Мұрағат: 11.09.2018


Омар ЖӘЛЕЛ, ғалым, абайтанушы: «Қорқыныш сезімі – журналистің индикаторы»

Күні: , 65 рет оқылды

«Жайық Пресс»  медиахолдингінде  «Жұмадағы  жүздесу» жобасы  аясында  ұйымдастырылған  кездесуге  елімізге танымал  абайтанушы,  филология  ғылымдарының  кандидаты, «Харекет»  кітабының  авторы Омар  Жәлел  келіп, облыстық  газеттің   тілшілерімен  емен-жарқын  тілдесті. Ел  руханиятының  дамуына  еңбек  етіп  жүрген  ғалымның журналистика  саласында,  отбасылық  құндылықтар, байлық  пен  кедейлік,  ұлттық тәрбие,  мемлекеттік  мәселе төңірегінде  айтқан орамды  ойлары  көпшіліктің  көкейіндегі сауалына  жауап  бергендей.  Кездесуде  айтылған  әңгіменің барысын  оқырмандарға  сол  күйі  беріп отырмыз.

– Қазақ сөздің қадіріне ерекше мән беріп, жауапкершілікпен қараған халық. Осы орайда қалам ұстаған журналистер нені темірқазық санауы керек?

– Кезінде Лев Толстойға Шәкәрім бабамыз хат жазған екен. Сонда оның «Жазушы қандай болуы керек?» деген сауалына Толстой: «Жазушы болатын адам шындықты көрсе, басы кетсе де шындықты жазуы керек. Егер шындықты айтпай, жанамалап өтсе,  онда ол адамның қалам ұстамағаны абзал» депті.  Журналист тек шындықты жазуы тиіс. Абай атамыз «Жүректі адам – ауыр болса да шындықты мойындаған, жеңіл болса да әділетсіз нәрседен бас тартқан адам» депті. Журналист мақала жазған кезде бойында қорқыныш сезімі болуы шарт. Яғни қорқыныш сезімі – журналистің индикаторы.  Сонда ғана халықтың жүрегіне жететін мақала шығады. Егер жәй ғана ақпарат жаза берсеңіз, онда қоғамға да әсері болмайды. Қағаз шығындап жүрген бір жансыз. Бұрын Бұқар жыраулар ешкімнен тайсалмастан шындықты бетке айтқан. Халық оны сол үшін де ерекше сыйлаған. Тілшілер сондай принциптерді ұстанған жөн. Екінші мәселе, журналистер шындықты айтқысы келсе де, айта алмайтын жағдайлар бар. Неге? Қазақ «Қанша батыр болса да жауға салма жалғызды, қанша шешен болса да дауға салма малсызды» деп  бекер айтпаған.

Журналистерінің қаламы төселіп, рухани тұрғыдан дамуы керек. Сонда мақалалары халыққа пайдалы болады. Қазір қызмет барысындағы адамдар неге дамымайды? Өйткені олар «жайлылық шеңберінен» шыға алмай, бірқалыпты өмір сүріп жатырғандар. Кез келген мүмкіндік қорқыныш арқылы келетіндіктен, тың идеяларға аяқ баспайды. Құрсақта жатқан шарана өмірге келген кезде  неге шырқырап жылайды? Өйткені оған жаңа өмір таңсық. Бауыржан Момышұлынан сұхбат алғанда «Сізді  халық батыр дейді. Сонда сізде қорқыныш сезімі жоқ па?» депті. Сонда ол «Қорқыныш сезімі тек жынды адамда ғана болмайды. Сау адамның барлығы қорқады. Батыр деп ішкі қорқынышын жеңе білген адамды айтады» деген екен. Журналистер «Айтсам өзім өлемін, айтпасам сөзім өледі» деп  жұмыс жасауы  керек.

– Қазір қоғамда бай мен кедейге бөліну құбылысы жүріп жатыр. Көпшілігі Кеңес өкіметінің көзқарасы бойынша бай, дәулетті адамды онша жақтыра бермейді. Сіздің «Харекет» кітабыңызда байды оң көзқараспен суреттейсіз. Осы турасында айта кетсеңіз…

– Біз ислам дініне дейін Көк тәңірге сендік. Бай –  тәңірдің эпитеті. Кімде-кім байлықты жоққа шығарса, ол Алланы жоққа шығарумен бірдей. Шын мәнінде кейбіреулер байлықты жамандап жатады. Мен айтар едім,  пышақпен нан кесуге де, адам өлтіруге де болады. Ол жерде пышақтың ешқандай кінәсі жоқ. Адамның ішкі мәдениетіне байланысты. Абай атамыз: «Байлықты дұрыс пайдалана білсеңіз, ол сізге көрік болады. Ал егер мақсатыңыз тек байлыққа жету  болса, онда малмен мал болып кеткеніңізді байқамай қаласыз», – дейді. Қашанда «Сұлу аттың көркі – жал, адамзаттың көркі – мал» болып қала бермек. Қазақ ертегілерінің барлығы «Бай болып, мұратына жетіпті» деп аяқталады. Қазақтың байлыққа деген көзқарастарын есімдерінен-ақ байқауға болады.

Нағашыбай, Ермекбай деп «баймен» аяқталатындар жетіп жатыр. Ешбір есімге кедей сөзі жалғанып аяқталмайды. Қазақ «Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деп бекер айтпаған. Кеңес өкіметі кезінде байларды құрту саясаты болды. Өйткені бай құрымай, ел құрымайтын болды. Сол кездегі байлар бір ауылды асырайтын құт еді. Байлық  – кез келген саладағы адамның шындықты қорықпай айтуына ықпал ететін дәнекер. Байлық, біріншіден, ыстықтан, суықтан, аштықтан жаныңды сақтап қалу үшін, екіншіден, жаныңның азығы ар-ұятыңды сақтап қалу үшін керек. Өйткені малың болмаса, өзгеден дәметесің, көз сүзесің, тіленесің. Үшіншіден, адамгершілік қасиетіңді біреуге көмектесу үшін пайдалана аласың. Қазақ саулық сұрасқанда «Мал-жан аман ба?» дейді. Мал – жанымыздың өмірге келгендегі миссиясын  толық орындау үшін  керек.

– Ғаламторда әр түрлі сайттардың көбеюі газет  оқырмандарының санының азаюына әкеледі дегенге көзқарасыңыз қандай?

– Бұрын газеттен басқа ақпарат құралы болмады. Қазір ақпарат көздерінде бақталастық басталып кетті. Қоғамдағы кез келген адам журналист. Неге? Өйткені әркімнің қолында смартфон болғандықтан, оқиға орнынан ақпаратты сол күйі бере алады. Журналистің бұрынғыдай ақпарат беруші рөлі аздық етеді. Халық журналистен сапалы сараптамалық мәлімет, яғни қарапайым халық айта алмайтын жаңалық күтеді. Осы күнде адамдар кітап, газет оқымайды деген жаңсақ пікір. Сіз білесіз бе, менің «Харекет» деген кітабымның бірінші бөлімі диссертациялық жұмыс екенін? Ақтау қаласына барғанда ұлттық музейдің директоры «Диссертациялық жұмыстың халыққа пайдалы болғанын өмірде бірінші рет көріп тұрмын» деді.

Сол секілді мақала жүрекпен жазылса, өз оқырмандарын табады. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, керемет қазақша мақалаларды «BBC News»-та аударып алып жатады. Ақпарат айдынында аман қалу үшін  журналист көп ізденуі керек. Көзі ашық адам газет-журнал оқыса, көкірегі ояу жан газет-журналдағы мақаланың астарын түсінеді. Газет ақпараттық өнім болып бизнеске айналуы керек. Халықтың іздегенін тауып беріп, мәселесін шешу арқылы оқырман санын көбейтуге  болады.

– Қазіргі кезде  байлыққа тез жетудің жолдары мен  бақытты отбасын құрудың амал-тәсілдерін үйрететін  ақылы психологиялық тренингтер көбейді. Солардың арасында бірінші некесі сәтсіз болған қыз-келіншектер бар. Соған   көзқарасыңыз  қалай?

– Қазақ «Ақылың жетпесе, біреуден ақыл сатып ал» дейді. Қазір сол заманға жеттік. Бірінші некесі сәтсіз болған  нәзік жандылардың кеңес беруін бір жағынан дұрыс деп есептеймін. Өйткені ащы мен тұщыны татқан ғана біледі. Шәкәрім бабамыз айтады «Мен жазықтымын ба? Құдыққа құлап кетіп, құдыққа түспеңдер деп айқайласам» деп. Сонда ол өз тәжірибесімен бөлісіп отыр. Олар да «Мен неге ажырастым? Менің қателігім неде?» деген сауал төңірегінде ой қозғайды. Өмірдегі ең жаман нәрсе – өзіңнің неге қателескеніңді айтпау және мойында-мау. Ақымақ әйелдер өздері ажырасып кеткеннен кейін сіңлілеріне «тұрмысқа шықпаңдар» дейді.

– Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асуда. Сіздің ойыңызша, аталмыш бағдарлама қай деңгейде жүзеге асып жатыр? Екінші сауал, қазақ телевизиясына сапалы контент жетіспей жатқандай. Осыған қатысты  не  айтар  едіңіз?

– Біз Ресейдің 150 жыл отары болдық. «Ауруын жасырған өледі» демекші, мектеп оқушыларының кейбірі бұл тарихи оқиғаны білмейді. Қазақ даласын отарлау үрдісі 1721 жылы I Петр билікке келген тұста басталды. Қазақтың жері Азияға апаратын қақпа ретінде қарастырылды. XVIII ғасырда қабылданған отарлау саясаты үш ғасырға жуық жүрді. Қазақ даласын, рулық құрамын зерттеу мақсатында бірнеше экспедициялар келді. Одан кейін жер-су атаулары өзгерді. «Батпандап келген ауру мысқалдап шығатыны» рас. Идеологиямызды өзгерту керек. Тарихтан білесіздер, 1924 жылы Антанта Түркияны бөлшектеп тастауға айналғанда мемлекет басына Ататүрік келді. Сонда Ататүрік: «Ей, түрік халқы, сен әлемдегі ең мықты халықсың! Түріктің баласы, сен әлемдегі ең керемет тілде сөйлеп тұрғаныңа мақтан», – деді. Солай түрік халқының рухын көтеру арқылы Антантаның саясатын жоқ қылды. Бізге  сондай  саясат  керек.

Екінші сауал төңірегінде айтсам, мемлекет отандық БАҚ-тың кеңістігін қорғауы қажет. Украинаның ақпарат кеңістігінен Ресейдің телеарналарын алдырып тастады. Сол секілді халық қазаққа тән ақпаратты сіңіруі керек. Егер идеология әлсіз болса, қазақтың қазанына  көрінген ит тұмсығын сұғады. «Рухани жаңғыру» – ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында жүзеге асып  жатқан  бағдарлама.

– Әңгіме орайын мемлекеттік мәселеден отбасылық құндылықтарға ойыстырсақ. Бұрын қазақтың салтында ер-азамат түздің, әйел адам отбасының түтінін түтетіп, бала тәрбиесімен айналысты. Қазір заман өзгеріп, қыз-келіншектер де ер-азаматтардан қалыспай, жұмыс жасап, ақша табуда. Бала тәрбиесіне ұялы телефон ие болуда. Осы орайда ерте жүктілік, түсік тастау мәселесі өршіп кетті. Қоғамда осындай мейірімсіздіктің кездесуіне не түрткі деп ойлайсыз?

– «Есін жимаған ұлттың етегі ашық» деген сөз бар.  Мектепті жаңа бітірген 17-18 жастағы ұл-қызын шетелге оқуға жіберген ата-аналарға қарсымын. Өйткені ол жастағы бала ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, азамат ретінде толық қалыптасып үлгермейді. Сондықтан олардың дені барған мемлекеттің мүддесін қорғап, сойылын соғады. Ақыл тоқтатып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін екшелей алатын жаста ғана шетелге барып білімін жетілдіруі керек. Әлихан Бөкейханов айтады «Ұлтына, жұртына қызмет ету –  білімнен емес, мінезден» дейді. Абайша айтсақ, баланы қазаққа күзетші қылу үшін оқыту керек. Сосын бізде дабыра қылып той өткізу көп. Қазақ «арсызға күнде той» деп бекер айтпаған. Той тойлап жүрген кезде адамның ойлануға мұршасы да, уақыты  да болмайды. Ұлттық тәрбие Құранға негізделуі тиіс. Құранда ер-азаматтың нәзік жандылардан жоғары тұратыны жазылған. «Байтал шауып бәйге алмас» деген бар. Бұл орайда байталды кемсітіп отырған жоқ. Байтал ішінде төлі бар жылқы екені мәлім. Оны бәйгеге қосса, өзі мен ішіндегі төлі үшін оқтай озып бірінші келеді екен. Алайда мәре сызығына жеткен бойда төл тастайды. Сондықтан байтал бәйгеге арналмаған деген мағынада айтылған. Сол секілді әйелдер өмірге ұрпақ әкеліп, оның тәрбиесімен айналысуы керек. Ал азаматтар мал табуы қажет.

«Ұл таппас қатын болмас, тұрарын айт. Мал таппас жігіт болмас, құрарын айт» деген. Отбасы бақытты болуы үшін әйел еріне, ері еліне қызмет еткен жөн. «Аға» сөзі түріктің титулы іспеттес. Яғни отағасы оттың қамын ойлайтын адам. Ал отанасы азаматының әкеліп берген отынын үзбей жағып отыруы керек. Егер еркек отбасынан кетсе, онда отанасының да кінәсі бар деген сөз. Өйткені шаңырақтан  жылулық  кеткенде ғана еркек үйден безеді.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

P.S.

«Жұмадағы  жүздесу» жиынының өтуіне мүмкіндік туғызған БҚО тілдерді дамыту басқармасына алғыс айтамыз.


Достығымызды нығайтып, өрісімізді кеңейткен іскерлік форумның екі елге берері көп болды

Күні: , 60 рет оқылды

Сенбіде Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов Оралға жұмыс сапарымен келіп, облыс әкімі Алтай Көлгіновтің бастауымен Батыс Қазақстан облысы және Татарстан Республикасы арасындағы іскерлік форумына қатысты. Татарстан Республикасының делегациясы құрамында ТР Премьер-министрінің орынбасары Василь Шайхразиев, ТР Мәдениет министрі Ирада Аюпова, ТР  Туризм  бойынша  мемлекеттік  комитетінің  төрағасы  Сергей  Иванов  және  өзгелері  бар.

Облыс әкімдігінде Татарстан Республикасы президенті бастаған татар делегациясымен БҚО әкімі мен өңірдің кәсіпкерлері кездесті.

Іскерлік форумды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық байланыстың жоғары деңгейін атап өтіп, қос елдің қарым-қатынасының дамуындағы Татарстанның салмақты үлесін таразылады.

– Соңғы үш жыл ішінде БҚО мен Ресей Федерациясы арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Соның 200 млн. доллары Татарстанға тиесілі. Мемлекет басшыларының қатысуымен жыл сайын өтетін аймақаралық форум өткен жылы Челябі қаласында болса, биыл Петропавлда өтпек. Ондағы талқыға салынатын басты мәселе – Ресей мен Қазақстанда туризмді дамыту. Бұл бағытта бізде зор әлеует бар, әсіресе, балалар мен жасөспірімдер туризмі күллі еліміз бойынша бірінші орында. Біздің облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі мен экология орталығына ЮНЕСКО-ның құрметті клубы мәртебесі берілген, – деді Алтай Көлгінов.

Облыс басшысы батысқазақстандықтардың Татарстанға барып, Қазан қаласының көрікті жерлерін сүйсіне аралайтынын айтты. Татар бауырларды біздің өңірдегі мәдени, тарихи орындармен танысуға шақырды. Сондай-ақ туризм инфрақұрылымын дамыту  бағытында қолға алынған шаруа-лар жайын сөз етті. «Туризм жаңа өсу нүктелерін табуға көмектеседі», – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Татарстан Ресейде сүт өнімдері өндірісі бойынша  көшбастаушылар қатарында, ет өндіруден алтыншы  орында. Бұл елде машина жасау, мұнай химиясы өнеркәсібі жақсы дамыған, су көліктері, автокөлік, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортқа шығарылады. Екі экономикалық аймақ жұмыс істейді. Татарстан президенті Р. Минниханов муниципалдық деңгейде әріптестік басталғанына ризашылығын білдірді. Оның айтуынша,  мәдениет, ұлттық, білім беру, туристік, зерттеу сықылды бірнеше бағыттар бойынша әріптестікті нығайту жолдары қарастырылуда. Жақын арада туризм мәселесі бойынша оралдық делегация Татарстанға келеді деп күтілуде.

«Біз қазақстандық тараптың инвесторлармен жұмыс істеу, даму құрылымын, балалар мен жасөспірімдер туризмін ұйымдастыру жайын зерделейміз. Өз тарапымыздан қызықты бағыттарды анықтап, бірге жұмыстанамыз. Бірінші кезекте сауда-экономикалық саласындағы жобалар қолға алынады. Өйткені Ресей нарығы ауқымды», – деді ТР президенті. Оның айтуынша, қазақстандық кәсіпкерлер инвестиция салуға шешім қабылдап жатса, татар елінің «есігі» ашық. «Оларға барлық жағдайды жасаймыз. Біздің менталитетіміз, қарым-қатынасымыз қолға алынған жобалардың табысты боларына кепілдік береді», –  деп сендірді Р. Минниханов.  Сондай-ақ ол: «Қазақстанда достарым баршылық. Ешбір елде, тіпті Ресейдің аймақтарында Қазақстандағыдай көп достарым жоқ. Сондықтан Қазақстанның Татарстанға деген достық пиғылын, қарым-қатынасын бағалаймын. Біздің Президентіміз сіздің елдің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қатты құрметтейді. Біздің өңірлер осы кездесу арқылы екі елдің қарым-қатынасына айтарлықтай үлестерін қосты», –  деп қорытты сөзін.

Басқосуда ТР Премьер-министрінің орынбасары Василь Шайхразиев Татарстан мен Қазақстан Республикалары арасындағы сауда-экономикалық байланысқа  жан-жақты талдау жасады. 2017 жылдың қорытындысында Татарстан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымы 700 млн. АҚШ долларын құраған. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында татар-қазақстандық тауар айналымы 67 пайызға өсіп, 400 млн. АҚШ долларына жеткен. Бұдан әрі байланысты нығайта отырып,  сыртқы тауар айналымын 1 млрд.  долларға жеткізу көзделіп отыр.

Ал, «Каzakh Invest» АҚ-ның басқарма төрағасы Марат Бірімжанов өңірге инвестиция тарту бағдарламасымен, облыстағы инвестициялық жобаларды жылжыту бағытындағы жұмыстармен таныстырды. «БҚО-да болашағы бар үш жобаны таңдап алып, детальдық бизнес-жобасын жасақтау үстіндеміз. Бұл облыстың еліміздегі сауда айналымындағы үлесі 6,5 пайызды, шамамен 5 млрд. АҚШ долларын құрайды, 2017 жылдың қорытындысында жалпы инвестиция көлемі 1,25 млрд. АҚШ долларына жетті. Инвестициялар өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, сауда салаларына және әлеуметтік жобаларға бағытталған. Өңірдегі мұнай-газ, агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау, құрылыс, туризм салалары тартымды және қазір күллі еліміз бойынша цифрландыруға, мемлекеттік-жеке меншік әріптестігіне мән-маңыз берілуде. Облыста индустриялық аймақты дамыту жобасының келешегі кемел. Мұндай аймақтың жеке кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті дамытуға, импорт алмастыратын, бәсекеге қабілетті өнімдер  шығаратын өндірістерді ашуға септігі тимек. Жоба алдағы бір-екі жылда аяқталады. Индустриалдық аймаққа инвестициялық жобаларыңызбен келсеңіздер, кедендік, салықтық жеңілдіктер беріледі», – деді Марат  Бірімжанов.

ТР Туризм бойынша мемлекеттік комитетінің төрағасы Сергей Иванов өз еліндегі көрікті орындар туралы бейнеролик көрсетіп, туризмді бірлесіп дамытсақ деген ниетін ашық білдірді. БҚО балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин туризм саласының дамуы жайында әңгімеледі. Оның туризмді дамытудағы  жұмыстары  Татарстан президентінің қызығушылығын тудырды.

Іскерлік форум соңында БҚО-ның Тасқала мен Татарстанның Актаныш аудандары арасында, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ мен «Судостроительная корпорация «Ак Барс» АҚ арасында әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылды. БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен «Градиент Килби» компаниясы арасында ниеттеме хаттамасы жасалды.

Облыс әкімінің айтуынша, енді қос елдің су көліктерін шығаратын зауыттары өнеркәсіптік интеграция шеңберінде әріптестікпен жұмыс істемек. «Татарстанның мұнай химиясы, жалпы өңдеу саласындағы тәжірибесі тартымды. Цифрландыру бағытындағы жұмыс тәжірибесі қызықтырады», – деді  Алтай  Көлгінов.

Татарстан делегациясы облыс әкімінің бастауымен Орал қаласындағы Қызыл мешітте, татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың музей-үйінде болды.

Қос халықтың ұлы ақындары  Ғабдолла Тоқай мен Абайдың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.  Бұдан кейін Достық үйіндегі татар диаспорасымен және облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесті.

– Қазақстанның  басты байлығы –  көп ұлтты халқы. Елбасы өзге ешбір елде жоқ институт – Қазақстан халқы ассамблеясын құрды. Елімізде 130 ұлт өкілі тұрады, біздің өңірде 87 ұлт тату-тәтті өмір сүруде. Татар бауырларымыз  ассамблеяның  белсенді бөлігі, өңірімізде  8 мыңнан астам татар тұрады, – деді Алтай Көлгінов кездесу барысында.

Кездесу барысында татарлар мен башқұрттардың қазақстандық конгресінің төрағасы Тауфик Кәрімов,  БҚО татар этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Флюра Миликеева, ТР-ның халық суретшісі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Камиль Муллашев, «Орыс мәдениеті орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Погодин жылы лебіздерін білдірді.

Басқосу соңында ТР президенті Рустам Минниханов БҚО татар этно-мәдени бірлестігіне караоке жабдығын сыйға тартты. ТР-ның халық суретшісі, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Камиль Муллашев мәртебелі мейманға және облыс басшылығына өзінің картиналарын естелікке берді. Татарстаннан келіп, Оралда кәсібін дөңгелетіп отырған Чулпан Идрисова Достық үйіне мультимедиялық  жабдықтарды  тарту  етті.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

 «Орал   өңірі»


Бала интернетке неліктен тәуелді?

Күні: , 67 рет оқылды

Қазіргі  күнде  смартфон  ойнамайтын  бала  жоқтың  қасы.  Кей ата-аналар  «Балама телефон  берсем  болды, рақат,  мені   мазаламайды,  өзімен-өзі   тып-тыныш   отырады»   деп қуанып  жатады.  Алайда әу  баста  қарапайым мультфильм  қараумен басталған  гаджеттерге  қызығушылық   біртіндеп  интернетке   тәуелділікке  алып   келеді. Гаджеттен ажырағанда  бала  агрессия танытса, ата-ана  ойлана  бастауы  тиіс.  Неліктен   бала   үшін   интернет   қауіпті?

Мамандардың айтуынша, интернетте тыйым салынған заттар мен ұғымдар туралы ақпарат тарататын сайт көп, құмар және өзге де ойындар, форумдар, бәрі жеткілікті. Ойын арқылы баланың жан дүниесіне кіріп алып, өзіне-өзі қол жұмсауға бағыттайтын қаншама сайттар бұғатталды. Статистикалық зерттеу бойынша гаджеттерге қыздардан гөрі, ұлдар тәуелді болып келеді екен. Өйткені интернет кеңістігінде ұлдарға арналған ойын көп. Әу баста әдемі басталған ойын талай баланың ажалына айналып жатқанын ата-ана естен шығармауы тиіс.  Сондықтан ұл-қызының  қандай сайттарға кіретінін қадағалап зиянды дүниелерді дер кезінде  бұғаттап отырғаны жөн.

Өткен сенбі күні дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернат кешенінде  болған  «ХХІ ғасырдағы қазақстандық ата-ана:

Өз балаңа үлгі бол!» атты республикалық ата-аналар конференциясында осы мәселелер кеңінен талқыланды.

Ұл-қыздары мектеп табалдырығын аттаған ата-аналарға психоогиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді мақсат еткен жиында баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернетке тәуелділіктің алдын алу, мектепке деструктивті діни ағымдарды енгізуді болдырмау, оқушыны мектепке бейімдеу жолдары туралы мамандар кеңес берді.

Мектепте смартфон ұстауға болмайды

Психологтардың зерттеуі бойынша көбіне ата-анасы жұмысбасты, өз-өзін бағалауы тым төмен немесе тым жоғары балалар интернетке  тәуелді болып келеді екен. Сонымен бірге  шынайы өмірдегі сәтсіздіктер, ата-анамен, сыныптастарымен, құрдастарымен қарымқатынастың жетіспеушілігі, отбасындағы ересектер арасындағы психо-эмоционалдық шиеленіс, ұрыскеріс те бала психологиясына әсер етеді. Интернетке тәуелділік — бұл ауру емес. Мектеп өмірін енді ғана бастаған бала өзін жалғыз сезінеді. Ересек адамға болмашы көрінген проблемаларды қалай шешу керектігін білмейді. Сондықтан да бала  өзінде жоқты интернеттен іздейді. Баланың болашағына алаңдайтын ата-ана интернетке тәуелділікке бейім баланың өмірін жарқын, қуанышты сәттерге толтыруға тырысуы қажет. Баламен серуенге шығу, хайуанаттар бағына алып бару, футбол ойнау, баламен бірге сурет салып, оның жан дүниесіне үңіліп, көбірек сөйлесуді әдетке айналдырған дұрыс.

Аталмыш жиында ата-ана тарапынан «Бірінші сынып оқушысы мектепке телефон алып келуіне бола ма?» деген сұрақ қойылды. Мектеп директоры Алмас Мұқанов: «Оқушыларға мектепте сабақ уақытында смартфон қолдануға рұқсат етілмейтіндігін айтты. Біріншіден, телефон баланың ойын бөледі. Ол болмаса балада алаңдаушылық болмайды. Бар ойы сабақты, жаңа тақырыпты игеруге арналады. Екіншіден, оқушының қолындағы телефоннан балалар арасындағы әлеуметтік теңсіздік байқалып қалады. Бірі тым қымбат, енді бірі тым арзан телефон ұстауы мүмкін. Арзан телефон ұстайтын бала  қымбат гаджетке қызығады. Осындай жағдайларға байланысты біз мектепте смартфон қолдануға рұқсат етпейміз. Балалардың көбі ата-аналарымен байланыс үшін жай телефондар ұстайды, — деді мектеп директоры.

Бала  неліктен  6  жастан  мектепке  барады?

— Әрбір ата-ана өз баласын шынайы жақсы көреді, мүмкіндігінше жақсы тәрбие беруге тырысады. Бірақ кейде ашумен, байқамай айтылып қалған сөздің өзі бала психологиясына сызат түсіреді екен. Мәселен, «Сен жаман баласың, маған сендей бала керек емес, сен үшін апайдан сөз естідім» деп айтқан сөзіңіз бала жанына әсер етеді. Ол өзін кінәлі сезініп, «Мен болмасам жақсы болар еді» деген ойға келуі мүмкін. Немесе «Мен сенен артық білемін» деген сөзден соң бала өзінің зияткерлік қабілетіне сенбейді. «Бәрібір сенен ештеңе шықпайды» десеңіз, бала еңбекқор, ынталы болса да, өзінің жетістіктеріне лайықты емеспін деп ойлайды. Сондықтан ата-ананың сөздік қорында «Мен сені жақсы көремін!», «Жарайсың!», «Ғажапсың!», «Сен, таланттысың!», «Мен сені әр кез қолдаймын!», «Қандай керемет баласың!» деген сөздер болғаны дұрыс. Бұл сөздер балаңызға жігер сыйлап, құстай ұшырады. «Жақсы сөз — жарым ырыс» демекші, әр кез балаңызды қуантуға асығыңыз, — дейді  мектеп психологі Нұргүл Қадырова.

Мамандар мәлімдегеніндей, еркін ойнап үйреніп қалған бала үшін мектеп ережесіне бірден бейімделіп кету оңай емес.  Күн тәртібінің өзгеруі, өзіне-өзі қызмет ету, өзіне қарау, тапсырмаларды орындау балаға психологиялық-физиологиялық қиындықтар әкелуі мүмкін. Бұл кезде сынып жетекшісіне қоса,  ата-ананың қолдауы, бағыттауы қажет. Бірінші сынып оқушылары өте эмоционалды, зейіні тұрақсыз, тез әсерленгіш болып келеді. Сондықтан да ата-ана ұл-қызының алға басқан әр қадамын қолдап, мұқият қадағалап отырған жағдайда, жоғары жетістіктерге қол жеткізуге болады. Баланың өзіне сенімділігін, өз-өзін бағалауын арттырып, жақсы сөздермен жігерлендіру — ата-ананың басты міндеті.

«Бірінші сынып балаларына 40 минут сабақта отыру оңай емес. Сондықтан жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оларда сергіту сағаттары жиі өткізіледі. «Бала неліктен 6 жастан мектепке барады?» деген сұраққа келер болсақ, өйткені әлеуметтік анкеталардың нәтижесінде балалардың 6 жастан мектепке дайын екендігі белгілі болды. Шын мәнінде, алты жасар баланың қызығушылығы 7 жасар баламен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болып келеді. Осы қызығушылықты мұғалімдер дұрыс пайдалана білсе, жақсы нәтижеге жетуге болады» дейді психолог Ақтоты Жұмабекқызы.

Ақтоты МЫРЗАХМЕТОВА,

ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі, отбасылық тәрбиелеу институтының спикері:

– Отбасында болып  жатқан жағдайға  ата-ана жауапты. Егер ерлі-зайыптылардың арақатынасы ұрыс-керіске айналса, бұл балаға әсер етеді. Нәтижесінде «тілазар», «қиын», «шатақ», «іштей комплексі бар» балалар пайда болады. «Қалай үлгілі ата-ана болуға болады? Балаға қалай көмектесуге болады?» деген сұрақ әрбір ата-ананы ойлантары сөзсіз. Ата-аналар қоғамы отбасылық тәрбиелеу мәселесінде білім алуға мұқтаж. Мектепте үнемі өткізілетін ата-аналар жиналысы бірқатар сұрақтарды шешуге мүмкіндік бергенімен, педагогтардың уақытының тығыздығы және ата-аналардың мектеппен сәтті өзара қатынасына кері әсерін тигізетін ескірген әдістер қиындықтар тудырады.

Жаңа әдістемелерге толы  бұл шара өсіп келе жатқан ұрпақты отбасылық тәрбиелеу бойынша ата-анаға толық мәлімет береді. Әр конференцияда баланың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өзінеөзі қол жұмсау, өзін-өзі бұзудан сақтау мәселелері бойынша бала тәрбиесінде туындайтын сұрақтарға нақты жауаптар беріледі. Елбасымыздың отбасының бүтіндігі мен отбасылық құндылықтарды жетілдіру саясатын ұстана отырып, өткізілген бұл жиын ата-аналарға ба-ла тәрбиесі мәселесіне қонымды кеңестер берді деген сенімдемін.

Айгүл  ТІЛЕСОВА,  ата-ана:

– Бүгінгі конференцияда «Баланың  мектепке бейімделуі, балаңыз бүкіләлемдік тордың шырмауында қалып қоймас үшін не істеуіңіз керек?» тағы басқа сұрақтарға нақты жауаптар берілді. Бірінші сыныпта оқитын қызым, мектепке қуанып келеді. Ата-ана үшін баланың мектепке қуанып барғаны да – қуаныш. Сабақтан алып кетуге келгенде  достарынан ажырағысы келмейді. Сондықтан мен ана ретінде қызымның жақсы ортаға, жақсы ұстазға, жақсы мектепке тап болғанына қуанамын. Негізі, баланың жақсы оқып, қатарға ілесіп кетуі үшін мұғалім, оқушы, ата-ана болып бірлесіп жұмыстануымыз қажет. Білім ошағында оқушылармен қатар ата-аналарға да көп көңіл бөлінеді. Бүгінгі конференциядан біз көптеген ақпарат алдық. Осындай жиындар ата-ана үшін қажет. Конференцияны ұйымдастырушыларға ата-аналар атынан ризашылығымды білдіремін.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Жұлдыз жауған түн

Күні: , 44 рет оқылды

Қала күніне орай өткізілген мерекелік шаралар легі шаһарымыздағы П. Атоян атындағы стадионда жалғасын тапты.

Стадион әдеттегідей жұртшылыққа лық толы болды. Әдемі көріністермен бастау алған мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Кешті танымал әртіс Тәуекел Мүсілім жүргізді.

– Құрметті қала тұрғындары, сіздерді шаһарымыздың туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қаламыз күннен-күнге көркейіп келеді. Биылғы жылы 3000-нан астам баспана бой көтеруде. Оқу орындарында білім алатын студент жастарға арналып бес жатақхана салу жоспарлануда. Ескірген үйлерді жаңарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Жолдар салынып, жаңа көпіріміз пайдалануға берілді.

«Орал» халықаралық әуежайын күрделі жөндеуден өткізу қолға алынуда. Сөйтіп, әдемі де әсем қаламыздың көркін одан сайын шырайландыруға бәріміз де атсалысатын боламыз.

Астана, Ақтөбе, Атырау және сонымен қатар Ресейден келген қонақтарымызға ризашылығымызды білдіреміз. Бүгін Сабантой мерекесін өткіздік. Оған Татарстан президенті Рустам Минниханов келіп, бірнеше нысандарды аралап көрді. Алдағы уақытта зауыттарымыз бір-бірімен достық қарым-қатынаста жұмыс жасап, өңіріміздің экономикасына зор үлесін қосатын болады. Еліміздің дамуына жастарымыздың септігі тиетіндігіне сенеміз. Мереке құтты болсын, – деді салтанатты кеште сөз алған облыс әкімі Алтай Көлгінов. Бұдан соң өңір басшысы «Орал Полимер» ЖШС-ның басшысы Роберт Ирменов, Тимур Әминов («Қаз-Хол» ЖШС), Замир Ықсанов («Караванный Путь» ЖШС), Замир Сәрсенбаев («СВС Батыс» ЖШС), Ольга Попова («ПМК-117» ЖШС), Сергей Потиченко («Альтаир» ЖШС), Валерий Голоухов («Автокомбинат» ЖШС) сияқты бір топ кәсіпорын жетекшілеріне алғысхат табыс етті. Марапатталғандардың қатарында Жанна Кенжина («ДСК Приоритет» ЖШС), «КА-Строй ЛТД» ЖШС-ның участке басшысы Бақыт Бектұрғанов пен аталмыш мекеменің қауіпсіздік жөніндегі инженері Данияр Дәулетбаев та болды. Сондай-ақ шаһар басшысы Мұрат Мұқаев қаламыздағы сала үздіктерін марапаттап, оларға бағалы сыйлықтар ұсынды.

Қашанда қонақжай оралдықтар бұл жолы да қазақ еліне танымал өнерпаздарды асыға күтті. Кеш көркі қызған сәтте қазақ эстрадасының жұлдыздары Айдана Меденова мен Олжас Абай бірнеше ән орындап, оралдықтарға ерекше көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Темірболат   ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»


«Ақпарат жедел әрі сапалы болуы керек»

Күні: , 50 рет оқылды

Жексенбі  күні  Орал  қаласындағы  «Park Hotel»  кешенінде  «Жастардың  медиа  және  ақпараттық  сауаттылығы»  тақырыбында  республикалық  медиа  форум  өтті.  Ақпараттандыру  дәуіріндегі  жаңа ғасырдың  ең  өзекті  тақы-рыптарын  қозғаған  ашық  диалог  алаңына  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  те  қатысты.

Жастар білім алып, өмірдегі өз орындарын тапса, бұл да бір үлкен жетістік. Өйткені мемлекеттің басты байлығы – халық. Жалпы, еліміздегі білім саласы әрдайым Елбасының назарында. Сонау 1993 жылы Елбасы «Болашақ» бағдарламасын қабылдады. Бүгінде елімізде 15 мыңға жуық жас осы бағдарлама бойынша білім алып, еңбек етуде. Ал мемлекеттік қызметте ақпараттың жедел әрі сапалы болғаны керек. Себебі халық әрбір ақпаратқа сенеді. Ал халықты алдауға біздің құқығымыз жоқ. Бүгінгідей тез өзгеріп жатқан заманға әр адам бейімделе білгені абзал. Елбасы айтып өткендей, рухани тұрғыдан жаңғыру үшін  сананың ашықтығы, білімнің сапалы болуы өте маңызды. Әркім өзі қолға алған  істі зор жауапкершілікпен атқарса, бұл ел үшін үлкен мәртебе, – деген Алтай Сейдірұлы өңірімізде атқарылып жатқан игі істерге, әсіресе, білім саласының даму барысына тоқталды. Облыста педагогика, медицина және индустрия салаларына қажетті маман иелерін даярлауда оқу орындары мамандарының біліктілігін арттыру қолға алынып жатқанын айтты. Мәселен, Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінің оқытушылары биыл Финляндияға барып, цифрландыру саласындағы жаңашылдықтар бойынша оқып, тәжірибе алмасып келмекші. Алтай Сейдірұлы атқарылып жатқан істерге халықтың көңілі толса, бұл мемқызметтегілерге мәртебе екенін жеткізді. Өңір басшысының сөзін бұл шараға арнайы қатысқан даңқты жерлесіміз, альпинизм бойынша  спорт шебері Мақсот Жұмаев жалғады. «Біздің заманымыз селф мейд, яғни адамның өзін-өзі жасайтын кезең. Бүгінде кім-кімге де белгілі бір іс атқару маңызды. Ал медиялық-ақпараттық сауаттылық біздің әр салада жасауға тиісті істерімізбен қатар жүреді деп ойлаймын. Қай жұмысты істесе де адамда «үлкен» жүрек болу керек», – деді альпинист.

Бұдан әрі «MediaTalks» форматында жалғасқан шарада саясаттанушы Саясат Нұрбектің Facebook, Instagram, Twitter секілді әлеуметтік желілерді пайдалану жөнінде қозғаған тақырыбы тыңдаушы жастар мен медиа саласы мамандарының қызығушылығын тудырды. Ол әлеуметтік желіні өзінің екінші үйіндей көріп, «ішіне кіріп» кететін жандардың қылығын сын сүзгісіне салды. «Олар әлеуметтік желіде отырғанда өздерін ешкім білмейді деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Керісінше, қандай да бір желіге, сайтқа кірген сайын ол адам туралы ақпарат жинала береді. Ал керісінше, осы әлеуметтік желінің барлық мүмкіндігін пайдалана отырып, кішкентай ел өзін баршаға таныта алады. Тек соның жолын білу керек», – деген спикер уақыт өткен сайын білімнің маңызы артып отырғанын айтты. Бұл форматта «Yuframe» вайнерлер командасының маркетинг жөніндегі директоры Расул Абдуллаев, «Хабар» телеарнасының жүргізушісі Салтанат Түгелбаева, «WhiteMedia» жарнама агенттігінің директоры Ринат Балғабаев, радио-тележүргізуші, «Atameken business channel» арнасының журналисі Әйгерім Дюзикенева және блогер Ақсұлтан Қалиев журналистика саласы, әлеуметтік желілер бағытында ой өрбітті.

Пленарлық отырыстан соң, спикерлер бейіндік медиа-кейс бойынша секциялық  жұмыстар   жүргізді.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»


Мойнына дорба байлаған ит көрдіңіз бе?..

Күні: , 39 рет оқылды

Осыдан екі-үш жыл бұрын көшеде келе жатсам, мойнына дорба байланған бір итті байқадым. Әлгі  ит мойнына байланған дорбадан қашқақтағандай түр танытып, бір үйдің шарбағына кіріп кетті. Осы мезетте  үлкендер айтып отыратын әңгіме  есіме түсті.

Бұрындары дүниеге келген кішкентай нәресте қырқынан шыққаннан кейін шашын, тырнағын алады және  қырқына дейін пайдаланған көйлегін алып,  оны дорбаға тәттілерді бірге қосып салып, иттің мойнына іледі. Мойнына дорба ілінген итті ауыл балалары қуып ұстап алып, тәттісін алады. Бұл сәбидің бойындағы дерт болса, итке көшеді деген ұғымды білдіретін көрінеді.  Ал осы ел есінен шыққан көне ырым. Сан ғасыр бойы  даланың  даналығын  жинаған  жұрттың  жорамалы.

Бүгінде осы бір ырым жасалып жүр ме екен?.. Өзіміз білетіндей, кей кездерде кішкене нәрестенің шашын қырқынан шықпастан бұрын алып тастау да  көрініс беріп қалып жүр. Баланың қырқынан шыққан кезде ит мойнына дорба байлау да қалып барады.  Шілдехананың өзі үйде емес, мейрамханаларда өтеді. Ал қазақтың  маңқиған төбетін әр ауладан кезіктіру де қиын.  Аулалардан кезіктіріп жүрміз – түркіменнің алабайлары, немістің дорбаны емес, өзіңді жеп қоятын овчаркалары… Бұларға дорба байлай алмайсың…

Осындайда «Болашақ сәбидің  саулығына себі тиер ырымды ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?» деген ой келеді.

Әсем  БОЛАТ,

Қазталов  ауданы


Айдана Жайық аруы атанды

Күні: , 62 рет оқылды

Жұма күні Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Жайық аруы –  2018»  байқауы өтті.

Байқаудың ұйымдастырушысы «Zhuldyz Pro Models» сән үйінің директоры Жұлдыз Құспанованың берген мәліметі бойынша, байқауға қатысуға 60-қа жуық арудан өтініш келіп түскен. Алайда іріктеу нәтижесінде 12 ару  сұлулық сынына түсуге жолдама алған. Олардың үшеуі – мүмкіндігі шектеулі арулар. Ең бастысы, ару қыздарымыздың жан-жағын шуаққа бөлейтін  сұлулығымен қатар өз-өзіне сенімді, талантты болуы  маңызды, — дейді Жұлдыз ханым.

Байқау нәтижесінде №44 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы  Айдана Кәрімова «Жайық аруы – 2018»  иегері атанды.  Сондай ақ Аружан Мұқаш, Әйгерім Ғинаятова, Әсел Дәулетбаевалар вице-мисс атанды.  Жайық аруы атанған Айдана аруға ұйымдастырушылар мен демеушілер тарапынан «Гермес тур» туристік компаниясының атынан  Чехияға жолдама, «Палето» компаниясынан құндыз тон және қала әкімдігі атынан теледидар сыйға берілді. Байқаудың өзге де жүлдегерлері мен қатысушылары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Түнде телефонды дұрыс қолдана біліңіз

Күні: , 41 рет оқылды

Британдық дәрігерлер смартфонды қараңғыда қолдану уақытша көруден айыратынын айтты.

22 және 40 жастағы екі келіншек көз жанарларының кейде 15 минут көлемінде көрмей қалатынын айтып шағымданған. Аурудың белгісі туралы New England Journal of Medicine журналында жарияланды.

Олар барлық медициналық қараудан, оның ішінде магнитті резонансты томографиядан өтіп, жүректерін тексертеді. Алайда дәрігерлер көру қабілетін жоғалтатын еш ақау таппады. Офтальмолог екі әйелдің де көз жанары көрмей қалған уақытта немен айналысқанын анықтады. Белгілі болғандай, екеуі де түнде төсекте бір қырындап жатып, бір көзі жастықпен жабылған күйі жалғыз көзбен қалта телефонын қарайтын болған.

Мұндай жағдайда бір көз жарыққа, екіншісі, қараңғыға үйреніп қалады. Смартфонды сөндірген кезде жарыққа үйреніп қалған көз біраз қараңғыны қабылдай алмай қалады. Уақытша көрмей қалудың басты себебі – осы.

Көз жанарының әр түрлі адаптациясынан болатын жайсыздықтан сақтану үшін дәрігерлер қараңғыда смартфонға екі көзбен бірдей қарауға кеңес береді.


«Гауһардың» тынымбағы

Күні: , 44 рет оқылды

Қала күніне орай шаһарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Әмбебап дүкен» ауданы аумағында тынымбақ ашылды.

Ересектер мен балаларға арналған бұл орынды Валерий Голоухов басшылық ететін «Автокомбинат» ЖШС сыйға тартты. Тынымбақтың салтанатты ашылуына Қала күні мерекесіне орай арнайы келген Ресей Федерациясының, еліміздің бірнеше қалаларының басшылары, аудан әкімдері қатысты. Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев пен құрылысты жүргізген серіктестік басшысы, Орал қаласының құрметті азаматы Яхия Чудров қалалықтарға мерекелік лебіздерін білдірді. Шаһар басшысы өз сөзінде тұрғындар тынымбақты өз игіліктеріне пайдаланып қана қоймай, күтіп ұстаулары қажеттігін де атап өтті. Сондай-ақ Валерий Голоухов басшылық ететін серіктестік ұжымына  алғысын білдірді.

– Бұл тынымбақты қала әкімдігі ұсынған үш жоба ішінен таңдап алдық. Өйткені бұл жерде бұрын ешқандай күтім көрмеген аула болған еді. Сондай-ақ осы аумақта он екі қабаттық жатақхана (бұрынғы «Гауһар» жатақханасы) бар. Бала өте көп, ал ойнайтын алаңдары жоқ. Олардың әдемі жерде ойнап, уақыттарын көңілді өткізгендерін қалаймыз. Елбасы бағдарламасында айтылғандай, мемлекет кәсіпкерлердің аяқтан тұрып кетуі үшін барлық жағдайды жасады. Енді кәсібі өрлеген бизнесмен өзінің кіші отанына  жақсы іс тындырып, қолтаңбасын қалдыруы керек, – деді Валерий Голоухов.

Тынымбаққа зауыттың қалдық шиналарынан өндірілген  резеңке жабын мен алаңға төсеуге арналған арнайы көгал (газон) төселген.  Сондай-ақ 26 орындық пен осынша қоқыс салғыш қойылып, балалар мен ересектерге ғана емес, спортшыларға да қолайлы воркаут орнатылған. Алаңды тонаудан, бүлдіруден қорғау мақсатында заманауи жарық шамдар орнатылған. Аталмыш тынымбақтың жобасын жоспарлаған кәсіпкердің ұлы, «КАМА-Қазақстан» сауда үйінің директоры Владислав Голоуховтың айтуынша, тынымбақ салуға жалпы сомасы 58 млн. теңге жұмсалған екен. Тынымбаққа арықтар тартылып, су құбыры жүргізілгендіктен, жасыл желек пен екпе шөп насос арқылы суғарылады. Кәсіпкер айтып өткендей, қалалық әкімдік бұл жерге бейнебақылау орнатуды уәде еткен. Сондай-ақ  тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеті қойылмақ. Тынымбақ Орал қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қарамағына берілмекші.

Салтанат АМАНҒАЛИЕВА, «Шаңырақ» ЖПИК төрайымы:

– Бұл осы аудандағы жатақхана тұрғындары үшін үлкен сый болып отыр. Ертеректе үйдің сыртында шағын ойын алаңы болып еді. Бірақ көп уақыт өтпей-ақ бұзылып қалды. Енді су жаңа тынымбақты ересектермен қоса балалардың да күтіп ұстауын тілеймін. Қала күнінде осындай тарту жасаған жергілікті билік өкілдеріне, демеушілерге өз атымнан, тұрғындар атынан ризашылығымды білдіремін.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


Ұлттар достығын дәріптеген мереке

Күні: , 36 рет оқылды

Тұңғыш Президент алаңында Қала күніне орай мерекелік шаралар легі ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл күй сыйлады. Биылғы жылы қаламыздың мерекесімен тұспа-тұс келіп, республикалық деңгейде атап өтілген Сабантой мейрамына Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов, облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, баршаға ізгі тілектерін жолдады.

— Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың тікелей шешімімен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы 130-дан астам ұлт өкілін, ал өңірімізде 87 ұлт пен ұлыс өкілін бір шаңырақ астына біріктіріп, татулық пен достықтың үлгісін көрсетіп келеді. Сол себепті Қала күні мерекесімен қатар Сабантой республикалық мейрамын бірге атап өтудеміз. Басты байлығымыз – достық пен татулықты бағалай білейік, — деді жиналған жұртшылықты қос мерекемен құттықтаған облыс әкімі А. Көлгінов.

Татар елінің басшысы Р. Минниханов ұлтаралық татулық пен береке-бірлік орнаған өңірімізді Қала күні және Сабантой мерекесімен құттықтап, ұлттар достығын сақтау және насихаттау жолында белсенділік танытып жүрген БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақовты, Татарстан Республикасының Қазақстандағы уәкілетті өкілі Денис Валеевті алғысхатпен марапаттап, «Татар мәдени орталығы» қоғамдық ұйымының төрайымы Флюра Миликееваға жеңіл аутокөлік кілтін табыс етті.

«Сабантой – 2018» республикалық мерекесі аясында белдік күресі бойынша ҚР абсолютті чемпионаты ұйымдастырылып, онда БҚО, Қостанай және Ақтөбе облыстарынан келген 15 балуан бақ сынады. Тартысты белдесулер қорытындысында ақтөбелік Нұржан Иса және өңір намысын қорғаған Павел Зулюков үшінші орынды тең бөліссе, облысымыздың тағы бір балуаны – Олжас Сүлейменов екінші орыннан көрінді. Қостанай облысынан келген Талғат Жиентаевтың бабы мен бағы қатар шауып, абсолютті чемпион атанумен қатар Татар елінің президенті Р. Миннихановтың қолынан жеңіл аутокөліктің кілтін алды.

Одан соң қадірменді қонақтар Татарстан Республикасы Ақтаныш ауданының этноауылына барып, Сабантой мерекесіне орай татар халқының ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрін, өнерін таныстыру мақсатында ұйымдастырылған көрмені аралады.

Сонымен қатар «Дәстүр» қазақ ұлттық мерекесіне орай облысымыздың 12 ауданы алаңға киіз үй тігіп, әр аудан қазақтың салт-дәстүрінен көрініс қойды. Жиналған қауымды облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар, ҚХА «Еділ-Жайық қазақтары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Зинуллин құттықтады. Ізгі тілектер Дәулеткерей атындағы ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен облыс өнерпаздары және әр ауданнан келген көркемөнерпаздар ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика