Мұрағат: 26.09.2018


Бір жылға бас бостандығын шектеді

Күні: , 97 рет оқылды

Халықты  заңды  билікті  өзгертуге  үндеп, ел-жұртты  рұқсат  етілмеген  митингіге шығуға  шақырғаны үшін  істі  болған  Бакиза Халеловаға  қатысты  кеше  Орал  қалалық сотының  үкімі  шықты.

Сот Орал қаласының тұрғыны Бакиза Жасылбекқызына қатысты қылмыстық іс материалдарын тексере келе, осыған дейін сот шешімімен экстремистік деп танылған ұйымның әрекетіне қатысқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 405-бабы екінші бөлігі бойынша (Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке немесе өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бола тұра, олардың қызметiне қатысу) сотталушыны айыпты деп таныды.

Айыпталушы Астана қаласындағы Есіл аудандық сотының шешімімен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» тіркелмеген қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын, сол себепті бұл ұйымның ҚР аумағындағы кез келген әрекетіне (соның ішінде интернет ресурстарындағы, БАҚ, әлеуметтік  желі т. б.) тыйым салынатынын біле тұра және бұл жайында БҚО прокуратурасы тарапынан жасалған түсіндіру жұмыстары мен ескертпелеріне қарамастан, интернет желісіндегі «Телеграм» қосымшасына 14 аудиожазба жүктеген. Айыпталушы аталған аудиожазбаларында көпшілікті ашық түрде «Қазақстанның демократиялық таңдауына» қолдау білдіру үшін митингіге шығуға және билікті ауыстыруға шақырған. Сараптама қорытындысы аудиожазбадағы дауыстың Б. Халелованікі екенін дәлелдеген. Осы аудиожазба жазылған диск сотта негізгі заттай айғақ ретінде қолданылды. Б. Халелова бұл әрекеттерін «Телеграм» әлеуметтік желісінен «Дина Нурпейсова» деген атпен парақша ашып, оны «ДВК Запад» тобына тіркеу арқылы жүзеге асырған. Сот айыпталушының қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғанын және тұрғылықты мекенжайынан берілген жағымды мінездемелерді ескере отырып, оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Б. Халеловаға пробациялық бақылау орнатылып, заңда талап  етілген міндеттерді орындау жүктелді. Сотталушы жергілікті атқарушы құрылым анықтаған жерлерде 100 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылатын болды.

Б. Халеловаға мекенжайын рұқсатсыз өзгертуге, сотталған адамның мінез-құлқына бақылау жүргізетін уәкілетті құрылымға ескертпей, қала аумағынан шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ қоғамдық сипаттағы әр түрлі митингілер мен шараларға қатысуға, БАҚ және интернеттегі әлеуметтік желілерге биліктің беделін түсіретін жарияланым, пост, пікірлер шығаруға рұқсат етілмейді. Сот қаулысы бойынша Б. Халелова мемлекет кірісіне талдау-сараптама жұмыстарын жүргізгені үшін  45 595  теңге  төлеуі  тиіс.

Үкім  заңды  күшіне  енген  жоқ.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

 

– Біз бейбіт заманда өмір сүріп отырмыз. Тұрақтылықты қолдан шайқаудың қажеті жоқ. «ҚДТ» ұйымы қарапайым азаматтардың мүддесін қорғамайды. Бар болғаны жеке бастарының қамына сай әрекет жасайды. Сондықтан еліміздің азаматтары сақ болуы тиіс, жалған патриоттардың арзан сөздеріне ермеуі керек. Біз мемлекетіміздің заңдарын құрметтеп, еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті сақтауымыз қажет, – дейді ҚКХП БҚО филиалының идеология жөніндегі  хатшысы  Ниязбек  Есеналиев.


Мемқызметкердің еңбекақысы 2 есе өспек

Күні: , 387 рет оқылды

Өңірлік  коммуникациялар  қызметінің ақпараттық  алаңында  өткен  баспасөз мәслихаты  «Мемлекеттік  қызметшілерге еңбекақы  төлеудің  жаңа  жүйесі»  тақырыбына  арналды.

Тақырыпты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақов тарқатты.  Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің пилоттық  жаңа жүйесін жүзеге асыру тапсырылған болатын.

– Пилотты құрылым ретінде Агенттік, Әділет министрлігі, Маңғыстау және Астана қалаларының әкімдіктері анықталды. Бұл жобаны дайындауды Агенттік «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде 2015 жылдан бастаған еді. Қазіргі таңда мемқызметшінің еңбекақысы жұмыс өтілі мен оның атқарып отырған лауазымының санатына байланысты. Сонымен қоса қызметкер орындайтын жұмыстың тиімділігі мен күрделілігі ескерілмейді. Ал үстемеақы, сыйақы түрінде ынталандыратын төлемақылар бірдей көлемде төленеді. Орталық пен аймақтардағы мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ мемлекеттік пен жеке сектордың қызметшілерінің еңбекақысында тепе-теңсіздік пайда болды. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі бұл келеңсіздіктерді жояды, – деді Болат Исақов.

Пилотты жүйе енгізілген мемлекеттік қызметшілердің еңбекақылары екі есеге өскен. Бос орындарға жарияланатын конкурстар да үш есеге артып, кадрлардың қызметтен кетуі үш есеге қысқарған. Бұл жергілікті жерлерде мемлекеттік аппараттың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, кадрлық әлеуетті күшейткен. Спикер айтып өткендей, аймақ пен орталық мемлекеттік құрылымдардағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысындағы тепе-теңсіздікті қысқарту  енгізілгелі жатқан жаңа жүйенің оң көріністерінің  бірі болып саналады. Жалақы мөлшеріндегі айырмашылық 70%-дан 10%-ға қысқартылған.

Атап өту керек, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі, бірінші кезекте, мемлекеттік құрылымдардың ішкі резервтері есебінен жүзеге  асырылатын  болады.

Ясипа   РАХИМҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


«КӘРІ ҚҰДА» жайбарақаттықты көтермейді

Күні: , 46 рет оқылды

Ақ Жайық атырабында қыс әдетте ұзаққа созылатынын және қаһарлы келетінін ескерсек, алты айға созылатын жылыту маусымына дайындықтың да жайбарақаттықты көтермейтіні  белгілі.

Апта басында облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте алдағы жылыту маусымына, яғни «кәрі құда» – алты ай қысқа дайындық барысы тағы бір мәрте пысықталды. Өңірдегі қуат өндіруші, таратушы және коммуналдық кәсіпорын басшылары, Орал қаласы мен селекторлық режімде байланысқа шыққан барлық аудан әкімдері атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, түйінді түйткілдерді де ортаға салды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Рүстем Закариннің мәлімдеуінше, алдағы жылыту маусымында облыстағы әлеуметтік нысандардың қатты отынға қажеттілігі 3,8 мың тоннаны, ал сұйық отынға сұранысы 0,7 мың тоннаны құрайды.

19 қыркүйектегі жағдай бойынша 2,5 мың тонна көмір мен 0,5 мың тонна сұйық отын жеткізілгенін алға тартқан басқарма басшысы мектеп, балабақша және аурухана сынды әлеуметтік мекемелердің кезекті жылыту маусымына дейін қажетті отынмен толықтай қамтылатынын жеткізді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 198,2 млн. теңге қаржы бағытталған. Өңірдегі денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет нысандары тексеруден өтіп, дайындық паспорты берілген. Жұмыс жүйелі жүргізілуде, алайда Ақжайық, Қазталов және Жаңақала аудандарында қажетті отынмен қамту көрсеткіші өзге аудандармен  салыстырғанда  едәуір  төмен.

Селекторлық режімде байланысқа шыққан Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов көмірге қажеттілік 307 тоннаны құрайтынын, мәселенің екі-үш күнде шешімін табатынын және алдағы жылыту маусымында еш қиындық туындамайтынын мәлімдеді. Қазталов ауданының әкімі  Абат Шыныбеков қазіргі таңда 833 тонна қатты  отын мен 96 тонна сұйық отынға сұраныс туындап отырғанын жеткізді. Отынның уақтылы жеткізілмеуіне мемлекеттік сатып алу шараларының кеш жүргізілуі әсерін тигізгенін мәлімдеген Абат Абайұлы мердігер компаниямен келіссөздер  жүргізіліп  жатқанын  жеткізді.

Облыс орталығын-дағы 1 112, Ақсай қаласындағы 89 көп пәтерлі тұрғын үйге дайындық паспорты берілген. 29 әлеуметтік нысан жылу жүйесіне қосылған. Жалпы 40 мыңнан астам жылу желісін қалпына келтіру және жөндеу жұмысы жоспарланған, соның ішінде Орал қаласында 11,5 шақырым және Ақсай қаласында 28,8 шақырым. Қазіргі таңда жұмыс 84 пайызға орындалған. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 32 шақырымнан астам жылу желілерін қайта құруға бағытталған алты жоба да жемісті жүзеге асуда. Нәтижесінде облыс орталығындағы тозығы жеткен ескі жылу желілері 52,4 пайыздан 51,6 пайызға, ал Ақсай қаласында 43 пайыздан   7  пайызға  азаяды.

Жиын барысында «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Бәйменов кәсіп-орынның «ҚазТрансГазАймақ» АҚ алдындағы берешегі 311 млн. теңгені, ал тұрғындардың көрсетілген қызмет үшін қарызы 328 млн. теңгені құрап отырғанын айтты. Тұрғындардан қарызды өндіріп алу мақсатында жыл басынан бері 1 200 шағым сотқа жолданып, 150 аутокөліктің қозғалысына тыйым салынған. Жеке сот орындаушыларының «күрделі» істерді алудан қашқақтайтынын, нәтижесінде қордаланған қарызы бар пәтер иелерінің бірсыпырасы әлі күнге қарызын өтеуге асықпай  отырғанын  ортаға  салды.

Ақ Жайық атырабында қыс мезгілінің ұзаққа созылатынын және қаһарлы келетінін ескерсек, алты айға созылатын жылыту маусымына дайындықтың да жайбарақаттықты көтермейтіні белгілі. Жиынды қорытындылаған Бағдат Азбаев аудан әкімдері мен коммуналдық кәсіпорын басшыларына дайындық жұмыстарын уақтылы әрі сапалы атқаруды міндеттеп, нақты  тапсырмалар  жүктеді.

Динара  ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал  өңірі»


Олқылықтар түзелсе, асылдың да айы оңынан туар…

Күні: , 35 рет оқылды

Оқырмандарымыздың есінде болса, газетіміздің биылғы жылғы 19 маусым күнгі №66 санында  «Субсидия төленбесе, отандық бренд саналатын түлікке зор қатер төнеді…» атты мақала жарияланды.

Онда қазақтың ақбас тұқымды сиырын бағып баптау, одан әрі асылдандыру, басын көбейту, одан алынатын өнімді арттыру  сияқты жыл-он екі ай тоқтамайтын жұмыстарға бұрын субсидия төленіп келгені, енді оны Ауыл шаруашылығы министрлігі  биылдан бастап тоқтататындығы туралы баяндалған еді.

Аталмыш түлікті өсірумен айналысатын шаруашылықтарға зор көмек болған субсидия тоқтаса, асыл малдың тамырына балта шапқанмен бірдей деген мал өсірушілердің пікірлері де ол мақалада молынан келтірілген еді. Өкінішке орай, бекер қауіптенбеппіз, осы қыркүйектің 18-де субсидия туралы ереже қолданысқа еніп, сатып алынатын отандық асыл тұқымды аналық малға берілетін субсидия тоқтатылды. Мамандардың пайымдауынша, мұның тигізетін үш бірдей кері әсері бар көрінеді. Оны санамаласақ, бірінші — асыл малды сатып алуға деген қызығушылық азаяды,  екінші — шаруашылықтар өсірген асыл тұқымды қашарларын сата алмағасын, әрі қарай мал санын көбейтуге деген құлшыныс болмайды, үшіншісі, ең бастысы,  бұл әлеуметтік мәселе, ол ауылдағы жұмыссыздықты жоюға салқынын тигізбей қоймайды. Мал азайғасын, малшының қажеті болмай қалады. Әрі қарай індетсек, ауылдан көшу қарқыны күшейеді.

Сөзіміздің басында айтқан мақаланы дайындау барысында малшылар мен мамандар әу баста, 1998 жылдың 9 шілдесінде қабылданған  «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңға 2015 жылы 27 қарашада енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға көңілдері толмайтындығын да  жасырмаған еді. Соған орай біз бүгін аталмыш заңның қай тармақтары текті түлік өсірушілердің көңілінен шықпай келе жатқандығына тоқталмақшымыз. Ол үшін шаруалармен қатар мамандардың пікірлеріне де  құлақ түріп көрдік.

Қаламымыздың ұшына ә дегеннен «қазақтың ақбас сиырының «табанына» қадалған шөңге маңдайыма қадалсын» — деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін Мақсот Кенжеұлы Балқыбаев  ілікті. Ол — Ақ Жайық өңірінде елу жылға жуық уақыттан бері мал шаруашылығы соның ішінде ірі қараның тұқымын асылдандырумен үзбей, тікелей айналысып келе жатқан мамандардың бірі. Бұл азаматтың жоғарыда айтқан маман ретіндегі жарты ғасырға жуық ғұмыры қазақтың ақ бас тұқымын ұшпаққа шығаруға арналған жанкешті жұмыспен өріліп келе жатқаны, әсіресе, малшыларымыз бен ғалымдарымызға өте аян. Бүгінде аты мен атағы айдай әлемге кеткен қазақтың ақ бас тұ-қымы сонау 1950 жылы өмірге келіпті. Әрине, оған дейінгі жұмыстар  шамамен 1930 жылдары, яғни кеңес үкіметі кезінде мына Аңқаты ауылында қолға алынған ғой. Бұл кезде одақ бойынша қазақтың тағы да екі аймағы Қарағанды мен  Шығыс Қазақстанда да тап осындай асыл тұқымды шығару жұмыстары басталыпты.

— Биыл, — дейді мал маманы Мақсот Кенжеұлы: — Қазақтың ақбас сиырының өз алдына асыл тұқым болып бекітілгеніне 68 жыл толды. Осы жылдардың ішінде бұл тұқымның көрмеген қорлығы жоқ десе де болады. Оның соңғысы (егер соңғысы болса), заңға кейін енгізілген әлгі өзгертулер мен толықтырулар. Ол аталған заңның бірінші бабына, біздің ойымызша, мүлдем қате енгізілген 36-1 тармақшасынан басталады. Бұл тармақшаның талабына жүгінсеңіз, «таза тұқым» деген малдың өз қанының үлесі 93,75 пайыздан кем болмауы немесе басқа тұқымның үлесі 6,25 пайыздан артпауы (15/16) керек деп жазылған. Мұндай талапқа Қазақстанда өсірілетін ауыл шаруашылығы малдарының отандық тұқымдарының қай түрін (түйе, жылқы, ірі қара, қой) алып қарасақ та, көбі сәйкес келмейді. Неге дейсіз бе? Айтайын. Себебі, ол тұқымдарды шығару барысында «кіріктіру», орысша айтқанда «вводное скрешивание» әдісі қолданылған. Ол дегеніміз — малдың тұқымдық және өсімталдық қасиеттерін жақсартуда «ағайындық тұқымның» (родственная порода) қанын «қан жаңарту» үшін пайдалану. Мысалы, қазақтың ақбас тұқымының қанын жаңарту үшін герефорд тұқымын пайдаланғанымыз сияқты. Түліктің тектілігін сақтап қана қоймай, оны әрі қарай күшейтіп отыру үшін «қан жаңарту» әдісін қолданып отыру керек.

Иә, тәжірибелі мал маманының сөзінің жаны бар. Қай салада болмасын оны қолдайтын, қолпаштайтын, түрлі әрекеттерден қорғайтын темірдей қатты заң керек. Онсыз қандай сала болмасын, қанатын жайып дами алмайды. Ал асыл малды қорғайды, қолдайды деген мынау заңның кейбір тармақшасының асыл тұқымды мал шаруашылығы иелерінің, мал мамандарының ойларынан шықпай, пұшайман қылып қойғанын олар бізге жасырмай айтты.

Дегенмен аталмыш заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар әу баста, жоба түрінде дүниеге келіп, кіндігі кесілгенге дейін ақи-тақи талқыланды емес пе? Сонда мамандар, шаруалар неге үнсіз қалды? Бүгінгі айқайлары «той өткен соң, даңғыра» емес пе?

— Үнсіз қалған жоқпыз! Осы тармақшаны заңға енгізбеу керек, ол дұрыс болмайды  деген әңгімені біз заң қолданысқа енбестен бұрын бастадық. Талай еңселі есіктерді ашып, биік табалдырықтардан аттап, «осы» деген лауазым иелерінің алдына бардық. Уәждерімізді, дәлелдерімізді келтірдік. Құлақ қойып, тыңдауларында қапы жоқ. «Қараймыз, ескереміз» — деп арқамыздан қағып шығарып салды. Мәз болып, біз кеттік. Бірақ заң күшіне еніп, жарық көргенде біздің айт-қандарымыз ескерілмегенін бір-ақ білдік…Ал осы күндерде заңдағы осы тармақшаны мүлдем алып тастау немесе оған өзгерту енгізу туралы ұсыныстар әзірленіп жатыр деген әңгіме естіледі. Егер ол рас болса, малшылардың көктен тілегені жерден табылған қуаныш болмақ. Десек те, бір тентек «Әкемді алған құдайға сенбеймін» дегеніндей, әлі де болса, қорқыныш та, күдік те жоқ емес. Оның үстіне малшылар мен мамандар аталмыш заңның тек бір тармағына ғана үрке қарап отырған жоқ.

«Заңның әр тармағын қағып, сілкіп, аударып-төңкеріп оқысаң, басқа да үстірт тұстары баршылық» — дейді малшылар мен мамандар. — Мысалы, қазіргі қолданыстағы заңның 1-бабының 7-тармақшасында: «асыл тұқымды мал – республикалық палатада тіркелген, тұқымның өнімділік бағыты мен деңгейіне сай келетін, таза тұқымды мал» — деп белгіленген. Ал, шындығына келсек, еліміздегі отандық тұқымдық малдардың көпшілігі таза тұқымға жатпайтын себепті, олардың көпшілігі асыл тұқымды мал болып есептелмейді. Мал Палатада тіркелген, тұқымның өнімділік бағыты мен деңгейіне сай келеді, бірақ таза тұқым емес, өйткені  басқа тұқымның қан үлесі 6,25 пайыздан жоғары. Сонда отандық асыл тұқымды мал саусақпен санарлық болып шықпай ма? Мұны қалай түсінуге болады?».

Біз осы мақаланы дайындау барысында асыл тұқымды түлік өсіремін деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген біраз шаруалармен сөйлестік, пікірлерін білдік. Сонда олардың заң туралы айтқан ойларының бәрі дерлік бір арнадан шығып жатты. «Заңның «асыл тұқымды өнімді (материалды) тану туралы 17-бабының 2-тармақшасын оқиық. Онда, — дейді шаруалар: «ұрық асыл тұқымдық орталықтарда асыл тұқымдық малдан алынған, өңделген және асыл тұқымдық куәлігі болған» жағдайда танылады деп белгіленген. Дұрыс делік. Алайда осы жерде бір бірақ бар. Ол – селекциялық мақсатта бізге керек деген жақсы бұқаның ұрығы асыл тұқымдық орталықта болмаса, не істеуіміз керек? Өйткені  бүгінде асыл тұқымдық орталықтардың жағдайы тіптен мәз емес. Оларда бірді-екілі ғана жақсы бұқалар бар. Олардың өздері де тиісті түрде тексеру мен бағалаудан өтпеген. Ал талап бойынша асыл тұқымды орталықта тек тексеру мен бағалаудан өткен бұқалар ғана жұмыс істеу-лері керек. Мұны «двухэтапная оценка» дейді. Бірақ бұл талап бүгінде орындалып отырған жоқ. Сонда не істеуіміз керек, деген сұрақтың құлағы қылтияды. Ол үшін әр шаруа қожалығы өздеріндегі бұқалардың ұрығын қатырып, пайдалануға иә болмаса, шетелге барып, ондағы бұқалардың ішінен таңдап тұрып алып, сол жерден оның ұрығын дайындатып, сатып әкеліп, пайдалануларына  рұқсат беру керек. Бұл енді баяғы ескі амал болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұдан басқа тығырықтан шығатын жолды қазір көріп тұрған жоқпыз» — дейді шаруалар.

*  *  *

— Мал тұқымын асылдандыруда үш қағида мұқият ескеріліп, қатаң сақталуы керек, — дейді Мақсот Балқыбаев. – Олар бірінші — генетикасы күшті, өнімділігі жоғары аталық бұқаларды пайдалану,  екінші — малды қолдан ұрықтандыру, үшіншісі —  аналық малдарды өсіруде іріктеу мен сұрыптау жұмыстарын қатаң түрде жүргізу. Ал біз сөз етіп отырған заңның 20-бабында: «Тұқымды өз төлінен өсіру үшін іріктелген асыл тұқымды тұқымдық мал тексеруге және бағалауға жатады» — деп көрсетілген. Қазіргі жағдайда бұл баптың талабы толықтай орындалып отыр деп айтуға болмайды. Осындағы «тексеруге», «бағалауға» деген сөздердің мағынасы мыналарды білдіреді – табынға қосылатын бұқашықтар 8-15 айлықтарында арнайы салынған стансаларда өз өнімділігі бойынша сынақтан өтіп, өнімділігіне байланысты сертификат алулары керек. Аталық бұқалар ұрпақтарының сапасы бойынша бағаланып, оларға да сертификат берілуі тиіс. Бірақ бізде арнайы стансалар жоқ болса, бұқаларды тексеру мен бағалау қай жерде өткізіледі? Сынау мен бағалауды айтамыз, оның бер жағында көк тиын қаражат қажет етпейтін сертификат беруге де атқарушы құры-лымдар тарапынан тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей отырғанын қайда қоямыз? Мысалы, «Сәбит» шаруа қожалығы — 2015 жылы елімізде үлгі жоба бойынша салған сынақ стансасы бар бірден-бір қожалық. Ал соның өзі өнімділігі бойынша сынақтан өткен бұқашықтарына әлі күнге дейін сертификат ала алмай жүр!

 Қорыта айтқанда, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын құқықтық негізде жүргізуіміз керек. Ол үшін заңымыз дұрыс, тығырықтан шығарар діңгегі мықты, баптары мен тармақтары бұлтаққа жол бермейтін жұп-жұмыр, тегеурінді  болуы қажет.

* * *

Заңдағы олқы тұстардың кесірінен бүгінде ақбас тұқымның бойына сан жылдар бойы тірнектеп жинаған тектілік және өнімділік қасиеттерін жоғалтып жатырмыз. Дегенмен өмір бір орнында тұрмайды, ілгері жылжи береді. Бүгін таңғажайып жаңалық болып есептелген дүние уақыт өте келе ескіреді, мән-мағынасын жойып, уақыт, заман  талаптарына жарамсыз болып қалады. Заң да өмір енгізетін талаптарға сай өзгеріп, толықтырылып, жетілдіріліп отырылуы тиіс. Сондықтан шаруалар мен мал мамандары «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңның да олқы тұстары орнына келер деген сенімнен күдер үзбейді! Өйткені кері шегінуге болмайды. Олай етсек, «Керуен кері бұрылса, ақсақ түйе көш бастардың» кебін киіп, не сүті жоқ, не еті жоқ шүрегей сиырларымызды місе тұтып, баяғы таз кепешімізді  қайтадан  киюіміз  әбден  мүмкін…

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ, 

«Орал  өңірі»


Айман САТҚАНОВА: «Қажет кезде жекпе-жекке де шыққанмын…»

Күні: , 136 рет оқылды

Бүгінде  кәсібін  өрістетуді ойламайтын  жан  аз шығар.  Әрине,  армандау бар  да, оны  жүзеге  асыру  бар.  Бұл  жолда  талмай  еңбектеніп, қиындықтан  қорықпаған адамның  ғана  айы оңынан  туып,  шаруасы  өрлейді. Біздің  бүгінгі  кейіпкеріміз Айман  Сатқанованың кәсіпкерлікке  иек  артқан  алғашқы  қадамдары сізді де  бейжай  қалдырмауы мүмкін. Сенбесеңіз, құлақ түріңіз. Екеуара  әңгіме-дүкен  барысында  ол  бізге былай деп еді.

Мектеп бітірген соң Батыс Қазақстан медициналық колледжіне  акушер-гинеколог мамандығы бойынша оқуға түстім.  Содан үш жыл ауруханада  акушер болып қызмет істедім. 1990 жылдары қиын уақыт болатын. Айлап жалақы ала алмайсың. Сосын  күн көрудің қамымен базарға шығып, сауда-саттықпен айналыса бастадым. Бірде танысым: «Германиядан машина алып келіп сатсаң, қыруар ақшаға кенеледі екенсің» деді.  Соны естіп алған соң күндіз-түні Германияға баруды ойладым. Тіпті Германияға барып жүрген адамдардан жол жүру маршрутын біліп алдым. Ол кезде ұшаққа міну арман болатын. Германияға бару үшін Мәскеуге, одан кейін бірнеше қалаға барып автобусқа  отырасың. Содан тәуекелім тас жарып, виза аштырдым да,  жинап жүрген ақшаммен Германияға тартып кеттім.  Үйдегілерге айтсам, жібермейтінін біліп, оларға да тіс жармадым.

Майндағы Франкфурт қаласындағы автовокзалға келгенде мінген автобусымыз тоқтады. Жолаушылар түсіп жатыр. Мен автобустан түсерімді, не түспесімді білмей тұрмын. Көлік жүргізушіге «Мені  машина сататын жерге жеткізіп салыңызшы, ақшасын төлейін» десем, ол «Қаланың ішін білмеймін», – дейді. Көліктен түсіп, автовокзалға кірдім. Сол кезде неміс тілін білмей, Германияға келіп тұрғанымды түсіндім. Айналамдағы адамдардан жөн сұрайын десем, оларға машина сататын жер мен қонақүйді түсіндіре алмай, дал болдым. Бәлки, бір қазақ  кезігіп  қалар  деген үмітім де  сарқыла  бастады.  Кеш батты. Әрі-беріден соң жыларман күйге түстім. Содан бір қазақты кездестіруден мүлдем күдер үзіп, ең болмаса, «Араларыңызда орысша білетін адам бар ма? Маған қонақүй табуға көмектесіңіздерші, өтінемін?!» деп айқай салдым. Бір кезде жасы қырыққа таяған азамат келіп: «Тыныш! Неге сонша айқайлайсың?! Қоғамдық тәртіпті бұзғаның үшін полиция алып кетсе, қайтесің?!» – деді орысша. Мен оның орысша сөйлегеніне қуанып кеттім де, қонақүй тауып беруін өтіндім. Ол менің чемоданымды көтерісіп, көлігіне отырғызды. Үйіне алып баратынын айтты. Мына ғажапты қараңызшы!

Жөн сұраса келе, оның туған інісі Зеленов ауданының Трекин ауылында тұрады екен. Туғанымды көргендей қуандым. Келіншегі бізді қарсы алып, дастарқан жайды. Ол отбасымен әлі күнге дейін араласып тұрамыз. Сол сапарымда олардың көлігін сатып алып, Оралға айдап шықтым. Іштей қуанып келемін. Содан Мәскеудің қатарына келгенде алдымнан еңгезердей төрт-бес жігіт шығып, көлігімді тоқтатты. Өздеріңіз білесіз, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары рэкет дегендер шығып, жол бойында бопсалау, қоқан-лоқы жасау көп болатын. Түрлі қылмыстық топтар жүретін аймақтарын меншіктеп алып, ұшқан құс пен жүгірген аңнан басқасы өздеріне төлем төлеуі керек деген қатаң «тәртіп» орнатқан кез ғой. Қылмыс әлемінің өз сөзімен айтқанда, олар өздерін «вор в законе» деуші еді ғой. Содан көліктен түсіп, амандастым. Біреуі тұрып, «Артыңнан келетін машина бар ма?» деді. «Жоқ» дедім. «Бұл жақта неге адасып жүрсің? Аман қалғың келсе, көлігіңді таста да тайып тұр» деді. Мен көлігімді тастамайтынымды, қажет болса, жекпе-жекке шыға алатынымды айттым. Машинада Германиядан арзандатылған бағамен сатып алған компьютер, тоңазытқыш, ноутбук бар еді.  «Егер келіссеңіздер, көліктегі барлық тұрмыстық техниканы алып қалыңыздар. Отбасымды асырау үшін осындай тәуекелге бардым. Маған және машинаға тиіспеңіздер. Егер мені өлтірсеңіздер, қыздарымның көз жасына қаласыздар» дедім. Олар басын шайқады. «Жақсы, жүре бер. Тек мына ноутбукты алып қалайық. Қазақстанға жеткенше енді сені ешкім тоқтатпайды. Егер мазалап жатырса…» деп ұялы телефон нөмірін берді. Содан кейін олармен де жақсы сөйлесіп кеттім. Қазақстанның шекарасынан ассам, оларға хабарласамын. Күтіп алып, шығарып салады. Қазір сол кездегі батылдығыма, тәуекелшілдігіме  қайран  қаламын.

Бірнеше жыл шетелден машина алып келіп, Оралдағы тұтыну-шыларға сатып жүрдім. 2005 жылы жинаған қаражатыма «Баспахана» аялдамасы маңынан 50 шаршы метр болатын ғимарат сатып алып, «Альбина» сұлулық салонын  аштым, –  дейді ол.

Айман Сатқанова  Жаңақала ауданындағы  мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Айман дүниеге келерде әкесі Әбілхат ұл күтсе керек, кішкентай кезінен спортқа бейімдеп өсірген. Кейіпкеріміз мектеп қабырғасында волейбол, баскетбол, теннис ойындарында алдына жан салмаған. Кейін дзюдомен ден қоя шұғылданып,  халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанады. Уақыт өте келе, өмірдегі қиындықтарды жеңіп шығатынына сенімді болған сұлу бикеш жеке кәсіпкерлікпен айналысып, сұлулық салонының бизнесін жүргізе бастайды. «Альбина» салонында бүгінде 40-қа жуық өз ісінің шебері еңбек етіп жүр.

Сұлулық салоны «Халықтық таңдау», «Сапалы қызмет» аталымдары бойынша бірнеше мәрте марапатталған. Қайырымдылық шараларына жүйелі қатысады. Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Роза Рымбаева, Қайрат Нұртас, Айқын Төлепберген секілді елімізге танымал өнер иелері Оралға гастрольдеп келу сапарында осы салонның қызметін таңдаған. Айман Әбілхатқызы қол астындағы қызметкерлерінің білім жетілдіруіне, шетелге барып, тәжірибе жинауына жүйелі қолдау білдіріп келеді. Ол былтыр Париж қаласында өткен халықаралық чемпионатта «Шаштараз өнері» бойынша халықаралық деңгейдегі тренер атағын алған. Бүгінде АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласынан сұлулық салонын ашып, игілігін  көруде.

Кейіпкеріміздің айтуынша, оның кез келген бастамасын қолдайтын жұбайы Тасқын Қажымов екен.  Отбасында сыйластық пен махаббатты, бір-біріне деген сенімді алдыңғы орынға қоятын жұп бүгінде бақытты. Орыс халқында «Ер адамның жүрегіне апарар жол оның асқазаны арқылы өтеді» деген мағынаға саятын әзіл-шыны аралас мақал бар. Осыны ескеретін Айман отағасының  жұмыстан үйге көтеріңкі көңіл күймен оралуы  үшін күн сайын тәтті тағам пісіруді әдетке айналдырған. Тіпті аяқасты келіп қалған қонаққа да қазақтың еті асулы дайын тұрады екен.

– Жұбайым асханадан немесе кафеден тамақ ішкенді ұнатпайды. Тек мен пісірген тамақты жейді. Сенбі-жексенбі күндері бір апта бойы дайындайтын тамағымның еттерін турап, жаймаларын дайындап, мұздатқышқа қатырып қоямын. Мен қазақы асты өте жақсы дайындағаныммен, орыс халқының борщын басында дәмді дайындай алмайтын едім. Тасқын Самара қаласындағы бір мейрамханада борщты өте дәмді даярлайтынын жиі айтатын.

Бірде жолымыз түсіп, Самараға бардық. Содан әлгі мейрамханаға әдейі  тоқтатқызып, борщқа тапсырыс бердім.  Тамақтанып болған соң жалынып жүріп, бас аспаздан борщтың құрамы мен жасалу жолын жазып алдым. Үйге келіп пісіріп едім, өте дәмді шықты. Қазір жұбайым Самараға барса да, үйден пісіріп, ыдысқа құйып жіберген  борщымды ішеді. Өзбек палауының да жасалу жолын Ташкенттегі «Палау орталығына» барғанда  үйреніп алдым. Жұбайымның тәбеті қандай тағамға тартса, сол тамақты интернеттен қарап, аспаздардан сұрап болса да, дәмді етіп пісіріп беруге тырысамын, –  дейді кейіпкеріміз.

Бұл жанұя жуырда Анар, Альбина есімді екі қызын құтты орнына қондырып, ұлан-асыр той жасаған. Мектептен кейінгі білімін шетелде, яғни Анары Америкада, Альбинасы Лондонда жалғастырған апалы-сіңлілі қыздар Әлішер, Қайрат  есімді азаматтармен  бақытты өмір  сүруде.

Кәсіпкер келіншек «Альбина» сұлулық салонының жанынан оқу орталығын ашқан. Жұмыссыз жастарды кәсіпке бейімдеу мақсатында  ашылған орталықта  айына 50-ге жуық маман  шаш бояу, қию, бет әрлеу бойынша  дәріс алып, машықтан өтуде. Курс соңында арнайы  сертификатқа ие болады.

Жетістігінің сырымен бөліскен Айман Әбілхатқызы адам қандай қиын жағдайға түссе де, жақсылық ойлап, болашағының жарқын болатынына сене білуі керектігін айтады.

– Сұлулық салонына жұмысқа орналасуға келген  жастармен алдымен өзім сөйлесіп, болашақтағы мақсатын, жоспарын білемін. Сонда байқайтыным, көбінің нақты мақсаты, не арманы жоқ. «Менің қолымнан келмейтін сияқты», «Жолым болмайын деп тұр» деген оймен аналарының «Сенің қолыңнан түк келмейді», «Орысша білмейсің, сондықтан қызметте өсе алмайсың», «Сен қашан адам болар екенсің?!» деген сөздері жадында сақталып қалған. Адам жаман энергия беретін сөзді қайталай берген сайын оның өмір жолы да солай өріледі. Ұйықтарда дұрыс нәрсе ойлап, аузынан тек жақсы сөз шыққанда ғана адам өзін жақсы сезіне бастайды. Көңіл күйі жақсы болса, кез келген жұмысты тыңғылықты атқарады. Күнкөріс үшін жұмыс жасап жүрсе де, адам армандауды ұмытпай, ойша арманына саяхат жасауы керек. Ұйқыдан тұра салысымен, көңіл көтеретін ән, әуен, өлең, күй, бейнеролик тыңдаңыз. Көңілге қаяу түсіретін жаман хабарды еріксіз не байқамай естіп қалсаңыз, оны ұмытып, бірден жақсы нәрсені қайта тыңдай бастаңыз. Жадыңызда үнемі жақсы ойларды сақтаңыз. Сонда ғана бастаған ісіңізде береке болады, –  дейді ол.

Кейіпкеріміздің ендігі мақсаты – балдырғандардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған жеке балабақша ашу. Қиындыққа мойымайтын қайсар жанның ол белесті  бағындыратынына  да сенеміз.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


БҚО кәсіпкерлер палатасында жаңа басшы

Күні: , 37 рет оқылды

«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының және БҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің шешімдері бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры болып Ербол Иденов тағайындалды.

Айта кетейік, Ербол Асылбекұлы 1977 жылы Тасқала ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Халықаралық бизнес университетін (UIB) бітірген.

Еңбек жолын 1998 жылы «W.K.D.» ЖШС Орал филиалында оператор-ассистент болып бастаған. 2001 жылы  «Қазақстан халық банкі» АҚ БҚОФ-да, одан соң  екінші деңгейлі банктерде түрлі жауапты қызметтерде болды.

2015 жылдан бастап «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ БҚО бойынша аймақтық филиалының директоры болып қызмет  атқарып   келді.

Айна  ИМАШЕВА


Заңсыз сыйлық алғанға – 1,3 млн. теңге айыппұл

Күні: , 35 рет оқылды

Жемқорлықпен  күресті  тек  мемлекеттік  құрылымдар  ғана  емес,  меншік нысанына қарамастан,  квазимемлекеттік  сектор да жүргізуі  қажет.

Бұл туралы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршаға ортақ міндет» атты дөңгелек үстелде айтылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басқарма басшысы Біржан Хайруллин мәлімдегендей, Елбасы бекіткен «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында» жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен өкілетті құрылым ғана күреспейді. Бұл  күрес – жалпыға ортақ  міндет. Бүгінгі заман талабына сай әр адам сыбайластықтың сиқырынан ада, адал болуы шарт. Жемқорлықтың алдын алуда  бүгінде бірінші кезекте  цифрландырудың көмегі зор болып отыр. Себебі мемлекеттік қызметтің көпшілігі электронды түрде қолжетімді. Мемқызметті қолымыздағы смартфонмен де, дербес компьютер арқылы да үйден шықпай-ақ алуға болады. Цифрландыру сыбайлас жемқорлық тәуекелін жоюға мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік құрылым мен қызмет алушының арасында тікелей байланыс орнаса, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туындайды. Цифрландырылған жүйе арқылы қызмет көрсетуде адамдар өзара байланыспай-ақ қажетті қызметке қол жеткізуге болады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелі жойылып қана қоймай, қызмет алушының қаржысымен қоса уақыты да  үнемделеді.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға үкіметтік емес ұйымдар да үлес қосуы қажет. «Алайда кейбір ҮЕҰ сыбайлас жемқорлыққа қатысымыз жоқ деген уәж айтады. Мысалы, балалармен жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдардың негізгі мақсаты балалардың құқығын қорғау болса, олар  мектептерде заңсыз ақша жинау деректерін жоюға көмектесуі қажет.  Өйткені мемлекет мектептерде, білім ордаларында заңсыз ақша жинауға заңмен шектеу қойды», – дейді Біржан Хайруллин.

Заңнамаларда мемлекеттік қызметкерлермен қатар, бюджет саласы қызметкерлеріне де  қызмет атқару кезінде заңсыз сыйлық алуға тыйым салынған. Заңсыз сыйлық берген адамның  әрекеттерінде қылмыс ізі болса, оған соттың шешімімен 200 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ақшаға айналдырған кезде 480 мың теңгені құрайды. Ал сол сыйлықты алған жай қызметкерге немесе басшыға 600 АЕК мөлшерінде, яғни 1 млн. 300 мың теңге айыппұл салынады. Басқарма басшысының сөзінше, жақында өзінің қарамағындағы қызметкерден заңсыз сыйлық алған әскери қызметшіге осынша айыппұл  салынған.

Шарада облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Дәурен Ақмолдин сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бағытында қабылданып жатқан шараларға ҮЕҰ-ның қосып жатқан үлесі жөнінде баяндады. Оның сөзінше, өткен жылмен салыстырғанда биыл  бұл бағытта бөлінген қаржы отыз екі пайызға өскен. Облыстағы әлеуметтік жобаларды  биыл, негізінен, “Жайық таңы” қоғамдық  бірлестігі  іске  асыруда.

Дөңгелек үстелге қатысқан түрлі басқарма басшылары, мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік  емес ұйым жетекшілері  жемқорлықпен күресу жолдары жөніндегі ойларын ортаға салып, өзара  пікір  алмасты.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»


«Жүректен жүрекке»

Күні: , 25 рет оқылды

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында төртінші қайырымдылық гранд балының дебютанттары «Жүректен жүрекке» атты акция ұйымдастырды.

Шарада  гранд бал жобасының авторы Алпамыс Шәрімов он жастағы Шыңғыс есімді мүмкіндігі шектеулі балаға өзінің сыйлығын тарту етті.

— Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында біз мұңаймаймыз. Қайта баламның болашаққа деген ынта-жігері арта түсетініне сенемін. Сыйлық беріп, баламды қуантып жатқандарыңызға көп рақмет. Осындай жобаларыңыз жалғасын тауып, істеріңізге Алла береке берсін, — деді Шыңғыстың анасы Мәрия Шәгирова.

Аталмыш акцияны ұйымдастырушы Айнұр Қауышеваның айтуынша, акцияға қатысқан әрбір дебютант сыйлыққа толы 120  жәшікті даярлап, көмекке мұқтаж отбасыларға өз қолдарымен апарып табыстамақ.

Айта кетейік, өңірімізде жыл сайын  жалғасын тауып келе жатқан қайырымдылық гранд балы 1 қазан күні «Ақ сарай»  мейрамханасында өтеді.

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»


Ауыл жастарының бетін кәсіпке қалай бұрамыз?

Күні: , 22 рет оқылды

30 қыркүйек – Еңбек күні

Қазіргі кезде “Жалпыға ортақ еңбек қоғамы” идеясына қатысты іс-шараларды өрістету ерекше маңызға ие. Бүгінде қоғамда еңбек етудің маңыздылығы мен қоғамға қажетті материалдық игіліктерді өндіруге деген ынта-ықыластың төмендеп бара жатқаны ешкімге жасырын емес. Қоғам алдында, әсіресе, жастар арасында табысы жоғары саналатын әншілердің, спортшылардың, заңгерлердің беделі жоғары. Ал озық технологияларға жастардың құлшынысы болғанымен,  ол салада еңбек ету үшін терең білім мен жоғары біліктілік қажет. Ол үшін бітпейтін эксперименттермен айналысатын емес, жүйелі озық білім беретін оқу орындары керек. Сондықтан бұл жөнінде мақтануымызға әлі ертерек. Кәсіпкерлікпен айналысу кез келген адамның қолынан келе бермейді, өйткені оған да біліммен қатар маркетингтік-менеджменттік қарым-қабілет қажеттілігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Ал кезінде облысымыздың бюджетінің тең жарымын ауыл шаруашылығы саласы өнімдерін өндіру арқылы толтыратын. Соңғы кезде бұл көрсеткіш азайып барады.

Оның басты себебі – баға әділетсіздігі салдарынан туындаған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің тиімсіздігі, ауыл шаруашылығымен айналысуға ынтаның кемуі, кадрлардың жетіспеушілігі. Әуелден де мамандық ретінде беделі төмен малшылардың жетіспеушілігі заңды құбылыс десек, енді ауылдарда механизаторлардың тапшылығына таңғалмайтын болдық. Қазіргі уақытта бұл кәсіпке баратын жастар жоқтың қасы. Сол тұрғылықты жерінде қалатын жастардың тағдырын да мықтап ойластыруымыз қажет. Оларды ағылшынша оқытамыз деп бас қатырудан гөрі, мұндай мектептерді бұрын орысша оқытқан тәжірибе бойынша жатақханаларды пайдалана отырып, аудан орталықтарында оқытуды ұйымдастырған тиімді болмас па? Білім ошақтарына еңбек ардагерлерін шақырып, «Сенің таңдауың» кәсіптік бағдар сабақтарын өткізуді дағдыға айналдырсақ, тиімді болар еді.

Өмірден алынған сәтті мысалдарды, танымал бизнес-идеялар мен дайын бизнес-жоспарларды бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырып, бизнес жүргізу туралы айдарларды ашу да маңызды. Жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшылығы мен мемлекетке қажеттілігін  ескере отырып, дуальды білім беру жобасын ілгерілету бойынша ұйымдастырушылық-практикалық іс-шараларды өткізу және оларды БАҚ-та ақпараттық сүйемелдеу, өмірлік қолданысқа ыңғайлау да іс-тәжірибеге айналғаны дұрыс. Осындай жолдармен жастарды еңбек жолына бағыттауды жүйелі түрде қолға алмасақ, оны мектеп қабырғасынан бастамасақ, жеңіл ақша табуға әзір буын өкілдерін өсіруден арыла алмасымыз анық.

Еңбекке ынталылықты арттыруда облыс тұрғындарының еңбек заңнамаларын білуі маңызды. Осы мәселені шешуде республикамыздың Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жыл сайынғы тұрғындарды еңбек заңнамаларына жалпылай оқыту ұйымдастыруы септігін тигізуі тиіс.

Осы орайда, біздің ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМҚК БҚО филиалы осы оқытуларды облыс орталығы мен аудандарда өткізумен айналысады. Бұл жалпы оқытуға тұрғындар мен қызметкерлердің жалпылай белсенді қатысқандары өз нәтижесін бермек, әсіресе, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру саласы, құрылыс, ауыл  шаруашылығы және т.б. салалар өкілдерін қамту ойымызда бар.

Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты өңірлік комиссияның отырыстарын өткізу де, еңбек қорғау мен қауіпсіздігін сақтау бойынша кәсіпорын мен мекеме басшыларын ауық-ауық тыңдап отыру тек облыс орталығында емес, барлық ауданда да жалғасын табуы тиіс. Индустрияландыру күнін, «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша және «Алтын сапа» конкурстарын өткізуді ұйымдастырумен ғана шектелмей, барлық мемлекеттік құрылым мен ұйымдарда Еңбек күніне арналған мерекелік жиындарды үздік қызметкерлерге грамоталар, алғысхаттар тапсыра отырып өткізуді ұйымдастыру еңбек үздіктерін барлық мереке-жиындарда дәріптеу, «Кәсіптік білім беру және бизнес: әріптестер диалогы» – кәсіптік білім беру орындарында үлгілі кәсіпкер, қоғам белсенділері болып жүрген түлектерімен кездесулер өткізіп, оны кең жариялау тиімді нәтиже берері анық. Сұранысқа ие кәсіптерді анықтау мақсатында салалар тұрғысынан (ТОП -10 кәсіп) кәсіпорындар басшыларымен сауалнама жүргізу де назардан тыс қалмауы тиіс. Сауалнама нәтижесі бойынша сұранысқа ие кәсіптерді теледидардан жарнамалау арқылы жастардың сол кәсіпке қызығушылықтарын ояту қажет.

«Үздік  әлеуметтік  жоба»  көрмесінің республикалық және өңірлік кезеңдерін аудан орталықтарынан бастап өткізу, сөйтіп, республикалық үздіктерді ашық таңдау арқылы жариялауды іске асырған дұрыс.

Нәсіпқали  ИМАНҒАЛИҰЛЫ,

 ҚР  Еңбек  және халықты  әлеуметтік  қорғау  министрлігінің

«Еңбекті  қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМҚК  БҚО филиалы  директоры       


Құнды жәдігерлерге QR-кодтар орнатылды

Күні: , 49 рет оқылды

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға жете ден қойған шыңғырлаулықтар аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлерді де электронды деректер базасына енгізуді бастап кетті.

Облыс музейлерінің арасында алғаш болып бұл жобаны қолға алған шыңғырлаулықтар әзірге музейдегі құнды, маңызы зор жәдігерлерді цифрландырды. Алдағы уақытта мұндағы барлық 1,5 мыңнан астам жәдігерге QR-кодтар орнатылады.

— Ұялы телефондағы арнайы бағдарлама негізінде жәдігер маңында орнатылған QR-код арқылы сол жәдігерлер туралы толық мәлімет алуға болады. Яғни ол қай жылы, қай жерден табылды, кім тапты, ол бойынша қандай ғылыми жұмыстар жүргізілді, қорытындысы қандай болды деген бағытта ақпараттар шығады. Ақпараттардың үш тілде берілетінін де баса айта кеткен жөн. Тіпті фотосы мен бейнефильмдеріне дейін ұсынылады. Бұл жүйе көрмені визуалды түрде, яғни экскурсоводтың қатысуынсыз тамашалауға мүмкіндік береді. Сөздің шыны керек, мұндай ауқымды ақпаратты экскурсовод бір сәтте бере алмасы анық. Мысалы, музейімізде ауданымызда Кеңес өкіметінің орнауына байланысты жасақталған бұрыш бар. Осы бұрыштың QR-коды арқылы Шыңғырлауда Кеңес өкіметі қалай, қашан орнағанын, оған кімдер қатысқанын, қандай бұйрықтар, шешімдер алынғаны туралы көптеген мағлұмат беріледі. Тағы бір айта кетер жаңалығымыз, музейге 3D жүйесіндегі сенсорлы теледидар орнатылуда.

Оған ауданның картасы жасақталады. Келушілер сенсорлы экран арқылы әрбір ауылдық округ, өзен-көл, тау-тас немесе басқа жерлер  туралы бейне, фото, жай ақпарат түрінде мәліметке қол жеткізе алады. Сонымен бірге осы экранның көмегімен мемлекеттік құрылым салалары, олардың тарихы, бүгінгі жағдайы, онда қызмет еткен жандар туралы дерек алуға мүмкіндік туады. Жалпы алғанда, цифрландыру ісі ең алдымен музей қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп, қордағы жәдігерлерді бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді.

Ал музейге келген қарапайым халық пен тарихты зерттеушілерге көптеген мәлімет барынша қолжетімді болмақ. Келешекте цифрландыру жобасы толық жүзеге асқан кезде ауылдарды аралап, электронды көрме ұйымдастыру жоспарымызда бар, — дейді аталмыш музейдің директоры Тілеген Қалиев (суретте).

Өткен жылдың соңында ашылған бұл музейде іргелі іс көп. Солардың бірі аудан тұрғындарымен арадағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған. Жыл басында жарияланған «Музейге сый» акциясы өз жемісін беруде. Мәселен, аталмыш шара басталған бойда бір әжей ХІХ ғасырдағы ер адамның шұға шекпенін әкелсе, бір ақсақал қой терісінен жасалған, ерекше тігілген ішік берген. Енді біреулері өткен ғасырдың басындағы етік тігетін қалыптарды табыстап кетіпті. Ал таяуда аудан тұрғыны Қаршыға Елемесов өзінің атасы Лекердің сырма шапанын әкелді. «Бұл атамыздың көзі еді. Үйіміздің төрінде ілулі тұратын. Ұлтымыздың кәделі киімі бір үйде емес, көпшілік көретін жерде тұрсын деген ниетпен музейге тапсырған жайым бар», — дейді ол. Амангелді Самаев деген азамат бұрынғы заманнан қалған және өзі жасаған ат әбзелдерін табыстаған екен. Бұл игілікті істен аудан әкімі Альберт Есәлиев те сырт қалмай, баласы жатқан бесікті тарту етті. Сондай-ақ мұнда ұлттық аспаптар да жинақталуда. «Музейдің музей екенін дәлелдейтін көрсеткіштің бірі – ондағы жәдігерлердің құндылығы ғой, – дейді Тілеген Кенжетайұлы. – Алдағы жылдары ерекше жәдігерлеріміздің қатары арта түспек. Нақтылап айтсам, кезінде ауданымыздың аумағындағы Сегізсай кешенінен табылып, бүгінде Алматы мен Астанадағы музейлерде тұрған жәдігерлерді 3D сканерлеу арқылы олардың көшірмелерін әкелуді жоспарлап отырмыз. Бұл жәдігерлердің ішінде 2000 жылы Есенаман тауындағы обалардың бірінен тоналған күйінде табылған Алтын ханшайымның сәукеле, алқа, сырғалары да бар. Одан бөлек БҚО тарих және археология орталығы қызметкерлерімен, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ғалымдарымен бірлесіп, Сегізсайдағы 350-ге жуық обаны зерттемекпіз. «Көне Шыңғырлау» кітабын дайындағымыз келіп отыр. Қолға алып жатқан цифрландыру жобасы осынау істеріміздің жедел әрі сапалы түрде жүзеге асуына мүмкіндік береріне сенім мол».

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Шыңғырлау  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика