Мұрағат: 10.10.2018


«Педагогтер арасында мықты бәсекелестік жоқ»

Күні: , 448 рет оқылды

«Жайық Пресс» медиахолдингінде ұйымдастырылатын дәстүрлі «Жұмадағы жүздесуге» еліміздегі ең жас «Білім беру саласының үздігі», «Тоғыз толғаныс» кітабының авторы, жаңашыл  ұстаз Дәурен Сағынғалиев келген болатын. Жас та болса, жаңашылдығымен көзге түскен Дәуреннің шәкірттері бірнеше жыл қатарынан  ҰБТ-дан  ең  жоғары  балл  жинап, үздік  нәтиже  көрсеткен. Жиырма  жасында  Қазақстан тарихы  пәні  бойынша  оқу-әдістемелік  құрал  дайындаған жас  ұстаз  бен  редакция  қызметкерлері  арасында  тартымды  әңгіме  өрбіді.

–  Дәурен мырза, сіздің замандастарыңыздың көбі қаржыгер, заңгер немесе мемлекеттік қызметкер болуды қалайды. Ал сіз заң саласында білім алғаныңызбен, педагогикаға бет бұрыпсыз.

– Расымен, көпшілік мені педагогикалық оқу орнын тәмамдады деп ойлайды. Ал мен облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатты «Алтын белгімен» бітірген соң, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заңгерлік мамандықты игердім. Қатарластарым секілді заң саласында қызмет етемін деп ойлаушы едім. Алайда үшінші курста оқып жүрген кезімде университеттегі ұстазым мені Алматыдағы М. Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияға алып барды. Аталған мектеп басшылығы оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын маман керектігін айтып, қолқа салды. Бірақ құжат жүзінде заң факультетінде оқитын студентті мектепке қабылдау мүмкін емес жағдай  болса да, аталған мектепте еңбек етуіме Алматы қалалық білім басқармасы да қарсылық білдірмеді. Өйткені оларға нәтиже қажет болды. Осылайша сол ортада бүгінге дейін үздіксіз бес жыл қызмет еттім. Жетістік те өзін көп күттірмеді. Сонымен қатар мен мұғалімдер отбасында тәрбиелендім. Әсіресе, нағашы жұртымның көбі ұстаздық қызметте. Мүмкін, бала кезімнен мұғалім мәдениетін сіңіріп өскен соң, осы ортаға келу аса қиындық туғызбаған шығар.

– Білім министрлігі қолға алып жатқан жаңа реформалар өміршең бе? Бүгінде ұстаз  беделін арттыру үшін не істеу қажет?

– Реформаның түпкі мағынасы түсінікті болғанымен, ол ылғи қоғамның сынына ұшырайды. Өйткені асығыс жасалады. Жалпы, ұстазға деген құрметті министрліктен күтудің қажеті жоқ. Бұрын ұстазымыз «Әке-шешеңді шақырамын!» деп, бір-ақ ауыз сөзбен қорқытушы еді ғой. Ал бүгінде ата-ананың мұғалімнің ісіне араласуы тіптен жиілеп кетті. Одан білімнің сапасы ешуақытта өзгеріп кетпесі анық. Ал ұстазға құрметті қалыптастыратын – шәкірт. Шәкірттің сана-сезімі жоғары болмаса, ұстаздың беделі де ешуақытта қалыптаспайды. Өзіміз мектеп бітіргенде ұстазымызға бір гүл апарып бермеппіз. Өйткені барлық жетістікке өз қарым-қабілетімізбен жеткендей көріндік. Ал енді мектептің қазанында қайнап жүрген соң әр соңғы қоңырауда шәкірттеріңнен бір жылы сөз күтіп тұрады екенсің. Ұстаздарды өзіміз құрметтеп, олардың аман-саулығын біліп, дәріптеуді қазірден үйренсек, ұстаздықтың құны жоғарылайды.

– Жуырда Ұлттық бірыңғай тестілеу академиясын аштыңыз. Академияның қаламыздағы өзге орталықтардан қандай ерекшелігі бар?

– Өзім М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да және облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта сабақ беремін. Сонымен қатар жуырда ҰБТ академиясын аштым. «Қойға қарағанда шопан көп» демекші, Оралда оқушыларды ҰБТ-ға дайындайтын бірнеше орталық

бар екен. Алайда оның басында жүрген азаматтардың білім саласына мүлдем қатысы жоқ екенін білдім. Ал біздің бұл салада азды-көпті жинақтаған тәжірибеміз бар. Өзімді мықтымын демеймін. Бірақ маған сабақ берген ұстаздарым мықты еді. Сонымен қатар өзім ҰБТ сарапшысымын. Облысымыздың үздік мұғалімдерін орталығымызға топтастырдық. Академияның негізгі қызметі – ауыл баласы мен қаладағы үздік мұғалімнің арасын жалғау. Сол себепті онлайн жобаны да іске қостық. Орталық әлі ашылмай жатып, оған сұраныс өте жоғары болды. Сөзіңнің арық, ісіңнің семіз болғаны жақсы ғой. Сондықтан нәтижемізді  уақыт  көрсетер.

– Мұғалімнің сабақтан бөлек қоғамдық жұмыстармен және толтыратын құжаттармен шектен тыс жүктелуі білімнің сапасына әсер етіп жатқан жоқ па? Оқулықтарда жіберілетін қателер  туралы  не  айтар  едіңіз?

– Қағазбастылық жоқ десем, бүкіл мұғалімнің проблемасын жасырып қалғандай боламын. Мұғалімдіктің бәсі жоғарылап, шектен тыс жүктемесі азаюы үшін әр ұстаз алдымен өзінің деңгейін көтеріп алуы керек. Дәл қазір педагогтер арасында анау айтқандай бәсекелестік жоқ дер едім. Мүмкін, бұл сөзіммен біреулер келіспейтін шығар. Олай дейтінім – қазір мектепті «Алтын белгімен» бітірген жастар бұл салаға келе қоймайды.

Бүгін ҰБТ кітапшаларының ішіндегі қателерді түзетуге шамам жетеді. Ал болашақта бір оқулыққа сараптама жасайтындай деңгейге шықсам, оны да түзер едім.

Кітаптардың негізгі кемшілігі сапасыз аудармасында. Оның үстіне мұғалімдердің арасында талқыға салынбастан, бірден қолданысқа  енгізіліп  кетеді.

– Елімізде жеті мыңға жуық жалпы білім беретін мектеп болса, ең жас мектеп директоры 26 жаста екен. Ол – Астанадағы №54 мектепті басқаратын Шәкәрім Сейсенбай. Ал сізге мектеп директоры болу туралы  ұсыныс  түсті  ме?

– Алматыда өте білікті басшының қарамағында бес жыл жұмыс істедім. Ол кісі «Оқу ісінің меңгерушісі де болдың. Тәжірибең бар. Енді бір мектептің директоры болатын уақытың жақындаған шығар» деп, ұсынысын білдірген болатын. Алайда мен Алматыда мектеп директоры бола алмайтынымды айттым. Ал туған өлкем Оралда директор болу туралы ұсыныс түсіп жатса, жауапкершіліктен қашпас едім. Бүгінде қоғамдық сананың шеңберінде қалып қоймау үшін өзің новатор болуың керек.

– ХХІ ғасырдың мінсіз педагогінің портретін сипаттаңызшы.

– Әлихан Бөкейхановша айтсам, ұстазға терең ілім-білім және көркем мінез керек. Бүгінгінің әр педагогі осы қасиетті бойына сіңірсе екен.

Сұхбатты  жазып  алған   Айым ТӨЛЕУҒАЛИ


«Журналистің абырой-беделі биікте тұруы қажет»

Күні: , 202 рет оқылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарын насихаттау мақсатында «Жайық Пресс» медиахолдингі облыс көлемінде ұйымдастырған «Туған жер» этно-мәдени жобасы  8 қазан күні Қазталов ауданынан бастау алды.

Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов бастаған топ құрамында «Ана тілі» газетінің бас редакторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Жанарбек Әшімжан, облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» және он бір аудандық газеттің бас редакторлары, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері болды.

Медиахолдинг жанынан құрылған Бас редакторлар клубының көшпелі жиынының алғашқы отырысында облыстық және аудандық басылым басшылары бүгінгі таңдағы газеттің бет-бейнесі мен келешегі туралы еркін пікір алмасып, өңірлік журналистиканың жетістіктері мен қордаланған мәселелерін ортаға салды.

Жоба аясында ұлт басылымы – «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан шеберлік сағатын өткізді.

– Ел мықты болу үшін  оның жаңалық жаршылары мықты болуы керек. Мен  алғашқы еңбек жолымды 1-курста оқып жүргенде, журналистің  беделі  «аһ» ұрып тұрған кезде  бастаған  болатынмын.  Ол кезде  тілшілердің беделі өте жоғары болатын. Қазір тілшілерді кез келген шараға «қолшоқпар» қылу әдетке айналған. Бұған көз жұмып қарауға болмайды. Өз тілшілеріміздің беделін өзіміз жоғары ұстауымыз қажет. Журналистер ешбір мемлекеттік бағдарламаға енбейді, мемлекеттен қолдау алмайды. Аудандық газеттерде тілшілердің жетіспеушілігі осыдан туындайды деп ойлаймын. Қазіргі таңда  әлеуметтік  желіде ой-пікірлерімен бөлісіп, халық арасына танымал бола бастаған блогерлердің  дәрежесін  журналиспен теңестіру мәселесі жиі көтерілуде. Журналистің абырой-беделі әрқашан биікте тұруы қажет.

Журналист мақала жазу барысында ақпаратты аяқтай барып алғаны жөн. Қазіргі ғаламтор жүйесі дамыған уақытта біраз журналист мәліметті оңай жолмен алуға бейім болып кетті. Яғни оның бұрыс-дұрысын көзбен көріп, тексеру аз. Бұл дегеніміз, жауапкершіліктің жеткіліксіздігі немесе  тілшінің  «желкесінің қыры» жібермеуі деп санаймын. Мен өз тәжірибемде тілшілерімді  тиісті  ақпарат алу үшін жіберіп отырамын. Мысалы, бір тілшімді тұрмыс деңгейі жоғары ауылға жіберсем, екіншісін, керісінше, тұрмыс-тіршілігі кенжелеп қалған ауылға жіберіп, екеуінен де жауап күтемін.  Сонда қағаздағы мәлімет пен көзбен көргеннің айырмашылығы бек айқын болады.

Сондай-ақ  электронды  поштаға хаттар мен мақалалар жиі түсіп жатады. Әсіресе, дін тақырыбында. Бұл Қазақстанда діни ахуал көңіл қуантарлық емес екенін көрсетеді. Ұлттың үнпарағы болғандықтан,  мен  арнайы мамандардың көмегімен мақалаларды іріктеуден өткізіп аламын. Мұндай тәжірибе кез келген газетте қолданылуы қажет деп ойлаймын, – деді белгілі ақын, қарымды журналист Жанарбек Әшімжан.

Бас редакторлар клубының көшпелі жиынымен Қазталов орта мектебінде 7-11-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған шығармалар байқауы орайлас келді. Байқауда аудан мектептерінен жиылған 75 оқушы бақ сынады. «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының кеңесшісі Нұрсұлтан Мықтыбай шығармалар байқауына қатысушылардың жетекшілерімен кездесіп, «Өрімтал» облыстық жас тілшілер фестиваліне іріктеу кезеңі туралы кеңінен әңгімеледі.

«Туған жер» этно-мәдени жобасы аясындағы шаралар түстен кейін өз жалғасын тапты. «Рухани жаңғыру»  кеңсесінде болып, ақсақалдармен, жастармен жүздескен жаңалық жаршылары аудандағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып,  көрмені тамашалады.

– Газет – сіздерге берілетін пікірталас алаңы. Нарық заманына сай газет те тауар сияқты. Сіздерге сапалы тауар ұсынуға тиіспіз. Ол үшін жалпы оқырмандарымыздың жаңаша ойлары, сын-пікірлері ауадай қажет. Сол себепті біздің нағыз оқырмандарымыз, сыншыларымыз өздеріңіз. Газеттің сапалы шығуына қатысты ұсыныс-пікірлеріңіз, бізге қояр сұрақтарыңыз болса, тыңдауға әзірміз, – деді «Жайық Пресс» медиахолдингінің  бас директоры Рауан Сәбитұлы.

«Орал өңірі» газетінің тілшісі Есенжол Қыстаубаев газет саласындағы  көкейкесті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті. Қошанкөл, Көктерек ауылдық округтерінің ардагерлері Меңдіхан Халықұлы мен Теміржан  Қажығалиев  басылымдағы мақалалар туралы ойларын айтса, Мұнайдар  Карин, Болат Бекешов сынды ақсақалдарымыз Еділбай сорының емдік қасиеті жөнінде ұсыныстарын жеткізді.  Жаңажол ауылдық округінің бастауыш  ардагерлер ұйымының төрағасы Нағым Ризуанов: «Орал өңірі» облыстық газеті жылдан-жылға жаңарып келеді. Есенжол інім – 41 жылдан бері облыстық газетте қызмет атқарып,   халықтың мұң-мұқтажын жазып, ардагерлерге арнайы бет те әзірлеп жүрген бірден-бір журналист. Сіздермен жүздескенімізге қуаныштымыз», – деп ризашылығын білдірсе, басқа да ардагерлер басылым беттерінде  қарапайым еңбек адамдары, ауыл-ел өмірі туралы және тарихи тақырыптағы мақалалар көбірек жарыққа шықса деген бұйымтайларын бүгіп қалмады.

«Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин 150 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Алма Оразбаева атындағы жалпы білім беретін орта мектеп ұжымымен кездесті. Әр түрлі тақырыпта әңгіме қозғалып, ұстаздар қауымын мазалап жүрген сұрақтарға жауаптар берілді. Осындай кездесу аудандық орталық ауруханада да өтті. Аурухана ұжымымен облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова кездесті. Роза Сыйықова биыл алғашқы саны шыға бастағанына 101 жыл толған басылымдағы дәуір талабына сай серпіліс, жаңа бастамалар жайында кеңінен баяндады. Дәрігерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Шаралар легі аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты кешпен қорытындыланды. Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова Рауан Сәбитұлы бастаған топқа қазталовтықтар атынан алғыс айтып, «Ана тілі»  газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға аудан әкімінің алғысхаты мен естелік сыйлық табыс етті. Кеш облыстық филармония әншілерінің мерекелік  концертімен  жалғасты.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов кезекті баспасөзге жазылу науқанында белсенділік танытып, «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Ауыл айнасы» газеттеріне жанашырлық танытып жүрген округ әкімдері мен мекеме басшыларына арнайы алғысхаттар, қолдау көрсеткен бір топ кәсіпкерге медиахолдингтің атынан сертификат табыстады.

Облыстық және аудандық басылымдарды оқырманға уақтылы жеткізудегі еңбегі үшін аудандық «Қазпошта» бөлімінің газет таратушы қызметкері де елеусіз қалған  жоқ.

Басылымдардың сапалы әрі мазмұнды шығуына сүбелі үлес қосып, өзіндік ойларымен басылым бетінде бөлісіп жүрген авторларға «Ауыл айнасы» газетінің штаттан тыс тілшісі» куәлігі, тұшымды мақалалары газет бетінде жиі жарияланып жүрген бір топ оқушыға «Ауыл айнасы» газетінің жас тілшісі» куәлігі табысталды.

Кеш барысында Қазталов ауданы бойынша «Ғажайып өлке» шығармалар байқауына қатысқан 75 оқушының арасынан әділқазылар алқасы үш оқушыны жеңімпаз деп танып, оларға қараша айының соңында Орал қаласында өтетін «Өрімтал» облыстық жас тілшілердің фестиваліне жолдамалар берілді. Облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Ауыл айнасы» газеттеріне іс жүзінде қолдау танытқан тұрақты оқырмандар жаңа 2019 жылға газетке жазылуды осы жерден бастап кетті.

Жұлдыз АСҚАР,

Қазталов ауданы


Бөкейлікте той өтті дүркіреген

Күні: , 28 рет оқылды

Өткен  сенбіде  Бөкей ордасында аудан күні тойланды. Оған  облыстық  мәслихаттың хатшысы  Мәлік  Құлшар  бастаған  Жәнібек, Қазталов, Жаңақала, Зеленов  аудандарының  делегациясы, көршілес  Ресейдің  Ахтуба,  Палласов аудандары  мен  іргеміздегі әскери  полигон  өкілдері, сондай-ақ  облысымыздың  орталығынан  келген  бөкейлік  жерлестер  қатысты.

Шаралар легі  Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Аудандық мәдениет үйінде Бөкей ордасы тарихи музей-кешенінің көрмесі назарға ұсынылып, музей қызметкерлері Бөкей хандығының тарихымен таныстырды.  Кейін «Күйшілер саябағында» ауданымызды мекендеген қырғыз, шешен, грек, өзбек, татар, украин, орыс ұлттарының салт-дәстүрлері көрсетіліп, ұлттық тағамдары ұсынылды. Аудан өнерпаздары театрландырылған көрініс арқылы Бөкей сұлтан бастаған көштің бейнесін беріп, хан Жәңгірдің, ақын Махамбеттің, батыр Мәншүктің рөлін сомдап, тарихи тұлғалар туралы өлеңдер оқып, әндер шырқады.

Сахнаға облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар мен аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов көтеріліп, жиналған жұртшылықты мерейтоймен құттықтады. Аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы басшысы, доғарыстағы полковник Исатай Бекқалиевтің иығына «Ауданымыздың құрметті азаматы» лентасын іліп, куәлігін табыстады. Сондай-ақ бір топ шаруа қожалығы жетекшілеріне облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиевтің және аудан әкімінің алғысхаттары ұсынылды.

Сайқын ауылының солтүстік-шығыс бетінде ауыл шаруашылығы техникалары мен асыл тұқымды мал көрмесі ұйымдастырылды. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашевтың айтуынша, ауданда асыл тұқымды малды өсірумен 21 шаруашылық айналысады. Ауыл шаруашы-лығын механикаландыру ісі  жолға қойылып, соңғы жылдары 150-ге тарта ауыл шаруашылығы техникасы сатып алыныпты. Солардың бірқатары осы көрмеге қойылған.

Мерекелік шара дала қызықтарымен  айшықталды. Қазқатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер мерекенің ажарын келтірді. Ұлттық киім киген арулар меймандарға қазақы қонақжайлықпен бауырсақ ұсынып, ақтан дәм татқызды. Аламан бәйге десе, делебесі қозатын ағайын сәйгүлік-терін баптап әкелген шабандоздардың жарысын асыға күтті. Сонымен,  24 шақырымды құрайтын аламан бәйгеде Бисен, Темір Масин, Орда және Сайқын ауылдық округтерінен келген 14 ша-бандоз арасында мықтылар анықталды. Алты айналымдық жарыста желдей жүйт-кіген тұлпарлардың дені қазақтың жабы тұқымынан болды. Айналым сайын екпіндей ұмтылған бисендік Жасұлан Еділбаевтің (шабандоз – Азат Мұратов) «Нәзік торысы» мәре сызығын бірінші болып кесті.

Дала ойындары одан әрмен боз кілем үстіндегі балуандардың белдесуімен жалғасты. «Өгіз балуан» және «Түйе балуан» аталымдары бойынша белдесуге он төрт балуан ниет білдірді. Нәтижесінде жауырыны жер иіскемеген Баймырза Меңдешов екі аталым бойынша да жеңімпаз  атанды.

Салмағы сексен келі тартатын қойды көтеруден бәсекеге түскен жігіттердің арасында Қуанғали Жанқуатұлы (31 мәрте) бәрінен басым түсті және гір тасы спорты бойынша да ешкімге дес бермеді.

Айта кетейік, Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің қаулысымен 1928 жылы 17 қаңтарда Орал округі құрылған болатын. Округ құрамына 15 аудан енді. Қазақ хандығының соңғы ізі қалған Бөкей уезі Орда ауданы болып, соның құрамына кіріпті. Биыл еліміздің көптеген өңірінде 1928 жылы әкімшілік аумақтарына  өзгеріс енгізіліп, нақтылануына байланысты аудандардың құрылу тарихын атап өтті. Осы атаулы датамен алғанда, Орда ауданының құрылғанына биыл – 90 жыл. Еділ мен Жайықтың арасында орналасқан Бөкей ордасы мерейтойын осылай сән-салтанатпен тойлады.

Каримолла  ҒАЙСИН,

Бөкей  ордасы  ауданы

Игорь ЧЕВИЛЕНКО,

РФ Астрахан облысы Ахтуба қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары:

– Ауданның мерейтойын тойлау деген өте жақсы үрдіс деп есептеймін. Өйткені осындай ауқымды шараларда жұртшылық туған өлке тарихынан мол мағлұмат алады. Меценаттардың жұмысы екшеленіп, даңқы асады және көршілес аудандармен байланысы одан әрі нығая түседі. Шекаралас орналасқан Ахтуба мен Бөкей ордасы аудандарының арасындағы экономикалық, мәдени, спорттық, яғни достық қарым-қатынасымыз үзіліп көрген емес. Қазақтардың қонақжайлығына қашанда риза болып жүремін. Бөкейордалықтарды  мерекемен  құттықтаймын!

Валерий  СМИРНОВ,

РФ  Волгоград  облысы Палласов  қаласының мэрі:

– Делегациямыздың құрамында Лиман ауылдық  округінің басшысы және «Самал» атты қазақ ұлттық бірлестігінің төрағасы Жарасхан Жолмұқанов, Палласов ауданы  думасының депутаты, «Кумыск» шипажайының басшысы Николай Ниеталиев келді. Жарасқан ағамыз қазақ бауырларымыздың ұлттық құндылықтарын насихаттап жүрсе, Николай Құрмашұлы да қазақтың ұлттық сусынына айналған қымыздың емдік қасиетін кең көлемде таратып жүрген азамат. Ал өзім болсам, көршілес Жәнібек ауылының тумасы боламын. Кіші Отаныма барғанымда ондағы әлеуметтік тұрғыдағы өзгерістерге риза болып, қуанып жүремін. Бұл ауданның дамуы да қуантарлық жайт. Халықтың әл-ауқатының өсуі – елдің экономикасы көтерілгендігінің көрінісі.

Біздің аймақта ұсақ малды өсіру қолға алынып жатса, сіздердің ауданда мүйізді ірі қараны көбейтуге ден қойылған екен. Сайып келгенде, екі ел де ауыл шаруашылығын дамытып, тұрғындарға қолдау білдіруде. Осы ісіміз  алға  басып,  елдеріміз  өркендей  берсін.


Алты мектеп бой көтермек

Күні: , 60 рет оқылды

Кеше  Орал қалалық  әкімдігінде  ҚР Президенті  Н. Ә. Назарбаевтың  «Қазақстандықтардың  әл-ауқатының  өсуі:  табыс  пен  тұрмыс  сапасын  арттыру» атты  халыққа  Жолдауын  талқылаған  жиын  өтті.

Қала әкімі Мұрат Мұқаевтың төрағалығымен өткен актив жиналысында Елбасы Жолдауында көрсетілген бағыттар бойынша атқарылатын  міндеттер  сараланды.

– Жолдауда экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі және халық тұтынатын тауарларды өндіру аясын кеңейту қажеттігі айтылды. Бұл бағытта қаламыздағы  «Кублей», «Пош Руно», «Квант»,  «Стекло-Сервис», «Орал құс фабрикасы» секілді ірі кәсіпорындар жұмыс жасауда, – деп сөзін сабақтаған қала әкімі мектепке дейінгі білім беру саласының маңыздылығын да  атап өтті.

Цифрландыру аясында қазір балабақша кезегі электронды түрде жүргізіледі. 2019-2020 жылдары қаламызда тағы алты жаңа білім ошағы бой көтермек. Апатты жағдайдағы №31 мектептің орнына жаңадан 400 орындық, №33 мектептің орнына 300 орындық мектеп салынбақ. Сондай-ақ Зашаған кентінен әрқайсысы 900 орындық екі бірдей №51, №52 жаңа мектептер бой түземек. №18 орта мектеп ғимаратының жанынан қосымша 300 орындық мектептің құрылысы және эстетикалық  бағыттағы 600 орындық мектеп-гимназияның құрылысы жоспарлануда.

Елбасы Жолдауындағы өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру бағыты да шаһар басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Биылдың өзінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 396 пәтерлік үш үй тұрғындар игілігіне берілген. Бүгінгі таңда  құрылыс саласына 13 млрд. теңге қаражат бөлініп, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша 12 үйдің құрылысы басталған. Аталмыш  бағдарламаның арқасында мыңдаған отбасы тиімді шарттар негізінде тұрғын үйге ие болған.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірі – «7-20-25» бағдарламасы аясында және жеке инвестициялар есебінен облыс орталығының іргесінен 425 гектар жерді құрайтын жаңа «Ақжайық» шағынауданын игеру басталып кетті. Жаңа ауданда көп қабатты 150 үй салу көзделуде. Қазіргі уақытта 4,2 млрд. теңгені құрайтын инженерлік инфрақұрылымдар – кәріз, су, электр энергиясымен қамту, жарықтандыру және газ тарту жұмыстары басталып, құрылыс жұмыстары атқарылуда. Биылғы жылы қаланың инфрақұрылымын дамытуға 7,5 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бұл бағытта ұзындығы  50 шақырымнан астам 50  көшенің аутомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні 43 көшенің жұмысы толықтай аяқталған. Сондай-ақ 23 әлеуметтік нысанның кіреберіс жолдарын жөндеу жоспарланса, 21 әлеуметтік нысанның жөндеу жұмысы  аяқтала  келген.

– Мемлекеттік қызмет саласы да назардан тыс қалмайды. Бонустық төлем бойынша жалақы төлеу жүйесі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде пилоттық негізде табысты іске асып, өз тиімділігін көрсеткен болатын. 2019 жылы біздің өңірде де бұл жүйе іске қосылатын болады. Орал қаласы әкімдігінің құрамындағы 242 мемлекеттік қызметкер жалақыларын атқарған жұмысына сәйкес алатын болады. Нәтижесінде жұмыс тиімділігі байқалып, жұмысымыздың сапасы артады, – деді қала әкімі Мұрат Рахметұлы өз баяндамасында.

Сондай-ақ қала активінде сөз алған еңбек ардагері Әленғали Кереев, жазушы-журналист, қалалық «Жайық үні» газетінің директор-редакторы Мира Шүйіншәлиева, қалалық мәслихат депутаты Лилия Хайруллина ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, Елбасы Жолдауын  қолдайтындықтарын  жеткізді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Әлеуметтік сала – басты назарда

Күні: , 22 рет оқылды

Кеше  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  Сырым  ауданына  жұмыс  сапарымен  келді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Ғ. Оспанқұлов халықтың зиярат ететін орны, ел арасында «Дәдем ата» аталып кеткен Жұмағазы қазіреттің кесенесіне барып, ұрпағы Ғарифолла Жанбозовпен кездесті. Халық жиі келетін бұл жер облыстың қасиетті орындарының қатарында.  Облыс әкімінің орынбасары  қасиетті орынды  рухани, тәрбиелік, туристік әрі халық арасында туындаған дау-жанжалды бітістіретін медиациялық  орталыққа айналдыру жөнінде  тапсырма  берді.

Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Жымпиты  ауылына ат басын бұрды. Мұнда ол күрделі жөндеуден өткізілген соң, әлеуметтік орталыққа айналатын Алашорда көшесіндегі ғимаратпен танысты.  Сырым Датұлы атындағы музей, «Рухани жаңғыру» орталығы, коворкинг орталығы,  ардагерлер кеңесі шоғырланатын орталыққа  Ғ. Оспанқұлов оң көзқарасын білдірді. Қарасу шағынауданында жаңадан ашылған спорт алаңымен,  Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептегі ІТ-сыныппен, компьютерлік класпен танысты. Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аса маңыздылығын атап өтіп,  мектепте интернет желісінің жылдамдығын арттыру  жөнінде тапсырма  берді.

Ғабидолла Абдоллаұлы аудандық мәдениет үйінде ауылдық округтерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  атқарылған және қолға  алынып  жатқан  шаралармен, М. Есламғалиев атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің  жұмысымен танысты.

Содан соң аудан әкімдігінде өткен аудан активінің жиынына қатысты. Жиында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев  Елбасының  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру жөніндегі шаралар және ауданның әлеуметтік ахуалы туралы баяндама жасады.

Актив жиынында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сырым ауданына келген сапарының мақсаты Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға қатысты ұсыныс-пікірлерді білу және ауданда шешілмей тұрған қандай мәселе барын анықтау екенін айтты. Есептік кездесулерде айтылған халықтың ұсыныс-пікірлеріне Елбасының Жолдауынан жауап табуға болатынын айтқан Ғабидолла  Абдоллаұлы әлеуметтік  салаларға баса көңіл бөлу керектігін  жеткізді. Сондай-ақ  спорттық инфрақұрылымды, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, мемлекеттік қызметшілердің жиналысты азайтып, оның орнына халықпен жүздесулерді көбейту қажеттігін  де  атап  өтті.

Актив  жиналысынан соң Ғабидолла Оспанқұлов аудандағы әлеуметтік сала басшыларымен  кездесті. Жиынға  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Н. Даумов, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә. Аманбаева, мәдениет басқармасының басшысы Қ. Мұсағалиев, жастар саясаты мәселелері басқармасының  басшысы А. Сақошев, білім басқармасы басшысының орынбасары З. Ғұмарова қатысты. Онда  аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д. Тайшиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы З. Ерғазиева,  аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің  басшысы С. Нұрпейісов өз салалары бойынша атқарылған  жұмыстармен таныстырды.  Ауданда интернет жылдамдығы нашар болуына байланысты облыс әкімінің орынбасары Сырым аудандық телекоммуникация торабының басшысы А. Жұмаға қараша  айына дейін олқылықтың орнын толтырып, интернет жылдамдығын  күшейтуді   тапсырды.

Шынар   МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым  ауданы   


Балықты көбейту шарасында көзбояушылық көп

Күні: , 63 рет оқылды

Соңғы  кездері Ақ  Жайық  өңіріндегі  өзен-көлдердегі  тайдай тулаған  балықтың  азайып  кеткендігін  жиі  естуге  болады. Олай болатын  да  жөні  бар,  кейбір табиғат  пайдаланушылар  шортан, сазан, көксерке, жайын, ақмарқа сықылды бағалы  балықты  аулап, қысқа  мерзімде мол пайда табуға ұмтылады.  Сондықтан  да  құны  жоғары балық түрлерінің саны барған сайын  азайып,  қызылқанат, алабұға, мөңке, оңғақ  сықылды  құнсыз балықтар  көбеюде.

Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексовтың төрағалығымен балық шаруашылығы су қоймаларын бекіту жөніндегі конкурстық комиссияның отырысында айтылды.

Ихтиология және аквамәдени зертхананың меңгерушісі Артур Түменовтің айтуынша, Дөңгелек пен Бітік су қоймаларының экологиялық тепе-теңдігі бұзылған. Сондықтан жиынға қатысушылар жылдың төрт мезгілін қамтитын қосымша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді, биологиялық мелиорация мақсатында құнсыз балық түрлерін аулауды ұлғайтуды және су айдындарын бағалы балықтармен көбейту жұмыстарымен шындап  шұғылдануды  ұсынды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары өңіріміздегі балық шаруашылығы нысандарының кәсіпкерлерге жеке инвестиция тарту шартымен ұзақ мерзімге пайдалануға берілгенін, сондықтан олардың су айдындарына бағалы балықтардың шабақтарын жіберу арқылы құнды балықтарды молайту шараларын жүргізулері тиіс екендігін айтты.

– Алайда жағдай жақсы емес. Су көздерін жалға алушылар мемлекет байлығына немқұрайлы, салақ қарайды. Мұндай кәсіпкерлерге қатаң шара алынып, қажет болса, су қоймасын кері қайтарып аламыз. Енді оларға бақылауды күшейтеміз, балықты молайту шаралары қадағаланатын болады. Барлық жұмысты қауымдастықтың қатыстырылуымен арнайы комиссия тексеріп, шешім қабылданады. Жаны ашымастық көзқараспен тек құнды балықтарды ғана емес, бұл бағыттағы туристік әлеуетті де жоғалтамыз. Бізге өзінің әмиянын емес, ұрпағымызға қалатын туған табиғатты ойлайтын шынайы патриоттар керек, — деп  атап  көрсетті  Игорь  Стексов.

Басқосуда қоғамдық ұйымдардың өкілдері кейбір су қоймаларын пайдаланушылар балықты молайту шараларын көзбояушылықпен өткізетінін айтты. Қалыптасқан меже бойынша шаруашылықтардың әрқайсысы 1 гектарға салмағы 0,12 грамнан болатын  100 шабақ жіберуі тиіс болса, өлшегенде салмағы небары 0,2 грамм болатын, тіршілік етуге бейімсіз 2500 шабақ суға жіберілген. Яғни мұндай балық молайту шарасының еш нәтижесі жоқ, барлық шабақ жыртқыш балықтарға жем болады. Сонымен қатар су айдындары кеуіп, көбі бұлаққа ұқсағандықтан, оларға шабақ жіберу де ақшаны желге ұшырғанмен пара-пар.

Сонымен қатар өзен-көлдердің сағасын тазалап, тиісінше мелиорациялық жұмыстарды жүргізбеудің де кесірінен балық азайып барады. Су құрамында мұнай өнімдерінің молдығы да өз әсерін тигізуде. Су қоймаларын жалға алушылардың балықты көбейту шаралары тиімсіз болғандықтан, олардың көпшілігі балықтың табиғи жолмен көбейетініне үміт артады. Жиында балық көбейту бағытындағы нәтижелі жұмыстарымен көзге түскен  «Марченко»  шаруа  қожалығы  үлгі  етілді.

«Таза бұлақ» қоғамдық бірлестігінің сарапшысы В. Горшковтың айтуынша,  жұмыс тобы құрылып, биылғы тамыз айында Шалқар көлінің экологиялық жағдайы зерттелген және соның нәтижесінде 2008 жылдан бері көлдің суы  500  метрге  төмендегені  анықталған.

– Жағалауды қамыс басқан, судың тұздылығы межеден жоғары. Су деңгейі төмендеп, суды толықтыру жұмыстары қаржының болмауына байланысты тоқтатылған. 2017 жылы 500 метр канал тазартылды. Бұған 220 млн. теңге жұмсалды. Шалқарда оттегіні сіңіріп алатын көкшіл-жасыл балдырлар қаптай өсіп, балықтар көз алдымызда өліп жатты. Сутегі күкіртінің иісі сезіледі, алайда оның көзі табылмады. Сондықтан көлдің жағдайын, суының тазалығын, микроағзалардың құрамын  қадағалап отыратын зертхана құрған жөн.    Жағалаулық желіні 1000 метрге жылжыту керек. Өйткені көл жағасында 291 киіз үй, 11 әжетхана бар, олардың барлығы да қоршаған ортаға зиянын тигізуде, – деді В. Горшков.

1960-1980 жылдары Анискин көліне тұрмыстық және өндірістік қалдықтар құйылатын. Бұл көл Зашаған кентінде, қала аумағында орналасқан. Жайық өзені мен көл арасындағы екі бөгеттің гидротехникалық жағдайы қалалықтарды алаңдатып отыр. Бөгеттің біреуі сумен шайылған, ал Жайықтан бес метр жердегі екіншісіне сумен шайылу қаупі төніп тұр. Сондықтан бетон плиталарын пайдаланып нығыздау, жағалауды бекіту жұмыстарын жүргізу қажет десті жиынға қатысушылар. Алайда бұл мәселеге қатысты Орал қаласы әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов: «Қазіргі уақытта қала әкімдігі Жайық пен Анискин көлі арасындағы бөгетті бекіту жұмыстарын жүргізуге қажетті жобалық-сметалық құжаттама  жасақтауды жоспарлап отыр», – деді. Сондықтан бұл маңызды мәселе  көп  ұзамай  шешімін  таппақ.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Жол жөндеу жұмыстары аяқтала келді

Күні: , 44 рет оқылды

Аптаның  бірінші  жұмыс  күнінің  аяғында  облыс әкімі  Алтай  Көлгінов  шаһардағы  бірқатар құрылыс нысанын  аралап,  олардың  қарқынымен танысты.

Өңір басшысы алдымен Құрманғазы көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын көрді. Қаладағы Ә. Молдағұлова көшесі мен Пугачев көшесі аралығын қамтитын жол жөндеу жұмысын Салтанат Бекмұхамбет басшылық жасайтын «AsarStroyService» ЖШС жүргізуде. Аталған жол салу жұмысы «ҚПО б.в» компаниясының қаражаты есебінен жүргізілуде. Сәуір айында басталған құрылыс қараша айында аяқталуы керек.

Облыс әкімі мердігер мекеме басшыларына жол жөндеу жұмыстарын күннің райы бұзылмай тұрып, тез әрі сапалы жөндеуді тапсырды.

Сондай-ақ өңір басшысы салынып бола келген Гагарин көшесі, 1/1 мекенжайындағы 9 қабатты тұрғын үйдің құрылысын көрді. Өткен жылдың маусымында басталған үй құрылысы осы жылы толықтай аяқталады деп күтілуде. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында бой көтерген 126 пәтерлік көп қабатты тұрғын үйдің 12 пәтері сүрілген апатты үй иелеріне берілмек. Қалған пәтерлер еліміздегі «7-20-25» бағдарламасы бойынша қолданысқа тапсырылады. Құрылыс жұмысын «Караванный путь» ЖШС жүргізуде.

Биыл сүріліп, бүгінде іргетасы қаланып жатқан Скоробогатов, 65/1 мекенжайында орналасқан көп қабатты үйдің құрылысы да қарқынды. Бұл жерде салынғанына 60 жылдан аса уақыт өткен екі қабатты, 18 пәтерлі апатты деп танылған екі үй бұзылған болатын.

Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі мемлекеттік-жеке меншік серіктестік арқылы құрылыс жүргізіп жатқан компания басшыларына тұрғын үйлердің сапалы әрі уақтылы салынуын, сондай-ақ үйлердің қала көркін аша түсетіндей сәнді тұрғызылуы  керектігін  ескертті.

Сонымен қатар өңір басшысы биыл сүріледі деп жоспарланған Еуразия көшесіндегі 246, 246/1, 246/2-үй мекенжайындағы апатты үйлерді көріп, тұрғындармен тілдесті. Үй салушы мердігер мекеме басшыларына тозығы жеткен үй тұрғындарын уақытша пәтерге орналастыруды, құрылыс аяқталған соң сондай шаршы метр баспанамен қамтуды қатаң назарда ұстау керектігін  айтты.

Қала әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, шаһарда тозығы жетіп, апатты үйлер санатына жатқызылған көп қабатты тұрғын үйлер бұзылып, қайта салынуда.

Жыл соңына дейін апатты жағдайдағы жеті үй сүріледі деп жоспарлануда. Бұл тұрғын үйлердің орындарына құрылыс компаниялары мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында су жаңа көп қабатты үйлер салмақ. Бүгінде облыс орталығында 1 200 пәтерге арналған он көп қабатты үйдің құрылысы жүргізілуде.

– Салынғанына бірнеше ондаған жыл өтіп, әбден тозып, апатты жағдайда тұрған үйлерді бұзып, орнына заманауи, зәулім үйлер салу, біріншіден, шаһардың көркін шырайландыра түсері анық. Сонымен қатар сол көне үйлердің тұрғындарына бұрынғы пәтерлерінің шаршы метрі сақталып, тегін баспана беріледі. Қалған пәтерлер Елбасымыздың тапсырмасына сай «7-20-25» бағдарламасымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшыларына ұсынылады. Аталған бағдарлама бойынша баспаналы болуға өтініш берген өңір тұрғындарының саны күн санап артып келеді. Сондай-ақ қалада жеке инвесторлардың күшімен 12 көп қабатты, 1 600 пәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Жалпы, облыс орталығында мемлекеттік бағдарламалар және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында 32 көп қабатты үйдің құрылысы жүріп  жатыр.

Қалаішілік жолдар салу да басты назарда. Биыл 7,5 млрд. теңге қаражат бөлініп, шаһардағы елу көшенің жолдарына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан болса, бүгінде 43 көшедегі жөндеу жұмыстары толықтай аяқталды. Қалған жеті көшедегі құрылыс жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталатын болады, – деді Мұрат  Рахметұлы.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»   


Тынымбақта тынықсақ

Күні: , 41 рет оқылды

Орал  қаласындағы  Темір  Масин  көшесі бойында  салынған  жаңа  тынымбақ  жуырда  қолданысқа  берілмек.  Аталған  жобаны «Рухани  жаңғыру»  бағдарламасы  аясында  жүзеге  асырған – «БККС» ЖШС  бас  директоры, облыстық  мәслихаттың  депутаты  Жасұлан  Жақыпов.

Аумағы 540 шаршы метрді құрайтын жаңа саябақта балалар алаңқайы, орындықтар, жарықшамдар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы төселген. Кәсіпкер Жасұлан Жақыповтың мәлімдеуінше, демалыс алаңының бой көтеруі үшін 34 млн. теңге жұмсалып, мұндағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын  «Эркер»  ЖШС  жүргізген.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа  бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Патриотизм, ең алдымен, туған жерге, өз ауылына, қаласына, өңіріне және кіші Отанына деген сүйіспеншіліктен бастау алады» деген болатын. Осы сөзді алға тартып, қала тұрғындарының игілігіне саябақ салуды жөн көрдім. Демалыс алаңын келушілерге барынша ыңғайлы етуге тырыстық, – дейді Жасұлан Қабиболлаұлы.

Таза ауамен тыныстап, серуендеуге мүмкіндік туғызған оралдық кәсіпкердің жомарттығы қала тұрғындарын қуантты.

– Біз отбасымызбен Темір Масин көшесі арқылы жиі жүреміз. Өйткені үйіміз осы маңда орналасқан. Бұрын бұл жерде ескі саябақ болатын. Оның балалар ойнайтын ауласы болмады. Ал енді жаңа тынымбақ, әсіресе, жас аналар үшін өте қолайлы болды. Өйткені олар кішкентай бүлдіршіндерін су жаңа ойын алаңында ойнатып, өздері де тыныға алады. Ескірген орындықтар жаңаларымен алмастырылған екен. Жалпы, бақтағы абаттандыру жұмыстары көз тартады. Саябақ Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжі маңында орналасқан. Демек, студенттер де бос уақыттарын осында келіп өткізе алады. Туған жеріне қайырымдылық жасаған азамат үшін іштей мақтанып қойдық. Осындай ел азаматтары көбейсін деп тілейміз, – дейді қала тұрғыны  Фарида Сағынғалиева.

Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Орынбасар Бисенғалиевтің айтуынша, биыл демеушілер қаражатына үш тынымбақ салынған. Оның біреуі Еуразия даңғылы бойында, ал екіншісі Ет комбинаты ауданында  бой  көтерген  болатын.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Отбасылық сот құрылмақ

Күні: , 19 рет оқылды

Биыл облыс бойынша 30 адамға қатысты 23 қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі жарияланған.

Оның ішінде 28 адамды бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылса, 2 тұлғаға бас бостандығын шектеу жазасы қолданылған.

Бұл туралы осы жылдың тоғыз айында атқарылған істер турасында өткен баспасөз мәслихатында БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қайрат Шалқаров мәлімдеді. Сондай-ақ брифингке БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Сұлуханым Қадралиева қатысты.

Қайрат Төлеуғалиұлының айтуынша, биылғы жылы өндірісте болған 32 адамға қатысты 25 қылмыстық іс аяқталған. Өткен жылы қылмыстық процестік заңнаманың бұзылып, басты талқылау отырысының тағайындалуына жол берілмеуіне байланысты 9 азаматқа қатысты екі қылмыстық іс прокурорларға қайтарылған болса, ағымдағы жылы бұндай жағдай мүлдем тіркелмеген. Есепті кезеңде алқабилердің қатысуымен бір қылмыстық іс қаралған. Сонымен қатар екі әйел адамға қатысты екі қылмыстық іс қаралып, біреуіне бас бостандығын шектеу жазасы, екіншісіне бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған. Ағымдағы жылы кәмелетке толмаған жасөспірімге байланысты бір қылмыстық іс қаралған. Адам өлтіру фактісі бойынша 20 адамға қатысты 20 қылмыстық іс қаралып, оның 18-іне айыптау үкімі шығарылды. Кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау бойынша екі адамға қатысты екі қылмыстық іс қаралған. Есірткі заттардың заңсыз айналымына орай қылмыстық істер тіркелмеген. Осылайша, адам өлтіру бағытында қылмыстық істер 25%-ға өсіп, кәмелетке толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау туралы қылмыстық істер 75%-ға төмендеген.

БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына биылғы жылдың тоғыз айында 370 арыз және 18 іс  түскен. Тіркелген арыздардың ішінен төртеуі кері қайтарылып, 357 талап арыз бойынша азаматтық іс қозғалып, қалдықта 46 арыз қалған. 338 азаматтық іс өндірісімен аяқталған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 14 іске немесе 4,1%-ға кем.

— Өткен айда БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған  ауданаралық сотында «Отбасылық соттардың сот жүйесіндегі орны» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Бұған отбасы және бала тәрбиесі мәселесімен айналысатын мекемелер мен ұйымдар қатысты. Қазіргі БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Отбасылық сот» пилоттық жобасын іске қосу шараларын жүргізуде, ағымдағы жылдың қараша айынан бастап  «Отбасылық сот» өз жұмысын бастайды. Оның мақсаты – жанұя институты арқылы қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді,  демографиялық проблемаларды шешу,  жас ұрпақты тәрбиелеу,  мәдени-рухани және  ұлттық құндылықтарды сақтау жөніндегі ұлттық мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыру, — деді Сұлуханым Қадралиева.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


«7-20-25» – үміттерді жалғаған бағдарлама

Күні: , 28 рет оқылды

Көсілгенде  аяғы  қырықжамау  ескі  лашығына сыймай,  есіктен  сыртқа  шығып  жатса  да, «Қайран,  менің  өз  үйім, кең  сарайдай  боз үйім»  деген  ХІV  ғасырдағы  Жиренше  шешеннің  сөзі ХХІ  ғасырда  да  өзектілігін еш  жойған  жоқ.  Өйткені қазақ  жастарының  біразы  қазір «Қайран,  менің  өз үйім»  деп  айта  алмай,  қамығып жүр.

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» екені айтпаса да түсінікті. Айлығын шайлығына әрең жалғап жүрген ортанқол отбасының жалақысының жартысына жуығы жалдамалы пәтерге жұмсалатынын, ал қалғаны күнделікті мұқтаждықтан арылмайтынын ескерсек, баспаналы болу орындалмас армандай болып көрінері хақ. Бір ғана Батыс Қазақстан облысының өзінде «Бір бөлмелі болса да, өз үйім болса екен» деп үміттерін үкілеп отырған отбасылар қаншама?!

Елбасының тапсырмасымен өңірімізде жүзеге асқан «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының шапағатын көріп, баспаналы болғандар қатары жыл санап артып келе жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр.

Демек, әрекет еткен адамға мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үйге қол жеткізу орындалмас арман емес. Бастысы, баспана алудың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған түрлі тетіктерді дөп басып танып, өз кәдеңе жарату.

Биылғы жылдың наурыз айында жарияланған «Бес әлеуметтік бастамасында» мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс  істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет екендігін баса айтып, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын ұсынды. Аталған бағдарлама бойынша  1 триллион теңге қарыз беру көзделіп, арнайы «Баспана» ипотекалық  ұйымы  құрылды.

Оның қолданыстағы өзге бағдарламалардан басты артықшылығы берілетін несие өсімінің мөлшерлемесі 14-16 пайыздан 7 пайызға дейін төмендеді. Бұрын банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30, кейде тіпті 50 пайызын талап етіп келсе, жаңа бағдарламаға сәйкес 20 пайызын ғана алады. Үшінші жеңілдік – несие алушының  ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 жылдың орнына 25 жылға дейін ұлғайтылды. Талай жанның баспаналы болу үмітін қайта оятқан «7-20-25» бағдарламасы биылғы 4 шілдеде іске қосылып, екінші деңгейлі жеті банк, яғни «Банк Центр Кредит», «Еуразия банкі», «АТФ банк», «Банк RBK», «Халық банкі», «Цеснабанк» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» алғашқылардың қатарында ипотекалық несиелер бере бастады. Қыркүйек айының соңында серіктес банктер тізіміне «Фортебанк» те қосылды.

Шілде-қазан айлары аралығында 97 батысқазақстандық аталмыш бағдарламаға қатысуға ниет білдірген. Орал қаласында «7-20-25» бағдарламасы арқылы несие беретін «Банк Центр Кредит», «АТФ банк» және «Цеснабанк»  76 өтінішті мақұлдаған. Қазіргі таңда 47 адам ипотекалық несиені рәсімдеп, жаңа баспанаға қол жеткізіп үлгерген.

Осы тұста облыс тұрғындарына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынуда «Банк Центр Кредит» АҚ-ның көш бастап тұрғанын атап өткен жөн. «Банк Центр Кредит» АҚ-ның бөлшек бизнес кеңсесінің басшысы Аида Ипатованың айтуынша әрбір Қазақстан азаматы өзінің жеке баспанасының болғанын қалайды. Ал кейбіреулеріне бұл арман болуы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл арманды жүзеге асыру үшін көптеген бағдарламалар бар, солардың ішіндегі ең тиімдісі «7-20-25» бағдарламасы. Бүгінгі күні аталмыш бағдарлама бойынша 50 батысқазақстандықтың өтініші мақұлданып, несиенің бұл түрі ең үлкен сұранысқа ие болып отыр. Батыс Қазақстан облысында және жалпы елімізде «7-20-25» бағдарламасы бойынша ең алғашқы несие «Банк Центр Кредит» АҚ-да рәсімделді. Бағдарламаның негізгі шарттарына сәйкес келетін қазақстандық тұрғындар несие рәсімдеуге өтініштерін бере алады. Ол үшін бұл бағдарламаға қатысып отырған банктерге хабарласып, қажетті құжаттарды жинап, өтініш беру керек. Бағдарламаға қатысушының өз атына тіркелген тұрғын үйі және ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегі болмауы тиіс. Ипотекалық тұрғын үй қарызы тек ұлттық валютамен ғана беріледі және облыс бойынша сатып алынатын баспананың құны 15 миллион теңгеден аспауы қажет. Кепілдемеге  сатып алынатын жылжымайтын мүлік  қойылады.

Оралдық Талғат Ниязғалиев пен Айнұр Тасмұханова (суретте) –  «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспаналы болған жас отбасылардың бірі. Қаланың «Солтүстік-шығыс» шағынауданынан қос бөлмелі су жаңа пәтерге қол жеткізген отбасының ипотекалық несие үшін ай сайынғы төлемі  60  мың  теңгені  құрайды екен.

– Баспаналы болғанға дейін ата-анамызбен бірге тұрып келдік. Жұбайым «Қазақтелеком» АҚ-да инженер, өзім №26 мектепте ағылшын тілінің мұғалімімін. Сырым, Сымбат есімді қос құлыншақты  тәрбиелеп отырмыз. «Елбасының бес әлеуметтік бастамасынан» «7-20-25» бағдарламасы туралы алғаш оқығанда шарттарының қолжетімді және тиімді екенін бірден байқап, алғашқы жарнаға қажетті қаражатты жинақтай бастадық. Шілде айына дейін қаражаттың басын құрап, бағдарлама басталар уақытты күттік. Бірнеше банкті аралап шыққан соң, таңдауымыз «Банк Центр Кредитке» түсті. Өйткені құжаттарымызды тапсырған соң, ипотекалық несие ең қысқа мерзімде, яғни екі күннің ішінде рәсімделді. Бастапқыда жаңа пәтері-міздің ішкі әрлеусіз (черновой) екенін көріп, абдырап қалғанымыз рас. Есесіне, пәтерді өзіміз қалағандай әрлеп, ішкі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап алдық.

20 пайыздық алғашқы жарна мен ипотекалық несиенің жылдық мөлшерлемесінің 7 пайыздан аспайтыны «7-20-25» бағдарламасының ең тиімді тұсы, – дейді  Айнұр  Әлібекқызы.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша тек бірінші тұрғын үй нарығындағы, яғни жаңа баспананы ғана сатып алуға болатыны белгілі. Осы жайтты ескерген «Баспана» ипотекалық ұйымы 11 қыркүйектен бастап «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, екінші тұрғын үй нарығындағы баспананы несиелеуге бағытталған арнайы өнімді іске қосты. Жаңа бағдарлама «Баспана хит» деп аталады.

Оған қоса Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін жалпы саны 50 мың данадан кем емес тұрғын үй сертификаттары шығарылатын болады. «Баспана» ипотекалық ұйымының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек,  Қазақстан халқына жыл соңына дейін 10 мыңдай сертификат тапсырылмақ. «7-20-25» сертификаттары бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарнаны едәуір жеңілдету мақсатында әзірленіп отыр. Сертификаттарды қала және облыс әкімдіктері өз тұрғындары арасында үлестіретін болады.

«Елбасы жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотеканың алғашқы жарнасын  субсидиялау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жергілікті өңірлерге қажетті мамандық иелері үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түспек. Біз «Нұр Отан» партиясының қолдауымен алғашқы жарнаны азайту бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Және аталған шаруаны қызу дөңгелетіп, осы аптадан бастап әр өңірлерде «7-20-25» сертификаттарын бере бастаймыз», – деді «Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.

«7-20-25» сертификатының орташа номиналы 1 млн. теңгені құрайтын болады. Демек, жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан «7-20-25» бағдарламасына  қатысуды ынталандыру  үшін кем дегенде 50 млрд. теңге бөлінбек.

Айта кету керек, қыркүйек айында «7-20-25» бағдарламасы аясында алғашқы жарнаны арзандату мақсатында «Жас арман» мен «Қамқор баспана» өнімдері әзірленіп, олар өңірлерде іске асырыла бастаған еді. Енді өнімдер біріктіріліп, алғашқы жарнаны азайту бойынша әлеуметтік жұмыс «7-20-25» сертификаттары аясында  кеңінен  жүргізілмек.

Динара    ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика