Мұрағат: 07.09.2018


Жаңғырып, жаңарған көне көпір

Күні: , 67 рет оқылды

Тұрғындар арасында Депо көпірі деп аталып кеткен көлік өткелінің құрылысы кеше Қала күні мерекесінің қарсаңында аяқталып, пайдалануға берілді. Оралдықтардың қуанышын бөлісуге арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов көпшілікпен бірге алғашқы легтегі қоғамдық көлікке мініп, су жаңа көпірден өтті.

Кейін өңір басшысы көпір қапталындағы жаяу жүргіншілер жолағымен жүріп өтіп, өткелдің салыну сапасын қадағалады.

Айта кетейік, 1965 жылы салынған бұрынғы көпір осы кезге дейін жөндеу көрмеген болатын. Пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асып, тозығы жеткен өткел 2016 жылы толықтай бұзылып, орнына жаңа көпірдің құрылысы басталған еді.

Көпір өткелін қайта құру жұмыстарына қажетті 2,3 миллиард теңге қаражат «ҚПО б. в.» компаниясы есебінен бөлінген болатын. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша күрделі жөндеу 24 айға жоспарланғанымен, бас мердігер «КА-Строй LTD» ЖШС нысанды мерзімінен жеті ай бұрын аяқтады. Бұл нысанды салу үшін 80-нен астам жұмысшы және 30 техника бірлігі тартылды. Құрылыс материалдары ретінде отандық өндірушілердің өнімдері пайдаланылған.

Орал шаһарындағы маңызды инфрақұрылымдық нысан болып табылатын бұл көпірдің жалпы ұзындығы 536 метрді, кіреберіс жолдарымен қоса есептегенде 628 метрді құрайды. Көпірдің жалпы ені 12 метрден 20 метрге дейін, көлікке арналған жол 7,5 метрден 14 метрге, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың ені 1 метрден 1,5 метрге ұлғайтылды. Сондай-ақ бұрын екі көлікке арналған жолақтар болса, жаңа көпірдегі 4 жолақтан көліктер емін-еркін өте алады. Өткел бойына 18 жарық бағаны орнатылған. Көпір тәулігіне 46 мың автокөлік өткізуге  қауқарлы.

– Елбасымыздың жүктеген тапсырмаларын орындау бағытында өңір тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында бірқатар игі істер қолға алынуда. Соның бірі бүгінгі Депо көпірінің ашылуы болып саналады. Облыс орталығындағы халық саны жыл санап өсіп келеді. Егер 2000 жылы қалада 210 мың тұрғын болса, бүгінде олардың саны 330 мыңды құрап отыр. Сәйкесінше шаһардағы көлік ағымы да бірнеше есе өсті. Әбден тозығы жеткен көпір жыл жарым уақыттың ішінде жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Енді Омега зауыты маңындағы көпір толықтай жабылып, биылғы жылдың соңына дейін бұзу жұмыстары жүргізіледі. Келер жылдың ерте көктемінен бастап ол жерден де су жаңа көлік өткелінің құрылысы басталатын болады, – деді қала әкімі Мұрат Мұқаев.

Жаңа көпірдің ашылу салтанатына келген шаһар тұрғындары осындай жайлы жағдай туғызғандары үшін облыс және қала басшылығына ризашылықтарын білдіріп, құрылысшыларға алғыстарын айтты.

– Тәуелсіз еліміздің, туған өңіріміздің, қаламыздың күн санап көркеюіне куә болудамыз. Бұлардың барлығы жергілікті халықтың жақсы тұрмыс кешуі үшін жасалып жатқан игі істер деп білемін. Барша оралдықтарды Қала күні мерекесімен құттықтаймын. Туған өлкеміз жасарып, жаңара берсін, – дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, шаһардың құрметті азаматы  Хамза  Сафин.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Сақтаныңыз: «Уатсаптан» қатер бар

Күні: , 510 рет оқылды

Жуырда  «Google trends»  сайты  арқылы батысқазақстандықтардың  ғаламтордан  нені көп  іздейтіндерін  қызықтап  көрген  болатынбыз.  Ең  көп  сұранысқа  ие  «Футболдан  әлем чемпионаты»,  «ауа райы»,  «аудармашы»  деген сөздердің  арасынан  «Момо»  деген  түсініксіз сөзді  көрдік.  Әсіресе, 5-11  тамыз аралығында  жерлестеріміз  «Момоны»  ерекше  «жоқтапты».

Момоның не екенін біздің де білгіміз келіп, ол туралы ақпарат іздей бастадық. Іздеуіміз мұң екен, шашы жалбыраған, көздері бадырайған, аузы құстың тұмсығындай  құбыжық қыздың суреті алдымыздан шыға келгенде отырған орнымыздан ауып түсе жаздадық. Сөйтсек, бұл «қыз» адамдарды авадағы суретімен ғана қорқытып қоймай, телефонға қорқынышты хаттар жазып, қоңырау шалып, түрлі дыбыстар шығарады екен. Есі дұрыс адамдар оны қалжың ретінде қабылдайды. Ал егер Момо  жасөспірімге немесе жүйкесі жұқарған адамға жазатын болса, соңы қайғылы жағдайға дейін жетуі әбден мүмкін.

Жалпы, Момо туралы ғаламторда түрлі алыпқашпа әңгіме тарап жатыр. Ол ең алғаш рет жапондық +81345102539 нөмірі арқылы Жапония, АҚШ, Мексика тұрғындарының «Whatsapp»  нөмірлеріне жаза бастаған. Санаулы сағатта Ресей арқылы Қазақстанға да келіп үлгерді. Бүгінде Момоның бір емес, бірнеше нөмірі бар. Ол кез келген «Whatsapp» қолданушысына жазып, ол адам туралы барлық ақпаратты білетінін ескертеді екен. Тіпті мекенжайына дейін біліп тұратын Момо жазған адамына түрлі тапсырмалар береді. Егер тапсырмалары орындалмаса, ол адамды өлтіретінін айтып қорқытады.

Момо тірі жан болмағандықтан, ол физикалық тұрғыда ешкімге зақым келтіре алмайды. Оның әдісі – сөйлесу арқылы адамның психикасына әсер ету. Ол үшін зорлық-зомбылықты насихаттайтын суреттер жіберіп, суицидке итермелейтін түрлі ауыр сөздер айтады. Ал егер қоңырау арқылы хабарласса, шыңғырған, қырылдаған дауыстар шығарады. Ең қызығы, Момоға қай тілде жазсаңыз, сізбен сол тілде сөйлесе береді.

2016 жылы пайда болып, елді шулатқан «Синий кит» ойынына ұқсайтын Момо да хакерлердің кезекті ойыны болса керек. Қулықтарына құрық бойламайтын хакерлердің қақпанына жастар оңай түсуде. Өйткені бірнеше жасөспіріммен жүргізген әңгімемізден түйгеніміз – олар Момоның нөмірін іздеп жүріп, қызықтап, оған өздері жазатын көрінеді.

– Бұл Момо ұлымның телефонына бірнеше рет өзінен-өзі қосылды. Мен кетірген сайын қайта қосылады. Тіпті түннің бір уағында екі рет қоңырау шалды. Тұтқаны көтергенімде, арғы жақтан қырылдаған жиіркенішті дауыстар шығып жатты. Нөмірі – Теле2 абоненті. Енді нөмірдің иесін анықтау үшін прокуратураға барғалы отырмын, – дейді Орал қаласының тұрғыны Айнұр Сағындықова.

Төтенше қырсықтың сыры қайда екенін бағамдадық. Сөйтсек, Момоны арнайы эффектілер жасаумен айналысатын Link Factory жапон компаниясы шығарған екен.

Момоның мүсін бейнесі тұңғыш рет 2016 жылы өткен Vanilla Gallery көрмесінде көрсетілген.

Бұл мүсіннің атауы – «Құс әйел».

Қытай мен жапон аңыздары бойынша жүкті кезінде қайтыс болған әйел енді жартылай құсқа айналып, жаңа бейнеде балаларды қорғап жүреді-міс.

Желідегі жеткіншектер жайы жақаурата салатын жәйт емес. Әлі де уыз езу балалар не көрсе, соның шалғайына жармасып кетуге дайын тұрады. Сондықтан ұл-қызыңыздың желіде кіммен, қандай тақырыпта әңгімелесіп, не көріп жүргенін қадағалағаныңыз жөн. Сақтықты сұңқардан үйрен деген. Әйтпесе, Момо ғаламтордағы қауіпті жағдайлардың біреуі ғана…

Айым  ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика