Мұрағат: 31.10.2018


«Ел тарихын тұлғалар жасайды»

Күні: , 27 рет оқылды

«Патриотизм – кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады»

(ҚР Президенті Н. Ә.  НАЗАРБАЕВТЫҢ  «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан)

Сейсенбі күні Орал қаласындағы Салтанат сарайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жерінің игілігі үшін жарқын істерімен танылған өңір меценаттарын «Жомарт жүрек –  2018»  сыйлығымен  марапаттау  форумы  өтті. Шара барысында биылғы жылы меценаттардың көмегімен «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асқан және болашақта іске асырылатын Орал қаласы, сондай-ақ 12 аудан әкімдіктерінің әлеуметтік  жобаларының  көрмесі  ұсынылды.

Форумға облыс әкімі Алтай Көлгінов, қала және аудан әкімдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері, меценаттар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері қатысты.

– Ақ Жайық – ата дәстүрінен айнымаған, салтына берік, ұлттық құндылықтарды қадір тұтатын қасиетті өңір. Бізде елдің қамын өз мүддесінен биік қойып, атамекеннің  абыройын асқақтатып жүрген азаматтар аз емес. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өтіп, нақты міндеттер жүктеді. Ел тарихы тұлғалар арқылы жасалатынын ескерсек, Ақ Жайық өңірінде көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жеткілікті. Бұл – атадан келе жатқан игі дәстүрдің бүгінгі жалғасы, қазақы қасиетіміздің айқын белгісі. Ағайынға болысу, әлсізді демеу, жасы кішіні қолдау – адамзатқа тән мейірімділік пен кеңдіктің көрінісі. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы алты принципке негізделіп, алты арнайы жоба, алты кіші бағдарлама арқылы жүзеге асырылуда. Аз ғана уақыттың ішінде қыруар жұмыстар атқарылды. Ең бастысы, туған өлкесін дамытуға белсене кіріскен жандардың қатары көбеюде. Осы уақытқа дейін облыс бойынша 60 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Әсіресе, өңір меценаттары спорт, денсаулық, білім салаларына көбірек көңіл бөліп келеді. Қазіргі таңда облыстағы әрбір елді мекенде спорт кешендері мен балалардың ойын алаңдары, мектептерде арнайы кабинеттер жабдықтап, материалдық-техникалық әлеуетті жаңарту, аудандық музейлерді тың дүниелермен толықтыру, жөндеу жұмыстарын жүргізу, ескерткіштер орнату секілді шаралар атқарылуда. Бізге сонымен қатар республикалық қорлардың да көмегі тиюде. «Самұрық Қазына Траст» ұлттық қоры мен «Асыл мирас» қайырымдылық қоры облысымыздағы спорттық-әлеуметтік инфрақұрылымдардың дамуына зор үлес қосты. Биылғы жылы да «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 134 меценаттың қатысуымен 166 жоба жүзеге асырылып, түрлі деңгейде шаралар өтті. Оның 138-і ауылдық округтерде, 20 жоба аудандық деңгейде, сегізі облыс орталығында жүзеге асты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев биылғы бесінші қазандағы халыққа Жолдауында да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы одан әрі жалғасатынын атап өтті. Аталған бағдарлама аясында өңірімізде іске асырылған қайырымдылық және әлеуметтік маңызды шараларға жұмыла қатысқандарыңыз үшін  сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Алтай Көлгінов. Содан соң облыс басшысы өңірдің, ауыл-аймақтың дамуына зор үлес қосып жүрген бірқатар меценаттарға «Жомарт жүрек» сыйлығы мен алғысхат табыс етті.

«Жыл меценаты» аталымымен «Автокомбинат» ЖШС-ның директоры Валерий Голоухов, «Жылдың әлеуметтік жауапты ұйымы» аталымы бойынша «Uniserv» ЖШС-ның бас директоры Нұрғазы Сәтбаев, «Алтын ұя» аталымымен «Конденсат» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов марапатталды. Ал «Туған өлке» аталымы бойынша «Отделстрой» ЖШС-ның директоры Валентина Михно, «КТК» ЖШС-ның директоры Сержан Айтжан, «БелесАгро» ЖШС-ның директоры Мұрат Жәкібаев, «Батыс Пауэр» ЖШС-ның директоры Жасұлан Жақыпов және Батыс Қазақстан облысының  этномәдени  бірлестігі  марапатталды.

Валерий Голоухов басшылық ететін «Автокомбинат» ЖШС «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өз қаражаты есебінен «Әмбебап дүкеннің» маңында тынымбақ салып, қала күніне тарту жасады.

Кәсіпкер бұл жұмысқа 58 млн. теңге жұмсаған. Ересектердің тынығуы мен балалардың ойнауына арналған тынымбаққа арықтар тартылып, су құбыры жүргізіліп, жасыл  желек  пен  екпе  шөп  егілді.

– Бүгінде кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде.

Өз  ісін дамытамын деген жанға түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер  қарастырылған. Соның қайтарымы ретінде өңірдегі әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыруға, мәдениет пен спорт, білім саласын дамытуға жеке кәсіп иелері де атсалысу керек. Біз ар-ұятты, отансүйгіштікті, өз елін, жерін, қаласын шынайы сүйетін өскелең ұрпақ тәрбиелеуіміз керек, –  деді кәсіпорын басшысы Валерий Голоухов. Сонымен қатар шара барысында өңіріміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген 14 батысқазақстандық облыс әкімінің ал-ғысхатымен марапатталды. Олардың қатарында «ГазПромПроект» ЖШС-ның директоры Михаил Кульпин, ақжайықтық «Сәбит» шаруа қожалығының жетекшісі Ерболат Құрманғалиев, Бөрлі ауданындағы «АқсайБизнесСтрой» ЖШС-ның бас директоры Анвар Агаев сынды бір топ жомарт жандар бар.

Айта кетейік, аталған форумда облыс бойынша үздік деп танылған 29 меценатқа 11 аталым бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығы табысталған болатын. Сахна төріне көтерілген облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен, өлкетанушы, елге сыйлы қария Жайсаң Ақбай құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар меценатты «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапаттады.

Биылғы жазда «Асыл мирас» орталығының бастамасымен Орал қаласында аутизм дертіне шалдыққан балаларға жәрдем беруге арналған көпбейінді орталық ашылған болатын. Орталық 15 жасқа дейінгі аутистік спектр дертіне шалдыққан балаларды қабылдайды. Орталық әдістемесі халықаралық зерттеулерге негізделген. Ғылыми кеңесшілер ата-аналарға ақпараттық және психологиялық қолдау көрсетеді. Осындай игі бастаманы қолға  алған «Асыл мирас» орталығының негізін қалаушы Болат Өтемұратов «Жүректен жүрекке» аталымы бойынша марапатталды.

– Қайырымдылық танытып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырғандығыңыз үшін өңір тұрғындары және өз атымнан зор алғыс айтамын. Сіздердің азаматтық ұстанымыңыз бен ұлтжандылығыңыз, жанашырлығыңыз көптеген қазақстандықтарға үлгі болмақ, – деді меценаттардың бірін марапаттаған Ақұштап Бақтыгереева.

Ал «Әлеуметтік саланың дамуына қосқан үлесі үшін» аталымын иеленген «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамы  550 миллион теңгеге 11 спорт қалашық салды. Сол игі бастаманың нәтижесінде 20 мыңнан астам батысқазақстандық заманауи жабдықталған спорт алаңдарында жаттығуға мүмкіндік алды.

Маңызы зор шараға арнайы шақырылған еліміздің танымал әншілері Айгүл Иманбаева мен Қазбек Қасымның орындауындағы әндер мерекелік кештің шырайын аша түсті.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Медхат ҚАМБЕТОВ,

БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-ның басшысы, «Туған өлке» аталымының иегері:

– Біздің  облыста  53  этномәдени  бірлестік болса, соның 16-сы облыс орталығында орналасқан. Бірлестіктер күнделікті жоспарлы жұмыстарынан тыс туған ел мен жерге жақсылық жасаудан тартынған емес. Биылғы жылдың көктемінде Зеленов ауданына қарасты Көшім ауылдық округінің Өркен ауылына «Достық» бағын сыйға тарттық. Бұл жұмысқа шаһардағы барлық этномәдени бірлестіктер жұмыла атсалысты. Өз қаржыларына салынған баққа 360 түп ағаш отырғызылды. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» дегендей, бұл берекелі іс ынтымақтың, бірліктің арқасында жүзеге асқан игілік.

Роберт ИРМЕНОВ,

«Орал Полимер» ЖШС директоры, «Әлеуметтік саланың дамуына қосқан үлесі үшін» аталымының иегері:

– Біздің компания ұзақ жылдан бері көп қабатты тұрғын үй салумен айналысады. Бүгінге дейін өз қаражатымыздың есебінен облыс орталығында 20-дан астам көп қабатты тұрғын үй салдық. Соңғы жылдары жергілікті әкімшілікпен бірлесіп, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында ескі үйлердің орнына жаңа көп қабатты тұрғын үй салумен айналысудамыз. 2016 жылы қыс мезгілінің қарсаңында Орал қаласындағы төрт пәтерлі тұрғын үй өртеніп кеткен болатын. Панасыз қалған тұрғындарға көмек қолымызды созып, өртенген үйдің орнына су жаңа баспана салып бердік. Еңбегіміз еленіп, осындай марапатқа ие болғанымызға қуаныштымын.

Нұрдәулет АЙБОЛАТОВ,

Қазталов ауданы Қошанкөл ауылындағы Ғ. Бегалиев атындағы мектептің оқушысы, «Батыл жүрек» аталымының иегері:

– Мен ата-анаммен Қошанкөл ауылында тұрамын. Әкем Асқар Аткешев – жеке шаруа. Анам Гүлжан Сисенова – мектепте мұғалім. Үйдегі үш ұлдың кенжесімін. Биылғы 5 мамырда тоғанға батып бара жатқан үш жасар баланы құтқарып қалған едім. Сол себепті бүгін үлкен марапатқа ие болдым. Өте қуаныштымын. Бірақ мен ол кезде мақтану немесе марапат алуды мақсат тұтқан жоқпын. Бар ойым сол баланың өміріне араша түсуде болды. Ол жерде менің орнымда болған әрбір жан сәбиді құтқаруға бел буатыны анық. Дегенмен, менің аз да болса, ерлігімді ескеріп, марапатқа ұсынған аға-апаларыма ризамын.


Шекарада кептеліс жоқ

Күні: , 41 рет оқылды

Жуырда  ғана  бірқатар  бұқаралық  ақпарат  құралдары мен әлеуметтік  желілер арқылы  Орал – Самара  тасжолының  бойындағы «Сырым»  өткізу  бекетінде  бірнеше шақырымға  созылған  көлік  кептелісі  орын  алғаны  туралы хабар тараған еді.

Кеше ҰҚК шекара қызметіне қарасты 2029-әскери бөлімінің қызметкері, майор Айгүл Нұртазина аталмыш мәселеге  қатысты  түсінік  берді.

– Қазан айының соңында қазақстандық тараптың шекарада экспорттық бақылау нормаларын енгізуіне байланысты «Сырым» өткізу бекетінде үлкен кептеліс орын алды. Яғни ауыр жүкті бір аутомәшинені шекаралық бақылаудан өткізу үшін 2-10 минут аралығында уақыт жұмсалатын болса, осыған 2-15 минут уақытты алатын экспорттық бақылау қосылған еді. Экспорттық бақылауды мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жүргізеді. «Сырым» өткізу бекеті орналасқан Орал – Самара тасжолы халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер үшін Ресей астанасына дейінгі ең қысқа әрі сапалы жол болып саналады. Батыс Қазақстан облысы аумағынан Қазақстан – Ресей шекарасын кесіп өтетін ауыр жүкті аутомәшинелердің 70 пайыздан астамы «Сырым» өткізу бекеті арқылы өтеді. Бүгінгі таңда «Сырым» өткізу бекетінде экспорттық бақылау тоқтатылды. Шекаралық бақылау штаттық режімде жүзеге асырылуда. Соңғы мәліметтер бойынша шекарада көлік кептелісі жоқ, — деді Айгүл Ғалымқызы.

Нұртас    НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Батыс Қазақстан облысының аумақтық (облыстық) сайлау комиссиясының жаңа құрамын қалыптастыру туралы Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының ХАБАРЫ

Күні: , 21 рет оқылды

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан  Республикасының Конституциялық Заңының 10-бабының 3-тармағына сәйкес Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты аумақтық (облыстық) сайлау комиссиясының жаңа құрамын қалыптастыру  үшін ұсыныстар қабылдау басталғанын хабарлайды.

Осыған байланысты саяси партиялардан аумақтық (облыстық) сайлау комиссиясының құрамына үміткерлер туралы ұсыныстарын қабылдау 2018 жылдың 1 қарашасынан 16 қарашасына дейін  белгіленеді,  белгіленген мерзімде саяси партиялардан ұсыныстар болмаған жағдайда өзге қоғамдық бірлестіктердің  ұсыныстары  қабылданады.

Үміткерлер туралы ұсыныстарды Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты мына мекенжайда: Орал қаласы, Достық даңғылы, 201-үй, 301-бөлмеде сағат  9.00-ден 18.00-ге  дейін  қабылдайды.

Аумақтық (облыстық) сайлау комиссиясының құрамына ұсынылатын үміткерлер сайлау туралы   Конституциялық Заңының 10-бабы 2-1 тармағының  талаптарына  сәйкес  болуға  тиіс.

Көрсетілген мерзімде саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктер   сайлау комиссиясына ұсынылатын үміткерлердің тізімдерін облыстық мәслихатқа жолдайды, оған мына құжаттарды жалғайды:

1) сайлау комиссиясының құрамына үміткерді ұсынғаны туралы саяси партия органы немесе басқа да қоғамдық бірлестіктердің, жарғысына сәйкес тиісінше өкілеттіктері бар олардың құрылымдық бөлімшелері мәжілісінің хаттамаларынан суырмаларды;

2) саяси партияның немесе басқа да қоғамдық бірлестіктің, олардың құрылымдық бөлімшелерінің әділет органдарында тіркелгені туралы құжаттың  көшірмесін;

3) аумақтық (облыстық) сайлау комиссиясының жұмысына қатысуға келісім беруі туралы үміткердің облыстық мәслихатқа өтініші;

4) құжаттарды толтырарда анкеталық деректемелерде қателіктер жіберілмеуі мақсатында облыстық мәслихат ұсынылатын үміткердің өтінішіне жеке куәлігінің  көшірмесін  қоса  жолдауды  сұрайды.

Облыстық  мәслихат  хатшысы  М. ҚҰЛШАР


Ешкімнің нұсқауынсыз жұмысшыларын қуантты

Күні: , 23 рет оқылды

Елбасы  «Қазақстандықтардың  әл-ауқатының  өсуі:  табыс  пен  тұрмыс  сапасын  арттыру»  атты  Жолдауында  отандастарымыздың  әл-ауқаты,  ең   алдымен,  табыстарының  тұрақты  өсімі  мен   тұрмыс  сапасына байланысты  екендігін   атап   көрсетті.  Үкіметке  2019  жылдың  1  қаңтарынан  бастап  ең  төменгі  жалақыны  1,5 есе,  яғни  28  мыңнан  42  мыңға  дейін  өсіруді  тапсырды.  Сонымен  қатар «Бұл  барлық  сала  бойынша түрлі меншік  нысандарындағы  кәсіпорындарда жұмыс істейтін  1  миллион  300  мың   адамның  еңбекақысын  тікелей  қамтиды», – деп  айқын көрсетіп берді.  Бұл  бастаманы  Ақ  Жайық өңіріндегі  ірі  мекеме-кәсіпорындар  бірден  іліп  әкетті. Солардың бірі  «Желаев  нан комбинаты»  АҚ  басшылығы  ешкімнің  нұсқауынсыз,  өз  бастамаларымен  ең   төменгі  жалақы  мөлшерін  көтеруге  шешім  қабылдады.

Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ ұжымында  560 адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр. Аталмыш АҚ-ның директоры Эдуард Федорченконың айтуынша, Елбасының тапсырмасына орай алдағы 2019 жылды күтпей-ақ, ең төменгі жалақы алатын жұмысшылардың жалақысын 10%-ға көтеруге шешім қабылданған. Қазіргі уақытта комбинатта ең төменгі жалақы мөлшері – 50 мың теңге болса, ондай көлемдегі жалақыны 26 адам алады. Олар негізінен техникалық қызметкерлер, аула сыпырушылар,  асхана  қызметкерлері.

– Акционерлік қоғам басшылығы жыл сайын еңбеккерлердің жалақысын өсіріп отырады. Мысалға, 2017 жылы ұжымдағылардың жалақысы 20%-ға өсті. Биыл тағы 10 пайызға көтеріп отырмыз. Жыл соңына таман және құрылтайшылардың жиналысынан кейін 2019 жылға жалпы қызметкерлердің жалақысын өсіру мүмкіндігі қарастырылмақ. Жылма-жыл еліміздің, өңіріміздің және комбинаттың игілігі, өркендеуі жолында тер төгіп жүрген еңбеккерлеріміздің табысын молайтып, қолдап отырамыз, – деді аталмыш АҚ-ның директоры Эдуард Федорченко.

Бүгінде Желаев комбинаты макарон өнімдерінің 20-дан астам түрін өндіреді. Макарон өндірісі желісінің қуаттылығы айына 4 мың тоннаны құрайды. Желаев астығы өзінің сапасымен ертеден танымал. Оны өндіру қуаттылығы айына 7,5 мың тонна шамасында. Комбинаттың  өнімдері өз елімізде, қала берді Ресейде үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ оралдық комбинаттың өнімдері Түркіменстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Ауғанстанға  экспортқа  шығарылуда.

Биылғы жыл басында кәсіпорынның №3 макарон фабрикасында қуаттылығы сағатына 2 мың келі өнім шығаратын жаңа италияндық «РАVАN» желісі орнатылды.  Қазір жаңа құрылғы қуатын толықтай пайдалануға жетісті. Онда жылына 14 мың тоннадан астам макарон өнімдері шығарылуда. Аталмыш фабрикада 80 адам жұмыс істейді. Э. Федорченко жаңа макарон цехын салуда мемлекеттің көмек-қолдауы болғанын, яғни цех құрылысына және ондағы құрал-жабдықтарды орнатуға жұмсалған шығын мемлекет есебінен өтелгенін айтты. Ендеше, Желаев комбинаты иелерінің бизнестің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезінуі, өз қызметкерлерін  қамқорлауы  да  көңілге  қонымды.

– Тыңнан қосылған цехта сапалы астықтан макаронның жаңа 12 түрі өндіріледі. «Мартин», «Честная цена» және өзге де сауда белгісімен сағатына 2 тонна, бір күнде 30 тоннаға дейін өнім өндіреміз, төрт ауысыммен жұмыс істейміз. Елбасының тапсырмасымен жалақымызды өсіріп жатыр, қуаныштымыз. Табысыма көңілім қанағаттанады, – деді №3 макарон фабрикасының ауысым технологы Шынар Шүңірекова. Әріптесінің сөзін ауысым шебері Леонид Гехт та қолдады. Өйткені табыстың, яғни жалақының тұрақты өсімі  әр жұмысшыға қуаныш сыйлап, оның отбасының тұрмыс-тіршілігін жақсарта  түсері  анық.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


«ЖАЙЫҚ ПРЕСС»: мерейлі кездесулер, жарқын жүздесулер

Күні: , 187 рет оқылды

Сөйтіп, бір  айға  жуық  ел аралаған сапарымыз  аяқталды. Сапар  деп  отырғанымыз, «Жайық Пресс»  медиахолдингінің  өз  оқырмандарымен кездесуге  арнайы  шыққан  іссапары  ғой. Он  екі  ауданды  көктей  өткен  бұл  ұзақ  іссапар өзінің  нүктесін  Тасқала  мен  Зеленовта  қойды.  Талай  кездесулер  мен  емен-жарқын пікірлесуден  тұрған  осынау  бұрын-соңды  болмаған  жобаның  журналистерге  де,  оның  патша  көңіл оқырмандарына да пайдасы зор болғанын  бастан кешіп,  жан-тәнімізбен сезіндік.  Газеттен  қол үзбеген, келешекте де іргесін аулақ салмайтын жанашырларымызды көріп, жүздесіп, тілдесіп қуандық. Ықыластарына тебірендік. Оқырманның  сын-ескертпелерін  жадымызға  түйдік.  Қаламымызды қайрап, тың  тақырыптарға,  соны мәселелерге шабыттандық.

Сонымен,  ұзақ  сапарда  шала ұйқы,  жолсоқты, шаршаңқы  болсақ та, «Жол мұраты – жету» деп жаңа  жобаның  мақсатына  жеткеніне риза болдық.

Зеленовқа қайтар жолда соғармыз деп бірден Тасқалаға тарттық. Ойпырмай-ай, жол деп соны айтыңыз! Өткенде Қаратөбеге сапарымызда жолдың жайлығы сондай, қаладан тауықтың алғашқы шақыруында шыққан біз, Жымпитыдан аса бере ұйқыға бас қойғанбыз. Бұл жолы ұйықтағанымыз өз алдына, түс көріппіз. Түсімізде Тасқаланың іргесінен қос етек көйлек киген, бұраң бел, қолаң шаш бойжеткендер қарсы алып жатыр екен. Ояна келсек, түсіміз өңімізге айналып жүре берді. Ақ пен бауырсақ ұсынып, «Қош келдіңіздер, қонақтар!» дейді бір шоғыр болып қарсы алуға шыққандар.

Көп ұзамай кезінде Шыңғырлау ауданын басқарғанда соңында жарқын із, жасампаз іс қалған, бүгінде Тасқаланың тізгінін ұстаған Алдияр Сансызбайұлы Халеловтың қабылдауында отырдық. Емен-жарқын әңгімеде әкім аудан өмірінен біраз сыр тарқатты. Армандарын да жасырмады. Газ, су, жол бар. Енді тек еңбектену қажет, тер төгіп жұмыс істеу керек. Халықтың жаманы жоқ, тек оны ұйымдастыра біл. Бие байлап, қымыз саууды жолға қоюды армандайды. Бір үйдің баласындай тату-тәтті бірліктің берекесін ойлайды. Тасқаладан кейін көрші Ресей басталады, барыс-келіс жыл өткен сайын көбеймесе, азаймайды. Қазақстанның құйттай бір бөлшегі Тасқаладан қазақ жері басталады, шекара іспетті.

Әріден алсақ, сонау Еуропадан әрлі-берлі сапарлаған өзге жұрт үшін Қазақстанның қақпасы десеңіз, қателеспейсіз. Өзге қонақ-жұрт сыншы келеді. Сол жолаушылар бұл тұстан өткенде Тасқала түрленіп, нұрланып тұрса, шіркін! Ол үшін ең алдымен тазалық керек, жайқалған тал-терек керек. Анау ұзын жолдың бойында демалып, тынығып, ауқаттанып аттанатын кафе, мейрамханалар, қонақүйлер, кемпингтер көз тартып, шақырып тұрса?.. Сол іргеден өтетін жолдың бойынан не керектің бәрін көтерме бағамен қопара сататын қоймалар салса?.. Одан тасқалалықтармен қатар, ресейліктер де Оралға бармай-ақ, керегін саудалап жатса.. – Талай қиын кездерден өттік қой. Қазір заман жақсарды, тұрмыс та түзелді. Енді ойда жүрген армандарға армансыз ұмтылатын күндер келді, – дейді аудан әкімі. Алдияр әкім осы армандарын ардагерлермен кездескенімізде де бүгіп қалмады. Тағы бір арманы  – ауданда Тасқаланың арғы-бергі тарихын тарқататын музей-мұрағат жоқ.

Тасқалаға табаны тиген қонақтарға ұялмай көрсететін, оны тезірек жасақтап, өз алдына ғимаратқа айналдырса деген арман әкімге әзірге тыныштық беретін түрі жоқ. Айтпақшы, ардагерлермен кездесуіміз аумағы атшаптырым жайылған шай дастарқандағы мамыражай әңгіме үстінде қызды. Жұбанышалиев Серік ағамыз: – Сіздер бюджеттен қаржыландырылмайсыз ба? Газеттеріңізге құттықтау, хабарландыру берейік десек, ақылы ғой.

Оларды тегін беруге болмай ма? – деді. Бұл сұраққа «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов: – Бюджеттен жалақыға, қағазға ғана қаржы бөлінеді. Серіктестік ретінде қалған шығындарға кететін қаржыны өзіміз табуымыз керек, – деді. Бас директордың сөзінің жаны бар, әу баста газет құттықтау, түрлі хабарландыруларды тегін бере бастаған. Сол  сол-ақ екен, құттықтаулар мен хабарландырулар жауып кетті.

Олардың бәрін беретін болсақ, газеттің беті жетпейтін болды.

Содан басылым ондай қызметтерін ақылы жүйеге көшірген. Оның үстіне, «әншейіннің әкесі өлген» нарық заманы ғой, газет те одан қашып құтыла алмады.

Өлкетанушы Ғалым Хисаметдиновтің  пайымдауынша, Тасқалаға алдағы жылы 250 жыл толмақ. Ауданның тарихын жан-жақты ашып жазатын материалдар керек дей келіп, ақсақал аудан әкімінің жанына батып жүрген музей жасақтау мәселесін тағы қозғады. Облыстық, аудандық газеттің редакцияларына ылғи елеңдеп отыратын бұрынғы сәулетші Дамир Яфаров «Бізге құрылыс тарихынан мақала жазып беріңізші» деген өтініштерді күтіп жүретінін айтты. Ондай тапсырыстар болып жатса, қаламы «ерттеулі». Баяғыдағы жалындаған комсомол жастардың бригадаларын неге ұмыттық? Жастар жарқылдап жүріп сенбіліктер өткізетін. Тамаша еңбегімен аудан, облыс аумағында аттары аңызға айналған озаттар болып еді ғой… Соларды бүгінгі жас ұрпаққа үлгі етіп, дүркін-дүркін жазып тұрсын журналистер. Осы арада аудан  әкімі  Алдияр Сансызбайұлы:

– Иә, ағалар, дұрыс айтасыздар. Тасқалада да тастүлек, жалындаған жастар баршылық. Мен оларға бір көшені алыңыздар да, құлпыртыңыздар, жайнатыңыздар дедім. Ауық-ауық ақсақалдармен ақылдасып тұрыңыздар деп жүрмін. Сіздер де көрген-білген, ойға түйгендеріңізді айтыңыздар деп, әңгіменің шоғын көседі. Ет пісірім уақытқа созылған әңгіме-дүкенде ақсақалдар армансыз ақтарылды. Мұнда да бұған дейінгі кездесулерімізде өзге аудандарда көтерілген бала тәрбиесі, жастар мәселесі, еңбек ету, ауыл тазалығы сияқты өміршең мәселелер көтерілді.

*   *   *

Аудандық мәдениет үйінде атағы алысқа кеткен «Ақ тілеу» әжелер ансамблімен кездесуіміз көкейдің төріне көрікті бір мезет болып қонақтады. Гәкку ғұмырдың әні мен жыры болып шалқып жататын мәдениет ошағының табалдырығынан аттай бергенімізде, шалқыта салған ән келді құлағымызға. Ақ текемет пен қалы көрпенің үстінде қалқып отырған әжелеріміз бізді әнмен қарсы алды. Әнебір жылдары Елбасының өзін әнмен қарсы алған аяулы ансамбль бұл! Кезінде осы ауданның отымен кіріп, күлімен шыққан, қара жұмыстың қандайын да  атқарған, еңбеккер әжелер. Бүгінде ән шырқап қана қоймай, жаңа түскен келіндерге баталарын беріп, жастарға ақылдарын айтып, қазақы жөн-жосықты құлақтарына құйып отыратын қазыналар ғой бұл аналар. Дастарқан басында қырғыздың, қазақтың әндері кетті әуелеп. Әжелермен кездесуімізді өзі де әжелердің өкшесін басып жүрген  Майра  ханым жүргізіп отырды.

Төлегеннің, Мұқағалидың, Қадырдың, Есениннің өлеңдерін өзі шығарғандай нәшіне келтіріп, оқығаны қандай… Аққұба өңінен сәуір сәуле саулап, осы кеше ғана түскен келіндей сызылып, әжелерді  таныстырғаны  қандай…

Қыз күндері мен келіншек кездері «Қош, аман болға!» баяғыд-а-а бұрылса да, сынын жоғалтпаған қайран біздің әжелер! Ақ торғынға малынып, айналасына  ақ нұр төккен, жүздерінен иман мен мейірім қатар тараған сіздердің орындарыңды енді бір  20-30 жылдан соң  кімдер басар екен, шіркін-ай?!

«Әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген, әжелермен де әзіліміз жарасып жүре берді. Қарап отырмай, «Газетімізге хабарландыру беріп, сіздерге әнші қарттар тауып берейік» дедік-ау. Әжелеріміз мәз болды. Тап осы сәтте үстімізге аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы кіріп келгені: – Ойбуй-й-й, маған музей уайым болып жүрсе, әжелерге шал уайым, – деп бәрімізді  ду  күлдірді.

*   *   *

Тасқалада делегация мүшелері Ешкітаудың басына шығып, аңқылдай соққан желге кеуделерін тосып, айналаны шолды. Алақандағыдай алдарына келген тау сілемдерінің қойнауына көз қыдыртып: – Шіркін, көктемде келсе, көркіне көз тоймайтын  жер ғой, бұл! – деп тамсанды. Ақтау ауылындағы Ақбұлақтың басына барып, тасты жарып ағып жатқан кәусардың суымен таңдай жібітті.

Тасқаланың тамашасын түгендегенімізде, барлық шаралардың бас-аяғында қасымызда аңқылдап сөйлеп, жарқылдап күліп, арасында ән бастап, сонысымен баяғыдан журналистердің өз адамындай болып кеткен, аудан әкімінің орынбасары Люция Әсетқызы  жүргені  бір  көрім  болды.

Кешкісін «Жайық Престің» шаралары аудандық мәдениет үйінде жалғасты.

Айтпақшы, оқушылардың қалам қарымын сарапқа салған байқауда Қ. Сәтпаев атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Алина Жалқатова (жетекшісі Айымкөз  Шакирова), Атамекен мектебінен 11-сынып оқушысы Камила Мұратова (жетекшісі Гүлшат Сағатова), Ақтау мектеп-балабақша кешенінің 11-сынып оқушысы Гауһар Татаханова (жетекшісі Кенжеғали Аспандияров) облыстық байқауға жолдама алды.

*   *   *

«Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы жұмыс сапарымен Зеленов ауданында болды. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым міндеттерді насихаттау мақсатында ауданымызда «Туған жер» этномәдени іс-шаралар кешенін ұйымдастыра келген меймандарды аудандағы лауазымды тұлғалар қарсылап алды.

Алтын дәнді өлкенің қонақжайлығын сезінген меймандарға облыстық ақындар айтысының жүлдегері, белестік мұғалім Естеміс Мұқамбетов жырдан шашу шашты.

Бұдан кейін медиахолдинг ұжымын аудан әкімі Асхат Шахаров қабылдады.

– Елбасы Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын халыққа насихаттау мақсатында атқарып жатырған еңбектеріңіз жемісті болсын!  – деді Асхат  Берлешұлы.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов өз кезегінде аудан басшы сына атқарып отырған жұмысына  толайым  табыс  тіледі.

Қабылдаудан кейін бас директор Рауан Сәбитұлы мен «Орал өңірінің» арнаулы тілшісі Есенжол Қыстаубаев аудан ардагерлерімен, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин Қ. Аманжолов атындағы мектепте мұғалім қауыммен, ал «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова аудандық орталық  аурухана  ұжымымен  кездесті.

Кездесулер барысында оқырман мен медиахолдинг арасындағы көпірді нығайтуға байланысты орынды ұсыныс-пікірлер айтылды.

Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде «Өрімтал» жас тілшілер байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар анықталды.

– Туған жер – аясы кең ұғым. Барлық жақсылық осы туып-өскен өлкеден басталары анық. Сондықтан әр азамат өз туған еліне немқұрайлы қарамай, бар ниетімен нақты көмегін көрсетсе, ол сауапты іс. Бүгінгі шара жерлестерімізге үлгі боларлық жоба деп білемін. Ізгілікті шараны ұйымдастыра келген «Жайық Пресс» медиахолдингі ұжымына ризашылығымды білдіріп, қолға алған осындай шараларыңыз алдағы уақытта да жарасымды жалғасын табады деген сенімдемін, – деді аудан әкімі Асхат Шахаров салтанатты  шарада.

Бұдан кейін сөз алған «Жайық Пресс» медиахолдинг директоры Рауан Сәбитов аудан әкімі бастаған ұжым мен тұрғындарға өз  ризашылығын  білдірді.

– Құрметті алтын дәнді өлкенің тұрғындары, біздің патша көңілді оқырмандарымыз, жас достар, баршаңызға бүгінгі кешімізге қош келдіңіздер дейміз. Журналистер қауымының ел арасында көп жүретіні өздеріңізге мәлім. Бірақ біздің бүгінгі сапарымыздың жөні бөлек. Біріншіден, өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы басым бағыттарды насихаттау мақсатында ел арасына шығуды жөн көрдік. Мемлекет басшысы мақаласында туған жерге ерекше тоқталады. Өйткені, әр адамның жүрек төріне қонақтайтын ең қастерлі ұғым – туған жер. Біздің бүгінгі шарамыздың туған жер аталуының  себебі  де  осы.

Екіншіден, жергілікті жерлерде оқырмандарымызбен қауышып, ой-пікірлерін білу мақсатымен келіп отырмыз, –  деді Рауан Сәбитұлы.

Айта кету керек, екі облыстық және он екі аудандық басылымның басын қосқан «Жайық Пресс» медиахолдингінің ұжымы бұған дейін он бір ауданда болып, оқырмандармен  жүздескен  болатын.

Шара барысында Рауан Сәбитов аудандық басылымға жан-жақты қолдау көрсетіп, жазылымды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген оннан астам ауылдық округ әкімдері,  аудандық басылымға жан-жақты және қаржылай-материалдық қолдау көрсетіп жүрген аудан кәсіпкерлері «Асан Ауыл» ЖШС-ның жетекшісі  Бейбіт Асанов, «АСФА» ЖШС-ның жетекшісі Иван Енютин, аудандық басылымға жан-жақты қолдау көрсетіп, жазылымды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген аудандағы мекеме басшылары, олардың ішінде Переметный мектебінің директоры Мәлік Өтешов, Зеленов колледжінің директоры Александр Бақтыгереев, Достық жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Светлана Голубева, Қ. Аманжолов атындағы мектеп директоры Роза Тасанова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Болатбек Ахметжанов, аудандық орталық аурухана директоры Тимур Мұсағалиевты алғысхаттармен марапаттап, сый-сияпаттар  табыс  етті.

Сонымен қатар аудандық басылымды оқырмандарға уақтылы жеткізіп жүрген пошта қызметкерлері Макаров ауылдық округінің пошта торабының басшысы Ақмарал Телжанова мен Мичурин ауылдық округі пошта торабының пошташысы Гүлшат Сейтімоваға  сыйлықтар  ұсынылды.

«Орал өңірі» газетінің бас редакторы аудандық басылымға тұрақты түрде сапалы мақалалар  жазып жүрген газеттің штаттан  тыс тілшілері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Меруерт Ешниязоваға (Егіндібұлақ ауылдық округі), еңбек ардагері Майдан Жұбандықовқа (Көшім ауылдық округі), Жанерке Ерболқызына (Мичурин ауылдық округі), еңбек ардагері Николай Анципровичке (Переметный ауылдық округі), Достық жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ернарын Ғиылмановқа «штаттан тыс  тілші»  куәлігін   табыс   етті.

«Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова аудандық басылымға тұрақты түрде тырнақалды өлең-мақалаларын жазып жүрген мектеп оқушылары Ділназ Жәнібекова (Егіндібұлақ мектебінің оқушысы), Ришат Шәріпов (Қ. Аманжолов атындағы мектептің оқушысы), Бақтыбай Тәжімұратов (Қ. Аманжолов атындағы мектептің оқушысы), Ғасыр Серікұлы (Достық мектебінің оқушысы), Нұрасыл Ізбасаровқа (Достық мектебінің оқушысы) аудандық «Ауыл тынысы» қоғамдық-саяси газетінің «Жас  тілшісі»  куәліктерін  табыс  етті.

Ал «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі Есенжол Қыстаубаев «Өрімтал» жас тілшілер байқауының жеңімпаздарына жолдамалар табыс етті.  Олар: Ғасыр Серікұлы (Достық мектебінің оқушысы, жетекшісі Ернарын Ғиылманов), Мәдина Ибрагим (Дариян мектеп-гимназиясының оқушысы), Ернияз Ерсайынұлы (Дариян мектеп-гимназиясының оқушысы, жетекшілері Ақтілек Нұритденова).  Енді бұл оқушылар қараша айында өтетін облыстық байқауда бақ сынайтын  болады.

Шара шеңберінде аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған бір топ азаматқа облыстық «Орал өңірі», «Приуралье», аудандық «Ауыл тынысы» басылымдарына 2019 жылға жазылғандығы жөніндегі түбіртектер  салтанатты  түрде  берілді.

Мерекелік шара аясында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері, халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаттары әннен шашу шашып, мереке көрігін қыздырды.

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

Ертай   БИМҰХАНОВ,

Нұрлыбек  МҰХАМБЕТИЯРОВ,

Тасқала – Зеленов


Бөкейліктер орысшаға неге үйір?..

Күні: , 177 рет оқылды

Әгәрәки,  көшеге  шығып,  ойнап  жүрген, не  мектептен  келе  жатқан  балалардың әңгімесіне  құлақ  түре  қалсаңыз, балғындардың  ана  тілінде  емес, орыс  тілінде шүлдірлеп  бара  жатқанын  байқайсыз.  Бұл  үлкен мегаполис  немесе  тіпті  шағын  қалада  емес.  Шалғай  аудан саналатын  Бөкей  ордасы  ауданы  орталығындағы көзүйреншікті  жайт. «Кім  баласын  орыс  мектебіне бермей  жатыр  дейсіз?  Жоқ  жерден  ши  іздеудің не  қажеттілігі  бар?» дерсіз.  Әңгіме  орыс  мектебінде оқитын  ордалық  оғландардың  көптігінде  болып  тұр.

Салыстырмалы түрде айтсақ, көрші аудандарда орыс мектебі жоқ, тек орыс тілінде оқытатын сыныптар ғана бар. Мысалы, Қазталов ауданында екі бірдей аралас мектеп бар. Жәнібек ауданында екі аралас мектеп бар, оның бірі аудан орталығында болса, екіншісі – Талов ауылында. Аудан орталығындағы аралас мектептегі 483 оқушының 295-і орыс сыныптарында оқыса, оның 26-сы өзге ұлт өкілі, ал Талов мектебінде тек қана 5-сынып орыс тілінде оқытылады, ондағы оқушы саны алтау ғана. Осы Талов ауылындағы орыс, араб ұлттарының өрендері қазақ тілінде оқуды жөн санапты.

Ал біздің ауданда биыл мектеп табалдырығын аттаған балдырғандардың төрттен үші орыс мектебін таңдапты. М. Мәметова атындағы орта мектепте үш бірдей мектепалды даярлық сыныбы ашылса, М. -С. Бабажанов атындағы мектепте мұндай сынып біреу-ақ. Жалпы, ауданда М. Мәметова атындағы мектептен басқа оқыту тілі орыс тілінде жүретін Жәңгір хан мектебі бар. Бұл мектеп – басыбайлы орыс тілінде емес, аралас мектеп. Жәңгір хан мектебінің директоры Олжас Түсіпқалиевтің мәліметінше, жалпы оқушы саны 425 болса, соның 123-і орыс тілінде оқиды.  Ал  М. -С. Бабажанов мектебінде 360-тай оқушы болса, М. Мәметова мектебінде 410 оқушы бар. М. Мәметова мектебінің басшысы Асылхан Аманғалиев барлық дерлік сыныптың үш-үштен екенін айтады. Осы санға шаққан мәліметтерге қарап, Бөкей көшіне қосылған орыс, грек, татарлардың ұрпақтары баба сүйегі қалған құмды ауылда орнығып қалған екен ғой деп ойлап қаласың. Санаңызға осындай патриоттық пәрмені бар ой орнығып қалмай тұрып айтайын, сол орыс мектебінің партасын толтырып отырған – өзіміздің қаракөздер. Жәңгір хан мектебіндегі орысша оқитын 123 оқушының жетеуі ғана өзге ұлт өкілінен болса, М. Мәметова мектебіндегі 410 оқушының 14-і ғана – өзге ұлттың ұл-қызы. Ал сол өзге ұлт өкілдерінің өзі қазақша судай ағызса да, қазақ мектебінде оқып жатқаны жоқ…

«Балам орысша оқып, пысық болсын»

Мектепті бала емес, ата-ана таңдайтыны бесенеден белгілі. Кешегі ойын баласы ата-анасының қай мектепті құп көргенін қыркүйекте бір-ақ біледі. Ата-аналар орыс тілінде оқытатын мектепті неге озық көреді екен? Соны білмек болып, ата-аналарды сөзге тартқан едік.

Ария  Айтқалиева:

– Екі балам да орыс мектебінде оқиды. Әкесінің қалауы осылай болды. Өзі орыс мектебін бітірген. Сабағына көмектессек деп орыс мектебіне бердік, – дейді.

Бұл тек Арияның жауабы емес. Басым көпшілігі осылай дейді. Өздері орысша оқыған жылдары орыс тілі үстемдік құрғанын айтып, қазір тәуелсіздік алған азат елдің болашағы ана тілді болмағанда, қашан қазақ тіліміз төрге шығады деп жауабы жоқ сауалдарды төпетіп-ақ кетер едім. «Өз құқығым, өз балам, өзім білемін!» деген өпірем жауап маңдайыңа тарс ете түсетіні тағы бар. Кейбір  ата-аналар орыс мектебінің үйлеріне таяқ тастам жерде екендігін алға тартады.

«Қазақ мектебінде оқыған балалар бұйығы, орыс мектебінде оқыған бала ашық, пысық, өз ойын іркілмей айта алатын алғыр болады». Бұл баласын орыс мектебінде оқытуды жөн санаған ата-ананың ең бір қарабайыр тұжырымы десе болады.

– Иә, мен баламды дәл осы мақсатпен орыс мектебіне бердім. Ашылсын, пысық болсын, іркілмей өз ойын ашық айта алатын алғыр болсын дедім, – дейді жас ана Айгүл Әжіғалиева.

– Орысша оқыған бала қай-қай жерде де нанын тауып жейтін пысық болады. Жас кезімізде орыс тілін білмегендіктен, айтар сөзіміз аузымызда қалып, тіл білмегендіктен талай жерде есеміз кетті ғой. Қайда, қандай ортада жүрсе де, пробивной (өзгеріссіз өз сөзі) болсын деп ұл мен қызымды орыс мектебіне бердім, – дейді Үміт Захарқызы.

Әй, қайдам, қазір қай мектептің баласын алсаң да, өз ойын айта алмай, қолтығынан бөзі, аузынан сөзі түсіп тұрмайды. Отбасындағы еңсені езіп, қысым мен озбырлықты көріп өскен балалар жасық болмаса, қазіргі қазақ мектебінің балаларына жуас, момын, өз пікірін білдіре алмайды деген штампты жапсыра алмайсың. Орысша оқығанның бір тіні артық болады деген құлдық санамыздың сегіз өрім қамшыдан қалған ізіне әлі де селеуке түспегені байқалады.

«Пробивнойдан» шығады ғой, кей ата-ана орташа оқыса да, орыс мектебін бітірген түлектердің грантқа таласта тұзы жеңілдеу болады деп ойлайды. Соның бірі осы – Үміт апамыз.

– Еліміз бойынша қазақша оқитын балаларға қарағанда орыс мектебінде оқитын балалар саны аз ғой. Грантқа түскенде 75-80 балл жинап, оқуға түсіп кетер деген  дәме де бар, – дейді.

Захарқызының бұл сөзінің жаны бар. Алысқа бармай, өткен оқу  жылындағы грант нәтижесіне қарасақ, 75430 оқушы ҰБТ-ға қатысқан, оның 60 327-сі қазақ мектебінен, 14 810-ы орыс мектебінен, 293-і ағылшын тілінде оқытатын мектептен екен. Орыс мектебін бітірген түлектердің жартысына жуығы ЖОО-ны таңдағанда, Қазақстанды емес, көршілес Ресей, ТМД елдерін таңдайды. «Утечка мозгов» (білімді жастардың эмиграциясы) үдерісі биылғы жылы да 57-60 балл жинаған түлектерге жол ашып берді.

Алысқа құлаш сермемей, үлкен мәселеге бас сұқпай тұрып, ауданға оралайық.

Қазығын   қайта  тауып   жатыр

2016-2017 оқу жылынан бастап, яғни соңғы үш жылда даярлық тобында оқитыны бар, орта буын оқушылары бар, М. Мәметова мектебінің 11 оқушысы М. -С. Бабажанов мектебіне ауысқан.  Басы қатып, дүбәра болған бала. «Қанмен берілген қазақ тілі қайда кетер дейсің?  Тілі орысша шығып, орысша сөйлеуге жатық қой» деп мектеп таңдаған ата-ананың қателігінен оқушы екі кеменің құй-рығын ұстап, суға кеткеннің күйін кешуде.

– Балалар таң атқаннан, кеш батқанға дейін орыс тілді арналарды көреді. Мультфильмді көріп қана қоймай, бала миы сол тілдегі ақпаратты қабылдайды. Балалар өзара орысша сөйлеседі. Осыны көрген ата-ана баламның орыс тіліне бейімі бар екен, орыс мектебіне берсем, алып кетер деп қателеседі. Оқушы мектепте тек алты сағатын ғана өткізеді. Қалған уақытта үйде. Ата-ана баласының сабағын қадағалап, жеткілікті деңгейде қараса алмағанда, сыныптансыныпқа көшкен сайын баланың үлгерімі нашарлай береді. Біз баланы мектепке қабылдауда атаанасына «үйдегі сөйлеу тілі қандай? Күні ертең балаңызға жеткілікті түрде көмек көрсете аласыз ба? Қазақы отбасы екенсіз, қазақша оқытсаңыз қалай болады?» деп жөн сілтей алмаймыз. Немесе балалардың орыс тіліне қабілеттілігін алдына ала емтиханнан, сынақ өткізіп, безбенге сала  алмаймыз. Өйткені, біздің ондай құқығымыз жоқ, – дейді М. Мәметова атындағы мектептің директоры Асылхан Аманғалиев.

Құп, басшы осылай десе де, балалары мектеп ауыстырған атааналардың ішінде «мектеп мұға-лімдері «балаңызды Бабажановқа апарғаныңыз дұрыс, орыс тілінде алып жүре алмайды» деп «кеңес» бергеннен кейін мектеп ауыстырдық» дейтіндер де бар. Соған байланысты «Ата-ананы шақырып алып, балаңызды қазақ мектебіне бергеніңіз дұрыс деп айтуға құқығыңыз бар ма? Үлгерімі төмен баланы қосымша сабақ беріп, жұмыстануды талап етпейсіз бе? Әлде орыс мектебіне тек орысшасы жетік балалар ғана оқу керек пе?» деп сұрадық.

– «Мектеп ауыстырыңыз!» деуге еш құқымыз жоқ. «Здравствуй! До свиданияны» түсінбейтін бала келсе де, мектепке қабылдаймыз. Мемлекеттік тапсырысты орындап, алдымызға келген балаға білім беру – міндетіміз. «Сен, мында қал!», «Сен, қазақ мектебіне бар!» деп ешкімге ешқашанда айтуға құқығымыз жоқ. Сіздің нені меңзеп отырғаныңызды түсінемін, мойындаймын, бір әріптесіміздің «Бабажанов мектебіне барыңыз, балаңыз орыс тіліндегі білімді қабылдай алмайды» деген жайт орын алды. Ол мұғалімді шақырып алып, сөйлестім. Тиісті шара қабылданды. Тек тіл мүкістігі бар оқушыға М. -С. Бабажанов мектебіне баруға ұсыныс айттық, өйткені ол мектепте бізде жоқ мамандар: логопед пен дефектолог бар, – деген уәж айтады М. Мәметова мектебінің басшысы.

Осы тұрғыда М. -С. Бабажанов мектебінің директоры Жұбан Ғұмаров:

– Мектеп таңдауда басты рөл ата-анада екені айтпаса да түсінікті. Баланың ертеңіне қатысты таңдауыңызға асқан жауапкершілікпен қарау керек. Баланың теледидардан үйренген орысшасы сан мың ғылымды игеруге жетпейді. Қазіргі білім беру жүйесіндегі реформалар баланы ғана емес, атааналарды да ойландырады. Баланың сабақ үлгерімі нашарлап кетті деп, мектеп ауыстыратын ата-аналар ең бірінші зардап шегуші бала екенін білулері керек. Мектеп ауысты, сыныптастары ауысты, бұл ештеңе емес, бір ауылдың іші, орыс мектебі ауылдың ортасында, қазақ мектебі ауылдың сырт жақ шетінде. Сыныптастары көз көріп жүрген ауылдастары. Бірден тіл табысып кетеді. Мәселе – оқушының білімді қабылдауында. Әр пәннің өзіндік терминдері бар. Он бір жыл оқитын болса, соның тең жарымын орысша оқып келген бала әрі қарай қалай жалғастырып кетеді? Гәп осында, – дейді.

Ал мұғалімдер сауат ашу орыс тілінде жүргендіктен, ұлты қазақ болса да, қазақ әріптерін танымай келген оқушылар бар, бұл баладан үлкен ыждағаттылықты, мұғалімнен қосымша уақыт бөлуді, жауапкершілікті талап ететінін айтады. Тағы бір айта кетерлігі, бұрын оқыту тілі өзге мектепке ауысқан бала бір сыныпты шегеріп барып бастайтын еді. Мәселен, орыс мектебінен 7-сынып бітіріп келген оқушы қазақ мектебінің 6-сыныбына қабылданатын еді. Қазір ондай талап жоқ.

– Балам екі жыл оқып, мектеп ауыстырды. Мұғалімі орысша алып жүре алмайды деп қырын қарап тұрса не істеймін?! Мұхамед-Салық Бабажанов атындағы мектепке шала орысшамен барып отырған тек оқушылар емес, мұғалімдер де сондай. Қазақшалары енді түзеліп келе жатқан мұғалімдерді саусақпен санап берсем, санауға саусағың жетпейді. Етімнен ет кесіп алса да, айтар едім, балам «қара тізімге» кіріп кетер деймін, – дейді біз сөзге тартқан аналардың бірі.

– Иә, баламның мектебін ауыстырдым. Орысша оқысын дедім, оқсамады. Қазір шынын айтайын, қазақша оқығаннан гөрі орысша оқығанның тұзы жеңілдеу ме деп ойлаймын. Сынып толық, ағылшын тілінен бастап, дене шынықтыруға дейін топтарға бөлініп оқытылады.  Күні ертең латыншаға көшеміз, орыс мектебі сол кириллицада қалады дейді. Сонда 7-8-сынып оқып жатқан балалар қайтадан әліппе ұстай ма? Баламды қазақ мектебіне ауыстырдым. Бас-аяғы біз емеспіз.  Ал жаза ғой!!! Жазғыш болсаң, балалар неге орысша сөйлейді деп сұрамай, сол балаларды орысша сөйлетіп отырмыз деп сұра сұрайтын кісілеріңнен! Неге «Триколорға» телміріп отырмыз, неге балаларға арналған жақсы арна жоқ деп сұра! Тәуелсіздік күні де, Наурыз күні де «Қыз Жібекті» көреміз, бізде вообще телевидения дұрыс дамымаған. Ана «Отауыңа» сәлем айт! – деп әңгімесін тым-тәуір бастаған сұхбаттасушым әрең деп барып тоқтады.

Иә, Жанар замандасымыздың сөзінің жаны бар. Көбіміздің үйіміздің төрінде «Триколордың» тұрғаны да рас. Үлкен-кішімізді телміртіп отырған «Триколор» сандық телевидениясының талғамға татырлық дүниесі көп. Нақ осы балаларға арналған 20 арнасы (!) бар. «Детский мир», «Детский телеканал», «Малыш»,  «Мультимания», «Ginger», «ani» деп жалғасып кете барады. Жарнама жасады деп қалмаңыз, бірақ осы арналар бағдарламаларының танымдық, тартымдылығы соншалық, ересектердің өзі еш жалықпастан, арна ауыстырмастан көре алады. Мысалы дейсіз бе? Сөзімізге дәйек қылсақ, «Смешарики» деген мульттоптама бір-бірін қайталамайды, бір сериясы археологияға арналса, екіншісі гигиенаға арналады. Үлкен ғылымды баланың санасына  лайықтап ұсынады.

Балаларға арналған телеарна бізде де бар. Бірақ балаларымыздан бұрын ұйқыға кететін «Балапан» арнасы тарататын бағдарламалар «Триколордан» берілетін бағдарлама топтамасының қолына су құя алмайды. «Сен, қазақ деген ұлы даланың ұланысың, ұлттық арнаны, «Балапанды» қарауың керек!» деп баланы мәжбүрлей алмайсың. Балаңмен қосылып, өзің бірге қарайсың. Баламыз өзге тілде былдырламау

үшін, «Балапанды» баптап, балдырғандарға арналған сапалы арналарды көбейту керек. Бұл ерінбеген екінің бірі айтатын ақыл. Әйгілі Әуезовтің аталы сөзі бүгінде «Ел боламын десең, экраныңды түзе!» деп заманына қарай өңделіп, өзгергелі қаш-а-а-ан?!

Ұлпан    ӘНУАРҚЫЗЫ,

Бөкей ордасы ауданы


«БҚО партияның бастамашыл жобаларын жүзеге асыруда алда келеді»

Күні: , 25 рет оқылды

Бүгінде 34 мыңнан астам батысқазақстандық «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Соңғы екі жылда 3354 адам партияға қабылданып, жемқорлыққа жол берген  22  адам партия қатарынан шығарылған.

Бұл туралы кеше «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезекті ХХІІ есеп беру-сайлау конференциясында мәлім болды.

Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев, партияның облыстық филиалының төрағасы Алтай Көлгінов, саяси кеңес мүшелері, партия ардагерлері, облыстық мәслихаттың депутаттық фракцияларының мүшелері, аудандық филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, облыстық атқару құрылымдарының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияның күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе бойынша сөз алған «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен облыстық филиал жанындағы Саяси кеңестің 2017-2018 жылдардағы жұмысын қорытындылады. Жиырма жылға жуық тарихы бар, шын мәнінде халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» партиясының Елбасы саясатын жүзеге асыруға бағытталған баянды бастамаларға қолдау көрсетіп, әрдайым экономикалық, әлеуметтік және саяси салалардағы істердің ұйытқысы болып жүргенін атап өткен Серік Кенжебекұлы партияның облыстық филиалы есепті кезеңде Елбасының Қазақстан халқына Жолдаулары мен «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру» мақаласының негізгі  бағыттарын, сайлауалды, жемқорлыққа қарсы бағдарламаларды іске асыру, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру, қоғамдық қабылдаулар мен саясиқоғамдық шараларды  ұйымдастыруға басымдық бергенін жеткізді.

– Сайлауға түскен кезде «Нұр  Отан» партиясы бес жылға жоспарланған бағдарламасын құрды.

Онда нақты индикаторлар белгіленді. Осы мақсат-міндеттерді орындау үшін күш салып келеміз.

Сондықтан, облыста жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламаларда «нұротандықтардың» үлесі мен уәдесі барын ескеруіміз керек.

Жергілікті атқарушы құрылымдардың жұмысы облыстық мәслихаттағы 26 депутаттан тұратын фракция арқылы анықталып, қажеттілігіне қарай Саяси кеңесте немесе Саяси кеңес бюросында қаралып келеді.

Елбасы, Партия Төрағасы Н. Ә. Назарбаев қазіргі таңда еліміздің дамуына үлкен серпіліс беріп отырған «Нұрлы жол» бағдарламасына бөлінген қаржының тиімді жұмсалуын бақылауды «Нұр Отан» партиясына тапсырған болатын. Осы маңызы зор міндетті іске асыру мақсатында фракциялар жанынан құрылған комиссиялар облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан нысандарға үнемі бақылау жүргізіп отырады. 2017-2018 жылдары «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 19 жобаны іске асыруға Ұлттық қордан 24,7 млрд. теңге  және «Нұрлы жер» аясында 102 жобаны іске асыруға 31,2 млрд. теңге бөлінді.

Жұмыстардың барысы комиссиялардың бақылауында. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында Батыс Қазақстан облысында келелі іс-шаралар жүйелі іске асырылуда. Ұлт руханиятын түлетуге арналған тың жобалардың тиімді жүзеге асуы мен орындалуы «Нұр Отан» партиясының тікелей бақылауында. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аймақтық жобалық кеңсесімен бірлесе «Туған жер», «Киелі жерлер географиясы», «100 жаңа есім», латын әліпбиіне көшу бағытындағы жұмыстар өз ретімен жүзеге асырылуда, – деді Серік Сүлеймен.

«Сайлау туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес алдағы сайлауларда мәслихат депутаттары жекелей емес, партиялық тізім бойынша сайланады. Яғни, партиялар бәсекесі арта түседі. Жиында «нұротандықтар» келешекте партия атынан саяси додаға ұсынылатын партиялық резервтің сапасын арттырып, нақты құрамын жасақтау мәселесін талқыға салды. Бұл мақсатта «Партия кадрлары» бағдарламасы дайындалған екен.

Сонымен қатар «Рухани жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыруға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жаңа 20 партиялық жоба да жүзеге асуда.

– Облыстық кәсіпкерлер палатасымен және уәкілетті мемлекеттік құрылымдармен үш жақты меморандумдарға қол қойылды. Нәтижесінде, «Балалар үшін тегін IT-сынып» партиялық жобасы аясында өңірде 15 IT-сынып ашылып, оларда 1500 оқушы білім алуда. Келер жылы тағы 50 ІТ-сынып ашылмақ. Облыста 83 кітапхана «онлайн кітапхана» жүйесіне қосылған. Бүгінде цифрландыруға жататын 5290 кітаптың 3259-ы сандық форматқа аударылды. Қалған 2200 кітапты біртіндеп аударатын боламыз.

Партияның «Заманауи білім орталықтары» жобасы аясында кітапханаларды қазіргі заманғы коворкинг және білім орталықтарына айналдыруды қолға алдық. Облыста жастарға арналған 7 коворкинг орталық жұмыс жасауда. Ауыл балаларына ағылшын тілін үйрететін 20 жазғы стационарлық лагерь ашылып, 2000-нан астам бала оқытылды. «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты және «Болашақ» қауымдастығы «English for Jastar» жаңа жобасын жемісті жүзеге асыруда. Жоба аясында 10 студент еріктілерімен бірге ауылдық жерлердегі 600-ге жуық оқушыға ағылшын тілін үйретуде, – деді Серік Кенжебекұлы.

«Нұр Отанның» қоғамдық қабылдау бөлмесі халық пен билік арасын жалғайтын сенімді тетікке айналып үлгерді. Есепті кезең ішінде 1 аймақтық және 13 аумақтық филиалдағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 6038 тұрғын келіп жолықса, 2143 адамның мәселесі оңтайлы шешілген. Әсіресе, ішкі істер құрылымдарымен, облыстық  әділет департаментімен бірлескен «Жолда қабылдау», «Әділет кеңес береді» сынды акциялар, «7-20-25» бағдарламасының аясында өткен қабылдаулар қарапайым тұрғындар үшін өте тиімді.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев  партия мүшелерінің Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін бірден-бір күш екеніне тоқталып өтті.

– Халық Елбасы Жолдауындағы міндеттердің қашан және қалай жүзеге асатынын күтеді. Біз партияның рөлі осы жерде айқын аңғарылуы тиіс деп есептейміз. Жолдауды іске асыру жөніндегі жүзге жуық шара Президент Жарлығымен бекітілді. Нақты мерзімі мен жауапты құрылымдар да көрсетілген. Біз үшін осы нақты индикаторлар бақылау көздері болып табылады.

2016 жылдан бері партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру барысын, яғни халық алдында берген уәделердің орындалуын бақылап келеміз. Мәжіліс депутаттары басқаратын он екі комиссия, партия филиалдары жанындағы қоғамдық кеңестер тоқсан сайын Жолдаудың орындалу барысын қарайтын болады. Екіншіден, 240-тан астам қоғамдық қабылдау бөлмесі бар, азаматтармен тікелей кездесулер өткізу барысында Жолдауда аталған нақты шаралардың орындалуы туралы ақпараттар жинақталады. Үшіншіден, ақпараттар өңірлер бойынша әлеуметтік мониторинг жүргізу нәтижесінде жинақталады. Стратегиялық бастамалар институты арқылы «Әлеуметтік мониторинг» жобасы жүзеге асатын болады. Астанада отырып, арнайы бағдарлама арқылы кез келген өңірде сауалнама жүргізе алатын деңгейге жетеміз. Төртіншіден, БАҚ пен әлеуметтік желілерді зерделей отырып, туындаған мәселелерді сараптаймыз. Сөйтіп, Жолдауға байланысты мәселелерді осы төрт бағыт бойынша бақылауды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Ауқымды қоғамдық бақылауды ұйымдастыруда партия филиалдарының әлеуетіне сүйенеміз. Батыс Қазақстан облысы  – партияның барлық бастамашыл жобаларын қолдап, бірден жүзеге асыруда алда келе жатқан облыстардың бірі, – деді Қаныбек Бекболатұлы.

Ең маңызды бастамаларды талқылау үшін «NurOtanTrends» және «NurOtanTalks» атты жаңа форматтағы пікірталас алаңдары құрылғаны мәлім. Оған қоса партия жұмысына PRINCE 2 басқару үлгісі енгізіліп, нұротандықтар жаңаша жұмыс істеу тәсіліне көшкен болатын. «Нұр Отан» партиясы жаңғыру аясында 20-дан астам жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Оның ішінде цифрландыру үдерісіне үлес қосуға бағытталған ІТ-сыныптар мен орталықтар ашу, партияның барлық қызметін цифрландыруға бағытталған «Цифрлы партия» жобасы да бар. Ал партиялық білім беру сапасын арттыруда Саяси менеджмент академиясы құрылды. Сонымен қатар жастармен белсенді жұмыс – басым бағыттардың бірі.

Конференцияда сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов цифрландыру аясындағы жобаларды «нұротандықтардың» ең алғашқы болып қолға алуы қажеттігін атап өтті. «Кейбір мәселелерді талқылауды онлайн дауыс беру арқылы шешсек, ал жиын уақытын сайлаушылардың  мәселелерін талқылау және нақты жоспарлар құру сынды ең өзекті сұрақтарға арнасақ, тиімді тұсы мол болар еді. Халықтың өмір сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған Елбасы Жолдауы мен Президенттің бес әлеуметтік бастамасы алдымыздағы жаңа межелерді анықтап берді. Сайлаушылар бізден не күтеді, қандай сенім артады?

Осы мәселені ең басты назарда ұстауымыз қажет. Партияның облыстық филиалы алдында маңызды әрі жауапты жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр», – деді жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Сақ болыңыз, Қышыма !

Күні: , 29 рет оқылды

Орал қаласында жыл сайын қышыма ауруы   бір  оқиғадан тіркеледі.

Қышыма – бұл жұқпалы тері ауруы, оның қоздырғышы- қотыр кене. Қотыр кене адамның терісіне енгеннен кейін жылдам көбейе бастайды, ол адам терісінде жұмыртқа салады, 7-10 кун өткен соң ересек қотыр кенелер пайда болады. Қышыма  терінің жұқпалы ауруы, ауруды науқас адаммен тығыз қарым-қатынаста болу арқылы жұқтырады. Тері астында болатын, сызат түрінде із қалдыратын қышыма кенесі арқылы беріледі.  Ауруды жұқтырғаннан кейін, алғашқы клиникалық белгілері пайда болғанға дейін отыз және одан да көп күн өтуі мүмкін. Кене тістеген жерде, кешкі және түнгі мезгілдерде қышу туғызады. Дененің тырналған жерлерінде, саусақ араларында, кеудеде және іште, аяқта, бөкседе көпіршіктер, күлдіреуік, қанды қабыршықтар пайда болады.

Қышыманы болдырмау үшін не істеу қажет? Әрбір 5-6 күн аралығында моншаға түсіп, жуынып отыру керек; іш  киімдерді және төсек жаймаларын жиі-жиі ауыстырып, оларды жуып , үтіктеп отырған  дұрыс, әр адамның жеке сулгісі және басқада тұтыну заттары болған жөн, колды сабындап жуу қажет.

Егер ауруды жұқтырған болсаңыз, міндетті түрде тері ауруының  дәрігері көмегіне жүгініп,емделу қажет. Өз бетімен емделу асқынуларған немесе іріңді жаралардың дамуына әкеп соқтыруы мүмкін.  Қышымаға қарсы арнаулы емді тері дәрігері  ғана жүргізеді. Дәрігерге ерте қаралу- айналасындағы адамдарға  қышыманың таралмауын және одан тез сауығуын қамтамасыз етеді.

Орал  қалалық қоғамдық  денсаулық сақтау басқармасының

жетекші маманы Уразова Ф.Ж


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика