Мұрағат: 09.10.2018


Депозиттердің шарттары өзгерді

Күні: , 118 рет оқылды

Биылғы жылдың  1 қазанынан бастап елімізде жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді және жинақ салымдары бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі бекітілді. Мұндай жағдаймен салымдарды жіктеу халықтың жинақтары үшін жаңа мүмкіндікті қамтамасыз етіп, жинақты ұлттық валютада ұзақ мерзімде сақтауға ынталандырады және банктік нарықтағы қаржылық тұрақтылықтың шарттарын жасайды. Бұл туралы  ҚР Ұлттық Банкі хабарлады.

Ұлттық Банктің хабарлауынша, 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың жаңадан тартылған депозиттері бойынша шарттар өзгерді. Салымдар бойынша сыйақы мөлшерлемелері салымның түрі мен мерзіміне, мерзімінен бұрын алынуына және толықтырылуына байланысты болмақ. Осыған орай Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жаңа ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін бекітті. Енді жеке тұлғалардың салымдары мерзімді, мерзімсіз және жинақ болып жіктеледі. Мерзімсіз салымдардың табысы төмен болады, бірақ салымшыларға өздерінің депозиттерін қиындықсыз шешіп алуға мүмкіндік береді. Мерзімді салымдардың «икемділігі» төмен, бірақ табысы жоғары болады. Салымшылар ең жоғары табысты жинақ салым арқылы ала алады, онда ақшаны мерзімінен бұрын алу бойынша жоғары талаптар қарастырылған. Салымның мерзімі сыйақы мөлшерлемесінің көлеміне әсер етеді. «12 айға теңгелік стандартты салым 12% сыйақы мөлшерлемесімен шектеледі, ал салымның қосымша опциясы бар депозит мөлшерлемені 11%-ға дейін төмендетеді», – деп  түсіндіреді  Ұлттық  Банк.

«Егер бұрын салымшылар депозиттері бойынша табыстылықты 12%-дан жоғары алмаса, қазір банктік салым шартының талаптарына сәйкес 12 және 24 айдан асатын жинақ салымдар бойынша 13-13,50%-ға дейін сыйақы ала алады. Салымды ұлттық валютамен және тиісінше ең жоғары сыйақы мөлшерлемені таңдағанда, салымшы инфляция кезінде 7,5%-ға дейін, 6% нақты кірістілікті қамтамасыз етеді», — деп хабарлайды Ұлттық Банк.

Шетел валютасындағы салымдар бойынша табыстылық өзгеріссіз қалады және 1%-дан аспайды.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Жаңа тағайындау

Күні: , 77 рет оқылды

Конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес Орал қаласы әкімінің орынбасары лауазымына Сергей Евгеньевич Доля тағайындалды.

Білімі жоғары. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик  мамандығы бойынша  тәмамдады.

Әр  жылдары:

– «Оралэнерго» АҚ Орал қалалық филиалының бақылаушысы, учаскенің  бастығы,  учаске  шебері;

– «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясында» бақылаушы, инженер, сервис  бастығы, қалалық филиалдың бас инженері.

Ал 2013 жылдың қаңтарынан бүгінге дейін «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ қалалық филиа-лының  басшысы  қызметін  атқарды.


Жолдау жүктеген міндеттерді талқылады

Күні: , 38 рет оқылды

Кеше облыстық мәслихаттың үлкен залында облыс активінің жиыны өтті. Күн тәртібінде Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру және іске асыру шаралары қарастырылды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов төрағалық еткен жиынға облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, құқық қорғау саласы мен кәсіпорындардың, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, ардагерлер, саяси партиялардың өкілдері, білім, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері және жастар қатысты.

Облыс әкімі күн тәртібіне байланысты баяндама жасады.

– Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы – бұған дейін жүзеге асырылып келген стратегиялық құжаттардың заңды жалғасы. Және еліміздің, өңіріміздің дамуына тың серпін беретін Жолдау болды. Елбасы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Біздің өңірде экономиканың барлық саласы бойынша жұмыс істейтін 60 мыңнан астам қызметкердің жалақысы орта есеппен 35 пайызға өседі. Уческелік медицина қызметкерлері үшін де жағымды жаңалық бар. 1 100-ден астам дәрігер мен медбикелердің айлықтарына 20 пайыз қосымша қаражат қосылатын болды. Облысымыздағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің 3 829 тәрбиешісі мен қызметкерлерінің жалақылары өседі.

Елбасының тапсырмасына сәйкес өңірдегі ирригациялық құрылымдар жүйесін жаңарту жұмыстарының нәтижесінде жаңа мүмкіндіктер ашылды. Төрт ірі жоба жүзеге асырылып, суармалы жерлер 70 мың гектарға дейін кеңейе түсті. Нәтижесінде мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар көбейе бастады. Шаруа қожалықтарының саны 2017 жылы 5 мыңның үстінде болса, биыл 6 500-ден асты.

Игерілмеген жерлерді қайтару қарқынды жүруде. Бүгінгі таңда 1 млн. га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның жартысы іскер азаматтарға қайта берілді. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасады. Қолынан іс келетін азаматтарға жер беріледі. Жерді қазірдің өзінде электронды түрде бөлу тәжірибеге енгізілді. Цифрландыру аясында біз ашықтықты қамтамасыз етудеміз.

«Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек» деп Елбасы өз Жолдауында атап өтті. Біздің өңірде жеке балабақшалардың саны 24-тен 52-ге дейін көбейіп, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100 пайызды құрады. Қаладағы балабақша кезегі толықтай электронды кезек жүйесіне көшірілді. Жыл соңына дейін барлық аудан орталығы осы жүйеге көшеді. Мемлекет басшысының тапсырғаны – ендігі кезекте балабақшалардың ішкі контентін байытуымыз қажет. Балабақшаларды бейнекамералармен жабдықтап, кез келген ата-ана смартфон арқылы өз баласының тобындағы жағдайды тікелей көрсетілім арқылы бақылау мүмкіндігі болуы қажет. Яғни ата-аналар тарапынан қоғамдық бақылауды күшейтеміз.

Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиістігі тағы да айтылды. Бұл жұмыстармен жүйелі түрде айналысып келеміз. Ендігі кезекте біздің бетке ұстар жоғары оқу орындарымыз да Назарбаев университетінің білім беру жүйесіне бейімделе бастауы керек. Ол үшін университет ұстаздарын арнайы тағылымдамалардан өткізу жоспарлануда. Ең бастысы, ұстаздардың мерекесі қарсаңында мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы тапсырма бергенін барлығымыз да ықыласпен қабылдадық. Мұғалімдер ретсіз тексерістер мен қағазбастылықтан арылып, арнайы заңмен қорғалатын болды. Елбасымыз атап өткендей, мұғалімнің негізгі міндеті  балаға  білім  беру  болмақ.

Келесі жылдан бастап өңіріміздегі 2,5 мың мемлекеттік қызметкердің жалақысы өсетін болады. Біз мемлекеттік құрылымдардың ашық болуын басшылыққа алып келеміз. Жылына төрт мәрте «Ашық әкімдік» шарасы өткізіледі. Тұрғындармен тікелей байланысты нығайтатын бұл шара тұрақты түрде жалғаса бермек. Қазірдің өзінде біздің өңірде тұрғындарға мемлекеттік қызмет түрлерінің 70 пайызы электронды түрде көрсетіледі. 2019 жылы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында көрсетілетін қызметтердің 80 пайызын электронды түрге көшіретін боламыз.

Елбасы келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Бизнес бастағысы келетін жастарға арнайы оқытулар, жеңілдікпен несие алу жағын қарастырамыз. Жастар жылы арзан флешмобтармен көмкерілмей, мазмұнды да мағыналы жыл ретінде аталып өтуі керек.

Біздің алдымызға зор міндеттер қойылды. Атқаратын жұмыстарымыз өте ауқымды. Жолдаудан туындайтын міндеттерді атқаруда өңір тұрғындарымен бірлескен жұмыс жоспарларын құруымыз қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, өршіл мақсаттарға жетелейтін жолда ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын, – деді  облыс  әкімі  өз  баяндамасында.

Ол сондай-ақ өңіріміздегі тауар экспорттайтын ірі кәсіпорындардың жұмысы жайында және Президент тарапынан алдағы уақытта да өңдеу өнеркәсібі саласына зор қолдау-көмек жалғасатынын айтты. «Бизнестің жол картасы» және кәсіпкерліктің тұрақты дамуына әкелетін мемлекеттік бағдарламалар, кәсіпкерлерге көрсетілетін жеңілдіктер, медициналық қызметті жақсарту, бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылған істер жайында баяндады. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғындарды пәтермен қамту жұмыстары әрі  қарай  жалғаса  беретіні  айтылды.

«Стройкомбинат» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев, Орал қаласындағы №17 ОЖББМ директоры Тамара Рудич, «Сәбит» шаруа қожалығының басшысы Ерболат Құрманғалиев, жас кәсіпкер Саян Баетов сөз алып, Жолдаудан алған әсерлерімен және аталмыш құжатта көрсетілген бағыттар бойынша болашақта атқаратын нақты ісжоспарларымен бөлісті. Олар шаруашылықтың барлық саласына жаңа технологияны енгізу бағытына көбірек тоқталды. Мәселен, «Стройкомбинат» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев алдағы жылдың қаңтар айынан бастап Жолдауға сай компания қызметкерлерінің жалақысы өсетінін айтты. Ол өндіріске жаңа технологияны батыл енгізіп, еңбек өнімділігін еселей түскендерін, өңірдегі темірбетон резервуарларының 90 пайызын өзі басқаратын компания шығаратынын мәлімдеді. Аталмыш компания жылына 2 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, ел қазынасына 200 млн. теңге салық түсімін құяды. «Өңірдегі жол құрылысының дамуы, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы біздің компанияның жүйелі тапсырыс алып, қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде», – дейді  Бақытжан  Нұрбаев.

«Медициналық орталық» ЖШС директоры Рафхат Истаев облыстың медқызметкерлері атынан Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға дайын екендерін айтты. Учаскелік дәрігерлер мен медбикелер жалақысының өсуі, қағазбастылықтан арылу – дәрігерлердің көптен күткен жаңалығы. Оның айтуынша, бүгінгі таңда медициналық мекемелер жаңа заманғы озық құрал-жабдықтармен қамтылуда. Медицина қызметкерлері кәсіби біліктіліктерін заманға сай шыңдап, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға  аянбай  қызмет  етуі  тиіс.

– Мен бөкейордалық жас кәсіпкермін, жасым отызда. 12 жыл бойы ел аралап оқып, ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істедім. Осыдан екі жыл бұрын ауылға оралып, әкемнің шаруашылығына көмектесудемін. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, қазіргі таңда өз өңірімде мал шаруашылығындағы консалтинг қызметінің негізін қалап жүрмін. Консалтинг – шаруашылықтағы қайталанып келетін жұмыстарды автоматтандыру және олардың тиімділігін арттыру. Мысалы, әкемнің шаруашылығындағы қойларға ескі телефонды GPS құрылғы етіп, қазіргі күнге дейін қойды телефонмен бағып жүрміз, енді біздің жүз қойға қойшының қажеті жоқ. Сонымен қатар  мініс аттары мен сауын жылқыларды солай телефон арқылы қарап, үйге айдап алып келіп жүрміз. Елбасы Жолдауында атап өтілгендей, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мерзімін ұзартып, жылына қосымша 30 млрд. теңге бөлінуі кәсіпкерлердің мүмкіндігін одан әрі күшейтетіні анық,  – дейді жас кәсіпкер Саян Баетов.

Жиын қорытындысында Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы  қарар  қабылданды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Туған жерге тағзым – перзенттік парыз

Күні: , 28 рет оқылды

Хамза Есенжановтың туғанына 110 жыл

Жазушы Хамза Есенжановтың 110 жылдығы Теректі ауданында жоғары деңгейде аталып өтті. Алдымен аудан орталығындағы мәдениет үйінде «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы болды.

Тұңғыш рет жүзеге асып отырған шара Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өрбіп, көпшіліктің басын қосты.

Форумды аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов ашып, құрметті қонақтарға «Қош келдіңіздер» айтты. Сонымен бірге ауданда кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге асқан бірқатар жұмысты тілге тиек қылды.

Мән мен маңызы зор шараға арнайы келген танымал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық  әдеби сыйлығы және  «Құрмет» орденінің иегері, БҚО-ның құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгереева ұрпақ тәрбиесі, мәдениеттілік турасында әңгіме өрбітті. «Туған жерге деген махаббат сәби шақтан баланың санасына сіңіп, тәрбие арқылы жетілуі тиіс» деген ақын кіндік қаны тамған өлкесін жырға қосты.  Теректі халқы  аяулы ақын қызына құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын табыс етсе, жастар арасынан Д. Есеналиева және С. Құлмұханова ақын өлеңдерін оқыды.

Ғасырдан астам тарихы бар облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин ауданда дүниеге келген тұлғаларға ерекше тоқталып, барлық салада елге аянбай қызмет жасап жүрген теректіліктерге алғыс білдірді. Еліміздегі ең жас «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы, «Тоғыз толғаныс» кітабының авторы Дәурен Сағынғалиев білікті педагогтердің қоғамдағы рөлі, ұстаздар мәртебесі хақында сөз қозғады.

Форум спикерлері ауданда жасалып жатқан жүйелі жұмыстарға жақсы баға беріп, осындай шараны ұйымдастырған аудан басшылығына  алғыс  білдірді.

Одан соң «Жомарт жүрек – 2018» сыйлығының иегерлері марапатталды. Бұл сыйлықты табыстаудың басты мақсаты – бизнес-құрылым өкілдерін, меценаттарды, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерді ынталандыру, қайырымдылық, мейірбандылық секілді қасиеттерді насихаттау. Ел мүддесін биік қояр азаматтарды аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов құттықтап,  алғыс білдірді.

«Жыл меценаты» аталымын Сағидолла Еркебаев, «Туған өлке» аталымын Ибрагим Жақсымбетов, Қатауолла Ашығалиев, Валерий Голоухов, Арман Ғаббасов, Қайрат Садықов, Ұлықпан Мұхамедяров, Тілекқабыл Жұмағалиев, Александр Овченник, Жұбан Шиназбеков, «Жүректен жүрекке» аталымын Мирхат Жұмашев, Виктор Галкин, Руслан Лұқпанов, Роллан Бектеміров алды. Юрий Махметов «Әлеуметтік саланың дамуына үлес қосқаны үшін», Сержан Идиятов, Аманғали Бөкенбаев «Жылдың қайырымды адамы» аталымымен марапатталды. «Әйел. Қоғам. Болашақ» (жетекшісі – Гүлмира Төлегенова) «Жылдың үздік үкіметтік емес ұйымы» деп танылса, «Алтын ұя»  аталымында Надежда Бисалиева жеңімпаз болды. Екі балғынды суға батып бара жатқан жерінен құтқарып, ерлік жасаған Юбилейный ауылының тұрғыны Миржан Қуанышқалиев «Батыл жүрек» аталымы бойынша марапатқа ие болса, «Жыл адамы» аталымына Зәуреш Шатикова лайық деп танылды.

Меценаттар форумы «Теректі ауданының құрметті азаматы» атағын табыстаумен жалғасын тапты. Мұндай атаққа ие болғандардың ішінде Ерғали Бекетов, Мәпу Біләлов, Өтеген Ғайнуллиев, Хамидолла Ғайсин, Сәлімбай Мәдиев, Федор Савичев, Хамит Салахиев, Марат Сарбөпеев, Шәрапи Шотанов бар.

Данқты жазушының мерейтойына арналған шаралар легі орталық алаңда өрбіді. Атаулы күнде ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ауданымыздың түкпір-түкпірінен келген тұрғындар кештің өте жақсы өтуіне өз үлестерін қосты.

Орталық стадионда әр ауылдық округ халқы ақшаңқай киіз үйлерін тігіп, бір-бірімен қауышып, мәре-сәре болды. Мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әнді әуелетіп, көрерменнің көңілін көтерді. Ауданымыздың әр ауылынан келген әжелер ансамблі өнерлерін жұртшылыққа паш етті. Мерекелік шарада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де өткен болатын. Стадионға жиылғандар концертті тамашалап, керек азық-түліктерін алып, бір марқайып қалды.

Салт-дәстүрімізді жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған қазақ күресі, асық ату, қой көтеру, қол күресі сынды сайыстарға қатысушылардың қарасы көп болды. Қол күрестен І орын федоровтық Н. Қыстаубаевқа бұйырса, подстепныйлық Мұрат Баубеков «Түйе палуан» атағын жеңіп алды. 51 рет қой көтерген Бақытжан Қойланов қой көтеруден жеңімпаз атанып, көтерген қойын қанжығасына байлады. Асық атудан І орынды Ө. Мүбарак (Федоров) иеленді.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі ауданы


«Ақжайыққа» қауіп төнді

Күні: , 54 рет оқылды

Футболдан ел чемпионатының ХХІХ турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдады.

Бұл ойын, әсіресе, осының алдында қатарынан үш мәрте ұтылған оралдықтар үшін аса маңызды еді. Оларға жеңіс ауадай қажет болатын.

Өткен турда ескерту алуларына байланысты «Ақжайықтан» хорватиялық Денис Главина, «Қызылжардан» қақпашы Антон Цирин мен гамбиялық шабуылшы Момоду Сисей бұл матчқа қатыса алған жоқ.

Бірінші тайм басында қонақтар белсендірек қимылдап, жиірек алға ұмтылды. Алаң иелеріне тайм ортасына қарай «жан кірді» деуге болады.

Есесіне екінші тайм «Ақжайықтың» толықтай басымдылығымен өтті. Дегенмен «Қызылжардың» қарымта шабуылы кезінде украиналық қақпашы Евгений Боровик екі мәрте қауіпті соққыны қайтара білді.

«Ақжайықтың» бас бапкері Сергей Зайцев Еркебұлан Нұрғалиевтің орнына Иван Антиповты шығарғанымен, ол командаластарымен түсінісіп, ойнай алмады. Сенегалдық шабуылшы Малик Манені Латвия ұлттық құрамасының мүшесі Артур Карашаускс алмастырды. Бәлкім, шабуыл шебіндегі осы қос футболшы бірден шыққанда, ойын нәтижелірек болар ма еді. Алаң иелерінен украиналық легионерлер Андрей Ткачук пен Игорь Худобякты атап өтуге болады. Оралдықтар үнемі оң не сол қанаттан шабуыл ұйымдастырмақ болғанымен, одан ештеңе өнбеді. Орта тұстан жарып өтетін ешкім жоқ, бойлары аласа болғаннан кейін допты қабылдай алмай жатты.

Қосымша бес минут қосылғаннан кейін Берік Шаиховтың алыстан тоғыздықты көздеп тепкен добын «Қызылжардың» қақпашысы Тимурбек Зәкіров қайтарып, өз командасын голдан аман алып қалды.

Осылайша қос команда 0:0 есебімен тең тарқасып, бір ғана ұпайға ие болды.

Бұл турда Павлодардың «Ертісі» Қостанайда «Ертісті» 2:1 есебімен ұтып кетті. «Ордабасы» өз алаңында «Қайратты» 2:0 есебімен тізе бүктірді. «Жетісу» – «Шахтер» (1:1), «Қайсар» – «Атырау» командалары тең ойнады.

Ақтөбеде жергілікті клубты 2:1 есебімен ұтқан «Астана» алматылықтардан 10 ұпайға ұзап кетті.

Керісінше, көш соңындағы командалардың арасындағы тайталас қыза түсті. Қазіргі кезде «Қызылжар» 31 ұпаймен сегізінші орында қалса, одан кейін «Ақжайық» (30 ұпай) тоғызыншы, «Ертіс» (29 ұпай) оныншы, «Атырау» (29 ұпай) 11-інші, «Шахтер» (28 ұпай) 12-інші сатыда келеді. Оралдықтардың алдағы төрт ойынның үшеуін сырт алаңда (Атырау, Павлодар, Талдықорғанда, П. Атоян атындағы стадионда тек Қызылорданың «Қайсарын» ғана қабылдайды) өткізетінін ескерсек, қауіп бұлты анық төнгенін аңғаруға болады.

Қазіргі кезде Ұлттар лигасының бәсекелеріне байланысты біріншілікте аздаған үзіліс орын алмақ. Ал 20, 21 қазанда өтетін ХХХ турда «Астана» – «Ордабасы», «Ертіс» – «Қайсар», «Атырау» – «Ақжайық», «Шахтер» – «Ақтөбе», «Қайрат» – «Тобыл», «Қызылжар» – «Жетісу» командалары өзара кездеседі.

Ғайса БӘЙМЕН


Оқушының «ойыны» бұзақылық деп танылды

Күні: , 70 рет оқылды

БҚО ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Орал қаласындағы №40 жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларының жаппай улану фактісі бойынша алдын ала тергеу басталды.

Қазанның 4-і күні болған оқиғаға тексеру жүргізген тәртіп сақшылары сол мектепте білім алатын оқушы қыздың бұрышты газ баллоншасын шашқанын анықтаған. Тапа-тал түсте дүйім қаланы дүрліктірген оқушының бұл әрекеті ҚР Қылмыстық кодексінің 293бабының 1-бөлігіне сәйкес бұзақылық деп танылып, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, облыс орталығындағы №40 орта мектепте түскі үзіліс кезінде оқыстан газ иісі шығып, 300-ден астам оқушы мен мектеп қызметкерлері шұғыл түрде сыртқа шығарылған болатын. Өзін жайсыз сезінген 15 оқушы мен бір мұғалім “Жедел жәрдем” көлігімен ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған еді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, зардап шеккендерге «белгісіз химиялық заттан уланған» деген диагноз қойылған. Қазір оқушылардың жағдайы жақсы, сабаққа қатысып жүр. Ал мұғалім әзірге ауруханада жатыр.

Асыл  РАМАЗАН


«Қасиет қонған қара жер»

Күні: , 46 рет оқылды

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Ғайса-Ғали Сейтақтың «Қасиет қонған қара жер» атты кітабының жарық көруіне орай әдеби-сазды  кеш  өтті.

Шара барысында университет студенттері ақынның жуырда шыққан «Қасиет қонған қара жер» кітабынан өлеңдер оқып, ән шырқады.

1978 жылдан бастап өлең өлкесіне ден қойған Ғайса-Ғали Самиғоллаұлы  «Маңдай», «Аман бол, атамекенім», «Нарынның нар ұлдары», «Айарудың алқасы», «Тек пен тамыр», «Жақыным менің – жалпақ ел»  атты жыр жинақтарын жарыққа шығарған еді.  «Қасиет қонған қара жер» өлеңдер жинағына ақын туған жерге, туған елге деген ыстық ықыласын арнаған.

Әдеби кеште сахна төріне көтерілген мерейтой иесі  студенттерге бірқатар өлеңін оқып, олардың қойған сауалдарына жауап берді. Ал университет оқытушылары атынан сөз алған ақынның ұстазы, тарих ғылымдарының докторы Баян Шынтемірова қоғамдағы өзекті мәселелерді арқау етіп өлең жазған ақынға ақжарма тілегін арнаса, студенттер қауымы гүл шоқтарын ұсынды.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Алыптар ұшқан алтын ұя

Күні: , 51 рет оқылды

Биыл  Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылдық округінде орналасқан М. Жүнісов атындағы ЖОББ мектебіне 150 жыл толды.

Ғасыр жарым тарихы бар мектептің тамырлы тарихына үңілер болсақ, 1868 жылы Бөкей ордасында жеті мектеп ашуға Патша жарлығы шыққан екен. Сол жылы 29 қазанда жеті мектептің біреуі болып Қамыс-Самар қисымындағы  Глинянский елді мекенінен бір кластық Қамыс-Самар мектебі ашылған. Аталмыш мектепте  алғашқы мұғалім болып Шинкин деген қазақ оқытушысы болған. Кейін 1871 жылы Орынбор генерал-губернаторының келісімімен бұл жерде Новая Казанка ауылы құрылды. Алғашқы кезде  Қамыс-Самар мектебіне 1890 жылға дейін жергілікті бай балалары оқуға тартылған болса, кейін 1894-1895 жылдары қарапайым шаруа қазақтар мен татарлардың балаларына да оқуға мүмкіндік туды. 1911-1915 жылдары Қазақ ССР-ның халық ағарту ісінің үздігі Ақжан Ишанов Орданың екі кластық училищесін бітіріп келіп, шәкірттерге дәріс берді. 1916-1917 жылдары Нарын және Қамыс-Самар мектептері ірілендіріліп, оқу орыс мектебі үлгісінде жүргізіліп, оған 50 шәкірт тартылды. Қазақтың қайраткер қызы Алма Оразбаева осы мектепте еңбек жолын бастады. Ал Сейітқали Меңдешев кейін Қазанның мұғалімдер семинариясын бітіріп келіп, осы мектептің алғашқы ұстаздарының бірі болды. 1922-1923 жылдары аудан бойынша әр үйдің бір  бөлмесі алынып, он шақты баладан сауат ашу мектептері ашыла бастады. Кейін ол Дәулет есімді байдың екі қабатты ағаш үйіне жинақталып «коммуна приют» деп аталды. Коммуна приютте кедей балаларына бір киер киім, ыстық тағам беріліп, қайырымдылық жасалып, халық – ел қамқорлығына бөленді.

150 жыл толған мерейлі мерекені жаңақазандық жұртшылық пен мектеп ұжымы үш күн бойы дүрілдетіп атап өтті. Дүбірлі тойдың алғашқы күні, яғни Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында М. Жүнісов атындағы ЖОББ мектебінің 1996 жылғы түлектері ауылға кіреберіс қақпа орнатып, туған жерлеріне және өздері тәлім алған білім ордасының мерейтойына тарту жасады. Кіреберіс қақпаның ашылу салтанаты одан әрі дала қызықтарына жалғасты. Бұл жерде мерекеге жиналған жұртшылық тай жарысы, ат жарысы және аламан бәйгені қызықтап, спорттық ойындарды тамашалады.

Екінші күні мектеп оқушылары  Қазақстанның құрметті журналисі  Тихон Әліпқалиұлы, Ербол Ғұмарұлы және тағы да басқа елге танымал осы мектептің  түлектерімен  «Аталар жолымен, ағалар ізімен» атты дөңгелек үстелде кездесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әдемі әңгіме өрбітті. Сонымен қоса бұл күні мектептің мерейтойына орай ұйымдастырылған Сатым Әбуұлы атындағы жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық ашық турнир оздырылды. Халықтың қанын қыздырып, делебесін қоздырған додалы жарыс әрмен қарай мектеп ұжымы мен түлектерінің гала-концертіне ұласты. Мектептің мерейлі тойына арналған гала-концертте еліміздің үлкен-үлкен сахналарында өнер көрсетіп жүрген мектеп түлектері келіп, алтын ұя мектептеріне ән мен биден тарту тартты.

Ал думанды тойдың соңғы күнінде қазақ даласына танымал болған аталмыш мектептің түлектері өздеріне қанат бітіріп, үлкен өмірге жол көрсеткен білім ордасында бас қосты. Сонымен қоса облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының 3-шақырылымының депутаты Рашит Ахметов, 2013-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын атқарған, жерлесіміз,  генерал-лейтенант Оқас Сапаров, философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Рысқалиев, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нәсіпқали Дәулетов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақыт Жасқалиева  және ұзақ жыл лауазымды қызметтер атқарған зейнеткер Ғабдірашит Қарменов жиынның құрметті қонағы болды. Олар алдымен осы мектептен түлеп ұшқан Жұмалиевтер әулеті 2 млн. теңгеден астам қаражатына жасақтап берген мәжіліс залының ашылу салтанатына қатысты. Бұл жерде алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары  Ғабидолла Оспанқұлов қазақ даласында ашылған алғашқы мектептердің тарихына шолу жасай отырып, тарихы терең М. Жүнісов мектебінің түлектері мен ұжымын аталмыш мерекелерімен құттықтады. Ал ардагер-ұстаз Нұрсұлу Галимуллина мектеп тарихын еске алып, заман талабына сай, бүгінгі таңда білім жүйесіндегі цифрландыру үрдісіне орай, мектеп оқушыларының білімдерін арттыруға өз септігін тигізетіндей тамаша мәжіліс залын жасақтап беріп отырған Жұмалиевтер отбасына алғысын білдірді. Одан әрі қонақтар жергілікті бюджеттің 7 млн. теңгесіне жасақталып, жаңартылған мектеп мұражайының ашылу салтанатына жиналды. Мектептің, қала берді ауылдың тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді тамашалаған үлкендер, өткен өмірлеріне бір сәт саяхат жасағандай әсер алды. Сонымен қоса мереке қонақтары мектеп ауласына бюджеттің 9 млн. теңге қаржысына салынған жаңа үлгідегі шағын футбол алаңының ашылуына қатысты. Мерекеге орай Ленин орденінің иегері, осы мектепте ұзақ жыл биология пәнінен сабақ берген Ғұмар Салықовтың ұлы Ербол Салықов игі іс жасауда әке жолын қуып, өз мектебінің 150 жылдығына 150 түп тал тарту етті.

Сол талдарды отырғызып, мектеп ауласын абаттандыруға өз үлестерін қосқан қонақтар одан әрі ат басын ауылдың мәдениет үйіне тіреді. Мәдениет үйінде аталмыш мерекеге орай «Тарихы шежіре, тағылымы мол оқу ордасы» атты салтанатты жиын өтті.

Нұрғали   ҒАББАС,

Жаңақала   ауданы


Бұралқы ит-мысықтың бітпейтін «жыры»

Күні: , 47 рет оқылды

Орал  шаһарындағы  кейбір  аулалардан  мысықтың кіп-кішкентай марғауларын жиі көретініміз  жасырын емес. Көбінесе ойын алаңдарына жақын жүретін мысықтармен балалардың  ойнағысы да келеді. Ал бұл бүлдіршіндердің денсаулығы мен өміріне қауіп тудыруы әбден мүмкін.

Тұрғындар арасында аулада жүрген мысықтардың ыдыс-аяғын дайындап, ас-суын беріп тұратындар да бар. Осындай жағдай Түрік елінде де кездеседі екен. Бірақ оларды тамақтандыру заманауи әдіспен жасалады. Сол елдің  Pugedon компаниясы Стамбул қаласына пластик бөтелке жинайтын ерекше автомат орнатып жатқанын естіген едік. Егер де аталған құрылғыға пластик бөтелке тастаса, автомат  төменгі жағына орналасқан ыдысқа қаңғыбас жануарлар жейтін тамақ салып береді. Бір қарағанда, аулаларда жүрген мысықтарды қаңғыбас деп айтуға аузың бармайды. Алайда қастарында иелері не мойнындағы қарғы баулары көрінбеген соң, оларды бұралқы демеске лаж жоқ. Өйткені бекітілген қағида тілімен айтқанда,  қоғамдық орындарда иесіз жүрген, сондай-ақ адамның қарауынсыз қалған немесе жартылай еркін топ болып құрылған, адамның қадағалауынсыз көбеюге қабілетті иттер мен мысықтар қаңғыбас аталады. Атауы «қаңғыбас» болған соң, олардың адамзат үшін қажетсіз екені даусыз.

ҚР «Ветеринария туралы» заңының 11-бабының 4-тармағына сәйкес, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою ветеринарлық стансалардың міндетіне жатады. Орал қалалық ветеринарлық стансаның басшысы Абылай Мұқаевтың айтуынша, шаһардағы көше кезген ит-мысықтарды аулау  тұрғындардан не мекемелер тарапынан түскен шағымдарға байланысты жүргізіледі. Арнайы құрылған үш бригада бұралқы үй жануарларын құрықпен аулайды. Оған ұстатпаса, ұйықтататын дәрімен оқталған пневматикалық қарумен атып алады. Ал ұсталған жануарларларды жою үшін эвтаназиялау әдісі қолданылады. Яғни оларды өлер алдында қинамай, ізгі әдістермен жансыздандырады. Ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтар  олардың кімге тиесілі екендігі анықталғанша уақытша ұстауға арналған мамандандырылған мекемеге жеткізіледі. Мұнда оларға клиникалық тексеру, тіркеу жүргізіліп, жануардың түр-түсі, жынысы, ерекше белгілері туралы мәліметтер арнайы журналға енгізіледі.

Облыстық ветеринария басқармасы берген мәліметке қарағанда, биыл өңір бойынша бұралқы ит-мысықтарды аулап-жоюға жергілікті бюджеттен 56 044,2 мың теңге бөлінген.

Бүгінде Орал қаласында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жоюға 28 286,0 мың теңге қаражат бөлініп, 12 889 ит және 869 мысық жойылған. Ал өткен екі жылға көз жүгіртсек, облыс бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жоюға жергілікті бюджеттен 2016 жылы 53 266,9 мың теңге қаражат бөлініп, қаңғыбас 19 909 ит пен 1 316  мысық, ал 2017 жылы бөлінген 51 188,6 мың теңгеге 21 232  ит пен 1 154  мысық ауланған.

 Ал жануарларды аулау және жоюға арналған қаражатты белгілеген кезде әрбір аудан мен қала ерекшелігін ескере отырып қарастырылады (кестеде көрсетілген). Яғни көлік шығындары, қызметкерлердің еңбекақысы, құралдарды сатып алу және тағы да басқа шығындары есепке алынады.

Енді үйдегі ит-мысықтарды күтіп-ұстауға арналған тәртіпке тоқталайық. Бұл жануарлардың вете-ринариялық мекемелерге тіркеліп, ветмаманның төлқұжатын алуы және қоғамдық орындарда «тәртіпті» болуы да басты шарт. Әсіресе, ертеңгілік және кешкі мезгілде серуенге шығатын иттердің, негізінде  иелерінің  ескеретін ережелері бар. Мәселен, иттер мен мысықтарды аулаларда, балалар алаңдарында, мектепке дейінгі мекемелердің учаскелерінде, мектеп алаңдарында, емдеу-профилактикалық және медициналық денсаулық сақтау мекемелерінің аумақтарында, стадиондарда, саябақтарда, тынымбақтарда серуендетуге болмайды. Ал ит-мысықтардың үйлердің кіреберістерінде, баспалдақ алаңдарында, спорттық және ойын алаңдарында, тротуар мен саябақтарда қалдырған нәжісін иелері дереу жинап алулары керек. Ережеге сәйкес, ит-мысықтар жеке аулалардан шықпағандары жөн. Ит асырайтын  жер үй тұрғындары қақпасына ит барын ескертетін тақтайша іліп қоюлары қажет.

Бұл талаптар Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітілген «Жануарларға қарау қағидаларымен» және облыстық мәслихат бекіткен «Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінде жануарларды асырау қағидаларымен» реттеледі. Осы қағидаларға сәйкес, иесіз иттер мен мысықтарды аулаумен айналысатын қызметкерлердің сот шешімінсіз немесе учаскелiк полиция инспекторының қатысуынсыз пәтерлерден, жеке үйлердің ауласынан, дүкен, дәріхана және басқа мекемелердің маңына иесі уақытша байлап кеткен жануарларды алып кетуіне рұқсат жоқ.

Ясипа  РАБАЕВА,

 «Орал  өңірі»

 
Аумақтық бөліністердің атауы   Ит-мысықты жою үшін бюджеттен бөлінген қаржы  
Бөрлі ауданы   9 044,0 мың теңге  
Зеленов ауданы   5 567,0 мың теңге  
Сырым ауданы   2 226,0 мың теңге  
Тасқала ауданы   2 188,0 мың теңге  
Теректі ауданы   1 736,0 мың теңге  
Ақжайық ауданы   1717,0 мың теңге  
Шыңғырлау ауданы   1 200 мың теңге  
Жәнібек ауданы   1 000,0 мың теңге  
Қазталов ауданы   1 000,0 мың теңге  
Жаңақала ауданы   750,0 мың теңге  
Қаратөбе ауданы   700,0 мың теңге  
Бөкей ордасы ауданы   630,2 мың теңге  

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика