Мұрағат: 15.10.2018


Депутаттар өңірде

Күні: , 79 рет оқылды

Кеше  облыс әкімі Алтай Көлгінов Елбасы Жолдауын өңір тұрғындарымен талқылау мақсатымен арнайы келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Б. Әйтімова, Е. Мұқаев  және Н. Төреғалиевтермен кездесті.  Кездесуде  Мемлекет  басшысының  биылғы Жолдауында  қойылған  жаңа  міндеттер  облыста  қалай жүзеге  асырылатыны талқыланды.

Елбасының Жолдауы өңіріміздің дамуына тың серпін береді. Облыста негізгі проблемалар – таза ауыз су, жол, газбен қамту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жұмыстарды Жолдауға сәйкес алдағы жылдары да қарқынды атқаратын боламыз», – деді облыс әкімі.

Сапар аясында сенаторлар Орал қаласында бірқатар нысандарды аралап, апатты үйлердің орнына мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып жатқан  жаңа үйлердің, спорт интернатының құрылысын қадағалады. Сонымен қатар депутаттар Мұнай және газ колледжінде Елбасы Жолдауын талқылаған жиынға  қатысты.

Облыс  әкімінің баспасөз   қызметі


Сенаторлар құрылыс нысандарында

Күні: , 81 рет оқылды

Кеше  Батыс  Қазақстан облысына  жұмыс  сапарымен  келген  ҚР  Парламенті  Сенатының депутаттары  Бірғаным  Әйтімова,  Ерболат  Мұқаев  және  Нариман  Төреғалиев  Оралдағы құрылысы  жүріп  жатқан  бірқатар нысанда болды.

Олар алдымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде салынып жатқан және тұрғындарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша беру жоспарланған қос үйдің құрылысымен танысты. Солардың бірі – әбден ескіріп, сүрілген  Гагарин көшесіндегі  12  пәтерлік  екі қабатты №1 үйдің орнына салынып жатқан тоғыз қабатты  126 пәтерлік үй. Жаңа үйдегі бір бөлмелі пәтердің көлемі 42-45 шаршы метр болмақ. Ескі үйдің тұрғындары жаңа үйге  көшіріліп, қалған пәтерлер  «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілетін болады.  Яғни байырғы тұрғындардан қалған пәтерлер, бағдарламаға қатысушыларға  ішкі әрлеусіз,  шаршы метрі 170 мың теңгеден берілмек. Алайда ескі үйде бір бөлмелік пәтерде тұрған тұрғынға қосымша ақы төлеп, екі бөлмелі пәтер алуға да мүмкіндік қарастырылған.

Бір айта кетерлік жайт, бұл үйдің құрылысына  отандық өнімдер пайдаланылуда. Құрылыстың жай-жапсарымен танысқан Бірғаным Әйтімова тұрғын үйдегі  коммуналдық шаруашылық жұмыстарын жүргізудегі мәселелер қалай шешілетінін сұрады. Сауалға жауап берген қала әкімі Мұрат Мұқаев айтып өткендей,  бұл үйге тұрғындар мен пәтер иелері кооперативінің өзара байланысын жақсартып, ПИК-тер жұмысының ашықтығын қамтамасыз еуге бағытталған «е-ПИК» жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Сенаторлардың келесі табан тіреген нысаны Құрманғазы көшесіндегі №198 көп қабатты тұрғын үй болды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы салынып жатқан бұл үйге осы жердегі сүрілген екі қабатты қос үйдің 16 пәтерінің тұрғындары қоныс теппек. Олар жыл соңына дейін жаңа баспанаға көшірілмек. Мұндағы инфрақұрылым түгелдей жаңартылуда. Қалған пәтерлер «7-20-25» бағдарламасы  бойынша  берілмек.

Облыстағы  спортты дамытып, дені сау ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рөл  атқаратын нысандардың бірі интернаты бар дарынды балаларға арналған спорт кешені болып табылады. Сенаторлар қыркүйек айының басында  қаржының тапшылығынан құрылысы тоқтап қалған спорт кешенінде де болды. Бұл 250 орынға арналған, 150 бала жатып оқитын интернаты бар спорт кешені болмақ.

– Жобаның  құны – 1 млрд. 300 млн. теңге.  Жергілікті бюджеттен 380 млн. теңге шамасында қаражат бөлінген еді. Кейбір мәселелер бойынша, кейін қаржының тапшылығынан нысанның құрылысы тоқтап қалды.

Жуық арада қаражат бөлініп, нысанды тапсырамыз деген  үміттеміз.  150-дей жұмысшы, 15 техника, соның ішінде  жергілікті тұрғындар да жұмысқа тартылған. Аудандардан келген 150 бала интернатта  жатып оқитын болады. Мұнда оқу кешені, асхана, кітапхана, түрлі бағыттағы үш жабық спортзал, футбол алаңы мен жүгіру жолақтары, баскетбол, волейбол ойнайтын алаңдар болады, – деп кешеннің мақсат-міндетімен және жұмыс барысымен таныстырды  мердігер «Альтаир» ЖШС-ның директоры Сергей Потиченко. Мердігердің айтуынша, тиісті қаражат қолдарына тисе, алты айлық мерзімде құрылысты  толық  аяқтамақ.

– Ел аралап шыққан біз Елбасы Жолдауын түсіндіріп қана қоймай, әр аймақтағы  түрлі мәселелерді тыңдап, заң талаптарының орындалуын қараймыз. Аймақтарда жүрген депутаттар тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарға куә болудамыз. Елбасы биылғы Жолдауында халықты сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамту жөнінде баса айтқан болатын. Таяу жылдары екі миллионға  жуық қазақстандық әр түрлі әдіс-тәсілдермен баспаналы болады.

Әрине, екі миллион үлкен көрсеткіш. Бірақ бізде демографиялық көрсеткіш жақсы. Бала көп туылған сайын, үйін кеңейтуге немесе жаңа баспана алуға деген сұраныс та артады. Тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі ел Үкіметі мен әкімдіктердің күн тәртібінен ұзақ жыл бойы түспейді деп ойлаймын. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «7-20-25» бағдарламасы оңтайлы пайдаланылып отырғанын көрдік.  Әр аймақта болып жүрсек те, Оралдағыдай  дұрыс  шешімді бірінші рет көріп тұрмын. Бұл маған ғана емес, тұрғындарға да ұнайды деп ойлаймын. Ескі үйдің орнына қаланың ортасында  әрі жаңа баспанада тұру өте ыңғайлы. Бұл апатты және ескі үйлердің мәселелерін шешу үшін еліміз бойынша бөлісуге тұратын жақсы тәжірибе деп  білемін.

Сенат депутаттары Батыс Қазақстанда осындай жұмыстар бар екенін айтып жүретін боламыз.

Ал болашақ спортшыларды дайындау мемлекетік іс болып саналады. Елбасы Жолдауында ұлт денсаулығын сақтауды, бұқаралық спортты дамытуды ерекше атап өтті. Спортқа дарынды балалар арнайы кешендерде жаттығуы керек. Бұл – әлемге танымал Данияр Елеусіновтің Отаны.  Облыстың спортты  дамыту бағытында ұстанып отырған саясаты өте дұрыс. Жаңа спорт кешені ауадай қажет. Біз Үкіметке  қаржылай қолдау мәселесін жеткізіп, көмектесеміз деп ойлаймын, – деді Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова.

Түстен кейін халық қалаулылары Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің педагогикалық ұжымымен кездесті.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»


Маммографияға түстіңіз бе?

Күні: , 318 рет оқылды

Еліміз бойынша 6-25 қазан аралығында омырау безінің қатерлі ісігін ерте сатысында анықтау, дерттің алдын алу мақсатында «Ашық есік күні» өтіп жатыр.

Аталған профилактикалық шара облыстық онкологиялық диспансерде де жалғасын табуда. Диспансердің бөлім меңгерушісі Тайман Амановтың айтуынша, әлем бойынша жыл сайын бұл ауру өршіп келеді. Қатерлі ісікті мамандар клиникалық жағдайларына және әйел адамдардың  жасына байланысты 25-35, 35-45, 45-59, 59 жастан асқандар арасында кездесетін төрт түрге бөледі. Маманның сөзінше, қатерлі ісіктің пайда болуының бірден-бір себебі, яғни сексен пайызы әйел адамдардың ағзасындағы гормональдық құрамның өзгеруіне байланысты. Екінші жағдайда, әйел адамдардың емшек безі жарақат алса, сол жерден қатерлі  ісік  пайда  болады  екен.

– Алайда ағзадағы гормональды өзгерістен кейін бірден қатерлі ісік пайда болады деп айтуға болмайды. Одан бұрын мастопатия деген ауруға ұшырайды.  Бұл – гормональды өзгеруден кейінгі сүт безінің асқынуы деген сөз. Әйел адамдардың ағзасындағы эстроген мен тестостерон деген жыныстық екі гормон қалыпты түрде болу керек. Егер де біреуінің ағзадағы құрамы өзгерсе, мастопатияға әкеп соқтырады. Мастопатияны бес жыл ішінде емдемесек, ол қатерлі ісіктің дамуына соқтыруы мүмкін. Сондықтан да бұл – күрделі ауру. Алайда дәл уақытында анықтап емдесе, бұл аурудан жүз пайызға айығуға болады. Эпидемиологиясына қарасақ, әлемде әр оныншы әйел адам қатерлі ісікпен ауырады, — дейді Тайман Төлеуғалиұлы (суретте).

Қатерлі ісік, негізінен, сол жақ омырауда көбірек кездеседі екен.

Ісіктің жетпіс пайызға дейін омыраудың қолтыққа таман тұсында орналасатыны анықталған. Тек әйел адамдарда емес, ер адамдарда да сүт безінің қатерлі ісігі ауруы кездеседі.

Қатерлі ісіктің түрлері көп, соның ішінде бес түрі жиі ұшырасады. Әсіресе, ауру белгісі байқалмағанмен, түйір ісіктің жайылып, өсетіні жиі кездеседі. Ал бүйрек үсті безінің формасымен 50-59 жас арасындағы әйелдердің 60 пайызға жуығы ауырады екен. Қатерлі ісіктің нағыз өршіген түрімен де осы жас аралығындағы әйелдер ауырады. Сондықтан да қырық жастан асқан соң жылына бір рет маммографияға түсу керек. Ал қырық жасқа дейінгілер УЗИ-ге түскендері жөн.

Екіншіден, әйелдердің омырауын өздері тексеріп көретін де тәсілдер бар. «Өкінішке  орай,  әйел адамдар өз денсаулықтарына немқұрайлы қарап, маммографияға уақытында түсуге көңіл бөлмейді. Қазақстан бойынша, тіпті әлем бойынша дәрігердің қабылдауына келетіндердің  25 пайызы  ғана ауырмай тұрғанда, тексеріліп көру үшін келеді екен. Ал 75 пайызы науқасы асқынып, ауырғаннан кейін ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Ал бұл кезде біз науқасқа көмектесе алмаймыз. Біз осы көрсет-кіштің керісінше болғанын қалаймыз. Сонда ғана қатерлі ісікті жеңуге болады», — деп әйел адамдардың дер кезінде дәрігерге қаралу қажеттігін баса айтты бөлім меңгерушісі.

– Мен омырауымда ісік барын тексерістен өткен соң ғана білдім. Қазір ота жасап, ісіктің бетін қайтарды. Өзімді жақсы сезінудемін. Сондықтан да әйел адамдарға скринингтен өтуге кеңес берер едім. Дәрігерге қаралудан қорықпау керек. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды қарастырған жөн. Мұндағы қызметкерлердің кәсіби біліктілігі жоғары, қашанда қамқорлық танытып жүреді, — дейді қала тұрғыны Людмила.

Облыс бойынша жыл сайын 150-175-ке жуық, ал Қазақстан бойынша 3500-3700-ге жуық адам диспансерлік есепке алынады екен.

Маммографияға түсудің нәтижесінде аурудың сексен пайызы ерте сатысында анықталуда. Диспансердің бөлім меңгерушісі Гүлжиян Ахметқалиеваның айтуынша, мұнда барлық ауру түрі бойынша 7 мыңға жуық адам диспансерлік есепке алынған. Оның 1500-і сүт безі ісігі болса, екінші орында  өкпенің қатерлі ісігі тұр. Тоғыз айда жүргізілген скрининг нәтижесінде облыста 165 әйелдің сүт безі ауруымен ауыратыны анықталған. Олардың 68-і бастапқы сатысында белгілі  болып отыр.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


«Саят» этнотуристік орталығы есігін айқара ашты

Күні: , 575 рет оқылды

Өткен  аптаның  сенбі  күні  Зеленов ауданының  Мичурин ауылдық округінде «Саят»  этнотуристік  орталығы  ашылды. Салтанатты  шараға  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов  арнайы  қатысты.

Белсенді демалысты ұйымдастыру, ішкі туризмді дамытуды мақсат тұтқан жобаның авторы әрі жүзеге асырушысы – облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Мұрат Жәкібаев. Орталықтың бүгінгі таңда іске қосылған алғашқы кезеңінде атпен жүруге үйрету, берілген туристік бағыттар бойынша атпен жүріп өту, конкур, сәндік жүріс және үшсайыс сияқты олимпиадалық және спорттың ұлттық түрлерін дамыту, иппотерапия кешендері жұмыс жасайды. Алдағы уақытта орталық базасында Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен облысымыздағы барлық ұлттық мәдени орталықтың «Менің елім» атты этноауылдарын ашу жоспарланған.

Шарада құттықтау сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов аталған жобаның мемлекетіміздің кәсіпкерлерді қолдауы нәтижесінде, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырғанын айтты. Сондай-ақ ол бұл жоба еліне жанашыр азаматтың қамқорлығы мен Елбасының кешегі Жолдауына сай жастарды қолдау, бұқаралық спорт, денсаулық, туризм салаларын дамытудың бір арнаға ұштасқанының  нақты  көрінісі  екенін  атап өтті.

– Мұндай орталықты ашу бала күнімнен бергі арманым болатын. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыруға қолдау білдірген ел азаматтарына және бүгінгі қуанышқа жиылып келіп тұрған баршаңызға алғысым шексіз! Біздің ісіміз тек қана бизнеске емес, әлеуметтік саланы дамытуға да бағытталғанын айтып өткім келеді. Елбасымыз Қазақстан алдыңғы қатарлы ел болуы керек екенін және әр күн сайын еңбек етіп, бір теңге тапсақ та, оның ар жағында Отанға деген махаббат жатуы керектігін үнемі айтып келеді. Бұл шараға осыдан жетпіс жылдан астам уақыт бұрын Отанымызды қорғаған ардагерлеріміздің қатысып тұрғаны – мен үшін көңіл толқытарлық тарихи сәт. Өйткені олар – осы күнге дейін жеткен санаулы да аяулы жандар, – деді кәсіпкер Мұрат Жәкібаев құттықтау сөзінде.

Ақсақалдар атынан сөз алған ҰОС ардагері Хамза Сафин жүзеге асырылып отырған жобаның патриоттық тәрбиені насихаттаудың таптырмас құралы екеніне айрықша тоқталды. Шараға құрметті қонақ ретінде қатысқандардың қатарында ҰОС ардагері Иван Гапич және ат спорты федерациясының өкілі Яна Каменская да болды.

Кешен ішінде 22 жылқыға арналған жайлы тұрақ, 13 кісілік асхана, келушілер мен туристерге арналған жатын орын, әкімшілік ғимарат, оқу сыныптары мен жыл бойы атпен жүру сабақтарына арналған ареналар бар. Алдағы уақытта велотуризмді, су және шаңғы спортын дамыту жоспары да қарастырылған. Бұл облысымызда тұңғыш рет қолға алынған көрнекті инвестициялық жоба екенін айта кету керек.

Жиылғандар орталықтың салтанатты ашылу рәсімінен кейін кешенді аралап шығып, ат спортын тамашалауға арналған арнайы орындарға жайғасты. Мұнда орталықтағы асыл тұқымды 16 жылқы көрермен алдына жеке-жеке шығарылып, таныстырылды. Сондай-ақ көкпар, аударыспақ, теңге ілу, аттарды кедергілерден қарғыту секілді көріністер тамашаланды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Таяқ жеуден аман қалған «полицей»

Күні: , 197 рет оқылды

Күні-түні қоғамның тыныштығын қадағалап, тентектерді тәртіпке  салатын полиция қызметкерлерінің жұмысы сырт көзге оңай көрінгенімен, темірдей төзімділікті талап етеді. Күнделікті орын алатын түрлі оқиғалардың басы-қасында жүретін оларға  жүктелетін жауапкершілік жүгі де ауыр. Бұл саланың жұмысын өз көзіммен көру көптен көкейде жүрген ойдың бірі еді, жақында оның да сәті түсті.

Жасыратыны жоқ, басында аталмыш саланың қызметкерлерімен бір күнімді өткіземін деп оқталғанымда, «Шыдай алам ба екен?» деген ой санамның сөресінде біразға дейін «сіресіп» тұрды. Өйткені таңертең жұмысқа барып, кешкісін үйге қайтып үйреніп қалған біз үшін бір тәулік бойы жүру қиынның қиыны еді. Шынымды айтайын, таңға дейін көз ілмейтінімді ойлағанымда, «қазада» қап кететін ұйқымды аядым. Оның үстіне «Қандай оқиғаларға куә болар екенбіз?» деген «ұры» ой кіріп алып, шықпай қойғаны…

Сонымен, не керек, жұма күні таңертең Орал қаласының ішкі  істер басқармасы жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері  Жеңіс алаңының алдынан мені қызметтік көлікпен алып кетті. Шаған жағалауы, БҚМУ, кірістер басқармасы, Жеңіс алаңы сияқты тағы да басқа өздері жауапты аймақтарды аралап жүріп, маған жұмыстарының жай-жапсарын  түсіндірді.

Аталған аймақтарды екі айналып шықтық. Шаған жағалауының айналмалы жол трассасынан «Лада» аутокөлігін тоқтаттық. Жүргізуші – жап-жас жігіт. Жоғары оқу орнының екінші курс студенті екен. Күндізгі жарық шамын жақпағаны үшін оған хаттама толтырып, алты мың теңге айыппұл салды. Орнымыздан енді қозғала бергенімізде, рация арқылы облыстық аурухана жаққа баруымыз керектігін хабарлады. Дереу сол жаққа құстай ұша жөнелдік. «Шаран» және «Митцубиси» аутокөліктерінің иелері  темір тұлпарларын рұқсат етілмеген жерге қойып қойған. Полиция қызметкерлері оларға айыппұл салып, көліктерінің нөмірін  шешіп  алды.

– Күн сайын таңертеңгі 08.00ден кешкі сағат 20.00-ге  дейін қаланың тәртібін қадағалаймыз. Қоғамдық орындардың қауіпсіздігін қарап, мас адамдарды, кезбелерді тиісті орындарға жеткізу – біздің міндетіміз. Сағат 20.00-ден кейін түнгі бөлім жұмыс істейді. Қала тыныштығына  жауаптымыз, – дейді батальон инспекторы, лейтенант  Нұрхан  Дүйсенов.

Орталық «Мирлан» базарының жанынан өте бергенімізде, ішімдікке «тойып алған» бір үлкен кісіні көрдік. Қасына тоқтап, көлікке салып алайық десек, «Отырмаймын, мені босатыңдар» деп байбалам салмасы бар ма. Әйтеуір, зорға дегенде отырғызып алып, қаладағы уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына алып бардық.

Түске таман қаладағы басқа аймақтарда нендей жағдай болып жатқанын көру үшін Конькин көшесінен бастап («Омега» зауыты) С. Тюленин көшесі аралығындағы аймаққа жауапты жол-патрульдік полициясының көлігіне отырдым. Мен мінген бойда М. Өтемісов пен

С. Жақсығұлов көшелері бойында екі аутокөлік соқтығысқаны туралы хабар түсті. Тездетіп сол жаққа бардық. «Пассат» пен «Митцубиси» аутокөліктері түйісіпті. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген екен. Қалалық ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полициясы батальонының бөлімше командирі, аға сержант Арман Сүлейменов  анықтаушы келгенше оқиғаның мән-жайын тексерді.

– Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда, ең алдымен, зардап шеккендер жоқ па, соны қараймыз. Егер болып жатса, «Жедел жәрдем» келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетеміз, – деген Арман Сүлейменов өздерінің жұмыс барысы жайлы толық баяндап  берді.

– Сағат 07.00-де базаға жиналып, қару-жарағымызды аламыз. 07.30-да таңғы тексеріс басталады. Онда өз міндетімізді дұрыс атқаруымызды тапсырады. Содан кейін әрқайсымыз өз аймақтарымызға кетеміз. Бізге белгіленген аймақтан шығуға болмайды. Рацияда арнайы құрылғы бар, сол  арқылы орталық тексеріп отырады. Егер көрші экипажға көмек керек болып жатса немесе сол экипаж бос болмаса,  орнын жабу үшін аймақтан шығуға рұқсат етіледі. Ал ешқандай себепсіз аймақтан шығып кетер болсақ, шара қолданылады, – дейді А. Сүлейменов.

Жол-көлік оқиғасы болған жерде көп тұрған жоқпыз. Өйткені «Белая казарма» аялдамасында адамды қағып кетті деген «дабыл» қағылды. Салып-ұрып сол жерге жеттік. Біз барғанда «Жедел жәрдем» көлігі әлгі адамды көлікке салып жатыр екен. Бұрын мұндай оқиғаны көрмегесін бе, бірден жақын барып қарауға жүрексіндім. Кішкенеден соң барып, «Жедел жәрдем» ішіндегі қызметкерлерден зардап шегушінің хал-жағдайын сұрадым.

Аман екен. Жол жиегінде жемісжидек сатып тұрған бір сатушы келіп,  азаматтың көлікке қағылуына өзі кінәлі екенін полицияға айтып жатты. Жаяу жүргіншілер жолынан емес, жолдың қақ ортасынан өтпек болғанда «Ауди» аутокөлігінің «астынан» бір-ақ шыққан. Анықтаушы келгеннен соң  «Ауди» айып тұрағына апарып «қамалды».

Таңертеңнен бері кішігірім ғана оқиғалардың куәсі болған маған бұл жағдай кәдімгідей әсер етті. Енді «адам қағып кетті» деген хабар түспесе екен деп іштей тілеп отырғаным сол еді, рациядан «Қазақстан» аялдамасынан 7-8 жастағы кішкентай қыздың көлікке қағылғандығы айтылды. «Жедел жәрдем» көлігі бізден бұрын барып, кішкентай қызды алып кеткен.

– Жаяу жүргіншілер жолына жақындай бергенімде, бірдеңе соғылғандай болды. Дереу тоқтап, түсіп қарасам, жерде кішкентай қыз жатыр. Көтеріп алып, көлікке жатқыздым. Содан «Жедел жәрдем» шақырдым. Құдай сақтап, аман қалды. Еш жері сынбаған, тек жерге құлағанда маңдайын жарақаттап алған, – деді оқиғаның қалай болғандығын баяндаған жүргізуші.

Арада он минут өтер-өтпестен  бір жігіт келіп, «Менің қызымды қаққан кім? Сен бе?» деп маған қарай жұдырығын ала  ұмтылмасы бар ма. Аузынан арақ исі мүңкіп тұр өзінің. Қасымдағы «уақытша» әріптестерімнің  араласуымен сабасына әрең түсті. Әйтпесе, мені «жүнін жұлған тауықтай» қылуы  әбден мүмкін еді. «Бүлдіршіні көлікке қағылып, ашудан өзін ұстай алмай тұрған адамға жұдырық жұмсағаным дұрыс болмас. Қанша ұрып-соқса да, қаққан қазықтай тұра бер, жігітсің ғой, өліп қалмассың» деп іштей өзімді сабырға шақырумен болдым.

Құдай сақтап, бәрі сәтімен аяқталды.

Азды-көпті болған оқиғалардан бөлек, көлікпен әрі-бері жүргеннің өзі кешке дейін әбден сілікпемді шығарды. Шаршағаным соншалық, «шамым» сөнейін деді. Әлі таңға дейін жүретінімді ойлағанда… Небір жындылардың түнгі клуб сияқты жын-ойнақтың жеріне түнде жиналатын әдеттері емес пе, көретінді осы түнде көретін шығармын деп топшылағанмын. Алайда төбе шашыңды тік тұрғызатындай оқиға орын алмады. Тек рұқсат етілмеген жерге көлік қойғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпағаны, жүргізуші куәлігінсіз көлік айдағаны және жылдамдықты шектен тыс асырғаны үшін  бірнеше жүргізушіге айыппұл салынды.

Түнгі сағат үштер шамасында көшеде мас күйінде жүрген жас жігітті уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына жеткізіп тастап келе жатқанымызда, «Саяхат» аялдамасынан 5-6 жасөспірімді көрдік. Түрлеріне қарасаң, кәмелетке толмағандар сияқты. Тоқтатып, құжаттарын тексерейік деп жақындай бергеніміз сол еді, бізді көріп бәрі тым-тырақай қаша жөнелді. Арттарынан қуайық кеп, жандары қысылғаннан біреудің шарбағына кіріп кеткен екеуін ұстап алдық. Біреуі кәмелетке толмаған екен, ал екіншісі одан екі-үш жас үлкендігі бар. Кәмелетке толмағанын Абай бөлімшесіне апарайын деп жатқанымызда: «Аға, жіберіңіздерші, мына дос баламның үйіне қонуға бара жатыр едім, енді түнде көшеде жүрмеймін» деп қиылған соң, ескерту жасап, босатып жіберді.

«ЭлДивино» ойын-сауық кешенінің алдында бір топ жігіттің төбелеспек болып жатқандығы  туралы  хабар түсісімен, сол жерге бардық. Білектерін сыбанып алған жігіттер сөзге келісе алмай, шу шығарғалы тұр екен. Бізді көріп, сабаларына түсіп, тарқасып кетті.

Таңғы сағат бесте көзім бір ашылып, бір жұмылып, таңның атуын  тағатсыздана күттім. Мұндайда сағат тілі де жылжып болмайды ғой өзі… Айтпақшы, «Тұлпар» деп аталатын кезекші бөлім қаланың ішінде қандай оқиға болып жатқанын бейнекамералар арқылы көріп, баяндап отырады екен. Сосын «Янтарь» деген де бар. Ол көлік жүргізушілерінің бұрын-соңды жол тәртібін бұзды ма, айыппұлы бар ма, соның бәрін тексеріп, жол-патрульдік полициясына хабарлап отырады.

Кез келген саланың ішкі «асүйіне» кіріп, жұмыс барысымен танысып көрмейінше,  ол сала жеңіл көрінетіндігі жасырын емес. Полиция қызметкерлерімен өткен бір күнімде  олардың қызметтерінің қиын екені соншалық, екінің бірі алып жүре алмайтынына көзім жетті.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»


«Жетістікке жетудің жолы»

Күні: , 60 рет оқылды

Орал қаласындағы «Бастау» коворкинг орталығында студенттер қауымы қазақстандық шахматшы, гроссмейстер, жасөспірімдер арасында шахматтан әлем чемпионы, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Дәрмен Сәдуақасовпен  кездесті.

Басқосуды облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен облыстық «Болашақ» корпоративтік қоры «Болашақ кәсіби өсім және мансап орталығы» жобасы негізінде ұйымдастырды. «Жетістікке жетудің жолы» тақырыбында ұйымдастырылған кездесуде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқудың тиімділігі, ішкі туризмді дамыту, жасөспірімдерді шахматқа баулу мәселелері талқыланды.

Дәрмен Қанатұлы 1979 жылы Астана қаласында дүниеге келген. 2000 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаса, 2009 жылы Мемлекеттік басқару институтын, кейін АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Карнеги Мэлон университетінің магистратурасын аяқтаған.

Сондай-ақ ол 1998 жылы жасөспірімдер арасында  Қазақстанда, АҚШ-та, Үндістанда, Ресейде, Индонезияда, Латвияда, Испанияда өткен шахмат турнирлерінде жеңімпаз болып, халықаралық гроссмейстер атанады. 2009-2011 жылдары ҚР Президент Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы меңгерушісінің кеңесшісі болса, 2011 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан Республикасы шахмат федерациясының вице-президенті қызметін атқарған. ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары» қауымдастығы кеңесінің мүшесі.

— Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы негізінде оқуға тапсырғанымның өзі аяқ астынан болды. Бірде көшеде келе жатсам,  ескі танысымды көріп қалдым. Ол «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқуға болатынын айтты.

Мен оған өту үшін ақша, таныс керек шығар деп сенбедім. Алайда ол айтқанына көндіріп, келесі күні кеңсесіне келуін өтінді. Барсам, «Болашаққа» түсу үшін қажет құжаттардың тізімін шығарып қойған. Құжаттарды тізімдеп, эссемді жазып, жұмыс орнымнан ұсыныс хатты сканерлеп, көрсетілген сайтқа жолдадым. Бағдарлама бойынша оқуға түсу үшін ең басты шарт  ағылшын тілін меңгеру болды. Байқасаңыз, дизайнер, әнші, тігінші секілді мамандықтардың иесі болу үшін бойыңызда дарын болғаны маңызды. Ал ағылшын тілін меңгеруде уақытыңызды бөліп, сөздік жаттасаңыз және ағылшынша киноларды қарап, тіліңізді жаттықтырсаңыз, жетіп жатыр. Содан  құжаттарым қабылданып, сұхбаттасуға шақырды. Әңгімелесуден сәтті өтіп, грант иегері атандым. Кез келген жетістік тынымсыз еңбектің нәтижесінде  келеді, — деді ол.

Сондай-ақ ол еліміздегі туризмді дамыту үшін балалар мен жасөспірімдерге арналған турлар, шағын қалашықтар салудың маңыздылығын  жеткізді.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Бесіктің қадірін біліп жүрміз бе?

Күні: , 61 рет оқылды

«Тәрбие  тал бесіктен басталады» дейді дана халқымыз. Ол — сәбидің қаз басып кеткенше бөленетін ағаш төсегі. Қазақ — төрт түлігін бағуды кәсіп еткен, соның өнімін нәсіп еткен халық. Малына жазда шұрайлы жайылым, күзде шүйгінді күзеу, қыста ықтасынды, отты жер іздеп, үнемі ат үстінде, көшіп-қонумен ғұмыр кешті.

Әйелі көш ішінде босанып, баласы бесікте жатып өсті. Қазір жылы үйде өсіп жатқан сәби үп еткен желге ықылық атып қалады. Сол кездегі сәбилерді суықтан сақтаған бесік екенін бүгінгі ұрпаққа ұғындырудың өзі қиын.

Бұрын малсыз, дүниесіз үй болса да бесіксіз үй болмаған. Сәбиі есейіп кеткен үйдің бесігі көшсе, түйенің қомында, қонса, шаңырақта ілулі тұрды. Бесіктің ағашын отқа жақпады, үстінен аттамады.

Бесікті ең құнды дүниесі санады.

«Төрде бесік тұрса, төре де басын иеді» деген халық даналығы осының дәлелі еді. Өйткені ол – киелі, онда ана құрсағынан жарып шыққан сәбиі жатып өседі. Ата-ана үшін сәбиінен артық не бар? Сол үшін де бесік қастерлі еді.

Бүгін ше? Әр үйдің төрінен бесік көре аламыз ба? Жоқ!

— Бесік? Ол неге керек? Баланың қол-аяғын байлап… Манеж бен қоларба бар емес пе? Еркін жатады…

Бұл – бүгінгі кейбір жас келіндердің сөзі. Себебі бесік жайлы түсінігі сол, ұғындыратын кісі болмағасын қадірін қайдан білсін?!

— Бесікке не жетсін! Жылы, таза, аунап кетеді деп қорықпайсың, қауіпсіз. Емізіп, байлап тастап, алаңсыз жұмысқа кетуші едік… Қарт әжеміз бесікке шаң жуытпайды. Өйткені ол бар баласын бесікпен өсірді. Бесіктің пайдасын көріп, құндылығын ұғынған жан. Бесіктегі сәбиіне исініп отырып, бесік жырын  талай айтып еді…

Бұрын бесікті қадір тұтпайтын қазақ жоқ-ты. Кешегі одақ кезінде бесікті ескінің қалдығы деп қарап, «жаңа қазақтар» «зияндылығын» көбірек насихаттады. Бүгінгі манеж бен қоларбаның тұрмысымызға көбірек еніп, бесіктің керексіз болып қалуы содан да шығар.

Бесік,  біріншіден, сәбиге жайлы да жылы. Мұқият құндақталған сәби ашылып қалмайды. Тербетуге өте ыңғайлы, мамық төсегі аса жайлы.

Екіншіден, сәби дәреті жаялығына жайылмайды. Шүмегі арқылы түбегіне ағып кетеді. Сондықтан сәби қанша жатса да, төсегі құрғақ, жайсыздық сезінбей тыныш ұйықтайды. Қолы ораулы болғандықтан, оқыс қимылдап, шошынбайды.

Бүгін ше? Бесіктің қасиетін білмеген еріншек келіндер балаға памперс кигізіп, манежге жатқыза салады. Қанша мақтаса да, памперс киген сәбиде жайсыздық болады. Неге? Нәрестенің терісі өте нәзік, сыртқы ортаға бейімделіп үлгермеген,  түрлі химиялық, биологиялық әсерлерден тез қабынып, бөртеді, қышынып тынышсызданады.

Нәресте памперске кіші дәретті жібергенде, оның ыссылығынан денесі қызып, температурасы көтеріледі. Памперске сіңген дәрет суынғанда сәби денесі де суынады. Нәресте ағзасындағы бұл өзгеріс  оның дамуына жағымсыз әсер етпей қалмайды. Ғалымдардың айтуынша, ұл баланың табиғи бел қуатына да кері әсері  болады екен.

— Памперс деген отқа жанбайтын, суға батпайтын бір пәле екен. Қайда барсаң да торсиып жатқан памперс, — дейді бір ағамыз. Расы сол ғой. Дәрет толып, ісінген памперс сәбиге жайлы деп кім айта алады.

Манежде жатқан нәрестенің қолы мен аяғы бос. Өз қозғалысынан өзі шошынып, ұйқысын бұзады.

Қалай дегенде де, бесіктің орны бөлек-ті.

Бесік жыры десе:

Айналайын, бөбегім,

Аймалаймын, өбемін.

Азамат боп өссін деп,

Ақ бесікке бөледім.

Әлди,әлди, әлди-ай… — деп, немересі бөленген ескі ағаш бесікті сықырлата тербетіп, бесік жырын ақырын айтып отыратын әжем көз алдыма келеді.  Жаным мұңға оранады.

Ана тілінің өлшеусіз құдіреті осы бесік жыры арқылы санамызға сіңбеп пе еді?

Бесік жырының құдіретін ғалымдар зерттеп дәлелдеуде. Мысалға, психоневрология институтының негізін қалаушы академик Владимир Бехтерев «бесік жыры невроз ауруының алдын алады» десе, психолог Виталий Леутин бесік жырын тыңдау сәби ми қыртысындағы нейрондардың  дұрыс дамуына себеп болады дейді.

Бесік жырын тыңдап өспеген бала тез ашуланғыш, ойлау қабілеті төмен, жалқаулыққа бейім, аурушаң  болатынын да ғалымдар дәлелдеуде.

Бүгінгі манеж шайқаған әжелер мен аналар осындай құдіретті бесік жырын дұрыс айта ала ма? «Иә» деу қиын.

Бесік жыры – өте маңызды тәрбие құралы, ұлттық құндылығымыздың бірі. Ол сәби бойына мейірімділік, қайырымдылық, атаанаға деген махаббат сияқты ізгі сезімдерді дамытады, бала ана тілінің нәрін ұғынып, мағыналы, мәнерлеп сөйлеуге үйренеді. Ана тілін сүйеді, ұлтын, Отанын сүйеді.

Бізге керегі осы емес пе? Олай болса, баланы бесіктен бөліп, бесік жырын тыңдатпай, рухани азығынан айырмайық, ағайын!

Өмірзақ   АҚБАСОВ,

Жаңақала   ауданы

Бесікке  қатысты  тыйымдар  мен  ырымдар

— Бесікті отқа жақпайды

— Бос бесікті тербетуге болмайды.

— Бесікті сатуға болмайды, бесікті саудаламайды.

— Кез келген адамға бесікті беруге болмайды.

— Аяқ астына тастауға болмайды.

— Бесікті екеулеп көтермейді.

— Бесіктің теріс жағына отырмайды.

— Бесіктің өзін отпен аластап қояды.

— Бос бесікті ешуақытта жабусыз қалдырмау керек.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика