Мұрағат: 14.09.2018


Балығы кетіп, бақасы қалды…

Күні: , 71 рет оқылды

Орал қаласының Зашаған кентіндегі Коминтерн елді мекеніндегі Аниськин көлінің маңы көн-қоқысқа толған. Мамандар мұны үлкен экологиялық мәселе деп санайды.

– Бұрын Аниськин көлінен адамдар  балық аулап, маңынан құс ататын. Көлдің арнасы қар мен жаңбыр суынан толатын еді. Қазір мұнда бақа-шаян ғана қалыпты. Айналасы қоқысқа толған. Бұл – үлкен экологиялық мәселе. Осы орайда біз, экологтар жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыста-рын жүргізіп, жиналыстар өткізе бастадық. Істелген жұмыстар нәтижесін береді деп сенемін. Облыста осы секілді бірнеше экологиялық мәселе бар. Солардың бірі ретінде қала мен аудандардағы көн-қоқыс төгетін арнайы полигон аймағының жоқтығын айтар едім. Кей аудан-ауыл тұрғындары зират маңдарын қоқыс төгетін жерге айналдырған. Бұл дұрыс емес. Сондай-ақ Орал – Саратов тасжолының бойындағы 1970 жылы жасақталған полигон аймағы толып, шашылған қоқыс тасжолға жеткен. Төгілген қоқыстың тереңдігін арнайы барып өлшегенімізде,  9,2 метрге жеткенін анықтадық. Қаланың шетіндегі қоқыстар кей күндері отқа оранып, ауаны бүлдіруде. Облыс әкімінің бастамасымен тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мақсатында финдермен бірлескен үлкен жоба қолға алынғаны белгілі. Болашақта ол жемісін береді деп ойлаймыз. Жалпы, өңірімізге қалдықтарды өңдейтін ірі зауыт керек. Облысымызда  қалдықтардан жаңа өнім шығарып отырған  кәсіпкерлер де жоқ емес. Зеленов ауданында Александр Жилкин деген азамат пластикалық қалдықтарды өңдеп, люктер шығаруда. Жалпы, тұрмыстық қатты қалдықтар адам денсаулығына өте зиян. Олар паразиттік  микрофаунаның көбеюіне жағдай жасайды. Сондықтан үйден шыққан керексіз қалдықтарды тек қоқыс жәшігіне төгіп, жер үйде тұратын тұрғындар ауласына бір тал терек болса да еккендері жөн, – дейді БҚО экологиялық ұйымдар қауымдастығының президенті Ғазиз  Хаймулдин.

Айта кетейік, 2000 жылы құрылған БҚО  экологиялық ұйымдар қауымдастығы қоршаған ор- таны қорғау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық экологиялық сараптама ұйымдастырады. ҚР Экология кодексінде көрсетілген құқықтар мен мүдделердің сақталуын қадағалайды. 2004 жылы  Орал қаласында ұйымдастырылған әлеуметтік маңызы бар жобалар  конкурсында аталмыш экологиялық ұйымның «Орал – ТМД елдері ішіндегі ең таза және абаттандырылған қала» жобасы үздік болған. Сол жылы Орал қаласының әкімдігі мен экологиялық қауымдастықтың бірлескен жұмысының нәтижесінде облысымыздың орталығы ТМД елдерінің ішіндегі ең жасыл қала деп танылды.

Биыл Елбасымыз біздің өңірге сапары кезінде «Орал – Қазақстан  бойынша ең жасыл қала» деп баға беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты. Ендеше, жергілікті атқарушы билік, қоғамдық ұйым, тұрғындар болып бірлесе жұмыс атқарса, ол өз  жемісін  берері  сөзсіз.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Темір тұлпармен тегін жүреді

Күні: , 68 рет оқылды

Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерін теміржол көлігінде тегін тасымалдауды қамтамасыз ету акциясы 2018 жылдың 1 мамырынан 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Аталған акцияны «Самұрық-Қазына» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры «Жеңіс» республикалық әлеуметтік және қайырымдылық жобасының аясында «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырады және ҰОС ардагерлеріне  Қазақстан мен ТМД елдеріне тегін жүру құқығын береді.

Акцияның шарттарына сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлері ҚР және ТМД елдеріндегі «Жолаушылар тасымалы» АҚ жүргізетін барлық бағыт бойынша саяхаттауға мүмкіндік алады. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері барлық санаттағы пойыздардың вагондарында, соның ішінде «Туристік класс» вагондарында және «Тальго» пойыздарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы купелерден орын алады. Бұдан басқа «Жолаушылар тасымалы» АҚ  пойыздарында ҰОС қатысушылары екі бағытта да тегін тамақтанумен қамтамасыз етілген.

Бұл акцияға сәйкес билеттерді рәсімдеу үшін жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы және ҰОС қатысушысы немесе ҰОС мүгедегі екенін растайтын құжат болуы керек.

Бүгінде жоба Қазақстанның 30 қаласында жүзеге асырылуда. Олардың қатарында ірі қалалар мен облыс орталықтары, сондай-ақ Жаңаөзен, Екібастұз, Рудный сияқты шағын қалалар да бар.

Нұр АСЫЛ


Туған жерге тағзым етуге келген актер

Күні: , 89 рет оқылды

Ол кісі бала кезінен өнерге құштар болып өседі. Бірақ драма әртісі дегеннен хабарсыз болғандықтан, әйтеуір сахнаға шықсам деп жиі қиялға батады екен. Сөйтіп, қиялдап жүргенінде өзі тұратын Балықшылар ауылына (Рыбцех) жаңадан келген орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назипа Нұралиева драма үйірмесін ашады. Ауыл баласы үшін бәрі таңсық, қызық. Үйірмеге қатысуға бірден ықылас танытқан қиялшыл бала, рөлге беріліп, образға еніп кетеді. «Мәжит» деген қойылымда жалқау бала Мәжиттің рөлін сәтті алып шыққан оны ауыл адамдары сол күннен «әртіс бала» атап кетіпті. Өнерге деген алғашқы қадамы ауылдастарының демеуімен басталған кейіпкеріміз С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Кеңес Жұмабеков туған жеріне тағзым ету үшін  елге, яғни  Орал өңіріне  арнайы келіп жатыр.

Өнер айдынында көптеген рөлді сомдаған кейіпкеріміз Кеңес Нарымбайұлы — қаламы қарымды драматургтердің бірі. Оның туған жеріне арнап жазған «Ата парыз», «Қаз дауысты Қазыбек», «Замана неткен тар едің?» «Адасқандар» және өзге де драмалары республикамыздың көптеген театрында қойылды. Әсіресе, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған жат ағымға арбалғандар туралы жазылған «Адасқандар»  драмасы туралы  ресейлік  сайттар  көбірек  жазыпты.

«Ауылыма  барған  сайын  жылап  қайтамын»

— Биыл өнерде жүргеніме елу жыл толды. Осы орайда «Туған жерге тағзым» атты шығармашылық кешімнің аясында көрермендерге «Қайран, жас дәурен», «Адасқандар» қойылымдарын ұсынбақпыз. Менімен бірге әріптесім, бөкейордалық ҚР мәдениет қайраткері, “Құрмет” орденінің иегері Гүлсара Рашқалиқызы және Қарағанды театрының труппасы бірге келді. Өзім бұрынғы Чапаев ауданы, Майшұңқыр ауылында туып-өстім.  Бес жасымнан бастап балалық шағым Шалқар көлінің жағасындағы Балықшы-лар ауылында өтті. Ол кезде 120 түтіні бар дүркіреген ауыл еді. Қазір бергі бетте  11, арғы бетте  10 үй болып, селдіреп қалыпты. Барған сайын жүрегім ауырады. Біздің бала кезімізде балықшылар балық аулап келеді, балықтарды әйелдер өңдеп, кептіріп, ысытып жататын.

Жылқышылар бар еді. Қыста мұздың үстіне жылқымен шығатын. Жеті жылдық мектебі бар ауылда тірлік қайнап жататын еді. Қазір ауылда бастауыш мектеп те жоқ. Балаларын Аңқатыға беріп отыр оқуға. Кішкентайынан ата-анасының тәрбиесін көрмеген бала ертең кім болады? Бала тым құрығанда, бесінші сыныпқа дейін ата-анасының бауырында болуы керек. Бұл ойлантатын дүние. Ана бір жылдары келгенімде, жарқабақтың бойында  қабырғасы құлап тұрған үйімді көріп, еңсем түсіп қайтты. Бір кездері он бір бала асыр салып өскен үйдің қисайып, құлап тұрғанын көру ауыр.

Ауылыма барған сайын, жылап қайтамын.  Сол барғанымда,  ескі үйдің жұртында қалған мұржаны суретке түсіріп алдым, — дейді өткен шағын еске алған актер.

«Прозадан мықты драма шығаруға болады»

Белгілі өнер тарланынан театрлардың қазіргі жағдайы, режиссура мен драматургия туралы пікірін сұрадық.

— Театрдың жүгі ауыр. Ал тартатын «моторы» әлсіз. Ең бастысы, мамандар жоқ. Қазір театрдың бетбейнесін жасайтын көркемдік жетекші көп. Бірақ ізденіс аз. Бізде бір драманы бір-екі жерін өзгертіп, бүкіл облыс қойып шығады. Мәдениет және спорт министрлігінде жөнді білетін маман аз. Өткен жылдары  Египетке Шерхан Мұртазаның «Домалақ ана» қойылымымен  баратын болдық. Қойылымды орыс, араб тілдерінде аудару керек болды. Сонда  министрліктегі мамандар  «Домалақ ана» деген қойылым тақырыбын «Круглая мать» деп аударыпты. Осыдан-ақ  бізде әр мекемеде өз саласының мамандары отырмағандығын айқын аңғаруға болады. Режиссерлар «жақсы шығарма жоқ» деп, драматургтерге жабады, актерлер «жақсы режиссер жоқ» дейді. Шын мәнінде, бәрі бар. Бірақ  әрқайсысы өз деңгейінде ғой. Әр режиссердың өз қолтаңбасы бар. Қазақстанда тамаша режиссер көп. Бірақ бәрі Астана мен Алматыда. Облыстық театрларда мектеп жоқ. Драмалық шығармалар да, драматургтер де бар. Мәселен, «Бөлтірік бөрік астында», «Қысылғаннан қыз болдық» деген драмаларды бүгінгі заманға лайықтап қоюға болады. Тек ізденіс жетіспейді. Қазір мықты прозайк көп. Прозадан да керемет  драма жасауға болады. Бұл әдіс Ресейде жақсы дамыған. Прозаны оқып, оның «дәнін» тауып алып, өсірсе, үлкен «егіс» болады. Тек режиссерлар оқып, ізденуі керек, — дейді Кеңес Нарымбайұлы.

Қаламыздағы С. Сейфуллин атындағы қазақ мектебін бітірген кейіпкеріміздің өнер жолына түсуіне танымал  суретші Сәкен Гұмаров та ықпал еткен екен. Алматыдағы театр студиясына түсерінде «Сенің қабілетің бар. Өнеріңді дамыт» деп қолдау көрсетіп, шығарып салыпты.

Көңілде  қалған  картина

Көрісу айт кезінде Балықшылар ауылындағы Темірғали ақсақалға сәлем бере барған сәті актердің жадында жақсы сақталыпты. Кейіпкеріміз әкесінің айтуымен бес жасында Темірғали қарияға аман дасуға барады. Есіктен кіре  «Неге келдің?» деген қарияға  амандасуға келдім дейді. «Енді амандаспайсың ба?» десе, «Саламатсыз ба?» дейді. Оған көңілі толмаған қария: «Ер-азамат «Ассалаумағалейкум» деп қол беріп амандасады» деп үйрете бастайды. Балақайдың қолынан жібермеген күйі «Енді қайталап айт» деп бұйырады. Тосылып қалған бала «Ассаламәлләумәлләу» деп жылап жібереді. Әйтсе де, кейіпкеріміз осы оқиғадан кейін ауыл ақсақалдарының бәріне «Ассалаумағалейкум» деп қол беріп амандасатын болыпты.

— Сол кезде бүтіндей бір ауылдың баласына бағыт беретін дана қариялар болатын. Қазір сол шалдарды сағынамыз. Менен журналистер «Еліңізді аңсайсыз ба? деп жиі сұрайды. «Әрине, аңсаймын. Жүрегімде жазылмаған жара бар.

Ол Ақ Жайыққа, туған елге деген сартап болған сағыныш» — дейді біз бен театр тақырыбында емен-жарқын әңгіме айтқан өнер  тарланы.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

С. Сейфуллин  атындағы Қарағанды  облыстық  қазақ драма  театрының  репертуары:

  1. 09. 2018 ж. Сағ. 18.30 К.Жұмабеков “Қайран, жас дәурен” (мелодрама)
  2. 09. 2018 ж. Сағ. 14.00; 16.00; 18.30 К Жұмабеков “Қайран, жас дәурен” (мелодрама)
  3. 09. 2018 ж. Сағ. 14.00; 16.00; 18.30 К. Жұмабеков “Адасқандар” (драма)
  4. 09. 2018. ж. Сағ. 18.00 К. Жұмабеков “Адасқандар” (драма )

Қойылымдар  Х. Бөкеева атындағы  облыстық қазақ  драма театрында өтеді.

Анықтама тел: 50-78-03


Бақсы-балгер бағыңызды байлап жүрмесін

Күні: , 92 рет оқылды

Бүгінгі қоғамда ажырасқан отбасы, адасқан тағдырлар көп. Сонымен бірге тұйыққа тіреліп, сергелдеңге салынған жандардың дәтке қуат етіп, іздеп баратын емші-балгерлерінің қатары да қалыңдап келе жатқандай көрінеді. Әрине, халықтық медицина, шипагерлік ұғымдары – ұлтымыздың салт-дәстүріне жат дүние емес. Алайда осынау жолды ұстанамыз дейтін жандардың бәрі бірдей көпшілікті ізгілікке, шынайы имандылыққа ұмтылдырып отырса, қане?!

«Экология» халықаралық академиясының мүшесі, «Медициналық және ғарыш энергетикалық экология» саласының білікті маманы Жақсыбай Сейітқалиевпен кездескен сәтімізде ол осынау тақырыпқа қатысты жаға ұстатар бір жайтты баяндады.

Оқиға былтырғы көктемде Жақсыбай Жиеншеұлының жұмыстағы көмекшісіне құдаша болып келетін жас қыздың басынан өткен. Әуелі құдашасының бойында пайда болған бір өзгерісті жаңағы көмекшінің қызы байқайды. Мән-жайды сұрастырып көрсе, құдашасы бақсыға барып жүргенін айтады. Әлгі құдаша ауылдан мектеп бітіріп келген. Өзі үріп ауызға салғандай әсем, мінезі биязы қыз екен. Отбасылық жағдайы қиын, әке-шешесі ажырасып кеткен. Сергелдеңге түсіп, әрқайсысы өз басымен әуре болып жүргендіктен, қыз бала әкеден де, шешеден де жылылық сезінбейді. Мұндай жағдай жасөспірімге өте ауыр тиеді. Өмірде толық жанұя болып отырғанның өзінде отбасы тәрбиесінде әр түрлі ауытқушылық болып жатады ғой. Содан әлгі қыз бала қалаға келгенде де дұрыс бағыт сілтеп, жетелейтін тума-туыс, жанашыр жан таба алмай қиналады. Сөйтіп жүріп, №8 мектеп аялдамасы маңында бір емші тұрады дегенді естіп, сол кісінің алдына барады. Бұрын жұмысқа орналассам, ақша жинап пәтер алсам деп талаптанып жүрген қыз бала әлгі емшіге барғаннан кейін мүлде өзгереді. Бойын белгісіз бір селқостық билеп, тек қана емшінің айтқанын жасап, сол кісінің алдына бара бергісі келіп тұрады. Емшісі уыздай бойжеткенге жанашырлық танытқан болып, пәтер жалдап береді. Онымен қоймай, өз қызынан да кіші жастағы қыз балаға «Сені Астанаға алып кетемін, пәтер әперемін» деп азғыра бастаған. Оның бәрі бер жағы екен, ең сорақысы – жас қызды төсек қатынасына үгіттейді. «Уайымдама, болашағың жақсы болады, кезі келгенде өзің қатарлы теңіңе қосып, өз қолымнан ұзатамын» деп сандырақтаған, сайтани әңгімелерді жас қыздың құлағына құя бастапты. Бұл әңгімелерді бойжеткен өзінің құдашасы әрі сырлас досы, жаңағы көмекшінің қызына айтады екен. Көмекшінің қызы әкесіне баяндап, әкесі болса, Жақсыбай Жиеншеұлын хабардар етеді. Жақсыбай ағамыз адам баласының ойына келмейтін сұмдық жайды алғаш естігенде біраз қызбалыққа салынып, әлгі емшісымақты қыспаққа алмақ болады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне мәлімдеп, емшімін деп жүрген алаяқтың азғындығын жалпақ жұртқа жарияламақ та болыпты. Бірақ жап-жас қыз баланың алдағы жеке тағдырын ойлағанда бұл райынан қайтады. Алайда қыз баланың атын атап, түсін түстемегенімен, «Осындай оқиға болғанын жұрт білуі керек, сақтануы керек» дейді ол. Содан ол көмекшісіне «Өзіміз де қыз өсіріп отырмыз, ешнәрсе сұрамаймыз, ештеңеден қы-сылмасын, құдашаңды алдымызға алып кел» дейді.

– Барымызша қамқорлығымызды танытып, жанашырлық әңгімелерімізді айттық, шариғатқа сай амалдарымызды жасадық. Қыз бала «Маған не болған? Өзімнің әкемнен де үлкен кісі маған не істеген?» деп өзіне өзі келе алмай, ұзақ жылады. Оны әлгі пәтерінен шығарып, бір Құдайға қараған егде ананың қасына орналастырдық. Кейін ол жұмысқа кірді. Сөйтіп жұрт қатарлы  өмір сүріп кетті, – дейді Жақсыбай Жиеншеұлы.

Бұл қазіргі қоғамымыздағы «Аңқау елге арамза молда» дегеннің кері ме екен? Жұртымыз жаңаша ғылым-білім мен өркениетке аяқ басқан бүгінгі кезеңде ел ішінде осыған ұқсаған жайттардың тыйылмай отырғаны көңіл қынжылтады. Жақсыбай Жиеншеұлы мұндай келеңсіз жағдайлардың бір шетін елімізде халық емшілерін құжаттандыратын орталықтардың көптігімен және олардың кейінгі әрекеттерін ұдайы қадағалауда ұстап отыратын арнайы мекемелердің жоқтығымен байланыстырады.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ 

nsafullin@mail.ru


Кеше салынғанды бүгін бүлдірді

Күні: , 110 рет оқылды

Бұл көзге қораш суреттер өзге емес, өзіміздің Сайқын ауылында түсірілген.  Ортасынан қақ бөлінген әткеншектер, торы жыртылып, тесілген футбол қақпасы, бір жағына қисайып, сынуға шақ қалған айналмалы темір есік…

Балалар үшін әдейілеп орнатылған дүниелерге тұрғындардың салғырт қарауы арқаға аяздай батады. «Бұған кім кінәлі, неге мұндай тәртіпсіздікке барды?» деп бас қатырсақ та, ел игілігі үшін жасалған дүниені бүлдірушілер істеген істері үшін сан соғып өкінбес те. Өйткені өзінің жекесі емес, қоғамдық мүлікті қирату – ақылы таяз адамның ғана ісі.

Сәкен Сейфуллин көшесіндегі футбол алаңының (бисендік жеке кәсіпкер Ермек Меңдешевтің тартуы) пайдалануға берілгендігіне көп бола қойған жоқ. Әу бастан «Балаларымыз доп тепсін, шынықсын, шымыр болсын» деген ниетпен тұрғызылған нысанның қазіргі кейпі аянышты. Қақпаның торы ортасынан тесіліп, үңірейіп қалыпты. Аяқдопшылардың жойқын соққысынан қақпаның торы жыртылды  деуге  тағы  келмейді…

Ал балалар алаңындағы (оралдық жерлес кәсіпкер Қуаныш Бірмановтың сыйы-тұғын) әткеншектерді (суреттегі) сындырған кім? Бар-жоғы екі айдың ішінде «әлдекімдер» сәбилер асыр сала ойнап жүрген құрылғыларды ортасынан қақ бөліп, тіпті есікті де жұлып алып, беттері бүлк етпестен, сол маңға тастай салыпты.

Ол ол ма, жұрт аяғы саябырсып, қараңғы таянған уақытта кей «жастарымыз» осында келіп, сыра ішетіндігін де білдік. Балалар алаңына келіп, ішімдік ішкенің қай сасқаның?.. Бұндай тәртіпсіздік шетелде орын алса, бұзақы баяғыда-ақ тиісті  жазасын  алған  болар еді.

Иә, сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген халық едік… Әр ата-ана ұл-қызын ойын алаңдарын ұқыпты ұстауға, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге үйретсе игі. Салмақтарының ауыр екеніне қарамастан, әткеншектерге жайғасып алатын үлкендер қауымы да айналаға қамқорлықпен  қарауды  естен  шығармаса  екен.

Арайлым  ӘЖІҒАЛИЕВА,

Сайқын  ауылы,

Бөкей  ордасы  ауданы


Ұлым, сені іздеп келдім…

Күні: , 137 рет оқылды

(«Еріксіз  Ерік  еліне  орала ма?»  атты  деректі  мақалаға  орай  жазылған  әңгіме)

Жеңіл көліктен түсіп, зәулім ғимараттың ішіне кірді. Қабылдау бөлмесіндегі  хатшы  қыз:

– Сәлеметсіз бе, Назым Қадеровна! – деп иіліп сәлем берді.

Жұмыс бөлмесіндегі орнына отырып, алдындағы қағаздарға көз жіберіп еді, үйіліп қалған екен.

Бір жұмадай оңтүстік облыстарда іссапарда болғанда фирмаға қатысты шаруалар шаш-етектен болғаны көрініп тұр. Сол іссапарда болған түрлі кездесулер және өзінің сол өңірде орналасқан фирма бөлімшелерін аралап, шарашағандықтан ба, бірден қызметке кірісіп кетуге зауқы соқпады. Орнынан тұрып теледидарды қосты. Соңғы жаңалықтарды беріп жатыр екен. Жүргізуші Астанада өтіп жатқан Сирия келіссөзінің нәтижесін айта келіп, алып құрлықта өмір сүріп жатқан қазақ балалары туралы арнайы хабарды көруді ұсынды. Қазақтың жап-жас қызы мұхиттың ар жағындағы елден хабарын жүргізуді бастады. – Біз қазір сонау 2000 жылдары америкалық отбасы Аллен мен Паула асырап алған қазақ баласы Еріктің, бүгінгі күнде Эриктің шаңырағында тұрмыз. Бұл күнде жасы 18-ге келген Ерік Вирджиния штатындағы Арлингтон қаласында тұрады. Ерік, айтшы, Қазақстан деген елді  білесің  бе?..

Назымның басы айналып, көзінің алдын тұман басты. Жүрек аласұра соқты. Журналист қыздың дауысы алыстан естілгендей… Иә, сол. Бетінің оң жағындағы кішкентай меңі де сол қалпында. Ағылшынша бірдемелер айтып жатыр… Талып жеткен үні Назымның жүрегіне ине болып шаншылып жатқандай… Жүрегі бұрынғыдан да қатты соғып кеткендей болды. Бойынан бір найзағай оты жүріп өтіп, жүрегіне тұрып қалғандай… Ол от шарпи жанып, енді-енді жарылардай…

– Назым Қадеровна, қабылдау бөлмесіне адамдар келіп тұр, рұқсат па?

– Жап  есікті! Ешкімді қабылдамаймын.  Бұрын бастығының бұндай мінезін байқамаған хатшы қыз түсінбей есікті тез жапты. Теледидарды өшіріп тастады. Әрі қарай қарайтын Назымда күш жоқ еді. Аз-кем отырып, графиннен су ішті. Өзіне-өзі келгендей болды.

Терезеге қарады. Астананың зәулім-зәулім үйлері. Арқан бойы көтерілген күн нұрымен сұлулана түскендей. Көз алдына осыдан  18 жыл бұрынғы оқиғалар кино лентасындай тізбектеле бастады…

Алыс ауданнан қалаға арман қуып келді. Арманы орындалып, жоғары оқу орнына қабылданды. Өзіндей ылғи жастар. Алатаудың етегіне орналасқан қала да сұлу, жастары 20-ға толмаған бұлар да сұлу. Сабақтан бос уа-қыттарында түрлі кештерге барады. Басқа оқу орнындағы өздеріндей құрбыларымен де танысу көбейді. Бұлар да, олар да бірін-бірін шақырып, уақыттарын көңілді өткізеді. Күндер өзінің қуанышымен өтіп жатты. Иә, сол бір күн… Сол күні жатақханада бір бөлмеде жататын Анар құр-бысының туған күнін атап өтті. Туған күн қожайындары жалдаған пәтерде болып еді. Дастарқан басына жиналған он шақты жастың ішінде Назым танымайтын қонақтар бар болатын. Тілектер айтылып жатыр… Биге де, әнге де кезек берілуде. Кезекті бір тілекті Анардың ауылдасымын деп өзін таныстырған аққұба жүзді, бетінің оң жағында меңі бар Жарқын деген жігіт бастады. Ақ тілегін жеткізе келіп, ол барлығына арнап домбырамен ән орындайтынын жеткізді. Барлығы қолдай кетті. Домбыра үніне қосылған қоңыр дауыс дастарқан басындағылардың жүректерін баурай бастады…

… Әппақ  ай  төгіп жарық  шұғыласын,

Қанатын  жайды  іңірге түн  ұласып.

Мойылдай  жанарларың мөлт-мөлт  етіп,

Сендім  деп  құшағыма тығыласың!..

Әдемі ән Назымды осы бір аққұба жігітпен бірге беймәлім арал-дарға алып бара жатқандай… Жүрек түкпірінде бір шоқ сезім пайда болып, ол жалындағандай. Жанары мөлт-мөлт етіп, оның құшағына тығылғандай… Ән аяқталды. — Жарқын, тағы бір ән, тағы бір ән! – деп дастарқан басын у-шуға толтырған дауыстар. Бұдан кейін де Жарқын бірнеше ән орындап берді. Сол күні Назым Жарқынмен танысты. Әні де ұнады, өзі де ұнады. Политехта оқиды екен. Махаббат деген ұлы сезімнің хауызы ашылған қыздың бойын бақыт билеп алған еді. Осындай сезімдер жетегінде Алматының әсем кештерінде ұзақ қыдыратын, еркін сырласатын… Ақыры сезім жеңді. Бірінші курсты аяқтап, ауылға демалысқа қайтар кезде Назым өзінің жүрегі құлай сүйген Жарқынның  сезіміне қарсылық  білдіре алмады… Бұл қателік емес те еді. Өйткені екеуі де мәңгі бірге болатынына сенді. Бірақ бақыттың да өзіндік өлшеулі ғұмыры болатынын екеуі де білмепті. Жарқын ауылына бара жатқанда көлік апатынан қаза тапты. Құрбыларымен бірге Жарқынды ақтық сапарға шығарып салуға барды. Қоштасуда бетін ашқанда оның жансыз аққұба жүзінен, – Назым, кешір мені, асқақ арманға бірге ұшып бара алмадық… – деген  ойды  көргендей  болды.

Сол бір қаралы күннен кейін екі айдай уақыт өткенде, Назым бойындағы өзгерісті сезді. Дәрігерге қаралғанда Жарқыннан белгі қалғанын білді. Алғашқы ақ махаббатынан қалған айғаққа қуанды да, қиналды да. Қиналғаны – өз ата-анасының бейхабарлығы, Жарқынның ата-анасының мұны танымайтындығы… Екі ұдайы сезімде қалды. Ата-анасына айта алмады.

Ақырында қасындағы құрбыларының ақылына тоқталды. Иә, бұл өмірлік өкініш болып қалатынын Назым жастықпен сезбеді. Уақыт жетіп, ұл бала дүниеге келді. Перзентхана медбикесі ұлын алғаш емізуге алып келгенде, ұлының бетінің оң жағындағы меңін байқады. Жарқынның аққұба жүзі елестеп кетті… Өзіне айтылар барлық ғайбат сөздерді ысырып қойып, сәбиін ешкімге  бергісі  келмейтін  ой  келді…

– Өмір алда, әлі талай Жарқындай жігіттер кездеседі, тапсыр, тапсыр! – деген құрбыларының дауыстары да құлағына жеткендей болды… Кеудесінде екі  ой тайталасты. Ақыры соңғысы жеңді.

– Қарағым, бұл қателікті орнына қайтып келтіре алмассың, – деген қарт дәрІгердің сөзін естігенде, қолындағы қолхатты жыртып жіберіп, ұйықтап жатқан сәбиіне қайта жүгіргісі келді. Бірақ ұлы қалған палатаға жүгіре алмады, қос жанары жасқа толып, сыртқа жүгірді… Кешір, ұлым, кешір!..

Өмір өз ағынымен ағады. Оқуды бітіру, қызметке тұру, лауазым, жоғарылау, атақ-даңқ, бизнес… Жанына қаншама Жарқындай азаматтар кездезсе де, біреуге жар болу бақыты бұйырмады. Мүмкін бейкүнә сәбидің обалы болар, мүмкін өзінің күші жетпеген тоқтамның кесапаты болар… Мүмкін, бәрі мүмкін… Осы ағыммен өтіп жатқан уақытта, әсіре-се, оңаша қалған сәттерде ұлы елестейтін… Омырау іздеген сәті келетін… Бойын өксік қысатын… Әлі есінде, бір жылдан кейін перзентханаға барды. Ұлының хабарын білу үшін дәрігерге жолықты. – Сен өз ықтиярыңмен бас тартқаның туралы қолхат бергеннен кейін бала заңды түрде сенікі болып табылмайды. Ал қазіргі дерегі құпия сақталады, – деген жауапты естіді.

Он сегіз жыл бойы жүрегінің түкпірінде осы бір шемен болып қатып жүрген шындық бүгін ашылды. Мына жарық дүниеге өзі әкелген ұлы тірі. Америкада.

Арманда кеткен Жарқынның жалғыз тұяғы – алып елдің азаматы. Назымның жүрегін суық нәрсе қарып өткендей болды. Оған мына лауазым, мына бизнес, мына жорғалап жүрген қарауындағылар – ұлының қасында түкке татымайтын нәрселердей көрінді.Ұлымды көремін, бауырыма басып, он сегіз жыл шемен болып қатып қалған жүректегі жараны жібітемін,  қалай  да  барамын…

P.S.

Назым мінген «Қазақстан» деген жазуы бар алып лайнер он екі сағат бойы мұхитты көктей ұшып, Вирджиния штатының халықаралық әуежайына келіп қонды. Назымның басында бір ғана ой: «Ұлым, мен сені іздеп келдім.  Кешіресің  бе,  мені?!.».

Серік   ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі,

Қазталов  ауданы


Әзірше ескерту берілді, келесі жолы тәртіптік жаза қолданылады

Күні: , 322 рет оқылды

Облыстағы  кейбір  мемлекеттік  мекемелер  мемлекеттік  рәміздерді  заңға  сәйкес  орналастырмай  отыр.  Ендігі   жерде мұндай  кемшіліктерге  жол  бергендерге  айыппұл  салынып, әкімшілік  жауапкершілікке  тартылмақ.

Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы ҚР мемлекеттік рәміздері жөніндегі комиссияның отырысында айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың төрағалығымен өткен бұл басқосуда Бөрлі және Шыңғырлау аудандарында мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен қолдану саласындағы жұмыстардың жай-күйі онлайн байланыс арқылы талқыланған еді.

Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Алпамыс Көшкінбаевтың айтуынша, мемлекеттік рәміздерді насихаттау және олардың заңға сәйкес қолданылуын бақылауды қамтамасыз етуде нақты жұмыстар жүргізілуде. Бірақ кемшіліктер де жоқ емес. Жуырда  облыстық ішкі саясат басқармасы және техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаменті мамандарының тексеруі нәтижесінде Бөрлі аудандық соты мен прокуратурасында, Ақсай қаласының әкімдігінде рәміздердің орналасуына қатысты кемшіліктер анықталған.

Спорттық додаларда жеңіске жетіп, туымызды көкке желбірететін спортшылардың оқып-жаттығатын мекендерінде де «әттеген-ай» бар боп шықты. Өйткені қаладағы кейбір спорт сарайлары мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендері де мемлекеттік рәміздерді  қолдануда кемшіліктен құр емес екен. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева мәлім еткендей, «Ақжайық» футбол клубы, №1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және облыстық балалар-жасөспірімдер теннис спорт мектебінде үкіметтің қаулысына сәйкес рәміздерді ауыстыру және жою туралы бұйрық жоқ. Спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған облыстық мектеп-интернат ғимаратының сыртындағы маңдайшасын талапқа сай орнату жөнінде ескерту берілген. Бұл жұмыстарға Орал қаласы әкімдігі мен ішкі саясат бөлімінің «салақ» қарап, немқұрайлылық танытып отырғанын айтқан Ғабидолла Абдоллаұлы мәселені  тез  арада  шешуді  тапсырды.

– Комиссияның өткен жолғы отырысында да бұл мәселелер барлық аудан әкімдеріне, бұл жиынға қатысып отырған басқарма басшыларына да қарата айтылды. Сіздер тексеруді күтіп отырмаңыздар. Тексеруге келгенге дейін осы кемшіліктерді жоюға сіздерге не кедергі жасайды? Заң бар, талаптар бар, стандарттар бекітілді емес пе? Прокуратура мен сотта өткен жолы да кемшіліктер табылды. Орал қаласында да кемшіліктер кездеседі. Әзірше ауызша ескерту жасаймыз. Келесі жолы тәртіптік жазаға тартыласыздар, – деген Ғабидолла Абдоллаұлы  құзырлы мекеме басшыларына бұл жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Өз сөзінде Ғабидолла Абдоллаұлы облыс аумағында руларын заттық белгі ретінде бекітіп, мемлекеттік Тумен қатар жалаулатып іліп қоятындарды сынға алды. Әсіресе, Ақсай қаласында «Москвичи» жанар-жағармай стансасында Тумен қатар тұрған белгі сынға ілікті.

– Өзінің руын тауар белгісімен көрсету дұрыс емес. Бұл басқаларға теріс үлгі болып есептеледі. Ал біз елді ауызбіршілікке шақыруымыз керек. Бара-бара мұндай тауар белгісін басқа рудың да өкілдері жасап алады. Заң бойынша да шектеу бар. Әділет министрлігінде тауар белгісі бекітілгенде ол белгі қоғам үшін қолданылмау керек. Мысалы, мен барып жалпыға ортақ қандай да бір тауардың белгісін алып, менікі деп айтуға құқым жоқ. Сол секілді кез келген рудың белгісі де жалпыға ортақ қолданылады. Сондықтан да ол өз руластарының құқығын шектейді. Меніңше, бұл жерде қандай да бір заңдық тұрғыда қателік кеткен секілді. Егер ол тап осылай ру белгісін жекешелендіріп алған болса, заңдық тұрғыда шешімін табуы тиіс, – деген облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені облыстық ішкі саясат басқармасына  тапсырды.

Шара барысында сондай-ақ ҚР ИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Салават Вахитов «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңының сақталуы туралы айтты. Оның сөзінше, «QAZAQSTAN» деген сөз еліміздің Елтаңбасында жаңартылған стандартта қолданылатын болады. Сондықтан да алдағы жылғы бюджетті бекіткен кезде барлық мемлекеттік мекеме Елтаңбаны осы стандартқа сай өзгерту үшін қаражат бөлінуін қарастыруы қажет.

Басқосуда комиссия мүшелері де өздерінің ой-пікірлерін білдірді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен «Тәуелсіздік алғалы 27 жыл өтсе де, мемлекеттік рәміздерді тиісінше қолдана алмай жүрген мемқызметшілер тарапынан орын алатын кемшіліктерді әкімшілік айыппұл салу арқылы түзетейік» деген ұсынысын айтты. Ал  «AQJAIYQ» телеарнасының директоры Асыланбек Ғұбашев шекара бекеттері, автоөткелдерде мемлекеттік рәміздерге деген ықыластың өте нашарлығын  атап  өтті.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


«Әуелеп өткен саз ғұмыр»

Күні: , 55 рет оқылды

Бөкей ордасы ауданының Саралжын ауылдық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Халық әртісі, күйші-композитор жерлесіміз Тұяқберді Шәмеловті еске алуға арналған «Әуелеп өткен саз ғұмыр» атты кеш өтті.

Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен өткен мәдени шарада Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі күйші-композитордың туындыларын орындады. Сондай-ақ  Тұяқберді Шәмеловтің елге танымал әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Хатимолла Бердіғалиев, Қырымгерей Қажымов, Жаңылсын Хасанова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Еркін Өтегенов, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Айбар Хайырханов нақышына келтіре шырқады. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев бастаған домбырашылар да кештің көркін қыздыра, күмбірлете күй тартты.

Кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева сөз алып, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Асхат Қажғалиевке аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың алғысхаты мен ықылас гүлін табыстады.  Содан соң С. Сағырбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шыңғыс Ромашев «Тұяқбердіге» атты арнау өлеңін оқыды.

— Тұяқбердіні Алматының П. Чайковский атындағы музыкалық колледжде оқыған кезінен бастап білемін. Кейін Құрманғазы оркестріне келіп жұмыс істеді. Тұяқтың өнерде  жасаған нақты да сәтті қадамдары менің көз алдымда өтті. Мысалы, Құрманғазы атындағы домбырашылар конкурсы алғаш өткенде Тұяқберді Қажыгерейұлы лауреат атанған еді. Қазылар алқасында болған марқұм Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Рүстем Омаров секілді танымал ағаларымыз оның өнерін үздік деп бағалады. Жалпы, байқауға дейін де Тұяқтың жақсы әндер шығарып жүргенін естігенбіз. «Сол бір жылғы тырналар», «Алғашқы махаббат» әндері ең алғаш жазылғандары болатын. Күйлері де бар.

Тұяқ өмірден ерте кетті. Өзі бір сезімтал, көңілі жас баладай ашық-жарқын, досқа мейірімді, үлкендерді «ағалап», құрдастарын, інілерін сыйлап, әсіресе, батыстан шыққан домбырашыларды өз тобына  алып, үйретті. Оны домбыра нүктесін нақты шегелеп, дайындап кетті десем, артық айтқаным емес. Сол домбырашылар қазір ізін жалғастырып келеді. Көңілімізде, жүрегімізде, көз алдымызда Тұяқтың жарқын бейнесі, ақ көңіл азаматтығы мәңгі сақталады, — деді Дәулеткерей атындағы қазақ  ұлт аспаптар оркестрінің дирижері Қырымгерей Қажымов.

Айша  ҚҰРМАШ,

Бөкей  ордасы  ауданы


Мұғалім тек бес құжат толтыра ма?

Күні: , 599 рет оқылды

Жаңа оқу жылы басталар алдында мұғалімдермен бірге ата-ана, оқушыларға дейін «Биыл қандай жаңалық болады?» деп елеңдейтіні рас. Шынымен де, жаңа оқу жылы жаңалыққа толы.

Облыстық білім басқармасының берген мәліметі бойынша мектеп мұғалімдері енді тек бес құжат толтырады. Ол – сынып журналы, тақырыптық-күнтізбелік жоспар, күнделікті жоспарлар (қысқа мерзімді жоспар), қритериалды бағалау бойынша құжаттар (қалыптастырушы және жиынтық бағалау), білім алушылардың күнделігі. Бұл өз кезегінде педагогтерді қағазбастылықтан арылтып, баламен тікелей жұмыс жасауына мүмкіндік бермек.

«Бес құжат толтыруды бастадыңыздар ма?» деп біраз мұғалімді әңгімеге тарттық. Алайда аты-жөні аталғанын қаламайтын мұғалімдер әлі де түрлі есеп берулер мен құжат толтырудан арыла алмай отырғандарын айтып қалды. Дегенмен «Жыл жаңа басталды, енді реттелер» деп жұбатып қояды  өздерін. «Егер мектеп әкімшілігі бес құжаттан артық талап етсе, мұғалімнің облыстық білім басқармасына, білім бақылау департаментіне шағымдануға құқы бар», — дейді облыстық білім басқармасының мамандары.

Мектеп бағдарламасындағы жаңа пән

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Президенті Әкімшілігі әр өлкенің тарихын қамтитын «Өлкетану» оқулығын дайындауды тапсырды. Биылдан бастап мектеп бағдарламасына «Өлкетану» пәні енгізілді.  ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академиясы 5-7-сыныптарға арналған «Өлкетану» курсының оқу бағдарламасын әзірледі. Жаңартылған оқу бағдарламасына сәйкес әр өңірдің өз оқулығы дайындалды. Оқушы бұл кітап арқылы өзі туып-өскен өлкенің тарихи жерлері, мәдени ошақтар географиясы, музыкасы, әдебиеті, мәдениетімен жете танысады. Өз өлкесінде  дүниеге келген танымал тұлғалар жайлы да ақпаратқа қанығады. Оқулыққа география, Қазақстан тарихы, музыка және қазақ әдебиеті пәні бойынша деректер енген. Өңірімізде бұл оқулықты құрастыруға жоғары оқу орындарының ғалымдары, тарихшылар, өлкетанушылар, тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер тартылып, сараптау комиссиясы жұмыс жасады.

Оқулықпен қамтуда мәселе жоқ

Биылғы оқу жылында 1-8-сыныптар жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алуда. «Нұр Отан» партиясының бастамасымен облыста жаңа оқу жылында 15 ІТ-сынып ашылып, сабақ беретін 28 мұғалім арнайы курстардан өтті. Жаңа оқу жылынан бастап Орал қаласында ақпараттық технологиялар лицейі өз жұмысын бастады. Бұл лицей  IT-технологиялар саласында әдеттен тыс көшбасшыларды тәрбиелеп, оқушыларымыздың бойында қазіргі әлемдегі дағдыларды меңгеруді қалыптастырмақ.

Республикалық және жергілікті бюджет есебінен физика, химия, биология, информатика пәндерін оқытатын 735 мұғалімге арналған тілдік біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылған.  Сондай-ақ ағымдағы жылы облыс бойынша 251 педагогті қамтитын тілдік курсар өтуде. Бүгінгі күнге дейін 78 педагог курсты аяқтап,  сертификаттар алып үлгерген.

Облыс көлемінде жаратылыстану пәні бойынша сабақ беретін 264 мұғалім ағылшын тілін меңгеру бағытында тиісті сертификатын алып, 130 мектепте жаңа оқу жылынан бастап белгіленген пәндерде  ағылшын тілінде сабақ беруді бастамақ.

Жаңартылған білім мазмұнына орай әзірленген 3, 6, 8-сынып, мектепалды даярлық сыныптары оқу-әдістемелік кешендері, 1-сыныптарға арналған дәптерлер, үш тілді білім беруге көшуге дайындық барысында қажетті сөздіктер, терминологиялық оқулықтар мен ағылшын тіліндегі оқулықтар сатып алынды. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5, 6, 7-сыныптар үшін «Өлкетану» оқулығы сатып алынады. Тек биылдың өзінде қосымша 138 млн. теңгеге 126 мыңнан астам (4, 9, 10, 11-сыныптарға) оқулық сатып алынған. Мамандардың айтуынша, облысымыздағы оқушылар оқулықтармен толықтай тегін қамтылған.

Мектеп директоры төрт жылға тағайындалады

Мектеп директорларының кәсіби деңгейін көтеру мақсатында мектеп  басшыларын тағайындау қағидалары өзгерді. Жаңа қағидаларға сәйкес мектеп директорлығына үміткер төрт кезеңнен тұратын конкурстан өтеді: мектептің қамқоршылық кеңесі, заңнама тесті, облыстық білім басқармасының келісуі, аудандық, қалалық білім бөлімдеріндегі сұхбат. Мектеп директоры тек төрт жылға тағайындалады. Әрі қарай жұмыс істеймін десе, конкурстан қайта өтуге мүмкіндігі бар. Қаламыздағы тәжірибелі педагогтердің бірі, №1 мектептің директоры Нұрлы Дәулетқалиеваның  айтуынша, мектеп директорларын төрт жылға тағайындау – заманның талабы.

— Мен ең алғаш 1994 жылы 34 жасымда сол кездегі қаламыздағы №37 мектептің директоры болып тағайындалдым. Ол кезде талап басқа болды. Бір жағынан, қазір мен сол жаста болсам, «Төрт жылда не көрсете аламын, қазіргі қол жеткізген жетістіктеріме жете алар ма едім?» деп те ойланамын. Өйткені тәжірибенің өзі жылдармен келеді ғой. Тың өзгерісте ата-ананың талабы, қоғамның көзқарасы ескеріледі. Бұл дұрыс. Мектептегі ұжымның ынтымақтастығы, оқушылардың қалыптасып, дамуы мектептің көшбасшысы – директордың жұмысты ұйымдастыруына байланысты. Көп жағдайда мектеп директорлары бір жерде отырып қалады. Үнемі ізденісте, тек өзін емес, ұжымды да  дамытып, жұмыс жасау үшін бұндай өзгерістер қажет. Білім саласында болып жатқан жаңа өзгерістер педагогтерге тың серпін  беріп, мықты көшбасшы директорлар командасы қалыптасады деп сенемін, — дейді Нұрлы Нығыметқызы.

Ал ардагер ұстаз Тілектес Байқадам мектеп директорына өз жұмысын көрсету үшін төрт жыл аз деп есептейді. «Өйткені ұжымға сіңісіп үлгергенше кемі екі жылдай уақыт керек. Үшінші жыл жұмысын көрсетеді. Төртінші жыл «Бәрібір кетем» деген көңіл күймен жүргенде жұмыс ілгерілемей қалады деп ойлаймын», — деген ой айтты ардагер ұстаз.

Қарбалас пен жаңалыққа толы оқу жылы да басталып кетті. Білім саласындағы жаңа бастамалар мұғалімдерге серпіліс сыйлар деген үміттеміз. Қазақ елінің болашағына серпін беретін, арманына сене білетін шәкірттер тәрбиелейтін ұстаздардың еңсесі биік болғай!

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

 «Орал өңірі»

  Ерлан САҒАДИЕВ, ҚР Білім және ғылым министрі: — Жаңа оқу жылының қарсаңында мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге бағытталған шаралар қабылданды. Біріншіден, естеріңізде болса, былтырдан бері мұғалімдерді үй аралатудан алып тастадық. Мектеп­тің рейтингісі де алынды. Енді министрлік мұғалім жұмысын же­ңілдету үшін өз тарапынан педагогтер толтыруға тиіс құжат­тар тізбесін алғаш рет бекітті. Ол тек бес құжат. Одан басқа мұғалімдерден ешқандай қағаз, құжат сұралмауы тиіс.

БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика