Мұрағат: 02.11.2018


Пластик қалдықтарын бөлек жинайық

Күні: , 27 рет оқылды

Пластик оны өндіргеннен бастап зарарсыздандырғанға дейін қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. Пластик өнімдерін шығаратын зауыттар атмосфераға жылына 400 млн. тоннаға дейін көмірқышқыл газын бөледі, күні бүгін жануарлардың шамамен 800 түрі пластикті тұтыну және улану салдарынан құрып кету қаупіне ие деуге болады.

Пластикалық ластану – су  тоғандарының қоқыстануы (антропогендік қалдықтарды көл, өзен, теңіздерге лақтыру), судың бір реттік пластикпен, пластикалық  торлармен   және т. б. ластануы. Жыл сайын пластиктен өндірілетін бұйымдардың көп бөлігі бір реттік қол-дануға арналған, көбіне орау үшін қолданылатын заттар.

Пластик шамамен екі жүз жыл ыдыратылады (іріп-шіриді). Пластмасса бұйымдар жерге түскеннен кейін ұсақ бөлшектерге бөлініп, қоршаған ортаға химиялық заттар бөле бастайды. Жерасты сулары арқылы пластиктің шағын түйіршіктері және оның химикаттары жақын орналасқан су көздеріне сіңе бастайды, бұл жануарлардың жаппай қырылуына әкеп соғады.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары, үйінділері пластмассаның көптеген түрімен ұдайы толып жатады. Бұл үйінділерде  пластмассаның биоқұлдырауын  жеделдететін көптеген микроағза болады.

Өркениеттің озық игіліктері кейде адамдарға қолайлылық тудырумен қатар, табиғатқа елеулі зиян келтіреді. Соңғы он жыл ішінде әлемде пластик өнімдер алдыңғы жүзжылдыққа қарағанда көп өндірілді.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы облыс тұрғындарын таза қайталама шикізат алу үшін «құрғақ қалдықтарды», одан әрі зарарсыздандыру үшін «дымқыл қалдықтарды» бөлек жинау қағи-датын ұстануға шақырады.

Облыстық  табиғи  ресурстар  және  табиғат  пайдалануды реттеу  басқармасы


Бензин бағасы түсті, ТАКСИ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Күні: , 54 рет оқылды

Жуырда ауданымыз бойынша бензин бағасы арзандап, қуанып қалдық. Көпшілік аутокөліктің тұтынатын АИ-92 маркалы жанар-жағармай бағасы Қазталов ауданы орталығында  бірден 180 теңгеден 155 теңгеге төмендеді. Бірақ бұл қуанышымыз көпке  созылған жоқ. Оған себеп – Орал мен аудан орталығына қатынайтын такси бағасының 2500 теңгеден 3000-ға көтерілуі. Әншейінде жалақы мен жанар-жағармай өсе қалса, бағасын өсіре қоятын такси қызметі нарықта өзгеріс бола тұра, тарифтерін түсірмей, керісінше, көтеріп отырғаны тұрғындар арасында наразылық туғызуда.

Бүгінгі күні Қазталов – Орал аралығына қатынайтын жеке таксилердің құны – 3000 теңге, ал Жалпақтал – Орал арасы – 2500 теңге. Бұл бағаны оларға ешкім шегелеп тұрып, бекітіп берген жоқ, әрине. Десек те, бұл – такси жүргізушілердің өзара анықтап, келісіп алған ортақ бағасы. Ал осы екі араға қатынайтын аутобустың құны – 1350-1500 теңге. Дегенмен Қазталов бағытындағы 20 орындық аутобустың соңғы кездері жүруінен тұруы көбейіп кетті. Тіпті бір айға жуық мүлдем жүрмей қалғаны да рас. Сондай-ақ бұл аутобустар тұрғындарды толықтай қамти алмайды. Билетті ертемен барып алмасаңыз, құр қалатыныңыз  тағы  бар.

Осы мәселеге тікелей қатысы бар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан  Ислямовқа  жолыққан  едік.

– Жақында облыс орталығы мен аудан орталығына қатынайтын аутобус жөндеуге тұрып қалғанын пайдаланған такси қызметіндегілер жолақысын көтеріп жіберді. Бұл – олардың жеке шешімі. Бізбен ақылдасып жатқан ешкім жоқ. Тіпті такси қызметіне арнайы патент алмай жүргендері біршама, –  дейді  бөлім  басшысы.

Әрине, жоғарыдағы пікірлерді ескерсек, такси қызметіндегілердің жолақыны көтерулері жөнсіз. Бұрынғыдай Чапаев ауылына дейін шоқалақ, жайсыз жолдың асфальт жолмен жабдықталып жатқанын да алға тартуға болады. Жолаушы тасымалымен айналысып жүрген ауыл тұрғыны Мерген Малаховты әңгімеге тарттық.

– Біз өткен жылдың 21 ақпан күні өзара келісу арқылы Қазталов – Орал бағытындағы жолақыны 2500-ден 3000 теңгеге көтердік. Бұдан кейін биылғы жылы жаз айларында балалар мен студенттердің ауыл мен қалаға қатынауына жеңілдік ретінде қайтадан 2500 теңгеге түсірген болатынбыз.

Ал қазіргі күндегі нарықтық жағдайда азық-түлік, киім, құрылыс материалдары күннен-күнге қымбаттап жатыр. Ал көліктің қосалқы бөлшектері 2,8 пайызға дейін шарықтап кетті. Біз де такси қызметінде еріккен жағдайдан жүргеніміз жоқ қой. Жанұямызды асырау үшін жұмыс істейміз. Сол себептен жолақысын 3000 теңгеге  қайтадан  көтердік, – дейді  ол.

Такси қызметінде жүрген азаматтарды кінәлаудан аулақпыз. Дейтұрғанмен, олардың қарапайым халықтың қалтасына тым қатты салмақ сала беруге болмайтынын  ескергені  абзал.

Қайрат   ЖАҚЫП,

Қазталов   ауданы


Асқақ армандар мекені

Күні: , 85 рет оқылды

Баланың  ұлттық  дәстүр  мен  өнегелі  мұраларды  бойына  сіңіріп  өсуіне жанұясы мен өскен ортасы міндетті түрде әсер ететіні түсінікті.

Ал жетімдер үйінде отбасы құндылықтары тиісті деңгейде дәріптелмеуі мүмкін. Сондықтан ата-анасының қамқорлығынан айырылған балаларға қолұшын беру ниетімен құрылған «Бөбек» қайырымдылық қоры еліміздің әр аймағында отбасы үлгісіндегі балалар ауылын ашты. Осылайша он бес жыл бұрын Орал қаласында да балалар ауылы құрылған болатын. Мұндағы қызметкерлер ашылған күннен бастап бүгінге дейін бірнеше буынды тәрбиелеп шығарды. Ұяларынан түлеп ұшқан 148 баланың әрқайсысы өз алдына отау құрып, еліміздің дамуына үлестерін қосып жүр. Балалар ауылының басты мақсаты – тәрбиеленушілердің бір-біріне деген бауырмалдық сезімдерін дамытып, үй шаруасына бейімдеп, оларға кәдімгі отбасылық жағдай  туғызу. Газетіміздің «Бір күн» айдары арқылы оқырмандарымызды  тыныс-тіршілігімен таныстырмақ оймен аталған ауылға  барған болатынбыз.

АУЫЛ  АЙНАСЫ

Он бір үйден және бір әкімшілік ғимараттан құралған ауылдың айналасына көз салдық. Аула мұнтаздай. Бір-біріне қарайлас үйлердің арасынан әкімшілік ғимаратты бірден аңғарып, алдымен сонда бет алдық. Балалар ауылы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Кенесаринаның мәлімдеуінше, ауылда 73 ұл-қыз тұрса, оларды педагогикалық білімі бар сегіз «ана» тәрбиелейді екен. Балалардың басым бөлігі Орал қаласындағы №20, 30, 13 және 22 мектептерде білім алады.

Сонымен қатар облыстық есту қабілеттері бұзылған және зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектептерде оқитындары да бар. Мектептен тыс уақытта түрлі үйірмелерге қатысып, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстардың жеңімпазы атанып жүрген жасөспірімдердің жарқын жетістіктері  де  мол.

«КӨП БАЛАЛЫ  ОТБАСЫ»

Әкімшілік ғимаратқа ең жақын орналасқан үйдің есігін қақтық. Есікті кішкентай сүйкімді қыз ашып, жымиып амандасты да, ішке қарай жүгіріп кетті. Алдымыздан шыққан Шынар Хамзина өзін осы шаңырақтың анасы ретінде таныстырып, үйдің ішін аралатты. Ғимараттың кәдімгі үйден еш айырмашылығы жоқ. Асүйде қайнап жатқан сорпаның дәмді иісі танауымызды қытықтай жөнелді. Үйдің іші кең. Қыздарға, ұлдарға және олардың аналарына арналған  бірнеше  бөлме  бар.

Шынар Хамзина осы үйде тоғыз бала тәрбиелеп отырған «көп балалы ана» екен. Төрт ұлы ала таңмен сабаққа кетіпті. Бес қыздың үшеуі де мектепте  болса керек. Тек Зарина мен Гүлназ есімді екі қыз қонақ бөлмеде теледидардан «Балапан» арнасындағы бағдарламаны тамашалап отыр. Үйдің үлкені Гүлжәнел №30 мектептің 11-сыныбында оқып жүр. Екінші қызы Кәмила да аталған мектептің 10-сыныбында. Валера мен Жандос 8-9-сынып оқушылары болса, Ростислав, Гүлназ, Дмитрий үшеуі 7-сыныпта оқиды екен. Ал кенжелері Зарина мен Альбина екінші және үшінші сыныпта оқып жүр.

«ҚҰДАҒАЙ»

Жәудір көздердің бәріне бала бақытын сыйлап, бар мейірімін төгіп жүрген Шынар Ғабдісаматқызы балалар ауылы ашылған алғашқы күннен-ақ өз  қызметін осында аптасына алты күн, тәулігіне 24 сағат бойы беріле атқарып келеді.

– Бұған дейін оннан астам баланы ұядан ұшырдым. Менің тәрбиемде болған балалардың барлығы да сабақтарын жақсы оқыды. Өйткені оқу үлгерімдерін қатты қадағалаймын. Сонымен қатар қыздарым да, ұлдарым да үй шаруасына осал емес. Балаларымның алды жоғары оқу орындарын аяқтап, үйлі-күйлі болып отыр.

Ата-енелері мені «құдағай» деп сыйлап жатады. Түрлі тағдырмен келген сәбилердің мінездері де сан алуан болады ғой. Барлығын тәрбиелеп, өсіру оңай емес. Туған аналарындай бола алмасам да, өздерімен сырласып, ақылымды айтып, жақын тартуға тырысамын. Барлығының болашағы жарқын болғанын қалаймын, – деген «көп балалы ананың» сөзі көңілімізге  қонды.

АРМАНЫН  АЯЛАҒАН  ҚЫЗ

Түскі асқа таяу оқушылар сабақтарынан орала бастады. Қарсы алдымыздан бойжетіп қалған Гүлжәнел шыға келгенде, оның табиғи сұлулығына таңғалдық. Бірақ бізді баурағаны ақкөңіл мінезі еді. Риясыз әңгімесін айтып, өзінің ең үлкен арманымен бөлісті. Гүлжәнелдің туған әпкесі мен ағасы бар екен. Аналары өмірден өткен соң, әкелері қайғыдан ішкілікке бой ұрған. Үйдің үлкендерін басқа отбасылар асырап алыпты. Ал кенже қызы Гүлжәнелді әкесі ешкімге бергісі келмеген. Алайда көп ұзамай әкелік құқығынан айырылып, Гүлжәнел екінші сыныпта оқып жүрген кезінде балалар ауылына орналастырылған.

– Болашақта өз нанымды тауып, жей алатын мамандық иесі болуым керек.

Сондықтан ҰБТ-ға мықтап дайындалып жүрмін. Адал жолмен жүріп, ерінбей қызмет етсем, жолым өзінен-өзі ашылатынына бек сенімдімін. Кейін арнайы бағдарламалар арқылы Оралдан үй алып, әкемді жаныма көшіргім келеді. Егер мен оны бағып, жағдайын жасасам, ол теріс әдеттерінен арылуы мүмкін, – деген Гүлжәнел көзіне жас алып, аз ғана бөгелді. Осы тұста оқушы қыздың әр сөзін салмақтап айтатын, дұрыс шешім қабылдай білетін мінезін анық аңғарып, іштей көңіліміз  марқайды.

ТҮЙІН

Жеткіншектердің  ата-аналары мен  туыстары  ара-тұра  келіп, жағдайларын  біліп  кетеді  екен. Патронатты тәрбиеге  асырап  алушы  отбасылар  да ұшырасады.  Сонымен  қатар  жергілікті  кәсіпкерлер әр  үйге  сый-сияпаттарын жасап,  әрдайым  демеушілік  көрсетеді.  Яғни  балалардың  тиісті деңгейде  дамып,  тұлға  ретінде  қалыптасуларына барлық  жағдай  жасалған.  Біз  кетерде  балалар араның  ұясындай  гуілдеп  түскі  астарын  ішіп жатты.  Олар  әдеппен  қоштасып, жымиып  қала бергенде,  әлдене  жүрегімізді  ақырын-ақырын шымшығандай  еді. «Мына  жалған  өмірде өз балаңа  ата-ана  бола  білу  де  үлкен сын  екен» деген  ойды  түйіп  шықтық…

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Жаңа қосымша іске қосылды

Күні: , 57 рет оқылды

Облыстық  ақпараттандыру, мемлекеттік  көрсетілетін  қызметтер  және  архивтер басқармасының жаңа орталығы қыркүйек  айында ашылған  болатын. Бейсенбі күні облыс әкімі  Алтай  Көлгінов аталған  орталыққа  арнайы келіп, онда қызмет ететін  мамандармен тілдесті.

Басқарма басшысы Сәкен Нұртазаевтың мәлімдеуінше, мұндағы барлық қызмет ашық форматта жүргізіледі. Орталықта әзірге 15 ІТ-маман қызмет етуде.

Алдағы уақытта кадр санын көбейту мақсатында жергілікті жоғары оқу орындарымен байланыс орнатылыпты. Осылайша жастар арасында жаңа технологиялар насихатталуда.

– ІТ Hub кіші индустриялық аймағында түрлі стартаптар ұйымдастырамыз. Ол жерде ұсынылатын тың идеяларды жүзеге асыратын боламыз. Бүгінде орталық қызметкерлері елуге жуық ІТ-жобамен жұмыстануда. Астана қаласындағы Назарбаев университетімен байланыс орнаттық. Жалпы, мамандар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға дайын. Мәселен, өңір экономикасының барлық саласын цифрландыру, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен «Smart city» жобаларын дамыту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырудамыз, – дейді Сәкен Рүстемұлы.

Жаңа орталықтың қызметімен танысқан облыс басшысы ІТ-мамандар тарапынан ұсынылған тың жобалар ескерусіз қалмайтынын  айтты.

– Қаламызда цифрландыру бойынша бірнеше жоба іске асырылуда. Тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру ниетімен Оралда «Смарт Орал» орталығын аштық. Енді  2020 жылға дейін шалғайда орналасқан жүзге жуық елді мекенге талшықтық-оптикалық байланыс желісін, яғни ғаламторды жеткізуіміз керек. Мұның барлығына тек цифрландыру арқылы қол жеткізе аламыз. Сондықтан сіздердің кез келген тың идеяларыңызға қолдау көрсетуге дайынбыз. Бастысы, ұсынатын жобаларыңыз қолданушыларға ыңғайлы әрі түсінікті болуы керек. Жуырда ашылған ІТ-лицейде білім алып жүрген жас жеткіншектерге барып, дәріс оқып, оларды жаңа технологияға баулыңыздар. Ақпараттық технологиялар саласында бәсекеге қабілетті болу маңызды,  – деді Алтай Сейдірұлы.

Кездесу барысында жаңа «Смарт Орал» қосымшасы қолданысқа ұсынылды. Енді смартфон қолданушылары «ақылды қалаға» арналған қосымшаны «Play market» арқылы телефондарына жүктеп, пайдалы ақпараттарға қол жеткізе алады.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Нан қымбаттамайды

Күні: , 81 рет оқылды

Күнделікті  тұтынатын  тауар  бағасын  негізсіз  өсіргендер  жауапкершілікке  тартылатын  болады.

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексовтың төрағалығымен, өңірдегі нан өнімдерін өндіруші ірі кәсіпорындардың жетекшілерінің қатысуымен өткен жиында айтылды. Басқосуда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кіретін сұрыпты нан бағасын  бекіту  турасында  айтылды.

Аталған жиынға нан өнімдерін өндіруші «Антипов» ЖК, «Попков» ЖК, «Доценко» ЖК және «Желаев КХП» АҚ, «Белес Агро» ЖШС секілді ұн тарту мекемелері қатысты.

Өзекті мәселе талқыланған жиында ұн тарту кәсіпорындарында бірінші сұрыпты нан бағасын әр бөлкесінің құнын 70 теңге шамасында тұрақтандыру үшін ұн мөлшерінің жеткілікті екендігі айтылды. Бүгінде бірінші сұрыпты ұнның келісі 95-96 теңге шамасында. Аталған сала кәсіпорындарының басшылары нан бағасын қымбаттатпайтындықтарын  айтты.

Сондай-ақ «№1 нан зауыты» атынан жарияланған «Нан өнімдерін өндіруші барлық кәсіпорын нан бағасын өсіргелі жатыр» деген ақпаратты аталған кәсіпорын  басшысы  жоққа  шығарды.

– Бірінші сұрыпты нан бағасы 70 теңге көлемінде сақталады.

Басқа кәсіпорын басшылары атынан жалған ақпарат таратуға, өңір тұрғындарының тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететін алыпсатарлыққа жол берілмейді. Өзара келісіп, бағаны негізсіз көтерген жайттар тіркелген жағдайда арнайы тексерістер жүргізіп, заң шеңберінде жауапкершілікке тартатын боламыз, – деді  Игорь  Стексов.

Айта кетейік, биылғы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,6 пайызға арзандаған. Атап айтқанда, картоп 24 пайызға (105 теңгеден 80 теңгеге), пияз 10,5 пайызға (95-тен 85 теңгеге),  жұмыртқа 17 пайызға (231 теңгеден 190-ға), күнбағыс майы 1,2 пайызға арзандаған.

Сонымен қатар халық күнделікті тұтынатын тауар бағасын тұрақтандыру мақсатында апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 156 рет жәрмеңке өткізіліп, 480,7 миллион теңгенің  өнімі  сатылған.

* * *

Қараша айының алғашқы күні әлеуметтік желідегі тәуелсіз басылымдардың сайттарында Орал қаласында нан бағасы қымбаттағаны туралы ақпарат жарияланған болатын. Жұма күні туындаған түйткілдің түйінін шешу мақсатында нан өнімдерін өндіруші кәсіпорындарға пресс-тур ұйымдастырылды.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдымен өңірдегі нан өнімдерін шығаратын «Толецкий» жеке кәсіпкерлігінде болды. Кәсіпорын директорының орынбасары Антон Маркушиннің айтуынша, бүгінде нанның құны бұрынғысынша бірқалыпты бағада сатылуда.

– Біздің кәсіпорын өндіретін нан өнімінің бағасы биыл қымбаттамайды. Бүгінгі таңда бірінші сұрыпты нан 70 теңгеден, жоғары сұрыпты ұннан дайындалған нан  90 теңгеден сатылуда. Әрбір жеке кәсіпорын шығынға жұмыс жасамайтыны анық. Әзірге қоймадағы бар ұнды пайдаланудамыз.

Астықтың жаңа легін қандай бағамен алатынымыз әзірге белгісіз. Нан пісіруге қажетті қант бағасының келісі бұрын 180-190 теңге болса, қазір 122 теңгені құрап отыр. Оған электр  энергиясы, көгілдір отын, тасымал шығындары қосылады. Егер ұн бағасы биылғы жылдағыдай 10-15 теңгеге қымбаттайтын болса, нан бағасын осы қалыпта ұстап отырамыз деп еш кәсіпорын кепілдік бере алмайды, – дейді Антон Маркушин.

«Доценко» шаруа қожалығының құрылтайшысы Николай Трегубовтың айтуынша, нан бағасы жақын күндері қымбаттамайды. Себебі нан өнімдерін өндіруге қажетті астықты кәсіпорын өз егіс алқаптарында өсіреді екен. «Бүгінде қоймада астығымыз бар.

Қорымыз жеткен уақытқа дейін нан бағасын өсірмейміз. Бүгінде біздегі бір қап ұнның құны 4350 теңге тұрады. Наубайханада тәулігіне 1500-1800 бөлке жоғары сұрыпты, 1000-1100 дана бірінші сұрыпты нан пісіріледі», – деді Николай  Викторович.

Ал Орал қаласы әкімінің орынбасары Сергей Доляның айтуынша, әкімдік жанынан нан бағасын реттеуге байланысты арнайы комиссия құрылған. Кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы бөлімдері, қалалық әкімдіктің мамандарынан құрылған комиссия шаһардағы нан өнімдерін өндіруші кәсіпорындарды аралап шығып, талдау жасаған. Сондай-ақ кәсіпорын басшыларымен де тілдескен. Бүгінгі таңда бірінші сұрыпты астықтан пісірілген нанның бөлкесі 70 теңгеден, жоғары сұрыпты нан 90 теңгеден артық қымбаттамайтын көрінеді. Барлық кәсіпорын бірқалыпты жұмыс жасап жатыр. Астықтың қоры  да  жеткілікті.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Аттың жұмысын істеп, тайдың жемін жейміз

Күні: , 106 рет оқылды

Оқырман   ойы

Мұғалімдік  қызмет үздіксіз ізденісті, уақыт ағымымен бірге дамуды талап етеді.  Әр сабаққа қажетті түрлі-түсті көрнекіліктер жасайсың немесе сатып аласың. Оған қоса жұмыс пен үйдің арасына қатынайтын  қоғамдық көлігі, түстігі және жеке отбасылық шығындары тағы бар. Өстіп жүріп, өзгенің ұл-қызын тәрбиелейсің әрі өз балаңды да қатарынан кем қылмай өсіресің.

Педагогтердің өзі мектепке дейінгі ұйым, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының мамандары болып бөлінеді. Аты білдей педагог болғанымен, жалақылары түрліше болып келеді. Соның ішінде жеке білім беру орындарындағы оқытушылардың жалақы мәселесі өзекті. Мысалы, мен колледжде арнайы пәндер оқытушысы ретінде небәрі 22 635 теңге жалақы аламын.  Студенттерге күн сайын 90 минут бойы жағымыз талып, дәріс оқимыз. Тақырыпты түсіндіретін көрнекіліктерімді сатып алу, ғылыми баяндамаларымды, одан қалса, ғылыми мақалаларымды жариялау шығындары бар. Кураторлық қызметке ешқандай қаражат қарастырылмаған. Бұл не масқара дейтін шығарсыз? Одан басқа топтағы студенттеріме кететін шығындарым белшемнен асады. Әлемдік деңгейде шетелдердегі педагогтердің айлық  жалақы мөлшерін зерттеген болатынмын.  Мысалға, Англия мен Норвегияда теңгеге шаққанда 1 500 000 теңге, Австралияда 1 200 000 теңге, Жапонияда 1 100 000 теңге, Канадада 1 000 000 теңге, Оңтүстік Кореяда 750 000 теңге, өз елімізде 21 000 теңгеден жоғары. Ащы болса да, шындық осы. Қазақстандық педагог шетелде бір жыл жұмыс істеп келсе, миллиардер болып кетер ме еді… Айтпағым, педагогтердің жалақы мәселесі дұрыс шешілсе екен.

Аида   ХАСАНОВА,

Орал   гуманитарлық  колледжінің   оқытушысы, педагогика  ғылымдарының  магистранты


«АРЗАНДАП» барамыз ба?

Күні: , 48 рет оқылды

Оқырман   пікірі

Қазір  маңдайында  «арзан»  деген  жазуы  бар дүкендерді  көшеден  жиі  кездестіретін  болдық  соңғы екі-үш жылда.  Жауыннан  кейінгі саңырауқұлақтай  «қаулап өсіп», қаланың  әр бұрышында қаптап  бой  көтерді.

Алыстан еріксіз назарыңды аударып, менмұндалап шақырып тұрады. Сосын да шүлен таратып жатқандай, солай қарай ұмсынып, кіріп-шығып жатқан адам қарасы мол.

Нарық заманы болған соң дүкен сыртына не жазса да, «қазаншының» өз еркі. Сол нарықпен бірге ере келген «маркетинг» деген заманауи ұғым неғұрлым көбірек пайда тауып, адам тарту үшін қандай айла-шарғыға да бара беруге «пәтуа» қылады. Сондықтан біреуге пәлен деп пәлсапа соғуға моральдық, заңдық құқығымыз жоқ.

Дегенмен сол «Арзанның» ішіндегінің бәрі расымен арзан ба? Соған бас қатырып жатқан жан баласы жоқ. Арзан болған күннің өзінде сапасы сын көтере ме? Аты арзан екен деп, затына үңіліп жатқан тағы ешкімді көрмейсің. «Арзанның сорпасы татымайды» деп қазақ бекер айта ма?

Қазіргінің саудасы «алдап сатсаң да, арбап сатсаң да, қалай болғанда да мал тап» деген қағидаға сүйенеді. Содан да саудагерлер «арзан» деген сөзді қармаққа ілген жауынқұрттай құлшына пайдалануға құмар. Айналып келгенде, сол қармаққа түсіп жатқандардың көбі қалтасы жұқа, көңілі жүдеу қараша халық екені түсінікті. Ал ислам мәдениетінде сауданың өзі әділ, адал болуы қатты ескеріліп отырған. Тауардың қандай да бір кемкетігі болса, ол тұтынушыға міндетті түрде алдын ала мәлім етілген. Өкінішке қарай, біз сол ар-абыройды саудаға салмайтын дәстүрлі түп-тамырымыздан қол үзіп бара жатқандаймыз.

Жағдайы төмен ағайын бірді бірге жалғай алмай отырған соң арзан екен деп, иісі қолқаңды қабатын сапасыз, кейде тіпті саулығыңа қауіп төндіретін зиян дүниелерді тұтынуға мәжбүр. Ал мұның салдары талғамсыздыққа, жадағайлыққа, тексіздікке бастайтынын екінің бірі ұғып жатқан жоқ. Арзан деп сабылып жүріп, өзіміз де «арзандап» кетпесек екен дейсің…

Әбу   НАСЫР,

Орал  қаласы


Жатақхана «жыры» бітер уақыт таяу

Күні: , 95 рет оқылды

Батыс Қазақстан облысында 2250 студент жатақханаға мұқтаж. Оның 500-і  жоғары оқу орнында, 1750-і колледжде оқиды. Жастардың түйткілді мәселесіне орай Елбасы «Бес әлеуметтік бастамасында» «… Бәрімізге белгілі, басқа қаланың жастары қаланың шетіндегі ескі үйлерді жалдауға мәжбүр. Осыдан кейін сапалы білім алу туралы сөз қозғау мүмкін бе?», – деген болатын. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін Мемлекет басшысы жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне жатақхана салуды тапсырды. Соған орай өңірде қандай жұмыстар қолға алынды және қай оқу орындары жатақханамен қамтылмақ?

Өзекті   мәселенің   оң   шешімі

Жатақхана салу мәселесі бойынша облысымызға арнайы іссапармен келген «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Талғат Матаевтың айтуынша, студенттерді жатақханамен қамту мемлекеттік тапсырыс және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге аспақ. Яғни жеке кәсіпкер меншігіндегі бос тұрған ғимараттарды, мәселен, мемлекет меншігінде, банкте кепілдікте тұрған мүліктер мен бұрынғы қонақүйлерді студенттер үйіне айналдыруға мүмкіндік беріледі. Егер жаңадан салынған құрылыс болса, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде кәсіпкерге әр студент үшін 122 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал құрылыс қайта салынған нысан болса, 47 айлық есептік көрсеткіш бойынша өтемақы төленеді. Аталған жоба студенттердің жатақханаға деген сұранысын қанағаттандырумен қатар, кәсіпкерлерге де зор мүмкіндік тудырмақ.

– Жатақхана дегенде ешбір жағдай жасалмаған, тар бөлме емес, студенттің бос уақытын тиімді өткізетін, қажетті қызметті алуына мүмкіндік беретін студент үйі болуы керек. Қаржыны дұрыс бөліп, тиімді жұмсаған кезде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары өзін-өзі тез ақтайды.

Студенттер үйінде ғаламторға қосылған компьютер, жаттығу залдары және асхана, шаштараз, дәріхана болғаны дұрыс. Осы бағытта кәсіпкерлерді жобаға атсалысуға шақырамыз. Өйткені мұндай ұсыныс кәсіпкерлер үшін тиімді. Біздің орталық кәсіпкерлерге жаңа жатақхана құрылысын салумен шектелмей, дайын тұрған бос ғимараттарды студенттер үйіне айналдыруға қолдау білдіреді. Бұл үшін мемлекет барлық мүмкіндікті қарастырған. Келісімшарт мерзімі аяқталған соң ғимаратты кәсіпкер өз үлесіне алуына немесе коммуналдық мекеме ретінде тіркетіп, келісімшартқа отыруына болады, – дейді Талғат Матаев.

500   орындық   жатақханалар

Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың мәліметінше, Орал қаласында салынатын жатақханалар құрылысының жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Мәселен, Орал қаласының А. Тайманов көшесі, 221-үй мекенжайында орналасқан Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің жанынан 500 орындық жатақхана бой көтермек. Жатақхана құрылысына арналған жер учаскесінің ауданы –  1,9 гектар.

Жобаның жалпы құны  32 986,0 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жобалаушы – «Газсервис и К» ЖШС. Жобалау мерзімі сегіз айға жоспарланған. Бұл екі тоғыз қабатты 500 орындық жатақхана жоба бойынша Батыс Қазақстан индустриалды колледжіне, Құрманғазы атындағы саз колледжі және Орал қаласының газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі мен Орал ақпараттық технологиялар колледжінің студенттеріне берілмек.  Сондай-ақ  Орал қаласындағы Еуразия көшесі, 238-үй мекенжайында орналасқан Орал политехникалық колледжіне 150 орынға шақталған бес қабатты жатақхана салу жоспарланған. Жатақхана құрылысына арналған жер учаскесінің ауданы – 0,212 гектар. Облыстық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттар жасақтауға 2500,0 мың теңге бөлінген. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.  Сондай-ақ Бөрлі ауданында да студенттер жатақханасы салынбақ. Яғни Ақсай техникалық колледжіне тиесілі 150 орындық жатақхана құрылысының жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Жатақхана құрылысына арналған жер учаскесінің ауданы – 0,38 гектар.  Жобаны «Газсервис и К» ЖШС жасауда.

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – өңіріміздегі  іргелі оқу орындарының бірі. Аталмыш білім ордасының студенттері үшін келесі жылы тоғыз қабатты 500 орындық  жатақхана бой көтере бастамақ. Бүгінгі таңда университетте 1026 орынға арналған үш студенттік жатақхана бар. Бұл жатақханалар студенттер сұранысының  70  пайызын  қанағаттандырып отыр. Мұнда әлеуметтік жағдайы төмен, жетім және мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ көп балалы отбасынан шыққан студенттерге жатақхана бірінші кезекте беріледі және университетке қабылданған бірінші курстың студенттері мен «серпіндіктер» жатақханамен толық қамтылуда. Өңірдегі медицина мамандарын даярлайтын Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенттеріне де 500 орындық жатақхана салу жоспарланғанын айта кетелік.

Жатақхана  салудың  әлемдік  тәжірибелері

Өзге мемлекеттерде жатақхана мәселесі қалай шешімін тапқанын білу үшін ғаламторды шарлаған едік. АҚШ, Англия, Германия секілді алпауыт мемлекеттерде студенттік жатақханалар құрылысын кәсіпкерлер мен жеке компаниялар өз демеушілігімен салады екен. Мемлекет өз тарапынан салыққа жеңілдік жасайды. Мәселен, АҚШ-та жеке кәсіпкер мемлекеттен жер алып, жатақхана салды делік. Сосын құрылысқа жұмсаған шығынын студенттердің төлемақысы есебінен қайтарып алады. Ондағы кәсіпкерлер жатақхананы көбіне қонақүй секілді салуға ниетті. Өйткені ғимаратты оқу жылы кезінде студенттер үйі есебінде, жазғы демалыста саяхатшылар үшін қонақүй ретінде пайдалануда. Шетелдік оқу орындарында өзге мемлекеттен келген студенттерге арналған арнайы бір бөлім жұмыс істейді. Онда студенттің оқу үлгерімі қаралып, сұранысқа орай университеттің жатақханасынан немесе оқу орнына жақын маңнан пәтер табуы-на көмектеседі. Сондай-ақ студенттің оқу үлгерімі қандай екенін тұратын жатақханасынан да аңғаруға болады екен. Нашар оқитындар қарапайым секциялы жатақханада орналасса, сабақ үлгерімі жақсыларына бассейні, фитнес залдары бар жатақхана бұйырады. Бұл студенттердің оқу үлгерімін жақсартуға  ынталандыру мақсатында жасалған жағдай көрінеді.

Осындай игі дәстүрлер өңірімізде жүзеге асып, заманауи  жатақханалар  салынса, білім қуып келген жастардың уайымы  сәл де болса,  бәсеңдер еді.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»


Мобильдік қосымша арқылы дәрігерге жазылуда

Күні: , 24 рет оқылды

Биылғы  жылдың қаңтар  айынан  бастап  облыс  бойынша пилоттық  режімде  қағазсыз медициналық  құжат айналымына  көшу  басталып,  Орал  қаласындағы  барлық  35  медициналық  мекемеде «Қазмединформ»  жүйесі  енгізілді.  Қазіргі  таңда медицина  саласының  7  мыңнан астам  қызметкері  аталған  жүйені  жұмыс  барысында пайдалануда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз мәслихатында Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрданат  Беркінғали  мәлімдеді.

Орал қаласындағы 6 емханада және Деркөл дәрігерлік амбулаториясында енгізілген «Қазмединформ» электрондық кезекті басқарудың біріктірілген жүйесін күні бүгінге дейін 1,5 миллионнан астам адам қолданып үлгерді. Сонымен қатар 2017 жылдың қараша айынан бастап іске қосылған k-vrachu.kz мобильдік қосымшасын қолданушылар қатары артып, бүгінгі күні 21 мыңнан асқандығы айтылды. Аталған мобильдік қосымша көмегімен өзіңіз тұратын мекенжай бойынша қызмет көрсететін емхана дәрігерлерінің қабылдау кестесімен таныса аласыз, аймақтағы медициналық ұйымдарды қарап, оларды картадан табасыз, үйде дәрігерге қоңырау шалуыңызға болады, дәрігердің қабылдауына жазылуға, қажет болған жағдайда жазбадан бас тартуға, дәрігерге бару туралы хабарландырулар мен ескертулерді алып тұруға, сондай-ақ  ЭЦҚ арқылы тіркеліп, амбулаториялық картаңызды және талдау нәтижелерін көруге болады.

Бүгінгі күні өңіріміздегі 383 медициналық мекеменің 263-і интернет желісіне қосылған. Интернет игілігінен тыс қалған шалғай аудандардағы 120 нысанды желіге қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылға дейін өңіріміздегі барлық медициналық мекеме толықтай интернет желісіне қосылады деп күтілуде.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе қолға алынған мүгедектікті анықтауды цифрландыру бойынша жоба қаламыздағы №3 емханада жүзеге асырылуда. 25-тен астам адам игілігін көріп үлгерген аталмыш жобаны алдағы жылдары өңіріміздегі барлық емхана іске  асырады  деп  жоспарлануда.

Биылғы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 54 маман жұмысқа қабылданып, 60 пайыздан астамы аудандарға жолданды. Соның ішінде 17 жас маман баспаналы болса, барлығы дерлік көтермеақы алған. Ал облыс көлеміндегі дәрігерлер үшін «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында баспаналы болуға субсидия бөлінуде. Жуырда ғана онкологиялық диспансерде Қадағалаушы кеңес отырысы өтіп, нәтижесінде үш жас маманның үй алуына алғашқы төлем ретінде  субсидия бөлу жөнінде шешім қабылданды.

БҚО әкімдігінің қолдауымен бюджеттен қаржы бөлініп, соның арқасында грант иеленген 50-ден астам жас маман 6-7 жылдан кейін өңіріміздегі білікті мамандар қатарын толықтырып, өзара жасалған келісімшарт негізінде бес жыл бойына облыс көлеміндегі мемлекеттік медициналық мекемелерде қызмет ететін болады. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен бөлінген грант бойынша білім алып жатқан 28 резидент екі-үш жылдан кейін облыс дәрігерлерінің қатарын толықтырады.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


Жаңа тағайындау

Күні: , 142 рет оқылды

Меритократия қағидатына сәйкес конкурстық комиссияның шешімі бойынша Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымына Құлқаев Алтай  Есмағұлұлы  тағайындалды.

Білімі жоғары. Қазақ коммерциялық қаржы академиясын экономист  мамандығы  бойынша  бітірген.

Әр  жылдары:

– Теректі аудандық қаржы бөлімінің жетекші  маманы, бас  маманы;

– Батыс Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау  басқармасының  бас  маманы,  бөлім  басшысы.

Ал 2015 жылдың сәуірінен бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика