Мұрағат: 19.10.2018


Бәйтеректің бәсі биік!

Күні: , 29 рет оқылды

Еліміз егемендік алып, еңсемізді тіктегеннен бастап облыс, қала, аудан-ауылдарды, тіпті көше атауларының ана тілімізде жаңғыртылуына жете мән берілуде. Кезінде  аты өзгерген қазақтың жер-су атауларын қайтадан бұрынғы қалпына келтіру, тарихи-географиялық атауымен қайта атау басты мәселелердің біріне айналды.

Біз  «Жер тарихы – ел тарихы» деп елді мекендердің атауларына ежелден мән берген халықпыз. Патшалық, одан кейінгі кеңестік отарлаудың екпінімен байырғы халықпен есептеспей, өзгертілген тарихи жер-су атауларын қайтару туралы айтыла бастаса, бұл жаңалыққа қарсы шығатындардың  да  болатыны  рас.

Дейтұрғанмен, соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысы көлеміндегі бірқатар жер-су, аудан-ауылдар мен көшелер атауларын қазақыландыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Өткен қыркүйек айының-ңында облыс орталығына іргелес орналасқан Зеленов ауданының атауы «Бәйтерек» деп өзгеретін көрінеді деген хабар қалың жұртшылықты елең еткізгені анық. Жағымды жаңалыққа тек сол ауданның тұрғындары  емес, бүкіл батысқазақстандық ағайын қуанды десек, артық айтқандық емес. Сол өңірдің жастары қозғаған ұсыныс әуелі аудан жұртшылығы тарапынан қолдау тапты. Сонымен қатар аудандық тұрақты комиссия мұны бірауыздан қуаттап, Зеленов ауданы әкімдігі мен мәслихаты біріккен қаулы мен шешім қабылдады. Жаңа бастаманы Батыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаттары да бірауыздан қолдап, Үкімет жанындағы ономастикалық комиссияның қарауына  жіберген болатын.

Жақында іссапармен Зеленов ауданында болғанымызда, ауыл белсенділері мен қарапайым тұрғындардың аудан атауын өзгерту туралы ой-пікірлерін де біле келуді жөн көрдік.

– Бұл тек бүгінгі күні қозғалып отырған түйткіл емес. Сонау 2010 жылы аудан орталығындағы мәдениет үйінде өткен халық жиынында аудан атауын қазақылау туралы ұсыныс айтылды. Сол кезде аудан орталығының тұрғындары мен әрбір ауылдық округтен келгендер аудан атауын «Бәйтерек» деп өзгерту туралы ұсынысты бірауыздан қолдаған болатын. Бірақ сол жылдары жер-су атауларын өзгертуге жарияланған мораторийге байланысты бұл жұмыс тоқтап қалды. 2015 жылы бұл мәселе қайта қозғалып, ауданға қарасты 22 ауылдық округте жиындар өткізіліп, тұрғындардың ұсынысы тыңдалды. Аталған ауылдық округ тұрғындары түгелге  жуық аудан атауын өзгертуге келісімдерін берген-ді. Бірақ ол жұмыстың да соңы «сиырқұйымшақтанып» кетті, – дейді аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қадырбай Абдушев.

Ауыл ақсақалының айтуынша, 1939 жылы сол кездегі Камен ауданын екіге бөлудің нәтижесінде Зеленов ауданы құрылған. Осы кезеңде өз алдына бөлініп шыққан жаңа ауданның орталығын белгілеп, атауын қою мәселесі туындаған. Ал Зеленов деген сол кездегі бір май зауыты, екі кірпіш зауыты, машина-трактор стансасы бар ірі шаруашылық болған. Сол себепті Зеленовты аудан орталығы қылып таңдаған (қазіргі Зеленый ауылы). Кейін 1940 жылдары аудан орталығын Оралға біртабан жақындату мақсатында Переметный ауылына көшірілген екен.

Енді «Зеленов» сөзі қайдан шыққан деген орынды сауал туады. Ел аузындағы аңыздарға сенсек, «Зеленов» совхозы сол кездері жасыл желекке көмкерілген ауыл болса керек. Соған байланысты Кеңес дәуірінде оның атауы «зеленый», яғни «жасыл ауыл» деген мағына береді екен. Ал кейін қазақыланып аталғанда «ё» қарпі пайдаланылмағандықтан, «Зеленов» болып шыға келген. Бұрынғы тарихын білмейтіндер бұл атауды белгілі бір тұлғаның арғы тегі деп те түсінеді екен.

– Елбасымыз бірер жыл бұрын өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялады. Соның нәтижесінде халқымыз өткенін саралап, жоғалтқанын түгендеуде. Биылғы жылы аудан жастары аудан атауын өзгерту туралы түйіні шешілмеген түйткілді қайта қозғады. Бұл жолы халықтың да, құзырлы мекемелердің де тарапынан қолдау тапқандай. Аудан атауын өзгерту туралы тұрғындардың ойпікірін білу мақсатында ұйымдастырылған жиынға 150-ге жуық адам қатысты. Басқосуда мінберге шыққандар Зеленов ауданының атауын «Бәйтерек» деп өзгерту туралы ұсыныстарын айтты. Әрине, жиынға қатысушылар түгел қолдай кетті деп айтудан аулақпын. Бірен-саран қарсы шыққан тұрғындар аудан атауын өзгертпеу керектігі туралы дәйекті, тұшымды себеп айта алмады. Тіпті Людмила Логвинец есімді ауыл тұрғыны «Аудан атауының өзгеруінен шошитын дәнеңе де жоқ. Қыз бала бойжеткен соң тұрмыс құрып, жарының тегін алады. Ол бәріміздің басымыздан өткен жағдай. Басында үйренісе алмайсың. Кейін бұрыннан сол текте жүргендей  сияқты болып кетесің» деген ұсынысын айтты. Бүгінде аудан тұрғындарының 90 пайызға жуығы атаудың өзгергенін қолдап отыр. Ал қарсылық білдіріп жүргендер дәлел-дәйексіз жайттарды сылтауратып жүр. Оларда «аудан атауы өзгерген жағдайда құжаттарды өзгерту керек болады, ол дегенің әр отбасы үшін қып-қызыл шығын» деген қате түсінік бар. Ал әкімдік пен халыққа қызмет көрсету орталығы мамандары құжат ауыстыруда еш қиындық та, қаржылай шығын да болмайтындығын айтып түсіндіруде. Аудан атауы ауысты екен деп төлқұжаттарды ауыстырудың қажеттігі жоқ. Ал «Бәйтерек» деген атау өз басыма қатты ұнайды. Бәйтерек – ежелгі таным бойынша жердің дәл кіндігінде өсетін, тамыры жер асты, діңі адам әлемі, басы рухтар мекені болып табылатын көк тіреген алып ағаш. Бүгінде біздің ауданда 37 ұлттың өкілі тұрады. Заман талабына сай ауданымыздың атауы өзгеріп, жаңа тынысы ашылып, көп ұлтты халық сол бәйтеректің саясында бейбіт те бақытты ғұмыр кешсе екен деймін. Осы ұсынысымыз Үкі-мет тарапынан қолдау тауып, оң шешімін табады деген сенімдемін, – деп қорытындылады сөзін Қадырбай ақсақал.

Жер-су атауы мен аудан-ауылдарды, көше атауларын қазақыландыру ең алдымен елдікке, халқымыздың болашағына, келешек ұрпаққа ауадай қажет нәрсе. Бұл – сана тәрбиесінің өзекті саласы, аса маңызды буыны. Сондықтан да жер-су, елді мекен атауын жаңғырту – мемлекеттік маңызы бар көкейкесті мәселе. Бұл бағыттағы  жұмысты ешқашан босаңсытуға болмайды.

Нұрбек    ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»,

Зеленов   ауданы

Николай АНЦИПРОВИЧ,

Переметный  ауылдық  қоғамдық  келісім  кеңесінің төрағасы,  еңбек  ардагері:

– Аудан атауын өзгерту – көптен айтылып жүрген мәселе. Жауыр болған түйткіл  талқыланған жиынға денсаулығыма байланысты бара алмадым. Дегенмен жергілікті басылым беттерінен оқып, қуандым. Бұл – заман талабына сай айтылған ұсыныс. Аудан атауының Бәйтерек деп өзгертілуі егемен елдің ертеңі саналатын өскелең ұрпақ үшін де маңызды. Өз басым талайды тамсандырған Астана қаласында төрт мәрте бардым. Әр сапарымда міндетті түрде Бәйтерек монументінде боламын. Қазақ халқы үшін киелі саналатын Бәйтерек атауын біздің аудан  иемденгені оңды шешім  болар еді.

Теміржан  ИМАНҚҰЛОВ,  еңбек  ардагері:

– Еліміз егемендік алып, еңсемізді тіктегенімізге ширек ғасырдан асты. Осы кезеңде «қазақ» деген ұлт, «Қазақстан» деген ел бар екендігін бүкіл әлем мойындады. Бұл жетістіктер Елбасымыздың салиқалы саясатының оң нәтижесі деп білемін. Небір қилы заманның салқындығынан туған жеріміздің жер-су атаулары орысшаланып кетті. Шүкір, бүгін етек-жеңімізді жинап, ата-бабаларымыздың аманатын қайтара бастадық. Елдегі шапағат біздің ауданға да тиіп, атауы өзгереді дегенді естігенде. қуанышымда шек болмады. Бұл — өте құптарлық жағдай.

Любовь  СЕБЕЛЬДИНА, ауыл тұрғыны:

– Аудан атауын өзгерту — біздің және бүлдіршіндеріміздің болашағы. Жаңашылдықты дұрыс түсінбей, қарсылық танытып жүргендер құжат ауыстыру керек деген сылтауды жалаулатып жүр. Өз басым халыққа қызмет көрсету орталығында болып, кеңес алдым. Мен жеке басымның куәлігін 2025 жылы ауыстыруым керек. Ал сол уақытқа дейін бұрынғы куәлігіммен жүре беремін. Мұндай  қате  түсініктерден  арылу керек.

Лидия  АНДРЕЙЩЕВА,  зейнеткер:

– Осы ауданда дүниеге келіп, бар саналы ғұмырымды өңірдің өсіп-өркендеуіне арнадым. Еңбек жолымды аудандық комсомол комитетінен бастап, кейін партия комитетінде бірқатар лауазымды қызметтер атқардым. Бүгінде зейнеткер болсам да, ауданның қоғамдық өмірінен қол  үзген емеспін. Ауданның атауын өзгерту біраз жылдан бері айтылып келеді. Тәуелсіз Қазақстанда тұрғандықтан, қазақ халқының тілі мен дініне, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін бағалай білуіміз керек. Аудан атауының Бәйтерек деп өзгертілуін қолдамасам, еш қарсы емеспін. Астанадағы әсем ғимаратпен біздің аудан аттас болатынына өте қуаныштымын.

Елена ШУШЛЕБИНА, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы:

– Бұл аудан біздің жанұямыз үшін өте ыстық. Менің әке-шешем де, мен де осы ауданда туып-өстік. Білім алдық, өз отбасымызды құрып, қолымыздан келгенше еңбек етудеміз. Тәуелсіз еліміз күн санап дамып, өркендеп келеді. Қазақстан жеріндегі әрбір елді мекен сол көштен қалып қоймай, алға қарай жылжып отыруға талпыну керек. Міне, біздің ауданның атауын өзгертеді деген де жақсы хабар бар. Бұл бастаманы қуана қолдаймын. Астана қаласындағы Бәйтерек монументі — біздің елдің мақтаныштарының бірі. Сол себепті  ауданымыздың тарихы терең, алып, киелі теректің атауын иемденуін отбасымызбен  толық қолдаймыз.

Әлихан  ЖАРЫЛҒАСОВ,  ауыл  тұрғыны:

– Қазақ елінде туып-өсіп, тұрмыс кешкен соң әрбір адам өз тілі мен тарихын құрметтеу керек деп ойлаймын. Мен Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын толықтай қуаттаймын. Зеленов ауданының атауын өзгерту де сол бастаманың біз арнасы іспеттес. Аудан атауын жаңғырту, орыс тілін түбегейлі жою деген сөз емес. Біз — тәуелсіз елміз. Өңірімізге шетелдерден келушілер де көп. Сондықтан  жер-су атауларының қазақ тілінде болғаны дұрыс.


«Намыстың наркескені»

Күні: , 35 рет оқылды

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Махамбет Өтемісұлының 215 жылдығына арналған «Намыстың наркескені» атты әдеби кеш өтті.

Әдеби кешке айтыссүйер көрермен көп жиналды. Елдік үшін ерлік жасаған батырдың есімін келешек ұрпақ есінен  шығармау үшін ұлы тұлғаны бүгінгі ұрпаққа ұлықтауды мақсат еткен шарада айтыскер ақындар Махамбеттің ерлігін, еліміздің  теңдігін жырларына арқау етті. Ал жас өнерпаздар Махамбеттің жырларын жатқа оқыса, жас домбырашылар халық арасына кең тараған күйлерін күмбірлетті.

Облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев рухани кештің өскелең ұрпақ үшін өнегелі іс екендігін атап өтті.

– Өршіл ақындығымен, батырлығымен, күйшілігімен халықтың ұлы тұлғасына айналған Махамбет бабамыздың туғанына биыл 215 жыл толды. Батыр бабамыздың қазақ халқының теңдігін, азаттығын алу жолындағы өнегелі істері кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалды. Дауылпаз  ақынның өлеңдері мен күйлері әлі күнге өз маңыздылығын жойған жоқ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткенімізді жаңашылдықпен алға жетелеу, Махамбет сықылды бабаларымыздың өнегелі істерін ұлықтап, болашаққа мұра қылып қалдыру біздің де міндетіміз, – деп сөзін сабақтаған Қадырболат Мұсағалиев айтыскер  ақындарға сәттілік тіледі.

Сахнада төрт жұп айтысты. Жалпы, жас ақындардың өжеттігі, орамды ұйқаспен ұтымды ой айта білуі көрермен көңілінен шыққан сыңайлы. Бір қайнауы ішінде  болғанымен, айтыс көрсек деп келген ағайынды  қиқулатып,  ұзақ қол соқтырған жас “тұлпарлар” да болды бұл айтыста. Солардың бірі – қаратөбелік 11-сынып оқушысы  Райымбек Өтепов.

Ақындардан не пайда?

Аламан топты жармаса,

Батырлардан не пайда?

Бабадан қалған жеріңді

Кім көрінген жауласа.

Домбырамнан не пайда?

Күмбірлетіп тартқанда,

Құлақ құрышы қанбаса, – деп домбырасын күмбірлетіп, сахнаға шыққаннан-ақ өзі кішкентай болса да, зор дауысымен халықты бірден баурап алған ол  өз қарсыласы, оралдық Естеміс Мұхамбетовпен жезде мен балдыздың арасындағы қағытпа қалжыңға толы әдемі  айтыс жасады. Жақында ғана Жәнібекте болған айтыста тай мініп кеткен Райымбекке Естеміс:

Кешегі Жәнібектің айтысында,

Мұрадымдай ағаңмен дауласып ең.

Жетекші апайыңды жетектеп ап,

Малы бардың шапанына жармасып ең.

«Тай берсеңдер, апайымды беремін» деп,

Айналыстың адамның саудасымен.

Содан соң ел алдында тай мінгізді,

«Апайымды берем» деп сөз байласып ең.

Мақтап, ел алдында селдей төктің,

Қулықтың да қылышын сермей кеттің.

Тайды мініп, ауылдан тайып тұрып,

Ақыры апайыңды бермей кеттің, – деп қағытты.  Ал Райымбек:

Ол рас, Ұзынкөл жақ тай мінгізді,

Қалың мал емес, бірақ жай мінгізді.

Сіздердей үлкен ақын болсыншы деп,

Бата беріп, дәстүрге сай мінгізді.

Әйтпесе, тайға беріп кететіндей,

Қаратөбе тумайды жай бір қызды, – деп зал толы көрерменді ду күлдірді.

Жалпы, әдеби кештен өнерсүйер қауымның айтысты сағынғанын байқадық. Әсіресе, бір-бірін жетектеген қариялар көп болды. Қиқулап, ақындарға дем берген де солар.  Махамбет бабамыздың рухқа толы өршіл жырлары мен батырлығы да ақындар назарынан тыс қалған жоқ.

Рух іздеп келген өнерсүйер қауымға серпіліс сыйлаған кеш соңында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, шараға қатысушылардың бәріне алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Күздік егіс алқабы ұлғаймақ

Күні: , 46 рет оқылды

Егін ору науқаны  аяқталуға  жақын. Сары даланың төсіндегі қызу  еңбек  осы  күні  қарқынды жүріп жатыр.  Астықты  қамбаға құйып, майлы дақылдарды  жинауды  аяқтап  жатқан,  күздік бидайды егіп  тастаған  диқандардың  жұмысымен  танысу  мақсатында  бейсенбіде  облыс әкімі  Алтай  Көлгінов  Зеленов  ауданында  болды.

Өңірге танымал кәсіпкер Бейбіт Асанов жетекшілік ететін «Асан Ауыл» ЖШС-ның егіс алқабындағы жұмыс барысымен танысқан өңір басшысы шаруашылықтың осы күнге дейін атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.

Қарамағындағы 10 мың гектар жердің 1000 гектарына күздік, 3000 гектарына жаздық бидай, 2100 гектарына күнбағыс еккен шаруа күнбағыстан басқа барлық өнімді жинап алған. Жаздық дақылдар гектарынан 7 центнерден өнім берген. Шығымның аздығы биылғы қуаңшылықтың кесірінен болған. Дала жұмыстарын аяқтай келген шаруа қожалығының жұмысшылары қалған 500 гектардағы күнбағысты жинау үстінде. Бүгінде алынған бидай өнімі  «Аққайнар» ЖШС-на тапсырылған.

Ал күнбағыс өнімін өңіріміздегі «Теректі май» комбинаты мен Ақтөбе қаласының шаруалары сатып алу туралы ұсынысын жасаған.

Шаруашылық басшысы Бейбіт Асанов мемлекет шаруаларды жақсы қолдап отырғандығын айтты. Үкімет тарапынан берілетін демеуқаржыларды  алып  жүр.

Биылғы дала жұмысына көңілі толатынын жеткізген өңір басшысы берекені жерден тапқан диқандарды мазалаған сұрақтарға жауап берді.

– Елбасы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына қосымша 300 млрд. теңге бөлінетінін айтты. Соған байланысты тек мал шаруашылығы емес, егін шаруашылығын да дамыту керекпіз. Бүгін шаруаларға не нәрсе қажет екенін анықтап білсек, соған сәйкес қаражат сұрай аламыз, – деген Алтай Сейдірұлы күздік дақыл егетін жер көлемін ұлғайтуды тапсырды.

Егін ғана емес, мал азығын дайындауды жақсы жолға қойған «Асан Ауыл» ЖШС-ның базасына бас сұққан облыс әкімі шөп сақтаудың технологиясымен танысып, күнбағыс және басқа да өнім сақтайтын шағын элеваторға құйылып жатқан шемекінің де сапасын бағамдады. Серіктестіктегі жұмысшылармен де тілдесті.

«Комбайн тізгіндеп, тракторлардың техникалық жағдайына жауап беретін жұмысшылардың еңбегін бағалауымыз керек. Өйткені дала жұмысының барлық машақаты осы кісілердің мойнында», – деді Алтай Сейдірұлы.

Зеленов аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерікқали Бисақаевтың айтуынша, биыл аудан шаруалары 230 мың гектар алқапқа егін еккен. Оның 41 мың гектары күздік, 147 мың гектары жаздық бидай, 26 мың гектары майлы дақыл. 3,5 мың гектар бақша және 47 мың гектар жерді мал азығы алып жатыр. Барлық дақылды жинап болған шаруалар орылып жатқан майлы дақылдарды «Теректі май» зауытына тапсыруды көздеп отыр. Күнбағыстың шығымы да  жақсы. Былтыр гектарынан 8 центнерден өнім берген болса, биыл 10 центнерді  құрап  отыр.

Түгелбай   БИСЕН,

Зеленов   ауданы


Чемпиондар ескерусіз қалмайды

Күні: , 33 рет оқылды

Облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла Оспанқұлов  ағымдағы  жылдың  10-16 қазан күндері  Орал  қаласында  ауыр атлетикадан өткен  17 жасқа  дейінгі  жасөспірімдер  арасындағы ел  чемпионатының  жеңімпаздары  Өтепберген Әлиев пен  Виктор  Тарасовты  қабылдады.

Ғабидолла Абдоллаұлы жас спортшыларды жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта өтетін халықаралық сайыстарда сәтті өнер көрсетулеріне тілектестік білдіріп, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Өз кезегінде облысымыздағы ауыр атлетика бойынша жаттықтырушылар Дәурен Байтөриев пен Дәурен Жалғасбаевтар спортшыларға құрмет көрсеткені үшін облыс басшылығына ризашылықтарын  білдірді.

Облыс  әкімінің  баспасөз қызметі


Әсия АМАНБАЕВА: «Сала басшысы ретінде қызметкерлерге үш талап қоямын…»

Күні: , 83 рет оқылды

Елбасы жуырда жариялаған Жолдауында бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру және әр облыста кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырған болатын.  Осыған орай Ақ Жайық өңірінде қандай жұмыстар  қолға алынады? Бұқаралық спорттың дамуы қалай? Осы және өзге де түйткілді сауалдарға орай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаевамен тілдескен едік.

– Бұқаралық спортты дамытуда заманауи жабдықталған спорттық кешендердің маңызы зор. Соған орай жуырда «ҚПО б. в.» компаниясының есебінен Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды. Мұнда шаңғы жарысы, допты хоккей секілді қысқы спорт түрлері дамымақ. Тұрғындар көп шоғырланған аудандарда спорттық кешен салу жұмыстары жүйелі қолға алына бастады. Биылғы жылдың тоғыз айында жергілікті бюджет есебінен Ақжайық ауданында сегіз, Бөкей ордасында бір, Жаңақала ауданында үш, Жәнібек ауданында бір, Зеленовта бес, Қазталов ауданында бес, Сырым ауданында екі, Орал қаласында бес спорттық алаң ашылды. Биылғы жылдың соңына дейін облыс бойынша 23 спорттық алаң салу жоспарлануда, оның бесеуі Оралда, 18-і аудан орталықтары мен ауылдық округтерде бой көтермек. Елбасының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында биылғы жылдың тоғыз айында 95 304 адамның қатысуымен облыста 2052 спорттық-бұқаралық шара өтті. Сонымен қоса 2481 адамның қатысуымен 24 республикалық және халықаралық жарыс ұйымдастырылды, – дейді  Әсия  Аманбаева.

Сондай-ақ велоспорттан, байдарка мен каноэ есуден соңғы 20 жыл бойы өткізілмеген рес-публикалық жарыс Оралда былтыр өткен. Соның арқасында жасөспірімдер мен жастардың атал-мыш спорт түрлеріне деген қызығушылығы  артқан.  Айта кетсек, биыл Азия ойындарында байдарка мен каноэ есуден батысқазақстандық спортшылар бір алтын, бір күміс медаль иеленген болатын.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы жылдың ақпан айында облысымызда тұңғыш рет «Қансонар – 2018» республикалық турнирі ұйымдастырылған еді. Еліміздің 13 аймағынан 30-ға жуық  құсбегі қатысып, жарыс жоғары деңгейде өтті. Сол секілді Оралда қысқы президенттік көпсайыстан, шорттрек, шайбалы хоккей, волейбол, тоғызқұмалақ, дойбы, грек-рим күресі, самбо секілді спорт түрлерінен турнирлер сәтті ұйымдастырылып, басқарма ұжымы ҚР спорт федерацияларының алғысхаттарына ие  болған.

Соңғы тоғыз айда жасөспірімдер мен жастар арасында спорттың 31 түрінен облыстық деңгейдегі  76 жарыс өтіп, оған 7946 адам қатысқан. Өткен жылмен салыстырғанда, ұйымдастырылған жарыстардың саны 15-ке, қамтылған адам саны 330-ға өсіп отыр.

Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында басқарма басшысы спорт түрлеріне бөлінген қаржының жариялылығы қамтамасыз етілетінін және жоспарлы жарыстардың барлығына облыс спортшылары қатысқанын  айтты. Биылғы жылдың тоғыз айында Азия чемпионатына қатысқан 14 батысқазақстандық  спортшы алтын  жүлдеге  ие  болған.

– Мен басқарма басшысы ретінде қарамағымдағы қызметкерлерге үш түрлі талап қоямын. Біріншісі – спорттық жаттығу жоспарланған нысанды кез келген уақытта барып тексеруім мүмкін. Егер ол жерде бапкер болмаса, не кешігіп жатса, бұл жағдайды  ескерусіз қалдырмаймын. Сондай-ақ бапкер оқушылармен жарыстарға барып келсе, үш күн ішінде іссапар қағазын тапсыруы керек. Екіншіден, спортқа  бөлінген қаржының тиімді және нәтижелі жұмсалғанын қадағалаймын. Үшіншіден, спорт ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері, бапкерлері өзінөзі дамытуы керек. Былтырдан бері облыстық басқарма мамандарымен аудан-ауылдарды аралап, спорттың дамуына талдау жасап келеміз. Кей аудандарда спорттық кешендер ескі, кейбір спорт түрлерінде зейнетке шығайын деп жүрген бапкерлер өзінен кейін мамандар даярламаған. Ұрпақтар сабақтастығы міндетті түрде болу керек.  Биыл аудан-ауылдарда жаңадан 27 спорттық бөлімше ашылды. Олардың ішінде таэквондо, грек-рим күресі, шайбалы хоккей, бадминтон, садақ ату секілді спорт түрінен секциялар бар. Қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында бес ауданда допты хоккей бөлімшелері ашылды. Мұны үлкен жетістік деп айтар едім. Сондай-ақ биыл облыс бойынша 20 оқушы Қ. Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжіне оқуға түсті. Оның төртеуі ШҚО-ның Риддер қаласындағы қысқы спорт түрлерінен олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде оқиды. Бұлар  – біздің болашағымыз.

Биыл М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың дене шынықтыру және спорт бөліміндегі студенттер тұңғыш рет облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында тәжірибеден өтуде.

Спортшыларымыздың жетістігіне тоқталсақ, былтыр ҚР чемпионатында 158 спортшы чемпион атанса, биылғы жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 108-ге жетті. Ал әлем кубогында былтыр үш адам алтын алса, осы жылдың тоғыз айында төрт спортшы алтынға ие болды. Халықаралық турнирде батысқазақстандық спортшылар былтыр 12, биыл 28 алтын медаль алды, –  дейді  Әсия  Рақымқызы.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Эдуард   ЛАПШИН,

 академиялық  ескек есу бойынша БҚО-ның  аға бапкері:

– Облыста бұқаралық спорт дамып келеді.  Спорттық  кешендер де халықтың тығыз орналасқан аудандарына салына бастады. Спортқа деген қызығушылығын арттыру  мақсатында облыстық  дене  шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан материалдық қолдау көрсетіліп келеді. Айта кетсек, спорт саласында жетістікке жеткен жасөспірімдер мен жастарға ай сайын 30 000-60 000 теңге көлемінде шәкіртақы берілуде. Бұл жауапкершілікті жас спортшымен қатар олардың ата-аналары да сезініп, перзентінің жаттығуға уақтылы келгенін қадағалайды.

Досым   ҚУАНАЕВ,

баскетболдан  облыстың   аға  жаттықтырушысы:

– Өңірде барлық спорт түрлері дами бастады. Орал қаласында жыл сайын республикалық, халықаралық додалар ұйымдастырылуда. Биыл Орал қаласында тұңғыш рет баскетболдан Қазақстан чемпионатын өткіздік. Республикалық командалар арасынан үздік үштікке іліктік. Жастардың баскетбол мен стритбол ойнауға деген қызығушылығы жоғары. Бұл жасалған жұмыстардың нәтижесі деп білемін.

Мұсабек   НАРЕГЕЕВ,

әйелдер  күресінен  облыстың  аға  жаттықтырушысы:

– Батысқазақстандық Екатерина Ларионованың олимпиададағы жеңісінен кейін әйелдер күресімен жаттығатын жасөспірімдер саны артты. Әдетте ел чемпионатында бір алтын бұйыратын еді, биыл үш алтын, бір қолаға ие болдық.  Түрлі жарыстардан қалмай қатысып келеміз. Жас спортшыларымыз жуырда  қазақстандық әйгілі спортшы Гюзель Манюровамен кездесті. Бұл кездесу оларға тың  күш-жігер сыйлады деп ойлаймын.


«Құрылысшылар аллеясының» негізі қаланды

Күні: , 40 рет оқылды

Орал қаласының С. Сейфуллин атындағы тынымбағында «Ағаш отырғыз – тамырыңды тереңге  жай» атты республикалық акция  аясында шара өтті. Жұма күні ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Б. Азбаев арнайы қатысты.

Шара барысында  құрылыс, жер қатынастары, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары, сәулет-құрылыс бақылау басқармалары 30 түп шырша отырғызды.

– Аталған акцияға орай әр мекеме өз қаражаттарына шырша сатып алып, осы жерге отырғызуда. Бұл шыршаларды әрқайсысы өздері күтіп, баптайтын болады. Тынымбақ маңындағы осы орынға алдағы уақытта «Құрылысшылар аллеясы» деген атау бермекпіз, – дейді БҚО құрылыс басқармасының басшысы  Алтынбек  Қайсағалиев.

Есенжол  САНСЫЗБАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Студенттерге «Бір терезе»

Күні: , 67 рет оқылды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылды.

Батыс өңірдегі бірінші орталықтың ашылу салтанатына облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен іске қосылған студенттерге қызмет көрсету орталығы университеттегі бес мыңнан астам білім алушыға «бір терезе» қағидаты бойынша уақтылы және сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында құрылған.

– Баршамыздың алдымызда тұрған маңызды міндеттің бірі – білімнің сапасын арттыру. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы жастардың сапалы білім алуына ерекше көңіл бөлуде. Мемлекет өз тарапынан жастарға зор қолдау көрсетіп, көптеген мүмкіндікті ашып жатыр. Ең басты қамқорлық – білім алуға, өз біліктілігін жетілдіруге жасалған мүмкіндік. Сандық технология үздіксіз дамып келеді. Студенттерге қызмет көрсету орталығы құжат мәселесіне уақыт жоғалтпай, алаңсыз және сапалы білім алу үшін жасалған жағдай, – деді Алтай Көлгінов.

Студенттерге қызмет көрсету орталығын ашу арқылы «Смарт университет» атты үлкен жобамызды бастаймыз. Білім алушылармен қатар оқытушыларымызда бұрынғы қиындықтардан құтылып, көптеген қызмет түрлерін бір жерден жедел әрі жеңіл ала алады. Цифрландыру бағытындағы жұмыстар болашақта да жалғасын табады, – деді университет  ректоры  Асқар  Нәметов.

 Студенттерге қызмет көрсету орталығы білім алушылардың өтініштерін, түрлі анықтамаларды қарастыру, беру, алу кезінде жылдам және сапалы көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Осылайша қызметтерді алуға кететін уақыт шығынын қысқартады. Оған қоса СҚКО қағаз жүзіндегі құжат айналымын едәуір қысқартып, «адам факторы» мен құжаттардың жоғалып кетуі, мәліметтердің қате толтырылуы сияқты көптеген олқылықтардың алдын алады. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын түрлі келеңсіздіктердің туындауына жол бермейді және оқу үрдісінің ақпараттық ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етеді.

Университеттегі академиялық мәселелер жөніндегі басқарма басшысы Жанна Құбашеваның айтуынша, СҚКО-да қызмет көрсету үрдісі мейлінше оңтайландырылған. Бес факультеттің әрқайсысына арнайы терезе жасақталған, тағы бір терезеде құрылым басшысы мен есепші қызмет көрсетеді. Анықтамалар мен транскриптер, диплом түпнұсқаларын беру бойынша 11 қызмет, білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеу бойынша 4 қызмет, гранттар мен шәкіртақыларға өтініштерді қабылдау мен оқу ақысын нақтылауға қатысты 4 қызмет, ауысулар, қайта қабылдау, академиялық демалыс пен оқудан шығу мәселелеріне байланысты 7 қызмет, академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға орай 4 қызмет және өзге де қосымша қызметтерді қосқанда барлығы 35 қызмет  түрі  көрсетіледі.

1 қаңтардан бастап студенттер бұл қызметтерді онлайн режімде де ала алады. Әр студенттің тек өзі білетін құпия сөзбен құлыптанған жеке кеңсесі болады, оның ішінде білім алушының жеке мәліметтерімен қатар оқу үрдісіне қатысты барлық мағлұмат жинақталады. Айтпақшы, студенттерге қызмет көрсету орталығының көмегіне университеттің бұрынғы түлектері де жүгіне  алады.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Киік мүйіздері жойылды

Күні: , 76 рет оқылды

Орал қаласы маңында киік мүйіздері мен дериваттары ашық түрде жойылды.

Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясының қоғаммен байланыс маманы Мұхит Сүттібаевтың айтуынша, киік мүйізінің заңсыз саудасына қарсы мұндай шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

 Аталмыш ассоциация биылғы ақпан айында киік мүйіздері мен дериваттарын ашық түрде жою жөнінде барлық облыстардың ішкі істер басқармаларына хат жолдаған болатын. Солардың ішінде бұл ұсынысты бірінші болып БҚО ішкі істер департаменті қабыл алды.

«Алдағы уақытта БҚО-ның осы тәжірибесін басқа облыстарға таратуды көздеп отырмыз. Бұл мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығын танытады. Сонымен қатар соңғы кезде ұсталған браконьерлер арасында құқық қорғау қызметкерлерінің болуы осы мәселенің өте өзектілігін көрсетеді. Тағы бір қадап айтатын жайт, киіктің дериваттары мен мүйіздерін сатуға, одан тіпті табиғат қорғау мақсатында пайда табуға тыйым салынған», деді М. Сүттібаев.

Айта кетейік, шара барысында 148 мүйіз жойылды. Жалпы, мүйіздің әр килосының «қара базардағы» бағасы 5 мыңнан 9 мыңға дейінгі АҚШ доллары аралығында. Сонда 148 мүйіздің жалпы құны шамамен 68-75 млн. теңгені құрайды.

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сондай-ақ 5 тонна қара балық мал моласына лақтырылды.

Елжан ЕРАЛЫ


Облыс әкімі студенттерге дәріс оқыды

Күні: , 223 рет оқылды

Кеше Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да облыс әкімі Алтай Көлгінов 1-курс студенттеріне арнап  «Білімге талпыныс – жетістіктің негізгі кілті» тақырыбында дәріс оқыды.

Өңір басшысының дәрісіне университеттің бес факультетінің 1-курсында білім алатын 650-ден астам студент қатысты. Бұл дәрістің әдеттегі профессорлар оқитын дәрістерден басты ерекшелігі лектордың Елбасы Жолдауында айтылған негізгі бағыттарға басымдық бере отырып, студенттердің көкейінде жүрген көптеген сұраққа жауап бергендігі болса керек.

Облыс әкімі өңірдің ауыл шаруашылығы, индустрия, шағын және орта бизнес, әлеуметтік салалардағы даму көрсеткіштері туралы айтып, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттер туралы баяндады.

Білімді жастар ғана Қазақстанды дүниежүзіне паш етіп, мемлекеттің негізгі тірегі болатынына тоқталған Алтай Сейдірұлы облыста ауыл шаруашылығы және техникалық бағытта ірі жобалар жасалып жатқандығын, оларды іске асыру үшін білімді, бәсекеге қабілетті мамандар қажет екендігін баса айтты.

– Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында білімнің салтанат құруы туралы баяндады. Мемлекет жастарға үлкен мүмкіндіктер ашып отыр. Білім алуға, тіл үйренуге, шетел асып біліктілік жетілдіруге, кәсіппен айналысуға барлық жағдай жасалған. Қазір, әсіресе, ауылға барып еңбек етем, жеке кәсіпкерлікпен айналысам деген жас мамандарға үлкен мемлекеттік  қолдаулар  бар.

Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Жастардың бәрі «енді мемлекет маған не жасап береді?» деп күтіп отыр. Өздерің не жасайсыңдар мемлекетке, ойларыңда жүрген қандай идея-жобалар бар? Сол туралы ойланыңдар. Жастық шақ тез өтіп кетеді. Сондықтан уақытты зая кетірмей, пайдалы іспен шұғылдану керек. Үздіксіз білім ала отырып, біліктілікті жетілдіру қажет, бір емес, бірнеше шет тілін үйреніңдер. Ал студенттердің сапалы әрі заманауи білім алулары, жайлы жатақханаларда тұруы және денсаулықтарын шыңдауы үшін жағдай туғызу біздің міндетіміз, – деді облыс әкімі.

ІТ технология дендеп еніп, жаңа мамандықтар үздіксіз пайда болып жатқан заманда өмір бойы оқудың маңыздылығын айтқан Алтай Сейдірұлы «Біз бәріміз интернетке әбден сүйеніп алғанбыз. Ана тақырыптан аздап хабарымыз бар, мына мәселе туралы да азын-шоғын білеміз. Бірақ тереңірек оқып-үйренуге ықылас танытпаймыз. Тағы бір мәселе, студенттердің арасында плагиаризм болмауы керек. Біреудің еңбегін жамылуға болмайды. Егер қолдансаң, сілтемесін көрсетуің керек. Бізге білімді жастар керек» дей келе, уақытты дұрыс жоспарлау мен тиімді пайдалану, әлеуметтік желілермен шектелмей, ғаламтордың мүмкіндігін білімді жетілдіруге бағыттау туралы ақыл-кеңестерін  айтты.

– Орал – еліміздің еуропалық бөлігінде орналасқан батыс қақпасы. Біздің біліміміз бен мәдениетіміз ғана емес, қаламыздың инфрақұрылымы да осыған сай болуы керек. Цифрландыру бағдарламасына сәйкес өңірде бірқатар жобалар іске асуда. Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау саласында пилоттық режимде цифрландыру бағдарламасын жүзеге асырды. Емделушілердің амбулаторлық картасының орнына электронды төлқұжат жүйесін енгіздік, аудан-ауылдан емделуге қалаға келген науқастар бұрынғыша амбулаторлық картасын арқалап жүрмейді. Барлық мәлімет электронды ортақ базаға тіркеліп, дәрігердің жұмыс компьютерінде көрініп тұрады. Оған қоса, қажетті дәрігердің қабылдау уақытын анықтауға, үйден шықпай-ақ қабылдауына жазылуға мүмкіндік беретін k-vrachu мобильді қосымшасы енгізілді. 15 маманды әдейі оқытып «Ашық әкімдік» ашып қойдық, «Smart-Орал» орталығы, мамандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылды. Цифрландырудың бірден-бір көздеген мақсаты – халыққа сапалы әрі жедел қызмет көрсету. Қазіргі таңда «Қауіпсіз қала» жобасын нәтижелі жүзеге асыру бағытында жұмыстанудамыз, – деді облыс басшысы.

Бір сағатқа созылған дәріс соңында студенттер өз ойларын ортаға салып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Жастар Алтай Сейдірұлының жастайынан боксты жанына серік еткенін, қазіргі таңда жүзумен, велоспортпен, тенниспен үзбей айналысуға уақыт табатынын білгенде, таңданыстарын жасыра алмады. Өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған кешенді іс-шаралар туралы толыққанды баяндай келе, өңір басшысы студенттерді спортпен айналысуға, қаламыздағы спорттық шараларға белсенді қатысуға шақырды. «Жалқаулық – басты жауымыз. Уақыт жетпейді деп сылтауратуға болмайды. Күніне 20 минутты спортқа арнасаң, уақыт өте келе бұл жақсы дағдыға айналады» деген Алтай Сейдірұлы сонымен қатар өңірдегі киелі жерлерді аралап, өскен өлке тарихымен тереңірек танысудың маңызына тоқталып өтті. Сүйікті авторлары, жұмыс барысында үнемі көмекке келетін шығармалар туралы әңгімелеп берген облыс әкімі қазір «Блокчейн деген не?» атты кітапты оқып жатқанын айтты.

– Біз алдағы уақытта да кездесіп тұрамыз. Ашық пікір алмасып, еркін ой бөлісетін жылы жүздесу барысында көптеген өзекті мәселені шешуге болады. Мемлекетте жұмыс істеймін деген адамға толық жағдай бар. Бірақ көп нәрсе өздеріңе байланысты. Бірінші өзіңнен баста! Күнделікті өзіңмен жұмыс жасайтын болсаң, жетістікке міндетті түрде жетесің! Кең байтақ жеріміз бар, тұрақтылықты ту еткен көпұлтты халқымыз бар, мемлекеттің жастарға жасап жатқан үлкен қамқорлығы бар. Жастарымыз білім мен еңбектің қадірін біліп, болашақ мамандығын ең жоғары дәрежеде меңгеріп шықса, елімізге де, өзіне де пайдасын тигізген болар еді, – деп түйіндеді сөзін.

Кездесу соңында облыс әкімі студенттермен естелік селфиге түсті.

Динара   ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал   өңірі»


Балабақшаға кезекке тұру автоматтандырылды

Күні: , 34 рет оқылды

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жаңа технологиялар арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.

Бұл бағдарлама инфрақұрылымды дамытуға, адам капиталын жақсартуға, экономика саласын цифрландыруға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталғаны белгілі.

Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезектілікті қалыптастыру мен оның қызметін және жолдамаларды беру процесін автоматтандыру жүйесі негізгі бір  бағыты болып табылады.

Бұл жоба Орал қаласында биылғы қаңтар айынан, Бөрлі ауданында тамыз айынан іске қосылып, сәтті жүзеге асырылуда. Жылдың аяғына дейін аудан орталықтарының мектепке дейінгі ұйымдарын жобаға қосу  жоспарлануда.

Бұл басқару жүйесі кезекке қоюға өтініш беруге, берілген өтінішті өзгертуге, өтінішті кезектен қайтаруға, мектепке дейінгі ұйымға қабылдауға, жолдама алуға және оны жоюға, жолдаманың қолдану мерзімін ұзартуға, өтініштің өзгеру жағдайы туралы хабарламаны және жолдаманы алуға мүмкіндік береді.

Орал қаласы бойынша кезекке garden.bilim-oral.gov.kz, Бөрлі ауданы бойынша ddo.rooaksai.kz порталдарында немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына келіп тұруға болады.

Кезектілік кезек әкімшісі бекіткен қала, ауыл-аймаққа сәйкес қалыптастырылады. Кезекті басқару жүйесінде тіркелген өтініштер баланың туған жылы бойынша өтінішті берген күнімен және түрлі кезекке топтастырылады. Бос орындарға жолдамалар беру жас ерекшеліктерін ескере отырып  жүзеге асырылады.

Бірінші кезекте орын алу құқығына, яғни басымдыққа ие өтініштер жалпы негізде берілген әр үш өтініштен кейін орналасады.

ҚР Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 7 сәуірдегі №172 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жіберу үшін мектепке дейінгі (7 жасқа дейін) жастағы балаларды кезекке қою» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 7-тармағына сәйкес бірінші кезекте орын алу құқығы заңды өкілдері мүгедек болып табылатын, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім, көп балалы отбасылардан шыққан, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға беріледі.

Өтініштерді кезекке қою келесі талаптар бойынша жүзеге асырылады:

–  ҚР аумағында ешбір кезекте тіркелмеген өтініш;

– Баланың жасы 7 (жеті) жастан аспаған;

– Өтініш беруші баланың ата-анасы немесе оның заңды өкілі болуы.

Кезекті басқару жүйесіне өтініш беру үшін екі ұялы телефон нөмірін, ЖСН және мекенжайы туралы мәлімет жазу қажет, өтініш беруші 15 минуттың ішінде балабақшаға кезекке қойылады. Бір тәуліктің ішінде өтініш берушіге тіркелу туралы СМС хабарлама келеді.

Айта кетейік, сайттан сәбилерді балабақшаға кезекке қойып қана қоймай, мектепке дейінгі ұйымдар туралы толық мәлімет алуға болады.

Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезектілікті қалыптастыру мен оның қызметін және жолдамаларды беру процесін автоматтандыру жүйесі цифрлық білім беру ресурстарын дамыту және жемқорлық құрамын болдырмау мақсатында  енгізіліп, жыл басынан бері осы жоба бойынша мыңнан астам балғын мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту мекемелеріне орналастырылды.

Светлана   ТЕМІРҒАЛИЕВА,

БҚО  білім  басқармасының мектепке дейінгі жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика