Мұрағат: 22.10.2018


Ақ Жайығына оралған жазушы

Күні: , 61 рет оқылды

«Ақ Жайық» трилогиясының авторы, жазушы Хамза Есенжановтың  110 жылдығына орай кеше Орал қаласындағы «Жеңіс» саябағында қаламгердің мүсіні салтанатты түрде ашылды.

Шараға қала әкімі Мұрат Мұқаев, Хамза Есенжановтың немере інісі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Айтқожа Биғалиев пен заңғар жазушының келіні, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Дина Есенжан, ақын Ақұштап Бақтыгереева және қала тұрғындары қатысты.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде Мұрат Мұқаев жазушының өмірі қысқа болса да, соңына өшпес із қалдырғанын, еліне адал қызмет атқарған бабаларымыз ел есінде мәңгі қалатынын айтып өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта аталмыш саябаққа Хамза Есенжановтың есімі берілетінін жеткізді. Мұнан соң Айтқожа Биғалиев пен Дина Есенжан ұлы тұлға жайында естеліктерімен бөлісті.

– Хамза Есенжановтың мүсінінің ашылуына арнайы шақырылып, сіздердей дегдар қауымның алдында сөз сөйлеу біз үшін үлкен мәртебе. Хамза атамыздың жазып кеткен әрбір туындысы қазақтың  өшпес қазынасы деп білеміз. Атамыздың  жақсы бір қасиеті – таңғы сағат алтыда тұратын. Содан жұмыс үстеліне жайғасады. Сол отырғаннан жұмысы бітпейінше тұрмайтын. Атамыз не жазса да, алдымен араб қарпімен жазатын еді. Сосын сол жазғандарын қазақшаға аударатын. Ол кісінің мәдениеттілігі соншалық, адаммен сөйлескенде мұқият тыңдап алып, жауап беретін. Барынша ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. «Елі бақытты болса, жазушы одан екі есе бақытты» демекші, атамызға арнап мүсін қойып жатқандарыңызға мың алғыс,  – десті  олар.

Шара соңында жұртшылық Ақ Жайығының  жағасына оралғандай әсер қалдырған жазушы мүсініне гүл шоқтарын қойды.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»


Еңбек ардагерімен кездесті

Күні: , 39 рет оқылды

Кеше  облыс әкімі Алтай Көлгінов еңбек ардагері Төлеген Себеповпен кездесті. Кездесу барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы және ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Саналы ғұмырыңызды адал еңбекке арнаған кәсіби  тәжірибесі мол мамансыз. Таңдаған салаңызға деген адалдығыңыз, жауапкершілігіңіз, біліміңіз, мол тәжірибе мен өнегелі істеріңіз қашан да зор құрметке лайық, –  деп облыс әкімі ардагерге  алғысын білдірді.

Өз кезегінде еңбек ардагері ауыл шаруашылығы саласына өз үлесін қоса беретінін айтып, облыс әкіміне ризашылығын білдірді.

Айта  кетейік, Төлеген Себепұлы Себепов – Қаратөбе ауданының құрметті азаматы. «Саралжын» совхозының директоры, Қаратөбе аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Тайпақ аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Қаратөбе аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Орал ет-консерві комбинатында партия комитетінің хатшысы, облыстық асыл тұқымды  мал бірлестігінің партия комитетінің хатшысы, облыстық асыл тұқымды мал бірлестігінің директоры болды. 1997 жылы зейнеткерлікке шықты. Еңбектегі жетістіктері үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Қазіргі кезде зейнеткер, Астана қаласында тұрады.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


«ЖАЙЫҚ ПРЕСС»: мерейлі кездесулер, жарқын жүздесулер

Күні: , 58 рет оқылды

Газетіміздің өткен  сандарында  «Жайық Пресс» медиахолдингінің «Туған жер»  этно-мәдени  жобасы  аясында  оңтүстік  аудандарда  болғанын  баяндаған  едік.  Сол мақалаларымызда  Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы  және Жаңақала  аудандарында оқырмандарымызбен өткен  кездесулеріміз  туралы  жазылды. Тек Жаңақала мектеп-гимназиясында  ұстаздармен болған  жүздесуіміз  және  Ақжайық  ауданындағы  жанашырларымызбен  айқұшақ сәттеріміз  туралы  келесіде  әңгімелейміз  деп оқырмандарымызға  уәде  бердік. «Уәде – құдай сөзі» деген, сол  уәдемізді  орындамақпыз. Мектеп-гимназиядағы  кездесуге «Жайық Пресс»  медиахолдингінің  бас  директоры Рауан  Сәбитов, «Орал өңірі»  газетінің  арнаулы  тілшісі  Есенжол  Қыстаубаев,  аудандық  «Жаңарған өңір»  газетінің  редакторы  Өмірзақ  Ақбасов  барды.  Екі  сағатқа  жуық  созылған  пікірлесуде  біраз  жайт  қаузалды. Ұстаздардың  көңіл  түкпірінен  төл  газеттеріне  деген  ұсыныс-тілектерімен  қатар, ұрпақ  тәрбиесі  туралы, мұғалімдердің  жанына  бататын  мәселелер  жайлы  алаңдаушылықтар,  тіпті жанайқайлары  бүкпесіз  айтылды.

Солардың ең бастысы, ата-аналар мен мұғалімдердің арасындағы қарым-қатынас, өзара түсіністік пен сыйластық жайы мұғалімдердің жанына ерекше батады екен. Әлсін-әлсін туындап жататын дау-дамайлардың мұғалімдердің абыройына, жүйкесіне зор салмақ түсіргеннен басқа түк пайдасы жоқ. Одан шәкірт те, ұстаз да, ата-ана да ұтылмаса, ұтпайды. Сәл-пәл түсініспеушілікті далитып, дабырайтып желіге салып жіберетін «жеке тілшілер» көбейіп кетті. Қит етсе, аттандап шыға келетін сондай әлеуметтік желілерге қатысты  желауыздарға бір тыйым болуы керек қой. Қандай жағдай болса да зерделеп, зерттеп, екі жақтың уәждерімен қатар, сол салаларға мүдделі тараптардың  пікірлерімен де санасқан жөн емес пе?!

Кездесуде мектеп мұғалімі Мәншүк Саркенова ұстаздарға ортақ, жандарына бататын мәселені жасырмады: – Ширек ғасырдан бері мектепте мұғалім болып істеп келемін. Қазіргі ата-аналар да, оқушылар да осыдан 25 жыл бұрынғылармен салыстыруға мүлдем келмейді. Әрине, ол уақыт пен заманға байланысты екенін түсінеміз. Дегенмен, ескірмейтін, өзгермейтін бір ақиқат бар,  ол – тәрбие отбасынан бастау алады. Бала үйде ата-анасының жүріс-тұрысын, сөз саптауын, адамдармен қарым-қатынасын, естіген-білгенін, көргенін көңіліне түйіп өседі. Мені қынжылтатыны – кейбір ата-ана мектепте оқыс оқиға бола қалса, баласына қатысты бір жағдай орын алса, соның соңына түсіп, мұғалімдердің қыр соңынан қалмай қояды. Әлеуметтік желіні шулатып, газет-журналдарда  ұстаз біткенді жерден алып, жерге салады.  Ал расына келсек, соған дейін «Осы менің балам қалай оқып жүр, сабағы қалай, тәртібі нешік?» деп мектепке келіп, жағдайын білмейді. Бірдеңе бола қалса, құдай сақтасын, дау-дамай, ұрыс көтеріп, мұғалім байғұстардың есін шығарады. Бала тәрбиесімен айналыспайды. Соңғы кездегі мектеп бағдарламасына мұғалімдердің де, ата-аналардың да басы әбден қатты десек, өтірік емес. Бұл да ұстаздардың жүйкесін әбден жұқартып жіберді. «Мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау керек» деген хабарды естіп, қуанып жатырмыз. Менің ойымша, мұғалімді зейнетке 25-30 жыл  өтілмен ертерек шығару керек. Солай болса, жыл сайын жоғары оқу орнын бітіріп келетін жас мамандарға да орын, сағат босар еді. Жасырып қайтеміз, жастарға бүгінде сағат жетпей жатады. Олар ішінен біз сияқты «сақалды ұстаздарға» «Осылар қашан кетеді? Қашан орнын босатады?» деп жүр-ау, деп қуыстанамыз, қысыламыз, шыны сол. Еңбек өтілімен зейнетке ертерек шығаратын болса, бір күн де аялдамай, жастарға орнымызды босатар едік… Мұғалімдердің зейнетке шығатын жасын неге қысқарту керек деп жүрміз? Өздеріңіз ойлаңыздаршы, адамның жасы ұлғайған сайын көзі нашарлайды, құлағы тосаңданады, есте сақтау қабілеті тозады. Бәленбай сағат тақта алдында түрегеліп тұруға аяқ-буындары сырқырайды. Кейбір әріптестеріміз тіпті сабақ айтып тұрғанда алмалы-салмалы тістері түсіп кете ме деп қорқатын көрінеді. Ұстаздарды мүлдем шаршатып, әбден қажытып, зейнетке шығарғанда не ұтамыз? Кейде «30-40 жыл қасықтап жинаған абыройымызды аяқ астынан шелектеп төгіп аламыз ба?..»  деп мен құсаған «ақсақал» ұстаздар қорқып жүреміз. Сондықтан мұғалім әріптестер болып, ата-аналар, ұстаздар болып өзара сыйластығымызды нығайтсақ, мұндай шынайы түсіністіктен, айналып келгенде ұрпақ тәрбиесі ұтары анық. Бұл пікірді 30 жыл еңбек өтілі бар ұстаз Кенже Төремұратова да қуаттады.

Мұғалімдерді бұған дейін оқушыларды сауатты жазуға, грамматикалық деңгейіне қатаң көңіл бөлуге қойылып келген талаптың соңғы жылдарда төмендегені де алаңдатады екен. Бұл жазу сауаты төмен оқушылардың көбеюіне, оларды оқытқан мұғалімдердің беделіне нұқсан келтіретіндігін  алға  тартты  ұстаздар.

*  *  *

Түс ауа Жаңақаланың аудандық мәдениет үйінде «Жайық Пресс» медиахолдингінің бұл аудандағы кездесулерін қорытындылаған гала-концерт өтті. Салтанатты шарада аудан басшысы Наурызбай Қарағойшин сахнадан қонақтарға тағы да «Қош келдіңіздер!» дей отырып, аудан халқы атынан медиахолдинг бас директоры Рауан Сәбитовке алғысхат пен сый-сияпат тапсырды. Сөз алған Рауан Сәбитұлы: – Облыс көлемінде ұйымдастырылған этномәдени жоба аясында апта басынан бері Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарында болып, қалың жұртшылықпен жүздестік. Бүгін Жаңақаланың аға буын өкілдерімен арнайы кездесіп, ашық пікірлестік, бүкпесіз әңгімелестік. Қос газет: «Орал өңірі» мен «Приуралье» басылымдарының бас редакторлары олар да өз алдарына кездесулер өткізді. Ардагер ағаларымыздың газеттің тұрақты да негізгі оқырмандары екенін баса айту қажет. Осы аға буын оқырмандарымыздың көтерген мәселелері де, айтқан ұсыныстары да орынды. Ол айтылғандар алдағы уақытта басылым беттерінде көрініс табатын болады, – деп ауданға келгендегі мақсат-міндеттеріне тоқталды. Одан әрі бас директор Рауан Сәбитов басылымға жазылуды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген Мәстексай ауылдық округінің әкімі Сәуле Төлегенқызы, Пятимар ауылдық округінің әкімі Олжас Рахимов, Көпжасар ауылдық округінің әкімі Нұрбол Бектілеу, Қызылоба ауылдық округінің әкімі Нұржан Бердіғалиев, Жаңақала колледжінің директоры Серік Жүсіпбекұлы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы  Еркін Сапаров, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Елжас Қадыров, аудандық орталық аурухананың директоры Шыңғыс Сәрсенғалиев, орталықтандырылған кітапхана директоры Дина Мұқашева, мәдени демалыс орталығының директоры Мұхит Сисенов, аудандық сауықтыру орталығының басшысы Қобыланды Бекеновке алғысхат табыс етті. Облыстық, аудандық басылымдарға жан-жақты қолдау көрсеткен жеке кәсіпкерлер Ержан Нұртайұлы, Дамир Сапарғалиев, Софья Семғалиева 100 мың теңгелік серти-фикаттармен марапатталды. Сондай-ақ басылымдардың дер кезінде оқырмандардың қолына жетуін қамтамасыз етіп жүрген пошта қызметкерлері Күнзира Сағынова, Алтынай Бақтыгереева марапатқа ие болды.

Аудандық газетке тұрақты мақала жазып тұратын белсенді тілшілер: зейнеткер Молдағали Тәжиев, аудандық мешіттің бас имамы Ерік Сұлтанов, өлкетанушы, зейнеткер Тыныштық Өтешқалиев, М. Жүнісов атындағы мектептің мұғалімі Дариға Зинуллина және Ғалия Өтегеноваға облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин аудандық «Жаңарған өңір» газетінің «штаттан тыс тілшісі» куәлігін тапсырды. Ал, жазуға талаптанып жүрген көкөрім жастар да назардан тыс қалмады. Жасқанат  өлеңдері мен алғашқы мақалалары арқылы оқырмандарға танылып, газетпен де тығыз байланыс орнатып үлгерген Жаңақала орта мектебінің оқушысы Жұлдыз Ұзақова, Жаңақала мектеп-гимназиясының оқушылары Шұғыла Саматова, Ақмарал Сабырғалиева, Нұрдана Жақсыбаевалар облыстық  «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықованың қолынан «Жаңарған өңір» газетінің жас тілшісі»  куәлігін  алды.

«Жайық Пресс» медиахолдингі бес ауданға сапары барысында оқырмандармен кездесу, пікірлесу өз алдына, болашақта журналист болуды армандап, талаптанып жүрген оқушылар арасынан үміткерлерді анықтау мақсатында «Ғажайып өлке» тақырыбына шығармалар өткізіп келе жатқанын бұған дейін жазған едік. Жаңақалада өткен бұл байқауға аудан мектептерінен 55 үміткер қатысты. Бұл жолы Д. Нұрпейісова атындағы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Ізбасар Бақытов, Жаңақала мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы Райса Кенжеғалиева, С. Меңдешев атындағы орта мектебінің  10-сынып оқушысы Гүлназ Жасталапова облыста тұңғыш өтетін «Өрімтал» жас тілшілер байқауына жолдама алды. Шығармадан үздік көрінген оқушылардың ұстаздарына алғысхаттар табысталды. Тап осы шара үстінде алдағы 2019 жылға мерзімдік басылымдарға жазылу жүріп жатты. Облыстық, аудандық газеттерге алғашқылардың бірі болып жазылған З. Сисенғалиға, Ж. Нұрғожинге, Қ. Баубекұлына «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Жаңарған өңір» газеттеріне жазылғандықтарын айғақтайтын арнайы түбіртектер тапсырылды. Бұл шаралар журналистердің шашбауын көтеріп келген Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншілерінің әсем әндерімен әдіптеліп отырылды. Жаңақалалықтардың есінде ұзақ сақталар тағы бір әдемі шара осынау гала-концерттің үстінде оздырылғаны тіптен ғанибет болды. Аудандық газеттің отымен кіріп, күлімен шығып келе жатқан ақын-журналист, аудандық газеттің сарашысы Өмірзақ Ақбасовты облыстық басылымдардың журналистері мерейтойымен құттықтап, төбелеріне көтерді. Медиахолдингтің бас директоры мерейгерге Мәдениет және спорт министрінің Алғысхаты мен сый-сияпатын тапсырды.

*  *  *

Ақжайық ауданындағы кездесулер ең әуелі арқалы ақын Жұбан Молдағалиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Дауылпаз ақын, ақ семсер азамат рухына тағзым етіліп, ардагер журналист Тілес Жазықбай журналист меймандарға жылы лебізін арнады, Жұбан ақынмен  кездескен сәттерінен естеліктерін ортаға салды. Одан әрі делегацияны Ақжайық ауданының «су жаңа» әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қабылдады. Аудан тізгінін күні кеше ғана ұстаған ол «сіздер менің алғашқы қабылдаған делегациямсыңдар» деп ағынан жарылды. Қабылдауды облыс журналистерінен бастағанын жақсылыққа жорыды. Біз де қуандық.

Әрі қарай журналистер топ-топқа бөлініп, оқырмандармен кездесуге кірісіп кетті. Ақжайықтың ақсақалдарымен, аудандық ұйым, мекеме өкілдерімен  кездесуге асыққан бізді аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев бастады. Кездесуге келген оқырмандарға  журналистерді таныстырып, әңгіме-дүкеннің тізгінін қағып отырды. Медиахолдингтің бас директоры Рауан Сәбитов: – Бүгінде ақпарат тарату кеңістігі баршаға мәлім. Талғам да, пікір де сан алуан. Бір тарап интернетті қалайды, енді бірі газетті жақтайды, үшіншісі, теледидар мен радионы қолай көреді. Қалай дегенде де, баспасөз билік пен халық арасындағы алтын көпір ретіндегі өз миссиясын жоғалтпайды. Осы орайда ең бірінші ақылшымыз өздеріңіз болып қала бересіздер. «Дәстүрлі медиа өнімдеріміздің мазмұны мен сапасы қандай? Болашақта қандай болуы керек? Нендей өзгерістер күтесіздер?» дей келіп, патша көңіл оқырмандарды ашық пікірлесуге шақырды.

Алқалап келген ағайынның арасынан алғашқы болып сөз алған ардагер Жігербай Қажығалиев: – Мен медиатор ретінде аудан көлемінде болып жататын дау-дамай, ұрлық, төбелес сияқты қылмыстар, айырылысу жөніндегі сот отырыстарына қатысып келемін. Айтайын дегенім, мал көбейді, бағылмайды. Бұрын бақташылар табыла кететін еді. Енді елдің жағдайы түзелгендіктен шығар,  малды бағуға арланады. Содан адамдар малдарын шығарады да, жайылысқа айдап жібереді. Олардың көлікке қағылуы көбейді. Бір кемпірдің жалғыз сиыры өткенде көлікке қағылып өлді. Қалада тұратын көлік иесі «аутокөлігім бүлінді» деп адвокат жалдап келіп, кемпірді сотқа берді. Айналғанда, малын бақпаған деп кейуананы кінәлаған сот оны ірі айыппұл төлеуге кесті. Енді 30-40 мың теңгенің көлемінде зейнетақыға күн көріп отырған жалғызбасты кейуана оны бір жыл бойы төлемек. Анау қаладан келген шопырға медиатор ретінде қалай айтсам да көнбеді. Бұл жерде заңда біржақтылық, шикілік бар. Шопырдікі дұрыс дегенге өз басым келіспеймін.  Ауылдың тұсына келгенде қатты айдаған шығар, адам, мал көп жүретін аймақта неге абай болмайды? Түнде келе жатқан оның арақ ішкен болуы да мүмкін ғой. Әзірге бұдан құтылудың бір жолы – ауыл-ауылдарда мал бағуды ұйымдастыру керек. Ол үшін әкімдер жатпай-тұрмай жұмыс істегендері жөн.

Ардагер Балым Хамзина: – Тәрбиелік мәні бар мәселелерді қозғап отырсыңдар, журналист інілерім! Елдің жанына бататын жайттарды  өз құлақтарыңызбен естіп, көздеріңізбен көруге келгендеріңізге көптен-көп рақмет! Алдағы уақытта да ел арасына осылай шығыңқырап тұрыңыздар. Менің айтайын дегенім, ана бір жылдары теледидардың апталық бағдарламасын беріп тұратын едіңіздер… Сол көрінбей кетті. Мен газеттеріңізден әр саланы қаузаған материалдарды топтап беретін арнайы беттерді жиі оқығым келеді. Оқырманның бұл өтінішіне медиахолдингтің бас директоры былай деді: – Осыдан  бір-екі жыл бұрын оқырмандарымыз «Бағдарламаны бермей-ақ қойса қайтеді, өйткені, газет бізге апталап кешігіп келеді, ол келгенше, бағдарламаның қажеті болмай қалады, оның орнына оқылымды мақалалар берілсе..» деп еді дейді әріптестерім. Соған байланысты тоқтатылған ғой. Осы бір апта бойы Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарын аралап келеміз. Сонда естіп-білгеніміз, кейбір ауылдарға, оқырмандарымызға газеттің дер шағында жеткізілуі әлі түзеліп кете қоймаған. Газеттерді жинап-жинап, бір-ақ апаратын жерлер әлі бар. Соған байланысты, бағдарламаны бермей-ақ қоялық деген шешім әлі күшінде. Ал арнайы беттерге келетін болсақ, балалар мен мектеп оқушыларына, ұстаздарға, ардагерлерге, жастарға, салт-дәстүр, дін, тіл тағы басқа да тақырыптарға арналған беттер арнайы айдарлармен беріліп тұрады.

Бақтығали Қоспаев, ардагер:

– Мынау арнайы шыққан сапарларыңызға үлкен  ризашылығымды білдіремін. Бұдан медиахолдинг  ұтпаса, ұтылмайды. Тарихи материалдарды молынан берген жөн. Облыс, аудан, ауыл, ел-жер тарихын індеткен материалдарды көбірек жариялау керек. Арнайы экспедициялар ұйымдастырылып, оның материалдары аудандық газетімізде жария етілді. Жайықтың Бұқар беті тұнып тұрған тарих. Соған облыс журналистері түренді салыңқыраса, түйгендерін нақты фактілермен ойнатып, жарқылдатып берсе?..

Ардагер журналист, ақын, тұшымды жазғандарымен ұзақ жылдардан бері «Орал өңірі» газетінің оқырмандарына тонның ішкі бауындай болып кеткен Тілес Жазықбай біздің келгенімізге бек қуанышты екен. Көсіле сөйледі. Күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан ада қылған мәселелерді ортаға тастады.

– Әлеуметтік желі балалардың тілін жұтаңдатып барады. Кітап оқымайды. Біз 7-сыныпта оқып жүргенде-ақ, Ғабит Мүсіреповтің «Ананың арашасы» әңгімесін оқып едік. Тілі қандай деп, таңқала  талқылағанымыз есімнен кетпейді. Сондай шығармаларды оқымаған жас ұрпақтың ой-өрісі қалай дамиды? Тілдік қоры қалай байиды? Қатігездік көбейді. Әке-шешесін өлтіргенді, шаранасын далаға тастағанды бұрын естіп пе едік? Осының бәрі әдебиетті оқымағанның, сұлулыққа тәнті болмағанның кесірі. «Орал өңірінің» үйретері көп, тәрбиеге, адамгершілік иірімге үйірген мақалалар жиі шығады. Соған қуанып жүремін. Газеттен, кітаптан қол үзбеуіміз керек, – дей келіп, ардагер ағамыз қызды-қыздымен «Іші-сырты кекке толып жүдеген, Тағдырынан жұлдызды сәт тілеген. Екі аяқты көкжал көре қалсаңыз, Тілін тауып, оқытыңдар бір өлең» деп өзі сүйетін ақынның бір шумағын төгілдіріп тастады. «Әп, бәрекелді!» дестік жи-налғандар да, біздер де.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана меңгерушісі Роза Мұсағалиева: – Газеттің өміршеңдігінде сөз жоқ! «Пайдалы кеңес» деп арнайы бұрыш беріп тұрсаңыз. Халықтың бәрінің көңілінен шығу оңай емес, дегенмен, жас ұрпақты тәрбиелеуде, ұлттық салт-сананы сақтауда, тілімізді құрметтеуде, бақуатты тұрмыс үшін еңбекке, кәсіп жасауға шақыруда ұшан-теңіз жұмыс жасап жатырсыздар. Оны өз басым жақсылыққа бағалаймын. Сапарларыңыз  сәтті  болсын!

Мүгедектер қоғамының төрағасы Сәрсенов Мұрат ақсақал Атырауға, Жалпақталға баратын күре жолдардың бойындағы тоқтайтын, түзге баратын жерлерді жолаушылардан ұялмайтындай етіп оңтайландыру туралы жазыңқырауымызды өтінді.

Тоқсан жасқа қарай маңдай түзеген Ерёмин Иван ақсақал айтарын қазақша төгілтті: – Мал көбейіп келеді. Бара-бара жем-шөп қорын жасақтау оңайға түспейді. Сондықтан лиман жерлерді қайтадан қолға алуымыз керек. Ол жерлер осы өңірде бұрын болған, соларды қайтадан қолға алған жөн. Анау Батуринде, мына Первомайда жүгері өсірді. Кісі бойынан асып кететін жүгері өсіретін Самаркин деген азамат болған еді. Жалаңаяқ, қалтасын жүгерінің тұқымына толтырып алып, тұқым мәкі түскен жерлерге қайтадан жаяу егіп жүретінін талай көрдім. Құдайға шүкір, қуатым қайта қойған жоқ, тәжірибем бар, үйренемін деген адамға үйретер едім…

Құқық қорғау саласының ардагері Бақытжан Қоспаев: – Чапаевта 10 мыңның үстінде адам тұрады. Зейнеткерлерге мал ұстамай болмайды. Ет, сүт, одан жасалатын өнімдер керек. Мына жағымыз жол, газ құбыры өтіп жатыр, ана жағымызда Жайық, тоғай. Малды бақтырмайды. Қыр жақтағы қожалықтар «менің жерім» деп малдарымызды кері қуады. Машина ағыны күндіз-түні бір үзілмейді. Осы күре жолдан сағатына ерсілі-қарсылы 300 машина өтеді екен. Жылқы, сиыр соғылып жатады. Бүлінген көліктің шығынын мал иесіне төлететіні дұрыс емес. Заң мал иесіне қараспайды. Сондықтан осынау біржақты қабылданатын шешімнің дұрыс еместігін газеттер жаза берулері керек. Тағы бір айтайын дегенім, анау бір жылдары, қиын кезде ауыл таласып-тармасып бау-бақша егетін, жер жетпей жататын. Қазір халық тойынды ма, бау-бақша екпейді. Бір кісі егіп, оны 20 кісі сатып алады.

Ол удай қымбат. Газет ауыл тұрғындарын жермен жұмыс жасауға үндеп, жиі материалдар берсе деймін. Осы арада Иван ақсақал қызып кетті-ау дейміз, тағы сөйледі. – Бақытжан дұрыс айтады. Жағдай түзелген сайын жалқаулар, «лодырлар» көбейді… Менде көкөністің, жеміс ағаштарының  барлық түрі өседі. Ал, кейбір ауылдастарым бау-бақшаны айтасыз, үйінің төңірегіне шыбық шаншымайды ғой… Малға келсек, оны бағуды ұйымдастырмай, көлікке соғыла береді. Олай болмауы үшін жергілікті әкімдер жұмыс істеулері керек, ұйымдастыруы қажет!

*  *  *

Ардагерлермен, мекеме, ұйым басшыларымен, түрлі сала мамандарымен кездескеннен кейін медиахолдинг бас директорын М. Әуезов атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары аяқ астынан «аттай қалап» кездесуге шақырды. Ақсақалдардың ақ батасын алып, аманат, өтініштерін арқалап шыққан Рауан Сәбитов уақыттың тығыздығына  қарамастан  келісті.

Бүгінде мектеп партасынан қанат қаққалы отырған ұл-қыздар үшін болашақтағы мамандықтарын қапысыз таңдау әлбетте, оңай шаруа емес. Әйтеуір, бір мамандық алып шықсам жарар дегеннің аяғы берекеге апармайды. Өмір бойы өзекті өртейтін өкініш болып қалуы әбден мүмкін. Оқушылармен болған жүздесуде Рауан Сәбитов осы жайттарды тілге тиек етті. Оқушы өрендердің пікірлерін тыңдай отырып, ол журналистиканың мақсат-мұраттары, мамандықты жан қалауымен таңдай білу жайлы өз ойларымен бөлісті. «Өз ісіңді шын сүю, келешегіңе ерте бастан, тап қазір дайындалу сенің бақытыңа алғашқы баспалдақ болып табылады. Бәсекелестік заманның талабын біл. Өмір – сынақ, өзіңді қайра!», – деді Рауан Сәбитұлы. Оның адам үшін тіл байлығының тағдыршешті орны, маңызы туралы әңгімесі де жеткіншектердің көңіліне қонғаны шүбәсіз.

*  *  *

Ақжайықтағы іс-шаралар ауданның ауылдарынан өкілдер қатысуымен Жаңабұлақ ауылында жалғасып, қорытындыланды. Мәдениет үйінде өткен салтанатта «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Жайық таңы» газеттеріне жан-жақты қолдау көрсетіп жүрген ауылдық округ әкімдері Нұртаза Нәбиденов (Чапаев), Болат Шәленов (Тайпақ), Ерлан Темірғали (Базаршолан), Тәтжан Өтемісов (Ақжол), Ермек Құсайынов (Жаңабұлақ), жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанна Нұржанова, Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің директоры Бақытжан Қоспаев, обаға қарсы күрес бөлімшесінің басшысы Серік Тасқалиев, қазынашылық бөлімінің басшысы Алтай Мергенов, аудандық «Қазпошта» бөлімінің қызметкерлері Айсұлу Батырғазиева, Венера Борбаева, Жаңабұлақ пошта бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзейнеп Жақсыгерейқызы, жаңабұлақтық кәсіпкер Асқар Қабанов, еңбек ардагері Аманғали Төлегенов естелік сыйлықтармен қошеметтелді. «Жайық таңы» газетінің белсенді авторлары: журналистика ардагері, өлкетанушы Бақтығали Қоспаев, аудандық №2 сотының маманы Әлия Жаманова және төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы

Рауан Қашқынбаевқа штаттан тыс тілші куәліктері, тырнақалды шығармаларымен көрініп жүрген 10-сынып оқушысы Айнагүл Есқақ (Есенсай), 9-сынып оқушысы Дәурен Қуанышев (Алмалы) және 8-сынып оқушысы Әділ Жәрдемге «Жайық таңы» газетінің жас тілшісі куәліктері тапсырылды. Сондай-ақ аудан оқушылары арасында «Өрімтал» облыстық жас тілшілер фестиваліне қатысу үшін шығарма жазудан байқау өткен еді. Мұнда дара шыққан үш оқушыға: Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің 11-сынып оқушысы Лаура Ғұбашева, Жаңабұлақ орта мектебінің 9-сынып оқушысы Аружан Әділханова және Бітік мектеп-бөбекжай кешенінің 10-сынып оқушысы Гүлайназ Сәрсенғазиеваларға  «Өрімталға» жолдама берілді.

Шара барысы облыс өнерпаздарының өнерімен өрнектеліп, осынау сәттердің сән-салтанатын  арттыра  түсті…

Есенжол   ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал   өңірі»


Вячеслав ВАЛИЕВ: «Болашақ жоспарымыз – азаматтық флот кемелерін шығару»

Күні: , 53 рет оқылды

«Зенит» Орал зауыты» АҚ – 80 жылға жуық тарихы бар іргелі кәсіпорын. 1941 жылы қоршаудағы Ленинград қаласынан Орал шаһарына көшірілген «Двигатель» зауыты негізінде құрылған бұл өндіріс ошағы соғыс жылдарынан бастап қорғаныстық және шаруашылық мақсатта көптеген өнімдер шығарғаны белгілі. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін аталмыш зауыт кеме жасаумен айналысатын  бірегей  кәсіпорынға  айналды. Қазіргі  кезде «Зенит» зауытына жұмысшы мамандарды даярлау қалай жүзеге асырылады? Мекеменің уақыт сұранысына сай бейімделу деңгейі қандай дәрежеде? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде «Зенит» Орал зауыты»  АҚ-ның бас директоры  Вячеслав  Валиевпен  сұхбаттасқан  едік.

– Вячеслав Хамзаұлы, бүгінгі таңда зауытта қанша жұмысшы еңбек етеді? Олардың қатарында жас буынның үлес салмағы қанша?

– Осы жылдың бірінші қазанындағы жағдай бойынша зауытта  822 жұмысшы бар. Соның 65-і – жастар.

– Ауылдан келіп, техникалық білім алған жергілікті жастары-мызды жұмысқа алу, олардың біліктілігін арттырып, жоғары сұранысқа ие мамандар қалып-тастыру ісіне қаншалықты ықыластысыз? Осы бағытта өзіңіз басқаратын кәсіпорын тарапы-нан қандай да бір қадамдар жасалды ма?

– Жұмысшы мамандарды даярлау, оларды өндірістік тәжірибеден өткізу бағытында көп жылдан бері Батыс Қазақстан индустриалды колледжімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Бос орын болған жағдайда тәжірибеден өтіп жүрген студенттердің арасында іріктеу жүргізіп, оларды жұмысқа аламыз. Мысалы, қазіргі таңда біздің зауытта аталмыш колледж түлектерінен Қ.  Жиенғалиев, С.  Молдағалиев және Ы. Тайыров жонушы қызметін атқарып жүрсе,  Қ. Ескендіров – жөндеуші шебер, А. Романов, Д. Саратовцев – электр жабдықтарды жөндеуші, С. Ураев – электр-дәнекерлеуші. Жалпы, зауыттағы жұмысшы жастардың өндіріске орнығуына, олардың дағдылануына, кәсіби өсуіне, әлеуметтік қорғалуына, зауыттағы іс-шараларға белсене қатысуына жете мән беріледі. Зауыт қызмет-керлері арнайы жолдамамен Санкт-Петербург мемлекеттік теңіз техникалық университетінен кеме жасау мамандығы бойынша оқыту тәжірибесінен өтіп тұрады. Мысалы, қазіргі таңда аталған университетте бес қызметкеріміз білім-білігін жетілдіріп жатса, оқуын бітіріп келген жеті түлек зауытта жұмыстарын жалғастырып жүр.

– Зауыт дәл қазіргі уақытта қандай тапсырыстар бойынша жұмыс істеуде? Жалпы, мекеменің қаржылық жағдайы жеткілікті деңгейде ме?

– ҚР ҰҚК шекаралық қызметі және ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз күштері еліміз егемендік алғалы бері зауыттың негізгі өнімдері – кеменің ірі және шағын түрлерін басты тұтынушылар ретінде қалыптасты. Биыл мемлекеттік қорғаныс тапсырысының көлемі өткен жылмен салыстырғанда тым аз болды. Бұл кәсіпорынның жұмыс көлеміне айтарлықтай әсер етеді. Зауыт жүктемесі азайып, 60-70 пайыздық қуатымен ғана жұмыс істеп тұр. Жүктеменің аздығы мәселесін қайта бағдарлау арқылы, яғни зауыт өндірісін азаматтық бағыттағы өнімдерді шығаруға бағыттау арқылы шешуге болатындай көрінуі мүмкін. Алайда оның орайы келмей тұр. Өйткені зауыт әуел бастан қорғаныс өнімдеріне тән, техникалық тұрғыдан күрделі бұйымдарды шығару бағытында жобаланған. Және мұндағы жабдықтар да соған сай жасақталған. Ал қайта бағдарлау үшін уақыт керек. Нақтырақ айтқанда, шығарылатын өнімдердің жаңа түрін анықтау үшін нарықты зерттеу керек. Қымбат тұратын жаңа жабдықтар алып, заманауи технологияны қолдана отырып, өнімнің жаңа түрлерін жасауды меңгеру қажет. Айналып келгенде, мұндай жұмыстар әжептәуір көлемде қаржы құюды талап ететіні түсінікті. Ал кәсіпорында еркін айналымдағы қаржы қорының жоқтығына байланысты бұл айтылғандарды жүзеге асыру оңай шаруа емес.

– Бүгінгі таңда зауыт ғимараты, ішкі жабдықтары ескірген жоқ па? Зенит зауытының иелі-гіндегі мәдениет үйін жаңарту жоспарда бар ма?

– Қазіргі таңда зауыттың барлық ғимараттары мен жабдықтары өндірістік тұрғыда тұтастай іске қосылып тұрған жоқ. Ал жұмыс істеп тұрған бөлігін үнемі өндірістік қауіпсіздік талаптарына сай күйде ұстап отырмыз. Осы мақсатта ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге, инженерлік желілерді жаңғырту бағытында кәсіпорын жыл сайын белгілі бір мөлшерде қаражат бөліп отырады. Қоршаған ортаны және еңбекті қорғау, ұжымдық шартта және  өзге де құжаттарда қарастырылғандай жұмысшылардың еңбек жағдайларын жақсарту шаралары атқарылады. Мекемедегі өндірістік мәшинелер мен жабдықтардың басым бөлігінің жұмыс істеп тұрғанына 25 жылдан асқан, олар заманауи жаңа жабдықтарға алмастыруды талап етеді. Зауытта бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп келеді. Дайындау өндірісін жаңғырту инвестициялық жобасы аясында негізгі жаб-дықтар ішінара жаңартылды. Мәдениет сарайын күрделі жөндеуге келетін болсақ, оны сол ғимараттағы жүзу бассейнін сату есебінен күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Өкінішке орай, әлі күнге дейін бассейнді сатып алушы  табылмай  тұр.

– Вячеслав Хамзаұлы, «Зенит» зауытында Елбасының Цифрландыру саясаты бағытында қандай істер атқарылуда?

– «Индустрия 4.0» бағдарламасы бойынша цифрлық технологияны кеңінен енгізуге баса мән берілген «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Жолдауын жүзеге асыру бойынша өндіріс үрдісінің тиімділігін арттыру бағытында кәсіпорынды цифрландырудың бірқатар шаралары атқарылуда. Оның бірінші бағытына – конструкторлық құжаттаманы жобалаудың аутоматтандырылған жүйесі (AutCAD), бұйымдарды жасау жоспарын жасақтаудың стандартты аутоматтандырыл-ған кешені, ақпараттық қауіпсіздіктің стандартты кешені секілді бағдарламалық өнімдерін енгізу жатады. Сондай-ақ өндірісті даярлау және жоспарлау, есептеуіш техниканың ақауына қатысты элек-тронды тіркеуді енгізу жұмысты жеделдетеді, еңбек шығындарын азайтып, бұйымдарды өндіріске дайындау кезінде жіберілуі мүм-кін қателіктерді жояды. Екінші бағыт металлопрокатты плазмалық және газ-плазмалық кесуді арнайы бағдарлама арқылы аутоматты түрде жүзеге асыратын жаңа технологиялық жабдықтарды енгізу болып саналады. Бұл еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырып, қол еңбегін азайтады, шығарылатын өнімнің сапасын жақсартып, санын көбейтеді.

– Мемлекеттік тапсырыстардан тыс, өз бастамаларыңызбен тұтыну нарығына қандай тауар түрлерін шығару ойларыңызда бар?

– Мемлекеттік қорғаныс саласының тапсырыстарын орындау-дан бөлек азаматтық сұранысқа сай шығарылатын өнімдер мен көрсетілетін қызметтің аясын кеңейту – зауыттың болашақ жоспарында бар. Осындай бағыттардың бірі азаматтық флот кемелерін шығаруды игеру болып отыр. Зауыт мамандары азаматтық кеме жасаудың табысты дамуын бұрыннан қалыптасқан кооперативтік қарым-қатынастардың негізінде шикізат, жабдықтар мен маңызды материалдарды жеткізушілерімен байланыстырып қарастырады. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Қазмортрансфлот» ұлттық теңіз кеме компаниясы» АҚ, ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Төтенше жағдайлар комитетінің құрылымдық бөлімшелері мұндай кемелердің ірі тапсырыс берушілері мен негізгі тұтынушыларына айналуы мүмкін.

Бұл аталған мақсаттардан бөлек зауыт жүзіп жүретін зертханалар, сүйреуші катерлерді, вахталық ауысымды жеткізуші кемелерді де жасай алады. Және ел өнеркәсібінің мұнай-газ және басқа да салаларына қажетті түрлі металл құрастырылымдарын, қоршауларды, сұйықтық пен газ сақтауға арналған сыйымдылығы жоғары темір ыдыстарды, өзге де металл жабдықтарды шығару көлемін кө-бейтуді жоспарлап  отыр.

Сұхбаттасқан Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Атадан мал қалғанша, тал қалсын»

Күні: , 29 рет оқылды

Өткен сенбі күні  Орал  қаласы  әкімдігі мен қалалық  тұрғын  үй-коммуналдық  шаруашылығы  және  тұрғын  үй  инспекциясы  бөлімінің  ұйымдастыруымен  Қазақстан  халқы  ассамблеясы  ғимаратының  маңында  ағаш отырғызу шарасы  өтті.  Өңіріміздің  экологиялық  жағдайын  жақсарта  түсу,  Елбасы  тапсырмасына сәйкес  туған  өлке табиғатын  түлетуді  мақсат  еткен шараға  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов  қатысты.

Өңір басшысы сенбілікке қатысушылармен бірге тал-терек отырғызып, акцияның мән-маңыздылығын  атап  өтті.

– Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға қызметтік сапары барысында халықпен кездескенде «Сіздер республикамыз бойынша экологиялық тұрғыдан ең таза, жасыл қалада тұрасыздар, осы байлықты бағалау керек» деп атап өтті. Расымен, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөздің жаны бар. Бүгінгі шараға ардагерлер, облыстық және қалалық әкімдік құрылымдары мен Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері, жеке кәсіпкерлер және қаламыздағы бірқатар оқу орнының студенттері қатысып отыр. Бәрінен бұрын осындай маңызды шараға кішкентай бүлдіршіндерімен келген тұрғындарға риза болдым. Өйткені бала «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», бүгінгі ата-анасының ісінен үлгі алып, өзі де игі дәстүрді жалғастыратын болады. Яғни аталмыш акция ұрпақтар сабақтастығын сақтауға негізделген.

Жалпы, биылғы күзде өңіріміз бойынша 6 мың тал-терек отырғызу жоспарланған. Бұл әлі де аздық етеді, алдағы уақытта бұл көрсеткішті еселеу бағытында еңбектенеміз, – деді Алтай  Сейдірұлы.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

  Миржан  НҰРТАЗИЕВ, Орал  қалалық  тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы  және  тұрғын  үй   инспекциясы  бөлімінің  басшысы: – Қаламызды көгалдандыру ша­расына мемлекеттік құрылымдар­­мен қатар жеке сектор өкілде­­рі де өзіндік үлесін қосып, дәл осы ша­раға 50 шақты жеке кәсіп­кер қатысуда. Сенбілік аясында көпжылдық ағаштар отыр­ғызуға басымдық берілді. Тағы да қо­­сымша 2 мыңнан ас­там көшет отыр­ғызылады деп жоспарла­ну­да.   Роза  ПЕККИЛЬГАУД, ардагер ұстаз: – Жасым 78-де болса да, бүгін­гі шараны қолдап, қа­ламыздың көркеюіне өз үлесімді қосайын деп келдім. Қалалық ардагер ұс­таздар ұйымының мүшелері төр­айы­мымыз София Иман­­ға­лиева­ның жетекшілігімен осы се­кілді ша­раларға тұрақты түрде қаты­сып тұрамыз. Ұзақ жыл бойы ұрпақ тәрбиелеген ұстаз ретінде айтарым, осындай игілікті істерге өзіміз бас болып қатысып, жастарға үлгі болуымыз, туған жердің тал-терегіне дейін жақсы көріп, көздің қарашығындай сақ­тауды  үйретуіміз  керек.

Мәжіліс депутаттары өңірде

Күні: , 22 рет оқылды

Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірде жұмыс сапарымен жүрген ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаттары А. Құрманова, А. Нұркина, Ж. Нұрманбетова, С. Бычкова және К. Абсатировтермен кездесті.

Кездесуде Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында қойылған жаңа міндеттер облыста қалай жүзеге асырылатыны талқыланды.

– Елбасының Жолдауы барша қазақстандықтардың мүддесіне сай нақты істер бағдарламасы болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірімізде жұмыстар қарқынды жүзеге  асырылатын  болады, –  деді  облыс  әкімі.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


«Жаһанша ізімен»

Күні: , 34 рет оқылды

Өткен сенбі күні Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің бір топ ұстаздары мен студенттерінен құралған «Жаһанша жолы» клубы «Жаһанша ізімен» атты тарихи-танымдық экспедицияға шықты.

Экспедиция мүшелері күн шығар шықпаста аталмыш колледж алдындағы Жаһанша Досмұхамедовке арнап қойылған ескерткіш белгінің алдына жиылды.

– Биыл колледжімізге Күнбатыс Алашорданың көсемі Жаһанша Досмұхамедовтың есімі берілгеніне жиырма жыл толып отыр. Осыған орай Жаһанша бабамыздың туған жеріне, алаш арыстарына арнап қойылған ескерткіштер мен музейлерге саяхаттап, ақпарат алып, рухани байып қайтуға мүмкіндік алып тұрсыздар. Мұның бәрі колледжіміздің алтын қорына жазылатын тарихи беттер болмақ. Осынау шараға колледждің жоғары білікті ұстаздары мен ең үздік, белсенді студенттері қатысуда. Сапардың сәтті боларына сенемін. Өйткені бұл үлкен жорықта әрбір тоқтайтын нүкте және ол жерде атқарылатын шаралар алдын ала, жан-жақты ойластырылды, – деді колледж директоры Светлана Бахишева экспедицияға сәтті сапар тілеген құттықтау сөзінде.

Мұнан кейін колледж студенті Зафура Мамут экспедиция мүшелері атынан әлеуметтік желі қолданушыларына жалынды сәлем жолдады. Ол сапар барысында Жаһанша Досмұхамедовтың кіндік қаны тамған Бұлдырты топырағына, сондай-ақ алаштықтардың сиезі өткен Қаратөбе ауданының орталығына баратындарын, жол-жөнекей кездесетін жер-су атаулары жазылған белгілер, тарихи ескерткіштер тұсынан өткен кезде сол жердің тарихына қатысты қысқаша видеолар жүктейтіндерін айтып, желі қолданушыларын экспедиция барысын тамашалап отыруға шақырды.

Сөйтіп «Жаһанша ізімен» атты экспедицияның мүшелері Жайық, Барбастау, Аңқаты өзендеріне жеткенде бұрынғы өткен жыраулар шығармашылығындағы осы өзендермен байланысты қазақтың ескілікті тарихы жырланатын тұстарынан үзінділер оқыды. Бұдан әрі олар Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне енген Жұмағазы қазірет – Дәдем ата кешеніне және сол жердегі Ерсары батыр зиратына аялдап, бабалар рухына дұға бағыштады. Сондай-ақ осы жердегі алаш аллеясына жеті түп тал көшетін отырғызды.

«Жаһанша ізімен» экспедициясы Сырым батыр шыққан төбеге арнап қойылған ескерткіш белгі тұсынан Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұловты жолықтырды.

– Экспедицияның жолға шыққанын әлеуметтік желі арқылы білдік. Жер-су атаулары жазылған белгілердің маңына тоқтап, тарихымызға қатысты тартымды деректерді баяндап, оны әлеуметтік желіде бөлісіп келе жатқандарыңызға аса ризамыз. Ауданымызға қош келдіңіздер! Еңбек демалысында жүрмін. Қалаға жол тартып бара жатып, өздеріңізді көргенде ризашылығымды білдіру үшін арнайы аялдадым, – деген аудан әкімінің орынбасары аудан тарихына, Сырым батыр тақырыбына қатысты тұшымды әңгіме өрбітті.

Экспедиция сапары әрі қарай Жымпитыдағы Алаш мұражайы, Алаш саябағы, Жаһанша Досмұхамедовтың есімі берілген жалпы білім беретін орта мектепте, сондай-ақ Жаһаншаның кіндік қаны тамған туған жері Бұлдыртыда жалғасын тапты. Ұстаздар мен студенттер алаш қайраткерінің туған ауылы Қарақұдық елді мекенінің тұсына қойылған ескерткіш белгіге және Бұлдырты орта мектебіндегі музейге де ат басын тіреді. Экспедиция Қаратөбе ауданы орталығындағы осыдан жүз жыл бұрын алаш сиезі өткен жерде мәресіне жетті. Тарихта Қаратөбе сиезі деген атпен қалған Орал қазақтарының үшінші сиезі өткен ескі мешіт орнына бұл күнде ескерткіш белгі орнатылып, саябақ салынған. Экспедиция мүшелерін қарсылаған Сырым және Қаратөбе ауданындағы музей меңгерушілері, мектеп директорлары алаш тарихын насихаттауды мақсат тұтқан топқа жоғары ілтипат танытты. Жорықшылар таң атқаннан күн батқанға дейін созылған сапардан мол тарихи мағлұмат, айрықша әсер алғандарын айтады.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Әйел затына қай жасқа дейін босануға болады?

Күні: , 135 рет оқылды

— Төртінші сыныпта оқитын қызым есіктен кірген бойда мені көріп, еңіреп жылап қоя берді. Тұла бойым қалтырап шошып кеттім. «Не болды, тыныштық па?» деймін сабыр сақтауға тырысып. «Мама, сен өліп қалмайсың ба?» — деді ол көз жасын сүрткілеп жатып. «Е, жоқ, оны бір Құдай біледі», — дедім. Ол бір жыласа тоқтамайтын әдетіне басып, тағы да өксіп жылауын үдете бастады. Кенжемді бауырыма қарай тартып, қапсыра құшақтап: «Саған мен өледі деп кім айтты?» — дедім жаймен. «Сара (сыныптасы) айтты, менің анам жап-жас, сенің мамаң ертең өледі, кемпір деп. Мұны оның мамасы айтыпты», — деп мені тығырыққа тіреп тастады. «Қой, жамандық шақырмай. Сен өскенше Жаратқан ием жар болсын, өлмеймін», — дедім бейнебір Құдаймен келісімшарт жасағандай. Сенімді сөйлегенім мұндай абзал болар ма, жылауығым көз жасын тыйғандай болды.  Ал менің «қырық жамау» жүрегім ауырып кетті…

Осы оқиғадан кейін мен кенжемнің болашағы қалай болар екен деп жиі ойланатын болдым. Бұрын да ойлайтынмын, енді Жаратқаннан балапанымның аман-есен өсіп, адам қатарына қосылғанша ғұмыр беруін ұдайы тілейтінді шығардым. Әрине, әркім өзі шешеді, 40-тан кейін бала көтеру, яки көтермеу керектігін. Балапаныма кездейсоқтық болмаса, оның өмірге келмеуі мүмкін екендігін аздап түсіндіргендей болдым. “Сені маған Құдайдың өзі берген!” дедім.

Расында, қызым өмірімді қуанышқа бөледі, өмірге деген құштарлығым артты. Бірақ мен оның өзі құралпы достарының анасының егде емес, естиярлау екенін бетіне басатынын ойламаппын. Өйткені мен адамдардың, соның ішінде балапандардың мұндай сөз айтатынын білмеппін. “Бала – үйдегі үлкендердің айнасы” дегенді ұмытпайықшы, — деп сырын ақтарды 52 жастағы құрбым.

Балалық бал дәуреніміз Тайпақ ауылындағы (ол кездегі Калмыков) Кеңес Одағының Батыры Темір Масин көшесінде өтті. Ондағы көршілеріміздің барлығында дерлік алды 9-10, соңы 7-8 баладан болды. Бірге туған бауырлар бір-бірімізді жетелеп жүріп есейдік. Марқұм анам кенжесін 39 жасында тапты. Оның рекордын жаңартқандар барын ес біліп, етек жапқаннан кейін білдік. «Қырық деген не тәйірі, алтын құрсақ аналарымыз 50-55 жасында босанып, талай құлыншаққа мына дүниенің қызығын көру бақытын сыйлады. Даңқты батыр атамыз Бауыржан Момышұлын анасы 52 жасында тауыпты», – дейді әзіл-шыны аралас бір әріптесім. Бірақ соңғы жылдары дәрігер мамандар 40 жасты ауызға алмақ түгілі, босану жасындағы кейбір әйелдердің денсаулықтары бала табуға жарамсыз деп шырылдайды. Ақ халаттылар 39 жастан кейінгі әйелден Даун синдромы бар бала туу қаупі зор  екендігін төндіріп айтады. Жалпы, дәрігерлер отбасын жоспарлау керектігін, оның ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталған кешенді шаралар екенін айтудан талмайды. Нақ осы мәселемен облыс орталығындағы және ауыл-аудандардағы барлық дәрігерлер айналысады. Тек акушер-гинеколог емес, терапевт, ревматолог, кардиолог, хирург, травматолог, окулист және өзге де дәрігерлер бұл мәселеге көз жұма қарамайды. Өйткені экстрагенитальды патологияның (жүрек-қантамыр жүйесі, зәр шығару, тыныс алу, асқорыту, эндокриндік жүйе аурулары) жүктілік пен босануға және бойға біткен шаранаға әсері айтарлықтай болады екен.

Әдетте біз Израильде үйленетін екі жас дәрігерлік тексерістен өтіп, денсаулықтарын тексертеді, содан кейін ғана бәрі дұрыс болса, отау құрып, бала сүюге екеуі де дайындалады екен деп таң-тамаша боламыз. БҚО перинатальдық  орталықтағы кеңес беру-диагностика бөлімінің меңгерушісі Гүлбаршын Жұбанова біздің елімізде де бала көтермес бұрын ерлізайыптылар дәрігерлік тексерістен өтіп, дайындалуы керек деген ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2012 жылғы 3 шілдедегі «Жүкті, босанатын, босанған әйелдерге және ұрпақты болу жасындағы әйелдерге медициналық көмекті жетілдіру шаралары туралы» №452 бұйрығы бар екенін айтады. Тек бұл талаптың қағаз жүзінде қалып отырғаны өкінішті-ақ…

— Неге мұндай талап қойылатынын түсіндірейін. Мысалға айтсам, бір кездері туберкулезбен сырқаттанып, одан айыққан әйелдің аяғы ауыр кезінде қан айналымының жақсаруы әсерінен сол бұрынғы ауруы қозуы ықтимал. Сондықтан алдымен дәрігерге көрініп, содан кейін бала көтеруді жоспарлағаны жөн. Алайда бізде іс жүзінде бұлай болмайды. Жаңа қабылдауда болған жас әйелдің жүрегінде ақауы бар екенін аяғы ауырлағаннан кейін анықтап, аман-есен босануы үшін Алматы қаласына жолданды. Дұрысында, ол кісі әуелі жүрегіне ота жасатып, содан кейін бала көтеруі керек еді, – деді Гүлбаршын Тұрғанқызы.

Оның айтуынша, бала тууға рұқсат етілмейтін обыр дерті бар әйелдер де бала көтеріп қойып, содан кейін перинатальдық орталыққа келетіні бар. Мұнда оларға жағдайыңыз мүшкілденіп кетеді деп түсіндіргенмен, көбісі жүктілікті тоқтатуға өлсе де келіспейді. Мысалға, қант диабетімен, бір бүйрегі ғана жұмыс істейтін, екіншісі семіп кеткен, туберкулезбен ауыратын әйелдер сәбилі болуға ұмтылады. Сондықтан дәрігер-мамандардың консилиумын өткізіп, әлгіндей сырқаты бар жүкті әйелдерді ауруханаға жатқызып, тума-туыстарына қиын жағдайды түсіндіреді. Бірақ көп жағдайда аналар жүктілікті үзуге әсте келіспейді.

— Баланы дүниеге әкелу оңай емес, бір перзентті сүйгеннен кейін екінші жүктілікке 2,5 жылдан кейін  барған дұрыс. Бізде қызық, сәбиі кесарь тілігімен алынған жас ана 5-6 айдан кейін «аяғым ауыр» деп келіп тұрады. Бұлай болмауы керек, бұл негізі учаскелік акушер-гинекологтың тікелей жұмысы, яғни жоспарсыз бала табудың қиындығы көп. Дені сау анадан сау бала туады. Ал аурулы, әлсіреген әйелден денсаулығы нашар, дімкәс сәби туатынын естен шығармауымыз керек. Сондықтан әр әйел кездейсоқ жүктіліктен қорғануды, контрацепция әдістерін білгені жөн, — дейді Гүлбаршын Жұбанова.

Отбасын жоспарлауға бедеулікті емдеу, жүктілікті сақтау жұмыстары жатады. Облыстық перинатальдық орталықтағы кеңес беру-диагностика жасау бөлімінде дәрігер, акушер-гинеколог жүктілік кезіндегі емдеу, алдын алу жұмыстарын жүргізеді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Оңтүстік кәріс елінде білімін жетілдіріп келген жас маман қыз-келіншектерді бедеуліктен емдейді. «Бүгінде бедеу жұбайлар қатары көбейіп тұр. Әдетте ер-азаматтар өздерін аурудан адамыз, бар кінәрат зайыбымызда деп ойлайды, ал іс жүзінде  бедеулік соларға тән болып шығады. Сондықтан бедеуліктен әйелдерді емдеу барысында олардың жұбайларын да қоса шақырамыз. Жыл сайын ондай әйелдер экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасымен ЭКҰ-ға тегін жолданады. Биылдың өзінде 31 ақ жаулықты ЭКҰ-ға жолдама алды. Сондай-ақ  бедеулікпен қатар бір емес, 6-7 рет түсік тастайтын аналардың көбейгені жасырын емес. Олар да бізде емделуі тиіс. Алайда кейбір аудандарда акушер-гинеколог жоқтығынан түсік тастайтын қыз-келіншектерге қалаға жолдама уақтылы берілмейді. Оларды бала көтермей тұрған кезде емдемесе, аяғы ауыр болған соң жүргізілген ем-домның пайдасы шамалы», — деді бөлім меңгерушісі.

Дәрігерлердің айтуынша, өңірімізде жыл санап туабітті әр түрлі дертке шалдыққан сәбилер көбейіп келеді.

Әйелдердің барлығы өздерін деніміз сау деп санағанымен, 35 жастан асқан әйелдің баланы дүниеге әкелуіне жас факторы әсерін тигізеді. Сондықтан бірқатар көрсеткіш тізбесі бойынша генетик маманның кеңесіне жүгінеді. Перинатальдық орталықта екі генетик жұмыс істейді.

Аяғы ауыр келіншектер УЗИ-ден үш рет өтеді. Өйткені шарананың дамуындағы кейбір кемістіктер жүктіліктің бастапқы айларында, ал кейбір аурулар жүктіліктің кейінгі айларында анықталады. Мысалға, қасқыр ауыз, қоян ерін секілді кемістіктерді ота жасау арқылы түзетуге болады. Одан басқа ота жасаумен түзетілмейтін кемістіктер болады.

Ондайды анықтағанда барлық мамандармен консилиум өткізіліп, келісіп ем-дом жүргізеді. «Биыл да жылдағыдай дүние есігін ашқан сәбилердің туабітті аурулары ішінен жүрек ақауы бірінші орында. Бұл тек БҚОда емес, күллі еліміз бойынша осындай күрделі жағдай қалыптасқан. Облыстық кардиологиялық орталықта балалар кардиохирургі жұмыс істейді. Алдағы жылдан бастап жүрек ақауымен туған балапандарға ота жасау мүмкін болмақ», – деді Гүлбаршын Тұрғанқызы.

Облыстық перинатальдық орталықтағы кеңес беру-диагностика жасау бөлімінде өңірдегі тәуекел тобына жататын әйелдерге қызмет көрсетеді. Орталыққа экстрагенитальды патологиясы, яғни түрлі аурулы, сонымен қатар акушерлік аурулары бар (шарананың орналасуы т. б.) әйелдер жолдамамен келеді. Соңғы кездері нәзік жандылар арасында жатыр мойны обыры ауруы кең тараған. Мұндай ауру жандарға мамандандырылған бөлме жұмыс істейді. Орталықта УЗИ скринингтер, шарананың жағдайын анықтайтын құрал-жабдықпен кардиотохография, Даун кеселін анықтайтын биохимиялық скрининг жасалады. Даун дертін, жалпы хромосомдық ауруларды анықтауға анасының қаны материал ретінде алынады. Кейде қажет болғанда жүкті ананың құрсағындағы суды УЗИ-дың бақылауымен шприцпен алып, (ИПД) зертханада зерттейді. Бұл негізі қымбат тұратын әдіс, барлық өңірде мұндай зерттеу жүргізілмейді.

— Соңғы кездері бала туу жасынан, яғни 35-тен және 40-тан асқан әйелдер арасында бала табуға деген ұмтылыс күшті. Соған орай дені сау бала туу тәуекелі де өсуде. Бұл анаға да, балаға да қауіпті. 35-тен асқан әйелдерден хромосомдық потология ұлғайып, туабітті аурулы бала туу қаупі зор. Жақында жеті баласы бар қырықтан асқан ана келді. Өзінің денсаулығы нашар, сақтанбадыңыз ба дейміз. Көбінесе олардың айтатын жауабы біреу: «Білмедім, болып қалды. Өлтіре алмаймын ғой». Бірақ «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, бірдеңе болып қалса, ана шиеттей ұл-қызды кім өсіреді? Осы жағын да ескеру керек қой, — деді  Гүлбаршын Жұбанова.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


«Электр бақташы» көмекке келді

Күні: , 152 рет оқылды

Баламалы қуат көзін пайдаланып отырған ақжайықтық «Дария» шаруа қожалығы малды «электр бақташымен» бағуды қолға алды.

Желі қобыздай сарнаған, шөлейтті аймаққа жататындықтан, жазы ыстық, қысы аса қатты Тайпақ ауылдық округінде төрт түлік мал өсіру оңай шаруа емес. Атыраулық Кенған Шененов осы округтегі Жүндіқұдық қыстағына төрт жыл бұрын көшіп келіп, ұлдарымен бірге «Дария» және «Заңғар» шаруа қожалықтарын құрып, мал өсіруді қолға алды. Әкелі-балалы шаруагерлерді шаруақор деп қана емес, жаңашыл шаруа адамдары деп құрметтеуге болады. Олар сары далаға алдымен күн сәулесінен қуат алатын тұрғын үй салды, содан кейін малды «электр бақташыға» бақтырудың қисынын келтірді.

— Бұрындары малды велосипедпен, жаяу бағатынбыз. Бүгінде ауыл тұрғындарының қырға барып мал баққысы жоқ.  Сондықтан малды «электр бақташыға» сеніп, бақтыруды қолға алдық, — деді Кенған Шененов. «Электр бақташы» дегені — айналасына баламалы қуат көздерінен қуат алатын сымдар тартылған қоршау. Бұл қоршаудың ұзындығы – 8, ені төрт шақырымды құрайды. Қоршаудың ішінде 100 бас ірі қара шашау шықпай, бағылады. Мал қоршаудан шыққысы келіп «тәртіпсіздік» жасайтын  болса, онда қоршаудың сымы арқылы әлсіз тоқ ұрып, денесін дірілдетеді. Шаруа адамы мұндай тоқтың ешбір залалы болмайтынын айтады.

«Дария» шаруашылығы 134 асыл тұқымды ірі қара, 230 жылқы, «Заңғар» шаруа қожалығында 25 ірі қара, 70 жылқы, төрт түйе өсірілуде. Кенған Шененов ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен мал бордақылау алаңын салуға ниеттеніп отыр.

— Тайпақ ауылдық округіндегі 58 шаруа қожалығының төртеуі ғана өсімдік шаруашылығымен айналысады, ал өзгелері мал өсіреді. Бүгінде олардың 15-і баламалы қуат көзін пайдалануға қам жасауда. Ал жалпы Ақжайық ауданында 50 шаруашылық инновациялық технологияны пайдалануда. Тек биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ауданда 18 шаруа қожалығы 19 модульдік гибридтік сорғы стансасын орнатты. Стансалар күн сәулесінен, желден қуат алады, – деді Ақжайық аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Сердалин.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика