Мұрағат: 17.09.2018


Меморандумға қол қойды

Күні: , 36 рет оқылды

Кеше Батыс Қазақстан жоғары медициналық  колледжінде  денсаулық сақтау мекемелері басшыларының қатысуымен өткен жиында Алматыдағы С. Асфендияров атындағы Қазақтың ұлттық медициналық университетінің филиалын Орал қаласында ашудың жай-жапсары талқыланды. Сапалы медициналық қызмет көрсетуді өрістету тақырыбын талқылаған жиынға ҚР Профилактикалық медицина академиясының президенті, Америка  денсаулық сақтау ассоциациясының мүшесі Алмаз Шарман, С. Асфендияров атындағы Қазақтың ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин, Литва мемлекетінің бұрынғы білім министрі, Литва денсаулық ғылым университетінің профессоры, С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық  университетінің провосты Дайнюс Павалкис, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрданат Беркінғали және Батыс Қазақстан  жоғары медициналық колледжінің директоры Қамидолла Ирменов қатысты.

Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты жетілдіру мақсатында Литва денсаулық ғылым университеті, С. Асфендияров атындағы Қазақтың ұлттық мемлекеттік университеті және Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы үш жақты меморандумға қол қойды. Аталмыш келісім аясында денсаулық сақтау мен медициналық ынтымақтастыққа қоса, білім беру мен ғылым саласындағы әріптестік те нығаймақ.

С. Асфендияров атындағы медуниверситеттің ректоры Талғат Нұрғожиннің айтуынша, меморандумда Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің негізінде аталмыш университеттің облыстық филиалын ашу қарастырылған.

— Дәрігерлердің оқуы ұзақ. Олар алты жыл оқыған соң және екі-үш жыл практикадан өтеді. Біз өз кезегімізде екінші, үшінші жылғы резиденттерімізді осы жердегі қалалық, облыстық ауруханаларға жібереміз. Қазір дәрігерлер жетіспейтіндіктен, резиденттердің болғаны жақсы. Олар алты айлық, бір жылдық практиканы осы жерде өткізіп, кейіннен маман ретінде тұрақтап  қала алады. Сондай-ақ біздің университеттің жергілікті филиалы ашыла қалған жағдайда жаңа оқу орны осы өңірдегі дәрігерлердің білім-білігін арттырып, кәсіби деңгейін көтеруге де үлес қосатын болады.

Ол үшін біздің университеттің ғалымдары осында келіп, дәріс оқып, әрі өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісетін болады, — дейді университет ректоры Т. Нұрғожин. Жиын барысында литвалық ғалымдар да мамандар даярлауға атсалысу арқылы Батыс Қазақстан облысы медицинасының сапасын көтеруге мүдделі екендіктерін білдірді.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


«Ешкітау етегіндегі еңселі ел»

Күні: , 63 рет оқылды

Өткен аптаның соңында Тасқала ауданының 85 жылдығы салтанатты жағдайда тойланды.

«Ешкітау етегіндегі еңселі ел» атты мерейтойлық басқосуға жиналған  жерлестер мен қонақтардың қарасы көп болды.

«Құрмет тақтасы» ашылды

Шара қонақтары алдымен Тасқала ауылының кіреберісіндегі «Азалы ана» ескерткішіне тәу етіп, гүл шоқтарын қойды. Содан соң «Қазпошта» мекемесі ғимаратының жанында бой көтерген «Құрмет тақтасының» ашылуына қатысты.

— Құрметті тасқалалықтар мен аудан қонақтары! Баршаңызды ауданның мерейлі тойымен құттықтаймын. Тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде көптеген жетістікке қол жеткіздік. Біздің басты байлығымыз ел ішіндегі тыныштық, ұлттар арасындағы ынтымақ-бірлік  және экономикалық даму екені белгілі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа-ласына орай ауданымызда түрлі шаралар жүзеге асуда. «Туған жер» бастамасы аудан тұрғындары тарапынан қызу қолдау тапты. Жомарт жүрек азаматтар ауылды көркейтуге белсене атсалысуда. Бүгін тұрғындардың игілігіне берілген «Құрмет тақтасын» жерлесіміз, жеке кәсіпкер Замир Сәрсенбаев өз қаражатына жасап берді. Тақтаға ауданымыздың көркеюіне, дамуына үлес қосқан еңбек адамдарының есімдері  жазылды. Бұл өскелең ұрпаққа үлгі болсын, — деді аудан әкімі Алдияр Халелов шараның ашылу салтанатында. «Құрмет тақтасында» Тасқала ауданының өркендеуіне, әсіресе, мәдениет, білім, өнер саласының дамуына үлес қосқан Рабиға Зайнуллина, Меңдіғали Қалмұрзин, Әйіп Сүлейменов, Бақтығұл Тасмағамбетов  секілді 20-ға жуық тасқалалықтың аты-жөні жазылған.

ЖЕРЛЕСТЕР  БАС  ҚОСҚАНДА

Ауданның мерейін асқақтатқан шаралар легі аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Рухани  жаңғыру» залы ашылып,   «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы мен «Жомарт жүрек – 2018»  шарасы өтті. Туған жерге зор сағынышпен жеткен тасқалалықтарға ауданның бүгінгі тыныстіршілігі туралы бейнефильм көрсетілді.

17 мың тұрғынның құтты қонысына айналған аудан қазір дамудың даңғыл жолына түскен. Ауданның жалпы аумағы 8 мың шаршы шақырымнан асады. Мұнда тоғыз ауылдық округ пен 28 елді мекен бар. 900-ге тарта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың басым бөлігі – шағын бизнес өкілдері. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар мал шаруашылығымен жүйелі айналысып келеді. Қазір ауданда 31 мыңнан астам ірі қара, 9 мыңға жуық жылқы, 7 мыңнан астам қой-ешкі бар екен. 339 шаруа қожалығы тіркелген. Оның тоғызы асыл тұқымды мал шаруашылығын өрбітумен айналысуда. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің саны артуда.

Егін шаруашылығын да қаперде ұстаған тасқалалықтар биыл 19,08 гектарға жаздық дақыл, 4,70 гектар танапқа күздік дақыл еккен. Аудан тұрғындарының айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көптеп көре бастаған. Жасалған жұмыстардың нәтижесінде аудан да көркейіп, жол салынып,  жаңа нысандар бой көтеруде.

Жерлестер форумын Ж.  Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, осы өңірде туып-өскен Светлана Бақышева жүргізді. Шарада аудан әкімі Алдияр Халелов 85 жылдық белесті артқа тастаған аудан тұрғындарының еңсерген қиыншылықтары мен жеткен жетістіктері туралы айтты. Оның мәліметінше, 2017 жылы ауданды көркейту мақсатында құны 5 млн. 300 мың теңгенің жеті жобасы жүзеге асса, биыл 30 млн. теңгеге 16 жоба орындалмақ. Қазіргі уақытта 13 млн. теңгенің жеті жобасы жасалып, тұрғындардың игілігіне берілген. Ал облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов  туған жерден жыраққа кеткен жерлестердің басын қосатын аталмыш форумның тиімділігі мен маңызына тоқталды.

Әр мекеннің өзіндік ерекшелігі болады. Тасқала ауданында ежелгі тас дәуіріндегі адамдардың мекендегенін «ТДК-42» телеарнасының директоры Табылғали Сапаров былайша түсіндірді.

— Бірде Тасқала ауданына қарасты Бірлік елді мекенінің маңында орынборлық жас ғалымдар қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Жандарына барып жөн сұрасам, тас дәуіріне тән жәдігерлердің табылғанын айтты. Содан облыс орталығына хабарласып, біздің мамандарды шақырттық. Олар да келіп, тың жәдігерлерді облыстық өлкетану музейіне тапсырды. Осылайша тас дәуіріндегі адамдардың  Тасқала ауданы аймағында өмір сүргені дәлелденді.

Бұл ауданда кезінде кеңестік саясатқа орай бір ғана қазақ мектебі болатын. Ол Оян ауылында ғана еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл олқылықты жою үшін ауданда қазақ тілінен сабақ беретін тоғыз-он айлық курстар ашылып, мектеп директорлары мен ұстаздар оқытылды. Нәтижесінде орыстануға айналған ауданның жеткіншектері қазақы тәрбие мен білімді саналарына сіңіре бастады.

Біз туған жерімізді мақтап жүрсек, рухымыз көтеріледі. Рухымыз биік болса, патриоттық сезіміміз оянып, елге қызмет еткіміз келеді — деді Табылғали Сатқалиұлы.

Форум барысында жеке кәсіпкер, «Катэк» ЖШС-ның директоры  Құндыз Нупов Тасқала ауданының өркендеуіне 2 миллион теңгенің  сертификатын табыстады.

— Жақсылық жасау үшін әрқашан себеп табуға болады. Бұл ауданда туып-өспесем де, қарашаңырағым осында тұрды. Әке-шешем 1999 жылы Тасқалаға көшіп келген еді. Сондықтан бұл аудан маған ыстық.

Қолдан келсе, туған жердің өркендеуіне үлес қосқан жөн. Ауданның мерейтойы болғандықтан, құр қол келмей,  тың істердің бастамасына деп ақшалай сыйлығы-мызды алып келдім, — деді Құндыз Шамахұлы.

ЖОМАРТ   ЖҮРЕКТЕР

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Жомарт жүрек – 2018» байқауы көпшіліктің қолдауына ие болып келеді. Аталмыш шараның аудандық кезеңі мерейтой күні Тасқала ауылында ұйымдастырылды. Өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қамқорлыққа зәру жандарға қолұшын созған тасқалалық  Атымтай жомарттардың аттары аталып, марапаттарға ие болды. Байқауда «Жылдың үздік меценаты» аталымы Әлібек Сыдықовқа, «Туған ауылының жанашыры» аталымы Дәурен Нұрмағанбетовке, «Жылдың үздік азаматы» Замир Сәрсенбаевқа, сондай-ақ «Жылдың үздік қоғамдық бірлестігі» аталымы аудандық «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігіне бұйырса, Серік Кәрімов «Жылдың батыл азаматы» атанды. Ал танымал әнші Мұрат Әмірханов Тасқала ауданының құрметті азаматы атанды.

ДАЛАДАҒЫ  ДУМАН

Ауданның мерейтойына арналған мерекелік шаралар сенбі күні дала қызықтарымен жалғасты. Қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ұлттық спорт түрінен аламан бәйге мен топ бәйге өтті.

Аламан бәйгеде кіл жүйріктің арасынан оза шапқан шыңғырлаулық Т. Бисенбаевтың тұлпары бірінші келіп, 1 млн. теңге жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орын Тасқаланың Мерей ауылынан келген С. Мұхамбетрахимовтың тұлпарына (500 мың теңге), үшінші орын Ақжайық ауданынан келген  Е. Сәтпаевтың сәйгүлігіне бұйырды. Сондай-ақ отызға жуық қыл-құйрық жарысқан топ бәйгеде бірінші болып тасқалалық М. Аяпбергеннің тұлпары келсе, екінші ақжайықтық С. Ахметовтің, ал үшінші қаратөбелік К. Ысмағұловтың арғымағы келді. Қой көтеру жарысынан тасқалалық Самат Юсупов жеңімпаз атанса, қол күресінен 70 келіге дейін салмақ дәрежесінде Жасұлан Бектібаев, 70 келіден жоғары салмақ бойынша Алғадай Жамбыл үздік шықты.

Даладағы думан аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған қауым шат-шадыман күймен тарқасты.

Айта кетсек, аудан мерейтойына келген қонактар қатарында Ғайсағали Сейтақ, Айтқали Нәріков, Дариға Мұштанова, Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова  сынды танымал тұлғалар болды.

Мерейтойдың келесі күні ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып этноауыл жасақталды. Онда тасқалалық әжелер жүн түтіп ұршық иіруден шеберлік өткізді.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


«Қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едім?»

Күні: , 149 рет оқылды

Әлеуметтік желілерде жер, мүлік салығы бойынша берешегі бар салық төлеушілердің зәресін алған хабарлама тарап кетті. Онда қарыздың қандай шамада екендігіне қарамастан, мейлі, қарызыңыз 30 немесе 3000 теңге болса да, барлығына бірдей 8 АЕК көлемінде (19 840 теңге) айыппұл салынады делінген. Әнебір ертегіде айтылғандай, «Қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едім?» деп көзін байлап, аңшылардың алдынан бір-ақ шығарған бөденеге ашуланған түлкідей боп жүрген жайы бар борышкерлердің. Бұл сыбыс әңгіменің тоқетерін Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасынан анықтап білдік.

Мамандардың айтуынша, мұндай сыбысқа еш негіз жоқ. Салықтық берешегі бар жеке тұлғаларға салықтық берешегі туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап 30 жұмыс күні өткен соң төлемеген немесе толық төлемеген жағдайларда салық мекемелері жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығарады және оны шығарған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлғаға жібереді.

— Жеке тұлға салықтық берешегін өтемесе, онда салық құрылымы жеке тұлғаға салық бұйрығы табыс етілген күннен бастап 5 жұмыс күнінен қалдырмай салық бұйрығын еліміздің атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп орындау үшін атқарушылық іс жүргізу құрылымдарына (органдарына) жібереді.

Сонымен қатар салық берешегі бар тұлғаларға банк мекемелерінде есепшот ашудан бас тартылады.

Сот орындаушылары мүлкін пайдалануға шектеу қояды және мүліктерін тартып алады, 20 АЕК-тен артық (48 100 теңге) берешегі бар тұлғаларға шетелге шығуға  шектеу қойылады, – деді аталмыш басқарма басшысының орынбасары Жанғабыл Сағынов.

Оның айтуынша, «1 қазанға дейін жер, мүлік және көлік салығын төлемегендерге 20 мың теңге (8 АЕК) шамасында айыппұл салынады» деген хабарлама жалған, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде ондай нәрсе қарастырылмаған. Мерзімінен кешіккен салықшылар үстеме (пеня) төлейді. Күні бүгінге салықшылар жер және мүлік салығы бойынша қаладағы 91 мың жеке тұлғаға есептелген салық сомалары туралы хабарлама  жіберген.

Өзге мемлекеттерде, мысалға, Скандинавия елдерінде азаматтар табысының 60-70 пайызы салыққа кетеді. Бұл тұрғыдан қарасақ, жалпы біздің елдегі салық саясаты жұмсақ, либералды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға, «Даңқ», «Отан» ордендерімен марапатталған жандарға, «Алтын алқа» медалінің иегерлеріне, жалғыз тұратын зейнеткерлерге (өзге ешкім үй тіркеуінде болмауы керек) меншік құқығындағы барлық салық нысанының жалпы құнынан АЕК-тің 1000 еселенген  (2 405 000 теңге) шегінде жеңілдіктер қарастырылған. ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдар, соғыс  жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен марапатталған азаматтар, мүгедектер меншік құқығындағы барлық салық салу нысанының жалпы құнынан айлық есептік көрсеткіштің 1 500 еселенген мөлшері шегінде (1 447 500 теңге) жеңілдіктерге ие.

– Салықтық мөлшерлемелер салық салу нысаны құнының, яғни үйдің немесе пәтер құнының 0,05 пайызынан 2 пайызға дейінгі шамасын құрайды. Қаладағы ескі үйлердегі  бір бөлмелі кей пәтерлер құны 2 миллион теңге болса, соның 0,05 пайызын салық ретінде тө-лейді. Егер 2 млн. теңгеден асса, онда 0,08 пайыз, яғни үйлердің, пәтерлердің құны артқан сайын көбірек салық төленеді. Мұны прогрессивті шкала бойынша төлеу дейміз, – деді  Ж. Сағынов.

Жұрттың көбі айыппұлдың қалай есептелетінін білгісі келеді. Мамандардың айтуынша, айыппұл шамасы негізгі салықтың көлеміне байланысты 1,25 еселенген түрінде салынады. ҚР Ұлттық Банкінің салық берешегіне қатысты дайын формуласы бар көрінеді.  Сол бойынша салық берешегін өтеудің шекті мерзімі аяқталғаннан кейін күніге бір, екі теңге деп дайын формула бойынша есептеледі. Сондықтан берешектің үстіне айыппұл жамамай, салықты 1 қазанға дейін мерзімінде өтеудің пайдасы бар.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


«Қазанда нан бағасын қымбаттатуға мәжбүрміз»

Күні: , 259 рет оқылды

«Батыс Продукт» ЖШС тоқаш, вафли,  нан және кондитерлік өнімдердің 30-дан астам түрін шығарады. Нан түрлерімен Оралды және іргелес ауылдарды ішінара қамтиды. Жалпы өндірілген өнімнің 30-40 пайызын Ресейге, соның ішінде Челябі, Нижненовгород облыстарына экспорттайды.

Серіктестік астықты өңіріміздегі тауар өндірушілерден алғанмен, өнім өндіруге жұмсалатын құмшекер, сары май, маргаринді Ресейден тасымалдайды. Биыл газ, электр қуаты бағасы да өсті. Қуат бағасының өсімі өндірілетін өнім құнының көтерілуіне  әсерін  тигізеді.

— Жақында астық бағасы 20-30 пайызға өсті. Бұрын келісі 60 теңгеден болса, қазір 85 теңгеден бір-ақ шықты. Нанның түрлеріне қарай олардың бағасы 80-90 теңге аралығында. Өндірісші ретінде бағаны  бір қалыпта ұстап отырмыз. Бірақ қазан айында нан бағасын өсіруге мәжбүрміз.  Қаншаға өсіретінімізді нақты айта алмаймын, есеп-қисабын шығарудамыз, — деді «Батыс Продукт» ЖШС-ның директоры Алексей Попков.

Кәсіпкер Алексей Попков Кедендік одақ шеңберінде Бірыңғай экономикалық кеңістікке еркін шығу мүмкіндігіне ие болғандарына қуанышты. Алайда бір экономикалық Кедендік одақтағы елдердің кәсіпкерлері теңсіз бәсекелестікке тап болғандарын жасырмайды. «Қазақстанда қосымша құн салығы 12 пайыз болса, Ресейде 20 пайызды құрайды. Алыстан арып-ашып, көлікке тиеп апарған өніміңнің бағасына қосымша 20 пайызды үстейсің. Өнімің қымбаттап кетеді. Осындай теңсіздіктер қолыңды байлап, адымыңды аштырмайды. Мәселенің осы жағы ескерілсе дейміз», – деді ол.

Серіктестік «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының БҚО филиалы арқылы дүние-мүлкін кепілдікке салып, «Нұрбанктен» 6 пайыздық мөлшерлемемен қомақты несие алды. Неміс өндірісшілерінен вафли шығаратын жаңа желі әкеліп, орнатуға келісімшарт жасады. Жаңа желі алдағы 2019 жылдың басында іске қосылмақ. Қазір өндіріс орнында 250 адам нәпақасын тауып жүр. Жаңа желі іске қосылғанда жаңадан 30 шақты жұмыс орны  ашылады.

Гүлбаршын ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»


Денсаулық сақтауды дамыту талқыланды

Күні: , 33 рет оқылды

Кеше   облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  медицина  саласының  үздік  мамандарымен  кездесті.

Кездесуге Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті, АҚШ денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман, С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Талғат Нұрғожин және Литва денсаулық ғылымы университетінің профессоры Дайнюс  Павалкис  қатысты.

Кездесу барысында республикадағы  медицина ғылымы мен өңірдегі денсаулық  сақтау жүйесінің дамуы талқыланды. Сондай-ақ  басқосуда  мамандарды даярлау,  цифрлық технологияларды денсаулық сақтау саласына енгізу мәселелері  қаралды.

—  Медицина және денсаулық сақтау саласындағы әріптестікті орнату біз үшін өте маңызды. Бүгінде Литва сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету бойынша үздік мемлекеттердің қатарында. Ал медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мемлекеттің  негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Сондықтан біз білім-білігі жоғары медициналық кадрларды даярлауға мүдделіміз, – деді облыс әкімі Алтай  Көлгінов.  Сонымен қатар өңір басшысы бұл кездесу медицина саласындағы денсаулық сақтау және білім беру жүйесінің одан әрі дамуына қосымша серпін беретінін атап өтті.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


«Ақжайық» «Қайраттан» айласын асырды

Күні: , 61 рет оқылды

Ел біріншілігінің ХХVІ турында ең тосын нәтиже Алматыда тіркелді.  Өткен жексенбіде «Қайрат» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын»  қабылдады.

«Астанамен» чемпиондық атаққа таласып келе жатқан алматылықтар үшін бұл ойын маңызды еді. Ал оралдықтарға соңғы орындарға түсіп қалмау үшін ұпай ауадай қажет болатын.

Украиналық маман Сергей Зайцев жаттықтыратын батысқазақстандықтар ресейлік Андрей Аршавин сынды кілең ығай мен сығай ойнайтын қарсыластарынан ыға қойған жоқ. Бір қызығы, қос команданы байланыстыратын деректер бар еді.

Биылғы біріншілікті «Ақжайықтың» құрамында бастап, сұрмергенге айналған украиналық шабуылшы Адеринсола Эсеоланың жазда «Қайратқа» ауысқаны белгілі. Сол секілді Орал футболының түлегі Стас Покатилов (оның сыңары Владимир Покатилов осы бәсеке соңында «Ақжайық» сапында алаңға шықты) алматылықтардың  қақпасын  қорғады.

Бірінші тайм басында қонақтар белсенді болғанымен, көп ұзамай алаң иелері ойын тізгінін қолға алды. Дегенмен оралдықтар да қарап қалмай, қарымта шабуылға шығып отырды. Әсіресе, оң қанаттан Азат Ерсәлімов асырған пастан кейін сенегалдық шабуылшы Малик Маненің допқа аяғы дұрыс тимей қалды.

Ойынның екінші кезеңінде алматылықтар жиі шабуылдады. Осындай сәттерде украиналық қақпашы Евгений Боровик «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан мен А. Эсеоланың аса  қауіпті соққыларын қайтарып, екі мәрте  сейв  жасай  білді.

Матч аяқталуға 15 минуттай уақыт қалғанда, оң қапталдан А. Ерсәлімовтің берген добын Еркебұлан Нұрғалиев баспен қақпаға дәл түсірді. Бұдан кейін алматылықтар қанша тырысқанымен, есеп өзгерген  жоқ.

Ең бастысы, бұл кездесуде оралдықтар сауатты ойын өрнегін көрсетіп, тәртіп бұзбауға тырысты. Есесіне «Қайраттың» футболшылары үш мәрте ескерту алып тынды.

С. Зайцев чемпионаттағы үзіліс кезінде Ұлттар лигасында Латвия құрамасының сапында қос бірдей матч өткізіп келген Артур Карашаусксті бірден ойынға қосқан жоқ. Ол тек екінші таймда ғана М. Маненің орнына шықты. Ал Қазақстан жастар құрамасының мүшесі, жартылай қорғаушы Иван Антипов анасының өмірден озуына байланысты бәсекеге қатыса алған жоқ. Соған қарамастан, «Ақжайық» күтпеген жерден 1:0 есебімен «Қайратты» ұтып, тарихи жеңісіне қол жеткізді. Яғни премьер-лига аясында алматылықтарды сырт алаңда алғаш рет тізе бүктірді.

«Біз бұл жеңісімізді орны толмас қайғыға тап болған Иван Антиповқа арнағымыз келеді. Ко-манда барлық тапсырманы ойдағыдай орындады», деді «Ақжайықтың» бас бапкері Сергей Зайцев кездесу соңындағы баспасөз мәслихатында.

Бұл турда «Қайсармен» өз алаңында 0:0 есебімен тең ойнаған елордалықтар да ұпай жоғалтты. Қазір алматылықтардың бірінші орындағы «Астанадан» төрт бірдей ұпайы кем. Ал 29 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді. Дегенмен батысқазақстандықтарға босаңсуға болмайды. Олар ХХVІІ турда 23 қыркүйек күні өз алаңында ел чемпионы «Астананы»  қабылдайды.

Айта кетейік, өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарынан» 0:1 есебімен ұтылып қалған Павлодардың «Ертісі» соңғы орыннан көтерілер емес. Қарағандыда «Атырауды» 2:1 есебімен жеңген «Шахтер» 10-сатыда келеді. Алғашқы үштіктен үміткер «Тобыл» мен «Жетісу» командалары Қостанайда 2:2 есебімен тең тарқасты. Шымкентте «Ордабасы» – «Ақтөбе» кездесуінде де 0:0 есебі тір-келді.

Ғайса  БӘЙМЕН


«Спортпен шұғылданғанның рухы жоғары»

Күні: , 72 рет оқылды

Сенбі  күні  П. Атоян  атындағы  стадионда  Орал  қаласының  күніне  орай  алғаш  рет  жартылай  марафон  өтті.  Жарысқа  Гиннес    рекордтар  кітабын  жеті  дүркін  жаңартқан  халықаралық  дәрежедегі  спорт  шебері,  Азия, Африка, Австралия  және  Америка  құрлықтарының  шөлейт  жерлерін  жалғыз  өзі  жүгіріп  шыққан  атақты  марафоншы  Марат   Жыланбаев  қатысты.

Бұл сенбіде көк жүзінде күлімдеген күн де жер-жерден келген желаяқтарға дем беріп, көрерменнің де жанын жадыратты. Жер-жер демекші, жарыста жерлестерімізбен қатар еліміздің Астана, Алматы, Павлодар, Ақтөбе, Атырау, Шымкент қалаларының, Италия мен Ресей елдерінің азаматтары да сынға түсті.  Марафон 5,25, 10,5 және 21,1 шақырымдар бойынша өтті. Ал балалар үшін стадион ішінде 440 метрге жүгіру ұйымдастырылды. Стадионнан бастау алған жарыста  желаяқтар Даумов көшесінен Шаған жағалауы, Карев көшесі, Достық және  Еуразия даңғылдары арқылы жүгіріп өтті. Жалпы, мың жарымға жуық  жан жарысқа шықты. Бұл марафонға облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған бірнеше лауазымды тұлға да қатысты.

– Жартылай марафонды алғашқы рет өткіздік. Алайда бұл соңғысы емес. Алдағы уақытта 42 шақырымдық толық марафон өткізуді жоспарлап отырмыз. Дуатлон өтті, енді триатлонға дайындаламыз. Оған біздің күшіміз жетеді, қатысушыларымыз да бар. Бұл марафонға тек өз өңірімізден емес, еліміздің қалаларынан, Ресей мен Италия елдерінің де азаматтары қатысты. Халықаралық жартылай марафон болды. Марафонға қатысушылардың барлығына алғысымды білдіремін. Баршамыз спортпен айналысайық! Елбасының өзі бізді спортпен шұғылдануға шақырады. Спортпен шұғылданған жанның рухы да жоғары болады. Орал – тарихи, жасыл, экологиялық таза, әдемі, жылы шырайлы, спорты дамыған қала. Арамыздан чемпиондар шығып, әлемдегі әдемі Ту – тәуелсіз Қазақстанның туын үлкен мәртебемен желбірете берсін, – деген облыс әкімі Алтай Сейдірұлы  қала қонағы, марафонға қатысқан Марат Төлегенұлына алғысын  білдірді.

Мәре сызығына жетіп, өзгелерден оқ бойы озық келген желаяқ жеңімпаздар марапаттарға ие болды. Алды-мен  балалар арасында Ярослав Килазев пен Элина Ихсанова жеңіс тұғырынан көрінді. 5, 25 шақырымда жү-гірген желаяқтар арасында Ақылбек Қабдолмәжит, қыздар арасында Кристина Шалигина  жеңімпаз атанды.  Ал 10,5 қашықтықта ерлер мен әйелдер арасында атыраулық Базарбай Дауталиев пен алматылық Диана Айдосова мәре сызығын бірінші кесті. Ең ұзақ қашықтық – 21,1 шақырымды  алматылық Алексей Гусаров 1:11:54  уақытта, ал әйелдер арасында оралдық  Салтанат Сүндетова 1:42:57 уақытта жүгіріп өтіп, І орын алды. Барлық жеңімпаз бен жүлдегер орын тәртібіне қарай 50 мың теңгеден 500  мың  теңгеге  дейінгі  сертификаттарға ие болды.

Жарысқа Орал қаласындағы «Fiesta» және «Шоқан» киім дүкендері, «Loft Flowers» гүлдер дүкені серіктес болғанын атап өту керек. Сондай-ақ  жүлделі орындар тұғырына көтерілген қыздарға «Әдемі» салоны сертификаттар табыстады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 2,5 млн. теңгені құраған болатын.  Ал марафонға қатысу үшін 21,1 шақырымға 2 мың теңге, 10,5 шақырымға 1 мың теңге жарна төленген еді.  Жарна мен қайырымдылықтан түскен  қаражат оралдық бүлдіршін Ару Азаматтың ем алуына жолданатын болады. Марафон  нәтижесінде  550  мың  теңге  жиналды.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Марат   ЖЫЛАНБАЕВ, Гиннес  рекордтар  кітабын жеті  дүркін  жаңартқан   марафоншы,  халықаралық  дәрежедегі  спорт  шебері:

– Жүгірудің Қазақстанда тренд болғанына қуаныштымын. Жүгіру Америка, Еуропа, Австралияда ұзақ жыл бойы кең танымал болған еді.  Мен 1990 жылдары сол елдерге барғанымда жүгіріп жүрген көп адамды көретін едім. Сол кезде Қазақстан мен Кеңес елдерінде жүгіретіндер  аз еді.

Америкада немесе Еуропада президенттер, әртістер, танымал  тұлғалар  таңмен  тұрып  жүгіреді.

Ақшаға бәрін сатып алғанмен, денсаулықты сатып алу мүмкін емес. Жүгіру тек сән үшін керек емес, жүгіру арқылы  әркім өз денсаулығын жақсартатыны белгілі.

Нағыз қолжетімді спорт түрі де осы жүгіру. Ең бастысы, жүгіру дегеніміз – мереке.

Бұған дейін Атырауда, Ақтауда жүгірген едім. Оралға 29 жыл бұрын келген екенмін. Қала көркейіп, еліміздегі экологиялық таза қалаға айналып, халқының саны да артқан екен. Жартылай марафонға еліміздің түкпір-түкпірінен әрі әр жастағы спортшылардың келгені де қызықты болды.  Баршаға денсаулық, бақыт тілеймін. Ең бастысы,  жүгіру сіздерге  ләззат  сыйлауы  керек.

Диана  АЙДОСОВА, Алматы қаласының  тұрғыны:

– Мен жеңіл атлетикамен 10 жылдан бері айналысып келемін. Олимпиада және Азия ойындарына, Әлем чемпионатына қатыстым. 2014-2016 жылдардағы юниорлар арасында

Азия чемпионы атандым. Қашықтықты  жеңіл жүгіріп өттім. Ауа райы  өте  тамаша  болды. Алған  әсерім  керемет.

Ақылбек  ҚАБДОЛМӘЖИТ,  БҚИТУ-дың  2-курс студенті:

– Марафон ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Осы секілді жақсы жарыстар өткізіліп тұрса деймін. Осыған дейін Оралда өткен көптеген марафонға қатыстым. Жеткен  жетістіктерім де мол.


Саябақтағы Сорочин жәрмеңкесі

Күні: , 51 рет оқылды

Өткен  жексенбіде  Орал қалалық  мәдениет  және  демалыс  саябағында  украин   халқының   Сорочин  жәрмеңкесі  аталып  өтілді.  Облыстық  Қазақстан  халқы  ассамблеясы  ұйымдастырған  дәстүрлі  шараға  аудан-ауылдардан  келген  түрлі  ұлт-ұлыс  өкілдері  мен   қала  тұрғындары  қатысты.

– Сорочин  жәрмеңкесі біздің облысымызда оныншы жыл қатарынан тойлануда. Бұл – нағыз еңбек, мейірім және бірліктің мерекесі. Елбасымыз ұлтаралық келісімге әрқашан зор мән береді. Біз көп ұлтты мемлекет  болғандықтан, бір-біріміздің тарихымыз, мәдениетіміз туралы білуіміз керек. Украиндық «Еднання» – облысымыздағы ірі этномәдени бірлестіктердің бірі. Оның 11 мыңдай мүшесі бар. Баршамыздың татулықта өмір сүруіміз ең басты игілігіміз деп білемін, – деді құттықтау сөзінде БҚО ҚХА төрағасының  орынбасары, хатшылық  меңгерушісі  Ғайса  Қапақов.

Жәрмеңке барысында украин ұлттық әндері шырқалып, көңілді билер мен қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар облыс аудандарынан келген этномәдени бірлестіктер ұлттық әшекей бұйымдарды, қолөнер туындыларын саудалады. Сондай-ақ саябақта демалушылар украин халқының ұлттық тағамдарынан дәм татты.

– Еліміздегі түрлі этностардың әдет-ғұрыптарын сақтап, олармен танысу мақсатында «Этнос күндері» атты әлеуметтік жоба қолға алынған болатын. Міне, облыстық ассамблея құрамындағы «Еднання» украиндық этномәдени бірлестігіне де кезек келді. Украин ұлты өкілдерінің ұйымшылдығы мен өз ұлтына деген жанашырлығын бүгінгі шарада анық аңғаруға болады. Өйткені Сорочин жәрмеңкесі жыл сайын жоғары деңгейде өткізіледі. Батыс Қазақстанда он бір мыңдай украин ұлтының өкілі тұрады. Мәдени орталық ашылғаннан кейін «Берегиня» атты хор құрдық. Ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді ұлықтау мақсатында түрлі іс-шаралар өткіземіз,  – дейді облыстық «Еднання» украин мәдени орталығының  төрағасы  Виктор  Тарасенко.

Аталмыш жәрмеңке күзгі жиын-терім аяқ-талғаннан кейін диқандардың еңбегін дәріптеу, ауыл шаруашылығы  өнімдерін халыққа ұсыну  мақсатында  ұйымдастырылады.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Қасым Оралдан неге кетті?

Күні: , 435 рет оқылды

Газетіміздің өткен санында туған жеріне тағзым ете келген белгілі актер-драматург Кеңес Жұмабеков туралы мақала жарық көргені мәлім. Әңгіме барысында актер бізге белгілі ақын Қасым Аманжолов туралы көпшілік біле бермейтін  әңгіме айтып берген еді. Әсерлі әңгімені дәл сол күйі оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– 1982 жылы анам мені Жайық бойына нағашыларыма алып келді. Сонда Шолохов атындағы кеңшарда Қуанышкерей деген екі көзі бірдей көрмейтін зағип ақсақал болды.

«Қарағандыда қызметтемін» дегенімде «Қасымның елінен екенсің ғой» деп, маған Қасым Аманжоловтың Оралдан қалай кеткені туралы әңгімелеп, еш кітапқа енбеген өлеңін оқып берді. Ақсақалдың айтуынша, шамамен 1935-36 жылдары Қасым Аманжолов Жұмат Шаниннің қарауында домбыра оркестрін басқарған. Бірде педагогикалық институтта үлкен концерт өтетін болып, оркестр дайындалады. Бірақ концерт басталар алдында партком мен проректор оркестрмен айтылатын әндердің қысқарып қалғандығын айтып, «Бір күй, бір ән орындайсыңдар» дейді. «Жарайды» деп  сыр бермеген Қасым жігіттерін жинап, «Бес нөмірді де орындаймыз» деп келіседі. Сөйтіп  сахнаға  көтерілген  ақын:

Ән бар ма, біздің әндей жатқан бұрқап,

Аламыз дауылдатып шырқап-шырқап.

Күй бар ма, біздің күйдей жатқан жосып,

Тас балқып, тыңдағандай тал таңырқап.

Өлеңнің өлкесіміз өткел бермес,

«Сөзді қой, өлеңге бас, жырмен сөйлес»

Деп өскен қазекеңнің ұрпағымыз,

Өлеңсіз өмір бізге өмір емес, – дегенде оркестр ойнап келіп жібереді. Сөйтіп бірінші, екінші, үшінші, төртінші нөмір кезегімен кетіп жатады. Алдыңғы қатарда отырған партком мен проректор екі жақтан оркестрді тоқтату үшін сахнаға жүгіреді. Осы сәтте бесінші нөмір «Адай» күйі де екпіндеп, шалқи жөнеледі. Бесінші нөмір бітіп, зал толы көрермен шапалақтап, шымылдық жабылып жатқанда, Қасым ақын алға жүгіріп шығып, мына өлеңді оқыпты:

Бұл – менің шарықтаған жастық шағым,

Жаныма дарытпаймын дүние шаңын.

Әніммен қарсы аламын әрбір күнді,

Жайғандай еркеназым жар құшағын.

Бұл – біздің қасиетті дастанымыз,

Шалқыған айдын көлдей жас шағымыз.

Алға ұстап адал жүрек махаббатты,

Ән салған біз қазақтың жастарымыз! – деп жасындай жарқылдаған жас ақын сол кездегі қазақ өнерін тұншықтырғысы келген Кеңес өкіметінің саясатына осылай қарсылық танытыпты. Осы оқиғадан кейін Қасым ақын Оралда қала алмай, Алматыға кеткен көрінеді. Мен Қуанышкерей нағашымнан естіген осы әңгімені жас ұрпақ білсін деген ниетпен жүрген жерімде айтып жүремін, – деді тебірене өлең оқыған  актер-драматург  Кеңес  Жұмабеков.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

guleke111979@mail.ru


Құрманғазының шәкірті Қалиді білесіз бе?

Күні: , 57 рет оқылды

Күй –  ертеден  келе  жатқан  музыкалық  ұғым.  Оның  аспаптық музыкаға  тән  атау  екені  он  төртінші  ғасырдан  бері  белгілі. Осы асыл  қазынамызды  алтын  қорға  жаздырып,  болашаққа табыстауға  үлес  қосқан  күйші  Алабастың  Қалиі   туралы  сөз  қозғамақпыз.

Ол күй атасы Құрманғазының тоғыз  шәкіртінің бірі атанған. Қалидің немересі Айсағалидың қызы Әсия Қалиеваның (1947 ж. т) айтуынша, Қали атасы күйші, емші, әрі сынықшы болған. Домбыраны сол қолымен тартқан. Жас кезінде тентексоқтау болып өскен. Әкесі еркелетіп «Сары»  деп  атапты.

Қали Алабасов 1864 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Қисыққамыс деген жерде дүниеге келген. Тоғыз жасынан бастап қолына домбыра ұстап, әйгілі Құрманғазыдан күй үйренеді.  Өз замандастары Дина (1861), Мәмен (1868)  күйшілермен қатар жүрген. Академик Ахмет  Жұбановтың 1975 жылы шыққан «Ғасырлар пернесі» кітабында (98-100-беттер) «Құрманғазының артында көптеген шәкірті қалды.

Олардың ішінде біздің тұсымызда өмір сүріп, күйшінің көптеген шығармасын біздің дәуірге жеткізіп бергендердің ішінде Дина Нұрпейісова, Ерғали Есжанов, Меңдіғали Сүлейменов, Мәмен Ерғалиев бар. Құрманғазының тікелей шәкірттерінен жоғарыда айтылғандардан басқа Көкбала (Түркеш Қалқаұлы 30 жасында дүниеден озған), Сүгірәлі, Меңетай, Алабастың Қалиі, Тоғайбай, Меңқара, Шора домбырашыларды айтуға болады. Олардың кейбіреуі Құрманғазының күйлерін таратушы шәкірттері болды. Мысалы, Сүгірәлінің шәкірттерінен Ұйқас, Дәуітәлі, Әжіғали, Қамза, Төреш, Нұрәлі, ал Көкбаланың шәкірттерінен Айтқұл, Жәнібек, Құрмаш, Қопаш, Мәмен шәкірттерінен Өтеш, Әру, Жәкіш, Мақаш есімді домбырашыларды айтуға  болады»  деп  жазады.

Аты аталған өнерпаздардың қатарына Қали Алабасовтың шәкірті деп Қали Жантілеуовті де қосуға болады. Қали Жантілеуов 1902 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының №10 ауылында, Қамыссамарда туған. Кедей шаруаның баласы. «Қали 5 жасынан бастап музыкаға әуестенеді. Бала кезінде жез легенді тауып алып, соны даңғырлатып, үй-ішінің мазасын алатын болған. Тіпті қалақ ағашқа қыл тағып, соны тартып, дыбысын тыңдаған. Қалидің үлкен шешесі: «Осы баламнан бір нәрсе шығады» – деп оған ащы ішектен домбыра ішегін иіріп береді. Қали кейін ірімшік араластыратын қалақты ұрлап далаға апарып, содан домбыра секілді аспап жасауға тырысады. Ішек тағып, кәдімгідей дыбысын шығарып тартып жүргенін көрген әкесі домбыра жасап береді. Тоғыз жасынан бастап домбыраны меңгереді. Жоғарыда аты аталған Алабастың Қалиі бірнеше күйді үйретеді» дейді Ахмет Жұбанов («Ғасырлар пернесі», 102-бет). Демек, Алабастың Қалиі Қали Жантілеуовке күй үйреткені рас болғаны. КСРО жоғары мектебінің үздігі, Қазақстан жоғары мектебінің еңбегі сіңген қызметкері, профессор Құбыш Мұхитов та өзінің естелігінде «Қалекең «Менің алғашқы ұстазым Алабастың Қалиі еді, бірақ алғашқы «Кеңес», «Көңіл ашар» күйлерін нағашым Нұртазадан үйрендім» дейтін» деп жазған болатын («Күйші Қали»  кітабы, 2002  жыл).

Қали Алабасов тек күйші ғана емес, шәкірт тәрбиелеген ұстаз екенін марқұм Қазақстанның халық әртістері Қаршыға Ахмедияров, Тұяқберді Шамелов, индерлік бард ақын Табылды Досымов растаса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Айтқали Жайымов қостап, оның сирек кездесетін күйлерді қорға жаздыртып, нотаға түсірткенін айтады. Күні кешеге дейін марқұм Тұқаң, Тұяқберді Шамелов Қали Алабасовтың домбырасымен сахнаға шығып жүрген екен.

Қали атамыз 1934 жылы 70 жасқа толғанына қарамастан, Ахмет Жұбановтың шақыртуымен Алматыға барып, сирек кездесетін бірнеше күйді нотаға түсіреді. Қазақ музыка өнерінің жолбасшысы, академик Ахмет Жұбановтың назарына ілігуіне қарағанда, Қ. Алабасов осал домбырашы болмағаны. Әттең, жасының келіп қалғанына байланысты сол кезде ұйымдастырылып жатқан (қазіргі Құрманғазы атындағы) оркестрге қала алмаған. 1939 жылы Ақпәтерге (сол кездегі Форт-Артурға), 1943 жылы Барбастауға келіп қоныс тебеді. Өз уақытында күйшінің неге кең түрде насихаттала қоймаған себебі түсініксіз. Мүмкін жасының ұлғаюына байланысты шығар. 1951 жылдың басында Ветелкин ауылына көшіп келеді. Айтушылар 102 жасында тың болғанын, атқа мініп жүргенін айтады.

1963 жылы 99 жасында Алматыдан келген өнер зерттеушісі экспедиция мүшелеріне сирек кездесетін күйлерді тағы да  үнтаспаға жаздырады. Арада үш жыл өткен соң Қали Алабасов 1969 жылы  105 жасында Зеленов ауданы Мичурин ауылында қайтыс болады. Орал қаласындағы «Нефтебаза» аумағындағы қауымға жерленген. Қазіргі уақытта Алабастың Қалиінің ұрпағы Орал қаласында, Ветелкин ауылында, Германияда, Ресейдің Саратов облысының Перелюб ауданында, Самара облысының Большая Глущиха ауданында тұрып жатыр. Рухани жаңғыру жылы ескерусіз қалған күйші Қали Алабасовтың жаздырған, нотаға түсірген күйлерін облыстық радионың алтын қорына алдыртып, келер жылы 155 жасқа толатын күйшінің есімін республика немесе аймақ көлемінде атап өтсе, артықтық етпес еді. Күйші атында байқаулар ұйымдастырса, өте жақсы болар еді. Күйшілердің бесігі атанған Жаңақалада туып, Зеленов ауданында бақиға аттанған ол – екі ауданға ортақ өнерпаз. Арыстарымызды лайықты ардақтай білсек, мәдениетіміз бен тарихымызға қосқан  үлесіміз  зор  болар  еді.

Серік  АБДРАХМАНОВ,

әнші,  өнертанушы,

Ғарифолла  Құрманғалиевтің  шәкірті


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика