Мұрағат: 29.10.2018


Төлеген СЕБЕПОВ: «Мол дүниеге ұмтылмағаным үшін өкінбеймін»

Күні: , 40 рет оқылды

Жуырда Қаратөбе ауданының  құрметті  азаматы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі»  ордендерінің иегері, еңбек ардагері Төлеген Себепов  80 жасқа толды. Кезінде Қаратөбе аудандық  кеңесі атқару комитетінің төрағасы,  Тайпақ  аудандық   ауыл   шаруашылығы басқармасының  басшысы, Орал ет-консерві  комбинатында партия  комитетінің хатшысы, облыстық  асыл  тұқымды мал  бірлестігінің  директоры, өзге  де  бірқатар  жауапты қызметтерді  абыроймен атқарған  Төлеген  Себепұлымен жүздесіп,  оның  ғибратты өмір  өткелдері  хақында әңгіме  өрбітудің  сәті  түскен еді.

– Төлеген аға, алғаш рет еңбекке араласып, тәжірибе жинаған жеріңіз туралы айтып берсеңіз?

– Осы күнгі Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылында Жұмашев дейтін кеңшар директоры болды. Оның баласы Алматыда бізден бір курс жоғары оқыды. Жұмашев 1959 жылы баласының тойын Алматыда жасады. Той үстінде менің фамилиямды естігенде қасына шақырды да, «Сен, осы Себептің баласы емессің бе?» деп сұрады. 1928-29 жылдары әкем екеуі Оралдың техникумында бірге оқыған екен. Содан ол мені алты айлық өндірістік тәжірибені «Егіндікөл» кеңшарынан өтуге шақырды. Мен бардым. Жұмашевтың астында «Қазбек» деген мықты аты бар екен. Бұрын «Қалдығайты» МТС-ында директор болған кезінде осы аты оны қатты бораннан адасқанда аман алып қалыпты. Жұмыс бабымен өзге кеңшарға ауысса да, сол атты қалдырмай алып жүреді екен. Ол уақытта веттехник, зоотехниктер фермаларды атпен аралайтын. Жұмашев менің астыма «Қазбекті» мінгізді. «Егіндікөлдегі» бірінші ферманың малдары Баянас, Тұщықара дейтін жерлерде бағылатын. Бірде Баянастан қайтып келе жатсақ, «Егіндікөлдің» қасындағы Қалдығайты өзені тасып жатыр екен. Қасымда үш-төрт кісі бар еді. Олар: «Осы «Қазбектен» мықты ат жоқ, сенің артыңнан жүреміз», – деді. Суға «күмп» етіп түстім де кеттім. Ағыс алып бара жатыр. «Қазбек» талмай жүзіп, 50 метрдей ығып барып, бір жарқабақтың тұсынан жағаға ытқып шықты. Қасымдағы кісілер өте алмай кейін кетті. Осындай жағдайда шаруашылықты ұйымдастыру, есеп-қисабын жүргізу жұмыстарымен айналысып, тәжірибе жинақтай бастадық қой. Оқуымды бітірген соң, «Қалдығайты» кеңшарындағы «Сталин жолы» деген бөлімшеге зоотехник болып жұмысқа тұрдым. Боз Бекмурзин деген бөлімше басқарушысы менің әкеммен бірге жұмыс істеген адам еді. Бір ғана бөлімшеде төрт мыңға жуық ірі қара, 33 мың қой, көптеген жылқы бар еді. Ал тұтас «Қалдығайты» кеңшарында 111 мың қой, 14 мың жарым ірі қара, бес мың жарымдай жылқы, 400-дей түйе, 200-дің үстінде қоян, мұның сыртында қаз-үйрек, тауыққа дейін өсірілді. Бөлімшеде 5-6 ай ғана жасағаннан кейін «Қалдығайты» кеңшарына зоотехниксұрыптаушы болып ауыстым. Бұл кеңшардың атағына Алматыда оқып жүрген кезімде-ақ қанық едім. Бірде Қой шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі, Қыдырниязов деген ғылым докторы дәріс беріп тұрып, «Бүкіл Кеңес одағы бойынша ең арзан қой еті қай жерде екенін білесіздер ме?» деп сұрады. Қой шаруашылығымен айналысатын өңірлер көп қой, студенттер жер-жерден жамырасып білгендерінше жауап беріп жатыр. «Ең арзан ет Оралда, Оралдан келген жігіттер бар ма?» деді оқытушымыз. Бес-алты жігіт орнымыздан көтеріліп едік, «Ал осылардың ішінде Қаратөбеден келгендерің бар ма?» деді. Қаратөбеден келген үш жігіт бар едік. «Қаратөбе ауданында «Қалдығайты» деген кеңшар бар екен. Бүкіл Кеңес одағы бойынша ең арзан қой еті «Қалдығайтыда», – деді доктор. «Қалдығайтыда» жайылым жақсы, жем-шөпке көп шығын шықпайтын еді.

– Әрі  қарайғы еңбек  жолыңыз  қалай  өріліп  еді?

– 1962 жылы Қаратөбе ауданында «Қалдығайтыдан» бөлініп, «Шөптікөл» кеңшары құрылды. Енді осы кеңшарда бас зоотехник болып қызмет еттім. Алғашында «Шөптікөл» кеңшарының орталығы Қаратөбе ауданы орталығының ішіндегі ескі дайындау кеңсесінде болды. Содан Шөптікөл ауылын қай жерден саламыз деген мәселе көтерілді. Біреулері аудан орталығынан 20 шақырым жердегі Шөптікөл көлінің жағасынан салу керек десе, енді біреулері жақсы жер – Жусандыой, солай қарай бару керек, – дейді. Айналып келгенде, аудан орталығынан үш шақырым жердегі қазіргі Шөптікөл ауылы тұрған Елеусін деген жерден төрт үй тұрғызыла бастады. Сол алғашқы салынған төрт үйге қоныстанушылардың бірі менің жанұям болды. Осы ауылда қызмет қылып жүрген кезімде мені аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас зоотехник етіп ауыстырды. Бұл Қаратөбе өз алдына аудан болып құрылғалы жатқан 1966 жыл еді. Оған дейін Жымпитыға қараған болатынбыз. Содан 1967 жылы Қаратөбе ауданына қарасты «Саралжын» кеңшарында жем-шөп мәселесінен үлкен қиындық туындап, малдардың көбі көршілес Қызылқоғаға қыстауға жіберілді. Маған бас зоотехник ретінде осы жұмыстарды тиімді ұйымдастыру жүктелді. Абырой болғанда, малды қыстан аман-есен алып шықтық. Осыдан соң 1968 жылы мені «Саралжын» кеңшарына директор етіп тағайындады. «Саралжын» алдыңғы қатарлы шаруашылық болды. 1969 жылы «Саралжын» кеңшары аудан бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болды. Сөйтіп, 1969 жылдың қорытындысында бірқатар белді қызметкерлермен бірге мен де Еңбек Қызыл Ту орденіне ұсынылып, 1970 жылы осы марапатқа ие болдық.

– Қазақтың  ақиық  ақыны Мұқағали  Мақатаевтың «Саралжын» ауылына келіп, сол жердің сұлу табиғаты мен тарихына өлең арнағанын жергілікті жұртшылық жыр қылып айтады?..

– Иә, мен «Саралжын» кеңшарына директор болып тағайындалған жылы белгілі ақын-жазушылар Хамит Ерғалиев, Мұқағали Мақатаев және жерлесіміз Берқайыр Аманшин ел аралап жүріп, «Саралжынға» да келді. Сыйлы қонақтарды жақсылап қарсылап, шығарып салу бізге арнайы тапсырылды.

Қаратөбе жұртшылығы әуелден қонақжай халық емес пе, қонақтарды әбден ризалап күттік. Жазушылар қарттардың әңгімелерін тыңдады. Содан ертемен шаруашылықты аралап келсем, меймандар таңертеңгілік шай басында отыр екен. Хамит Ерғалиев: «Төлеген, айналайын, жақын маңда Мұхит бабамыздың кесенесі бар екен. Осы жерге келіп тұрып, ол кісіге бет сипамай кеткеніміз ұят болар. Зиратына барайық», – деді. Содан жеті шақырым жердегі Ақбақай деген көлдің жағасында тұрған Мұхит баба зиратына бардық. Ол уақытта Ақбақай көліне Жақсыбай өзені арқылы мол су келетін. Жақсыбай түу «Аққозының» сай салаларын, Сулыкөлді толтырып, табиғи арнамен ағып барып, Жайыққа дейін қосылып кетеді екен. Сонда зират басына барғаннан кейін Мұқағалидың шабыттанып тұрып айтқан  сөзі  былай  болатын:

«Ақбақай дейтін көл екен,

Айнала толы гүл екен.

Аялап атамекенін,

Қызғыштар қорып жүр екен.

Салттары да дүр екен,

Жігіттері де ірі екен.

Махамбет пенен Мұхиттар

Тірі екен, әлі тірі екен!» – деп бастап әрі қарай тағы бір-екі шумақ айтты. Бұл алдыңғы жолдар менің есімде қалғаны ғана. Зират басынан ауылға қайтып келген сәтімізде Мұқағали қатты сырқаттанды да қалды. Ол уақытта «Саралжынға» ұшақ қонатын. Ауданға келген санавиация арқылы тезірек ем алуы үшін Мұқағалиды жеделдетіп Оралға жөнелттік. Қалған қаламгерлерді «Аққозыға» қарай шығарып салдық. Содан Мұқағалимен жетпісінші жылы Алматыға үш айлық курсқа барғанымда тағы кездестім. «Қазақстан» қонақүйінде едім. Ол қонақүйден атақты партизан Қасым Қайсеновті де жолықтырдым. Бір күні қонақүйде жүрсем, біреу жарқын дауыспен «Төлеген!» деп дауыстады. Мұқағали Мақатаев екен. Қасында Шәмші Қалдаяқов бар. Екеуі де тым жақсы көңілді. Содан қазақтың асыл азаматтарын мейрамханаға апарып, жақсылап қонақ қылып жібергенім бар.

1972 жылы мені көршілес Тайпақ ауданындағы ауыл шаруашылығы басқармасына басшы етіп жіберді. Тайпақ та шаруашылық жөнінен облыс көлемінде ең алдыңғы қатарлы аудан болды. Тайпақта жүріп «Құрмет белгісі» орденіне ие болдым.

1975 жылы Мұстақым Ықсанов обкомға хатшы болып тағайындалды. Ұзамай Тайпаққа келіп, ұшақпен шаруашылықты аралады.

Мұстақым Біләлұлы «Орал» кеңшарының тұсында ұшып келе жатқанда бір отар қойды көрді де, сол жерге қонуға бұйрық берді. Ұшқыш жыртылған жерге қонуға болмайтынын айтып еді, обком хатшысы дауысын нығырлап қайтадан бұйырды. Содан сатыр-күтір етіп қондық-ау. Отарға жақындап келіп, «Ал, Себепов, ұсташы бір қойды», – деді маған Мұстақым Біләлұлы. Жас кезіміз ғой, бір қойдың сирағынан шап беріп ұстай алдым. Қойдың қоңын байқаған соң, етке тапсыруды қашан бастайтынымызды сұрады да, әрі қарай жүре берді. Содан кейін көп ұзамай мал тапсыру жұмыстарымен Атырауда жүрсем, «Ертең сағат тоғызға сені Ықсанов шақырып жатыр» деген хабар жетті. Түнімен жүріп, Атыраудан Оралға жетіп, бірінші хатшының алдына келдім. «Себепов, сен Қаратөбеден екенсің ғой?» деп бастады Мұстақым Біләлұлы әңгімесін. Қаратөбеде қандай қызметтер атқарғанымды сұрағаннан кейін «Қазір саған билет дайын тұр. Түс қайта ұшасың. Орталық партия комитетіне, министрлер кеңесіне барасың», – деді. Осылайша мені Қаратөбе аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындап жіберді. Содан 1984 жылға дейін осы қызметімді үздіксіз атқарып келіп едім. Бір күні Мұстақым Біләлұлы мені тағы шақырып алды да, қалауыма қарамастан, Оралдағы ет комбинаты ұжымының партия комитеті хатшылығына бекітті. Бірінші хатшы осыдан кейін бір жылдай уақыт өткенде мені және шақырып алды да, облыстық асыл тұқымды мал бірлестігінің директорлығына тағайындады. Бұл қызмет мамандығыма сәйкес болғандықтан, өзіме ұнады. Сөйтіп жүргенімде 1987 жылы жоғары басшылық мені түрлі себептерге байланысты әуелде еңбек жолымды бастаған «Қалдығайты» кеңшарына директор етіп жіберді. «Қалдығайты» кеңшары жақсы көтеріліп, Мәскеудегі ауыл шаруашылығы көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарына ие болды. Осы шаруашылықты басқара жүріп, өзімнің де абыройым арта түсті. Тәуелсіздік алып, шаруашылықтар ыдыраған кезеңде шаруашылық басқарудағы айрықша нәтижелері үшін облысымыз бойынша төрт кеңшар директорына, яғни Шубин, Айтасов, Ғабденов, Себеповке «Өзі басқарған шаруашылықтың негізгі қорының 10 пайызы тегін берілсін!» деген қаулы шықты. Сонда 4 мыңдай қой, 350 ірі қара, 100 жылқы, 15 трактор, 15 автомашина мен пәленбай үй, қарайған қора-қопсы, 18 мың 700 гектар жер маған тегін берілмекші еді. Аудан басшысының қарттармен кездескен бір жиналысында қарттар маған «Әй, Төке, осы байлықпен қайда барасың? Шаруашылық дүрілдеп жүріп жатыр. Алсаң да, берсең де қолыңда емес пе?» деп кеңес берді. Содан жеке меншігіме бірде-бір малды алғаным жоқ. Өйткені ол халықтың мүлкі, халықтың еңбегі ғой. 1997 жылы зейнеткерлікке шыққанымда астыма мініп жүрген бір «УАЗ-ды» үлесіме алдым да, балаларымның қасына қалаға, Оралға барып тұрдым. Бертін келе балалардың жұмыс жағдайымен Астанада тұрып жатқан жайымыз бар. Мол дүниеге ұмтылмағаным үшін еш өкінбеймін. Қазір балаларымның алды елуді орталап қалды. Екі ұл, үш қызым бар. Бәрі де жоғары білімді. Заманға сай ірі мекемелерде қызмет атқарып жүр. Оларға ризамын. Олардың кемпіріміз екеумізге айтатын бар шаруалары: «Папа, мама, демалыңдар.

Қайда барып демаласыңдар? Қаралыңдар, емделіңдер». Солар-дың айтуымен әр түрлі елдерді, түрлі шипажайларды аралап жүреміз. Немере, шөберелеріміз бар.

Бәйбішем екеуміздің отасып, тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанымызға 55 жылдан асыпты. Енді кемпіріміз екеуміздің жасымыз ұлғайған шақта, біз үшін Астана да, Алматы да арман емес. Өзімнің туған жерім Қаратөбе. Ол жерде Тышқантай бейіті бар. Сонда әке-шешем,  өмірден озған ағайын, тума-туысқандарым жатыр. Енді Қаратөбеден үй алып, сондағы Тышқантайдың суын ішіп, қалған ғұмырымды сол жерде сүрсем де-ген ойым ғана бар…

Сұхбаттасқан Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Күздің соңы, қыстың басы

Күні: , 32 рет оқылды

Атам қазақ қараша айын күздің соңы, қыстың басы ретінде қарастырады. Соның айғағындай, күн суытып, қаһарлы қыстың келе жатқанынан хабар бере бастады. Күздің соңғы айына тән құбылмалы ауа райы мен алдағы қысқа ешкім үзілді-кесілді болжам жасай алмасы анық. Дегенмен, осы мәселеге «Қазгидромет» РМК-ның облыстық филиалындағы мамандар не дер екен?

Ауа райын бақылайтын мекеме нақты мәлімет таратпаса да, күн ілгері болжам баршылық. Негізгі қызметі күн қабағын қадағалау болып табылатын мекеме ұсынған деректерге сүйенсек, қараша айында ауа райы құбылмалы болады. Себебі, синоптикалық үдерістер жиі алмасатын көрінеді. Күн райы бір жылып, бір суытады.

Бет қаритын «сарышұнақ» аяздардың алғашқы легі қараша айының үшінші онкүндігінде сезілмек. Болжамға сенсек, ол кездерде ауа температурасы түнде -15-тен -20 градусқа дейін төмендесе, ал күндіз -60, -110 шамасында аяз болуы тиіс.

– «Қазгидромет» РМК ұсынған ұзақ мерзімді болжамға сәйкес еліміз үшін алдағы қыс мезгілі суық әрі қар мол болады деп күтілуде. Биылғы жылдың соңғы, келер жылдың алғашқы айында түрлі антициклондарға байланысты ауа температурасы күрт төмендейді. Дегенмен, қар аз жауады. Алайда алдағы қыста қардың дені ақпан, наурыз айларында жауады деп күтілуде. Ақпанда ауа температурасы жылдағыдан 1-2 градусқа төмен болады деп отырмыз. Көктемнің басында суық пен жылы күндер жиі алмасып, әрі қар мен жауын-шашын да жиі кезектеседі. Наурызда жауын-шашынның мөлшері әдеттегіден мол болады, – дейді инженер-синоптик Альбина  Кузнецова.

Мамандардың айтуынша, болжамның жүзеге асу ықтималдығы 55-60 пайызға тең, кейін бір айға, онкүндікке және одан да қысқа мерзімге жасалған болжамдар бойынша нақтыланып  отырады.

Қалай дегенде де, қылышын сүйретіп, қыр астына келіп қалған «кәрі құданың» бейқамдықты көтермейтіні хақ. Демек, даладағымыз да, қаладағымыз да алты ай қысқа қамданысты ширатқанымыз абзал.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Қос зауытта жалақы өседі

Күні: , 29 рет оқылды

Облыстың ғана емес, ел экономикасының артуына өзіндік үлесі бар Орал қаласындағы бетке ұстар екі зауыт жұмысшыларының жалақыларын 10-15 пайызға арттыруды көздеп отыр.

Елбасы биылғы Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатының артуы ең алдымен  олардың табысының өсуіне байланысты екенін ең бірінші басымдық ретінде атап өткен еді. Соған орай  Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан  42 мыңға дейін өсіруді тапсырған болатын. Жолдаудағы осы  басымдықты бағдарға алған   «Орал «Зенит» зауыты» АҚ мен «Орал трансформатор зауыты» ЖШС төмен жалақы  алатын  жұмысшылардың  еңбекақыларын  көтермек.

Вячеслав ВАЛИЕВ,

«Орал «Зенит» зауыты»  АҚ-ның бас  директоры:

– Бүгінде зауытта 822 адам жұмыс істейді. Мұнда ең төменгі жалақы  – 51 мың теңге. Бірінші қаңтардан бастап жалақыны он пайызға өсірмекпіз. Сондықтан да жоғарыда аталған төменгі жалақы 57 мың теңгеге көтерілмек. Әрине, бұл жұмыстар  алдағы тапсырыстардың, жаңа жобалардың қаншалықты жүзеге асырылуымен де байланысты болады. Қазір біз шекара қызметінің және жер қойнауын пайдаланушылардың тапсырыстарын дайындаумен, яғни сервистік қызметтер бойынша жұмыс істеудеміз. Олар  біздің  негізгі  тапсырыс  берушілеріміз  болып  табылады. Бюджет нақтыланып, қабылданған соң, жаңа тапсырыстар да болады. Зауыттың биылғы жүктемесі өткен жылмен салыстырғанда аз. Былтыр жүктеме жүз пайыз болса, биыл жетпіс пайыздай ғана. Сондықтан да жаңа тапсырыстар іздеуге мәжбүрміз. Қызметкерлерімізді  жұмыссыз қалдырмауымыз қажет.

Егер де мамандарымыз кетсе, оларды қайтадан жасақтау қиын болады. Сондықтан да кадрлық әлеуетті сақтауымыз қажет. Келер жылы жаңа жобалар мен тапсырыстар болады деген үміттеміз.

Ақжол  САУРАНБАЕВ,

«Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның  басқарушы  директоры:

– Биылғы жылдың қазан айында Елбасымыздың халыққа Жолдауы жарияланғаны белгілі. Жолдауда  халықтың тұрмысын және  экспорттық бағыттағы өндіріс орындарының әлеуетін көтеру баса айтылды. Елбасы Жолдауына сәйкес, «Орал трансформатор зауыты» бүгінде өндіріс орындарын кеңейту бағытында  жұмыстар атқаруда. Қазір зауытта 250 адам үш ауысымда жұмыс істейді. Қызметкерлердің  орташа жасы  – 28 жас. Ең төменгі жалақы –  70  мың теңге. Жұмысшылардың  он пайызы ең төменгі жалақы алады. Біз келесі жылды күтпей-ақ,  желтоқсан айында жалақыны 10-15 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз. Бүгінде зауыттың экспорттағы үлесі 95 пайызды құрайды. Тауарларымызды ТМД елдеріне экспорттаудамыз. Келер жылы тағы бір цех салу жоспарда тұр.  Бұл 110 адамға жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл зауытымызда 7 мың дана трансформатор шығару көзделген болса, келер жылы оны 12 мыңға жеткізуді  жоспарлап отырмыз. Елбасы Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп жариялады. Осы орайда біздің зауытта жастарға қолдау көрсету  мақсатында игі істер қолға алынғанын айта кетсем деймін. Егер де компанияда жұмыс істейтін қыз бен жігіт отау құратын болса, оларға зауыт тарапынан 500 мың  теңге жәрдем-ақы беріледі. Сондай-ақ бұрын зауыт қызметкері сәбилі болғанда 150 мың теңге беретін болсақ,  қазан айынан бастап бұл қаражат көлемін 250 мың теңгеге көтердік. Бұл халық үшін, жұмысшылардың әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқан шаралар деп білемін. Зауытта жас мамандарды жұмыспен қамту да жақсы жолға қойылған. Оралдағы бірнеше оқу орнының студенттері дуалдық оқыту жүйесі арқылы өндірістік тәжірибеден өтеді. Онымен қоса еңбекақы төленетін де тәжірибеден өтуге мүмкіндік бар. Егер студент  үшінші, төртінші курста өзін жақсы жағынан көрсетсе, ол студентке шебер қолдаухат жазады. Келесі курстағы өндірістік тәжірибе кезінде ол студентке жалақы төленеді. Осылайша болашақта оның  жұмыс орны да дайын тұрады. Әрине, барлығы адамның өзіне байланысты. Мансап  жолында өсуге  мүмкіндік  бар.

Ясипа    РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»


Жүгіру маусымы қорытындыланды

Күні: , 27 рет оқылды

Елбасы  әр  жылғы  Жолдауында  халықтың денсаулығының  кепілі – бұқаралық  спортты дамытуға  баса  мән  береді.

Президенттің  қойған  міндеттерін  іске асыру мақсатында  бүгінгі  таңда  өңірімізде халыққа  салауатты өмір салтын насихаттап, тұрғындардың спорттық белсенділігін арттыруды көздеген ауқымды жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді.

Өткен сенбіде Орал қаласында жүгіру маусымының жабылуына орайластырылған жеңіл атлетикалық кросс өтті. Кросқа облыс әкімі Алтай Көлгінов пен бірқатар мекеме басшылары, спортты жанына серік еткен шаһар тұрғындары қатысты.

– Демалыс күні екендігіне қарамай, уақыт тауып, жүгіру маусымының жабылуына келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Елбасымыз жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлу қажеттігін айтады. Жергілікті тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуына барлық жағдайды жасауға тырысудамыз. Алдағы қыс айларында шаңғы тебу, конькимен сырғанау секілді спорт түрлерімен айналысуды дамытатын боламыз, — деді жарыстан соң облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Аталған шараға үлкенді-кішілі 400-ден астам шаһар тұрғыны қатысты. Жеңілатлетикалық крос-қа атсалысып, ерекше ерік-жігер танытқан қала тұрғындары аталымдар бойынша алғысхатпен, естелік сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, «Спорттық отбасы» аталымымен Сейітовтер әулеті, «Ең жас қатысушы» аталымымен Аяулым Мұқсин, «Белсенді қатысушы» ретінде Ирина Хромцова танылды.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Темірлан  ЖҮНІСОВ,

№28  орта  мектептің  оқушысы:

– Екі жыл бойы спорттың кикбокс түрімен айналысамын. Бүгін белгіленген жүгіріс жолының 2 шақырымнан астамын бағындырдым. Әрине, оңай болған жоқ. Бірақ адам өзіне мақсат қойып, соған қол жеткізуге талпыну керек деп есептеймін. Өзім қатарлы жасөспірімдерді жаман әдеттерден аулақ болып, спортпен шұғылдануға шақырамын.

Ирина  ХРОМЦОВА,  қала  тұрғыны:

– Спортпен он жасымнан бастап шұғылданып келемін. Жасым 56-дан асса да, салауатты өмір салтын ұстануға тырысамын. Жүгіру маусымының ашылуынан бастап, әр шарадан қалған емеспін. Енді қыс айларында шаңғы тебуге шығатын боламыз. Әр адам өзінің дені сау болуы үшін спорттан қол үзбеу керек. Қазіргі жасөспірімдер смартфондар мен гаджеттерге үңіліп отырғанша, спортпен шұғылданған әлдеқайда тиімді екендігін түсінсе деймін.

Жадыра  МҰҚАШЕВА, қала  тұрғыны:

– Бүгінгі жеңілатлетикалық кросқа отбасымызбен қатысуды жөн көрдік. Өзім қаладағы №40  мектепте дене шынықтырудан сабақ беремін. Жүгіруге мектептің 7-сынып оқушыларын да алып келдім. Екі қызым әлі кішкентай болса да, олардың спортпен шұғылдануына үлкен мән беремін.

Қыздарыммен бірге үш шақырымдай жүгірдік. Ал оқушыларым белгіленген қашықтықты  толық  бағындырды.


Жәрмеңке қарашада жалғасады

Күні: , 53 рет оқылды

Сенбіде Оралдағы М. Ықсанов атындағы көшеде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Нарықтағы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында өткізілген кезекті жәрмеңке өнім түрлерінің молдығымен ерекшеленді.

Қала тұрғындары күзгі «маусымжабар» деп қабылдаған жәрмеңкеде сауда жасаушылар қатары қалың болды. Ауыл-аймақтан, соның ішінде Ақжайық, Қаратөбе, Зеленов және Теректі аудандарынан, Орал қаласы маңындағы шаруашылықтардың тауар өндірушілері, қайта өңдеу кәсіпорындары және ірі көтерме тауар жеткізушілері қатысты. «Қызылсыраған» шаһар жұрты бағасы нарықтағыдан арзандау сиыр, қой және құс етіне қарық болды. Бау-бақша өнімдерімен қатар, араның табиғи балының түрлері, сәндік, жеміс ағаштары мен аула гүлдерінің  көшеттері көз қуантты. Зеленов ауданының Макаров ауылынан келген «Дүйсенов» шаруа қожалығының өкілі Ағабек Ержанның айтуынша, жәрмеңкеге 15 тонна картоп әкеліп, ән-сағатта өткізген. Ал «Мұхамбетқалиева» жеке кәсіпкерлігі қалалықтар бал татыған балық сорпасын ішсін деп сазан, шортан, көксерке және өзге де балық түрлерін молынан әкеліпті. Орал құс фабрикасының тауық жұмыртқасы бір сағатқа жетпей бітіп қалды. Осының алдында қалалық кәсіпкерлік бөлімі жұмыртқаны екі орыннан сатуды ұйымдастырамыз деп еді.

Бірақ фабрика басшылығы көліктің тапшылығына байланысты жұмыртқаны екінші орыннан сатуды қолға алмаған. Одан басқа Теректі ауданында үй құстарын өсіріп отырған кәсіпкер Арман Аманғалиев те тауық жұмыртқасын әкеп, тұтынушыларға ұсынды.

Жәрмеңкеге келушілер бұл жәрмеңке биылғы күз маусымындағы соңғы жәрмеңке болмаса екен деген өтініштерін айтты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов жәрмеңкенің қараша айында жалғасатынын айтты. Мысалға,  3 қарашада Жаңақала, Сырым, Тасқала, Зеленов, Теректі, 10 қарашада Ақжайық, Бөрлі, Қазталов, Шыңғырлау, Зеленов, Теректі, 17 қарашада Бөкей ордасы, Жәнібек, Зеленов, Қаратөбе, Теректі аудандарының, жалпы барлық жәрмеңкелерге Орал қаласы маңындағы шаруашылықтардың тауар өндірушілері қатысады деп жоспарланған.

– Жәрмеңкеде барлығы 27 сиырдың, 7  жылқының, 11 қойдың еті сатылды. Сондай-ақ 34 тонна картоп, 16 тонна пияз, 17 тонна қырыққабат, 11 тонна сәбіз, 4 тонна қарбыз, 3,5 тонна қауын, 18 500 дана жұмыртқа тұтынушысын тапты. Бұл жыл басынан бері қала бойынша 20-ыншы мәрте ұйымдастырылған жәрмеңке, – деді Орал қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкері Айсұлу Жаркеева.

Жалпы, облыс бойынша ауыл-аудандарды қоса алғанда биыл 144 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, онда 437,6 млн. теңге көлемінде өнім сатылды.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Асқар МАШЫҚОВ,

Орал қаласының тұрғыны, зейнеткер:

 Жәрмеңкеде ауылдардан әкелінген  балғын сиыр етін, бақша өнімдерін алып, қарық болдық. Баға шарықтап тұрған кезде жәрмеңке  өткізу  халыққа үлкен көмек. Өнімдердің бағасы сауда орындарына қарағанда  арзандау. Мұндай  жәрмеңкені  алдағы уақытта  да  ұйымдастырса,  жақсы болар еді. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз. Қысқа қажетті азық-түлігімізді алып, жәрмеңкеден қуанып қайтып барамыз.

Гүлшат ҚҰСАЙЫНОВА,

Орал қаласының тұрғыны:

– Жәрмеңке көңілімнен шықты. Азық-түлік өнімдері мол екен. Картоп, сәбіз, пияз және балық алдық. Халыққа қолжетімді бағаға сатылды. Алыс ауыл-аудандардан экологиялық  жағынан  таза өнім әкелген шаруа адамдарына алғыс айтамыз. Биылғы жәрмеңкелер өнім түрлерінің молдығымен ерекше.


«ЖАЙЫҚ ПРЕСС»: мерейлі кездесулер, жарқын жүздесулер

Күні: , 205 рет оқылды

Қаратөбеліктер қашан қонақ жатырқаған? Ешқашан да! Ән-күйімен, қонақжайлығымен аты шыққан айналайын, ақжарылқап атырап бұл жолы да сол дәстүрінен жаңылмады. «Туған жер» этномәдени жобасымен келе жатқан «Жайық Пресс» журналистерін қозыкөш жерден қарсы алып, дәм-тұздарын ұсынып, мәре-сәре болды да қалды. Қаратөбенің іргесінен Ақтөбеге шірене тартқан айдау жолдың үсті шағын сахнаға айналып жүре бергендей… Ән біткенді Қаратөбеше құлпыртып, құйқылжытып жіберетін өнерпаздар аянып қалмады. Тауық шақырар-шақырмастан қаладан шығып, теп-тегіс, бүгінде қаратөбеліктердің мақтанышына айналған, жозы жолда автобустың су төгілмес, зымыран шабысынан қалғып-мүлгіп келе жатқан журналистер мен өнерпаздардың ұйқысы шайдай ашылды. «Шырқай бер, қарыштай бер, Қаратөбе!», – десті қонақтар.

Делегация мұндағы сапарын әдебиетші, ғалым, академик Қажым Жұмалиев пен дарабоз әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Одан соң журналистерді аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан қабылдады. Соңынан журналистер үшке бөлініп, оқырмандармен кездесуді бастап кетті. Облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары Сәкен Әбілхалықов Қаратөбе колледжінің ұжымымен, облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова Қаратөбе мектеп-гимназиясының ұстаздарымен, ҚР ең жас білім беру саласының үздігі Дәурен Сағынғалиев аудан орталығындағы Мұхит атындағы  ЖОББМ-ның және Қаратөбе мектеп-гимназиясының оқушыларымен кездесті. Сонымен қатар осы  мезетте 7-11-сынып оқушыларының арасында облыстық «Өрімтал» жас тілшілер байқауының аудандық кезеңі өткізілді. Медиахолдингтің бас директоры Рауан Сәбитов пен осы жолдардың авторына газетіміздің «ата оқырмандары» ақсақалдармен кездесу  бұйырды.

Орынғали Ермекқалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Оңтүстік аудандарды аралап жүргендеріңізді газеттен оқып, теледидардан естіп, көріп отырғанбыз. Журналистердің басшысы бар, қосшысы бар қопарыла  атқа қонып, ел арасына шыққандарын бұрын-соңды естімеген, көрмеген сияқтымыз. Бұл бастамаларыңызға қуанып отырмыз. Қош келдіңіздер! Осы кездесуге келгендердің бәрі «Орал өңірімен» мектеп оқушысы кездерінен біте қайнасып келе жатқан оқырмандарыңыз десем, қателеспеймін. Газеттеріңізді жібермей оқимыз, оқи алмай қалсақ, бірдеңені ұмыт қалдырғандай боламыз. Біздер, ардагерлер, ел бірлігіне, халық ынтымағына тілекшіміз. Қазақстанның бақуатты мемлекет болып гүлдегеніне сүйінеміз. Жастарға ақылман, білгенімізді айтсақ, үйретсек деп отырамыз. Осы туралы кейде қолға қалам алып, тебіреніп кететініміз де бар. Ондайда шын ниетімізден шыққан мақалаларымызды өздеріңізге жолдағымыз келіп тұрады. Жастарға үлгі болатын, тәрбие беруге татитын материалдарды ұдайы жариялап тұрғандарыңызды  күтеміз.

Гүлбағида Қорғанова, ардагер ұстаз: – Дәм айдап, Қаратөбеге келгеніме 52 жыл болған екен. Содан бері «Орал өңірінен» қол үзбей келемін. Қолыма қалам алып, аудандық, облыстық басылымдарға мақала жазып тұрамын. Алғашқы мақалам «Қағаз – қалдық емес!» деген тақырыппен аудандық газетте жарияланғаны әлі есімде. Базынамды да жасырмайын, мешіт туралы, туған тіліміз жайындағы мақалам облыстық газетте шықпай қалды. Бірақ өкпелемеймін, алдағы уақытта да жаза беремін. Жастардың грамматикалық сауаттылығы мені қат-ты алаңдатады. Орыс халқында «Расстрелять нельзя, помиловать!» деген сөздегі үтірдің қойылуы бір адамның өмірін сақтап қалғандығы жайлы мысал бар. Бұдан сауатты жазудың қандай рөл атқаратынын түсінуге болады деп ойлаймын.

– Әкем журналист болған еді… Сондықтан сіздер маған ыстық көрінесіңдер! – деді зейнеткер Жәнібеков Еркінбек ағамыз ағынан жарылып. – «Орал өңірі» газетін бір шаңыраққа келін-баламызбен бас-басымызға екеуін жаздырып аламыз. Соңғы кезде газеттің ажары (безендірілуі деп ұғыңыз) кәдімгідей жақсарып қалды. Бағы мен табысын малдан тауып отырғандар жайлы үнемі жазыңыздар. Жастар қалаға кетіп жатыр, бара-бара ауылда кім қалады?.. Оларды ауылға тұрақтандыру туралы мақалалар керек. «Нұрлы жол», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары жайлы жан-жақты баяндаған  мақалалар апта сайын шығып тұрса да артық етпейді. Дін туралы сауатты жазылған мақалалар керек. Телефонға телмірген жастардың тілі жұтаң, сақау.  Қазақы сәлемдесуден қалып барады. Бұқаралық спорт, салауатты өмір салты газеттеріңіздің ұранына айналса?.. Осы сапарларыңызда оқушылардың арасынан болашақ қаламгерлерді, тілшілерді, ізбасарларыңызды іздеп жүргендеріңіз мені қатты қуантып отыр. Бұл шараны жыл сайын өткізіп тұрсаңыздар, тіпті жақсы. Енді бір айтарым, аудан халқының көкейінде жүрген екі мәселе бар. Біреуі –  ауданымыздан «Халық банкінің» бөлімшесін ашса, екіншісі, «Қазмұнайгаздың» жанармай құю бекеті ашылса дейміз. Осылар жайлы  жазыңқыраңдаршы…

Халық Наурызалин: – Мамандығым – химик-биолог. Газетке мақала жазып тұрамын. Бірде «Қалдығайты ағып жатыр, лайланып…» деген сын мақала жазып, басым дауға қалған, «таяқ жедім». Сіздерге де сын мақала жазудың оңайға түспейтінін сонда түсінгенмін. Бірақ соған қарамастан, батыл жазып жатасыздар, риза болып отырамын. Мұғалімнің мәртебесін көтеру жайлы жазу керек. ҰБТ-ны көп мақтай бермейік, сол ҰБТ-дан өтпеген баланың мұғалімдікке баратыны белең алып барады. Одан ертең қандай мұғалім шығады? Жақсы мұғалім болмаса, агроном, юрист, инженер, журналист қайдан шығады?.. Мұғалімнің беделін көтеріп жазу керек.

Иә, қаратөбеліктерді қазақ баласының базарда арба сүйреп жүргені, ауылда мал бағатын, трактор айдайтын жастардың қалмай бара жатқаны, қалада біреулер бір бөлмелі баспанаға зар болып жүрсе, біреулердің 2-3-тен үй  алып, оны табыстың көзіне айналдырып отырғандары да алаңдатады екен. Елбасы Жолдауының талаптарын орындауда жайбасарлыққа жол бергендердің «бетін айдай» етіп сынаңдар дейді олар. Арақ деген атаңа нәлетті ауылдарынан айналдыра қуып,   аттатпай, тойды «жынды сусыз» өткізетін ауылдар бар. Соларды  айқайлатып тұрып неге жазбасқа?..

Қаратөбеліктердің аманаттарын қойын дәптерімізге түртіп, диктофонымызға басып алдық, «алдағы уақытта жаза алмасақ, бізге серт» деп…

*   *   *

Шөптікөл ауылында орналасқан Қаратөбе колледжінің оқытушысының бәрі бірдей газетіміздің оқырманы екен. Сол себепті мұндағы кездесу де ерекше өтті.

– Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірімізде жүзеге асуын «Жайық Пресс» медиахолдингі тек насихаттап қоймай, өзіндік үлесін қосып жатқанын естіп, көріп, қуанып жатырмыз. Туған жер дегенде тебіренбейтін жан жоқ. Ал сол туған жеріміздің тарихын білеміз бе? Ауылымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан жандарды танимыз ба?  Осы жерде орын алған тарихи оқиғалар туралы ауыз толтырып айта аламыз ба? Мұндай жерде көбіне үніміз шықпай қалатыны жасырын емес. Ауыл-ауданның кешегісі мен бүгінгісі, тарихи тұлғалар туралы тұшымды мақалалар «Орал өңірі» газетінде жиі жарық көріп келеді.

Одан бөлек, өзге де қызықты материал көп. Сол себепті колледж ұжымы облыстың бас басылымын жандарына серік етіп келеді, – деді шарада колледж  директоры  Мәулен  Салахадин.

Оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Гүлжан Мағзомқызы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында колледжде атқарылған істер, олардың басылым беттерінде жариялануы турасында айтты. Колледж жатақханасының тәрбиешісі, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Білжан Жамбылқызы мемлекеттік бағдарламалар, білім саласындағы реформа туралы газет беттерінен кең мағлұмат алып жүргенін баяндап, үш тұғырлы тіл саясаты туралы пікірімен бөлісті. «Біз әлеуметтік желіде ағылшын тілін үйренушілер арасында топ құрдық, – дейді ол. – Қазір онда ауданның ғана емес, облыс, республика тұрғындары бар. Бәріміз бір-бірімізбен шет тілінде сөйлесіп, өз-өздерімізді жетілдірудеміз. Бұл жобамыз студенттерімізге ағылшын тілін тереңірек меңгеруге, сөйтіп түлектеріміздің шетелдік компанияларға жұмысқа орналасуына өзіндік  септігін  де  тигізуде».

Газетіміздегі арнаулы беттерге жиі үңілетін оқырмандарымыз да осында екен. Мәселен, тігін бойынша өндірістік оқу шебері Ақбөбек Ғатауова «Ине-жіп» бетінде жарияланып жүрген материалдарды жоғары бағалап отыр.

Таяуда «Дала дарындары» облыстық байқауынан жүлделі оралған ол мұндай мақалалардың тігіншілік өнерге енді бағыт ұстанып келе жатқандарға берері көп деп есептейді. Оның айтуынша, колледждегі студент қыздар арасында тігін тігуге қызығатындар аз емес. Өзге мамандық бойынша оқып жатса да, қолдары босаған кезде осындағы шеберханаға келіп, арнайы тігін станоктарымен жұмыс істеуді үйреніп жүргендер бар.

Ал шеберхана меңгерушісі Мереке Сағидуллин газеттің «Балға-шеге» арнаулы бетінің жиі шыққанын қалайды. «Баланы жастан» демекші, ерте жастан ағаштан ою ойып, темірден түйін түюге үйренген бала қалада да, далада да көштен қалмайды.

Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде  Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен қорытынды гала-концерт өтті.

Қорытынды кеште облыстық және аудандық басылымдарға жазылуға жан-жақты қолдау көрсеткені үшін Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев, Аққозы ауылдық округінің әкімі Қоныс Мұқанов, Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ғалымгерей Қайырғалиев медиахолдингтің алғысхаты мен арнайы сыйлығына ие болды.

Облыстық және аудандық басылымдарға жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген жеке кәсіпкер Гүлнар Мұсаеваға медиахолдинг атынан 100 мың теңгенің арнайы сертификаты табысталды.

Сонымен қатар басылымға жанашыр жергілікті бір топ мекеме басшыларына да осындай марапат көрсетілді. Олардың қатарында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Б. Ғарапшиев, Қаратөбе колледжінің директоры М. Салахадин, аудандық орталық аурухананың директоры В. Елеусінова бар.

Облыстық және аудандық басылымдарды оқырмандарға уақтылы жеткізетін аудандық Қазпошта мекемесінің қызметкерлері Наурызбек Рысбайұлы мен Айымгүл Жексенова да марапаттан тыс қалмады.

Аталған марапаттармен қатар, аудандық басылыммен үздіксіз  байланыс жасап, үнемі мақалалар жариялап жүрген Х. Наурызалинге, Ә. Кенжеғалиевке, М. Салахадинге «Штаттан тыс тілші» куәлігі тапсырылса, аудандық басылымға өздерінің тырнақалды өлеңдері мен шығармаларын жариялап жүрген П. Заңғалиға, Н. Хамитоваға, А. Сердалинаға, А. Қонароваға «Жас тілші»  куәліктері  берілді.

Шарада 7-11-сынып оқушыларының арасында облыстық «Өрімтал» жас тілшілер байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздарының есімдері жарияланып, олардың жетекшілері марапатталды. Мералы Босай – Б. Қаратаев атындағы Саралжын орта мектебінің 10-сынып оқушысы (жетекшісі Әйгерім Қилыбаева). Асылай Бекенова – Аққозы ЖОББМ-ның 10-сынып оқушысы (жетекшісі Кенжегүл Сұлтанғалиева). Саябек Бисенғали – Қаратөбе мектепгимназиясының 10-сынып оқушысы (жетекшісі Самал Есқожина). Бұл оқушылар облыстық байқауға  жолдама  алды.

Шара кезінде Қазпошта аудандық торабы бөлімшесінің қызметкерлері облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Қаратөбе өңірі» газеттеріне 2019 жылға жазылу жүргізді. Алғаш болып басылымдарға аудан әкімінің орынбасары Ж. Сұлтан, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М. Кенжеғалиева, «Нұр  Отан» партиясы Қаратөбе аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н. Жақанов жазылып, оларға жазылуды айғақтайтын арнайы түбіртектер табысталды.

Марапатқа толы шараны Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздары әсем әндерімен әрлеп, кештің сәнін еселей түсті.

*   *   *

«Жайық Пресс» медиахолдингінің «Туған жер» этномәдени жобасы Сырым ауданына  келді. Жоба мүшелерін салтанатты қарсылау шарасы Жымпитыда, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қадыр Мырза Әлидің ескерткішінің  алдында  өтті.

Салтанатты қарсылаудан кейін «Жайық Пресс» медиахолдингінің директоры Рауан Сәбитов бастаған жоба мүшелерін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қабылдады. Аудан әкімі жоба құрамындағы журналистермен баспасөз саласының заман талабына жауап беруі, газеттердің болашағы туралы пікірлесті. Қабылдауда болған қонақтарға Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің 100 жылдығына орай Сырым ауданында жарық көрген «Алаш аманаты» атты тарихи материалдар жинағы мен ауданның көрікті жерлерінің фотоальбомы табыс етілді.

Түске дейін жобаның құрамындағы журналистер оқырмандармен, еңбек ұжымдарымен кездесті. Сырым ауданының ардагерлерімен болған кездесуге «Жайық Пресс» медиахолдингінің директоры Рауан Сәбитов, облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газетінің арнаулы тілшісі Есенжол Қыстаубаев және «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Махмет Қажиахметов қатысты. Осы сияқты «Орал өңірі» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары Сәкен Әбілхалықов, «Сырым елі» қоғамдықсаяси газетінің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташев Қ. Мырзалиев атындағы мектепте педагогтармен, ал «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев дәрігерлер қауымымен жүздесті.

Жымпитылықтармен кездесудің «биссимилләсі» ардагер Тәжімұқанов  Сыдық ағамыздан басталды. – Елбасының Жолдауы біздің темірқазығымызға айналып, оның талаптары мінсіз орындалуы керек. Газет оның қалай орындалып жатқанын үнемі қадағалап, халықтың назарына беріп отыруы тиіс. Анау Тасқаладағы  цемент зауытының құрылысы не болды? Ашылуын елімізге жар салған Янайкиндегі мал бордақылау кешені  бүгінде қаңырап  тұр… Неге? Миллиардтаған қаржы  жұмсалған ондай нысандар солай қала бере ме? Осыларды халық біліп отыруы тиіс, газет оны жазуы  керек!

Келесі айтайын дегенім, «өмір бар жерде, қаза бар» деген, марқұм болған адамды шығарып салу дастарқаны бәсекеге, тойға айналып тұр. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген қазақ. Ақша түйіп, орамал үлестіру исламның дәстүрінде болмаған. Мұны қойдыру керек. Айтылып жатыр, жазылып жатыр, бірақ азаймай келеді. Мерейтой өткізуде тіпті дарақыланып барамыз. 50-60 жас дегенге ырғын адам шақырып, бірімізден-біріміз озуға жанталасамыз. Осы біздің ауданның бір ауылында бір азамат 150-дің үстінде кісі шақырып, 60-қа толғанын жасапты. Бір-екі күннен кейін кеңсеге, серіктестіктің бастығына келіп тұрған көрінеді «Үйде нан пісіретін  ұн жоқ, көмектесіңіз», – деп. Мерейтой деген жанұялық мереке емес пе? Кредит алып, қарызданып-қауғаланып не болды сонша? Егер елге, ауданға, ауылға зор еңбегі сіңген адам болса, балалардың үйлену тойы болса, оған сөзім жоқ… Осы ғадетімізді қалай қоямыз? Газет осыны қайта-қайта көтере берсе, жаза берсе, қояр ма екен деп ойлайсың…

Шәкенай Айтанов, зейнеткер: – Қайтыс болған адамды арулағанда ерлердің сүйегіне ер-азаматтар кіреді, ал әйелдерге орамал тартқандар кіруі тиіс. Бірақ жас келіншектер оның ретін білмейміз деп, болмаса, сескеніп кіре алмайды. Кейде сүйекке кіретін кемпірлер болмай, қиналып жатады. Сондықтан жергілікті имамдар  жас әйелдерге семинар өткізіп тұрса, жаңағы арулаудың жөн-жосығын тәптіштеп, мамандіндарлар газетке түсіндірме-мақалалар жариялап тұрса деймін.

Оразов Сабырғали, ардагер: – Мына біздің Бұлдыртының сонау  60-жылдары, басқасын айтпағанда, қарбыз өсірумен атағы шықты. Оны немістер өсіретін. Жоңышқа, сыпырғыш, күнбағыс өсірді сол немістер. Бізге оның құпиясын ашпай кетті. Мен өзім бау-бақша өсіргенді жаным сүйеді. «Бағбан» бетін анда-санда беріп жүрсіздер, соны беріңкіреу керек. Бау-бақша өсіруге үндеу керек. Бірде осы ауданға  іргелес ауылға бара қалдым. Сол үйдің келіншегі: «Мә, сүт бітіп қалыпты ғой, дүкенге барып келе қояйын», – деп дүкенге жүгіріп кетті. Ауылда тұрып, сиыр саумайды деген   масқара ғой. Газет ауылда тұратын қазақтардың жалқау болып бара жатқанын аяусыз сынға алып жазса… Жергілікті әкімдер бұл бағытта көп жұмыс істеулері керек!

Келесі сөз алған бұлдыртылық шаруа Ермек Бекайдаров өзінің сөзін «Орал өңірі» газетіне рақметін жаудырудан бастады. Сосын былай деді:  –  Он төрт бас ірі қарамды ұрлатып, осы аудандық полицияның табалдырығын тоздырдым. Олар әуелі арызымды қабылдамай діңкелетті. «Іздеп жатырмыз, шеті көрінді, ұстайын деп жатырмыз» деп және тентіретті. Амалым құрығасын, өзім сияқты малын алдырғандарды жинап, «Орал өңіріне» бардым. Журналистер бірден кірісті. Сойып тұрып жазды. Жазып қана қойған жоқ, ұрлық істің қыр-соңынан қалмай, әрі қарай індете жазды. Сөйтіп, ұрылар ұсталды, сотталды. Газет тілшісі соның бас-аяғына дейін жүрді. Ұрлыққа қатысты полицейлер де сазайларын тартты. Тап біздегідей ұрлық мына көршіміз – Қаратөбеде де болған еді сол жылы. Мұны да «Орал өңірі» қайта-қайта жазып, ұрыларды анықтап, малын ұрлатқан адамдарды сенделтіп қойған полицейлер басшысы бар, қосшысы бар қызметтерімен қош айтысты. Мына кездесудің болатынын естіп, газетке рақмет айтайын деп арнайы келдім. Ақыры келгесін, бұйымтайымды да жасырмайын, ауылымызда жер дауы бар. Бұрынғы егістік жерлер шөп басып, бос жатыр. Шаруалар алғысы келеді, бірақ қымбат. Осыны бір келіп көтеріңіздерші, жазыңыздаршы? Ауылымызда радио жоқ, кеңес заманында көшеде сайрап тұратын. Содан мақұрымбыз. Қазақ радиосын тыңдау – арман…

Зейнеткер Зинеден Бисекенов кездесуде бізге мұңын шақты. – Малымды таныс адамға сатып едім, содан оның ақшасын ала алмай жүрмін. Полиция әуелі: «Малды алған кісінің қолхаты болмаса, арызыңды алмаймын», – деді. Мен оған: – Шырағым, ұры ұрлағанда қолхат тастап кетпейді ғой… Сонда да оны іздейсіңдер ғой, – деп дауласқасын, барып айналысты тергеумен. Сот болды. Оған медиатор қатысып, алаяқты соттатпай, малдың ақшасын бөліп төлеуге келістірді.

Бір рет 50 мың теңге алдым, сонымен алаяқ  қарасын батырды. Медиатордан не пайда, ол неге керек? – деді ол.  Біз бұл даумен айналысып көруге уәде бердік.

Оқырмандарымыз өздерін мазалап жүрген түйткілдерінің түйінін тарқатты, он сақ ойларын  ортаға салды, ауылға ортақ уайымдарын жасырмады. Аптасына бір рет шығатын аудандық газетімізді  екі дүркін шығарып жіберсе, тіпті керім болар еді. Сынайсыңдар, бірақ оған тиісті орындар неге жауап қайтармайды? Өткенде «Буын неге сырқырайды?» деп кеңес-мақала жарияладыңыздар. Қиып алып, сақтап қойдық. Біз сияқты қарияларға жел-құз, тымау-сымау, ауру-сырқау үйірсек келеді. Сондайда әлгідей  кеңестердің пайдасы зор.  Көбірек беріп тұрыңыздар…

*   *   *

Жымпитыдағы Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектептегі жүздесу «Газет және оқырман» деген тақырыпта өтті.

Кездесуді ашқан мектеп директоры Марат Ақбасовтың айтуынша, газеттің қоғамдағы рөлі зор. Мектеп ұжымы көптен бері облыстық, аудандық басылымдармен жақсы байланыста. Облыстағы жаңалықтар, ізгі істер, соның ішінде білім саласымен байланысты жобалар әрдайым газет бетінен көрініс табуда.

Өз кезегінде сөз алған Мақсот Жақсыгереев, Мәншүк Ғалиқанқызы, Мұқат Арыстанов сынды мұғалімдер көп жылдан бері «Орал өңірі» өздерінің айнымас рухани серігіне айналғанын жеткізді. Жыл өткен сайын газеттің мазмұны байып, сыртқы келбеті ажарланып келеді. Мұғалімнің бүгінгі жай-күйі, жаңартылған білім, үздік ұстаздар мен тең құрбысының алды болған шәкірттер туралы жақсы жазылып жүр. Сол себепті педагогтар үнпарақты тұрақты  түрде  жаздырып  алады.

*   *   *

«Жайық Пресс» медиахолдингі журналистерімен бірге жүрген облыс өнерпаздарының гала-концерті аудандық мәдениет үйінде оздырылды. Алдымен сөз алған аудан басшысы Т. Төреғалиев аталған ұжымға тұрғындар атынан зор алғысын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі. «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Р. Сәбитов облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Сырым елі» газеттеріне жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Ә. Мұхитовқа, Бұлан ауылдық округінің әкімі Т. Құбаевқа, Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Е. Мақашевқа, Қособа ауылдық округінің әкімі Ж. Сатаевқа, Жосалы ауылдық округінің әкімі Қ. Ғабдешовке, Жетікөл ауылдық округінің әкімі С. Ғабдуллинге, Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Ж. Мұхамбетжановқа, аудан кәсіпкерлері Б. Құсесовке, Б. Тасқалиевке, Ж. Шапешовке, Қ. Мырзалиев атындағы орта мектебі директоры М. Ақбасовқа, Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептің кітапханашысы С. Қабешоваға, Сырым колледжінің директоры С. Берсебаевқа, аудандық орталық ауруханасының бас мейірбикесі К. Айташеваға, аудандық «Қазпошта» бөлімі қызметкерлері Р. Құсайынова мен Қ. Искендироваларға арнайы алғысхат пен сыйлық табыс етсе, облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Р. Сыйықова «Сырым елі» газетінің штаттан тыс тілшісі» куәлігін аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы М. Гумарова мен Сырым колледжі оқытушысы А. Нұрмашевқа, облыстық «Орал өңірі» газеті бас редакторының орынбасары С. Әбдіхалықов «Сырым елі» газетінің «Жас тілшісі» куәліктерін Қ. Мырзалиев орта мектебінің 5-сынып оқушысы Д. Махметке, Ж. Досмұхамедов атындағы мектептің 9-сынып оқушысы А. Ширмединге, Қ. Мырзалиев атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Д. Сүлейменоваға салтанатты түрде табыс етті. Сонымен қатар «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінің аудандық іріктеу кезеңіне қатысқан Бұлдырты орта мектебінің 10-сынып оқушысы Ақбота Балпейісова (жетекшісі Зәуре Берниязова), Бұлдырты орта мектебінің 10-сынып оқушысы Жанерке Матышева (жетекшісі Гүлзия Мырза), Абай орта мектебінің 10-сынып оқушысы Бекзат Қанәділов (жетекшісі Айгүл Сәрсенғалиева) облыстық кезеңге жолдама алды.

88 жылдық тарихы бар аудандық ата басылым «Сырым елі» газетінде 42 жылын арнап, бүгінгі күні 63 жасын қарсы алып отырған ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Сырым елі» газетінің бас редакторы М. Қажиахметовке «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Р. Сәбитов Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы Алғысхаты мен естелік сыйлық табыс етті.

Шара соңында аудан басшысы Т. Төреғалиев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т. Дарғожиев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Д. Тайшиев облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Сырым елі» газеттеріне 2019 жылға жазылуды сахна төрінен бастап, арнайы түбіртектерге ие болды. Салтанатты шара барысында облыстық филармонияның әншілері  әннен  шашу  шашты.

Есенжол   ҚЫСТАУБАЕВ,

Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Ажаргүл   ӘЛИЕВА,

Мархат   ТҰРЛАНҚЫЗЫ,

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Мүсірбек   АЙТАШЕВ,

Махмет   ҚАЖИАХМЕТОВ


Дильназ бен Антонина Токиоға баруы мүмкін

Күні: , 22 рет оқылды

Байдаркамен және каноэдан ескек есуден биылғы жылдың соңғы айтулы сайысы 20-25 қазанда Самарқандта (Өзбекстан) өтті.

Азия кубогін сарапқа салған чем­пионатқа «сары құрлықтағы» 15 мемлекеттен 300-ден аса 23 жас­қа дейінгі спортшы қатысты. Оған еліміздің ұлттық құрамасы мықты дайындықпен барып, жүл­де атау­лының көбін еншіледі. Олар­дың ішінде Дильназ Алмағамбет пен Антонина Казанина сынды батысқазақстандықтар да бар.

Қос аруымыз төрт бірдей медальді қоржынға салды. Мәселен, Дильназ төрт кісілік байдаркада 500 метрлік қашықтықтағы жарыста алтын алса, екі кісілік байдаркада 200 метрлікте мәре сызы­- ғын екінші болып кесті. Ал Антонина екі кісілік байдаркада 500 метр қашықтықта күмістен, бір кісілік байдаркада 500 метрде қоладан алқа тақты.

Байдарка мен каноэ және ака­демиялық есу бойынша БҚО феде­рациясының президенті Юрий Ка­заниннің сөзіне қарағанда, Дильназ бен Антонина енді келесі жылы өтетін әлем чемпионатына  дайын­дықты бастайды. Егер онда сәтті өнер көрсетсе, 2020 жылы Токио­да өтетін олимпиадаға жолдама алулары мүмкін.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика