Мұрағат: 01.10.2018


«Бөбекжайдағы» бейқамдық

Күні: , 79 рет оқылды

Бала десе, бауыр етіміз елжіреп тұратын халықпыз. Өзі түгіл, өзгенің баласын бауырға басып, мейірімділік танытқан қазақ халқы қай кезде де бала тәрбиесіне бейжай қарамаған. Бұрын ата-бабаларымыз бала тәрбиесін бесіктен бастаған болса, қазіргі заманда бесіктен басталған тәрбие балабақшада жалғасын тауып  жатыр. Ал түлкі болып қашқан нарықтық заманды тазы болып қуамын деп жүрген ата-ана  балабақшадағы бауыр етінің тәрбиесінен алшақтап бара жатқан жоқ па? Немесе  сенім артып тапсырған балабақша балаға  тиісті деңгейде көңіл бөліп жатыр ма? Бұл сұрақтарға тереңінен үңілуімізге кеше ғана желіні шулатып, ғаламтор қолданушыларының арасында әр түрлі пікір туғызып жатқан «Бөбекжай» балабақшасындағы оқиға себепші болды. Ендеше, оқиға қалай өрбіді, әңгімемізді содан бастасақ.

Жұбайым Тілек Кенжеғалиев екеуміз отбасында төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Жұбайым жұмыста,  өзім баламен отырғандықтан, екі жасар Расул және Раяна есімді егіз баламызды биылдан бастап «Бөбекжай» бала-бақшасына берген едік. Екеуі де бір топта. 3 қыркүйек күні балаларымды  балабақшаға апарып тастап, күндегіше үйіме кеттім. Сол күні кешкісін сағат 6-дан 10 минут кеткенде балаларымды балабақшадан алайын деп барсам, тәрбиешісі басқа балаларды киіндіріп жатып,  «Сіз күте тұрыңызшы, құрттай күтіңізші» деп, ішке кіруімді өтінді. Балам мені айнала жүгіріп ойнап жүр. Бір мезгілде көзім баламның бетіне түсіп, шошып кеттім. Таңертең өз қолыммен әкеліп тапсырған баламның бет-аузы көгеріп, ісіп кетіпті. Мен сол жерде тәрбиешіден не болғанын сұрадым. Ал ол баламның орындықтан құлағанын айтты. Мен сабырлы түрде сол мезгілде атаанасына, яғни маған неге хабарламағандығын сұрағанымда: «Сіздің данныйыңызды таба алмадық» деді. Мен ештеңе айтпастан, баламды көтеріп алып, үйіме кетіп қалдым. Кешкісін балам қызулап, қатты жылады. «Жедел жәрдемге» қоңырау шалып, баламның күндіз балабақшада құлағанын, қазір көзінен іріңге  ұқсас бір сұйықтықтың ағып тұрғанын айттым. Ал «Жедел жәрдемдегі» медбике: «Апа, өтірік айтпаңызшы, күндіз құлаған баланың кешкісін көзінен ірің ағуы мүмкін емес» деп сенімсіздік танытты. Содан баламды таксимен «Жедел жәрдемге» апардым.

Онда кезекші дәрігер Жарқын ағай баламды қарап, акт жазып берді. Сол кезде ішкі істер бөлімінің екі қызметкері де келді. Олармен қатар дәрігер Дариға Жұбатханқызы келіп, актіні жыртып, екі полицияға «Сіздер бара беріңіздер, біз қайтадан тексеріп, актіні кейін жазып береміз» деді. Екі полиция «Ендеше, актіні апайдан беріп жіберерсіздер» деп кетіп қалды. Одан әрі хирург дәрігерді шақыртып, баламды қайтадан тексертіп, басын рентгенге түсіріп, қағаз жазып берді. Не жазғандарын мен тіпті оқымаппын да, сол күйінде ауруханадан шығып, ішкі істер бөліміне апарып тапсырып, оқиғаның ақ-қарасын анықтап берулерін өтініп, арыз жазып кеттім.

Сол күні кештен бастап баламның тәрбиешісі кеш бата есігімді қағып мазалап,  кешірім сұрап, бірнеше рет келді. Мен оған кешірім бермейтінімді айтқанымда, ол «Неге кешірмейсіз? Біздің бала-бақшада қолы сынып қалған, құлап қалған балалардың ата-аналары кешірді ғой. Оның қасында сіздің балаңыздікі жай ісік қана ғой» деп, кешіруімді өтінді. Содан кейін ол кісілерге есігімді ашпай қойдым.

Ешкімге жамандық ойламаймын, көңіліме келгені – балам күндіз сағат 10-дардың шамасында құлаған, содан кешке дейін не балабақшаның медбикесіне қаратпаған, не маған хабарламаған. Ал тәрбиешінің менің «данныйымды» таба алмадым дегені жай сылтау ғана. Себебі мен баламды балабақшаға берерде барлық құжатпен қатар өзімнің де телефон нөмірімді жазып берген болатынмын.

Сонымен қатар арызымды қарап жатқан Фархат есімді  ішкі істер бөлімінің қызметкері балама Орал қаласындағы сот-медициналық орталық сараптама тағайындауы қажет екенін айтып, ол жердің мекенжайын тәптіштеп түсіндіріп жіберді. Ал ішкі істер бөлімінің дәлізінен кездескен Те-мірхан есімді  жергілікті полиция басшысы қазір ол мекеме «Омега» жаққа ауысып кеткендігін айтты. Екінші күні баламды алып, қалаға жол тарттым. Барып алып, Темірхан Айтекешевтің айтқан мекенжайымен әлгі мекемені іздедім. Сұраған таксистердің біреуі де ол мекемені білмейтін болып шықты. Содан бір таксист «Ақшасын төлесеңіз, тауып беремін» дегесін ақшасын төлеп, отырып алдым. Күні бойы іздеп таба алмай, Темірхан Айтекешев айтқан ауданды шарладық. Ең соңында аталмыш мекеме мүлдем басқа мекенжайда болып шықты. Сонда ол полиция  неге өтірік ақпар берді? Неге мені баламен соншама сандалтып қойды деп ренжіп, Темірханға қоңырау шалдым. Ал ол болса, «Кешіріңіз, мен қателесіп кетіппін» деп қарап тұр.

Мен ешкіммен жауласқым келмейді. Ғаламторға шығарған да, «Уральская неделя» газетінің тілшісін шақыртқан да біз емес. Оқиғаның бұлай тарап кетуі кімге қажет болғанын да білмей отырмын. Дегенмен де баламның денсаулығына зиян келді. Мен тек сол үшін тиісті адамның әділ жазасын алғанын қалаймын, – дейді Расулдың анасы Арайлым Камилашова.

Ал сол күні қоңырауды қабылдаған «Жедел жәрдем» қызметкері Арайлым ханым «сенімсіздік  танытты» деген сөзін  жоққа шығарса, Дариға Жұбатханқызы «актіні жыртып, полицияға толық тексерістен кейін актіні қайта жазып береміз» деген сөзін растап отыр:

– Ол уақытта Жарқын кезекшілікте тұрған болатын. Баланы әкеліп қарап жатқан кезде мен кезекшілікті ауыстырып, өз кезекшілігіме тұруға келген уақытым еді. Бұл уақыт сағат кешкі сегіздердің шамасы болатын. Кезекші дәрігердің емес, хирург маманның қарағаны дұрыс қой деп, жасаған актіні жыртып тастағаным рас. Бірақ мен полицияларға «жүре беріңдер» деп айтпадым. Олар өздері асығыс болды, сондықтан менен баланы тексеріп болғасын, актіні анасынан беріп жіберуімді сұрады. Одан әрі баланы тексеру үшін арнайы хирург маманды шақыртып, толық тексерістен өткіздік, басын рентгенге түсірттік. Содан кейін ғана хирург маман Дәурен Досқалиев  акт жазып беріп, оны анасының қолына ұстаттық, – деді  дәрігер.

Ал хирург Дәурен Досқалиевті әңгімеге  тартқанымызда,  ол:

– Иә, сол күні мені үйден Расул есімді баланы тексеру үшін шақыртып алды. Бала келген кезде көңіл күйі жақсы болды. «Жедел жәрдем» бөлмесін айналып жүгіріп, ойнап жүрді. Баланы толық тексерген кезде оң жақ көз асты аймағының гематомасы, бетінің жұмсақ тіндерінің соғылғандығы анықталды. Басын екі жағынан рентгенге түсірген кезде бас сүйегіне ешқандай жарақат түспегені белгілі болды. Мен актіге де солай жазып бердім. Қарап болған  соң бетіндегі ісікке мұз басып, соғылған жеріне арнайы жақпа жағып, медициналық көмек көрсеттім. Және баланы үйіне қайта-рарда анасына үйден қайталап мұз басу керектігін ескертіп айттым. Егер бала әлсіздік танытып, не болмаса, қатты қызулап тұрса ғана біз шұғыл түрде ауруханаға жатқыза аламыз. Ал ол жерде мен баланы аурухана жатқызатындай себеп көргенім жоқ. Сол себепті алғашқы медициналық көмек көрсетіп, баланы үйіне қайтардық, – деп, Арайлым Камилашованың «Баламның көзінен іріңге ұқсас сұйықтық ағып тұрды» деген сөзін жоққа  шығарды.

Расулдың анасының ішкі істер бөліміне арыз түсіргенін білгесін, істің қалай жүріп жатқанын білмек ниетпен ол жерге де бас сұқтық. Бұл жерде өз сөзімен баяндаудан бас тартқан ішкі істер бөлімінің қызметкерлері істің жүру барысын баяндап, мынандай  анықтама  жазып  берді (2-сурет).

Зерттеуміздің соңында оқыс оқиға орын алған «Бөбекжай» балабақшасына ат басын тіредік.  Бұл жерде аудандық білім беру бөлімінің қызметтік тексерісінің үстінен түстік. Сол жерде қызметтік тексеріске орай шақыртылған оқиғаға тікелей қатысы бар тәрбиеші Гүлдана Рысқалиевамен көзбе-көз жолығудың сәті  түсті:

– Сол күні, яғни 3 қыркүйек күні топта 24 тәрбиеленуші болды. Сағат 11-ден кете балалар ойнап жатыр еді. Көмекші тәрбиешім болса, балаларды әжетханаға отырғызып жатырды. Ал мен шашылып жатқан ойыншықтарды жинап жүріп, Расулдың құлағанын байқамай қалдым. Тәрбиеленуші Расул Тілекұлы орындықтан құлап кетіп, шкафқа басын соғып алды. Сол мезетте жүгіріп барып, баланы әжетхана бөлмесіне кіргізіп, салқын суға малынған орамалды бетіне бастым. Сосын  бетіндегі ісікке «Спасатель» жақпасын  жағып қойдым. Баласының құлап қалғанын айтып, ата-анасына хабарласайын деп, іс-қағаздарын қарап, құжаттарының арасынан олардың ұялы телефондарының нөмірін таба алмадым. Мұндай жағдай басымнан бірінші рет өтіп тұрғандықтан, мен қатты қорқып кеткенім соншалық, басшылыққа да, дәрігерге де көрсете қоймадым. Бар ойым атаанасына хабарласып, ескерту болды. Ал түскі ас кезінде Расул жыламай, мазасызданбай, жүгіріп ойнап, тамағын ішті. Түстен кейін  мені ауыстыратын тәрбиеші Клара Халелқызы келді. Ол кісіден де Расулдың ата-анасының телефон нөмірін сұраған едім,  онда да жоқ болды. Сағат 14:30 шамасында үйіме кеттім.

Кешкісін ата-анасынан кешірім сұрайын деп үйіне барған едім, олар ауруханаға кетіп қалыпты. Арттарынан ауруханаға іздеп бардым, бірақ анасы менімен сөйлеспеді. Одан кейін де үйіне барып кешірім сұрадым, онда да анасы сөйлескісі келмеді.

Дер кезінде медбикеге хабарлап, әкімшілікке және ата-анасына хабарласпағаным үшін өз кінәмді толық мойындаймын. Ал Расулдың анасының сіздерге айтқан әңгімесін мен айтқан емеспін. Кешкісін кешірім сұрап барғаным рас, бірақ «басқа балалардың қолы сынды, құлады» деген әңгіме айтқаным жоқ, – дейді жас тәрбиеші Гүлдана  Рысқалиева.

Ал мекеме басшысы Бегайым Есенғалиева оқиғаның мән-жайын баяндап, аудан әкімі мен аудандық білім беру бөліміне түсірген хабарламасымен таныстыра отыра, аталмыш оқиғаға байланысты өз тарапынан қолданылған шаралар жөнінде әңгімелеп, бізді тиісті  құжаттармен  таныстырды.

– Бүгінгі таңда тәрбиеленуші Расул Тілекұлын құлатып алып, ол оқиғаны әкімшілікке дер кезінде жеткізбей, өзінің функционалдық қызметін орындауда  өрескел қателік жібергені үшін тәрбиеші Г. Рысқалиева ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 4-тармақшасын негізге ала отырып, 2018 жылдың 4 қыркүйегінен бастап жұмыстан босатылды. Кезекшілікті қабылдап алу барысында баланың бетінен жарақатты көре тұра, балабақша әкімшілігіне хабарлама түсірмегені үшін  К. Рысқалиеваға ҚР Еңбек кодексінің 64-бабы 1-тармағы 3-тармақшасын негізге ала отырып, қатаң сөгіс берілді. Сонымен қатар БҚО білім саласындағы бақылау департаментінің және аудандық білім беру бөлімінің мамандары келіп, қызметтік тексеріс өткізіп кетті. Олар тәрбиешінің лауазымдық міндетін толық атқармағандығын анықтап, өздерінің қаулыларын шығарды. Бұл жерде тәрбиешінің қателігін  біз жоққа шығара алмаймыз, оқиғаның анық-қанығы сот-медициналық сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін мәлім болатын шығар деп ойлаймын, – деп  өз пікірін білдірді мекеме басшысы  Бегайым  Төлеуғалиқызы.

Нұрғали  ҒАББАС,

Жаңақала  ауданы


Мұржаңыз тазаланды ма?..

Күні: , 36 рет оқылды

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында  биылғы жылдың суға шомылу маусымы қорытындыланып,  жылыту маусымы кезінде  өрт қауіпсіздігін сақтау мәселесі талқыланды.

БҚО төтенше жағдайлар департаменті  бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрлан Таубековтің айтуынша, биылғы өрт қаупі кезеңінде облыс аумағында 4 223 гектарды құраған төрт дала өрті мен 193,9 гектар алты орман өрті тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, әлдеқайда төмен. Өйткені өткен жылы жалпы ауданы 423 696 га жерді шарпыған 14 орман өрті және 109 696 га жерде дала өрті болған. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында апта сайын облыстық ТЖД қызметкерлері БҚО ІІД ЖПҚ атты әскер батальонын, орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерін тарту арқылы  рейдтік шара өткізген. Бүгінгі таңда ҚР ӘҚК 367-бабы бойынша  420 875 теңгеге 32 әкімшілік хаттама толтырылған. Қашықтағы елді мекендерді өрт сөндіру бекеттерімен қамтамасыз ету жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр екен. Жергілікті атқарушы құрылымдар ауылдарда 12 өрт сөндіру бекетін құрған. Оның үшеуі Бөрлі ауданының Успен, Ақсу, Киров ауылдарында, екеуі Зеленов ауданының Үлкен Шаған, Егіндібұлақ ауылында және бір-бірден Қазталов, Теректі, Ақжайық, Сырым, Тасқала, Бөкей ордасы, Шыңғырлау ауданының ауылдарында ашылған. Облыстағы табиғи өрттер мен жануарлардың алдын алу мен сөндіру мақсатында 2 966 адамнан құралған 150 ерікті өртке қарсы құрылым жасақталған.  Ал қазіргі жылыту маусымына дайындық кезінде тұрғын үй секторындағы өртті болдырмау үшін 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы  жарияланған.

– Айлық аясында «Балалардың отпен ойнауы» тақырыбына бейнеролик дайындалып, «Талап» радиосында күніне әр үш сағат сайын жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігін сақтау туралы ақпарат беріледі. Департамент қызметкерлері аптасына екі рет жеделштаб аутокөлігіне орнатылған қатты дауысты байланыс құралымен өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау туралы тұрғындарды құлақтандырады. Орал қаласындағы сауда үйлерінде, әлеуметтік желілерде бейнероликтер таратылса, коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде халыққа берілетін түбіртектің артқы бетінде  өртке қарсы үгіт-насихат жазылды, — деді азаматтық қорғау майоры  Нұрлан Сейдаханұлы.

Сондай-ақ ол «ҚазТрансГазАймақ» ФАҚ мен БҚО ТЖД бірлесіп жасаған меморандум нәтижесінде халықтың әлеуметтік жағдайы осал топтарының тұрғын үйлеріне газ анализаторын орнату мәселесінің  қарастырылып  жатқанын  айтты.

Ал суға шомылу маусымын қорытындылаған облыстық ТЖД-ның төтенше жағдайларды жою бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Ихсановтың  мәліметінше, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұйымдастырылған шараларға қарамастан, биыл су айдындарында 10 адам қаза тапқан. Оның  екеуі – жасөспірім. Бұл көрсеткіш бойынша былтыр 18 адам қаза тапса, оның бесеуі жасөспірім болған  екен.

— Балаларды суда жүзу дағдыла-рына, судағы қауіпсіздік тәртібіне үйрету үшін Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Зеленов, Жәнібек, Сырым, Қаратөбе, Теректі, Қазталов  аудандарында модульді-каркасты бассейндер орнатылған. Келесі жылы қосымша 11 модульді-каркасты бассейн алу жоспарланып отыр. Судағы қауіпсіздікті сақтау туралы облыста 11 348 жаднама үйлестіріліп, 1 135 рейд жүргізілді, – деді Бақытжан Мағзомұлы.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


«Сауатты жарнама – қала көркі»

Күні: , 39 рет оқылды

Орал қаласындағы сыртқы және ішкі жарнамалардың сауатты жазылуын қадағалау мақсатында БАҚ өкілдері облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандарымен бірге рейдке шықты.

Шаһарымыздың Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы бірнеше нысанды аралау барысында ірі сауда үйлерінің, жиһаз салондары мен дүкендердің ішкі және сыртқы көрнекі ақпараттарындағы олқылықтарды анықтап, оларға жазбаша түрде ескерту берілді. Сауда орындарының өкілдеріне ескерту берілген күннен бастап екі аптаның ішінде жіберілген қателіктерді түзету міндеттеледі. Облыстық тілдерді дамыту басқармасына қосымша күш ретінде «Қоғамдық инспекция» жобасы 2010 жылдан бері тиімді қызмет атқарып келеді. Аталған инспекция жылына 250-300 кәсіпкерлік нысанын қамтып отырады екен. Ал биылғы жыл басынан күні бүгінге дейін 80-нен астам кәсіпкерлік нысанға тексеріс жүргізген. Рейд барысында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпаратты бақылау бөлімінің басшысы Гүлнар Әлжанованың әңгімесінен біраз жайтқа қанық болдық.

«Тіл айлығы» аясында «Сауатты жарнама – қала көркі» атты акция әлеуметтік желі арқылы жарияланған. Аталмыш акция барысында қала тұрғындары тарапынан жарнама және көрнекі ақпарат мәселе-сіне байланысты шаһарымыздың қай жерлерінде қандай қателіктер бар екендігі анықталып, әлеуметтік желі арқылы ұсыныс-пікірлер жариялануда. Бүгінде аталған мәселе бойынша қоңырау шалушы-лардың саны күннен-күнге көбейе түсуде екен. Бұл акция бойынша рейд жұмыстары да жүргізілуде.

— Бұрынғымен салыстырғанда, қазіргі таңда ана тілімізге деген жанашырлық, оның ішінде қате жібермеу мәселесіне келгенде халықтың белсенділігі артып келеді. Биыл 310-ға жуық кәсіпкерлік нысанды қамтуымыз қажет. Жарнама берушілер оны жұртшылыққа таратқан кезде, бір жағынан, оның тәрбие құралы екендігін естен шығармауы тиіс. Сонымен қатар қала көшелерімен жүретін көпшілік сауатсыздық тұнып тұрған жарнамалардың қасынан жайбарақат өтіп кетпей, оған аса мән беріп, оның жақын арада түзетілуіне септігін тигізсе, болашақта қателіктердің де көзі жойылар еді, — дейді Гүлнәр Жәрдемқызы.

Осы орайда Қадыр Мырза Әлидің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Жарнама мәселесіне келгенде алдымен сауатты жазылуы, сонымен қатар ана тіліміздегі атаулар өзге тілдегі жазбалардың көлеңкесінде қалмаса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Армандар орындалады немесе Испания сапары

Күні: , 47 рет оқылды

Армандар орындалады, оған менің өмірімде де дәлелдер жеткілікті. Соның бірі бұдан қырық жылдай бұрын мекеме жүз пайыз құнын төлеген, бірақ жол түспеген Испанияға туристік саяхат, міне, мен дәл 70 жасқа толғанда жүзеге асты.

Қазағымның «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» дегені болды да қойды. Биыл сүйікті немерем Құралай Стамбұл университетінің халықаралық қатынастар факультетінің үшінші курсын тәмамдады. Алып жатқан екінші мамандығы – психология бойынша тәжірибеден өту үшін үш айға Испанияның Валенсия қаласына грант ұтып алыпты. Испания мен үшін іздегенге сұраған болды. Географ әжесімен есін білгеннен мектепке барғанша геофакта көп жүрген немерем әлем картасын жақсы пайдалана білумен қатар, әлем елдеріне саяхаттауды ұнатады.

Біз Барселона қаласында кездестік. Қала Жерорта теңізі жағалауында орналасқан. Солтүстік Барселонадан Пиреней тауларына дейін 120 шақырым. Барселона – Испанияның астанасы Мадридтен кейінгі екінші ірі қала. 2010 жылдан Жерорта теңіздік одаққа кіретін 43 елдің астанасы. Туризмнің дамуы жөнінен Еуропада алтыншы орында. Қалада екі миллионға жуық халық тұрады. Халқының саны жөнінен Еуропалық одақта оныншы орында. Ресми тілі – каталон тілі, халқының көбі, негізінен, католик дініндегілер. Иммигранттар көп. Экономикасының басты саласы – тоқыма өнеркәсібі. Қалада жеті университет барын білдік.

Бұлар мені биыл көп қызықтырған жоқ. Өйткені биыл мектеп бітірген немерем Мадияр Алматының Сүлеймен Демирел университетіне тегін оқуға түсіп кетті. Келесі немерем мектеп бітіргенше үш жыл бар. Оған дейін ғылым мен әлем қалай өзгеретінін уақытым жетсе, көрермін!

Испан елінің халқының өзі бірнеше тілде сөйлесе де, барлығы да ағылшын тіліндегі сұрақтар-ды жақсы түсініп, еркін жауап береді. Басқа елдерде болғанда өмірдің барлық жағын өз еліңмен салыстыру – заңдылық. Мен біздің елдегі қазіргі ағылшын тіліне деген құштарлықты әлемнің кез келген дерлік елінде болғанда өзіңді еркін сезіну үшін аяқтағы тұсауды алып тастау деп түсіндім. Біздің ата-бабаларымыз жеті жұрттың тілін білуді қалаған ғой.

Барселона – Каталонияның астанасы, космополит қала. Қаланың негізі б.з.д. 218 жылы қаланған. Сол кезден б.з. І ғасырына дейін қаланы римдіктер иеленіп, оны Барцило деп атаған. Клавдий Птоломейдің атақты әлем атласында қала осы атпен көрсетілген. Бұдан кейін 83 жыл қаланы мұсылмандар билеген. Олар қала атын Мадинат деп те атаған. Орта ғасырда қала маңызы жағынан Генуя мен Венеция порттарының қатарына жеткен. 1888 және 1929 жылдары өткен Бүкіләлемдік көрме Барселона қаласын халықаралық аренаға шығарған. Қала маңындағы Монтжуик тауында көрме кешені салынған.

Мұндағы туристерді қызықтыратын – 1929 жылғы Бүкіләлемдік көрме мен 1992 жылғы Олимпиадаға байланысты құрылымдар. Таудағы ең маңызды ғимарат – Монтжуик қамалы. Қамалмен іргелес орналасқан «Мирадор дель алькальде» алаңынан Барселона қаласының ғажайып көрінісін және портты алақаныңдағыдай анық көресің! Олимпиадалық ойындарға арнап салынған Сан Жорди спорт сарайының кешені 17 мың көрерменге арналған. Қазір бұл ғимараттардың бірде-біреуі бос емес. Осы жерде көптеген мұражай орналасқан.

Біз Этнографиялық мұражайға бас сұқтық. Онда Австралия, Африка, Орталық және Оңтүстік Америка мен Океанияның кейбір аралының байырғы халықтарының тұрмысы мен мәдениетін көрсететін көптеген зат қойылған. Осылардың бәрін көргенде тәуелсіздік алғанымызға бар болғаны ширек ғасырдан жаңа асқан біздің елдің жетістіктеріне жүрекжарды қуандым! Кезінде «Біздің ел үшін ЭКСПО – 2017 өткізудің не керегі бар еді?» дегендер көп болды. Біз дұрыс жасадық. Бұл арқылы Астанамызды бүкіл әлем танып білді. Біздің ЭКСПО-ның арқасында Испания королі зайыбын жетектеп келіп кеткен жоқ па?! Ғаламдық деңгейден қарағанда, біздің елімізде де ұрпағымыз риза болатындай көптеген іс жасалып жатқанын мойындауымыз керек. Монтжуиктегі коррида өтетін «Лас Аренас» қазір үлкен ойын-сауық орнына айналдырылған.

Географ әже балаларын Колумб ескерткіші тұрған портқа қарай бұрды. Жаяу жүргіншілерге арналған әдемі ағаш көпір Колумб алаңына алып барады. Бұл жерде Еуропадағы ең үлкен аквариум-дардың бірі орналасқан, оның әйнек туннелі әлемдегі ең ұзын дейді.

Колумб ескерткіші тұрған «Маре-магнум» демалыс аймағы Жерорта теңізінің бризі үнемі сезіліп тұратын ауасымен туристерді ғана емес, жергілікті тұрғындарды да өзіне магниттей тартып тұратын тамаша жер екен. Барселонаны «мерекелер мен конгрестердің қаласы» деп тегін атамаған. Онда 2004 жылы Бүкіләлемдік мәдениет форумын өткізу үшін әлемдегі ең үлкен мәдени ойын-сауық кеңістігі жасақталған. Біздің Астанада осындай қаншама іс-шара өтіп жатады, осының бәрі бізге өз нәти-жесін қалдыратынына түсіністікпен қарауымыз керек.

Каталония ұлттық театрына жақын Агбар мұнарасы орналасқан.

Барселонада туристерді бірден қызықтыратын – атақты сәулетші Антони Гаудидің 1883 жылы салуды бастап, күні бүгінге дейін салынып бітпеген Саграда Фамилия шіркеуі (собор Святого Семейства). Орталық мұнарасы салынып біткенде ол әлемдегі ең биік шіркеу болмақ. Қалада Гаудидің есімімен байланысты қаншама ғимарат бар. Олардың көбі – ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік деп танылған тізіміне енгендер.

Жалпы, Барселонаның әр ғимараты – тұнып тұрған тарих. Әр ғимарат кезінде өзін жобалаған сәулетшінің есімін сан ғасыр бойы өзімен бірге алып келе жатыр. Сәулетшілік мамандықтың ғұмыры ұзақ екен. Атың мәңгілік болсын десең, сәулетші бол дегім келіп кетті. Барселона кәсіпқой футбол клубының стадионын, мұражайын түгел араладық. Ол – бір өз алдына ғажап әлем! Бұл клубқа саяхатымның бір жетістігі немерелеріме сыйлыққа алған бірнеше қымбат футбол добы болды. Қызығы ұшаққа мінерде доптар биіктікте қысымнан жарылып кетеді деп, бәрінің желін шығарып жібергені болды.

Барселона қаласында жалпы биіктігі жүз метр және одан да асатын жиырмадан астам ғимарат бар екен. Біз қаладағы 1963 жылы ашылған дарынды суретші Пабло Пикассо мұражайында болдық. Пикассо мұражайы бес ғимаратта орналасқан. Бұл сарайлар – орта ғасырдағы Каталония архитектурасының мұралары. Біз Пикассоның 3500 дана еңбегін көрумен қатар мұражай орналасқан ғимараттар арқылы бұдан 600 жыл бұрын Каталония қандай болғанын көрдік. Парижде болғанда Пикассо мұражайына кіретін уақыт таппап едік. Міне, ғажап! Бұл арман Пикассоның өз Отанында орындалды!

«Испанская деревня» – ашық аспан астындағы мұражай. Онда Испанияның барлық бөлігіндегі 117 ғимараттың көшірмесі жинақталған. Оны 1929 жылғы Бүкіләлемдік көрмеге арнап салған. Бұл жерден Испания қолөнер шеберлерінің туындыларынан сыйлық-тар алуға, әртүрлі тағамнан дәм татуға болады. Осы жерде айта кетейін, Испания сапарының қызуы басылмай тұрғанда өзіміздің Аста-надағы «Этноауылға» бардым. Қандай тамаша! Атқа мініп шабасың ба, бүркітші болып суретке түсесің бе, хан тағында отырасың ба, ұлттық тағамнан дәм татып, қарапайым ғана емес, әлемдік деңгейде жүр-ген әртістеріміздің концертін көресің бе, адам жанына керектің бәрін осы жерден табасың! Осы жерде біздің елде туризмді дамыту үшін жасалып жатқан істер көңіл қуантарлық екеніне риза болдым.

Бір кеште испан биі «Фламенконы» көруге бардық. Ол жерде биді көріп отырып, ұлттық тағамын ішесің. Ұлттық музыка аспаптарын, ұлттық қолөнер өнімдерін сатып алуға болады. Біздің елде мұндай жердің бар-жоғын білмеймін. Болмаса, ұйымдастырса, испандардан кем түспейтініміз анық!

Барлық испандықтың тәу ететін жері Барселона маңындағы Монсеррат тауында орналасқан монастырь екен. Испанияға барып тұрып, астанасын көрмей кеткім келмеді.

Мұнда біз тек бір-ақ күнге келдік.

Сондықтан екі қатарлы туристік аутобуспен қаланың басты көшелерімен саяхат жасадық.

Мадрид Пиреней түбегінің ортасында теңіз деңгейінен 667 м биіктікте орналасқан. Еуропадағы ең биікте тұрған астана. Қаланы шағын Мансанарес өзені кесіп өтеді. Мадридтегі ыссылық Барселонаға қарағанда, адамға өте қатты әсер етеді. Қалада үш миллионнан астам халық тұрады. Иммигранттар көп. Ресми тілі – испан тілі. Халқының көбі – католик дініндегілер. Қала-ның негізі 852 жылы қаланған. Қаланың аты оның негізін қалаған арабтардың «махерит» – суы мол бұлақ деген сөзінен шыққан. Кейін испандық үндестікпен «Маджерит» деген, уақыт өте келе қазіргі Мадрид атына ие болған. 1561 жылдан Мадрид – Испанияның астанасы. 1975 жылы Испания королі және мемлекет басшысы болып Хуан Карлос келіп, елде демократия орнайды. Мадрид – экономикалық жағынан Испанияның Барселонадан кейінгі екінші қаласы. 1992 жылы Мадрид «Еуропалық мәде-ниет қаласы»  болып  жарияланған.

Қаламен таныстығымыз «Аточа» теміржол вокзалынан басталды.

«Көргенім бір тоғыз, көрмегенім тоқсан тоғыз» дегендей, менің осы уақытқа дейін көрген әлем теміржол вокзалдарының ішіндегі ең әдемісі осы – Мадридтегі «Аточа» вокзалы. Оның кіреберісінің ішкі бөлігінде тропикалық бақ ашылған. Жалпы Мадридте теміржолдың алғашқы желісі 1851 жылы салынған. Король сарайы 1764 жылы салынып біткен. Қазір король жанұясы мұнда тұрмайтын көрінеді. Сарайдың біраз бөлігі мұражайларға берілген. Толедо қақпасы Жозеф Бонопарттың кезінде салына бастап, Фердинанд VII кезінде ғана аяқталған. Алькала – қаладағы ең белгілі және ұзын көше. Қазіргі Испания парламентінің мәжілістері өтетін Конгресс сарайының алғашқы тасы 1843 жылы қаланып, 1850 жылы ғана аяқталған. Бүгінде ол тарлық етіп, қасынан депутаттардың кабинеттері орналасқан қосымша тағы бір ғимарат салынған. Гран Виа – қаланың сауда орталығы. Аллея Реколетос Колон алаңымен бітеді.

Оның ортасында Американың ашылу құрметіне жасақталған Дескубримьенто сквері бар. Мұнда 1885 жылы Х. Колумбқа ескерткіш қойылған. 1976 жылы Колон алаңында екі зәулім ғимарат Колумб мұнаралары деген атпен салынған.

Өкінішке орай, Мадридтің «Реал» футбол командасының Сантьяго Бернабеу стадионында бола алмадық. Ол 1947 жылы салыныпты. «Реал Мадрид» ФИФА-ның мойындауымен ХХ ғасырдың ең үздік футбол клубы екені белгілі. Осы жерде Бизнес аймағының төрт мұнарасы орналасқан. Олар – қазіргі Испанияның ең биік ғимараттары (250 м). Өкінішке орай, газеттің мүмкіндігіне сай, барлық көргеніңді көсілтіп жазу мүмкін болмады.

Сұлушаш ҚҰЛМАЛИЕВА,

«Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі»,«Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының» мүшесі,

Орал қаласы


«Ең дәмді бауырсақ»

Күні: , 49 рет оқылды

Жуырда Теректі ауданына  қарасты  Долин  ауылында  «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы  аясындағы «Ұлттық мәдениетті  дамыту»  атты  мерекелік көпшілік  шара  өтті.

«Ең дәмді бауырсақ» және ұлттық ойындар бойынша сынға түскен ауыл тұрғындарының ешқайсысы да аянып қалмады. Жеңгелеріміз бен келіндеріміз қазақтың ұлттық тағамы, әсіресе, кішкентай балалардың сүйікті дәмі – бауырсақты дайындаудың түрлі құпияларымен бөліссе, ер-азаматтар қазақ күресі, гір көтеру, бес асық, қой көтеру, тоғызқұмалақ сияқты спорт түрлерінен күш сынасты. Ал ақ жаулықты апа-әжелеріміз бұл күндері ұмыт бола бастаған ұлттық қолөнеріміз – ұршық иіруден шеберлік жарыстырды. Мәдениет үйінің алаңына ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, дастарқан жайылып, әр көшенің тұрғындары ән мен биден шашу шашып, мерекенің көркін қыздырды. Ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртып, төл өнерімізді дәріптейтін тағылымды шараның барша сән-салтанатымен, жөн-жоралғысымен өтуіне ауылдың үлкен-кішісі тегістей атсалысты.

Дарья Кошта қызықты әрі тартысты өткен балалар арасындағы бес асықтың жеңімпазы атанса, Алина Брюшко екінші орынды, ал Ырысты Құрақова үшінші орынды иеленді. Ересектер арасындағы бес асық сайысының бас жүлдесін Анар Қалауова жеңіп алды. Ал Майра Шәріпова мен Айнұр Үмбетиярова келесі жүлделі орындарды өзара бөлісті. Тоғызқұмалақ ойынында бірінші орынға Әли Нұржан лайық деп танылса, Арда Ысқақова екінші орынға, ал Аймара Амантаева үшінші  орынға табан тіреді. Қазақ күресінен бас жүлдені Нұржан Құлниязов қанжығасына байлады. Ал Мейірбек Мәжит екінші орынды еншіледі. Фарит Шәріпов пен Ерік Ерғалиев үшінші жүлдені тең бөлісті. Есесіне қой көтеру сайысында Мейірбек Мәжитке тең келер ешкім болмады. Долин ауылының ең дәмді бауырсағын пісіріп, ауылдастарының мақтау-мадағын естіген Шолпан Мұхтарова, Бақытгүл Үмбетиярова, Бибігүл Мұсаева және Майра Шәріповаға ауыл әкімі Талғат Манатауовтың арнайы алғысхаты мен естелік сыйлық табысталды.

Юлия  ШӘРІПОВА,

Долин  ауылдық  округі  әкімі аппаратының  жетекші  маманы,

Теректі  ауданы


Баспана алудың тиімді жолы

Күні: , 35 рет оқылды

Орал қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша  екінші деңгейлі үш банк, яғни «Центр Кредит банк» АҚ, «АТФ банк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ ипотекалық қарыз беруде.

«7-20-25. Әрбір  отбасына  баспана  алудың жаңа  мүмкіндіктерін  беру»  ипотекалық тұрғын  үй  несиелеу  бағдарламасы бойынша облыстағы  екінші  деңгейлі  банк  филиалдары  97 өтініш  қабылдап, оның  76-сы  мақұлданған.  Бүгінде мақұлданған өтініштердің  47-сіне  ипотекалық  несие  берілген.  Бұл туралы  ҚР  Ұлттық  Банкі  БҚО филиалының ғимаратында  өткізілген  баспасөз мәслихатында  айтылды.

Жиын барысында ҚР Ұлттық Банкі Батыс Қазақстан филиалы директорының орынбасары Нұржан Қалдыбеков аталмыш бағдарламаның тиімділігі мен негізгі шарттарына тоқталса, осы филиалдың экономикалық талдаулар және статистика бөлімінің бастығы Еркебұлан Аханов бағдарламаның өңірде жүзеге асу барысы туралы айтты.

Олардың айтуынша, бағдарлама бойынша баспана алудың бастапқы жарнасы міндетті 20% болуы керек. Сыйақының жылдық номиналдық мөлшерлемесі 7%, ал ипотекалық тұрғын үй қарызының мерзімі 25 жылға дейін. Ипотекалық қарыз аламын деген жеке тұлға БЖЗҚ-дан  соңғы алты айдағы зейнетақы шотының үзінді-көшірмесін, жұмыс орнынан соңғы алты айдағы кірістері туралы анықтаманы және жеке табыс салығы бойынша салық декларациясын алып келуі керек. Бағдарламаға қатысушының тұрғын үйі және ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегі болмауы тиіс. Ипотекалық тұрғын үй қарызы тек теңгемен беріледі.

Облыс бойынша сатып алынатын баспананың ең жоғарғы бағасы 15 миллион теңгеден аспауы қажет. Кепілдемеге сатып алынатын жылжымайтын тұрғын үй қойылады. Орал қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі үш банк, яғни «Центр Кредит банк» АҚ, «АТФ банк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ ипотекалық қарыз беруде. Азаматтарға тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген несиелер бойынша банктерге берешек  бірінші қыркүйектегі жағдай бойынша 42,9 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылғы белгіленген күнмен салыстырғанда 30,3%-ға артқан. Ал тұтыну мақсатында берілген  несиелер бойынша берешек 80,2 млрд. теңгені құрап, 16,1 %-ға артқан.

Сондай-ақ 2018 жылдың сегіз айында халықтың  қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында филиал қызметкерлері қаржылық қызметтерде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша  70 дәріс оқыған. Нәтижесінде тұрғындар несие алар кезде келісімшарттың тармақтарына жіті мән беріп оқуды әдетке айналдыра  бастады.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»


Ақсақалдардың алқалы жиыны

Күні: , 29 рет оқылды

Кеше  қаладағы Достық  үйінде БҚО  Қазақстан халқы  ассамблеясы ақсақалдар  кеңесінің отырысы  өтті.

Кеңесте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асырудағы аудандық ақсақалдар кеңестерінің алатын орны туралы айтылды. Сондай-ақ басқосуда медициналық мекемелерде және қалалық қоғамдық көліктерде зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет көрсетудің жай-күйі талқыланды.

Жәнібек аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, Теректі аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәлім Қоқашев жиналғандар алдында атқарылған  істер  туралы  баяндады.

Басқосуда сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Абдрахманова аға буын өкілдерін  қолдау бағытындағы  жұмыстарға тоқталып өтті.

– Облысымызда 65 жастан асқан 50 444 тұрғын болса, соның 32 898-і әйел заты, ал  қалғаны ер адамдар. Бүгінгі таңда елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп отыр.

Елбасымыз өзінің халыққа Жолдауында «Ұлт денсаулығы – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты көрсеткіштерінің бірі болып табылады» деп атап көрсеткен. Қазіргі таңда 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық»  мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, ауқымды шаралар ұйымдастырылуда. Мемлекеттік бағдарлама аясында көзделген мақсаттың бірі – 2020  жылы халықтың орташа өмір  сүру жасын 73-ке дейін жеткізу.  Бұл көрсеткішке жетуде медицина саласының рөлі зор болмақ. Бүгінгі күні еліміз бойынша егде жастағы адамдардың саны жалпы халық санының 10 пайызын құрайды.  Облыс  бойынша медициналық мекемелерде 50 мыңнан  аса  егде жастағы адамдар тіркеуде тұр, сондықтан герантологиялық және медициналық көмек қызметін жоғары деңгейге көрсетілуін қамтамасыз ету керек. Диспансерлік есепте тұратын мүгедектер мен егде жастағы адамдар қан қысымы жоғарылығына, жүректің ишемиялық ауруы, өкпе ауруының созылмалы түрі, асқазанның ойық жарасы, жедел пневмония аурулары, қант диабеті  бойынша тегін дәрі-дәрмектер алып жүр. Емханаларда кеңес беру және медициналық қызмет көрсету үшін   ҰОС ардагерлері мен мүгедектерге арналған арнайы кабинеттер  жұмыс істейді, – деді Гүлнәр Мақсотқызы.

Кездесуде сөз алған БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйірбаев жиналғандарды 1 қазан – Халықаралық қариялар күнімен құттықтап, олардың деніне саулық, отбасына  амандық  тіледі.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Көпке ұнаған жан еді

Күні: , 45 рет оқылды

2 қазан – В. Шукшинді еске алу күні

Балалық шақтың тәтті сарқындысын бойыма талмасам, солардың алғашқыларының қатарында көрген киноларым көз алдымда тұрады. Өйткені тым жас кезімде әкем ауылдағы клубта киномеханик, шешем көрермендерге билет сатушы кассир еді. Ол шақта біз көрмеген кино некен-саяқ болатын. Кешкі сеанс басталмай жатып-ақ, өзіме тиген «айрықша артықшылықты» пайдаланып, алдыңғы орындықтың бірінде тапжылмастан экранға үңілер едім.

Алпысыншы жылдардың ортасында ауылымыздағы клубқа әкем аудан орталығынан «Екі Федор», «Алтын эшелон» деген фильмдерді әкеліп қойды. Әкемнің кинобудкасындағы үстелдің үстінде жататын кинофильмдер каталогы жазылған қалың кітапты қарасам, екі картинаның алдыңғысы 1958, соңғысы 1959 жылы түсірілген екен. Өзіммен бір жылы дүниеге келген әлгі фильмдерді клубтан екі түн бойы көрдім. Арада бірер жыл өтті ме, өтпеді ме, білмеймін, әкем тағы да «Ваш сын и брат», «Странные люди», соңынан «Печки-лавочки» деп аталатын фильмдерді де әкелді. Бұлардың барлығында басты рөлде ойнайтын кейіпкер бұрынғы көріп жүрген киноларымдағы актерлар сияқты қабағы қатуланып, иығына қару асынып, майданға аттанбайды, бірден атыс-шабысқа кірісіп кетпейді. Өзі тым жұпыны да қарапайым. Тізесінен келетін көк шөптің үстінде жалаңаяқ жүреді. Шалбарының балағын түріп алып, дөң басында тыныстап, жалаңаяқ отырады. Қолына орақ ұстап, шөп шабады. Бір нәрседен қысылып, ұялғаны ма, оң қолын төбесіне апарып, бейкүнә кескінмен қымсына, имене күлетіні өзіне жарасып тұрады. Тіпті осы түр-тұрпаты мен мінез-құлқының өзі, бажайлап қарағанда, қазаққа көбірек ұқсап кеткендей көріне ме, қалай?!.. Әйтеуір, бар-болмысымен күнде көріп, етене жақын жүретін жандай елестейді.

Сәл есейгесін білдім, әлгі актердің есімі Василий Шукшин екен. Өзі әкеммен түйдей құрдас болып шықты. Ержете келе, жетпісінші жылдардың ортасындағы қолына қалам ұстаған әріптестерім сияқты мен де Шукшин «ауруымен» ауыра бастадым…

Оның адам характерін (мінезқұлық) жетік білуімен сонау қиыр шеттегі Алтай өлкесінен келіп, Мәскеудің зиялы қауымын «қитұрқы» әңгіме-хикаяттары арқылы тәнті қылғанын басым көпшілік жақсы біледі. Барша халықты талантымен мойындатқан жазушы, кинорежиссер әрі актер болды. Алайда соңғы жылдары қайсыбір зерттеушілер мен журналистер баспасөз беттерінде «Шукшиннің әңгіме-хикаялары болмаса, оның ойнаған, түсірген фильмдері есте қалмайды» дегенді айтып, жазып жүр. Өз басым, бұл пікірмен келіскім келмейді. Есте қалмаса, 1958-1972 жылдар аралығында «Екі Федор», «Алтын эшелон», «Когда деревья были большими», «Журналист», «Даурия» секілді ол ойнаған фильмдер Кеңес киносының көш басына шығып, 200 миллион көрермен жинамас еді. Есте сақталмайтын болса, оның М. Горький атындағы киностудияда түсірген «Живет такой парень» кинохикаятын 1964 жылы 27 миллион көрермен көріп, жылдың ең үздік фильмдерінің қатарына қоспас еді. Естен шығып, жадымызда ұсталмайтын болса, оның «Мосфильм» киностудиясында түсірген әрі өзі сценарийін жазып, басты рөлде ойнаған «Калина красная» («Қызыл бүрген») драмасы 1974 жылы 62 миллион 500 мың көрермен жинап, қазіргі тілмен айтсақ, кеңестік блокбастер атанбас еді.

Соңғы фильмнің зор машақатпен түсірілгенін біз біле бермейміз. Кеңес киносы жөнінде көп білетін іргелі зерттеуші Федор Раззаковтың айтуынша, «Мосфильм» киностудиясының басшылары Василий Макаровичті саяси көзқарасы үшін бөтен-бастақ санап, жат көрген. Сол себептен картина өндіріске өте қиындықпен өтті. Фильмді түсіруге сметаға сәйкес 354 мың сом бөлінді. Бұл Кеңес киносында ең аз қаржы болып есептелетін.

Оның үстіне киностудия басшылығы фильмді түсіруші топты өте жұпыны киноаппаратуралармен жарақтандырып, штатын басқа фильмдердегі кинотоптарға алмай жүрген кездейсоқ адамдардан жасақтады. Соған сәйкес кинотоптың өз ішінде достық қарым-қатынас төмен дәрежеде болғанға ұқсайды.

Сексенінші жылдардағы «Советский экран» журналындағы естеліктен Шукшин өз кейіпкері Егор Прокудиннің ақ қайыңмен сөйлесіп тұратын шағын көріністі түсіріп жатқанда ассистенттің біреуі: «Федерико Феллини «Амаркорд» пен «Римді» түсіреді, ал біздің Вася қайыңдарды сипап, әлпештейді. «Мосфильмнің» ұшпағын шығаратын адамды тауып, жетіскен екенбіз» — деп кекетіп-мұқатқан жолдарын оқығаным жадымда сақталыпты. Түрлі кедергілерге қарамастан, ол бәріне шыдады. Шукшинге маңыздысы жұмыс болатын, басқасына пысқырып та қарамайтын. Табандылығының арқасында нағыз шедевр жасауға қол жеткізді. Өкініштісі сол, ойнаған кейіпкерін фильмнің соңында режиссерлік қиялмен қазаға ұшыратуы өзіне сәуегейлік болып жабысты. Тура бір жылдан кейін, дәлірек айтқанда, 1974 жылғы 2 қазанда Волгоград облысының маңында «Олар Отан үшін шайқасты» фильмін түсіру кезінде Шукшинді жолдастары теплоход каютасындағы жатын орнынан өлі күйінде тауып алды…

Бұл халықтың сүйіспеншілігіне бөленген туындыдан не ұқтық, қандай ой түйдік десек, алдымен, бұл фильмде Шукшин адамның туған жеріне деген жауапкершілігін айтқысы келген және оны жеткізе де білген. Пендеге тән осалдық, қателік, күнәһарлық қылықтарымызға ерте ме, кеш пе, бәрібір, жауап беруімізге тура келеді.

Өтірік айту, ұятсыздық, қорқақтық қылу, сатқындық жасау, жемқорлыққа бару секілді мінез-құлқымыз үшін түбінде толық есеп беретініміз хақ. «Қызыл бүрген» осы жайттардың өтеуін еске салып, адамның адамға жасаған жамандығы мен жақсылығын қай уақытта да алдына келтіретіндігі жөнінде баяндайтын халықтың ары мен ұятына айналған кино-тәмсіл болды.

Зерттеушілердің арасында «Шукшиннің анасы Алтай қызы-мыс, тіпті өз жұрты алтайлық екен» деген әңгіме де тарап жүр. Түркі тектес халықтың тұқымынан өрбіп, Еуропа жұртының даңқын айдай әлемге танытқандар да бар ғой.

Р.S.  Соңғы жылдары Шукшин туралы ойлай қалсам, есіме бірден Оралхан Бөкей мен Роллан Сейсенбаев түседі. Үшеуінің де жазу мәнерінде сәйкестік бар тәрізді. Мұның өзі үшеуінің де туып-өскен өлкелерінің бір-бірінен айнымай ұқсас келуінен, бір-бірінен онша алыс емес жерде орналасуынан шығар, бәлкім…

Нұрымбек  ЖАПАҚОВ,

Жәнібек ауданы


iPhone Xs және iPhone Xs Max Kcell Store дүкендерінен сатып алуға болады

Күні: , 30 рет оқылды


Дәстүр бойынша әрбір күзде Apple компаниясы жаңа флагмандарды ұсынады. Биылғы жылы Apple компаниясы iPhone Xs, iPhone Xs Max, iPhone Xr және Apple Watch Series 4 смартфондарды ұсынды. Kcell Store желісінде және «Кселл» абоненттік кеңселерінде 28 қыркүйектен бастап iPhone Xs және iPhone Xs Max толық құнына және ұялы байланыс қызметінің топтамасымен бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады.


iPhone Xs және iPhone Xs Max үш түсте: күміс, қаражәне алтын түсте.Apple құрылғыларының құны смартфонның жад көлеміне байланысты өзгеріп отырады. Осылайша, 64 ГБ iPhone Xs құны 534 990 теңге болса,256 ГБ iPhone Xs 614 990 теңге, ал512 ГБ iPhone Xs құны 719 990 теңге тұрады.

Смартфондарға«Келісімшарттық телефон» науқаны бойынша бөліп төлеуге қолжетімді. Келісімшартқа телефоннан басқа байланыс қызметтері кіреді: сөйлесу үшін минуттар, SMS және ай сайынғы төлем мөлшеріне байланысты12 ГБ бастап50 ГБ дейін кез келген талғамда мобильді интернет.

Мәселен, iPhone Xs 64 ГБ 24 айға бөліп төлеуге 25 150 теңге айлық төлеммен алдын-ала төлемсіз алуға болады. Бұл ретте ай сайын 20 ГБ трафик, шектеусіз минуттар саны және желі ішінде 1000 SMS жәнеҚазақстан бойынша басқа ұялы операторларына қоңырау шалу үшін 200 минут есептеледі. «Келісімшарттық телефон» науқаны скоринг өткеннен кейін қол жетімді.

Kcell абоненттері үшін қолайлы төлем шарттарын осы жерде, ал аctiv абоненттері үшін осы жерде таңдауға болады.

Көп ұзамай Kcell алғаш ретApple Watch Series 3 жәнеApple Watch Series 4 сата бастайды. iPhone Xrтолық құны және бөліп төлеу бойынша сатып алу үшін кейіндеп шыға бастайды.

 

Apple компаниясының флагмандарында қандай жаңалық бар:

iPhone Xs және iPhone Xs Max смартфондарға жаңа A12 Bionicпроцессор орнатылды, әзірлеушілердің растамасы бойынша, бұл смартфондар үшін жасалған ең қуатты процессор.

Neural Engine жаңа жүйесі машинада оқытуды қолдауды қамтамасыз етеді. Мысалы, осы жүйенің нәтижесінде, енді Face ID бұрынғыдан да жылдам жұмыс істейді. «Сурет» режимінде суретке түсу сапалы болды. Камера фондыжақсы айырады және контурларды анықтайды. «Ауқымдылық» функциясы қосылды. Онымен сіз артқы фондағы көмескілік дәрежесін реттей аласыз. Осының барлығы Neural Engine модулінің нәтижесінде мүмкін болды.

Сондай-ақ, жаңа сенсорлармен және жетілдірілген фото өңдеу алгоритмдерімен жаңартылған камералар Smart HDR функциясын алды. Камера тіпті күрделі динамикалық ауқымы бар сахналарда жоғары сапалы суреттерді жасауға қабілетті.

Үлкен экрандарды жақсы көретіндер iPhone Xs Max-ті бағалайды, оның экраны 6,5 дюйм. Бұл,айтпақшы, iPhone тарихындағы ең үлкен дисплей.

iPhone Xs жәнеXs Max Apple компаниясының 512 ГБ кіріктірілген жады бар бірінші смартфондары болды. Алдыңғы модельдердеең жоғарғыкөлемі 256 ГБ болды.

Apple компаниясының смартфондары IP68 стандарты бойынша шаң мен ылғалдан қорғалған. Бұл заманауи смартфондар үшін шаң мен ылғалдан қорғаудың ең жоғарғы дәрежесі. ЕндіiPhone 2 метрге дейін тереңдікте және 30 минут ұзақтықпен суға батыруға төзімді.

iPhone Xs жәнеiPhone Xs Max мүлдем жаңа стереодинамикаларға иеленді. Дыбысы қатты әрі ауқымды болды. Сонымен қатар, енді бейнекамераға стереодыбыспен жазылады. Айта кетейік, Apple компаниясы бастапқы жиынтықтан құлаққаптарға арналған жалғастырушыны алып тастады. Сондықтан смартфонның өзінен басқа қораптатек құлаққаптар, зарядтауға арналған адаптер және Lightning кабелі бар.

Егер сіз Apple өнімінің жанкүйері болсаңыз немесе нақты осы жаңа өнімдер қызықтыратын болса, сіздерді өзіміздің дүкендеріміздежәне абоненттік кеңселерімізде күтеміз. Дәл қазір жаңа iPhone иесі болыңыз.

Бөліп төлеу шарттары туралы толық ақпаратпеносы жердетанысуға болады.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика