіңізді басқан соң ғана ас ішіңіз. Үшіншіден, суды күн сайын мөлшермен тұтынып отырыңыз. Судың тәуліктік қажеттілігі ауа райы мен жыл мезгіліне байланысты шамамен 1,5-2 литрді құрайды. Суды ішер алдында ыдысқа құйып, бірнеше рет сапырыңыз. Сонда су оттегімен байыты-лады. Ағзада су мөлшері жеткіліксіз болса, қан тамырлары тарылып, артериялық қысым жоғары-лайды. Келесі мәселе – ас тұзына әуес болмаңыз. Ересек адамдар үшін  тұтынатын ас тұзының мөл-шері күніне 6 грамнан аспауы керек. Тұз барлық азық-түліктердің құрамында кездесетіні белгілі. Мысалы, 100 грамм қара нандағы тұздың мөлшері бір грамды құрайды. Егер дұрыс тамақтансаңыз, тағамға қосымша тұз қосудың қажеті жоқ. Тұз ағзадағы судың жиналуына себепкер, нәтижесінде  зат алмасу үрдісі (процесі) бұзылып, қан қысымы жоғарылайды, атеросклероздың дамуына әкеліп соғады. Қуырылған тамақтан бас тартып үйреніңіз. Сонда асқазан, ішектің қабынуы мен асқазан жарасының алдын аласыз. Майлар, әсіресе, өсімдік майы, жоғары температурада қайнаған кезде улы заттар (акролеин) бөледі. Тағамды қорытылған майда дайындаған дұрыс. Ал маргарин майы  ағзаға жәй  сіңеді.

Артық  болмас білгенің

Банан – күйзеліске  ем Банан  сөзін  латын  тілінен  аударғанда  «musa  sapientum» – ақылды  адамның  жемісі  деген  мағынаны  білдіреді  екен.  Себебі…

Банан  көңіл  күй  гормонының  түзілуін  қамтамасыз ететіндіктен,  күйзеліс,  уайым-қайғы  кезінде тұтыну өте пайдалы.  Әлемде сары  бананмен қатар қызыл түстісі  де кең тараған. Алайда  мұндай  түрі  өте жұмсақ болғандықтан, тасымалдауға  жарамайды.  Бананның  нәрлілігі  картопқа  қарағанда 1,5 есе жоғары. Оның  құрамында алма  қышқылы, ферменттер, минералды заттар,  фосфор,  магний, калий,  кальций, натрий, А, В, С, Е дәрумендері  бар. Банан диеталық тағам болып есептеледі.  Ол жүйке  жүйесі,  анемия,  жүрек-қан  тамырлары, бауыр, бүйрек, өт ауруларының алдын алып, артық  салмақтан  арылуға  көмектеседі.  Ағзадағы  қант  мөлшерінің  бірқалыпты  болуы мен  қан қысымының  тұрақтылығына  ықпал етеді.  Сүйек,  тырнақ, шаш өсіміне оң әсерін тигізеді.  Аяқ-қолдың  мезгілсіз тартылуын,  шаш түсімін,  теріге  ерте  әжім  түспеуін  тежейді. Сондай-ақ  бананның отадан,  ауыр  физикалық  жаттығудан  кейін  ағзаны  қалпына  келтіруде  үлесі  зор.

Бананның  қабығы  да   кәдеге  жарайды.

Күмісті тазалайды. Бананның қабығы өңі кетіп қалған күміс заттарды қалпына келтіреді. Ол үшін қабықты блендерге салып қоймалжың күйге енгенше су қосып езесіз. Осы қоймалжың  ерітіндіге  малынған  жұмсақ  матамен күмісті сүртсеңіз, біртіндеп қара дақтардың кеткеніне куә боласыз.

Аяқкиімге арналған жақпа май. Банан қабығының құрамындағы майлар мен балауыз аяқкиімді тазалап, жылтыратуға мүмкіндік береді. Аяқкиімді банан қабығының ішкі жағымен сүртіп, үстінен құрғақ матамен кептіресіз.

Тісті ағартады. Кәдімгі  тіс  пастасымен  тісіңізді  тазалап  болғаннан кейін, тістеріңіздің үстін банан  қабығының ішкі  бөлігімен екі  минуттай сүртіңіз.  Қабықтағы калий, кальций, магний, марганец  және  фосфор  сынды  минералдар  тіске  пайдалы  әрі  оны  ағартуға  септігін  тигізеді.

Тікенді шығарады. Егер денеңізге тікен (шөгір) кіріп, оны ала алмайтындай жағдай болса, тікен кірген жерге бананның қабығын ішкі бетімен қойып, 24 сағатқа таңып тастаңыз. Банан қабығындағы ферменттер тікенді терінің сыртына шығарып, жараның тезірек жазылуына септігін тигізеді.

Сүйелді кетіреді. Бананның қабығы халық емінде сүйелді кетіру үшін қолданылады. Ол үшін банан қабығының ішкі жағын сүйелдің үстіне бір күнге байлап  қойыңыз. Сүйел жоқ  болып кеткенше осылай бірнеше рет қайталаңыз. Кей сүйелдер бір аптада кетсе,  кейбіреулеріне  бір айдай уақыт қажет болады.

Зімбір  тәбет  ашатын  күшке  ие

Зімбір – ең пайдалы  дәмдеуіштердің  бірі. Зімбірдің құрамындағы эфир  майлары мен амин  қышқылдары  иммунитетті нығайтып,  ағзаның  тұмау мен  вирустарға қарсы  тұруға септігін тигізеді.  Балалардың  асқа  деген  тәбетін  ашып,  жүкті келіншектердің  жеріктігін  басады. Оның  тамыры  аспоргин, холин, бетокоратин  секілді  пайдалы  компоненттерге бай.  Зімбірді шикілей немесе кептірілген, қуырылған түрінде қолдануға болады.  Құрамындағы  антиоксиданттар  ісіктің  кез  келген түрімен  күресетін  әсерге  ие.  Зімбірдің тамырын  үгітіп  немесе  уақтап  турап  қайнаған  шайға қосып  ішсеңіз,  өзіңізді  күні  бойы  сергек сезінесіз.  Қабығын  аршыған  кезде  неғұрлым  жіңішке  етіп  турасаңыз, құрамындағы  дәрумендері соғұрлым көбірек  сақталады.  Зімбірдің құрамында С, В1,  B2, B3 дәрумендері және  кальций, магний, натрий  және  темір  бар. Мамандардың  айтуынша, зімбірді ыстық суға  бұқтырып ішсеңіз,  жедел-респираторлы қабыну  тез  басылады.  Бұрын ұзақ  сапарға  шыққан  теңізшілер  зімбірді  құрқұлан дертінен  сақтану  үшін  алып  жүретін  болған.

Брокколи  иммунитет  көтереді

Брокколи – қырыққабат  тұқымдасының  біржылдық  өсімдігі. Құрамында  калий, фосфор, кальций, магний, темір,  мырыш,  марганец, күкірт, С, В1, В2, В5, В6, Е дәрумендері бар. Бұл  асқазанында  ойық жарасы (язва) бар  адамдар  үшін таптырмайтын  тағам. Сондай-ақ  қандағы инсулиннің  реттелуіне де ықпал етеді.  Брокколидың  құрамындағы  антиоксиданттар ағзаның қартаюын  кідіртіп, холестериннің  мөлшерін азайтады. Бұл өз кезегінде қан құрамын жақсартып қана қоймай, жалпы артерия  қысымының бірқалыпта тұруын қамтамасыз етеді. Иммунитеттің күші лимфа  жүйесіне  тікелей  байланысты  екені мәлім. Сол  лимфа  жүйесінің  үштен екі бөлігі ішекте орналасқандықтан, брокколиді  тұтынудың пайдасы мол.  Өйткені ол ішекті  әр  түрлі қалдықтардан,  улы заттардан  тазартып, иммунитетті көтереді.

Орамжапырақтың бұл түрі  сүйекке де өте пайдалы. Ондағы кальций (100 г-да 47 мг) мен басқа да  маңызды микроэлементтер сүйектің,  тістің  бұзылуына  жол  бермей, тұрғындар  арасында  жиі кездесетін  остеопороздың алдын алуға  әсер  етеді.

Дайындаған  Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


«ШАБЫТ» фестивалінің лауреаты атанды

Күні: , 31 рет оқылды

БҚО халық шығармашылығы орталығының халықтық «Ақжайық» би ансамблі «Шабыт» ХХІ халықаралық шығармашыл жастар фестивалінде үшінші орынға ие болып, лауреат атанды.

Қазіргі таңда Әсел Дәулетова жетекшілік ететін ансамбльдің бай тарихы бар. 1974 жылдары өңірде би өнерінің дамуына ерекше еңбегі сіңген Құрамыс Ғаббасов құрған «Ақжайық» ән-би ансамблі арада үш жыл өткенде  «халықтық»  атағын  иеленді.

Содан бері Қазақстан өңірлері ғана емес, шет елдерде де өнер көрсетіп үлгерген «Ақжайық» би ансамблі бұдан бес жыл бұрын «Шабыт» фестивалінде дипломант атанған еді. Енді, міне, «Хореография» аталымы бойынша 25 ансамбль мен жеке орындаушылар ат қосқан айтулы додада алғашқы үштікке ілігіп, лауреат атанып отыр. Бұл – әрине, үлкен жетістік.

Құрамында 16 бишісі бар ансамбль бұған дейін де халықаралық, республикалық байқау-фестивальдерде лауреат атанып, диплом, алғысхаттармен марапатталған еді.

Айта кетейік, биылғы «Шабыт» фестивалінде, сондай-ақ «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша 118 үміткердің арасынан Меңдігүл Қа-лиуллова дипломант атағын еншіледі.

«Жайық Пресс» медиахолдингі ақпарат орталығының қызметкері Динара Киндербаева интернет-журналистика аталымында дипломант атанды.

Ғайса  БӘЙМЕН


Шамшырақ

Күні: , 38 рет оқылды

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің қыздарына тәрбие сағаты бағытындағы кезекті дәрісімді оқып болдым да, Достық даңғылымен жай басып жаяу жүріп келемін. Есімде өткен күндердің елесі жаңғырды. Осы университетте талай жыл еңбек етіп, талай шәкірт дайындаған ғалым, ұстаз Мәтжан Тілеужанов есіме түсті. Ана тілін арым деп санаған, солардың жолын жалғаған, аңқылдап өткен жас ғалым Бүркіт Отарәлі, ары да, жаны да тап-таза, қазақ әдебиеті мен ұлт намысы жайлы айтса, жүрегінен нұр шашылып түсетін Серікқали Шарабасов осы көше бойында келе жатқандай елес берді. Басымды көтеріп Достық даңғылының бойына қараймын, менің мектеп оқушысы кезінде көңілімде қалған бір ғажайып сурет елестеп кетті.

Санамда қалған сонау 11-ші мектеп оқушысы болған кезім қайта жаңғырды. Көшенің қарсы бетінде жарастығы мен сұлулығынан көрген көз қаймығатын екі адам келе жатқандай болды. Расында, бұл менің талай көрген, есімде қалған, осы Достық даңғылы бойында университетке қарсы бетте сонау жылдар ұзақ тұрған ерлі-зайыпты, бүгінгі қала тұрғыны, ұстаздардың ұстазы, Мария Мамайқызы Абдошева мен жары Қарасай Тұрашев атты азамат. Екі сұлу адам, екі мәдениетті маман өзгелерге үлгі болатын сыйластық пен киіну мәнері, жүріс-тұрыстарымен еріксіз өздеріне елді қарататын еді.

Міне, содан басталған көзім мен көңілімде қалған естелікке еріп кетіп, үйімнен асып Жайыққа барып, жағадан ағысқа қарап үнсіз тұрдым. Қанша тұрғаным есімде жоқ. Одан әрі балалық шағым елес берді. Ақ бантик байлаған 11-ші мектепте оқыған жылдарым қайтадан жадымда жаңғырды.

– Мекенісің ару қыз, саналы ұлдың,

Он бірінші мектебі Оралымның, – деп өзім жырлаған «алтын ұямда» өткізген оқушы кезім де есіме түсті. Иә, зуылдап өткен мектептегі балалық жылдар, алыс кетіп сағынған студенттік күндер, әлі күн жүрегімде нұрлы елес болып жатқанын сездім. Ештеңе де ұмытылмаған екен.

Ол кезде мектеп-интернат аталған Оралдағы 11-ші жалғыз қазақ мектебі алыс ауданнан жоқжұқаның балаларын қабылдайтын. Мен де соғыс мүгедегінің қызы  едім. Балалар тағдыры қиын болған кезең ұстаздарды да ерекше мейірімді жасады ма екен? Біз бала жүрегімізді жылытатын мейірімді алақандарға тап болдық. Ол кезде 11-ші мектеп оқушыларында ғажайып бауырмалдық дәстүр қалыптасқан. Оған баулыған да ұстаздар еді. Жаңадан келген, туған-туыстары алыста қалған ұл мен қызға жоғары сынып оқушыларынан аға мен апа бекітілетін. Олар бір жанұя сияқты, бірін-бірі қамқорлыққа алатын. Ол сабағын қалай оқыды, бір нәрседен мұқтаж емес пе, тәртібі қалай, қай секцияға барып жүр, қандай кітап оқып жүр, достары кім? Соның бәрін үлкен ағасы мен апасы тексеріп тұратын. Менің сіңлім болған Факиза Махамбетова (Оралда дәрігер болып істеді, өмірден озып кетті) сабаққа ұқыпты, өте жинақы қыз болған еді. Міне, сол дәстүр бойынша әлі күнге 11-ші мектеп бітіргендермен кездессек шұрқыраса кетеміз, жылы жүрекпен қараймыз. Әлі күнге құшақ жайып жолығамыз. Өйткені біз бір қазаннан тамақ ішкенбіз, бір асхана ортақ дастарқанымыз болған, бір интернат – үйіміз, ұстаздар, тәрбиешілер бізді өсірген ата-анамызбен бірдей деп түсіндірген еді. Бізді солай тәрбиелеген ұстаздардың басшысы болған жаңағы маған елес берген сұлу мұғалім Мария Абдошева болатын. Мен әлі күнге ұстазыма барып қайтсам, өзімді шәкірт сезінемін. Балалықтың ең таза да бақытты күндерін есіме түсіреді ол кісі.

Сонау қиын-қыстау кезеңде Сәкен Сейфуллин ашылуына себепші болған Орал қаласындағы жалғыз қазақ мектебі шағын ғана ғимаратта, ал жатақханасы әр жерде шашыраңқы еді. Мұстахим Ихсанов Орал облысын басқарған кезде осы мектепке жаңа ғимарат сұрап барған Мария Мамайқызы жаңа мектеп салғызып берем деген басшыға алғысын жаудырып отыратын. Ол өз шаруасын айтқан жоқ, қазақ балаларының Орал қаласында басқалардан кем болмай оқуына жағдай жасалса, соған қуанды. Ол өзінің екі баласынан осы мектеп балаларын артық көретіндей. Бүкіл уақытын сонда өткізеді. Күндіз оқуын қадағаласа, түнде тыныш ұйықтап кеткенге дейін бөлмелерді аралап жүретін. Сағатпен санаспайтын ұстаздар, тәрбиешілер осы кісіден үлгі алатын. Әр топқа бөлінген тәрбиеші ұстаз өз қызындай мектеп формасына тігілген ақ жағаларымызға дейін тексеріп, туған анамыздай ертемен келіп, мектепке аттандырып жүретін. Бойжете бастаған кезде тәрбиешілер қыздармен оңаша сырласып та отыратын.

Қай баланың қай қызды ұнататынына дейін байқап жүретін. Ал мұғалімдер болса, мектеп бағдарламасында өтетін бір сабағың қалып қойса, жатақханаға келіп түсіндіріп кететін еді. Соның бәрін қадағалап, оқу ісінің меңгерушісі болған Мария Мамайқызы өзі бас болып үлгі көрсететін.

Біз қазақ ауылдарынан келіп орыс классиктерін қиын меңгердік. Щедрова деген мұғалім түнімен күндізгі өткен сабақты қайта түсіндіруге жалықпайтын. Ал ағылшыннан Любовь Яковлевна Фишбейн үйреткен сөздермен мен әлі күнге шетелде жол тауып, тамақ ішіп келіп жүрмін. Міне, оқыту сапасы сондай талап қоюда ол кезде биік болған еді.

Сол кезеңнің мұғалімдері, тәрбиешілері, мектеп оқушылары Мария Мамайқызын қатал адам деп ойлауы мүмкін. Ал, шын мәнінде, ол талап қойғыш, өте жауапты, жас ұрпақты ертеңгі күнге лайық тәрбиелеуге бар күшін салғанын түсіну қиын емес еді. Ол кезде мұғалімдерді де мінез-құлқына қарай таңдап алатын шығар деп таң қалатынмын. Ұстаздардың бәрі шетінен мейірімді, сыпайы, жүздері шуақты ғажайып жандар болатын. Тәрбиешілерімізді таңда құшақтап қарсылайтынбыз, олар да шын пейілмен басымыздан сипаушы еді.

Мектептің тәртібі де, қазіргі күнмен салыстырсақ, ол кезде әскери тәртіпке жақын деуге болар еді. Мектеп дәлізінде тарсылдап жүгіруге болмайтын, ол бізді сабырлылыққа, ұстамдылыққа тәрбиелеген негіз болды. Ол кездің ұстаздарында ұлттық намыс басым болған ба деп ойлаймын. Қазақ балалары өзгелерден кем болмауын армандаған олар 11-ші  мектеп түлектерін кез келген жоғары оқу орнына алаңсыз түсіп кететін дәрежеде білім берген еді. Ол кезде «Алтын белгі», «Күміс белгі» жүзден жүйрікке берілетін. Әр оқушыны өз мүмкіндігімен адал бағалайтын және білімге құштарлыққа тәрбиелейтін ұстаздар шоғырының басында өзінің әділдігімен үлгі көрсеткен Мария Абдошева болатын. Оның бойында нағыз ұстазға тән көптеген қасиеттер бар. Айтатын сөзін ойланып айтады, аяғын да абайлап басады, әр кез өзіне сын көзбен қарайды. Киген киімі де, таралған шашы да бір қалпынан өзгермейді. Ал болмысынан шындықты ғана ұнататын турашыл мінез көзге ұрып тұрады.

Бірде ұстазыма еркінсіп, қалжың айттым:

– Мына өмір сіз үйреткендей емес екен. Өмірде сатқындар барын, жалтақтар барын, күн көру үшін жалпылдау керек екенін неге ескертпедіңіз? – дедім. – Сіз үйреткен тік сөйлеу мінезден, ақты ақ, қараны қара деп айтуды да сізден үйреніп, кейде зиян шеккен жерлерім болды. Соларды ескертсеңіз қайтетін еді? – дедім. Ұстазым күлімсіреп алды да: – Айналайын, мені тәрбиелегендер, мені оқытқандар сондай турашыл ақ адамдар еді. Адалдық түбінде жеңеді деп еді. «Ит үреді, керуен көшеді» дегенді де санама сіңірген еді. Мен сол ұстаздарым үйреткенді сендерге дарыттым. Ешкімге жалпылдаған жан емеспін, мен арым алдында тазамын, – деді ол. Ал өзім осындай ұстазға жолықтырған тағдырыма риза болып отырдым.

Бауырмалдық дәстүрмен 11-ші мектептен шыққан өкшелес оқыған інілерім, генерал Талап Қабденовты көремін. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген Төлеген Әбілхайыровты көремін. Кейін осы мектепті бітірген Ерлан Виленұлы деген інімді көремін. Бәрі де «апалап» сағынып тұрады.

Баяғы «бір мектептің түлегі, бауырлармыз» деген ұрандай ұғым жан дүниемізге біржола ұялаған. Аудандарға барсам, көптеген сіңлілерім «апалап» алдымнан шығады. Өйткені біз мектеп үйреткен дәстүр бойынша бір қазаннан тамақ ішкендерміз, бір мектептен тәлім алғандармыз. Қазір сондай бауырмалдық тәрбие айтыла ма екен деп ойлаймын. Сыйластық пен мейірім адам тәрбиелеудің негізі болғанда ғана бұл қоғамда бәрі 11-ші мектептің түлектеріндей болар ма еді?! Бір-бірін туысым дегенде ғана бұл қазақ ел болар еді-ау. Бірақ бәрін 11-ші мектептегідей тәрбиелеп жатқан ұстаздар аз-ау деп уайымдаймын.

Сонау жылдардағы мектеп түлектері есіме түсіп, көз алдымнан елес боп өтіп, талай-талай елімізге еңбегі сіңген шәкірттер ойыма оралды. Жайықтың ағынына қарап тұрып, өтіп кеткен жылдар есіме түсті. Қазір де «Барлық мектептің шәкірттері бауырмал, ұстаздары талап қойғыш болса ғой, шіркін!» деп үйіме оралдым. Кешкісін сүйікті ұстазыма телефон шалдым. Ол кісінің де есінде көп жайттар қалған екен. Талай шәкірттерінің есімін мақтанышпен атады. Ұстаздық – жүрек қалаған мамандық болуға тиісін айтты. Оған кездейсоқтықпен баруға болмайтынын біраз түсіндірді маған. «Ұрпақ тәрбиесі – ең жауапты міндет» деп түсінген менің ұстазым ұлт алдында, тарих алдында, болашақ алдында өз борышын атқарған ең бақытты адам екенін ұқтым.

Оралдың 11-ші мектебіне сол кезде келіп, Мария Мамайқызы сияқты намысы биік, ары таза, мінезі қатал, жаны шуақты, абзал ұстазға жолыққаныма тағы да тәубе дедім. Өмірдің қиындықтарын жеңуге үйреткен, адал сөйлеуге үйреткен, шындықты тайсалмай айтуды үйреткен қасиеттері үшін өзімді борышты сезіндім. Ішімнен ризашылық пен рақмет айтып, әңгімесін тыңдап ұзақ отырдым…

Бұл күнде ұстаздардың ұстазы атанған, ұзақ ғұмыр кешіп, құрметке бөленіп, арзан атақ-даңққа ұмтылмаған, парасатты да, текті ұстаз менің өмірімдегі жол көрсететін шамшырағым сияқты болады да тұрады. Ал шәкіртке шамшырақтай жол көрсету – үлкен ерлікпен тең.

Ақұштап  БАҚТЫГЕРЕЕВА,

Қазақстан  Республикасының    еңбек  сіңірген қайраткері


Өсімдіктер карантині саласы  бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметке енгізілген өзгерістер туралы

Күні: , 36 рет оқылды

2018 жылдың 26 мамырынан бастап өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарына және 2018 жылдың 5 маусымынан бастап ҚР аумағын карантиндік объектілерден және бөтен текті түрлерден қорғау жөніндегі қағидаға өзгерістер мен қосымшалар күшіне енген болатын.

Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағында тасуға карантиндiк сертификат беру және карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығаруға фитосанитариялық сертификат беру мемлекеттік көрсетілетін қызметтерін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары «Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарына» сәйкес көрсетеді.

Фитосанитардық сертификатты алуға өтінім берілген күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде сертификат немесе оны беруден дәлелді бас тарту ресімделеді. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартуға арналған негіздер мыналар болып табылады: көрсетілетін қызметті алушының әкетілетін карантинге жатқызылған өнімді карантиндік жай-күйін айқындау үшін ұсынбауы; импорттаушы елдің (экспорт кезінде) талаптарымен карантинге жатқызылған өнімде анықталған карантиндік объектілердің болуы рұқсат етілетін жағдайларды қоспағанда, карантинге жатқызылған өнімде карантиндік объектілердің анықталуы; импорттаушы елдің фитосанитариялық талаптарға сәйкессіздігінің анықталуы (экспорт кезінде);

Карантиндік сертификатты алуға өтінім берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде сертификат немесе оны беруден дәлелді бас тарту ресімделеді. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартуға арналған негіздер мыналар болып табылады: көрсетілетін қызметті алушының карантинге жатқызылған өнімді карантиндік жай-күйін айқындау үшін ұсынбауы; қара өрік шаркасы (Plum Pox Potyvirus) бар жемістер мен жидектерді, жалған қалқаншалы және қалқаншалы сымырларды қоспағанда, карантинге жатқызылған өнімде карантиндік объектілердің анықталуы;

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің уәкілетті органының лауазымды адамына жіне уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторына карантинге жатқызылған өнімнің келгені туралы бірнеше рет  (2 рет және одан көп) хабарламау және жете тексеруге ұсынбау; көрсетілетін қызметті алушы фитосанитариялық сертификатты алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықтауы; көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) фитосанитариялық сертификатты беру үшін қажетті ұсынылған материалдардың, карантинге жатқызылған өнімнің, деректердің және мәліметтердің Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк объектiлерден және бөтен тектi түрлерден қорғау жөнiндегi қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі; көрсетілетін қызметті алушыға қатысты фитосанитариялық сертификатты алумен байланысты қызметіне немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы.

Өтінімдерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру: 1) көрсетілетін қызметті беруші; 2) «электрондық үкіметтің» www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал); 3) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы» (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) арқылы жүзеге асырылады.

Аталған мемлекеттік қызметтер тегін көрсетіледі. Жоғарыда көрсетілген құжаттарсыз өнімдердерді тасымалдау – Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 400 бабын бұзу болып табылады.

Аталған құжаттардың жаңартылған редакциясын «Әділет» ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық құқықтық жүйесінде жарияланған «Өсімдіктер карантині саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 29 мамырдағы № 4-4/500 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 12 қаңтардағы № 21 бұйрығы  және «Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк объектiлерден және бөтен тектi түрлерден қорғау жөнiндегi қағидаларды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 15-08/590 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 8 бұйрықтары бойынша алуға болады.

Егерде инспекция қызметкер тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету барысы қанағаттандырмаса шағым жасауға құқылы.

Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі анықтамалық қызметтердің байланыс телефондары www.mcx.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414 және  ҚР АШМ АӨК МИК  Орал қалалық аумақтық инспекциясы БҚО.  Орал қ, Қ.Аманжолов көш, 75  тел. 50-62-96

Нугман Сагитов

ҚР АШМ АӨК МИК Орал қалалық аумақтық инспекциясының бас маман-өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика