Мұрағат: 13.09.2018


Түбіртек «жауған» күз

Күні: , 127 рет оқылды

Күзде оралдық салықшылар балапан санамағанмен, шаһар қазынасына түсетін салықты барынша жинап алуға қауырт кіріскен сыңайлы. Бұған дейін ешбір ескерту қағаз алмаған шаһар тұрғындары қыркүйек басталғалы «Салық төлеңіз» деген түбіртекке «көміліп» қалды.  «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» демекші, газет оқымайтын кейбір тұрғындар «Неге өткен жылдың жер, мүлік салығын биылғы қазанға шейін, ал 2018 жылғы салықты 2019 жылдың 1 қазанына дейін төлеуіміз керек?» деп, түсінбей дал болып, газет редакциясына қоңырау шалуда. Бір жігіт жалақы картасын  жаңалағанда ғана салықтан берешегі барын біліпті. Сөйтсе, жерге, мүлікке бережағы бақандай төрт жыл бойы төленбеген.  «Ойпырым-ау, төлем картасын жаңаламасам, салықтық берешегім барын білмей жүре бермекпін бе?», – дейді ол. Расында, цифрландыру заманында неге смс-құлақтандыру жібермеске немесе салықшының қосымшасын жүктеуді насихаттамасқа деген сансыз сауал сананы шымшылады.

Орал қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қарапайым салық төлеуші ретінде барғанбыз. Кіреберістегі холда кезекке тұрып «нөмір» алып, 2-қабатқа көтерілдік. Мұнда жеке тұлғалармен жұмыс істейтін бөлімдегі мамандардан қанша салық төлейтінін білуге келген нөпір жұрт.  Кісі көп болған соң ба, ауа тар, екі кондиционер болғанмен, салық төлеуге келгендердің үлкендері «Салқындап кетті» деп, оны айырып тастапты. Рас, келушілерге жағдай жасалып, орындықтар қойылған. №5 бөлмеде суға қонған аққу-қаздай тізіліп,  компьютерлерге телмірген 16 маман отыр. Онда да ығы-жығы кісі. «Тар әрі шулы жерде жұмыс істеп отырғандардың «нервтері» темірдей екен» деген ой сумаңдайды санаңда. Одан берешегің мынадай деген қағазды алып, қайтадан төменгі қабатқа барасыз. «Қазпошта» дүңгіршегі арқылы салық төлемін төлеу тегін болған соң ұзы-ы-ын кезек. Ал коммерциялық банктердің қызметі удай қымбат, 800 теңгеге шығынданасыз. Неге сонша қымбат? Мұны банк біткен «ішкі саясатымыз, коммерциялық құпиямыз» деп кергиді.

Мамандардың айтуынша, мүлік пен жерге салынатын салықты төлеу мерзімі 30 қыркүйекте аяқталады. Осы уақытта салықшылардың қарасының мол болуы жыл сайынғы көрініс көрінеді. Орал қаласы бойынша  мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Жүніс Күншаев 2-қабаттағы берешекті анықтап беретін бөлменің тарлығынан хабардар, сондықтан салық төлеушілерге барынша жағдай жасау үшін бұл бөлімді көп ұзатпай  төменгі қабатқа, кеңірек орынға түсіретінін айтты. Жемқорлықты болдырмас үшін мамандарды түгелдей, бөлім басшысымен бірге бір бөлмеге сыйыстырған. Қаланың бас салықшысы салық берешегі түбіртектерінің кеш жіберіліп жатқанын растады. Бұл қызметке келгеніне төрт ай болған және осы мәселелермен айналысатын орынбасары, бөлім басшысы да жуықта тағайындалыпты.

– СМС-хабарламамен салық төлеу жөнінде құлақтандыру жіберу үшін «Ксеll», «Билайн» компанияларына ақша төлеуі керек. Бұл мәселе жоғары жақтан шешімін табуы тиіс. Қалалықтардың салықтың бар түрінен жалпы берешегі 650 млн. теңгеден 440 млн. теңгеге азайды. Соның ішінде тұрғындардың мүлік салығы бойынша 48 млн. теңге, жер салығы бойынша 14 млн. теңге, көлік салығы бойынша 281 млн. теңге берешектері бар. Егер салықтан не айыппұлдан 1 теңге қарызыңыз болса, банктердегі депозитіңіз, шотыңыз қолжетімсіз, жалақы картаңызды аша алмайсыз. 2017 жылғы салықты биыл қазанның 1-іне дейін төлеу мерзімі елімізде бұрыннан бар. Жаңа салық заңдылығы бойынша 2017 жылғы салықты төлеу биылғы қазанның  1-іне дейін, 2018 жылғы салықты 2019 жылы төлеу қарастырылған. БАҚ-тарда бұл тақырыпта мамандарымыз жазып, түсіндіріп жүр.  Сондықтан әрбір саналы азамат хабарлама келмесе, бізге келіп білсе,  еш сөкеттігі жоқ, – деді Ж. Күншаев. Оның айтуынша, интернетте http://kgd.gov.kz сайтында «Салық берешегінің бар немесе жоқ екендігі туралы мәлімет» деген бөлімге ЖСН нөмірімен кіріп, салық берешегіңізді білуге болады. Сонымен қатар Рlay market арқылы «КГД РК» қосымшасын жүктеп алған тиімді. Бүгінде коммуналдық қызмет ақылары төлем түбіртегіне салықты енгізу  жағы  қарастырылуда.

Дегенмен қоңыр күз түсісімен мұндай жанталастың, қарбаластың артуы салық төлеушілердің салық төлеу мәдениетін қалыптастырудың, салықты жыл басынан бері төлеу жөніндегі насихаттың әлі кемшін тұстары  барын  аңғартты.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

Ajgereevagul@mail.ru


Қазақша оқығанның қадірі төмен бе?

Күні: , 138 рет оқылды

Жақында бір қыздың қазақ сыныбында оқитын інісін бос, болбыр, ал балабақшада орыс тобында тәрбиеленіп жүрген сіңлісін пысық деп айтып отырғанын естідім. Сондағы уәжі – қазақша оқитын балалар бәсекеге қабілетті болмайды-мыс.

Мұндай пікірлерді сәл ертеректе, дәлірек айтқанда, тоқсанын-шы жылдардың соңында естігенім бар. Әсіресе,  «орыс сыныбындағылардың білімі артық» дегенді де құлағымыз шалатын. Енді, міне, жиырма шақты жылдан кейін тағы сол салыстыру, тағы сол қазақша оқығанды кеміткендей сөз айту қайтадан алдымнан шығып отыр.

Ал бұл кеңестік кезеңде қалыптасып қалған стереотип емес пе? Осындай «қатқан қағидадан» арылатын уақыт болған жоқ па? Жалпы, шынымен де, осылай ойлауға қандай негіз бар? Әлде бұл  біржақты  пікір  ме?

Тілдің  мінезге  қатысы  бар  ма?

Негізінде, қазақ және орыс сыныбында оқитын балалардың білімін салыстыратын уақыт өтіп кеткен сыңайлы. Өйткені елімізде және шетелде өтетін білім додаларының жеңімпаздары арасында қазақша оқитындардың да бәсі жоғары екенін білеміз. Ал баланың момындық, ұяңдық, жуастығы оның адами қасиеті емес пе? Әйтпесе, баланың бойындағы туа біткен қалыптың, мінездің қазақша не орысша оқығанға қандай қатысы бар деген сұрақ туындайды. Жалпы, адам мінезі  мен өзге тілде білім алғанның арасында байланыс болуы мүмкін бе? Әлде қай тілде білім нәрімен сусындаса, сол тіл «иесінің» менталитетін қабылдап ала ма? Өзге ұлт өкілі осы тақырыпты сөз еткенімізде «Бұл – қазақтардың өзінің характері. Олар қарапайым халық. Ал орыстар пысық (шустрый)» деген пікірін айтқан еді. Халық арасында да «орыстілді», «орыс боп кеткен» деп қазақшаға қыры жоқ қазақтарды айтады. Әрине, қай ұлттың болсын, жақсы қасиетін үйреніп, жаманынан жиренудің еш айыбы жоқ. Осы ретте халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ облыстық филиалы-ның төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Болат Жексенғалиевті сөзге тартқанды  жөн  көрген  едік.

– Негізі, бұл – өте нәзік мәселе. Өткенге көз жіберсем, біз оқыған кезеңде орыс тілі үстемдік еткен еді. Қарапайым ғана мысал, ата-ана өзінің баласын орыс мектебінде оқытатынына мақтанатын. Сондай идеология үстемдік етті. Өйткені қазақ тілінің болашағына сол кезде қоғам сенген жоқ. Соның ішінде ата-аналар да сенбеді. Бүгінде біз бұдан әлі құлан-таза айығып кете алған жоқпыз. Себебі сана деген бар. Санаға сіңген менталитеттен, ділден құтылу оңай емес екен. Ал қазақ мектептеріндегі білімнің  сапалы екені қазір  дәлелденді.

Тіпті ондағы білім сапасының әлдеқайда артық екені белгілі  болды. Бүгінде аралас мектептердің  мәселесі күн тәртібінде тұр. Ал сол мектептерде оқитын оқушылардың мінезінде, психологиясында өзгерістер болып жатыр ма? Әрине, өзгерістер болып жатыр. Бірақ та аға ұрпақ, соның ішінде кешегі идеологияның тұтқынында болған  аға ұрпақтың санасындағы өзгерістер әлі де бүгінгі күннің өзгерістеріне жете алмай жатқаны жасырын емес. Сондықтан да қазіргі мемлекеттік идеологияның өзі ұлттық идеологияға айналмай, Қазақстанда ұлттық тіл, ұлттық мәдениет деген мәселені біржолата шешу қиын. Жаңағы сұрағыңа Жүсіпбек Аймауытов кезінде «Өзінің тілінде білім алмаған бала ұлт қайраткері деңгейіне көтеріле алмайды»  деп жауап берген жоқ па?! Ал мінез туралы айтсақ, ұяңдық пен ынжықтық – екеуі екі бөлек нәрсе. Қазақ қыздарына ұяңдық пен нәзіктік, ал жігіттеріне аз сөйлеп, көп тындыру жарасқан. «Момын» деген сөз бар, «жуас» деген де бар. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» демей ме? Бізге жуас болудың қажеті жоқ. Яғни бізге өзіңнің сыбағаңды өзің алатындай мінез керек. Ұяңдық деген еш уақытта жасықтық емес. Ұлттық қасиет пен ұлттық мінез деген болады. Бауыржан Момышұлы «Ұлттық мінезден айырылған ұлдан без» дейді. Қазақта «Әке көрген, шеше көрген» деген сөздер бар. Осының өзі тәрбие емес пе? – дейді Болат Өтеғалиұлы.

Орал қаласындағы №20 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Ұлпа Тілегенова  негізгі тәрбие ата-анадан берілетінін айтады. «Балалардың бойындағы бұрынғыдай ұяңдық, ұялшақтық секілді қасиеттер қазір жоқ, әлде көп байқалмайды. Ал бұл қасиеттер – баланың өзінің психологиялық ерекшелігі», – дейді

Ұлпа Бисенқызы. Осы мектептің орыс сыныптарының педагог-психологі Айсәуле Искужинаның айтуынша, «Бұрында балалар тұйықтау, өз-өзіне сенімсіздеу болған болса, қазір олардың бірі де  жоқ. Өйткені екі сыныптың да балалары өзара тең. Негізі, қай тілде білім алатынына қарамастан, баланың бойынан ұяңдықты да, жасықтықты да, тұйықтықты да кездестіруге болады. Ал бұл қасиеттердің сыртқы ортада қалайша көрініс табатыны ата-ананың берген тәрбиесіне байланысты. Жалпы бүгінгі балалар қазіргі заманауи жаңашылдыққа ілесіп, үрдіске сай өзгеріп келеді».

Бір ұлы орыс, екіншісі қазақ сыныбында оқитын Бекнұр Мақсотов есімді азамат «Байқағаным, қазақша оқитын  бала отбасында қайырымды, өзінен жасы үлкен мен кішілерге көмектесуге бейім тұрады. Ал орыс тілінде білім алатын бала кез келген ортада жылдам тіл табысып кетуге бейім болады. Өзінің азаматтық құқығын жақсы біледі. Тік мінездеу, қаттылау болады. Алайда бала орысша не қазақша оқыса да, үйдегі тәрбиенің маңызы зор. Қанша жерден орысша оқыса да, үйден қазақы тәрбие алған бала ешқайда «ноқтасын үзіп» кетпейді. Тағы бір ерекшелігі – орыс сыныптары ұйымшыл келеді. Бірақ өз басым баланы қазақша оқытқанды қол-даймын»  деген  пікірде.

14 мың  қаракөз орысша  оқиды

Орал қалалық білім бөлімінің бас маманы Майнұр Төлешованың берген мәліметіне қарағанда, Орал қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардағы 465 топта 9 264 бала бар болса, оның 370-і бүлдіршіндерге қазақ тілінде тәрбие беруде. Ал 95 орыс тобында  3 132 бала бар екен.

Облыстық білім басқармасының берген мәліметінше, өңірде  380 мектеп бар. Оның ішінде 258 қазақ мектебінде  52 036 оқушы білім алып жүрсе, 88 аралас мектепте 30 487 оқушы, ал  17 976 оқушы 34 орыс мектебінде оқып жүр. Ал Орал шаһарындағы 50 мектептің  23-і қазақ мектебі екен. Аралас мектептер саны 13 болса, 14 орыс мектебі бар. Көбінесе «орыстілді» аудан саналатын Бөрлі ауданындағы 25 мектептің жетеуі  қазақ тілінде білім беруде. Оқушылардың басым көпшілігі, яғни 7 210 оқушы 15 аралас мектепте білім алып жүр. Ал үш орыс мектебінде  349 оқушы бар. Зеленов ауданындағы 46 мектептің  жетеуі қазақ және тоғызы орыс мектебі болып отыр. Ресми мәліметке қарағанда, облыста 14 165 қазақ баласы орыс тілінде білім алып жүрсе, 549  өзге  ұлттың баласы қазақша білім алуда.

Өз сөзінде қазақ тілінің жанашыры Болат Жексенғалиев қазақ тілінде білім беретін мектептер санын арттырып қана қоймай, олардың сапасына да мән беру қажеттігін айтқан еді. Ол «Әзірге қазақ баласы Қазақстанда тұрып өзге тілде білім алып жатса, онда бізде ұлттық идеология мен ұлттық мәселе шешілді деп айту қиын»  деген  пікірін айтты.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді қазақ даналығы. Бесікте жатып жыр тыңдап, ер жеткенде «Анасына қарап қызын ал» деген  сөздің мәнін түсініп өссе, қазақы қалып мықтап  қалыптасады.   Осыны  бәріміз де ескеріп  жүргеніміз абзал.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»


Картоп «жыры» немесе көкөніс жетіспеушілігі биыл да қайталана ма?

Күні: , 58 рет оқылды

Көкөніс  қымбатшылығы  – жыл  сайын  күн суытқанда  қайталанатын  құбылыс.  Соның  ішінде  «екінші  нан»  атанып  кеткен  картоп  бүгінде  80-110  теңгеге  сатылғанымен,  алдағы  уақытта оның  бағасы  да  күрт  жоғарылайтыны  бесенеден  белгілі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, биыл осы уақытқа дейін  1822 гектар жерден 21 577 тонна картоп жиналып үлгерген. Бұл барлық егілген картоптың 42 пайызын ғана құрайтынын ескерсек, облыс халқының жылдық сұранысын өтеуге жетерлік картоп өнімі бар деуге болады. Әйтсе де, қыс ортасы ауғанда көкөніс «жыры» міндетті түрде басталады. Сонда күзде жинаған мол өніміміз алты ай өтер-өтпестен таусылып қалатыны қалай?

Мамандар жыл сайын күзде сұранысты артығымен өтейтіндей өнім жиналатынын айтты. Тіпті облысымызда сол өнімді сақтайтын ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің қоймалары  да баршылық. Дегенмен жеке кәсіпкерлер өз қоймаларындағы өнімнің басым бөлігін шетелге сатып жіберуге мәжбүр. Өйткені өнімді бір жыл бойы бұзып алмай сақтау үшін біраз шығындануға тура келеді. Ал еркін сауда заманында әркімнің бас пайдасын ойлайтыны хақ. Дегенмен кәсіпкерлер белгілі өнім қорын қоймаларында сақтаудай-ақ сақтайды. Кейін өңірде картоп азайғанда қоймаларын ашып, оның бағасын шарықтатып сатады. Осылайша шаруалар шығынын ақтап алуға тырысады. Орал қаласында тұрақтандыру қоры бар. Осы қор кәсіпкерлерден бірнеше тонна өнім сатып алады. Өнім азайғанда қордағы өнім шығарылып, төмен бағамен сатылады. Міне, кейде картоптың бағасы әр жерде әр түрлі болатыны сондықтан болса керек. Негізі, өзге елге сатылғаннан қалған картоп келесі жылдың ақпан-наурыз айларына дейін жетеді екен. Ал көктем мезгілінде Ресейден, соның ішінде Татарстан, Башқұртстаннан тасымалданады. Жазда Мысыр және Пәкістанның картобы келеді. Осы бірізділік жыл сайын қайталанады. Осының бәрі тұтынушыларды баға қымбатшылығына әкеп ұрындыратыны  өкінішті.

– Апта сайын «Мирлан», «Алтын алма», «Керуен» базарларына және 90 азық-түлік дүкеніне мониторинг жүргіземіз. Әзірге еш жерде негізсіз қымбатшылықты байқамадық. Егер ондай жағдай болса, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне тиісті хат жолдаймыз. Сонымен қатар бағаны тұрақтандыру мақсатында қала әкімдігі ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жәрмеңкесін ұйымдастырып келеді. Жәрмеңкеде 10-15 пайызға дейін арзандатылған өнімді сатып алуға мүмкіндік бар. Әзірге бағаларды қымбат  деуге еш негіз жоқ. Маусымға байланысты бағалар да ауытқып тұрады, – дейді Орал қалалық кәсіпкерлік бөлімінің  меңгерушісі  Мейрам  Хаиров.

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Қайта түлеген Қаракемер

Күні: , 48 рет оқылды

Ол заты әйел болса да, кез келген еркек атқара алмайтын істі жүргізіп отыр. Яғни шаруашылық ашып, дала төскейін малға толтырды, егін екті. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, түрлі азық-түліктік тауарларды облыс халқына ұсынуда. Айналасына шуағын шашып жүрген Светлана Мәутиевамен (жоғардағы суретте) әңгімелесу барысында оның бойынан мықты рух, жігерлілік, өз қағидаларына беріктік сынды қасиеттермен  қатар  елге, ұлтқа деген  жанашырлықты да аңғардық.

Қаракемердегі   берекелі  тірлік

Кезінде Бөрлі ауданындағы «Березов» кеңшарының фермасы болған Қаракемер ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағында жұртта қалғандай кейіпте болған еді. 1998 жылы  осы жерде «Нұр» шаруашылығының құрылуы Қаракемердің жаңа тынысын ашқан болатын. Бүгінде бұл елді мекенді көретін көз керек.

Успен ауылдық округінде орналасқан қожалықта бүгінгі таңда қазақтың 700-ге жуық ақбас сиыры,  230 симментал, 100 ангус сынды ірі қара малы, 200-дей еділбай қойы бар. Сондай-ақ 100 бастан астам жылқы да өсіріледі. Оның он шақтысы – орыстың ауыр жүк тартатын қылқұйрығы. Қазір бұл биелерден мол қымыз алынуда. Сондай-ақ мұндағы қызметкерлер он шақты ешкіні де сауып отыр. Ал симментал сиырларынан тәулігіне 800 литрдей сүт сауылады. Сол себепті осындағы сүт фермасының жұмысын жаңа арнаға түсіру үшін сүт залалсыздандырғыш (пастерелизатор) құрылғысын алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Құс фермасында 5 мыңдай тауық, 1 мың-дай қаз, осыншама үйрек, 500 күркетауық бар.

Қожалықта тек малға емес, өсім-дік шаруашылығына да мән беріліп келеді. 2000 га жерге егін мен мал азықтық шөп егіледі. Жылыжай шаруашылығы да қолға алынған.

Бұл агроқұрылымның өзгелерден ерекшелігі әрі үлгі болар тұсы – өз өндірістерінің болуы. Қаракемерде өндірілген өнімдер Ақсай мен Орал қалаларында өңделіп, дайын өнімге айналады. Мәселен, сүттен бірнеше сүт өнімі шығарылса, бидай, жұмыртқа, ет наубайхана мен кулинариялық цехтарға жолданады. Бүгінде мұнда 1 мыңдай азықтүліктік өнім түрі шығарылып, өздерінің сауда нүктелері арқылы тұтынушыларға жол тартуда.

Сапалы  әрі  қауіпсіз  тамақ  –  лайықты өмір кепілі

— Қалада да, далада да біраз адам не ішіп, не жеп жатқандарына жете мән бермейтінін байқап жүрмін. Балаға да кез келген тағам түрін алып бере салады. Айтсаң, «саған қатысы қанша?» деп өзіңе тап  береді. Ал лайықты өмір сапалы әрі қауіпсіз тамақ өнімдерін пайдаланумен өлшенбей ме?! Сондықтан күнделікті тұтынып жүрген тағамымыздың сапасы кім-кімді де ойландыруы тиіс. Өйткені ол – сіз бен біздің денсаулығымыз ғой. Сол себепті біз Қытайдан не басқа жақтан ешқандай қоспа алмастан, яғни шикізатынан бастап, дайын өнімге дейін өзіміз шығарамыз. Олардың табиғи әрі экологиялық тазалығына, сапасына кепілдік береміз. Сөйтіп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне аз да болса, өз үлесімізді қосып жүрміз. Диқан, малшылардан бастап, азық-түлік түрлерін дайындайтын технологтар мен аспаздарға дейін осы жайттарды айтып, «Құдайдан қорқып, әр істі адал ниетпен дұрыс жасаңыздар, сонда елдің алғысын аласыздар» деп жүремін, — дейді Светлана Бұрханқызы.

Ел  алғысын  арқалаған

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде санасезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» дейді.

Мемлекет басшысы атап өткен бұл бағыт-бағдар кейіпкеріміздің өмірлік ұстанымына айналғанын да байқадық. Мысалы, оның ысырапшылыққа жаны қас. Тағылымы жоқ той-томалақтан аулақ жүреді. Карта секілді құмар ойындарға еш қызықпайды. Уақыттың бағасын біледі. Жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз үшін шынайы болмысымызбен адал еңбек етуіміз қажет деп есептейді.

— Маған әріптестерім «Сізге жаңа бастама жөнінде бірдеңе айтсақ, соны бірден іске асыруға кірісетініңізге таңғаламыз» дейді. Мәселен, шаруашылығымызда құстардан алынатын мамықтарды өңдеп, тазалап, жастық жасауды қолға алдық. Өткенде бір жігіт жұмыс сұрап келді. Өзі бұрын жиһаз жасау саласында қызмет істеген екен. Оны жұмысқа алып, бұл бағытта да іс бастап жатырмыз.

Әзірге бұл өнімдерді сатуды емес, қызметкерлеріміздің тұрмыстық жағдайының жақсаруына үлесімді қосуды мақсат тұтып отырмын.

Ісіміздің алға басуына біраз әріптесімнің, яғни қызметкерлерімнің уақытпен санаспай еңбек етуі де ықпал еткені анық. Мұны ұмытуға болмайды. Сол себепті оларды әрқашан қолымнан келгенінше қолдап жүремін. Қаржылық жағдайымыз жақсы болған кезде пайызсыз несие бердім. Соның арқасында біразы баспаналы болды. Бұл – бәріміз үшін ортақ қуаныш, — дейді Светлана Бұрханқызы.

Айта кетейік, ол кісіге түрлі сайысқа баруға қаржылық мүмкіндігі болмай тұрған жас спортшылар, өнерпаздар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мұқтаж адамдар жиі келеді. Қазақтың даласындай жүрегі кең кәсіпкерден ешкім құр қол шықпайтын сияқты. Оның жұмыс бөлмесінде ілулі тұрған түрлі алғысхат соның айғағы болса керек. Успен ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Дотан Есқалиев те Светлана Бұрханқызы жетекшілік ететін «Нұр» қожалығы ауылдың көркеюіне көп үлесін қосып келе жатқанын айтты. Округтегі түрлі шара атаулысына белсене қатысатын шаруашылыққа ауыл тұрғындары дән риза.

Бөрліліктер мақтан тұтатын ер мінезді кейіпкеріміз туралы бір үзік сыр осындай.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Бөрлі ауданы


Спиртті қашан спортқа алмастырамыз?

Күні: , 58 рет оқылды

Адам – саналы тіршілік иесі. Адамды аздыратын да, кісіліктен тоздыратын да көп жағдайда – арақ. Төңіректе болып жатқан түрлі жан түршігетін қылмыстық оқиға, жол апаттары, ұрлық, тонау мен зорлық-зомбылық ішімдік ішіп, есінен айырылғандардың ісі екенін ешкім жоққа шығармайды. Арақтың құрығына іліккен қаншама қандастарымыз құрбан болды немесе адамдық кейпін жоғалтып, қадірін кетірді, отбасын ойран етіп, жазықсыз сәбилерінің обалына қалып  жатыр?

Сөзіміз дәлелді болсын, біраз мысал келтіре кетейін. Биылғы қыста Жаңажол округінде (Сарыкөл ауылы) бір азамат қатты мас күйінде көшеде қалып, қатып өлді. Тепсе темір үзетін жігіт, артында аңырап анасы, зар жылап жары, шырылдап балалары қалды. Арақтың құрбаны.

Жақында аудан орталығында 36 жастағы жігіт бақилық болды. Ол да сарыкөлдік екен. Арақтың артына түскен. Біреудің үйін паналаған. Қораға түнеген де күндері болыпты. Көп ішудің ақыры қазасымен аяқталды. Арақтың  құрбаны.

Жуырда жігіт ағасы, біраз немереге ата болған бір адам жанұясынан айырылысты. Отау құрған отыз жылының ішінде «сау» күні аз болған маскүнем еді. Ішкенде отбасына ұрынды. Жұмыс жасамады. Үйдегі дүниесін, қыздарының киімін  сатып ішті. Арақтан азғаны сондай, туған анасы өліп, жерлеген күні мас жатты. Перзенттік парызын өтеп, топырақ та салмады. Көңілдері әбден суып, күдер үзген қыздары көнбіс аналарын қолдарына алып кетті. Арақтың аздырғаны осы емес пе?!

Осындай айықпай ішкен бір азамат шаңырағының шырқын бұзды. Береке кеткен отбасын әйелі де ұйытып ұстай алмады. Өзі әуейілікке салынып, қызық іздеген бөтен еркекке еріп, қара басының қызығын күйттеп кетті. Үш баласы тірі жетім болды. Арақтың аздыруы осы емес  пе?!

Бірде бір топ адам бақилық жолдасымызға Құран бағыштау үшін ертемен қорымға бардық. Не көрдіңдер десейші! Зират басында бір қыз сұлап жатыр. Қорқып кетіп едік, тірі екен. Мас! Әкесінің үйінде жатқандай ұйқыны соғып, топырақта аунап жатыр. Масқара  емес  пе?!

Өзі ішімдікке салынып, әйелі төркініне кеткен бір азаматтың үйіне бардық. Араларында бір қыз бар, екі-үш жігіт арақ ішіп отыр екен. Арзан арақ, тіскебасарлары да жоқ. Бәрі мас. Қыз аяғын баса алмайды. «Полиция шақырасыздар ма? Шақыра беріңдер, маған не істейді?»  – дейді тілі күрмеліп. Сөзіне қарағанда, полицияны да мезі қылған сияқты. Қалай қынжылмайсың?

Жақында бір тойда жастар үстелінде жап-жас қыз мас болып қалды. Құрбылары сүйемел-деп орнына отырғызғанын көріп отырдық. Намысын қолдан бермес арлы қазақ қызының бүгінгі  бейнесі  осы  ма?!

Ішкенді аздырады, саулығын тоздырады. Өкінішке орай, соны біле тұра, арақтан іргесін аулақ сала алмай жүрген қандастарымыз қаншама?

Аудандық ішкі істер бөлімінің кейбір мәліметтеріне көз жүгіртейік. 2016 жылы Жаңақала ауданы бойынша төрт адам, 2017 жылы төрт адам, 2018 жылдың өткен жеті айы ішінде үш адам арақтан еріксіз емдеуге жіберіліпті. Тек  биылғы жеті ай ішінде 25 адам мас күйінде қылмыс жасаса, қоғамдық орында ішімдік ішкен күйінде жүргені үшін 190 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті  шаралар  алынған.

Ата-бабамыздың арманы –  тәуелсіздігімізді алдық. Елбасымыз Мәңгілік қазақ елі болуды мұрат етіп, өркениетті ел болуға шақырып отыр. Еліміздің ертеңін жарқын ететін салауатты,  білімді, мәдениетті, дені сау, рухы асқақ ұрпақ емес пе? Олай болса, ұрпағымыз өмірін тоздыратын спиртке емес, спортқа, білімге құмар болсын. Ұрпағымыз азбасын десек, арақтан іргемізді аулақ салайық, ағайын!

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала ауданы


Бітімгерлік бүтін елдікке негіз болады

Күні: , 62 рет оқылды

Сейсенбі  күні  шаһардағы Салтанат сарайында «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» атты форум өтті.

Іс-шараға «Бірлесе даму» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қорының президенті Нұргүл Қарағойшина, облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, БҚО облыстық сотының төрағасы Бек Әметов, прокуратура және ішкі істер салаларының басшылары мен өкілдері, басқарма басшылары, өңірдің зиялы қауымы, кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.

Жиынды Нұргүл Қарағойшина кіріспе сөзімен ашып, қатысушыларды «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының мақсатымен таныстырып,  Жоғарғы сот жұмыс топтарының  қызметі  туралы  мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2013-2017 жылдар аралығында қаралған сот істерінің саны екі есеге артқан. Осылайша, Қазақстанда елдің әрбір төртінші тұрғыны қандай да бір сот процесіне қатысқан болып шығады. Бұл ретте ол  статистикаға сәйкес сот дауларының басым бөлігі ажырасу мен алимент төлеуге қатысты отбасылық даулар екенін нақтылап кетті.

– Бүгінгі таңда республика бойынша сот жүйесінде тіркелген арыз-шағымдардың саны 3 мил-лионнан асып отыр. Егер сот көмегіне жүгінген адамдардың екі тараптан тұратынын ескерсек, еліміздегі 6 миллионнан астам адам соттасып жүр деген сөз. Ең қорқыныштысы, әке-шеше мен баланың, ағайын мен ағайынның, достардың, көршілердің арасындағы дау-дамай жиілеп барады.

Бұл – біздің ұлт ретіндегі тұтастығымызға, халық ретінде ауызбір-шілігімізге, тіпті тәуелсіздігімізге кері әсерін тигізетін қауіпті індет. Сондықтан осы заман қасіретімен жабылып күресуіміз керек, – деді Нұргүл  Ерболатқызы.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірдегі медиация институтын дамыту мақсатында қолға алынып жатқан бірқатар игі іске тоқталып өтті.

– Ұл мен қызын «жаман болады», «обал болады», «сауап болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген біздің қазақ халқының бойынан мейірімділік, кішіпейілділік, кешірімділік, жығылғанға жұдырық жұмсамау, қиналғанға қолұшын беру, иілгенге иілу, құрметтеу секілді ізгілікті қасиеттерінің ізі қай ғасырда да жойылған емес. Біз бүгін сөз етіп отырған татуласу, бітімгершілік ұғымы – халқымыздың ұлттық болмысына тән қасиет. Сонау бір кезеңдерде Бейімбет Майлиннің сыни жырларында көрініс тапқан  сарказм – арызқойлық пен соттасу фактілері қазіргі біздің қоғамда белең алып бара жатқаны да рас.  Осы тұста «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының енгізілуін  Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясын жүзеге асыруға бағытталған қадамдардың бірі санаймын. Елдегі татулық пен тұтастықтың түп  тамыры әр шаңырақтағы тәлім-тәрбиеде жатыр. Өйткені «Отан отбасынан басталады». Медиацияны түймедей ғана мәселеден туындап жататын соттасулардың отты ошақтарына су бүркіп, саламатты ұрпақ бойына мейірім мен парасат, ізгілік пен ілтипат нұрын бойлатудағы  идеологиялық күш деп есептеймін. Болашағы біртұтас елдің барлық мемлекеттік және азаматтық қоғам институты қызметінің ең басты қағидаты – қоғамдық келісімді сақтау және нығайту. Медиация институттарын дамытудың 2018 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» мекемесі мүдделі мемлекеттік құрылымдармен және ұйымдармен бірлесіп, ағымдағы жылдың 9 айында тұрақты түрде форум, дөңгелек үстел, ауылдық округтер мен аудандық қоғамдық медиаторлардың оқу семинарлары сияқты 100-ден астам іс-шара ұйымдастырды. Облыс бойынша қоғамдық медиаторлардың жалпы саны 44 адамды құрайды. Ағымдағы жылдың 9 айында 912 медиациялық келісімнің жасалуы өңіріміздегі медиация институттарының даму көрсеткіші болып табылады, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Сондай-ақ форумда сөз сөйлеген ҚР Жоғарғы сотының қызметкері, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының әкімгері Гүлнар Боранбаева өз баяндамасында медиацияның даулар мен қақтығыстарды реттеудің нақты құралы болып табылатынын, медиацияның дамуы елдегі қо-ғамдық келісімді және ұлттық бірлікті қамтамасыз етуге ықпал ететіндігін атап өтті. Сонымен қатар облыстың аудандарында және қалаларындағы дәстүрлі «қазақ заңы» негізінде дауды шешу қабілеті бар ақылды ақсақалдар мен құрметті адамдар арасынан билер кеңесін құру туралы мәселеге тоқталды.

Гүлнар Жұмағалиқызы келтірген статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша өршіп тұрған даулардың көпшілігі – отбасылық даулар. Оның ішінде неке бұзу, баласын, ата-анасын, жұбайын асырау үшін алимент өндіру даулары. Елімізде әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалып, неке бұзылуда. Сонда орта есеппен әр отбасында екі бала деп алсақ, бір жылда 100 мыңнан астам бала әке не ана тәрбиесінен айырылып, әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған жетім балалардың қатарына қосылуда. Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 2 647, биылғы жылдың алты айында 1 197 отбасының шаңырағы шайқалып, жылына 5 мыңға жуық бала отбасында  толыққанды  тәрбие  алмауда.

Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов өз сөзінде медиация мәселелері бойынша облыс соттарының жалпы жағдайына тоқтала отырып, статистикалық деректерін келтірді және медиация институтын дамыту жөніндегі Жоғарғы соттың бастамалары, соның ішінде билер кеңесін құру облыс соттарында және тұрғылықты халық арасында кең қолдау тауып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ жалпы билер кеңесі мен медиация институтын одан әрі дамыту қоғамда жанжалдардың төмендеуіне оң әсерін тигізетініне сенім білдіріп, іс-шараға қатысушыларды медиация институтын дамыту бойынша белсенді және бірлескен жұмысты жалғастыруға  шақырды.

Форум соңында кездесуге қатысушылар өзара пікір алмасып, медиация институтын дамытудың маңыздылығын қолдап, оны дамыту қажеттілігі және оны насихаттауға дайын екендіктерін айтып, іс-шараның ұйымдастырушыларына Жоғарғы соттың идея-лары мен бастамаларын қолдайтындықтарын  жеткізді.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Жигулида» жол ережесі жиі бұзылады

Күні: , 160 рет оқылды

Жергілікті полиция қызметкерлері «Абайлаңыз, балалар!» жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде «Жол қауіпсіздігін сақтайық!» атты акция өткізді. Шараға «Жайық таңы» ҚБ мен студенттер атсалысты.

Акция Орал қаласындағы Әбілқайыр хан көшесі бойындағы «Жигули» аялдамасы аумағында боды.  Бұл жерде аутобустан түскен адамдардың жол ережесіне бағынбай, кесіп өте беретіні жиі байқалады. Осылайша жол жүру ережесін бұзуда. Шара барысында полицейлер мен студенттер көлік жүргізушілеріне флайерлер, балаларға жадынамалар таратып,  белгіленбеген орында жолды кесіп өтудің қандай қасіретке ұрындыруы мүмкін екенін айтып, түсіндірді.

Айта кету керек, биылғы сегіз  ай ішінде облыс аумағында балалардың қатысуымен  32 жол-көлік оқиғасы болды.  Оқиға салдарынан үш бала көз жұмып, 34-і түрлі дене жарақатын алды. Өткен  жылмен салыстырғанда балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары 26 пайызға төмендеген. Ал жаяу жүрген балалардың қатысуымен болған 15 ЖКО-дан 16 бала жарақаттанды. Өткен сегіз ай ішінде ӘҚБтК-ның 615-бабы (жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша 2053 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

БҚО  ІІД  баспасөз  қызметі


Батыр тойын баршамыз тойлаймыз

Күні: , 46 рет оқылды

Кеңес Одағының Батыры Михаил Абдоловтың 100 жылдығына арналған, «Даланың даңқты ұлы» атты салтанатқа Ақжайық ауданында жанжақты дайындық жүргізілді. Белгілі қаламгер Айтқали Нәріков бұл мерейтойға үлкен сый жасады. Оның М. Абдоловтың Ұлы Отан соғысындағы ерлік жолы туралы «Барлаушы» атты кітабы бүгін-ертең «Шұғыла Принт» баспасынан жарыққа шықпақ.

21 қыркүйекте мерейтой құрметіне Чапаев – Жамбыл ауылы (батырдың туып-өскен жері) бағытында 60 шақырымдық эстафеталық марафонға ауданның барлық 18 ауылдық округінен өкілдер қатысады. Ауылда М. Абдолов мұражайы ашылады. Бұдан әрі шаралар оқушы ақындар арасындағы «Батырдан қалған дара жол» атты айтысқа ұласпақ. Ауданның өнер ұжымдары концерт береді. Келесі күні Жамбыл ауылында ақындар айтысы, аламан бәйге, асық ату, арқан тартыс, қыз қуу, аударыспақ, қой көтеру, теңге ілу секілді ұлттық ойындар өтеді.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


«Жасотандықтардың» КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫ

Күні: , 35 рет оқылды

Кеше «Нұр Отан» партиясының ғимаратында  «Жас Отан» жастар қанатының  коворкинг  орталығы ашылды. Салтанатты шараға «Нұр  Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен қатысып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.

– Жастар – біздің болашағымыз және бүгінгіміз. Өйткені жас буын өкілдері қазірдің өзінде үлкен істің басы-қасында жүріп, мемлекетіміз үшін тиімді шешімдер қабылдауда. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» негізінде жастарға қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуда. Орал қаласында студенттерге арналған бес жатақхана бой көтермек. Биыл 15 IT сынып ашылса, облыс әкімінің қолдауымен келесі жылы оның саны 50-ге жететін болады.

Сондай-ақ  облыстағы жалпы орта білім беретін мектептердің 100 спортзалы жаңғырмақ. Бұл коворкинг орталығы – жастар мен студенттердің, жастар ұйымдарының жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызатын облыстағы жетінші ұжымдық кеңсе қызметі. Орталық өңірдегі жеке кәсіпкерлер есебінен жабдықталды. Болашақта облыстың барлық ауданында мұндай орталық ашылатын болады, – деді Серік Кенжебекұлы.

Айта кетсек, «жасотандықтар-дың» коворкинг орталығы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өңірдегі «Uniserv», «Стеклосервис», «Василец»  ЖШС-лардың демеушілігімен ашылып отыр. Ұжымдық кеңседе кітап оқу алаңы, жиналыс пен басқосулар өтетін орын, ғаламторға қосылған жұмыс бұрышы және демалыс орны қамтылған.

– Коворкинг орталығында жастар ой-өрісін, шығармашылығын дамытуға бағытталған іспен айна-лысатын болады. Мұнда түрлі танымдық шаралар мен еркін форматтағы басқосулар өтеді. Әр салада жүрген жастардың, әсіресе, IT саласындағы мамандардың тың жобаларын жүзеге асыруға тырысамыз. Орталықтың есігі таңғы сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін ашық болады, – дейді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали  Жолдасқалиев.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Сыралиевтердің сыйы

Күні: , 383 рет оқылды

Кеше Қазталов ауданының Әжібай ауылында қуанышты жағдай орын алды. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ағайынды Асқар, Нұрлан, Ақылбек, Мейрам, Абзал Сыралиевтер туған ауылына фельдшерлік-акушерлік пункт сыйға тартты.

Әжібай ауылында өсіп-өнген,  бүгінгі күнде облыс орталығында құрылыс жұмыстарымен айналысатын ағайынды жігіттер өз қаражаттарынан 15 млн. теңге жұмсап, нысанның құрылыс жұмыстарын екі айдың ішінде бітірді.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков Әжібай ауылының тұрғындарын фельдшерлік пункттің ашылуымен құттықтап, жомарт жанды азаматтарға ел атынан алғысын білдірді.

Асқар Сыралиев фельдшерлікакушерлік пункттің кілтін аудандық орталық аурухананың директоры  Қайырбай Алтаевқа  табыс етті. Айтулы шараға арнайы келген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Абдрахманова жомарт жігіттерге алғысхат пен естелік сыйлықты тарту етті. Ал осындай игі іске ризашылықтарын білдірген әжібайлықтар  ағайынды жігіттерге шапан жауып, сәйгүлік мінгізді.

Жаңадан салынған нысанның лентасы кесіліп, жиналған көпшілік фельдшерлік-акушерлік пункттің ішін аралап көрді. Бүгінгі заманға сай салынған бұл нысанға қажетті коммуникациялар жүйесі тартылған, фельдшерлік кабинет, екпе бөлмесі, акушерлік кабинет, күндізгі емхана бөлмесі де бар.

Кабинеттердің бәрі де толықтай жаңа қондырғылармен жабдықталып,  білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.

Қайрат  ЖАҚЫП,

Қазталов  ауданы

Асқар  СЫРАЛИЕВ,  кәсіпкер:

— Біз осы жерде оқып, білім алдық. Еңбекке араластық. Өзіміздің туған ауылымызға көмек жасап, осындай бір игі істі бастауды көптен бері жоспарлап жүрдік. Сол жоспарымызды орындауда қолдау көрсеткен, кеңестерін берген аудан, округ әкімі және ауыл азаматтарына ризашылығымыз зор. Елге көмек көрсету әрбір азаматтың борышы деп білемін.

Меңсұлу  БАТЫРХАНОВА,

зейнеткер, ауыл тұрғыны:

— Мен бұл азаматтардың ата-анасымен жақсы араластым. Елге сыйлы отбасы еді. Енді, міне, олардан тараған ұрпақтары туған ауылдарына үлкен тарту жасап жатқанына куә болып отырмыз. Ел атынан аналық алғысымды білдіріп, ақ батамды бердім.

Гүлзира ТӨЛЕГЕНОВА,

Әжібай ауылдық фельдшерлікакушерлік пункттің фельдшері:

— Ауылымызда орналасқан бұрынғы ФАП-тың тозығы жетіп, ескіріп тұрған еді. Бұл мәселенің шешімін тауып, өз қаражаттарына осындай тамаша ғимарат салып берген ағайынды жігіттерге ризамыз. Жаңа ғимарат ауыл халқының денсаулығының жақсаруына үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика