Мұрағат: 12.09.2018


Қос батырдың ескерткіші қаланың кіреберісінде бой көтермек

Күні: , 50 рет оқылды

Шаған өзенінің жайылмасы абаттандырылып, өзен арқылы қалаға кіретін көпірдің алдына батыр бабаларымыз Исатай мен Махамбеттің ескерткіші қойылмақ. Бұл туралы Орал қалалық әкімдігінде шаһар басшысы Мұрат Мұқаев қос батырға арналған  ескерткіштің орнын талқылау үшін зиялы қауым өкілдерімен, қоғам белсенділерімен кездесуде айтты.

Биыл алдаспан жырдың дарабозы, батыр, қолбасшы Махамбет бабамыздың туғанына 215 жыл толады. Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен  біраз жылдан бері түйіні тарқатылмай келе жатқан қос батырға ескерткіш орнату мәселесі оң шешімін тауып, қаржы бөлінді. Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың айтуынша, ескерткіш ауқымды, монументалды, бұрынсоңды мұндай ескерткіш шаһарымызда болмаған. Ескерткіш қоюға ыңғайлы деген 11 орын зерттелген. Алайда ол орындардың барлығы биіктігі 12 метрлік алып ескерткішке тарлық етеді. Ескерткіштің астындағы тұғырын қоса алғанда 4-5 қабатты ғимараттың биіктігімен пара-пар болмақ.

– Көптеген қалада монументалдық ескерткіштер өзендердің жағалауында немесе шаһардың кіреберіс қақпасына орнатылған.

Мысалға, Башқұртстанның Уфасында башқұрттың ұлттық батыры Салауат Юлаевтың ескерткіші  өзен жағасында тұр. Алматы облысындағы Наурызбай батырдың, Моңғолияның Ұлан-Батырындағы Шыңғыс ханның ескерткіштері қаланың кіреберіс қақпаларында елге келген қонақтарды, туристерді қарсы алып тұрады. Әр түрлі пікірлер болды. Соның барлығын ескере келе, шаһардағы Алмазов көшесіне дейін созылып жатқан Чаган-Набережный деген көшеге Исатай мен Махамбет бабаларымыздың есімдерін беріп, қалаға кіреберістегі Шаған өзенінің үстіне салынған көпірге жақын қою жоспарланып отыр, – деді Мұрат Мұқаев. Оның айтуынша, 2019 жылы қаланың бас жоспарына толықтырулар енгізілмек. Шағанның жайылмасын абаттандырып, екі үлкен саябақ, аутотұрақтар салу, ескерткіштің артына жаяу жүргінші өтетін көпір құрылысы  жоспарланған.

Белгілі ақын-журналист, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақтың айтуынша, теміржол вокзалы алдындағы Азамат соғысының батыры В. Чапаевтың ескерткішін алып, оның орнына қою үшін сол аумақтағы базарды көшіріп,  ескерткішті алып тастауға уақыт кетеді. Сондықтан уақыт оздырмай, Шаған өзені жағалауына орнатуды тиімді деп есептейді.

«Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалының директоры  Асыланбек Ғұбашев ескерткіштің алдын кеңейтіп, оның айналасына ұлттық рухтағы сәулеттік элементтермен   толықтыру жөнінде ұсынысымен бөлісті. «Стройкомбинат» ЖШС-ның директоры Бақытжан Нұрбаев алып ескерткіштің қала ішіндегі ұсынылған орындарға үйлеспейтінін, пропорциясын жоғалтатынын айтып, Шаған өзені жайылымындағы орынның тамаша таңдау екенін жеткізді.

— Махамбет жорықта да, өмірде де Исатайдың алдына түспеген. «Исатай деген ағам бар, Ақ кіреуке жағам бар» деген. Көшенің атына да Исатай, Махамбет деп жазуымыз керек. М. Өтемісов атындағы университет деп аталып кетті. Соны Махамбет атындағы университет деп өзгертсек, керемет болады. Махамбет – өмірі аттан түспеген жорық жырауы,  қазір оны жалаңбас  бейнелейтін болдық. Ат үстінде, ел алдында жүрген азаматтың басындағы бас киімінің болмауы жақсы емес. Батыр дулығасымен санамызда қалды. Сондықтан дулығасын басына кигізу керек деп есептеймін, – деді жазушы-журналист, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин. Сондай-ақ ол ескерткішті түрлі тәрбиелік шаралар өткізуге пайдалану туралы ұсынысын білдірді.

Кездесуді қорытқан қала басшысы ескерткіштің эскизін республикаға танымал архитектор Серік Исаев деген азамат жасағанын, оның әлі де жетілдірілетінін, соған орай кездесулер өтетінін жеткізді.  Қорыта айтсақ, енді  Оралға Ресейдің іргелес облыстарынан және Атырау, Маңғыстау облыстарынан келетін қонақтарды қала қақпасында қос бабамыздың айбынды ескерткіші қарсы алады.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика