Мұрағат: 12.10.2018


«Жолдау – берекелі істің бастауы»

Күні: , 52 рет оқылды

Кеше  өңірімізге ҚР  Энергетика  министрі, Елбасы  Жолдауының  негізгі  міндеттерін түсіндіру  бойынша  құрылған  республикалық ақпараттық топтың  жетекшісі  Қанат  Бозымбаев жұмыс сапарымен  келді. Жолдауды  түсіндіру  және іске  асыру  шаралары  жөнінде облыс әкімі  Алтай Көлгіновтің  төрағалығымен өткен жиынға  облыс  активі, энергетика, коммуналдық қызмет  салаларының,  қоғамдық  ұйымдардың  өкілдері  қатысты.

– 5 қазанда Елбасымыз бүгінгі әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа ауқымды қадам жасау мақсатында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялады. Бұл жолы да Мемлекет басшысы тарапынан қазақстандықтар үшін маңызды мәселелерді шешу жөніндегі көптеген бастама қамтылды, – деді жиынды ашқан Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде сөз алған министр Жолдау қазақстандықтардың болашағын баянды ете түсетін, тың серпіліс әкелетінін жеткізіп, заманауи жаңалықтарға толы болғанын айтты. Әсіресе, мұнда тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша бірқатар ауқымды мәселелерді шешу жолдары қарастырылған. Сондықтан Жолдау жүйелі жүзеге асса, халықтың кірісі мен әлеуметтік әл-ауқаты жоғарылайтынына  сенім  мол.

– Ең алдымен, Елбасы Жолдауда халық табысының өсуіне тоқталды. Ең төменгі жалақы 1,5 есеге көтеріледі. 275 мың азаматтық қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өседі деп жоспарлануда. Бұл бағытта Үкімет қоры есебінен 2019-2021 жылдарға 96 млрд. теңге бөлінетін болады. Сонымен қатар Президент ірі кәсіпорын басшыларына төмен жалақы алатын қызметкерлердің айлық табысын арттыруға кеңес берді. Өз кезегінде, Энергетика министрлігі әкімдіктермен және өңірлердегі отын-энергетика кешені кәсіпорындарымен бірлесіп, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған шаралар қабылдайды. Мысалға, «ҚПО б. в.» компаниясының басшылығынан табысы төмен қызметкерлердің жалақысын көтерудің тиімді шараларын күтудеміз. Бұл ретте, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының ел экономикасындағы маңызды орнын ерекше атап өткім келеді.

Қарашығанақ даму жылдарында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына 342 миллион АҚШ доллары бөлінді. Бұл қаржыға 14 медициналық, 28 білім беру мекемелері, ондаған инфрақұрылым, 12 мәдени-спорттық нысандар салынды. Жалпы, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға жыл сайын 20 млн. доллар көлемінде қаражат бөлінеді. Бір сөзбен айтқанда, «ҚПО б.в.» компаниясы облыс экономикасының өрге  басуына  көп  үлес  қосуда.

Қарашығанақ жобасының акционерлері-серіктестерімізбен объективті индекске байланысты туындап, үш жылға дейін созылған дауды биыл өзара достық негізде реттеп, арнайы келісімге қол қойдық. Бұл құжат ел экономикасына оң серпін бермекші. Мысалы үшін айтсам, осы құжатта көрсетілген бір бөлімде аталмыш кен орнының дамуы үшін маңызды инвестжобаларды уақтылы орындау міндеттемесі бар. Сондай-ақ біз жергілікті мұнай өңдеу зауыттарына көмірсутегі шикізатын жеткізу мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде де келістік. Бұл Батыс Қазақстан облысының газхимия кешені саласының ғана емес, жалпы өңір экономикасының дамуына мүмкіндік бермек.

Қарашығанақтың мысалы  негізінде отандық бизнестің өркендеуін де көруге болады. «Ерте тендерлер» жобасының енгізілуінің нәтижесінде қазақстандық компаниялар тендерлерде жеңімпаз деп танылып жүр. Осы жобасының арқасында отандық мұнайсервисі қызметінің біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігі артты. Биыл «ҚПО б.в.» қазақстандық компанияларға тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін 208,9 млн. АҚШ долларын (барлық сатып алудың 56 пайызы) төледі. Кадрдағы жергілікті үлес 2000 жылдан бері үш еседен астам (1186-дан 3708 адамға дейін) артып, 91 пайызға жетті. Қарашығанақты одан әрі игерудегі негізгі жобалардың бірі – газ қуаттарын жаңғырту, 4-компрессор және 5-кәсіпшілікішілік тұрба құбырын салу. Инвестиция көлемі 1 млрд. АҚШ долларынан асатын бұларды 2020 жылға дейін жүзеге асыру көзделуде. Осылайша Қарашығанақ өңір дамуының драйвері болып қала бермек. Ол ел экономикасын дамытуға да сүбелі үлесін қосады. Бұл бастамалардың барлығы министрліктің тұрақты бақылауында болмақ.

Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату керектігі турасында да айтылды. Иә, коммуналдық қызмет көрсету мен тасымалдау тарифінің жасақталуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуында әлі күнге дейін ашықтық жоқ. Өз кезегінде біздің министрлік объективті икемді тариф деңгейін қою мақсатында электр қуатын өндіруші кәсіпорындарда талдау жүргізуді қолға алды. Сөйтіп,  қуат өндіруге кеткен нақты шығындар анықталады. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 51-қадамын орындау мақсатында өңірлердегі электр желілері компанияларын ірілендіру шарасы басталды. Бұл электр қуатымен қамтуды жақсартумен қатар, бір өңірде түрлі тарифтердің болуына жол бермейді.

Елбасы экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесіне тоқталды. Президент тапсырмасын орындау үшін министрлік тарапынан мұнай-газхимиясы саласын дамытуға барынша жағдай жасалуда. Мәселен, жыл өткен сайын республикамызда битум өндірісінің көлемі артып келеді. Бүгінгі таңда елдің ішкі қажеттілігін толықтай отандық өнім жауып отыр. Тіпті ол көрші елдерге экспортталуда. Атырау облысында полипропилен мен полиэтилен өндіру сынды мұнай-газхимиясы саласындағы экспортқа бағытталған жобалар жүзеге асуда.

Жоғарыда айтып өткен Қарашығанақ консорциумы келісімінің аясында батысқазақстандықтар бұл сала бойынша инновациялық жобаларды  қолға  алғандары  жөн.

Инновациялық және сервистік секторларды дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Ол үшін баламалы қуат көздері, жаңа материалдар, биомедицина, интернет заттары, жасанды интеллект, блокчейн сынды «болашақ экономиканың» бағыттарына мән беруіміз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік әкімдіктермен бірлесіп баламалы қуат көздерін дамыту бағытында жұмыс жүргізуде. Қазір ел көлемінде қуаттылығы 430 МВт болатын жаңғырмалы энергияның 65 нысаны жұмыс істеуде. Биылдың өзінде Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында жаңғырмалы қуат көздері (ВИЭ) бойынша төрт  жоба жүзеге асты. Ал БҚО-да бұл бағытта нысандар салуға мүмкіндік болса да олардың құрылысы жоспарланбаған. Жаңғырмалы қуат көздерін пайдалану мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі екенін ескерсек, облыс өз әлеуетін есептеп, инвестор тартып, бұл бағыттағы жұмыстарды бастауы керек, – деді Қанат Алдабергенұлы.

Министр сондай-ақ Жолдаудағы қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру мен өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру мәселесіне де тоқталды. Елбасы тапсырмасына сәйкес экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы іс-шараларға, яғни зиянды шығарындыларды азайтуға, топырақ, су, ауа құрамының талапқа  сай болуына, қалдықтарды жоюға, не кәдеге жаратуға жете мән берілуі қажет. Дегенмен облыста бұл мәселелерді шешу жайы көңіл көншітпейді. Мәселен, биылғы сегіз айдағы жағдай бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу көлемі республикада 10,5 пайыз болса, облыста 2 пайыз көлемінде. Қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметімен қазақстандықтардың 72 пайызы қамтылса, ал батысқазақстандықтардың 60 пайызы мұндай игілікті көріп отыр. Экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сай полигон саны ел көлемінде 17 пайызға жетсе, БҚО-дағы 318 полигонның тек 8-і (2,5%) талапқа сай. «Облыс үшін маңызды міндеттің бірі – Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау, – деді Қанат Бозымбаев. – Бұл бағыттағы жұмыс РФ үкіметімен арадағы 2016 жылғы келісімге сәйкес бірлесіп жүргізілуде, арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Биылғы жыл соңына дейін комиссияның алғашқы отырысы өтеді. Жалпы, экологиялық бағыттағы мәселелерге қоғамдық ұйымдарды, жекелеген азаматтарды кеңірек тартқан дұрыс. Өздеріңіз білесіздер, қазір біз жаңа Экологиялық кодексті дайындап жатырмыз. Оны орталықтағы және өңірлердегі жұртшылық өкілдерінің талқысына салудамыз. Келісіп пішкен тон келте болмайтыны анық. Дана халқымыз «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей, Елбасы Жолдауында айтылғандай, біз қоғамның дамуына тың серпін беруге, әлемдік трендке сай заманауи даму жүйесін жасауға өз үлестерімізді қосуымыз керек.  Елбасы Жолдауындағы көкейге қонған тұстарын бүгін мен барынша  талқыға салып, тақырыпты тарқатуға тырыстым. Жолдаудағы барлық міндет пен мақсаттың орындалуында баршаңызға сәттілік тілеймін. Бүгінгі жұмысымыз ертеңгі берекелі істің бастауы болсын».

Өз кезегінде сөз алған өңір басшысы министрге мазмұнды баяндамасы мен Елбасы тапсырмасын облыста  жүзеге  асыру кезіндегі жан-жақты қолдауы үшін алғысын білдірді. Айта кетейік, «ҚПО б. в.» жыл сайын облысымыздың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына 20 млн. доллар бөліп келсе, келер жылдан бастап ол сома 30 млн. долларға жетпек. «ҚПО» басшыларымен мұндай келісімге келуде де Энергетика министрлігінің көмегі көп болды. Осынау қаржы өңіріміздегі біраз әлеуметтік мәселені шешуге мүмкіндік бермек.

Жиын барысында өңіріміздегі энергетика, коммуналдық қызмет құрылымдарының жетекшілері де сөз алып, Елбасы Жолдауын орындау бағытында мекеме-кәсіпорындардағы іс-шараларды баяндады.

Сәкен   МҰРАТҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Тақсай ханшайымына кесене орнатылды

Күні: , 96 рет оқылды

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының мамандары Теректі ауданы Долин ауылы аумағынан 2012 жылы тапқан Тақсай ханшайымына ақшаңқан кесене орнатылды. Сармат кезеңіне жататын алтын адам қабірі 2017 жылы Қазақстанның Жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне енгізілген болатын. Кесенені Теректі ауданының бір топ кәсіпкері өз қаржысына тұрғызған.

Яна Лұқпанова бастаған жергілікті археологтар тапқан көне обадан біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырға жататын ақсүйек сармат әйелінің қабірінен әйелдің ерекше стильдегі алтын баскиімі, әшекей бұйымдары, жапырақты жапсырмалар – барлығы 500-ге жуық алтын жәдігер, тарихи құндылығы өте жоғары суретті тарақ, тағы басқа көптеген жәдігер табылған.

Кесененің ашылу салтанатына орай Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры әртістері дайындаған  сахналық қойылым көне сармат заманының сән-салтанаты мен кейбір ғұрыптарын көрсетті.

25 ғасырдан кейін киесін қайта тапқан қасиетті мекенде орнатылған кесененің ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірде Елбасы жариялаған алты жобаның бірі – «Қазақстанның киелі географиясы» бағытында атқарылған жұмыстарды айтып өтті.

– Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жариялағалы бері өлкемізде бірнеше маңызды іс атқарылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бүкіл әлемге біздің дәстүрімізді танытатын, Қазақстанның қасиетті тарихын көрсететін жинақы бағдарлама. Бұл іске біздің батысқазақстандықтар да лайықты үлес қосып келеді. Біздің ғалымдарымыз алты жыл бұрын осы жерді мекен еткен сармат мәдениетінің ерекше ескерткішін тауып, әлемдік дәрежедегі жаңалық ашты. Бүгін, міне, осы өңірді мекен еткен көне халықтардың ұрпақтары байырғы баба тарихын қастерлеп, Тақсай ханшайымына кесене тұрғызып отыр. Жақында ғана Жәнібек ауданында жергілікті халықтың қолдауымен ақын-ағартушы Ғұмар Қараш бабамызға кесене қойылды. Ол да еліміздің жалпыұлттық қасиетті орындары санатындағы мекен еді. Ортағасырлық Жайық қалашығы орнында да болашақта ел-жұрт, туристер келетін кешенді құрылыстар болады. Мұның бәрі Ақ Жайық өңірінің, бүкіл Қазақстанның мәртебесін биікке көтеретіні сөзсіз, – деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Орал – Ақсай күре жолының бойында орнатылған Тақсай ханшайымы кесенесінің биіктігі –  7 метр. Кешен құрылысына Теректі ауданындағы белгілі кәсіпкерлер Мерхат Жұмашев, Сержан Идиятов, Ибрагим Жақсымбетов, Қатауолла Ашығалиев, Валерий Голоухов, Виктор Галкин, Арман Ғаббасов, Қайрат Сыдықов, Ұлықпан Мұхамедияров, Тілекқабыл Жұмағалиев, Александр Овчинник, Жұбан Шиназбеков, Гүлнәз Көшенова үлес қосқан. Шығыстық стильде салынған ақшаңқан кесененің тұсауын кесу құрметі археолог Яна Лұқпанова мен Теректі ауданының еңбек ардагері Сәлім Кукашевқа тапсырылды.

Кесене ашылу рәсімінен кейін жиналған халық арнайы киіз үйде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Тақсай кешеніне арнаған экспозициясын – белгілі ғалым-реставратор Қырым Алтынбектің жетекшілігімен қайта қалпына келтірілген Тақсай ханшайымының бейнесін тамашалады.

Қазыбек    ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ


«Айлы түн, айна бұлақ…»

Күні: , 38 рет оқылды

Ақын Сағынғали Сейітовтің сөзіне жазылған Донеділ Қажымовтың әні «Айлы түнді» жалындаған жастық шақтары сексенінші жылдарға тап келген аға-апаларымыздың білмейтіні кемде-кем шығар. «Айлы түн» сол кездегі жиын-тойлардың, жастардың басқосу кештерінің сәніне айналған ән еді ғой.

Осыдан бір жыл бұрын Сағынғали Сейітовтің 100 жылдық мерейтойы республикалық деңгейде кеңінен аталып өткені көпшілікке белгілі.

Осынау атаулы датаның қарсаңында ақынның аталас туысы Сейфолла Құмарұлымен тілдескен болатынбыз. Сейфолла ағамыз да Сағынғали ақынның кіндік қаны тамған осы күнгі Ақжайық ауданы Қурайлысай ауылдық округі аумағындағы Қандық көлі маңында дүниеге келіпті. Ол «Сағынғали ағамыз он жылдық мектепті Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылынан бітірген. Әкесі Дүйсенғали сол ауылдың мектебінде сабақ берген Ленин орденді мұғалім болды. Ағамыз «Айлы түн» деген өлеңімді Егіндікөл ауылындағы мөлдір бұлақты есіме алып жаздым» деп айтып отырушы еді, жарықтық» деген кезде, мен елең ете қалдым. Өйткені Егіндікөл – менің туған жерім.

Сағынғали Сейітовтің Алматыда тұратын ағайыны Амангелді Еркінғалиевке хабарласқан бір сәтімде оған «Айлы түн» өлеңінің тарихына қатысты Сейфолла Құмарұлы баяндаған мәліметті әңгімеледім. Амангелді ағамыз: «Иә, білемін. Бірде күз айында кешкілік Асхат екеуміз шежіре сұрап, Сағынғали атаға барғанбыз. Сонда бұл әңгімені атамыздың өз аузынан естігенбіз» демесі бар ма?! Асхат деп тұрғаны – бүгінде М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров. Асхат Максимұлына телефон шалып едім, айтылған әңгімені ол да растады.

— Егіндікөл, аяулы бір жерімсің,

Ет жүрегім сенен неге жерінсін?

Елемеуге, ескермеуге қақым жоқ,

Еңсең биік – өлкемізге көрінсін.

Егіндікөл, көзіме ерте шалындың,

Менің ерке, бұла жігіт шағымның

Біразы өтті құшағыңда бұлықсып,

Ұшқынындай алаулаған жалынның,  – демейтін бе еді Сағынғали ақын өзінің «Жолдас уақыт» атты таңдамалысына енген «Егіндікөл» атты өлеңінде? Содан не керек, «Айлы түннің» қалай дүниеге келгенін сұрап, әннің авторы Донеділ  Қажымовқа  хабарластым.

– Бұл өлеңді Сағынғали Сейітов ағамыздың «Жолдас уақыт» атты жыр жинағынан көріп, «Апыр-ау, мына өлең әнге сұранып тұр ғой» деп ойладым. Қателеспесем, 1985 жыл болуы керек. Менің бірер ән шығарған кезім болатын. Содан дереу фортепианоға отырдым да, әуен тере бастадым. Әп дегеннен әдемі әуен келе бастағандай болды. Тағы бірнеше қайталап, кей жерлерін өзгертіп көріп дегендей, шығармашылық шақта отырғанымда, асүйден шайға шақырған дауыс естілді. Оның үстіне үйге бір жолдасымыздың зайыбы келіп қалған еді. Жұмысты үзе тұруға тура келді. Ойымда нотаға түсірілмеген әуенді ұмытып қаламын ба деген қорқыныш бар еді. Құдайға шүкір, көп уақыт өтпей, нотаға да түсіріп үлгердім. Осылайша «Айлы түн» әні дүниеге келді.

Ән ел арасына, әсіресе, жастар ішіне тез таралып кетті. Сағынғали аға 70 жылдығына байланысты елге келген кезінде оны әр жердегі кездесулерде осы әнмен қарсылапты. Кейін Алматыға барған сапарларымда үйінде болғанымда ақсақал ағамыз осы әнді бірнеше қайтара айтқызып, жібермеуші еді, – деді композитор.

Елімізге танымал әнші Нұрлан Өнербаевтың осы «Айлы түн» әнін гитарамен шырқаған жазбасы ғаламторды шарлап жүр. Орал қаласына келген бір сапарында әншімен жүздесіп, аталмыш ән жайында әңгімелесудің сәті түскен  еді.

– Сексенінші жылдардың соңы әлде тоқсаныншы жылдардың басы ма екен, Орал қаласына келіп, жеке концертімді қойдым. Оның алдында да «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасымен, театр гастролімен Ақ Жайыққа бірнеше рет сапарлаған едім. Донеділ екеуміздің жақын араласуымыз, шығармашылық байланысымыз сол кездерде қалыптасқан болатын. Донеділдің шығарған әндерін өз орындауынан тыңдаған кезімде «Айлы түні» көңіліме ерекше ұнады. Өйткені сол кезде репертуарыма таңдап, жинақтап жүрген әндерімнің табиғатына, жанрына келетін ән еді. Бірақ мен бұл әнді репертуарыма бірден қосқаным жоқ. Менің қоржынымда біраз уақыт жатып қалды. Содан тоқсаныншы жылдардың аяғына таман бір концертте «Айлы түнді» орындадым. Уақыт өткен сайын адамның қалыптасуына байланысты өмірге деген көзқарасы өзгеретіні сияқты, репертуар да өзгереді ғой. Кейінгі кезде орындайтын әндерімнің табиғаты да басқаша. Бұрынғы лирика, махаббат әндерін орындауды сиреттім. Ал «Айлы түн» әнінің әуезі көңіліме әлі күнге дейін ұнайды, – дейді әнші Нұрлан Өнербаев.

Жалпы, «Айлы түн» өлеңінің жазылу тарихының өзі аса қызық. Ол жайында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына орай өткен салтанатты шарада кешке құрметті қонақ ретінде қатысқан белгілі композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов әңгімелеген еді. Жуырда композиторға арнайы хабарласып, сол әңгімені кеңірек баян-дауын  өтіндік.

– «Айлы түн» өлеңі «Нұрланып менің-дағы туар айым» атты романсыма жазылған мәтін болатын. Бұл романс 1958 жылы шықты. Бірақ сөзінің сәті түспей жүрген кез еді. Талай ақынның ішінен осы романстың мағынасын терең түсінген Сағынғали Сейітов болды. Өзімнің көкейімдегі ойымды дөп басып, нағыз романс дерлік терең ойлы, мазмұнды өлең жазып берді. Кейін ол романс Ермек Серкебаевтай ұлы әншінің орындауында біраз жерді шарлады. Қытайдағы, Моңғолиядағы, сондай-ақ өзіміздің Алматыдағы бүкіл тенор және баритон дауысты әншілердің сүйіп айтатын әні болды. Бүгінгі таңда бұл туындыны қазіргінің «Серкебаевы» – Сүндет Байғожин репертуарына енгізіп, орындап  жүр.

…1956-57 жылдардың шамасы, С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқитын студент кезім болатын. Мұхтар Әуезов бізге Абайтану сабағынан дәріс оқыды. Дәрісінде «Абай жолы» романына кірген, кірмеген жағдайларды әңгімелейді. Біз беріле тыңдаймыз, ал Мұхаң сондай балбырап, рахаттанып, соның бәрін өзі көріп отырғандай, оқиғаның ішінде жүргендей қылып баяндайды. Оның дәрістерінен ерекше әсерленгенім сонша, «Салтанат» деген ән шығарған едім, Қадыр Мырзалиев сөзін жазды (Салтанат – «Абай жолындағы» кейіпкер). Енді Тоғжанның хикаяларын тыңдағанымда сол бір әсерге қайтадан ендім. Сөйтіп, романс туды. Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» деген өлеңі сол романсқа келді де тұрды. Ол кезде бұл өлеңге Сыдық Мұхамеджановтың тамаша романсы жазылғанын білмейтінмін. Бір күні Ермек Серкебаевтың «Жарқ етпес қара көңілімді» баритон дауысымен шырқап тұрғанын көргенде ғана бір білдім.

Арада біраз жыл өтіп, менің романсым жарыққа шықпай, жата берді. 1963 жылы телевидениедегі жастар редакциясында редактор болып қызмет істейтінмін. Бірде жұмысыма Қуандық Шаңғытбаев бастап, Тұманбай, Сағи, Қадыр – төрт ақын келді. Олар өлеңдерін оқыды, біз эфирден бердік. Осы жолы романсыма лайықты мәтін керек екенін айтып, ақындарға қолқа салдым. Қуандық Шаңғытбаев романс мазмұнына келетін өлеңін Сыдық Мұхамеджановқа бергенін, онымен достығын, шығармашылық байланыста жұмыс жасап  жатқанын, бұл тақырыпқа қайталап жаза алмайтынын алға тартып, «Анау үш ақынның біреуіне жаздыр» деді. Қадыр: «Бұл романстың мағынасы терең, оған «Жарқ етпестей» сөз жазу өте қиын», – деді. Сағи жазып көріп еді, мағынасы мүлде басқаша болып шықты. Ал Тұманбай күліп: «Ойбай, Ілия, сенің романстарыңа сөз жазу қиын. Сенен қорқуға болады. Өйткені әннің сөзін өзің жазасың. Сондықтан біздің жазғанымыз дәл келмей қалады» – деді.

Ақан сері тақырыбын зерттеп, Қазақ КСР ғылым академиясының қолжазба қоры кітапханасына барып жүретінмін. Бірде академияның алдындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің қасында отыр едім, «Ілияжаным, айналайын» деп елпектеп Сағынғали Сейітов келіп қалды. Шыңғыс Айтматовтың сөзіне жазылған «Даниярдың әні» деген шығармама жоғары баға берді. Сосын «Сенің әндерің лирикалық, көбінесе романс. Жеңілтек емес. Сондай еркін, созғанда ұшы-қиыры жоқ, кете береді. Бір романсыңа сөз жазсам, шіркін!» деген еді.

Кейін Сағынғали ағамен Жазушылар одағында тағы кездестім. Сағынғали ағаның ішкі мәдениеті жібектей сызылған, жұмсақ сөйлейтін, сондай жақсы адам еді. «Ілияжан, анау екінші этажда фойеде қара пианино тұр. Бұрынғы шығарған әндерің болса, ойнашы, мен ырғағын алып көрейін» деді. Мен басқа әндерімді емес, тура жаңағы романсымды ойнадым. Сағынғали аға тебіреніп тұрып, «Апырай, бұл қандай романс?» деді. Мен Тоғжанның хикаяларын айтып едім, бірден құптап, «Мен өлшемін білдім, осыған енді сөз жазып көрсем қайтеді?» деді. Содан көп кешікпей, жазған мәтінін телефон арқылы оқып беріп еді, мен ешбір жерінен мін таппадым. Қадыр да, Тұманбай да романсқа осындай сөз жазылғанын білгенде Сағынғалиға таңғалып, «Сол кісінің жазғаны дұрыс болған, бізден бұлай шығар ма еді, шықпас па еді» деді. Осы оқиғаны Сыдыққа айтып бергенде: «Қандай ғажап… бір құдіретті Абай қандай дүниелер туғызып жатыр… Сен мені сыйлаған боларсың, жассың ғой, әлде жасқандың ба екен? Бірақ бір мәтінге бірнеше әуен жазыла беретін еді ғой» деді. Кейінгілер маған қозғау салған осынау тарихты білмейді. Сондықтан олар үшін «Айлы түн» жай ғана поэтикалық мәтін болса, мен үшін ол – тебіреніске толы дүние, – деді Ілия Жақанов.

*  *  *

– Егіндікөл таулы, белесті жер ме? – деп сұрайды Ілия аға менен.

– Ауыл ішіндегі жер астынан жарып шығатын бұлақ, ойпаңға қарай ағып барып, бір шақырымға жетер-жетпес жерде көлденеңнен көсіліп жатқан көлге құяды. Көлдің арғы беті әннің сөзінде айтылатындай, адырлы шағылға ұласады, – деймін мен.

Ал бұлақ көзінен солтүстікке қарай бірер шақырым жерде атақты Құныскерей үңгірі орналасқан Мессайдың биіктеп, қыраттанып бітетін арғы қабағы білеуленіп, алыстан көз тартады. Терең аңғарлы сайдың түбінде қалың қараған өседі. Бір тұстары жайпақ, мал жайылымына қолайлы жазық болып келсе, енді бір тұсы тастақты тау шатқалының табиғатын көз алдыңа алып келгендей. Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасын» оқығанда Бақтығұлдың Жарасбай болысты аңдып жататын жықпылдары, Абайдың «Ауылдың жаны терең сай» деп келетін өлеңі тура осы Мессайға қатысты айтылғандай көрінуші еді бала күнімде. Шәкәрім қажының қолына бүркіт ұстап түскен суретіндегідей пейзажды да дәл осы сайдың ішінен кездестіруге болады. Ал сонау әріректе, Аққұмның етегінде орналасқан Қаратал орманы «Қаралы сұлудың» айлы түнде барып қалатын бұлбұлы сайраған әсем тоғайын еріксіз еске түсірмей ме?! Тоғайдың бергі бетімен ағатын мөлдір, тұнық Қалдығайтының анабір жылдардағы асаулық танытып,  гүрілдеп  тасығанын  айт!..

Ұлы Мұхтар Әуезов айтқан Абай мен Тоғжан махаббаты туралы әңгіменің әсері жас композитор Ілияны ғашықтық тақырыбында романс жазсам деген зор толғанысқа жетелегенін, ақырында менің туған ауылымдағы айнадай жарқырап ағып жататын мөлдір бұлақтың романс сөзіне арқау болғанын ойласам, көкірегімді бір ғажап сезім кернейді…

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

АЙЛЫ  ТҮН

Сөзі: Сағынғали Сейітовтікі

Айлы түн, айна бұлақ сылдыраған,

Адырлар қарауытып бұлдыраған.

Сен тұрдың батып ойға, мен іздедім,

Қайда деп күміс күлкің сыңғыраған.

Айлы түн, есіп самал манаураған,

Ақ жүзің албыраған, алаулаған.

Қайтейін бәрінен де ауыр болды

Соңғы рет дидарыңа қарау маған.

Басқадан бақыт таптың, құралайым,

Нұрланып тұра берсін туған айың.

Аман бол, жақсы жар бол сүйгеніңе,

Ол менше сүйе ме деп сұрамайын.


Малды телефон арқылы бағуға болады

Күні: , 164 рет оқылды

Бүгінде  цифрландыру  жүйесі  ауыл  шаруашылығы саласына да  дендеп еніп  келеді.  Аграрлық саланы жандандыру  мақсатында  автоматтандырылған технологиялар қолданыла  бастады.  Өйткені қазір алыстағы ағайыннан  ғана  емес,  жайылымдағы  малдан  да қас қағым сәтте хабар  алатын  болдық.

Бөкей ордасы  ауданында тұратын Саян Баетов (суретте)  алдымен ескі смартфоннан қой бағатын құрылғы жасап алған. Құрылғыны ешкінің мойнына тағып қойған ол дала төсінде жүрген сиырлары мен қойларын телефон арқылы «бағып» отыр.

– Жылқы бағатын да құрылғы ойлап шығардым. Негізі, ондай құрылғының сан түрі бар, бірақ менікінің ерекшелігі – қарапайымдылығында. Бұл құрылғы СМС, яғни қысқа хабарлама арқылы жұмыс істейді. Оны алдын ала реттеп қойса, бір қуаттағыш (батарея) жылға жетеді. Күніне бір рет жылқының қай жерде жүргені жөнінде  мәлімет  алып тұруға болады. Олар жүрген нүктелерді  Google картаға салса, барлығын сызып, интерактивті түрде көрсетіп бере алады. Бұндай құрылғы қысты күндері өте тиімді, – дейді Саян Арсанұлы. Оның  ойынша, ауыл шаруашылығы саласына осындай құрылғылар өте қажет. Қой мен жылқы бағу үшін қолайлы құрылғыны  интернет арқылы іске асырған ол ғаламтордың көмегімен осындай құрылғыларды жасап үйренуге мүмкіндік зор дейді.

Саян Арсанұлы айтқандай, жоғарыдағы құрылғылардың барлығы батареямен жұмыс жасайды. Негізі, қой мен жылқы отар, үйір болып жайылады да, ірі қара мал топ болып та, жалғыз-жарым да жүре береді. Кәсіпкер сондықтан ірі қара малға қуатсыз жұмыс жасайтын құрылғы керек деген шешімге келеді. Бұрыннан бар RFID, яғни радиожиілікті сәйкестендіру технологиясын пайдаланып көрмекші болады. Ол технология ақпаратты электрмагниттік толқындар арқылы жақын арақашықтықта жіберіп тұрады. Технология оқитын құрылғы (транспондер), RFID-сырға (трансейвер) және ақпаратты өңдейтін компьютерден тұрады. Оқитын құрылғы  сырғаға 30 см жерден бағытталған кезде оған электрмагниттік толқындар арқылы тоқ жібереді. Тоқпен қуат алған сырға ішіндегі микрочип «оянып», әр малдың  жеке нөмірі сәйкестендіріліп, олар ақпаратты өңдейтін құрылғыға жолданады.

RFID технологиясын қолдану бағыттары өте көп, мысалы, үлкен қоймаларда заттың ішін ашып қарамай-ақ, трансивер арқылы өткізіп шығып, тез арада санап алуға болады. Сол сияқты мал шаруашылығында да RFID технологиясын осылай қолдануға болады. Фермердің малы – оның теңгерімінде тұрған зат, оның нөмірі, жасы, салмағы мен жынысы жөнінде мәліметтер болады. Осы мал санайтын құрылғы арқылы  малшылар малының нақты санынан басқа, олардың хронологиялық өзгерістерін де көре алады. Мал азығының сапасы жөніндегі мәліметті де білуге болады. Сонымен қатар қолдан ұрықтандыру кезінде дәрі-дәрмектер егу үшін де бұл технологияның маңызы зор.

Кәсіпкердің айтуынша, елімізде бұл құрылғыны мал бордақылаумен айналысатын шаруашылықтар пайдалана бастаған. Ал облыста әзірше ешкім қолданбаған. Саян Арсанұлы осы құрылғыны шаруашылыққа пайдаланудың тиімділігін зерттеп, бизнес жоспарына арқау еткен екен. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық  даму басқармасы жанынан құрылған комиссияның шешімімен өңірдегі тың жоба ретінде қайтарымсыз грантқа ие болған кәсіпкер құрылғыны іске қосу арқылы ауыл шаруашылығын  цифрландыруға өз  үлесін  қоспақшы.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Манарбек  ҒАБДУЛЛИН,

БҚО  ІІД  жергілікті  полиция қызметінің  басшысы,   полиция  полковнигі:

– Елімізде әр саланы цифрландыру жүріп жатыр. Сандық технологияның  пайдасы зор. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар үшін де бұл жаңашылдық тиімді болары сөзсіз. Әсіресе, жылқы бағатын шаруаларға GPS трекер құрылғысы өте тиімді дер едім. Сайын даланың ойлы-қырлы жерлерінде емін-еркін жайылатын жылқыны қадағалап отыру қиын. Ал  үйірдегі жылқыларға GPS трекер тағылатын болса, малдың қай жерде жүргенін немесе шығындап кетіп қалғанын біліп отыруға болады.  Бұл мал ұрлығына тосқауыл қоятын да құрылғы дер едім. Мысалы, Шыңғырлау ауданында бір азаматтың ұялы телефонына аталмыш құрылғыдан келген белгі арқылы жылқыны айдап бара жатқан барымташылар Ақтөбе облысының аумағынан ұсталған болатын. Бүгінде электронды құрылғылардың пайдасын түсініп, қолданып жатқан шаруалардың қатары көбейді. Малды баққан соң,  оның  қауіпсіздігін  қадағалау  назардан  тыс  қалмағаны  жөн.

Нұргүл  МҰҚАНОВА, облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасының  бас  маманы:

– Елбасы «ақылды» технологияларға, цифрландыру мәселелеріне көп көңіл бөлу қажеттігін айтқан болатын. Бүгінде ауыл шаруашылығын жаппай цифрландыру біртіндеп іске асып келеді. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, шаруалардың уақытын үнемдеуге де септігін тигізбек. Мәселен, өткен жылы «Орал құс фабрикасы» ЖШС мен «Агрофирма Ақас» ЖШС жұмыртқаны автоматты түрде сұрыптайтын және таңбалайтын машина сатып алды. Бұл жабдық жоғары дәлдікпен шығарылатын өнімнің салмағын, сапасын анықтауға мүмкіндік  берді. Сондай-ақ жұмыс үрдісін жылдамдатты. Технологияны дұрыс пайдалану арқылы топырақ құнарлылығын арттырып, диқандардың еңбегін еселеуге де болады. Сондықтан да санды технология қай салада болса да, өзінің тиімділігін дәлелдеп  келеді.


Медиахолдингтің мерейлі ісі

Күні: , 98 рет оқылды

Жуырда «Жайық Пресс» медиахолдингінің «Туған жер» этномәдени жобасы аясындағы делегация Жәнібек ауданына  іссапармен келді.

Делегация мүшелерін аудан әкімі Азамат Сафималиев қабылдады. Қабылдаудан кейін  медиахолдингтің бас директоры Рауан Сәбитов аудан ардагерлерімен, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы  Бауыржан Ғұбайдуллин  М. Ықсанов атындағы  Жәнібек колледжінің, «Приуралье» газетінің бас редакторы  Роза Сыйықова бастаған топ №1 мектеп-лицейдің  ұжымымен  кездесті. Ұйымдастырушылар жиынмен қатар Т. Жароков атындағы орта мектепте 7-11-сынып оқушылары арасында  аудандық шығармалар байқауын  өткізді.

Ардагерлер үйінде оздырылған жиынға аудан әкімі Азамат Сафималиев қатысты. Басқосуда қариялар  аудандық, облыстық газет беттеріне журналистік зерттеулер, үлгілі жас отбасылар туралы мақалаларды жиірек жарияласа деген ұсыныстарын айтты.

Қариялар өзіндік ой-пікірлерін ортаға салып, сұрақтар қойып отырды. Рауан Сәбитұлы  басылымдардың негізгі оқырмандары қариялар екенін баса айтып, ұсыныстарын қарастыратынын жеткізді. Жәнібектік оқырмандармен кездескеннен кейін аудандық тарихи-өлкетану музейіне барған делегация құнды жәдігерлермен қоса Жәнібек ауданы туралы көптеген тың дерекке қанықты. Сондай-ақ қонақтар Ұлы Отан соғысы жылдары от  шарпыған су мұнарасына ат басын бұрып, тарихы терең көне ғимаратты  көрді.

Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде медиахолдингтің делегациясымен бірге келген Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен «Туған жер»  атты қорытынды гала-концерт өтті. Жәнібектік әншілер Шынар Каюпова мен Қажымұқан Хамидолла «Жәнібегім» гимнімен бастаған концертте аудандық басылымға жанжақты қолдау көрсетіп, оған жазылымды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген Борсы ауылдық округінің әкімі Айгүл Бекқалиева, Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі Алтай Бақтығалиев, Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаевқа алғысхаттар табыс етілді. Сондай-ақ аталған басылымның жанашыры болып жүрген бір топ мекеме басшылары Сәуле Исмағұлова, Ғалия Елемесова, Маркс Нұфтығалиев, Светлана Жукина, Мейіржан Хабиев, Гүлмира Бекжанова, Назгүл Ситешоваға құрмет көрсетілді. Газетті оқырмандарға уақтылы және өз деңгейінде жеткізіп жүрген пошта қызметкерлері Эльвира  Айталиева, Мейрамгүл Дінимова марапатқа ие болды.

Аудандық басылымға тұрақты түрде сапалы мақалалар жазып жүрген Гүлнар Ахметова, Ақлима Қуанғалиева, Әдемі Сүлейменоваға «Шұғыла» газетінің штаттан тыс тілшісі» куәлігі, тырнақалды туындыларын жазып жүрген №1 мектеп-лицейдің  7-сынып  оқушысы Мәдина Қазбекова, Х. Халиуллин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы  Жанбатыр Ерсайынов,  Ғ. Қараш атындағы орта мектептің 8-сынып оқушылары  Азат  Ғайнолла, Назылы Нұрмұханға  «Шұғыла» газетінің жас тілшісі» куәлігі салтанатты түрде табыс етілді.

«Ғажайып өлке» шығармалар байқауында топ жарған Ғ. Сарыбаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Бекназар Бекқали (жетекшісі – Әсел Берікқалиева), Е. Ниетқалиев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Динара Жанәлиева (жетекшісі – Мәдина Төлешова), Т. Жароков атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Жанаргүл Серік (жетекшісі – Бибинұр Сүйінішәлиева) облыста тұңғыш рет өтетін «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне жолдама алды. Үздік көрінген оқушылардың жетекшілеріне, ұйымдастыруға үлес қосқан аудандық білім беру бөліміне  алғысхаттар  берілді.

Кеш барысында «Қазпошта» аудандық торабы бөлімшесінің қызметкерлері  аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешевті, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиевті, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанованы облыстық  «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Шұғыла» газеттеріне  жаздырды.

Филармония әншілері  Алтынбек Оразов, Асланбек Қуанәлиев, Дархан Құлбабаев, Ақмарал Ахметова, Ақмарал Кемелхановалар жәнібектіктерді әнмен тербеп, рухани демалыс сыйлады.

Әсемгүл  ҚУАНҒАЛИЕВА,

Жәнібек  ауданы

*  *  *

Таяуда «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас  директоры Рауан  Сәбитов, «Орал  өңірі»  газетінің  арнаулы  тілшісі  Есенжол   Қыстаубаев  Бөкей ордасы аудандық  мәдениет  үйінде еңбек  ардагерлерімен  кездесу  өткізді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев қонақтарды таныстырған соң, Рауан Сәбитұлы жұмыс жоспарымен бөлісіп, қазіргі уақытта өңірлік және аудандық басылымдардың безендірілуін жаңалауға, газет тілшілерінің тың тақырыпты көтере білуіне баса назар аударылып жатқанын, оқырмандардан ұсыныс-пікір күтетінін айтты.

Шарада ардагер-журналист Амантай Хамзин өлкетану бағытындағы материалдар жергілікті газетте көбірек көрініс табуы қажет екенін, мақалалардың жанрлық ерекшеліктерін түрлендірудің маңызын тілге тиек етсе, ардагер-ұстаз Ноқаш Қадымов журналистер көкейкесті мәселелердің ара-жігін ашып жазып, сыни бағытта қалам тербеу үшін арнайы бет ашуды ұсынды. Оның айтуынша, аудан орталығында ет дүкені жоқ.

Үкіметтен демеуқаржы алып, мал басын өсіріп отырған шаруа қожалықтары жергілікті тұрғындарға ет-сүт өнімдерін сатуға пейілді емес.

Аудандық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Нәсіп Нүркенова жастар арасындағы семіздіктің белең алып бара жатқанын, аудан тұрғындарының жүрек-қан тамырлары ауруы мен қант диабетіне шалдығу дерегі көбейіп тұрғанына алаңдаушылық білдіріп, аурудың алдын алу бағытында «Дәрігер кеңесі» сынды жаңа айдар ашу қажеттігін айтты. Кездесуде аудандық балалар және жасөспірімдер туризмі орталығы директорының орынбасары Сәрсенбай Қуаншалиев кітап оқу мәдениеті төмендеп, қазақ тілінің заңдылығын бұзып сөйлеу қоғамда сәнге айналып бара жатқанын, жасөспірімдер смартфонға күні бойы телміріп, түрлі ақпаратты талғамай оқитынын, бір жағынан, дене қимылы қозғалысын азайтуы денсаулығына кері әсерін тигізуде екені жөнінде толғамды ойымен бөлісті. Зейнеткер Рахымжан Шәкіржанов ауылдарда қатары сиреген көнекөз қариялар аузынан көрген-білгенін, тағылымды әңгімесін жазып алып, басылымдарға жариялау керектігін  айтты.

«Туған жер» этномәдени жобасы аясында оқырманмен кездесу басқа мекемелерде де ұйымдастырылды. «Орал өңірі» газетінің  бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин М-С. Бабажанов атындағы орта мектептің ұжымымен кездесті. Кездесу барысында қазіргі қоғамымызды алаңдатқан діни ахуал, ауылдан қалаға жаппай көшу, яғни урбанизация жайы, педагогтердің мәртебесі және тағы басқа мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалды.

Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде осы шараларды қорытындылаған гала-концерт өтті. Салтанатты шара аудан басшысы Нұрлан Рақымжановтың қонақтарға деген қошемет сөзінен бастау алды.

– Аудан тұрғындарының аталмыш шараға көптеп жиналуы – жергілікті басылымдарға деген құрметтің көрінісі. Басылым беттерінен көрінер жарқын істеріміз туралы мақалалар көп болсын, – деген тілегін білдірді Нұрлан Сағынтайұлы.

– Облыс көлемінде ұйымдастырылған этномәдени жоба аясында кешелі бері Қазталов, Жәнібек аудандарында болып, қалың жұртшылықпен кездестік. Бүгін Нарын топырағының аға буынымен арнайы кездесу өткіздік. Ардагер ағаларымыздың газеттің тұрақты да негізгі оқырмандары екенін баса айту керек. Осы аға буын оқырмандарымыздың айтар сыны да, ойы да, көтерген мәселе, айтқан ұсыныстары да орынды. Алдағы уақытта басылым беттерінде көрініс табатын болады, – деді медиахолдингтің бас директоры Рауан Сәбитұлы өз сөзінде.

Рауан Сәбитұлы облыстық және аудандық басылымдарға қолдау көрсетіп жүрген ауылдық округ әкімдері мен мекеме-кәсіпорын басшыларына алғысхат табыстады.

Газетті оқып қана қоймай, өз ойларымен бөлісіп, ұдайы хат жолдап отыратын тұрақты оқырмандар – Бисен ауылдық мәдениет үйінің директоры Екатерина Мөкешева, аудандық тарихи музей-кешен директорының орынбасары Назымгүл Оразгелдиева, осы музей-кешеннің бөлім меңгерушісі Гүлмару Мырзағалиева мен ғылыми қызметкері Мира Құтышева, еңбек ардагерлері Чарльз Қойшыбаев пен Есенболат Шәпенов, Қ. Сағырбаев атындағы орта мектептің  мұғалімі Шыңғыс Ромашев пен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Исатай Құрмашевқа облыстық «Орал өңірі» газетінің редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин аудандық газеттің штаттан  тыс  тілшісі  куәлігін  тапсырды.

Орайлы сәтті пайдаланған аудан азаматтары 2019 жылға облыстық және аудандық газеттерге жазылуды бастап та кетті.

Айта кетейік, сол күні мектеп оқушылары «Ғажайып өлке» тақырыбында шығармалар байқауында бақ сынаған еді. Осы байқауға қатысқан 47 үміткердің ішінен бабы келісіп, бағы озғандардың есімдері белгілі болды. Медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитұлы төрағалық еткен қазылар алқасына шығармалар нөмірленіп беріліп, жүлдегер шығарма иелері сахнада жария етілді. Сонымен, жәнекешевтік Ақнұр Махамбет, жәңгірхандық Талант Уәлиев, бабажановтық Нұршат Мұханбетқалиева қараша айында облыс орталығында алғаш рет өтетін «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне жолдама алды. Ғ. Құрманғалиев атындағы филармонияның әншілері Ақмарал Ахметова, Асланбек Қуаналиев, Ақмарал Кемелханова, Алтынбек Оразов, Дархан Құлбабаев әсем әннен шашу шашып, кештің шырайын ашты.

Түйіндей айтсақ, медиахолдингтің бұл мерейлі ісі тілші мен басылым тілекшілерінің мерейін көтерген шара болды.

Ұлпан  ЖАКИНА,

Арайлым  ЕСМАҒҰЛОВА,

Бөкей  ордасы  ауданы


ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ КҮШТЕРДІҢ «ҚАЗАҚСТАН – 2050» БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ ҮНДЕУІ ҚҰРМЕТТІ БАТЫСҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР!

Күні: , 26 рет оқылды

Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» Батыс Қазақстан облыстық коалициясы Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген барлық стратегиялық бастамаға жан-жақты қолдау білдіреді.

Елбасы ұсынған теңдессіз шаралар уақтылы және  реформаларды әрі қарай жалғастырып, қоғам мен мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын тиімді тетік болып табылады.

Ең төменгі жалақы мөлшерін өсіру, білім, ғылым, денсаулық сақтауға жұмсалатын  қаражатты көбейту, қолжетімді баспанамен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызмет сапасын арттыру, кедергісіз орта қалыптастыру – әр қазақстандық отбасының тұрмыс сапасын арттыратын негізгі тетіктер. Түптеп келгенде, бұл – тұрмыс сапасын әлемдік стандарттарға жеткізуге бағытталған нақты қадамдар.

Қазақстан Президентінің Жолдауы әлеуметтік әділеттіліктің қағидалары мен әлеуметтік  мемлекеттің  құндылықтары еліміздің ең басты стратегиялық басымдықтары, ал қазақстандықтардың әл-ауқаты мен ұлттық мүдде Елбасы саясатының негізі болып қала беретінін тағы бір мәрте көрсетіп берді.

Қазақстанның әрбір азаматы елдегі ауқымды өзгерістерге өздерінің қатысын сезінуі тиіс деп есептейміз. Жолдауды тиімді жүзеге асыру әлеуметтік сала дамуының сапалы жаңа деңгейін қамтамасыз етеді.

Біз, облысымыздың жетекші саяси партиялары мен қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, Демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық облыстық коалициясының мүшелері, әлеуметтік жаңғыру жөніндегі Қазақстан халқына арнаған Жолдау мен Президенттің бес әлеуметтік  бастамасында көрсетілген ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға белсенді қатысамыз.

Біздің коалициямыздың барлық мүшелерін, азаматтық қоғамның барлық өкілдерін Елбасы Жолдауын қолдауға және оны іске асыруға  белсенді  қатысуға  шақырамыз!

«Нұр  Отан» партиясы  БҚО  филиалы, «Қазақстанның  «Ақ жол» демократиялық  партиясы» БҚО  филиалы, «Қазақстан  коммунистік  халық партиясы»  облыстық  комитеті, «Ауыл»   халықтық-демократиялық  патриоттық  партиясының   БҚО   филиалы, БҚО  қоғамдық  кеңесі, облыстық   кәсіподақтар орталығы, БҚО  мүгедектері  ерікті қоғамы, «Ардагерлер  ұйымы» РҚБ облыстық  филиалы, Ауған   соғысының  мүгедектер және  ардагерлерінің облыстық   қоғамы, «Ажар» ҚБ, «Арту» ҚБ, БҚО   кәсіпкерлер  палатасы, «БҚО  Азаматтық  альянс  қауымдастығы»  ЗТБ

11   қазан  2018   жыл

Орал   қаласы


Жайық Қараөзенге күзде қосылмақ

Күні: , 205 рет оқылды

Жуырда  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Қазталов  ауданындағы  бірқатар  құрылыс  жобасының  жүзеге  асырылу  барысымен  танысты.

Алтай Сейдірұлы алдымен Чапаев – Жалпақтал – Қазталов – РФ шекарасы жолының 157-192-шақырымдары аралығындағы күрделі жөндеу жұмыстарының басында болды.

– Биылғы жоспарға сай жолдың 5,2 шақырым болатын бөлігі жөнделуде. Қазір асфальт-бетон қоспасын төсеу жұмыстары атқарылып жатыр. Жоспарлы жұмысты 15 қазанға дейін толық бітірмекшіміз, – дейді жоба жетекшісі Егор  Тэн.

– Жол құрылысына қажетті инертті материалдардың барлығын қыс мезгілінде дайындап қойып, келесі жылы ерте көктемде жұмыс басталып кетуі керек. Жол жөндеу жұмыстары үш жылдың ішінде Бөкей ордасы ауданына жетуі тиіс. Күзгі ауа райы қай уақытқа дейін мүмкіндік берсе, сол уақытқа дейін жұмысты жалғастырыңыздар. Өйткені жоба бойынша үш жыл болғанымен, жеделдетіп екі жылдың ішінде, мерзімінен бұрын аяқтауымыз керек. Оған қажетті қаржы тиісті деңгейде бөлінеді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарға 5 млрд. теңге бөлінді. Қосымша қаражат тағы бөлінбек. Елбасымыз кешегі Жолдауында да ішкі жолдарды жөндеуге мән беру керектігін айтты, – деді облыс әкімі құрылыс  жетекшілеріне.

Аталмыш жол жөндеу жұмыстары арқылы жергілікті тұрғындардан 22 адам жұмыспен қамтылған. Құрылыс мердігері – «UNISERV» ЖШС. Құрылыстың жалпы мерзімі 31 айға жоспарланған болса, 2018 жылы осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға республикалық бюджеттен  998 млн.  теңге  бөлінген.

Мұнан кейін облыс басшысы Жаңажол және Жалпақтал ауылдарына кіреберістегі 7,8 шақырымды құрайтын аутомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл туралы осы құрылыстың бас мердігері – «Айдана» ЖШС-ның директоры, облыстық мәслихат депутаты Аветик Амирханян баяндады. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарының жүргізілу қарқыны жоспардан бір жарым шақырым алда келеді. Жергілікті бюджеттен қаржыландырылған жобаның құны – 691 млн. теңге. Жоба аясында ауыл көшелеріне жаяу жүргінші жолдары да салынған. Құрылыстың қалған аз ғана бөлігі келер жылы толықтай аяқталмақ. Бұл құрылысқа да жергілікті тұрғындардан еңбек биржасы арқылы  30 адам  жұмысқа  тартылған.

Облыс әкімі сондай-ақ Жалпақтал ауылындағы 12 пәтерлік екі қабатты тұрғын үй құрылысында да болды. Жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылған, 112 млн. теңгені құрайды. Пәтерлердің жалпы аумағы 730 шаршы метрді құраса, ондағы пәтер саны – 12. Құрылыс мердігері –  «Эврика» ЖШС-ның басшысы Олег Тетероның айтуынша, құрылыс мерзімінен ертелеу, алдағы қараша айының жиырмасына дейін толықтай аяқталмақ.

Алтай Сейдірұлы осы сапарда Ақпәтер ауылдық округі аумағындағы Орал – Көшім жүйесінен бассейнаралық суды тасымалдау үшін Киров – Шежін каналын қайта құру жұмыстарының барысын тексерді. Ресей Федерациясынан келетін суға тәуелділікті азайтуды мақсат еткен бұл жобаны жүзеге асыру үшін былтыр республикалық бюджеттен 1 967,98 млн. теңге, ал биыл 323,125 млн. теңге қаражат бөлінген. Жобаның жалпы сметалық құны 2 401,726 млн. теңгені құрайды. Канал маңын қоныстанған 2 мың адам жоспар бойынша осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілетін құрылыстың игілігін көрмекші.

– Елбасының ирригациялық құрылымдарды қалпына келтіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге ұзындығы 180 шақырымды құрайтын осы каналдың құрылысын жүргізудеміз. Бұл канал облысымыздың оңтүстік аймақтарында орналасқан төрт ауданның аумағынан өтеді. Сонда канал бойындағы 130 мың гектар жер суланып, 22 тоған болады. Олардың әрқайсысы 10 мың шаршы метр аумақты қамтымақ. Сонда шаруа қожалықтарына малдарын суаруға және егінді жерлерді суландыруға мүмкіндік туады. Суармалы жерлерден жем-шөп дайындауға да жағдай жасалмақ. Бұл құрылыстың ең қиын үшінші кезеңі қараша айында толық аяқталады. Үшінші кезең жұмысының ұзындығы 68 шақырымды құрайды. Бұған мемлекеттік бюджеттен 1 млрд. 200 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Үшінші кезең жұмысының қиын болып есептелетін себебі – бұл жерден жоғары қысымды газ құбыры өтеді. Құрылыс қараша айында толықтай аяқталған кезде Жайық өзені мен Қараөзенді қосатын боламыз, 30 млн.-нан астам текше метр су аламыз. Ең бастысы, шаруа қожалықтарына, сонымен бірге канал бойын қоныстанған төрт ауданның елді мекендеріне су келеді. Бұл – халық игілігі үшін, ауыл шаруашылығын дамыту үшін қолға алынған үлкен жоба, – дейді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Мердігер мекеме – «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Төлеген Ғұмаровтың айтуынша, құрылыс  жұмыстарының соңғы кезеңінің жалпы ұзындығы 68 шақырым болса, бүгінгі таңда бұл бөліктегі жұмыс толық дерлік аяқталды деуге болады. Қазіргі кезде судың  газ құбырының астымен өтетін тұсын жасау жұмыстары ғана қалған. Каналды қазу жұмыстарына барлығы алпыс шақты адамнан тұратын алты бригада жұмылдырылған. Нысан қараша айының аяғына дейін пайдалануға берілмек.

Қазталов ауданының құрметті азаматы Кәрім Өтеғұлов осыдан бірнеше жыл бұрын Ақпәтер ауылынан өз қаражатына музей ашқан болатын. Облыс әкімі аталмыш музейді кеңіту бағытында қолға алынған құрылыс жұмыстарының барысымен де танысты.

Алтай Сейдірұлы сапар соңында Талдыапан, Сарықұдық, Қайшақұдық және Қособа ауылдарын сумен қамту жобасын іске қосу салтанатты шарасына қатысты. «Батысгазстрой» ЖШС мердігерлік еткен бұл жобаның құны 840,518 млн. теңгені құраған. Құрылыс республикалық және облыстық бюджет көздерінен қаржыландырылған.

– Қазіргі таңда Жалпақтал ауылында тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, Қазталовтағы төрт елді мекенге газ келуде. Жалпы, биыл осы ауданның 13 елді мекенін газбен қамту жұмысын бастадық.

Жаңажол ауылында жол салынуда, Жалпақталдан Қазталовқа қарай күрежолдың құрылысы жүруде. Киров – Шежін каналын салу жұмыстары бітуге аз ғана қалды. Мұның бәрі – Елбасымыздың қабылдаған бағдарламалары аясында тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан істер. Бүгін осы жұмыстардың жүзеге асырылу барысымен таныстық.

Екі жылдың ішінде біздің өңірде екі мың шақырым су құбыры тартылып, 110 елді мекенге  су жеткізілген екен. Енді, міне, осындай қуанышты күнге өздеріңіз де жетіп отырсыздар. Келесі жылы тағы елу елді мекенді сумен қамтымақпыз.

Биыл халқы үшін атқарып жатқан игі істері жағынан Қазталов ауданының азаматтары алғы шепте тұр. Жергілікті кәсіпкер азаматтар 700 мың теңгеге жарық тартқан екен. Ауылдың кіреберісіне «Талдыапан» деген жазуды да келістіріп орнатыпты. Ақпәтерде ағайынды Мұрат пен Самат медпункт салуда. Бұл орайда туған жері Сарықұдыққа өз қаражатына медпункт салып берген Нұрлыбай Жолдыбаев жақсы үлгі көрсетті, – деген Алтай Көлгінов құрылысқа қажетті материалдардың барлығы жергілікті зауыттарда өндірілгенін айтып, сумен қамту жобасын жүзеге асырған мердігер компанияға алғысын білдірді. Ол барлық жерде де тұрғындармен кездесу сәтінде мемлекеттік бағдарламалардың ауылды дамытуға беретін мүмкіндіктері, Елбасының жаңа Жолдауында айтылған басым бағыттар, осы орайда алда өңіріміз бойынша қолға алынатын нақты істер туралы жан-жақты баяндады.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Жаңақалалықтардың қуанышы

Күні: , 38 рет оқылды

Таяуда  облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы іссапармен келіп, Жаңақала топтық су құбыры құрылысының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту, еліміздің болашағы саналатын дені сау ұрпақ өсіру бағытында облыс басшылығының қолдауымен атқарылып жатқан игі істердің бірі – Құлшық жер асты су көзінен Жаңақала топтық су құбырын тарту жобасы болатын.

Осы кезге дейін Жаңақала ауданында тұрғындарды таза ауыз сумен қамту маңызды мәселелердің бірі болып келді. Ел тілегін ескерусіз қалдырмаған өңір басшысы бұл іске үлкен қолдау көрсетіп, күрмеулі мәселені шешудің қисынын келтірді. Соның нәтижесінде өткен 2017 жылы тамыз айында Жаңақала топтың су құбырының құрылысы басталған болатын. Тапсырыс беруші ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Су ресурстары комитеті болса, бас мердігері – «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобалық құны 2 млрд. 522 млн. теңге болатын аталмыш құрылыстың келісімшарт бойынша аяқталу мерзімі 2018 жылдың желтоқсан айы.

Бұл топтық су құбыры арқылы ауданның Жаңақазан, Жуалыой, Мәстексай, Мұқыр, Жаңажол, Сарыкөл, Жаңақала, Көпжасар секілді сегіз  елді мекенінің тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған болатын.

Аталған ауылдарға су көзі – Жаңақала топтың су құбыры Құлшық жер асты су көзінен тартылады. Құбырдың ұзындығы – 145 шақырым. Су жинайтын қойманың сыйымдылығы 2000 текше метрді, ал электр желілерінің ұзындығы 32 шақырымды құрайды.

Қазіргі таңда Құлшық құмындағы су көзі басында орналасқан алты су ұңғымасы, тұрғын үй, электр желілерінің құрылысы, сондай-ақ Жуалыой елді мекенінде орналасқан екінші сорғы бекетінің құрылыстары толық аяқталды. Жуалыой елді мекеніндегі 86 үйге су құбыры тартылған.

Жалпы, ауыз су құбырын тарту бойынша ауқымды құрылыс басталғалы жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келді. Құрылыс жұмыстарының мердігері «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС  жұмысында  кедергі-іркілістер  болмады.

Бұған дейінгі ескірген су тазарту қондырғылары жиі істен шығып, сапалы ауыз су жеткізуде белгілі дәрежеде қолайсыздықтар тудыратын еді.

– Бұл көптен күткен қуанышты жағдай. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, біз облыс бойынша 110 елді мекенге таза ауыз суды жеткіздік. Бүгін сіздер соның нәтижесін көріп отырсыздар. Елбасы халыққа Жолдауында ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру сапасын көтеруді жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жүктеген болатын. Себебі, біздің өңір тұрғындарының тең жартысы аудандар мен ауылдарда тұрады. Ауылда адам өмірінің сапасына әсер ететін бірден-бір нәрсе, ол – ауыз су, сапалы жол мен көгілдір отын. Жаңақалада да таза ауыз су талай жылдан бері «жыр» болып келе жатқан мәселе. Аталған түйткілді шешу барысында Елбасынан қолдау да көрдік. Соның нәтижесінде 110 елді мекенге немесе 2000 шақырым су құбыры тартылды. Ең бастысы, таза ауыз  су болса, адамның денсаулығына да пайдалы болады, өмір сүру сапасы да артады. Сондықтан  сапалы ауыз судың игілігін, пайдасын өздеріңіз көріңіздер. Жақсылығы мол болсын, – деді топтық су құбыры құрылысының ашылу салтанатында сөз алған  облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ өңір басшысы Жаңақала топтық су құбырының құрылысын жүргізген «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның директоры В. Крыловқа ақжарма алғысын жеткізді.

Алтынбек   ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала   ауданы

Серік   ЖҮСІПБЕКҰЛЫ,

Жаңақала  колледжінің  директоры, аудандық  мәслихаттың  депутаты:

– 2018 жыл біздің Жаңақала ауданы тұрғындары үшін жағымды жаңалықпен есте қалары сөзсіз. Әсіресе,  Жаңақала топтық су құрылысы арқылы үйімізге таза ауыз судың келуі үлкен қуаныш болды.  Әрине, су – бар берекенің бастауы. Бұл – ауыл халқы үшін ортақ игілік. Табиғи таза ауыз судың адам денсаулығына пайдасын айтпасақ та түсінерсіздер. Мал бағып, бақша өсіретін ауыл адамы үшін бәрі ойдағыдай жүзеге асып жатса, бұдан асқан жақсы жаңалық болмас еді. Мұндай игі іске мұрындық болған Елбасымызға, облыс, аудан әкімдігіне айтар алғысымыз  шексіз. Еліміз дамып, көркейе берсін!

Шәйдолла  ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,  зейнеткер,  Жаңақала  ауылының  тұрғыны:

– Сусыз  тіршілік жоқ екені белгілі. Ол – барлық игіліктің көзі және өмірдің  нақ өзі. Аудан тұрғындары үшін қуанышты күн. Бұрын суды сатып ішіп, көлдің лайлы суын да тұтынып келдік. Сондықтан да Жаңақала халқы орасан зор қуанышқа кенелді. Бұл күн біз үшін ерекше күндердің бірі болып қалмақ. Аудан тұрғындары енді сапалы ауыз судың игілігін көрмекші. Еліміз  өркендей берсін! Әрдайым осындай қуанышты  күндеріміз  көп  болсын!


Қос ауданда жаңа әкім

Күні: , 78 рет оқылды

ҚР  Президенті  Әкімшілігі мен  Теректі  аудандық  мәслихатының  келісімімен  ротация  бойынша  Теректі  ауданының  жаңа  әкімі  болып Әділ  Жоламанов  тағайындалды.

Облыс әкімі  Алтай  Көлгінов аудан  активіне  жаңа  басшыны  таныстырды.

Әділ Тауфиқұлы Жоламанов 1968 жылы туған, білім жоғары, «Евразия» Батыс Қазақстан менеджмент және тілдер институтын экономист-бухгалтер, «Евразия» академиясын құқықтану бакалавры мамандықтары  бойынша  бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы сәулет жоспарлау  технигі  болып  бастаған.

Әр жылдары:

– Сырым аудандық салық комитетінің салық инспекторы, бас салық инспекторы, төраға орынбасары, төрағасы;

– Теректі ауданы бойынша салық басқармасының басшысы (2007-2011 ж. ж.);

– Теректі аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы (2011-2012 ж. ж.);

– Сырым  ауданы  әкімінің  орынбасары;

– БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет істеді.

2015 жылдың маусым айынан бастап бүгінге дейін Ақжайық ауданының әкімі болды.

Айта кету керек, Теректі ауданының әкімі болған Кәрім Жақыпов денсаулығына байланысты өз еркімен қызметінен кетті. Облыс әкімі Алтай Көлгінов оған атқарған қызметі үшін алғыс айтып, зор денсаулық,  табыс  пен  сәттілік  тіледі.

*   *   *

Қазақстан  Республикасы  Президентінің  кадр  саясаты  жөніндегі  Ұлттық  комиссиясының  ұсынысы  және  ҚР  Президенті  Әкімшілігі  мен  Ақжайық  аудандық  мәслихатының  келісімі  бойынша  Ақжайық  ауданының  әкімі  болып  Қалияр  Айтмұхамбетов  тағайындалды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов аудан  активіне  жаңа  басшыны  таныстырды.

Қалияр Шадиярұлы Айтмұхамбетов 1969 жылы туған, білімі жоғары, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын агроном, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін құқықтану мамандықтары бойынша бітірген.

Әр жылдары:

– Шыңғырлау ауданында совхоз директорының жастар ісі жөніндегі орынбасары, агрономы;

– Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік бөлімінің бас маманы, жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарламалар бөлімінің басшысы;

– Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының басшысы, бұдан кейін Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет істеді.

2017 жылдың тамыз айынан бастап БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік  бағдарламалар басқармасының басшысы болды.


А. НАЗАРОВ: «Ақылды, білімді, намысты болайықшы»

Күні: , 50 рет оқылды

Ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров  өңірімізге келіп, жастармен кездесті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысты.

А. Островский атындағы облыстық драма театрда өткен басқосуға жастардың көптеп жиналғаны соншалық, ине шаншар орын болған жоқ. Рухани кеште Ардақ Назаровтың ата-ананы құрметтеу, іні-қарындасқа ізеттілік көрсету, ұл мен қыздың тәрбиесі  туралы айтқан сөздерін көпшілік ұйып тыңдады.

— Бүгінде қазақ қыздарын құртып жатқан өзіміздің жігіттер. Сол жігіттерге айтарым, сен біреудің қарындасын қатырып жүрсең, ертең сенің де қарындасыңа қиянат жасамасына кім кепілдік бере алады? «Қазақта дұрыс қыз қалмаған ба?» дейді кейбір жігіттер. Соны айтып тұрған жігіттердің өздері дұрыс емес. «Кімге не істесең, алдыңа сол келеді» деген. Дүние алма кезек. Жігіттер нәпсінің жетегінде кетіп, ішкі жан-дүниемізді ластап, ар-намысымызға дақ түсірмейік. Иманды, қарапайым, адамгершілігі мол адам болсаңдар, болашақ жарларың да сондай болады. Әрбір қазақтың қызына қарындасымыздай қарап, қорғайық. Қаракөздерімізді біз қорғамасақ, басқа кім қорғайды? – деген Ардақ Назаров қысқа киіп, жартылай жалаңаштанып жүрген қазақ қыздарына қатысты да пікірін білдірді.

— Ғұмар Қараш бабамыздың «Әйелдің көркі ұят, зейнеті қылық» деген керемет сөзі бар. «Қылығы жақсы қыз бала, қыз да болса ұлмен тең, қылығы жаман ұл бала, ұл да болса қыздан кем» дейді қазақ. Қыздарымыздың қысқа киюіне ата-анасы мен намысы жоқ ағасы кінәлі. Егер үйде қыздың киім-киісі мен жүріс-тұрысы қадағаланар болса, тәнін көрсетіп жүрмес еді.

Мұның бәрі, сайып келгенде, тәрбиеге тіреледі. Қазақтың барлық жастарына айтарым ақылды, білімді, намысты болайықшы, — деп сөзін түйіндеді Ардақ Құттықожаұлы.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика