Мұрағат: 25.09.2018


Малды дронмен бақылаймыз

Күні: , 112 рет оқылды

Ауыл шаруашылығын цифрландыру – қазіргі заманның талабы,  себебі жаңа технология шығын атаулыны азайтып, өнімділікті арттырады. Осы мәселені күн тәртібіне қойған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшы-қосшысы агротауар өндірушілермен  арнайы жиын өткізіп, сандық жүйенің пайдасын талқылады. Шаруалар жаңа  технологияларды  енгізудегі  озық  тәжірибелерімен  бөлісті.

Бөкей ордасы ауданындағы «Алға, қазақ!» шаруа қожалығының басшысы Т. Мамаев өз шаруашылығына арнап сатып алынған дрон аппаратының тиімді тұстарын айтып өтті. Мәселен,  ол дрон аппараты арқылы төрт түліктің қай-қайсысын болса да, кез келген жерден бақылауда ұстауға болатынын, жоғалған жағдайда уақыт оздырмай, тауып алуға  әрі оларды тиісті бағыт-бағдарға бағыттауға болатынын тілге тиек етті. Жиында шаруалар мал бағуда аталмыш аппаратты пайдалануға қызығушылықтарын  білдірді.

Мал шаруашылығын және мал бордақылау алаңдарын цифрландыру, шетелден мал сатып алу жұмыстары туралы «Терра» ЖШС-ның өкілі Қ. Наурызғалиев пікір  білдіріп, шетелден сатып алынған малдың келешегі және оны көбейтудің жаңа тәсілдерімен бөлісті. Ал «Малина клоуд» компаниясының қызметін таныстырған С. Беккер дронның ауыл шаруашылығында қолданылуы туралы толыққанды   ақпарат ұсынды. Сонымен қатар ол шаруашылықтардағы авиамониторингтің өзекті мәселелеріне тоқталды.

Нұргүл  МҰҚАНОВА,

облыстық  ауыл  шаруашылығы  басқармасының бас маманы


Қысқы маусымға 97% дайын

Күні: , 27 рет оқылды

Өткен жұма күні облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы бірнеше нысанның жылыту маусымына дайындық барысын арнайы барып  көрді.

Биыл облыста жалпы аумағы 40 шақырымдық жылу жүйесін жөндеу қарастырылған. Оның 11,5 шақырымы Орал қаласында болса, қалғаны Ақсайда. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайтын ұзындығы 32 шақырымнан асатын жылу желілерін қайта құру бойынша алты жоба іске асырылуда. Бүгінгі күнде Орал қаласында 6 шақырым, ал Ақсайда 15,8 шақырым жылу желісі жөнделді. Сондайақ денсаулық сақтау саласына жататын 35 нысанның 31-і, мәдениет саласына қарайтын 20 нысанның 16-сы, білім саласындағы 49 нысанның 48-і, қырық төрт балабақшаның 42-сі жылыту маусымына дайын. Қазіргі таңда қаламыздағы №19 орта мектеп ғимараты мен «Солнышко» балабақшасына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Бәйменовтің айтуынша, биыл үш жылыту қазандығы жөндеуден өткізілген. Сонымен қатар жылыту құбырларының да қысқы мерзімге дайындығы  пысықталды.

– Қаламызды жылумен қамтитын ЖЭС алдағы жылыту маусымына дайын. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл төрт жылу магистралін жөндеуді қолға алған болатынбыз. №7 және №2 жылу магистральдарының жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. №8 жылу магистралінің жалпы ұзындығы 1 175 метрді құрайды. Соның 365 метр құбырлары ауыстырылды. Сол маңдағы 21 тұрғын үй ыстық сумен қамтылды. Қалған 810 метр жылу магистраліне алдағы жылы жөндеу жұмыстарын қайта жалғастыратын боламыз. Енді №4 жылу магистралі жөнделуде. 1986 жылы салынған бұл магистральды жөндеу кезінде сол маңдағы  көп қабатты 4 тұрғын үйге қосалқы жолмен ыстық су беріліп отыр. Жалпы, жылу магистральдарының барлығы қыркүйек айының соңына дейін жөнделіп бітетін  болады, – деді  ол.

Облыс басшысы қаламызды жылумен қамтитын ЖЭС-тың қазіргі жағдайымен танысып, ондағы мамандармен пікір алмасты. Қаладағы 1 160 көп қабатты үйге сынақ жүргізілген. Қазіргі таңда 947 тұрғын үй қысқа дайын деген құжатқа ие. «Жайықжылуқуат»  АҚ бас директорының сөзіне қарағанда, әлеуметтік нысандарға жылу  беру басталуда. Бүгінгі күні шаһарымыз қысқы маусымға 97% дайын.

Облыс басшысы жылыту маусымына жауапты тұлғаларға жұмыстарын тиянақты әрі уақтылы орындауды тапсырды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

 «Орал   өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика