Мұрағат: 04.10.2018


Жалған ақпарат жарға жығады!

Күні: , 103 рет оқылды

 Қазанның екісі күні кешкі сағат 22:18-де «102» нөміріне бейтаныс әйел хабарласып, Орал қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығында жарылғыш құрал орнатылғанын мәлімдеген.

Сарапшы қызметкерлер дереу оқиға орнына жеткен соң, 48 адам аталған орталықтан қауіпсіз жерге шығарылды. Саперлар мекемені мұқият тексерген соң, ешқандай жарылғыш құралдың орнатылмағанын анықтады.

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде БҚО ІІД қызметкерлері 1985 жылы дүниеге келген әйел адамды ұстап, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 273-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Енді жалған ақпарат беруші 5 000 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе түзету жұмыстарына тартылуы мүмкін. Сонымен қатар бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе бас бостандығының шектелуі де мүмкін.


Таңғы жаттығудың пайдасы орасан

Күні: , 123 рет оқылды

…Әр күніміздің өзіміз ойлағандай нәтижелі әрі табысты өтуі таңды қалай бастағанымызға байланысты екен. Жасыратыны жоқ, барлығымыз демей-ақ қояйын, бірақ басым бөлігіміз ұйқыдан ояна салысымен теледидар қосып немесе ұялы телефонымызды қолымызға алып, ақпарат әлеміне «сүңгіп» кетеміз. Қыз-келіншектер қауымы таңғы ас дайындаумен қатар бала-шағаны балабақшаға немесе мектепте дайындаудың қамына кіріседі. Осылайша, қарбаласпен жүгіріп жүріп, таңертеңгілік жаттығу жасауды ұмыт қалдырамыз. Жанымыз бен тәнімізді тәулік бойғы аса маңызды күш-қуаттан айырып жатқанымызды жете ұғынбаймыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда жүрек-қан тамыры жүйелерiнiң аурулары, қант диабетi, буын және сүйек аурулары сияқты  көптеген жұқпалы емес созылмалы кеселдің белең алуы адамдардың күнделікті қозғалысы аз өмiр сүру дағдысымен тығыз байланысты екен. Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кез келген дертті болдырмаудың, оның алдын алудың ең тиімді әрі ең арзан жолын ұсынған мамандар таңғы жаттығуларды үзбей жасауды әдетке айналдыруға кеңес береді. Өйткені ұйқы кезінде адамның орталық жүйке жүйесі де тынығады. Сәйкесінше, жүрек соғысы азайып, тыныс алудың баяулайтыны анық. Ал ұйқыдан оянған соң адам ағзасындағы түрлі мүшелер (органдар) де оянып, олардың қызмет белсенділігі артады. Алайда бұл үрдіс ұзаққа созылып кетсе, жүйке жүйесіне салмақ түседі. Нәтижесінде адам күні бойы ұйқысынан ояна алмай, маужырап жүреді немесе өте ашушаң келеді. Спортпен шұғылданбайтын адамның ағзасындағы зат алмасу үдерісі баяулап, иммунды жасушалардың құрылуы бәсеңдейді. Нәтижесінде иммунитет төмендеп, ағза вирустарға төтеп бере алмайды.

Керісінше, таңертеңгілік кем дегенде 10 минут дене жаттығуымен шұғылданған адам күні бойы өзін сергек әрі көңілді сезінеді. Таңғы жаттығулар кезінде адамның миында сан мыңдаған үдеріс алмасып жатады. Ми дене қимылдарының әрекетін күйзеліс ретінде қабылдап, оған қарсы күрес жүргізе бастайды. Ағзадан эндорфин, яғни қуаныш пен ләззат алу гормоны мен пайдалы ақуыздар бөлініп, жүйке жүйелері мен миға тарайды. Сол арқылы адам ойы ұшқыр әрі есте сақтау қабілеті жақсара түсіп, көңіл күйі көтеріледі. Оған қоса жүйелі дене жаттығулары қан айналымы жүйесінің қалыпты қызметіне ықпал етіп, қан қысымы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады. Физикалық жаттығулар адам бойындағы қорқыныш, мазасыздық, ұйқысыздықтан арылуға көмектеседі.  Сондай-ақ артық салмақтан арылуда да таңғы жаттығудың пайдасы орасан зор. Оған қоса жүйелі жаттығулардың арқасында денеңіздің жаңа мүмкіндіктерге ие екеніне көз жеткізе аласыз. Әдеттегідей тез шаршамайтын боласыз, әрі арқаңызды тік ұстауға дағдыланасыз. Денеңіз де ішкі жан-дүниеңізбен үйлесім тауып, бұрынғыдан иілгіш, икемді бола түседі. Физикалық белсенділіктің артуы нәтижесінде ас қорыту жүйесінің жұмысы  жақсарады.

Спорт адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ерекше ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпін арқасында өзіңізге деген сеніміңіз нығайып, өмірге құштарлығыңыз  арта  бастайды.

«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, отбасында таңғы жаттығу жасауды дағдыға айналдыру арқылы тек өзіңіздің ғана емес, ұл-қызыңыздың да денсаулығының мықты, ерік-жігерінің мығым болуына жағдай туғызасыз. Әлемде орасан зор жетістіктерге қол жеткізген ұлы тұлғалардың барлығы ерте тұрушылар қатарынан екен. Қазағымыз да «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деп бекер айтпаған.

Денсаулықтың баға жетпейтін басты байлық екенін ескерсек, арайлап атқан әр таңымызды дене жаттығуымен бастау арқылы өмір сапасын арттыруға, айналамыздағы адамдарға қуанышты көңіл күй сыйлап, жемісті де еселі еңбек етуге болатынын жадымыздан шығармайық.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ


Атакәсіптің ахуалы қандай?

Күні: , 50 рет оқылды

Жаңақала ауданының жері жартылай шөлейтті, биылғыдай қуаңшылықтар жиі қайталанып отырады. Осыған орай аудан халқының атакәсіп – мал өсірумен айналысуға ғана мүмкіндіктері бар. Ал  сол атакәсіптің бүгінгі ахуалы қандай? Өткенімізді ескеріп, бүгінгі жайымызды сараласақ, алдағы дамуымызға бағдар айқындалары анық.  Олай болса, ой жүгіртіп көрейік.

Мал  басы  көп  пе,  аз  ба?

Аудан бойынша биылғы жылдың 1 шілдесінде 59329 сиыр, 219561 қой мен ешкі, 23504  жылқы, 914  түйе есепке алынды.  Өткен  жылмен салыстырғанда сиыр 4253, қой мен ешкі 71,  жылқы 1730 басқа көбейіп, түйе саны 20 басқа кеміді. Түйеден басқасы өсіп келеді. Көп пе, аз ба?

Қолымызға түскен бір дерек-терде 1899 жылы Қамыс-Самар қисымында 40 мыңдай адам, 60-70 мыңға дейін сиыр, 300 мыңға дейін қой мен ешкі, 30 мың жылқы, 21 мың  түйе  болған  екен.

Сол қисымның орнын басқан аудандағы мал басын жоғарыда келтірдік. Сиыр саны күні бүгін сол кездегі көрсеткішпен шендесіп қалыпты. Соңғы жылдары айтарлықтай өсе бастаған жылқы саны да енді аз жылда асып кетпесе де, жетіп қалары байқалады.

Қой саны сол кездегіден 80 мыңдай кем. Оған жеткізу мүмкіндігі де жоқ емес, бірақ қазір бұл түлік санын бұдан әрі өсіру тиімді ме, жоқ па деген сұрақ туындап жүр.

Ал түлік төресі – түйе саны сол кездегінің 4,4 пайызын ғана құрайды, яғни 20 мыңға азайып отыр. Саны жыл сайын кеміп келе жатқан бұл түліктің енді осы саны да  сақталып  қалуы  қиын  сияқты.

Мал  өсіруге  не  кедергі?

Жаңақала облыс бойынша малды аудандардың бірі саналады. Десе де, бұл саланың аудан жағдайында өз қиыншылықтары да  жоқ  емес. Тарқатып  айтайық.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің берген мәліметі бойынша ауданның жалпы жер көлемі 2,7 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығының жер көлемі – 1,9 млн. гектар. Бұл жердің күні бүгін 1,4 млн. гектары пайдаланылуда. 346 мың гектар, яғни 24,7 пайызы игерілмей отырған  құм өңіріндегі жайылым.

Құм өңірі неге игерілмейді? Басты  себебі – судың  жоқтығы.

Бұрын, өзендердің бастауындағы елдер су қоймаларын салғанға дейін тасыған су арналарымен еркін ағып, аудан жеріндегі өзен, көлдерге құйылатын. Кейінгі жылдары жоғарыдағы су қоймаларының көптігінен аудан көлдеріне қажетті мөлшерде су түспейтін  болды.

Қараөзен мен Сарыөзенге сатып алып түсірген су қасқалдақтың  қанындай  ғана. Алып Қамыс-Самар жайылымы мен сансыз көлдері су түспегесін құрғап қалды.

Қуаңшылық жылдары мал азығы тарықтырған қыста екі-үш ауданның малын аман алып шығатын Қамыс-Самардың жайы қазір осындай.

Құрғаған көлдердің балығы қырылып, аңы мен құсы ауып, құдық шығатын жер асты суы да қашып, малға қоныс болудан қалды. Шөбі болса да, суы жоқ құм өңірінің  игерілмеуі  содан.

Судың тапшылығынан қазір Салтанат көлдері де кеуіп кетті.  Көпжасар ауылдық округінің терең жайылымдарына қазір су бармайды. Бірлік ауылдық округінің де алыс жайылымдарына дейін қазылған каналдарға су жетпейді. Сусыз жайылым қоныс бола  ма?

Биыл су жеткілікті мөлшерде келді ме? Бұл сұраққа  аудандық су шаруашылығындағылар жауап бере алмады. Олардың айтуынша, биыл 182,46 млн. текше метр су алынып, өзен-көлдерге, суармалы көлтабандарға берілген екен. «Дөңгелек» су қоймасында  да су қоры ең төмен деңгейде тұр. Күні бүгін кей округтерде су тапшылығы сезіле бастады. Мал шаруашылығын дамытудағы басты қиындық осы.  Екінші қиындық – малшы мен механизаторлардың тапшылығы.Үшінші қиындық  – жиі болатын қуаңшылық жылдарындағы мал азығының  аздығы.

Аудан бойынша 48350 гектар лиманды суармалы жер бар. Оның 43000 гектарына су шығады. Су шыққан лимандар гектарына  8 центнерге дейін өнім берсе, қырлық гектарына 4-5 центнерден артық өнім бермейді. Өнімді мо-лырақ беретін лимандар да судың молырақ түсуіне тәуелді. Мал азығының берік қорын жасау үшін лимандарға жеткілікті деңгейде су беруді және лимандарды тиімді пайдалануды жүзеге асыру  керек.

Асыл   тұқымның  артықшылығы   мол

Нарық заманы қай істің де тиімділігін, саны емес, сапасы болуын көздейді. Мал  шаруашылығы да солай. Мысалға, жергілікті үш сиырдың беретін сүтін  асыл тұқымды бір сиыр береді.  Үш сиыр өсірген тиімді ме, бір сиыр өсірген тиімді ме? Әрине, бір басты бағу жеңіл, саны емес, сапасы дегеніміз осы. Сондықтан  соңғы жылдары асыл тұқымды мал өсіруге баса назар аударылып отыр.

Бұл іске үкімет те қолдау көрсетіп, бірнеше мемлекеттік бағдарлама-лар жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы жұмыс Жаңақала ауданында да жүйелі жүргізіліп келеді. Күні бүгін асыл тұқымды малдың үлесі сиырда 10 пайызды, қойда 11 пайызды, жылқыда 8 пайызды құрайды. Әрине, асыл тұқымды малдың үлесі әлі де аз. Көбейту үшін  жұмыстану керек.

«Сыбаға» бағдарламасымен ауданда 2016 жылы 369 бас, 2017 жылы 747 бас, биылғы жылы 701 бас сиыр, «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 2016 жылы 179 бас, 2017 жылы 1384 бас, 2018 жылы 95 бас қой, «Құлан» бағдарламасымен 2016 жылы 15 бас, 2017 жылы 9 бас, 2018 жылы 42 бас жылқы сатып алынды.

Биыл аудан бойынша 308 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынып, көзделген  меже 118 пайызға орындалды.

Аудандағы 15 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 12-сі тұқымдық түрлендіру үшін  2058 бас аналық сиыр, 96 бас асыл  тұқымды  бұқа  өсіруде.

Ауданның шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері мемлекет тарапынан мал шаруашылықтарын қолдау үшін берілетін субсидия мен басқа да мемлекеттік бағдарламаларға тиісті деңгейде қатысып келеді. Атап айтсақ, 2017 жылы ауданның ауыл шаруашылығы  құрылымдары 507,9 млн. теңге субсидия, 780 млн. теңге несие алса, биылғы жылы бүгінге дейін 398 млн. теңге субсидия, 420,1 млн. теңге несие алуға қол жеткізді. Сол сияқты ауданда ауыл шаруашылығы  техникаларын алуда да жүйелі  жұмыс бар.  2016 жылы аудан  бойынша 42  ауыл шаруашылығы техникалары (17 трактор) алынса, 2017 жылы алынған 66 ауыл шаруашылығы техникаларының 24-і трактор болды. Биылғы жылы бүгінге дейін 72 ауыл шаруашылығы техникалары (20  трактор)  жаңадан  алынды.

Аудандық статистика басқармасының жинақтаған мәліметіне сүйенсек, мал шығыны да бұрынғы жылдарға қарағанда көп азайған. Мысалға, биылғы жылдың алты айында аудан бойынша 9 сиыр, 605 қой мен ешкі, 27 жылқы ғана шығын болған. Бұл қазіргі сиырдың 0,01 пайызы, қой мен ешкінің 0,27 пайызы, жылқының  0,1  пайызы. Бұл көп деуге келмейді. Әрине, шығын болмағаны жақсы, бірақ  көп малдан шығын болатыны да заңды құбылыс.

Ал малдан алынатын өнімдер – ет, сүт, жүн жоспары орындалып келеді.

Міне, аудандағы атакәсібіміздің бүгінгі ахуалы осындай. Жоғарыда келтірілген кедергілер азайса, ауданда мал шаруашылығының  ахуалы  жаман  болмайды.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


Жымпитыдағы жерлестер форумы

Күні: , 100 рет оқылды

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың таным-түсінігімізге, көзқарасымызға  соны серпіліс  әкелген  «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында  Сырым  ауданында  жерлестердің басын  қосқан  форум  өтті. Форумға  Сырым елінің топырағынан  түлеп  ұшқан  300-ге  жуық  жерлес  жиналды. Туған  жерге  сағынышпен табан  тіреген  жомарт жүректі  жандар  туған ауылын  көркейтіп,  көңіл тоғайтатын  игілікті  істерімен  қуантты.

Жан-жақтан жиналған жерлестер  Сырым  бабамыз шыққан төбедегі кесенеге аялдап, баба рухына тағзым етті. Гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті. Аудан басшысы Төлеген  Төреғалиев  қонақтарға  «қош келдіңіздер» айтып, елжанды азаматтардың елге келгеніне қуанышты екенін білдірді.

Күнбатыс Алашорданың астанасы атанған Жымпиты  жеріне келген форумға қатысушылар туған елдің  көрікті жерлерін аралауды Алаш саябағынан бастады. Мұнда музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева тарихтың тылсым сырларын бүккен көне жәдігерлермен таныстырды.

Қазақтың дарабозы атанған Қадыр ақынның ескерткіші алдында да шара ұйымдастырылды. Одан кейін жерлестер Алаш саябағына келіп,  Алаш арыстарына құрметін білдіріп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.  Меймандар  жастармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.  Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейін аралады.

Аудандық мәдениет үйінің фойесіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ауылдық округтерде ұйымдастырылған іргелі істер көрме арқылы жерлестер назарына ұсынылып, ауыл әкімдері елде атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Шараны ашқан аудан әкімі Төлеген Төреғалиев Сырым елінде қолға алынған ауқымды істермен таныстырды. Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, мемлекеттік қызмет істері саласының ардагері Есберген Әжібаев елге қызмет ету, оның бір кірпіші болып қалану  әр азаматтың арманы екенін айтты. Жарыссөзге шыққан медицина саласының үздігі, аталған сала ардагері Мақсот Берген Құндыз Нұпов деген елжанды азаматтың Сырым ауданына 1 млн. теңге демеушілік ететінін айтты.

Аудан әкімі Т. Төреғалиев пен аудандық мәслихат хатшысы Ш. Дүйсенғалиева ауданның саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық және рухани дамуына сүбелі үлес қосқан ел азаматтары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  философия ғылымдарының докторы, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының  директоры, Қазақстан театрлар ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемировке,  КСРО және ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР білім беру саласының үздігі Мақсот Бергенге, ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, аудандық  «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Махмет Қажиахметовке, тарих ғылымдарының кандидаты, Ж. Досмұхамедов  атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті Дәметкен Сүлейменоваға «Сырым ауданының құрметті азаматы» атағын табыс етті.

Форум «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстау салтанатына ұласты.

Аталмыш сыйлықтың «Жыл меценаты» аталымы Берік Сүлейменовке, «Туған өлке» Армат Әлімбетовке, «Жыл тұлғасы» Махамбет Досалиевке, «Жылдың үздік ұйымы» «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігіне, «Жүректен жүрекке» Ғарифолла Жамбозовқа, «Әлеуметтік саланың дамуына үлес қосқаны үшін» Әділбек Қайрлиевке, «Жыл қайырымдылығы» Мейрам Хамидуллинге, «Алтын ұя» Бақтияровтар әулетіне және «Үздік түлектер» Қособа ауы-лының 1992 жылғы түлектеріне  табыс етілді.

Түстен кейін форумға келген  жерлестер білім, денсаулық сақтау,  кәсіпкерлік,  өнер, спорт  салалары бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Шынар   МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым  ауданы


«Ақылды технология» далаға да келді

Күні: , 49 рет оқылды

Ақжайық ауданының Тайпақ ауылдық округіндегі қожалықтар «Электр бақташымен» мал бағуды  қолға алды.

Ауылдық округ орталы-ғынан 50 шақырым жердегі  Жүндіқұдық  қыстағындағы шаруалар 2014 жылдан бері мал шаруашылығымен айна-лысып келеді. Көршілес Атырау облысы Индер ауданынан қоныс аударып келген Кенған Шененов ұлдары Рүстем, Ерлан және Бақтыжанмен кеңесе отырып, қос бірдей, яғни «Дария» және «Заңғар» атты қожалықтар құрған. Сөйтіп, жылқы мен ірі қара өсіруде. Көшіп келген жылдары әуелі жайлы үй салып, сосын мал басын көбейтуді құнттаған. Өткен жылдар жемісін берді де.

Жайлы үй деп отырғанымыз сол, онда не керектің бәрі бар. Күн сәулесі арқылы қуатталатын батареялар арқылы ток алып тұрған үйде мұздатқыштар, теледидар жұмыс жасап тұр. «OTAU TV» жерсеріктік «тәрелкесіне» де күн панельдерінің қуат-күші жетеді. Осындай берекесі бар баспана сайын даланың ортасынан көз тартады.

Енді олар мал бағуды оңайлату үшін ұзындығы 8 шақырымға дейін созылатын, ені 4 шақырымды құрайтын аумаққа екі қожалыққа ортақ «Электр бақташыны» орнатты. Бұл үлкен құрылғы да күн панелі арқылы қуаттанып, қоршау сымдарына әлсіз ток береді. Мал осы сымға жақындап кетсе, оны ток үркітеді. Сөйтіп, қоршаудан ешқайда «аттап» баспауға үйренеді. Әлсіз ток ірі қараға ешқандай зиян тигізбейді. Жүндіқұдықтағылар енді осында 100-ден астам бойдақ ірі қараны қар түскенше ұстамақ. Әрине, бұл орын жыл сайын ауысып тұрады, себебі, жайылым тиісті мезгілінде жаңарып  тұруы  керек.

Шененовтің «Дариясында» 134 асыл тұқымды ірі қара бар. Оның төртеуі – аталық. 230 қылқұйрық бағылуда. Оның 110-ы – бие, 70-і  – құлын, 25-і – айғыр, 20-сы – байтал. Осы малды қыстату үшін олар биыл 1000-ға жуық тайланған шөп жинаған. Бір трактор, бір жеңіл көлік арқылы бүкіл шаруасын шырқ үйіріп отырған қыстақтағылар алты ай қысқа қапысыз қамданған.

Ал Гүлсім Шененова жетекшілік ететін «Заңғар» шаруа қожалығында 25 ірі қара, яғни  13 аналық, 10 бұзау, 2 аталық, 40 бие, 25 құлын, 4 түйе жайылып жүр.

Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген Кенағаң – бүгінде жапырағы жайылған бәйтерек, шаруаның «ай-қайшысы». Атырау облысының Есбол ауылында туып-өскен ол жастайынан малға жақын болады. Әкесі Мұқанжан көп жыл есепші қызметінде болса, атасы Шенен атырапқа белгілі малшы болған. Мектепті тәмамдағасын Кенағаң жоғары оқу орнынан тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығып, еңбекке араласып, кейіннен өндіріс жұмыстарына ауысады. Яғни көптеген жыл Теңіз ауданындағы компанияларда қауіпсіздік техникасы бойынша инженер қызметінде болған. Сол жерлерде жүргенде денсаулығы нашарлап, қан қысымы жиі мазалапты. Осыны ойлаған ұлдары Кенған ағаға тез арада тыныш әрі ауасы таза жер керегін ойлап, Тайпаққа қоныстануды ойластырған. «Көптеген зауыт жұмыс жасап тұрған аумақтың лас ауасын жұтудай-ақ жұттық. Оның үстіне қан қысымым жоғарылап, маза бермейтін. Орал өңірінің саф ауасымен тыныстап, қожалық жұмысына араласқасын, денсаулығым бір ретке келді. Күнделікті мал-дың қамы, қимыл-қозғалыс өміріме, денсаулығыма оңды өзгерістер әкелді», – дейді Кенған Мұқан-жанұлы.

Зайыбы Гүлнәр Мусина да отағасымен осындай шаруаның басында жүргеніне дән риза. Ол көршілес облыста көп жыл  әр жерде бухгалтерлік қызмет атқарған.

– Ауыл шаруашылығына байланысты мемлекет тарапынан болатын жеңілдіктерді пайдалану ойымызда бар. Қыр төсіне келіп, хал-жағдайымызды үнемі біліп тұратын Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шәленовке ризамыз. Мал шаруашылығымен айналысу бүгінде өте тиімді болып отыр. Жылда болатын ұрлық-қарлықтың, ит-құстың кесірінен келетін бірен-саран мал шығынын есептемегенде, ырысымыз бар. Соған  шүкіршілік етеміз. Ана өсіп жатқан немерелердің құты ғой әрі. Еркек малды Тайпақ ауылының маңындағы тұрғындарға, Атырау облысына саттыққа шығарып тұрамыз. Болашаққа ауқымды жоспарымыз бар. Келер жылдан бастап тағы бір үлкен қора салып, мал бордақылауды қолға алмақпыз. Дейтұрғанмен, адам күші жетпей жатыр. Жұмыссыз жігіттер қырға келіп, мал бағуға құлықсыз. Тілек білдірушілер болса, әділ түрде ақысын төлейміз  ғой, – дейді  Кенған  аға.

Бізді бастап барған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Қайырманов Шененовтердегі аудандағы алғашқы «Электр бақташы» «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы өзгеріс екенін, мұндай «ақылды технологиялардың» мал шаруашылығын өркендетуге зор жеңілдік әкелетінін айтты. Ауылдарымызда инвестициялық салымдар тарту арқылы жыл басынан Ақсуат, Алмалы, Ақжол, Мерген ауылдық округтеріндегі 9 шаруа қожалығы модульді гибридті су тарту стансасын, 4 шаруа қожалығы күннен қуат алатын батареялар орнатқан. Бүгінде 50-ге жуық шаруа қожалығында баламалы электр стансасы бар. Бұл оң өзгерістердің барлығы ауыл шаруашылығын дамытуға, соның ішінде шаруа қожалықтар жағдайының жақсаруына зор септігін тигізері сөзсіз.

Тайпақ ауылдық округінде соңғы санақ бойынша 5 634 ірі қара, оның 2 285-і – аналық, 1 828-і – төл, 21 629 ұсақ жандықтың 11 836-сы –  аналық, 9 423-і – қозылақ, 2 101 жылқының  954-і – бие, 430 құлын бағылады. Сонымен қатар мұнда «Рысалды-Б», «Нұралы-Р-Мұса», «Ырыс-Ет» ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысы жандануда. Уақыт өткен сайын осындай еңбек ұжымдары, Шененовтердің шаруа қожалықтары сияқты мақтаулылар қатары қалыңдай түсері кәміл.

Бекболат   ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы


«61 жыл тұрған Мәскеумен қош-қайырласып, Ақ Жайыққа оралдым…»

Күні: , 195 рет оқылды

Есікті бәкене бойлы, тұйғын денелі азамат ашты. Қимыл-қозғалысы ширақ. Тіп-тік бойына, жүріс-тұрысына  қарап, «Біз іздеп келе жатқан қарияның баласы шығар…» дедім іштей. Өйткені 90 жастағы қариямен кездесуіміз керек еді.  Жолақты,  жұқа матадан тігілген қысқа жең көйлегі де қыры сынбаған, мұнтаздай. Сыртта қыркүйектің қабағы қарс түйіліп, суық тамшылармен жылап тұрған. Шалқайта ашылған нән терезеден гулеген салқын ауа бөлме ішінде «ойнақ салып» жүр екен. Сөйтсек, 90-дағы  ақсақалымыз осы кісі болып шықты. Сырт киімімді шешіп едім, денем тоңази бастады. Азынақ желді қаперіне ілмей, «Қош келдіңдер, балалар, төрлетіңдер!» деп, бірде оң жағымыздан, бірде сол жағымыздан шығады әлгі пысық шал. Облысымызға белгілі азаматтар «Осы бір ағамыздың өмірі газеттеріңізге жазуға әбден тұрады, әрі бірер аптаның төңірегінде 90-ға толады» дегенде, жасырып қайтеміз, «Құлағы ести ме, көзі көре ме?» деп сытылып кетпекші болдық. «Ойбуй-й-й, масаның ызыңын естіп қояды!» Әрі қарай індетіп едік, тіпті елеңдетті. Мәскеуде 61 жыл тұрыпты… Сол Мәскеудің милициясында өмір бойы қызмет жасап, сол жерден опалы қызметі үшін абыроймен, марапат-мақтаумен доғарысқа шығыпты.

— Мұрзасенов Серікқалимын, — деді 90 жасты тақиямен ұрғалы тұрған қария тып етіп, арқалы орындыққа шаншыла отырып жатып. Сол отырғаннан екі сағат бойғы әңгіме-дүкенімізде не артқа шалқаймады, не алға еңкеймеді. Нән терезеден азынаған өтпе жел желкемізге шаншудай қадалып барады. Қария «сквознякқа» пысқырып отырған жоқ. Жасырмай айтсақ, ақсақал өзі туралы жазуымызға қарсы болды.

– Шырақтарым, мен Мәскеуде тұрғаным болмаса, министр немесе депутат, тіпті жоғары лауазымды қызмет атқарған жоқпын. Қаратабан колхозшының қарапайым баласымын. Тіпті сендерге не айтарымды білмей отырмын.

«Мәскеуге қалай барып жүрсіз?» болды алғашқы сұрағымыз.

— Мына Қазталовтың Березин (қазір Қайыңды) ауылының тумасымын, 1928 жылы 1 қазанда  дүниеге келдім. 7-сыныпты бітіргеннен кейін оқи алмадым. Соғыстың түтеп тұрған кезі ғой. Мал бағатын әкеме көмекші болып жүргенімде  колхоз бастығы шақырып алып, «Сен бала учетчик боласың» деді.

«Болайын» дедім. Болдым да. Сол учетчик маған өмір бойына керім пайдаға асты. 1949 жылдың көктемінде әскерге алындым. Ол кезде ақша дегенді көрмейміз. Колхоз еңбеккүн жазады. Оған тамақ береді. Әскерге аттанғанымда бір қарын май берді.

Мамыр айының кезі, пойызға отырғанымызда қарындағы май былқылдап, ери бастады. Сатпасам, бұзылып кететін түрі бар, әлгіні стансаларда күрешкелеп сатып, қаражат жинап алдым. Мәскеуге түстік. Ауылдың баласымыз, орысшаға жоқпыз. Бірақ командирлерімнің айтқанын қағып алып, бұлжытпай, уақытында олар талап еткендей  орындайтындығым, өліп бара жатсам да, өтірік айтпайтындығым орыс командирлеріме жақса керек, олар маған сеніммен қарады.

Араға айлар түскенде рота командирі шақырып жатыр деді. Бардым. «Сен гражданкада кім болып жұмыс істедің?» — деді. Есепші болғанымды мәлім еттім. «Ты, оказывается, специалист?» — дейді командирім. Сосын «снабженец боласың»  деді. Шошып кеткенімді жасырмаймын. Бірақ әскери тәртіпке төселе бастағанмын. Сымдай тартыла қалып, қолымды шекеге қойып, «Есть!» дедім. Сөйтіп, сонау Қазталовтың қырынан келген қойшының баласы ротаның «снабженеці» болып шыға келді. Құдай сақтасын, ол жұмыс дегеніңіз, мықты екен. Әскери аэродромның құрылысын салатын ротаның бүкіл құрылыс материалдарына жауап бересің және бәрі қолыңнан өтеді. Оны дөңгелетіп әкеттім. «Ешкімді алдама! Жасырма! Өтірік айтпа!» деген еді командирім. Алға озыңқырап айтсам, сол командиріммен бес жылдың ішінде бір туғандай бауыр басып кеттім. Бір-бірімізге кереметтей сендік. Ұятқа қалдырған жерім болған жоқ.

Әскерден босаған бойда Мәскеудің милициясына жұмысқа жолдама берді. Мәскеудегі Тимирязев аудандық ішкі істер басқармасына жұмысқа кірдім. 40 жыл 7 ай Мәскеудің милициясында қызмет еттім. Құдай қарасты ма, айналайындар, бұл бастан талай қауіпті жайт өтті ғой, солардың бәрінен аман қалдым… Біреуін ғана айтайын.

Бір күні шақырту түсті. Айтылған үйге қаруымды ыңғайлап, сақтықпен кірдім. Екі көзі ақиған біреу алдымнан шықты. Еденге көзім түсіп кетіп еді, судай аққан қан…

Және тап тамағынан қырқылған адамның басы жатыр. Әріректе теңкиген, басы жоқ, әйел адамның денесі жатыр. Екі көзі ақиып, ақыра ұмтылған әлгіні қолтығына кіре бере, жамбасқа салдым да, алып ұрдым. Кісенді де салып үлгердім. Арақтан «белая горячкаға» айналған алқаш өзінің анасын бауыздап тастапты… Талай қанішерді тұтқындауға тура келді, құрысын, қайсыбірін айтасың…

— Серікқали ағамыздың сонау 60, 70, 80-ші жылдарда, одан кейін де Оралдан, Қазталовтан барған адамдарға тигізген шапағаты көп, орасан көп, — дейді ауыл шаруашылығы және банк саласының ардагерлері Жеңіс Дүйсекешев пен Борис Ізбасаров ағаларымыз, жақсы көретін інілерінің бірі – Бекет Мырзахметов.

— Мәскеуге басы ауырып, балтыры сыздап, дәрігерге емделуге барған жандар ағамыздың үйіне түсетін. Оларды қонақ ретінде күтіп алатыны өз алдына, Серікқали ағамыз зыр жүгіріп жүріп, шаруаларын тындырып береді екен. Тіпті жиналысқа, курортқа, іссапарларға барғандар да осы үйге соқпай кетпейді екен. Бара-бара Қазталов ауданының шаруашылықтары бұл ағамызды өздеріне экспедитор ретінде пайдаланып, біраз көмегін көрді. Өйткені танысқан адамын орыс болсын, шүршіт болсын, өзіне жақын етіп алатын, тілін табатын асқан дипломат ағамыз шаруашылықтарға қажет шаруаларды солар арқылы ән сағатта орайластырып беретін. Шаруашылық басшылары, колхоз төрағалары Сәкең арқылы шаруашылықтарының мұқтаждарын шешіп отырды. Ал Сәкеңнің өзі елге келе қалса, қазталовтықтар төбелеріне көтеріп, қатты құрметтейтін. Соның ішінде мен де болдым, — деп Жеңіс Дүйсекешев ағамыз ағынан жарылады.

Серікқали ағамыз Мәскеуде қатардағы милиция қызметкері болғанымен, қазақтың талай жайсаңымен мидай араласқан. Орал обкомының бірінші хатшысы М. Ықсанов, обком хатшысы С. Тотанов, Мәскеудегі Қазақстан өкілдігінің жауапты қызметкері С. Жаданов, аупартком хатшылары Р. Сүйербаев, М. Ысқақов, «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы Ә. Жакетова, шаруашылық басшылары Ғ. Лұқпанов, С. Сәлімгереев, К. Хұсайынов, Ж. Хамзин, С. Даниялов, сот қызметкері Х. Жақыпов Сәкеңнің үйінде талай болған екен. Ал бұларға Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің депутаты С. Жақашева, И. Құтқожин, А. Қаналиев, Б. Есенғалиев, Қ. Абдрахимов, С. Төлеуішев және облысымыздың басқа да белгілі азаматтарын тағы қо-сыңыз.

Елімізге есімі кеңінен белгілі ұстаз Жақашева Сәндеш апамыз былай дейді:

— Серікқали замандасымыз жас күнінде өте сері жігіт еді. Ауылымыздағы қаракөз қыздарымызға бұйырмай, Мәскеу асып, сол жақта татардың сұлу қызының құрығына түсіп қалды. Жары жақсы адам еді. Ылғи араласып тұрдық. Сәкеңе таң қалатыным, Мәскеуде 61 жыл тұрса да, қазақшасы өз алдына, әлі күнге дейін қазақтың халық әндерін нәшіне келтіріп орындайды. «Елім-ай» мен «Сәулем-ай»ды құйқылжытатынын айтсайшы…

Мақал-мәтелдерді орнымен, сәнімен қолданып, әңгімесін құлпыр-тып айтады. Бір ауыз орысша араластырмайды. Жыр-дастандарды жатқа соғады. 90-ға келген жасына қарамастан, жаны сергек, көңілі ашық, аңқылдайды да отырады. Есте сақтау қабілеті керемет! Мұндай шалдар өте сирек қой!

«Жанұяңыз туралы да білгіміз келіп отыр», — дедік Серікқали ағамызбен әжің-гүжің әңгімеміз қызды-ау деген бір тұста. «Елден жырақ жүргесін бе, өзіміздің қазақ қыздарын кезіктіре алмадым. Басима атты татар қызына үйлендім. Обалы қайсы, жарықтық, жақсы жар, адал серігім болды. Төрт бала сүйдік. Өзі орыс ортасында, Мәскеуде өссе де, менің қонақтарымды жатырқаған жоқ. Күндіз-түні ағылып келіп жататын ағайындарды қабағын шытпай қарсылаушы еді-ау, жарықтығым-ай, — деп ағамыз кәдімгідей мұңайып қалды. – Жарым Басимаға екі дүниеде де ризамын. Ол кісі дүние салғаннан кейін алты жылдай жалғыз тұрдым. Ұл-қыздарым көмектесіп тұрды. Бірақ қартайғанда жалғыздық деген қиын екен. 6 жыл 60 жылдай болды.

Айттым ғой, бұл бастан қайғы да өтті. Екі әйелімнен, 2 баламнан айырылдым… Не істейсің, тағдыр ғой… Екі қыз-күйеу балам, 8 немере-жиенім бар. Олар Мәскеуде, Алматыда тұрып жатыр. Шүкір деймін Аллаға!..

Жақсы араласқан Сүйербаев Рахметолла інім елден әдейі іздеп келіп, «Сәке, балаларыңызды өсірдіңіз-өндірдіңіз, қамқорлығы-ңызды жасадыңыз. Енді елге оралмайсыз ба?.. Туған ауылыңызда тұрасыз ба, Оралға орналасасыз ба, қалағаныңызды жасайық. Ел өзіңіздікі. Талай көмектестіңіз, сізді бәрі таниды. «Әлтекенің Хрущеві» деп өзіңізге еркелейтін ауылдастарыңыз, Құдайға шүкір, бар. Оралдан екі жарты бір бүтін болатын жеңгеміз де табылып қалар», — деп әзіл-шынын араластырса да, шынын айтты. Жеңіс, Борис, Бекет інілерім де осы бағытта қолқалай бастады. Сөйтіп, жасым 85-ке қараған шағымда Ақ Жайыққа маңдай түзедім, анау інілерім көші-қон, үй-жай мәселесін зыр жүгіріп жүріп, тастай қылды».

Көп ұзамай, сол інілері Серікқали ағамыздың 36 жыл ұстаздық еткен, талай марапат иесі, ардагер ұстаз Баймұратова Клара апайымызбен отау құруына ұйытқы болады. Екі жақтағы балалар да еш қарсылық танытпайды. «1965 жылы марқұм күйеуіммен Мәскеуге барғанда ағаңыздың үйінде бол-ғанбыз. Сонда көңілде қалып қойған ғой», — деп баяғының бәйбішелеріндей мол пішілген Клара апамыз әзіл қыстырады әңгімесіне. Қақталған күмістей ақ жүзінде қызыл жалқын ойнайды. Күнінде аққұбаның ажары атқан таңдай әдемісі болғанынан әлі де ажырай қоймапты. Бір-біріне жарасып-ақ тұр! Жасаған Ие екеуіне бақуатты күндер сыйлағай!

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Нан қымбаттамайды

Күні: , 66 рет оқылды

Екінші  қазан күні ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу жауапкершілігі, бірінші кезекте, жергілікті атқарушы құрылымдарға жүктелген. Үкімет отырысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов облыстағы азық-түлік бағасының тұрақты екенін мәлімдеді.

– Ағымдағы жылдың қыркүйек айында жалпы инфляция деңгейі 3,2 пайызды құрады. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 0,8 пайызға төмен көрсеткіш. Азық-түлік тауарларының бағасы, өткен жылмен салыстырғанда, 1,3 пайызға төмендеді. Азық-түлік емес тауарлар 1,3 пайызға, ақылы емес қызмет 0,5 пайызға өсті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,6 пайызға төмендеді. Жыл басындағы бағамен салыстырғанда, картоп 23 пайызға, яғни 105 теңгеден 80 теңгеге дейін, пияз 10,5 пайызға – 95 теңгеден 85 теңгеге дейін, жұмыртқа 17 пайызға, күнбағыс майы 1,2 пайызға төмендеген. Өткен аймен салыстырғанда, пияз бағасы 15 теңгеге, сәбіз 30 теңгеге, картоп 10 теңгеге арзандады. Сонымен қатар қант бағасының 17 пайызға, макарон өнімдерінің 14 пайызға өсуі байқалып отыр, – деді Алтай Сейдірұлы.

Облыс басшысының айтуынша, азық-түлік нарығындағы бағаны тұрақтандыруда әр апта сайын өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінің пайдасы зор. Жыл басынан бері облыс бойынша 127 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде жалпы құны 383 млн. теңгені құрайтын өнім сатылған.

– Жергілікті тауар өндірушілерге көкөніс және нан өнімдерін тікелей сату үшін 65 сауда орны берілді. Сондай-ақ қаладағы супермаркеттердің сөрелерінде ең аз қосымша құнмен әлеуметтік маңызы бар тауарлар сату үшін әлеуметтік бұрыштар жұмыс істеуде. Бағаны тежеу үшін аймақтық тұрақтандыру қорының ресурстары тартылды. Қазір тауар интервенциясы өткізілуде. 62 тонна қант, 195 тонна ұн, 96 мың литр күнбағыс майы, 60 тонна қарақұмық жармасы және 60 тонна күріш сатылды. 980 тонна картоп сатып алуға форвардтық келісімшарттар жасалды. Сауда желілеріне өнімді делдалсыз және қосымшасыз тікелей жеткізу бағытында жергілікті тауар өндірушілермен және көтерме жеткізушілермен өнімді ең төменгі бағамен сату туралы келісімге қол жеткізілді. Өңірде 8 жыл қатарынан қуаңшылық болды.  Тұрақтандыру қорына ұн сатып алуды жоспарымызға енгіздік. Нан бағасының қымбаттауына жол берілмейді, – деп мәлімдеді баяндамасында облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Ауруханада МРТ іске қосылды

Күні: , 75 рет оқылды

Облыстық клиникалық ауруханаға мемлекеттік-жеке меншік серіктестік арқылы магниттік-резонанстық томография (МРТ) құрылғысы алынып, жұмыс жасай бастады. Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов ауруханада болып, аталған аппараттың жұмыс істеу барысын көрді.

Ауруханадағы ультрадыбыстық бөлімнің меңгерушісі Асылбек Бахаевтың айтуынша, алынған жаңа құрылғы адам ағзасына толыққанды тексеріс жүргізуге зор мүмкіндік бермек. Бұл аппарат бұрынғыға қарағанда тез әрі сапалы жұмыс жасап, тексеріс жүргізу уақытын екі есеге қысқартады екен. Адам ағзасының белгілі бір жеріне тексеріс жүргізген кезде осы құрылғы арқылы бірнеше мәрте үлкейтіп қарауға зор мүмкіндік бар. Атап айтқанда, бас, іш құрсақ, буындарға толық тексеріс жүргізе алады. Бүгінде Ресейдің Мәскеу қаласынан арнайы келген мамандар облыстық аурухана дәрігерлерін жаңа құрылғымен жұмыс жасауға баулуда. Мүмкіндігі зор аппаратты толық үйрену үшін өңір мамандары үш саты бойынша оқудан өтпек. Күні бүгін аталған аппаратпен тәулігіне 10-15 адамның ағзасына, ал мамандар жаңа құрылғыны толық меңгерген соң күніне 20 шақты науқасқа қызмет көрсете алады екен.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықтың денсаулығын нығайтуға қажетті дұрыс жағдай жасау, медициналық қызметтің сапасын арттыру туралы бірқатар тапсырмасы бар. Еліміздегі денсаулық бағдарламасы аясында облыс көлеміндегі ауруханалардағы медициналық құрал-жабдықтар жаңартылуда. Бүгін, міне, магниттік-резонанстық томография құрылғысын мемлекеттік-жеке меншік серіктестік арқылы алдық. Осы кезге дейін жұмыс жасап келген аппарат біраз уақыт бұрын істен шығып, өңір тұрғындары басқа облыстарға барып, тексеріліп жүрген болатын.

Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік арқылы алудағы мақсат облыс бюджетіне бірден салмақ түсірмей, медицина саласына аса қажетті әрі өте қымбат тұратын құрылғыны алуға қол жеткізу болып отыр. Жеке меншік серіктестікпен екі ортада жасалған келісім бойынша 3-5 жыл ішінде қаржысы қайтарылатын болады. Оған дейін бұл құрылғы халықтың игілігіне қызмет жасай береді. Сонымен қатар алдағы уақытта екі ангиограф аппаратын алуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта кардиология орталығынан аритмология кабинетін ашу арқылы жүрек ауруларының алдын алуға және емдеуге жағдай жасалмақ. Ал Ақжайық аудандық ауруханасынан инсульттық орталық ашу жоспарда бар. Ол жерге мемлекеттік-жеке меншік серіктестік арқылы компьютерлік томография аппараты қойылатын болады. Сондай-ақ онкологиялық диспансерге құны 2 миллиард теңге тұратын сәуле үдеткіш аппарат ауадай қажет болып тұр. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен келіссөздер жүргізу арқылы   мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында қажет құрылғыларды алуға қол жеткіздік. Келер жылы осы заманауи құрылғыларды алсақ, өңірдің денсаулық сақтау саласына үлкен қол-дау  болмақ.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласын жоғары білімді медицина мамандарымен қамту мақсатында да бірқатар жұмыс атқарылуда. Тек биылғы жылдың өзінде облысымызға 112 маман шақырылған болса, күні бүгін солардың жартысы өңірге келіп, қызметке кірісті. Оның сыртында Астана қаласынан үш кардиохирург шақырылса, қазір екі маман келіп, қызмет жасауда, – деді об-лыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі

Күні: , 47 рет оқылды

Өрт – бұл әрқашан қайғы. Алайда, өрт кезіндегі қарапайым жүріс-тұрыс қағидаларын бәрі біле бермейді. Тіпті, бала кезден таныс — «101-ге қоңырау шалыңыз» тіркесі үрейлену кезінде естен шығады. Міне, сізге қиын жағдайда көмектесетін бірнеше ең қарапайым кеңестер. Басты қағида – ешқашан дүрлікпеу!

Өрттердің көпшілігі тұрғын үйлерде болады. Олардың себептері әрқашан  дерлік бірдей – тозған байланыс, ақаулы электр сымдары, рұқсат етілмеген жерлерде шылым шегу және қараусыз қалдырылған электр құрылғылары.

Егер сізде немесе сіздің көршілеріңізде өрт шықса, ең бастысы – бірден өрт күзетін шақыру.

Егер тұрмыстық электр құрылғысы жанса, оны тоқтан ажыратыңыз, егер теледидар жанса – ең алдымен, шанышқысын розеткадан жұлып немесе электр тұстамасын тоқтан ажыратыңыз. Есіңізде болсын! Жанып жатқан теледидар көптеген улы заттарды бөледі, сондықтан да бөлмеден адамдарды бірден шығарыңыз. Ауаның келуін тоқтату үшін теледидарды кез келген қалың матамен жабыңыз. Егер ол көмектеспесе, артқы қабырғасындағы тесік арқылы теледидарға су құйыңыз. Осы кезде жанында тұрыңыз: өйткені кинескоптың жарылуы мүмкін. Барлық терезелер мен желкөздердің жабықтығын тексеріп алыңыз, әйтпесе, таза ауаның болуы отты күшейтеді. Егер басқа электр құрылғылары мен сым жанып жатса, онда өшіргіш, сөндіргіш немесе электр сақтандырғыштарын сөндіру керек және осыдан кейін өрт сөндірушілерді шақыру қажет.

Егер өрт бөлмелердің бірінде шығып және тараса, жанып жатқан бөлменің есіктерін қатты жабуды ұмытпаңыздар – бұл оттың барлық пәтерге және баспалдақ алаңынан тарап кетуіне жол бермейді. Басқа бөлмелерге түтін енбес үшін, есікті дымқыл шүберектермен қалыңдатыңыз. Қатты түтінге оранған кеңістікте еңбектеп немесе бүгіліп қозғалу қажет.

 Кең таралған пікірге қарамастан отты жай сумен сөндіру – тиімсіз. Ең тиімдісі өрт сөндіргішті, ал ол жоқ кезде – дымқыл шүберекті, құмды немесе тіпті гүл қыш құмырасының топырағын қолданған дұрыс.

Егер сіз өртті өз күшіңізбен сөндіре алмайтыныңызға көзіңіз жетсе, тез арада оқиға орнынан кетіңіз. Құжаттарыңызды, ақшаларыңызды алып пәтерден кіру есігі арқылы шығыңыз. Егер кіру есігіне дейінгі жол от пен түтінге оранса – өзіңізді балкон арқылы құтқарыңыз. Айтпақшы, өртеніп жатқан пәтердегі ең қауіпсіз жерлер – балконда немесе терезе жанында. Бұл жерде өрт сөндірушілер сізді тезірек табады! Күн салқын болған жағдайда жылырақ киініңіз. Балконның есігін ақырын ашыңыз, өйткені таза ауаның көп ағынынан от өршіп кетуі мүмкін. Өзіңіздің артыңыздан балконның есігін дұрыстап жабуды ұмытпаңыз.

Төменгі қабатқа немесе жапсарлас балкон арқылы көршілерге өтіңіз (балкон люгы арқылы). Бірақ есіңізде ұстаңыз: жіптер, жаймалар және су ағызатын құбырлар арқылы түсу өте қауіпті. Сонымен қатар төменге секіруге болмайды!

Өзіңді құтқарудың тағы бір жолы – терезе арқылы. Бөлмеге кіретін есікті шүберектермен қалыңдатыңыз. Сіздің шақырғаныңызды естігендеріне көзіңіз жеткен кезде түтін аз болатын еденге жатыңыз. Осылай, жарты сағаттай шыдауға болады.

От пен түтін төменнен жоғарыға тарайтындықтан, әсіресе, жоғарғы қабаттардың тұрғындары абайлауы керек.

Егер сіз кездейсоқ түтінге оранған кіреберіске тап болсаңыз, қабырғаларды ұстап, шығатын есікке қарай барыңыз (таяныштар көбінесе тұйық жерге апарады). Биік үйде бола тұра, оттың арасымен төменге жүгірмеңіз, ғимараттың шатырындағы қорғану мүмкіндігін пайдаланыңыз, өрт баспалдағын қолдануды ұмытпаңыз. Өрт кезінде лифтіні пайдалануға болмайды – ол кез келген уақытта өшіп қалуыы мүмкін. Сонымен қатар, сіз өзіңізді өзіңіз қақпанға кіргізесіз, өйткені лифтіде жанып жатқан қабаттардың арасында тұрып, тұншықтырғыш газбен уланып қалуыңыз мүмкін. Кіреберістен сыртқа шыққан кезде көбірек ауаны ұстап және де мұрныңыз бен аузыңызды дымқыл мойынорағыш пен орамалмен қорғаңыз.

Құрметті азаматтар!!! Өрт қауіпсіздігі қағидаларын елемеуге болмайды, сонда ғана Сіз өзіңізді және өзіңіздің мүлкіңізді оттан қорғай аласыз!!!

БҚО ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Турегелдиев Ерлан Аблаевич


«Мейірбандық күндерінде» қайырымдылықтан шет қалмайық!

Күні: , 82 рет оқылды

БҰҰ Бас Ассамблеясының қырық бесінші сессиясының ұсынымы бойынша Халықаралық қарттар күні дәстүрлі түрде жыл сайын 1 қазанда атап өтіледі, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен қазан айының екiншi жексенбiсi Қазақстан Республикасының Мүгедектер күнi болып белгіленді.

Бұл күндері Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен тылда еңбек еткен,   жас ұрпақты тәрбиелеуге атсалысқан алдыңғы толқын әкелеріміз бен аналарымызды, үлкен ағаларымыз бен апаларымызды олардың көрсеткен ерлігі, қайсарлығы, мемлекетімізді дамытуға сіңірген еңбегі үшін алғысымызды білдіреміз.

Халықтың әлеуметтік қорғалатын тобына жататын азаматтарға қамқорлық көрсету, олардың жағдайларына көңіл бөлу мақсатында 2018 жылдың 1 қазаны мен 1 қарашасы аралығында «Мейірбандық күндері» облыстық қайырымдылық айлығын өткізу туралы ағымдағы жылдың 25 қыркүйегінде №229 Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысы қабылданды.

Қазір облыс бойынша барлығы 92 Ұлы Отан соғысы  ардагерлері және 1398 оларға теңестірілгендер, 87791 зейнеткер, 3822 жалғызілікті қариялар, 23684 мүмкіндігі шектеулі адамдар бар. Осыған байланысты барлық аудандар мен Орал қаласында осы күндерге арналған қайырымдылық акцияларын өткізу, меншік нысанына қарамастан, облыстың кәсіпорындарын аталған акцияға қатысуға тарту, егде адамдарға материалдық көмек көрсету, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында  салтанатты шаралар өткізу, кездесулер ұйымдастыру, сондай-ақ басқа да қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жоспарланды.

Осы айда қарияларымызға ілтипат танытып, оларға қолдау мен қамқорлық көрсетіп, мұқтаж адамдарға көмек қолын созатын қайырымды адамдар біздің өңірде де аз емес деп сенеміз!


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика