Мұрағат: 26.10.2018


Баға, қайда барасың?

Күні: , 167 рет оқылды

Сайқында ұн  бағасы өскені жөніндегі хабар бізді де елең еткізді. Бұл жөнінде кейбір жерлестеріміз өзара әңгіме ретінде айтқанымен, тұрғындар арасында дүрбелең туған жоқ. Дегенмен ұн саудасымен айналысатын аудан орталығындағы дүкендерді аралап қайтқанды жөн көрдік. «Баға не себептен өсті? Оған не түрткі болды? Бағаны тұрақтандыруға бола ма?» деген сауалдар бізді де мазалаған еді.

–  Соңғы айда ұн құны екі мәрте өсті, – деді «Ильнура» дүкенінің  иесі Жанна Дүйсемалиева. – Бес мың теңгеден сатылған 50 келілік жоғары сұрыпты ұн алдымен 500, арада он күн өткенде тағы да 400 теңгеге қымбаттады.

Астық бағасының өсуі «Жанболат» және «Ағайын» дүкендерінен де байқалуда. Ұнның қымбаттауынан, макарон, жалпы, ұн өнімдері құнының өсуіне түрткі болатыны заңдылық қой. Күніне 200-300  қалашты сатылымға шығарып, сайқындықтарды жоғары сұрыпты нанмен қамтып жүрген наубайханашы Гүлнар Әлмұратова бұл жайды жоққа шығармайды. Өйткені ол ұнды жергілікті дүкендерден алады. Жақын арада ұн арзандамаса, тауарының құнын қымбаттатуға мәжбүр болатынын жасырмады. Себебі сауда мақсаты – пайда.

Баға не себептен өседі?

Кәсіпкерлердің дені бұл сауалымызға жауабын көтерме сауда нүктелеріндегі баға өсімімен байланыстырды.

– Тек ұн  емес, сұйық  май, құмшекердің де құны қымбаттады, – деді «Ағайын» дүкенінің иесі Сәуле Лайықова. – Қордағы екі қапшықтан астам құмшекер біткен соң ол тауарды Оралдан тағы алдыртамыз. Бүгіннің өзінде Орал қаласындағы көтерме сауда нүктелерінде құмшекердің келісі Сайқындағыдай 240-250 теңге шамасында сатылып жатыр. Оны сатып алу және жеткізу шығынын қоса есептегенде, тауардың өз құнына 30 пайыз қосылады. Есептеп келгенде, келесі сатылымдағы құмшекер 300 теңгеден асып түспек, нақтыласақ, 312-315 теңге шамасында болады. Әрине, бұл жағдай жерлестеріміздің қалтасына едәуір соғатыны  анық, – дейді  кәсіп  иесі.

Әріптесінің сөзін құптаған «Мирас» жеке дүкенінің иесі Салтанат Нүркенова: «Ресейден де  азық-түлік алдырамыз. Ол елде де тауар құны сәт сайын құбылып тұрады. Дүкендегі тауар қоры қомақты болмаған соң, баға жиі өзгеріске ұшырайды. Қалай болғанда да, біз де шығынға батамыз», – дейді ол.

Сақтандыру  қорында  қарақұмық  жармасы  ғана  бар

Осы сауалымызға аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ерлан Нүркенов жауап берді:

– Кәсіп иелерінен қымбатқа алған дүниесін арзан бағамен өткізуін талап ете алмаймыз. Өйткені, нарықтық экономика жоспарлы экономикадай емес. Нарықтық экономика кәсіпкерлерге сауданы еркін жүргізуге жол ашып, дербес қимылдауды қамтамасыз етеді. Алайда бағаны тұрақтадыру үшін мемлекет тарапынан ешқандай қадам жасалмайды деген сөз емес.

Осы мақсатта жыл басында Орал қаласындағы сақтандыру қорынан азық-түліктің бірнеше түрі ұсынылды. Ол уақытта тауар құны қымбат болғасын ба, кәсіпкерлеріміз оларға сұраныс түсірмеді. Қазіргі таңда сақтандыру қорында тек қарақұмық жармасы бар. Апта сайын ауылдық округтер бойынша өткізілетін азық-түлік мониторингі кей заттардың бағасының өсімін, кейбірінің түсімін көрсетіп отыр. Мәселен, тек 4 пен 11 қазандағы көрсеткіштерге үңілсек, бірінші сұрыпты ұн құны 1,8 пайызға өскен (айта кету керек, мониторингтік кестеге жоғары сұрыпты ұн енгізілмейді). Майлы-лығы 2,5 пайыз, пастерленген сүт бағасы керісінше 8,3 пайызға төмендеген. Есепті мерзімде қырыққабат – 10, тауық жұмыртқасының бағасы 3,6 пайызға артқан. Көкөніс, жеміс-жидек сынды тауарлардың күзде арзандайтыны сияқты азық-түлік бағасының да құбылуы әр түрлі жағдайға байланысты. Нарық заманында бағалардың былайша өзгеруі заңды.

Статистика  не  дейді?

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми сайтында республика бойынша 2018 жылғы 9-16 қазан аралығындағы кезеңде әлеуметтік  маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасының өзгеруі – 0,1, ай басынан бері – 0,2, жыл басынан  1,1 пайызды құрады деп мәлімет келті-руде. Облыстық статистика департаменті ұсынған мәліметте ұн бағасының өсімі маусым айындағы көрсеткішінен әр келісі 6 теңгеге, яғни 5,4 пайызға артқаны айқын көрініп тұр.

Ал әлеуметтік маңызы бар өзге азық-түлік тауарлары бағасының жайы нешік? Оған аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі ұсынған 19 атауды қамтитын салыстырмалы кестеден қанық бола аласыздар. Мұндағы деректер бағаның біртіндеп шарықтап кететінін байқатып тұр. «Баға, қайда барасың?» демеске лажың жоқ.

Түйгеніміз

Нарықтық экономиканың өз артықшылығы мен кемшілігі болады. Ол шығын мен табысқа, тұтынушыға да, кәсіпкерге де құқықтық кепілдік бермейді. Және оған сыртқы факторлар да елеулі әсер етеді. Елбасы Жолдауында ең төменгі табыс 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсетінін мәлімдеді. Соған қуанған тұрғындардың қалтасын қымбатшылық  қақпаса игі…

Раушан   БАҚЫТОВА,

Бөкей  ордасы  ауданы

  Әлеуметтік маңызы бар  азық-түлік тауарлар атауы Тамыз   Қазан  
1   Тегістелген күріш, кг   210   220  
2   Бірінші сортты бидай ұны, кг   96   112  
3   Қарақұмық жармасы, кг   200   170  
4   Бірінші сортты бидай ұнынан пісірілген нан,  дана   85   90  
5   Рожки, кг   160   180  
6   Сиыр еті (жауырын-төс бөлігі), кг   1200   1300  
7   Тауық еті, кг   600   780  
8   Майлылығы 2,5%,  пастерленген сүт, литр   230   220  
9   Майлылығы 2,5 % айран, литр   290   280  
10   І санатты жұмыртқа, 10 данасы   210   290  
11   Өсімдік майы, литр   360   370  
12   Қырыққабат, кг   80   110  
13   Пияз, кг   90   80  
14   Сәбіз, кг   180   120  
15   Картоп, кг   130   110  
16   Құмшекер, кг   210   250  
17   Тұз, кг   60   60  

Ұялы телефоныңызды тіркеттіңіз бе?

Күні: , 111 рет оқылды

Биылғы жылдың соңына дейін ұялы телефонды тіркету керектігі жөнінде осыған дейін жазылған болатын. Тіркелмеген телефондар 2019 жылдың  1 қаңтарынан бастап бұғатталатындығы да  айтылды.

Жалпы, телефонды тіркетудің тиімді тұстары қандай? Құрылғыны тіркету үшін не істеу керек? Тіркеткен күнде не өзгереді? Осы тақылеттес сұрақтардың жауабын  сала мамандарынан сұрап көрдік.

БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, ұялы телефонды тіркету қылмыстың азаюына септігін тигізіп қана қоймай, оның ашылуына да ықпалы болмақ.

– Телефон арқылы  жалған хабарлама таратып, елді дүрліктіретіндер бар. Мына қабылданғалы жатқан шара осындай жәйттердің алдын алатыны сөзсіз. Сондай-ақ телефон ұрлап, оны сатумен айналысып жүргендердің де жолы кесілетіні анық. Қазір смартфонның IMEI коды болғанымен, оның кімге тиесілі екенін анықтау қиынға соғады. Егер базаға тіркеліп тұрса, иесін бірден табуға болады, – дейді Манарбек Серікқалиұлы.

БҚО ІІД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Нұрлан Атанязовтың сөзіне қарағанда, экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін мұндай шара ауадай қажет.

– Ұялы телефондарды ЖСН арқылы тіркеу оң нәтиже береді деген ойдамыз. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273бабы бойынша жасалатын (терроризм актісі жөнінде жалған ақпарат таратқаны үшін) «телефондық терроризм» фактісі азаяды деп сенеміз, – дейді ол.

Қалта телефоныңызды тіркеу үшін ұялы байланыс операторларының абоненттік бөлімдеріне барудың  қажеті жоқ. Бар болғаны  телефоныңызды онлайн режімде немесе SMS (ұялы байланыс операторларының интернет-ресурсы және SMS, USSD, т. б.) арқылы тіркей аласыз. Ол үшін қолданыстағы телефонның IMEI кодын (телефон қорапшасында жазылып тұратын) және жеке куәлігіңіздің нөмірін (ЖСН) білсеңіз болғаны.

Қазіргі таңда «Актив» ұялы байланыс операторы «Байланыс  туралы»  заңға  сәйкес  тұтынушыларына телефонды тіркеу үшін  6006 нөміріне ЖСН жазып жіберу керектігін немесе *660# пәрменін теріп, тіркелуге болатындығы жөнінде хабарлама жіберуде.

– Әрбір адам осы жылдың аяғына дейін  өз құрылғыларын тіркеп үлгеруі керек. Себебі, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап тіркелмеген абоненттерге қызмет көрсетілмейді. Тіркеу барысында базаға ұялы телефонның IMEI-коды, оның иесі жайлы мәлімет және сәйкестендіру нөмірі енгізілетін болады. Телефонды  тіркеу үшін байланыс құралының  иесі қызметтің автоматтық жүйесіне бірнеше тәсіл арқылы жүгіне алады. Өзінің жеке куәлігінің  сәйкестендіру нөмірін (12 санды құрайтын ЖСН) «Билайнның»  6914 нөміріне жіберіп немесе *691# пәрменін теріп, ұсынылған нұсқауды орындау бойынша,  сондай-ақ  QIWI терминалы арқылы теңгерімді толтыру кезінде тіркей алады, – дейді  «Beeline Қазақстан» ұялы байланыс операторының қоғаммен байланыс жөніндегі жетекші маманы Кирилл Чорней.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»


Қалада жаңа мектептер салынады

Күні: , 68 рет оқылды

2019-2020 жылдары апатты жағдайдағы қалалық №31, №33 мектептердің ғимараты бұзылып, қайта салынады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Зашаған кентінде жаңадан №51, №52 мектептерді (әрқайсысы 900 орындық), №18 мектеп жанынан 300  орындық қосымша ғимаратын, 600 орындық эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясының ғимаратын салу көзделуде.

Бұл туралы қалалық әкімдікте «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының кезекті ХХІІІ есеп беру-сайлау конференциясында филиал төрағасы,  шаһар басшысы Мұрат Мұқаев мәлімдеді.

Конференцияның күн тәртібінде «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалы саяси кеңесінің 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, кеңес құрамын және облыстық филиал-дың кезекті ХХІІ есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау туралы мәселелер талқыланды.

«Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Дәулетжановтың мәліметінше, облыс орталығындағы 65 бастауыш ұйымында 9434 партия мүшесі тіркелген. Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары, білім,  денсаулық сақтау, мәдениет саласының қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, жастар, студенттер бар.

Биылғы жыл басынан бері партия тарапынан 296 арыз-шағым келіп түскен. Бүгінгі таңда олардың 113-і партияның араласуымен оң шешімін тапқан.

Сонымен қатар конференцияда Мұрат Мұқаев Елбасының халыққа Жолдауын жүзеге асырудағы қалалық партия ұйымының міндеттері  туралы  баяндама  жасады.

– Елбасы Жолдауында алты негізгі бағытқа баса назар аударғаны мәлім. Бұл – осыған дейін жариялаған тарихи құжаттары мен бағдарламалық мақалаларының логикалық жалғасы. Президент тапсырмаларын орындау мақсатында  300 мыңнан астам халқы бар Орал қаласы бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылып келеді. Елбасымыз халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында ең төменгі жалақы мөлшерін өсіруге, ішкі нарыққа отандық өнімдерді шығаруға басты назар аударған болатын. Бүгінде облыс орталығындағы «Кублей», «Квант», «Стекло Сервис», «ПОШ Руно», «Орал құс фабрикасы» секілді ірі кәсіпорындар өз өнімдерін экспортқа шығарып келеді. Сонымен қатар Жолдауда айтылған білім беру саласында да бірқатар игі істер атқарылуда. Шаһарда 50 білім ошағы, 50 мемлекеттік және 36 жеке балабақша, 10 қосымша білім беру орталығы жұмыс жасайды. Сонымен қатар қалада «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 396 пәтерлі үш тұрғын үй қолданысқа берілді. «7-20-25» бағдарламасы аясында және жеке инвестициялар есебінен облыс орталығының іргесінен 425 га жерді құрайтын жаңа «Ақжайық» шағынауданын салу жұмыстары басталып кетті. Жаңа ауданда 150 көпқабатты үйлерді салу көзделуде. Қазіргі уақытта 4,2 млрд. теңгені құрайтын инженерлік инфрақұрылымдар кәріз, су, электр энергиясымен қамту, жарықтандыру және газ тарту жұмыстары басталып, құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр, – деді өз баяндамасында қала әкімі  Мұрат  Мұқаев.

Сөз соңында шаһар басшысы филиал орынбасарына филиал жанынан тиісті бөлім басшылары, зиялы қауым өкілдері және партия белсенділерін қамтып, арнайы ақпараттық-түсінік тобын жасақтауды тапсырды.

Сондай-ақ конференцияда саяси ұйымның бағдарламалық мақсаттары мен міндеттерін іске асыруда белсенділік танытқан бір топ партия мү-шелеріне облыстық және қалалық филиал төрағалары атынан алғысхаттар табысталды.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Жастарға жігер сыйлаған бағдарлама

Күні: , 24 рет оқылды

«Серпін» бағдарламасы бойынша Оралдағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-ға түскен жастардың алғашқы легі қазір соңғы курста оқып жатыр. Солардың бірі – Дінмұхаммед Шәмірбек.

1997 жылы Түркістан қаласының Шорнақ ауылында дүниеге келген ол бала кезден малға жақын өсті. Ата-анасы тұңғыштарын еркелеткенде «баламыз фермер болады» дейтін еді. Сол сөз періштенің құлағына шалынды ма екен, Димаш мектептің жоғары сыныбында оқып жүргенде-ақ мал маманы болуды қалайтынын айтқан. 11-сыныпты бітірер тұста «Серпін» бағдарламасы жөнінде естіп, соның шеңберінде еліміздің солтүстігіндегі ЖОО-лардың біріне құжат тапсырғысы келетінін ата-анасына жеткізеді. Анасына бұл ойы бірден ұнады. Себебі ол кезінде Көкшетауда мұғалімдікке оқыған болатын. Сауда саласында жүрген әкесі Ержан болса, Ақ Жайық өңіріне барғанын қалады. «Менің білуімше, Орал — Қазақстандағы ең таза әрі жасыл қала. Онда қыс қыс сияқты, жаз жаз секілді. Табиғаттың төрт мезгілін көресің. Әрі адамдары да мәдениетті, терең білімді. Ол жақтан сенімді достар табасың» дегенде ойланып қалды. Әкесінің сөзін жерге тастағысы келмей БҚАТУ-ға құжаттарын тапсырып еді, ветеринарлық медицина және биотехнология факультетінің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мамандығына  қабылданды.

Димаш Оралға осылай келді. Келгеніне еш өкінбейді. Әкесінің айтқаны рас екен. Ақ Жайықтың адамдары да, табиғаты да тамаша. Мұнда көп дос тапты. Солардың бірі – Арыстан Өтегенов. Арыстан қазақ тіліне қарағанда, орысшаға жетік. Ал Димаш ресми тілді жете білмеді. Басында тілге байланысты екеуінің арасында қиындықтар, келіспеушіліктер туындағаны рас. Бірақ уақыт өте келе, екеуі де тіл «сындырды». Бүгінде екі дос екі тілде де жақсы сөйлейді. «Менің қасымда жүріп Арыстан қазақ тілін біздің оңтүстік жақтың диалектісімен меңгеріп кеткеніне таңданамын, – дейді Димаш. – Ол маған білінбегенімен, өзгелер тез аңғарады. Бірде екеуміз дәріханада сөйлесіп тұрсақ, ондағы сатушы: «Шымкенттен келдіңдер ме?» деп сұрамасы бар ма. Мен Арыстанды оралдық екенін айтсам, сенбейді. Бүгінде досым да әзілдеп, Шымкенттенмін деп жүр. Көпшілік оған сеніп қалып жатады. Есесінен мен түркістандықпын деп айтсам, кейбіреулері сенбейді. «Өтірік айтпашы, Оралдансың ғой» деген сөздерді естимін. Осылайша Арыстан екеуміздің орнымыз ауысып кеткен секілді…».

Университеттен алған тәлімінің арқасында бүгінде ол мал шаруашылығы турасында білімін тереңдетті. Шаруашылықтарда өндірістік тәжірибеден өтіп, біліктілігін де арттыруда. Енді магистратурада оқып, қой шаруа-шылығын ғылыми тұрғыдан зерттеуді  мақсат  тұтып  жүр.

–  «Серпін» бағдарламасының жастарға да, еліміздің дамуына да пайдасы көп деп ойлаймын. Бұл бағдарлама негізінде халқы тығыз орналасқан біз секілді оңтүстік өңірлердің түлектері батыс, солтүстік аймақтарда тегін білім алуда және одан әрі еңбек етіп, біржола тұрақтап қалуына жағдай туғызылуда. Сол арқылы түстікте жұмыссыздық деңгейінің азайып, батыс пен теріскейде еңбек нарығындағы маман тапшылығын шешуге жол ашылып жатқандығы қуантады, — дейді Дінмұхаммед Шәмірбек.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ


Кәсіпкерлерге жол ашық

Күні: , 23 рет оқылды

Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  «Атамекен» өңірлік  кәсіпкерлер палатасында  кезекті мәрте  жергілікті  кәсіпкерлермен кездесті. Бұл  күні  өңір  басшысының  қабылдауына он кәсіпкер келіп,  түрлі  сауалдарына  жауап алып, бизнес-жоспарларымен  бөлісті.  Өңірде қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыру  мен  шағын және орта бизнесті дамыту – облыстық  әкімдіктің алдында тұрған маңызды мәселелердің  бірі.

Осы мақсатта былтырғы жылдың сәуір айынан бастап «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында батысқазақстандық кәсіпкерлерге облыс әкімімен жүзбе-жүз кездесіп, түйткілді мәселелер туралы ашық айтуға, ұсыныстар мен бизнес идеяларды ортақ талқыға салуға  мүмкіндік беретін алаң жұмыс жасай бастады. Күні бүгінге дейін  130-дан астам кәсіпкер Алтай Көлгіновтің қабылдауына келіп, өз сауалдарын облыс басшысына тікелей  жолдады.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басынан облыс әкімі Алтай Көлгінов ӨКП-да 70-тен астам кәсіпкерлік субъектісін қабылдады. Облыстық әкімдіктің бастамасымен енгізілген тәжірибе қысқа уақыт ішінде өзінің өміршеңдігін танытып үлгерді. Осы орайда облыстың жалпы өңірлік өнімінің құрылымындағы шағын және орта кәсіптің үлесі 40%-ға жеткенін, Астана және Алматы қалаларынан кейінгі үшінші орында екенін де айта кеткен жөн.

Елімізде мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуге  басымдық беріледі. Бұл бастама Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында баяндалып және жыл сайынғы Жолдауында көрініс тауып келеді. Президент мемлекеттік құрылым басшыларының есеп беру тәжірибесін кеңейту және шешімдер қабылдау процесінің айқын болуы керек екенін атап өтті. Ашықтық – мемлекеттік құрылымдардың жоғары тиімділігі мен олардың қоғам алдындағы жауапкершілігінің айқын көрінісі.

Осы нұсқаулыққа сәйкес, Батыс Қазақстан облысында барлық деңгейдегі әкімдер азаматтарды жеке және кәсіпкерлік мәселелері бойынша қабылдауды тұрақты түрде жүзеге асырады. Жыл басынан бері төрт мыңнан астам адам «Нұр Отан» партиясының, «Ашық әкімдік», «Атамекен» ҰКП алаңдарындағы қабылдауларында болды. Оған қоса, жергілікті телеарналарда облыс әкімінің қатысуымен онлайн конференциялар мен тікелей эфирлер өтіп, облыс тұрғындары елді мекендерге таза су беру, жолдарды жөндеу және салу, сондай-ақ көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен қызмет әдебін сақтау мәселелеріне қатысты өздерін толғандырған сауалдарын өңір басшысына тікелей  жолдауға  мүмкіндік алды.

Облыста өткен жылдан бастап азаматтардың түрлі мәселелерін жедел әрі тиімді шешу, сонымен қатар мемлекеттік мекемелер қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында кешенді іс-шаралар қолға алынып, жүзеге асты. Атап айтсақ, облыс және аудан орталықтарында облыс әкімі мен оның орынбасарларының, қала және аудан әкімдері мен барлық деңгейдегі басқарма басшыларының қатысуымен «Ашық әкімдік» қоғамдық қабылдауларын ұйымдастыру жүйелі жолға қойылды. 880 адам облыс әкімі Алтай Көлгіновтің жеке қабылдауына келді. Тұрғындардың басым бөлігі жер теліміне, тұрғын үй мен құрылысқа және еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді көтерді. Бір айта кетерлігі, арыз-шағымдар, сұрақтар мен ұсыныстарға қарағанда, өтінімдердің саны әлдеқайда көп  болды.

Динара    ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Қоғамдық көліктер кестесі өзгереді

Күні: , 27 рет оқылды

Орал  қаласының  Нефтебаза  ауданындағы  көпірдің  қайта  салынуына  байланысты  1  қарашадан  бастап  осы  бағыттағы  қоғамдық  көліктердің  жүру  маршруты  өзгереді.

Бұл  туралы  баспасөз  мәслихатында  қалалық  жолаушылар  көлігі  және  автомобиль  жолдары  бөлімінің  басшысы  Қайрат  Мұхамбетқалиев  мәлімдеді.

Оның айтуынша, қалаішілік №3 аутобус Ә. Молдағұлова, Г. Петровский, Әбілхайыр хан, Д. Карбышев, Әзірбай-жан, Пионер, Кеңес Одағының Батыры С. Чуриков, М. Есламғалиұлы, Қ. Молдашев, Х. Есенжанов, М. Шолохов көшелерімен Сады көшесіне өтіп, әрі қарай өз бағытымен жүреді. Ал №3к, 6, 10, 16, 17, 37, 49, 53 бағыттағы маршруттар Ә. Молдағұлова, Г. Петровский, Әбілхайыр хан, Д. Карбышев, Әзірбайжан, Пионер, Кеңес Одағының Батыры С. Чуриков, Қ. Молдашев көшелерінен соң М. Есламғалиұлы көшесіне түсіп, одан кейін бұрынғы бағытымен жүретін болады. Ал №4, 7 бағыттағы қоғамдық көліктер Ә. Молдағұлова, Г. Петровский, Әбілхайыр хан,  Қ. Мусин, Ғ. Құрманғалиев, М. Шолохов, Х. Есенжанов, Мұнайшылар, В. Конкин көшелерінен соң өз бағытына  түседі. №13 аутобус Х. Есенжанов, Мұнайшылар көшелерін  жол  өткеліне  жетпей  айналып,  кері  қайтады.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»


40 отбасы баспаналы болды

Күні: , 28 рет оқылды

«Нұрлы  жер»  мемлекеттік  бағдарламасы аясында  Жәнібек  ауданы  орталығының  шығыс  беткейіндегі  екі  пәтерлі  20  тұрғын үй  пайдалануға  берілді.  Қоныстойға  жиылған  жұртшылықты  облыс  әкімінің  орынбасары  Бағдат  Азбаев  құттықтады.

Елбасының салиқалы саясатының нәтижесінде еліміз өркендеп дамуда. Соның айқын көрінісі – «Нұрлы жер» бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асуы. Мемлекет басшысы тұрғындардың қолжетімді баспанасы болсын деп аталған бағдарламаны қабылдады. Оның нәтижесін халық көріп отыр. Елбасы таяудағы Жолдауында «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының 2025 жылға дейін ұзартылатынын мәлім етті. Елмен бірге облыс көлемінде де өркенді істер қанат жайып келеді. Келер жылы Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарына 250 шақырым қатқыл табанды жол салу жұмыстары басталып, оған 6 құрылыс компаниясы атсалысады. Аталған аудандардағы тас жолдың құрылысы екі жылдың ішінде аяқталмақ, – деді Бағдат Оразалдыұлы.

Жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, аудан әкімі Азамат Сафималиев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев Жәнібек ауылының 40 тұрғынына салтанатты жағдайда жаңа баспаналарының кілтін табыс  етті.

Ауданға жұмыс сапары барысында Бағдат Азбаев Жәнібек ауылындағы облыс әкімінің қолдауымен жөнделіп, асфальт төселіп  жатқан жолдардың құрылысымен танысты. Содан соң Ақоба ауылына аттанып, қарашаның соңында пайдалануға берілетін ауыз су құбырының құрылысын қадағалады. Мұнда қазір көлемі 50 текше метр болатын  су қысымы мұнарасы, 200 текше метр резервуар, 4 ұңғыма салынған. Ауыл ішіндегі су құбырының ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Жалпы, нысанның құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Қазіргі таңда айналасын абаттандыру  қолға  алынған.

Нұрымбек   ЖАПАҚОВ,

Жәнібек   ауданы


Адалдық

Күні: , 431 рет оқылды

Ол – тілші. Тілші  болғанда да анау-мынау емес, сөз саптауды  қапысыз меңгерген,  қазақтың қара  сөзін  тұшымды ойларымен  тұздықтап, сан  алуан  тақырыпты қамтитын  мақалалары арқылы  аудан,  облыс жұртшылығына  танымал болған  журналист.

Бүгінде алпыс деген аталы жасқа мойын бұрған Нұрымбек Жапақовтың өмірдегі жолы қаншалықты мағыналы болса, қарапайымдылығы да соған сай.

Мен оны өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта тұсынан білемін. Жәнібек аудандық «Октябрь туы» газетінде қызмет атқаратынмын. Ол кезде жазғы демалысқа шыққан мектеп оқушыларын Кеңес одағының қалаларына апару дәстүрі бар болатын. Сондай бір демалыс кезінде ол қасындағы әріптестерімен бірге мектеп оқушыларын, ұмытпасам, Белорус КСР-ына бастап барған. Келгеннен кейін сол сапары жөнінде оқушы дәптеріне ұсақ әріптермен мөлдіретіп жазған мақаласын редакцияға алып келді. Онысы газет бетінде жарық көрді. Кейін Нұрекеңмен партияның ХХVІ сиезі атындағы кеңшарға (қазіргі Борсы ауылдық округі) іссапар кезінде жолықтым. Сол уақытта Ф. Энгельс атындағы сегізжылдық мектептің директоры болатын. Менің Нұрымбекпен жақын таныстығым осылай басталды. Әрі екеуміз бір жылдың  «төлі»  болып  шықтық.

Нұрымбек Мүсәлімұлы ауданымыздың Ұзынкөл ауылында дүниеге келді. Аудан орталығындағы орта мектепте оқыды. Еңбек жолын Қайрат орта мектебі жанындағы интернаттың тәрбиешісі болып бастады. А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, Тегісшіл сегізжылдық, Қайрат орта мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, интернат меңгерушісі, мектеп директоры болды. Кейін аудандық партия комитетінде үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары, аудандық мәдениет бөлімінің инспекторы, аудандық «Октябрь туы» газетінің тілшісі, редактордың орынбасары, аудан әкімі аппаратының бас маманы, аудандық мемлекеттік мұрағаттың мұрағатшысы, аудандық «Шұғыла» газетінің тілшісі қызметтерін атқарды. Байқап отырсаңыз, ол өзінің  шығармашылық жұмысына осындай  сатылардан  өтіп  шыңдалып  келді.

Ол – өте қарапайым, өзін бір қалыпты ұстайтын жан. Кейбіреулердей, «мен» деп кеуде кергенін, жоғарыдағыларға жағынып, жалбақтағанын, адамдарды менсінбей, алалап бөлгенін көрмеппін. Біріншіден, өте адал адам. Ал адалдықтың аясы кең. Отбасына адалдық, айналаңа, дос-жаранға адалдық, мамандығына адалдық, қызметіне адалдық… Осылай кете береді. Біз, адамдар, пендеміз ғой. Жоғарыда аталған  адалдықтарды сақтауға тырысқанымызбен, кейбір тұстарда әлсіздік танытып алуымыз әбден мүмкін. Ал Нұрымбектің бойында осы адалдықтың бәрі бар десек, асыра айтқандық болмайды. Осы адал мінез оған қайдан дарыды екен деп те ойлайсың кейде.

Жоғарыда біз адалдық ұғымының  бірнешеуін атап өттік. Соның бірі – қызметке адалдық. Ол бұл бағытта да қамшы салдырмай келе жатқан жампоздардың қатарында. Ол – тілші. Тілші болғанда да анау-мынау емес, сөз саптауды қапысыз меңгерген, қазақтың қара сөзін тұшымды ойларымен тұздықтап, сан алуан тақырыпты қамтитын мақалалары арқылы аудан, облыс жұртшылығына танымал болған журналист.

Ол мақала жазғанда, әйтеуір, атым шықсын дейтін пендешілік ойдан аулақ тұрады. Не туралы жазса да, қандай мәселе көтерсе де, сол тақырып төңірегінде кеңінен толғап, оқырманға ой тастайды. Өзін толғандырған мәселе басқалардың да көкейіне жетсе екен деген ізгі ниеті байқалып тұрады. Газет редакциясында қызмет атқарған жылдарында Нұрымбек үлкен шыңдалу мектебінен өтті. Ол елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген тілші бола тұра, өзін Құдайдың берген несібесін теріп жеп жүрген қатардағы қазақтың бірімін деп есептейді. Бұл да оның қалыптасқан өзіндік бет-бейнесі, өзіндік келбеті  болса  керек.

Бүгінде Нұрымбек Жапақов «Жайық Пресс» медиахолдингіне қарасты Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің директор-редакторы міндетін өзіне тән тиянақтылықпен және адалдықпен атқаруда. Әр жылдары аудан, облыс әкімдерінің, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы аудандық, облыстық филиалдарының, «Жайық Пресс» медиахолдингінің алғысхаттарымен марапатталды,  2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мерекелік медальді иеленуі сол адал  еңбегінің  жемісі  шығар.

Оның бір кіндіктен тараған іні-қарындастарының бәрі ержеткен, бойжеткен, өз алдарына отау құрған, балалы-шағалы жандар. Нұрымбек пен зайыбы Әруеш екеуінің сонда да жаны қалмайды. Шаңырақтың үлкені ретінде телефон шалып, хабарласады, ақылкеңестерін айтып, үнемі қамқорлық көрсетіп отырады. «Ағасы бардың жағасы бар» деген осындайдан қалған шығар, бәлкім. Ал мен болсам, Нұрымбектің бойындағы адалдық әулетінен дарыған екен-ау  деген  ойға  келдім…

Асқар   ҚҰСАЙЫНОВ,

Жәнібек   ауданы


Бас жүлде Жансаяда

Күні: , 71 рет оқылды

Атырау қаласында айтыскер ақын, жырау Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдығына арналған халықаралық айтыс мәреге жетті.

Екі күнге созылған айтулы жыр додасына 20 ақын қатысып, бақ сынады.

Айтыс қорытындысында батысқазақстандық Жансая Мусина бас жүлдені (2 млн. теңге) жеңіп алды.

Рүстем Қайыртай бірінші, Мұхтар Ниязов пен Әсем Ережеқызы екінші, Өнербек Дәулекенов, Аспанбек Шұғатаев және Серік Қуанған  үшінші  орынға  ие  болды.

Батыс Қазақстан облысынан барған Талғат Мықи мен Бауыржан Ширмединұлы да жартылай фи- налға өтіп, арнайы жүлдені еншіледі.

«Халықаралық деңгейде өткен сайысқа Моңғолиядан Серік Қуанған мен Ерлан Дәулет, Қытайдан Шапағат Әбдір қатысты. Мен өзім алғашқы айналымда Өнербек Дәулекеновпен, финалда Рүстем Қайыртаймен сөз қағыстырдым», – деді Жансая Мусина.

Ғайса  БӘЙМЕН


Спикерлер неге қазақша сөйлемейді?

Күні: , 119 рет оқылды

Таяуда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасарлары Бауыржан Қайдаров, Темірлан Шоңаев, Нұрадин Сапаров аталған мекеменің биылғы жылдың тоғыз айында атқарған жұмыстарының есебін берді.

Баспасөз мәслихатында Темірлан Шоңаев тоғыз айда «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша сегіз, «Агробизнес – 2020» бойынша жеті қылмыс тіркелгенін айтты. Оның айтуынша, экономикалық тергеу қызметі өндірісінде тоғыз ай ішінде 162 қылмыстық іске тергеу жүргізілген.

– Сотқа дейінгі тергеуді жүргізу барысында кеден шекарасы, атап айтқанда, Ақтау қаласындағы «Морпорт» кеден бекеті арқылы жалпы құны 4,8 миллиард теңгенің темекі өнімдерін жалған құжаттар мен анық емес мәліметтер көрсетілген декларацияларды пайдалану арқылы өткізуге қатысты оқиға анықталды, – деді Т. Шоңаев.

Бауыржан Қайдаров пен Нұрадин Сапаров тоғыз ай қорытындысы бойынша өңірімізде мемлекеттік бюджет жоспарының орындалуы 102,7 пайызды құрағанын  айтты. Сондай-ақ кедендік кірістердің түсімдері 115,7 пайызға орындалғанын баяндады. Олардың мәліметінше, кеденнен өтетін тауарлық номенклатураның коды мен шыққан елін анықтауға бақылау күшейтілген. Жыл басынан бері 78 тексерудің қорытындысы бойынша 17 құқықбұзушылық  анықталған.

Бір «әттегенайы», бұл жиында  тілімдей қағазға үңілген Бауыржан Қайдаров баяндамасын қазақша бастағанымен, әрмен қарай орыс тілінде жалғай жөнелді. Бәлкім, сөз соңында қазақша сөйлеп қалар деп күткенбіз. Бірақ олай болмады. Бұдан кейін баяндама жасаған Темірлан Шоңаев пен Нұрадин Сапаров та бірауыз қазақша сөйлеместен, есептерін орыс тілінде зуылдатып оқып  шықты.

Тек бұл емес, сол күні өңірдегі туризмнің жай-күйі тақырыбында өткен брифингте де осы «ән» қайталанды. Ғылыми зерттеуді қолдау қорының директоры Айболат Құрымбаев, спорт және туризм академиясының сарапшы әдіскері Бақыт Оразымбетова, қонақүй және мейрамхана бизнесі саласының маманы Ақнұр Күнтай қазақша білсе де сөйлемеді. Қазақ тілінде сөйлеулерін талап еткен соң ғана Ақнұр Күнтай орыс тілінде айтқан ақпаратын қайтадан қазақ тілінде айтып шықты.

Жиында Айболат Құрымбаев БҚО-дағы тарихи ескерткіштерге тоқталса, Бақыт Оразымбетова мен  Ақнұр Күнтай Бөкей ордасы ауданына барар жолда аялдайтын қонақүй тұрмақ, жай ғана аялдаманың жоқтығын жеткізді. Олардың айтуынша, халықаралық стандартқа сәйкес әрбір 100-150 шақырымнан кейін міндетті түрде қонақүй немесе аялдама болуы қажет екен. Сондай-ақ олар өңірімізде бес жұлдызды қонақүйдің жоқтығын да баса айтты.

БАҚ қызметкерлері алдында жұмыстарының жай-жапсарын баяндайтын мекеме-ұйымдардың басшылары баяндамаларын мемлекеттік тілде жасау қажеттігін естерінен шығармаса екен дейміз.

Баспасөз мәслихатын ұйымдастыратын Өңірлік коммуникациялар қызметінің қызметкерлері спикерлерді шақырарда оларға мемлекеттік тілде сөйлеу керектігін ескертіп айтса, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілдің конституциялық құқығы аяқасты болмас еді….

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика