Мұрағат: 07.11.2018


Тоғыз айдың табысы толымды

Күні: , 26 рет оқылды

Биылғы жылы  облыстағы жалпы өңірлік өнім көлемі 1,2 трлн. теңгені  құраған.  Бұл  өткен жылғы  көрсеткішпен  салыстырғанда,  0,6%-ға артық. Елдің жалпы  ішкі  өніміндегі біздің  өңірдің  үлесі 4,9%-ды  құрап, республика  бойынша облыс  жетінші орынға  тұрақтаған.  Өңдеу  өнеркәсібіндегі  экспорт көлемі  ағымдағы  жылдың  сегіз  айында  147,9 млн. долларға  жетіп, 25,6%-ға ұлғайған. Облыс  1,5 мың тоннадан  астам  етті  бірнеше  шетелге шығарып, Қазақстанға  қатысты  ет  экспорты бойынша  бірінші  орынға көтерілген.

Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясында облыс әкімі Алтай Көлгінов 2018 жылдың алғашқы тоғыз айында атқарылған жұмыс туралы баяндамасында  мәлімдеді.

– Биылғы жылғы Елбасының Жолдауы халық табысының артуына, тұрмыс сапасын көтеруіне, өмір сүру үшін қолайлы ортаның қалыптасуына бағытталған. Өңірдегі барлық аймақтық бағдарлама Жолдауда айқындалған мақсат пен міндеттерге сәйкес жасақталды. Биылғы жылдың мамыр айында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің өңірімізге жасаған жұмыс сапары өңіріміздің дамуына тың серпін берді. Мемлекет басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтар болсақ, күн тәртібінен түспеген жол мәселесі, өңір экономикасында өзіндік орны бар өндіріс ошақтарының проблемалары талқыланды. «Зенит» және «Гидроприбор» зауыттары бойынша 3 жылға тапсырыстармен қамту жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Энергетика министрлігі «Конденсат» АҚ-мен мұнайды тасымалдау кестесін бекітті. БҚМК (ЗКМК) АҚ негізінде қазақстандық арнайы өнімдердің жаңа өндірістерін игеру бойынша еуропалық компаниямен озық технологияларды өңірімізде іске асыру қарастырылды. «Омега» өндіріс ошағының аумағында «Орал трансформатор зауыты» екінші зауыт салуды жоспарлауда. «Квант»  компаниясы өнім түрлерін көбейту және өндірісті кеңейтуді қаржыландыру бойынша Даму банкімен несие бөлу жөнінде келісімге қол жеткізді. Республикалық маңызға ие Орынбор облысына дейінгі 144 шақырым жолын қайта жаңғырту бойынша «Қазавтожолдың» қатысуымен жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс жарияланды. Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарына апаратын 275 шақырым республикалық маңызды автожол құрылысына, «Қазавтожол» күрделі жөндеу жұмыстары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Аталған жол құрылысы жұмыстарын келер жылы бастап, алдағы үш жыл көлемінде толықтай аяқтау жоспарлануда, – деді  өз баяндамасында облыс әкімі  Алтай  Көлгінов.

Мұнан соң өңір басшысы облыс экономикасымен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында маңызды рөл атқаратын әр салаға  жеке-жеке  тоқталып  өтті.

 

Өнеркәсіп  өнімінің  көлемі 1,8 трлн.  теңгеге  жеткен

Өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі 9%-ға артып, 137 млрд. теңгені құраған. Өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы қосылған құны 50 млрд. теңгені құрап, нақты көрсеткіште 17%-ға артты. Еңбек өнімділігі 26%-ға өсіп, бір адамға 9 мың АҚШ долларынан асты. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 4,5 пайызға артып, 273 миллиардтан астам теңгені құрады. Сыртқы инвестициялар 165 млрд. теңгені құрап, олардың негізгі капиталдағы үлесі 60%-дан асқан. Бұл көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы республикада жетекші орында.

Индустрияландыру картасына сәйкес құны 22 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, 362 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні жобалардың жартысы іске қосылды, қалғандары жылдың соңына дейін пайдалануға  беріледі.

 

2,5 миллиард  теңгеден астам  инвестиция

Биылғы жылы ауыл шаруашылығын қолдау шараларына 12 млрд. теңге бөлінген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 104 млрд. теңгені құрады. Дәнді дақылдар алқабының аумағы 513 мың гектарға жеткен. 244 мың гектар егін алқабынан 168 мың тоннадан астам астық жиналды. Өңірдегі қысқы дәнді дақылдардың жалпы көлемі 76 мың га құрайды. Алдағы қыс маусымына 1,5 млн. тонна мал азығы жиналып, бұл бағыттағы жоспар 103,2%-ға орындалды. Сонымен қатар өңірге 2,5 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылып, агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар жобалар жүзеге асқан. Нәтижесінде «Кублей» компаниясында малдың қалдықтарын қайта өңдеу бойынша инвестициялық жоба іске қосылды. «Теректі май» компаниясында күнбағыс майын өндіретін зауыт қайта жаңғыртудан өтіп, өз өнімдерін экспортқа шығаруда. «Желаев нан өнімдерінің комбинаты» АҚ-да макарон өнімдерін өндіретін фабрика іске қосылды. Зеленов ауданында «DMD PRODUCTION» компаниясы қуаттылығы жылына 1000 тонна болатын консервіленген көкөністер мен жемістерді өндіруге арналған зауыт салуда. «Орал жылыжай комбинаты» жалпы аумағы  5 га құрайтын жылыжай кешенінің құрылысын  жүргізуде.

 

«Киров – Шежін»   каналы   іске  қосылмақ

Жаңақала ауданындағы жалпы суармалы жер учаскелерінің аумағы 16,5 мың гектарды құрайтын «Төртқұлақ – Қарасу» суару құрылғыларына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндікті кеңейтпек. Сондай-ақ «Орал – Шалқар» каналын сумен жабдықтауға арналған қалқымалы сорғы станциясы бар су қоймасын салу қолға алынды. Бұған қоса жалпы ұзындығы 180 шақырымды құрайтын «Киров – Шежін» каналы қараша айында іске қосылмақ. Ақжайық ауданының аумағындағы «Солянка – Азынабай – Тайпақ» каналын, Ақжайық су қоймасын күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар суармалы ауданы 15 мың гектардан астам «Сакрыл» және «Мамай» суармалы жүйелерін қалпына келтіру үшін жобалық-іздестіру жұмыстары  жүргізілуде.

 

Кәсіпкерлікке   қолдау   көп

Өңір басшысының баяндауынша, шағын және орта бизнеспен айналысатындар саны 6%-ға артып, 40 мың субъектіні құрады.

Облыста бұл салада еңбек ететіндердің саны 9 пайызға  немесе 115 мың адамға көбейген.

Өңірдегі шағын және орта бизнес секторының үлесі 40%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш жөнінен біздің облыс республика бойынша  үшінші  орында.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 100 млрд. теңгені құрайтын 831 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ құрылыс саласында 2,7 млрд.  теңгені құрайтын 57 нысанға инфрақұрылым  тартылған.

Осы жобалар аясында 28 мыңнан аса жұмыс орны сақталып, 5 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар қайтарымсыз гранттық қаржыландырумен 109 жаңа бизнес жоба қолдау тауып, оларға 226 млн. теңге қаржы бөлінген.

 

Мемлекеттік   бағдарламаларға   36,3   млрд.   теңге

Елбасының Жолдауында еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдерді енгізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын 2025 жылға дейін ұзарту туралы айтылған болатын. Биылғы жылы осы бағдарламаларға сәйкес облысқа 36,3 млрд.  теңге бөлінген. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 19,1 млрд. теңге, «Нұрлы жер» бағдарламасына 17,2 млрд. теңге қарастырылған. Соның ішінде 450 шақырым жол салу үшін 32 млрд. теңге бөлінді. Республикалық маңызы бар жолдардың 285 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте биылғы жылы 56,3 шақырымды құрайтын Орал – Саратов автожолының жөндеу жұмыстары аяқталады. Саратов облысымен шекаралас аумақта бұрынғы екі жолақты жолдың орнына сегіз жолақты жол ашылатын болады.

Облыс орталығында 8,8 млрд. теңге қаражатқа ұзындығы 50 шақырымды құрайтын 50 көше жолдары жөнделді. Бұл қаражаттың 6,3 млрд. теңгесі «ҚПО б. в.» компаниясы есебінен бөлінген. Бұл қаражатқа Орал қаласында Құрманғазы,  М. Мәметова, Темір Масин, Асан Тайманов секілді ірі көше жолдары  жөнделген.

 

3461  пәтерлі  тұрғын  үйлер  салынуда

Еліміздегі «Нұрлы жер» бағдарламасымен өңірімізде 3134 пәтерді құрайтын 26 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар аудан-ауылдарда 327 пәтерлік  104 тұрғын үй салынуда. Жыл соңына дейін облыс орталығында 688 пәтерлі 6 көп қабатты тұрғын үй, аудан-ауылдарда 139 пәтерді құрайтын 83 тұрғын үй пайдаланылуға берілмек.

Жеке инвесторлардың есебінен 1400 пәтерлі үй салынған болса, солардың ішінен 75 пәтер «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілген. Ал 280 пәтер аталған бағдарлама бойынша берілуге дайын тұр.

Бүгінде Орал қаласында апатты жағдайдағы 44 тұрғын үй тіркелген. Сол үйлерді бұзып, орнына жаңа көп қабатты үйлер салу мақсатында жеке инвесторлардан 13,5 млрд. теңге қаржы тартылып, бүгінде 17 үй қайта салынуда. Бұл үйлер бірінші кезекте бұрынғы тұрғындарға тегін берілетін болады. Ал қалған пәтерлер «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен берілмек. Құрылысы жүріп жатқан бес көп қабатты үйдің екеуінің құрылысы аяқталып, жақын күндері пайдаланылуға берілетін  болады.

Облыс орталығындағы халық саны жыл санап өсіп келеді. Бүгінде шаһарда 336 мыңнан астам адам тұрады. Жақын жылдары облыс орталығындағы халық саны 500 мыңға жетеді деген болжам бар. Пәтер кезегінде тұрған тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында «Ақжайық» шағынауданын салу қолға алынуда. Аумағы 450 гектар жерді қамтитын шағынауданда 150-ден астам көп қабатты тұрғын үй салынбақ. Барлық инфрақұрылымы тартылған ауданды мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандармен қамту жағы да қарастырылған. Жаңа ауданға Шаған өзені үстінен жаңа көпір салынатын болады.

 

44 елді  мекенге  газ, 50  ауылға  таза  ауыз  су тартылуда

Ағымдағы жылы 44 елді мекендегі 16 мың халықты көгілдір отынмен қамту мақсатында 8 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 1,6 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бүгінгі таңда Ақжайық, Бөкей ордасы, Зеленов, Жәнібек аудандары аумағындағы 24 елді мекенге газ тарту жұмыстары аяқталып, тоғыз мыңнан астам ауыл тұрғыны көгілдір отынның рахатын көруде. Қалған 20 ауылдарға газ тарту жұмыстары келер жылы аяқталатын болады. Осы жұмыстар мәреге жеткенде, өңірдің көгілдір отынмен қамтылуы 95 пайызға жететін болады.

Жалпы ұзындығы 1000 шақырымды құрайтын ауыз су құбырларын тарту және жаңарту жұмыстарына 4,5 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бүгінде 56 мың тұрғыны бар 50 елді мекенді таза ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Ол елді мекендердің 17-сі таза ауыз суға қол жеткізген болса, жыл соңына дейін 23 ауыл таза суға қосылатын болады.

 

50   IT-сынып   ашылмақ

Облыста 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету 69,4%-ды, 3 жастан 6 жасқа дейін  100%-ды  құрайды.

Мектепке дейінгі ұйымдар желісі 26 бірлікке көбейіп, олардың саны 500-ге жетті, оның ішінде 52-сі – жеке балабақшалар. «Bilim Land» білім беру порталының жоғары сапалы мазмұнын қамтамасыз ету, қалалық және ауылдық мектептердің білім беру ресурстарына тең қолжетімділігін арттыру мақсатында барлық 223 (100%) шағын жинақты мектепке жалпы құны 312 млн. теңгені құрайтын 567 бірлік «Білім кітапшасы» компьютер-трансформерлер сатып алынды. «Нұр Отан» партиясымен бірге 15 IT-сынып ашылып, IT-лицей жұмыс істей бастады. Келесі жылы партиялық жоба бойынша тағы 50 IT-сынып ашылмақ.

Биыл Орал қаласының Деркөл кентіндегі 600 орындық, Ақжайық ауданының Шабдаржап ауылындағы 198 орындық мектеп, Ақсай қаласындағы 240 орындық балабақша, Зеленов ауданының Дариян ауылында 100 орындық интернаты бар 300 орындық мектеп, Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылындағы мектептің 70 орындық интернат пайдалануға берілді.

Жоғары оқу орындарында  мамандарды даярлау үшін облыста сұранысқа ие мамандықтар бойынша жергілікті бюджеттен  100  грант  бөлінді.

Сонымен қатар 5 апатты мектеп пен үш ауысымдағы 5 мектепті жою бойынша Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жұмыс жасалуда.

– Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында екі жоба жүзеге асты. Аталған жоба аясында облыстық ауруханаға құны 550 миллион тұратын магнитті-резонансты томогроф алынса, Шыңғырлау ауданының Лубен ауылында жобалық құны 117 млн. теңгені құрайтын, ауысымына 35 адамды қамтитын дәрігерлік амбулатория салынды. Сонымен қатар Орал қаласында заманауи құрал-жабдықпен қамтылған жаңа кардио орталық ғимаратын салу жоспарлануда. Бұқаралық спортты дамыту, халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында облыс көлемінде 30 спорт алаңы салынып, пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 23 спорт алаңының құрылысы аяқталмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарға «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры үлкен қолдау білдіруде. Жергілікті бюджет есебінен Ақжайық, Қазталов, Жаңақала, Тасқала аудандарынан 5 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп жасалған жол картасы аясында 100 спорт алаңын салу жоспарланып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық маңызға ие «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл 175 мыңға жуық адамды қамтыған 350-ден астам маңызды шара өткізілген. Демеушілер мен меценаттар көмегімен 166 жоба жасалды. Облыс орталығында меценаттар арқылы ерекше мұқтаж адамдарға арналған құны 200 млн. теңгеге үй құрылысы жүргізілуде. Республикалық қасиетті орындар тізіміне енген облыстағы жеті нысанға жолдар тарту мен инфрақұрылым жасау бойынша жұмыстар қолға алынуда. Аталған жұмыстардың нәтижесінде ішкі туризм дамып, облысқа келетін туристердің саны артады деп күтілуде. «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірге «Crowdsourcing.kz.» жобасы іске асуда. Бүгінгі күні 150-ден астам жоба ұсынылып, дауыс берілді. Ұсынылған жобалардың ең жақсысын Орал қаласы әкімдігі жүзеге асыратын болады.

Биылғы тоғыз ай ішінде өңіріміз осындай әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қолжеткізіп отыр. Бұл – барлық мемлекеттік құрылымның және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесі.  Біз атқарылған жемісті жұмыстарымызбен тоқтап қалмай, алдымызда тұрған зор міндеттерді жұмыла атқаруға тиіспіз. Халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7-20-25»  мемлекеттік және басқа да салалық бағдарламаларды сәтті жүзеге асыруымыз қажет. Бұл тапсырмалар Елбасының Жолдауында нақты айқындалған. Сондықтан баршаңызды еліміздің бәсекеге қабілетті 30 мемлекеттің қатарына кіруіне, облысымыздың одан әрі көркеюіне үлес қосуға шақырамын, – деп қорытындылады  баяндамасын  облыс  әкімі.

 

Құсайын  МҰҚАНОВ, №13  Қаратөбе  сайлау  округінен сайланған  депутат:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларды басшылыққа ала отырып, Қаратөбе ауданында да ауыз толтырып айтуға болатын ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауданымыз 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылған. Сонымен қатар биылғы жылдың өзінде бес елді мекенге таза ауыз су келді. Бірнеше спорттық қалашық салынды.  Осындай ауқымды жұмыстар алда  да  жалғасын  табады  деп  сенемін.

Александр  ПОТИЧЕНКО, №23  сайлау  округінен  сайланған депутат:

– Қазіргі уақытта облыс орталығында да, аудандарда да автокөлік жолдарының құрылысына ерекше көңіл бөлінгеніне қуаныштымын. Оралда жолдарды салу үшін шамамен 9 млрд. теңге бөлінген. Бұл 50 шақырымнан астам жолды асфальттауға мүмкіндік берді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көп қабатты үйлер салынуда. Тұрғындарға «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы арқылы пәтерлер беріле бастады. Біздің компания мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді. Қазіргі уақытта біз Орал қаласында 400 пәтерге арналған екі көп қабатты үй, Тасқала ауданының орталығындағы 72 пәтерлі, Теректі ауданы Федоровка ауылында 36 пәтерлі тұрғын үй салудамыз. Келер жылы  500 пәтер тапсыруды жоспарлап отырмыз. Деркөл кентінде спортпен шұғылданатын балаларға арналған спорттық интернат салынуда. Аталған нысан келер жылы пайдалануға беріледі. Тұтастай алғанда, біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы  жақсы  деңгейде.

Темірғали   ЕСКЕНДІРОВ,  №1  Деркөл  сайлау  округінен сайланған  депутат:

– Бүгінгі сессияда өңір басшысы ағымдағы жылдың тоғыз айындағы атқарылған жұмыстармен қатар облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы жан-жақты қамтыған есеп берді. Соңғы жылдары облыс, қала және аудандық деңгейде бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Облыс әкімі барлық ауданда болып, атқарылған жұмыстармен танысып, ол жерлердегі шешімін таппай тұрған мәселелерді шешуге үлкен үлес қосып жүргенін білеміз. Облыс орталығы мен аудандарда инвестициялық жобалар жүзеге асып, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеріп, саябақтар мен спорт алаңдары көптеп салынуда. Сонымен қатар бірқатар аудан-ауылдар көгілдір отынмен, таза ауыз сумен, сапалы жолдармен қамтылуда.

Осы игі істердің барлығын бірлесіп атқарған  еңбектің  жемісі  деп  білемін.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


«АҚЖАЙЫҚ» неге ерден ауды?..

Күні: , 55 рет оқылды

…Әлқисса, сонымен, біздің облыстың футболдан премьер-лига командалары арасындағы  Қазақстан  чемпионатына үкілеп қосқан «Ақжайық» атты арғымағы жоғары топтан  тағы  төмен сырғыды. Маусым бел ортасынан ауғанша, тіпті соңғы турларға шейін Жайық жанкүйерлерінің басым көпшілігінде біздің команда тап биыл ерден ауады-ау деген күдік-күмән болмағаны анық. Алайда «Ақжайық» аяқдопшыларының көмбе таянған сайын кібіртектеуі, әлсін-әлсін сүрінуі тым жиіледі. Әсіресе, өткен айдың соңында ХХХІ турда «Ақжайық» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарынан» 0:4 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін қауіп бұлты қоюлана түсті. Мұның ақыр аяғы чемпионат бітпей жатып, оралдық футбол клубының жоғары топпен қош айтысуына келіп тірелді. Біз мән-жайды  білмек болып, «Ақжайық» клубының басшылығына хабарласқанбыз, енді осы пікірлерге зер салып көргейсіз.

Сергей   ЗАЙЦЕВ,

«Ақжайық»  командасының бас бапкері:

– Маусымның соңына таман «Ақжайықта» деңгейі жоғары ойыншылардың тым аздығы қатты сезілді. Бұл енді батысқазақстандық футбол клубының бюджетіне тікелей тәуелді фактор. Әрине, премьер-лигаға бір ілігіп, бір шығып қалып жүргенше, ойын өрнегі тұрақты  команда  қалыптастырған жөн. Бірақ «Ақжайықтың» қазіргі  қаржылық  жағдайымен  әлгіндей команда қалыптастыру қиын болып тұр…

Артур  АВАКЯНЦ,

«Ақжайық» командасы бас бапкерінің ассистенті:

– Біз әлі биылғы чемпионаттың нәтижесіне жан-жақты талдау, түбегейлі сараптама жасай қойған жоқпыз. Әзірше айтарым, тура биыл бірінші топқа түсіп қаламыз деп ойламап едік. Өйткені, күні кешеге дейін көш соңында келе жатқан командалардан ұпай жағынан әжептәуір алда  болдық. Меніңше, бізді өзімізге деген тым сенімділік құртты.

Мейрам  САПАНОВ,

«Ақжайық»  командасының  капитаны:

– Тым жақсы келе жатыр едік… Тіпті «Астананы» «үйде», ал «Қайратты» түзде,  өз алаңында ұтып, «айды аспаннан бір-ақ шығарып», жанкүйерлерімізді ұлан-асыр қуанышқа да бөлегенбіз. Осындай керемет сәттіліктерден кейін, өз-өзімізге орынсыз тым сенімді болып кеттік-ау, шамасы…

Арнайы  заң  керек-ау,  осы…

…Жайық жанкүйерлерінің жылдар бойы көріп келе жатқаны осы. Яғни жергілікті бапкер мен жергілікті жігіттер «Ақжайықты» арқа еті арша, борбай еті борша бола жүріп, жоғары топқа алып шығады. Сосын шеттен бапкер келіп, ол аннан-мұннан қағылған-соғылған біраз легионерді жинап алып, күні кеше ғана «Ақжайық» үшін жан алып, жан беріскен жергілікті футболшылардың денін кәдеге жаратпай, шетке ысырып тастап, іске «қызу кіріскендей» түр байқатады. Сөйте  тұра,  маусымның соңында команда баяғы таз қалпына түсіп, бірінші топқа сырғып, келесі жылы жасыл алаңда жергілікті жігіттер Батыс Қазақстан облысының бетке ұстар командасын қайтадан премьер-лигаға шығару үшін екі иықтарын жұлып жеп, жанталасып  жүреді…

Жалпы, отандық футбол шаруашылығының «ауру-сырқауы» көп. Солардың бірсыпырасын назарыңызға ұсынайық. Мәселен, «Сырт көз – көреген» дегенге сайсақ, бізге Астана мен Алматыдан, шалғай облыстардан, әсіресе, аудан-ауылдардан футбол дарындарын іздеп-іріктеу, яғни  селекциялық жұмыс атаулы жүйелі түрде сауатты жүргізілмейтіндей көрінеді. Сосын біздіңше, допты ұршықша иіруге қабілетті қазақтың қарадомалақтарына жанашырлықпен қарайтын Талғат Байсофыновтай ұлттық бапкерлер толқынын үздіксіз қалыптастырып отыру мәселесі де күн тәртібінен ешқашан түспеуі тиіс. Ал бұл шаруаны ҚР Футбол федерациясы әлі күнге дейін қолға алмағандай әсер қалдырады. Неге? Кең байтақ Қазақстан бойынша аяқдопқа қатысты инфрақұрылым жүйесін күрт жақсарту керектігі кім-кімге де түсінікті болса керек. Ендігі бір екпін түсіріп, астын сызып айтатын мәселе, премьер-лигадағы командаларға бас-көз жоқ легионерлерді топырлатып, олардың басынан төмен қарай ақша құюды доғару керек! Осы мәселе былтыр еліміздің ең жоғарғы заң шыға-рушы құрылымы – Парламентте әжептәуір әңгіме бола бастады да, неге екені белгісіз, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Шынтуайтына келгенде, Қазақстан спортында бүгіндері легионерлерге арқа сүйеу белең алып барады. Бұл керітартпа әдет, әсіресе, командалық спорт түрлері бойынша әбден кең етек жайған. Мысалы, футболдан премьер-лигадағы командаларды қараңыз, келімсектер өріп жүр. Тіпті еліміздің бес дүркін чемпионы (!) «Ақтөбе» командасының қазіргі капитаны, сербиялық легионер қорғаушы Александр Симчевич. Шайбалы хоккейден Астананың «Барысының» құрамына назар аударып көріңіз, шетелдік спортшылардан көз сүрінеді.

Егер мұны азсынсаңыз, «Астана» баскетболшыларына зер салыңыз, еуропид нәсілділерді айтпағанда, зіңгіттей-зіңгіттей зәңгі жігіттер төбеңізден төне қарап тұрады… Бірді айтып, бірге кетті демеңіз, «Жаман әдет жұққыш келеді» дегендей, бүгіндері күрес, ауыр атлетика сықылды командалық емес спорт түрлерінде де Қазақстан азаматтығын күні кеше қабылдап, осыдан 27 жыл бұрын ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие болған Қазақ елінің ұлттық құрамасына кешелі-бүгінді енген шыққан тегі шетелдік спортшылар-дың қарасы қоюланып барады… Сонда деймін-ау, қазақтың спортқа ден қойған қыз-жігіттері «қайда барып күн көреді?..». Демек, жағдай біржола ушықпай тұрғанда, меніңше, құрамына шетелдік легионерлерді көптеп қабылдауды шектейтін «Командалық спорт түрлері туралы» арнайы заң керек-ау,  осы…

ТОСЫН  ПІКІР

Газет  бетінде  өзінің  аты-жөнін  көрсетпеуді  сұраған  жанкүйердің  пікірі:

– Маған сенімді дереккөздерінен мәлім болғандай, біраз жылдан бері «Ақжайық» футбол клубы үшін қазынадан жыл сайын 900 млн. теңгеден астам қаржы бөлінетін көрінеді. Бұл көп емес. Мәселен, Қызылорданың «Қайсарының» бір жылдық бюджеті 3,5 млрд. теңге көрінеді. Көрдіңіз бе, «Қайсардың» қаржылық әлеуеті біздің командадан бірнеше есе жоғары. Сондықтан да қалталы футбол клубтары команданы өрге сүйрейтін легионерлерді өз қатарына тарта алады. Ал ақшаға байланысты «Ақжайықтың» әлгіндей мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті оған бөлінген қаржы-қаражат құмға құйған сумен тең. Оның үстіне біздің облыс орталығының өзіндегі футболға қатысты инфрақұрылым сын көтермейді. Соның кесірінен «Ақжайық» жаңа маусымға даярлықты бірнеше апталап, бір-екі айлап Түркияда пысық-тауға мәжбүр. Ал бұл дегеніңіз, қыруар ақша!

Орал қаласында балалар мен жасөспірім футболшылар, сондай-ақ жас футболшылар күн суықта жаттығатын басыбайлы жабық зал атымен жоқ.

Мекемелік спортзалдар әр түрлі мекеме-кәсіпорындардың ұжымына коммерциялық негізде бекітілген кесте бойынша жыл сайын жалға беріліп, балалар мен жастар футболы үшін еш босамайды. «Ақжайық» футбол клубы жанынан облыстың бірқатар аудандарында футбол орталықтары ашылғанымен және аудан-ауылдардағы жасөспірім дарынды футболшыларды облыс орталығына тартқанымызбен, әзірге олар емін-еркін тұратын интернат жоқ. Ағайын-туысының үйінде бірер ай жатып, қаланың әр қиырынан күн суықта тоңып-шашырап біраз уақыт жаттығуға келіп жүреді де, жағдай болмағаннан кейін барлығы дерлік қолын бір-ақ сілтейді. Өздеріңізге мәлім, біздің өңірде қыс айларын айтпағанда, көктем мен күздің біраз бөлігін суық әрі жауын-шашынды күндер құрайды. Осы жағдайдың өзі-ақ сақадай-сай жаттығу базасы жоқ команда үшін ілгері басқан аяғын кері тартатын фактор. Міне, осындай елеулі факторларды елеп-екшеп келіп, өз басым екі-үш жылға «Ақ-жайық» командасын таратқан жөн деп санаймын. Әрине, бұл жан-күйер қауымға соттың суық үкіміндей естілері сөзсіз. Бірақ сабыр сақтап, салқын ақылға жүгінейік. Мысалға, «Ақжайық» футбол клубын екі-үш жылға тараттық делік, енді жыл сайын оған бөлінетін 900 млн. теңгеден астам қаржыны тікелей облыстың футболдық инфрақұрылымын күрт жетілдіруге жұмсайық. Екі-үш жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады, есесіне, футболдық инфрақұрылымды қарқынды түрде дамытып, сықитып аламыз.  Керемет  емес  пе?!

Бауыржан   ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал   өңірі»   


Ангусты Дакотадан тасымай-ақ, Ақтөбеден «жалға» әкелуде

Күні: , 120 рет оқылды

Ақ Жайық өңірінде мыңғыртып  мал өсіруге барлық жағдай жасалған. Соңғы уақытта экологиялық тұрғыдан таза өнім саналатын етті сыртқа шығаруға мүмкіндік беретін бұрынғы «жабық» қақпалар ашылып жатыр. Енді ауыл-аудандағылар қарапайым сиырды емес, асыл тұқымды мал өсіруге ниетті. Биылғы тамыз айынан бастап көршілес Ақтөбе облысынан өңірімізге ангус тұқымды мал әкеліне бастады.

Көршілес облыстағы ет кластерінің бір тізбегі «АқТеп» ЖШС-мен облыс шаруашылықтарының арасындағы экономикалық байланыс, алысберіс нығая түсті. Бөрлі, Қаратөбе, Жаңақала, Сырым, Шыңғырлау аудандарының шаруашылықтары аталмыш серіктестіктен асыл тұқымды ангус сиырларын «жалға алып» өсіруде. Тез салмақ қосатын, еті мәрмәр болатын 2128 баспақ, соның ішінде 1999-ы аналық, 129-ы аталық мал әкелінген. Аудандардың ішінен ең көп мал алған – Бөрлі ауданы. Бұл аудандағы 6 шаруашылық 800 аналық, 48  бұқа  әкеліп, баптауда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақовтың айтуынша, «АқТеп» өзінің «Ірі қараны жалға беру» ішкі бағдарламасы бойынша асыл мал өсіргісі келетін шаруашылыққа 100 аналықты және 6 бұқаны жеті жылға жалға береді. Оның үстіне серіктестік бұқаны екі жыл сайын жаңасына  ауыстырып  тұрады.

– Шаруагер жалға алған малды кері «АқТеп»-ке 7 жылда 100 қа-шар, 200 бұқашық етіп қайтаруы тиіс. Әрі ірі қараны төлі есебінен екінші жыл дегенде кері қайтаруды бастайды. АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан ангус тұқымды 100 аналық алатын болсаңыз, оның әр басы сертификатымен  850 мың теңгеге шығады. Ал 100 бас 85 миллион теңге тұрады. Әрине, «АқТеп»-тің талабы қатаң, олай болмаса тағы болмайды. Бірақ серіктестіктің бағдарламасының арқасында Бөрлі ауданына 1 млрд. теңге тұратын асыл мал келді. Алдымен серіктестіктегілер мал алғысы келетін шаруагермен сөйлесіп, ол туралы ел-жұртпен пікірлеседі. Көшедегі көлденең көк аттыға асыл малды ұстата салмайтыны айдан анық. Малды жалға берушінің талаптары бойынша мал өсірушінің кемінде әр басқа 20 гектардан жайылым жері, жем-шөп дайындайтын базасы, техникасы сайма-сай болуы тиіс. Ангус тұқымды малға суды емін-еркін жүріп ішетіндей жағдай жасалуы керек. Бұл малға қысқы суықта қораның қажеті жоқ, ықтасын болса, жарап жатыр. Өйткені Солтүстік Дакота мен өңіріміздің климаты ұқсас. Ең басты артықшылығы, серіктестіктің ветеринар маманы асыл малды күтудің жай-жапсарын түсіндіреді, тегін кеңесін береді. Ал қажетті дәрі-дәрмек, дәрумендерін нарықтағыдай емес, өз қақына ұсынады. Шаруа адамы тек жалға алынған малды дұрыс бағып, мал басын асылдандыру жолында тер төге еңбектенсе жарады, – деді Бөрлі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алтынбек Бексейітов. Оның айтуынша, ауданға әкелінген 800 аналықтан тараған малдың төлдерін, соның ішінде аталықтарын аудандағы өзге шаруашылықтардың ірі қарасын асылдандыру үшін әрі қарай тарату көзделуде.

Мамандардың айтуынша, «Ақ-Теп»-тің жеке бағдарламасының басты артықшылығы – ол екінші деңгейдегі банктер мен несие институттары сықылды малыңды да, мүлкіңді де кепілдікке сал деп қинамайды, пайыздық өсім деген жоқ. Орта есеппен 7 жыл ішінде 100 аналықтан 600 төл алынатын болса, соның 100 қашарын, 200 бұқашығын, яғни 10 айға дейін өсіріп, кері қайтарасың. Сонда өзіңде тең жарты мал пайдаңа қалады. Тағы бір айтарлығы, малды жалға берушіге кері қайтаратын 200 бұқашықтың асыл болуы міндетті емес. Мұны да мал баққан ағайынның  ұпайы  деуге  болады.

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегендей, осындай мүмкіндікті өңіріміздегі 5 ауданнан өзге аудандар да елеп-ескерсе жөн болар  еді.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА


Авиабилет құны арзандауы мүмкін

Күні: , 30 рет оқылды

2019 жылы елімізде авиабилет құны арзандауы мүмкін. Бұл туралы  курсив.кz порталы жазды.

Бұл әңгімені бұдан бұрынырақ, биылғы қыркүйек айында өткен Үкімет сағатында халық қалаулылары қозғаған болатын. Онда Инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев алдағы жылы елімізде өндірілетін керосин көлемі жеткілікті болып, авиабилеттер құны 20-25%-ға арзандайтынын айтып, ел-жұртты қуантты.

Енді қазан айында БҚО активімен кездесу барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев та айтылған ақпаратты растады. Оның айтуынша,  биыл Қазақстанға 300 мың тонна керосин сырттан тасымалданады, әзірге сырттан тасымалданатын керосинге  тәуелділік 45%-ды құрайды.

Елімізде жыл сайын 400 мың тонна  авиа керосин өндіріледі. Министрліктің ұсынған мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың аяғына таман  керосинге деген қажеттілік  650 мың тоннаға жетпек. Ал 2019 жылы еліміздегі керосин өндірісі 690 мың тонна көлеміне дейін өседі деп күтілуде. Қанат Бозымбаевтың сөзіне сүйенсек, алдағы жылы ұшақтар отандық керосинмен 100% қамтылып, оның бағасын да реттеу мүмкін болмақ. Сондай-ақ «Орал» халықаралық әуежайын стандартқа сай қылудың арқасында халықаралық рейстерді жиі ұйымдастыру мүмкіндігі туады. Министр «өз қолымыз өз аузымызға» жетіп, керосиннің бағасын белгілеуде тәуелсіздік алғанымызбен, бағасы арзан сұйықтық кедендік шекарасы жоқ, ортақ нарыққа «ағып» кетуі ықтимал деген  қорқынышын  жасырмады.

Биыл аталмыш министрлік өңіріміздегі мұнай өңдеуші  «Конденсат»  АҚ-мен  еліміздегі үш мұнай өңдеуші зауытпен қатар ішкі нарықтарға мұнай өнімдерін жеткізуді арттыру үшін қажетті шикізатпен қамтамасыз ету жөнінде меморандумға қол қойды. Сонымен қатар мұнай өңдеу зауытына магистральды мұнай құбырлары мен теміржол арқылы қазақстандық өндірушілердің мұнайын жеткізудің кестесі бекітілді. Бүгінде «Конденсат» ішкі нарыққа жоғары октанды бензин мен еуропалық сапалы дизель отынын өндіруде.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА


Екі жақты әріптестік жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Күні: , 30 рет оқылды

Батыс  Қазақстан облысы  Ресей Федерациясының  Самара  облысымен  өзара тиімді  әріптестікті дамытуда.

Қазақстан және Ресейдің шекаралық әріптестігінің ХV форумы қар-саңында БҚО делегациясы жұмыс сапарымен Самара облысына барды. Осы іссапар аясында облыс әкімі Алтай Көлгінов Самара облысының губернаторы Дмитрий Азаровпен  кездесті.

– Екі жақты әріптестіктің ерекше сипаты қос мемлекеттің басшыларының арасында берік қалыптасқан тиімді байланыстың мазмұнымен нақтыланып, қос өңірдің басшылығын қарым-қатынастың көкжиегін кеңейте түсуге жетелейді.  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев біздің елмен достық тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алатын Ресей Федерациясын Қазақстан Республикасының басты стратегиялық әріптесі, тату көршісі екенін және солай бола беретінін ұдайы айтып келеді, – деді  Алтай  Көлгінов.

Алтай Көлгінов атап көрсеткендей, өткен жылы БҚО мен Ресейдің аймақтары арасындағы тауар айналымы 600 млн. АҚШ долларынан асты. Биылғы жылдың сегіз айы ішінде сыртқы тауар айналымы 420 млн. долларды құрады, яғни көрсеткіштер 15,8%-ға өсті. Кездесу барысында облыс әкімі Ақ Жайық өңірінің экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуеті жөнінде әңгімеледі. Бүгінде БҚО аумағында шетелдік фирмалардың 86 филиалы, 238 халықаралық инвесторлармен біріккен кәсіпорын жұмыс істейді және олардың басым көпшілігі Ресей  Федерациясынан.

– Елбасы көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән-маңыз беруде. Өңірдегі іскерлік белсенділікті арттыру үшін әуежай ғимараты қайта жаңғыртылады. Қазірдің өзінде түрлі қалалар мен елдерге, соның ішінде Мәскеуге және Франкфуртқа тұрақты тікелей рейстер ашылды. Орал – Саратов бағытындағы жол құрылысы аяқтала келді. Осы құрылыс жұмыстары барысында шекарада сегіз жолақты жол салынады. Оралдан Ресей Федерациясының оңтүстік аймақтарына дейінгі жол құрылысы жұмыстары жалғасуда. 2019 жылы Самара облысымен арадағы шекарада сегіз жолақтық жол салу жоспарланды. Сонымен қатар алдағы жылы Орынбор облысына дейінгі жолды жөндеу жұмыстары басталады, – деді  Алтай  Көлгінов.

БҚО әкімі екі өңірдің туризм саласындағы әріптестігін кеңейту, облыстар арасында әуе қатынасын қалыптастыру, балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту жөніндегі ұсыныстарын білдірді. Айтқандай, балалар-жасөспірімдер  туризмі ТМД елдері арасындағы көшбасшы үштікке кіреді, аталмыш орталыққа ЮНЕСКО клубы мәртебесі берілген.

Самара облысының губернаторы Дмитрий Азаров қос мемлекеттің басшыларының екі жақты әріптестікке сапалы жаңа міндеттер жүктеп отырғанын, соған орай жұмыс қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті. Бүгінде әріптестіктің көптеген бағыты бар, солардың кейбір бөлігі табысты жүзеге асырылуда. Шекаралас өңірлердің кәсіпорындары арасында өзара тиімді кооперация қалыптасқан. «Зениттехсервис» ЖШС ұшқышсыз ұшақ аппараттарын жасақтау, жинақтау, өндіріске енгізу бағытында кластерлік инжинирингтік орталықпен және Самара инженерлік лабораториясымен бірге жұмыстануда. Орал механикалық зауыты «Электросила» кәсіпорнына иінді білік жеткізеді, «ТехремКомплект» зауытынан қосалқы бөлшектер алады, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ «Самтехнонефть» кәсіпорнымен мұнай құбырларын тазалау, химиялық реагенттерді пайдалану арқылы мұнай өткізу қарқынын көтеру технологиялары салаларында бірлесіп жұмыс істеу үшін келісімдер жүргізуде. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының көптеген мекеме-кәсіпорны тамақ, жеңіл өнеркәсібі және өзге де салаларда ре-сейлік компаниялармен әріптестік  орнатқан.

Жұмыс сапары барысында екі жақты әріптестікті экономика, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында одан әрі кеңейтуді көздеген бизнес кездесулер өтті. Кездесу соңында өңірлер арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық салалардағы әріптестік жөнінде келісімге қол қойылды. Бұдан кейін БҚО делегациясы өңірдегі бірқатар әлеуметтік-экономикалық маңызды нысандарды аралап, «ИДК Мать и дитя» жоғары технологиялы медициналық орталықта және  «Агропарк» агрологистикалық кешенде болып, жұмыстарымен танысты. Облыстың ірі кәсіпорындарының басшылары өз өнімдерін «Агропарк» кешеніне жеткізуге, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, туризм салаларында әріптестік орнатуға және  тәжірибе  алмасуға  уағдаласты.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


Сексеннің сеңгірінде

Күні: , 21 рет оқылды

Облыс әкімі Алтай Көлгінов еңбек ардагері, қоғам қайраткері Рахметолла Сүйербаевпен кездесті.

Кездесу барысында еліміздің өркендеуі мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері талқыланды. Сонымен қатар емен-жарқын әңгіме барысында Елбасының таяудағы Жолдауында көрсетілген міндеттердің өңірімізде жүзеге асырылуы туралы  пікір  алмасылды.

Өңір басшысы Рахметолла Хамитұлын 80 жасқа толу мерейтойымен құттықтап, облысымыздың дамуына қосып келе жатқан үлесі  үшін  алғысын  білдірді.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


«Брат, сіз қуып кеттіңіз ғой…»

Күні: , 72 рет оқылды

Оқырман   ойы

Мен  «Орал  өңірінің»  ұзақ  жылдан  бергі  оқырманымын, әр санын  жібермей  оқимын.

Редакция  журналистері  сан  тақырыпқа  қалам тартып, қоғамдағы  құбылыстарды  қалт  жібермейді.

Мектеп  ұстаздарының, оқушы  балалардың  шығармашылығына  ауық-ауық  орын  беріп  жатады.

Қысқасы, басылым басты мәселелермен қатар «бас ауыртатын» жағдайларды да түгел қамтып жазуға ұмтылып келеді. Қайсыбірін айтайын, есіме жиі орала беретіні – 2017 жылдың 21 тамызында «Орал өңірінде» жарияланған театр тарланы Құжырғали Төлеуішев ағамыздың «Қазақ тойының ғибраты кем…» атты мақаласы. Бұл ұлттық жанайқайды көтерген мақала десем, қателеспеймін. Ағамыздың өз ойын ашық жеткізгеніне аса риза болдым. Маған қатты ой салғаны – автордың биге байланысты айтқандары. Шымбайға батса да, шындық. Осындай мақалаларды «Орал өңірі» жиі-жиі беріп тұрса деймін. Сол кезде мен де мақаладан әсерленіп, қазіргі жасөспірімдер мен жастардың өмірге көзқарастары туралы мақала жаза бастағанмын. Содан күйкі тірліктің шаруалары кимелеп, кейін қалып қойыпты. Жақында «Жайық Пресс» журналистері ауданымызға келіп, оқыр-мандарымен кездесу өткізгені бұрын басталып аяқталмай қалған мақаламды қайтадан қолға алуыма түрткі болды. Бұрын қазақ отбасында алды он, соңы 4-5 баладан тәрбиеленуші еді ғой.  Қазір шауып кеткені 3-4 құрсақ көтерсе, соңы бір-екі баламен шектеледі. Ал сол 1-2 көкеге көсегені көгертетіндей тәрбие бере алып жүрміз бе? Әрине, әр ата-ана баласын қатарынан кем қылмай өсіруге талпынады. Дұрыс деңіз. Дегенмен сол айналайындарымыздың қажеттерін қанағаттандыруда асыра сілтеп жүрген жоқпыз ба? Меніңше, артықтау кетіп жүрген сы-ңайлымыз. Олай дейтінім, көкеміз 5-6 жасқа келгенде құны 60-70 мың теңге тұратын ұялы телефон сыйлаймыз. Ол бүлдіршін оны меңгеріп алғасын, таңның атысы, күннің батысы сол «ойыншықпен» ойнайды. Күніне 8-10 сағат бойы соған телмірумен, таза ауаға шықпастан, әбден сілелеп барып төсекке құлайды. Оның зияны туралы айтудай-ақ айтылып, жазудан да кенде емес. Алайда қазекең оған мән беріп жатпаған сыңайлы.

Интернеттің пайдасымен қатар зияны да, әсіресе, жас өскіндерге орасан. Өйткені бала ойлау қабілетінен ада болып, көзіне көрінген ақпаратты ғана кәдеге жаратады. Сөйтіп, жас буын сөйлесу, пікірлесу, өз ойын әдемі жеткізу қабілетінен айырылады. Біздің қоғам осынау жастарға төнген қауіпке қарсы тұрарлық амал жасай алмай отыр. Тағы бір мәселе, мектеп оқушылары түгілі, университет сияқты арнаулы жоғары оқу орындарын бітіріп, маман атанып келген кейбір жастарымыз өз өмірбаяндарын өрнектеп, жатық тілмен қағазға түсіре алмайды. Бірқатары бір мекемеден екінші мекемеге мазмұнын түсінсе де, қарапайым қатынас қағазын жаза алмайды. Осының бәрін интернет желісіне желімделудің салдары деп білемін. Қысқасы, қазіргі қоғамда ойланбайтын (әрине, бәрі демей-ақ қоялық), ойға ой қоса алмайтын, мәнді мәселе айта алмайтын, қазаққа жат әдеттерге жабыса кететін, батыстың берекесіз, бейәдеп әуендерін тыңдаудан талмайтын ұрпақ өсіп келеді. Оған қоса, тіліміз де тірсегінен тілінгендей болып бара ма, қалай өзі?.. Олай дейтін себебім, «Ағай, сіз қателесіп тұрған сияқтысыз» дегенді «Брат, сіз қуып кеттіңіз ғой…» дейтіндер пайда болды. Өздерінің арасында «көп сөйлеме!» дегенді «қума!» деп жүргендерін мына құлағымыз естіп жүр. Осы бағытпен жүре берсек, тіліміз құрдымға кетіп, келешекте жаңа қазақтардың сақау, дүбәра ұрпақтары пайда болуы әбден мүмкін. Сіз бұған не дейсіз, құрметті оқырман?..

Сәрсембай   ҚУАНШАЛИЕВ,

Бөкей ордасы аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы директорының орынбасары


«ЖАЙЫҚ ПРЕСС»: мерейлі кездесулер, жарқын жүздесулер

Күні: , 76 рет оқылды

Газетіміздің  өткен 1  қараша күнгі  №126  санында  «Жайық  Пресс»  медиахолдингінің  Зеленов  ауданындағы  кездесулері  туралы жазылды.  Тек  онда  ардагерлермен  болған  жүздесуіміз  бен пікірлесулерімізді  сол күнгі  нөмірдегі  орынның  аздығынан кейінге қалдырған  болатынбыз. Бүгін  ол  туралы әңгімелеудің  реті  келіп  тұр. Сонымен, қариялар  алқалы  жиында  не  деп  еді?..

Зеленов ауданының ақсақалдарымен, зейнет жасындағы әжелерімізбен  кездесуіміз өте бір белсенді жағдайда өтті. Кезінде орыс ағайындар қалың қоныстанған, қазағы аздау өңір еді. Бүгінде де сол қаракөздеріміздің орыс тілінде сөйлеулері басымдау ма деп қалдық. Өткен жылдарда Кеңес заманы тұсында осы ауданға еңбектері сіңген қадірлі жандармен кездесуімізді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов ашып беріп, жиналғандарды әңгімеге жетектеп отырды. Әңгіменің көрігін қыздырудан газетіміздің ұзақ жылдардан бергі жанашырларының бірі, аудандық мәслихаттың хатшысы Рамазан Тастайұлы Исмағұлов та тартынып қалмады. Сонау бір жылдарда қара сөздің қаймағын қалқығанда, кез келгенді беліне қыстырып әкететін әкесі, сырымдық Тастай ақсақал газетімізге жиі қалам тербеп тұратын. Көргені көп, түйгені одан да мол шежіре еді. Баласы да сол маңнан «ұзамапты».

– Медиахолдингтеріңіз – БАҚ саласындағы біздің өңірдегі ең үлкен мекеме. Ірі турап жазасыздар. Бір ғасырлық тойларыңызда ойдан-қырдан қонақтар келді ғой… Сонда мерекелік мінберден кезек-кезек сөйлеген шешендер Ақ Жайық қана емес, еліміздегі ақсақал басылымдардың алдында тұрған – «Орал өңірі» мен «Приуральені» мақтады. Біздің мерейіміз өсіп отырды. Енді, міне, мынандай өміршең жобамен ел арасына шығып отырғандарыңыз өте құптарлық, өзгелерге үлгі боларлық бастама. Осыларыңызды жалғастыра беріңіздер. Біз өздеріңізбен бетпе-бет кездесіп, сұхбаттасып, бір жасап қалып отырмыз, – деді ол.

Ардагер Виктор Железнов өзінің «Приуралье» газетін ұзақ жылдардан жанына серік етіп келе жатқанын баяндай келе: – Облыстағы сүйінішті хабарларды, жетістіктерді жазып жатасыздар, оны қолдаймыз. Алайда, кемшіліктер мен атқарылмай жатқан шаруаларды, өткір тұрған мәселелерді де жазу керек. Ауылдарда мәселе көп. Мысалы, трактор айдап, комбайндарға отыратын механизаторлар жетпей жатады. Жастар ондай мамандықтарды менсінбейді. Бұлай кете берсе, бара-бара жер жыртып, егін оратын адам қалмайды. Осыны газет бетінен түсірмей жазу керек, – деп өзін мазалап жүрген ойларын ортаға салды. Виктор ақсақалдың бұл ойын замандасы  Николай Анципрович іліп әкетті.

– Ауылдардағы кәсіптік колледждерді бітірген жастар көбіне жұмыссыз қалады. Оларға газеттеріңізде кәсіби бағдар беретін арнайы айдар ашып, қай жерде қандай жұмыс бар, табысы қандай, нендей жеңілдіктері бар деген бағытта мақалаларды жариялап тұру керек сияқты. Николай ақсақалдың ұсынысын қызу мақұлдаған кездесуге қатысушылар ауылда мал бағатын адамдар табу тіпті қиындап кеткенін тілге тиек етті.

– Жекелер малдарына ақша төлеп бақтырайын десе, осы аудан орталығынан бақташы табылмайды. Қара есеппен есептеп көрсек, ол бақташыға айына 300 мың теңгеге дейін табыс табуға болады екен. Бірақ сол ақшаға адам шықпайды. Ал жұмыссыз жүргендер жоқ емес, бар. Алайда малды ешкім баққысы келмейді. Жұрттың бәріне жылы кабинет, жұмсақ орындығы бар  қызмет жете ме?..

Любовь Шмаринаның есімі Зеленовқа ғана емес, облысқа жақсы таныс. Бұл азаматша кезінде  лауазымды қызметтер атқарған, осы ауданның тарихын да, шаруашылық әлеуетін де өте жақсы білетін жан.

– Аудандық газетіміз соңғы кезде қазақ тіліндегі материалдарға көбірек басымдық беріп келеді.Қазақшаны жеңіл-желпі түсінгені-мізбен, жазылғанын жүгіртіп оқи алмаймыз, ақи-тақи түсіне алмай қиналамыз. Сондықтан аудандық басылымды жартылай орысша шығарып отырса, қалай болады?.. Әрине, оның бәрі қаржыға келіп тірелетінін түсінеміз. Тіпті, ең болмаса, айына бір рет қосымша бет қосып отырса, қалай болады? «Приуральені» алдырып оқып, облыстың жаңалығын біліп отырамыз. Айта кетуім керек, соңғы айларда «Приуралье» қай-қай жағынан да тартымды шыға бастады. Осы бетінен таймасын! Енді оған аудандық газетті қосып алдырар едік, –  деді ол.

Любовь Борисқызының бұл ұсынысын газетіміздің ұзақ жылдардан бергі оқырманы әрі үзбей жазып тұратын штаттан тыс тілшіміз Жұбандықов Майдан ағамыз іліп әкетті. Орыс тілінде майын тамызған Майдан ағамыз бүй деді: – Мен осында 42 жылдай жұмыс істедім.  «Орал өңірі» мен «Приуральеге» қарап отырсам, қалам тербегеніме 50 жылға жуықтапты. Әлі де жаза беремін. Сонау бір жылдарда облыстық газеттердің штаттан тыс тілшілеріне қатты көңіл бөлінетін. Аз болса да, жазуға ынталандыратын қаламақы төленетін. Ауданда 60 мыңдай халық бар. Бұл облыстық газеттерді айтпағанда, аудандық газет үшін ормандай оқырман. Әлгіндей қазақша-орысша шығатын болса, газеттің таралымы да күрт өсетіндігіне сөз жоқ. Бұрын аудандық газетте орыс тілінде де материалдар көп шығатын. Егер газетіміз қос тілде шығатын болса, орыс тілді журналистеріміз  де табылады.

Бұл ұсыныстарды мұқият тыңдап алған «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов: – Менің келгеніме үш айдай уақыт болды. Өте орынды мәселені көтергендеріңізге көп рақмет! Алдымен, мына ұсыныстарыңызды құп алып отырғанымды жеткізгім келеді, сосын барлық мүмкіндіктерімізді елеп-екшеп алып, газетті қос тілде шығаруға, оған жаңағы өздеріңіз жақсы білетін, ұсынып отырған журналисті қызметке тартуға жұмыстанып көреміз.  Бұл ұсыныстарыңыз сәл-пәл уақыттан кейін өздеріңіз қалағандай шешімін тауып қалар, – деді. Осы жауапқа ақсақалдар қауқылдасып, қуанып қалды.

Нұржанова Мүгілсін Зеленовқа сонау Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласынан қоныс аударып  келіпті.

– Түпкі қазығымыз Сырым елінен екен. Біз үшін есте жоқ ескі заманда арғы атамызды Сібірге жер аударыпты. Содан бертін келе, әкеміз Нөкіске табан тіресе керек. Енді атажұртқа келген бетіміз. Шүкір, жағдайымыз жақсы. Менің айтайын дегенім, аудандық газет жиналыстардан есеп жариялай бермей, оқылатын дүниелер беріп тұрса деймін. Қазақ қыздары аңқаулау келеді. Тура дінімізден бұрып әкететіндер көбейіп тұр. Солардан сақтандыратын мақалаларды жиі-жиі жазу керек.

Бізді бір қуантқаны, ақсақалдар қарақан бастың қамын қаузаған мәселені емес, ауылдың, халықтың көкейінде жүрген ортақ жайттарды ортаға салумен болды. Мысалы, кезінде шаршы кілемнің шаңын қағып, талай жарыста жеңіске жеткен палуан Мыңбаев Аманкелді ақсақал  үшін жерлесі, Социалистік Еңбек Ері Қариполла Абдушевтің есімімен бір көшені атау арман екен. Аманкелді ағамыз бастаған ақсақалдар бұл туралы талайдан мәселе көтеріп келе жатқан көрінеді. «Ономастикалық комиссияға жазып едік, әлі жауап жоқ», – деді Әбекең спортшыларға тән мінезбен қызынып. Бұл сауалға аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Исмағұлов: – Оң шешім шығады деп айта беруге болады. Тек сәл-пәл кешігіп келеді, – деді.

Сонымен ақсақалдар алқалап келген жиын тәмамдалды. Қариялар арнайы келіп, кездесу өткізген журналистерге алғыстарын жаудырып, ақ  баталарын  берді.

Есенжол   ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Саида ҚАЛЫҚОВА: «Өзімді өте бақыттымын деп санаймын»

Күні: , 18 рет оқылды

Бүгінде  Саида  Қалықованың  есімі  тек  елімізде  ғана  емес,  алыс-жақын  шетелдерде  де  кеңінен  танымал.  Ол  – тіпті  он  екі  мүшесі  сау  біраз  адамның  қолы жетпейтін  биік  белестерді  бағындырып,  музыкант,  көшбасшы  ретінде  талайларды тамсантқан  тұлға.  Көптеген  халықаралық  конкурстардың  лауреаты,  еліміздегі  жалғыз музыка  академигі,  мәдениет  саласына  қосқан  үлесі  үшін  «Жаншуақ»  сыйлығының  иегері,  «Болашақ»  бағдарламасының  түлегі  Саида  Қалықова  былтыр  «Қазақстанның  100  жаңа есімі»  жобасының  жеңімпазы  атанды.  Мүмкіндігі  шектеулі  жандардың  шын  мәнінде  шексіз  мүмкіндікке  ие  екенін  ісімен  дәлелдеп  жүрген  қаршадай  қазақ  қызымен  сұхбаттасудың  сәті  түскен  еді.

— Саида, күйсандыққа ең алғаш отырған кезіңіз есіңізде ме?

— Менің музыка әлемімен таныстығым Орал қаласындағы №1 саз мектебінде басталды. Біздің ауланың балалары өте тату болдық. Кішкентай кезімде өзімнен бірнеше жас үлкен ұл-қыздармен ойнағанды жақсы көретінмін. Бір күні 18 жасар көрші қыз саз мектебіне қызметке тұрғанын, алайда сыныбында әлі бірде-бір оқушының жоқ екендігін айтты. Алты жасар кішкентай қыз болсам да, ауладағы бойы да, жасы да өзімнен үлкен 15 баланы жинап, №1 саз мектебіне ертіп әкелдім. Бұл 1993 жылдың  1 қыркүйегі болатын.

Достарыммен бірге директордың кабинетіне кіріп, Баян Жанәлиеваның сыныбына келгенімізді және тек сол педагогтан ғана білім алғымыз келетінін айттым. Бәріміз түгелдей сол кісінің сыныбына жазылдық. Міне, осылайша мен музыка әлеміне қадам  бастым.

Өте арманшыл және белсенді бала болдым. Айналадағы нәрсенің бәріне үлкен қызығушылықпен қарайтынмын, бәрін білгім, үйренгім келетін. Үйімізге жақын орналасқандықтан, Сурет галереясына, «Мир» кинотеатрына, планетарийге жиі баратынмын. Үшінші сыныпта оқып жүргенде, домбыра сыныбына, би және қолөнер үйірмелеріне  жазылдым.

Бірақ тоғыз жасымда  жасалған  отаның салдарынан көру қабілетімнен айырылған соң, өмірім күрт өзгеріп сала берді. Өзге қызығушылықтарымның бәрінен бас тартуыма тура келсе де, музыкадан қол үзе алмадым. Музыка қараңғылықта қалған қаршадай қыз үшін жалғыз жарық сәуледей еді. Қиналғанда көңіліме демеу, жабыққанда жаныма сүйеу бола білді. Сол кезден бастап музыка менің өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды. Анам қолымнан жетелеп, алдымен қаламыздағы №3 саз мектебіне әкелді, кейін Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжіне оқуға түстім. Отбасым мен ұстаздарымның кеңесімен музыкалық білімімді Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде және «Болашақ» бағдарламасы арқылы Флоренциядағы Луиджи Керубини атындағы консерваторияда  (Италия)  жетілдірдім.

Өмір жолымда керемет ұстаздарды жолықтырғаным үшін өзімді өте бақыттымын деп санаймын. Орта мектепте сабақ берген ұстаздарыммен әлі күнге дейін жақсы араласамыз. Әсіресе, менің колледждегі оқытушым Наталья Свешникова — менің өнердегі бағымды ашқан асыл жан.

Әлі күнге кеңесін айтып, шығармашылығыма үнемі қолдау көрсетіп отырады.

— «Болашақ» бағдарламасы арқылы Италияның Флоренция қаласындағы атақты Луиджи Керубини атындағы консерваторияда білім алған тұңғыш қазақсыз. Еуропалық білім беру жүйесінің  ерекшелігі  неде?

— Керубини консерваториясында пианистерді алты деңгей бойынша бағалайды. Мен емтихан нәтижесінде бірден ең жоғары деңгейге өтіп, жеке орындаушы мамандығына еш қиындықсыз қабылдандым. Бұл — менің ғана емес, ұстаздарымның да тынымсыз еңбегінің жемісі. Өйткені бізде музыканттың туындыны меңгеруімен қатар сахна мәдениетіне, киім киісіне, көрерменді құрметтеуіне ерекше мән беріледі. Италияда рейтингтік концерт бергенде, италияндықтар менің сахнадағы өнерімнен кейін «Бізге дайын әртіс келді» деп таңғалды. Бір қызығы, италияндықтар өнерге саясат тұрғысынан қарайды. Яғни мемлекет қандай саясат ұстанса, музыкасы да сондай болады деген көзқарас қалыптасқан. Маған «Сен Ресейден келдің, демек, сен орыссың» дейтін. Мен болсам, «Жоқ, мен қазақтың қызымын, Қазақстаннанмын» деп айтатынмын. Әрине, Қазақстаннан барған алғашқы студент болғасын, мен арқылы бүкіл Қазақстанды бағалайтынын ұқтым. Сондықтан әр басқан қадамым үшін үлкен жауапкершілікті сезініп, үнемі үздік болуға, маған сенген жандарды жерге қаратпауға талпындым. Теориядан емтихан тапсырғанда, консерватория ректоры маған арналып жазылған аудиокітаптарды өзі әкеліп берді. Менің жағ-дайымды, Италияда да менің  жанымда болған анамның жағдайын ойлап, осылайша үлкен қолдау көрсетті. Бетховен мен Де-бюсси бойынша екі бірдей ғылыми жұмысты италиян тілінде қорғап, магистратураны «Laude» белгісімен тәмамдадым әрі музыка академигі  дәрежесін  алдым.

— Сіз әлемдік деңгейдегі сахналарда әйгілі композиторлардың туындыларын шебер орындап жүрсіз. Солардың ішінде жаныңызға жақыны қайсысы?

— Ең жақсы көретін композиторым – Фредерик Шопен, жаныма жақын туындысы «Бесік жыры». Бұдан өзге Дебюсси, Бах, Бетховен сынды композиторлардың шығармашылығы  ұнайды.

— Саида алғашқы төл туындыңызды 15 жасыңызда жазғаныңызды білеміз. Осы уақытқа дейін қанша шығарма  жаздыңыз? Жалпы, шабытты  қайдан аласыз?

— Саз мектебін бітірер жылы емтихандарға дайындалып жүргенде бір этюд орындағанмын. Этюдтың аккорды маған қатты ұнады. Сол аккордтан шағын шығармам шықты. «Жаңбырдан кейін» деп аталатын тырнақалды туындым кішкентай балаларға арналған. Қазіргі таңда барлығы жиырмаға жуық төл туындым бар. Менің шығармашылығымда анама арнаған «Ой толғау» және туған қалама арнап шығарған «Көлдегі таң» атты туындыларымның орны ерекше. «Асыл әжем» атты композиция да мені мейіріміне бөлеп мәпелеп өсірген, өнерге қадам басуыма өлшеусіз үлес қосқан нағашы Зүбәр әжеме деген алғысым әрі сағынышым іспетті. Шығармаларымның көбін Оралды сағынып жүргенде жазғанмын. Анам менің өте сезімтал жан екенімді жиі айтады. Кішкентай балаша тез қуанамын, кейде болмашы нәрсеге жылап та қаламын. Жалпы, бұлбұлдың сайрағаны да, жаңбырдың  жауғаны да маған ерекше шабыт сыйлайды.

— Жақында Оралда «Асыл қалам»  атты жеке концертіңіз өтті. Қазақстан, Ресей және Италия сахналарында  80-ге жуық жеке концерт беріп үлгердіңіз. Туған қалаңызда концерт беру оңай ма, әлде өзге сахналарда ма?

— Туған қаламда концертке дайындалу, бір жағынан, жеңіл, өйткені үйдемін, отбасымның, әкемнің,  бауырларымның қасындамын. Екінші жағынан, үлкен жауапкершілікті сезінемін. Мен үшін істеген жұмысымның нәтижесін көрсететін емтихан сияқты. Оның үстіне Оралдағы концерттерім ылғи да көрерменге лық толы болады. Тіпті залға сыймай қалып жатады. Шығармашылығыммен етене таныс көрерменнің алдында өнер көрсетудің өзі бір ғанибет.

— Сізді  қазір тек музыкант, композитор ретінде ғана емес,  «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы ретінде де таниды. Жерлестеріңіз өзіңізді мақтан тұтады. Аталмыш республикалық жобаның жеңімпазы атанғаныңызды білген кезде қандай сезімде болдыңыз?

— Мен сахнаға, халықтың ықылас-құрметіне үйренген адаммын. Сондықтан «100 жаңа есім» жобасы аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлегенде аса қатты қобалжу болған жоқ. Елбасы кездесуге шаршап келді. Рас, мен оны бірден сездім. Бірақ  кездесу ол кісіге жақсы әсер етті, көңіл күйі жадырап сала берді. Мен италияндық  достарыма арнап жазған «Клементони» атты шығармамды орындап бердім. Президентпен бір залда отырсам деп бала кезден армандайтынмын. Ал Елбасының алдында тұрып, өмірбаянымды айтамын деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірген емес.

Әрине, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атану үлкен қуаныш, мәртебе ғана емес, сонымен қатар қоғамның,  халықтың алдындағы зор  жауапкершілік  екендігін түсінемін.

— Бос уақытыңызда сүйікті ісіңіз музыкадан басқа тағы немен  айналысасыз?

— Тіл үйренуге қызығушылығым жоғары. Қазір қазақ, орыс, ағылшын, италиян, испан және француз тілдерін меңгергенмін. Бос уақытымда түрлі қайырымдылық шараларға қатысамын. Негізі, Астана қаласындағы мемлекеттік академиялық филармонияда жеке орындаушы болып қызмет  істеймін. Алға қойған арман-мақсаттарым өте көп. Соған жеткізсін Құдай деп жүремін. Мен көп уақыттан бері бір мақсатқа ұмтылып келе жатырмын. Келесі жылы орындалады деп үміттене-мін. Әзірше ол құпия…

Сұхбаттасқан   Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Жер телімдері аукционға түсті

Күні: , 22 рет оқылды

Орал қаласында бос жатқан  11 жер учаскесі аукцион арқылы сатылды.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабына сәйкес,  мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар сауда-саттықта, яғни конкурстар мен аукциондар арқылы беріледі. Биылдыққа алтыншы рет өткен аукционға шығарылған 11 бос жатқан жер телімінің сауда-саттығына 25 адам қатысып, олардан 44 өтініш түскен.

– Аукционға шығарылған жер телімдері үш жылға жалдау құқығымен беріледі. Меншік иесі осы аралықта бұл жерді игеруге міндетті. Содан кейін ғана оны жеке меншігіне сатып алуына немесе ұзақ мерзімді жалға алуға құқығы бар. Егер де үш жыл ішінде ол жерді мақсаты бойынша игермесе, жер заңнамасының 92-94-баптарына сәйкес, оны сот арқылы мемлекет меншігіне қайтарып алуға құқығымыз бар. Игерілмеген жерлер тағы да аукционға шығарылады. Бұған дейін өткен бес аукционға шығарылған 47 жер телімі шамамен 134 млн. теңгеге сатылды, – дейді Орал қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Бисимбалиев.

Айта кету керек, келесі аукционды цифрландыру бағдарламасы бойынша электронды нұсқада  өткізу  жоспарланып  отыр.

Ясипа    РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика