Мұрағат: 28.09.2018


Түйткілі көп түнгі клуб

Күні: , 86 рет оқылды

Ресми  деректерге  сүйенсек,  Орал  қаласында 50-ге  жуық  түнгі  ойын-сауық  орны бар. Оларға кірудің  құны  да  әр  түрлі. Ең  арзаны  1000 теңгеден басталады  екен.  Ата-әжелеріміздің  тілімен  айтқанда, «жын-ойнақтың  ордасы»  – түнгі  клубтарға  жастар  неге  әуес? Келушілерді онда қандай тосынсыйлар күтеді? Жасөспірімдер  түнгі  мезгілде  көшеде жиі  жүре  ме?  Осы  сауалдарға жауап  іздемек болып, Орал қалалық  ІІБ-ның   жергілікті  полиция қызметкерлерімен  түнгі  рейдке  шықтық.

Алдымен Орал қаласының 6, 7, 9-шағынаудандарын мұқият сүздік. Мақсатымыз – кәмелетке толмаса да, бейуақытта көшеде жүруге әуес жасөспірімдерді анықтау. Жастар бұл уақытта компьютерлік клубтар мен кальян шегетін орындарға әуес екен. Тәртіп сақшылары олардың жеке куәліктерін тексеріп, жастарын анықтай бастады. Сол сәтте  көз алдымызға мектеп бітірген соң ауыл жастары болып сыныптастарымызбен көшеге шығатын кездер еске түсті. Ол кезде ауылда полиция формасын киген адам жүрсе, сескене қарайтын едік. Өйткені ауылымызда бір ғана полиция болатын. Мінезі жайлы, мүмкіндігінше, отбасылық мәселені, көршілер арасындағы кикілжіңді ушықтырмай, ымыраға келтіріп жіберетін жан еді. Тіпті ауыл тұрғындарын шошытып алмайын дей ме, қызметтік формасын күнде кимейтін. Соған үйреніп қалғандықтан, ауылда формамен жүрген тәртіп сақшысын көрсек, іштей үрейленетінбіз.  Қазіргі рейд барысында байқағанымыз, 18 жасқа жаңа толған бойжеткендер тәртіп сақшыларымен емін-еркін сөйлеседі. Тіпті кейбіреуі «Ағай, кімді іздеп жүрсіз?», «Жұмысыңыз қалай?» деп қояды.

«Біз 18-ге толдық. Енді ата-анамызсыз көшеге шығуға мүмкіндігіміз бар» деп сайрай жөнелетіндерін қайтесіз?!.

9-шағынаудандағы «Hookah Sheikh» кальян шегетін орталықтан кәмелетке толмаған  жасөспірім ұлды кездестірдік. Өзінің айтуынша, ол кальянхана қожайынының ұлы екен.  Ағасына ілесіп, жұмыстарымен келіпті. Үйге қайтуға бет алыпты. Тәртіп – баршаға ортақ.

Сондықтан полиция қызметкерлері жақын маңда жүрген ата-анасын алдырып, мұндай жағдайдың келесіде қайталанбау қажеттігін түсіндірді. Рейд барысында  осы секілді аға-әпкелерінің жанында жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдерді  ұшыраттық.

– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес кәмелет жасына толмаған балаларға түнгі 22.00-ден таңғы 6-ға дейін ата-анасының және оған құқы бар заңды өкілдердің қарауынсыз ойын-сауық мекемелерінде немесе үйден тыс жерлерде жүруге болмайды. Рұқсат етілмеген уақытта жасөспірімнің компьютер клубында отырғаны анықталса, баланың әке-шешесіне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал түнделетіп көше кезіп жүргендердің атаанасына ескерту жасалады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір  жыл ішінде құқықбұзушылық қайталанса, заңды өкілдер екі жағдайда да 15 АЕК айыппұл төлеуге міндетті болады, – деп түсіндірді оларға Орал қалалық  ІІБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы,  полиция капитаны Т. Мәмбешов.

АҚШАМДАҒЫ  ҚЫЛМЫСТАР

Полиция қызметкерлерімен түнгі рейдке шыққан біз түнгі клубта серуен құрған жастардың  іс-әрекеттерін бақылап, мұндай орындарға неге жиі келетінін білгіміз келді. Өйткені соңғы кездері түнгі клубтан шығып, қайғылы қазаға ұшырағандар туралы жиі естіп жүрміз.

Ғаламтордағы ресми ақпараттар легіне тоқталсақ, «Шымкентте 22 жастағы жігіт түнгі клубта қаза тапты», «Астанада түнгі клубтан шығып жоғалған қыздың өлі денесі  табылды»  деп кете береді. Мұндай оқиға Орал қаласында да тіркелген болатын. Биылғы жылдың наурыз айында «Кактус» кафесінде танысқан келіншекті айуандықпен өлтіріп, қалалық ішкі істер бөлімі ғимаратының жанына тастап кеткен қанды оқиғаны оралдықтар әлі ұмыта қоймаған шығар.

Облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі К. Қоспаевтың мәліметінше, Оралдағы түнгі клуб, кафе секілді ойын-сауық орындарында жыл басынан бері 156 қылмыстық оқиға тіркелген.

Мұндай орындардағы жиі жасалатын қылмыстар бұзақылық, ұрлық екен. Жалпы, соңғы он шақты жыл көлемінде әлемнің әр түкпіріндегі түнгі клубтарда болған қайғылы оқиғаларды сараптап көрсек, ажал  құшқан адамдар көптігіне куә боласыз. Бұларға қарап отырып, дүниедегі ең қауіпті жер осы түнгі клубтар ма деген ой да келеді екен. 2009 жылы Ресейдің Пермь қаласындағы «Хромая лошадь» түнгі клубында кенеттен өрт шығып, 156 адам қаза тапқаны елдің есінде болар. Сол жылы Таиландтың астанасы Бангкоктағы «Сантика» түнгі клубында тұтанған өрттен 61 адам көз жұмған. Сол секілді 2004 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айрестағы «Республика Кроманьон» түнгі клубында 194 адам, ал 2000 жылы Қытайдың Лоян қаласындағы бір түнгі клубта 309 адам аяқ астынан етек алған өрттің салдарынан түтінге тұншығып, өмірмен қош айтысқан. Бұл тек қайғылы оқиғалардың бірнешеуі ғана. Тізбелей берсек, адам өліміне апарып соқ-қан келеңсіздіктерді санап тауысу мүмкін емес. Шарапқа сылқия тойып алып, өзара төбелесіп немесе әр түрлі нәрседен уланып, жарымжан, мүгедек күйге түскен жастардың өзі бір бөлек әңгімеге арқау болары сөзсіз.

Рейд кезінде тәртіп сақшылары көңіл көтеретін ойын-сауық орындарын кез келген уақытта тексере алмайтындарын және полиция формасымен кіре алмайтындарын жеткізді. Өйткені көңіл көтеретін ойын-сауық орындары жеке сектор болып табылатындықтан, бейуақытта мазалап, тексеріс жүргізуге мораторий жарияланған. Тек жергілікті тұрғындар тарапынан түскен арыз негізінде ғана тексеруге  мүмкіндік алатынын айтты. Сондықтан дыбыс жазу құрылғымыз бен фотоаппаратымызды алып, жастар жиі бас қосатын шаһар орталығындағы  түнгі  клубқа  баруға  бекіндік.

ДАҢҒАЗА  ӘУЕНГЕ  ДАУА  БАР  МА?

Бізді кіреберісте арнайы форма киген еңгезердей күзетші жігіт күтіп алып, үсті-басымызды тексере бастады. Дыбыс жазу құрылғымыз бен кәсіби фотоаппаратымызды ішке кіргізбейтінін айтты. Қызметтік құрал-жабдықтарымызды мұқияттап сөмкеміздің ішіне салып, киімілгіштің жанында тұрған кезекшіге аманаттап кеттік. Ойын-сауық кешіне кіру ақшасын төлеген соң  күзетші қолымызға клубтың таңбасын басты. Кіреберіс есікке тыным жоқ, бірі шылым шегуге тысқа ұмтылса, енді бірі қызықтан қалып қоярдай, ішке ентелейді. Кіре бергеннен-ақ жарқ-жұрқ еткен қызылдыжасылды жарық шамдар көзімізді қарықтырды. Табалдырықтан аттадық та, оң жаққа қарай ығысып, бірер минут көз үйретуге аялдадық. Шыр айналып, біресе еденге, біресе төбе мен қабырғаға барып соғылған түрлі түсті жарықтар мен даңғаза әуен басымызды айналдырып жібергендей болды. Оған қыздардың шыңғырып, жігіттердің ысқырып, кейбірінің айғайлап жатқан дауыстарын қосыңыз. Мұнда жаныңдағы адаммен де тілдесу мүмкін емес екен. Есіктен бірер қадам аттап, абдырап тұрғанымызды сезген даяшы қыз  қасымызға келіп,  бос орынды нұсқады. Клуб іші жастарға толған, араларынан жасы 3540-қа таяғандарын да байқадық. Ортада асыр салған жастар. Қыздардың белден төмен кигендері белдемше деген атауы ғана болмаса, мықынынан екі елі ана асып тұр. Қимылқозғалыстары да ерсі, қос қолын төбелеріне қойып, мойын, кеуделерін сипалап, шашын жұлмалап, денелерінің әр жерін қимылдатып, естен тана билеуде. Қазіргі әуенге қандай қимыл жасау керектігін білмей, жан-жағымызға қараймыз. Содан әуеннің дауысы сәл бәсеңдегенде орнымызға жайғастық.

Мұнда даяшы болып нәпақа тауып жүрген қыз-жігіттер көп екен. Дені студенттер секілді. Біздің тапсырысымызды әкеліп жүрген қаракөз қазақ қызымен тілдескіміз келіп, сөзге тарттық. Есімі  Анар екен. Мұнда жұмысқа тұрғанына екі жыл болыпты. Шаһардағы жоғары оқу орнының бірінде төртінші курста оқитынын айтты. Ата-анасына көмектесіп, оқудың ақшасын төлеу үшін  еңбектеніп  жүрген  көрінеді.

– Түнгі клубта ішімдіктерге сұраныс өте жоғары. Әсіресе, сыра, коктейль, виски және мартиниге қонақтар жиі тапсырыс береді. Ішімдік ішілгеннен кейін айқай-шу болмай тұрмайды. Билеп жүрген кезде байқаусызда біреудің аяғын басып кетіп, не қасындағы адамның қолы тиіп кетсе, жанжал шығаруға бейім тұратын ер-азаматтар баршылық. Жанжалдасқан адамдарды  күзетші сыртқа шығарып жіберсе де, көшеге шығып алып төбелескен жағдайлар да кездесті. Айлығымыз келушілерден тапсырыс қабылдауымызға байланысты. Яғни қонақтар ас мәзіріне тапсырыс бергенде есепшоттағы тапсырыс құнының 10 пайызын аламыз. Айына 60-70 мың, кейде  100-150 мың теңге көлемінде табыс табамыз. Күндіз сабақта болып, кешкі 18.00-де жұмысқа келеміз, – дейді даяшы Анар.

Бір сағатқа жуық түнгі клубта жүргенде байқағанымыз – даңғаза музыка мен қызылды-жасылды жарық шамдар адамның ойлануына мүмкіндік бермейді екен. Ойын-сауық кешіне келгендердің көпшілігі спирттік ішімдік пайдаланады. Санасы уланған адамның өз іс-әрекетіне жауап бере алмай қалуы мұндағы қонақтар үшін қалыпты жағдай іспеттес.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Айнагүл   МЕҢДІҒАЛИЕВА,

қала  тұрғыны:

– Түнгі клубқа  диплом алған кезде барып көрдім. Группаластарымызбен жақсы отырыс болды. Бірақ даңғаза әуен мен келушілердің отырып алып шылым шегетіні  ұнаған жоқ.  Сол себепті қазір мүлдем бар-маймын.

Лиза  ДӘУЛЕТБЕКОВА,

көп  балалы  ана:

– Әжелеріміз «Апақ-сапақта қайда бара жатырсың?» деп жатады. Олардың «апақ-сапақ» дегені ақшам намазының уақыты екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде «Балаларыңды ақшам намазы кезінде үйге кіргізіңіздер, олар жындармен соқтығысып қалмасын» дейді. Ал бізде қалай? Кейбір ана қызын далаға қыдыруға күн ұясына батқанда, яғни  ақшам намазы кезінде жібереді. «Әкең ұрысып жүрмесін,  түнгі он екі, бірден қалмай кел» дейді. Бұл масқара ғой. Ұл-қызының бір серпіліп, көңіл көтергенін қалайтын шығар, бірақ жазатайым  жағдайларға  душар  болып  қалса ше?..


«Зайырлылық – ең басты құндылық»

Күні: , 71 рет оқылды

Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма театрында  «Зайырлы  қоғам:  құқық  пен діннің өзара  байланысы»  атты  халықаралық форум өтті.

Жиынға  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов,  Қазақстан  мұсылмандары діни  басқармасының төрағасы,  Бас  мүфти Серікбай  қажы  Ораз және  Өзбекстан,  Ресей мемлекеттерінің  ғалымдары,  отандық  дін мамандары, ақпараттық-түсіндіру  тобының  мүшелері  қатысты.

Радикализмге қарсы күрестің құқықтық және психологиялық  аспектілерін қарастыру, діни қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруды мақсат еткен форумда діни тұрақтылықты сақтау, зайырлылық қағидатын нығайтудың  өзектілігі  талқыланды.

Жиында сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов форумда дін саласындағы заңнаманы жетілдіруге баса назар аудару қажеттігін атап өтті.

– Біз бүгінгі күнде мәдени-рухани ақпараттың және саяси-философиялық құндылықтардың жедел өзгеріп жатқан кезеңінде өмір сүрудеміз. Біз де сол өзгерістер мен үрдістерге уақтылы жауап қатып, мемлекетіміз бен тәуелсіздігімізге кереғар дүниелерге дер кезінде зейін қоюымыз заңды. Ол үшін құқықтық талаптарды, бағыт-бағдарымызды қайта қарауымыз қажет. Өңірімізде діни  ахуалдың  нашарлауына әсер ететін факторлар анықталып, құзырлы құрылымдар кешенді жұмыстар атқарып келеді. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Ұлттық жаңғыру ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» деп, ұлттық ой-сананы заманауи дін талаптарына сай кемелдендіруді атап көрсетті.  Шарамыздың басты мақсаты дін саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, зайырлылық қағидаттарын алға тарту, кертартпа идеологиядан діни экстремизмге қарсы нөлдік төзімділікті қалыптастыру, тұрақты конфессияаралық қатынасты нығайту және өзекті дін мәселелері бойынша қонақтарымызбен тәжірибе алмасу болып табылады. Сондықтан дін мәселесі бойынша қоғамдық маңызы бар бастамалар мен ұсыныстарды ортаға салып, мемлекеттің зайырлылық  принциптерін нығайта отырып, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға жаңа серпін беруге  атсалысады деген ойдамыз,  – деді облыс басшысы Алтай Сейдірұлы.

– Іргетасын Жәңгір хан қалаған Бөкей ордасының астанасы – Хан ордасы елінде, Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы сынды батырлар, қазақтан шыққан тұңғыш мүфти, қази Ғұмар Қараш, ақын Әбубәкір Кердері сынды даңқты тұлғалар мен кешегі Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әли сынды аңыз адамдардың ізі қалған Ақ Жайық төріне келіп, алдарыңызда сөз бастау – мен үшін үлкен мәртебе һәм жауапкершілік, – деп сөз бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз діни құндылықтарға тоқталды.

– Бүгінгі тәуелсіздік батыр бабаларымыздың ұлы күресімен келді.  Сондықтан Отан – біз үшін қашанда қымбат, қасиетті ұғым. Халқымызда «Отан үшін күрес – ерге тиген үлес» деген нақыл сөз бар. ХХІ ғасырдағы Отан үшін күрес ең әуелі терең білім алып, сол білім мен тәжірибені елдің игілігі мен өркендеуіне сарп етуден басталады. Білім – баға жетпес олжа, үлкен қару. Білімсіз өркениет жоқ. Бүгінгі таңда күш те, қуат та білім мен бірлікте. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Білім мен хикмет – мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да, иемденіп алсын» деген.

Алла Елшісі «Дін деген не?» деген сауалға «Дін – көркем мінез» деп үш қайтара жауап берген. Өзі де бұл ғаламға «Көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін жіберілдім» дейді. Қазір заманауи ғылымның оқымыстылары жетістікке жетудің төте жолы көркем мінез екенін айтуда. Қазіргі қоғамға қажет мінездердің бірі – әділеттілік, адамгершілік, татулық пен бауырмашылдық. Алла Тағала қасиетті Құранда «Алланың дінінен (жібінен) мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп, адамзат баласына бірлік пен ынтымақта өмір сүруді бұйырған.

Мына заманда мәзһабтағы бірлік те аса маңызды. Бір мәзһаб бірлік пен ынтымаққа бастайды, – деді  ол.

Қазіргі замандағы зайырлылықты түсінбей, мойындамай жүргендер де Бас мүфтидің назарынан  тыс  қалған  жоқ.

– Зайырлылық – мемлекет пен дін арасындағы қатынасты анықтайтын ұстаным. Қазір кейбір азаматтар, түсінбеушіліктен болар, зайырлылықты атеизм ретінде қабылдайды. Исламға жат не оған қарсы құбылыс ретінде көреді. Кейбір жастарымыз зайырлылықты кешегі коммунистік кезеңдегі атеизммен салыстырғысы келеді. Жоқ, кешегі кеңестік идеология атеизмге негізделген секуляризм болды. Ол кезде кез келген таным, ғылым да, өнер де, әдебиет пен тарих, пәлсапа да сол идеологияға қызмет етті. Сондықтан кешегі коммунизм зайырлы ел емес, ол атеистік мемлекет  болды  деп  айтылады.

Ислам әлеміне танымал ойшыл бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды ел көзқарастарының төркіні», «Азаматтық қоғам» және «Дін кітабы» деп аталатын рисаларында мемлекеттік институттың діни емес негізде басқарылуы туралы жазып қалдырған. Бүгінгі таңда бізде қолданылып отырған зайырлылық ұғымы дінді жоққа шығару емес, керісінше, адамның ар-ождан бостандығын, діни сенім еркіндігіне кепілдік беру деген түсінікті қамтиды. Яғни зайырлылық ұғымы ар-ождан бостандығы және төзімділік, толеранттылық сынды ұғымдармен және түсініктермен тығыз байланысты. Зайырлылық ұғымы мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Зайырлылық ұстанымы – қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену-сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни бұл ұстаным адам ар-ожданының моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекет азаматтардың арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді  қамтамасыз  етеді.

Профессор, ғылым докторы Досай Кенжетайдың пікірінше, зайырлылық туралы анықтама көп. Солардың бірі – барлық дінге бейтарап қарайтын, діни басшылықтан тәуелсіз және кез келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болған мемлекеттік ұстаным. Осы анықтама зайырлы мемлекетті нақтылай түседі. Неге барлық дінге бейтарап қарайды? Себебі дін көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен, олардың танымы, сенімі, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, бейтарап ұстанымда болады. Екіншіден, мемлекет діни басшылықтан, яғни діни биліктен тәуелсіз. Үшіншіден, мемлекет кез келген теологиялық қағидалар мен нормалардан азат болады, – деп ойын жалғаған Серікбай қажы Ораз Елбасымыз өзінің дәстүрлі халыққа Жолдауында зайырлылық ұстанымын біздің елдің ең басты құндылығы ретінде бағалағандығын атап өтті.

– Зайырлылық ұстанымы – мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасын реттейтін ең басты тетік, қоғам тұрақтылығы үшін де ең басты құндылық. Зайырлылық ұстанымы сіз бен біздің құқықтарымыздың қорғалуы мен сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл ең басты шарт болғандықтан, саяси және құқықтық тұрғыдан діннен осы салада бөлінеді.

Біз, дін қызметкерлері, түрлі саланың жетекшілері мен мамандары, мемлекет пен діннің қарым-қатынасындағы осынау нәзік әрі терең мәселелерді жастарға, жалпы қоғамға түсіндіруден жалықпауымыз керек.  Ғаламдық бейбітшілікке үндеген кез келген ізгі қадам, оның ішінде дәстүрлі дін жетекшілерінің сұхбаттастық орнатуы, адамзат баласын татулыққа үндеуі, адамдық мақсат-мүддені танып білуге үн қатысуы, сөз жоқ,  аса  маңызды  іс-шара.

Көреген көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы ғаламдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап қалу үшін үшінші мыңжылдықтың басында Астанада алғаш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің құрылтайын өткізді. Бұл игі бастама өз үдесінен шығып, өзінің өміршең платформа екенін әйгілей алды. Елордамызға аттай қалап шақырылған дін көшбасшыларының сиезі қатарынан бес рет өтті. Жай күнде бір-біріне қырын қарайтын барша жұрттың діни һәм рухани жетекшілерінің Астана төрінде бас түйістіріп, келелі сұхбат құруы, әлбетте, ғаламдық деңгейдегі  үлкен  жетістік.

Дінаралық сұхбаттың қазақстандық үлгісі әлемде діндерге деген құрметтің сара жолын салып, кемел үлгісін қалыптастырды. Түрлі дін өкілдерін дінаралық сұхбатқа шақыра отырып, күн тәртібіне қойылған мәселені бір қырынан ғана қарастырып қоймай, әр түрлі діндердің ұстанымы мен көзқарасын ескере отырып, шешім қабылдау сарабдал саясаттың биік көрінісі екені даусыз, – деп түйіндеді өз сөзін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Форумда экстремизмнің алдын алу жолдары және қоғам дерадикализациясы, Өзбекстан мемлекетіндегі діни саланы құқықтық реттеудің бірегей артықшылықтары,  лаңкестер тұлғасының психологиялық ерекшеліктері туралы ой-пікірлер айтылды.  Ғаламтор пайдаланушылардың күннен-күнге артып келе жатқандығын тілге тиек еткен  облыс прокурорының міндетін атқарушы Жандос Өмірәлиев ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелері мен теологтардың кәсіби білімін жетілдіру керек деген ұсынысын ортаға салды.  Башқұртстаннан келген Ресей Ислам университетінің проректоры Мурсаль Ахметов ресейлік «Интеллектуальный путь» жастар қоғамдық бірлестігі дінді дамыту бағытындағы ғылыми-зерттеу институтымен бірге М. Ақмолла атындағы Башқұртстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Байланыстың тиімді, кәсіби негізі» бойынша біліктілікті арттыру курсын жүргізуге ұсыныс білдіріп,  шешендікті дамыту үшін қазақстандық дін мамандарының біліктіліктерін арттыруға 20 квота ұсынатындығын және имамдар үшін Уфа, Орынбор қалаларында біліктілікті арттыруға мүмкіндіктер бар екендігін айтты. Имамдардың бару-келуінен бөлек барлық шығынды көрші мемлекет өз мойнына  алмақ.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының аға оқытушысы, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының психолог-сарапшысы Лола Шакимова терроршылардың психологиялық ерекшеліктеріне тоқталды. Лола Сергеевнаның айтуынша,  бес жыл ішінде елімізде 14 лаңкестік оқиға болған. 90 адам көз жұмып, 50 шақты адам жарақаттанған. 144 құқық қорғау қызметкері міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан. Бүгінде еліміздегі түрмелерде экстремизм мен терроризм бабы бойынша бас бостандығынан айырылған 450-ден астам сотталушы отыр. Олардың ең жасы 17-де болса, үлкені 48 жаста. Отандық психологтар олардың мотивациялық бағыттарын зерттей келе, бес түрлі психологиялық ерекшелікке топтастырған. Біріншісі – оқшауланғандар, екіншісі – агрессияшылдар, үшінші санатқа бас бостандығынан айыру орындарында болғандар жатқызылса, төртінші топ – жалдамалылар, бесіншісі – кездейсоқ адамдар тобы. Бұл топтағыларға жастар мен әйелдер кіреді. Өкініштісі сол, бүгінде жат ағымның идеологиясын таратқаны үшін 13 әйел қамауда отыр. Тағы бір өкініштісі, аталмыш бапқа сәйкес темір торға тоғытылғандардың 85 пайызы діни сауатсыздықтың салдарынан ғаламтор арқылы жат ағымның  құрбанына  айналған.

Дін саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салған форум жұмысы дін саласындағы құқықтық реттеудің маңыздылығы, зайырлы мемлекеттегі діни қызметкерлердің  құқықтық сауаттылығы, радикализмге қарсы күрестің құқықтық және психологиялық аспектілері атты секция отырыстарымен   жалғасты.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


«Қайта жаңғырған» үйлердің «жыры» көп

Күні: , 48 рет оқылды

«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында көп қабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту бағдарламасына Тасқала ауданының орталығындағы Абай көшесі №28, №30 және №35 үй тұрғындары алғашқылардың бірі болып қатысқан болатын.

Бүгінде аудандағы екі қабатты 28 үйдің бесеуі ғана қайта жаңғыртудан өтті. Мамандардың айтуынша, 2013 жылы үш үйге жөндеу жұмыстары жасалса, 2015 жылы екі пәтер жаңартылған.

– Жөндеу жүргізілген үйлердің тұрғындары төлемі есебінен жинақталған қаржыға басқа үйлерді жаңарту жоспарланған. Алайда кейбір тұрғындар үйді жаңғырту жұмысына тиісті төлемақыны өтегісі келмейді. Қазіргі таңда қайтарылған 12 млн. 320 мың теңгеге Амангелді ауылындағы екі қабатты тұрғын үй жөндеуден өтпек. Бұл жұмыс қазан айында басталады деп жоспарлануда, – деді күрделі жөндеу жұмыстарының атқарылуына жауапты «ҚалаТас» ЖШС-ның заңгері Мәлік Ғиылманов.

Абай көшесіндегі №28 үйдің тұрғыны Ә. Ұлтарова жөндеу жұмыстары жасалғанда, Орал қаласында тұрғанын айтады. «Ешқандай келісімшартқа қол қоймадым. Жасалған жұмыстардың сапасы айтарлықтай жақсы емес. Кепілдік берілген алғашқы екі жыл бойы төлемақы жөнінде ештеңе айтылмады. Тек үшінші жылы ғана төленетін қаражат көрсетілген түбіртек келді. Алғашқысында төлеуге келіспеймін деп арыздандым, бірақ олар жұмыс орныма бірнеше қайтара ескерту жіберді. Тіпті жалақымнан ұстап отырды. Заңгерлеріне барып пікірімді айтайын десем, «біздің қатысымыз жоқ, облыс орталығына барыңыздар» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Ал қалаға барайын десем, жөндеу жүргізген серіктестіктің мекенжайы да жоқ. Сонда ақша төлеу үшін есепшот нөмірі бар да, ал халық арызын тыңдауға келгенде бір кеңселері де жоқ па?» – дейді Әсима  Ұлтарова.

№30 үй иелерінің де шағымы көп. «Түсіндіру жұмысын жүргізіп, жиналыс жасағанда, бәріміз келістік. Алайда кейін жөндеуге кететін қаражатты есептегенде, тым қымбатқа шығады деп бас тарттық. Қарсылығымызға қарамастан, үйді жөндеу жұмысы басталды. Келісімшартқа қол қоймадық. Төлемейміз деп шағымданып едік, сот арқылы мәжбүрлеп қойды. «ҚалаТас» ЖШС-ның заңгері М. Ғиылмановтың өзі де үйіміздің жөнделгенін көріп, басын шайқап кетті. Сол кездегі аудан басшысы С. Әлиев те көзімізше жауапты адамдарға жөндеуді дұрыстауға бұйрық берген болатын. Бірақ, өкінішке орай, мұның барлығы бос әурешілік болды. Он бес жыл бойы айына шамамен  3-4 мың теңгеден төлеп отырамыз.

Сол үйге бөлінген несиені төлеу үшін пошта қызметі 300 теңгеден алады. Жиналыс жасағанда  «бәрі тегін» деген еді. Біз кімге және не үшін төлеп отырғанымызды түсінбедік», – дейді аталмыш пәтер тұрғыны  Әсия  Сапарғалиева.

«Ол аздай, жасаған жұмыстарын көріп тұрсыз. Кіреберістің кісі көретін сиқы жоқ. Жарық шамның сымын да бір арнаға жинамаған. Бәрі шашылған күйі әлі жатыр. Сонда істегендері темір есік орнатып, кіреберіске цемент төсеп, құбырларды жөндегені. Сол үшін кеткен 9 млн. теңгені бас басымызға қарыз етіп, төлеу үшін бөліп бергеннен басқа түк те біткен жоқ. Жалпы, қай-қай жұмыстың да сапасы жақсы емес. Қабылдап алатын мекеме сонда қайда қарайды? «Қып-қызыл» қаражаттың бостан-босқа желге ұшқаны ма?  Бұл,  әйтеуір, амал жоқтан істеу керек болған соң «істесем болды дегеннің кері  ғана», – дейді  тұрғындар.

«Егер пәтер тұрғындарының 50 пайыздан көбі келісім берсе, басқа тұрғындардың қарсылығы ескерілмейді. Алайда қаражатты барлығы бір уақытта төлеуге міндетті. Абай атындағы көшенің №28 және №30 үйде тұрғындардың көп арызданғаны рас. Бірақ жөндеу жасалды, олар сол үшін төлеуі керек. Мердігерді де өздері таңдап, қандай жұмыс жасалатынына тапсырыс берді. Барлық жұмыс бағдарлама бойын-ша іске асты», – деді Мәлік Ғиылманов.

Мердігердің жұмысына көңілі толмайтындар қатарында Пушкин көшесіндегі №4 үй иелері бар. Есік қондырылып, пластикалық терезелер қойылып, кіреберіс жөнделген. Тек қыс түссе, терезеден су кіріп, берекетті алады екен.

Сондай-ақ сыртқы жұмыстың кейбір жерлері толық аяқталмаған. Ал Ә. Сабиров көшесіндегі №6 үйді кісі тұратын жер деп ойламайсыз. Бой көтерген кезден бері жөндеу жұмысын көрмеген. Тұрғындар бағдарламаға қатысқысы келіп, құжаттарын жинастырып, тиісті қаражатын төлеп те қойған. «Бірақ екінші жылға кетті, сыбыс жоқ, кейін құжаттарымыз табылмай жоғалып кетті. Содан қайта жинап бердік», –  деді  тұрғын  Л. Жадаева.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Марат Молдашев аталмыш үйдің жайына қанық екен. Бірақ оны қайта жаңғыртудан өткізуге қаржы жоқ, сондықтан сәл күтуге тура келеді. Бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда биыл пәтердің шатырын жауып беруге тырысады. «Бұл жөнінде аудан әкімі тапсырма берді. Қазір бақылауда тұр», – деді  ол.

Әсемгүл   БЕКЕШЕВА,

Тасқала   ауданы


Қазына қаржысы нақтыланды

Күні: , 33 рет оқылды

Кеше  облыстық  мәслихаттың  кезекті  19-сессиясында  ҚР  Бюджет  кодексінің  талаптарына  сәйкес,  Елбасының  Қазақстан  халқына Жолдауының  басым  бағыттары  және  Президенттің бес әлеуметтік  бастамасы негізінде  2018  жылға арналған  облыс  бюджеті  нақтыланды.  Сессия жұмысына  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов қатысты.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың мәлімдеуінше, әлеуметтік салаға бағытталған 301 млн. теңге шамасындағы қаражаттың негізгі бөлігі Қазталов және Сырым аудандарындағы мәдениет үйлерінің құрылысын жалғастыруға және Қазталов ауданындағы музыкалық мектептің құрылысын аяқтауға жұмсалмақ. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысына 321,8 млн. теңге қаражат жолданбақ. Соның ішінде Теректі және Тасқала аудандарында көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысын жалғастыруға 180 млн. теңге бөлінбек. Оған қоса 141,8 млн. теңге қаражат Тасқала, Қазталов аудандарында және Орал қаласында үш нысанның құрылысын аяқтауға қарастырылды. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды  дамытуға жұмсалатын 132,2 млн. теңге қаржы есебінен Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қаратөбе, Қазталов аудандары мен облыс орталығында қолға алынған жобаларды аяқтау көзделіп отыр. Облысымыздың алты ауданында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға 308,6 млн. теңге қарастырылды. Сонымен қатар Бөкей ордасы ауданының Әжен және Кеңой ауылдарында-ғы су құбырының құрылысы да осы қаражат есебінен аяқталмақ.

Ауылдық елді мекендерді газбен жабдықтау жұмыстары да оңды жалғасын таппақ. Бұл мақсатқа 351,7 млн. теңге жоспарланып, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қаратөбе, Сырым, Жаңақала және Шыңғырлау аудандарындағы 11 елді мекен мен 32 әлеуметтік нысанды табиғи отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қорытындыланбақ. Сондай-ақ нақтыланған қаражат есебінен Ақжайық және Қазталов аудандарының ауылішілік жолдарын күрделі жөндеуді аяқтауға 93 млн. теңгеден астам қаражат бағытталды. Жалпы, қазіргі таңда облыстық бюджет 137,2 млрд. теңгені құрайды.

Сессия отырысында былтыр облыстық мәслихат депутаттары бекіткен жергілікті мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясындағы 12 жобаның алтауын жеке әріптестер тарапынан өтінімдердің түспеуіне байланысты қысқарту және бес жаңа жобаны қосу туралы шешім қабылданды. Олардың қатарында жалпы құны 133 млн. теңгені құрайтын облыстық клиникалық аурухана ғимаратында асхананы жалға алу, күрделі жөндеу және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жобасы, Ақжайық аудандық орталық ауруханасына лизингке компьютер томографын сатып алу (жоба құны 379 млн. теңге) жобасы, қалалық көпбейінді ауруханаға құны 370 млн. теңгені құрайтын ангиографты лизингке сатып алуға, 2,2 млрд. теңгеге бағаланған Зеленов ауданының Переметный ауылындағы көлік жолдарын күрделі және орта жөндеу жобасы, Зеленов ауданында «Сұңқар смарт-сити» қондырғыларын орнату және қызмет көрсету (жалпы бағасы 452 млн. теңге) жобасы бар.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева Зеленов ауданы атауын Бәйтерек деп атау жөніндегі мәселе бойынша барлық 22 ауылдық округте жергілікті қоғамдық жиналыстар өткізілгенін, 24 қыркүйекте аудан орталығында көпшілік тыңдау ұйымдастырылғанын жеткізді. Содан кейін Зеленов аудандық мәслихатының тұрақты комиссиясында қаралып, аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың бірлескен хаттамасы қабылданды. Осыны мәлім еткен А. Мыңбаева облыстық мәслихат депутаттарынан ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның қарауына Зеленов ауданының атауын Бәйтерек ауданы деп қайта атау жөнінде ұсыныс енгізуді қолдауын сұрады. Халық қалаулылары Бәйтерек атауын бірауыздан мақұлдады.

Сессия отырысында 1941 жылы Астрахан облысы Краснояр ауданында дүниеге келіп, облыс және республика көлемінде көптеген басшылық қызметтерді абыроймен атқарған, соның ішінде 1986-1993 жылдары Батыс Қазақстан облысына басшылық еткен мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәжімеден Есқалиевке өңірдің саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық және рухани дамуына қосқан зор үлесі үшін «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Марапатты иесіне табыстаған облыс әкімі Алтай Көлгінов қиын жылдарда, өтпелі кезеңде облысты басқарып, жанкештілікпен еңбек еткен Нәжімеден Ихсанұлына алғыс айтып, ақжарма тілегін арнады.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


№7 маршрутта су жаңа 10 аутобус

Күні: , 46 рет оқылды

Кешеден  бастап  Орал  қаласында  су  жаңа он аутобус  №7  маршрут бойынша  жүретін болды.

Шаһар басшысы Мұрат Мұқаевтың айтуынша, қалалық әкімдік пен тасымалдаушы компаниялар бірлесе отырып, аутобустарды жаңғырту мақсатында 500 қоғамдық көлікке толықтай бақылаушы құрал (GPS) орнатқан.

– Мұны «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында барлық көліктің жүру кестесін сақтау және оларды бақылау мақсатында орнаттық. Екінші деңгейдегі банктермен келіссөз жүргізіп, аутокөліктерді жаңартуды жалғастырудамыз. Бұған дейін «БатысДилижанс» ЖШС компаниясы су жаңа 10 аутобус әкелген болса, бүгін «Ақжол Авто» ЖШС компаниясы тағы да он қоғамдық көлікті халыққа пайдалануға беріп отыр. Жалпы, жылдың соңына дейін 50 қоғамдық көлікті жаңарту жоспарда бар. Сондай-ақ өзге төрт тасымалдаушы компания келісімшарттарға қол қойып, әрі қарай жұмыстануда. Өздеріңізге белгілі, бұған дейін 120 «ГАЗель» аутокөлігі маршрутта жүрген болса, қазіргі таңда солардың тек 30-дан астамы қалды. Жоспарымызға сәйкес алдағы уақытта бұл аутокөліктер маршруттан алынатын болады. Қазіргі уақытта пилоттық режімде Астана, Алматы қалаларындағыдай «транспорттық карта» жүйесі де қолданысқа енгізілуде. Әзірге бұл жүйені төрт маршрутта қолданып келсек, енді тағы да жеті маршрутқа енгізетін боламыз. Мұның өзі қоғамдық көлікті пайдаланушылар үшін қолайлы  болатынына  сеніміміз  мол.

Қаламызда соңғы екі жылда 120-ға жуық көшенің жолдарын жөндеуден өткіздік. Тозығы жеткен көше жолдарын 50 пайыздан жиырма пайызға қысқарттық. Осы орайда қоғамдық көліктер жүретін жолдарды жөндеуді ескерген болатынбыз. Қазіргі кезде №7 маршрут қатынайтын «Балауса» шағынауданында жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ПДП-2 шағынауданында да жол жөндеу жұмыстарын бастадық. Ол жұмыстар алдағы жылы аяқталатын болады, – дейді Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев.

Достық даңғылы көшесіндегі аялдамалардың бірінде қоғамдық көлік күтушілерге арналған табло қойылған. Аталған таблода келе жатқан аутобустардың уақыты көрсетіліп тұрады. «Ақжол Авто» ЖШС директоры Эльдар Вагапов қоғамдық көліктер жайлы тұрғындар тарапынан шағымдар болса, 33 23 69 немесе 8 771 025 94 35 нөміріне хабарласып, мән-жайды білуге болатынын айтты.

Темірболат  ӘНУАРҰЛЫ


«Екі есім – екі тағдыр»

Күні: , 32 рет оқылды

Осындай тақырыппен облыстық тарихи-өлкетану музейінде жазушы Хамза Есенжанов пен ақын Тайыр Жароковтың туғанына 110 жыл толуына орай іс-шара өтті. Шараға ардагер журналист Тихон Әліпқали, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, ақын Айсұлу Қадырбаева және студенттер қатысты.

Шараға келген қонақтар қос тұлғаның  шығармалары мен  фотосуреттері қойылған көрмемен танысқан соң, олар жайында пікірлерімен бөлісті.

— Қазіргі «Орал өңірі» газеті 1957 жылы «Октябрь туы» деп аталатын. Сол кезде Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романының алғашқы үзінділері басылған еді. Сол кезеңде роман жанры қазақта көп болмағасын ба, біз ол кісіні біле қойған жоқпыз. Кітабының үзінділері жарық көргеннен бастап, шығармаларын іздеп жүріп оқыдық. Хамза Есенжановты танымаған, білмеген  себебіміз – ол кісі ұзақ уақыт айдауда жүргендігі. Сол айдауда жүріп, осы романдарды жұп-жұқа, бөлшек-бөлшек қағаздарға жаза бастаған. Бостандыққа шыққаннан кейін соларды құрастырып, тұтас бір роман етіп шығарды, — деді шарада сөз алған Тихон Әліпқали.Бұдан соң Айсұлу Қадырбаева мен Дәметкен Сүлейменова қазақ әдебиетінде өзіндік орындары бар қос бәйтеректің шығармаларын бүгінгі жас ұрпаққа жиі насихаттау қажеттігін айтты.

Жастар біздің әдебиетімізді биікке көтерген  Хамза Есенжанов пен Тайыр Жароков секілді тұлғалардың кітаптарын оқып, тағылым алулары керек. Бұл келешегіміз үшін аса маңызды. Музейдегі көрмеден ақын мен жазушының фотосуреттерін көріп, бұрынғы заман есімізге түсіп тұр, — десті олар.

Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»


Ресейден – 60 мың вакцина

Күні: , 44 рет оқылды

Дәрігерлер  қазан  айынан  бастап   тұмаудың  эпидемиологиялық  маусымы  басталып, мамырға  дейін  созылатынын  айтып  ескертуде. Жұқпалы  аурудың  алдын  алу мақсатында  бюджет  есебінен  51  млн. теңгеге  Ресейде  өндірілген  «Гриппол+»  вакцинасының  60  мың дозасы  облысымыздағы  емханаларға  әкелінген.

Бұл туралы №1 қалалық емханада өткен баспасөз брифингінде облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрманов мәлімдеді. Биыл өңірімізде тұмаудың қауіпті А(Н1N1), A(H3N2) және В түрлері тарауы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер қазан айында жұқпалы вирусқа қарсы екпе салу науқанын бастамақ. Балалар, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар адамдар және медицина қызметкерлері екпені тегін егіле алады. Ал бұл топқа жатпайтын тұрғындар Орал қаласының Е. Орақбаев көшесіндегі «Талап» ашық акционерлік қоғамына және аудандық ауруханаларға барып, 1500-2000 теңгеге вакцина жасата алады.

– Біздің қоғамда екпенің қай-қайсысын да пайдасыз көретін адамдар бар. Әрине, вакцина тұмаудан толықтай қорғайды деу қиын. Алайда екпе жасатқан азамат жұқпалы вирусқа шалдықса да, оның жеңіл түрімен ғана ауырады. Сондықтан аурудың алдын алып, тұмауға қарсы күресті күшейтуге шақырамын, – деген Жайдар Бисенбайұлы екпені алғашқы болып өзі жасатты.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Арманы көп-ті Аронның

Күні: , 1 571 рет оқылды

Астанада жүргенде артымыздан «Арон дүниеден өтті» деген суық хабар жетіп, арқамызға аяздай батып, қабырғамызды қайыстырып жібергендей болды.

Күні кеше арамызда жарқылдап жүрген Аронның, Арон Кәукешевтің таң әлетінде мәңгі оралмас сапарға аттанып кете баратынын кім білген!? Ол бәріне үлгеруге асықты. Өзінің шаруашылығындағы қат-қабат шаруа былай тұрсын, ағайын-туған, құда-жегжат, дос-жаранның бірінің де көңілін қалдырғысы келмей, той-думанның ортасында жүрді. Соңғы кезде жүрегінің сыр бергенін де көп ешкімге сездірмеген секілді. Әйтеуір, жол апаты арыстай азаматты алып кетті.

Оның небәрі 51 жас ғұмыры жерлестерінің көз алдында өтті. Бөкей ордасының Бисен ауылында туып-өсіп, осындағы мектептен түлеп ұшқан Арон еңбек жолын сол алтын ұядан бастады. Кейін аудандық ішкі істер бөлімінің ауылдық учаскелік инспекторы, кеңшардың спорт саласы бойынша әдіскері қызметтерін де атқарды. 1996 жылы кеңшар тараған мезгілде абдырап қалмай, кәсіпкерлікке бет бұрды. Табанынан тозып, тірнектеп мал жинады, техника, жер алды.

Тынбай еңбектене жүріп, 2004 жылы «А. Каукешев» шаруа қожалығын құрды. Төрт түлікті жай өсіріп қана қоймай, мал тұқымын асылдандыру, бордақылау жұмыстарына ден қойды. Сөйтіп, он жылда қожалығын қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіретін ірі шаруашылыққа айналдырды.

Аронның бір ерекшелігі, қарауындағы жұмысшылардың тілін тауып, жұмсай білетін. Қолынан келгенше, қарайласып, еңбекақысы өз алдына, қажет болса, қарыз беруге даяр тұратын. Сондықтан шығар, малшы, механизаторлар шын көңілмен, беріліп жұмыс жасайтын.

Өз шаруашылығымен шектелмей, Бисен ауылын қайтсем гүлдендірсем, мәртебесін қайтып биіктетсем деп жүретін. 1967 жылғы құрдастарымен бірлесіп, біраз істің басын қайырды да. Бисен, Жиекқұм ауылдарындағы ауыз су нысандарын сенімгерлік басқаруға алып, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етті. Аудандағы мұқтаж  жандарға қолұшын созып, демеушілік жасап, ауылдастарына мал азығын арзан бағамен, аз қамтылған отбасыларға тегін беріп келді.

Ауыл шаруашылығын дамытудағы еңбегі Үкімет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан бағаланбай қалған жоқ. 2016 жылы бизнестегі әлеуметтік жауапкершілік бойынша өткізілген республикалық «Парыз» байқауында лауреат атанды. Дәл сол жылы, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ерен еңбегі үшін» медалін де өңіріне тақты.

Жақынды бауырына тартып, алысты жақын еткен көпшіл жан талай адаммен араласты. Бәрін қамқор көңілмен қамтығысы келді. Арманы көп еді, көлденең келген ажал үлгертпеді. Мың басқа арналған бордақылау алаңы бітежақ еді, басқа да атқара алмай кеткен жұмыстары қаншама!

Аронның қарасына мың шақты адамның келуінің өзі, шаңырағына ағылған жанның одан кейін де үзілмеуі оның қаншалықты бедел жинағанын көрсетеді. Ел азаматтары қайғырып көңіл айтса, құрдастары атынан Елубай Насыров:

«Болмысы бөлек азамат едің,

Кескекті ердің сойындай.

Ел жүгін артқан қазанат едің,

Тұғырың биік бойыңдай…» деп егіле өлең оқыды.

Бұдан бір жыл бұрын біз де:

Еленіп ерен еңбегің,

Қияға құлаш сермедің.

Елуің келіп еңселі,

Шығатын кезің төрге бұл!

Аяма елден барыңды,

Танысын әлем нар ұлды.

Өзіңдей жандар көбейсін

Толтырар малға Нарынды!

Ақсақалдардан бата алсаң,

Арайлап, күнде атар таң.

Азамат ерге жарасар

Атымтай жомарт атансаң.

Ақындар жырды толғатсын,

Басыңа бақыт орнап шын.

Арқырап шықса

Арғымақ,

Жарқырап алда жол жатсын!

Шындығын айтсақ, таза, нақ,

Алысқа шабар қазанат.

Елімде менің көп болсын

Арондай алғыр азамат! – деп тілек айтып едік. Бір жыл өтер-өтпесте осылайша жоқтап отырамыз деп кім ойлаған. Артында көзінің жасы құрғамай, әкесі Сатыбалды, аңырап жан жары Фарида мен бауырлары, Ерқанаты мен келіні Мөлдір, қос қарлығашы Гүлім мен Айнамкөзі қалды.

Енді әке ісін Ерқанаты жалғастырмақшы. Сірә, оның есімін тегін қоймаған шығар. Ердің қанаты, елдің панасы болсын деген шығар. Алматы ғана емес, шет ел асып, білім алып келген алғыр жас істі жаңаша ұйымдастыратын болар, бәлкім. Сонда, бәлкім, Аронның да жете алмай кеткен арманы орындалар.

Ғайсағали  СЕЙТАҚ,

Бөкей  ордасы  ауданы


Жамағат қуанышқа бөленген күн

Күні: , 44 рет оқылды

Бейсенбі күні Орал қаласына қарасты Круглоозерный кенттік округінің аумағында жаңа мешіт ашылды. Бұл ғибадатхана «Қайрат» шаруа қожалығының жетекшісі, кәсіпкер Жұмабай Айтуевтың жеке қаражатына салынды.

Мешіттің салтанатты ашылуына өңірімізге іссапармен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз, облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев қатысты.

— Құрметті  жамағат, қадірлі көпті көрген аталар, ақ жаулықты аналар, ақжайықтықтар! Бүгін ақ түйенің қарны жарылып, қазақ жұрты тәуелсіз ел болғалы өзінің кешегі жоғалтқан құндылықтары мен дәстүрлері, діні, иманы қайта оралып, осындай әсем мешіттер салып, қуанып жатқан елге Алла Тағаланың нұры жаусын! Алла Тағала қасиетті Құранда «Әрине, Алланың ризалығы үшін оған күмәнсіз иман келтірген пенделер және қияметтің күніне сөзсіз сенген жандар, намазын, құлшылығын орындап, бір үмітім Алладан деп несібесі мен ырыздығына Алладан береке тілеген жандар мешіт салады» дейді. Пайғамбарымыз (с. а. у.) хадисінде «Кім Алла Тағаланың ризалығы үшін мешіт салса, қияметтің күнінде Алла Тағала оған жұмақта сондай ғажап үй салады» деген. Міне, осы пайғамбар үмметінің үлкен сауапты амалының бірін бүгін халық болып, ел болып, сіздердің қолдауларыңызбен, шынайы тілектеріңізбен Жұмабай ағамыз бастап өзінің отбасының атынан халықтың ойлаған үлкен ісін жүзеге асырып отыр. Осы мешіт бізді имандылыққа шақыратын, ұрпақтарымызды елін, жерін, Отанын сүйетін, Алланың лайықты құлы пайғамбарға сүйікті үммет болуға тәрбиелейтін ізгіліктің ордасы болады деп ойлаймын, — деген бас мүфти өзінің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан жаңадан ашылған мешітке қасиетті Құранды сыйға тартты.

Шараға бас мүфтимен бірге келген құрметті қонақ, тарихта есімі қалған Майлықожа ақынның тікелей ұрпағы, белгілі ақын, сазгер Жәкен Омаров имандылық бағытындағы ән-термелерін шырқады. Мұнан кейін қуанышқа шашу шашылып, жиылған көпшілік мешітке енді. Жаңа мешітте жамағат болып алғашқы сәлем намазы оқылды.

— Мешіт ауыл тұрғындарының өтініші бойынша тұрғызылды. 2017 жылы тамыз айында балаларыммен ақылдасып, құрылысты бастап кеткен болатынбыз. Мешітті заманында еліне қызмет қылған Айту бабамыздың құрметіне арнап салып, сол кісінің есімін бердік. Бір кездері мешіттерді қиратып, халықты наным-сенімінен айырған еді. Енді ел тәуелсіздігінің арқасында жас ұрпақты ата-бабаларымыз ұстанған мұсылманшылық  дәстүрге тәрбиелеудің мүмкіндігі қайта туып отыр, — дейді кәсіпкер Жұмабай Есқабылұлы.

Ауыл тұрғындары салтанатты шараның көрігін қыздырған өнерпаз қонақ Жәкен Омаровқа және мешітті салып берген Жұмабай Айтуевке құрмет танытып, иықтарына қазақы дәстүрмен шапан жапты.

Бәдиша  БЕРІКҚАЛИЕВА,

Серебряков  ауылының  тұрғыны:

— Мен осы ауылда туып-өстім. Ауылымызға Алланың үйі – үлкен мешіт салынғанына қуаныштымын. Мешітіміз құтты болсын! Деніміз сау, аспанымыз ашық, халқымыз аман болсын! Ауыл тұрғындары тарапынан мешіт салынса екен деген өтініштің айтылып жүргеніне бес-алты жыл болған еді. Осы істі ойдағыдай жүзеге асырған барша азаматтарға Құдайдың нұры жаусын!

Бәтібай ДҮЙСЕНБАЕВ,

Круглоозерный ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Бүгін ауылымыздың тұрғындары үшін аса қуанышты күн. Бұл игілікті іс тәуелсіздігіміздің арқасында жүзеге асып отыр. Осы сауапты істі ұйымдастырған және оған демеушілік танытқан азаматтарға зор алғысымызды білдіреміз.

Нұртас    НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика