Мұрағат: 17.10.2018


Медиахолдинг: мерейлі кездесулер, жарқын жүздесулер

Күні: , 81 рет оқылды

Жыл-он екі айда журналистер қауымы мен газет оқырмандарының тағатсыздана күтетін екі кездесуі бар. Ол баспасөзге жазылу науқаны басталар шақ – көктем мен қара күзде журналистер дүркірей атқа қонып, аудандарға, ауылдарға аттанады. Газетті оқитын, оны ылғи да «бір жақыны келердей күтіп жүретін» жанашыр оқырмандармен айқұшақ болып кездесетін мұндай сәттерді журналистер де асыға күтеді. Ондай жүздесулерде оқырмандар өздерінің ойларын ортаға салады, «Шіркін, осыны жазса…» деп мазалап жүрген ауылдың мәселелерін көтереді.  «Қаны сорғалаған» тың тақырыптарды көзінен тізіп береді, талап-тілектерін, ұсыныстарын жасырмайды. Бүкпесіз сырласатын кездесуде қызды-қыздымен кейбір мақалаларға сын да айтылады. Несін айтасыз, бір керемет кездесу болады. Сондай-ақ сәтті шыққан мақалаларға әйелі ұл тапқандай қуанатын оқырман ондай-ондай кездесулерде ақжарма қуаныштарын жасырып қалмайды. Журналистерге берері мол осындай олжалы кездесулер жақында бес ауданда оздырылды.

Тек бұл жолы ол бұрынғы жылдардағыдан бөлек өзгеше бедермен, соны үлгімен өтті. Бұрын бір-екі тілші барып қана кездесу өткізетін. Бұл жолы ауылдағы оқырмандарымен жүздесуге қос газет – «Орал өңірі» мен «Приуральені» қанатының астына алған «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов бастаған топ аттанды. «Рухани жаңғыру» бағдарла-масының басым бағыттарын насихаттау мақсатында «Туған жер» этномәдени жобасы аясында аудандарға аттанған топтың ішінде қос газеттің бас редакторлары Бауыржан Ғұбайдуллин, Роза Сыйықова мен тілшілер болды. Осы жолғы кездесулердің бұрынғылардан тағы бір ерекшелігі – Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары журналистермен бірге жүрді. Газет оқырмандары күндіз журналистермен кездесіп, ақжарма әңгіменің тиегін ағытса, кешінде күміс көмей әншілердің әні мен жырын тыңдап бір жасады. Көрікті кештің өн бойына газетке жанашырлық танытып жүрген кәсіпкерлерді, пошта қызметкерлерін, түрлі қызмет иелерін, мекеме басшыларын сахнаға шығарып, марапаттау салтанатына енгізіліп, жиналғандардың жанын сүйсінтті. Ақ қағазға арманын төгіп, қауырсын қаламды серік еткен, жазғандары аудандық газеттерде жиі жарияланып жүрген  жас талаптарға  дүйім жұрттың алдында, сахнаның төрінде  аудандық газеттердің «Жас тілшісі» куәліктері тапсырылғаны да айта жүрер жаңалық болды. Өңдері қуаныштан бал-бұл жайнаған олардың арасында сол сәтте бәлки, «Орал өңірі» газетінің болашақ журналистері де тұрған шығар?! Ат арытып, алыс аудандарға аттанған үлкен топтың ең басты мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарын насихаттау мақсатында  «Туған жер» этномәдени жобасы аясында бұқарамен, оқырмандарымызбен  кездесіп, келелі әңгіме өткізу еді. Бес ауданды бетке ұстап, суыт аттанған сапарға тағы бір сойылдай себеп – газетке жазылуға шақыру және сол газеттің алдағы нөмірлерін қайтсек оқылымды, тартымды етеміз, бұған оқырмандарымыз қандай ой қосады деген сұраққа жауап іздеу болды.

Осы жүздесулердің тағы бір  мұраты – орта мектептердің 7-11-сынып  оқушылары арасынан жазуға бейімі бар, болашақта «журналист болсам» деген арманның ақ қанатында жүргендердің арасынан жүйріктерін таңдау еді. «Ғажайып өлке» тақырыбында өзінің туған жері, туған ауылы туралы тақырыпта қалам тербеген олардың ең үздік шыққан үшеуіне жас тілшілердің облыстық «Өрімтал» фестиваліне  жолдама  беріледі.

Былайша айтқанда, баспасөзге жазылуға үндеу бар, оқырманда-рымыздың назын тыңдау бар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау бар және болашақ журналистерді құлыншақ кезінде көз қырына алып, «құлағына ен салу» бар, бұл кездесулердің салмағы жеңіл болмағанын оқырмандарымыздың өздері де бағамдап отырған шығар… Мұнымен де іс бітпейді. «Апама да барайын, тайлағымды да үйретейін» деген, осы сапар облыстың он екі ауданының аудандық үнқағаздарының редакторлары Қазталовта басқосты. Жай жиналған жоқ, «Жайық Пресс» медиахолдингі жанынан құрылған бас редакторлар клубының көшпелі жиынының алғашқы отырысын өткізді. Онда аудандық газеттердің редакторлары бүгінгі таңдағы үнқағаздардың жай-күйін, келешегін, өңірлік журналистиканың жетістіктері мен қордаланған мәселелерін ортаға салып, «шерлерін» тарқатты. Алдағы күндерде «Оқырмандар нобайын көбейте түсу үшін газетте қандай мәселелерді көтеру керек? Оны оқырманның таңдайына татитындай етіп беру үшін не істеу керек?» деген бағыттарда  ойларын ортаға салды. Көшпелі жиынға «Ана тілі» газетінің бас редакторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын-журналист Жанарбек Әшімжан арнайы шақырылған еді. Алматыдан ат арытып, әдейі келген ол облыс журналистерінің бұл шараларына «оқырманға да, газетке де пайдасы шаш етектен, тосын бастама» деп шын қуанды. Қуанып жүріп, облыстың төрт бұрышынан Қазталовта тоқайласқан журналистерге  шеберлік  сыныбын  өткізді.

*  *  *

Алдын ала айтсақ, бұған дейін газетімізде осы сапарлар туралы есеп-материалдарда жарияланғанындай, кездесулер өз дәрежесінде өтті. Көңілден шықты. Аудандардың қай-қайсысы да журналистерді хош алып, халықпен жүздесулеріне барлық жағдайды жасады, кездесулерді кемеліне келтіріп өткізуге мүмкіндіктің бәрін туғызды. Ол үшін Қазталовтың, Жәнібектің, Бөкей ордасының, Жаңақаланың, Ақжайықтың әкімдіктеріне мың  да  бір  рақмет!

Газет тілшілері ауылдағы оқырмандарымен кездескенде олар қандай мәселелерді көтерді, нендей талап-тілектер, сын-ескертпелер айтылды, оларды алаңдататын, мазалайтын жағдайлар бар ма? Енді солардың ең бастыларына тоқталып өтсек…

*  *  *

Қашанда газетті «ежіктеп оқып» отыратын патша көңіл оқырман жанашырлықпен «тарихи деректерге мұқият болайықшы» дегені көңілдің төріне қонақтады. Қазталовтық оқырманымыз, Қошанкөл ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Меңдіхан Халықұлы «Кей басылымдарда Махамбет пен Исатай көтерілісіне қатысты кейбір деректерде ағат мәліметтер кетіп жатады. Соларды түзетіп, туралап беріп отыру керек. Қазталовтың тарихы 200 жылдан асады. Келер ұрпаққа соны осы қазірден жазып кетпесек, кейін кеш болуы мүмкін. Өткен ғасырдың 50-жылдарында ғалымдардың мұқият зерттеуімен мақұлданған «Еділбай сорын» балшықпен емдейтін сауықтыру орнына айналдырып, халықтың игілігіне пайдалануға беру мәселесі әлі шешілген жоқ. Осыны облыстық, аудандық басылымдар жазып, тиісті орындардың назарын аудару керек» деген ұсынысына Қайыңды ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Мұнайдар Карин де қосылып, ол сорды бала кезінен білетіндігін, балшығы жел-құздан жабысатын сан сырқатқа мың да бір ем екенін баяндады. Қазталовтық қариялар «Халықтық банктің» аудандық бөлімшесін ашу жайын журналистер қаузаса, сең қозғалар ма еді деген армандарын айтты.

Ардагер ұстаз Гүлжиян Исмағұлова мектеп жасындағы балалардың, жастардың кітап, газет оқымайтындықтарына қынжылды. Діни сауаттылықты арттыратын мақалалар көбірек жарияланып тұрса дейді.

Газетіміздің белсенді авторларының бірі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлиолла Әбішевтің есімі оқырмандарымызға көптен таныс. Нені жазса да елдің, халықтың қамын ойлап қалам тербейтін ағамыз тұщымды ойларын бұл жолы да бүгіп қалмады. – «Орал өңірі» ауыл шаруашылығы тақырыбын үнемі жазып келеді. Біздің ауданның күн-көріс көзі – мал шаруашылығы. Осы төңіректе жүргендер жайлы жиі жазып тұрса, бүгінде мал бағудан қашатын жастарымызға бәлки, ой салар… Малдан өнетін өнімдерді өңдеуге бет бұра алмай келеміз. Осы төңіректен неге жазбасқа? Дерек-дәйегі  елең еткізетін қызық-қызық мақалалар іздеп отырамыз, күтіп отырамыз. Тарихи құжаттарды терең қазып, іздесе, зерттесе, журналистер талай дүниелердің үстінен түсетіні кәміл.

Ардагер ағамыз Болат Бекешевті аудандағы су мәселесі толғандырады. – Дүниеде шексіз ештеңе жоқ, бүгінгідей ысырапшылдығымыздан арылмасақ, болашақта қиын болуы мүмкін. Ауылдарға қарата болашағы бар, болашағы жоқ деген сөздер жиі айтылатын болды. Қазақтың жаны ауылда, сондықтан қазір бар ауылдарды сақтап қалмасақ болмайды. Қайтыс болған адамды жер қойнына беру дәстүрін де әркім әрқалайша атқаратын жағдайлар (мәйітті екі күн ұстап, үшінші күні жер қойнына беру) кездесіп қалады. Садақа ысырапшылдыққа айналып барады. Мұндай жағдайларды газет арқылы көпшілікті қозғап, бір ізге түсірмесе болмайды, сондықтан осыларды неге жазбасқа?..

*  *  *

Жәнібек ауданында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев журналистерді құшақ жая қарсы алды. Бұған дейін аудан әкімі Азамат Сафималиев «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов бастап келген журналистерді арнайы қабылдаған еді. Содан соң журналистер үш топқа бөлініп, оқырмандармен кездесулерге кірісті. Біздің еншімізге ауданның ардагерлері бұйырды. 1871 ардагердің басын қосқан кеңестің (888 қария аудан орталығында тұрады) өз үйі, яғни сыңғырлап тұрған дағарадай ғимараты бар. «Қарияларға басы байлы берілген мұндай ғимарат облыстың өзге аудандарында жоқ» деп ақсақал ағалар, ақ самайлы әжелер бізге мақтаныштарын жасырмады. Олары шындық. Бірнеше бөлмеден тұратын орталықтың іші де, сырты да сыңғырлап тұр. Мұнда ақсақалдар бос уақыттарында бас қосып, ауданға, халыққа, жастарға қайтсек шапағатымызды тигіземіз деп ақылдасып отырады екен. Жәнібектің жасампаздана түсуіне барлық ғұмыры мен күш-жігерлерін арнаған осынау аталар мен әжелер  ауданның шаруажайына, бүгіні мен болашағына шау тартқан бүгінгі шақтарында да бей-жай қарай алмайды екен. Оның мәдени-рухани өміріне, жас ұрпақ тәрбиесіне  белсене араласады. «Ақсақалдарымыз алаңсыз бас қосып жүрсін» деп ауданның атқа- мінерлері де осынау баспананы қариялардың меншігіне басы-байлы берген. Шахмат, дойбы, бильярд ойнайтын бөлме дейсіз бе, қарттарды дәрігерлік тексеруден өткізіп тұратын арнайы кабинет дейсіз бе, бәрі бар. Аманкелді ағамыз ауданның тарихынан сыр шертетін түрлі құжаттарды, фотосуреттерді «қыздың жиған жүгіндей» етіп жұтындырып қойыпты. Ауданның, оған қарайтын ауылдардың өткен күндерінен бір мәлімет іздесеңіз, осы ардагерлер үйінен тауып қалуыңыз ғажап емес. Ардагерлер көршілес жатқан Волгоградқа, Палласовкаға жиі барып тұрады, осындай орталықтары болғасын оларды  да «ұялмай» өздеріне қонаққа шақырады екен. Содан да болар, көршілер қариялардың жиі қонағы.

Осынау ардагерлер үйінде ақсақалдар мен әжелер «Орал өңірі» газетінің журналистерімен емен-жарқын жүздесті. Оның тізгінін «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов қағып, қариялар шырайлы әңгіменің көрігін қыздырды. Әуелі Аманкелді ағамыз «Бір топ болып келгендеріңізге қуанып жатырмыз. Осылай жиі келіп тұрсаңдаршы?! Қарым-қатынасымыз, барыс-келісіміз жақсара бергей, жазар көбейгей…» деп ағынан жарылды. Одан әрі ардагер ұстаз Қабаш Жүнісов сөз алды: – «Орал өңірін» 1970 жылдан бері үзбей оқып келемін. Қырық жыл мектепте мұғалім болдым. Сондықтан мені бала тәрбиесі өте қатты алаңдатады. Менің айтарым, газет жас ұрпақ тәрбиесін нөмір сайын жазып отырса да артықтық етпейді. Білім керек, бірақ тәрбиелік тәртіп болмаса, бәрі бос болып шығады. 1-5-сынып  аралығындағы, 5-11-сынып арасындағы оқушыларға, студенттерге қандай тәрбие беру керек, соған көңіл бөлмейміз. Адамның санасы ақшадан, дәулеттен, байлықтан биік тұруы керек қой. Осыларды жазсаңдаршы?.. Ал, соңғы кезде газеттеріңіздің бет-ажары (безендірілуі деп түсініңіз. Ред.) жақсарып, мазмұнды, оқылымды материалдар көбейе түсті. Ылайым солай бола берсін. Қаладағы, аудандардағы жиналыстарды көп бересіңдер… Оның орнына ауылдардан жазылған мақалалар көп болса… Журналистік зерттеу, саралау мақалалар жиі-жиі жарияланса… Жас отбасылар жайлы журналистер көбірек қалам тербесе, ол бәлки, бүгін үйленіп, ертең айырылысатындарға тосқауыл болар ма еді…

Ардагер ұстаз Меңсұлу Жұмақұлова өз сөзінде ел Президентінің алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялауына орай жастар туралы көбірек жазуды журналистерге мұқияттады. Зейнеткер Самиға Қайырова жастарды бала күнінен еңбекке тәрбиелеу керектігін тілге тиек етті. – Біз балаларымызды 16 жасқа дейін кәмелетке толмаған деп үбектейміз. Ал 16-дан кейін ол баламыз жұмыс істей ме, нағыз жалқау болып шығады. Сондықтан балаларды жас күнінен еңбекке баулыған жөн. Ауылдағылар малымен күн көріп отыр. Бірақ бара-бара мал жаятын жерлер азайып, осы күнімізге зар болып қалуымыз мүмкін. Осы жа-ғын да газет жаза түссе?..

Айтқалиев Мұса ақсақал газет-тің апталап кешігіп келетіндігіне реніш білдірді.

*  *  *

Журналистер бес ауданды көктей өткен сапарлары кезінде уақыттан ұтылмау үшін құс ұйқылы күйге көшті. Күндіз оқырмандармен кездесіп, түнде кезекті ауданға «жетіп жығылуға» тырысты. Түнделетіп түс қашқанда қасиетті Орданың құмына табан тиді. Ертесіне үш топқа бөлінген журналистер оқырмандармен кездесті. Біз өзіміз кездескен, көрген, естіген жайдан хабардар етпекпіз. Амантай Хамзин ағамыз біз үшін «өзіміз» болып есептеледі. Өйткені ол саналы шақтары мен ғұмырын журналистикаға арнаған ардагер. Дегенмен ағамыз назын да жасырмады. Аты аңызға айналған, Орда үшін орны бөлек ұстаз Ахметфайыз Тажетдинов туралы мақаласы «Орал өңірінің» қоржынында «сүрленіп» жатқанына біраз болыпты. Өлкетану жайлы жаза түскенімізді қалады. Мөлдіретіп жазатын көркем очерктер көзден бұл-бұл ұшқандай. Сілтегенін сілейтіп салатын фельетондар қайда? Журналист ағамыз ізін басқан інілерін осылайша қайрады, жігерлерін жаныды. Сынын құп алдық.

«Орал өңірін» оқымаса, көңілі көншімейтін ардагер ұстаз Ноқаш Қадымов Амантай ағамыздан да «асып түсті». Газеттің әр санын жібермей оқитындығын аңғартқан  кешегі мұғалім ағамыз «Қыздырып жазыңыздар, жұмыс істемейтін әкімдерге тигізіп жазыңыздар» деп ықтияттады. Көкейкесті мәселелерді тайға таңба басқандай жазған жөн! Сын материалдарды топтап беріп отыру үшін арнайы бет ашуды ұсынды. Ағамыздың айтқаны жанымызға жағып бара жатты. Көршілес Жәнібекте екі базар жұмыс істеп, жергілікті өнімдерін саудалап жатады, Ордада базары түскір бар-ау, бірақ онда жергілікті өнім неге сатылмайды? Қаладан әкелінген өнімдерді сататыны қалай? Өз өніміміз қайда? Ең аяғы ет сататын дүкен жоқ… Табиғи азық-түліктерді тұтынбағасын адамдар, әсіресе, балалар арасында аурулар көбейіп барады. Осыларды жиі-жиі жазып тұрсаңдаршы?..

Дәрігер Нәсіп Нүркенова ауылдастарының денсаулығына қатты алаңдайтынын жасырмады. Газетте «денсаулық бұрышын», «дәрігерлік кеңесті» беріп тұрса, онда түрлі ауру-сырқаттарға сұрақ-жауап түрінде жауап қайтарылса дейді. Аурулардың статистикалық мәліметін де жариялап тұрған жөн сияқты. Жастар, балалар арасында семіздік, артық салмақ белең алып барады. Сол жастардан  «Үйлеріңізде сүт, айран, ірімшік, қаймақ тұтынасыңдар ма?» деп сұрасақ, үндемейді. Бау-бақша өсірмейді, демек, көкөністі қорек етпейді. Бұдан келіп, дұрыс тамақтанбайды деген мәселе шығады. Жастар арасында арақ, темекіге әуестік басым. Спортпен шұғылданбайды. Бала жүгіріп, секіріп ойнамағасын ұйықтағанда өсу, жетілу гармоны дұрыс бөлінбейді.

Телефон мен интернет жастардың жауына айналып барады. Үл-кендердің арасында жүрек-қан тамырлары көбейе түскен. Қант диабетіне шалдығу аудан бойынша жыл санап артқан. Аудан бойынша 186 адам осы сырқатпен есепке алынды. Бұл өте көп. Денсаулық мәселесін өткір әрі тұрақ-ты  жазыңқыраңдар.

Ұстаз Сәрсенбай Қуанышалиевтің журналистермен кездесудегі жанайқайы да жайдан-жай емес. – Бұрын қазақ отбасында алды 10, соңы 4-5 баладан болушы еді. Қазір әрі кетсе, 3-4 құрсақ көтерсе, соңы 1-2 перзентпен шектеледі. Ал, сол 1-2 көкені қалай тәрбиелеп жүрміз? Оларды ешкімнен кем қылмаймыз деп асыра сілтеп жүрген жоқпыз ба? Меніңше, артықтау кетіп жүрген тұсымыз көп. Мектепке барар-бармасында құны 60-70 мың теңге тұратын ұялы телефон сыйлаймыз. Бала телефонды үйреніп алғасын, таңның атысы, күннің батысы соның «тұтқынына» айналады. Күніне 8-10 сағат бойы соған телміргесін, әбден сілесі қатып, төсекке құлайды. Таза ауаға шықпағасын, ойнамағасын, денсаулығын жастай құртпай ма? Бұл туралы айтудай айтылып, жазудай жазылып жатыр. Бірақ оған мән беріп жатқан қазақ жоқ! Интернет жастарымыздың тілін тонап, ақыл-есін жаулап, ойлау, пікірлесу, өз ойын әдемі жеткізу, өз бетімен іздену қабілетінен айырып барады.

Мұның «жемісін» тіпті, арнаулы оқу орындарын бітірген жас мамандардың арасынан да кездестіре бастадық. Өз өмірбаянын қағазға өрнектей алмайтын, бір мекемеден екіншісіне қатынас қағазын жатық етіп жаза алмайтын оларды мен интернеттің «құрбандары» санаймын. Қысқасы, әр нәрсенің байыбына бас қатырмайтын, терең ойланып, дұрыс шешім қабылдай алмайтын, шет елдің бейәдеп әуендерін тыңдаудан талмайтын тілі «сақау» ұрпақ өсіп келеді-ау, деп қорқамын, мен! Қараңызшы, «ағай, сіз қателескен сияқтысыз» деудің орнына, «брат, сен қуып кеттің ғой» дейтіндер, «көп сөйлемеген дұрыс болатын сияқты» деудің орнына «қума!» деп салады. Сонда қазақтың талайды таң қалдырған тамаша тілі құрдымға кеткені ме? Газет арқылы осынау жағымсыз жағдайымызға майдан ашайық!

Ордалықтар бұл кездесуде ағынан жарылып, талай мәселелерді ортаға салды. Газеттің кешігіп келетінін айтты. «Баяғыда, – дейді олар. –  «Ауылдың айтқыштары» деген тақырыппен мақалалар беріп тұратын едіңдер, соны қайтадан қолға алсаңдаршы. 80-90 жастан асқан құйма құлақ қариялардың әңгімелерін беріп тұрсаңдаршы, жас ұрпақты кітап, газет оқуға бұрайық, Ұлы Отан соғы-сында ерлік көрсеткендер мен қаза тапқандарды, хабарсыз кеткендерді іздеген, олардың табылғандары туралы дүркін-дүркін жазып тұрсаңдаршы… Іргемізден күндіз-түні, ерсілі-қарсылы 16 поезд өтеді, солардың біреуіне де аяқ арта алмаймыз. Әрине, ол мемлекеттердің арасында шешілетін мәселе, дегенмен «Жыламаған балаға емшек жоқ» деген, үнсіз жатпайық, жаза берсеңдерші, бәлки, шешіліп қалар?.. Көрші аудандарда ардагерлерге, қарияларға, мүгедектерге арналған жеңіл бағамен сататын арнайы дүкендер бар. Бізде ол жоқ. Онда ең болмаса, жергілікті сүт, ет, ірімшік сияқты өнімдер сатылса… Мал бағатын жер жоқ, қостырып бағу ұйымдастырылмайды. Ақшамызды төлер едік, сондай бір пункт ашылса… Шұбат, қымыз, саумал сататын орталық неге ашылмайды? Осылар туралы журналистер неге жазбайсыңдар?..

*  *  *

Жаңақалалықтар да бас директор Рауан Сәбитов бастаған  «Жайық Пресс» журналистерін жар-қылдап қарсы алды. Аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин арнайы қабылдады. Ардагерлер мен ауылдық округ әкімдері жиналып келген кездесуге өзі де бастан-аяқ қатысты. Жаңақалада да «Орал өңірі» жанашырларының қатары қалың. Әсіресе, ардагер ағаларымыз газетті жатпай-тұрмай оқып, хат-хабарларын жиі жолдап жатады. Сондықтан болар, кездесуде ой-пікірлерін айтып, мінберге көтерілгендер көп болды.

Жаңақала – еділбай қойымен бір кезде Мәскеуді «жаулаған» өңір. Оның сыртында жылқы, ірі қара, түйе өсіруден де өзге өңірлерден мойыны озық. Дегенмен, жаңақалалықтардың ойын онға бөлетін мәселелер де жоқ емес. Құмарғали Қайыржанов қой басының азайып бара жатқанына қынжы-лады. Тері далада жатыр, тез арада өңдейтін зауыт ашпаса болмайды. Жер асты суларының қорын осы бастан зерттеп, қамдануымыз керек. Осыларды журналистер дүркін-дүркін жазып отырса?..

Газетіміздің белсенді авторла-рының бірі,  бір кезде «Орал өңірі» газетінің «шекпенінен» шыққан, облысымызға белгілі ақын-журналист, қазір Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы Зәкәрия Сисенғали біздің «ескі жарамызды» тырнады. – Газетте жарияланып жатқан материалдарыңызды тұщынып тұрып оқимын. Шынымды айтсам, «Орал өңірі» маған ыстық. Жақсы шыққан мақалаларыңызға өзім жазғандай қуанамын. Сын материалдар, сараптамалық мақалаларды жиі беріп жүрсіздер. Дұрыс. Баяғыда газетке сын мақала шықса, тиісті органдарда тиісті шаралар алынып, кемшіліктер түзетілетін, сын аяқсыз қалмайтын. Бүгінде де соған жету керек. Өйткені, газет жеке бастың емес, елдің, халықтың мүддесін, тағдырын жоқтайды. Сынға теріс қарамай, алынған шараның нәтижесін редакцияға хабарлап отыру керек. Жастардың интернетке тәуелділігін қайтсек жоямыз? Көркем әдебиет, газет оқымаудың  аяғы рухани аштыққа апарып соғатынын журналистер көтермесе, кім көтереді? Халық тұщынып оқитын құнды, терең талданып, жан-жақты сараланған материалдар күтеміз. Нәсіпқали Мақанов ағамыз азық-түлік пен дәрі-дәрмектің бағасы айлап емес, күн санап өсіп бара жатқанын айтты. Нәкең осы арада «Ана бір жылдары әр ауданға тұрақты түрде арнайы бет беріп отыратын едіңдер, соны қайтадан қолға алсаңдар…» деген ұсыныс білдірді.

Өлкетанушы, белсенді оқырманымыз Тыныштық Өтешқалиев «Интернет, сайт дегендеріңіз не болса соны жазатын болды. Өсек-аяңды тексермей, тергемей, аққарасын айырмай жариялап жатады. Ондай мәселелерді газет жазса, төрт құбыласын тең шығарады. Сондықтан газетте жазылғандарды өзім бәрінен биік қоямын. Шүкір, қазір жағдайымыз түзеліп келеді, енді рухани жағымызға көңіл бөлейік. Газет-журналдарды көптеп жаздырып алайық, балаларымыздың оқуын қадағалайық. Менің бір айтайын дегенім, малды бағуды қойдық. Ол жолға шығып кетіп, жол апаттары орын алуда. Ең өкініштісі, кісі шығыны да жоқ емес. Осыны реттеуге газет аралассын, жазсын дегім келеді. Сосын мал аурулары да азаймай тұр. Мұны да газет бетінен  түсірмеу  керек».

Бұл күні Жаңақала мектеп-гимназиясында да бір кездесу өтті. Ол туралы газетіміздің алдағы нөмірлерінде жариялайтын боламыз.

Қай кездесуде болмайық, оқырмандарымыздың газетке деген ынта-ықыласын, тілекші ниетін, ыстық көңілін сезіндік. Көрдік! Риза болдық! Осыдан кейін қалай шабыттанбайсың?..

Айтпақшы, «Алажақ кетсе де, айтажақ кетпесін» деген осынау бес ауданда өткен салмағы атан түйенің белін қайыстырғандай шаралардың ұйымдастыру жұмыстарында күні-түні «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының аға кеңесшісі Нұрсұлтан Ертуғанұлы Мықтыбай жүрді. Кездесудің барлық сәттерін минут-секундына дейін есептеп, қағазға тізіп, солай өтуін қатты қадағалап, әр ауданда кеш түсе басталатын гала-концерттердің сценарийін өзі жазды. Сол концерттер мен сахнада өтетін түрлі марапаттауларды кемеліне келтіріп өзі жүргізді. Жас талапкер-оқушылардың арасында өткен шығарма жазудың ыстығына күйді, суығына тоңды. Әріптестері де, өнерпаздар да оған дән риза!

Есенжол   ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал    өңірі»


Вице-министр журналистермен кездесті

Күні: , 30 рет оқылды

Өңірімізге іссапармен келген ҚР ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова БАҚ өкілдерімен жүздесті.

Қалалық әкімдіктің кіші залында өткен жиында вице-министр Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көрсетілген мәселелерді жүзеге асыру бағытында қолға алынатын істер туралы баяндап, журналистердің ұсыныс-пікірлеріне де құлақ түрді.

– Елбасымыз жаңа Жолдауында мемлекеттік аппарат азаматтардың сұранысына айрықша мән беруін басты тапсырма ретінде алға қойды. Осыған орай біздің министрлік айналысатын жұмыстардың бір бағыты – мемлекеттік қызмет сапасы. Мемлекет басшысы мемқызметтің 80 пайызының электронды форматта болуын нақты тапсырды. Бүгінгі таңда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы арқылы Елбасы тапсырмасын орындауға мүмкіндік жасалған. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар осыған дейін де атқарылды. Мысалы, электронды үкімет порталын іске қостық. Электронды үкімет арқылы былтырғы бір жылдың өзінде 34 млн. мемқызмет көрсетілген екен. Электронды үкімет тұрғындардың мемқызметті алу үшін жұмсайтын уақыты мен ақшалай шығынын азайтады. Бүгін Орал қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында, қолжетімді әкімдікте болып, жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңілім толды. Біз барлық мемқызмет түрін электронды форматқа көшіргеннен соң тұрғындар үйлерінен шықпай-ақ барлық мемқызмет түрлерін ала алады. Ол үшін бар болғаны электронды сандық қолтаңбалары болуы шарт. Бүгінгі таңда мемқызметтің 747 түрі автоматтандырылған, ал 452 түрі электронды нұсқада да, қағаз түрінде де қолжетімді. Сондай-ақ алдағы уақытта әр жерде де тұрғындардан сұратылатын құжаттардың саны айтарлықтай азаятын болады. «Анықтамасыз қызмет» жобасы аясында осы жылдың өзінде азаматтардан талап етілетін 20 миллионнан астам әр түрлі анықтама тізімнен алып тасталынады. Білім және ғылым министрлігінде мектеп оқушыларынан және олардың ата-аналарынан мекенжай анықтамасын сұрату осы жылдан бастап тоқтатылды. 2018 жылдың қазан айынан бастап зейнеткерлікке шығу үшін сұратылатын құжаттардың саны азайтылды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жұмысының басты бағыттарының тағы бірі – сандық эфирлік хабар таратуды енгізу. Батыс Қазақстан облысы сандық эфирлік хабар таратуға 2020 жылдан бастап толықтай көшеді. Ауылдарды интернетпен қамту да басты мәселелердің бірі. 2018-2021 жылдар аралығында мемлекеттік жеке меншік әріптестік арқылы барлық ауылға интернет жеткізілмек. Осы бағдарлама аясында 2021 жылға дейін БҚО бойынша 92 ауылға интернет қосылады, – деді Нұргүл Өсербайқызы. Ол сондай-ақ осы аталған жылдар аралығында ауылдық жерлердегі ұялы байланыс мәселелерін шешу жолдары да қарастырылатынын  айтты.

«Жайық Пресс» ЖШС директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ еңбекақыны өсірудің тиімді жолдарын іздестірумен бірге мемлекет деңгейінде доллар бағамы да реттелсе, газет-журнал тарату саласындағы «Қазпошта» секілді монополист мекемелер бағаны көтеруді ғана ойламай, өздерінің ішкі резервтерін көбірек іздестірсе деген ұсыныстарын ортаға салды. Ол сонымен қатар Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылындағы тарихи ғимараттарды жаңғырту жұмыстарын уақыт оздырмай қолға алу, аталған мекенді құм басудан аман алып қалу, топырақ құнарлылығын сақтау секілді шаралар жүзеге асырылуы керектігін алға тартты. Сондай-ақ кездесуде «Жайық үні» газетінің директоры Мира Шүйіншәлиева, «Ақжайық» телеарнасы «Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Клара Қамбетова, «Пульс» газетінің редакторы Сәуле Зағидуллина, өзге де журналистер БАҚ саласындағы мемлекеттік сатып алу заңдарын реттеу, журналистердің құқықтық мәртебесі, олардың жалақысын өсіру, баспанамен қамту, жас мамандарды кәсіби тұрғыда жетілдіру бағытындағы ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтты.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Ақтаныш әйбәт аудан екен

Күні: , 96 рет оқылды

Қыркүйек айында Орал қаласында татар халқының «Сабантой» ұлттық мейрамы ұйымдастырылып, оған Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов бастаған делегация қатысқан болатын.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде өткен  іскерлік кездесуде Тасқала ауданы мен Татарстан Республикасы Ақтаныш ауданының басшылары әріптестік меморандумға қол қойды. Міне, араға бір ай салып,  11-14 қазан күндері аудан әкімі Алдияр Халелов бастаған тасқалалық  делегация  іссапармен Ақтаныш ауданына барып, іс-тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Оның құрамында еңбек ардагері, өлкетанушы Ғ. Хисаметдинов пен аудан әкімінің орынбасары Л. Жұбанышқалиева, бөлім басшылары мен округ әкімі және кәсіпкер азаматтар болды.

Қазақстандық делегацияны сол ауданның басшысы Энгель Фаттахов шекарадан құшақ жая қарсы алып, Ақтаныш ауданы жөнінде таныстырып өтті.

Екінші күні Энгель Навапұлы  тасқалалықтарды ресми қабылдады. Елдің тарихы мен оның экономикалық дамуы жөнінде тілге тиек етті.

– Негізінен аудан тарихи деректерге бай. Оның аумағында бес археологиялық кешен орналасқан. Олардың көбінен зергерлік бұйымдар мен жебелер табылған. Сондай-ақ жергілікті ха-лықтың арасында Ұбыркөл (Озера обжора) көлінің түпсіз терең шұңқырында ханның жоғалтқан қазынасы  жатыр деген аңыз бар.

Мұнымен қоса аудан аумағында көптеген өзендер ағып жатыр. Олардың арасында ең ірі Кама және Ақ өзендері. Жалпы, Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданынан арнайы  келген қазақстандық делегацияның өңірімізде болуы біздің олармен ынтымақтастығымызды  одан әрі дамытуға ықпал етеді. Екі ел арасындағы жүргізілген келіссөз инвестициялық, экономикалық сауда мен туризмді, сондай-ақ мәдениетімізді байланыстырып, тығыз қарым-қатынаста еңбек етуге үлкен септігін тигізеді, – деді аудан басшысы өз сөзінде.

Жиын барысында сөз алған Алдияр Сансызбайұлы екі ел арасындағы қарым-қатынас тек мұнымен шектеліп қалмайтынын айта келіп, болашақта елдің дамуы бағытында бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

– Елге барғаннан соң Ақтаныш ауданынан алған тәжірибелеріміз-ді жоспарымызға қосып, жұмыстанатын боламыз. Сіздер де біздегі бар жақсы дүниелерді өз жеріңізде пайдалансаңыздар болады. Осылайша екі аудан бір-бірімізден үйрену арқылы елдің дамуына ықпал ететін боламыз, – деген  Алдияр Сансызбайұлы Энгель Фаттаховқа тасқалалықтар атынан ескерткіш сыйлықты табыс етті.

Шара барысында бір-бірін ынтымақтастық пен іскерлік бағытында қоян-қолтық жұмыс істеуге шақырған қос басшы мемо-рандумға қол қойды.

Содан соң делегация Ақтаныш ауданының агроөнеркәсіптік паркінің жұмысымен танысып, жергілікті тарихи-өлкетану мұражайында болып, Кеңес Одағының Батыры Хасан Заманов атындағы Ақтаныш кадет мектеп-интернатын аралады.

Тасқалалықтар технологиялық колледж бен гимназияны да аралап көрді.

Бір айта кетерлігі – ауданның тазалығы. Әр тұрғын өзіне тиесілі бау-бақшасын жинап, орнын тазалап, келесі жылға дайындап  қойған. Ретсіз шашылған нәрсе жоқ. Бәрі де жинақы. Тіпті, ауылға кіреберіс жолдың жанындағы орман жолағындағы теректердің түптеріне дейін ақталған.

Аудан әкімшілігінің алдында орналасқан В. И. Ленин атындағы парктің іші әдемі безендіріліп, тұрғындардың алаңсыз  демалуына жағдай жасалған.

Парктің іші татар халқының ұлттық киіміндегі құнды әшекейлерді жалғап тұратын жіп тәрізді жасақталған. Жаяу жүргіншілер жүретін жолдар мен демалатын орындар барлығы бір-бірімен үйлесім тапқан. Түнгі жарыққа да баса назар аударылған. Композициялық мүсіндердің өзі демалыс саябағының сәнін келтіріп тұр.

Тасқалалықтар агрегат зауытында да болды. Мұнда  күні-түні үш ауысыммен  85 адам қызмет жасайды. Олар 20-ға  жуық әр түрлі өнім шығарады.

Жаңа технологиямен жұмыс істейтін «Нұр Баян» сүт фермасында болған тасқалалықтар «Карусель» сүт сауу залында сиырлардың бір мезгілде қалай сауылатынын өз көздерімен көрді.

Ескі Ақтаныш пен жаңа аудан орталығының арасын жалғайтын демалыс орны да жақсы ұйымдастырылған. Қолдан тоған жасалып, оның үстімен өткел салынған. Осы арқылы адамдарға орталықпен тіке қатынасуға мүмкіндік бар. Тоған ішінде бірнеше субұрқақ салынып, жарық шамдар ілінген. Су шлюз арқылы айына бір рет ауыстырылып отырады дейді мамандар. Мұнда жоғарыдан төменге түсу үшін 10 алаң мен 123 баспалдақ орналасқан.

Жалпы, халқының мақтанышына айналған Ақтаныштың экономикалық дамуы жоғарғы деңгейде. Қаз өсіріп, отбасылық бизнеспен айналысатын кәсіпкердің жұмысымен таныстық. Сабантой өтетін арнайы жерде болып, оның дизайнын көрдік.

Осылайша аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы  бастаған делегация татар еліндегі игі жұмыстарды көруге  мүмкіндік алды. Енді сол көргендерді өз ауданымызда қол-ға алып, ауданның гүлденуіне  ықпал ету керек.

Бұл сапар екі тарапқа да  екі аудандағы экономиканы, инвестиция мен мәдени, білім, сондай-ақ туристік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік берді.

Назгүл   СЕРІКҚЫЗЫ,

Тасқала  –  Татарстан  –  Тасқала


«НҰРАЙМЕД» ашылмақ

Күні: , 61 рет оқылды

Орал  шаһарындағы  Шолохов  көшесі  бойында жергілікті  кәсіпкер өз  қаражаты  есебінен өңір  тұрғындарына  стоматологиялық  және офтальмологиялық  қызмет көрсететін  «НұрАйМед» орталығының  құрылысын  жүргізуде.  Кеше  облыс әкімі  Алтай  Көлгінов аталған  нысанда  болып,  оның құрылғылармен  жабдықталу  барысымен  танысты.

Аталмыш емдеу орталығы желтоқсан айының алғашқы күндері пайдалануға берілмек. Жеке меншік серіктестік санатындағы емдеу орнының құрылтайшысы «Юнисерв» компаниясы.

Соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған орталықта өңірдің және еліміздің басқа да аймақтарынан келген білікті дәрігерлер күрделі оталар жасайды деп күтілуде. Сатылып алынған медициналық құралдардың біразы еліміздің көптеген аймақтарындағы орталықтарда кездеспейді екен.

– Бүгінгі таңда орталықтың құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, құрал-жабдықтармен қамтылуда. Қажетті құрылғылар негізінен Германия, Финляндия, АҚШ, Жапон елдерінен әкелінуде. Бұл орталықта кең ауқымды медициналық қызмет түрлері көрсетілетін болады. Мысал үшін, офтальмологиялық емханада өңірімізде жоқ эксимер құрылғысы қолданылатын болады. Бұл аппараттың көмегімен дәрігерлер көзге лазерлік түзету жүргізе алады. Көздің көруін эксимерлазерлік түзету көз хирургиясында кеңінен қолданылады. Бұл әдіс көздің алыстан, жақыннан көрмеуі және астигматизм ауруларын емдеуге таптырмас мүмкіндік, – дейді «НұрАйМед» орталығының  директоры  Сәлкен  Мұсаев.

Айта кетейік, облысымызда ересектердегі көз ауруларын емдейтін 20, балаларды емдейтін үш офтальмолог дәрігер ғана бар. Көз ауруларын емдеуге бағытталған 125 адамға арналған орын болса, соның оны ғана балаларға арналған. Өткен жылы облыс бойынша көз ауруына шалдыққан 30 886 адам, соның ішінде 8448 бала тіркелген. Биылғы жылдың тоғыз айында 2918 сырқат облыстағы түрлі емдеу орындарынан  сауығып  шыққан.

Жаңа орталық ашылған күнде өңір тұрғындары алыс-жақын шетелдерде емделіп, текке шығынданбайтын  болады.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Қос ауылда таза су, Бөрліде – спорттық кешен

Күні: , 76 рет оқылды

«Аймақтарды дамыту — 2020» бағдарламасы аясында Бөрлі ауданына қарасты Кеңтүбек  және Жаңақоныс ауылдарына таза әрі сапалы ауыз су келіп жетті. Ұзақ жыл ауыз суды аудан орталығынан сатып әкелуге, көрші-көлемнің ауласындағы санаулы құдықтан тасып ішуге мәжбүр болған ағайынның тілегі орындалып, тұрмысы жандана бастады. Қос ауыл халқының қуанышына облыс әкімі Алтай Көлгінов ортақтасты.

Халықты сапалы ауыз сумен қамту — Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың  Жолдауында айқындалған басты бағыттардың бірі. Соңғы екі жыл ішінде облыстың 110 елді мекеніне 2000 шақырым орталықтандырылған су құбырын тарттық. Соның ішінде ең шалғайдағы Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылына да су жетті. Жаңақала ауданында халықтың 80 пайызы сапасыз суды ішіп келді. Қазір Жаңақала ауданына қоса, Жәнібек және Қазталов аудандарының халқы да сапалы ауыз сумен қамтылды. Екі жылдың ішінде өңірде таза сумен қамтылған елді мекендер қата-ры бұрынғы 30 пайыздық көрсеткіштен 45 пайызға жетті. Келер жылы тағы 50 елді мекенге ауыз су жеткізілмек, – деді Алтай Сейдірұлы.

Ақсай қаласынан жиырма бес шақырым қашық жатқан Кеңтүбек ауылы жыл санап көркейіп келеді. Өткен жылы мұнда елу орындық балабақша мен  медициналық пункт салынса, жақын күндері жас мамандарға арналған жатақхана ашылмақ. Мал өсіріп, егін егуге топырағы құнарлы, шөбі шүйгін құтты мекеннен халықтың кеткісі жоқ. Керісінше ауылға көшіп келген ағайынның саны артқан.  Үш жүзге тарта ауласы бар ауылға 13 жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су кірген. Алайда ескі желі заман талабына сай емес, әрі өрт гидранттары жоқ. Су құбырын қайта құру кезінде осы кемшіліктер ескерілді.

Өзекті мәселе мемлекеттің қолдауымен іске асты. Құрылысты қолға алған мердігер жөндеу жұмыстарын мінсіз атқардық деп отыр.

– Ауылда бұрыннан су бар. Дамып келе жатқан ауылға қосымша ауыз су жүргізу бағытында  биыл бюджеттен 108 млн. теңге қаражат бөлінді. Ұзындығы сегіз шақырым тұрба тартылып, қос резервуар, су мұнарасы орнатылды. Қазіргі таңда 25 үйге су кіргізілді. Оған қоса бұрын түрлі себептермен үйлеріне су кірмей қалған елу үйге су құбыры тегін тартылды. Ауылға 36 дана өрт гидранты орнатылды. Ал Жаңақоныс ауылында 50 үйге су жеткізіліп, қос резервуар қойылды, – дейді «Аяла» ЖШС-ның бас директоры Алтынбек Мергенов.

Құрылыста пайдаланылған  құбырлар, есептеу құралдары мен өзге де қосалқы бөлшектердің барлығы су жаңа отандық өнім. Аталған жұмысқа республикалық және облыстық бюджеттен  108 млн.  теңге қаражат  жұмсалған.

*   *    *

Бөрлі ауданының іргелі елді мекендерінің бірі Бөрлі ауылында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен жаңа спорттық кешен салтанатты түрде пайдалануға берілді. Спорт кешенінде спорттың бокс, қазақ күресі, волейбол, футбол, баскетбол, допты хоккей, шаңғы түрлері бойынша  үйірмелер жұмыс істейтін болады. Ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту жұмыстары да жоспарланған. Ол  үшін аудан әкімдігі кешен жанынан хоккей мен футбол алаңдарын салуды жоспарлап отыр.

Жалпы, Бөрлі ауылының гүлденуіне көп күш жұмсалды. 4200 халқы бар ауылды көркейтуге тек өткен жылдың өзінде 5 миллиард қаражат құйылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауыз су кіргізіліп, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ауылдағы басты көше тақтайдай  тегістелді.

– Бөрлі ауылы – тоғыз жолдың торабында орналасқан табиғаты ерекше мекен. Халқы да еңбекқор. Ауылдан кәсіп ашып, шаруасын дөңгелентіп отырған бастамашыл жастардың қатары артып келеді. Елбасы өз Жолдауында аудан-ауылда спорттық кешендерді көбейту туралы тапсырма берді.  Жастар – сіз бен біздің болашағымыз. Сондықтан жоспарымызға сәйкес, «Нұр Отан» партиясымен бірге шалғай аудандарда жүз спорт алаңын саламыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Бөрлі ауылының көркін аша түскен халыққа берер пайдасы мол нысан «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік жобасы негізінде салынды. Жобалық құны 321 млн. теңге болатын кешен 320 орынға лайықталды.

Шарада «ҚПО б. в.» компаниясы  бас директорының орынбасары Марат Кәрімов сөз алып, ауыл халқын жаңа спорт кешенінің ашылуымен  құттықтады.

– Биыл облыс бойынша 35 миллион АҚШ долларына 36 жоба жүзеге асты. Оның бесеуі Бөрлі ауданында  іске қосылды. Жалпы, соңғы үш жылда кәсіпорыннан бөлінетін 20 млн. АҚШ долларына қосымша 10 миллион доллар бөлінген болатын. Бұл қаржыға Бөрлі ауданында 22 жоба жемісті іске асты. Болашақта бұл жұмыстар өз жалғасын табады, –  деді Марат  Шайдоллаұлы.

Пайдалануға берілген спорттық кешенде 30  жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс басшысы кешеннің ішін аралап көріп, спортты серік еткен жастармен теннис ойнап, естелік суретке түсуді де ұмытпады.

Айым   НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


Жеңіс алаңындағы қысқы қызғалдақтар

Күні: , 24 рет оқылды

Сейсенбі күні Жеңіс алаңындағы саябаққа голландық қысқы қызғалдақтар отырғызылды. Лалагүл тұқымдас қызғалдақ қыс бойы қар астында жатып,  көктем шыға гүлдейді екен.

«Жайық таза қала» ЖШС-ның баспасөз хатшысы Ақболат Қатешовтың мәліметінше,  Орал қаласы бойынша  400 шаршы метр аумаққа 20 мың түп қысқы қызғалдақ отырғызу жоспарланған.

– Бұл – голландық қызғалдақтардың қызыл сортты түрі. Оның тұқымын топырақ астына көмбес бұрын марганец ерітіндісімен өңдейміз. Әр шаршы метрге 50 дана тұқым егіледі. Тұқым көлеміне қарай 15-20 сантиметрге дейінгі тереңдікке көміледі. Жеңіс алаңынан басталған бұл игі іс қаладағы М. Мәметова, Шаңырақ алаңдарында жалғасатын болады. Келесі жылдың Жеңіс күні мерекесінде бұл аумақтың келбеті ерекше сұлу болары сөзсіз, – дейді «Жайық таза қала» ЖШС-ның  бригадирі Ольга Старова.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Буын неге сырқырайды?

Күні: , 44 рет оқылды

Үлкендердің көпшілігі «Күн бұлттанса, аяқ-қолымыз сырқырайды» деп жиі айтады. Тіпті белдері көтертпей, таяққа сүйеніп жүретіндері де бар. Соңғы кезде мұндай сырқат түрі жасы отыздан асқан жандарды да мазалай бастады. Буын неге ауырады? Дерттің алдын алу үшін қандай ем-дом жасаған дұрыс?

Облыстық клиникалық орталықтағы ревматология бөлімінің меңгерушісі Салтанат Ғұмарованың айтуынша, буындардағы шеміршекаралық майдың таусылуы, сүйектердің жарақат салдарынан қисық бітуі, сондай-ақ ревматологиялық дерттер буын сырқатына алып келеді екен. Яғни жамбас, тізе буындарындағы буынаралық шеміршек майы азайса, екі сүйек бір-біріне қажалып, мүжіледі. Тізенің  сықырлауы да шеміршек майының азайғандығын білдіреді.

Алғашқыда аздаған ауырсынуды адам елемей жүре беруі мүмкін. Кейін ауыр жұмыс жасағанда, ұзақ жүргенде немесе бір жерде ұзақ отырғанда, баспалдақпен жоғары көтерілгенде адамның бел және жамбас сүйектерінде ауырсынулар басталады. Бірақ демалғаннан кейін ауырғаны басылады. Сүйектер қажалған сайын ауырсынулар күшейіп, адам тізесін бүге алмай, ақсаңдайды. Тіпті аурудың алдын алмаса, соңы мүгедектікке соқтыруы да мүмкін екен.

– Артрит – буындардағы шырышты қабықтың қабынуынан болатын дерт. Ол ағзадағы бүкіл буынның қабынуына алып келеді. Оның серопозитивті және серонегативті түрі бар. Серопозитивті түрі адамды мүгедектікке ерте душар етеді. Сондай-ақ фастфуд өнімдері мен газды сусынды көп тұтынған ағзаның зат алмасу процесі бұзылып, аяқтың башпайлары құяң дертіне шалдығуы мүмкін. Дерттің алғашқы белгілерін айтсақ, аяқтың бірінші башпайы қатты шаншып ауырады. Қазір артрит дертін қанды иммунологиялық сараптамаға тапсыру арқылы ерте сатысында анықтаймыз. Бұрын буын ауруларын қол мен аяқты рентгенге түсіру арқылы анықтайтын едік. Рентгеннен қол-аяқ сүйектері  қисайып, өзгеріске ұшырағанда ғана көрінетін. Саусақ сүйектері өзгеріске ұшыраған науқастарға қабынуға қарсы гармондық дәрілер беретін. Қазір өте күшті базисті терапия арқылы сүйектердің қисаюына жол бермейміз. Буын ауруларының бірден-бір себебі адамдардың қимыл-қозғалысының жоқтығынан. Таңнан кешке дейін компьютердің алдында отырған адамның қозғалысы шектеледі. Нәтижесінде ағзаға тұз жиналады. Екіншіден, жүре тамақтанудың салдарынан. Көшеден тез даярланған тамақтарды жеу семіздікке душар етеді. Артық салмақ буынға да зиян. Әсіресе, екі-үш бала туған келіншектер артық салмақтан балтырлары, тізелері ауырып жүреді. Буыны  ауыратын  адамдар ауа райына да тәуелді болады. Олар алдағы екі-үш күнде күн суытатындығын сезеді. Яғни аяқ-қолдары сырқырай бастайды, – дейді Салтанат Қадешқызы.

Осы орайда айта кетсек, облыстық клиникалық аурухананың травматология бөлімінде тізе және жамбас сүйегін эндопротездеу  оталары жасалуда. Аталмыш оталар науқастың буын дерті асқынып, оған дәрі-дәрмек көмектеспеген жағдайда және жүріп-тұруына кедергі келтірген кезде  мүгедектіктің алдын алу үшін өтеді.

Дерттің  алдын  ал!

Маманның айтуынша, буын ауруларының алдын алу үшін дәрігердің рұқсатымен кальций ішкен жөн. Әсіресе, әйел адамдардың етеккірі тоқтап, медицина тілімен айтқанда, климакс басталғанда ағзасындағы кальций сүйекке сіңбей, қанның құрамында ғана жүреді екен. Кальций сүйектің беріктігін қамтамасыз ететіні мәлім. Дәруменді бір ай қабылдағаннан кейін міндетті түрде  анализ тапсыру керек. Егер қан құрамындағы кальций қалыпты жағдайда болса, онда тұтына беруге болады. Ал кальций көрсеткіші қалыпты жағдайдан  жоғары көтеріле бастаса, дереу тоқтату керек. Өйткені кальцийді көп тұтыну  қалқанша безге зиян.

– Тұрғындардың көбі денсаулығы мазаласа, алдымен интернеттен қарап, таныстарынан сұрап, өз бетінше ем қабылдайды. Содан ауру асқынған кезде ғана  ауруханаға келіп, дәрігердің көмегіне жүгінеді. Бізге келетін науқастар да солай. «Төрт-бес жылдан бері ауыратын еді» деп келеді. Буыным ауырады деп бей-берекет дәрі қабылдап, асқазаны мен бауырын  бүлдіріп келетіндер де бар.  Жарнамадағы сықпа майлар, дәрі-дәрмектердің химиялық құрамы өте әсерлі. Сондықтан адамның денсаулығы мазалаған жағдайда, ең бірінші, маманнан кеңес алу керек, – дейді ревматолог дәрігер Салтанат Қадешқызы.

Сала мамандарының пікіріне құлақ ассақ, буын ауруларынан құлан-таза айығып кету қиын. Сондықтан сырқатқа шалдыққан адам, мүмкіндігінше, салмағы бес келіден артық затты көтермеуі керек. Затты екі қолына тең салмақта ұстағаны жөн. Сондай-ақ биік өкшелі және табаны тегіс аяқ киім кию де жамбас, тізе буындарына зиян. Үшіншіден, кез келген дерт дендемесін десек, дұрыс тамақтанудың маңызы зор. Тәтті бұрыш, сарымсақ пен пияз, саумалдық (шпинат) пен ақжелек (петрушка) секілді көкөніс түрлері буынға өте пайдалы екен.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика