Мұрағат: 19.09.2018


Сіз маған жезде емессіз!

Күні: , 2 186 рет оқылды

Бір кездері «стенный гарнитур» деген мода болды ғой.  Әр үйдің төрінен табылды. Ауылдағы қара шаңырағымызда да осы бір жиһаз үлкен жақтың  (зал) сәнін келтіріп тұратын. Бірақ музейдегі жәдігер сияқты, жақындауға, қол тигізуге болмайды.  «Айғыздайсыңдар» деп бала біткенді жолатпайтын. Сол гарнитурдың бір бөлігінде кітаптар жиналады. Күндердің күні әжем де, әкем де, әкемнің қарындастары да тізілген кітаптардың арасынан ақшыл көк мұқабаны алып, үйге келген қонаққа көрсетеді. Марқайып, мақтанып тұрып парақтайды.

Неше ай, неше жыл өткенін білмеймін. Бір күні үйде ешкім жоқта орындыққа мініп, сол көкшіл кітапты қолыма ұстап көрдім. «Қарлығаш» деген кітап екен. Парақтасам, ішінде жыл сайын жазда келетін Ғайса ақаның суреті тұр. Өмірде көріп жүрген адамның жүзін кітаптан көріп таңғалдым… Ғайса ақаның өлеңдер топтамасы «Қарлығаш» атты  жас ақындардың жинағына енген екен.

Иә, олар көбіне жазда келетін. Әкем он ағайынды. Жыл сайын болмағанымен, екі жылда бір үйде той, құдалық болатын. Соны өткізу үшін әжемнің ұл-қыздары түгел жиналып, осы дүрмектің кезінде бала біткен мәре-сәре болып қалатын едік. Себебі, қаладан келген апа-жезделеріміз киім-кешек, күнге киетін көзілдірік, неше  түрлі  тәттілер  әкеледі…

… 1992 жылдың күзінде әкемнің ең кенже інісі Жарқын ағам әскерге кететін болды. Үйдегі «вечерде» де, автобусқа шығарып саларда да ауыл жастары гитарамен бір әнді айтып қоймайды. Әсіресе,

«Тәтті күндер көздерден бұлбұл ұшып,

Екеуара құпия сырды ұғысып.

Мәңгі айырылып қалардай бірін-бірі,

Жұрт көзінен қысылмай тұрды құшып» деген  қайырмасына келгенде, бәрі қосыла шырқайды. Бірақ ағамыздың жолы болмай, қайтып келді. Келесі жылдың күзінде тағы осы әнді шырқап аттандырдық.  Сөйтсем, бұл әннің сөзін біздің Ғайса ақа жазған екен. «Әскерге шығарып салу» әнінің музыкасын ауылдас ағамыз,  марқұм Қабиболла Әлесов шығарғанын бертін келе білдім.

Әжем ауылда пошташы болды. Үйге көп газет-журнал келеді. Оны тізімдегі фамилия бойынша бума-бума етіп бөлеміз. Үйдегі аға-апаларымыз, келіндер де жағаласып, шетінен парақтап жатады. «Орал өңірінен» Ғайса ақаның мақаласын көрсе, дауыстап оқиды. Кейбір материалдардың соңында Ғ. Ғали деген аты-жөн жүретін. Үйдегілердің біреуі «бұл да  Ғайсаның мақаласы» дейді. Журналистің атын түрлі-түрлі етіп жазуға болады екен ғой деп таңғалып отырамыз.

1996 жылдың жазында бірінші рет Оралға бардым. Әжем, Жеміс деген туысқан апай, сол жылы мектеп бітірген Гүлмира деген жиеніміз бар, төртеуміз тіркесіп рейске шығатын аутобуспен келдік. Сол жазда Ғайса ақаның «Аман бол, Атамекенім!» кітабы шыққан екен. Бесінші қабаттағы пәтерінде күнде қонақ… Марқұм  Серікқали Шарабасовты, газеттен есімдерін ғана оқып жүрген Есенжол Қыстаубаевты, ақын Аманкелді Шахин ағаларымызды,  Дариға Мұштанованы бірінші рет Ғайса ақа мен Тамара апаның үйінде көрдім. 1996 жылдың күзінде Ғайса ақа ауылға келіп «Аман бол, Атамекенімнің!» таныстырылымын жасады. Үйдегілер бәрі қатысты. Мен бара алмадым. Сол күні бұзаулар ұзап кетіпті. Түсте іздеуге шығып, күн батарда бір-ақ келдім. Келсем, үйде қонақ. Шығармашылық кештен шыққандар шай ішіп жатыр екен.  Бара алмағаныма сонда өкіндім. Артынан сол кітапты жастанып оқып, біразын жаттадым.  Ішіндегі табиғатыма, тағдырыма жақын кейбір өлеңдерді қайта-қайта оқитынмын…

Ғайсағали деген толық есімін де  қалаға келгенде естідім. Көзімізді ашқалы үйдегілер Ғайса дейді. Біздер Ғайса ақа дейміз. Ғайса ақа мен Тамара апаға дейін біздің  ағайындардың арасында  гуманитарлық саланың адамы болған жоқ. Негізінен бухгалтер, мал дәрігері секілді мамандық иелері еді. Ал жазу-сызудың, интеллигенцияның көшін осы кісілер бастады. Бауырлардың арасында Тамара апаға қарап ағылшын тілінің мамандары көбейді. Мүмкін, үйінде жатқанда сарқытын іштім бе екен, балдыздардың арасынан бірінші болып журналистикаға мен келдім. Араға уақыт салып, «Жайық Пресс» медиахолдингінде Ғайса ақамен әріптес болдым. Қысқа жазудың қыр-сырын да осы кісінің материалдарына қарап үйрендім. Анау-мынау қатені  қырағы көзі жібермейді.

Ғайса ақа мен Тамара апа — ағайын-тума ішіндегі бас көтерген үлкендеріміздің бірі. Әрі Оралдағы  бас тірейтін алғашқы ұямыз да осы кісілердің баспанасы еді. Әлі күнге дейін қаладағы қара шаңырақ іспеттес. Ағайындардың арасында  олардың қамқорлығын көрмегендері кемде-кем. Әсіресе, маған жасаған шарапаты көп.  Оралдағы №11 мектепке алып келді. Төртінші бала болып үйлерінде тұрдым. Оқуға түсерде де, құжат тапсыруға осы кісілер жүрді. Үйлерінде  жатып емтиханға дайындалдым. Тіпті, үйленген кезде де, өздері құда болып барып, тойымды үйлеріне жасады.

Бір көргенде көп үндемейтін, адамға салқын қарайтын Ғайса ақаның жүрегі жұмсақ. Ақындығы мен журналистикасынан бөлек, үлгі алатын өнегесі көп. Ерінбейді, ешкіммен бәсекелеспейтін қарапайымдылығы бір төбе. Оған дәлел көп. Қоғамдық көлікпен жүре береді. 500 шақырым жердегі Бөкей ордадағы  кез келген ағайынның тойынан қалмай, қыста да, жазда да барады. Көп қабатты үйде тұрғанда қаланың екінші шетінен саяжай алып, бақша салатын. Велосипедпен барып, оны өзі күтіп, баптайды. Спортты серік ететін ерекше қырын қатарластары, әріптестері, ағайын-жұрттың көбі біледі.

«Жақсы жезде әкеңдей» деген жақсы сөз бар ғой. Әкелерінен ерте қалған соң, Тамара апа өзінен кейінгі бауырларына қамқор болды. Сол қамқорлықтың артында «әкенің орнына сүйеніш боламын» деген Ғайса ақаның да азаматтығы, кеңдігі, кісілігі тұр.

Апа-жездеміздің осы бір шарапатына әкеміз тірі  болса да, екінші буын біздер де ілігіп, үлкен тәрбие мектебінен қанаттанып, өмірде жолымызды таптық. Мұның бәрі жезденің емес, жақын адамның жанашырлығы екенін сезініп келеміз. Асқаралы 60 жасқа толған Ғайса ақаға мерейтойында астына ат мінгізе алмасам да, жүректен шыққан жылы сөзімді жеткізгім келді.

Артур   МАҒЗОМОВ,

Астана   қаласы


Маңдай  тердің  майданы

Күні: , 67 рет оқылды

Күз  лебімен  бірге  қыр  төсіндегі  еңбек  тыңнан  екпін  алған. Өйткені  алда  –  алты ай  қыс.  Кең  даланың  төсінде  өрген  төрт түліктің  бағымы  малшыларға  аса  жауапкершілік  жүктейтіні анық.

«Сұлтандағы» серпіліс

 

Жаңабұлақ ауылдық округінде бүгінде 70-тен астам шаруа қожалығы жұмыс істейді. Соңғы санақ бойынша ауылдық округте 4648 ірі қара болса, соның 1150-і бұзау. 1904 жылқы, 342 құлын бар. 20489 қой-ешкіге 7727 қозы-лақ ілескен. Ауыл әкімі аппараты мамандарының айтуынша, мал басы былтырғыға қарағанда біраз өскен. Сонымен қатар мұнда ауыл тұрғыны Ұзақбай Молдашев жетекшілік ететін «Бұлақ – 17» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмыс істейді. Былтыр құрылған кооперативте бүгінде 180 бас сиыр, 164 бұзау, алты ірі қара аталығы бар.

Округ әкімі Ермек Құсайыновпен бірге Көздіғара қыстағындағы Әлиджон Жүсіпов жетекшілік ететін «Сұлтан» шаруа қожалығына ат басын тіредік. Қожалық иесі жұмыстарымен облыс орталығына кеткен екен, дегенмен оның көмекшісі Сабыр Қайрекеев шаруа жайына қанық болып шықты. Іргетасы 2014 жылы құрылған қожалықта сегіз мың гектардан астам жер бар. 2015 жылы үшпәтерлік жаңа үлгідегі үй салып, электр желісін тартқан. Мұндағы пәтерлерге малшылар қоныстанған. Үйде барлық жағдай жасалғанын айта кету керек. Заманға  сай электронды құралдар, телевизор, «Отаu TV» «тәрелкесі», үй телефоны бар. Маңында жазғы сарай, монша, құрал-сайман қоятын контейнерлер орналасқан. Дәл осындай жағдай, әрине, істі өркендетуге зор септігін тигізуде.

Бұл шаруашылық – түлікті асылдандыруға нық қадам жасап жатқандардың бірі. 455 ақбас тұқымды ірі қара болса, соның 128-і бұзау. Бүгінде 11 асыл тұқымды аталық табын ішінде жүрсе, 52 аталық бөлек бағылуда. 233 жылқының 101-і құлын. Былтыр 3000 дана тайланған шөп дайындаған. Сабырдың айтуынша, шөптің бұл қоры қыстан қысылмай шығуға артығымен жеткен. «Міне, биыл да шөптің барын жинап алуға ерте қамданған едік. Сондықтан бәрі ойдағыдай», – дейді С. Қайрекеев. Үш «МТЗ» тракторы, сонымен қатар «Е-303» шөп оратын неміс тракторы, бір шөптайлағыш, барлық «темір-терсегін» толық мүмкіндігінде  пайдаланып  жүр.

Шаруалар аумағы 70х12 метр болатын екі үлкен қора салған. Асыл тұқымды шаруашылыққа айналуды көздеген көздіғаралық-тар жақында қолдан ұрықтандыру пунктінің құрылысын бастаған.

Бір млн. теңгеге қолдан ұрықтандыру құрылғысын, оған қоса мал өлшейтін таразы сатып алған. Асыл тұқымды қожалыққа айналу барысында шаруашылықтың аясын одан әрі кеңейту басты қаперге алынған. Алғабас ауылдық округіндегі аты алысқа мәлім Ерболат Құрманғалиев жетекшілік ететін «Сәбит» шаруа қожалығымен тығыз байланыс бар. Тәжірибе алмасу, әріптестік байланыс айтулы нәтиже  берері  сөзсіз.

«Аймекендегі» алымдылық

Жақсыбек Құсайынов жетекшілік ететін «Аймекен» шаруа қожалығының негізі 1997 жылы қаланған. Біз барған уақытта қой қырқу жүріп жатыр екен. Қожалық мүшелері мен көмекке келген жеті жігіт сол күні түске дейін 247 қой қырыққан. Еңбекқор азаматтардың бұл жылдамдығына  таңғалмасқа  шараң  жоқ.

«Аймекенде» еділбай қойы  өсірілуде. Бүгінде 930 қой, 700 қозы бар. Шопан ата түлігінің ұрпағы бірте-бірте асыл тұқымды мал басына айналып келеді. Бұл үшін қожалық иесі көршілес Жаңақала ауданынан асыл тұқымды қошқарларды алып отырады. Қойды қолдан ұрықтандыру пункті жұмыс жасап тұр. Мысалы, қараша айының бірінші онкүндігінде ұрықтандыру жұмыстарын бастайды. Малшылардың есебі бойынша, қой сәуір айының соңына дейін төлдеп болады. Қазір 30 асыл тұқымды қошқар отарда жүр.

Істі өркендету мақсатында «Аймекен» Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен тығыз қарым-қатынас жасап келеді. Университеттің мал мамандары, ғалымдар бұл шаруа қожалығымен ынтымақтастық орнатқан. Мысалы, мал мамандығында оқитын студенттер алты жылдан бері тәжірибеден өтуге келіп жүр. «Студенттер теория бойынша оқығандарын іс жүзінде көзбен көреді. Бұл біз үшін өте тиімді болып отыр. Түлікті асылдандыруға бірігіп күш салып келеміз. Енді біраз уақыт өткесін осындағы отар түгел еділбай қойына айналады», – дейді Жақсыбек  Жахимұлы.

Жаппай жекешелендіру жүрген жылдары Жақсыбектің әкесі марқұм Жахим Құсайынов балаларымен ақылдаса отырып, қожалық ашуды қолға алған екен. Алғашында 50-60 қой, алты сиыр, екі биемен бастаған. О баста Бударин су арнасының жағасында орналасқан шұрайлы жерді таңдап, рәсімдеген. Содан кейін жазғы үй салып, алты ай жаз қырда отырған. Бірақ малды қыстату үшін ауылға айдап келе берудің қарбаласы қиындық туғызған. Олар біржола Сарыкөлде тұрақтап қалады. Техниканы сайлап, басқа да керек-жарақтарын түгендегесін, қожалықтың  өрісі  кеңейе  түскен.

Алты жыл бұрын осында жаңа үйдің құрылысы жүрді. Үш  жыл бұрын үлкен қора салынды. Электр желісі де тартылған. Қыстаққа электр желісін тарту да кезінде аса күрделі болғаны сөзсіз. Бірақ бұл мәселені бірлесе отырып шешкен. 2008 жылы белгілі кәсіпкер Асқар Қабанов, Жақсыбектің ағасы, қазіргі Жаңабұлақ ауылдық округінің әкімі Ермек Құсайынов, басқа да азаматтар Будариндегі Бозаткин қыстағынан 25 шақырымдық электр желісін тартқанын ауылдастары әлі күнге дейін сүйсініп айтып жүр. Яғни, өз қаржыларына Павлодар қаласынан арнайы 75 мың метр электр сымын алдырып, темірбетонды 100-ден астам жаңа бағана орнатты. Соның арқасында желінің бойындағы жеті қожалық игілікке қол жеткізді. Кейін осы желіге «Талпыныс», «Мейірбек» шаруа қожалықтары қосылды. Бірақ кейінгі жылдары Бозаткин қыстағы жағындағы бағаналар әлсіз болғасын, Жаңабұлақтағы Тасқұдық қыстағынан жаңа желі тартқан. Міне, еңбекқорлықтың  бір  көрінісі  осы.

Бүгінде «Аймекенде» 77 ірі қара болса, соның 52-сі аналық. Биылғы бұзаулар жаз шуағымен ширай түскен. 69 жылқы, 15 құлын бар. Өткен уақытта 200 бас өгізді семіртіп, саттыққа шығарған. Қозыларды саудаға шығарып, Атырау, Ақтау қалаларына жөнелтеді. Аудан орталығындағы «БатысМарқаЛамб» ЖШС-ға да қозы өткізіп көрген. Алайда сол марқалардың 1 млн. 560 мың теңге ақысы әлі күнге қолға тимепті. Бұл аталған ЖШС-ға қозы өткізген біраз шаруаның басындағы  жағдай.

Жахим қария – төрт ұл, бір қыз өсірген жан. Міне, үрім-бұтағы бүгінде өмірден өз орындарын тауып, жемісті еңбек етуде. Сарыкөлде бақша егу де қолға алынған. Үлкен ұлы Оразбек екі гектар жерге қауын еккен. Қазір сол бақшаның басында күндіз-түні еңбектеніп жүр. Олар былтыр үш гектар жерге қарбыз-қауын егіп, өнімді Оралға, аудан орталығына саттыққа  шығарған.

Әңгіме барысында ауыл әкімі шаруалардың мерзімдік баспасөзге жазылуы әрдайым ойдағыдай екенін айтып қалды. Оның айтуынша, мысалы, «Талпыныс», «Дабыс», «Жігер», «Боран» шаруа қожалықтары әдеттегідей республикалық «Егемен Қазақстан», облыстық «Орал өңірі», аудандық «Жайық таңы» газеттерін үзбей алдырады екен. Шалғайдағы еңбеккерлердің ел тынысынан үздіксіз хабардар болып отыруы, әрине, қуантарлық жағдай. Тіпті «Аймекен» қожалығына барғанда, аталған үш басылымның рет-ретімен жинаулы тұрған тігінділері  көзімізге  оттай  басылды.

Бекболат  ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық  ауданы


«Aqjaiyq» арнасында жаңа маусым

Күні: , 49 рет оқылды

Еліміздегі  ең  ірі  медиахолдинг –  «Qazaqstan»  ұлттық  телеарнасы  мен  Батыс  Қазақстан  облыстық  «Aqjaiyq»   филиалы жаңа  маусымын  бастады.  Тыңнан  түрен  салған   жаңа  жобалар  көрерменнің  көзайымына  айналмақ.

Ақпараттың пәрменді құралына айналған ұлттық арна мен облыстық филиал ұсынған жаңа маусымның тұсаукесері сейсенбі күні Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында өтті. Салтанатты жиында көк жәшікке көз тіккен көрерменнің көңілін көншітіп, арнаның тынысын кеңітетін, журналистің шеберлігін шыңдайтын жаңа бағдарламалар мен жобалар таныстырылды.

– «Qazaqstan» ұлттық арнасы – ақпарат тарату бойынша еліміздегі ең ірі корпорация. Соның бірден-бір үлкен бөлімшесі және үлкен ұжым – облыстық «Aqjaiyq» телеарнасы. Бірінші қыркүйектен бастап жаңа бағдарламалар көрсетіле бастады. Арнадағы барлық жаңашылдық халықтың ойын, мұң-мұқтажын тыңдай келе, ақылдаса келе жасалғандықтан, жаңа маусым халықтың көңілінен шығады деп сенеміз. Осы арна арқылы жергілікті билік  алдағы жоспарларымен,  атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісіп,  халықпен байланыс орнаттық. Арнаның елдің жақсы жаңалығын,  қоғамда орын алған мәселелерді, әр түрлі қауіп-қатерлерді халыққа дер кезінде жеткізіп, көрерменнің ықыласына бөлене береді деп сенемін.  Елу жылдан астам тарихы бар ұжымға шығармашылық табыс тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов.

Жаңа маусымның көрермен көзайымына айналуын тілеген ақжарма лебіздерді облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, ақын, қоғам қайраткері Шолпан Қыдырниязова, «Заман» БҚО тауар өндірушілері» ҚБ жетекшісі Айгүл Туркина мен «Грамада» этномәдени бірлестігінің мүшесі Ирина Разенкова, телерадио саласының ардагерлері Светлана Хан мен Падиша Сұңғатова жалғады. «Qazaqstan» ұлттық арнасының  Данияр Меңлібеков, Мейіржан Әлібекұлы, Нартай Аралбайұлы бастаған танымал журналистері де ыстық ықыласын жолдады.

Басты арнадағы биылғы маусым «Әр шаңырақтың төрінде – ұлттық арна» деген ұранмен бастау алды. Маңызды жаңалықтарды дер кезінде жеткізетін «Ақпарат», «Шаңырақ» жаңа әлеуметтік жобасы, көптеген жанның жүрегіне жылу сыйлаған «Жан жылуы», қоғамның өзекті мәселелеріне терең үңілетін «Қарекет» секілді бірнеше бағдарлама  қоғамның сұранысына сай жаңаша сипатта ұсынылуда. Сондай-ақ өткен  мен бүгіннің іздеріне үңілетін «Ұлы дала ұлағаты-2»,   «Аққан жұлдыз», «Көшпенділер», «Виртуалды соғыстың жазбалары» деректі фильмдері де көрерменге жол тартты. Күзгі маусымда медиахолдинг «Тамаша ТВ» арнасымен толығып отыр.

«Qazaqstan» ұлттық арнасының облыстық «Aqjaiyq» телеарнасының ұжымы да оң өзгеріс, тың серпінмен шығармашылығын шыңдауда.  Жаңа маусымда жаңа алты тележоба көрерменге ұсынылды. Олардың үшеуінің студиялық дизайны өзгертіліп берілуде. Ал үш жоба  жыл соңына дейін дайындалып, келер жылы эфирден көрсетілетін болады. Мәселен,  Ресейдің біздің өңірмен шектесіп жатқан бес облысымен байланыстырып, ағайындар арасын жақындатуда  «Ағайын: Еділ мен Жайық арасы» тарихи-танымдық тележобасының мәні зор. Тағы бір жаңалық –  «Қыз Жібек» қыз-келіншектерге арналған тікелей эфирдегі танымдық  тележоба. Бұл жоба  көпті көрген, алтын құрсақты аналардың өзгеге өнеге етер тәлімі мен жағымды қасиеттерін көрсету арқылы жас келіндер тәрбиесіне назар аударуды мақсат етеді. Экономикалық тақырыпты қозғайтын  «Бизнес бағдар» телебағдарламасы көрермен назарына  ұсынылмақшы.  Мәдени-ағарту  бағытында «Менің театрым» тележобасы, телесуреттемелік бағдарламааралық «Жайықтың жеті кереметі» мен «Жайықтың жәдігерлері» жобаларымен қатар «Кім жүйрік?», «Караоке жұлдызы», «Озық ойлар отауы» жобалары өз көрермендерін күтетін болады.

Жаңа маусымдағы тың жобаларды таныстырған шара барысында «Aqjaiyq» телеарнасы ұжымының қызметкерлерінің де өнері көрерменге ұсынылды. Жаңақалалық  ақын Закария Сисенғалидің сөзіне жазылған композитор Еркін Нұрымбетовтің «Оралым» әніне арнаның шығармашылық тобы түсірген бейнебаян ұсынылды. Арнаның «Бозторғай» жобасының жұлдызы  Арулана  Қанатқызы «Мерекем» әнімен мерекелік көңілді әрлей түсті. Жаңа маусымның тұсауын кескен шарада сондай-ақ  «Алаш музейі» туралы бейнебаян  мен «Ағайын: Еділ мен Жайық арасы» бағдарламасының  аңдатпасы көрсетілді. Жаңалық жаршысының жаңа бастамаларын ұсынған тұсаукесер кеші шығармашылық ұжым орындауындағы арнаның әнұранымен  қорытындыланды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Дана  АХМЕТОВА, «Qazaqstan»  республикалық  телерадио корпорациясы» акционерлік  қоғамы қаржы  департаментінің  директоры:

– Биылғы жыл – қазақ телевизиясы үшін ерекше жыл. Себебі қазақ даласына телевизия хабары тарағалы бері 60 жыл өтті. Содан бері ұлттық арна сіздің үй төріндегі теледидар арқылы елдегі жаңалықтармен таныстырып, мәдениет пен руханияттың жаршысы болып келеді. Биыл да дәстүрден жаңылмай, түрлі бағыттағы жобалармен қуантпақпыз. Жаңа маусымда Ұлттық арнада сіздердің көңілдеріңізден шығар тың жобалар жетерлік. Оның ішінде деректі фильмдер мен телехикаялар бар. Бұл маусымда «Qazaqstan» арнасы отандық өнімді қолдап, 16 телехикая ұсынбақшы. «Balapan» арнасында оқу маусымының басталуымен ағартушылық бағыттағы негізгі жобалар жарық көрді. «Qazsport» арнасында да көрерменге қуаныш сыйлар жобалар  бір төбе. Футболдан ұлттық құрамалар арасындағы Ұлттар лигасы көрсетіледі. Арнада чемпионаттар мен  Еуропа лигасы ойындарын алдағы үш жыл көлемінде көрсету туралы келісімшартқа қол қойылды. Корпорациядағы бұл маусымдағы басты жаңалық  астарлы қалжың алаңы – «Тамаша ТВ» арнасының ашылуы болып отыр.

Өткен жылы «Aqjaiyq» атауына ие болған Батыс Қазақстандағы  басты арнамыз  жаңа телевизиялық маусымға тыңғылықты дайындықпен келді. Алты жаңа бағдарлама эфирде жүруде. Бұл бағдарламалар саны жөнінде аймақтар ішінде ең жоғары көрсеткіш саналады. Корпорация атынан  ақжайықтық  әріптестердің  жұмысына  табыс  тілеймін.

Асыланбек  ҒҰБАШЕВ,  «Qazaqstan»  республикалық  телерадиокорпорациясы»  акционерлік  қоғамы  БҚО  филиалының  директоры:

– Биыл көрермендерімізге алты жоба ұсынып отырмыз. Соның ішінде шоқтығы биігі – «Ағайын: Еділ мен Жайық арасы» хабары. Бұл хабарды әріптестер бекерден-бекер таңдаған жоқ. Өйткені, Ресейдің біздің өңірмен шекаралас бес облысында 700 мыңға жуық қандасымыз тұрады. Бағдарламада қандастарымыздың қазіргі жағдайы, үміт-арманы, мұң-мұқтажы, бүгіні мен болашағы әңгімеленетін болады.

Елбасының алдымызға қойған бірнеше талабы бар. Соның бірі – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Осы бағытта  «Бизнес-бағдар» жобасы қолға алынды. Ол халықты  кәсіп меңгеріп, еңбек етуге үндейді. Ал «Озық ойлар отауы» жобасы қазан айында эфирге шығуы керек. Әрине, көрерменнің көңілінен шыққан бағдарламалар – біздің  ұжымның  ортақ  қуанышы!

Мұнайдар  БАЛМОЛДА,

«Aqjaiyq»  арнасының  редакторы,  журналист:

– «Ағайын: Еділ мен Жайық арасы» бағдарламасын жаңа маусымда бастадық. Бағдарламаның алғашқы хабарларын Ресейдің Сарытау мен Самара облыстарынан бастадық. Мен бағдарламаға Самарадағы қандастарымыздың тыныс-тіршілігін арқау еттім. Онда ресми түрде 15 мың, жалпы 35 мыңдай қазақ бар екен. Самаралық қандастарымыз  қазақ халқының салт-дәстүрін, дінін мықты ұстанады. Кей жағынан біздің де үйренетініміз бар екен. Бірақ ана тіліміз ұмытылып бара жатыр. Өйткені, балабақша, мектеп жоқ. Әке мен шешенің баласы қазақша  біледі де, баладан кейінгі немере-шөберелер қазақша сөйлей алмайды. Осы жағдай көп отбасынан сезіліп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, олар біздің ел тарапынан көмек болғанын  қалайды. Олар атамекенде отырғаннан, кейін Қазақстанға көшіп келуді қаламайды. Өйткені, ол жер қазақтың бұрынғы жерлері ғой. Шаруа жағынан  өте мұқият, ауқатты тұрады.  Ауылдарында мешіттер, тіпті атаулары қазақша елді мекендер де баршылық.  Тек басты мұңы –  ана  тіліміздің  қолданыс  аясының  кеңімеуі.


Біз де уақытпен бірге өстік

Күні: , 89 рет оқылды

Біз,  әсіресе,  өткен ғасырдың  отызыншы жылдарында  жарық  дүние  есігін  ашқандар, аштықты  да,  Ұлы  Отан соғысы  жылдарын  да бастан  өткіздік.  Әрине, бұл  –  біздің  тағдырымыз.  Алайда  халықтың ортасында  қиналсақ та,  шынығып-ширап өскенімізді  кейін  сезіндік.  Тағдыр-талайымызға  тап  келген  қиындық та  жеңу  үшін  жаратылған.  Сол  жылдардағы қайырымды  адамдардың  қамқорлығын көріп,  мектептегі  оқуымызды жалғастырып,  майданға кеткен  ағалар  мен әкелердің  орнын  басып, еңбек  етіп  жүргендерге қолғанат  болдық, қиындықты  солармен бірге  бөлістік.

Мен Қаратөбе ауданының тумасымын. Осы ауданға қарасты Егіндікөл ауылдық кеңесіне қарайтын «Социализм» колхозында колхозшы отбасында дүниеге келгенмін. Ұлы Отан соғысы басталған алғашқы жылдарда он сегіз жастан бастап елу жасқа толған азаматтар майданға шақырылды. Егіндікөл ауылдық кеңесіне қарасты «Социализм» және «Жаңақоныс» колхозынан көптеген азамат майданға алынды. Ауылдық кеңестің сол кездегі төрағасы Ыбыраш Таубалин бастаған көптеген ер-азамат майданға аттанды. Елде қалғандар майдангерлерге азық-түлік, жылы киім дайындап, көмек қолын созды.  Қолдан келгенше біз де көмектесіп жүрдік. Кластастарым Баян Қазбанов, Ахмет Маймақов, Жанғаным Құсайынова, Нұртаза Өсәлімовалармен бірге майдангерлерден келген хаттарды оқып беріп, елдегі жаңалықтарды қолымыздан келгенше хабарлап, хат жазуларына көмектесіп тұрдық. Егіндікөл жетіжылдық мектебінің мұғалім-ұстаздары Шынмұхамед Ғұсманов, Дүйсенғали Сейітов, Сағида Ғұсмановалардың жетекшілігімен екі колхоздың халқына олардың көңілін көтеру мақсатында концерт қойып, спорт ойындарын көрсетіп, олардың ортасында жиі болып тұрдық. Бізге де сондай талап қойылған болатын.

Өз қатарластарым сияқты, менің де оқудан қол үзбей, Егіндікөл ауылдық кеңесі орталығындағы Егіндікөл жетіжылдық мектебіне жеті-сегіз шақырым жердегі «Жаңақоныс» колхозынан қысы-жазы барып-келіп оқуыма тура келді. Ол кезде  мектеп жанында жатып оқитын интернат болмады. Бір үйде жатып оқуға оған төлеп тұратын қаражат, басқа жағдай болмады. Өзге замандастарым да мен сияқты мектепке қатынап оқыды. Олардың да әке, ағалары майдангер болатын.

Туған әкем майданда шейіт болды. Өкіл әкем Наурыз Баймұқанов болса, бірнеше ай бойы күні-түні Смоленск қаласын жаудан қорғауда болды. Жаудың түнгі шабуылынан кейін ауыр жараланып, оң аяғын қара санынан кестіріп, елге оралды.

Осындай қиындықты соғыс жылдарында басымнан өткізе жүріп, жаяу пошташы-хат тасушы болып қызмет атқардым. Колхоз басқармасы ауылдық кеңеске әр апта сайынғы жұмысы туралы ақпар жазып береді, оны ауылдық кеңес төрағасына жеткіземін. Ауылдық кеңестен колхозға жіберген қатынас қағаздарды колхоз басқармасының төрағасына, оның есепшісіне тапсырамын. Ал ең негізгі міндетім – ауыл тұрғындарына майдангер туысқандарынан – әке, ағаларынан, бауырларынан келген хаттарды отбасыларына жеткіземін, яғни оқып беремін, майдангерлерге жауап хат жазып беремін. Өйткені сауатты азаматтар майдан даласында жауға соққы беруде. Елде сауатты адамдар да аз болатын. Біз бастауыш мектептің оқушыларымыз. Латынша хат танитын деңгейде болатынбыз. Және сол кездегі талап бойынша мектеп бағдарламасына енген неміс тілін де оқып-үйреніп жүргенбіз. Ауылдық кеңестен «Жаңақоныс» колхозы отбасыларына келген хат, газет-журналдарды арқалап әкеліп, иелеріне табыстайтынмын. Газет хабарларын оқып беремін. Майдангер әке, ағаларымызға хат жазып беремін. Сол үшін олар маған рақмет, алғыс жаудырады, «Оқуың жүйрік болсын!», «Майдандағы әкең мен ағаң елге аман-есен оралғай» деп бата береді. «Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер» деген рас екен. Өкіл әкем Наурыз Баймұқанов соғыстан ауыр жараланса да, елге оралды.

Әкем байғұс жараланса да, қос балдақпен жүріп, «Егіндікөл» колхозында басқарма төрағасы болып еңбек етті. Соғысқа дейін «Социализм» колхозының басқарма төр-ағасы болған, тәжірибесі мол адам еді. Ал ағайым Ғұсман Баймұқанов болса, соғысқа басынан аяғына дейін қатысып, жеңіл жараланып, елге аман-есен оралып, бейбіт еңбекке белсене араласып жүріп, өмірден озды.

Сөз басында-ақ «Біздер өткен ғасырдың отызыншы жылғыларымыз» дедім ғой. Қазір менің жасым сексеннің сеңгірінен асты.

Қамқоршы халқымның, ардагер әке, ағаларымның тәрбиесінің, қамқорлығының арқасында уақытпен бірге өстік. Қиындықпен бетпе-бет келіп жүріп, жастай алған ма-мандықтың арқасында Отанымыздың керегіне кірпіш болып қаландым деп айта аламын. Орал пединститутын тәмамдадым, екі жыл Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болдым. Қырық жылдан астам уақыт баспасөзде қызмет еттім. КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесімін. Өзіміздің облыстық «Орал өңірі» газетінде бөлім меңгерушісі болып, зейнеткерлік демалысқа шықтым. Журналистік мамандықты жаяу пошташы-хат тасушы болып бастадым. Сол кездерде де жергілікті баспасөзге араласып, жазып жүрдім. Демек, журналистік мамандыққа халқымыз үйретті. Қазір соның нәтижесін көріп жүрмін. Көп жыл қызмет істеп, зейнеткерлік демалысқа шыққан «Орал өңірі», «Приуралье» газеті редакциялары сияқты қара шаңырағымда күнара болып тұрамын. Өзіме сыйлап берген қос газеттің даналарын қатары сиреп қалған майдангер ағалар мен апаларға таратамын. Демек, жаяу пошталық қызметімді әлі жалғастырудамын деп айтуыма болады. Осының өзі қарап отырмай, халықпен үнемі араласу үшін ғой.

Біз, қазіргі аға ұрпақ өкілдері, ата-бабаларымыз бізге мұра етіп қалдырған Ұлы дала елінің перзенттеріміз ғой. Еліміздегі қазіргі жағдай белгілі. Дағдарыс біздің елімізді де төңіректей бастады. Қиындыққа қарсы тұруға тиіспіз. Зейнеткер ретінде жағдайымыз шүкір. Зейнетақымыз жақында өсіп, қолымызға тиді. Үкіметімізге, Президентімізге дән ризамыз.

Ұлы далада еркін өскен дана халқымыздың, абыз ата-бабаларымыздың өсиеттерін әрдайым еске алып, өмірде қолданып, жағдай ширыққан сайын шынығып, ширақ болуға тиіспіз деп ойлаймын. Ата-бабаларымыз өсиет еткен, жастайымыздан еңбекке араласқан әдет-дағдымызды жалғастырып, күн шықпай тұру, төңірегімізді таза ұстау, тал бойымызды үнемі күтіп, таза ұстау, таңертең, кешке жатардан бұрын ұдайы дене шынықтыру, үнемі сергек жүру, артық тамақ ішпеу, көп ұйықтап, жалқау болмау, өтірік, ғайбат сөз айтпау, ешкімді сыртынан ғайбаттамау, көрші-көлеммен жақсы қарым-қатынаста болу адамның басын сыйлы етпек. Осының бәрі – Ұлы дала перзенттеріне ата-бабаларымыздан өсиет етілген асыл қасиеттер.

Мен мұның бәрін құрдас-құрбы, заман-дастарымның атынан айтып, жазып отырмын.

Ғилаж  НАУРЗИН,

КСРО  және  Қазақстан  Республикасы Журналистер  одағының  мүшесі,

Қаратөбе  ауданының құрметті  азаматы,

Орал  қаласы


Балалар алаңсыз доп тебе ала ма?

Күні: , 123 рет оқылды

Бүгінде  Орал  қаласында  футбол,  баскетбол  ойнайтын  шағын  спорт  алаңдары  көптеп  ашылып  жатыр.  Бірақ,  бір  өкініштісі,  сол  нысандардың  басым  көпшілігі  көп  уақыт  өтпей   жатып,   быт-шыты  шығып,  жасанды  төсенішінің  әбден  тозығы  жетіп,  жүндей   түтілуде.  Ал  бұл  мәселеге  бас  қатырып,  балтыры  сыздап  отырған  адам  көрінбейді.  Қысқасы,  адам  аярлық  халдегі алаңдардың  «аузына  су   тамызар»  адам  табылмай  тұр.

Тұрғындардың игілігіне салынған спорттық нысандардың көбі күрделі жөндеуді қажет етеді. Мәселен, С. Ақмырзин көшесіндегі алаңның жайын көрсеңіз, екі көзіңіз шарасынан шыға жаздайды. Алаңның арнайы төсенішін құдды қасқыр тартып кеткендей. Жыртылып-жыртылып, жырым-жырым болып, түгі қалмаған. Мұнда доп теппек түгілі, әншейін жүрудің өзі мүмкін емес. Сосын аяқдоп алаңына жасанды «желек» емес, неліктен  резеңке төсеніш төсегендерін  түсіну  қиын.

– Бұл жерде балалар ойнайтын жөні түзу алаң  жоқ. Мына алаңның сиқын өзіңіз көріп тұрсыз. Қазір бұған  ешкім кіріп ойнамайды. Ойнайтын жері де жоқ. Күнде кешкісін немерелерімді сыртқа  алып шыққанда арттарынан бағып жүремін. Өйткені, мына алаңға кіріп кетіп, асфальтқа құлап, бір жерлерін оңдырмай ауыртып ала ма деп қорқамын. Төселіп жатқан  резеңкелердің орнына  жасанды төсеніш төсеп берсе, жақсы болар еді, – дейді сол маңда тұратын Рабиға әжей.

Бұл жалғыз-жарым мысал емес. Мәселен, А. Тайманов көшесіндегі  алаңның жайы тіптен аянышты. Нысанның тор сымдары дал-дұлы шығып сөгіліп, аюдың апанындай үңірейіп тұр. Резеңке төсеніші жұлым-жұлым. Ш. Айталиев көшесіндегі алаңда балалар жасанды төсеніші жоқ асфальттың үстінде доп қуалауға мәжбүр. Егер  тап  осы  жағдай түзелмесе, балалардың түрлі жарақат алуы әбден мүмкін.

– Жақында футбол ойнап жүргенімде құлап, қолымды ауыртып алдым. Жасанды төсеніш төсеп берсе екен дейміз, – дейді Руслан есімді балақай.

Алаңдардағы адам айтса сенгісіз жайттарды көрген соң бұған жауапты қалалық спорт бөліміне қарасты «Орал» спорт клубына бардық.

– Алаңдардың күтімін қарайтын қызметкерлер бар. Сіз айтып отырған алаңдардың жайымен  таныспыз. Биылғы жылдың наурыз айында қалалық әкімдіктен 20 жазғы, 10 қысқы алаңдарды жөндеуден өткізуге ақша сұрағанбыз.

Алайда қаржы бөлінген жоқ. Келер жылға тағы сұраймыз. Ақша беріліп жатса, барлығын жөндейміз, – дейді «Орал» спорт клубының директоры  Қайырбек  Оңдағанов.

Аталған мәселе алдағы уақытта өз шешімін табады деген үміттеміз. Тек «Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайдының» кері болып жүрмесе игі…

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»


«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің жұртшылыққа ҮНДЕУІ

Күні: , 50 рет оқылды

Қадірлі  отандастар!

1 қазан – Халықаралық қарттар күні.

Бұл күн қарттарымызға, олардың ғұмыр бойы істеген еңбектеріне әрі мемлекетіміздің қалыптасуына қосқан зор үлестеріне сый-құрмет көрсету мақсатында Қазақстанда да жыл сайын дәстүрлі түрде  аталып  өтіледі.

Үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу  дәстүрі – қазақ халқының ата салты. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Әрбір азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Осының айқын дәлелі ретінде мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа дәстүрлі Жолдауында көтерілген міндеттердің бірі ретінде зейнетақы мөлшері жылдан-жылға артып келеді.

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері ұлғайды. Қарттар үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған игілікті  істер  жалғасуда.

Ағымдағы жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысында Елбасымыз еліміздің әлеуметтік жаңғыруы жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға шақырып «бес әлеуметтік бастамадан» тұратын үндеуін жариялады. Олардың қатарында баспана алудың жаңа мүмкіндіктері, жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамту мәселелері бар. Қазіргі уақытта Үкіметте  Президенттің бес  әлеуметтік бастамасын іске асыру жөнінде Жол картасы қабылданды.

«Мемлекеттің болашағы – жастардың қолында. Жастар – ел ертеңі» дейміз. Қоғамымыздың іргетасын нығайту үшін бүгінгі жас буынға үлгілі, өнегелі тәрбие беру, елжандылыққа баулу – мемлекеттік жастар саясатының басты міндеттерінің бірі болып табылады. Сонымен қатар еліміздің жас азаматын отансүйгіштікке тәрбиелеу мен белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруда  ардагер ата-аналарымыздың өмірі мен еңбек жолдары үлгі.

Жастық шақтарын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терлерін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету – бүгінгі жас буынның басты парызы. Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық. Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы мақал бар. Ендеше, жұмыла қимылдап, елдігімізді көрсетейік, Ардагерлерімізді ардақтайық!

Қадірлі  отандастар!

Баршаңызды 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай, өз өңірлеріңіздегі ардагерлер ұйымдарымен байланыс жасап, халқымызға тән адамгершілікпен қамқорлыққа зәру адамдарға көмек көрсетуге  шақырамыз.


Сарыарқа сахнасының саңлақтары

Күні: , 58 рет оқылды

Сейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Қарағанды  облыстық  С.  Сейфуллин  атындағы  қазақ  драма  театрының  өкілдерімен  кездесті.

Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  «Парасат» орденінің иегері Рымбала Омарбекова, ҚР еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, актер-драматург Кеңес Жұмабеков, «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері, актриса Гүлсара Рәшқалиева және театр  директоры Сансызбай Нұрсияұлы болды.

Емен-жарқын әңгіме барысында еліміздің мәдени өміріндегі ахуал мен қазіргі театр өнерінің дамуы туралы  мәселелер  талқыланды.

Облыс әкімі өңір тұрғындары атынан үш күндік гастрольдік сапармен жүрген театр ұжымына алғыс айтып, жаңа шығармашылық  табыстар  тіледі.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


Күй қағанының мерейтойы

Күні: , 135 рет оқылды

Кеше Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған «Жаһандану әлемі және Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға өлкетанушылар, тарихшылар, мәдениет саласының ардагерлері, музей қызметкерлері, ғалымдар мен өнертанушылар, студенттер қатысты.

Конференция ұлы күйшінің өмірбаяны туралы баяндалатын «Күмбірлетіп күй төккен» атты бейнефильмді тамашалаудан басталды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев жүргізген алқалы жиында өлкетанушы, мәдениет саласының ардагері Жайсаң Ақбай, күйшідомбырашы, ұстаз, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның профессоры, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы халық музыкасы бөлімінің деканы, өнертану кандидаты Кәрима Сахарбаева, педагогика ғылымдарының докторы, академик, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М. Өтемісов атындағы БҚМУ профессоры Махамбет Ержанов пен аталмыш университеттің мәдениет және өнер факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев баяндама жасады.

Конференция жұмысын облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтау сөзбен ашты.

— Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салтдәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, салт-жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз санамызға мәңгі сіңуі тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», — деп атап өтті. Нарын құмында дүниеге келіп, қара шанақтан төгілткен күйімен туған халқын ұйытып, домбыра мен қазақтың егіз ұғым екенін дәлелдей білген Құрманғазы бабамыз – музыка әлеміндегі сөзсіз ұлы тұлға. Жазушы, өнертанушы, этнограф Ақселеу Сейдімбек белгілі тұлғалардың тарихтағы орнын безбендей келе: «Еуропа ренессансының Данте мен Джоттодан басталып, Байронмен аяқталатыны сияқты, қазақтың қайта өрлеуі Құрманғазыдан басталып, Абаймен тұйықталғандай. Бұл – жай ғана әсіре теңеу емес, терең зерттеп, тануды қажет ететін тарихи ақиқат. Құрманғазы – қазақ ренессансының алғашқы жез қанат қарлығашы» деген болатын.

Күй атасы Құрманғазы өз туындыларымен жауының мысын басып, халқының намысын қайрады. Исатай мен Махамбет бастаған күрес тұсында «Үлкен ағам Исатайға кіші інісі Құрманғазыдан» деп «Кішкентай» атты күйін шығарды. Қасиетті қазақ топырағында дүниеге келіп, Ресейдің Астрахань облысының Володар ауданындағы Алтынжар ауылында мәңгілік тыныс тапты. 1997 жылы осы ауылда Құрманғазы бабамызға сәні мен салтанаты келіскен кесене ашылып, оған Елбасымыз арнайы барып, Еділ бойының қазақтары мен көпұлтты Астрахан жерінің тұрғындары алдында тебіреніспен сөйлеген болатын. Өнерімен, өр мінезімен ұлтының ұйытқысы бола білген Құрманғазы Сағырбайұлының есімін ұлықтау жолында облысымызда толымды жұмыстар жүргізілуде. Орал қаласында даланың дархандығын бойына жиған құдіретті күйшіге арналған ескерткіш тұрғызылып, көшеге есімі берілді. Күллі қазақ өнерінің хас шебері, күй атасы атанған Құрманғазы бабамыздың ЮНЕСКО көлемінде аталып жатқан 200 жылдық мерейтойы қарсаңында «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты арнайы жасақталған экспедицияның Орал қаласынан шығып, Ресейдің Астрахан облысына қарасты Володар ауданындағы Алтынжар ауылында жерленген күйшінің басына тәу ету мақсатында оның ізі қалған жерлерге арнайы барып, зерттеу жүргізуі рухани сілкініс болды. Экспедиция мүшелері осы жұмысы арқылы домбыраның қазақтың жаны екенін тағы бір мәрте дәлелдеп келді.

Домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, одан әлдеқайда биік тұрған киелі құндылық. Халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілген, күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтерген. Осы игі үрдіс қазір де жалғасып келеді. Ендеше, күй де, күйші де қазақпен бірге мәңгі жасай берсін! – деді Алтай Сейдірұлы.

Күйші-домбырашы, ұстаз, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған Құрманғазы Сағырбайұлының шығармашылығына, домбыра өнеріне қосқан жаңалықтарына кеңірек тоқталды.

— Төкпе күй дәстүрінің тамаша жетістіктері, ең алдымен, Құрманғазы есімімен байланысты. Халық берген «Күй атасы – Құрманғазы» деген атақ оның ұлттық музыка мәдениетіне қосқан зор үлесін аңғартады. Құрманғазы – домбыра өнеріне көптеген жаңалық енгізіп, оның әрі қарай дамуына зор үлесін қосқан дарынды тұлға. Оның енгізген жаңалықтарын күйлердің мазмұнынан, әуен мен композициялық құрылымынан, орындау тәсілдерінен аңғаруға болады. Солардың бірі – күйдің екінші (үлкен) сағасы. Күйдің бұндай шарықтау шегін Құрманғазыға дейін және онымен қатар өмір сүрген басқа күйшілер де қолданған, бірақ үлкен саға деңгейі Құрманғазының шығармаларында ғана күйдің жеке бөлімі ретінде қалыптасты. Құрманғазының өмірі мен шығармашылығы А. Жұбановтың, П. Аравиннің, Б. Байқадамованың және тағы басқа музыкатанушылардың мақалалары мен зерттеулерінде  жан-жақты қарастырылған. Күйші туралы кейбір мәліметтер Н. Савичев пен А. Затаевичтің еңбектерінде берілген. Дегенмен әлі де болса, Құрманғазының өзіндік өнері  толығымен зерттелді деп айтуға болмайды. Сондықтан келешекте этномузыкатанушылар мен домбырашылардың алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі күйшінің өмірі мен шығармашылығының ерекшеліктерін, айрықша стилін, орындаушылық мәнерін толыққанды ашып көрсететін монографиялық зерттеу жазу деп есептеймін. Құрманғазының тұлғасы ұлттық музыка өнерінің ең биік жұлдызына айналды. Қазіргі кезде оның есімі Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүние жүзіне әйгілі. Қазақ халқы оның музыкасын сүйеді, аруағын құрметтейді. Құрманғазының есімі халық аспаптар оркестріне, Қазақ Ұлттық консерваториясына, өнер колледждері мен музыка мектептеріне, көптеген қала көшелеріне берілген. Еліміздің бас қаласы Астанада композитордың еңселі ескерткіші орнатылды. Халқымыздың күй мұрасындағы гимніне айналған Құрманғазының “Сарыарқасы” ЮНЕСКО-ның алтын қорына енді, — деді ол.

Жаңақалалық өлкетанушы Тыныштық Өтешқалиев «Құрманғазы бабамыздың жаңғыруы» тақырыбындағы, ал М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты Айгүл Ерғалиева «Құрманғазы шығармашылығы – мәңгілік тақырып» атты баяндамаларын оқыды.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Чемпион жүлдесіне таласуда

Күні: , 89 рет оқылды

Орал қаласында XXXI жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Данияр Елеусіновтің жүлдесі үшін ересектер арасында бокстан халықаралық турнир басталды.

Құрметті қонақтар қатарында Данияр Елеусіновпен бірге оның әкесі әрі жаттықтырушысы Марат Елеусінов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы  Мырзағали Айтжанов та бар. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаеваның айтуынша, турнирге еліміздің аймақтарынан сегіз команда және Өзбекстан мен Тәжікстан спортшылары қатысуда.

— Біз облысымызда алғаш рет өзіміздің сүйікті чемпионымыз, бүгінде кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүрген Данияр Елеусіновтің жүлдесі үшін ашық турнир ұйымдастырып отырмыз. Мұндай жарыстар біздің спортшыларды шынықтырып, жаңа чемпиондар тәрбиелеуге себеп болады деп ойлаймын. Біздің спортшыларымыз жеңіс тұғырында Туымызды желбірете берсін. Ал мемлекетіміз спорттың дамуына жағдай жасай беретін болады. Облысымызда да  спорттың  дамуына ерекше көңіл бөлудеміз. Спортшыларымыздың денсаулығын шыңдап, ел ішінде, халықаралық ареналарда  жеңіске жетулеріне барлық жағдай жасаймыз. Өздеріңізге мәлім,  екі жыл бұрын Данияр Елеусінов атындағы бокс орталығын аштық. Бұл біздің жас спортшыларымызды ынталандыра түседі. Баршаңызға жеңістер мен жетістіктер тілеймін, — деді шараның ашылу  салтанатына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ шарада сөз алған Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов жерлестерінің спортқа қолдау білдіргендеріне ризашылығын айтты.

Галина  САМОЙЛОВА


Көші-қон  заңдылығын  сақтамаған украин  журналисі  айыпталды

Күні: , 58 рет оқылды

Орал қаласына «Журналистика мектебі» жобасын өткізуге келген украин журналисі Александр Гороховский әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жоба «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияровтың ұйымдастыруымен қолға алынған.

Судья Хатима Ерсенова сот отырысы барысында Александр Гороховскийдің Қазақстанға жеке мақсатпен «Астана» шекара бақылау бекеті  арқылы  келгенін айтты. Сәйкес келетін визасы болмаса да,  биылғы 14  қыркүйектен бастап Оралда журналистика тақырыбында семинар өткізген. Осылайша Гороховский ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 517-бабының 5-бөлімі бойынша тіркеу кезінде визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес емес қызметтермен айналысып, Қазақстан Республикасының  заңдылығын бұзған.

А. Гороховский Оралға «Уральская неделя» газетінің журналистерінің жеке шақыртуларымен «Журналистика мектебі» шеңберінде тегін тәжірибе алмасуға келгенін, мұндай жобаның басылым журналистерімен екінші мәрте ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Ал сотта куәгер ретінде қатысқан аталмыш басылымның редакторы Лұқпан Ахмедияров Оралға Александр Гороховскийді «Фактчекинг» бағыты бойынша өз білім-білігімен бөлісуге шақырғанын, оның жол шығыны мен барлық тірлігін өз бюджетінен төлегенін нақтылады. 14 қыркүйектен бір күн бұрын Ахмедияров «Шағала» қонақүйінің баспасөз залын жалға алған және бұған дейін әлеуметтік желілерде тегін «Журналистика мектебі» жобасы басталатынын, оған Александр Гороховскийдің қатысатынын хабарлаған.

Айта кету керек, А. Гороховскиий серіктес болып табылатын  factcheck.kz жобасының сайтында оның ұсталуы туралы ақпарат «Полицейские в Уральске прервали тренинг Александра Гороховского по фактчеку» деген тақырыпппен берілген. «Тренинг» сөзі ағылшын тілінен аударғанда оқыту деген мағынаны береді.

factcheck.kz сайтының жарияланымдары Сорос-Қазақстан қорының қаржылық  қолдауымен, яғни сайтта көрсетілгендей,  бұл белгілі америкалық қаржыгер Джордж Соростың иелігіндегі шетелдік «Сорос» қорының  қазақстандық филиалы дайындалғанын атап өткен жөн. Аталмыш қор түрлі елдерде, соның ішінде Сирия мен Украинада саясатқа ықпал етуге әрекеттенді деген күдікке іліккен болатын.

Сондай-ақ сотта көші-қон полициясының өкілі, заңсыз көші-қонмен күрес бойынша арнайы бөлімнің инспекторы, аға лейтенант Намазовтың айтуынша, Гороховскийдің мемлекеттік шекарадан жеке мақсатпен өткенін көрсеткен. Ал тренингке қатысу қызметтік сапар болып сипатталады. Сондықтан ішкі істер органдары мұны   сәйкессіздік және құрамында әкімшілік құқықбұзушылық бар деп тапты.

Осы көрсетілген бұзушылық негізінде сот Александр Гороховскийді ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 517-бабының 5-бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, 25 АЕК, яғни 60125 теңгені 30 пайызға төмендету жолымен 42087 теңге 50 тиын көлемінде айыппұл өндіруге үкім шығарды.

Галина   САМОЙЛОВА


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика