Мұрағат: 06.09.2018


Доллар неге «долданды»?

Күні: , 68 рет оқылды

Ағымдағы  жылдың тамыз айының алғашқы онкүндігінде  ұлттық валюта тағы да құлдырай бастағаны белгілі. Алғашқыда доллардың құны 361 теңгеге бір-ақ көтерілген болса, бүгінгі таңда ол 365-370 теңге аралығында құбылып тұр.

Күні кеше Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: «Доллар бағамының өсуі, біріншіден, бұл Ресей Федерациясына қарсы санкциялар режимімен байланысты, екіншіден, бұған мұнай бағасының төмендеуі себеп, үшіншіден –  әлеуметтік шығындар мен несиелердің өсімі себеп. Ақылы қызметтердің ішінде бағаның  ең көп өскені әуе және теміржол көлігі қызметтеріне, құқықтық қызметтерге тіркелді. Сондай-ақ автомобильдерге техникалық қызмет көрсетуге және қонақүй қызметтеріне баға төмендеді», — деп атап өткен болатын.

Сонымен, өткен тамыз айы қазақстандықтардың есінде долларға шаққанда теңгенің әлсіреуімен есте қалды. Доллар құнының өсуі еліміздегі тауар бағасын шарықтатып жібергені жасырын емес. Импортты айтпағанда, отандық өндірушілердің өзі өнім ақысын бірнеше  пайызға еселетіп жіберген. Бағаның өсуі өндіріске қажет шикізатты шетелден долларға сатып аламыз деп түсіндіреді олар.

Теңгенің құнсыздануы жаңа оқу  жылы қарсаңында балаларын сабаққа дайындайтын ата-аналардың қалтасына да қатты салмақ салғаны рас. Онсыз да құны аспандайтын мектеп формасы мен қалам-дәптердің бағасы долларды сылтауратып, тағы да шарықтай түскен.

«Алдағы күз айларында 1 доллардың бағамы 420-450 теңгеге дейін өседі —  міс» деген алыпқашпа әңгіме де ел арасында есіп жүр. Еліміздегі сарапшылардың бірқатары бұл айтылған жайттың дөп түсуі әбден мүмкін деген пікірде болса, екінші топ сарапшылар доллардың бұдан әрі шарықтауына еш негіз жоқ дегенді алға тартады. Қаржыгерлердің пайымдауынша, АҚШ валютасының айтарлықтай өсуі, басқа валюталармен салыстырғанда, барлық дамушы нарықтарда байқалған. Мысал ретінде теңгеге қарағанда, әлдеқайда құл-дыраған түрік лирасы мен үнді рупиін келтіреді сарапшылар.

Қазақстан Ұлттық Банкінің ресми сайтында 4 қыркүйек күнгі жарияланған мәліметтерге сүйенсек, «Болжамдарға сәйкес, Қазақстанда жылдық инфляция 2018 жылы 5-7%-дық нысаналы дәліз ішінде болады. 2019 жылы инфляция жоғары шегінің жанында бола тұра, жаңа 4-6%-дық нысаналы дәлізге бірқалыпты кіре бастайды. Ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларына жасалған болжаммен салыстырғанда, инфляцияның траекториясы аздап өсу жағына қарай түзетілген.  Бұл Ресей рублі мен дамушы елдердің басқа валюталарының құнсыздануы аясында байқалып отырған ұлттық валюта бағамының әлсіреуімен сипатталады. Сондай-ақ қорлардың төмендеуі және әлемдік тұтыну ұлғаюы салдарынан дәнді дақылдарға күтіліп отырған баға белгілеудің өсуіне байланысты. Сонымен қатар инфляциялық үрдістерді халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсуі аясында ішкі тұтынушылық сұраныстың оң серпіні, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіндегі баға индексінің жоғары деңгейде сақталуы (жылдық мәнде) айқындайтын болады» делінген.

Міне, қаржыгерлер мен сарапшылар осындай пікірді ұстанып отыр. Қайсысының болжамы қаншалықты тура шығатынын алдағы уақыт көрсетер.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Күннен қуат алатын орындық

Күні: , 245 рет оқылды

Жуырда Қаратөбе ауданының орталығында жаңадан ашылған  «Астана» саябағына күннен қуат алатын құрылғылармен жабдықталған wi-fi тарататын орындықтар орнатылды.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы  шеңберінде облыста жасақталған «Smart siti» жобасы негізінде орнатылған  орындықтар қаратөбеліктерді  қуанышқа бөлеген  заманауи  жетістік  болып  отыр.

– Саябаққа құны 2 млн. 400 мың теңге тұратын орындықтардың үш данасы орнатылды. «Helios One», «Helios Park» деп аталатын орындықтар күн энергиясы арқылы ұялы гаджеттерге қуат беруді қамтамасыз етеді. Әрбір орындықта ұялы телефонды қуаттайтын 4 USB порты, wi-fi қолжетімді нүктесі және түнгі мезгілде жарықдиодты жарықтандырумен  жабдықталған, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас  маманы  Нұрбек  Ақсұлтанов.

Райымбек   АБАЕВ,

Қаратөбе  ауданы


Көшіп кететіндер азайып келеді

Күні: , 63 рет оқылды

Жаңақала ауданы тұрғындардың тұрмыс кешуіне барлық жағдайы бар қолайлы қоныстардың қатарына жатады. Ұзақ жылдан бері халқы санының көп өзгермеуі осының дәлелі.

Өткен 2017 жылы бірінші шілдеде ауданда 23953 адам есепте тұрса, биыл осы мезгілде 23940 адам бар.

Десе де, ауданға көшіп келушілерден қоныс аударып кетушілер саны әлі де көптеу.

Өткен жылы алғашқы алты айда 381 адам ауданға келіп қоныс тепсе, 895 адам көшіп кетіпті. Яғни көшіп кетушілер 514 адамға көп.

Биыл да бұл үрдіс сақталып отыр. Өткен алты ай ішінде 443 адам ауданға көшіп келсе, 525 адам басқа  жаққа ірге аударған. Көшіп кетушілер саны 82 адамға көп. Дегенмен, өткен жылғыға қарағанда көшіп кетушілер санының айтарлықтай азайғаны көңілге медеу.

Сол сияқты ауданда өмірге келген сәбилер саны да демографиялық  жағдайға ықпал ететіні белгілі.

Өткен жылы алты айда 251 сәби дүниеге келсе, биыл осы мезгілде 243 сәби жарық дүние «есігін» ашты.

Өткен жылы аудан бойынша 68 адам өмірден өтсе, биыл 74 адам бақилық болды. Табиғи өсім өткен жылы алғашқы алты айда 183 адам болса, биыл 169 адам. Әйтеуір жыл сайын табиғи өсім бар.

Көшіп келу мен кету – ел ішіндегі қозғалыс. Табиғи өсімнің барлығы көңіл қуантады.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


Қала күні қарсаңындағы қоныстой

Күні: , 71 рет оқылды

Кеше Қала күні мерекесіне орай  «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Орал қаласының  Депо аумағындағы салынған жаңа  6 қабатты тұрғын үйдің кілті табысталды.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов, тұрғын үйдің құрылысын жүргізген мердігер – «Оралполимер» ЖШС директоры Роберт Ирменов қатысты.

Тұрғындарды Қала күнімен және осы мерекемен орайлас келген қоныстойларымен құттықтаған  облыс әкімінің орынбасары Б. Азбаев бүгінгі таңда қарқынды іске асып жатқан мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында қаламыздағы көптеген апатты тұрғын үй иелері жаңа пәтерлі болып жатқандығын, биылғы жылдың өзінде бірнеше баспана қолданысқа берілетіндігін айтып өтті. Пәтер иелеріне кілт табыстау рәсімінен кейін Бағдат Оразалдыұлы қоныстой иелеріне «құтты болсын» айтып, пәтерлердің жай-күйін  шолып  шықты.

Айта кетерлігі, мемлекеттікжеке меншік серіктестік аясында қазіргі таңда Оралда 12 үй сүрілді, 11 үйді бұзу жоспарлануда, 5 үйдің құрылысы жүріп жатыр, 1 үй тапсырылса, 7 үйдің құрылысы алдағы  уақытта  басталмақ.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ

Роберт  ИРМЕНОВ,

«Оралполимер» ЖШС директоры:

– Бүгінгі тапсырылған тұрғын үй – «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында салған алғашқы нысанымыз. Жалпы саны 132 пәтердің 32-сі баспаналары апатты деп танылған тұрғындарға берілсе, қалған 100 пәтерді банктер арқылы сатылымға шығардық. Аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша тағы 2 үйді тапсыруды жоспарлаудамыз.

Надежда СУРОВА,

Орал қаласының тұрғыны:

– Аталған мекенжай бойынша орналасқан үйден 2006 жылы пәтер сатып алдым. Апатты жағдайдағы баспанамызды мемлекеттік бағдарлама бойынша жаңасына айырбастау мүмкіндігін иеленіп, бүгін 2 бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Қуанышымда шек жоқ!


Өлеңтіге жол салынып, Үшанаға су келді

Күні: , 71 рет оқылды

Дүйсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Сырым және  Қаратөбе  аудандарында  жұмыс  сапарымен  болып  қайтты.

Алдымен өңір басшысы Орал – Ақтөбе күре жолының 75-шақырымында әр жолаушы тоқтап, тағзым ететін Дәдем ата деп аталып кеткен Жұмағазы хазірет жерленген  киелі  орынға  соқты.

– Бұл орынға жолаушылар дұға етумен бірге Дәдем атаның басына барып, бұлақтан су алады. Өткен жылы Астана, Алматыдан келген комиссия бұл жерге толықтай талдау жүргізіп, «Қазақстанның 100 киелі орны» тізіміне кіргізген болатын. Дәдем ата қорымының Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына енуі зерттеу жұмыстарына жаңалық әкеледі деген сенімдемін. Жұмағазы Хазіретті тану арқылы өлкеміздің тарихы байи түсер еді. Бұл жерге шетелден туристер де көп келеді. Заманауи технологиялар олар үшін түсінікті болады деп ойлаймын. Өзіміз зиярат орнының басынан кітапхана ашуды жоспарлап отырмыз. Көгілдір отын, электр жарығы, ауыз су барлығы тартылған. Тек ауа райының  лайсаң уақытында халық жолдан қиналады. Қатқыл жол болмаған соң мұнда жету өте қиын. Болашақта бұл мекенді үлкен рухани орталыққа айналдыру жоспарымызда бар. Сондай-ақ алдағы уақытта бұл жердің кіреберісіне қақпа орнатып, киелі орындардың қатарына кіргізілгендігі туралы белгі орнатуда ойда бар, – дейді «Дәдем ата» қорының  директоры  Ғарифолла  Жанбозов.

– Бұл жер өңір халқының көп келетін, киелі орындарының бірі. Жол тарту мәселесі көп жылдардан бері айтылып келеді. Алдағы уақытта өтетін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында қаражат қаралады. Сосын жобалық-сметалық жобасын жасақтап, көктемде жол салу жұмыстарын бастау керек. Мұны Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке жолдың жобалық-сметалық құжатын дайындауды тапсырамын, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.  Алдағы уақытта әкімнің ұсынысына орай әулиенің өмірбаянынан сыр шертетін заманауи технологияларды пайдалану немесе QR-код орнату мәселелерін қолданбақ.

Сондай-ақ өңір басшысы Сырым ауданы орталығымен іргелес орналасқан Өлеңті ауылындағы қашықтығы 1000 метрді құрайтын жаңа тас жолдың құрылысымен танысты.

Мердігер «АнушҚұрылыс» ЖШС тапсырылған жұмысты тамыз айына дейін толық аяқтады. Орындалған жобаның мемлекеттік қабылдауы әлі болған жоқ.

Өңір басшысы жаяу жүргінші  жолдарының  салынуын  тапсырды.

Сонымен қатар облыс әкімі Қаратөбе ауданына қарасты Үшана ауылында «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясындағы таза ауыз судың іске қосылу салтанатының  куәсі болды. Қаратөбе су қоры көзінен Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл және Үшана елді мекендеріне таза ауыз су жүргізіліп, ауылдағы ағайынды қуантуда. Бес елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтыған жобаға бюджеттен 915 041 96 млн. теңге бөлінген. Су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 128, 762 шақырымды құрайды. Бас мердігер «KazConstructionGroup» ЖШС-ның бас директоры Мұратбек Мұхамбедиевтің айтуынша, Қаратөбе су қоры көзінен Үшана ауылына дейінгі елді мекендерге  су құбыры желісі толықтай тартылған. Нәтижесінде 823 нысан су жүйесімен жабдықталып, бес елді мекендегі 4231 тұрғын  таза  ауыз  сумен  қамтылды.

– Елбасымыз елді мекендерге таза  ауыз су жеткізу жөнінде тапсырма берген болатын. Сол тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда Қаратөбе ауданына қарасты бес елді мекенге таза ауыз суы келіп жетті. Бұның өзі мемлекеттің халыққа  деген қамқорлығы. Осыдан екі ай бұрын Елбасымыз өңірімізге келіп, көптеген өзекті мәселенің шешілуіне үлкен қолдау білдірді. Қазталов – Жәнібек аудандары арқылы Бөкей ордасы ауданы, оның ішінде Хан ордасына дейін 336 шақырым жол жөнделетін болды. Орынборға баратын 144 шақырымдық тас жол салынады. Екі жылдың ішінде 110 елді мекенге ауыз су жеткізілді. Яғни 2 мың шақырым су құбыры тартылды. Өткен жылы жұмыстың бастамасын қарап кеткенбіз. Міне, бүгін сіздердің қуаныштарыңызға ортақтасайық деп келіп отырмыз. Сол келген сапарымызда медициналық пунктті қалпына келтірілсе деген ұсыныс айттыңыздар. Осы орайда Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында өз қаражаты есебінен Мұратбек Мұхамбедиев бауырымыз сіздерге медициналық пункт салып берді. Елге деген жанашырлық танытып жатқан осындай азаматтарға алғысымызды білдіреміз, –  деді  Алтай  Сейдірұлы.

– Біз ширек ғасырға жуық тұщы судан қиындық көрген халықтың біріміз.

Аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Үшана ауылының тұрғындарына бұған дейін қысы-жазы аудан басшыларының көмегімен ауыз суды тасымалдап тұрды. Кезінде осыдан 18 шақырым жердегі Сулыкөл ауылынан техникамен ауылымызға ауыз су жеткізіп тұратын еді. Одан бөлек үшаналықтар қар суын ерітіп ішкен кездерімізде болды. Міне, сол қиындықтардың бәрі  бүгінде артта қалғандай. Өткен жылы басталған жұмыс бүгін аяқталып, «Ақбұлақтың» игілігін көріп отырмыз. Бұған ауылымыздың үлкен-кішісі  дән ризашылығын білдіруде. Бұның өзі үлкен қуаныш, – дейді Үшана ауылының  тұрғыны  Аман  Жүсіпқалиұлы.

Үшаналықтардың таза ауыз суға қол жеткізгендігіне куә болған өңір басшысы одан әрі жоғарыда айтылған Мұратбек Қайырсапаұлының жеке қаражатымен салып берген медициналық пунктінде болды. Қос бірдей жақсылыққа кенеліп отырған үшаналықтардың қуанышында шек жоқ.

– Ауыл халқының ем-домын алуға жағдай жасап отырған Мұратбек Қайырсапаұлына үлкен рақметімізді айтамыз.

Осындай жарық әрі кең ғимаратта қызмет жасағанымызға қуанамыз. Құрал-жабдықтары жеткілікті, – дейді ауыл фельдшері  Жұмагүл  Дүйсенова.

Темірболат   ТОҚМАМБЕТОВ


Азиада жеңімпаздарына құрмет көрсетілді

Күні: , 64 рет оқылды

Сәрсенбі  күні  облыс  әкімдігінің  «Ақжайық»  залында  облыс әкімі  Алтай  Көлгінов  Индонезияның  Джакарта  қаласында  өткен  ХVІІІ  жазғы  Азиада  ойындарынан  жүлделі  оралған  оралдық  спортшылар  Алексей  Дергунов,  Андрей  Ергучев,  Павел  Липилинді қабылдады.

Облыс әкімі дүбірлі додада еліміздің намысын  абыроймен қорғаған спортшыларды жеңістерімен құттықтап, емен-жарқын әңгімелесті. Алтай Сейдірұлы 35 елдің арасында қазақстандықтардың тоғызыншы орынға табан тірегенін атап өтті. «Азиадада 15 алтын, 17 күміс, 44 қола медальға қол жеткіздік. Соның ішінде батысқазақстандықтар қоржынға екі алтын, бір күміс медальдардың түсуіне үлестерін қосты. Жетістіктеріңіз үшін алғыс айтамыз. Мұның барлығы күн сайынғы жаттығудың, ерен еңбектің  және биік рухтың арқасында мүмкін болды», – деді А. Көлгінов.

Спортшылар мемлекеттің тарапынан спортты дамытуға көңіл аударылып, өңірімізде  спортпен айналысуға барлық жағдай жасалып отырғанына  ризашылықтарын білдірді. Қабылдауға қатысқан БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, байдарка мен каноэ бойынша ескек есуден облысымыздың жаттықтырушысы Александр Акушников спортты дамыту мәселелері төңірегінде  ұсыныс-пікірлерімен  бөлісті.

Облыс әкімі Елбасының бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөліп отырғанын айта келе, алдағы уақытта да спорт саласына зор қолдау көрсетілетінін жеткізді. Спортшыларға келешекте жетістіктерге жете берулеріне тілектестігін білдіріп, оларға алғысхаттар табыстады.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

*  *  *

Индонезияның  Джакарта қаласында  өткен  2018  жылғы   Азия  ойындарында   Қазақстан  қоржынына  екі  алтын,   бір  күміс  салған  оралдық  Алексей  Дергунов,  Андрей  Ергучев,  Павел  Липилин  сейсенбі  күні  елге  оралды.

Оларды Орал әуежайынан БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, сондай-ақ спортшылардың тума-туыстары мен дос-жарандары салтанатты түрде   қарсы  алды.

Шарада Әсия Аманбаева спортшыларды жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруларына тілектес екенін  жеткізді.

– Жеңіске деген құлшынысымыз жақсы болды. Намысты қолдан бермеуге тырыстық. Енді 2020 жылы Токиода өтетін олимпиадаға дайындаламыз. Отбасымызды көрмегелі бірнеше ай болды. Қатты сағындық. Құрметтеп, қарсы алып жатқандарыңызға мың алғыс, – деді спортшылар.

Айта кетейік, еліміздің көк Туының көкке желбіреуіне себепкер болған Алексей Дергунов 500 метр қашықтыққа байдарка есуден (төрт кісілік) алтын алса, Андрей Ергучев 1000 метр қашықтыққа байдарка есуден (екі кісілік) күміс медаль еншіледі. Ал су добынан сынға түскен қақпашы Павел Липилин  алтыннан  алқа   тақты.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»  


Италиялық саяхатшы Қазталовта

Күні: , 80 рет оқылды

Жуырда Қазталов ауылындағы орталық алаңда өтіп бара жатқан тұрғындардан жөн сұрап тұрған мотоцикл мінген адам көзіме оттай басылды.

Ағылшын тілінде сөйлеп тұрған азаматты ешкім түсінер емес. Азды-көпті білетін «ағылшынымызбен» жөн сұрағанымызда білгеніміз, өзін Фабио Балдини деп таныстырған жігіт ағасы Италия елінің азаматы екен. Сол елдің Понсакко қаласынан мотоциклмен шыққан Фабио Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласына саяхаттамақ. Еуропаның Словения, Венгрия, Словакия, Польша, Украина, Ресей елдерін басып өтіп, Қазақстанға келген. Дүкеннен азық-түлік алуға және мотоциклге жанармай құю үшін Қазталовқа бұрылған екен.

— Мен әлемге саяхат жасағанды ұнатамын. Италияның Понсакко қаласында тұрамын. Ол жерде «FlexPorte» деген саяхат фирмасын басқарамын. Тарихи қала Самарқандты көру арманым. Кең даласы бар Қазақстан жері де әдемі екен. Сіздерге көп рақмет! – деп ағынан жарылды саяхатшы.

Қайрат   ЖАҚЫП,

Қазталов   ауданы


Ажарлы Ақсайда абыройлы іс көп

Күні: , 242 рет оқылды

Сейсенбі күні Ақсай қаласындағы №1 мектеп-балабақша кешенінің жанынан 240 орындық «Алтын бесік» бөбекжайы пайдалануға берілді. Ақсайлықтардың бұл қуанышымен облыс әкімі Алтай Көлгінов бөлісті.

Ақсай қаласының солтүстік бөлігінде салынған  240 орындық бөбекжайының құрылысы өткен жылдың шілде айынан басталған болатын. Құрылысты жүргізген – «Наурыз» ЖШС.

– Бұл нысан Ақсай қаласындағы №1 балабақшасының жанындағы бөбекжай болып ашылды. Жоспар бойынша 11 топ болады деп күтілуде. Оның жетеуі қазақ тобы, қалғаны орыс тобы. Бөбекжайда бес кіші топ, екі орта және екі жоғарғы топ болады. Қазіргі таңда 70 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар жаңа бөбекжайға орналасуға 56 бүлдіршінге жолдама берілді. Осы айдың соңына дейін жоспарға сай тиісті орынды толтырамыз деген ойымыз бар. Бөбекжай құрылысына 614 млн. теңге бөлінді. Бұнда 3 және 6 жас аралығындағы балдырғандар қамтылуда. Сондай-ақ Аралтал ауылының үш тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр. Жаңа бөбекжайда 56 жұмыс орны ашылды. Қазіргі күнде 46 адам жұмысқа қабылданды. Әлі де болса тәжірибелі тәрбиешілер қажет, – дейді №1 мектеп-балабақша кешенінің ди-ректоры Мерген Әбдіров.

– Елбасы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырған болатын. Осы балабақшаның ашылуымен Бөрлі ауданында 3 жастан 6 жасқа дейін балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылуы 100 пайызды құрап отыр. Бүгінде тек бюджет қаржысына емес, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы балабақшалар бой көтеруде. Олардың басым көпшілігі облыс орталығында. Биыл 30-ға жуық білім ұялары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылында мектептер ашылды. Ал бұл мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесі «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясы бөлген қаражатқа салынды, – деді  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Заман талабына сай жабдықталған су жаңа нысанның лента  қию рәсімі ардагер ұстаз В. Филипова мен «ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Э. Бломға ұсынылды. Кейін өңір басшысы жаңадан ашылған ғимараттың ішін аралап көрді.

Ақсай қаласының орталығындағы Тихоненко көшесінің жолына орташа жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында басталған. 178 млн. теңге қаржы қарастырылған жол құрылысы алдағы қазан айында аяқталмақ. Бүгінгі таңда аталған көше жолын жөндеу жұмысының 80 пайызы аяқталған. Бұл көшеге ені 7 метр, ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын асфальт төселуде. Жаңадан салынып жатқан тас жолдың екі жақ бетіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, көше бойына жарық шамдар орнатылады. Облыс әкімі мердігер компания «Лидер» ЖШС өкілдеріне жолдың сапасына көңіл бөлуді тапсырды.

Өңір басшысы одан әрі Ақсай шаһарындағы төртінші және бесінші шағынаудандардың жылу желілері және ыстық-салқын су жүйесін қайта құрылымдау жұмыстарымен танысты. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы негізінде іске асып жатқан құрылыстың жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайды. Су жүйелерінің құрылысын жылу беру маусымына дейін аяқтау жоспарлануда. Аталған жоба аясында қос ықшамаудандағы сыртқы жылу жүйелері, ыстық сумен қамту желілері күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылады. Бұл өзгерістер жылудың баспаналарға дұрыс жетуіне оң ықпал етпек. Жоба бойынша былтыр басты магистрал ауыстырылып, қалған жұмыстар биыл жалғастырылуда. Құрылысқа жауапты мердігер компания өкілдері облыс басшысына өздеріне жүктелген жұмысты күн суытпай тұрып аяқтайтынын жеткізді.

– Ағымдағы жылдың маусым айында басталған жөндеу жұмыстарына биылғы жылға бөлінген қаражат 576 млн. теңгені құрайды. Бас мердігер «Лидер» ЖШС-ның жылу маусымына дейін өз жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отыр. Әзірге жұмыс жоспарлы жүруде. Жоба бойынша 28 шақырымдық құбырларды ауыстыру орталықтандырылған жылу пунктіндегі құралдар мен жабдықтар жаңартылды. Сондай-ақ ыстық суды сақтайтын екі резервуар жаңа кейіпке енді. Дәл осындай жұмыс қаламыздың №5 шағынауданында жүргізіледі. Алдағы апталардың бірінде толықтай монтаждау жұмыстарын аяқтап, құбырларды ауыстыру жұмыстарына кірісетін боламыз, – деді «Ақсайжылуқуат» МКК бас директорының орынбасары Әнуар Мүкеев.

Сонымен қатар ауданға сапары барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов бес қабатты 120 пәтерлік жаңа жатақхананың құрылысымен танысып, ондағы тұрғындармен кездесті.

– Бұл ғимарат кезінде Ақсай техникалық колледжінің жатақханасы болатын.  Кейін апатты жағдайдағы ғимарат деп танылып, орнына жаңадан жатақхана салынды. Қазіргі таңда көшу жұмыстары толықтай аяқталды. Өздеріңіз байқағандай жатақханаға қоныс аударған тұрғындар ризашылығын білдіруде, – дейді Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиев.

Өңір басшысы жұмыс сапарының соңында облыстық маңызы бар Ақсай – Жымпиты тас жолын жөндеу жұмыстарының қарқынымен танысты. Өткен жылы басталған жол құрылысы жұмыстары биыл да жалғасын табуда. Мердігер «Юнисерв» ЖШС жобаның бірінші кезеңін, яғни 38-53 шақырым аралығындағы (15 шақырым) жолды жөндеуде. Жоба құны 1 958,014 млн. теңге.

Ал екінші кезеңнің 53-68 шақырым (15 шақырым) жөндеу жұмыстарымен «Асфа» ЖШС ай-налысуда. Бұл жобаның жалпы соммасы 1 943,729 млн. теңге. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі  мердігер компания басшыларына жұмыстың сапалы болуын, әрі уақтылы тапсырылуын міндеттеді.

– Жол салу жұмыстарын мамыр айында бастап кеттік. Қазіргі таңда жол құрылысы жұмыстарының сексен пайызға жуығы жасалды. Негізінен, жол құрылысын қараша айына дейін жалғастыруымыз керек еді, бірақ облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қазан айында аяқтаймыз деген ойдамыз. Ақсай – Жымпиты тас жолының 30 шақырымдық қашықтығын жасадық. Атқарылып жатқан жол құрылысына республикалық бюджеттен 800 млн. теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 84 жұмыс күші бар. Техникамыз жеткілікті, – дейді қосалқы мердігер болып табылатын «АқсайБизнесСтрой» ЖШС-ның бас директоры Анвар Агаев.

 Темірболат    ӘНУАРҰЛЫ,

Бөрлі   ауданы


15 ІТ-сынып бар

Күні: , 52 рет оқылды

Оқушылар сарайында «Нұр Отан» партиясының «Балаларға арналған ақысыз IT-сынып» жобасы аясында IT-сынып ашылды.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы саяси бөлімінің меңгерушісі Мирас Тұяқбаевтың мәліметінше, облыста ашыл-ған 15 ІТ-сыныпты жабдықтауға бюджеттен 49,8 млн. теңге бөлінген. Жоба бойынша үш жылда мұндай сыныптардың саны 45-ке жеткізіліп, 8-16 жас аралығындағы 9 мың бала робот техникасы мен бағдарламалау негіздерін меңгеріп шығады. Қазіргі уақытта М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ІТ-орталығында сыныпқа жетекшілік ететін 30 маман STEM Academi Болашақ Инжиниринг бағдарламасы бойынша оқу курсынан өтті. Соның бірі – Нұрлан Қырықбаев Оралдағы оқушылар сарайында сабақ береді. Нұрланның айтуынша, балалар халықаралық стандартқа сай робот техникасы, бағдарламалау, 3D-моделдеу бағыттары бойынша білім алады. ІТ-сыныпта шағын 3D-баспасы бар. Құрылғыда балқыған пластмассадан қаламсап жасап алуға болады.

Алдағы уақытта шахмат тақтасын басып шығаратын модель әзірленуде. Курс аяқталғанша жоспарға сай тапсырмалар да күрделеніп отырады. IT-сыныптың ашылуында оқушылар бағдарламалар арқылы түрлі кескіндегі роботтарды қозғалта отырып, оларды басқару жолдары жөнінде баяндады.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Қыркүйек келді дегенше, қарбалас келді дегейсің…

Күні: , 61 рет оқылды

Тамыздың  соңғы  күндері  түгесіліп,  ата-аналар  үшін қарбаласқа  толы қыркүйек  айы  басталды.  Жаңа  оқу  жылы басталса  да  орталық  базардан мектеп  формасы  мен  оқулық алып жүрген  ата-аналардың қарасы  әлі  азаймаған.  Ал  шаһар орталығындағы «Жәңгір хан» кітап үйіне бас сұқсаң, оқулық сатып алып жүрген жандар жетерлік.

– Қыздарым Орал қаласындағы №10 мектепте оқиды. Осыдан екі жыл бұрын кіші қызыма 8 мың теңгеге жуық қаржыға оқулық сатып алдым. Кітаптардың бағасы қымбат. Бірінің қалтасы көтерер, ал көп балалы ата-аналардың қалтасына едәуір салмақ екені белгілі. Енді қаладағы №47 мектептің оныншы сыныбында оқитын жиеніме география, адам және қоғам пәндерінің кітаптарын сатып алуға келдім, – дейді Айнагүл есімді  жас ана.

«Жәңгір хан» кітап үйінің сатушысы Серікбаеваның айтуынша, қыркүйек айы басталғалы кітап дүкеніне келушілердің  саны күрт артқан. Соған сәйкес кітап үйі сенбі-жексенбі күндері де арнайы кесте бойынша  жұмыс жасайды екен. Мұнда «Атамұра» баспасынан шыққан оқулықтар сатылуда. Жаңартылған білім беру бағдарламасы енгізілген сыныптардың оқулықтарына қарағанда  жоғары сыныптың  оқушылары  жетіспей жатқан  не өздері жыртып алған кітапты сатып алуға жиі келеді екен. Сондай-ақ жеке мектептер де бірнеше дана оқулыққа тапсырыс беруде.

– Сатушы ретінде аңғарғаным, басқа ұлт өкілдері балаларына мамыр айынан бастап оқулықтарды сұрастырып сатып ала бастайды. Ал қаракөздеріміз оқу жылы басталғанда жанталасады. Алдағы уақытта қыркүйек айынан бұрын қамдануларына кеңес берер  едім, – дейді  ол.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

ҚР «Білім  туралы»  заңының  5-бабы  11-тармағындағы «Мемлекеттік  білім  беру  ұйымдарының  білім  алушылары  мен  тәрбиеленушілерін  оқулықтармен  және  оқу-әдістемелік  кешендермен  қамтамасыз  ету  қағидаларын бекіту  туралы»  №647  бұйрығында: «Білім  беру  ұйымдары жыл  сайын  20  мамырға  дейін  оқулықтар  мен  оқу-әдістемелік  кешендердің  (ОӘК)  оқушылар  санына  жеткілікті болу  нысаны  бойынша  кітап  қорын  түгендеуді  жүргізеді және білім  алушыларға  оқулықтарды  және  ОӘК  келесі оқу  жылына  беруі  керек, сондай-ақ «келесі  оқу  жылына  білім  алушылардың  санын  қате  болжаған  жағдайда  және соның  салдары  ретінде  жеткіліксіз  қаржыландырылғанда, білім  беру  ұйымдарына  оқулықтар  мен  ОӘК-ны  сатып алу бойынша  іс-шараларды  бұзғаны  үшін  Қазақстан Республикасының  заңнамасына  сәйкес,  білім  саласындағы жергілікті  атқарушы  органдар  жауапты  болады»  делінген.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика