Мұрағат: 11.10.2018


Нақты егіншілік ауыл шаруашылығын тиімді дамытпақ

Күні: , 57 рет оқылды

Елімізде ауыл шаруашылығы өндірісіне нақты егіншілік технологиясы енгізілуде. Астық өнімділігі мен сапасын арттыруды мақсат тұтқан бұл жоба облысымызда да жүзеге асуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, бүгінгі таңда өңіріміздегі егін алқаптарының электронды картасы дайындалды, диқандар сандық технологияларды қолдана бастады.

Егіс  алқаптары  толықтай  цифрланды

– Тың жүйе атауы бізге таңсық болғанымен, өзге шетелдерде қолданыста жүргеніне біраз уақыт болды. Жаңа технологияның артықшылығы сол жерді өңдеу, тыңайтқыш себу сияқты жұмыстарды ғылыми негізде жүргізуге мүмкіндік береді. Осы жүйемен жарақтанған комбайндар және өзге де техникалар дақылдар мен қоректі элементтердің қажет көлемде түсу мөлшерлерін анықтап, көрсетіп отырады. Тіпті техниканы компьютер арқылы басқаруға болады. Бұл жанар-жағармайды және минералды тыңайтқыштарды да айтарлықтай үнемдеуге сеп болмақ. Ауыл шаруашылығы саласының бәсекелік қабілетін көтеру үшін, тиімділігін арттыру үшін біз, әрине, жаңа технологияларды қолдануымыз керек, – дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы  бөлімінің басшысы Қуанышқали Есімов.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Qoldau» атты цифрлық платформасында көрсетілген электронды алқаптардың кестесінде облысымыз 6-орында тұр.

Өңіріміздегі жалпы көлемі 473 мың гектарға жуықтайтын 2 мыңдай егістік жер толықтай (106 пайыз) цифрланған. Осынау егін алаңының жартысы Зеленов ауданының аумағында орналасқан. Зеленовтықтар 903 алқапты толықтай сандық жүйеге көшіріп қана қоймай, заманауи техникаларды пайдаланып жүр. Мәселен, биыл «Август» шаруа қожалығы жұмыс  барысында  улы химикат ерітіндісін дәл мөлшерде қолданатын, тыңайтқыш шығынын төмендететін және өнімділікті 10%-ға дейін арттыратын борттық компьютермен басқарылатын аутоматтандырылған «ақылды» бүріккіш алды. Ал «Матевосян» қожалығы ауыл шаруашылығы техникаларын бақылау мақсатында  GPS құрылғысын пайдалануда. Бұл құрылғы арқылы онлайн режімінде 10 бірлік техниканы және ондағы жүргізушілерді бақылауға мүмкіндік бар. Январцев ауылдық округіндегі «Алтын бидай» шаруа қожалығы да соңғы жылдары сандық технологияларды қолдануда. Диқандар цифрландырудың оң нәтижелерін сезіне бастады. Қожалық жыл сайын  жақсы әрі сапалы өнім алып жүр. Биыл өңіріміздегі біраз шаруашылықтың егіндері күйіп кеткені белгілі, ал «алтын-бидайлықтардың» егіс алқаптарын қуаңшылық шалған жоқ. Шаруа қожалығының басшысы Бекболат Мұқашевтың сөзіне қара-ғанда, бірінші Құдайдың, екінші осы жаңа технологиялардың арқасында қамба бос қалып көрген емес. Мәселен, биыл жаздық бидай гектарына 13,3 центнерден дән берсе, күздікті 25,5 центнерден жинады. Енді жиналып жатқан майлы дақылдардың да өнімділігі жақсы.

– «Джон Дир» кешендері ерекше жасалған. Оның ішінде тракторде емес, тікұшақта отырғандай сезінесің. Іші компьютер және басқа да басқару құралдарымен жабдықталған техника цифрландыруға толық жауап береді. Бізде осындай екі кешен, екі «К-744 Р4» тракторы бар. Оларда «Автопилот» деген бағдарлама орнатылған. Яғни техника өздігінен басқарылады. Бұл техникаларды алғалы егістік науқанына кететін жанар-жағармай көлемі 15 пайызға дейін төмендеді, дән себу шығындары азайды, ең бастысы қаншама уақыт үнемделді, – дейді Бекболат Құспанұлы.

Цифрландыруға бет бұрған осындай шаруашылықтардың алдында агрохимиялық картограмманы, арамшөптердің электронды картасын, жұмыс үдерісін басқаруды қамтамасыз ету бағдарламасын жасақтау, ауа райын болжау стансасын алу сынды іс-шаралар тұр.

168  мың  тонна астық  жиналды

Батысқазақстандық диқандар егін оруды аяқтап, майлы дақылдарды жинауға кірісіп кеткені белгілі. Көктемде дәнді дақылдар себілген 240,4 мың гектар алқаптан 168,3 мың тонна астық жиналды. Орташа өнімділік гектарына 6,9 центнерді құрап отыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты егіс алқабының 11 пайызы есептен шығарылды.

Облысымыздың ауа райы күрт континенталды болғандықтан, егін бірде жақсы, бірде нашарлау шығатыны анық. Мәселен, былтыр батысқазақстандық диқандар дәнді дақылдардың әр гектарынан 14,7 центнерден өнім жинады. Бұл еліміз тәуелсіздік алғалы облысымыз қол жеткізген ең жоғары көрсеткіш болатын. Жалпы, өткен жылы облыс бойынша 360 мың тонна астық бастырылды. Ал биыл ондай жоғары көрсеткіш болмағанымен, жиналған астық көлемі облыс тұрғындарын қамтуға толығымен жететінін айтады мамандар.

Айта кетейік, биыл облыста егін егуге бес аудандағы және Орал қаласындағы шаруашылықтар қатысты. Ел ырысын молайтуға теректіліктер де айтарлықтай үлестерін қосты. Олар биыл 6340 гектарға егін салып, орта есеппен әр гектарынан 4,8 центнерден 3 мың тоннаға жуық өнім алды.  Аудандағы 15 ауылдық округтің 12-сінде егін егіліпті. Биыл мұнда 75 шаруашылық егін салған. Қазіргі таңда сондай-ақ 7306 гектарға егілген мақсарыны да жинау аяқталды. Бұл майлы дақылдың әр гектарынан 4,3 центнер өнімділікпен 3125 тоннасы орылды. Көп кешікпей күнбағысты жинау басталмақшы.

Ал Бөрлі ауданында жаздық бидайдың өнімділігі гектарына 3,4 центнерді құрады. 18521 гектар алқаптың төрттен біріне жуығы күйіп кетті. Нәтижесінде 4391 тонна бидай қамбаға құйылды. Майлы дақылдар арасында да есептен шығарылғандар бар. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әсел Баймұратованың айтуынша, егістігі есептен шығарылған 19 шаруашылық сақтандыру төлемдеріне қатысты құжаттар толтырылуда. «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ-мен келісімшартқа отырғандардың құжаттары Астанаға жолданды. Жалпы, аудан бойынша сақтандырылған алқап көлемі 5779 гектарды құрайды.

– Облысымызда 84777 гектар егіс алқабы сақтандырылды. Бұл – өңіріміздегі барлық егістіктің 37,6 пайызы. «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» заңға сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер  сақтандыру компанияларымен және өзара сақтандыру қоғамдарымен 101 келісімшарт жасасты. Биылғы қуаңшылыққа байланысты егістікті есептен шығару жөнінде 36 шаруашылықтан 23660 гектарға өтінім түсті. Соған орай арнайы комиссия бұл өтінімдерді қарап, 18864 гектарын есептен шығарды. Егіні күйіп кеткен диқандарға сақтандыру компаниялары және өзара сақтандыру қоғамдары тарапынан 14,5 млн. теңге көлемінде қаржы төленді. Қалғандарының құжаттары қаралу үстінде, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының астық және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Кеңес Қайдашев.

Сәкен    МҰРАТҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Гүлшат ШЕКТІБАЕВА,

Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының бөлім меңгерушісі:

– Біздің станса Ақ Жайық өңіріндегі дәнді дақылдардың элиталық тұқымын шығарумен айналысатын бірден-бір кәсіпорын болып табылады. Сол себепті облысымыздағы бидайдың сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз.  Мәселен, 2016 жылы «Орал» атты жаздық бидайдың жаңа түрін шығарып, аудандастырдық. Былтыр ресейлік «Краснокут селекциялық тәжірибе стансасы» ҒЗИмен бірлесіп «Красноуральская» деп аталатын  астық сұрпын шығардық. Бұл дақылдар біздің жақтың ауа райына бейімделген, яғни қуаңшылық пен ыстыққа төзімді. Сондай-ақ ауру мен зиянкестерге қарсы тұру қабілеті жоғары. Ең бастысы, өнімділігі мен сапасы жақсы. Облысымыздағы диқандардың біразы «Альбидум-32», «Саратовская-42» сынды бұрыннан бері келе жатқан бидайларды егіп жүр. Маман ретінде жоғарыда айтып өткен жаңа тұқымдармен қатар, «Волгоуральская» жаздық бидайын да себуге кеңес берер едім. Бәсекеге қабілетті болып  саналатын бұл дақылдардың болашағы зор.

Мәди ҒАБДОЛОВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың доценті, ауыл шаруашылығы  ғылымдарының кандидаты:

– Нақты  егіншілік –  ғылым  мен өндірісті тиімді ұштастыру. Бұл пилоттық жобаны еліміздегі, соның ішінде батысқазақстандық диқандардың қолға алғандығы қуантады. Мұнда дән сеуіп, топырақ өңдеп, одан астық жинау сияқты барлық кезеңдер электронды бақылау құрылғылары  арқылы  реттеліп  отырады.

Биылғы тәжірибе көрсетіп отырғандай, топырақ құнарлылығы айтарлықтай төмен болса да, ғылым мен жаңа технологияға негізделген алқаптардағы өнімділік әдеттегі орташа көрсеткіштен екі есе артық болуда. Осылайша ғылыми тәсілдерге жүгінбесек, заманауи агротехнологияларды қолданбасақ, әлемдік дамудың көшіне ілесе алмай қалуымыз мүмкін.

Сондықтан еліміз экономикамыздың драйвері болып  табылатын  агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруды бастағанына біз де  қуаныштымыз. Бұл – ел  табысын  еселей  түсері сөзсіз.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика