Мұрағат: 21.09.2018


Аутожол 95 пайызға жаңғыртылды

Күні: , 71 рет оқылды

Кеше  облыс  әкімі Алтай  Көлгінов «Нұрлы  жол» бағдарламасы  аясын­да жүзеге  асып  жатқан «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» ау­то­жолын жаңғырту  жұ­мыстарымен  танысып қайтты.


Қазіргі  таңда  жол  жөндеу  жұмыстары  РФ  шекарасына  таяп қалған. Облыс әкіміне жол құ­­ры­­лысы­ның бү­гінгі жай-күйін «Юни­­серв» ЖШС-ның бас инженері Николай  Кондопуло  баяндап  берді. – Бүгінде жолды қалпына кел­ті­ру жұмыстары 95 пайызға орындалды. Қазір үш шақырымға ас­- фальт төсеу жұмысы қалып отыр. Оны осы айдың соңына дейін бі­ті­реміз. Жол төрт жолақты болады. Екі жолағы жеңіл аутокө­лік­терге, бір жолағы аутобустарға, қалған екі жолақ ауыр жүк кө­ліктеріне арна­лады. Аутожол бо­йынан болашақ­та жаңғырудан өт­кен жолды күтіп ұс­тауды жүзеге асыратын жол пайдалану меке­месін салудамыз. Осы жылы жұ­мысты толық бітіреміз деп жоспарлап отырмыз, – деді Нико­лай  Иванович. Аталмыш бағыттағы аутожолды жаңғыртуға 250 техника мен 400-дей адам жұмылдырылған. Бүгінде бұл жолдан тәу­лі­гіне 3 мыңдай кө­­лік өтеді. Келешекте бұл көрсет­кіш­тің екі есеге дейін артатыны да­- му жоспарында қарастырылған. Кө­­ліктер тоқтайтын аялдамалар, әжет­ханалар салу да осы жоба аясын­- да іске аспақ. Өңір басшысы мерді­гер компанияға күннің ашық-жа­-рығын пайдаланып, жұмысты қар­қынды әрі сапалы түрде жүр­гізуді  тапсырды. Айта кетейік, «Орал – Тасқала – РФ шекарасы» аутожолының жалпы ұзындығы 100 шақырымдай бол­са, былтыр соның 27 шақыры­мы жаң­ғыртылды. Бүгінгі таңда  қалған 70 ша­қырымнан астам бө­лігінде қал­пына кел­тіру жұмыста­ры қарқынды жү­ріп жатыр. Жол жаңғыртуға қа­жетті қаражат жеткілікті бөлінген. Жұмысты жүргі­зуге барлық жағдай жа­салған. Жол үлкен транзиттік ағынға есеп­те­ліп салынуда. Қуатты­лығы 13 тонна­ға дейін  көліктерді өткізе   алады.   Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ «Орал   өңірі»  

Қымбатшылықты құрықтай аламыз ба?

Күні: , 66 рет оқылды

Соңғы күндері «Қазан айынан бастап нан бағасы қымбаттайды» деген әңгіме халық арасында жиі айтылатын болды. Бұл хабар онсыз да доллардың әлсін-әлсін өсуіне байланысты күнделікті азық-түліктің қымбаттағанынан есеңгіреп отырған елдің есін одан әрі кетірді. Ас атасының бағасын шарықтатуды біреу «көк қағаз» құнының өсуінен көрсе, екіншісі астықтың және нан пісіруге қажетті қосымша керек-жарақтардың қымбаттауынан болады деп есептейді. Қалай болғанда да, бағаның өсуі қымбатшылық қысып отырған халықты қуанта қоймасы анық.


Жақында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қор-ғау комитетінің БҚО бойынша департаментінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын шамадан тыс өсірмеу туралы жиын өтті. Осы басқосуға азық-түлік өнімдерін көтерме саудада сату нарығының қатысушылары, сондай-ақ ірі азық-түлік базарлары мен супермаркеттердің өкілдері қатысуы керек-тұғын. Алайда сол күнгі жиын-ға саусақпен санарлық  адам келді. Басқосудың негізгі мақсаты бә-секелестікті қорғау саласындағы ҚР заңнамасының нормаларын тү- сіндіру, сондай-ақ әділ бәсекелес-тікті дамыту және монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескерту болатын. Жиынды ұйымдастырған құзырлы мекеменің басшысы мен қосшылары орыс тілінде ғана дайындаған заң шеңберіндегі баяндамаларын оқып шығудан әрі  аса алмады. — Бүгінгі кездесу азық-түлік бағасын шамадан тыс қымбаттатпау-ға арналып өткізілуде. Жақында қалалық газеттердің бірінің ғаламтордағы парақшасынан нан бағасының қымбаттайтыны туралы жазбаны оқыдым. Осы мәлімет қанша-лықты рас? — деді аталған департамент басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Ислямов. Жиналыс төрағасының осы сауалды қоюы мұң екен, кәсіпкерлер жержерден жамырай кетті. — Өңіріміздегі астықтың бағасы күн санап шарықтап барады. Бұрын астықтың әр келісін 60-65 теңгеден алған болсақ, бүгінде оның құны 85-90 теңгеге жетті. Нан өнімдерін өндіруге қажетті қант, май, ашытқы секілді қосымша қажетті өнімдердің де бағасы шарықтап тұр. Оларды айтпағанда, астықтың өзін Ресейден тасимыз. Әрбір өндіруші өз тірлігімен, арзан әрі тиімді жолдарын іздеуде. Біздің тауарымыздың бағасы Ресейден алып келген шикізатымыздың құнына тікелей тәуелді. Себебі өз нарығымызда бәрі қымбат. Бидай бағасының өсуіне соңғы жылдардағы өнімнің төмендігі, жанар-жағармайдың қымбаттауы әсер етуде. Біздің наубайханалардың жұмысшылары күнделікті тұтынатын азық-түліктің қымбаттағанын айтып, жалақы көте-руімізді сұрайды. Олары да дұрыс. Себебі қазір арзан ештеңе жоқ. Қымбатшылық осы бағытын ұстай-тын болса, қазан-қараша айында нан өнімдерінің бағасын өсіруге мәжбүр боламыз. Қай кәсіпорын болса да, шығынға жұмыс жасамайтыны анық. Сіздер осындай жиналыс өткізіп, кәсіпкерлерге заңды түсіндіріп, «тексереміз, айыппұл саламыз» деп қорқытып-үркітуден әрі аспайсыздар. Меніңше, осындай түсіндірме жиындар өткізгенше, қалыптасқан түйткілді шешу жолдарын қарастырған дұрыс, — дейді «Батыс Продукт» ЖШС-ның директоры Алексей Попков. Кәсіпорын атауы мен өз аты-жөнін айтпауды жөн көрген қант тасушы компания өкілі де базынасын жайып салды. — Қант тасумен айналысатын өңірдегі жалғыз кәсіпорынбыз. Қантты Белоруссия елінен әкелеміз. Бірақ көтерме бағамен алып келген біз-дің қантымызды ешкім алмайды. Әкелінген тауар қоймада айлап тұрып қалады. Бірақ базарлар мен дүкен сөрелері қанттан босап көрген жоқ. Кімнен, қайдан алып жатқандығы бізге беймәлім. Облыстағы ірі азық-түлік өндіруші кәсіп-орындар өздеріне қажет қантты Ресейден арзан бағаға, тікелей тасуға ниетті. Біз жыл басындағы ке-лісім бойынша сол бағамен мектеп, аурухана, балабақша секілді әлеуметтік мекемелерді қамтумен ғана шектеліп отырмыз. Осындай басқосуларға көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлер неге шақырылмайды? — деді ол. Біршама уақытқа созылған ақ жағалылар мен кәсіпкерлердің басқосуында тұщымды ештеңе айтылмады. Бір тарап «Шамадан тыс бағаны көтермеңдер» десе, екінші тарап нан бағасын қымбаттатуға мәжбүр екендігін айтады. Не болғанда да, әліптің артын бағып, қазан-қараша айларын күтетін болдық.   Нұрбек   ОРАЗАЕВ, «Орал   өңірі»

Жылыту маусымына дайындық қарқынды

Күні: , 62 рет оқылды

Бейсенбі күні Өңірлік коммуникациялар  қызметінің ақпараттық алаңында «Облыстағы қысқы жылыту маусымына әзірлік барысы» туралы брифинг өтті. Брифингке облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасындағы коммуналдық шаруашы-лықты дамыту бөлімінің бас маманы Серік Сұлтанғалиев пен «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Бәйменов қатысты.


Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Серік Сұлтан-ғалиевтің айтуынша, бүгінгі күнде 388 денсаулық сақтау, 637 білім беру, 388 мәдениет нысаны жылыту маусымына дайын. Облыс бойынша 1294 көп пәтерлі тұр-ғын үй бар, олардың  1184-і Орал қаласында және 110-ы Ақсай қаласында орналасқан. 1216 көп пәтерлі тұрғын үйге гидравликалық тексеру өткізілген. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайтын  ұзындығы 32 шақырым-нан асатын жылу желілерін қайта құру бойынша алты жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі күнде Орал қаласында 3,5 шақырым желінің 2,7 шақырымы, ал Ақсай қаласында 25 шақырымы жөндеуден өтті.  «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал қаласында 1 млрд. теңгені құрайтын, жалпы ұзындығы 10 ша-қырым су құбырларын қайта құру жобасы жүзеге асырылуда. «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ кәсіпорнында жылыту маусымына дайындық үшін 242,5 млн. теңге қаражат қарастырылған. Бұл қара-жат 671 шақырым болатын электр желілерін жөндеуге бағытталды. Қазіргі күнде электр желілерінің 601 шақырымы жөнделіп үлгерген. — Сондай-ақ бүгінге дейін 19 электр және 310 трансформатор қосалқы стансаларына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жылыту маусымына дайындық үшін 7 мың шақырым газ реттеуіш желілеріне тексеру жүргізіп, 2162 газ қондырғысы жөнделмек. Алдағы жылыту маусымына арналған коммуналдық желілер мен жабдықтарды дайындау тұрақты бақылауда, – деді облыстық  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бас маманы Серік Асанұлы. Биыл жылыту маусымына  дайындық жасауға 523,35 млн. теңге қаржы  жоспарланған. «Жайықжылу-қуат» акционерлік қоғамы 1184 тұр-ғын үйді және өзге де әлеуметтік нысандарды, соның ішінде  44 ба-лабақшаны,  49 білім беру нысанын, 35 денсаулық сақтау нысанын жылу энергиясымен жабдықтап отыр. – Орал қаласы бойынша 941 тұрғын үйде 971 жылу энергиясын есепке алу аспабы орнатылды. Оның ішінде 827 аспапты 808 тұр-ғын үйге «Жайықжылуқуат» АҚ өз есебінен орнатты. Биыл кәсіпорын өз қарауындағы  212 үйдің ортақ есепке алу аспаптарына тексеру жүргізді. Алдағы жылыту кезеңіне  қазандықтар жүз пайыз дайын, – деді «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Мұрат Болатұлы. Жылыту мекемесіне берешегі бар тұтынушылармен 20 сот орындаушысы жүйелі жұмыс жасауда. «Тұтынушылардың  қордаланған қарыздарын азайтумен компания қызметкерлері, жергілікті полиция қызметі, ПИК басшылықтары, әкімдік өкілдері және белсенді азаматтардан құралған топтар жұмыстануда. Олар үйлерді аралап, борышкер тұрғындармен жұмыста-нуда. Борышкерлерге сот шешімімен үйлерін, жылжымалы және жылжымайтын мүліктерін тәркі-леу, шетелге шығуына, шекарадан өтуіне тыйым салу секілді шаралар қолданылуда», — дейді кәсіпорын басшысы. Брифинг соңында  сала басшылары журналистердің сұрақтарына жауап берді.   Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ, «Орал  өңірі»

«Алашорда тарихының ашылмаған тұстары көп»

Күні: , 85 рет оқылды

Биылғы қыркүйек айында Күнбатыс Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толды. Осыған  орай  Батыс  Қазақстан инновациялық-технологиялық  университетінің  профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, алаштанушы, Ж. Досмұхамедов атындағы  «Қайраткер»  қоғамдық қорының  президенті  Дәметкен Сүлейменовамен  аталмыш  тақырып  аясында  сұхбаттасудың сәті түскен еді.


— Дәметкен Досмұқанқызы, осыдан дәл бір ғасыр бұрын Күнбатыс Алашорда үкіметі қандай жағдайда құрылып еді? Оның бастауында кімдер тұрды? Әңгімемізді осыдан бастасақ… — Күнбатыс Алашорда – бұл ха-лықтық атау. 1918 жылы 18 мамырда Жымпиты елді мекенінде өткен Орал қазақтарының IV сиезінде «Ойыл уәлаяты» атты Уақытша үкімет құрылған еді. Оның басшысы болып заңгер, шешен Жаһанша Досмұхамедов сайланған болатын. Үкімет құрамы жеті адамнан тұрды. Олар – Халел Досмұхамедов, Дәулетше Күсепқалиев, Салық Омарұлы, Қалдыбай Асанов, Ғабдол-Ғалым Қуанайұлы, Сабыр Сарғо-жин. 1918 жылы 8 қыркүйекте Уфа қаласында «Уфа директориясы» үкіметінің мәжілісі болды. Осы жиынға Алашорда үкіметі басшылары қатысты. Уфа директориясы Алашорда үкіметі таратылды деген шешім қабылдайды. Бұл шешіммен келіспеген Алашорда үкіметінің басшылары 11 қыркүйек күні Төтенше жиналыс жасап, Жымпитыда құрылған «Ойыл уәлаяты» атты Уақытша үкіметті таратылды деп мәлімдейді де, «Алашорданың Батыс бөлімі» атты жаңа үкіметтің құрылғанын жариялайды. Оның төрағасы болып Жаһанша Досмұхамедов сайланады. Алаш қайрат-керлерінің мұндай шешім қабыл-дауы сол кездегі саяси жағдайға байланысты болатын. — Техника қазіргідей дамы-маған кезеңде Алашорданың Шығыс бөлімімен Батыс Алаш-орда арасындағы байланыс қалай жүзеге асырылды екен? — Бұл кезде Батыс пен Шығысты байланыстыратын телеграф жүйесі болған жоқ. Хат-хабар, не- гізінен, пошта қызметі арқылы жүзеге асырылды. Ол жөнінде Ж. Досмұхамедов пен Ә. Бөкейхановтың жазысқан хаттары дәлел бола алады. Сонымен қатар Жымпитыда телеграф байланысы болған. Ж. Досмұхамедов көршілес Орынбор, Самара облыстарымен телеграф арқылы хат-хабар алысып тұрған. Ол сондай-ақ Мәскеуден телеграф арқылы Семеймен тікелей байланысқа шығып, Х. Ғаб- басов, Ә. Бөкейхановтармен хабарласқан. — Кеңес үкіметі орнығып үлгермей жатып, Батыс Алашорданың бастауында тұрған «Ойыл уәлаятында» «Большевизмнің салдарын жою» жөніндегі комиссия құрылыпты. Бұл комиссия нақты қандай істермен ай-налысқан? Оның құрамында кімдер болды? — Ж. Досмұхамедов саяси жағ-дайдың күрт шиеленісуіне байланысты «Ойыл уәлаятындағы» бүкіл билікті бір қолға шоғырландыруға мәжбүр болады. 1919 жылы «Алашорданың Батыс бөлімшесі» атты үкіметін Жымпитыдан Ойылға кө-шіріп, өзі Жымпитыда қорғаныс комитетін құрды, сонымен бір мез- гілде Жоғарғы сотқа төрағалық етіп, Батыс бөлімшенің әскери бөліміне басшылық жасады. «Боль- шевизмнің салдарын жою» жө-ніндегі комиссия қазақ халқын ақтар мен қызылдардың соғыс шапқыншылығынан қорғау, халықтың қолындағы мал-мүлкін шығынға ұшыратпау бағытында қыз-мет атқарды. Комиссия құрамында земство басқармасы басшылары, әскери қызмет басшылары болды. «Ойыл уәлаяты» кейіннен «Алаш-орданың Батыс бөлімі» атты үкіметтің билігін ұстануға әрекет етті. Уәлаяттың әскери жасағын Сабыр Сарғожин, Нәдірше Есімханов, Айтқали Абылаев басқарды, бас интендант міндетін Беркінғали Атшыбаев атқарды. Мұрат Қаратаев хорунжий, уәлаяттың әскери офицері, ал Ғұбайдолла Мұхитов прапорщик болды.   — Ж. Досмұхамедов басқарған Әскери-далалық сот қызметіне тоқталсаңыз? Аталмыш сот кімдерді соттады? — Әскери-далалық сот, негізінен, «Ойыл уәлаятындағы» тәртіпті сақтау мақсатында құрылған еді. Әскери-далалық сотта әскер тәртібін бұзған немесе әскери қызметтен қашқан адамдар жазалан- ған, бірақ олар туралы нақты мә-ліметтер жоқ.   — Батыс Алашорданың әскері жайында, олардың қа-тарындағы ерекше ерлігімен танылған жандар туралы не айтуға болады?   — Алаш әскері «Ойыл уәлаяты» атты үкімет құрылған кезден бастап қалыптаса бастады. Алаш әскерін жасақтауда үкіметке ерекше көмек көрсеткендер қазақ халқының ішінен шыққан ауқатты адамдар болды. Атап айтсақ, Шұғыл Қажы, Ахметше Көсепқалиев, Тобанияз Әлниязов, тағы басқалар. «Ойыл уәлаяты» үкіметіне көмек қолын созған Тобанияз Әлниязов былай дейді: «Жаһанша мырза, бастаған ісің оң болсын, қолға алған ісіңді орындап шығуда адайлар мықты тірегің болады деп сен. Ойылдан ашқалы отырған кадеттер мектебіне 100 жігіт беремін. Олардың оқуды бітіріп шыққанға дейінгі барлық шығынын өз мойныма аламын, сонымен бірге олардың астарына мінетін аттары, барлық құрал-сайманы менен болады. Осы айтқандарға қоса үкіметтің адай полкін жасақтауға 2000 жігіт береміз». Ахметше Көсепқалиев жаңадан құрылып жатқан жас мемлекеттің нығайып, өркендеуіне өзінің қар- жылай көмек беретіндігін мәлім-дейді және әскербасы мен офицерлерге мінетін 10 арғымақ беретінін, сонымен қатар бүкіл тамақ, киім, керуен шығындарын өз мойнына алатынын мәлімдейді. Шұғыл Қажы Жаһанша мырза құрып жатқан үкіметтің әскеріне 50 жылқы беретінін айтады. Осылайша әскер мәселесі, оның құрал-жабдықтары толықтай шешіледі. Асқан ерлігімен көзге түскен сарбаздар жөнінде толық мәліметтер жоқ. — Батыс Алашорда әскерінің генерал Акутин бастаған 500 казакты тұтқындауы қалай ұйымдастырылды?   — Осынау алмағайып шақта Жаһанша Досмұхамедов әскери өнерде де дарынды қолбасшы екендігін танытты. Ол Қызыл әскер басшылығының Алашорданың Батыс бөлімшесін өз жағына шыға-руға тактикалық тұрғыда мүдделі екендігін тап басып таныған соң, Кеңес үкіметімен тең жағдайдағы одақтастық құқығын сақтау мақсатында екі арада шебер дипломатиялық келіссөздерге барды. Бұл ниетін ол іс жүзінде дәлелдеу үшін Қызылқоғада соғысқан генерал Акутиннің Елек корпусын табан тірескен шайқаста қолға түсірді. Және Қызыл әскер келіп жеткенше Акутин сарбаздарына көмекке келген атты казактардың тобымен екі күн бойына соғыс жүргізді. Сөйтіп, Қызыл әскер бө- лімшелерінің ақ казактарды шө-лейтті, елсіз даламен өкшелей қуып, Жем кәсіпшіліктерін аман алып қалуына  мүмкіншілік  туғызды. — Дәметкен Досмұқанқызы, белгілі мемлекет қайраткері, Қызыл үкіметке қызмет еткен Әбдірахман Әйтиевтің Күнбатыс Алашордаға басшылық жасаған Жаһанша Дос-мұхамедовпен жылы қарым-қатынас ұстанғаны туралы деректер бар екен?..   — Алаш қайраткерлері, жалпы сол кезеңдегі оқыған зиялы қауым бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болған. Соның бір дәлелі – Алаш қайраткерлеріне Кеңес өкіметі ке-шірім жариялағанымен, 1920 жылы наурыз айында Алашорданың Батыс бөлімі мемлекеттік құрылымы таратылған соң оның басшылары Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, И. Қашқынбаев, Б. Атшыбаев, К. Жә-леновтарды Қызылқоғадан Орын- борға үйқамаққа алады. Осы кезде оларға көмек қолын созған Әбдрахман Әйтиев болатын. Ол Алаш қайраткерлерінің Қызыл әс-керге қарсы соғыс қимылдарына қатыспағандығын, керісінше, Қызыл әскердің 3-татар полкіне көмек-тесіп, генерал Акутиннің әскерін талқандап, оның қару-жарақ- тарын, азық-түліктерін, киім-ке-шектерін қолға түсіріп, Қызыл әс-керге көмектескендігін мәлімдейді. Өз жазбаларында Әбдірахман Әйтиев Жаһанша Досмұхамедов-ке жағымды мінездеме берген.   — Жалпы Алашорда тарихының ашылмаған тұста-рының әлі де мол екені аңғарылады. Мұның себебі неде? Сіздің пікіріңізше, аталған олқылықтың орнын толтыру үшін не істелуі керек?   — Иә. Іргемізге жақын Уфа, Қазан, Мәскеу қалаларының өзінде Алаш тақырыбына қатысты ғылыми ай-налымға енбеген қаншама архивтік деректер жатыр десеңізші. Қытайдың бергі аймақтарында да бұл тақырыпта айтарлықтай деректер сақталуы мүмкін. Тіпті өз еліміздегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бақылауында болған, кейін ішкі істер департаменттеріне көшірілген архивтік құжаттардың өзі толықтай зерттелмей жатыр. Елімізде Алаш тарихын зерттеумен тыңғылықты түрде айналысушылардың саны әлі күнге дейін аз. Ендігі кезекте бұл жұмысқа алғыр жастарды тартуымыз керек. Өкініштісі сол, соңғы кезде Алаш тақырыбын зерттеп жүрген магистранттар жоқ. Ғылыми орталықтармен байланысты, архивтерде алаңсыз отырып жұмыс жасайтын тұрақты топ құрылуы керек. Ол үшін жеткілікті түрде қара-жат бөлінуі тиіс. Алаштың тарихына қатысты ашылмай жатқан деректер, архивтік құжаттар әлі де мол. — Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ, «Орал өңірі»  

Домбыраға көрсетілген құрмет рекордқа ұласты

Күні: , 124 рет оқылды

Сәрсенбі күні Оралдағы ҚР Тұңғыш Президенті  алаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында күй атасы Құр­манғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай облыс домбырашы­ларының «Нағыз  қазақ  — домбыра»  атты кең ауқымды  акциясы  өтті.


Бұл шара қазақ музыка тарихында ерекше ор­ны бар күй өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының шығармаларын насихаттауды, күй өнерін, халқы­мыздың ұлттық аспабы домбыраны қастерлейтін ұрпақ тәрбиелеу­ді мақсат етті. Өнер арқылы өрелі ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған шара барысында облыстағы 1700 домбырашы бір мезгілде күйшінің «Балбырауын», «Адай» күйлерін орындады. Олардың қатарында оқушылар мен студенттер, зиялы қауым өкілдері, түрлі сала қыз­мет­керлері және қала тұрғындары болды. — Биыл қазақ халқы үшін ерекше тарихи жыл. Күй атасы Құрманғазы бабамыздың екі ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Бұл — тарихи шара. Акция­ға атсалысқан өңір тұрғындарына шексіз алғыс айтамыз. Шынында да, нағыз қазақ – домбыра. Дом­быра – біздің ата-бабамыздан ми­расқа қалған құнды байлығымыз. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағ­- дарламасында біздің ұлттың өне­рін тек елімізде ғана емес, шет мемлекеттерге паш ету керектігі­мізді айтқан болатын. Бүгінгі ша­ра Құрманғазы бабамызға, жалпы қазақи өнерге, қара домбыраға көрсетілген құрмет деп білемін, — деді облыс  әкімі Алтай Көлгінов. Мұнан соң домбыраның шана­ғынан төгіле кеткен күй Ақ Жайық­тың аспанында күмбірлей жөнел­ді. Жаңа алаңға жиналған қалың жұрт домбырашыларға ұзақ қол соғып, құрмет көрсетті. Айта кете­йік, осыдан тура екі жыл бұрын Атырау облысында ұйымдасты­рыл­ған осындай шараға 1017 домбырашы қатысып, Қазақстанның ре­кордтар кітабына енген болатын. Шараға Алматы қаласынан арнайы келген, Қазақстан рекордтар кітабына рекордтарды тіркеу департаментінің және «Ғылым» баспасының директоры Бақытжан Тастөлеков аталған акцияға 1700 домбырашы қатысқанын, сол ар­қылы Қазақстанның рекордтар кі­табына енгенін мәлімдеді. Сондай-ақ  департамент өкілі облыс әкімі мен бір топ әйгілі күйші-домбырашыларға рекордтың тір­келгені туралы куәлік пен Қазақ­стан рекордтар кітабын табыстады.   Нұртай   ОРАЗАЕВ, «Орал   өңірі»

«Ол соқырды қатырайын, Оралдан келген хирургпін деп…» немесе І топтағы мүгедек Темірболат Кенжин телефоннан неге жылады?

Күні: , 82 рет оқылды

Бірден айтайық, біз бұл мақала арқылы дәрігерлерді кінәлағалы отырған жоқпыз. Өйткені олардың  І топтағы мүгедек азаматқа, оның айтуы, жазуы бойынша көрсеткен жолсыздықтары мен дөрекіліктерін  өз көзімізбен көрген жоқпыз, өз құлағымызбен естіген жоқпыз. Сондықтан оның уәждеріне сенбегенімізді жасырмаймыз. Алайда Темірболат Кенжин сонау бір қиырдағы Жәнібектен редакцияға қоңырау шалуын, арыз жазуын доғармады. Ауыр науқастың шеңгеліне түсіп, жаны шырқырағанда (солай болып жатырмын деп ылғи телефон соғады – Ред.) дәрігерлердің үстінен  қайырымсыз, мейірімсіз деп,  қатыгездіктеріне  шағынып, бізден көмек сұрап,  телефон соғумен болды. Ашынып жылады. Оның сондай сәттерде жазған арыздарының ұзын саны 4-ке жетті. Соғылған қоңыраулардың санында есеп жоқ. Сонымен, сонау Жәнібекте жатып, тән азабына араша сұрап, газетке арызды қарша боратқан Темірболат Кенжин деген кім? Жәнібектік ақжелеңділерге неге өкпелі?


Ол Жәнібек ауданының орталығында тұрады. Жанары мүлдем сөніп, бірінші топтағы мүгедектік берілген. Одан басқа  бір басында жүректің ишимиялық ауруы, ІІ типті қант диабеті, артериалдық гипертензия, несеп – тас ауруы, созылмалы пиелонефрит, глаукома сияқты ауыр науқастармен ұзақ жылдан бері аурады. Диспансерлік есепте тұрады. Былайша айтқанда, өзінің жазуынша, айтуынша, ауыр-майтын жері жоқ, жаны жай тауып отыратын сау күні жоқ. Оған жал-ғанның  жарығын, ең болмаса, иненің жасуындай көруге де зар етіп қойған қос жанардың кемдігін қосыңыз… Кезекті бір телефон соғысында көңілін басқа арнаға бұрып, жан азабын жеңілдеткіміз келген шы-ғар, «Не жұмыс істедіңіз, көзіңіздің ауырғанына көп болды ма?» дедік. Сол Жәнібекте 1955 жылы 10 мамырда дүниеге келген. Өзінің айтуы бойынша, өмір бойы трактор айдап, қыста да, жазда да қайнаған еңбектің ортасында жүріпті. 2011 жылы сол жақ жанары сөнеді. Араға бес жыл салып, яғни 2016 жылы екінші көзі кетіп, мүлдем жер сипап қалады. «Бәлки, қайғыдан шығар… Екі ұлым бар еді, екеуінің де ажалдары судан болды. Бірі 2002 жылы, екіншісі 2014 жылы қазаға ұшырады. Зайыбым Гүлсара екеуміз қала бардық… » Жұбайы 27 жыл бойы мектепте еден жуушы болып, осыдан үш жыл бұрын зейнетке шыққан. Темірболат алғашқы арызын «Орал өңірі» газетінің редакция-сына осы жылдың шілде айының 18-інде жазды. Оқырмандарымыз-ға түсінікті болуы үшін оны сол күйінде, ешқандай өзгеріссіз келтірейік (бұдан әрі қарай да оның кейін жазған арыздарынан да сол күйінде, қалам тигізбей үзінді келтіріп отырамыз. Ред.)   «Арыз. Мен Жәнібек ауданы Жумаев көшесі 21 үй 1-пәтер тұрғыны Кенжин Темірболат. Осы арызымды жолдай отырып аудандық ауруханаға көңілім толмаған-дықтан, 2016 жылы декабрь айынан бастап секер пайда болды, давление жоғары болғандықтан (200-180) маған Орал қаласынан назначение алып кел, одан басқа емдемейміз деп шығарып салады.Ауруханаға алмайды, 1 таб, 1 укол безбольющий жасап жібереді, 2017 ж. 16 апрельде қалаға барғанымда Диагностический больницаға барып, екі түрлі дәрі жазып берді. Ауылға жергілікті ауруханадан аласың деп, ауылға келген соң 2 түрлі дәрі берді екі мезгіл іштім. Содан соң давление (260) болып сыртқа шыққанда аулада құлап қалдым. Куәгерім: скорый-дың медбикесі Света. Содан кейін доғдырға звондадым келген жоқ. 10 май күні құладым содан кейін бір аяқ бір қолым жансызданып қалды. 10-Y — 22-Y-не дейін больни-цада жаттым, нервопотолог емдеді, кішкене өзіме – өзім келе бастадым. Скорый шақырып обез-больнещ дәрі алам. Екі күн са- йын шақыра берем. 2018 март 28-і күні қайта қалаға жіберді. Скорый 28 ІІІ күні носилькамен кордио-логический больницаға апарып тастады, партальдың қағазы болмағандықтан 1 күн сыртқы коридорға қонып шықтым. Ертеңіне сағ. 10-00 дәрігер тексеріп, сізді дұрыс жібермеген сізді неврологическийге жіберу к/к деді. Содан басымды ренгентке тү-сіріп (киста, ісік бар) анықтады. 5 апрель 18 ж. больницадан шығарып жі-берді. Содан кейін шақырсам участковый врач келмейді, тек скорыйды жіберіп қана қояды. Осындай қалге жеткенімді сол врачтан көрем. Сондықтан осы арызды жазып отыр- мын. 1 группадағы мүгедекпін». Қолы қойылған. Осы арызды біз «Жәнібек аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК директоры Сәуле Исмағұло-ваның атына жіберген едік. Көп ұзамай, ол кісінің қолы қойылған ресми жауап та келіп жетті. Онда жоғарыда келтіргеніміздей, Кенжиннің ұзақ жылдан бері 6 түрлі сырқатпен ауыратынын, диспан- серлік есепте тұратыны баяндал-ған. ҚР Үкіметінің ауыр науқастарға байланысты арнайы қабылдан-ған қаулыларының аясында ре-цептпен дәрілер беріліп, аумаққа бекітілгенін жазады. Одан әрі «Жәнібек аудандық орталық ауру-ханасының жалпы тәжірибелі дәрігері А. Утешева науқастың жай-күйін күнделікті бақылауда ұстап отырады. Сонымен қатар Жәнібек аудандық орталық ауруханасының «Жедел жәрдем» қызмет-керлері де шағым түскен кезде тұрғылықты  мекенжайына дереу түрде барып, медициналық қыз-мет көрсетеді. 2018 жылдың қаң-тар айында Жәнібек аудандық орталық ауруханасының терапия бөлімшесінде стационарлық ем алды. Сондай-ақ ағымдағы жылдың сәуір айында жүректің иши-миялық ауруы және артериялдық гипертензия диагнозымен БҚО кардиологиялық орталығының электроэнцефалография және бастың компьютерлік томография-сынан Жәнібек аудандық орта-лық ауруханасының науқастарға берілетін тегін жолдамасы арқылы тексерістен өткен болатын. Мамыр айында Жәнібек аудандық орталық ауруханасының невро-патолог-дәрігері Қ. Д. Шунаева науқас Т. У. Кенжинді тұрғылықты мекенжайына барып тексеріп, неврология-реабилитация бөлім-шесінде стационарлық ем алды. Дегенмен де, атап көрсетсем, жоғарыда аталған науқас тұрғы-лықты мекенжайында күндізгі стационарда болып, қойылған диагнозы бойынша дәрі-дәрмек-терін алғаны туралы қаперіңізге саламын» дейді өз жауабында аудандық аурухананың директоры С. Исмағұлова. Бұдан кейін де науқас Кенжиннен жәнібектік дәрігерлердің үс-тінен редакцияға шағымданған арыздар мен телефон қоңыраулары тыйылмады. Тағы бір арызында ол «Аудандық ауруханадан ешқандай көмек жоқ…  «сенімен сөйлесіп тұратын уақытым жоқ, мүгедексің, жата бер» – дейді ау- рухананың бас дәрігері С. Исмағұлова» деп жаза келіп, денсаулығына байланысты берілген мү- гедектік мерзімінің біткенін, ВТЭК-тен (дәрігерлік-еңбек сараптамалық комиссия) комиссия келмей жатқандығына, соған байланысты мүгедектігіне байланысты беріле-тін жәрдемақының тоқтап қал-ғандығына шағымданған бола-тын. Біз Кенжиннің арыздарын облыстық денсаулық сақтау басқармасына және облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментіне  20 тамыз күні өз қолымызбен апарып тапсырдық. Айта кету керек, әлеуметтік қорғау саласымен айналысатын департамент (басшысы – Сатқан Төлегенов) азамат Кенжиннің арызына асқан сергектікпен қарап, үш күннің ішінде, 24 тамыз күні ресми жауап қайтарды. Және көп ұзатпай мүгедектігін растайтын  сараптамадан өткізіп, оған мерзімсіз мүгедектік жәрдемақысын тағайындап берді. Енді жыл сайын комиссиядан өтемін деп азапқа түспейді.  Кенжин бізге телефон соғып, департамент қызметкер-леріне рақметін жаудырумен болды. Кенжин тағы бірде 17 тамыздан бастап  аяқ-қолы құрысып, қатты ауырғанын, дәрігер шақыртқанын, 21-і тамызға дейін «Жедел жәрдем» келмегенін айтып шағымданды. Ал 21-і күні «Жедел жәрдем» келіп, ауруханаға апарады. Үшінші қабатқа зембілмен көтеріп шығара-мыз дегенде құлатып, содан аяғы-ның башпайлары қайырылып қалып, қатты ауырады. Өзінің телефоннан айтуы бойынша (бұл жайлы редакцияға арыз да жолдады), ауруханада жатқанында невропа-толог пен хирургті шақырумен болады. Олар келіп қарамайды. Телефоннан айтқанындай және арызда жазғанындай, 23 тамыз күні сағат 12-лерде өзінің айтуын-ша: «дәлізден «мен ол соқырды  қатырайын, Оралдан келген хирургпін деп…» деген ер адамның дауысын естідім. Іле-шала екі-үш адамның палатаға кіргенін сездім. Ер адам қасыма отырып: «мен Оралдан келген хирургпін, аяғыңызды қараймын» – деді. Мен даусынан танып: – Сен неге өтірік айтасың, осындағы хирург Айдынсың ғой, – дедім. Солай дегенімде ол ұшып тұрды да кетіп қалды. Қасына еріп келген медсестралардың бірі болар күліп: – Сені танып қойды ғой, – деп жатты». Көзім мүлдем көрмесе де, құлағым сау, жақсы естимін. Мені осылай келемеж қылды. Бұл не, қорлағандары ма?.. – деп Темірболат Кенжин телефоннан жылап жіберді… Хирург Айдын Ержановпен телефон арқылы сөйлестік. «Бардым, қарадым. «Носилкадан құлат-ты» дегені қате. Невропатолог барды, участковый барды, қарады. Башпайлары шықса, сынса, көзге көрініп тұрмай ма?.. Сынбаған. Шықпаған. «Маған сенбесеңіз, Оралдан хирург шақыртайық» дедім. Сол сөзімді қате түсінген ғой. «Ол соқырды қатырайын» деген сөзді, Құдай сақтасын, айтқан жоқпын. Дәрілері үйінде короб-када толып тұр. Зайыбы айтады «Ішпейді» деп. Арыздана береді. Участковыйдың үстінен жаза бер-гесін ол жұмыстан кетіп қалды. Бұл кісіге енді не істеуге болады? Барғанымызды, қарағанымызды видеоға түсіріп аламыз ба дәлел-деу  үшін?..» Темірболат болса, сол күні аяғының ауырғаны әбден жанына батқасын сынықшы шақыртады. «Сынықшы түскі тамақтың кезін-де мен жатқан палатаға дәрігер-лерге көрінбей кіріп, аяғымды  қарады. Башпайларым орнынан тайып кеткен екен, сипағанда жанымды көзіме көрсетіп, орын- дарына салды. Ауырғаны сап тыйылды», – дейді. Мұны жанында болған зайыбы Гүлсара да рас- тап, «Жанына қатты батты. Амал-сыздан сынықшы Ибат ағайды дәрігерлерге көрсетпей шақыр-дық. Ол кісі Темірболатты бақыр-тып отырып, башпайларын орны-на салып берді» – деді. Біз Жәнібек аудандық ауруха-насының бас дәрігері Сәуле Исмағұловамен тағы сөйлестік. «Аяғының ештеңесі жоқ. Башпайлары шықса, кеше ВТЭК-ке өз аяғымен келе ме?.. Осы кеше (11 қыркүйек күні) «Жедел жәрдеммен» Оралға жеткізіп, облыстық аурухананың невропатология бөліміне жатқыздық. Ондағы әріптестеріме өзім арнайы өтініш жасап, орналастырдым. Өзіңіз қараңыз-шы, «Жедел жәрдем» келмейді деп арызданыпты сіздерге. Үш айдың ішінде ол кісіден 69 рет вызов болып, соның бәрінде де дәрігер-лік жәрдем барыпты. Редакцияға бұл туралы жауап дайындалып жатыр»  деді. Сонымен, Темірболат Кенжин облыстық ауруханада емделіп, өзінің айтуынша, тым жақсы бо- лып қалыпты. Үш ай бойы арыз-шағым жазып, редакцияға телефон қоңырауын жаудырған Темір-болаттың көңілі көншір, жанына батқан тән азабы жеңілдер деп біз де қуанып отырмыз…   Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ, «Орал өңірі»

Бруцеллездің ушығуына не себеп?

Күні: , 39 рет оқылды

Зеленов ауданында бруцеллезге шалдыққан мал саны артып отыр. Биылғы жылдың сегіз айында 605 мүйізді ірі қара мен 33 ұсақ малдың ауруға шалдыққандығы белгілі болды. Бұл туралы аудандық ветеринарлық станса директоры Ринат Ескендіров мәлімдеді.


Директордың айтуынша, ауданда 2016 жылы бруцеллез 421 бас ірі қарадан анықталса, 2017 жылы бұл ауруға 610 бас мал шалдыққан. Бүгінгі таңда Янайкин ауылында – 194, Железнов ауылдық округінде – 106,  Көшім мен Махамбет ауылдарында 57 малдан ауру табылған. Міне, осындай түйткілді мәсе-лені талқылаған жиын Янайкин ауылында өтті. Ауыл тұрғындарына мамандар аурудың осыншалық көп болуының негізгі себептерін түсіндірді. Олардың айтуын- ша, малдың қараусыз қалуы мен бақылаусыз көшіп-қонуы, кей ауыл тұрғындары көрші аудандар мен басқа елді мекендерден сатып алған малын уақытында арнайы орындарға хабарламауы,  міндетті ветеринарлық-алдын алу шараларын өткізбей, бағымға қосуы бруцеллездің өршуіне себеп болады. Ветеринарлық талаптар бойынша сырттан келген мал міндетті түрде тексеріліп, барлық құжаты реттелуі тиіс. Ауылдағы мал дәрігерінің аз екендігін алға тартқан тұрғындар мал ауруын анықтайтын, қайта қан алу шараларының тегін жүргізілуін сұрады. Негізінен алғанда, күнкөрісін мал шаруашылығымен байланыстыратын ауылда екі мыңнан астам ірі қара бар. Оның барлығын тексеріп, қанын алу екі мал дәрігерінің мойнында. Кейбір тұрғын-дардың санитарлық тазалыққа немқұрайлы қарайтындығы да бар. Мысалы, ауру шыққан аула иелері науқас малынан құтылған соң міндетті түрде жүргізілуі керек дезинфекция жұмыстарының қажет екендігін ескере бермейді. Сондай-ақ өз міндетте- рін атқаруға келген мал дәрігерлерін ауласына кіргізбей, қан тапсырудан бас тартып жүр-ген тұрғындар да кездеседі. Бұл азаматтар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 406-бабына сәйкес ветеринар мамандардың қызметтік міндеттерін орындау барысына қолдау көрсетпей, кедергі келтір-гендері үшін бес АЕК көлемінде айыппұл төлеу қарастырылғанын ескеруі тиіс. Бұл жайт қайталанған жағдайда айыппұл 20 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Жиын соңында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биотехнология зертханасының меңгерушісі, ветеринария ғылымдары-ның докторы, профессор Ғайса Абсатиров жиналғандарға бруцеллез ауруын дер кезінде анықтамау салдары мен оның алдын алмаудың қандай да бір кеселге алып келетіндігі жайында бейнекөрсетілімдер көрсе-тіп, тұрғындарды мал ауруына немқұрайлы қарамауға шақырды.   Түгелбай БИСЕН, Зеленов ауданы     Берік  ЕРАЛИЕВ, БҚО ветеринария басқармасының эпизоотияға қарсы ветеринариялық  іс-шараларды  ұйымдастыру бөлімінің  басшысы:   – Облыста биылғы жыл басы-нан бері ірі қара малының бруцеллезі ауруына 509 625 бас зерттеліп, оның 7 831 басы оң нәтиже көрсетті. Облыс бойынша зақымдану пайызы 1,5%-ды  құрады. Ауруға шалдыққан барлық санитарлық мал ет өңдеу кәсіпорындарына тапсырылды. Облыстағы ірі қара малының бруцеллезбен зақымдануы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеп отыр. Зеленов ауданы бойынша күні бүгінге ірі қара малының бруцеллезіне 39 656 бас зерттеліп, оның 610 басы оң нәтиже көрсетіп, аудан бойынша зақым-дану пайызы 1,5 пайызды  құрады. Биылғы  облыс бойынша ірі қара малының бруцеллезінен тоғыз ошақта, соның ішінде Зеле-нов ауданында екі ошақта, сауықтыру шаралары жүргізіліп, оның нәтижесінде төрт ошақ, соның ішінде Зеленов ауданының бір ошағы, сауықтырылып, қалған бес ошақта сауықтыру шаралары  жалғастырылуда. Зеленов ауданында ірі қара малының арасында бруцеллез ауруының артуына ауыл шаруашылығы жануарларының қадағалаусыз орын ауыстыруы, мал иелерінің жануарлардың түсік тастау жағдайларын ветеринар мамандарына уақытында хабар-ламауы бірден-бір себеп болып отыр. Әрбір тұрғын өз малының есебін дұрыс беріп, ветеринарлық қызметтің белгілеген кестесіне сай малын ектіріп отыруы қажет. Сатылып алынған, саттыққа шығарылған мал, ет, сүт саудасы үшін өнімі алынған мал-дың денсаулығы туралы мал дәрігерінің анықтамасы болуы тиіс. Төлдеп жатқан малға көмек көрсеткен уақытта қолда резинка қолғап, кленкадан жең қап, фартук, аяқта етік болғаны дұ- рыс. Төлдеп жатқан малға шама келсе, балаларды араластырмаған жөн, олар үлкен адамға қа- рағанда ауруды өте тез қабылдайды. Отардағы малдың жаппай іш тастауы байқалса, дереу мал дәрігерлеріне хабарлау қажет. Бақташылар, мал төлдетуге қатысқандар науқанды жұмыс біткесін бір айдан кейін міндетті түрде медициналық бақылаудан өтуі  керек.

Келінін өлтірген адамға үкім шықты

Күні: , 119 рет оқылды

БҚО-ның  қылмыстық  істер  жөніндегі мамандандырылған  ауданаралық  соты келінін  өлтірген  ер  адамға  үкім  шығарды.


Бұл оқиға биылғы Ораза айында болған. Судья Н. Ғұбашевтің мәлімдеуінше, Қазталов ауда­нын­дағы Талдықұдық ауылының 57 жастағы тұрғыны Ибрагим Шыналиев ораза тұтқан. Маусымның 5-інде келіні Мәншүкке ауыз аша­тынын, соған тамақ дайындап беруін сұрайды. Айыпталушының айтуынша, масаңдау келіні бала­ғат сөздер айтып, қолындағы нан кесетін пышағын қайын атасына бірнеше мәрте сермеген. Оған ашуланған қайын атасы келіннің қолындағы пышағын қағып түсі­ріп, ішінен бір мәрте ұрып жерге құлатқан. Соққыдан құлаған әйел­ді Шыналиев қос қолымен буын­дырған. Айыпталушы өзінің ойлан­бай жасаған әрекетіне шын өкі­не­тінін айтып, жәбірленуші тараптан кешірім сұраған. Қанды оқиға болатын күні ашуға бой алдырып, өзін бақылаудан шығарып алған. Айыпталушы өз кінәсін толығы­мен мойындап, келінімен жиі сөз­ге  келіп,  ренжіскендерін  айтқан. Мәншүктің тума-туыстарының берген түсініктемелері бойынша марқұм ешуақытта боқтап сөйле­меген, ішімдік ішпеген. Бірақ са­раптама қорытындысында мар­құмның қан құрамында этил спир­тінің бар екені, масаңдау болғаны анықталған. Сот И. Шыналиевті қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен («Кісі өлтіру») кінәлі деп танып,  оны сегіз  жыл мерзімге бас бостандығынан айырды және ол жазасын қауіп­сіздігі жоғары мекемеде өтейтін болады. Судьяның айтуынша, И. Шыналиев ІІІ топтағы мүгедек, бұрын сотталмаған, 15 жыл бойы көзі көрмейтін әйелін бағып-қағып, балаларын өзі өсірген.  Тұрғылықты жерінен жағымды мінездеме бе­рілген. Үкім шығару барысында мә­селенің осы жағы ескерілген. Тараптар үкім жарияланған күн­нен, сотталушы өзіне үкімнің кө­шірмесі табыс етілген күннен бас­тап 15 күн ішінде аталмыш сот ар­-қылы БҚО сотының қылмыстық іс­тер жөніндегі сот алқасына ша­ғым мен  наразылық  беруге  құ­қы­лы. Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА, «Орал  өңірі»

«Ұлы дала мұрасы»

Күні: , 100 рет оқылды

Бейсенбі күні күй атасы – Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай ұйымдастырылған домбырашылардың «Ұлы дала мұрасы» атты республикалық байқауы қорытындыланды. Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде өткен өнер додасына елімізге танымал  Айгүл Үлкенбаева, Ермек Қазиев, Орынбай Дүйсен секілді дәулескер күйші-домбырашылар  қазылық еткен болатын.


— Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елімізде тың жобалар жүзеге асуда. Соның бірі де бірегейі деп тарихта есімі қалған жерлесіміз, күй атасы – Құрманғазының 200 жылдығына арналған шаралер легін айтар едім. Құрманғазы бабамыздың есімін ұлықтау мақсатында конференциялар ұйым-дастырылып, 1700 адамнан құ-ралған ансамбль өнер көрсетті. Осындай тойлар елімізде өте берсін. Өнерлі жастарымыз бай-қауларда топ жарып, өнерімен өрге жүзсін. Байқау барысында жастардың домбыраға деген сүйіспеншілігін, күй тартудағы ерекше шеберліктерін байқадық, — деді қазылар алқасының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Бөкей ордасы ауданының тумасы, бүгінде  Құрман-ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 4-курс студенті Жасқайрат Мұқасов жеңіп алды. Ал бірінші орын оралдық Жасұлан Зинеденге бұйырса, екінші орынды алматылық Ақбө- кен Темір, үшінші орынды алма-тылық Қайрат Жұмағалиев еншіледі. — Елбасы «Домбыра – қазақтың паспорты» деп жиі айтады. Бұл сөз жүрегіме ерекше қонады.  Өйткені қазақ деген сөзбен домбыра ұғымы қатар жүреді. Мемлекет тарапынан осындай бастамаларға көңіл бөлінуі рухани жаңғыруымызға жасалған үлкен қадам деп есептеймін. Халықтың еңсесі көтеріліп, рухы өсті. Бай-қауға қатысушыларды екі күн бойы тыңдадық. Осы топырақта туған жастардың домбырада озық тұруы заңдылық секілді. Өйткені олар бала күнінен Құрманғазының күйлерін саналарына сіңіріп өскені домбыра қағысынан-ақ көрініп тұр. Жасқайраттың бас жүлдеге ерекше дарынымен қол жеткізгеніне ешкімнің таласы жоқ. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқитыны ғана болмаса, ол – осы өңір-дің тумасы. Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжін тәмамдаған. Сонымен қоса батысқазақстандық домбырашылар Қазақстанның рекордтар кітабын жаңғыртқанына куә болғанымды мақтанышпен айта  аламын, – деді елге танымал дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева. Домбырашылардың республи-калық байқауы жеңімпаздардың гала-концертіне  ұласты.   Гүлсезім БИЯШЕВА, «Орал өңірі»  

Хас батыр хақында

Күні: , 53 рет оқылды

Белгілі қаламгер Айтқали Нәріковтің «Шұғыла Принт» баспасынан Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдоловтың майдандағы ерліктерін баяндайтын «Барлаушы» атты кітабы жарық көрді.


Кітаптың алғы сөзін Ақжа­йық ауданының әкімі Әділ Жоламанов жазған. Михаил Абдолов 1918 жылы қа­зіргі Ақжайық ауданы аумағында дүниеге келді. Оның азан шақы­- рып қойған аты – Бимағанбет. Ата-анасы «Биеш» дейді екен. Ағайын-туыс, көрші-қолаң да «Биеш» деп кетіпті. Сұрапыл соғыс жылдарында аты өзгеріске ұшырап, Михаил атанған. Ол ауыл мектебін тәмамдаған соң, әкесіне көмекші болып кол­хоз­дың жылқысын бағысыпты. 1938 жылы міндетті азаматтық бо­рышын өтеу үшін Қызыл Армия сапына шақырылады. Содан елге оралайын деп тұрғанда Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Михаил Абдолов майданда даң­қы жайылған барлаушы болды. Барлаушы – ауқымы кең ұғым. Жау тылында жүріп, барлау жүргізе­тін­дер бар. Дұшпанмен бірге қызмет істей жүріп, күрделі тапсырмалар орындайтындар да болады. Ал Михаил Абдолов болса, нағыз алғы шепте болды. Жасанған жаудан ай­- ла асырып, ұрымтал сәтті дәл бол­-жап, үнемі «тіл» әкеліп жүрді. Бө­лім­шесімен қолбасшылықтың жүз­деген қиын тапсырмасын мінсіз орындады. 1944 жылы Венгрия же­-рінде Кеңес Одағының Батыры ата­ғына ие болып, елге аман-есен оралды. Соғыстан соңғы жылдарда Вен­грияның Секешфехервар қаласын­да Михаил Абдоловтың мүсіні орнатылып, мектеп пен мәдениет үйіне есімі берілді. «Барлаушы» кітабына енген очерктер жүрек жұтқан батырдың майдандағы өмірін көз алдыңа әке­леді. Мұндай туындылардың жас­тарды отансүйгіштік рухта тәр­бие­леудегі рөлі үлкен болмақ.   Нұрсұлтан   МЫҚТЫБАЙ, журналист

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика