Мұрағат: 24.10.2018


Іскерлік көкжиек кеңеюде

Күні: , 29 рет оқылды

Амстердамда  дәстүрлі  офшорлық энергетикалық  көрме  басталды.  Мұнайгаз саласының  алпауыт  компаниялары  жиналған көрме-конференцияға  биыл  тұңғыш  рет  Қазақ  елі атынан  «ҚПО б. в.»  компаниясы  қатысуда.

Әлемнің 600-ден астам ірі компаниясы келген көрмеде соңғы үлгідегі құрал-жабдық, техника атаулысы көптеп қойылған. Сол мықтылармен иық теңестіріп, елімізге инвестиция тарту мақсатында ҚПО компаниясы бұл шараға арнайы келгенін айта кеткен жөн.

Көрме аясында консорциум БҚО әкімдігімен бірігіп, қазақ-голланд кәсіпкерлерінің іскерлік форумын ұйымдастырды. Бұл шараға Амстердамдағы 40-тан астам компания басшыларының жиналуына Қазақстанның Нидерландтағы елшілігі мен голландиялық жеткізушілер қауымдастығы ұйытқы болды. Жиын барысында қазақстандық үлестің артуына жергілікті кәсіпкерлер де ниетті екені айтылды. Яғни іскерліктің көкжиегін кеңейтуге қос тарап та мүдделі.

Жиында сөз алған Қазақстанның Нидерландтағы елшісінің кеңесшісі Ұлан Мұхамедшиевтің айтуынша, голландиялықтар мемлекетіміздің экономикасына қаржы құйып отырған елдердің көш басында тұр. Әрі ірі сауда серіктесіміз болып табылады. Мәселен, 2005-2018 жылдар аралығында Нидерланд кәсіпкерлері Қазақстанға 80 млрд. доллардан астам инвестиция салды. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің тауар айналымы 5 млрд. долларға жетті.

Аталмыш көрмеге арнайы барған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Миржан Сатқановтың сөзіне қарағанда, келесі жылы облысымызда үлкен жылыжайдың құрылысы басталмақ. Оған қажет құрал-жабдықтар Нидерланд корольдігінен жеткізілмек. Голландиялық техника мен технология электр қуаты мен суды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік беретін көрінеді. Ал бұл өз кезегінде көкөніс бағасының  төмен болуына мүмкіндік туғызбақшы. Әрі жылыжай өнімдерін экспортқа шығару да көзделіп отыр.

– Қарашығанақ жобасын кеңейту бағытында бірігіп жұмыс істеу үшін бізге қазір серіктестер қажет. Қазақстан нарығы шетелдіктер үшін өте маңызды. Өйткені қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Қазақстан үкіметі инвестициялық ахуалды қазіргіден бетер жақсарта түсуге әр кез мүдделі, – деді жиында баяндама жасаған «ҚПО б. в.» компаниясының бас  директоры  Эдвин  Блом.

Мәди  ЫҚЫЛАС


Жыл соңына дейін алты үй тапсырылады

Күні: , 33 рет оқылды

Хадиша  Бөкеева атындағы  қазақ  драма театрында  тұрғындарға  баспана  алудың  жаңа  мүмкіндіктерін  ұсынатын  мемлекеттік бағдарламалар  жөнінде  ақпарат  пен  кеңес  беру мақсатында  «Ашық  есік»  күні  өтті.

Бұл шараға «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыратын алты екінші деңгейлі банк пен өңірдегі көп қа-батты тұрғын үй салатын «Орал Полимер» ЖШС, «Караванный путь» ЖШС, «Степной Леопард ЛТД» бірлескен кәсіпорны» ЖШС, «KHAN GROUP» ЖШС, «Alem Group Kazakhstan» ЖШС секілді басқа да құрылыс компаниялары қатысты. «Ашық есік» күнінде келушілерге құрылыс компанияларынан пәтер таңдап, екінші деңгейлі банктер арқылы ақша төлеу мүмкіндіктерін есептетіп, жан-жақты кеңес алуға  жағдай жасалды. Әсіресе, «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері кеңінен айтылды. ҚР Ұлттық банкі БҚО филиалы директорының орынбасары Сергей Родиннің айтуынша, бұл бағдарлама мультипликативтік нәтиже беру қажет. Ол тек қана банктердің ипотекалық несие беруі бойынша  емес, құрылыс саласына да тың серпін әкелуі тиіс. Сондықтан да бағдарлама ұзақ мерзімді басымдыққа ие болмақ. Сергей Родин қазір ипотекалық несие артып келе жатқанын, ал бағ-дарлама басқа банктер ұсынатын  стандарттар бойынша пәтер ала алмайтын тұрғындарға тиімді екенін жеткізді. Сондықтан да Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «7-20-25» тұрғын үйге зәру жандарды барынша кең қамтуды мақсат етеді. Сондай-ақ Сергей Родин айтып өткендей, бүгінде бағдарлама бойынша 100 шақты өтінім мақұлданып, 70 шақты тұрғынға қарыз берілген екен.

– Біздің облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Оралда мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде де үйлердің құрылысы жүруде. Яғни апатты немесе  ескі үйлердің орнына жаңасы салынуда. Айта кету керек, апатты үйлердің орнына тұрғызылған үйлердің жартысы «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілсе, қалғаны бұрын-ғы тұрғындардың игілігіне тапсырылады. Жеке құрылыс компаниялары арқылы да үйлер бой көтеруде. Биыл өңірде мемлекеттік бағдарламалар бойынша 26 көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Алты үйді жыл соңына дейін, ал келесі жылы 16 үй тапсыру жоспарланып отыр. Жеке құрылыс компаниялары салған 1300 пәтер  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы «7-20-25» бағдарламасы бойынша беріледі, – деді шараға қатысқан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Алтынбек Қайсағалиев.

Баспаналы болу жолдары жөнінде кең көлемде ақпарат берген «Ашық есік» күніне жас та, шашын ақ шалған қария да келіп, толғандырған тұрғын үй мәселесі бойынша сұрақтарына жауап алды. Облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы Қайрат Досановтың айтуынша, шара 300-ден астам  тұрғынды  қамтыды.

Самат  ЖОРТАБАЕВ,  «Орал Полимер»  ЖШС-ның  заңгері:

– «7-20-25» бағдарламасы маусым айында  іске қосылғалы  бері  біздің мекеме де тұрғын үйге  мұқтаж  жандармен  жұмыстануда. Көпшілік осы бағдарлама арқылы  үй  алғысы  келеді. Бұл  бағдарламаның  ыңғайлы әрі  тиімді тұсы –   пәтердің  20  пайыздан аспайтын бастапқы  жарнамен,  7  пайыздық  үстемемен және 25 жылға дейінгі мерзімге  берілетіндігі.  Мұны  үкімет  тарапынан  халыққа  көрсетілген көмек, үлкен  мүмкіндік  деп  білемін.  Біздің  мекеме   үйдің  мекенжайына, пәтердің  орналасқан  қабатына байланысты  бір  шаршы  метрін   150 мыңнан  бастап, 170 мың  шаршы  метрге  дейін  есептейді.  Құрылыс  компаниясы  2012  жылдан  бері  жұмыс  істеп  келеді.  Бұған дейін  «Нұрлы  жер»  бағдарламасы  бойынша жұмыстанған  болатынбыз. Қазір мемлекеттік және  екінші деңгейлі банктермен бірлесіп  қызмет істеудеміз.

Салауат   ИМАҒАМБЕТОВ, қала  тұрғыны:

– Зайыбым  екеуміздің  Тұрғын  үй  құрылыс  жинақ  банкінде есепшот ашып, қаражат  жинағанымызға жыл жарым  уақыт  болды. Қазіргі  үйлердің  орташа  бағасымен  есептегенде,  30  пайыздайын жинап  қойдық.   Екі-үш рет  тұрғын үй алу  үшін  бағдарламаларға қатысқанымызбен,  өте алмай  қалғанбыз.  Енді  «7-20-25»  бағдарламасы арқылы  екі  бөлмелі  пәтер  алғымыз  келеді.  Бұл бағдарламаны жұмыс істейтін  адамдарға қолайлы, қолжетімді  деп айтуға болады. Пәтер жалдап  тұрғаннан,  өз үйің  үшін  ақша  төлеген тиімді деп ойлаймын.

Ясипа   РАБАЕВА,

 «Орал   өңірі»


«Олимпиада чемпионы болғым келеді»

Күні: , 32 рет оқылды

Биыл  Индонезияда  өткен  жазғы  Азия  ойындарында төрт адамдық  байдаркамен  500  метрге  жарысудан  қазақстандық ескекшілер алтыннан  алқа  таққаны  мәлім. Төрт жылда бір рет өтетін  айтулы  додада Батыс  Қазақстан  облысының қос бірдей  ескекшісі – Алексей  Дергунов  пен  Андрей  Ергучев аталған төрттіктің  құрамында  өнер  көрсетіп,  ел  намысын  асқақтатқан болатын.  Жеңіспен  оралған  жерлесіміз Алексей  Дергуновпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Алексей Владимирұлы, ескекші болуды бала күніңізден армандадыңыз  ба?

– Негізі, мектеп кезінен спортқа жақын болдым. Спорттың барлық түрімен айналысып көрген соң, ағама ілесіп, ескек есуді де үйренгім келді. Егер алғашқы бапкерім – марқұм Владимир Треушников болмағанда, байдаркамен кәсіби түрде айналысуым екіталай еді. Өйткені бапкерім бойымнан ескекшіге тән қабілетті байқаса керек, жаттығудан қалмай, тиісті дәрежеде айналысуымды қатаң қадағалады. Кейін бұл спортқа өзімнің де қызығушылығым  ояна  бастады.

– Ең алғашқы жетістіктеріңіз есіңізде  ме?

– 1997 жылы алғаш рет Мәскеуде өткен жарысқа барғанмын. Ол жарыстан қоржыным

бос қайтты. Сол жағдай маған қатты әсер етіп, жарты жыл бойы байдаркамен айналыспай қойдым. Алайда Владимир Александрұлы үзіліссіз хабарласып, қайтпасыма қоймады. Кейін облыстық жарыстарға қатысып, жеңімпаз атанып жүрдім. 1999 жылы алғаш рет Қазақстан чемпионатына қатысып, үшінші орын алдым. 2002 жылы Азия чемпионатына барып, үш алтын медаль әкелдім. Ал 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиадаға қатысып, 11-орыннан көрінген болатынмын. Сонымен қатар бұдан төрт жыл бұрын Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында чемпион атандым.

– Индонезиядағы  жарыс  қалай  өтті?

– Жарыс өте тартысты өтті. Қытайлықтар мен жапондықтарды басты қарсылас санап, мықты дайындықпен барғанбыз. Алайда олардың дайындығы осал болып шықты. Өйткені жарыс нәтижесінде екінші және үшінші орындарды кәрістер мен ирандықтар алды. Ал ел намысын қолдан бермегеніміз  мерейімізді  асқақтатқаны  анық.

– Ескек есу денсаулыққа қаншалықты  пайдалы?

– Ескекшінің қолдары ғана қимылдағанымен, дененің барлық бұлшық етіне салмақ түсіп, дене толықтай шынығады. Табиғаттың сыры белгісіз ғой. Қайықпен жүзіп келе жатқанда күтпеген жерден жел тұрып, толқын көтерілетін кездер болады. Ал қайыққа су толса, жүзу қиындайды. Осындай келеңсіз оқиғалардан қиналмай шығу үшін денені шынықтыру қажет. Жалпы, Батыс Қазақстан облысында су спортын дамытуға тамаша мүмкіндіктер бар. Бір ғана Орал қаласы арқылы Жайық, Шаған, Деркөл, Барбастау секілді бірнеше ірілі-ұсақты өзен ағып жатыр. Сондай-ақ «Динамо» спорт қоғамына барып, ескек есумен тегін айналысуға болады. Бұл салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысқысы келген жанға таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын.

– Алексей Владимирұлы, спорт өміріңіздің ажырамас  бөлшегі болғанын жақсы білеміз. Бос уақытыңызды қалай  өткізесіз?

– Мен 2007 жылы шаңырақ көтердім. Өкініштісі, отбасымның жанында көп бола алмаймын. Өйткені әрдайым спорттық жиындарда жүремін. Жұбайым үйде, бала тәрбиесімен айналысады. Ұлым бүгінде үшінші сыныпта оқып жүр. Өзі спортты жақсы көреді. Болашақта спорттың қай түрімен айналысқысы келсе де, қолдаймын. Алда-жалда босап жатсам, бар уақытымды отбасыма арнауға тырысамын. Сонымен қатар аңшылыққа шығып, балық аулап, табиғат аясында демалғанды  жөн  көремін.

– Азия чемпионы атандыңыз, ендігі  мақсатыңыз  қандай?

– Бүгінде Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін Қазақстан ұлттық құрамасы сапында дайындалудамын. Енді әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарының салмағын сезініп,  жеңіс тұғырынан  көрінгім  келеді.

Сұхбаттасқан Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ


Ерекше музыканттың айрықша концерті

Күні: , 36 рет оқылды

Халықаралық конкурстардың  лауреаты,  музыка академигі, «Жаншуақ»  сыйлығының иегері, «Қазақстанның  100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Саида  Қалықова  сейсенбі күні Орал қаласында  жерлестеріне  арнап  «Асыл қалам» атты жеке  шығармашылық  концертін  өткізді.

А. Островский атындағы орыс драма театры тума талант иесінің өнеріне бұрыннан тәнті оралдық көрерменге лық толды. Концертті Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов те тамашалады.

Тоғыз жасында жасалған отадан соң, қос жанарынан айырылған сәтте музыканы жанына серік еткен Саида небәрі 13 жасында туған қаласында ең алғашқы жеке концертін берген ерекше дарын иесі. Тума таланты мен ата-анасының қолдауының арқасында алдымен №3 музыка мектебін, 2006 жылы Оралдағы Құрманғазы атындағы музыка колледжін, 2010 жылы Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін фортепиано класы бойынша үздік тәмамдаған пианист бойжеткен кейін білімін «Болашақ» бағдарламасы арқылы Италияда жалғастырды. Саусағынан саз тамған саңлақ пианист, еліміздің жалғыз музыка академигі Саида Қалықова қазіргі таңда Астана қаласының мемлекеттік филармониясында қызмет атқарады.

Адамның мүмкіндігі шексіз екенін өнерімен дәлелдеп, он екі мүшесі сау адамдарға ісімен үлгі болып жүрген Саида – 2017 жылы көпшіліктің таңдауымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған үш батысқазақстандықтың бірі. Бүгінде Қазақстан, Ресей және Италия елдерінде сексеннен астам жеке концертін беріп, танымал музыканттармен бір сахнада өнер көрсетіп жүрген Саида Қалықованың репертуарында әлемдік деңгейдегі музыка алыптарының әйгілі шығармаларымен қатар өзінің жүрекжарды туындылары да бар.

«Асыл қалам» атты шығармашылық кешінде Людвиг ван Бетховеннің әйгілі №3 сонатасы, Фридерик Шопеннің «Фантазия-экспромт», танымал француз композиторы Клод Дебюссидің «Ай сәулесі», орыс романсының шебері Александр Алябьевтің «Бұлбұл» сынды күрделі классикалық туындыларын асқан шеберлікпен орындаған Саида Қалықова «Сағым» және «Самұрық құс» атты төл туындыларын ҚР мәдениет саласының үздігі Владимир Баяндинмен бірге ең алғаш рет оралдық көрерменге тарту етті. Күйсандық пен флейтаның сырға толы сиқырлы үні көңіл пернесін дөп басты. Концерт әдеттегідей нотасыз өтті. Классикалық музыка әлеміне сапар шеккен көрермен композитордың туған қаласына арнап шығарған «Туған жерім», «Көлдегі таң», Италия мен итальяндық достарына арнаған «Ноктюрн» шығармаларын да ыстық ықыласпен қабыл алып, құшағын гүлге толтырды.

Кеш соңында әлемге танымал өнерпазға облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атынан ықылас гүлі  ұсынылды.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


«Омега» көпірі адам танымастай өзгереді

Күні: , 28 рет оқылды

Орал қаласының Нефтебаза ауданындағы ескі көпір сүріліп, жаңасы салынбақ. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен брифингте шаһар басшысы Мұрат Мұқаев мәлімдеді.

Жиын барысында Мұрат Рахметұлы Орал қаласын абаттандыру  бойынша соңғы екі жылда жасалған жұмыстарға  тоқталды.

– Облыс орталығында 2017-2018 жылдары 120 шақырымнан астам жол, 120 көше және 50 аула жөнделді. Сондай-ақ 5 тынымбақ жаңадан жасақталды. Оралда 330 мың тұрғын мекен етеді десек, оның 100 мыңнан астамы көлік құралдарын қолданады. Көліктердің көптігі тасжолдар мен көпірлерді жиі жөндеуге әкеледі. Тұрғындарға Депо ауданындағы көпір қайта жөндеуден өткен соң, Нефтебаза ауданындағы көпірдің жаңадан салынатынын айтқан едік. Көпірдің құрылысы «Ка-Строй ЛТД» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге асатын болады. Тапсырыс беруші – «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б. в.» компаниясы. Бұл көпірді жергілікті тұрғындар «Омега» көпірі деп атайды. Келісімшарт бойынша жаңа көпір екі жылда салынбақ. Оның ұзындығы – 988 метр, ені 20 метр болады. Төрт жолақты аутокөлік жолы мен  жаяу жүргіншілер жолағы қарастырылған. Құрылыс материалдарының қымбаттығына орай жобаның құны 5 млрд. теңгеден асады. Құрылыс жұмыстары қыс айларында басталатын болады, – деді  қала  әкімі  Мұрат  Мұқаев.

Аталмыш көпір маңында орналасқан үш үйдің тұрғындарына уақытша қоныстануға Зашаған және бесінші шағынауданнан пәтерлер қарастырылған. Олар алдағы күндері көшірілетін болады. Құрылыс жұмыстары кезінде көпір жанындағы үйлерге нұқсан келмес үшін  бейнебақылау камералары орнатылып, арнайы күзетпен қадағаланбақ. Өйткені заң аясында бұл пәтер иелеріне жаңа үй қарастырылмаған.

Өз   тілшіміз


«ЖАЙЫҚ ПРЕСС»: мерейлі кездесулер, жарқын жүздесулер

Күні: , 72 рет оқылды

«Рухани жаңғыру»  бағдарламасының  басым бағыттарын  насихаттау  мақсатында  «Туған жер»  этномәдени жобасы  аясында «Жайық Пресс»  медиахолдингінің  бас  директоры  Рауан Сәбитов  бастаған  топ  Шыңғырлау,  Бөрлі  және  Теректі аудандарын  аралады,   оқырмандармен  жүздесті.

Журналистер алдымен Шыңғырлау  ауданы әкімі Альберт Есалиевтің қабылдауында болып, ауданның  тыныс-тіршілігі жайында әңгімелесіп, табиғаты әсем, адамдары еңбекқор, гүлденген, көркейген аудан туралы өздерінің де  ой-пікірлерін ортаға салды. Жылы жүздесуден соң қонақтар ауданның көрікті жерлерін аралап, тарихи-өлкетану музейінде болып, жаңадан жасақталған музей экспонаттарының көптігіне, жинақталған мағлұматтардың маңыздылығына  өз  ризашылықтарын білдірді. Одан әрі аудан әкімі Альберт Есалиев бастап, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов пен «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі Есенжол Қыстаубаев ауданның ақсақалдарымен әңгіме-дүкен қыздырды. Өмірлерінің сан жылын ауданның түрлі саласына арнаған ақеділ ағалар «Орал өңірінің» де сан жылдардан бергі оқырмандары екен. Тіпті, олардың арасында біздің басылымды өткен ғасырдың сонау 60-шы жылдарынан, «Екпінді құрылыс» атауымен шыққан кезінен оқып келе жатқандары «газет баяғыда бүй деп жазып еді…» деп бүйрегімізді бүлк еткізгендерін айтсайшы, шіркін! Газетті күтіп жүреді екен ағалар, жақсы шыққан мақалаларға  марқайып отырады екен қазына қарттар. Соған қуандық. «Орал өңірінің» «ағасы» «Екпінді құрылыстан» бермен қарай газетімізді төрге шығарып келе жатқан оқырманымыз Таңатов Кеңес ағамыз: – Сонау бір жылдарда облысымыздың әр ауданынан,  олардың мал шаруашылығынан, егін шаруашылығынан, құрылыстан, білім беру мен денсаулықтан қай тұста келе жатқандығын тәптіштеген арнайы беттер беруші едіңіздер. Соларды мұқият оқып, ауданымыздың тыныс-тіршілігінен толық хабардар болатынбыз. Артта қалып қойғандар да көзге ұрып тұратын. Оны социалистік жарыс аясында беретін едіңіздер. Бүгінде де еңбек жарысы бар ғой, оның қарқыны бәсеңдеген жоқ. Осыны қайтадан қолға алсаңыздар, жақсы болар еді. Қазір жер-жерде өзінің қалтасының қамын ғана күйттемей, ауылының, халқының қамын ойлайтын кәсіпкерлер шыға бастады. Солардың маңдайларын жарқыратып жазып тұрса, басқаларға  үлгі  болар  еді. Біз бұл айтылғандарды құп алдық.

Зейнеткер Еркөбен Сұлтанов газеттің 3-4 күнде жиналып бір келетініне қынжылады. «Жиналып келгесін оқып үлгере алмай жатамыз», – дейді. Ардагер журналист, ұзақ жылдар аудандық газеттің тілшісі болған, әлі де қаламын қаңтармаған әріптесіміз Татьяна Кишкина біздің келгенімізге қуанышын жасырмады. – Бұл сапарларыңызға қатты қуанып жатырмыз. Осылай жиі келіп тұрыңыздар. Жергілікті журналистердің жазғаны өз алдына, облыстық газеттің тілшілері осылай келіп тұрғаны жақсы ғой. Сырт көз қырағы келеді, байқағыш келеді. Тағы бір айтатыным, Ақжайық, Сырым, Қаратөбе аудандарынан мақалалар жиі шығады. Біздің ауданнан да солай шығып тұрса, – деді. Қазір зейнет демалысындағы Сапаров Бақытжан: – Бағана бір ақсақал теледидар бағдарламасын бермей кеттіңіздер деп жатыр. Бізге газет кешігіп келеді, сондықтан бермегендеріңіз дұрыс. Жаңа Татьяна қарындасымыздың айтқанына қосыламын. Сіздің тілшілер біздің Шыңғырлауға сирек келеді, біздің аудандық газеттің тілшілері жазып жатыр ғой, дегенмен «Сырт көз сыншы» дегендей, келіп тұрыңыздар, көрген, байқағандарыңызды бүкпей жазып тұрыңыздар. Менің алдымда Кеңес замандасымыз дұрыс айтты, мен оған қосыламын. Әр ауданның 6 айда немесе бір жылда не тындырып, не істегенін тұтас бір бет немесе одан да көлемді етіп беріп тұру керек. Жақсы еңбек жасап жүрген, өз ауылына шапағаты тиіп жүрген жандар жайлы жазылса?.. Ал бұрынғы еңбек майталмандарын да ұмытпаған абзал. «Осындай азамат болып еді…» деп халықтың ойына салып тұрса… Шыңғырлаудың арғы-бергі тарихы жазылса… Ол кәріге де, жасқа  да  керек.

Облыстық «Приуралье»  газетінің  бас редакторы Роза Сыйықова аудандық аурухана ұжымымен, «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлбаршын Әжігереева Шыңғырлау колледжі студенттерімен кездесті.

Шыңғырлау колледжіндегі әңгіме-дүкен жылы шырайлы, ашық-жарқын рәуіште өтті. Бұл оқу орнына ауданның жастары ғана  емес, кәсіп иесі боламын деп басқа ауданнан, мысалға, Бөрлі және Қаратөбе ауданының бірқатар ауылдарынан келіп, оқып жатқандар бар. «Мұның өзі колледждің мамандар даярлаудағы өзіндік орны бар облыстағы арнаулы орта оқу орындарының бірі екенін көрсетеді», – деді қонақтарды бастап келген «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Светлана  Бәйтенова.

Соңғы жылдары оқу орнының студенттері «World Skills Kazakhstan» өңірлік біріншілігінен жүлдені қос-қостан қанжығаға байлап жүр. Соның ішінде болашақ  тас қалаушы, сылақшы, дәнекерлеуші жастар алдағы желтоқсан айында Астанаға барып, облыс намысын қорғайды. Түлектердің жұмысқа орналасуында мін жоқ, биылғы түлеп ұшқан жастардың 83%-ы мамандықтары бойынша жұмыс істеуде. Аталмыш колледж директоры Серікбай Жұмағұловтың «Жақында қарттар үйінен аспаз керек деген сұраныс түскенде, бізден аспаздықты бітіріп, жұмыссыз жүрген бір жанды таппадық» деуі көңіл тоғайтты. Жастардың жұмысқа орналасуына «Жастар практикасы» бағдарламасының көп септігі тиеді екен. Мұнда фермер шаруашылығына оқитын ұл-қыздар көлік жүргізушісі, тракторшы-машинист біліктілігін қоса алып шығады. Одан басқа құрылыс саласына тас қалаушы, сылақшы, аспаз, электронды есептеу машинасының операторы, газбен дәнекерлеуші, барлығы 5 мамандыққа 8 біліктілікке оқытылады. Енді «Фермер» мамандығы бойынша фермер, сатушы, тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығы бойынша кондитер, даяшы, технолог мамандығына оқытуды қолға алу үшін лицензия алмақ. Алайда бұл мамандықтарға оқытуға қазақ тілінде оқулықтар тапшы. Тиісті министрліктің құлағына «алтын сырға» деп қоялық, ғаламтордан Ресейде пайдаланылып жүрген оқулықтарды, дәрістерді тауып алуға болғанымен, оны қолдануға рұқсат жоқ. Өйткені талап бойынша оқулық еліміздегі баспадан  кітап  болып  шығуы  керек.

Қазір колледжде 224 студент оқуда. 1973 жылы салынған оқу ғимаратының жылыту жүйесі әбден тозған. Жалпы, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін алдымен жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуы тиіс. Ал оған облыстық бюджеттен қаржы бөлінуі керек. Колледждегі оқытушы-оқырмандарымыз осы мәселелерді назарымызға ұсынды, жазарымыздың азаймауына тілектестік білдірді.

– 2017 жылдан бастап орта мектептерде 2, 5, 7-сынып оқушыларын жаңартылған білім бағдарламасымен оқыту қолға алынды. Биыл олар бір сыныпқа жоғарылады. Алдағы жылы бұл шәкірттердің алды 9-сыныпқа көшеді. Содан кейін олардың көпшілігі колледжге, бізге оқуға келеді. Біздің оқытушылар жаңартылған білім беруге даяр емес, өйткені олар қайта даярлаудан өткен жоқ, – деді колледж басшысы Серікбай Жұмағұлов.

Колледжде әдебиет, өлең десе, ішкен асын жерге қоятын жастар бар екен. Солардың бірі – Айдана Бисенғалиева өзінің өлең жазатынын, облыстық басылым бетіне тырнақалды шығармаларын шығарғысы, ақын-журналист ағаларынан ақыл-кеңес алғысы келетінін айтты. Облыстық газет редакциясының есігі оқырмандарымызға, жалпы жұртшылыққа қашанда ашық, хабарласыңыз дедік біз.

Медиахолдингтің бас директорының аға кеңесшісі Нұрсұлтан Мықтыбай  және медиахолдинг қызметкері Жансая Бақтығалиеваның жетекшілігімен  Л. Қылышев атындағы орта мектепте 7-11-сынып оқушылары арасында  «Өрімтал» облыстық жас тілшілер фестиваліне  іріктеу  кезеңі – шығармалар байқауы ұйымдастырылды. Оған аудан орталығындағы қос мектептің 40 оқушысы қатысып, бақ сынады. Іссапардың қорытынды кезеңі аудандық мәдениет үйінде оздырылып, мұнда да халық көп жиналды.  Гала-концерттің шымылдығы Мұхит Байғалиевтің орындауында «Шыңғырлауым – сәнді өлкем» әнімен ашылды. Сахна төрінде  Орал қаласының Ғарифолла Құрманғалиев атындағы  облыстық филармонияның әншілері патриоттық әндер шырқап,  шараның шырайын келтіріп, көрерменге шаттық  көңіл  күй  сыйлады.

Шара барысында екі облыстық  және аудандық газеттерге қолдау көрсетіп, басылымға жазылу науқандарында  өз үлестерін қосып, азаматтық ұстанымдарын танытқан бірнеше газет демеушілеріне, ауыл әкімдері Самиғолла  Үржановқа, Асылхан Нұрышевқа, Рүстем Ислямовқа, кәсіпкерлер Бақытжан Казеновқа, Ержан Рамазановқа, Халық Шалабаевқа 100 мың теңгенің арнайы сертификаттары, мекеме басшылары Сергей Астафьевқа, Гүлсім Қуанаеваға, газет тасушылар Майсара Мақановаға, Людмила Шлегельге  алғысхат және сыйлықтар табысталды. Осы шарада газетте мақалалары көптеп жарияланып жүрген  Қуаныш Есенов, Марат  Мәмбетовқа, Сания Бекболатова, Самат Байболатқа медиахолдинг атынан «Серпін» газетінің штаттан тыс тілшісі» куәлігі берілді. Шарада  «Өрімтал» облыстық  жас  тілшілер фестивалінің  облыстық іріктеу кезеңіне өткен оқушылар  Толқын Абылай (жетекшісі Әсем Тугарисова), Ажар Шәріпқали (жетекшісі  Айнұр Сейітова),  Зергүл Әжімұратоваға (жетекшісі Шахижамал Боранбаева)  медиахолдингтің жолдамасы салтанатпен тапсырылды. Мектеп оқушылары  Виктория Астафьева, Айнұр Тимурова, Гүлбақыт  Жалғасбаевалар аудандық басылымның  «Жас тілшісі» деген   куәліктерін алды.  Ауданымызда бір күн  болса да  айтарлықтай  іс атқарып, газет жанашырларының басын қосып, олардың  еңбектерін бағалап, мерейін асырған әрі ел-жұртқа мереке сыйлаған  медиахолдинг қызметкерлеріне шыңғырлаулықтар  дән  риза  болды.

*   *   *

«Жайық Пресс» медиахолдингінің облыс көлеміндегі «Туған  жер» этномәдени жобасы бойынша журналистерді Бөрлі ауданындағы сапары Жолбарыс батырдың кесенесіне зиярат етуден басталды.

Қонақтарды кесене басына Жолбарыс батырдың төртінші ұрпағы Жолдығали Батырханов пен қызы Балкүміс Жолдығалиқызы  ертіп  барды.

– Ол кісінің талай мәрте елін, жерін сырт көзден, барымташылардан қорғап қалғандығы, көзсіз батырлығы, аруақтылығы, қайраттылығы туралы ел ішінде аңыз әңгімелер өте көп. Батыр туралы 1991 жылдан бастап аудандық, облыстық және республикалық басылым беттерінде мақалалар жарияланған. Бала кездегі «бабам туралы білсем» деген арманымнан осы кезге дейін қол үзген жоқпын. Жолбарыс Торыұлы туралы мағлұмат іздеп, Орал мен Орынбордың мұрағаттарында болдық. Ақтөбеге де барғанбыз.  Содан Санкт-Петербург мемлекеттік мұрағатынан біраз дерек алдық. Іздегеніміз табылып, балаша қуандым. Ресми түрде мөр басылған құжат қолыма тиді. Бұл құжаттар Жолбарыс Торыұлы тарихта болған адам екенін растайды. Қазір бізде Жолбарыс батыр туралы нақты деректер бар», – деді Жолдығали қария. Балкүміс Жолдығалиқызының айтуынша, Жолбарыс батырдың киген сауыты бар және оны аудандық музейге алғашында тапсырып, кейін жөндеу жұмыстары кезінде қайта алып, Астана музейіне ұсынған. Алдағы уақытта батырдың сауытын кері қайтарып, жергілікті аудандық музейге сақтауға мүдделі екен ұрпақтары. «Негізі, жасалар жұмыс өте көп, ескерткіш қойып, экскурсия жасауға мүмкіндік болардай жағдай туғызғымыз келеді», – деді ол.

Батыр баба кесенесіндегі келелі жүздесуден соң, аудандық мешіттің бас имамы Қанат Жәкенов батыр рухына бағыштап дұға оқыды.

*   *   *

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов бастаған журналистер тобын алдымен Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаев қабылдады.

Қабылдау кезiнде Алпамыс Жаңабайұлы облыстық, аудандық газеттердің бүгiнгi бет алысына оң бағасын беріп, іргелі ұжыммен әрі қарай да қоян-қолтық жұмыс атқарып, аудандық газеттің көркеюі хақында нақты жоспарлар бар екендігін алға тартты.

Артынша медиахолдингтің этномәдени жобасы аясында Рауан Сәбитұлы мен «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі, журналист Есенжол Қыстаубаев аудан ардагерлерімен, газет жанашырларымен кездесті.

Ашық диалог форматында өткен жиында сөз алған Рауан Сәбитов атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, газет оқырмандарын толғандырған мәселені  тыңдады.

– Медиахолдинг облыстағы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырып отырған құрылым болып саналады. Облыстағы екі және аудандардағы он екі газеттің басын біріктіріп отыр. Облыстық, аудандық газеттерге қатысты сын-ескертпе, ой-пікірлеріңізді де тыңдағымыз келеді. Алдағы уақытта не оқығыларың  келеді, қандай кемшіліктер бар? Осы мәселені білмекке келдік.

Бұған дейін облыстағы алты ауданда болып, ел ағаларымен дидарластық. Ол жақтағы оқырмандардан да сын-ескертпелер естідік. Бұл бағытта жұмыстанатын  боламын, – деді Рауан Сәбитұлы.

Жиналғандар газет бетінде ресми мақалалардан гөрі ел ішіндегі салт-дәстүрге, шынайы оқиғалар, халық арасындағы, өмірде болып жатқан мәселелер, әр ауылда, әр аймақта болып орын алған түйінді, түйткілді мәселелер қозғау  турасында мақалалар көргісі келетіндіктерін айтты.

Шара барысында еңбек ардагері Қуанышқали Ғұсманов, ақын Дәмелі Құсайынқызы, Дариға Нұрашева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Мырзағалиевтер сөз алып, жастардың кітап оқуы, ардагерлердің назардан тыс қалуы, алдағы уақытта басылым бетiнде шығатын материалдардың ауқымы мен мазмұнына көңiл бөлiнiп, күнделікті тұрмыс-тіршілікте кездесіп қалатын келеңсіздіктер мен ортақ шаруаға кедергі келтіретін жайттарды жасырмай сынап жазатын сыни мақалалар да жарияланып тұрса  деген  ұсыныстарын  айтты.

*   *   *

Жоғарыда аталған жоба аясында келген топ өз бағдарламалары бойынша көптеген нысандарда болып, кездесулер мен іс-шаралар өткізді. Соның бірі – облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлбаршын Әжігереева Ақсай қаласындағы №4 ЖОББ мектептегі оқырмандар ортасында болды.

Ұстаздар ұжымымен жүздесу барысында 101 жылдық тарихы бар басылымның тілшісі ұстаз-оқырмандардың пікіріне құлақ түрді. Газет тілшісі білім жүйесіндегі қазіргі ахуал, алдағы оң өзгерістер, жалпы бала тәрбиесі, об-лыстық газеттің арнаулы беттері хақында әңгімеледі. Басылымға қатысты ой-пікірді бүкпесіз  айтуға  шақырды.

Жас ұрпаққа білім мен тәрбие нәрін беріп отырған ұстаздардың газетке көзқарасында ризашылық пен сенімнің жоғары тұрғанын аңғару қиын емес еді. Газеттің безендірілуінің соңғы кезде одан сайын жақсарып, халық көңілінен шығатын туындылар мен рухани байлыққа жетелейтін тұшымды мақалалардың шығатынын айтқан мектеп басшысы Лаура Маметанова тілшілердің қаламының мұқалмауына тілектестігін білдірді.

– «Ата-ана және мектеп» бұрышы деген атаумен айдар ашуды ұсынамын. Елбасы Жолдауында айтылғандай, мұғалім мәртебесін көтеру туралы заң қабылданғанымен, мұғалім мәртебесі көтеріле салмайды. Мұғалім мәртебесін көтеретін ата-ана.

Ата-анамен байланысымызды нығайту мақсатында, әрине, түрлі шаралар, тәрбиелік сағаттар өткіземіз. Дегенмен де сіздердің тарапыңыздан да сондай бір қолдау болса, – деді бастауыш сынып мұғалімі Раушан Қуантқанова. Мектеп ұжымы газеттің ғасыр аясындағы тыныс-тіршілігі, даму ерекшелігін екшей келе, басылым ұжымына  толағай  табыс  тіледі.

*   *   *

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов бастаған  «Туған жер» этномәдени жобасы өз жұмысын аудандық мәдениет үйінде кең көлемдегі гала-концертпен қорытындылады. Жоба аясында бірқатар жас тілшілер, басылымға қолдау көрсеткен кәсіпкерлер, мекеме басшылары, пошта қызметкерлері марапатталды. Олар: аудандық басылымға жан-жақты қолдау көрсетіп, оған жазылымды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген Ақсу ауылдық округінің әкімі  Ғ. Өтепбергенов және Бөрлі ауылдық округінің әкімі  Б. Макеев. Сондай-ақ басылымға қаржылай қолдау көрсеткен «Автомаг» компаниясының басшысы Ф. Галиева мен «Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі С. Маутееваларға алғысхатпен бірге 100 000 теңгенің арнайы сертификаттары  табыс  етілді.

Жазылымды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген мекеме басшылары қатарында «Ақсайгазсервис» АҚ президенті  Т. Шектебаев, «ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Э. Рональд және «Казбургаз» АҚ президенті Э. Омарбекова, «Конденсат» АҚ бас директоры Н. Муфтеевалар марапатталды. Басылымды оқырмандарға жеткізуде ыждағаттылықпен қызмет атқарып жүрген «Қазпошта» қызметкерлері Ш. Жақанова мен С. Жалмұханова да марапатсыз қалмады. Сонымен қатар аудандық «Бөрлі» жаршысы газетіне сапалы мақалалар жазып, оқырмандар жүрегіне жол тапқан зейнеткер Қ. Ғұсманов пен Д. Құсайынқызы-на,  ауыл шаруашылығы колледжі директорының орынбасары Н. Қуатова мен №8 ЖББМ мұғалімі Ш. Алмасқа «аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі» куәліктерін тапсырды. Салтанатты шара үстінде қауырсын қалам иелері де  ескерусіз қалмады. Тырнақалды мақалаларын жариялап, басылыммен байланыс орнатып жүрген М. Мұқанова, С. Батырғали, Г. Сүйеуова, А. Болатова сынды өрендер аудандық үнқағаздың «жас тілшісі»  куәліктерін  алды.

Жоба аясында оздырылған «Ғажайып өлке» тақырыбындағы шығармалар байқауында бақ сынаған 34 үміткердің ішінен оза шапқандарының есімдері белгілі болды. Медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитов төрағалық еткен қазылар алқасына шығармалар нөмірленіп беріліп, шығарма иесі сол мезетте сахна төрінде жарияланды.

Жеңімпаз үш үміткер, атап айтсақ, №4 мектеп оқушысы А. Оразғалиев, №5 мектеп оқушысы Р. Халенова, №7 мектеп оқушысы Г. Сүйеуғалилар аудандық «Бөрлі жаршысы» газетінің редакторы М. Жомартовтың қолынан облысқа жолдама алды. Сонымен бірге осы үміткерлерді дайындаған А. Қайырова, А. Насметдинова, Л. Қарағойшина сынды жетекші педагогтар да холдинг атынан арнайы  марапатталды.

Кең көлемде өткен аталмыш кеште Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілері Отан, туған жер туралы әндерін әуелетіп,  жұртқа ерекше көңіл күй сыйлады.

*   *   *

Облыстық қос газет – «Орал өңірі» мен «Приуралье» және 12 аудандық басылымдардың басын біріктірген «Жайық Пресс» медиахолдингі өкілдері «Туған жер» этномәдени жобасы аясында Теректі  ауданына  келді.

Медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитов бастаған, құрамында журналистер және Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары бар делегация алдымен Долин ауылы маңында орналасқан, жақында  ғана ашылған Тақсай ханшайымының кесенесіне ат басын бұрып, зиярат етті.

Ауданға келген делегация мүшелерін аудан әкімі Әділ Жоламанов қабылдады. Бұдан соң медиахолдингтің бас директоры Рауан Сәбитов және «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі Есенжол Қыстаубаев аудандағы ардагерлермен, облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова Достық үйінде газет жанашырларымен және аудан белсенділерімен, облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлбаршын Әжігереева Федоров қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің ұжымымен кездесті. Сондай-ақ  Федоров қазақ жалпы орта білім беретін мектебінде 7-11-сынып оқушылары арасында аудандық шығармалар байқауы ұйымдастырылып, талапты шәкірттердің арасынан облыстық «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне қатысушыларды анықтау жүргізілді.

Аудандық орталықтандырылған кітапханада ардагерлермен болған басқосуда қариялар облыстық, аудандық газет беттерінде халықтың қызығушылығын арттыратын айдарлар, соның ішінде шежіре, үлгілі жас отбасылар, көпті көрген ақсақалдардың кеңесі сынды көлемді мақалалар жарияланса деген ұсыныстарын айтты. Жиынға қатысушылардың пікірін мұқият  тыңдаған   «Жайық Пресс» медиахолдингінің басшысы Рауан Сәбитұлы басылым оқырмандарының орынды ұсыныстары ескерусіз қалмайтындығын айтты.

«Достық үйінде» ауданның белсенді азаматтарымен жүздескен «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың кезекті Жолдауында айтылған өзекті мәселелер, отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесі жөнінде әңгіме өрбітті. Дөңгелек үстел түрінде өткен жиынға қатысушылар сұрақтарын қойып, тәжірибелерімен бөлісті. Ал мектепте өткен кездесуде «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлбаршын Әжігереева мұғалім мәртебесін арттыру, білім беру саласындағы түйткілдер, бала тәрбиесі, өзі еңбек ететін басылымның арнаулы беттері жайында кеңінен әңгімеледі. Мұғалімдер қауымы облыстық газеттердің оқырмандары ретінде өз ұсыныс-пікірлерін де білдірді. Мысалға, Айман Нәсекенқызы ел ішінде ұмытыла бастаған салтдәстүрлерді жаңғырту бағытындағы материалдарды, Әсел Төлешева еліміздегі енді таныла бастаған ойлы жас ақындардың өлеңдерін беріп отыруды сұрады. Жансая Сембіқызы, Ақбөбек Хайыровалар туған өлке тарихынан сыр шертетін танымдық, жеңіл оқылатын материалдарды көргісі келеді. Бірқатар мұғалім санат алу үшін ашық сабақ материалдарын беру мақсатында  ақылы бет  ашуды  ұсынды.

Түстен кейін этномәдени жобаға қатысушылар әйгілі жырау Марабай Құлжабайұлының ескерткішіне  гүл  шоқтарын  қойды.

Содан соң аудандық мәдениет үйінде Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен жоғарыда айтылған іс-шараларды қорытындылаған гала-концерт өтті.

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында халықпен кездесіп, мақаланың мақсат-міндеттерін түсіндіріп, сонымен қатар облысымыздың түкпір-түкпіріндегі оқырмандарымызбен жолығып, газет жанашырларымен дидарласып, олардың ой-пікірлерін біліп, сын-ескертпелерін есту үшін аудандарыңызға ат басын бұрған болатынбыз. Бүгінгі шараның арқасында діттеген мақсаттарымызға жеттік. Бізбен бірге болғандарыңызға рақмет. Алдағы уақытта сіздердің үміттеріңізді ақтап, ақжолтай хабарларымызбен қуанта береміз деп сендіргім келеді, – деді гала-концерттің ашылуында сөз сөйлеген медиахолдинг  басшысы  Рауан  Сәбитұлы.

Теректілік әншілер А. Дәулетқалиев, К. Қадырғалиева, Т. Жексенбаев және Қ. Сағидуллиннің орындауында ауданның әнұранына айналған «Теректі толқыны» әнімен шымылдығы түрілген концерт барысында аудандық газетке қолдау көрсетіп, жазылымды жылма-жыл жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген 15 ауылдық округ әкімдері алғысхаттарға ие болды. Сондай-ақ басылымға жанашыр жергілікті бір топ мекеме басшыларына да осындай марапат көрсетілді. Атап айтар болсақ, Зейіл Мағзомов, Галина Құрматова, Марина Лукмановаға медиахолдинг атынан алғысхаттар табыс етілді.

Облыстық және аудандық басылымдарға жан-жақты қолдау көрсеткен аудан кәсіпкерлері Қамбар Махметов, Руслан Лұқпанов және Менболат Абушевқа медиахолдинг атынан 100 мың теңгенің арнайы сертификаттары табысталды. Облыстық және аудандық басылымдарды оқырмандарға уақтылы жеткізетін аудандық «Қазпошта» АҚ-ның қызметкерлері Шынаргүл Табынғалиева мен Ару Құсайынова да марапаттан тыс қалмады.

Қорытынды шарада аудандық газетке тұрақты түрде сапалы мақала-материал жолдайтын Юлия Шарипова, Гүлдариға Амандықова, Дария Жұбатова, Юлия Шыныбекова, Азета Мусина, Әлібек Ислямғалиев сынды  белсенді азаматтарға «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің «штаттан тыс тілшісі» куәлігі, сонымен қатар газетте тырнақалды туындыларын жариялап үлгерген жас, талапты Дана Рақымғалиқызы, Жәңгірхан Базарбаев, Мерует Абуева, Ксения Тарасюк секілді балғын қалам иелеріне «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің «жас тілшісі» куәліктері салтанатты түрде табыс етілді.

Аудандық «Ғажайып өлке» шығармалар байқауында топ жарған Е. Бейбітова, А. Ізімғалиева  (Госплемстанция ЖОББМ оқушылары, жетекшісі  Г. Ғилманова), Б. Себеп ( №1 Подстепный ЖОББМ, жетекшісі Г. Мұқанова) облыста қараша айында тұңғыш рет өткелі отырған «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне жолдама алды. Байқауда үздік шыққан шәкірттерге, олардың жетекшілеріне, іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қосқан аудандық білім беру бөліміне алғысхаттар берілді.

Шара кезінде «Қазпошта» аудандық торабы бөлімшесінің қызметкерлері облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттеріне және аудандық «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газеттеріне 2019 жылға жазылу жүргізді. Алғаш болып басылымдарға жазылған аудан әкімі Ә. Жоламанов және оның орынбасары А. Тоқжанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Р. Мүтиевке жазылуды айғақтайтын арнайы түбіртектер салтанатты түрде тапсырылды.

Шараның өне бойында облыстық филармония әншілері өнер көрсетті. Халық пен басылым жанашырларының мерейін биікке  бір көтеріп тастаған  медиахолдингтің тамаша жобасына теректіліктер  дән  риза  болды.

Адақ  ШОТПАНОВ, 

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Айсұлу  АРЫСТАНОВА, 

Екатерина  КИВА,

Айым  НҰРҒАЛИЕВА,

Мария  ПИРОГ,

Сәнім  МЕҢДІБАЙ,

Аягөз  АЙБАРҚЫЗЫ


Оралу

Күні: , 242 рет оқылды

(Күйеуі жат ағымға еріп, қайта оралған келіншектің әңгімесі)

ОЛ  ҚАЛАЙ  ӨЗГЕРДІ?

1995 жылы 20 жасымда Нұрболға тұрмысқа шықтым. Арамызда әдемі сезім болды. Болашақ өмірге қойған өз мақсатымыз да бар еді. Басында ауылда тұрдық. Ауылда жұмыс жоқ, қиын кездер еді ғой. 1999 жылы жұмыс бабымен қалаға көшіп келдік. Ол құрылыс саласында қызмет  істеп жүрді.

Бірде кешкілік жұмыстан қайтып келе жатып, стадионда жиналған халықты көреді. Барып қараса, сол кездегі Сары әулие  сеанс беріп, уағыз айтып жатыр екен. Бұл да отырып, тыңдай кетеді. Ол кезде жиын-тойларда аздап ұрттайтын, темекі де тартатын. Сол кеште келген бойда «Мен енді ішпеймін, тартпаймын, мешітке барамын» деп айтып келді.  Мен қуандым. Сол кезден бастап Қызыл мешітке барып, Расми деген түрік ұстаздан сабақ алып жүрді. Намаз оқуды үйренді. Қарашығанақ кенішіне жұмысқа тұрды. Керемет өмір сүріп жаттық. Сонда жүріп, өзі сияқты намаз оқитын жігітпен танысыпты. Әлгі жігіт менің жұбайымды Алматыға 40 күн оқуға жіберетіндігін айтады. Сөйтіп, Нұрбол Алматыға жүріп кетті. Бірақ маған оның осы сапары ұнамады. Ол кезде ұялы телефон жоқ еді. «Барысымен хабарласам, звандап тұрамын» деген күйеуімнен біраз күн хабар болмады. Мен іштей алаңдап, өзі айтып жүрген Мирлан тақсырды тауып алып, ол тоқтаған жердің телефонын сұрап алдым. Сөйлесу  пунктіне барып, хабарластым. Ана жақтан тұтқаны көтерген адам: «Оған ешкіммен сөйлесуге бол-майды. Қырық күн ешкіммен сөйлеспейді. Уайымдамаңыз» деп, телефонды жауып тастады. Біртүрлі күдіктеніп қалдым. Содан бірне-ше рет звондап, сөйлестірмегесін қулыққа көштім. Тағы хабарласып: «Кіші қызым қатты ауырып жатыр. Не істерімді білмеймін, тез келсін!» деп өтірік айттым. Соның өзінде 25 күндей болып қалып еді. Менің сөзімнен кейін қорықты ма, олар жұбайымды жіберіп қойды.

Нұрбол сол келгенінде тасбиық тартып, зікір салып, өзгеріп келді. Бірінші намаз оқиды,  екі-үш сағат тасбиық тартады, сосын басын шұлғып зікір салады. Мен қорқа бастадым. Жұбайымның бір жақсы қасиеті маған қарсы шықпайтын еді. Бір күні оған жасап жүрген тірлігінің өзіме мүлдем ұнамайтындығын айттым. Сонда ол: «Қорықпа, үйреніп кетесің. Бұл жүректегі қара дақты кетіреді» деп жауап берді.

ЖЫН-ШАЙТАННЫҢ ОРТАСЫНА  ТҮСКЕНДЕЙ СЕЗІНДІМ

Бірде Нұрболмен бірге екі қызымызды алып, жамағат жинала-тын жерге бардық. Ол ылғи кешкі тоғызда кетіп, түнгі 11-12-ге дейін жамағатта болып келетін. Қала шетіндегі бір үйге жиналады екен. Шарбағында медресесі бар.  Үйге кіргенімізде төр жақта кілең ер адамдар, екінші кішкентай бөлмеде әйел адамдар отырды. Дәліздің ғана жарығы жанып тұр, екі бөлменің жарығы сөнген. Тақсырлары «Светті сөндіріңдер, көздеріңді жұмыңдар» деп айқайлайды. Арабша тағы бір сөздерді айтады. Бірінші рет барған маған қасымдағы әйелдер: «Көзіңізді жұмыңыз, қыздарыңыз да көздерін жұмсын» деп айтып жатты. Мен көзімді жұмамын, бірақ айқайлағанда ашып алып, «Мыналар не істейді екен?» деп қарап, бақылап отырамын. Олар бастарын шұлғып, бір-екі сағат айқайлап, әлденелерді айтады.  Одан соң қызып кетіп, трансқа түскен әйелдер орамалдары шешіліп, шаштары жал-бырап, жылап жатты. Мен өзімді кәдімгі жын-шайтанның ортасына түскендей сезіндім. Бастарын жарға соғып, отырып-тұрып, айқайлаған бір адам. Қорқынышты. Өздерінше зікір салып жатыр. Мен төрт сағат сырттарынан бақылап отырдым. Үйге келген соң жұбайыма:

– Біріншіден, жамағат неге жасырын жиналады? Екіншіден, неге түнде зікір саласыңдар? Неге күндіз емес? Неге жарықты сөндіреді? – деп, өзімді мазалаған сұрақтарды қойып, жамағат жиынының түк ұнамағандығын айтып салдым.  Осы оқиғадан кейін «тақсыр, зікір» туралы күнде ізденетін болдым. Бір газеттен олар туралы теріс пікірді оқып, қиып алып, мешіттегі имамдардан сұрасам, «Білмейміз, басқа имамдардан сұраңыз» деді. Олар «тасбиық тартамыз» дегенді «уазипа тартамыз» деп айтатын. Бірде уазипа туралы теледидардан айтып жатты. Соны бейнетаспаға жазып алдым.

«Уазипа» деген сөзбен байлау деген мағынаны білдіреді екен, яғни гипноз. Оны  тақсырлары әркімнің психологиялық қабылдауына қарай қойып береді. Өйткені  жұбайым үш сағат тартса, оны бес-сегіз сағат тартатындар да бар екен. Мен жазып алған бейнежазбаны жұбайыма көрсетіп, «Сен байланып жатырсың» деп түсіндіріп айттым.

25  МЫҢ  СТАВКАҒА  КЕТЕТІН

Нұрбол  40 мың  теңге айлық алады. Ол сол кезде көп ақша болатын. Пәтерақының өзі 3 мың теңге.  Бірақ сол 40 мыңның 25 мыңын ай сайын тақсырларға апарып табыстайды. Мен ашуланып: «Еңбектеніп тапқан табысыңды неге біреулерге апарып бересің, үйге неге әкелмейсің?

Қол-аяғы балғадай адамдар неге өздері еңбек етпейді?» – деп ренжимін. Бірақ ол «Алла разылығы үшін беремін» деп бет бақтырмай жүрді. Ай сайын ставкасын  беріп тұрды. Берілмей қалса, қай мезгілде болса да, үйден келіп алып кететін. Тіпті кейде жамағаттың адамдары  «Алла разылығы үшін 5 мың берші» деп алып кетіп, кері қайтармайтын. Мен ренжіп: «Бәріңнің көздеріңді байлап, осылай ақша алады» – деп айта бердім күйеуіме. Өзі де шаршап кетті ме, ойлана бастады.

Бір күні тақсырмен теміржолда кездесіп, сөзге келіп қалыпты. Содан кейін  ол  жамағатқа  барған  жоқ. Бір күнде бәрін тастады, уазипа да, зікір де салған жоқ. Мешітке барып, намаз оқып жүрді.  «Өзім күресіп, өзім  шығарып алдым» деп қуанып жүрдім.

АРАДА  10  ЖЫЛ ӨТКЕН  СОҢ…

Он жылдай қатардағы отбасылар сияқты тату-тәтті тұрып жаттық. Қазақ ауылынан жер алып, үй салып алдық. Ағайын-туыспен араласып, жақсы болып жүрді. Мен жеке кәсібімді аштым. Ол машина алып, такси айдап жүрді.

Тұрмысымыз жақсы еді. Жұбайым-ның қолы шебер, құрылыс жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізеді. Оны өзге қалаларға да таласып алып кететін. Бірде құрылысқа барып, енді бірде таксимен адам тасып, ақша тауып жүрді. Сөйтіп жұмыс бабымен жүргенде бір ер адаммен танысады. Оның саяжайына барып, құрылыс жұмыстарын істеп келеді. Бірақ еңбек-ақысын алмайды. «Ол кісі маған басқа тапсырыстар тауып беріп жатыр. Мен ақша алмаймын. Қанат ақи – мықты адам» деп айтып жүрді. Мен сол кезде «ақи» деген сөзді бірінші рет естідім.

Қысқа балақты, сақалды, жылтырбас Қанат ақи біздің үйге күнде келетін болды. Бір күндері жұба-йым «Түкірік жинайды, жын-шайтан ұялайды» деп балағын қысқартты. Жайлап сақал өсіре бастады. Сақалды достары күннен-күнге көбейе  берді. Бәрі үйлерін салғызып алып, ақша төлемейді. Қайтадан тегін жұмыс істей бастады. «Ақи – ауыр деген сөз. Біз бір-бірімізге бауырмыз. Мен олардан ақша сұрай алмаймын» деп айтатын болды. Таңмен ақилар звандап, машинамен алып кетеді, кешке әкеліп тастайды.  Осылай ол күннен-күнге көз алдымда өзгеріп бара жатты.

ШАҢЫРАҚТАҒЫ ШЫРҒАЛАҢ

Бір күндері ол жайлап «Намаз оқы» деп айтатын болды. Маған көп бата алмағанымен, қыздарымды мәжбүрлеп, тиісе бастады. Мен ертеден кешке дейін жұмыста жүремін. Сол кезде қыздарымды «Намаз оқы» деп сабайды екен. Бірде қыздарым айтып қойып, мен оған қатты ұрыстым. Ол «Енді мамаларыңа айтсаңдар, бұдан да қатты таяқ жейсіңдер» деп қорқытыпты. Сөйтіп, қыздар маған айтпай, мен жоқта ұзын көйлек, хиджаб киіп, намаз оқып жүріпті.

Бір күні үйге ерте келсем, екі қызым ұп-ұзын көйлек киіп алған. Шошып кеттім. Жүгіріп барып, орамалдарын жұлып алдым. Кейін білгенім, олар күнде мен жұмысқа кетісімен ұзын киімдерін киіп жүреді екен. Дүкенге де солай  барады. Кешкілік мен жұмыстан келерде күнделікті киімдерін киіп алып  жүріпті.

Осы оқиғадан соң біздің шаңырақта шырғалаң басталды. Нұрбол 15 метр қара мата алып, қыздарға қап-қара мектеп формасы мен қап-қара хиджаб тіктіріп қойған. Мектептегі мұғалімдермен айқайласқан. Мен «қара киім кигізбеймін» деймін, ол «киеді» дейді. Балалар да шаршап кетті. Мен бері тартам, ол әрі тартады. Жұбайым адам танымастай өзгерді. Кәдімгі зомби  сияқты. Мінезі қатайып, ашуланшақ боп кетті. Бес жасар ұлыма ойыншық мылтық, бомба, қанжар әкеліп береді.  «Сосын оған «Ертең жиһадқа барамыз, намаз оқымайтындарды өлтіру керек» деген бағытта әңгімелер айта бастады.  Балам да «Әкешім, анау кәпір, дә? Өлтіру керек, жарып жіберу керек» деп айтатын болды. Төрт қыз, бір ұлымыз бар еді. Мен «Күйеуімді жоғалтқаным өз алдына, енді балаларымды да жоғалтып алам ба?» деп қорқып, ойлана бастадым.

Бар білетінім – мешіт. Алланың үйіне келіп, имамдардан ақыл сұраймын. Олар «72 ағым бар, қайсысында екенін білу үшін жұбайыңды көруіміз керек», дейді. Кейіннен «Қыз бала 15 жастан тұрмысқа шығуы керек. Светский оқу керек емес. Олар бала туып, үйде отыруы керек» деген әңгіменің шетін шығара бастады.  Енді мен бойжетіп қалған қыздарымның тағдыры үшін алаңдай  бастадым.

Осы уақытта жақындарымыз, көршілеріміз, достарымыз  бізбен араласпай қалды. Бәрі бізден қорқатын болды. Үйге ақи достары келсе, біз басқа бөлмеге кіріп кетеміз. Олар өздері тамақ ішіп, шығып кетеді. Ағаларым үйге  келсе, «көруге болмайды» деп, мені шығармайды. Ет жемейді, бауырсақ пісірмейді. Тойға өзі бармайды, біздің баруымызға да қарсы болды. «Теледидар қарауға болмайды» деп антеннаны лақтырып тастады. Мен жаңа антенна әкеліп, тығып қойып, ол жоқ кезде қарап жүрдім. Әнұран айтқызбайды, шырша құрғызбайды. «Болмайды» деген тыйымдары көп.

Мен оған «Бұрынғы өзімнің Нұрболымды көргім келеді, қазіргі Нұрбол ұнамайды» деп айтып жүрдім. Ал ол болса, өз тұңғиығына бата  берді.

«ЖОҒАЛЫП  КЕТСЕМ, МЕНІ  ІЗДЕМЕ!»

Ол енді «Бір күні жоғалып кетемін, сен мені іздеме» деп жиі айтатын болды. Мен оған: «Сен малсың ба, құссың ба, жоқ болып кететін? Адам иті  жоғалып кетсе де іздейді ғой. Аспанға ұшып кетсең де,  аспаннан түскеніңді күтемін» дейтінмін. Бірақ ішімнен «Неге олай айтады, неге жоғалып кетемін дейді?» деп ойлаймын. Санамда сан сұрақ. Кімнен көмек сұрарымды білмеймін. Мықты деген психолог, теологтармен сөйлестім. Оның қай жол, қай ағымда екендігін де көпке дейін біле алмай жүрдім. Мен оның жанына не керектігін түсіне алмай, өзім-ше зерттеп әлекпін. Ал ол мені психологиялық тұрғыда дайындап жүр. Өзімше «Бірінші ағымнан алып шықтым, бұдан да алып шығамын» деп ойлап жүрмін ғой. Бірақ қатты қателесіппін. Салафиттердің ағымына түскен адамды бір адам алып шыға алмайды екен. Соны түсіндім.

Бір күндері «Жиһадқа кетемін» деп ашық айтты. Психологтарға көрсеттім. «Осы мықты» дегендеріне де апардым. Бір өкінішітісі, бәрі орыс тілді. Сосын діннен хабары жоқ. Психологиялық тұрғыдан жақсы білгенімен, дінді білмейді. Теолог та солай, дінді жақсы түсіндіріп бергенімен, психологияны білмейді. Ұққаным, теолог әрі психолог болу керек, психолог болса, ол әрі теолог болуы керек. Сонда  ғана олар жат ағымға кеткендерге көмектесе алады. Сол психологтардың бірі  «Бұл – әбден беріліп кеткен адам. Дәл қазір бұл кісіге ешкім көмектесе алмайды. Қатты соққы алған жағдайда немесе  түрмеге түсіп барып, түсінуі мүмкін. Сіздің бұл кісіден алыстағаныңыз жөн. Балаларыңызды ойлаңыз!» деп кеңес берді. «Ажырасамын» деп арыз  жаза салу оңай ғой. Бірақ бес балаңның әкесімен бірден ажырасып, қолыңды бір сілтеп кетіп қала алмайды екенсің… Шырғалаңның шырмауымен жүре беріппін.

Арада тағы біраз уақыт  өтті.  Бір күні жұбайым, шынымен де, жоқ болып кетті. Электрик болып жасап жүріп, бір ауданға жұмыс бабымен кетіп еді.  Содан «келемін» деген уақытында келмеді. Арада тағы біраз күн өткен соң жұмыс берушілерге хабарластым. Сөйтсем олар: «800 мың жалақысын алып, кетіп қалды әлдеқашан» дейді. Мен оның тіпті сондай көп ақша алатынын да білмейді екенмін. Сирияға жол тарт-қанын сезіп, құзырлы орындарға хабарластым. Көп кешікпей, шекарадан ұсталды. Сақалын қырып тастап, кәдімгі костюм-шалбар киіп алған.  Телефондары мен бұрынғы киімдерін лақтырып тастаған.

Содан «Сақалым өскенше шыға алмаймын» деп, үйде бір айдай жатты.  Есіл-дерті – Сирия, жиһад. «Сонда барып кәпірлерді өлтірсем, мен жұмаққа барамын» деп айта береді. Ал мен болсам, «Бес балаңды жақсы адам қылып тәрбиелесең, соларға жағдай жасасаң, сол ғой жұмақ» деп шырылдаймын.  Ал ол болса, өзінікін дұрыс деп есептейді. Күндіз-түні телефонына ақилар жүктеп берген уағызды тыңдайды.  «Біз не ішіп, не жеп жатырмыз, бес ба-ласының тамағы, киімі бар ма?» Бұл жағы оған енді бәрібір еді…

«СЕСТРАЛАР»  ТЕК  ӨЛІМ ТУРАЛЫ АЙТАДЫ  ЕКЕН

Бірде мен олардың әйелдер жиналатын жамағатына бардым. «Олардың әйелдері қандай болады? Не айтады екен?» деп көргім келді. Күйеуім мен де өз қатарына қосылады деп ойлап, қуанып кетті.  Бірақ мен күнделікті киіммен бардым. Кілең қара жамылып, беттерін тұмшалаған әйелдер екен. Өздері бір-бірін «сестра» деп атайды.  Бір әйел маған: «Шашың жалбырап, бұл не жүріс? Күйеуіңді аямайсың ба? Егер хиджаб кимесең, күйеуіңе басқа әйел алып береміз» деп ұрысты. Мен де өз уәжімді айттым.

Олардың әңгімесін тыңдаған адам өмірден түңіліп кетеді. Таңнан кешке дейін айтатындары – өлім. Саналары әбден уланған. «Ана дүниеде жұмаққа барсақ, жәннатқа күйеуімізбен бірге кірсек» деген мағынада айта береді, айта береді. Одан қалды, «Әйел бала туып, үйде отыруы керек» деп, өз заңдылықтарын тықпалайды. Шаршап шықтым сол үйден. Тағы да үш-төрт рет өзге «сестралар» жиналған жерге бардым. Бірақ маған түк ұнаған жоқ. Күйеуіме де солай айттым.

Шиеленіс күшейіп бара жатқасын бір күні мен оған: «Сен бөлек шық. Мүмкін, сонда түсінерсің» деп, заттарын жинап, «еншісін» бе-ріп, бөлек шығардым. Балаларға да «Уақытша осылай көрейік. Бірақ әкелерің сендерге келіп тұрады» деп түсіндіріп айттым. Кейін ол өзінің қызындай қызбен некелесті. Бірақ көп тұрған жоқ. Өйткені Сирияға кетіп бара жатқан жерінен, көрші мемлекеттердің бірінің шекарасынан  ұсталды.

ТҮРМЕДЕН  КЕЛГЕН  ХАТ

Нұрбол тергеу абақтысында жатып, адвокатқа менің нөмірімді беріпті. Мен «Қолымен істегенін мойнымен көтерсін» деп, көпке дейін бармай жүрдім. Адвокатқа да: «Өзіңіз қорғап алыңыз, мен қорғамаймын. Бес жыл бере ме, он жыл бере ме, барсын» деп жауап бердім. Бірақ балаларыңның әкесі болғасын, қанша көңілің қалса да, іштей алаңдайсың ғой. Арада біраз уақыт өткен соң ол маған «Сенімен сөйлескім келеді. Балам мен кішкентай қызымызды көргім келеді» деп хат жазыпты. Бұдан бұрын да мен балаларға: «Әкелеріңді жек көріп кетпеңдер. Алқаш, наркоман, қылмыскер болса да, әр балаға өз әкесі қымбат. Әкелеріңе тамақ апарып тұрыңдар, мен пісіріп беремін» деп айтатынмын. Үлкен қыздарым тамақ апарып, барып жүрді.

Мен балаларды алып, кездесуге бардым. Ұлым әкесін қатты сағынып қалыпты. Ер бала әкеге жақын ғой, негізі. Кіші қызымыз сол шырғалаң жылдарда өмірге келді. Әкесін дұрыс көрмегесін оны танымайды да. Бірақ әкелі-балалы екеуі біраз мауқын басты. Кездесу біткен соң күйеуімнің қолына кісен салып, алып кетті. Сол кезде балам бақырып жылады. Бұл, шынында да, 5-6 жасар бала үшін ауыр соққы еді.  Сол жылы ол соттың үкімімен өзге қалаға бес жыл қатаң режімде жазасын өтеуге аттанып кетті.

«БРАТ» ПЕН «СЕСТРАЛАРДЫҢ»  БІРЛІГІ КҮШТІ

Біз бірнеше жыл шырғалаңның шырмауында жүріп, осы жолда мехнат көрсе де, өз мақсатынан таймаған күрескер келіншектен «Адамдар неліктен жат ағымның шырмауына кетеді?» деп сұрадық.

– Біріншіден, оған ақшаға қиналып жүрген адамдар кетеді. Сол кездері біздің отбасында да ақша жағы қат болды. Үй саламыз деп несие алдық. Екіншіден, әртүрлі жағдайлармен қиналып жүргендер қармаққа бірінші түседі. Ақилар «Бауырым, мен саған көмектесемін» деп өзіне  тартады. «Алла разылығы үшін, ала ғой» деп, бір-екі рет ақша  береді. Әрі қарай өз уағызын жүргізеді. Сондықтан көшедегі адамның әңгімесін тыңдамау керек. Сосын басыңдағы жайды ешкімнен жасырмай, ұялмай айту керек. Жат ағымның соңында әбден кетіп қалса да, ағайын-туыс теріс қарап кетпей, өзіне тарта беруі керек. Теологтар да жұмыс сипатын өзгерткені дұрыс деп ойлаймын. Тек құр уағыз айтпай, бір күні фитнеске, бір күні кафеге шақырып, сосын бейнежазбаларын тыңдатып, оларды қызықтырған жөн.

Ағымға бір арбалған адамның шығып кетуі қиын. Менің жұбайымның  кері оралуына түрмедегі өмір әсер еткен сияқты. Өйткені ол онда бір жыл бойы ешкіммен сөйлеспеген. Камерадағы 7-8 адаммен де сөйлесуге  рұқсат етілмеген. Өзгелер өзара сөйлескенімен, бұған сөйлеуге болмайды екен. Егер олардың бұған немесе Нұрболдың оларға сөйлегенін  біліп қойса, қатаң жазаланатын болған. Сондықтан «Бір жыл бойы қатты қиналдым. Басымды жарға соқтым. Бірақ мен ойландым. Адасқанымды түсіндім»,  –  дейді өзі.

Жат діни ағымдағы «брат» пен «сестралардың» ауызбірлігі мықты. Күйеулері түрмеде отырған, қара жамылған «сестраларға» «браттар» үйлеріне тамақ апарып, ақша беріп, көмектесіп отыр. Олар көп балалы отбасыларға тамақты «ГАЗельмен» жүріп үлестіреді. Сондықтан ол әйелдер «Еңбек етейін, қоғаммен араласайын» деп ойламайды да. Өйткені тегін тамақ, тегін ақша өзі келіп жатыр.

САНАСЫ  УЛАНҒАН  ҰРПАҚ ӨСІП  КЕЛЕДІ

– Бірде көшеде келе жатып, көп қабатты үйдің ауласында ойнап жүрген балаларға көзім түсті. Соның ішінде өзгелерден бөлектеніп, орамал жамылып, ұзын етек киген үш қыз ерекше назарымды аударды. Үлкені – 7-8,  ортаншысы – 5-6, кішісі 3-4 жас шамасында. Үшеуіне  де қылғындырып, орамал байлап қойған. Аяқтарын жазып, жүгіре де алмайды. Шұбатылған көйлектері кедергі. Бір кезде сырғанақтан зырлап бара жатқан ортаншы қыздың орамалы сымға ілініп қалды. Сол кезде әлгі қыз үрейі ұшып, «Бисмилла», тағы да бір сөздерді айтып, шашын ұстап, жылап, орамалын тезтез байлап жатты. Ата-анасы  «Шашыңды көрсетуге болмайды» деп сәби санасына әбден құйып тастаған ғой.

Тағы бірде аутобуста 5-6 жасар баланың үлкен қызды көрсетіп: «Астафиралла, ана қыздың орамалы жоқ қой» дегенін естідім. Осындай санасы уланған ұрпақтың өсіп келе жатқаны қорқынышты, – деді терең күрсінген кейіпкеріміз.

ОРАЛУ

Әкесінің қолына кісен салып, түрмеге әкеткенін көрген күннен бастап балам өзгерді. Мінез-құлқы да тұйықталып, бірақ жаутаңдап, менің көңіліме қарағыштап, ерте есейіп кетті. Кейде түнде қыстығып жылап шығатын. Әкесінің жағдайы қыздарымнан гөрі ұлыма қатты әсер етті. Мектептен жылап келетін болды. «Спорттық үйірмелерге басқа балаларды әкелері алып келеді, мені сен әкелесің» деп бармай қойды. Өзінен-өзі ішінен тынып, үндемейтін  болып  кетті.

Мен балаларға тамаққа ақша  табу үшін түнде тез тамақ дайындайтын жұмысқа кірдім. Өйткені күндіз кішкентай қызымның қасында отыратын адам жоқ еді. Балалар сабаққа кетеді. Тағы бір жерде күзетші болып жұмыс істедім. Оңай болған жоқ. Өйткені баламен үйде отырғасын, жұмыс өтілім де жоқ еді. Бәрінен шаршап кеттім. Сосын арпалысып, тістеніп жүріп, өз ісімді аштым.

Арада жылдар өткен соң, Нұрбол  түрмеден шығып, бірден үйге келді.  Оның қашан, қай күні шығатынын білмейтінмін. Есікті ашсам: «Сен бұрынғы Нұрболды көргім келеді дейтін едің ғой, мен  енді бұрынғы Нұрболмын, кешірші» деп тұр. Қанша ренжісем де, ашуымды ақылға жеңдіріп, «Қош келдің» деп үйге кіргізіп, ас салып, шай бердім. Әкесін көрген ұлдың қуанышын айтып  жеткізу мүмкін емес.  Бірақ оның намазды бұрынғы теріс бағытта оқып жүргенін байқап қалып, қайтадан үйге кіргізбей қойдым. Дегенмен сырттай бақылап жүрдім. Бірде сақалын қырып келді. Сонда да сенбедім. Әбден жүрегім  шай-лыққан  ғой.

– Бір күні ол маған келіп, бәрін айтты. Түрмеде көрген қиындықтарын, онда Әбу Ханифа мәзхабымен намаз оқығандығын, келгенде ақилар күтіп алып, бір ай қонақ қылғандығын, әрі-сәрі күйде жүргенін, енді ойланғанын айтып, «Бәрінен шаршадым, мен енді олармен араласпаймын, оларға бармаймын, осы сөзімді халық алдында жариялауға дайынмын» деді. Менен, балаларынан кешірім сұрады.  Сол күн-нен бері оның беті бері қарап келеді. Қазір екеуміз бірігіп, өз ісімізді бастадық. Ол енді ақилармен араласпайды. Онымен теолог, психолог мамандар жұмыс істеуде. Санасы тазарып, ниеті түзеліп, дұрыс бағытқа түсіп келеді. Аллаға шүкір, бәрі жақсы болады деген сенімдемін, – дейді  Нәзира.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі

* Мақаладағы  кейіпкерлердің аты-жөні  өзгертілді


Ернар жүлдегер атанды

Күні: , 33 рет оқылды

Батысқазақстандық әнші Ернар Өмірәлі Өскеменде өткен Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі әншілер фестивалінің жүлдегері атанды.

Аталмыш өнер додасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Астананың 20 жылдығы аясында халқымыздың дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырды.

Дарынды жас өнерпаздарды анықтау, олардың кәсіби шеберліктерін жетілдіру, Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Майра Уәлиқызы, Мұхит Мерәліұлы, Естай Беркімбайұлы, Әміре Қашаубаев сынды қазақтың ұлы әншілерін ұлықтауды мұрат тұтқан фестиваль бес күнге созылды.

Айтулы сайысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен фестиваль шарты бойынша 20 мен 35 жас аралығындағы 34 үміткер қатысып, бақ сынады. Олар үш кезеңнен тұрған байқау барысында ұсынылған әндерді орындады. Соның ішінде қатысушылар Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы әндерді шырқауға міндетті болды.

Фестиваль қорытындысында Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі Ернар Өмірәлі екінші орынға (500 мың теңге) ие болды. Бас жүлде (1 млн. теңге) астаналық Асқар Мұқияттың қанжығасында кетті. Әр орын бір ғана әншіге бұйырғанын ескерсек, Қазақстанның батысынан барған Ернардың жүлдегерлердің қатарынан көрінуін үлкен табыс деуге болады.

 «Арқа мектебінің әншілерімен сайысу оңайға түскен жоқ. Дегенмен тыңғылықты дайындықпен барғаннан кейін жүлдеге іліктім. Мен өзім алғашқы кезеңде Қанапияның «Қанапия», Мұхиттың «Көк айдай», халық әні «Екі жирен», Ғ. Құрманғалиевтің «Асылжан», сосын халық әні «Баянауыл», Жарылғапбердінің «Ардақ», Мұхиттың «Үлкен айдай», соңғы сатыда Берікбол Көпенұлының «Ағаш аяқ», Мұхиттың «Кіші айдайын» орындап бердім», деді Ернар Өмірәлі.

Айта кетейік, Ернар Өмірәлі бұдан бұрын Мұхит Мерәліұлы,  Ғ. Құрманғалиев атындағы республикалық байқаулардың лауреаты атанған болатын.

Елжан ЕРАЛЫ


«Мен даланың қызымын»

Күні: , 36 рет оқылды

Жақында  «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалы ғимаратының концерт залында  Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» орденінің иегері Бағдат Сәмиденованың «Мен даланың қызымын» атты концерті  өтті.

Өңірімізге өнер сапарымен келген әнші Бағдат Сәмиденованы облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қабылдап, ізгі тілегін білдіріп, ықылас гүлін табыстады.

Концертте бұлбұл дауысты әнші  «Қазақстан», «Бегімайдың арманы», «Сарыарқа», «Өмір жолы», «Отырардағы той» сынды әндерін тамылжыта орындап, көрерменнің сағынышын басты. Танымал өнер иесінің әр әніне қол соққан халық, әншінің құшағын гүлге толтырды.

Сондай-ақ  концертте  «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері, әнші Еркін Өтегенов, Жаңылсын Хасанова, «Назерке» халық биі ансамблі де өнер көрсетті.

Асылбек   САРҒОЗИЕВ,

Орал   қаласы


«Тұғыры биік талант»

Күні: , 26 рет оқылды

Дүйсенбі күні Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында көрнекті жазушы, әйгілі «Ақ Жайық» трилогиясының авторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамза Есенжановтың 110 жылдығына орай «Хамза Есенжанов – адамзаттың асылы» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Шараға Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Ақұштап Бақтыгереева, белгілі ақын Айтқали Нәріков, сондай-ақ академик, Ұлыбритания экологтар ұжымының толық мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, “Құрмет” орденінің иегері, Хамза Есенжановтың немере інісі Айтқожа Биғалиев, фольклортанушы, шығыстанушы, ілеспе аудармашы-синхронист, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, жазушының келіні Дина Есенжан арнайы қатысты.

Кеш Хамза Есенжановтың айдаудағы ауыр өмірі, жан жары София екеуінің бір-біріне жазысқан сағынышты хаттары мен шынайы махаббатын бейнелейтін қойылымды тамашалаудан басталды.

– Өткен жолы Теректі ауданына алғаш рет Хамза Есенжановтың ескерткіш мүсіні қойылған болса, енді мұндай белгі облысымыздың орталығынан да ашылып отыр. Бұл – Хамза атамыздың елі үшін еткен еселі еңбегінің айғағы. Ол өзінің әдеби еңбектері арқылы өткен кезеңдегі халқымыздың салт-дәстүрін, сонау замандағы ескі мен жаңаның және сол екеуінің арасынан әділет іздеген жандардың үшжақты тартысын көз алдымызға алып келді. Хамза Есенжанов туралы айтқанда, оның өмірлік жары София апамызды еске алмау мүмкін емес. Өлкетанушы Сайлау Сүлейменов және алаштанушы Дәметкен Сүлейменова апамыз бірлесіп, Хамза Есенжанов туралы үш кітапты жарыққа шығарған. Жаңа ғана көрмеден тамашалағанымыздай, сол үш кітаптың үшіншісі Хамза атамыз бен София апамыздың арасындағы айрықша жанашырлық сезім, терең махаббат туралы жазылған екен. Тағдырдың қиын сынағынан абыроймен өткен осындай тұлғалар әрқашанда біздің жүрегімізде болады. Хамза атамыздың есімін ұлықтау әрі қарай да жалғасын таба бермек! – деді кеш барысында алғашқы құттықтау сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

– Хамза аға – асылдың тұқымы, тектінің тұяғы. Біз өткенді біле бермейміз ғой, Жазушылар одағындағы бір жиналыста «Ау, өзіңді ұстап берген жауыздың қасында неғып отырсың, Хамзеке?», – деді бір жазушы. Хамза аға жалт қарады да, абыржып барып, басқа орындыққа отырды. Сондағы ұстамдылық… Ол өзін ұстап берген жанды біліп отыр. Бірақ ол кісіде кек жоқ еді. Оның жазудан басқа да сондай жақсы қырлары болды. Көп сөйлемейтін. Жымиған күлкісі жылы болатын. София апайдың ол кісіні жақсы көргені, ал қазақ азаматының София апайды қалай сыйлағаны – бұл бір ертегідей ғажап дүние, кейін жазылатын кәдімгі бір махаббат дастаны. Өйткені София апамыз да текті адам еді. Текті болатыны – Мағжан Жұмабаевтың жиені. Жастарға айтарым, тарих өзіңнің туған жеріңнен, топырағыңнан басталады. Ұлтының тарихын білмеген адам – неше жерден өзге тілде сөйлесін, қанша рет шетелге барсын, мәдениетсіз адам дер едім. Өз бабасының, елінің, туған жерінің тарихын білмеген адамның «мен сауаттымын» деуге хақысы жоқ. Сондықтан Хамза Есенжановты социализм дәуіріндегі жазушы екен демей, «Бұл кім?» «Нені жазды?» «Бұл Ақ Жайықтың басынан не өткен?» деп ойланғандарыңыз өз мәдениеттеріңізге керек, жастар! Бүгінгі кеш сіздер үшін, – деді ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева құттықтау сөзінде.

Ақын Айтқали Нәріков Хамза Есенжанов және оның сүйікті жары Софияға арнап жазған «Аққу махаббат» атты өлеңін оқыды. Жазушының немере інісі Айтқожа Биғалиев, ұлы Әлиханның зайыбы Дина Есенжан кеш кейіпкері туралы қызықты да құнды отбасылық естеліктерімен бөлісті.

Хамза Есенжановтың 110 жылдығы қарсаңында жазушының замандастары, жерлестері мен аталас туыстарының, сондай-ақ ұрпақтарының естеліктері топтастырылған «Тұғыры биік талант» атты кітап жарыққа шыққан болатын. Кеште өлкетанушы Жайсаң Ақбай және жазушының көзін көрген қарындасы Балғаным Кәкімова аталмыш жинақтың тұсауын кесіп, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика