Мұрағат: 03.10.2018


Қазба жұмыстарын қайтадан қолға алмақ

Күні: , 34 рет оқылды

«Рухани  жаңғыру» бағдарламасының «Туған  жер»  жобасы аясында М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да  аталмыш оқу орны мен Шыңғырлау ауданы әкімдігі арасында тарихи-археологиялық жәдігерлерді зерттеп, танып білу мақсатында екі жақты меморандумға қол қойылды.

Жиында Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есалиев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан кейін қазба жұмыстарын қайтадан қолға алғандарын айтты.

— Шыңғырлау ауданында тарихи жәдігерлер мол болғанымен, 2017 жылы аудан орталығында тарихи-өлкетану музейі ашылғанда сол музейге қоятын көрнекті  жәдігерлер болмады. Биылғы  көктемде бір қорым зерттелді. Осы жұмысты болашақта жалғастыру үшін университет пен меморандумға қол қойып отырмыз, — деді Альберт Темірболатұлы.

Тарихшы, Сегізсай кешенін  зерттеу жұмысының жетекшісі  Мұрат Қалменовтың айтуынша, 2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт минстрлігінен археологиялық және қазба жұмыстарын жүргізуге лицензия алынған.

— Меморандумның басты мақсаты – Шыңғырлау ауданындағы үйінділерді зерттеп, археологиялық маңызын ашып, ғылымға өз үлесімізді қосу. Ауданда 350-ге жуық оба мен үйінділер бар. Бұлар ортағасырлық тарихты қамтитын обалар болып саналады. Табылған құнды жәдігерлерді заң шеңберінде аудандық музейдің қорына табыстаймыз. Биыл БҚМУ-дың тарих мамандығы бойынша білім алып жатқан бірінші курс студенттері оқытушыларымен бірге Шыңғырлау ауданының Есенаман тау жазығының үстінде орналасқан Сегізсай кешенінде бір обаға қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Сол жерден моншақ, айна, пышақ сияқты заттар табылды, — дейді М. Қалменов.

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»


Ғасырдан ұзақ ғұмыр

Күні: , 46 рет оқылды

Жуырда  қаламыздағы  жасы  үлкен қария, ҰОС және ішкі әскер ардагері, доғарыстағы полковник Семен  Данилин 104 жасқа толды.

Осыған орай ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517-әскери бөлімінің қызметкерлері «Батыс» ӨҚ-ның және БҚО ІІД ардагерлер кеңестерінің төрағалары Семен қарияны арнайы барып құттықтады. Қонақтарды қуана қарсылаған ардагер бүгінде тарихқа айналған өткен өміріне көз жүгіртіп, әсерлі әңгіме өрбітті. Ол соғыс кезінде саяси жетекші болған екен. Әйгілі Сталинград шайқасына қатысқан жеңіс сарбазы Курск иіні, Днепр, Украина, Польша жерлерімен жүріп өткен. Көптен күткен жеңісті Кенигсбергте қарсылаған. Өлім мен өмір арпалысқан майдан даласындағы оның ерлігі «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері және «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен бағаланғанына шүкіршілік  етеді.

ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына 5517- әскери бөлім командирінің орынбасары, майор Саян Аманжолов, БҚО ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы Жайлыбай Адаев, «Батыс» ӨҚ ардагерлер кеңесінің төрағасы, доғарыстағы подполковник Бақытжан Бердиев және әскери бөлімнің әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Құсайнова ардагерге жүрекжарды тілектерін айтып, алғысхаттар мен «Қазақстан полициясына 25 жыл» медалін, сыйлықтар табыс етті. Өз кезегінде «Катюша» және «Три танкиста» әндерін аккордеонмен шырқап берген майдангер қария өзіне көрсетілген құрмет үшін алғыс айтты.

Сол күні әскери  бөлім  қызметкерлері ҰОС ардагері, ғалым-тарихшы, өлкетанушы, доғарыстағы капитан Павел Букаткинді де Қариялар күнімен құттықтап, мерекелік сыйлықтарын табыс етті.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Қара бақсы Тәжбен

Күні: , 84 рет оқылды

Бұл қиял-ғажайып ертегіге бергісіз, тылсымға толы хикаяны Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылының тұрғыны, зейнеткер Меңдібике Сәлімгерееваның баяндауынан жазып алған едік. Оның анасы Қаншым әжей де ертегі біткенді жырдай қылып, майын тамыза айтатын әңгімешіл адам болған екен.

Бала күнімде аяқ-қолым қап-қара, домаланған ірі болдым. Әжемнің қасында ер бала секілді еркін өстім. Кей жағдайда анам «Өй, осы қыз Тәжбен нағашысына ұқсап, денесіне дейін іп-ірі. Осы ренжімесінші, ренжісе болды, екі көзі қып-қызыл болып кетеді» деп отыратын-ды. Тәжбен —  шешемнің немере ағасы екен. «Қара бақсы» атанған.

Қаратөбенің Аққозы жағында шешемнің әкесінің есімімен аталатын «Ділмәмбет гурті» дейтін қыстақтың орны бар. Тәжбен нағашымыз сол маңайды мекендепті. Көшкенде Атырау бағытына ұзап кетеді екен. Ол кісілер Алашаның Қарабура — Божан руынан. Тәжбен нағашымның бақсылық қасиетін білетіндер оны ат жіберіп жиі алдырады екен. Тәжбеннің қарындасынан туған 16-17 жас шамасындағы жиені болған. Сол жиен бір күні шешесіне: «Ойпырым-ай, нағашымның аруағы масқара көрінеді. Осы кісіні бір сынамасам» депті. Шешесі: «Әй, буылып қаларсың, жәйыңа жүр, нең бар?» демей ме. «Өй, аяғы құмға батпайды дейді ғой, көрейін мен оны» деп бала да дегенінен қайтпапты. Көп ұзамай, он шақырымдай жердегі көрші ауыл нағашымды бақсының ойынын салдырмаққа шақырады. Әлгі жиені тайға мініп, нағашыма ілеседі. Тәжбен нағашым барған жерінде қона жатып ойын салады. Таңға таяу жиені мініп келген аттарды арқан-тұсаудан босатып, айдап жібереді. Нағашым асықпай тынығып, түскі шәйдан соң, ауылына қайтуға рұқсат сұрайды. «Атымды әкеліңдер» десе, ауыл жігіттері әрі-бері шапқылап, аттарды таба алмайды. Сонда нағашым жайбарақат жымиып, «Табылар. Ауыл арасы қашық емес. Мына бала шаршамаса, жаяу жүре берерміз. Алаң болмаңдар» депті. Сөйтіп нағашылы-жиенді екеу жаяу жолға шығады. Біраз жолды еңсергесін қызыл құмды шағылға кезігеді. Күн қызып тұр. Бала аяғын құмнан алып жүре алмай, шөлдеп, әбден титықтайды. «Нағашы, шаршап өліп барамын» деп жалынғандай болғанда, Тәжбен жиеніне «Кел, арқама мін» депті. Нағашының арқасына мініп алып, аяғына көз салса, қалың құмның бетімен жеп-жеңіл, желпіте аяңдап келеді екен. Бір мезгілде бетін шыптамен жауып қойған ағаш шелекті шеген құдықтың қасына жетеді. Су ішіп, жуынғасын шапандарын жастанып, тыныстап алмақ болады. Сәлден соң аттың дүбірі естілгендей болады. Жиені көзін тігіп қараса, Шайтантөбе жағынан бірдей қара сәйгүлік мінген қос аттылы келе жатыр екен. Нағашысы басын көтерместен жата береді. Аттылы кісілер құдыққа келіп тоқтайды. Бала барып сәлем берсе, әлгілер үн қатпайды. Жылқыларының құйрығына байлаулы келген ағаш астаулары бар екен. Су құйып, аттарын суарады да, астауларды жылқылардың құйрығына қайта байлайды. «Нағашы, мыналар саңырау ма, соқыр ма, неге тіл қатпайды?» дейді жиені аң-таң болып. Нағашысы «Бала, бері келіп жат» депті. Бала айтқан тілді алмайды. Онысымен қоймай, ат құйрығына байланған астаудың біріне отырып алыпты. Сонда Тәжбен «Әй, бала, ана кісілердің аяғына қарадың ба?» депті. Бала көзін салса, аяқтарының ұшы теріс қарап тұр екен. «Ойбай, нағашы, мыналар шайтан ба, пері ме, мені алып зытып барады» дегенде, Тәжбен нағашым «Ай, сені де…» деп шапанын қағып, екінші ас-тауға мініп алады. Сол зулағаннан зулап отырып, Шайтантөбеден былай түскенде бір ауылға тап болады. Бала «Мұндағы адамдардың аяқтарының бәрі бірдей неге теріс бұратылып кеткен?» деп нағашысынан таңдана сұрай беріпті.

Бақса, перінің ауылында қыз ұзату тойы болып жатыр екен. Перілер бұларды емес, бұлар перілерді бірінші болып көреді. Бала қызықтап ананы да, мынаны да, ұзатылып жатқан қызды да түртіп қалады. Түрткендері шетінен ауыздары көпіріп, бақшаңдап құлай береді. Перілердің ішінен біреуі келіп, бірдеңе оқыған болады. Бірақ бұларға түк те болмайды. Әлден уақытта аттың дүбірі естілгендей болады. Бала жабындыдан қараса, манағы қара сәйгүлік мініп, қара киінген қос аттылы ерттеулі ақбоз атқа мінген біреуді орталарына салып алып келеді екен. Кідірмей-ақ, басына үлкен ақ жаулық ораған кемпір ақбоз аттан түсе бергенде Тәжбен: «Ал, бала, сақ бол, менің артымнан жүр. Мына кемпірдің қамшысының ұшы тимесін. Тисе бізді аластап тастайды» дейді. Кемпір кіріп келіп, қамшысын сойдақтатып әрлі-берлі жүргенде бала: «Ойбай, нағашы, мынаның сүдіні жаман екен» деп Тәжбенге тығыла беріпті. Кемпір олай да былай екі үш рет айналғаннан арғысын бұлар білмей қалады. Бір уақытта Тәжбен нағашымыз көзін ашса, күн батып барады екен. Жиені екеуі Шайтантөбенің етегінде, аяқтарының астында қос аттың қу басы, қойындарында шиден жасалған қыз-келіншектің кейпіндегі қуыршақ жатыр екен. Бұларды аластап, көшіріп тастапты. Балаға тұр-тұрласа, әлсіз ыңыранып, былқ-сылқ жата береді. Тәжбен баланы иығына салып, құдық басына апарып жуындырады. Сөйткенше, ауыл адамдары да аттарын жетектеп жетеді. Баланы Қара молда деген пері оқуын білетін кісіге апарып, он күн оқытқанда ғана қалпына келеді. Кейін жиені «Тәжбен нағашы, сен күштілігіңмен Қара бақсы атансаң да, екеумізді қосып аластап тастады-ау» деп қалжыңдағанда нағашысы «дүбірді естігенде-ақ, тас төбем шымырлап оқуының күштілігін сезіп едім. Айтып едім ғой, қамшысының ұшы тигенде біз ешнәрсені білмей де қалдық» депті. Сол сол-ақ екен, бала «Алла сақтасын, жының да өзіңе, өзің де өзіңе» деп Тәжбенге жуымай кетіпті. «Тәжбен нағашың толық, ірі, қасы қалың, қара кісі болды. Ішке кіріп келгенде жүзінің сұстылығынан бала түгіл, үлкен кісінің өзі қаймыққандай еді» деп шешем айтып отыратын.

Жазып  алған Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ


Кедейлік шегі белгіленді

Күні: , 22 рет оқылды

2018 жылдың 3 тоқсанына жергілікті атқарушы құрылымдар есептеген күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы орташа есеппен жан басына шаққанда 26 453 теңгені құрады. Соған байланысты 2018 жылдың 4 тоқсанына белгіленген кедейлік шегі 13226 теңгені құрайды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2018 жылғы 11 мамырдағы «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2017 жылғы 31 тамыздағы №290 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» №129  бұйрығына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда республикалық бюджет заңмен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы орташа есеппен жан басына шаққанда 28284 теңгені құрап, соған байланысты 2018 жылға кедейлік шегі  14142 теңгені құрайды.


Діни ахуал тұрақты

Күні: , 48 рет оқылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Өңірдегі діни ахуал және халықтың діни сауатын арттыру шаралары» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

БҚО дін істері басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Азамат Төлепов аталмыш тақырып аясында баяндама жасап, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Азамат Нұғманұлының айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағындағы діни ахуал тұрақты. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 9 конфессияны құрайтын 78 діни субъект қызмет етсе, оның 46-сы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалдары. 19 православ шіркеуі, бір буддистік, бір католиктік, 11 протестанттық діни бірлестік бар. Діни бірлестіктердің саны өткен жылдармен салыстырғанда, дәстүрлі діни конфессиялар есебінен артқан. Облыс бойынша тіркелген 77 діни ғимарат бар.

Діни бірлестіктердің басым бөлігі (24 ДБ) Орал қаласында орналасқан. Облыс аумағында діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды таратуға арналған 16 арнайы стационарлық орын (Орал қаласында – 3, аудандарда – 13) белгіленген. 2018 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша алыс және жақын шетелден келген 5 миссионер бар (Египет Араб Республикасынан – 1, Украина Республикасынан – 1, Польша Республикасынан – 3). Олардың бәрі де есептік тіркеуден өткен.

Қазіргі таңда радикалды діни идеологияның таралуына тосқауыл бола алатын білікті теолог мамандарды, соның ішінде имамдарды даярлау қажеттілігі жоғары.

Өңірді білікті кадрлармен толықтыру мақсатында жыл сайын «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетіне оқуға түсуге ниетті талапкерлердің санын арттыруға бағытталған шаралар қолға алынуда. 2018-2019 оқу жылына өңірімізден аталмыш оқу орнына түсуге 25 адам ниет білдіріп, оның 16-сы мемлекеттік грантты ұтып алса, алтауы БҚО әкімдігінің қолдауымен жергілікті бюджет есебінен исламтану мамандығы бойынша бөлінген грантты иеленген. Қазіргі таңда облыс бойынша «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінде өңіріміздің 32 азаматы (2014 ж. – 1, 2015 ж. – 8, 2016 ж. – 13, 2017 ж. – 19, 2018 ж. – 22) білім алуда. Облысымыздан 62 адам еліміздегі медреселерде оқуда. Соның ішінде, «Орал медресесі» колледжінде БҚО аумағынан келген 17 шәкірт білім алуда. Басқа өңірлерден келіп оқып жатқан шәкірттердің саны – 6 адам.

2018 жылы діни қарым-қатынастар саласында облыс бойынша 8 құқықбұзушылық фактісі тіркелген.

— Қазіргі таңда жастардың жаппай радикалдану үрдісі тоқтатылды және көшеде заңсыз діни әдебиеттер тарату фактісі азайды. Зеленов, Ақжайық, Сырым аудандарында дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылардың саны басым. Бүгінгі таңда олармен үкіметтік емес ұйым өкілдері тығыз байланыс орнатып, жұмыс істеуде. Тұрғындардың мұндай тобына теологиялық қана емес, сонымен қатар психологиялық, әлеуметтік көмектер де берілуде, — дейді Азамат Төлепов.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Цифрландыру бар салаға жан бітіреді

Күні: , 22 рет оқылды

Облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов бастаған жұмыс тобы Теректі ауданына жұмыс сапарымен келіп, кәсіпкерлік пен индустриалдық-инновациялық даму жөнінде жиын өткізді.

Алдымен Миржан Мұнайдарұлы кәсіпкерлік нысандарын аралады. Өңірімізге белгілі кәсіпкер Сержан Идиятов аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені жөнінде облыс әкімінің орынбасарын құлақтандырды. Бір кешеннің өзі қоғамдық монша, бассейн, пиццерия секілді халыққа қажетті орындардың басын қосқан. Кешен жұмысы 2019 жылы аяқталады. Одан кейін облыстан келген жұмыс тобы «Deslet» тойханасы және «Шыңғыс» шағын кафесінің бүгінгі тынысымен танысты. Аталып өткен барлық нысан мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен іргетасы қаланып, тұрғындарға өз қызметтерін ұсынуда.

Аудан әкімінің орынбасары Л. Уалиев төрағалық еткен Достық үйіндегі  жиынға округ әкімдері, бөлім басшылары, аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

Ауданда 1 605 орта және шағын бизнес нысаны тіркелген. Оның 1 391-і белсенді жұмыс жасауда. Сонымен қатар олар 4 681 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл жөнінде аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Р. Ихсанов мәлімдеді. Кездесуге қатысқан кәсіпкерлер мен шаруалар өздерін мазалаған сауалдарын қойып, білікті мамандардан тұшымды жауап алды.

Жиында көтерілген басты мәселе – жер рәсімдеу бағытындағы құжаттардың көптігі. Сонымен бірге қожалық иелері мыңдаған гектар жерді иемденіп, қарапайым халық малды өріске жіберер орын таба алмай отырғандығы сөз болды. Аудан орталығы тұрғындарын мазалайтын тағы бір мәселе – қалаға жүретін аутобустардың жоқтығы. Федоров ауылының халқы таксидің қызметіне жүгініп, шығынға батуда. Ал осы кәсіпті қолға алуға ниеттеніп отырған кәсіпкер С. Идиятов әкімдік тарапынан қолдау болса екен дейді.

— Барлық сауал мен өтініштер облыс деңгейінде қаралады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жүктеген басым міндеттердің бірі – әр саланы цифрландыру. Тіпті қоғамдық өмірде де адам үйде отырып, барар бағытына билетке тапсырыс беріп, қала берді, өріске кеткен малы үйден шыққанда қанша келі, өрістен қайтқанда қанша келі екендігін біліп отыратын техникалармен жұмыстануды қолға мықтап алған жөн. Саланың барлық жағын цифрландыру арқылы біз жетістікке қадам басамыз. Кәсіпкерлер осы жағын назардан тыс қалдырмаса екен. Игерілмей отырған жерді үкімет өздеріне қайтарып, жұмыс жасаймыз деген шаруаларға беруді жалғастырады. Ал Теректі ауданының кәсіпкерлік саласындағы жұмыстары мені қатты қуантады. Алға ілгерілеу байқалады. Облыс орталығына қатынайтын аутобус мәселесі жуық арада шешіледі. Оны облыстық деңгейде қарастырып, аудандық әкімдікпен бірге жұмыстанатын боламыз.

Аутобус жүргесін сапалы жол да болуы керек. Айта кететін бір жайт – үш-төрт жылдан соң Теректі ауданында жол мәселесі мүлдем болмайды, — деді жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

Теректі ауданы


Ардагерлер ардақталды

Күні: , 25 рет оқылды

Орал қаласындағы Достық үйінде Қариялар күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Аталған  шараға  облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысып, облыс ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтады.

– Құрметті ардагерлер, сіздерді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген ереже бойынша зейнеткерлікке шыққан азаматтарымыз әрқашан мемлекет қамқорлығында болады. Біз де облысымыздағы барлық ардагерге ерекше көңіл бөліп, оларды түрлі шараларға шақырып, қонақ қыламыз. Бүгінде облысымызда 88 мыңға жуық зейнеткер, 90-нан астам Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Еңбектеріңізді бағалап, алдарыңызда басымызды иіп, сіздерге қызмет ету – қасиетті борышымыз. Өйткені сіздер адал еңбектеріңізбен қиын замандардан мойымай өтіп, ұрпағыңызға бейбіт өмір сыйладыңыздар. Қариясы бар елдің қазынасы бар, сондықтан біз бақыттымыз, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Шара барысында ардагерлер назарына концерт ұйымдастырылды. «Әдемі» би тобы «Ерке самалы» биімен сахнаға көрік беріп, Тимур Мусин және Артем Мукатаев «Қырманға кел, қалқатай» әнін орындады. Ал апалы-сіңлілі Маркиналар «В избе» әнімен ардагерлердің көңілін көтере білді. «Қара жорға» биін орындаған «Step up» би тобы сахнаны жандандырып жіберді.

Биыл мерейлі 85 жасын тойлаған ардагер, қоғам қайраткері Софья Иманғалиева көрсетілген сый-құрмет үшін алғыс білдірді.

– Жыл сайын ардагерлер ерекше құрметке бөленеді. Батыс Қазақстан облысының дамуы үшін әр салада еңбек еткен ардагерлердің ұмытылмайтынын осыдан-ақ білуге болады. Ал енді біздің басты міндетіміз – Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелеу. Немерелерімізбен бірге үш тілді меңгеріп, қайта жасарып жатқандаймыз, – дейді Софья Шаймарданқызы.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Балалардың тентектігі

Күні: , 25 рет оқылды

Балаларда отпен ойнаудың жауапкершілік сезімін тәрбиелеу мәселелері, өкінішке орай, ересек адамды жиі толғандармайды. Балалар таңқаларлықтай сенгіш. Олар біздердің, яғни, ересектердің оларды бақытсыздықтар мен сәтсіздіктерден қорғайтынымызды нақты біледі.

Ал біз шын мәнісінде осындай сенімді ақтау үшін барлығын істеп жатырмыз ба? Жоқ біз, әрине: «Көшеден тек жасыл шам жанғанда ғана өт!», «Саусағыңды розеткаға тықпа», «Сіріңке балалар үшін ойыншық емес» деп айтамыз. Міне, жазатайым оқиғалардың себебі осындажатыр. Осы жастағы баланың барлық жаңа, ерекше заттарға деген табиғи қызығушылығын бір ғана үйреншікті тіркеспен басу мүмкін бе?Әр күн, әр сағат бала үшін — жаңалық. Өкінішке орай, кейбір жаңалықтар олар үшін соңғысы болып жатады. Мысалы, от…

Егер ата-аналардан балаларыңызға өрт қауіпсіздігі туралы не айтқандарын сұрасақ, олардың көпшілігі қолдарын бір сілтейді: «Мектепке барған кезде оларды сонда үйретеді». Иә, оларды мектепте үйретеді, бірақ, статистика бойынша, балалардың көпшілігі бес жасқа дейін, яғни, ата-аналарының қарауында, дәлірек айтқанда, үйде олардың қарауынсыз қалғанда орын алған өрттер кезінде қаза табады. Оларды қоспағанда, тек оқыс жағдай ғана қажетті сақтық шаралары туралы ойлануға себеп болады. Бірақ біз қасіретті болдырмауға әлдері келетін ата-аналарға жолдау жасаймыз.

Балалардың отпен жасайтын тентектігінің үдемелі кезі, әдетте, демалыс кезіне келеді. Бұл балалардың жалғыз қалатын, сіріңкемен ойнап, алаулар жағатын және т.б.кезі. Бұның барлығы көбінесе жазатайым оқиғалармен аяқталады.

Балалардың отпен ойнауының кесірінен пайда болатын өрттер, өкінішке орай, сирек кезедсетін нәрсе емес. Мұндай өрттердің ақыры өте қайғылы болуы мүмкін.

Оттың мүмкін деген қаупін толықтай түсінбей, балалардың барлығы дерлік отқа жоғары деңгейде қызығады, оларды осы табиғаттың ғажабы еліктіреді. Үш жастан бес жасқа дейінгі балалар өз ойындарында ересектердің іс-әрекеттері мен еңбектеріне еліктеп, оларды жиі қайталайды. Осы жаста балалар барлығын тез біліп өздері байқап көргісі келеді. Әсіресе, балалар  үйлерінде жалғыз қалған кезде олардың дербестікке ұмтылуы қатты байқалады.

Бала сіріңке қорабымен ойнап, қағазды тұтандырып, бір кезде орманда көрген алауды жақпайды деп сенімді болуға болмайды. Кейде ересектердің балаларды небір жағдайлардың себебінен қадағалаусыз қалдыратын кездері болады. Бұл қауіпті, әсіресе, егер балалар жабық пәтерлер мен бөлмелерде қалса. Өрт жағдайында олар қауіпті бөлмеден сыртқа шыға алмайды.

Тентектік сотқарлыққа айналатын жағдайлар сирек емес. Ойын-сауық үшін балалар үйлердің шатырлары мен балкондарынан жанулы «ұшақтарды» ұшырады, пошта жәшіктерін, пәтерлер есіктерінің қаптауларын өртеп, жанған түтіндету құтыларын  мұндай ойындар неге әкелетіндігін тіпті ойламай, кіреберістерге лақтырады.

Әдетте, пәтерлерде балаларды қараусыз қалдыратын, олардан сіріңкеніжасырмайтын, балалардың жүріс-тұрыстарын қадағаламайтын, олардың ойындарын бақыламайтын, ал кейде еркеліктерін орындап, сіріңкемен өздеріне ойнауға рұқсат беріп, кішкентай балаларға жанулы пештерге қарауға, электр құрылғыларын қосуға рұқсат ететін жағдайларға ең алдымен, ата-аналар кінәлі. Балалардың отпен ойнауынан болатын өртті болдырмау үшін не істеу керек:

— балаларға қауіпсіз жүріс-тұрыс туралы әңгімелеп айтыңыз;

— өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға байланысты барлық жағдайларда балаларға үлгі болыңыз;

— сіріңкені балалардың қолдары жететін жерлерде қалдырмаңыздар;

— балаларға пештерді, газ плиталарын, электрлік-тұрмыстық құрылғыларды қосуды бұйырмаңыздар;

— балалардың алауларды жақпауын бақылаңыз;

— үйден кеткен кезде кішкентай балларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыз;

— балаға қызықты бос уақыт өткізуді ұйымдастырыңыз.

Баланы өрт кезіндегі дұрыс іс-әрекеттерге үйретіңіз. Өртті немесе жанудың белгісін анықтаған кезде (түтіндеу, жоғары температура, оттың иісін және т.б.) кез келген жастағы бала бөлмеден тез арада шығуы қажет. Өрт туралы ересектерге немесе құтқарудың «101»  бірыңғай нөмірі арқылы өрт күзетіне хабарлауды ескертіңіз. Әдетте «Тыйым салынған жеміс дәмді болады!» дегендей тек: «Болмайды!» деп құр айтқаннан гөрі, балаға оны сіріңке қорабы, шақпақта жасырынып күтіп тұрған қауіп жөнінде тағы да түсіндіру пайдалы. Балалардың осы кеңестерді естеріне сақтағандары өте жақсы. Жеке үлгіңіз арқылы балаларды өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауды үйретіңіз. Тек қана балаларымызға деген үлкен қамқорлық арқылы отпен балалық тентектіктен өрттердің алдын алып, өздеріміздің үйлерімізді, мүліктерімізді және ең қымбаты – баланың өмірін сақтап қала аламыз.

         Құрметті ересектер! Көп нәрселерде балалардың сіздерге еліктейтіндерін естеріңізде сақтаңыздар! Өздеріңіз отпен қарым-қатынаста сақ болыңыздар және отпен ойнаудың қандай қауіпті екендігін балаларыңызға түсіндіріңіз. Өзі жалғыз қалған баланың өрттің шығуына кінәлі бола алатындығын ұмытпаңыздар.

СІЗДЕРДІҢ БАЛАЛАРЫҢЫЗДЫҢ ӨМІРЛЕРІ СІЗГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЕКЕНДІГІН ЕСТЕРІҢІЗДЕ САҚТАҢЫЗДАР!!!

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызметтер басқармасы Өртті мемлекеттік бақылау бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Турегелдиев Ерлан


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика